АЙ ҚАНАТТЫ АРҒЫМАҚ
Екі күн бойы сорғалаған жаңбырдың көз жасын тиғаны әзір ғана. Сай-салада сүйретіліп тұман көшіп, айнала айқындалғанда, көз жетердегі тау шыңдары сақал-шашы ағарып қартайып шыға келді. Орманды алқап шықтан сілкініп, жарқыраған шілденің күніне сауырын маужырай тосады. Бусанған ауада шайыр иісі бұрқырап бойды алғандай. Көбелек ұшып, шегіртке шырылдап, құс сайрап, думанды тіршілік өз әніне қайта кірісті.
Жауыннан кейін шуаққа бөккен төр жайлаудың қоңыр-барқын түні де бар жұпарын майыса желпіп, торғындай үлбіреп тұр. Терең сайдағы жартастың биігіне асыла кеткен сарқыраманың гүрілі ғана алыстан еміс-еміс талықсып құлақ сауады. Анда-санда қалың ағаштың жапырағы күбір-күбір күрсініп қалғандай. Басқа үн жоқ. Қара түнге алтын кірпігін шаншып жыпылық қаққан жұлдыздар ғана ояу. Жым-жырт мүлгіген дүние әлдебір жақсылыққа толғатып тұрғандай еді.
Тәңіртаудың арғы бетінен ұлы жарық алауы шалқып, сәт сайын жақындап келеді. Қаңқайған арса-арса құздардың басы ағараңдап, бауырында бұққан көлеңке үрке жөңкіп, аулаққа бой соза жыбыр-жыбыр өріп барады. Шеңбірек атып тау қалқасынан шыға келген толық ай ақ жібегін құшақтап аспанға бір-ақ шашты. Көлеңке өліп, түн қойынын бұлаңытқан ақ сәуле кеуледі. Іле ақ тасқын жарықтың арасынан ақ қанатты арғымақ шауып шыға келді. Анда-санда бір тиіп көк аспанды соққылаған тұяқ астынан жарқ-жұрқ жұлдыздар жанды. Арқыраған дауысынан көк күмбезі күмбір қақты. Аппақ оттан жол сызып сорғалаған күйі қалықтап кеп Тәңіртаудың иығына қонған. Құйрық-жалы оңды-солды жайқала айдың нұрын сапырып желп-желп етеді. Тер бұрқырап, бір алапат асау күш бойына сыймай ентігіп аласұрып тұр. Қос аяғын аспанға тік шаншып, апай төсі көріктей керіліп күркірей кісінегенде, тау теңселіп, үңірейген түн күңірене жаңғырды. Тілін түсінер өзіндей әлдебір мақұлқатқа зарлы ынтызарлықпен үн қатқандай, үсті-үстіне кісінеді үздіге.
Жалғыз үйлі қорықшының бір қора иті дүрліге абалап, иен сайды басына көтерді. Шырт ұйқыдан шошып оянған Тілеуберді «итқұс торуылдап жүр ме, неғып шабалаңдап кетті?» деп, жүре күбірлеп, шәркейін жалаңаяқ іле сап сыртқа шыққан. «Жат!» деп зекісе де құлақтары едірейіп, тауға қарап жарыса абалаған иттер саябырлар емес. Бірі тоқтаса, екіншісі бастап, оған бәрі қосылып қайтадан ұлар-шу. Әлдеқайдан жылқының кісінегені естіледі. Арқыраған зор дауыс. Қара айғыр ма? Жоқ, өз малын дауысынан таниды ғой. Төменде Айтақынның күрең қасқа айғыры бар еді, сол ма екен үйірін қуып шығандап кеткен? Түн ішінде сонша кісінеп не көрінді жамандатқырға?
Ертеңінде Тілеуберді алаң көңілмен ерте тұрып, жылқыларын түгендеп қайтуға шыққан. Әдепкі шиырынан көп ұзамапты. Жалпақтастың теріскейінде жүр екен беткейді қуалай жайылып. Шоғыры шашырамағанмен, бір сойқанның болғанын бірден білді. Қоянкөк көрінбейді. Атын борбайлап әр төбеге бір шығып, сай-саланы барлаған. Көзіне қарайған шалынбады. Үйір шетінде төбедей боп дөңкиіп жүретін айбарлы қара айғыр бұта түбінде бұтын жинай алмай бір бүйірлеп серейіп жатыр. Желкесін, сауырын әлдебір өткір азу шайнап тастаған. Терісі тілім-тілім сыдырылып, қызыл етіне шор-шор қан ұйыпты сарсуланып. Анау-мынау жылқы баласына алдыра қоймас сойқан еді, қамалап ұялы қасқыр тартты ма, аю соқты ма дейін десе, із шалғанмен ондай да белгі көзіне түсе қоймады. Жанары өлеусіреп, ауыр тыныстаған айғырды шоқтығынан тартып, бауырына қондырғанмен, ұмтылып орынынан тұра алмады. Ары қарай әуреленген жоқ.
Қара айғырдың жараланғанынан бұрын Қоянкөктің жоғалғаны жанына қаттырақ батты. Көк бие малының құты еді. Сегіз жасар бедеу. Байталынан бәйгенің алдын берген емес. Төрт аяғын бауырына бүгіп серпіле ытқығанда, жебедей созылып, табаны жерге бірде тиіп, бірде тимейтін. Алыс-жақындағы даңқына қанық жұрт Тілеубердінің Қоянкөгі деп аңыз қылатын. Итқұс жеп кетті ме деп, байқастап із шалып еді, күмән боларлық ондай белгі көрінбеді.
Соқтырта желіп, қозыкөш жердегі Айтақынның жылқысына барған. Күрең қасқа да арқырап тұрған азулы сұрапыл, қара айғырды шайнап, жығып, Қоянкөкті қуып әкетті ме деп ойлаған. Онда да жоқ боп шықты.
Айтақын – бұдан мүшел жарымдай үлкендігі бар егде кісі. Көзін ашқаннан совхоздың жылқысын баққан қарасойыл кәнігі жылқышы. Мал мен жанның сырына жетік. Жөн сұрасқаннан кейін:
– Түндегі кісінеген дауысты мен де естідім, – деді алпамсадай денесімен ат үстінен аударыла түсіп жатып. – Мен білсем, бұл – тарпаңның дауысы. Өзің де естідің ғой, жай жылқының кісінегенінен бөлек. Арыстан күркірегендей тау жаңғырған жоқ па.
– Сіз де айтасыз-ау! – деді Тілеуберді жақтырмаған үнмен, дүрілдеп отырып тұздықтап жіберетін Айтақынның сөзін бөстекі әңгімедей көріп. – Осы жердің тау мен тасын бір кісідей аралап, қалықтаған құсы мен қыбырлаған тышқанына дейін көз алдымнан өткіздім. Осы жасыма шейін тарпаң көрсем, не дерсіз, көке?
– Сен көрмесң, мен көрдім! – Айтақын көтеріле сөйлеп, кеңірдегіне кептелген буырыл бұйра сақалын сықырлата бір сипап қойды. – Ол дағы кісісіне көрінеді де. Ұмытпасам, алпыс үшінші жылдың жазы-ау деймін. Ойбо-ой, сол жылғы жаңбырды-ай! Бірде бұршақ, бірде сел сорғалап тұрып алды емес пе күндіз-түні сілікпеңді шығарып. Қалың тұманда қайыру бермей алдымыздағы жылқы ықтап кетті. Күн айыққан соң, Сейітқали марқұм екеуміз жоқ іздей шыққанбыз. Айналаны шолмақ боп, Қушоқының иығына көтерілгеніміз сол, астымыздағы атымыз осқырынып, табандап тұрып алғаны. Жамандатқырларға не көрінді деп, тебіне бергенімізше болмай, қарсы беткейден тас домалап, бір топ жылқы тасыр-тұсыр тасқындай ағып түсті. «Мынау бөлініп кеткен біздің жылқы болмасын?» дей беріп едім, Сейітқали: «Ойбай, үндеме! – деді сыбырлап. – Бұл – тарпаңның үйірі, айғыры атты кісіге шабатын көрінеді. Ұзап кеткенше осы қалқадан қозғалмайық!» Үңіліп қарасам, расында, тұрпаты бөлек. Алшиған салқам кеуде. Қысқа жал, қобыраған күлте құйрық. Арқаларында шоқтықтан қылқұйрықтың түбіне дейін тұтаса созылған ақсары жолақтар шұбартады. Сом тұяқтарымен жердің бетін солқылдата тепкілеп, ағындаған күйі лезде көз ұшына сағымдай сіңіп жоғалды. Сол жылдары Қытаймен ара егер боп, шекара бойы әскер төгіп тастады емес пе. Сен ол кезде баласың ғой, есіңде жоқ шығар. Ол құрғырлар жаудан қорғамай қалсын, даланың аң-құсына қырғындай тигенін қайтерсің. Вертолеттерін дарылдатып, қарайған көрінсе, қуып жетіп төбесіне асылып тұра қалып, бытыр-бытыр от бүркетін. Үйірлі аңға бомба лақтырды ма, Құдай-ау! Тарпаңның да, басқаның да тұқымын тұздай тоздырды. Қиянға шығандап бірен-саран аман қалғаны бар болса, бар шығар. Содан бері тарпаңды көзім шалған емес. Түндегі кісінегеніне қарағанда, қайта оралған-ау, сірә, жануар. Баяғыда әкелеріміз айтып отыратын ертегі ғып. Осы Тәңіртаудың биігінде шұрқырап үйір-үйір тарпаңдар жүреді екен бұлтпен араласып. Қолтығының астында қанаты бар дейді, шапқанда жерден қалықтай көтеріліп, тұяқтыға қара шалдырмайды екен. Тарпаңды ұстау қиын, тұзаққа түсіргеннің өзінде қолға үйренбейтін көрінеді. Кәнігі атбегілері тұқым алу үшін, үйірге түсер кезде айғырларды бөліп алып, күйіті келген бие-байталды тау арасына өрлете айдап, тарпаңның өрісіне қарай қаптады екен. Тарпаңнан туған құлын нағыз жел қанат тұлпар болыпты. Жуан бел, кеудесі көріктей күркіреп таңды таңға ұрып шалдықпай шабады дейді. Сол замандағы Тәңіртаудың сәйгүліктерін Жібек жолы бойымен керуен тартқан саудагерлер тайтұяқ алтынға бағалап, бір жағы – Шын-Машын, енді бір ұшы Рум мен арапқа апарып саудалапты… Тауда тарпаңның кісінеуі тегін емес, бір жақсылықтың нышаны болғай. Бұрынғылар жылқының тұқымы азбау үшін қырық жылда бір рет таудан тарпаң түседі десетін.
