АЙ ЖЕРДІ ЖЕТЕЛЕП ЖҮРЕДІ
Сол күні таң қылаң бере қалаға жеттім. Жарты тәуліктен аса жығылған уақытты кейінге қалдырып, Алматы қаласының автобекетіне жамбастай келіп тоқтаған ескі «Икарустің» есігі ашылған бетте бір топ жолаушы сыртқа ақтарылдық. Алдымен есінеп, аз-кем ес жиып, сірескен бойымызды жазып, тұруға ыңғайланғанымызда, ақ құйрық темекісін езуіне ілген жүнді бас жүргізуші: «Қараңдар, іште қоқыр-соқырларың қалып қоймасын», – деп бұйырған. Өзгенің дүниесіне өгіз көзденіп қарайтын жұрт өз дүниесін, сірә, ұмытсын ба, бояуы оңған бір кездегі бозым көліктің бауырына тыққан заттарын таласа-тарамаса алып жатты. Мендегі бар мүкәммал дүние – бас-аяғы теңшеп буылған қоңыр чемодан еді, соның құлақ бауынан ұстап, шеттей бердім. Осылай жылыстап, автобекетке еніп кетсем екен деп асығам. Қорғаным – автобекет сияқты, автобекетте жанашырым, қамқорым күтіп тұрған сияқты. Қайткенде қоғамдық орын ғой: ол жерде тәртіп сақшылары жүруі мүмкін, оның үстіне бекет сарайы – вокзал дегеніміз – көпшілік көзі: біреуді біреуге қарадай басындыра қоймас. Әйтеуір, әлгі пәлекеттен құтылсам болды деймін күбірлеп. Құдай-ай, құтыла алам ба екем?.. Түрі жаман кәпірдің. Ұсқыны осы қаланың содыр-сойқандарына ұқсайды. Қап, жайыма қарап отырмай ілінісіп нем бар десеңші сол қорқаумен? Сұмырай неме құлақ түбімнен ысылдап: «Сенің әуселеңді қалаға барған соң көрсетемін», – деген, көрсететін шығар енді көресімді.
Бала кезімнен жұдырық жұмсалып, білек күші белсеніп шыға келетін жерден аулақ жүретінмін. Әйтсе де, әлімжеттік жасауды ғана білетін әлділерден әділдік талап еткіш-ақпын. Кеше түнде тағы да сөйтіп ұрынғаным…
Аудан орталығынан қалаға қатынайтын автобусқа жөргектегі баласын құшақтап, жас келіншек кірген. Киімі жұқа, өңі жүдеу. Сілтімен сүрткендей сүреңсіз, ақ сұр жүзінен шет-шегі жоқ уайымның көлеңкесі аңғарылады. Бейшараға орын жыртық терезенің тұсынан тиіпті. Автобус ауылдан ұзап, күре жолға түскенде, терезенің сынған көзінен суық жел саулап қоя берді. Келіншек әлдиін кеудесіне басып, көнетоз күртешесімен қамсаулап баққан. Қасында, қапталдағы орындықта, үйелеп дәу сары жігіт жатты. Әйелді терезе жаққа өткізе салып қорылға басқан нәйістің нұсқасы әуелден-ақ көпке ұнамаған-ды. Оның ендігі қабан қорылы бәрімізді қорлағандай болған. Жолаушылардың дені жұпыны жандар екен, сасан сарыға жуымай, жуас қана отыр. Қайсыбірі қалғып, иен ұйқыға иек артып, бейқам күйге бетбұрғансыды. Ал, әйел байқұстан әбден береке қашқан еді. Түн қойнауынан суырылған суық жел үскірік атып, жыртық терезеден үдей соққанда, қыңқылдап барып оянып алған сәби шырқырап жылады. Бірақ былқылдаған былғары курткаға батқан семіз сары селт еткен жоқ. Сол кезде әйел: «Бауырым, біз тоңдық, орын ауыстырсақ қайтеді?» – деп өтінді. Сары сарыұйықтан шықпады. Әйел оны ептеп түртіп көрді. «Бауырым…аға…інім…орын ауыстырсақ қайтеді?». Сөйткенде жалпақ сары оянды, оянды да келіншекті келістіріп тұрып боқтады: «Сен, қатын, ызыңдап мазаны алма. Бүйтіп бүрі тигендей бүріседі екенсің, жолға неге шығасың?!».
Бұдан артыққа төзу мүмкін емес еді, жанымдағы жолаушымен сөйлестім де, келіншекке: «Міне, сіз мына кісінің орнына жайғасыңыз, ол кісі келісті, сіздің орныңызға мен отырайын», – дедім. «Сіздің де орныңыз терезенің тұсы екен, жел кірмей ме?» – деп сұрады келіншек. «Жоқ, – дедім мен сөзімді нақтылап, – мына кісі ары жылжиды, сіз бергі, ықтағы орынға отырасыз, мен сіздің орныңызға барамын». «Рахмет, – деді келіншек, – рахмет, айналайын. Құдай бар екен ғой!».
Мен келіншектің орнына тізе бүккен бетім – ерте көктемнің етегіне жабысып, қыр асып кете қоймаған қыстың ызғары қойын-қонышымды тінтіп өтті. Әйтсе де, еркек атым бар емес пе, сыр алдырмауға тырысып, шекесіне «Ziener» деп жазу жапсырған спорттық бас киімін милығына кептеген көршіме жақтырмай көз тастағам. Ол миығына зымиян күлкі үйірді.
Жер танабын жентектеп, артқа тастаған автобуспен жарысып, алқаракөк аспанда Ай жүгіріп келеді. «Ай – Жердің баласы шығар, – деп қиялдайтынмын кішірек кезімде, – Жердің аппақ, адал баласы ол. Түнде Ай Жер-Анасын жетелеп жүреді».
Тәңіртауларының тізбектелген керуеніне көз тастап отырып, әрнені ойлаған боламын. Ойларымды терезенің жыртығынан жүгірген жел ала қашып, түте-түтесін шығаруда. Суық жел өкпемнен өтіп, өне бойымды қақпандай қауып, қарып барады. Алматыдан аудан орталығына айына бір рет қана соғатын автобустың иесіне «терезеңді бүтінде» деп талап қоюдың мүмкін еместігін біз жақсы білеміз, сондықтан барға – қанағат, жоққа жүйрік жетпейдімен жүрген жайымыз бар: орын табылып отырғанымызға шүкір. Ендігісін өзіміз амалдауға тиіспіз. Үстімнен қаудырлақ қара сулығымды сыпырып алдым да, терезенің жыртығына тығындадым. Уіл үзіліп, жел тынғандай болды.
– Ал плащыңды! – Қалың ұйқыға көмілген дәу сары кенет оянып кетті.
– Суық жаман ұрып тұр, – дедім мен, – осылай қалқа жасап, жан бақпасам болар емес.
– Сен «ответ» беруге тиіссің!
– Қалай? Не үшін?
– Қалай? – дейсің бе, – солай! Қатынның орнына кеп жалпиған өзіңсің, ендеше отыруың керексің қалаға барғанша.
– Мен, міне, отырмын ғой әйелдің орнында.
– Дұрыс отырған жоқсың?
– Түсінбедім. Қалай отыруым керек сонда?
– Плащты ал да менің үстіме жап, ал өзің желге кеудедің төсеп отыр. Сен джентельменсің ғой! Джентельменсің бе?
– Бұл жерде джентельмендіктен бұрын жанашырлық деген болса керек еді. Балалы әйел, киімі жұқа, обал ғой.
– Обал-мобалды ұрғаным бар, сен сұраққа жауап бер, джентельменсің бе?
– Ал, солай-ақ болсын.
– Сөзіңе жауап бересің бе?
– Жауап беремін. – Автобустың ішінде іркілген түннің қара бояуын қопарып, көршім иығын көтеріп отырды. Мен оның белінде қалдым.
– Если что, есімім Тапан болады. Тапан. Естуің бар ма?
– Жоқ.
– Тапан – пахан. Естіген шығарсың? Сол – менмін. Тоғыз жыл «от звонка до звонка» отырдым. «Қызылдарға» берілген емеспін. Авторитет менде жетеді.
– О, жөн екен! – деппін мен жақын бауырымның жақсы аты естілгендей елпілдеп.
– Ал, сен «қораға кірдің», бала! – «Қора» дегеннің бұзақылардың тілінде қорқынышты сөз екенін білетін едім, ішім қалтырап кетті.
– «Қораға» кіретіндей мен не істедім?
– Сен не істемедің? Біріншіден, сен әлсіздік таныттың. Біздің ортада жан ашу деген болмайды. Жан ашырлық, ол – әлсіздік. Біз әлсіздерді аямаймыз. Екіншіден, сен менің рұқсатымсыз әйелге орныңды ұсынып, менің рұқсатымсыз жаныма кеп жайғастың. Бәлкім, мен бұл орында жалғыз отырғым келетін шығар. Түсінесің бе? Жалғыз өзім.
– Олай болса, мен тұрып-ақ кетейін.
– Жоқ, енді отырасың! Ана жыртық терезені жауып отырасың. Мен сенің әуселеңді қалаға барған соң көремін!
Ол осы сөздерді құлағымының түбінен ысылдап отырып айтты да, қойнынан әлдебір түйір нәрсені алып, қызыл өңешіне атып ұрды. Сосын маған:
– Түрмеде ішіп үйренген дәрім, мен қазір «кайф» ұстаймын. «Кайфке» кіргенде өзімді өзім білмей қалуым мүмкін. Абайламай сені өлтіріп қойсам, өз обалың өзіңе, – деді. Сөйтті де, қайтадан қор ете түсті. Мен ішімнен иманымды үйірдім.
Бұл менің Алматы дейтін алып шаһарға алғашқы сапарым. Қарасы қалың қара нөпір жұрт қаптаған қаланың қызығы мен шыжығын әредік әркімнен естігенім болмаса, бұрын-соңды көрмеген ортам. Білетінім: Алматыда менің ауылдастарым бар. Анда-мұнда жұмыс істейді. Көбі – алыпсатар. Марқұм анаммен бір-екі ата аралатып барып туысатын нағашым да осында.
Соноу бір жылдары Баянжүректің бауырында отырғанымызда, үрпек бас баласы мен бетіне ұсақ мең төгілген әдеміше әйелін ертіп, нағашым әпкесін іздеп інілік танытып келген-ді. Сонда шешем әкеме: «Алыстан ат арытып бауырым келді. Бауырымының баласына тай мінгіз», – деді арқаланып. Онысы жөн еді. Өйткені анам әкемнің сақилығына салқын қабақ танытып, туған-туысына атаған дүниесінің алдынан шыққан емес. Алдынан шығып қана қоймай, үнемі, «бер, меселін қайтарма, қыжалат қылма, ағайыныңа сен қайырлы болсаң, Алла саған бергеніңді еселеп қайтарады» дейтін. Сондай қолы ашық, иі жұмсақ анам немере бауыры жеткіншегін жетелеп, әйелін ертіп жеткенде, күйеуіне бұйыра сөйлеген болып, неге базына айтпасын? Әкем әдеттегі әзілкештігіне бағып: «Ләппай, – деді, – бұйрығыңызды екі етпей орындаймыз, ханым».
Мұндай мырзалық нағашымның балық көзіне жылт жүгіртер деп ойлағам, бірақ, тақымына тай толмады ма, әлде өзге себебі болды ма – ол қипақ қағып бетіне ұсақ мең төгілген әдеміше әйеліне қарап жұтынып қалды. Осы кезде үзілген үн естілген:
– Жезде-е, сол нені, тайды, то есть, атты сойып, етін Алматыға арқалап жүресіз бе? Оданда ақшасын қолымызға ұстата салсаңыз жөн болар еді! Ат – ауыр, ақша – жеңіл емес пе?..
Жеңгемнің жездесіне – яғни менің әкеме тайдың, тай деппін-ау, тайдан озып табан астында атқа айналып үлгерген жылқының етін Алматыға арқалатып тасытпай амал тауып кеткеніне бәріміз күлдік. Разы боп, риясыз күлдік.
Олар бір жұмадай жайлаудың саумал ауасын сіміріп, ажарланып, торланып аттанғанда шешем келінінің сүйретпе сөмкесіне шүберекке түйіліп, түйреуішпен түйрелген тоқпақтай түйіншекті салып беріп еміреніп отырды: «Мебіл-себіл аласыңдар ма, Әдішжан мәшінін жаңалауға жұмсай ма – өздерің білесіңдер, айналайындар».
Анам мейірімді, әкем жомарт жан еді. «Е-е, шырағым! Жақсы адам Жаратқанға да керек» дегенді құлағыма бірінен соң бірі құйып, барсакелместің ауылына екеуі кезектесіп аттанған күннің ертеңінде мен жалғыз қалдым. Сонда мен: «Ата-ана ажалы жеткенше ұрпағын алдап өмір сүреді екен ғой, – деп ойлағанмын. – Алдап өмір сүрмесе, олар қайда кетті? Кеше ғана бар еді, бүгін неге жоқ? Тіпті екеуінің елесі де жоқ қой. Демек, біз бәріміз ғайыпта ұшырасып, ғайыпта ғана тіршілік етеді екенбіз».
Жыртық терезесінен түннің суық желі аңыраған автобустың ішінде отырып түйсігімдегі ғайыпқа сіңіп жоғалғым келеді. Әйтсе де, «қызықтың бәрі сонда шығар-ә?» деп, Алматыны да ойлап қоямын. Нән сарыны тұяқ серппестей серең еткізіп ұйқының ұйығына батырған әлгі дәрінің кереметтігі де ойымынан үзіліп кетер емес. Ұйықтап қана қоймай, өмірем қатып өле қалса екен деймін ішімнен.
