Айбек А. КҮЗЕЛГЕН ТАРИХТЫ КІМ ТҮЗЕЙДІ?

Тангун, Мионг Сун Ок, Корея

«Қазақ тілінде грамматикалық форманың көне түрлері өте көп, олар шағатай тілінде жазылған ескі кітаптарда жиі кездеседі, онда ежелгі түркі және моңғол тілдеріндегі көшпенділік, бақташылық өмір мен рулық қарым-қатынасқа қатысты сөздер толып жатыр» – деп жазды 19-шы ғасырда Николай Ильминский мен Василий Радлов. Шыққан тегі неміс, бірақ өзі орыс ғалымы болып саналатын әйгілі лингвист Вильгельм (Василий) Радлов әлемдегі үш тілді ғана ұлы тілдер деп есептеген және солардың арасынан қазақ тілін айырықша бөліп көрсеткен. Ал ресейлік тағы бір лингвист ғалым Дмитрий Петров түркі тілдерін архаикалық яғни көне тілдер деп атаған.
20-шы ғасырда кеңестік лингвистер, археологтар мен тарихшылар, мысалы, Леонид Кызласов моңғол тілді халықтардың қалыптасуы мен лингвистикасын зерттей келіп таң қаларлық жаңалық ашты – қазіргі халха-моңғолдардың, қалмақтар мен буряттардың көшпенділікке, далалық өмірге қатысты лексикасы түгелімен түркі тілдерінен ауысқан екен! Амур өзенінің бойындағы орманды жерлерді мекендеп, шошқа асыраумен айналысқан моңғол тілді отырықшы халықтар өздерінің қалыптасу жолының белгілі бір кезеңінде жайлы тұрмысты тастап, түркілердің өмір салтын ұстануға көшкен, сөйтіп, көшпенділікке өткен. Түркілерден олар далалық өмір салтын ғана емес, Шыңғыс қаған ойлап тапқан «моңғол» этнонимін де алған, уақыт өте келе бұл атау политоним ретінде қазіргі халхаларға телініп кетті.
Ежелгі архаикалық тілі бар, мыңдаған жылдан бері өмір сүріп келе жатқан түркі халықтарын біреулер Ленин мен Сталин ойлап тапқан деп соғады. Енді біреулер қазақ халқы Керей мен Жәнібек хандық құрған кезде ғана пайда болған дейді.
Қандай халық та бір-ақ сәтте аспаннан салбырап түсе қалмайды. Халықтың тілін бір сәтте ойлап тауып, сол мезет бәрінің санасына сіңіріп жіберу мүмкін емес. Демек, қазақ халқы да біртұтас этнос ретінде аяқ астынан пайда бола қалған жоқ. Этнонимнің (казак, қазақ, өзбек, моңғол…) пайда болуы мен этностың тарих сахнасына шығуы өзара байланысты бола алмайды, өйткені этнос өзінің мыңдаған жылдар бойы дамып-жетілетін тілі мен мәдениетіне қарап анықталады. Халықтың тілі неғұрлым көне болса, өзі де соғұрлым ежелгі халық…
Түркі халықтарының бірі ретінде қазақтардың тарихы да мыңдаған жылдар бұрын басталған, бұл орайда осы уақыттың ішінде көптеген этноним, экзоэтноним, эндоэтноним, политоним ауысқанын ескеру керек… Өзге халықтар, мәселен, қытайлар, парсылар, гректер, корейлер өз тарихына асқан ықтияттылықпен қарайды, оны біздің дәуірімізден әрі асырып тастайды, біз неге өзіміздің ежелгі тарихымызды осы халықтармен байланыстыра қарастырмаймыз?
Суретте кеңестік археолог Александр Бернштамның скифтер түркі этносы болғанын дәлелдеген кітабынан парақтар келтірілген. Сталиннің кезінде оның шығармаларына тыйым салынды, скифтерді панарийлік, панирандық этнос деп тануды көздеген «ғылыми» тұжырымды сынға алған ғалым қудалауға ұшырап, ақыры 46 жасында мерт болды.
Қытай мен Кореяда жұмыс істеген археологтар осы елдердің мәдениетіне көшпенді түркілердің ықпалы зор болғанын анықтаған. Қытайда осыдан 2 мың жыл бұрын пайда болған Шаньдун барельефтерінен түркі халықтарының мәдени ықпалы айқын аңғарылса, Кореяда қазба жұмыстарын жүргізген жапон археологтары көшпенділер жерленген обалардағы зергерлік бұйымдардың Пазырық қорғанынан табылған, осыдан 2500 жыл бұрын жасалған скифтердің зергерлік бұйымдарымен сәйкес болып шыққанын куәландырады. Ондай оба тұрғызу көшпенділер өркениетіне ғана тән, іс жүзінде бұл жерде қазіргі Корея мен Қытайға тиесілі аумақтарды жаулап алған, көсемдері мен сарбаздарын зергерлік бұйымдармен қоса жерлейтін ғұндар туралы айтылып отыр.