– Тарпаң қолға үйренбесе, «Тәңіртаудың батырлары тарпаң мінген» деген не сөз? – Тілеуберді ердің үстіне бір қылтасынан қонып, Айтақынға сынағандай жымия қарады. – Шалдардың құр мақтаны ма?
– Неге құр мақтан? Естіп-білгенін айтады да. Бір негізі болмаса, бекер сөз шыға ма? Бізге ертегі болғанмен, баяғының адамы бөлек жаратылған ғой. Өзі де, сөзі де кесек. Мына қызылбөріктің Қарашер батырын естуің бар ма?
– Неге естімейін, біздің нағашымыз ғой!
– Сенің жалайыр Шорды нағашым дейтінің қайда? Жақсының бәріне жабыса кетесің бе?
– Шалдар бізден сұрайды дейсің бе? Көңілі қалаған соң алған да. Жалайыр – менің өз нағашым, қызылбөрік – түп нағашым!
– Бәсе, бекейден қалай сендей жақсы жігіт шықты десем!
– Кіл асылдың сынығы болсам, қалай жаман болайын?
– Болды, болы, дүрілдеме. Жігіттің жақсысы – нағашыдан!.. Жарайды, жиенбала, бірді айтып, бірге кеттік-ау. Қарашер бабамның азан шақырып қойған аты Ергөбек екен. Шер деп жолбарысты айтқан ғой. Қаптаған жауға ақырып жалғыз өзі шабатын жолбарыстай жүректі болған соң, Қарашер атаныпты. Қалмақ пен қазақ егер боп арпалысқан жаугершілік заман ғой. Осы Еренқабырғаны біресе қазақ жайлап, бірде қалмақ алып итжығыспен ырылдасып жатады екен. Тек Қарашер, Жауғашты батырлардың тұсында ғана жауды сонау Жоңғар жотасынан асыра түре қуып, елге тыныштық орнапты. Қарашер зор бітімді кісі екен, екі тізесі ат құлағын қаққан. Жер таулы-тасты, ұзақ жорыққа ат белі шыдамаса керек. Жекпе-жекте қалмақтың небір баһадүрлерін кеңірдектен найза ұшына іліп ап төңкере лақтырғанда, жуан жон қобан азбанның өзі тізесі бүгіліп жата кетеді екен!.. Хош, сонымен Қарашер батыр жауға мінер бір жарамды жылқы тақымыма түспей кетті-ау деп армандап жүреді екен. Бір күні жортуылдан келе жатса, Құзғындының асуына іліккенде, биік құзардың иығында бұлтпен араласып жүрген тарпаңның үйірі көзге шалынады. «Бәрекелді! – дейді іштеріндегі үлкені Қорғанбек батыр. – Жолы болар жігіттің… деген осы. Әй, Қарашер, қара тастай салмағыңа ат шыдамайды, қалмақпен айқасқанда ат белі опырылып талай қор болдың емес пе. Іздегенің әне жүр!» «Батыр аға-ау, таудың тағысы үйрене қояр ма екен?» дейді Қарашер күмәнданып. «Жаудан қайтпаған жүрегің таудың тағысына батпай тұр ма, қызталақ? Баяғының батырлары тарлан түгіл құланның айғырын тақымында ойнатқан жоқ па. Қарашердің солардан несі кем!» Осы сөз қамшы боп, Қарашердің көңілі тәуекелге бекиді. Тарпаңның өрісін нобайлап ап, қосын ауылға тартады. Бірер күннен соң асай-мүсейін сайлап, өңкей сайдың тасындай оншақты жігіт қайта оралады.
Тау-тасты қалқаланып, көз жетер жерден шолып, үш күндей аңыс бағады. Қыр арқасы қара жолақтанған өңкей қылаң кердің үйірі екен. Ізінен қуғын барын сезе ме, сағымдай сусылдап әр қиядан бір жалт етіп жақындатар болмайды. Иіс алдырмай ық жағынан баспалап, бұлар да қара үзбейді. Оқ бойы алда орғи шауып, үйірді бастайтын кер айғыр. Шөп басын жүре шалып, ойдан қырға, сайдан-сайға дамылсыз жүйткіген қуаяқтың өзі екен. Күн қыза жамырай өріп, қалың үйір биік таудың жалтаңына шығады. Екпіні тас ұшырып ысқырған желге кеудесін кере құйрық-жалы сүзіліп, бас шұлғып үйездеп тұрады.
Қарашер жігіттерді төмендегі қысаңның аузында тастап, Қорғанбек баһадүр екеуі арқа беттен тасаланып, үйірге оқ шалымдай жақындап келеді. Құз шетінде үйір қорыған кер айғыр жалғыз өзі оқшырайып тұр екен. Шарасынан от шашып қанталаған шағыр көз. Қыранның қанатындай жел кеулеп ауыр желпінген ұзын қара жалы тізе қағады. Басын анда-санда бір изеп қойып, жан-жағына шағыр көзін жарқ-жұрқ төңкеріп сақтана қарайды.
– Шіркін-ай, – дейді Қарашер қылғына сыбырлап, – осындай пырақ тақымыма түссе ғой!
«Аяз, әліңді біл» дегендей Қорғанбек баһадүр мұрын астынан мырс етеді.
– Не?
– Қарашер болмақ түгіл қара шайтан болсаң да, тарланның әккі айғыры арқасына тақым салдырмайды. Тай-құнаны көндіксе, тәуба дерсің. Тас үгіткен ана сом тұяқтарын көрмейсің бе, үйіріне жақындаған жанды шауып өлтіреді…
Қорғанбек баһадүр сөзінің аяғын бітірмей садағын толғай тартып қалған. Ажал шақырып ысқырып ұшқан сұржебе дәл жұтқыншақтан сорғалай барып қадалды. Кер айғыр кегжең етіп, шалқалай тік шапшыды да, сәл теңселіп тұрып, құздың жиегінен төмен қарай жал-құйрығы жайыла тоңқалаң асты. Екеуі жалма-жан атқа қамшы басқан. Қиялай өрлеп жайдаққа шыққанша, үріккен үйір жалт төңкеріліп, еңіске қарай ұмар-жұмар құла тасқын сарқырай төгілген. Сайдың аузы қысаң. Тар жерде шырқ үйіріліп, бір-бірін баса-көктеп, кеуделей соғып басы қақшаңдаған асау толқын аласұрды. Алты жігіт қақ жарылып, жақпар тастардың қалтарысында сайланып тұрған. Өзегіне қайыс таспа жүгіртіп ескен жіңішке қыларқанды оңтайлап, атылатын барыстай аңыс бағуда. Тебітіп жеткен Қорғанбек баһадүр аңғардың бойын жүгірте шолып өтті де, шағыр көзі қанталап, бұзып-жара алға ұмтылған тарғыл құнанға қарай қамшысының сабын созды:
– Жіберме, сал мынаған шалманы!
Сол-ақ екен, алты қыл арқан сарт-сарт етіп қылмойынға қара жыландай оратыла кеткен. Арқанның бір ұшын беліне ораған жігіттер бар салмағымен шірене екі жақтан табандай тартып тұра қалды. Тарғыл құнан сонда да әл берер емес. Қарғып, тепкілеп жанұшыра тулағанда, жер солқылдады. Қылғынса да аузынан көбік шаша қырылдап, үсті-үстіне жұлқынды. Жамбастап жатып алған алты жігітті дедектетіп, екі арқан бойы сүйреп апарған. Қонышына дейін жерге кіріп кеткен етіктердің сірі өкшесі шым бетін түрендей тілгіледі. Тынысы бітіп, танауынан қан кетіп бір уақытта шалқасынан құлаған. Қарашер жалма-жан аттан түсіп, сайлаған жүгенін басына кигізе қойды. Қыл арқандарды сапымен орып-орып жіберді де, тыпырлап тұруға ұмтылған тарғыл құнанның үстіне қарғып мінді. Желден басқа жат нәрсе жанасып көрмеген тағының денесі шошына жиырылып, жанартау атылғандай тулады. Албастыдай арқасына қона кеткен мына пәледен қалай құтыларын білмей ышқынған алапат арпалыс. Ажалмен мың мәрте беттескен жаужүрек жігіттің темір тақымы желімдей жабысты. Шалқалай шапшыса да, құйрығын тік шаншып қос аяқтап аспанды тепкілесе де міз баққан жоқ. Жұқа қолтыққа аяқтарының ұшын кере тығып, шоқтықты уыстай бір білегіне орап, денемен дене боп жабысып жатып алды. Ал, қайтер екенсің, сенен келген кереметті көріп алдым дегендей аруағына мінген батыр тағыны шаптан қамшымен осып-осып жіберген. Мұндай қорлықты көрмеген шу асау шошына осқырып дүр сілкінді. Тұлабойы жұдырықтай түйіліп, төрт аяғымен көкке орғи секіріп ата жөнелді. Тау-тасқа қараған жоқ. Алақұйын. Ауыздықты тістей мойынын созып жұлқынған күйі ойдан – қырға, қырдан ойға құйғытты. Құздан қарғыды, көлденеңдеп күркірген өзеннің тереңіне қойып кетті… Сонда да арқасына албастыдай жабысқан қара пәледен құтыла алар емес. Бірте-бірте Қарашердің мысы баса түсті. Тарғылдың басын қияға қарай салып, ал шапқыш болсаң, енді көрейін әуселеңді дегендей, сауырға қамшыны үсті-үстіне көмді, қос өкпеден өкшесін қадай тепкіледі. Сиыр сәскеден көз байланғанша шапты. Түн ортасы ауды. Екі езуі сүйемқарыс жырылып, аузынан қанды көбік аққанша тыным берген жоқ. Әбден қара тұяғынан хал кетіп бұрлыққанда, үйдің жанына әкеп қаңтарып тастаған. Таң асырып тағыда мініп өрге қарай өкпесі өшкенше қамшылады. Жеті күн бойы көзіне көк шыбын үймелеткен. Тамшы татырмай, бір тал көк үздірмей, аштан бұралтып, шөлден бұрлықтырды. Жалмауызға да жан керек, құтылмас тақымға түскенін сезгендей амалсыз көндіккен. Көзінің оты өлеусіреп, жыны басылып, алдына қойған бақырдан су ішеді, иесінің уысынан жем жейді. Арпа, сұлы – бұған дейін татып көрмеген жеңсігі, түйір-түйір қант таңдай үйіреді. Сөйте-сөйте қатігез қорлаушыдай көрінген адамға ең жақын қамқоршысындай бауыр басып, үйренісіп кетеді. Кейін «Қарашердің Ақтангері» атанады ел аузында. Кетпендей төрт тұяғын топылтып шапқанда, бір төбенің шаңын бір төбеге қосады екен. Қусаң – құтқармайтын, қашсаң жеткізбейтін көкжұлын сұрапыл болыпты жануар!