2
Әрі-бері сүйреткен қолдың табы өтіп, бояуы оңа бастаған қоңыр чемоданымның құлақ бауынан қыса ұстап автобекетке қарай дедектей жөнелдім. Жолай бүйірі шыққан қара сүмкесін мықшыңдай көтеріп келе жатқан қарияға жолығып, оған да жәрдемдесудің орайын таба қойдым. Сондағым: әлгі сұмырай сыртымнан бағып тұрса, «е, мына сүмелек қалаға әкесіне еріп келген екен ғой, жайыма кете берейін» деп, ойласынға саятын қорғаныштың қарекеті еді. Қорқыныштың құшағындағы әлсіз жанның қысылғанда тапқан айласы. Қария тер жайылған бет-жүзі мен мойнын қыртысы әжімделген орамалымен сүртіп тұрып маған сенімсіздеу қарап қояды. Сайтандай сап ете түскен мына пәле қаланың көп «жөлігінің» бірі емес пе екен дегендей қарайды. Мен оны пана тұтып тұрсам, ол менен сескеніп тұр.
Иә, кейде құлан қоянның құлағынан үркеді.
Қарттың көңіліне кірген алаңды абайладым да, оны жайландырмақ болып былай дедім:
– Ақсақал, қам жемеңіз, міне, Алматыға келдіңіз. Айналаңыз толы жақсы адамдар. Алматының халқын қайырымды деседі, қария. – Менің сөзім әсер етті ме, әлде, зілмауыр сөмкесін құлақ бауынан ұстап сүйретіскен көмегіме ризалығы ма, суланған жанарымен жан-жағын шола қарап аз тұрды да ол:
– Өзің бір тәуір бала көрінесің, автобекттің «бөпебі» (буфеті дегені болса керек) істей бастаған шығар, оразамызды ашып алайық, – деді.
Сырт көзге әкелі-баладай жетектесіп, елбесіп-селбесіп екеуміз шағын дәмхананың ішіне толған көптің кезегіне іліктік.
Қария біздің Желдіқараға іргелес ауылдың адамы болып шықты. Қырық жыл аттан түспей құрық ұстап жылқы бағыпты. Есімі Сәмет екен. Менің әкеммен жүз таныстығын айтып, «жігіттің жампозы еді-ау, алдынан жарылқасын» деп, бетін сипады.
Шағын дөңгелек үстелдің үстіндегі төрт десте ыстық самса, бір шәйнек сүт қатқан шай – Сәмет ақсақалдың ақысын төлеп алдырған дәмі. Мен қолымды қойынқалтама жүгірте бергенде, «қой, қарағым, қой, біз сияқты пенсиясы бар шал тұрғанда ақша шығарып әуреленбе, жассың, байқаймын, мұнда сені құшақ жайып қарсы алатын жақының да жоқ көрінеді, бар пұлыңды кейінгі күніңе сақта» деп, тиып тастаған. Енді жұмсақ піскен жұқа самсаны саусақ ұшына іліп алып маған ақыл айтып отыр.
– Қала ауыл емес. Біреу-міреуге сеніп, алданып қалып жүрме, айналайын. Содыр-сойқанға жолама, жаман әдеттерден бойыңды аулақ ұста. Адалдығыңнан айныма, не тапсаң да адал еңбек етіп тап, сонда бір қарадан шығасың, балам. «Бетегеден биік, жусаннан аласа бол», жарқыным! –Жүрегім елжіреп, қолқамды өксік қапты. Дәл осы ақылды әкем де жиі айтушы еді-ау… Әсіресе, «бетегеден биік, жусаннан аласа бол» аузынан түспейтін.
Қарияның күн торлаған қоңырқай жүзі, ұшы әнтек иілген тұмсығын көтеріп-көтеріп қойып қаужаңдап самса жегені, мейірімді көздерімен адамға аялап қарайтыны, сол көздерінің қарашығына тұнған әлдебір мұң, әлдебір дәрменсіздік әкемнің келбетін елестетіп, көкейімде сартап болған сағынышымның қылбұрауын шертіп-шертіп жіберді.
Арқаны кеңге салып отыратын жер емес – дәмхана көпке ортақ, шәйнектегі шай сарқыла бергенде Сәмет ақсақал:
– Ерте жарықта баратын жеріңе барып ал, қарғам. Бұл қалада менің ұлым мен келінім тұрады, қазір солар келіп қалар, сен жүре бер, – деп мені жолға салуға ыңғайлады.
Сосын әлгі сөзінен ыңғайсызданып қалды, білем:
– Жүре бер деппін-ау, күте тұр, ұлым мен келінім саған жөн сілтеп жіберер. Қажет етсең «ініңді баратын жеріне жеткізіп таста» дейін ағаңа, күт, – деп жалбырай сөйледі.
Сәусәлім сары көрінбес пе екен деп, автобекттің жолаушысы көбейген үлкен залын, дәмхананың түкпір-түкпірін көзіммен жасқана тінтіп өттім. Жоқ, әзірейілім көрінбейді. Қаласына келіп қарасын батырғанға ұқсайды.
– Дәмді самсаға тойдырып, қонақ қылдыңыз, бұдан артық сізге қолқа салғаным ұят болар, ақсақал, мен жүрейін, – дедім.
– Пәлі, о не дегенің, қарғам? Жұмырыңа жұқ болмайтындай етіп жұқалап тураған етін қамырмен қаптаған сарттың самсасынан ауыз тидік. Бұл керемет меймандостыққа жатпайды. Ауылда болсаң жақсы атаның баласы деп керсендей кепенің басын мүжітер едім, амал кем, атүсті жолықтық. Әй, сонда да, менен татуы бар бір дәм болсын, мына бөлек оралған сүр етті сөмкеңе салып ала қойшы, – деп жабысты Сәкең. Мен бас тарттым, қария қарсылығыма қарамады, сүр етті чемоданыма нығыздап салып берді. Содан соң кеудесіне басып маңдаймынан иіскеген. Мен қарияның алқымынан аңқыған жусан иісіне көмілдім. Сосын мені маңдаймынан иіскеп, кеудесіне басқан жан болған емес.
3
Көкем ауылдың жуан жұдырық, құж желке жігіттерінің бірі еді. «Көшкінбайдың жауырыны жер иіскегенін көрмеппіз» дейтін көптің сөзін талай естідім. Естіген сайын масайрап, кеудемді мақтаныш кернейтін. Көшкін көкем елден ерек сән түзеп, төбесіне айдар түйіп жүреді. Самайы мен желке шашын үнемі тықырлап алғызатын да айдарын жылмита тарап түбінен буып қоятын-ды. Сонда оның басы дулығалы батырдың басына ұқсап кететін.
– Көшкін-ай, осы шаш қойысың қалай өзі? – деп інісінің әсіре сәнқойлығына кейіген әкеме:
– Шабан, сен қайдан білесің, бұрынғы батыр бабаларымыздың басында дәл менікіндей айдар болған, – дейтін ол. – Мал сүмесін бағып, ақтылы қойдың артынан ергеннен ерінбейтін әкемді Көшкінбай інісі «шабан» деуші еді. Шабан дегені шопан ғой. Шопан әкем ондайда, «е-е, батыр болсаң жардың» деп қана қоятын.
Көшенің тілімен айтсам, көкем «ауылды ұстапты». Ауылдың апайтөс,
албурын, тентек, дүлей жігіттерін Көшекең ашып – алақанында, жұмып – жұдырығында ұстаған соң ауыл атаманы атанған. Тегі «ауылды ұстайды» деген сөз содан шыққанға ұқсайды.
Көшекең әңгімешіл. Алдымен кеңк-кеңк күліп алса, соңынан қызық әңгіме өреді деген сөз. Көбіне өз басынан өткен оқиғаларды айтады ол.
– Демеуханды білуіші ме едің? – деп бір күні әдеттегісінше кеңкілдей күліп әңгіме бастады.
– Білгенде…, көрген адамым емес, естуім бар…
– Демеухан делі жігіт болатын. Төртбақ, тығыз. Тұра қалып, «ал, орнымнан қозғалтшы» деп табанын жерге тіреді бітті – қара тастай қатып қалатын, итің. Білек күшіне сенген талай жігіт белдігінен ұстап Демеуханды дырылдата сүйретіп әкетпекке әрекет қылған. Бірақ қозғалта алмайтын еді-ау қозғалта алмайтын. Демеухан ондайда қола ма, шойын ба бірдеңге айналып, міз бақпай бітеу тұра беретін.
Демеухан жұдырығы қышыса, соноу Тасбекеттен мені іздеп келеді. «Ана ауылдан екі иығын жұлып жеген еңіреулі ер шығыпты, жүр, барып шамасын байқайық», – дейді Демкең демігіп. «Байқасақ, байқайық». Барамыз, ұрамыз. Ерегесті бастап беретін – Демеухан, сабазды келістіріп сабайтын – мен. Демеухан: «Көшкін, сен менің інімсің, мен ана-мынауға жұдырық жұмсап қолымды былғамаймын. Тек күші сенен асса ғана майданға кірісем», – дейтін. Мен Демеу ағамның қолын «былғатпаймын», бәрін өзім жайғаймын.
Сондай бір жорықтан тасынып, тасыраңдап келе жатқанбыз. Екеуден екеуміз. Отты судан ұрттап алғанбыз, қызумыз. Мінгеніміз көк тірәктір. Тастақ жолда тепең-тепең етеді.
– Тізігініңді тарт, «дытыңды» тоқтат! – деді кенеттен Демеухан.
– Не боп қалды, Демке? – дегенімше: «Осы сен күштісің бе, әлде, мен күштімін бе?» – деп Демеуханның иығымнан сарт еткізгені. Қолына темір биялай киіп алған ба – бұғанам үзіліп кете жаздады. «Түбі бір шайнасамыз-ау» деп жүргем. Сол күткен күнім Ай жарығын төккен айдалада келген сияқты.
– Өшір тірәктірдің жарығын.
Өшірдім.
– Былай жүр.
Жүрдім.
– Дарылдатпай тірәктіріңнің үнін де өшір!
Мен Демеуханның бұйрығын екі етпедім. Шынжыр табан «ДТ-54» маркалы көк тірәктір «аз-кем сәтке болса да аяқ суытып алайыншы» дегендей селкілдеп барып демін басты.
– Бала, сен сезбейсің, ауылдың арамдары екеумізді шекістіргісі келеді. Екі дию төбелессе екен деп жандарын салып жанығуда. Елдің көзінше Демеухан мен Көшкінбайдың бірі қан жаласа, айтақшылардың айызы қанбақ. Соларға жан рахатын сыйламас үшін, сен екеуміз қазір, мына елсіз, жым-жырт далада…
– Төбелесейік пе? Қойыңыз, Демке, мен сізбен төбелеспеймін.
– Жоқ, күресеміз!
– Сіз жеңдіңіз, мен күреспей-ақ жеңілдім.
– Сен өйтіп мені мазақ қылма, Көшкінбай!
– Қайдағы мазақ? Шын сөзім.
– Жоқ, күресеміз! Біріміздің жауырынымыз жерге қадалғанша, алысамыз. Қу мен сұмның шырмауына түсіп шармаяқтанғанша, екеуара кім күшті – соны анықтап алсақ жетеді.
– Түсіндім.
– Түсінсең кел бері!
Демеухан белді қапқан көк шалғынды жапырып барып жейдесін сыпырып тастады да белбеуін тартып буынды. Шалбарының балағын тізесінен асыра және түрінді. Мен де оның істегенін ілесе қайталадым. Қайталап тұрып:
«Демеухан, сені қайтсем екен? – деймін ішімнен. – Ол өтірік жығыла салғанды кешпейді. Өтірік жығылсам ашуланып өндіршегімнен кеңірдегімді суырып алуы мүмкін. Аянбай алысу да қатерлі. Менің бетімді мүлде қайтарып, сүйегімді жасытып тастау үшін бір жерімді майып қылудан да тайынбайды ол. Бурадай шабынып тұрған тұрысы соны аңғартады. Не де болса, тәуекел! Қайтсем де бұл қара дәуді жеңуім керек!».
Ата-баба аруағына сыйынып Демеуханмен ұстаса кеттім. Расында ол қара тас екен. Ә дегенде қара жерге қададай қағылған «қара тасты» қозғау маған қиын тиді. Сонда да барынша батыл соқтығып, ауыр, сом білектерінен сілкіп-сілкіп қоямын. Өңкиген өгіздің әукесін аңдыған түз тағысынша әлгі әдісімді әлімше қолданып-ақ бақтым.
Қашанғы қақиып тұра берсін, мен әр жағынан шығып түртпектей түскеннен кейін Демеухан да әрі-бері ырғала бастады. Ырғала-ырғала адымы ашылды. Соны пайдаланып мен бұлтаққа салып шегініп-шегініп кетем. Шегініп кетіп қайта ұмтылам. Сөйтіп ессіз еліріп жүріп Демеуханның құшақ-қақпанына құлай кеткенім. Сөйтсем онысы тәсілі екен. Құшағына алып беліңді білегімен қаусырған Демеухан қара қабырғаңды қақырата сыдырып, омыртқаңды үзіп мыта салады екен, болды. Құдай оңдап шынтағымды кеудесіне тіреп үлгерген едім, содан жаным қалды. Ол қасарысып қысқан сайын мен шынтағымды төссүйегіне сіңіре батырып әйтеуір әупіріммен «ыстық» құшағынан сытылып шықтым-ау… «Бұл қақпанға бұдан былай жоламаспын» деймін демімді ентіге жұтып.
Бағана, біз күресердің алдында, Аршалының заңғар биігіне ілінген Ай сырғи-сырғи Алатаудың арқасына жамбастап жатып алғанын алысып жүріп көзім шалды. Екі әумесердің белдесуіне куә де, төреші де осы – Ай. Сонда анау Аршалының жалпақ жонынан ауған Ай Алатауға дейін қанша шақырым жол жүрді екен? Сол жолға қанша уақытын сарп етті?..
Тас мешелдей қатып, тұрған орнынан анада-санда бір-екі адым ғана жасап тіресе беретін Демеуханмен берекесіз күрестен жалыға бастағаным сол еді, итің сәтке босаңсып кеткенімді пайдаланып мені жамбасына үйріп салғаны. Мен де шалт қимылдап, аяғаммен аяғының алдын орап қарсы тәсіл қолданып жібердім. Әйтпесе бөрі ала қашқан жаман тоқтыдай бөксем көкке көтеріліп барып серең ете түсер едім. Есіңе сақта, бұл – дүлей күштің күшін өзіне жұмсаудың ұтымды тәсілі. Қара күштің иесі жамбасқа салып атып ұрамын деп ыңғайланғанда, сен бұлт етіп ішке кіріп кетесің де, іштен шалып жарты жауырынға құлай қоясың. Анау тоңқалаң асады. Демеухан да өзінің алапат күшінің астына түсті. Палуан, әрине, күшті болуы керек. Ал, тәсіл қара күштен де күшті.