Археолог Виктор Новоженовтың айтуынша, түркі халықтарының арғы аталары сяньюндер (хьянъюн – Xianyun) осыдан 3500 жыл бұрын қазіргі Қазақстан аумағында Бегазы пирамидасын тұрғызған.
Жоғарыдағы суретте сол жақта Корея мемлекетінің іргетасын қалаған, аты аңызға айналған құдай тектес әмірші Тангун бейнеленген. Корейлердің алғашқы мемлекеті – Кочосонды билеген оның есімі «Аспан әміршісінің немересі» деген мағынаны білдіреді. Ал оның аты аңызға айналу себебі – ол корейлердің мифологиялық жыл санауы бойынша біздің дәуірімізге дейінгі 2333 жылы таққа отырыпты!
Салыстырып көрейік: бұл кезда қазақ даласын мекендеген көшпенділер ат-арбаны ойлап тапқан болатын (Сынтас мәдениеті), жылқыны қолға үйреткеніне мың жылдан асқан (Ботай мәдениеті). Түркілер мен ғұндардың бабалары Евразия құрылығын шаңдатып, бір-бірінен оқшау отырған отырықшы халықтар мен тайпаларды жаулап алып жүргеніне мың жылдан асқан. Әрине, әлгі халықтардың жадында алғашқы билеушілердің аты аңызбен астасып жатады, бұған таңданбаса да болады. Бұл жайында корей зерттеушілерінің өздері айтады. Суретті қараңыз – «Many Korean historians regard Dangun and Tengri as being etymologically identical» (Көптеген корей тарихшылары Тангун мен Тәңіріні этимологиялық тұрғыдан бірдей түсінік деп қарастырады).
Корейлердің тарих ғылымында өздерінің түп-төркіні Алтай аймағынан тамыр тартатыны туралы тұжырымға айрықша қызығушылық бар, бұл тұрғыда көптеген ғылыми еңбектер жазылған. Біз бұдан мүлдем бейхабар болатынбыз, Құдай оңдап, істі ҚазҰУ-дың Ph.D докторы, Корея азаматшасы, суретте Тангунның сол жағында бейнеленген сұлу қыз – Мионг Сун Ок өз қолына алды. Бұрын медицина, заң, философия, тарих мамандықтарын игерген ізденімпаз қыз Қазақстанға келіп, мәдениеттанушылық-антропологиялық зерттеулермен шұғылдана бастады.
Зерттеуші қыздың Чве Хан, Ким Чонг, Ким Ил тәрізді корей тарихшыларының еңбектеріне негізделген «Ежелгі корей халқының генезисі және оның көшпенділік мәдениеті» деп аталатын мақаласында осыдан 6 мың жыл бұрын Сібірде мекендеген алғашқы палеоазиялық тайпалардың Кореяға қоныс аударғаны айтылады. Алтай таулары мен Моңғолияның солтүстігін мекендеген тайпалар Манчжурия мен Кореяға қоныстанып, жергілікті отырықшы халықтармен араласып кеткен, соның нәтижесінде корей халқы пайда болған. Алтай тайпалары біріктірген алғашқы корей мемлекеттерінде, негізінен, корейлер тұрған, жаңадан қоныстанған көшпенді түркілер мен моңғол-тұңғыс тайпалары мейлінше аз болыпты. Біздің дәуірімізге дейінгі 2333 жылы корейлердің тұңғыш мемлекеті Годьосон (Кочосон) ғұндардың көмегімен дүниеге келген. Түркілер әлсін-әлсін Кореяға теңіз толқынындай оралып соғып тұрған, әр жолы корей халқының жадында өз мәдениетінің бір бөлшегін қалдырып отырыпты. Мысалы, ерте орта ғасырлардағы Кореяның 5-ші ғасырдағы Силла мемлекетінде кең таралған «Исагым» және «Марипган» деген лауазымдардың төркіні түркілік деп танылған және соның бәрі ғұн-алтай қағаны құрған түркі империясының әміршісіне барып тіреледі.