– Пай-пай, баяғының адамдары-ай, тағының өзін тақымында ойнатқан-ау! – Тілеуберді тақиясын желкесіне қарай ысырып, томардай домаланған денесін орынынан бір қозғап қойды. – Қарашер бабамыз туралы жас күнімізде шалдардан талай естігенбіз. Қожырдың қолтығындағы ана қызыл сынтасқа Ақтангерін байлап қояды екен десетін.
– Тарпаң деген алапат қой жануар. Мама-ағашты сындырып, қарағайды түбімен қопарып шыдатпаған соң, сынтасқа байлап қоятын болыпты. Қайыс өрме шылбырдың саусақ батардай қажаған іздері тас бетінде бертінге дейін айқыш-ұйқыш бадырайып тұратын. Әкесінің көз құны қалғандай, еріккен солдаттар мешен ғып атып құртты ғой бәрін…
Ұзын-сонар әңгімемен бір шай ішіп алып, екеуі атқа қонған. Желе-жортып Тілеубердінің жылқысына келді. Қара айғыр жығылған жерді кең шеңберлей шолып, із қараған Айтақын біраздан соң атының басын тартып:
– Әй, Тілеуберді, бері кел! – деді сүйреткен сойылының ұшымен жерді нұқи. Саздауыт шым бетінде дөңгеленіп іздер жатыр. Кетпеннің басындай жалпақ. Қарымы ұзын, аршындап әр жерден бір басыпты. – Міне, айтқаным айдай келді ме? Өзің де мал танисың. Жылқының ізі осындай бола ма? Тарпаң шайнағанда аман қалған қара айғырыңның жаны қандай сірі десеңші. Бейшара, үйіріме жуытпаймын деп еректік көрсетен ғой қанына қарысып!
– Қап-ай, қоянкөкті қайдан іздесем екен? – деді Тілеуберді белгісіз күмәнмен аңтарылып.
– Енді күдеріңді үз. Мен білсем, оны тарпаң алдына сап қуып кетті.
– Қоянкөк тұяқтыға қара шалдырмаушы еді. Қалай оған көнеді?
– Пәлі, жүйрік түгіл жел болса да, тарпаң жылқының адымын аштыра ма?
Екеуі сөйлей жүріп, қара айғырдың жанына келді.
– Жануар-ай, – деді Айтақын басын шайқап. – Пышаққа ілінгенмен айғырдың еті тамақ боп жарыта ма. Босқа итке жем болады ғой. Не болса да, күтіп-бақ. Бұл жерде жата берсе, үйелеп өледі не түн ішінде ит-құс жеп кетеді.
Екеуі төсіне арқан сап, екі жағынан көтеріп еді, аяғынан тұрғызуға қауқарлары жетпеді. Содан еңістегі қорықшылар бекетіне барып, алты жігітпен бірге «ДТ» алып келді. Сүйретпеге салып, ымырт жыбыла үй маңына әзер жеткізген.
Мал болады деп үміттенбесе де, обалын ойлап, күтіп-бағудан аянған жоқ. Қара айғыр шынында да ит жанды екен, біржарым айдан соң тәлтіректеп табанынан тұрды.
Қыс өтіп, жаз шықты. Бір күні түске таман әлдеқайдан жылқы кісінегендей болды. Терісінен қатайған жел қақпайлап, әлсіз дыбысты бірде естіртіп, бірде естіртпей жұлым-жұлқылап алақашады. Ақырда байлаулы тұрған қара айғыр ішін тартып, оқыранып-оқыранып жіберді. Қазір қара айғыр алдыңғы оң жақ аяғын сәл сылтып басатыны болмаса, бабына келіп, әбден оңалған. Шылбыр сүзе арқырай ойқастап аласұрды. Қара айғырдың мұнша сабырсызданғанына, бұған не болды деп Тілеуберді таңырқай қараған. Кісінеген дауыс жақындап, айқын естілгенде, жүрегі кеудесіне сыймай дүрсілдеп кетті. Қоянкөктің дауысы! «Жануарым, аман екенсің ғой, жеттің бе?!!» Сөйткенше болған жоқ, үй алдындағы жатаған жотадан қоянкөктің өзі де арқырай шауып шыға келді. Соңында ерген аппақ құлыны бар. Ойнақтай жүйткіп, енесінің оң жағына бір, сол жағына бір шығады. Жеті жерде қаққан қазықтай қаздиып отырған жеті ит шабалаңдап шу ете қалды да, көк биені танып, құйрықтарын бұлаңдатып, ақ құлынға үдірейе қарағанмен, «әй, сен де бөтен болмассың» дегендей бейбіт дауыспен жәй бір-екі маңқ етіп тоқтады.
Қара айғыр оқыс мінез танытты. Жаңағы аласұрған ынтық екпін жоқ. Оқыранып жақындай берген биені жақындатпай құлағын жымыра сырт айналып, қосаяқтап кеудесінен бір-ақ тепті.Теңселіп барып түзелген бие бір осқырынып, шегініп кетті. Басын жерге салып, «е, сағынып келгенде көрсеткенің осы ма?» дегендей өкпемен тоң-торыс пысқырып оттауға кірісті. Қара айғыр аппақ құлынға шылбыр үзердей долдана тап-тап беріп, құлағын жымқырып, тісін ақситады. Әлдебір күйікті қорлық есіне түскендей, біраздан соң құйрық-жалы жалбырап, жүдеп-мұңайған кейіпте қабағы түсіп сұлқ қалды.
Сол бір айлы түнде арқырап таудан түскен ақ жал тарпаң қара айғырдың үйіріне тұтқиылдан түре тиіскен. Сегіз жасқа келгенше сауырына айғыр артылып көрмеген қулық бедеу қоянкөктің Құдай оңдап тұңғыш рет күйіті кеп жүр еді. Иіс тартып оқыранып жеткен қара айғыр екеуі тұмсық түйістіре иіскелесіп, бір-біріне сүйкене ойқастап, құмарлық отына енді шарпылам дегенше, қара түнді қақ айырып арқыраған әлдебір тажалдың төтеннен тап бергені. Аппақ жалы жайқалып арқасын жабады. Екі ені бұтына сыймай талтайып алшаң-алшаң басқанда, жер солқылдайды. Ұялы қасқырға үйірін бермейтін өжет, қажырлы қара айғыр жүрегі селт етпестен басын жерге салып дүлей айбатпен қарсы шапқан. Атылып кеп ала түскен өткір азу шоқтығынан бір-ақ шайнап жерге жаншып омақастыра салды. Үркіп бытырай қашқан жылқының арасынан қоянкөкті алдына сап, қуа жөнелген. Ес жиғызған жоқ, сол қуғаннан мол қуып, тау ішіне шығандап кетті. Тұяғы тас мүжіп, қия беткей, құз-шатқалдарды өрлей қуалап, қарлы шыңдардың етегіне бір-ақ тұмсық тіреген. Қылаңытқан тарпаңның үйірі дүр етіп, қияға қарай сағымдай серпіліп үдірейе қарасып тұрды да, «е, ақ жал жатырқамаса, біз неге жатсынамыз» дегендей, бастарын төмен салып, жайбарақат жайылуға кірісті.
Айлы түн. Айнала ұйыған сүттей. Шалғын бетінде шалқи жанған оттай шарпысқан қос көлеңке сәт сайын бір-біріне жақындап жанаса берді. Қыранның қанатындай жайылған аппақ жал ауада жайқала серпіліп, құшқалы, құшақтағалы төніп келеді. Ауыр салмақ белін солқ еткізіп, сілкінте ырғағанда, тұмса бедеу сауырын сүйсіне тақап, бауырына тығыла түсті, тамыр-тамырын қуа жөнелген ыстық ағыстан талбойы талықсып, жер-дүние теңселіп тұрды. Құшырлы ләззаттан көзі жасаурап, айға қараған күйі кісінеп-кісінеп жіберді. Шеңбірек атқан толық ай бір алыстап, бір жақындап көз шарасында діріл қақты. Ай бетінен қанат қаққан әлдебір аппақ нұр сорғалап кеп құрсағына құйылғандай тұлабойы ұйып, рахаттың шырын дариясына шым батып бара жатты…
Қоянкөктің бойы күн санап ауырлай түсті. Үйіріне қайтып барудан қорықты. Қара айғырдың мінезі мәлім. Қызғаншақ, жауыз. Үйіріндегі бие-байталдың біреуі басқа айғырдан буаз болса, тепкілеп жүріп ішіндегі құлынын түсіретін.