Құлаған жерінен үйелеп тұра алмай жатқан Демеуханның басынан «күшің маған» деп аттап кеттім. Соным бекер болған екен. Демухан сол жығылған жерінде ұзақ жатты. Сосын жүрелеп ұзақ отырды. Сосын жейдесін қолтығына қыстырды да: «Сен жеңдің, батыр», – деп Айдың бозамық сәулесі іркілген шалғынды кешіп жауырыны күжірейіп кете барды. Сол беті ол оралған жоқ.
Мен Көшкінбай көкемнің осындай әңгімелерін құшарланып тыңдайтынмын. Өскенде Көшкін көкемдей тұла бойымнан қайрат есіп, бұла күшімді қайда сыйдырарымды білмей буырқанып жүрсем ғой деп қиялдайтынмын.
…Бірақ Демеухан айтты айтпады, Көшкінбай көкем азғырғыштардың тіліне бәрібір еріп тынды. Шынжыр табанды көк тракторын аждаһадай дарылдатып келіп ол біздің күзеудегі шатырсыз үйімізді талай рет күреп тастамақ болды. Шынжыр табан тракторының қалағын тіктеп қойып анамды алдына салып қуып кеткен күндері де есімде.
Әкемді – өзінің туған ағасын көкала қойдай қылып аямай сабайтын. Үнемі түнде мас боп келіп сабайды. Сондағы сылтауы: «Шабан, сен – байсың, мен – кедеймін. Сен неге байлығыңмен бөліспейсің? Неге маған бермейсің?» дегенге саятын іштегі қызғанышының қоясын ақтарған құсық сөздер еді. Әкем інісінің тізесінде езіліп жатып: «Көшкен-ай, немді аядым сенен, немді аядым?.. Құлың болайын, немді аядым, айтшы?» дей беретін.
Кейін білдім, келбеті көркем, қайратты, қарулы Көшкінбай әйел заты мен шаруаға қырсыз болып өсіпті. Інісі не бір жөндемді істің басын шалмай, не қатын алмай шардақ жүріске салынғанына уайым қылатын әкем: «Соңымнан ерген жалғыз қарам», – деп намысқа шауып, інісін аяқтандырыпты. Көшкінбайды бөлек отау етіп алдына мал салып берген де менің сормаңдай әкем екен.
Аузына арақ тисе болды, соның бәрін аққұла ұмытатын Көшкінбай әкемнің жағасынан бүріп бүктегенде, төбесіне түйген айдары жалбырап, көздері қанталап кетуші еді. Өлексенің басына қонған құдды құзғын сияқты…
«Көке, тиіспеші әкеме, көке, ұрмашы оны!» – деп шырылдаған маған ол қан жапқан көздерін қадап тұрып: «Өй, шірік неме, жоғал!» дейтін. Сонда: «Көшкентай, тізеңді баланың көзінше батырмашы», – деп інісіне әлі жетпеген әкем ыржалақтап күлген болатын. Күле ме, кемсеңдеп жылай ма – қазір анық есімде жоқ, әйтеуір ертеңінде көгеріп ісінген бет-аузын көлегейлеп, дастархан басында төменшектеп отыратын. Төменшектеп отырған қалпы кеше түнде ағасымен әншейін асыр салып ойнаған адамша ыржалақтап, көк тракторын жұлқындыра оталдырып жолға түскен інісін жамандыққа қимай, «аузы арам жұрттың сөзіне еріп есалаң боп жүрген баласың ғой, аман бол, қайтейін» дейтін күрсініп.
Қара дауыл ұрсын, айқай боран соқсын мен бауырында өскен апайтөс Аршалы тауы бәріне қасқайып тұрып төзетін. Ол маған кең дүниеде тарынбай өмір сүретін кешірмішіл жандай көрінеуші еді сонда. Менің әкем сияқты…
Әкем, әкемнің жүзін топырақ жапқан 6-7 жылдан соң келместің керуеніне анам көшін қосқаннан кейін мүкәммал мүлкімізді көкем Көшкінбай иеленіп, мен өзім туып өскен шаңырақтың өгей баласындай боп қалдым.
Көшкін көкемнің мінезі түзде ғана екен. Үйде ол күнұзаққа таранып-сыланып қана отыратын сұлу жеңгемнің жетегіндегі жуас тайлақ дерсің. Тракторын қаңтарып тастап босағадан емпеңдей аттағаннан-ақ тыным таппайды. Жұмыс киімін сыпырып тастай сала қолына сыпыртқы алады. Үй сыпырады, еден жуады. Күл-қоқыс төгеді. Омырауына алшалғышты шалып жіберіп қара сиырдың бауырына барып тығылады да, меймілдетіп бір шелек сүт сауып әкеледі. Кейде кір жуып, кірден қолы босаса, қазан-ошақтың басынан табыла қояды. Осы істегендерінің бәрін және маған істетеді. «Еркектің кәсібі, қатынның тірлігі дейтін емес, қолыңа жұмыс жұғып қалмайды, істе», – дейтін бұйырып. Күндіз-кешке жеңгеме ісімен жағатын ағам түнде несімен жақпай қалатынын білмеймін, «Ақсәуле, қасыңа жатқызшы-ей, қасыңа жатайыншы» деп күңкілдеп шығатын ол жеңгем ішінен тарс бекітіп алған бөлменің есігін тырналап.
Жылдар өте Көшкінбайдың көшедегі десі де қайта бастады. Күндердің бір күнінде ол күбіжіктеп, күңкілдеп үйден алыс ұзамай ұсақ-түйек шаруа баққан шалдың кейіпіне көшіп, Ақсәуле жеңгем қайқайып қалаға кетіп, сауда-саттық жасайтын болды. Сауданың аты – сауда емес пе, Ақсәуле қара базардың саудасын сапырып ауылға оралған сайын балаларының иығы бүтінделіп, үй ішіндегі заттар: құрулы жиһаз, алаша-кілем жаңа үлгіде жаңара түсті. Даңқы асқан шетелдік бренд-бұйымдар баса көктеп кіріп, шешемнің қолынан шыққан текеметтер мен ою-өрнегі төгілген түскиіздерді де ысыра бастаған. Сондайда Көшкінбай ағама ұқсап мен танау астынан міңгірлеп сөйлейтінмін:
– Жеңеше, шешемнен қалған көз-мұра ғой, осы текемет, түскиіздерге тимей-ақ қойсаңыз қайтеді?
Мұндай міңгір сұраққа жеңгемнің жауабы дайын:
– Сасып-шіріген, жіп-шуы салақтаған ұсқынсыз дүние кімге керек? Қимай қиналып бара жатсаң қатын алғаныңда оранып жат!
Жеңгеммен арада осындай ілік-шатыс сөздерімді естіп жүретін Көшкінбай бір күні: «Ерболсын, мектепті тәмамдадың Ендігі салақтап бос жүргенің жарамас. Өзіңдей өндір жастар Алматыға аттанып жұмыс істеуде. Сен де сөйт. Жеңгең екеуміздің асырап-баққан еңбегімізді ақта», – деп мен баяғыда бір көрген нағашымының мекен-жайын қолыма ұстатып, Алматыға аттандырған.
… Ал, мен қайтып келіп автобекетте отырмын.
Қағазда анықтап жазылған мекен-жайдың ізімен нағашымның үйіне баруым бардым ғой, бірақ, қоналқаға жатып шығуға шыдамадым. Нағашымның пәтеріндегі кең жарық бөлмелердің қабырғасын жапқан қымбат, сәнді жиһаздар, аяқ астында сықырлаған паркет еден – мен кіріп келгенде-ақ, тұмсық шүйіре қарсы алған. Кетер кеткенімше әлгі пәлелердің алқымымнан алып, тынысымды тарылтып берекемді қашырғаны. Анығы самсаған салтанатты дүние біздей жарғағын сүйретіп келген жанға салқын қарайды екен де, сен өзіңнен өзің қысылып, кетуге асығады екенсің.
Нағашым бұрын сыпалау жігіт еді. Қазір жақ сүйегіне жалбыраған ет бітіпті. Айналасына ісік жүгіргендей домбыққан балық көзінің үстіне бадырайған көзілдірік бастырыпты. Ол менің қалаға келген сапарымның мәнісінен ой сарыққандай сыңай танытып, көзәйнегінің ішінен суық қарап отыр. Өмір көрген, мансап баспалдағымен көтеріліп, дәмелі биігіне жетіп марқадам тапқан адам өзгелерге тап осылай қарап отыртын болса керек.
– Мектепте оқуды мандытып оқымапсың. Алдыңа қойған нақты мақсатың да жоқ. Енді не істейсің? Естуімше, ауылдың қара сирақтары түгел қара базарда. Сен де сонда бар, – деді нағашым. Оның бұл сөзі қарадай қысылып, аяқасты қорғаншақ күйге түскен маған: «Ал, інім, жорытқанда жолың болсын!» дегендей естіліп, қуанып кеттім.
– Рахмет, аға! Сіздерді көргеніме ризамын. Әке-шешем сіздерге сәлем айтып…, ой, иә, Алматыдан ауылға соғып қайтатындардан сәлем айтып отырушы еді, өзім келіп сәлем бердім, міне!
Баяғыда Баянжүректің баурайындағы жайлауда көргенім үрпек бас сары бала еді, Русик үлкен жігіт болған шығар, ә? Ал, жеңгем еш өзгермепті. Жайлау – жанның рахаты. Тағы да келсеңіздерші.
Жарайды, сау тұрыңыздар, нағашы, мен кеттім. Айтпақшы, осы Алматыда ақын-жазушылардың бір үлкен үйі бар дейді ғой, сол қай маңда, адресін білмейсіз бе?
– Оны не қылайын деп едің?
– Қызық қой, мен үшін қызық. Ақын-жазушылар қалай киінеді, қалай жүріп-тұрады? Сырттай болса да тамашаласам деп едім.
– Е-е, олардың тамашалайтын не сәні бар ғой дейсің? Араққа бөгіп алып отырған шығар кафе-барларында… Адам боламын десең ақын-жазушыға жолама, ұқтың ба?
Жаңа әлетте, аман-сәлемімді жасап мен кіріп келгенде, керіліп қарсы алған нағашымның әйелі біздің әңгімемізге құлақ түре төрдегі қақпалы айнаның алдына келіп жайғасқан-ды. Сол қақпалы айнадағы көркем жүзіне сүйсіне көзін төңкеріп, үңіле қалған ол қас-қабағын қимылдатып, нағашыммен ымдасып отырғандай сезілді маған. Нағашым менің мектеп қабырғасында оқып жарытпағаныма кейігенде аршаның күлтесіндей кірпіктері жыпылық қағып, «ауылдың қара сирақтары түгел қара базарда. Сен де сонда бар» дегенде жалп-жалп ете түсті. Ақындар жайында айтып қалғанымызда жеңгемнің қарашығы қалың кіріпіктерінің арасына батып кетті. Онысы менің оларда шаруам жоқ дегенді білдірсе керек.
Орнымнан қопаң етіп көтеріліп:
– Мен кеттім, – дедім әлде бір кезектен тыс қалып бара жатқан жұмысыма асыққандай. Сол сәтте жеңгемнің айнадағы көзі дәлізді бойлап, кіре беріске кідіріп қайтқанын аңғардым.
– Сен, бала, ауылдан келдің, – деді нағашым ыңыранып. – Ауылдың сарқыты деген болмай ма? Мен де ауылда туып, қырда өскен баламын ғой. Кейде қарадан қарап отырып, о, тоба, ермен-жусанның иісі сіңген сүрі етті аңсаймын. Шабаданыңда ет бар шығар нағашыңа ала келген?
– О, бар! – дедім мен ауылдан алтын арқалап келгендей аптығып. – Бар болғанда қандай?!. Ісек қойдың жамбасы мен қабырғасы. Мейіздей қатып сүрленген. Арнайы сіздерге алып келдім. Алыңыздар, былқытып асып жеңіздер!
Ұсақ меңдері ептеп жайыла бастаған жеңгемнің жүзі жылып сала берді. Мен бұл сүрі етті Сәмет ақсақалдың қоңыр чемоданыма қояр да қоймай салып берген сыбағасы дей алмадым.
4
Адам аяғы басылар емес. Автобекеттің аттылы кісі еңкеймей кіретін есігі ашылып-жабылудан жалықпайтын көрінеді: сапырылысқан жұрт, біреу кіріп, біреу шығуда. Қарасы қалың жолаушы. Қайда бара жатыр, қайдан келе жатыр? Осы адамдар ары-бері ағылмаса, жүрмесе, уақыт тоқтап қала ма, қайтеді, тегі?..
Бүйіріне «Алматы – Шымкент» деп жазылған автобусқа қарай, әне, бір қауым ел лап қойды. Тағы бір нөпір жұрт соноу Өскеменнен өліп-талып жеткен автобустан ақтарыла түсіп, автобекеттегі халықпен араласып кетті. Кенет, мен айналамдағы жұртқа қызыға қарадым. Өйткені олар бақытты жандар еді. Олардың баратын жері, басатын тауы бар. Оларды біреулер жолға шығарып салады, біреулер күтіп алады. «Қалай, ат-көлігің аман-есен жеттің бе? Шаршаған жоқсың ба?» – дейді қарсы алушы қауғалақтап. «Жоқ-а, о не дегенің? Орындықтың арқалығын шалқайта түсіріп, шалқалай жатып, ұйықтап, демалып келдім», – деп жадырай жауап береді мейман. Жолаушы мәртебелі адам болса, о, онда күтуші жақтың ілтипаты мен қызметін әңгімелеп беруге менің тілім де, қиялым да жетпес.