Сонымен, Корея мемлекетінің іргетасын қалаған, аты аңызға айналған Тангунның есімі этимологиялық тұрғыдан түркілердің Тәңірісімен шендеседі және оның арғы тегі түркілерден, ғұндардан – осыдан 4 мың жыл бұрын дүниені дүбірлеткен жаугер көшпенділерден тамыр тартып жатыр…

Ли Кэюн

896 жылы 1-ші қаңтарда Қытайдың Тан династиясы әскерінің генералы, шато-түркілерден шыққан қолбасшы Ли Кэюн (Li Keyong) қазіргі Қытай тарихнамасында Цзинь («Jin Later Tang precursor») деп аталатын өз мемлекетін құрды. 9-шы ғасырдың аяғында Қытайдың солтүстігінде пайда болған бұл түркі мемлекеті бірер жылдан кейін Тан династиясы билеген Қытайды біржола жойып жіберді.
Бұның алдындағы жағдай мынадай болатын:
874 жылы Тан династиясы билеп тұрған Қытайдың оңтүстігінде саудагерлер әулетінен шыққан, тұз контрабандасынан байыған Хуан Чао 10 мың адамнан тұратын қол жинап алады. Шешендікке бейімі бар Хуан Чао шаруалардың қуаңшылыққа байланысты наразылығын пайдаланып, Қытайдың оңтүстік-шығысындағы Цаочжоу және Бучжоу округтарын басып алады.
Оңтүстікте Хуан Чаоның бүлігі белең алып тұрған 878 жылы Қытайдың солтүстік провинциясы Датунда жергілікті офицерлер орталықтан жіберілген басқарушы Дуань Вэньчуды орнынан түсіріп, өлтіріп тастайды. Оларды тыныштандыру үшін Тан императоры Си-цзун шато-түркі қолбасшысы Ли Кэюн бастаған әскерді жібереді.
Қытайдың жергілікті басқарушысын өлтірген Датун офицерлері Ли Кэюнге округты басқаруды ұсынады. Ұсынысты қабыл алған шато-түркілердің 22 жасар қолбасшысы император сарайына хабаршы жіберіп, өзін Датун округын басқарушы етіп бекітуді өтінеді. Император оның өтінішін қабылдамай, Датундағы оқиғаны бүлік деп жариялайды. Император Си-цзун енді Чжэнъу округы әскерінің генералына Датун бүлікшілерін жазалауға бұйрық береді… Императордың жадынан шығып кетті ме, әлде қаншалықты адал екенін тексермек болды ма – әйтеуір Чжэнъу округының генералы Ли Гочан бөтен біреу емес, Ли Кэюнның туған әкесі болатын!
Шато-түркілердің генералы Ли Гочан ойланып жатпастан әскерін бастап Датунға келіп, өзінің ұлы Ли Кэюнның әскеріне қосылады.
Бұл кезде тұз саудагері Хуан Чао бастаған Қытайдың оңтүстігіндегі көтерілісшілер саны әуелі 100 мыңға дейін ұлғайып, содан кейін Хуанхэ және Янцзы өзендерінің арасындағы аумақты түгел басып алған соң адам сенгісіз межеге жетеді – жарты миллионға жуықтайды.
879 жылы күзде көтерілісшілер аса ірі Гуанчжоу портын бағындырып, Хуан Чао келесі жылы империяның маңыздылығы жөнінен екінші орын алатын, Қытайдың шығыстағы астанасы деп аталып кеткен Лоян қаласына басып кіреді. Салықтан босатамыз деген уәдеге сенген қарапайым халық көтерілісшілерге қуана-қуана қосылады.
Сөйтіп, Қытай өкіметіне бой бермей кеткен көтеріліс 881 жылы империяның астанасы – Чанъан қаласына жетеді. Қала алынып, Тан династиясының 21-ші императоры Си-цзун елден қашып кетеді. Тан империясы құлайды, Хуан Чао таққа отырады. Көтерілісшілер бүкіл Қытайды түгел дерлік бақылауға алады. Айтқандай, Хуан Чао қазіргі коммунистік Қытайда шаруалар көтерілісінің басшысы деп есептеледі.
Қашқын император Си-цзун не істейді? Бір кезде өзіне қарсы бүлік шығарған шато-түркілердің қолбасшысы Ли Кэюннан көмек сұрап өтініш жібереді. 878 жылғы бүлікке қатысқаны үшін «кешірім берілетіні туралы жарлықты» қоса жолдайды.