Желдей жүйткіп, тау мен таста ойқастаған тарпаңдарға ілесу қиын. Сонда да із баққан ит-құстың елесінен сескеніп, қара үзбей өріс қуып ілбіп отырды.
Көктемге қарай желіндегенде шермиген қарыны тас толтырғандай зіл тартып, бойын көтере алмай қалды. Толғақ қысқан күні тіпті жанын қоярға жер таппады. Тау іші қар. Көк мұздың үстінде аунақшып, жарты күн қиналды. Ышқына жиырылып-созылғанда, сүйек-сүйегі жарылып, ұлы мүшесі солқ ете түскен. Талықсып кетіп, көзін ашқанда, сілкініп ұшып тұрған аппақ құлынды көрді. Сонау ләззат түні көзіне құйылған айдың нұры қар үстінде бұлың-бұлың ойнақтап жүргендей. Қирап қалған денесін әзер жинап, әупіріммен орнынан тұрды. Құлынның бет-аузындағы шаранасын жалап, оқыранып бауырын төседі. Көп аялдамастан бір басып-екі басып еңіске қарай ілбіген.
Жоғы табылып, қуаныштан есі шығып тұрған Тілеуберді ақ құлынға таң-тамаша тамсана қарады. Айтақынның өткендегі сөзіне онша ишана қоймап еді, шалдың бірдеңе білетініне енді көзі жетіп тұр. Расында, мынау тегін құлын емес. Биенің екі бүйірі ояң, ішін әлі тарта қоймағанына қарап, туғанына екі-үш күннен аса қоймас деп шамаласа да, сақа құлындай ширақ. Сирағы жуан, дөңгелек, жұмыр тұяқ. Қу бас, салпы ерін. Әдепкі жылқы баласынан бітімі бөлек. Тарпаңның тұқымы екені екені көрініп тұр. Бұты талтақ, алдыңғы аяқтары алшақ біткен, нағыз салқам төстің өзі болар. Құйрығы да жай құлындікіндей емес, қыл түбінен қобырай күлтеленген ұзын. Қыр арқаны бойлай шоқтықтан сауырды жара созылып көк жолақ қыл өсіпті. Үркектеп бір орында тұрмайды. Аппақ жал-құйрығы жалбырап арлы-берлі ойқастағанда, айналада діріл қағып ай сәулесі көшіп жүргендей. «Пай-пай, айдан түскендей аппағым-ай! Ай бозым-ай! – деді сүйсіне қараған Тілеуберді өз-өзінен күбірлеп. – Иә, айдың бозындай. Сенің атың Айбозым болсын!»
Ертеңінде ақ құлынға арлы-берлі қараған Айтақын:
– Малыңа құт келіпті! – деді шын тілеулес хош көңілмен. – Тіл-көзім – тасқа, тұяқтыға жеткізбес тұлпар болайын деп тұр екен. Бітімі бөлек, әкесі – түздің тарпаңы, енесі құнанынан бәйгенің алдын бермеген бедеу қоянкөк болса, қайдан тегін болсын. Екі асылдың қылауы деген сол емес пе. Тарпаңның тұқымы қолға үйренуі қиын, қазірден бастап ноқта-жүгенге үйрет. Арқасына тоқым сал. Әйтпесе ертең тақым артқызбай тағылығын көрсетеді.
Біраз білген ақылын айтқан соң, қалжыңға көшті:
– Несін айтасың, шылқыған байлыққа топ ете түсейін деп тұрсың, жиен!
– Е, қайтіп?
– Бәйгеге қоссаң, жылына кемінде бір машина мінесің. Айғыр ғып ұстасаң, күйек майымен-ақ, дүниенің малын табасың.
– Айтасың-ау сен де, нағашы!
– Айтатыны жоқ. Қазір сауданың заманы емес пе. Әркім қолында барымен пайда табады. Апыр-ай, қазақ сауда білмейді дейді, нағыз саудагер қазакеңнің өзі ме деп қалдым. Көкшіліктегі әлгі белесепедпен шоқаңдап пошта таситын айғайшы Әбдіхайды білесің ғой? Сапқоз тарап, мал-мүлікті үлестіргенде бес-алты қой-ешкі мен бір соқыр бұқа тиіпті еншісіне. Жазда сиырлары күйлеп, айдалаға қарап мөңіреп аласұрғанда, ел не істерін білмей сасқалақтайды. «Ойбай, сиырымыз қысыр қалатын болды, бұқаңа ұстап алайықшы» деп Әбдіхайға жүгіреді. «Е, ала бер, бұқаның сідігін аяймын ба!» дейді Әбекең. Қолдан-қолға өтіп жаз ортасы болғанда, «әлгі соқыр ит тірі ме екен өзі?» деп табынды араласа, әукесі түскір әр сиырға артылып, ыңыршағы айналып қу жаны қалыпты. «Осы менікі не азап? Қыстай жем-шөп беріп бейнетін мен көремін, жаздай қызығын ел көреді. Қой, оданда піштіріп жіберіп, етінің қоңысы тарқаған соң бордақылап сойып алайын бұл қарасанды» дейді Әбдіхай. Оны білген ел: «Ойбай, бәтірекесі, сойма! – деп шу ете түседі. – Соқыр да болса, бетіне қарап отырған жалғыз бұқамыз. Өзі асыл тұқымды, кәлмәгөр екен. Бала-шағамызды аузындағы ағынан айырасың ба? Райыңнан қайт, күйекмайын төлейік!» деп жата-жабысады. Сөйтіп, біреу арағын, біреу ақшасын әкеп беретін бопты. Қазір Әбдіхайыңның танауынан ақсарбас құрт ыршиды. Үйін көк шатырлап алған. Көтіне қотыр тай тиіп көрмеген әлгі пұшықсары баласының астында машина. Саудасын әбден жолға қойған. Үстінен бит домалап арпаға семірген бұқасын гүжілдетіп жотаның басында отырады дейді. Бір сиырды қашырғанға он мың теңге алатын көрінеді. Ауылдың еріккен шалдары қызық көріп сол жерге жиналады екен. Несін айтасың, күлтөбенің басы күнде жиын, күнде той. Оның жанында, сенің тарпаңың табыстың көзі емес пе. Айғыр ғып ұстасаң, осы күнде не көп, бәйгеге ат қосатын әуейі көп. Жүйріктің тұқымынан несін аясын. Бұйыртса, жылына бір машина мінесің!
– Пай-пай, Айтақасы, ойламаған жерден бір-ақ байытып тастадың-ау! – деді Тілеуберді ақжемденген былғары етігінің қонышын қамшының асбымен қаққыштай кеңк-кеңк күліп. – Айғырдың зәрінен алтын саулай қалса, алғашқы олжасын өзіңе байлармын!..
Ендігі жерде көресіні қара айғырдан көрді. Көк биені қорғаштап, құлынын қасына жолатар болмады. Құлағын жымқырып, тісін ақситып тұра ұмтылады. Дәт қылғанда, ақ құлын бұлт-бұлт қояндай орғып жеткізбей кетеді. Аузына ілінсе, шайнап өлтірер түрі бар. Қара айғырдың бұл мінезін түсінбей-ақ қойды. Үйіріндегі биенің жат айғырдан құлын тапқанына өзінше қорланған хайуандық қызғанышы ма, болмаса, сол бір түнгі шайқас есіне түсіп, құлынды көрсе, өзін шайнаған тарпаң көзіне елестеп кете ме екен, әйтеуір бойын буған бір есірік өшпенділік бар. Кәпірдің беті жаман, бір күні құлынды оқыс қыла ма неғылсын. Тілеубердіге жоқ жерден уайым болды. Екеуін қашанғы аңдымақ, әрі жүйрік баптайтындай бұрынғыдай күй жоқ. Оң тізесіне сарсу байланып, жүріп-тұруының өзі бір азап. Ақыры, көк биені құлынымен жетектеп Мәсімжанға апарып берген.
– Тарпаңнан туған тарланбоз. Бабын тапсаң, жел қанат тұлпар осы болар. Асылмұратқа атап, босағаларыңа байладым. Алаштың атын шығарып жүрген боздағым ғой, ырым болсын! – деп шылбырды ұстатқан.
Мәсімжан сол күн-ақ Айбозымға ноқта салған. Ақ құлын ал кеп туласын шымның бетін қорғасындай құйма тұяғымен дүрс-дүрс солқылдатып. Бұларың не, босат дегендей, тік шапшып, долы ашумен шыңғыра жұлқынды. Шірене шегініп, қылғынып, қырылдай басын жерге соққылады. Мұны көрген енесі ол шұрқырайды. Үстіне түсердей оқыранып, шыркөбелек ойқастаған жануар қарасүмек терлеп дір-дір қағады. Жарты күн бойы тынымсыз тыпырлаған құлын ақыры қайыс ноқтаны сағалдырығынан үзіп босап шықты. ертеңінде де сол. Арғы күні де амалға көнбеді. Сейсекең ашуланып:
– Қой, таста әурешілікті! – деді баласына қолын сілкіп. – Тілеуберді құлын емес, әлек әкеп беріпті ғой. Қазір мынандай, өскенде мал боп жарытар деймісің. Тағының тұқымы қолға үйренуші ме еді. Арамтер болма, балам.
Жүйрік шығар жылқыны сүйегінен танитын Мәсімжан Айбозымға айрықша құсы түскен. Әке сөзіне бас изегенмен, көңіл арбаған үмітінен айрылғысы келмеді. Ақ құлынның бойындағы асаулықтан қажыр мен сарқылмас қуатты танып, «апыр-ай, қолтығы сөгіліп шапқан сайын кеудесі көріктей гулеп өршелене түсетін көк жұлынның өзі болар-ау» деп ыстық құмарлықпен қатты ынтықты.