Ағайын-туысына, туған үйіне асыққан жолаушылардан бөлек қаладан қалаға кәсіп іздеп табанынан таусылып жүргендер де бар шығар. Олар да үмітті жандар. Барған жерінде олардың да алдынан біреу шығады. «Мына күректі қолыңа ұста да жер қаз» дейді. «Қоймадан жүк тасы» дейді. «Вагоннан көмір түсір» деуі де мүмкін. Күнкөріс үшін күреске білек түре кіріскен мен құралпы жастардың жалғыз жортары аз, олар көбіне топ болып, кем дегенде жұп болып жүреді. Мен болсам автобекттегі жолаушылар тасқынына көміліп жабырқап жалғыз отырмын.
Бастауын Тәңіртаудың мұз сауытты шатқалдарынан алып тас-талқан боп құлайтын Тастыбүйеннің жазаңға жайылған арнасынан бөлініп жіңішке бұлақ ағады. Бұлақтың балдай ұйыған жасыл иірімді жағалауына көкке ұмсынып шоқ тірек біткен. Сонадайдан үйіріліп көзге тым әсем көрінетін сол шоқ теректің саясынан дәметкендей бір күні бала қарағаш бой салған. Ай аунап, жылдар жылжыды. Мен әке-шешемнің ортасында еркебұлан күндер кешіп ер жеттім. Ал, қарағаш тырбиып не тамыр жаймады, не бұтақтары салаланып жапырақ жаймады. Қыста қатты аяздан қалтырап, жазда жарты қалта суға қаталап әлгі қарағаш тербелген теректердің салтанатына қарап қаңситын да тұратын.
Тәкаппар теректер қауқиған қарағашты қатарына қоспайды.
Әлдебір уақытта қоңыр шапанының белін буған тақиялы қария көзіме жылыұшырай кеткені. Ол да мені бағанадан көзімен бағып отырған ба – алыстан басын изеп, жылы жымиып, «бері, мұнда кел» дегендей ишара білдірді. Жайлап басып жанына жақындадам.
– Ассалаумағалайкүм, ақсақал!
– Сәлеметте бол, інім!
Үлкен кісінің немересіндей ұлға «інім» дегені құлағыма тосындау естілсе де, жөн сұрадым.
– Қайдан келесіз, ата?
– Ешқайдан.
– Қайда жиналдыңыз?
– Ешқайда.
– Аузыңызға «ештен» басқа сөз түспеді-ау, қария?
– Еш болған уақыт, қорлықпен өткен өмір. «Еш» демегенде «ес» дейін бе енді? Әлде бәрі «кеш» дегенім жөн бе?
Мен езу тарттым.
– Еш, ес, кеш… сөздеріңіз ұйқасып кетті, ақсақал.
– Мені мұндағы жұрттың бәрі біледі. Анау қызыл жағалы сақшылар да біледі. Мен – ақынмын.
– Ақынмын?..
– Не, ақын көрмеп пе едің? Иә, ақынмын. Бір кітапты толық толтыратын өлеңімді қолды қылып, ақындығымды дәлелдей алмай дал ұрып жүрген бейбақпын. Өлеңдерімді ұрлаған сұмды білемін мен. Білгенде қандай?! Менің кітабымды өз атынан шығарып шалқып өмір сүріп жүр оңбаған. Қатыны – бір кездегі мен сүйген сұлу еді. Сүйгенімнен айырды, тағымнан тайдырды, өлеңдерімді жымқырды. Пешенеме жазылған жазуды тұтастай көшіріп алып, бақ-тәлейімді ұрлады. Сұмырай!
– Ол өзі өмірге сізді тонау үшін келген бе, барыңызды қалдырмай сыпырыпты ғой?
– Сыпырып-сиырып түгел әкетті, сыболыш!
– Ұрлығын мойындатып желкелеп сотқа апармадыңыз ба?
– Сотты айтпа, інім. Соты құрысын! Сот соның сойылын соғады. Дүмі мықты оның.
– Түбі бір әділдік болуы керек қой?
– Әділдік жоқ, әділдік өліп қалған.
«Әділдік өліп қалған» дегенді бәсең дауыспен айтқан ол: «Сен өзі құлағыңды бері әкелші» деп менің құлағыма жабыса кетті. Маңайдағы көптің дабыры басты, бәлкім, дабырға жұтылған сыбыр естілмеді – түк ұқпасама да мен шалдың түкірігі шашыраған аузына құлағымды тосып отыра бердім. Ұзақ сыбырдан соң шал:
– Ұқтың ба? – деді. Мен:
– Ұқтым, – дедім.
– Ұқсаң жүр, ақын ағаңа асханадан жүрек жалғар бірдеңе алып бер.
Автобекттің асханасына кірген бетімізде: «Өмірі қорлықпен, аштықпен өтіп жатқан ақын ағаңды тамаққа бір тойдыршы», – деп оңашалау орынға асыққан шал терезенің түбінен бос үстел тауып алды да, теріс қарап отыра кетті.
Мен кезекке тұрып, екеумізге мол қылып палау мен ыстық сорпа, бір аққұман шай, қара қазанның түбінен май жұтып жаңа ғана шыққан үйеме табақ бауырсақ алғам. Кассадағы қыз осының бәрін есептеп тұрып, ту сыртымен отырған серігіме қарап басын шайқады…
Ас алдына келгенде ақын шал алақанын ысқылап мені алқай жөнелген:
– Өй, көп жаса, ғұмырлы бол! Өзің бір қолы ашық, мырза жігіт екенсің!
– Барымыз осы болды, ақсақал.
– Ә-ә, осының өзіне қанағат. Қаламақыны уыстап шашып, шайқап жүрген күндер көзден бұл-бұл ұшты ғой… Ол кезде алдымыздан қайтқан икра мен армян коньягін ит жеп, ит ішіп жататын. Сонадайда көзінің қиығымен қарап бір бикеш отырады. Оның столына бір шампан атасың. Соңынан тряли-вали: би, вальс… құмарлана құшысып, құныға сүйісу… Коньяк демекші… – Шал тамақ үстіндегі әңгімесінен кенет тиылып, маған нәумез қарады:
– …Коньяк демекші, ақын ағаңа тамақ жібітер бірдеңе әкелмепсің ғой, інім?
– Асханада сата ма?
– Бұл асханада қазір есектің етін де сатады. Анау бөксесі белінде дөңгеленген жуан қатынды көрдің бе, соның дүниеде сатпайтыны жоқ. Коньякті қайтесің, оны қалтаң да көтере қоймас, маған «Распутиннен» біреуін әкел. – Шалдың «Распутині» жарты литрлік бөтелкедегі арақ екен.
– Бұ Распутинің жігіттің сойқаны болған, – деп шал бөтелкенің сыртына суреті шапталған қауға сақалдыға қарап қойып әңгіме бастады. – Ақ патшаның қыз, қатынын түгел бауырынан өткізіп, сарайда сайран салған мәттақым. Бірде сәуегей, бірде емші болып ел адақтаған кезбе неме Ресейдің халқын жынды қылып жібере жаздапты заманында. Адам арбайтын сиқыршы болған бұл сайтан.
– Ақын достарыңыз көп болған шығар, сірә?
– Болды ғой… талай іштік.
– Мұқағалиды көрдіңіз бе?
– Көргенің не-ей, құшақтасып бірге жүрдік қой. Ойбо-ой, Мұқаң тұра қалып өлеңді суырып салатын.
Бірде әбден қызумыз, студент қыздар тұратын жатақхананың тұсынан өтіп бара жатыр едік, Мұқаң құлашын жайып жіберіп, балконда тізілген лыпалар туралы тақпақтата жөнелгені. Қу бала, сен де білесің ол тақпақты. Тақпақты табан астында шығарған – Мұқағали, оны жұртқа таратқан мына менмін.
– Төлегенмен таныстығыңыз болды ма?
– Қай Төлеген?
– Айбергенов Төлеген.
– Ә, Төкең бе? Төкеңмен де талай стақан қағыстырдық қой.
– Төлегеннің сырт келбеті қандай еді?
– Қағылез қара торы жігіт болатын.
– Төлеген ақын сағыныштың сазына бөленіп өмір сүрген сияқты…
– Иә, туып-өскен ауылын өлердей сағынып жүретін ол.
– Сайын Мұратбеков қандай жазушы?
– Мықты дейді ғой. Бірақ онымен өз басым бөтелкелес боп көрмеппін.
– Оралхан Бөкеев ше?
– Кекірейіп жан пендені менсінбейді дейді. Ақын-жазушылардан басқа бір ортамен араласады екен. Сол ортада ғана ішетін көрінеді.
– Ақын-жазушының бәрі іше ме?
– Ауру-сырқаудан аманы тегіс ішеді. Ішпеске бола ма? Шабыт ішкенде келеді.
– Сайын Мұратбековтің Үшқарасы мен Ешкіөлмес тауын алыстан көріп өстім.
– «Ешкіөлмес» дейсің бе? Ешкі жайылатын жердің шөбі құнарлы болады. Ешкі таудың тасын жарып шығатын шөпке құмар.
– Алматыға келер алдында Асқар Сүлейменовтің «Адасқағын» оқыдым.
– Асқар «Адасқақта» өзі туралы жазған. Өзі де адасып өмір сүрді.
– «Адасқақта» Біржан мен Ақан, Абай мен Біржан туралы баяндалады ғой.
– Сен, інім, менен көп білемін деп отырсың ба? Жазушы кімді жазса да алдымен өзін жазады.
– А-а, солай ма?
– Солай.
– Өлеңдеріңізді қалай ұрлаттыңыз?
– Мен қолыма қалам ұстағаннан өкіметке қарсы өлеңдер жаздым. Қазір ғой, әркім аузына келгенін көкіп жүр. Осыдан он, жиырма жыл бұрын өкіметке өзеуреп бірдеңе деу мүмкін емес-тұғын. Міне, сол кезде мына алдыңда отырған ақын ағаң сұмдық өлеңдер жазып жатты. Өлеңдерімінің өткірлігінен қорқып баспа басшылары бастарын ала қашатын. Алайда өлең шіркін ақынның қойын дәптерінде қона-түстеніп жата бересін бе – елге тарайды. Менің де өлеңдерім ептеп ел ішін аралай бастаған. Соны біліп көре алмаған ақындар ізіме салпаңқұлақты салыпты. Бәсе деймін-ау, қайда барсам да көлеңкедей көшіп қыр соңымнан қара көзілдірікті біреу қалмайтын. Сөйтсем ол – менің аузымдағы сөзім мен басқан қадамымды баққан жалғандағы жалғыз жансызым екен. Беріде, мұндағы жылдары, өткен заманның шындығы жарық дүниенің бетіне шыға бастаған кезде жансыз неме менің өлеңдерімді үптеп апарып тапсырыс берушінің қолына тигізіпті. Сосын анау… кейбір жолдарын өзгертіп, қайсыбір тұсын жұмсартып, тақырыбын ауыстырған болып менің жан жүрегімнен үзіп жазған жырларымды газет-журналдарға өз атынан бұрқытты. Жинақтап кітап та шығарып алды. Ақшаға да кенелді, сыйлықтарды да иеленді.
Ақын шал «Распутинді» орталап тастаған. Мен тағы да тіске басар болсын деп, тұзды суға бөккен қияр мен қуырылған қозықұйрық алып, дастархан басына оралдым.
Шал шалқыды. Өлеңін ұрлатқанын, өмірдегі өкінішін ұмытып, қиярды қарш-қарш шайнап, қозықұйрықтан құлшына асап, артынан қырлы стақандағы арағын төңкеріп тастап отырды. Мені құрдасындай қағытып, кейінгі сөзді жас пен кәрінің арасында аса жараспайтын әңгімеге де бұрған.
– Өрімдей жас жігіт екенсің, қыздарға қырғидай тиіп жүрген шағың-ау қазір?
– Жоқ-а! Қыз қарамайды маған.
– Неге қарамайды?
– Қыз-қырқынға қырсызбын.
– Қырсызбын деме, қырындасаң ұрғашының ыңғайға көнбейтіні кем.
– Соны білмейді екем.
– Менің ерке-шолжаң өскен қызым бар, таныстырайын ба?
– Қойыңыз, ақсақал, ұят болады.
– Сен күбіжіктемей шыныңды айт, таныстырайын ба? Танысқың келеді ғой, шыныңды айт?
– Сәті түссе танысармыз.
– Сен оны көрсең құмартып, ынтық боп қаласың. Қаланың қызы. Ерте пісіп жетілді.
– Ақсақал, әке деген қызы жайы бұлай айтпас болар.
– Айтамын. Айтпасқа амалым кем. Сен оны көр, таныс. Әй, бірақ, керек емес, үйленбе.
– Маған үйленуге әлі ерте.
– Үйленбе. Бала да сүйме.
– Неге?
– Неге десең қатын – жау, бала – дұшпан. Қазіргінің баласы әкесін қажап, ертерек өлтіру үшін туады. Баланың бар жақсылығы сол – сені сүйреп апарып ажалдың аранына тастайды. Болды, бітті. Тырапай асып жатасың суық көрде.
Осыны айтып шал томсарып ойға батты. Арақ буынын алды ма, көзі мөлиіп едәуір үнсіз отыр да:
– Қайда туып, қайда өстім, білмеймін. Жерұйығымды іздеп бір жаққа кеткім келеді де тұрады. Мені мынау әрі-бері жолаушы тасыған автобустың бірі алмайды, отырғызбайды, – деді мұңайып.
– Тағы бір ашықауызды тапқансың ба? Тұр орныңнан!
Асханаға кірген бойда бізге қарай тура салған шойқара жігіт келе шалдың желкесінен алды: – Апарып тастаған жерден қашасың да кетесің. Бол, тұр, қаңғыбас неме!
– Сіз кім боласыз? – дедім мен орнымнан қалтырай түрегеліп.
– Мен бе? – деп сұрады шой қара күжілдеп. – Мен – мына қаңғыбастың баласы боламын.
– Ол қаңғыбас емес, ақын ғой!