Тиесілі рәсімдер түгел орындалған соң шато-түркілердің 10 мың сарбаздан тұратын атты әскері 882 жылы Қытайдың солтүстігінен шығып, оңтүстік аймақтарға аттанады. Соғыс ісіне машықтанған түркі әскері бір жылдың ішінде Қытай шаруаларынан құралған 150 мың әскерді қырып салады. Оны көрген жүздеген мың шаруа бытырай қашады. Түркілер тығырыққа тіреген шаруалар көтерілісінің басшысы Хуан Чао өз-өзіне қол салып, тамағын орып жібереді.
Түркі қолбасшысы Ли Кэюн бұл кезде 26 жаста болатын. Қытай императоры Си-цзун жап-жас түркі генералына мемлекеттік канцлер атағын береді, бірақ генерал өзін одан да жоғары дәрежеге лайықтымын деп ойлайтын.
Арада екі жыл өткен соң түркілер мен император сарайының арасында кезекті бір келіспеушілік туындап, Си-цзун тағы да астанадан қашып кетеді.
Тан династиясы биліктен қуылып, Қытай бірнеше аймаққа ыдырап кетеді, жергілікті билікті генералдар басып алады. Орталық аймақта Қытай генералы Чжу Вэнь билік құрады, елдің солтүстік бөлігін шато түркілері басқарады. Сөйтіп «Бес династия мен он патшалық дәуірі» басталады.
Кейінгі Лян (907 – 923жж.) – Чжу Вэнь бастаған қытайлар.
Кейінгі Тан (923 – 936) – түркі-шатолар.
Кейінгі Цзинь (936 – 947) – түркі-шатолар.
Кейінгі Хань (947– 950 немесе 979 – Солтүстік Хань) – түркі-шатолар.
Кейінгі Чжоу (951 – 960) – қытайлар.
Тан династиясы құлағаннан кейін Қытайда осындай бес мемлекет пайда болуына 896 жылы 1-ші қаңтарда Ли Кэюн құрған мемлекет мұрындық болған. Чжу Вэнь басқарған қытай мемлекетін 923 жылы түркі-шато Ли Кэюнның ұлы Ли Цуньсюй құлатады. Сөйтіп 618 жылы Түркі-шад Шыбыр-ханның түркілері мен Гао-цзудың табғаштары құрған Тан династиясы билеген Қытайды 896 жылы 1-ші қаңтарда Ли Кэюнның түркілері құлатып тынады.

Дмитрий Ушаков
1918 жылы большевиктер билік басына келіп, жаңа Ресей мемлекетін құрды, соған орай жаңа орфография енгізді. Нәтижесінде төңкеріске дейін қолданылып келген «Ять», «Фита», «Ижица», «И десятеричная» тәрізді әріптер жойылып кетті. Сөз соңындағы және күрделі сөздердің бөлшектерінен кейін келетін жуандық белгісі қолданыстан алынып тасталды. Бірқатар түбіралды жұрнақтар мен жалғауларды жазу ережесі өзгертілді. Мұның бәрі орыс тілінің даму барысына әсер етіп, көптеген сөздер мен сөз тіркестерінің айтылуы өзгеріп кетті. 19-шы ғасырда Ресей империясында алғашқы түсіндірме сөздіктер жазыла бастаған. Солардың арасындағы көпшілікке белгілісі – неміс қызы мен даниялық азаматтан туған Владимир Даль құрастырған сөздік. Орайы келгенде айта кетейік, түркі халықтарының алғашқы түсіндірме сөздігін Махмұт Қашқари 1072 жылы, Дальдің түсіндірме сөздігінен 800 жыл бұрын жазған. 20-шы ғасырда билік ауысып, идеология өзгергендіктен орыс тілінің орфографиясына реформа жасау қажеттігі туындап, осыған байланысты Кеңес Одағына жаңа түсіндірме сөздіктер керек болды. Ондай сөздікті Ресей императорлық академиясының медицина докторы Николай Ушаковтың отбасында 1873 жылы 24-ші қаңтарда дүниеге келген, орыс тілін реформалауды ұйымдастырушылардың бірі болған Дмитрий Ушаков жазып шықты. Соғыс жылдары эвакуациямен Ташкентке келген ол 1942 жылы 17-ші сәуірде өмірден өтті, оның ісін шәкірті Сергей Ожегов жалғастырды.