Осы елде атағы шығып жүрген Сарыбай дейтін қобызшы жігіт бар болатын. Екі көзі суқараңғы зағип. Туғанда шар етіп жылаған дауысынан кереге басында ілулі тұрған кәрі қобыз ызыңдап, өз-өзінен күңірене жөнеліпті. Төртінші атасы Жәкібай қызыліңірде қыр басына шығып қобыз шалғанда, дауыл ұйтқытып, қасқыр ұлытады екен. Сол кісі жеті жасында шөбересіне аян беріп, қолына қобызын ұстатыпты. Қазір арқа қонған қобызшы. Кезінде әйгілі Нұрғиса өнеріне сүйсініп, маңдайынан иіскеп бата беріпті. Қобыз ойнап, жылан шаққан адамның бойындағы уды қайтарады дейді. Төлін алмай жатырқап тепкілеген малды идіреді екен… Қолынан келмейтіні жоқ құдірет иесіндей, әйтеуір, ел аңыз ғып айтады. «Септесіні тиер» деген далбаса көңілмен, ертеңінде іздеп барып қобызшыны алып келген. Бет-аузына қабындап қызғылт-жирен сақал-мұрт өскен жұқалтым, сары жігіт екен. Милықтатып қызыл тақия киген. Бір тостаған жылы саумалды аузының дәмін алып, талмап ұзақ ішті.
– Адамнан қуғын мен қаскөйлік көрген, аю мен қасырдың қамауында жүрген тағының тұқымы ғой, – деді жансыз көздері қара судай суық жылтырап. – Айналасынан үнемі үрей күтіп дағдыланған. Жүрегіне жылылық үрлеп мейірім танытпасаң, көндігуі қиын-ау!
Жігіт бір шымшым қара жусан жұлып алып, екі алақанының арасына салып дөңгелете ұзақ уқалады. Желі басында байлаулы тұрған көк биенің жанына барып малдастай отырды. Ақ құлын басқа жылқыларға жуымай қашқалақтап, анандайда басын кекжитіп оқшырайып тұр.
Тұтқырланып қырылдап шыққан қобыз үні бірте-бірте бебеулеп, дабыл қағып шарықтай жөнелді. Аспан астын жаулаған ендігі жалғыз құдірет сол. Тау-орман, үйлер, мал-жан – көз алдыңдағы күллі сурет өң-бояуы өшіп ауаға сіңіп жоғалды. Жаралы аққу қанатын сабалап сұңқылдай ма, дауыл ұйтқып қара бұлтты астан-кестен сапырғандай ма, әлде мың-сан асау арқырап-күркіреп тасыр-тұсыр шауып өткендей ме… Өкіріп, өксіген долы күй бірде делебеңді қоздыра елеуретіп, іле мұздай суға тастап жібергендей тұлабойыңды тітіркентіп, қым-қуыт халмен сілікпеңді шығарып сілкіп-сілкіп алған соң, бәсең-бәсең мамырлап, қоңыр әуенге ауысты. Уылжып, үздіккен үн тамыр-тамырыңды ыстық толқындай қулай жөнелді. Бойыңды буып сиқырлап алғандай. Біресе мұңайып жылағың, біресе қуаныштан сақылдап күлгің келеді. Елжіреп, маужыраған бір хал. Жандыны да, жансызды да – бәрін мейірленіп жақсы көріп құшақтасам екен дейсің. Кенет көк бие ішін тартып оқыранып-оқыранып жіберген, емшегінің ұшынан шымырлап сүт тамды. Бар дүниені жатырқап бір шетте кекжиіп тұрған ақ құлын арадағы мың жылдық шекарадан бір-ақ қарғып өткендей, шіңгір-шіңгір кісінеген күйі шапқылап желі басына жетіп келді. Енесінің бауырына тұмсығын тығып, сүт саулаған үрпіні құныға сорды да, Мәсімжанды иіскелеп, иығына маңдайын үйкеледі.
Қобыз үні маужыраған әлемді әлдилеп тұр.
Мәсімжан еппен ақ құлынның тамағын сипап, басына ноқта кигізді. Құлын үріккен жоқ. Шұлғып қойып, жайбырақат тұр. Мәсімжан желіге байламастан шылбырын шұбатып бос жіберді.
Ақ құлын сол сәттен бастап сап жуасыды, үркіп қашпайды. «Құрау-құрау, айбозым!» десең, жұқа танауы желбірей оқыранып тұра қалады.
Құлынның күрт өзгерген мінезін көріп Сейсекең әрі сүйсініп, әрі бір ағаттау сөзін есіне алып өкінгендей басын шайқады:
– Қап, әнеукүні Тілеубердіні бекер ғайбаттаған екенмін. Осындай асылын қиып бергені шын ағайындық көңілі емес пе! – деп ішінен күбірлегендей болды да, Мәсімжанға бұрылды. – Неше күн бойы кесірленіп қалай қырсыққанын көрдің ғой? Қырсығу қайраттан шығады. Сол қажырын шабысқа салса, нағыз қажымас, таңды таңға ұрар тесік өкпе желтабанның өзі болар. Тек осы бастан бабын келістір.
Мәсімжан салақсыған жоқ. «Тағының тұқымы есейе келе әл бермей кетуі мүмкін. Күн жібермей қазірден етін өлтіріп үйрете бер» деген Тілеубердінің ақылын алып, тыным көрмеді. Суға шомылдырып, өнебойын уқалап-сипап, темір тарақпен қасып, денесінің қытығын өлтірді. Беліне тоқым салды. Жаз орталап, буыны қатайғанда ашамай ерттеп, кішкентай екі баласын кезек мінгізіп, мініске үйреткен.
Ақ құлыннның мінезі қызық. Күші тасып бойына сыймай бара жатқандай, күлтеленген жал-құйрығы желп-желп етіп ойнақ қағады. Кейде өзге жылқылар ертелі-кеш шоқ-шоқ үйездеп тұрғанда, өзінен-өзі кең шиырды айнала шауып, қашан екі бүйірі қарайып қара сүмекке түскенше құйғытып жүргені. Көз отын суырып зымырай аққанда, дөңгеленген төрт жұмыр тұяқ ауада қалықтаған төрт нүкте боп, кеудесін жел гулей көтеріп бара жатқандай болады.
Тау арасында түн жамылған ұры көп, ит-құс қатты. Төрт-бес үй бірігіп, жылқысын түнгі жайылымда кезектесіп күзететін. Солардың кейбірі ақ құлынды аңыз ғып айтып жүрді. Әсіресе, сүттей боп ай толғанда, өзгеше бір мінезбен байыз таппай аласұрып, өзінен-өзі еліріп кетеді екен-дүр. Айға қарап арқырап шапқанда, қолтығының астына қанат бітіп, ұша жөнелетін көрінеді-мыс. Содан ай батып, таң сібірлегенде бір-ақ жерге түседі екен-мыс… әңгімелер ауыздан ауызға тарады.
Алғашқы күннен ақыл қосқан адамы – Айтақын. Жылқының сырын білер сұңғыла жүйрік ілуде біреу ғана бұл өңірде. Оң көзінің ішінде бидайдай қызыл меңі бар, сарышұбар, көсе. Өмір бойы совхозда жылқышы болған. Қазір де Жонның екі жақ қапталын тұтастай меншіктеп алған аудандағы бір алпауыттың табынын баққан еркек-қос жылқышыларға бас-көз боп жүр. Бас жылқышы деген атағы бар. Өзі «бригадпын» деп мақтанады. Совхоз кезінде қолы жетпеген атаққа енді жеткендей, ер үстінде қайқайып, таралғысын шіренеді.
Айтақынға сыншылық атасы Шымырбайдан дарыса керек. «Е, ол кісінің жанында біздікі баланың ойыны ғой» деп өз бойын қомсынады. Шымырбай тұлпар шығар құлынды енесінің ішінде жатқанда-ақ танитын сыншы болыпты. Атақты бір бай арнайы шақыртып алып, жылқысының ішінен жүйрік таңдап бер деп қолқа салады. Таң қылаң бере ағаштың жапырағындай қалың жылқының бір шетінен кіріп, екінші шетіне шыққанша күн кешкіреді. Жүйрік шығар қылқұйрықтың белгісін көре алмай басын шайқайды. Қабағын қарс түйген бай:
– Әй, Қарабайдың малындай азып кетпесе, жер қайысқан жылқыдан бір жүйрік шықпады дегенге кім сенеді? Сірә, көзіңді шел басқан шығар? – дейді түтігіп. Шымырбай үндемейді. Былай шыға бере бір шетте жалғыз өзі жаталақшып жүрген буаз құла биені көреді. Сұйық жал, қырым етсіз, астаудай қу бас. Шымырбай атының басын тартып, сүйсіне қарап тұрып қалады:
– Пай-пай, жануарым, тас жатқандай ішін әзер көтеруін қарашы! Міне, тұлпар туады. Құнанына дейін аузынан сүт үзбе. Қыста қысырақтың саумалын бер. Бестісінде күндік жерден қозыкөш бұрын келмесе, атымды басқа қой!
Айтқанындай, ақ бақай құлын «Ақбайпақ» атанып, қартайғанша бәйгенің алдын бермей өтіпті. Он екі жасында аламаннан оқ шалым қара үзіп келіп, қарақшыдан өткенде, қан сиіп құлапты.
Бірде Жаркенттік саудагер Құлжаның базарында саудалайтын жүйрік таңдап бер деп қолқалайды. Ауылдан-ауылды аралап келе жатып, бесін намазы кезінде Өсектің жағасында дамылдайды. Дәрет алып отырып, суда ағып келе жатқан тезекті көріп: «Мынау – жүйрік аттың тезегі» дейді. Өзенді өрлеп барып, судан өткен қалың жылқының ізінен жүйріктің тұяқ таңбасын ажыратады. Шұрқыраған шұбардың үйіріне құлақ түріп тұрып, кісінеген дауысынан танып, бір күрең қасқа дөненге құрық салдыртыпты.