– А, бүгін ақын болып лақты ма? Өткенде композитормын деп сендей бір салпаңқұлақтың тамағын жеп, арағын сарыққан бұл. Бұл, білесің бе, ауру, кезбе. Өзін кейде «Распутинмін» деп шалықтайды. Бұның бойында адамды арбап алатын сиқыр бар. Сенің де біраз қалтаңды қаққан шығар? Бірақ мен оған жауап бермеймін, суқиттың сөзіне сенген өзіңнен көр.
Шал жыламсырап баласының алдына түсті:
– Кетейінші, жіберіңдерші мені, көз көрмес, құлақ естімес жерге кетіп, қарамды батырайыншы.
Бұл – мен көрген Алматының алғашқы күні еді…
5
Шал ұлының алдына түсіп, «айдалып» кеткен соң, мен де айналамдағы анталаған көздерден тасаланғанды жөн санап, автобекттің жолаушылары аузы мұрынынан ақтарылған күту залына өтіп, көптің ортасын жамылғы көрпедей көріп, сіңе бердім. Маған ешкім назар аударып, көзге іліп жатқан жоқ. Менің де еш пенденің көзіне түскім жоқ. Ұйлығысқан топ үйме-жүйме боп келіп үстіме төне түскен сайын жаным кіреді: мені ешкім көрмесе екен деймін, қалың нөпір қауым қаумалап, қаусыра түссе екен деймін. Қоңыр чемоданымды алдыма өңгеріп, соның ішінен жіңішкелеп шыққан тәтті, таныс иіске тұмсығымды төсеп отырып ұйықтап кетіппін – құлағымының ұшы ысып қоя бергені. Бастапқыда ара шағып алды ма, әлде, осындай сапырылысқан ортада адам аяғымен араласып жүре береді деуші еді, атжалман тістеп алды ма деп, зәрем ұшқан: жоқ, алдымда ыржиып бір бала тұр. Күледі. Мен сестеніп көзіне тура қарадым. Талай тентек бала менің көзімнің сұсынан тайқып кететін. Мынау да жанарын ала қашып, жалт берді. «Мұның менен дәті қайтып қалды, бұдан қорқуға болмайды» дедім ішімнен. Ол тағы да ыржиып күлді.
– Құлағыңды ара шағып алды ма?
– Жоқ, шыбын шағып алды.
– «Ара шағып алды» де. Мен шерткен құлақты ара шағып алғандай болады.
– Неге шертесің?
– Құлағыңа қызығып кеттім. «Мені шертші» дегендей қалқайып тұр екен.
– Ал, сенің құлағың «мені жұлып алшы» дегендей жалбырап тұр.
– Ека.
– Не?
– Менің атым – Ека.
– Болса қайтейін?
– Өй, сен өзің қызық жігіт екенсің. Таныспаймыз ба?
– Ерболсын.
– О, сені «Ерка» десек болады екен! Қалада «Ерболсын», «Еркеғали» деп атыңды созып, ауылбайшыламай-ақ қой. Қалада қысқа қайырасың. Ерка, түсіндің бе?
– Түсіндік.
– Түсінсең жүр, таң атты, Күн шықты. Сенің мұнда ғашығын күткендей сарылып, сарғайып отыра бергеніңді немесе алтынын жоғалтқан адамдай айналсоқтап жүргеніңді мелиса ағайлар кешірмейді. Қолыңды бұрап апарады да, камераға бір-ақ тығады. Жүр.
– Жүргенде қайда барамыз?
– Көшеге шықпаймыз ба? «Жүргенге жөргем ілінеді» деуші ме еді…
– Ека, сен жөнді де, сөзді де білетін жігітке ұқсайсың. Ал, баста!
– «Албасты» дейсің бе?
– «Ал, баста» деймін, жол баста. Сен де бір… сөзді бұрмалап.
Ека екеуміз ә дегеннен-ақ әзілге ойысқан жаңа таныстығымыздан жақындық тапқандай жайраңдасып қалдық.
– Ека, сен де мен сияқты ауылдан келдің бе?
– Ауылдан келгенім көрініп тұрған жоқ па, не?
– Көрініп тұр.
– Көрініп тұрса, несін сұрайсың?
– Сұрайын дегенім: «қаланы жақсы білесің бе?» дегенім ғой. Таң атпастан вокзалда неғып жүрсің? Әлде ауылдан кеше ғана келіп, осында түнеп қалып па едің?
– Танысымды шығарып салғанмын. Танысымды шығарып салып, вокзалдың ішін бір сүзіп шығайын дегем, кірсем – қоңыр чемоданыңды құшақтап, құлағың қалқайып сен ұйықтап отыр екенсің орындықта. Құлағыңа қызығып кеттім де шертіп қап ояттым.
– Ой, сен менің құлағымды айта бердің ғой. – Мен жаңа танысымды тани түсуге талаптанып тағы бір сұрақтар қоюға ыңғайланғам, алды-артыма қарасам – көптің қарасы үзілген тасалау бір жерге келіп қалыппыз: алдымыздан көлденеңдеп, түсін суыта дүрдиген 4-5 бала шыға келді.
– Осы ма? – деді әлгілердің бірі Екаға ежірейе қарап.
– Осы, – деді ол.
– Ей, сен, кеше түнде, біздің мына Еканың ақшасын ұрлап алыпсың ғой? – деді әлгі ежірейген кірпі бас. – Мен жылы сөйлеп, жылмаңдап жол бастаған жаңа танысыма қарадым:
– Сорлы екенсің ғой! – Енді жаңағы төрт-бесеудің арасынан суырылып шығып, кірпі бастың қасына біреуі келді. Ішіне домбытып жел үрлегендей бітеу құлақ неме екен, бұйыра сөйледі:
– Чемоданыңды қалдыр да, тайып тұр бұл арадан! Еканың ақшасынан басқа ішінде не бар еді өзінің?
– Балағынан биті сорғалаған турси-дамбалым бар. Басыңа кептеп киейін деп едің? – Көз алдымда шимай салып сәуле жүгіріп өткендей болды. Шегініп барып құладым.
– Ека, теп, оңдырмай тепкіле! Ол сені «сорлы» деді. – Орнымнан ұшып тұра бергенімде, қолыма сүйір бас тас ілінді: аямаймын, тастың сүңгідей тұмсығын Еканың көзіне не шекесіне қадаймын. Ека – мыналардың ортасындағы бұралқысы білемін, жалғыз-жарымды жарға жетелеп әкеліп, кірпі бастың тобына жем қылады. Бітеу құлақ – сойыл соғар мықтысы. Бітеу құлақ ұрып жыққанын Ека деген есекке тепкілетіп, оны жалдандырып қояды. Ал ол – барып тұрған су жүрек, қорқақ. – Кел, – дедім мен қалшылдап, – кел, жақындашы маған, мына тастың ұшын көзіңнен кіргізіп, көк желкеңнен шығарайын!
– Сен де тас ал, ұр, Ека!
– Тоқтатыңдар, сүмелектер! – Сонадайдан күркіреген әмірлі дауыс естілді. Бәріміз қалт тоқтап, жалт қарастық. Мен бітеу құлақтан көзімді ала бере ту сыртымды шолып үлгергем. Сонда көрдім: талтайып Тапан тұр. Өткен түнде жыртық терезелі автобуспен Алматыға бірге келгенбіз. «Сенің әуселеңді қалаға барғаннан кейін көремін» деген Тапан еді ол. – Сүмелектер, табандарыңды жалтыратыңдар! – деді Тапан. – Ал, сен, інішек, бері кел. Өзің бір өжет жігіт екенсің. Кел мұнда! – «Адам тонайтын, біреудің бірдеңесін тартып алатын, әсіресе, қара базардағыларды қан қақсататын қаланың қарақшы бұзықтары қайсарлық танытып, қасқайып шыққанды сыйлайды, кейде, тіпті, тобына қосып, қолына «тоқпан жілік ұстатады» деуші еді, Тапан да мені таныған екен ғой. Чемоданымды тастай қашпай, кірпі бастармен табандасып ұрысқаным, тегінде дұрыс болыпты».
Мен Тапанға қарай жүрдім…
– Өзің бір өжет жігіт екенсің, – деді Тапан менің қолымды қысып. Алақаны ат аунайтындай жалпақ екен – білезігімді қапты. – Мен өзіне өзі жауап беретін өжет жігіттерді жақсы көремін. Саған жұмыс керек пе?
– Керек.
– Ендеше, ілес соңымнан!
Тапанның шетелдік су жаңа жеңіл машинасы бар екен. Рульде – өзі.
– Әлгілермен қалай ілінісіп жүрсің? – деп сұрады ол. Мен Екамен кездейсоқ таныстығымның соңы қанадай пәлеге ұласа жаздағанын айта отырып, Тапанның жүзін шолдым. Безеуден ойық шұңқыр болып қалған беті бүлк етпеген ол: «Қазір ешкім ешкімді аямайды. Мен келіп төбелеріңнен түспегенде, шыпаң бітіп еді, бала. Кірпі бастың тобы – нағыз қорқаулар. Чемоданыңда түк жоқ болса да тартып алып, өзіңді тепкілеп-тепкілеп мусор жәшікке бүктеп тығып кетер еді. Бір жеріңді майып қылса, ештеңе емес, өлтіре салуы да мүмкін еді», – деді. Тапанның «әйтер еді», «бүйтер еді» деген әлгі сөздерінің астарында менің жүрегімді шайлықтырып, қорқытып-үркіту бар сияқты. Мен шалт кеттім:
– Мен де олардың біреуін қанқұстырып, жастығымды ала жығылар едім. Тым болмағанда, Ека деген сүмелектің көзін ағызар едім. – Тапан миғына күлкі үйіріп, маған көзінің құйрығын тастап, мырс етіп қойды.
– Өзің бір өжет жігіт екенсің, – деді ол бастапқыдағы сөзін қайталап, – ал, маған өжет жігіттер ұнайды. Сосын тәпіштеп сұрауға көшті.
– Бұл қалада кімің бар?
– Нағашым бар.
– Ол не жұмыс істейді?
– Ол – ғалым. Профессор.
– Про-фессор де!
– Иә.
– Кеше неге профессор нағашыңның үйіне барып, шалқаңнан түсіп, шалжиып жатпадың?
– Жеңгеммен баласын ертіп, бір жаққа қыдырып кеткен бе, жабық – есігіне қалада екенімді білдіріп, тілдей қағаз қыстырып кеттім. Профессорды құрметтеп шақыратындар көп қой.
– Нағашың бай шығар?
– Болса, болар.
– Басқа кімің бар қалада?
– Ауылдастарым жетіп-артылады. Бәрі осында жүр. Базарлардың «үстінен қарайтындары» да бар.
– Жақсы танисың ба оларды?
– Танымағанда ше? Бір ауылда өстік емес пе?
– Ммм, солай де.
– Солай.
– Сонда да сен солардың біріне жетіп жығылмай, автовокзалға түнеп шықтың, ә?
– Қас қарайып кеткен соң, ешкімді мазалағым келмеді.
– Өзің өжет әрі намысшыл жігіт екенсің.
– Енді… ескертпей, дәнеңе етпей, жеті түнде желпілдеп жетіп барған ыңғайсыз ғой?..
– Әрине, ыңғайсыз. Оның үстіне сен ауылдастарыңның қайда тұратынын, қай базарларда жүретінін нақты білмейсің. Солай ма?
– Алматы үлкен қала ғой.
– Иә, үлкен қала. Бұл қалада кімнің кім екенін ешкім біліп болмайды. Алматы үлкен қала ғана емес – апан қала. Алматыға келдің – жұтылдың. Мен секілді ағаң болмаса, мұнда сені қалың тобыр таптап өте шығады. Сондықтан Тапан ағаңа жолықтырған Құдайыңа рахмет айт.
– Құдайға да, сізге де рахмет, Тапан аға!
– Е, міне, осылай де! – Тапанның жеңіл көлігі алдындағы қараң-құраң еткен машиналарды басып озып, құйындатып келеді. Көнеріп тозған, болдырған «Жигулилер» мен «Москвичтердің» қасына жанаса бергенде, Тапан шетелдік көлігінің дабылын жаңылмай қағып өтеді. Советтік ескі машиналар зор кеуделі шетелдік көліктердің қалаға келіп кіргенін мойындағадай ығысып қалып жатыр.
Алматының ұсқыны маған ұнамады. Ауа райы бағдарламасымен бірге телеэкаранға жайнап шыға келетін Алматы емес еді бұл. Ол Алматының аспан бойлаған алып мұнарасы бар еді. Ол Алматының қас бетіне қазақы өрнек қонған әсем үйлері бар еді. Ол Алматының ар жағында асқақтап Алатау тұратын еді. Ол Алматының саябақтарында қол ұстасып, қолтықтасып Ай жүзді арулар мен қияқ мұртты, желке шашы толқындаған бозжігіттер кетіп бара жататын. Ол Алматыдан шалқыған ән естілетін. Ал, мынау… аяқ жолының шаңы аспанға көтерілген, көшесі ойдым-ойдым, сұр қапталды үйлердің қалтарысына тау болып темір-терсек үйілген, үйінді қоқыс басқан суық, жат қала. Қала емес, оба жайлап, дерт соққан, содан қаңырап бос қалған тірі өліктер мекені ме дерсің… Әлде, әлдебір жаққа көшіп, ауып кеткен баяғы алма бақты Алматының елесі ме екен бұл қаңсыған жұрт?.. Әне бір адамдар қандай сұрықсыз… алба-жұлба киінген, иықтары сөлбірейген, сүзектен тұрып, сүзек сүйретіп, маңайына жұқпалы ауру таратып жүрген қайырсыз жандарға ұқсайды шетінен. Көлігіміз қаладан ұзап барды да, цемент қабырғалы бір ұзын қораның алдына кеп тоқтады.
– Келдік, бала, – деді Тапан. – Сен істейтін жұмыс осында. Екі білегіңді сыбан да кіріс.
– Мұнда мен не істеймін?
– Мына қойманың іші толы құмыра. Құмыра жуасың. Жуылған құмыраларды тараларға салып, келесі қоймаға тасисың. Ол қоймада менің «арақ шығаратын зауытым» бар. Самопал. Алматының халқы самопал ішкіш. Солардың «шөлін» басу үшін саған құмыра жуып, су араласқан қытай спиртінен «арақ ашытуға» тура келеді.