Мұның бәрін не үшін айтып отырмын? Мәселе мынада, Ушаков – түркі сөзінен шыққан фамилия. Кеңестік лингвист Николай Баскаковтың «Түркі тілінен шыққан орыс фамилиялары» деп аталатын кітабын («Наука», 1979) қараңыз. Одан басқа Ганжинаның, Федосюктің, Петровтың да сондай кітаптары бар, Баскаков сол авторлардың арасындағы ең беделдісі болып саналады. Кеңестік лингвистің кітабындағы 70 – 71 беттерде былай деп жазылыпты:
«Ушаков деген фамилияның этимологиясы түркі тілдерінен бастау алады. Түркі тілдерінде «ұсақ» – кішкентай, майда, бәкене дегенді білдіреді. Бұл фамилияның негізін қалаған Касуй Ордасының князі Редега». Бір нәрсені ұмытпайық: тарих – аса маңызды идеологиялық ғылым, ұлтты ұйыстырудың ең берік іргетасы. Ал біздің мақаламызға түрткі болған жәйт мынау – орыс тілінің қазіргі түсіндірме және орфографиялық сөздігінің авторы да бізден шыққан!

Корсаков, кибернетика
Егер Олжас Сүлейменов өзінің «Аз и Я» деп аталатын кітабын 40-шы жылдардың аяғында жазса, авторды сөзсіз атып тастар еді, 1975 жылы баспадан шығып кеткен кітапты қайтадан жинап алып өртеп жіберді, автордың өзін қуғындау басталды. Не үшін? Бар кінәсі – «Игорь полкы туралы сөз» деп аталатын жырдағы түркі тілдерінен ауысқан сөздерді көрсеткені ғана. «Орыс әлемі» тарихи шындықты қабыл алмайды, олар ойдан шығарылған әлемде ғана жайлы өмір сүреді!
Ақпарат іздестіру және санаттау үшін қажетті «интеллектуалды машина» – механикалық құрылғыны ойлап тапқан, «ақпарат саласында перфорацияланған карталарды алғаш рет қолданған» Семен Корсаков 1787 жылы 25-ші қаңтарда дүниеге келген. Орыс тілді википедияда ол туралы осылай делінеді. Ресейдің дәл ғылымдар туралы сайттары «Корсаков орыс кибернетикасының атасы әрі негізін қалаушы» дейді.
Семен Корсаков ғылыми тәсілдер мен арнайы құрылғылар арқылы адамның ақыл-ойының мүмкіндіктерін арттыра түсу үшін еңбектенген адам. Ол XIX ғасырдың екінші жартысында перфорацияланған таблицалар арқылы жұмыс істейтін, ақпарат іздестіруге және санаттауға арналған гомеоскоп, идеоскоп, компаратор тәрізді бірқатар механикалық құрылғылар ойлап тауып, жасап шығарған өнертапқыш. Корсаков тоқыма өндірісіндегі станоктарды басқару жүйесінің негізінде перфокарта идеясын ойлап тауып, оны 1805 жылы ақпарат сақтаушы ретінде пайдалануды ұсынды. Ресейдің ғылыми идеологиясы үшін айтулы тұлға болған Семен Корсаковтың түркі халықтарынан шыққаны туралы ешқашан айтылмайды. Тек Корсаковтардың 1390 жылы Литвадан келіп, Мәскеуде тұрақтап қалғаны туралы ғана дерек бар. Бірақ біз Жәнібек хан өлген соң Алтын Ордада не болғанын жақсы білеміз. Тақ тартысы басталып, билеуші әулеттің бір бөлігі өздерінің жақтастарымен бірге сол кезде Ордаға алым-салық төлеп тұрған Литва Князьдігінен бір-ақ шықты. Осы түркіаралық алауыздық белең алып тұрған кезде әуелі Литваға барған Корсаковтар кейіннен бері ауып, Мәскеуге табан тіреді. Яғни, Алтын Орданың бір ұлысынан екіншісіне көшіп келді. «Корсак» – түркі тілдерінің қыпшақ диалектісі бойынша түлкінің бір түрі. (Баскаков Н.А. – «Русские фамилии тюркского происхождения»).
Сондықтан бір кезде Московия мен Ресейді өз қолымен құрған аталарымыздың қатарына орыс тілінің қазіргі түсіндірме және орфографиялық сөздігінің авторы Дмитрий Ушаковпен бірге Ресей кибернетикасының атасы Семен Корсаковты да қосуға болады. Орыс музыкасындағы «әулиелердің» бірі Римский-Корсаков туралы кейінірек жазамыз.

Дмитрий Менделеев

Тобольск қалалық мемлекеттік мұрағатында сақтаулы тұрған қала шіркеуінің тіркеу кітабында «1834 жылы 27-ші қаңтар күні Тобыл гимназиясының директоры, сарай кеңесшісі Иван Павлов Менделеевтің заңды әйелі Марья Дмитриева ұл тауып, атын Дмитрий қойды» – деп жазылыпты. Әңгіме «орыстардың» ұлы ғалымы Дмитрий Менделеев туралы, оның туған күні ескі жыл санау бойынша 27-ші қаңтар деп жазылыпты, қазір бұл күн 8-ші ақпанға тура келеді.