Шымырбай жоқ іздеп шықса керек. Шеткері отырған қойшының қоңырша үйіне кеп түстенеді. Шай ішіп жайланып отырғанда, бай ауылдың қызық қуған бір топ жігіті жарау атпен жарысып қарсы беткейден қиялай қиқу сап өте шығады. Сонда белдеуде байлаулы тұрған шартық қарын қойторы бір орында тұра алмай тыпыршып, ауыздығын қарш-қарш шайнап күрсініп қалғанда, үш айылы бірдей бырт-бырт үзіліп түседі. Соны көрген Шымырбай:
– Әй, қарағым, тұлпар туған тектіні қой соңында салпақтатып қор қыпсың-ау! Баптап бәйгеге қос, бағын байлама! – депті.
– Рас айтасыз! – Қойшы әжім торлаған жалпақ бетін алақанымен уқалай жымиып, кереге басында құйрығы жерге сүйретіліп ілулі тұрған қызыл түлкіге қарап қояды. – Көлденең қашқан түлкі-қарсақтың адымын аштырмайды, бел асырмай қуып жетіп, үзеңгімен соғып ала беремін. Хұдауанда, тумысы бөлек болатын бұл торының. Енесі екі күн аунақшып әзер туған. Жануар жанарынан жас парлап ышқынғанда, денесі жерге тимей, төрт табанымен дік ете түсіп еді!
– Е, онда тұлпардың өзі екен. Тұлпар болар құлын туғанда, төрт табанымен жерге топ етіп түседі…
Айтақынның бойында да бабасынан жұққан сыншылықтың жұқанасы бар. Қоянкөк жоғалып кеткенде, тарпаң қуып әкеткенін ізінен таныған сол. Биенің бауырындағы аяғын жаңа басып жүрген ақ құлынды көргенде-ақ: «жүйрік болады» деп, бойынан сәйгүліктің бар белгісін танып, санап беріпті. Кейін Мәсімжанға да талай рет ақылын айтқан: «Бұл – тағының тұқымы, белі қатайып кетсе, бастықпай қояды. Құлынынан қытығын басып, жуасығанша арқасынан ертоқым айырма. Ең бастысы – ол сенен қорықпасын. Өзіңе жақындата біл. Иісіңе, дыбысыңа, алақапныңның жылуына үйрет. Сенің бойыңнан өзінің енесіндей мейірім, жақындықты сезінсін. Сонда ол иесін жолға тастамас нағыз қазанат болады» деген.
Мәсімжан Айтақынның ақылын бұлжытқан жоқ. Бірте-бірте Айбозым бауыр басып, иесінен бір елі ажырамайтын болды. Көрген бойда оқыранып жетіп келеді. Маңдайын иығына не кеудесіне үйкеп-үйкеп жібереді де, тұмсығын қалтасына салады. Мәсімжан қалтасынан қант, сұлы беріп үйретіп қойған. Адамның жан жылуына мал екеш мал да елжірейді екен ғой.
Ақ құлынның мінезі қызық. Бойы салғырт, көбінесе жусап, бір шетте мүлгіп тұрады. Тек анда-санда дүр сілкініп, көздері оттай жайнап шиыршық атып шыға келеді. Ондайда құйындай ұйтқып, кең жазықты шырайналып әбден алты айрығынан қара тер шүмектегенше өз-өзінен шапқылай береді. Әсіресе, ай толған шақта ақ құлын басын жерге салмайды. Қарадай ереуілдеп, бір тылсым бұла күш бойын буып буырқанып кетеді. Мәсімжан жылқы шетінде қарауылдап түнгі жайылымда жүргенде, ондай сәттің талайына куә болған. Бұлаңытып, бұлтыңдап аласұрған ақ құлын бұл дүниеге сияр емес. Көкке ұшам деп талпынғандай. Айға қарап тік шапшып, арқырай шапқанда, қара жерден бауыры көтеріліп-көтеріліп кететіндей, жал-құйрығы жайылып, саулаған аппақ нұрға сіңіп барады.
Құнан шыға сүйегі іріленіп, ерен жүйрік хас бітімі айқындала берді: астыңғы еріні салпайған, кең танау, бөкен тұмсық, көз ойығы терең, биік шоқтық, салқам төс. Дөңгелек сом тұяқтарын топ-топ тастап топылтып шапқанда, жеп-жеңіл боп қояндай серпіле қарғиды. Сол жылы құнан бәйгеге қосқан. Әп дегеннен қатарына қара іліндірмеді. Шеңбері жеті шақырымдық Қарауылтөбені екі айналып, ізінен шаң ілестірмей көмбеге жеткенде, құлағының түбі де жіпсіген жоқ. Шабандоз бала ересектеу еді, сонда да еркін жіберуге жүрексініп, тізгінді тарта-тарта екі қолы қарысып қалыпты.
Содан бері Айбозым аламанның алдын берген емес. «Пай-пай!» деп сүйінуші де көп, «қап!» деп қып-қызыл шоқ жұтқандай күйінуші де жетіп-артылатын. Осы күнде не көп, ұлан-асыр той көп. Дарақы байлар ақшаның мөріне қарамай бірінен-бірі асырып, машинаның небір төресін тігеді. Айбозым барған жерінен бәйгені сыпырып қайтатын. Екі жылда оншақты темір тұлпардың басын қайырған шығар. Бірақ содан байып жатқан Мәсімжан жоқ. Асылмұраттың айтуымен, бәрін сатып, ақшасына мектепті жөндетті, мәдениет үйін салғызды, медпунктке машина сатып әперді. Енді Айбозым десе, ат қосатын бәсекелестер бойларына ас батпай қарадай шошынатын болды. «Мынау Асылмұраттың Айбозымы тажал болды, ол шапса, арам тер боп қайтеміз!» деп күні бұрын ұнжырғылары түсетін.
Ортаңнан оза шауып жүйрік болу қашанда өз басыңа сор екен. Жау көбейді. Бір емес, екі емес, бәйгеге қосқан сайын дауылдай ұйтқып басқаларды шаңына ілестірмейтін болған соң, ат иелері амалсыз сан соғып, бас шайқасты. Әсіресе, аттары екінші, үшінші боп келетін дәмегөйлер «әттең-ай!» деп азуларын қарш-қарш шайнап, көздеріне қан толатын. Бәрінің уайымы – бір, Айбозым болмаса, әрқайсының алдынан жол ашылатындай үміт көлбеңдеп, өзара тілеу қосып, бір жұм, бір жұдырық боп түйілді. Оның үстіне соңғы кезде бизнес пысықтары атжарысқа да ауыз салған. Букмекер конторлары арқылы Бәйгетөбеден репортаж жүргізіліп, әр жүйрікке бәс тігіліп, қызықтың қазанын қайната түсетін. Есері, әулекісі бар мың-сан жанкүйер экранға ентелеп, қызына-қызына бәсті бірінен-бірі үстемелеп, фишкалар алдарында тау-тау боп үйіліп қалатын.
Айбозым қайта-қайта бәйгеден келіп, «е, ол тұрғанда басқаға озу қайда» дегендей, жұрттың әбден сенімі бекіген соң, ешкім басқа атқа бәс тігуді қойды. Сөйтіп қызыл-қырман боп жататын конторлардың да бизнесі күрт құлдырап кетті. Енді ондағылар да дара жүйрік көздеріне сүйелдей басылып, азуларын шықырлататын. Қарасы күн санап көбейе түскен өшпенді топ бір-бірін ық жағынан иіскелеп табысып жатты.
Біреулер әуелі Мәсімжанға «атыңды сат» деп қолқа салып көрді. Көк қағаз толы кейсті алдына тосып, «әкел қолды!» деп қолын созған. Мәсімжан көнген жоқ.
– Маған ақша керек емес, жанымның рахаты керек. Айбозымның шабысына сүйсініп бір қарағанымның өзі мың қаралық емес пе!
Айбозым сатылмайды. Ұрлағанмен сіңіре алмайсың. Не істеу керек? Не істеу керегі, әлбәтта, белгілі. Қаскөй топ қабақ астынан жымия қарасып, бір-бірін үнсіз ұғысқан.
Кейбіреулер тіпті ашық қоқан-лоққыға көшті. Бір күні жапырайған кепкасын баса киген жылан көз қара-шұбар келіп:
– Ана кісі атыңа құда түсіп отыр, – деді бір алпауыттың есімін атап. – Қалауыңды айт?
– Құдайдың осы бергеніне қанағат. Ешкімнен ештеңе сұрамаймын.
– Жоқ, өйтіп бас тартуға болмайды!
– Неге?
– Өйткені ол – Үлкен кісі!
– Жақсының бәрі Үлкен кісіде болсын деген кесім бар ма екен? Құдай болса да берер атым жоқ!
– Кесімді байламың осы ма?
– Осы!
Жігіт үндеген жоқ. Бүлк етіп бір жағына қисайған езуіне жымысқы күлкі іліп, теріс айналды.
Тағы бірде әлдекім дарбазаның сыртына компьютермен басылған қағаз жапсырып кетіпті: «Байқа, бұдан былай бәйгеден озатын болса, атыңа да, өзіңе де қауіп барын ұмытпа!» Мәсімжан тіксінген жоқ, қайта апшысы қуырылып, қатты ширықты. «Бұл қазақ соқтықпаса, жүре алмай ма? Менде ғана болсын деген не зорлық?»
Көпті көріп, жүрегі шайлыққан қарт әке қағазды көрген бойда шар еткен: «Қызарғанға құзғын өш. Бұлар аңдығанын алмай қоймайды. Бер дегенін беріп құтыл, қарағым. Бастың амандығынан садаға!»