– Самопал. Құмыра жуу… Одан басқа жұмыс жоқ па, Тапан аға?
– Басқа жұмысты қайтесің? Менің бұдан өзге жұмысымды сен істей алмайсың?
– Айтып көрсеңізші, бәлкім, қолымнан келер?
– Кісі өлтіру, байларды тонау, қыз ұрлау, жезөкшелерді сату… қолыңнан келе ме?
– Қойыңыз, әзіліңіз шығар?
– Мен әзіл дегенді білмеймін. Әзілдескенді және жаным сүймейді. Мені өмір әзілдеп, еркелеткен емес. Мен де пенде баласының еркелігін көтере алмаймын. Бағанадан бері машинамда шалқалап отырдың, біле білсең соның өзіне әрең шыдап келдім. Бұдан әрі бәрі басқаша болады. Мен не айтамын – сен соны істейсің. Істемейді екенсің – аяқ-қолыңды сындырамын. Мына чемоданың бұдан былай менің қолымда болады.
– Онда мен сенің құмыраларыңды тегіс қиратып, спиртіңе от қойып, қоймасымағыңды бір түнде өртеп жіберемін!
– Ей, бері келіңдер! – Тапанның дауысын ести сала іштен бурадай шабынып екі дәу шықты. – Мынаны алдымен тәртіпке салып, сосын құмыралармен құшақтастырып қоймаға тығыңдар. Қашып кетсе, бастарыңмен жауап бересіңдер! – Осыны айтып Тапан маған қарап ысылдады: – «Қораға кіресің» деп едім ғой, бала. Қораға кірдің әбден, енді бұл қорадан шығу жоқ саған.
Үйірден қуылып, азар да безер күн кешетін қасқырдың қорқауы жалы құлағын жапқан жабағыны қорқытпайды, алдымен алдап ойнайды. Жабағыны жанына үйір қылып алған соң, бұрап соғады.
6
Сүзіліп, тазартылмаған су аралас спиртке толы бөтелкелер қалаға тізіліп кетіп жатады, мойындары қылқиып, босап келіп жатады. Күніне пәленбай мың құмыраны жуып, пәленбай мың құмыраға қолдан жасалған көк арақты көлкілдете құйып, Алматыға аттандырамыз. Соның бәрі салдырлап бос қайтады. Арақкеш Алматы ішкілікке әбден салынған: Тапанның «зауытынан» шыққан самопалдың тамшысын қалдырмай жалап-жұқтап, құмыраларды құрғақ қайтарады. Тапанның қоймасына әкеліп бос бөтелкелерді өткізетіндер де ырғын: кәдімгідей кезекке тұрып, күл-қоқыстың арасынан тапқандарын қара бақырға сатып кетеді олар. Көбі – тіленшілікті кәсіп қылған қаңғыбастар, маскүнемдер. Таңертең Алматының етегінен өріп шығып, кешке қарай сасып-мүңкіп, қиралаңдай басып Алматының етегін түріп, қайта кіреді. Сонда бізге мас қала – Алматы теңселіп, тәлтіректеп тұрғандай көрінетін.
Қыстың аязды күндері аузы ашық бөтелкелердің ішіне сұр тышқандар толып алатын. Шиқылдап көбейіп, балалайды. «Менің қоймам – тышқандар тұқым жаятын роддом, бөтелкелерім шала туған тушканчиктерге арналған вакуум-бесік болды ғой», – деп Тапан күледі. Тапанға ілесе қиқылдап-шиқылдап бәрі күледі. Жалғыз мен күле алмаймын. Бәрі жабыла сілтейді. Жалғыз мен ғана аяқтағы арақтың арығына ауыз салмаймын. Арақтың арығы – бір-біріне жалғап қойылған ұзын науалар. Ірі-қара мал жем жеп, тұз жалаған ақыр-науалар. Шошқа астаулар да осында. Сол ақыр-науалар мен астауларға алдымен су құйылып, суды қытайдың арзанқол спиртімен үстемелейміз. Мөлшермен бір шелек суға – жарты шелек спирт. Спирт пен су әбден аралассын деп, астау-науаларды жалаңаяқ кешеміз. Шалп-шалп. Шалп-шалп. Балтырларын тізелеріне дейін түрінген қарасирақтар астау-науадағы ащы суды – зәһәр суды уыстап жұтып-жұтып жіберетін. Содан кейін-ақ, Тапанның қоймасындағы жұмысшылар адамдық кейіптен жұрдай болып шыға келеді. Сөздерінің сиқы да сұмдық: жүрегің айниды:
– Уысыңа толтырып тағы бір рет жұтып жібер.
– Жүрмей тұр.
– Жұтып жібер, ештеңе етпейді.
– Ішек-қарыным ақтарылып, аузымнан жидіп түсе ме деймін…
– Түссе түссін, жұтып жібер! Ішегің жидіп түссе, ол да жақсы. Тышқандарға лақтыра саламыз. Тойлап жеп, тойынып қалсын байқұстар.
– Менің ішегіме жерік тышқандар бар шығар?
– Бар, ана буаз тышқандардың бәрі жерік.
– Өй, айтасың-ау сенде! Ха-ха-ха!
– Кіші дәреттің қинап тұрғаны… Осында бел босата салсам қайтеді?
– Үлкен дәретіңді қосып айда, арағымыздың түсі түрлі-түсті болады. Қазіргі ішкіштер өзгеше түсті араққа әуес.
– Жанка, «белімнен төмен тартып, ауырып жүр» деп едің ғой, сен де қос қосатыныңды!
– Коньяк болады.
– Жанканікі виски болады.
– Ха-ха-ха!
– Ей, мен өткен түнде осы қойманың ішінен сайтан сияқты құйрықты бір мақұлықты көрдім.
– Сайтанның өзін көргенсің ғой. Сайтанның мекені Тапанның қоймасында болмағанда қайда болады?
– Жалаңаш әйел ме дедім басында.
– Құшақтаса кетпедің бе?
– Көзімді тарс жұмып алдым. Қорықтым.
– Қой-ей! Ол сенен қорыққан шығар.
– Сен неге ішпейсің? – Тауарын алып кетуге келген Тапан екен. Мен тыжырынып бас шайқадым:
– Ішпеймін. Мынандай лас арақты қалай ішуге болады?
– Ал, мен саған тазасын құйсам, ішер ме едің?
– Ішпеймін.
– Сен не, бейкүнә, періште боп өтемін дейсің бе мына өмірден?
– Сөйтетін шығармын.
– Біз сені былғасақ қайтесің? Қол-аяғыңды байлап қойып, аузыңа күнде құйып отырсам, аз күнде арақсыз тұра алмайтын алқаштың таз кепешін киесің ғой, сорлы-ау!
– Былғай алмайсың. Тіпті аузыма құйсаң да, ар жағым қабылдамаған соң, мен араққа жығылмаймын.
– Ішесің. Ішкіземін мен сені. Ішкіш қыламын.
– Тапан аға, – дедім мен, – осы сіздің менде не ақыңыз бар? Мен не қылдым сізге? Тып-тыныш жұмысымды істеп жүрген жанмын. Әлде мені ешкімі жоқ деп басынасыз ба?
– Сенің мыналар сияқты мал болғаның керек маған!
– Мен мал болмай-ақ, тапсырмаңызды тап-тұйнақтай етіп атқарып жүре берейін, соқтығып, ұрынбаңызшы маған! – Байқамаппын, Тапан бір бақыр зәһар суды артына жасырып ұстап тұрған екен: «Мә, саған ұрынбаған!» – деп бетіме шашып кеп жіберді.
Жай түсіп құлаған балғын қарағайдың бұтағы оттан қашпайды, отқа ұмтылады. Тұтас жанып, күлге айналуға құлшынады. Бұтақтың шала күйгені – өлгені. Осы кереметті бала кезімде, Баянжүректің басында қой жайып жүріп көргенімін.
Тапанның жуан мойнынан бөлініп, одырая шығып, жоғары-төмен жүгіріп тұратын өндіршегін қармап, кеудесіне бір-ақ секірдім. Дүлей күштің иесі бойынан оп-оңай сілікіп тастамаққа әрекет қылғанымен, менің шеңгелім кеңірдегіне шегедей қадалып, шеңберін тарылта түсті. Тапан тапырақтап, жанұшырып, дал ұрды да қалды. Томар мойынға емес, кеңірдекке қол салғаным дұрыс болған екен, байқұс қырылдап-сырылдап кеп мені кеудесімен баса құламаққа әрекет қылған. Мен Көшкінбай көкемнің күрестегі тәсіліне бағып, жарты жамбасыма аунап кеттім де, тажал-Тапанды астыма бастым. Сол кезде қарақұсымнан қатты соққының тигенін ғана біліп, естен таныппын.
7
Ауданын қалыптап құйылған бетон дуалмен қоршаған Поршень зауытының бұрынғы қоймасы – Тапанның қазіргі ел көзінен таса, құпия «кәсіпорыны». Қытайдың сапасы төмен спирті мен су араластырып самопал басатын бұл жерді Тапан тілін шайнап, орысшалап, «Это мая праизводства» дейтін. Тапанның «производствосына» келгелі мен жұдырықтан көз ашпадым. Тұщы етіме тиетін ащы таяқтан бастапқыда қатты қорқатын едім. Қожайын Тапанның қоқыраңдаған қолшоқпарларының бірі жұдырығын білеп жаныма тақай берді бітті, қорғаншақтап, қорынып, бетімді қолыммен көлегейлеп, тұра қалатынмын. Аяқ-қолымды бауырыма алып, бүктетіліп жата кететін кездерім де болған. Қолшоқпарлар аямайды, «мынау бір жақ жүні үрпиген, әлжуаз, жетім бала екен» демейді, басқа-көзге төпелеп, сойып салады. Шыңғырта сабайды. Оларға жұмысшыларды жұмасына бір рет ұрып-соғуды тапсырған Тапанның өзі. «Сілейте соғыңдар, естен тандыра ұрыңдар. Бұлар қорқаннын ғана сыйлайды», – дейтін ол. Күнде штанга, гир, гантель көтеріп, груша соғып, турникке тартылып, білек күшін еселеп жүретін қолшоқпарлардың жұмысы – жұмасына бізді ұрып-соғу, қала берді тоя тамақ ішіп, қорылға басып ұйықтау. «Осылар ұйықтап жатқанда, спирт шашып, өртеп жіберсек қайтеді?» деп ойлайтынмын мен. Сөйтсем, сапасыз спиртке шырпы тұтатқаныңмен, дымданып жанбайды екен. Лып-лып етеді де өшеді. Бұл шамада менің ішімде де бір нәрсе өшіп бара жатқандай еді. «Мына биік дуалды бұзып-жарып өту мүлде мүмкін емес шығар. Осында қамалып қалғаным – қалғаным ғой. Мені кім іздейді? Мен кімге керекпін? Дұрысы – осы ортадағы өмірге көну, Тапанға құлақ кесті құл болу. Ішкі қарсылықтан ада-күде арылу. Оу, қарсы болғанда не істеймін? Қайда барамын? Баяғы автобекетке ме? Онда мені кім күтіп тұр? Әлгі әумесер, алдампаз, алаяқ шал ма? Қой, құрысын! Оның соңынан еріп, диуана болып кетпесем, басқа жол жоқ. Біттің, Ерболсын, өлер жерің – осы жер. Өлгенге дейін көретінің де – осы жер. Анау аттары жоқ «пұшық», «жалақ», «қыли», «керең», «ақсақ», «ши қотыр», «сумұрындармен» бірге өмір сүресің енді. Автобустың жел саулаған жырық терезесінен қашқан бейшара әйел де жүр ғой осында, баласын беліне таңып алып, құмыра жуып, Тапанға күнде алғысын жаудырып. «Тапан қайным болмаса, далада қалар едім, Құдай бар екен, Құдайдың Тапанға жолықтырғанына рахмет», – дейді ол. Адам жадау тұрмыстың табанына шөккен сайын Жаратқанның жарылқауын аса керек қылмайтын сияқты: анау әйелге, мынау «сумұрындарға» Тапан аман болса, болды: қойманың қараңғы түкпірінен сайлап берген жатын орнына, күніне бір уақ әкеліп тастайтын ыстық тамағына риза, соған мәз. Мен де зәһар судан жұтып алып, қарыны тоқ, қайғысы жоқтардың қатарына қосыла кетсем деймін… Ертеңгі күніңді, қам-тірлігіңді ойламау, қайғыра алмау – ол да бақыт екен ғой.
Әйтсе де мен кейінгі күндері Тапанның қолшоқпарларына әдейі барып соқтығатынды шығарғанмын. Білмеймін, жон арқам қышып, солардан таяқ жегім кеп тұрады. Бүгежектеп, именіп жүргенше, соққыға жығылып, тепкіге түсіп жатқан рахат екен. Қорқыныш атаулыны ұмытасың, қорқуды ұмытасың. Тапанның «қорасына кіргелі» менің тапқан олжам осы болды: таяқтан қорықпау. Ішімдегі өліп, өшіп бара жатқан нәрсені де осы таяқ оятып тұрады. Сол ұрыншақтығым себеп бола ма, әлде мені «сындыра» алмаған қолшоқпарларының дәрменсіздігіне ызалана ма – осында келген күннен бастап мен Тапанның жауына айналғам. Ол самопалдарын салдырлатып тиеп әкетуге келген сайын мені қорлап, мұқатып кетуге тырысады. Ақыры мен оны алқымынан алып, кеңірдегінен сығып тындым. Сол кезде ғой, қарақұсымнан қатты соққының тигенін ғана біліп, естен таныппын.