Менделеевтің есімі бізге мектеп партасынан таныс, химия пәнінде «Менделеев таблицасын» жаттайтынбыз. Бірақ өзге елдер оны жай ғана «Химиялық элементтердің жиілік жүйесі» деп атайды. Мен мұны алғаш рет Американың «Бір бәледен мың бәле» («Во все тяжкие») деп аталатын сериалын көріп отырғанда байқағанмын. Фильмді тоқтатып қойып, химия пәнінің мұғалімі Уолтер Уайттың артындағы тақтада не жазылғанын оқыдым – біз білетін «Менделеев жасаған химиялық элементтердің жиілік жүйесі» жай ғана «Periodic table» деп аталады екен! Кеңестік мектептерде бізге үйреткен жәйттер дүниежүзілік ұғымдарға сай келе бермейді-ау деп сол кезде-ақ күмәндана бастағанмын.
Менделеев химиялық элементтер таблицасын ешқашан түсінде көрген емес. Ресей химигінің көзі тірісінде ойлап шығарылған бұл аңыздан оның өзі ұялады екен. Тіптен өз тұсындағы әлемдік ғылым өкілдерінің алдында талай рет ақталуына тура келіпті.
«Химиялық элементтердің жиілік жүйесі» – әлем елдеріндегі химиягерлердің, негізінен, неміс, француз, ағылшын ғалымдарының ұжымдық еңбегінің жемісі. «Жиілік жүйесінің» эволюциясы Менделеев дүниеге келмей тұрғанда Антуан Лавуазье, Джон Дальтон, Уильям Праут, Иоганн Доберейнер, Авогадро, Ампер тәрізді ғалымдардың кезінде басталған… 1862 жылы француз геологы әрі химик Александр де Шанкуртуа химиялық элементтердің атомдық салмағына сәйкес жүйелену заңдылығын байқап, үш өлшемді диаграмма жасап шығарды. Одан кейін Джон Ньюлендстің таблицасы (62 элемент), Уильям Олдингтің, Лотар Мейердің (55 элемент) кестелері өмірге келді. Дмитрий Менделеев химиялық элементтердің 63 элементтен тұратын таблицасын 1869 жылы ғана жасады.
Көріп тұрсыздар, Ресей химигінің еңбегі жалпы эволюциялық ойдың, ұжымдық ғылыми еңбектің бір бөлігі ғана, оны бір адамға тели салу ұят болады. Менделеевтің бір кезде ұялып-қызарғаны да содан. Бірақ Ресей және Кеңес насихат құралдарына таза «орыстан шыққан» ойшылдар мен қаһармандар кереек болды. Сондықтан оқулықтарды өз білгенімен жаза беретін. Сөйтіп біз химиялық элементтер таблицасын «ұлы орыс ғалымы» Дмитрий Менделеев жалғыз өзі жасап шыққан деп түсіндік.
Кеңестік насихат құралдары үрген қуықтай қылып шамадан тыс зорайтып жіберген «барлық замандар мен барлық халықтардың ең ұлы ғалымы» Ломоносовпен салыстырғанда Менделеев шынымен ұлы ғалым болатын, оның әлемдік ғылымға қосқан үлесі орасан зор.
Дмитрийдің атасы дін қызметкері болған, әкесінің фамилиясы Соколов-тұғын. Бірақ кеңестік насихатшылар әкесінің емес, анасының шыққан тегінен қысылатын… Болашақ ғалымның анасы Мария Корнильева (жоғарыдағы суретте сол жақта бейнеленген) бір кезде Сібірді мекендеген ежелгі ақсүйектер әулетінен – алғашқы өнеркәсіпші көпестерден тарайтын. Дмитрий үйдің кенжесі болған, ол дүниеге келген соң көп ұзамай әкесі ауыр науқасқа душар болып, екі көзі көрмей қалады. Сөйтіп амалсыздан зейнеткерлікке шығады да отбасы тарыға бастайды. Мария Корнильева өзінің аға-інілерінен көмек сұрайды, олар Тобольск қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан Аремзянск селосына көшіп келіп, әйнек шығаратын шағын фабриканы басқаруды ұсынады. Сөйтіп отбасы мүшелерін асырауды Менделеевтің анасы Мария өз қолына алады. Туберкулез ауруының ауыр түріне шалдыққан Иван Менделеев (Соколов) бірер жылдан кейін дүние салып, балалары түгел анасының қамқорлығына өтеді.