Мәсімжан әке сөзін жүре тыңдаған. Құштарлық билеп ұшынған көңілде ес болсын ба, бәйге қайдасың деп жер тарпыған тұлпармен бірге алып-ұшты. Төрт тарапқа сауын айтқан ұлы жиынға жұрттан бұрын жеткен. Бұл жолғы бәйге Ордабасындағы Күлтөбеде болып еді. Бір шеті – Россия, бір шеті – қырғыз, шартараптан сайланған сексен дүл-дүл қосылды. Төңірегіне даңқы шыққан өңшең сәйгүлік. Былтыр күзде Ақтөбедегі аламанда Айбозымнан кейін екінші боп қарақшыға іліккен тараздық Сүният дегеннің Жезкиігі де келіпті. Жезкиік десе жезкиік, тұрықты, қызылжирен. Сұр жебедей созылып шабатын сұрапылдың өзі. Сүнияттың өзі көрінбейді. Аттың айналасындағы топты адамның арасынан анадағы қарашұбардың жымырайған қалпағын шалып қалды. «Е, мына залымдар қолға түсірген екен ғой!» деді Мәсімжан ішінен тіксініп.
Бұл жерде ешкім атына бөтен адамды жақындатпайды. Әртүрлі қауіп ойлап, көзден таса, оңаша ұстайды. Қызық іздеп ере келген Айтақын Жезкиікті анандайдан бірер дүркін көзі шалып қалғанда, таңдайын еріксіз тақылдатқан:
– Тұяқтының тұлпары екен жануарым. Тек Айбозым бағын байлап жүр-ау!
Ертең бәйге болады деген күні түн ортасында он екі жасар Бағдат дәрет қысып сыртқа шыққан. Шамның жарығынан ұзай бергенде, қара көлеңке үстіне қона кетіп, аузын баса қойды. Тік көтеріп, тасаға қарай ала жөнелген.
– Дыбысыңды шығарма. Әйтпесе, буындыра салам! – деді сыбырлай зекіп. Басына әйелдің қара колготкасын киіп, көзінің тұсын ғана тесіп қойған еңгезердей біреу. – Шабандоз баласың ба?
– Иә.
– Ендеше мен саған көп ақша берем. Он мың бакс! Мә, әзірге ала тұр. – Жүз долларлықты екі бүктеп, төсқалтасына қыстырды. – Қалғаны кейін. Тек айтқанды орында. Мынаны ертең ат терлегенде, құлағының түбіне себе сал. – Тұмардай ғана целлофан пакетті ұстатты. – Ұқтың ба? Егер қиқаңдасаң, кез-келген күні атып тастаймын! Міне! – деп тапаншаның тұмсыған бүйіріне тіреді де, жалт бұрылып, қараңғыға сіңіп жоғалды.
Бала есеңгіреп тұрып қалды. Бірақ қаршадайынан ат құлағында ойнап, мың жығылып, небір қатерді көріп жүрген жансірі бала тез жүрек тоқтатты. Шатырға келісімен ояу жатқан Мәсімжан ағасын оңашалап, бәрін айтқан. Мәсімжан пакеттің бұрышын жыртып, ақ ұнтақты иіскеп көрді. Бадамның иісі. Ционид! Жүзі бозарып кетсе де, сыр берген жоқ.
– Жарайды, не де болса, көріп алдық. Көрмей жүрген құқайымыз ба. Қорқатын дәнеңе жоқ. Жақсылап ұйықтап ал.
Бәйгетөбенің беткейі иінтірескен тамашашы халық. Әр аттың шашбауын көтеріп келген топ-топ жанкүйер. Көпшілік қай ат озса, соған айғай қосып даурығатын хошаметшілер. Бәрінің көзі етектегі ауыздықтарын шайнап, аузынан уыс-уыс көбік шашып тыпыршыған бәйге аттарында. Ақ қалпақты жігіт бұйрық беріп, қолындағы жалаушаны сермеп қалғаны сол, бүкіл төбе дүр көтеріліп, «Уа, аруақ!» деп шу ете түсті. Жиырма-жиырмадан сап түзеген сәйгүліктер ата-ата жөнелгенде, тұяқ дүбірінен жер солқылдады.
«Ортаға кірме» деген Мәсімжанның ақылымен Бағдат соңғы саптың шетінде тұрған. Қол-аяғы тыриып, ұстаған жеріне жабыса кететін қалақшадай қара тарамыс бала. Сегіз жасынан бәйгеге шауып әккі боп алған, тақымы мықты. Бірден жел жақты ала орай шапқан. Алдына қара түссе, бойын жын буғандай еліріп кететін Айбозым көзі қанталап, сатыр-сұтыр құйындаған нөпірді басып озбай бой берер емес. Ауыздықты тістей жұлқып, басын долдана шайқағанда, шабандоз бала қалпақтай ұшып кете жаздайды. Бірден барлығып қалмасын деп тізгінді шым-шымдап қана баса берген. Сәлден кейін қалың шаңның алдына ойнақтап шыға келді. Әлгіндей атқақтамай, озса ғана жаны жай табатын жануар төрт аяғын бауырына жия, қояндай ытқып, бір ырғақпен созыла сілтеді. Танауы парылдап, табаны жерге бір тисе, бірде тимей қалықтап келе жатқандай. Әккі бала гулеген желді төбесімен жара, жалға жабысып жатып алды. Анда-санда қамшы сабына байлаған орамалмен жас парлаған аттың көзін сүртіп қояды. Арттағы түйдек-түйдек шаң бірте-бірте алыстап барады.
Дүрбі салып, бірі қабағын алақанымен қалқалап, дүр көтерілген төбедегі жұрт гу-гу:
– Пай-пай, жұлдыздай аққан мына қылаң боз кімдікі екен? Сілтеуін қарашы жануардың!
– Бірден суырылып шықты. Қап-ай, барлығып қалар ма екен? Үстіндегі бала тәжірибесіздеу-ау, шамасы. Тізгінді тежеңкіреп ұстамай ма!
– Пәлі, мынау Асылмұраттың Айбозымы ғой! Қалай-қалай көсіледі пырағым! Осы озғаны – озған, шаңына да ілестірмейді.
Әр тұста түйдектелген шаң бірте-бірте созылып шұбатыла берді.
Мәре – жеті шақырымнан бес айналым. Үшінші айналымнан асқанда, ат қарасы сиреді. Алдыңғы аттан қозы көш қара үзіп құр шоқырақтап болдырған аттарды «босқа қинамаңдар» деп төрешілер тоқтатып, жарыстан шығарып тастаған.
Айбозымның ізін ала сытылып сезгіз ат алға түскен. Көпке дейін бірін-бірі жібермей құйрық тістесіп, кезек-кезек құлақ оздырып тайталасумен болды. Соңғы айналымда араларынан екі ат алға суырылды. Бірі – Жезкиік, бірі – жер қылаң құла. Тұмсық теңестіріп, біресе – бірі, біресе екіншісі қамшы сабы озып, көп ырғасып барып, Жезкиік шым-шымдап қара үзе берді. Әккі шабандоз бағанадан бері тізгін іркіп, күшін соңғы сәтке сақтап келді ме, тынысы жаңа ашылғандай екпіні үдей түскен. Тіпті жер апшысын қуырып, көз ұшына шығандап кеткен Айбозымның ізінен арқан бойы ентелеп, төніп-төніп келеді.
Төбе басындағылар шулап кетті:
– Мә, мынауың кесел ғой! Айбозымды тықсыра бастады.
Күннен қорғанып, төбелеріне қолшатыр көтеріп оңаша үйірілген бір топ адам елден ерек тамақ жыртып қосыла айғайлады:
– Уа, аруақ! Жезкиік! Жезкиік!..
– Бағана айтып ем ғой, – деді Айтақын Мәсімжанға қарай еңсеріліп. – Мына Жезкиік тегін жылқы емес. Шабысты көрмейсің бе! – Қызғанышы жоқ көңілмен шын жүйрікке сүйсіне таңдай қақты.
Мәсімжан шалдың сөзін жақтырмай: «Япыр-ай, мынау шынымен жетіп алмасын?» деп тықырши бастаған. Бірақ Бағдаттың қулыққа басып келе жатқанын білген жоқ. Шығандап алға шығып алған соң науша бала бір қалыпты шабысқа көшкен. Еркін жібермей, анда-санда көзін сүртіп қойып, ауыздыққа сүйеді де отырды. Арттағы дүбірді таятып-таятып алып, әне жеттім-міне жеттім дегенде, суырыла ытқи жөнеледі.
Бір рет тіпті Жезкиік құйрық тістесе ентелеп те келді. Осылай бірнеше мәрте дәметтіріп барып, төбедегі жұртты алай-дүлей еліртіп, көмбе көз ұшына іліккенде тізгінді еркін жіберіп, «шу, жануар» деген. Айбозым жиырыла серпіліп, ата жөнелді. Жұлдыздай ағып келеді. Бала тас жабысып жалына жатып алды. Гулеген жел басын көтерсе, қағып түсердей. Қайырылып бір қараса, арттағы ат оқ шалымда қараяды. «Айбозым!» «Айбозым!» Қиқулаған сан-мың дауысты қақ жарып, екпіндеген күйі қарақшыдан өте шықты.
Хас жүйрікке таң-тамаша сүйсінген ұлы сүрең-айғайдан аспан жарылардай жаңғырып, Бәйгетөбе теңселіп кетті…
Жезкиіктің қазіргі егесі – Тоғызбай деген дүмі мықты алпауыт. Жұрт «Доңызбай» дейтін сыртынан кекетіп. Әкімнің інісі еді. Еріккеннен ойына келгенін істеп, жүгенсіз кеткен бір еркетотай есірік. Жер де соныкі, беті жылтыраған қатын да соныкі. Бәрін бітіріп, соңғы кезде жүйрік ат ұстап, серіліктің бір қырына көшкен. Жезкиік алдына қара салып екінші келгенде, қылғынып өліп қала жаздады.