8
Шырқаған жазық дала. Тау түгілі бел-белестің бедері де білінбейді. Атқан таңмен ілесе көтеріліп, батқан кештің ұясына барып қонатын алтын күймелі Күннің керуен сапарына қара: көретінің – бедірейген аспан мен айқай кеңістік. Табан күйдірер жердің ыстық табына қақталғандай қызарып туған Айдың жолын бақ: көретінің – қарабарқыт бояу жайылған зеңгір көк пен дөңкиген құм жоталар. Заңғар таулы жерде туып, төңірекке зау биіктен қарап үйренген мен мынау көсіліп жатқан көл-көсір даланы жанарыма сыйдыра алмай-ақ қойдым. Қайда көз салсам да – әуеден бұлдырап төгілген сағымды көремін. Сағым буған, сағым ойнаған сақара…
Құс қанаты күйетін ыстық құм қойнауында қой бағып екеу жүрміз. Екеудің бірі – мен, екіншісі – Степан дейтін орыс шал. Қазақшаға судай Істекең орысшасын міністен ер қашты болған шардақ торысы аяғын еріне басқанда, отарды өріске беттеткенде соңынан ит ермей қалғанда ғана есіне алып, боқтанады. Былайғы уақытта мүдірмей қазақ тілінде сөйлейді.
– Істеке, түс көрсең қай тілде көресің? – деп сұраймын мен.
– Аралас, – дейді ол. – Түсіме марқұм әке-шешем мен балалық шағым кірсе, орысша көремін, ал, бергі жағының бәрі – қазақша.
– Ұйықтар алдында қай тілде мінәжат қыласың?
– Тым ерте кезде әжемнің бір екі ауыз үйреткен мінәжат сөзі бар еді, қазір ұмытыппын. Бір сөзін есіме түсіре алмаймын. Осы күндері ұйқым келе ме -– ұйықтаймын, болды.
– Істеке, маржаң бар ма? Бала-шағаң бар ма?
– Бар.
– Олар сені неге іздеп келмейді?
– Айтасың-ау сен де! Мына елсіз, иен мекеннен мені қалай іздеп табады? Менің мұнда жүргеніме 7-8 жылдың жүзі ауды, ендіге күдер үзіп қойған шығар?..
Степан – менімен тағдырлас бейшара. Мұны да қалада сенделектеп жүрген жерінен Тапанның Ека, кірпі бас, бітеу құлақ бастаған бұралқылары алдап қолға түсірген де, малға салған. Екеуміз жыл жарым біргеміз. Тапанның бір отар қойын бағамыз. Екеуара – бір ат. Берген аты – екі қуаяқ мінгесіп алып қашып кетпесін дегендей, аяғы тұсалған жаман тұғыр. Тұғыр емес, тулақ. Ыңыршағы айналып, қысы жазы бір ет алмайды. Есесіне Тапанның иттері сұмдық. Иесінен әрмен қатыгез, залым. Құм шағылдардың Тапан көшіріп тастап кеткен өрісі мен қонысынан ұзап шықсаң, ізіңнен еріп келеді де, ырылдап алдыңнан шығады. Тас атып, таяқ сілтесең талап тастайды. Біз қой бағамыз, Тапанның алабай төбеттері бізді бағады.
Қарақұсыманан тиген күректің сабы миымды шайқап, естен тана құлаған мені бірер күн өткен соң Тапан өңкиген дәу қара машинасына салып алып, шетсіз-шексіз құм шалқарының мылқау қойнауына әкеліп тастаған. Қаладан шыққан бетте мең-зең болған басымды алақаныма тіреп, жан-жағымды қапысыз бағамдай алмаппын. Әйтеуір, көз байланып, іңір қараңғысы жайыла бастаған зауал шақ еді. Нарт қызыл түске еніп, батып бара жатқан Күннің жарты бөлігі қарсы алдымызда тұрып-тұрып, сәлден кейін сол қапталымызда қалғаны есімде. Содан кейін ну қара түннің түбіне жетердей беймәлім бір бағытты бетке ұстап, тарта бердік. Таң сібірлеп атқанда, ашық тор шарбаққа қамалған отардың үстінен түстік. Сонадайдан мәстек торы ат оқыранған болды. Қара лашықтан ербиіп, еңкіш тартқан еңсесін жаза алмай шал шықты.
– «Самопал жасау мен құмыра жуудан өзге қандай жұмысың бар?» деп сұрап едің ғой, міне, саған жұмыс керек болса, қой бағасың, – деді Тапан. – Сосын талтайып тұра қалып, ауын ағытқан. – Шал, машинаның артын аш, саған азық-түлік әкелдім. – Тапанның азық-түлігі – бір-екі қорап вермишель, бірер қалбыр консервы, бес-алты бөтелке самопал арақ екен. Ұзын мойын бөтелкелерді көргенде, шалдың бөтекесі бұлтылдап, Тапанға қайта-қайта рахмет айтып, оның ышқырдан жаңа босаған қолын сүйді. «Туу, нақұрыс» дедім мен жиіркеніп. Тапан талтаң жүріске салып, ысқырып қалып еді, дөңбек құмының ар жағынан арпылдап, екі алабай төбет шыға келді де, олар да қожайынның қолын жалап, аяғына оралды. Қожайын бұл екеуіне асқан мырзалық танытқан. «Түсіріңдер», – деп Тапан иек қағып еді, қасындағы жалаң қаққан жандайшаптары машинаның артында үйілген қаптарды арқалап апарып, мыжырайған лашықтың қасындағы брезент жамылғылы қосқа үйіп тастады. Қостың ішін толтырған қаптағының бәрі – қос алабайдың айлық азығы екен.
– Осыларды шетінен беріп отырасың. Бұлар өте тамақсау – қарындары ашса, қойға шабады. Азықтарын жеткізіп тұрамыз. Ауырып, ақсап, отарға ілесе алмай қалатын бірлі жарым қой, не тоқты-торым болса, сойып бере бер. Бірақ, не дай бог, иттерді сылтау қылып, бір малымды шығындасаңдар екеуіңді де атып тастаймын! Сұрауларың жоқ, – деп шаруа жайын маған таптап түсіндірді Тапан. – Осыны айтып ол тағы да иек қағып еді, жандайшаптары мені бас салып киіндіре бастады.
– Ей, бұларың не? – дедім мен ышқынып.
– Сорлы, өліп қаласың, киін! – деді жандайшаптардың бірі құлағыма сыбырлап. – Мен көзді ашып-жұмғанша, киіз тон, киіз тұмақ, киіз шалбарға оранып, керзі етік киіп, күмпидім де қалдым.
– Ал, енді қаш! – деп айқайлады Тапан. – Мен сіресіп орнымда тұра бергенмін. – Қаш! – деді Тапан барқырап. Алабай төбеттер бастарын итаяқтарынан көтеріп, арп-арп етіп, ауа қапты. – Қаш! – деді Тапан машинаның өзі отырған тұсынан шолақ мылтықты суырып алып. – Қаш, әйтпесе атып тастаймын!
– Тапанға сені ата салу түкке тұрмайды, қашсаңшы, байқұс-ау, жаның қалады ғой, – деді жаңағы құлағыма «киін» деп сыбырлаған жандайшап. – Тапан шолақ мылтығының шүріппесін шімірікпей басып қалған екен, оқ құлағымының түбінен ысқырып өтті.
– Қаш! – Мен қорбаңдап қаша жөнелдім. Алабай төбеттер екі аттағанымды күтпей, бірі жотамнан ала түсті де, бірі азуын қара саныма қарш еткізіп қадады. Жұлмалап жатыр, шайнап жатыр. Киіз тон мен киіз шалбар бұрқырап, алабайлардың аузына толып қалады. Төбеттер киізді езулерінен ақтарып тастап, қанжардай тістерін сақылдатып, соқа тіс тырнақтарын денеме батырып, қайтадан бас салады. Алғашында теңселсем де жығылмай, тіресіп баққам. Апайтөс алабайдың бірі екпіндеп келіп омырауымен қаққанда, буынымнан әл кетіп, бүкетітіліп түстім. Жалаңаш бетімді қорғаудан басқа амалым қалмай, екпеттеп жатып алып едім, алабайлардың бірі жотамнан тартып, бірі балтырымнан созып, кергіледі. «Тарта бер, жұртым, тарта бер!».* «Талай бер! Кергіле, соз! Сүйегімді күл-талқан қыл да, етімді жапырақтап жұлып же! Маған мынау ит өмірдің керегі жоқ. Оданда сүйегімді ит мүжіп, етімді ит жесін. Ет пен сүйегім алабайлардың қарынын тойдырса, рухым – азат. Талаңдар, жеңдер мені, төбеттер!». Кенет, мен өзімді тұңғиық көктен көргендей болдым. Киіз тон, киіз шалбардың ішінде домаланып біреу жатыр. Иттерден қорқады. Иттердің азуында шайналамын деп қорқады. Өлемін деп қорықады. «Қорықпа, – деймін мен оған, – қорықпа, беріл, иттердің қанжар тістеріне тәніңді төсей түс. Жаныңды қинама. Жаныңды босат. Сонда сен де шырқау биікке шырқап шығасың».
«Жүрегі жарылып кеткен жоқ па?».
«Талып қалыпты».
«Бетіне су шашсақ, есін жияды».
«Шал, мынаны бірдеңе қылып тірілтіп ал».
Осы сөздерді мен алыстан естігендей хал кешіп жатып, түн жарымында тірі екенімді білдім. Тапан жандайшаптарымен киік қуып кетіпті. Ертеңінде қайырылып соқты.
– Ай аралатып келіп, өріс жаңалап, көшіріп тұрамын сендерді. Мен белгілеп кеткен өрістен ұзап аттап бассаң болды, алабайларым асап қояды. Сен қой бағасың, алабай төбеттерім сені бағады. Бұлар құл бағуға үйретілген иттер. Менен қашып құтылу жоқ саған. Ұқтың ба? – деді Тапан. Мен басымды изедім.
(«Тарта бер, жұртым, тарта бер!».* – «Алпамыс батыр» жырында Ұлтанқұл қол-аяғын кісендеп, көкпарға салғандағы Жәдігердің зары).
9
«Менен қашып құтылу жоқ саған. Ұқтың ба?» деген Тапанның сөзіне басымды изеп қала берсем де, мен бәрібір бетпақ даладан безіп шығудың қамын бір сәт есімнен шығарған жоқпын. Ол үшін алдымен алабайларды айбарынан айырып, барақ иттің бабына келтіруім керек болды. Қалай? «Кәнігі аңшылар қақпанға түскен қасқырды тұмсыққа соғып алады» деуші еді Көшкін көкем. Ат үстінде ағызып келе жатып, түз тағысын шоқпармен тұмсықтан соғып, мұрттай ұшыратын аңшылар туралы да құлағымда қалған сөз бар еді. Содан: «алабайлардың да жаны – тұмсығының ұшында» деп ой түйдім ішімнен. Алабайлар жаман лашық пен қостың қасында, қотанның басында – бейбіт, тыныш. Менің қолымнан итаяғын жалайтындарын жақсы біледі. Еркелеп ойнайды, басыма секіріп, балақ жүндерін түтетіп, жарысып жүгіреді. Түнде құм төбелерді кезіп, шарлап келіп, «бәрі тыныш, алаңсыз ұйықтай бер» дегендей, екеуі екі жағыма келіп, қалың жүнімен көміп жататын. Тек өрістен ұзасаң болды, көздерінен от шашып, ызбарланып, алдыңда ырылдап тұрып алады. Мұндай кезде ұялас алабайлар Тапанның ит түріне ұқсап кетеді. «Осы екеуіне даланың бөрісі кездессе, қайтер екен, – деймін тіленіп, – бөрі болғанда өзі албөрі, ашулы, аш бөрі болса. Екеуін бірінен кейін бірін жеп, құйрықтарын құмға қадап кетсе ғой, шіркін». Құм боздаған түндерде жатып қиялымда абадан іздеймін. Қиялымдағы абадан кейде мені іздеп жортады. Түсімде де сол абадан қасқырды көремін. Ұшы келте құлақтарын жымып тастап, түсімде абаданым мені әлдеқайда ертіп бара жатады. Және бұл түсті жиі көремін. Қайталап көремін. Түсімді шалға айтсам, ол қарадай жанынан түңіледі: «Ойбай, ондай сұмдық түсті көре берме. Түсіңде пәле шақырма. Қасқыр – жауыз аң, алдымыздағы отарды қырып кетсе, Тапан бізді мына құмға тірідей көмеді». Мен қасқырдың киелі аң екеніне шалды сендірігім келіп дауласамын.
– Қасқыр – киелі аң, албаты малға шаппайды. Оның нәпақасы – түзде.
– Қасқырың құрысын, атын атама!
– Менің түсіме қасқыр бекер кіріп жүрген жоқ, мен бір күні мына бетпақ даланы жарып өтіп, жол табамын. Құлдықтан құтыламын, көресің. Алматыға бір жетсем, көптің бірі болып қалмаймын, қаланың көкжалына айналамын. Тапандарды аяққа салып таптаймын. Сені келіп құтқарамын, шал!
– Дегеніңе жет, бірақ, мен түске сенбеймін. Түс адамды ұшпаққа жеткізер болса, талай түс көрдік қой. Қайда сол түстерім? Бәрі өтірік, бәрі жалған.
– Түске сенбесең де Құдайға сенетін шығарсың?
– Құдайға молдалар, поптар, содан соң байлар сенеді.
– Молдалар мен поптардың жайы түсінікті. Байлар неге сенеді?
– Өйткені Құдай байларды жарылқаған. Адамдар жайлы тұрмыс пен жақсы жайда өмір сүргенде ғана Құдайды сүйеді. Сүйеді, сүйген соң сенеді.
– Ал, сен Құдайға сенесің бе?
– Мен Құдайға сеніп не қыламын? Құдай мені не қылады?
– Істеке, сен Құдайға таптық көзқарас тұрғысынан қарайды екенсің.
– О не дегенің?
– Құдай жаратқан пендесін «бай» «кедей» деп бөлмейді. Құдай – бәріне ортақ.
– Бәріне ортақ Құдай бізді құм қойнауынан суырып алып, Тапанның құлдығынан құтқарады деп ойлайсың ба?
– Ол үшін адамның өзінде құлшыныс болуы керек. Мысалы, сен, Істеке, жадау торымен қой бағып тепеңдеп жүре беремін деп ойлайсың. Мен қашып құтыламын деп ойлаймын.
– Қашып құтылу мүмкін емес. Мына айқай құмда жаяу жалпы адам шөлден ұшып өледі.
– Мен өлмеймін.