Бұл ұлы ғалымның орыс тілді басылымдарда келтірілетін ресми өмірбаяны. Мен сіздерге Ресей-Кеңес оқулықтарының бірде-бірінде кездеспейтін жаңа деректер ұсынбақпын, бұл мәліметтерді төрт кітаптан алғанымды айта кетейін.
Әуелі «этноним, экзоэтноним, эндоэтноним» деген ұғымдарға тоқталайық.
«Қазақ» – қазақ халқының тарихтан белгілі өзін-өзі атауы. Ал «қырғыз» немесе «қырғыз-қайсақ» – экзоэтноним, Ресей этнографиясы бойынша төңкеріске дейін қазақтар осылай аталып келген. «Татар» немесе «Тартар» деген – экзоэтноним, Ресей және соның ізімен бүкіл батыс ғылымы барлық түркі халықтарын солай атаған. Қысқартып айтқанда, қазіргі түркі халықтарының бәрі 13-ші – 19-шы ғасырларда «Татар халықтары», «Тартар халықтары» деп аталған.
Сонымен қатар, тарихи кезеңдерде қазақтарда «моңғол», «моғол», «өзбек» деген саяси этнонимдер де болған, оларға бұл атауларды түркі хандары Шыңғыс пен Өзбек және басқалар берген. Осы жәйттің байыбына бара алмаған қазіргі Ресей насихат құралдары 13-ші ғасырдағы моңғолдарды түгелдей қазіргі халхаларға тели салған.
Енді кітаптарға көшейік.
1 – Дмитрий Менделеевтің жиені Надежда Капустинаның (Губкина) 1908 жылы жарық көрген «Семейная хроника воспоминаний» деп аталатын кітабында мынадай деректер келтіріледі:
Дмитрий Ивановичтың арғы аталарының бірі (Менделеевтің анасының атасы) қазақтың (қырғыз, татар) сұлу қызына ғашық болып, үйленген. Оны шын сүйгені соншалық, кейін әйелі қайтыс болғанда күйікке шыдай алмай ол да дүние салыпты. Дмитрий Менделеевтің «шықшыты шығыңқы, көзі қысықтау» болғаны сондықтан екен. Мария Корнильеваның өз атасы Сібірді мекендейтін түркі халықтарының бірі телеуіттерден тараған (Yuri Mandrika (2004). Tobolsk Governorate Vedomosti: Staff and Authors. Anthology of Tobolsk Journalism of the late XIX – early XX centuries in 2 Books // The Kornilievs, Tobolsk Manufacturers article by Stepan Mameev, p. 314. – Tumen).
2 – Екінші кітап — Loren R. Graham — Science in Russia and the Soviet Union. Cambridge University Press. Оның 45-ші бетінде Массачусетс технологиялық институтының профессоры Грэхэм Лорен былай дейді: «(Менделеевтің) аталарының бірі түркі (татар) болған деген деректер бар, оның (Мария Корнильеваның) балалары өздерінің шыққан тегі жартылай азиат және сібір халқы екенін мақтан тұтатын болыпты». Дмитрий Менделеев пен оның аға-әпкелері өздерінің қазақтардан (түркілерден) тарайтынын мақтан еткен!
3 – Енді үшінші кітапқа көшейік — Isaac Asimov — Asimov on Chemistry-Anchor Press Doubleday, 1974 жылы шыққан. Бұл автордың кім екеніне тоқталмасақ та болатын шығар. Айзектің айтуынша, Дмитрий Менделеев азиаттардан (түркілерден) шыққан.
4 – Төртінші кітап — Leslie Alan Horvitz — Scientific Breakthroughs that Changed the World-Wiley. Оның 45-ші бетінде америкалық ғылыми биограф Дмитрий Менделеев туралы былай депті:
«Жеткіншек кезінде (13 жасында) ол (Дмитрий Менделеев) әкесінен айырылды, көкжөтелден (туберкулез) дүние салған марқұмның артында қара бақыр да қалмапты. Дмитрийдің түркі халқынан шыққан (Tartar beauty) анасы кедейшілікке душар болғанына қарамастан оны Ресейдегі ең үздік оқу орнына түсіруге бел буады. Анасының діттегені анау-мынау емес, Мәскеу университеті болатын»…
«Орыстың» ұлы ғалымының шықан тегі түркілерге келіп тірелетінін ұғыну үшін осы да жеткілікті болар. Арғы тегі түркілерден шыққан анасының табандылығының арқасында білім алған ол өзінің де тамырында түркі қаны ағып тұрғанын мақтан еткен.