– Құладыннан туған құмайым еді Жезкиік. Мынау Айбозым деген сор болды, бір емес, екі рет алдына түсіп бағын байлады! – деп долырып қатты тулаған. «Атыңды маған сат, не менің атым шапқанда, атыңды қоспа» деген қолқасы да, қоқан-лоққысы да Мәсімжанға өтпеген соң, «Маған пәленшенің аты бәйгеден келді деген даңқы керек. Дүниенің бетіне қарамаймын. Көп болса, ат бәйгеге бес жыл шабады, бес жылдың бәйгесін үстемесімен беремін. Айбозымға қолқа салдым. Маған қисын» деп, ақырған шалдан аттап кетпес деп Сейсекеңнің өзіне кісі салған. Сейсекең: «балалардың ісіне араласпаймын. Ат иесі – Асылмұрат, құлынында нағашысы бәсіреге байлаған» деп сырғытса керек. Асылмұратқа барған елшісі де міңгірлеп қайтты: «Аты менікі болғанмен, түп иесі – бауырым. Ермек қып жүрген алдындағы жалғыз қызығынан айырып, сыртынан билеп-төстей алмаймын» депті.
Сырт көздің сұғы көбейгеннен бері Мәсімжан Айбозымды көзден таса қылмайтын болды. Күндіз есік алдындағы беткейдің саздауыт қолатында арқандап ұстайды. Кешке қарай желідегі құлындар ағытылған соң, сауын бие, құнан-жабағысы аралас, қарасы бір үйір жылқысын өзі жайылымға шығаратын.
Биыл жаңбыр сирек жауып, жаз ортасына жетпей жердің оты қашты. Күнгей беткейдің бәрі жуа-жуа өңі кеткен ескі шүберектей бозарып, тозып тұр. Ауыл малы таудың бұлақты, бұталы сай-саласын қуалап, өрісі ұзап кеткен.
Мәсімжан соңғы кезде жылқысын Кіші Арқарлының теріскейіне апарып жайып жүр. Бүгін де солай қарай өргізген. Аңғары кең жайдақ сайдың қапталы шүйгін, селдірей өскен ұшқат пен шоқ-шоқ бүрген. Қолтықтан сурыла ескен самал биіктегі қарағайдың шайыры мен тақта-тақта жақпар тастарды кілемдей жапқан аршаның жұпарын сырғыта лек-лек желпиді. Күні бойы ойдағы қапырық, быққа қамалып, тынысы тарылған жылқылар қоңыр салқынды төске ала ентелеп, биікке қарай сұғына түсті.
Толық ай иыққа қонған. Нұрға бөккен айнала жарқырап діріл қағады. Шығандап кеп шатқалдың ұшпасына шыққан. Мәсімжан атының ауыздығын алып, шап айылын босатты. Сағалдырыққа тағылған жіңішке кендір арқанның ұшын беліне байлап, аю шөп, мүк басқан қожыр тастың үстіне шынтақтай жантайған. Тұяқ тимеген соныға ілінген соң жылқылар байырқап жайбырақат жайылуға көшті. Шанда бір пысқырып қойып, балғын майсаны қадала бырт-бырт үзіп күйсеген бір қалыпты сырыл құлақ сауады. Тойынған құлындар бөлектеніп, иіскелесіп, жер тарпып, үрке ойқастап, бір-бірімен ойнағандай жарыса шапқылап алады. Ондайда енелері бастарын көтеріп «қайда кеттіңдер?» дегендей, іштерін тартып, оқыранып қояды. Бөгде дыбыс жоқ, төңірек жым-жырт. Кенет әлдебір құс жаман дауыспен сұңқылап қарағай басынан қалбаңдай ұшты. Мәсімжан селк етіп басын көтеріп алды. Қосауызының құлағын қайырып, аспанға қарай күмп еткізген. Тоғайдағы құс біткен у-шу дүр көтеріліп, жел айдаған жапырақтай шашылып кетті. Қаңқылдап қашқан жаңғырық айналадағы мүлгіген шың-құздарды селк-селк шайқап, жақтан тартып-тартып жіберді.
Құлақтары едірейіп шоқтай үйірілген жылқылар осқырынып сәл тұрған соң, қайтадан жайылуға көшті. Айбозым ғана басын жерге салған жоқ. Жатаған көк шалғынға арлы-берлі аунады. Орынынан тұрып дүр сілкінгенде, айға шомылған денесінен аппақ нұр ұшқын ата жалт-жұлт шашырады. Қосауыздың таңдайына оқ басып біразға дейін жау қайдалап сақ отырған Мәсімжан көңілі жайланып, орынына қайта жантайды. Салқын ауада мойынын ішіне алып, қара тонның жағасына бұйыға түсіп, дамыл-дамыл есіней берді. Бойын сергітейін деп, ыңылдап ән айтты: «Қамысы Әупілдектің мүше-мүше…» Дауысы бәсең-бәсең өшкінденіп, маужырап талықсыған тәнін тәтті әуен одан сайын әлдилей түсті. «Аулыңа… әлде… ә-әл-де…» деп үзіп-созып күбірлеп жатып, кірпігі ілініп кеткен…
Бұл кезде қақпа-қалтарысты баспалай қалбаңдаған қара көлеңке шатқалды өрлеп келе жатыр еді. Екі күн бойы сырттай торуылдап аңыс баққан қара киімді бүгін қызыл іңірден бері Арқарлының теріскейіне бекініп, үйірді алдынан тосқан. Сидам бойлы, жинақы, табаны жерге тимейтіндей қимылы жеп-жеңіл. Жемтігінің ізіне түскен жыртқыштай аяғын әр жерден бір аңдап басады. Күләпарасын милықтата киген. Мылтығын үңілтіп, бүкеңдеген көлеңке бейғам жайылған жылқының ық жағынан орай жанасты. Тым жақындамай, оқ шалымнан бұқпантайлап, шоқ бүргеннің қалқасына тізерлеген. Үнсіз атылатын винтовкасын кезеп, түнгі оптикалық нысана көздегішпен іздегенін қаруылға ілді де, шүріппені басып қалды.
Оқ қолқасын оттай қарып осып өткенде, Айбозым шыңғырып тік қарғыған. Бірақ құлаған жоқ. Ышқынып арқыраған күйі аспанға шапшып ата жөнелді.
Ұйқысынан шошып оянып, ұшып тұрған Мәсімжан көз ұшында қалықтап кісінеген Айбозымды көрді. Төрт табанынан от шашып, жұлдыз жанып, тау басында шаншылған айға қарай өрлеп барады. Жалама құздың ұшпасына шыққан бойда екпінімен арқырап бір-ақ қарғыған. Құлдилаған жоқ. Құйрық-жалы жайылып, қолтығының астынан қос қанат қылтылдап, Айға самғады. «Айбозым!.. Жануарым!..» Мәсімжан аузы үнсіз керіліп тұрып қалды. Кеудесін өрлей соққан ащы шыңғырық алқымын буып, тұншықтырып барады…
Арқарлының төменгі бауыздауында отырған Белбұлақ ауылы түн ұйқысынан шошып оянған. Күркіреп кісінеген дауыстан дүр көтеріліп, жалаңаяқ- жалаңбас тысқа атып шыққанда, аспанда ұшқан жылқыны көріп жағасын ұстасты. Алып самұрықтай аппақ қанаттарын жайлап қағады. Ай сәулесіне шомылған денесі ақ жебедей созылып, көз ұшына сіңе берген. Бірте-бірте батқан Аймен бірге көкжиекке құлады…
Мәсімжан үш күн бойы бауырын жерден көтермей жатып алды бүктүсіп.
– Бар жамандық осымен кетсін! – деді Сейсекең жұбату болар басқа сөз таба алмай күмілжіп. – Өзіңді оқыс қылмағанға тәуба!
– Бұл не сұмдық, көке? Бейшара жануардың не кінәсі бар еді?
– Кінәсі – жүйріктігі. Құлагер неге өлді? «Құлагерді» жазған Ілиясты неге өлтірді? Отыз жетінші жылы ұсталғанда, белсенділер бала-шағасын шуылдатып сол күні-ақ отырған үйін тартып алыпты. Жаны жаннатта болғыр Фатима апамыз ай-күні жетіп отырса керек. «Қарағым-ай, қара суықта қайда барамыз, босағаңда бір түнеп шығайықшы?» деп шырылдаса да болмай: «халық жауының қатын-баласына қамқор болар жайым жоқ» деп айдап шығыпты. Бейшара әйел жылап-еңіреп жүріп түн ішінде шарбақ түбінде босаныпты. Кейін құндақтағы сәбиін құшақтап, түрмеге кездесуге барғанда, Ілияс баласын иіскеп: «Қоңқайған танауыңнан айналайын. Атың Болат болсын. Өзің етікші бол!» депті. Етікші болсаң, елдің көзіне түспейсің, көптің бірі боп жүре бересің, әкең сияқты сорламайсың дегені ғой қайран асылдың. Міне, топтан озған жүйріктің, тобырдан асқан асылдың көретін күні осы, балам! Өспейтін ел бетке ұстар бағланы, топ жарған тарланымен алысады. Ниет тарылған заман болып тұр ғой. Жүйрік мініп, жұлқынып шығып қайтесіңдер. Бас амандығын ойлаңдаршы, қарақтарым! – Өз-өзінен күдік ойлап қария жүрегі әлдебір суық деммен қалтырады.
Содан бері осы маңдағы ел Айбозым туралы адам сенбес әңгіме айтатын боп жүр. Түн болса, Кіші Арқарлының шатқалы өз-өзінен жаңғырып кісінеген дауыстан күңіреніп тұратын көрінеді. Жайылымға шыққан жылқы кісінеген дауысқа елігіп, басын жерге салмай шұрқырай шұбырып арлы-берлі шапқылай береді екен. Әсіресе, ай толып, Кіші Арқарлының ұшпасына қонақтағанда, ішінен лақ етіп төгілген нұрдай бір ақ қанатты арғымақ кісінеп ұшып шығады дейді. Желбіреген құйрық-жалынан нұр борап, Кіші Арқарлының сілемін шыр айналады екен. Тау-тасты тербете күлдір-күлдір кісінеп-кісінеп, таң сібірлеп атқанда, батқан айға сіңіп жоғалады-мыс…
Тұрысбек Сәукетаев