– Сенікі балалық қиял ғой, құтырма, артыңды қыс та Тапанның малын бақ. Сонда өлмейсің.
– Шал, саған сөз шығындап отырған мен ақымақ екенмін. Қашпасаң құм қауып жат осында. Ал мен бір күні Алматыға жетемін.
Шалды лашықта қалдырып, шағыл құмда қой жайып жүргенмін, көзіме тас шоқпардың басындай сексеуілдің шор боп қатқан бұтағы ілінді. «Осыны бір кәдеге жаратармын».
Жүзгінге жүздіріп, бұйырғынның басын шалдырып, құмқияққа жусата жайып, отарды қотанға қайырғанмын, алдымнан арбаңдап алабайлар шықты. Артқы аяқтарымен тік тұрып, ердің қасына артылғанда, кеудесі торшолақтың белін жабатын алып төбеттердің бірі әдеттегідей арсалаңдап келе бергенде, мен әлгі сексеулдің шор боп қатқан бұтағымен тұмсыққа қағып қалдым. Төбет қыңсылап, сырғып түсті. Екінші төбет те менен күтпеген сыбағасын алып, құйрығын қыса жөнелді. Отарды қотанға иіріп, шалдың шикілі-пысылы тамағымен аш өзегімді жалғап алған соң, төбеттердің «тәрбиесіне» кіріскенмін. Алдымен ұяластың бірін шылбырлап, шылбырдың екінші ұшына сексеуілді түйіп байладым. Сосын, шылбырланған төбетті жетегіме алып жүріп келе жаттым да, сексеуілмен тұмсықтан қойып қалдым. Төбет қаңқ етті де қыңсылап, тұмсығын жалап, мүләйім күйге түсті. Қара қоста қатталып жатқан қаптың бірін сүйреп сыртқа шығарып, алабайдың алдына таңсық асын тостым. Алабай итаяғына аузын сала бергенде, тұмсықтан оңдырмай және ұрдым. Ашқарақ алабай арынын тежеп, шоқиып отыра қалып, маған көзін сата қыңсылады. Төбеттің көзінен сонда барақ итке тән бағыныштылықты байқағанмын. «Қожайын, – дейді оның көзіндегі жалыны жас болып жуылып, – итаяғыма тамақ салып, танаулата ұрғаның не? Мен саған не жаздым? Мынау алдымдағы асымды жейін бе, жоқ, жемейін бе? Сен қашан рұқсат етесің?». Осылайша екі төбетті кезек жетектеп, сексеуілдің бұтағын шылбыр ұшында ойнатып жүріп әбден бағындырып алдым. Мен «отыр» десем ұялас алабайлар шоқиып отыра кетеді. «Жат» десем – жатады. «Тұр» десем – тұрып, «жүгір» десем – жүгіреді.
Шалмен өткендегі аз-кем әңгімеден кейін оның бар-жоғы белгісіз маржасы мен балалары былай тұрсын, мен де одан күдерімді үзгенмін. Ол – тағдырына да, Тапанның құлдығына да әбден мойынұсынған адам. Мұндай адамды азат өмірге байлап апара алмайсың. Ол, тегі, өмірде күрес бар екенін, алыс-жұлыс бар екенін, адам жаны қалаған жақсы тұрмысқа жағаласып жүріп жететінін еш түсініп, түйсінбестен тірлік кешіп келе жатқан сияқты. Мұндай адамның қасында қалу – қауіпті. Ол сені өзімен бірге қараұйыққа ала кетеді. Ол сенің жастық жалыныңды сөндіріп, жігеріңді құм қылып, анау құм төбелердің етегіне апарып төгеді. Құдайға сенбейтін Степан шалға сенуге әсте болмайды. Құдайсыз адам – құрдымға мәңгі құлаған адам.
Аңызақ есіп, аптап буған күндердің бірінде отарды тастап, өрісті де соңыма қалдырып, шекара аймағынан шығандап кеткенмін. Әдеттегідей алабайлар арпылдап соңымнан салып ұрып жетіпті. Менің қолымнан итаяғын жалап жүрген иттер екені естерінде жоқ: азу тістерін ақситып, желкелерін күжірейтіп, жолымды кес-кестей береді. Сол кезде беліме орап байлаған шылбарды тарқатып, ұшындағы сексеуілдің тас бұтағын үйіріп кеп қалдым. Міне, керемет, екі төбет жер бауырлай жылжып кеп аяғыма оралды. «Құл баққан алабайлардан құтылдым, енді қызыл құмды қақ жарып өтіп, Тапанның иелігін тастап шығуым керек» деп түйдім ішімнен.
Әлгі байламымнан кейін, асығыс қимылдап, күн батпай отарды иіріп жіберіп, шалдың: «Қой, ойбай, Тапан атып өлтіреді, құртады!» – деген бажылына қарамай, құйрығы керсендей дәу қара қойды сойдым да жолға дайындалдым. Қойдың құйрық майын тілшелеп турап, аздап тұз сеуіп, етін бірер күн желге қақтырып қара қазанға тоғыттым. Тілшеленген құйрық май – әрі сусын, әрі азық. Шөл қысқанда құйрық майды таңдайыңа салып сорсаң шөліңді басады, әл береді. Қойдың шақтап асқан еті – жол азығым.
– Ал, Істеке, қайыр-хош! Айтқаным – айтқан, Алматыға аман-есен жетсем, түбі бір қайырылып соғармын. Сосын сені құлдық пен құм құрсауынан босатып әкетемін. – Шал бүгежектеп төмен қараған:
– Мен сені көргем жоқ. Сенің қашып кеткеніңді білгем жоқ.
– Е-е, жөн, Тапаныңа солай де. «Иттің баласы бір қойды қандап, етін арқалай қашыпты» де. Мен жолазығымды қамдап алған сияқтымын, артылған етті алабайлардың астауына тастамай өзің же, тоя же! Сүйек-саяғын көміп таста.
Осыдан апта бұрын Тапанның жандайшаптары келіп, алабайлардың қосын азыққа толтырып, бізге де қаужаңдап қажалауға жарайтын қатқан қара нан мен қалбырдағы майшабақтарды тастап кеткен. Мен сонда балуан жоталы дөңкиген құмның үстіне шығып алып қарадым да жаттым: Тапанның дәу қара Джипі ізінен шеге құмның шаңын ілестіріп, буалдыр сағымға сіңген. Міне, бүгін екінші күн, мен сол жолға түсіп, жалғыз жаяу келе жатырмын. Әлі тыңмын. Құмырадағы қайнаған суды ептеп қана жұтып, еттен де шөкімдеп ауыз тиемін. Алда алыс жол жатыр.
10
Бүгін – төртінші, әлде бесінші күн, жолдамын. Қалжырай бастадым. Құм жалынан жарты көлеңке тапсам – бауырымды төсеп жата кеткім келеді. Бірақ өзімді өзім қамшылап, біраз жер ілгерлеуге талпынамын. Табаным тызылдап, екі балтырым удай ашиды. «Сәл аялдайықшы», – дейді аяқтарым. Кеудем алға ұмсынады: «Жоқ, күн батқанша, жер ұтайық, жүрейік». Құм далада көз – жетекші, кеуде – жетекке еруші, аяқ еріншек келеді екен. «Анау қарайған не? – дейді көз, – не де болса, соған жетіп жығылайық». Кеуде елең етеді, аяқ еріне басады. Қарайғанға жеткенше, кеуде күбірлеп сөйлеп барады: «Қарайған нәрсе болса, жайылып жүрген мал шығар? Мал бар жерде адам бар. Өзім секілді адам. Ат мінгізбесе де жөн сілтейді. «Осы бетіңмен тура жүре берсең тас жолға шығасың. Тас жолға шықсаң, автокөліктер ағылып жатыр. Бірі болмаса, бірі ала кетеді ғой», – дейді қайырымды адам». Кеудеңнің күбірін тыңдап, үмітіңді үкілеп, жаңғы қарайғанға да жақындайсың. Сонда көресің: сонадайдан қол бұлғап шақырған қарайған – мал да, жан да емес, тораңғы екен. Құмның майда шаңына тұншығып, тұнжырап тұр. «Сені алдап шақырған мен емеспін, – дейді ол, – сені алдаған көзің ғой». Саусақтарыңды бүгіп, көзіңді батыра уқалайсың. Көзден булығып ыстық жас төгіледі: «Менің не кінәм бар? Менің кінәм – қарайғанды көргенім бе?». Тораңғының тырбиған көлеңкесіне басыңды сұғасың: кеудең жасып құм қабады, аяқтарың діріл қағып, ыстық құмға көміледі.
Күннен жаңылдым. Құмда уақыт жоқ – таң атып, кеш бататын мезгіл ғана бар. Әйтсе де қабыршықтанып жарылған еріндерімді жалап қойып, күн санаған боламын. «Лашықтан ұзаған күні жолда бір қондым. Содан кейін екінші күн қондым, содан соң үшінші күн… ә-ә, бүгін оныншы күн». Тораңғының жапырақ түбінде қылтиған нәзік бұтақтарын сыпырып алып, он талын қалтама салдым. Осы он талды оң қалтамнан сол қалтама, сол қалтамнан оң қалтама ауыстырып жүрмекпен – сонда күннен жаңылмаймын.
«Он күн, апыр-ау, он күннен бері қайда жүрмін? Қайда кетіп барамын? Мынау құм мұхитының шеті мен шегі бар ма өзі, жоқ па? Тапанның машинасы таптап кеткен құм бетінде жұқана із қалған еді ғой. Мен сол ізге ерген едім ғой…».
Түн ортасында оянып кеттім. Терең қатпарынан салқын сыз тепкен құм мені құшағына алып, ұйықтатып тастапты. Бойым сергіп, санам сайрап қоя берген. «Әнеу бір құм төбеге көтеріліп, Ай жарығымен жер шолайын».
Күндіз сағым кілкіген сақараның апай төсі ашылып, төңірек түкпірлей түріліпті. Құм жоталарының бауырында ұйыған көлеңкелерден өзге дүниенің бәрі тұп-тұнық. Кенет, шөккен нардай құмының бүйірінен от жарығы жылт еткендей болды. «Бұл не, от па? Кәдімгі от па? Біреу жалпылдатып от жағып отыр ма? «Ай тақыр даладағы түнде шайтандар да от жағып ойнайды» деуші еді, сондай бір көлденең қырсыққа кез болып тұрған жоқпын ба?». Мен тәуекелге бел буып, оттың жарығына қарай жүрдім. Әуелде қарыс тұтам жерден көрінген оттың жарығы мен ентелеп ілгері басқан сайын жымың қағып алыстай берді. Алдымдағы түйе мойнақтан оңай асармын деп ойлағанмын, ол бірақ жотасын алдырмай көтеріліп кетті. Оның ар жағында ыңыранып тағы бір жоны биік құм асу жатыр. Мен құлашымды созып алға ұмтыламын, құм аяғымды кісендеп кері тартады. Ай жамбасқа ауғанда, жанып-өшіп өлеусірген оттың жарығына таяғанымды сездім. «Ауп-ауп». Түнгі даланы толтырып, иттердің үрген дауысы естілді. Алдымен жеп қоярдай ағындап келген қос төбет келе аяғымды құшқан. Мен құм шағылдардың арасын шарлап, жыртық лашығыма қайта оралыппын…
11
– Тілді алмайтын неме екенсің, саған айттым ғой, – деді шал, – құм құрсауынан бәрібір құтыла алмайсың.
Мен алабайлардың қара қосы мен шалдың жаман лашығын талай қалдырып, жалқы сәт дамыл таппадым. Бір жыл солай талпындым. Құм қойнауында сөйтіп бір жыл адастым. Тораңғының нәзік бұталары қалтамнан қалтама ауысты. Қалай талпынсам да, қайда бет алып қашсам да, Тапанның қара Джипінен қалған жолдар мені жалбыраған лашыққа алып келді де тұрды. Менің үмітім үзілуге айналған. Шалды қажап, бұрынғыдай әңгімеге тартпаймын. Күбір-сыбыр сөзге де зауқым жоқ. Мен де қазір мына мәнжубас шалға ұқсап барамын. Ол, әне, торшолақтың ерін сыпырып, ер қажаған жауырына құмның қиыршығын септі. Шолақтың тер мен жауыр иісі сіңген тоқымдарын жайды. Қақырынып-түкірініп, дәрет сындырды. Қолын құмға жуды. Сол тұнжыраған қалпы келіп, темір табақтағы сұйық сорпаны сораптады. Тамағын ішіп, кір баттасқан дастарханның шетін қайырып қойды да, күрк-күрк жөтеліп, махоркасын орады. Бет-ауызын темекі түтініне ыстап, ұстара тимеген сақал-мұртын түтінге көміп отырды да жаға-жеңі, омырауы кірден жылтырап, майланған күпәйкесін жамылып, құрым киізге қисая кетті.
Мен де алабай төбеттердің ортасын ала құладым. Ешкімге ыза-кегім де, өкпем де жоқ. Көзімді жұмсам қасымнан табылатын әке-шешемнің елес-бейнесі де бұлыңғыр тартып, көрінбейтін болған. Жадымда жаңғырып тұратын сөздері, ақыл-кеңестері – бәрі-бәрі ұмытылған. Осылай бейдауа күндерді өткеріп, түнде шалқалап жатып толған Айға қараймын. Ай аппақ…
«Ай – жердің аппақ баласы, – деймін күбірлеп, – түнде Ай жерді жетелеп жүреді». Осыны айтып орныман серпіле көтеріліппін: «Ай жерді жетелеп жүреді. Ай мені де жетелеп, мынау ұлы құмның қақпан құрсауынан бір күні алып шығады». Әдеттегідей жолазығымды сайлап алған мен Айға ұзақ қарап тұрдым да, түн кезіп жолға шықтым. Қайтпаймын, түбі Алматыға жетемін.
Мұхиттарды сапырып, жерді кіндігенен ұстап тұрған Айды аңыздар асқан ару қыз екен дейді. Мен ол аңыздардың хикаясын терең білмеймін. Менің білетінім: Ай адасқандардың жолына аппақ күміс сәулесін төгіп, тура жолға бастап барады.
Дәурен ҚУАТ