Бұл жайында кеңестік мектеп оқулықтарында ештеңе айтылған емес. Қазіргі Ресей де жұмған аузын ашпайды. Шамасы, «орыс» ғалымының түркілерден шыққаны шымбайына бататын шығар!

Цинь Шихуанди

Түркі халықтарының көшпенді болғанын біржақты түсінбеу керек. Олар малын шөбі шүйгін, суы мөлдір жайылымда жаю үшін жазғы маусымда ғана көшіп-қонған. Қыс кезінде бабаларымыз қалаларда, тұрақты қыстауларда тұрған, үйлерін пеш жағып жылытқан. Осыдан екі мың жылдай бұрын өмір сүрген ғұн түркілерінің үйлерінде еденнің астымен өтетін жылыту жүйесі пайдаланылған.
Бірде-бір халық кенеттен пайда бола қалмайды. Бірақ кейбір халықтар туралы көне жылнамаларда ештеңе айтылмауы мүмкін. Мысалы, славяндар туралы 4-ші ғасырда Европаға ғұн түркілері келгенге дейін еш дерек болмаған. Азиядан шыққан осы көшпенді халық славяндарды Германарих бастаған немістердің езгісінен құтқарып қалды. Олар туралы содан кейін ғана айтыла бастады, бірақ тек ғұн, авар, болғар, хазар тәрізді түркі халықтарының вассалы ретінде ғана еске алынады.
Қытайдың ежелгі Ши-Цзин хроникасына сәйкес, біздің дәуірімізге дейінгі 823 жылы 8-ші шілде күні ғұндар Цяо, Ху, Хао, Фэнь қалаларын басып алған. Бұл жорық Қытай басқыншысы Инь Цзи-фудың сол жылы көктемде ғұндардың сяньюн тайпасына шабуыл жасауына жауап болған. Бұл оқиға туралы Қытайдан табылған қола табаққа бір шумақ өлең жазылыпты:
«Күші тасқан ғұн халқы ойланып та жатпады,
Цзяо мен Худы алып, жойқын шабуыл бастады.
Содан кейін Хао мен Шофанды алды тасқындап,
Сол жағасы Цзинхэнің – одан да өтті асқындап».
(Қытай тілінен орысшаға аударған Штукин А.А. «Бамбук анналдарына» сәйкес ғұн-сяньюнь әскері б.д.д. 839 жылы Цзунчжоу қаласын бағындырған).
Осыдан 2861 жыл бұрын «қытайлардың» біәрнеше қаласын жаулап алған көшпенді түркілер туралы алғашқы жазба дерек осы. Антропологиялық тұрғыдан ғұндар қазіргі қазақтарға, тывалықтарға, қырғыздарға жақын.
Ғұн империясы, Орталық Азия скифтері (қырым скифтерімен шатастырмаңыздар), Үйсіндер, Қаңлылар, Ақ ғұндар империясы, Авар Қағанаты, Түркі Қағанаты, Оғыз, Хазар, Болгар, Қимақ, Қарлұқ, Ұйғыр қағанаттары, Қытайдағы Раушан хан (Ань Лушань) империясы, Тулунидтер империясы, Қырғыз Қағанаты, Шато түркілері империясы, Қараханидтар, Ғазнауилар, Ихшидидтар, Қыпшақ хандығы, Селжүк мемлекеті, Хорезмшах мемлекеті, Дели Сұлтанаты, Шыңғысхан империясы, Мәмүлік сұлтанаты, Елхан қағандығы, Алтын Орда, Құбылай хан империясы, т.б. – осының бәрі түркі халықтарының империялары болатын және оларды «көшпенді» түркілер құрып, билеген. Ғұндар мен үйсіндерден бастап Орталық Азия скифтеріне дейін түгел қала салған. Өйткені, аттың үстінде отырып империя құруға болады, бірақ оны аттың үстінде отырып басқара алмайсың. Түркі империяларының бәрінің астанасы болған. Біздің дәуіріміздің 1-ші ғасыры ғұндардың әлсіреген кезі болып есептеледі, бірақ шанью Хуханьенің кезіндегі астана Тараз қаласы. Оған дейін ұзақ жылдар бойы қазіргі Қытай аумағындағы елдер мен мемлекеттер түркілерге бағынышты болған.
Біздің дәуірімізге дейінгі 258 жылы 27-ші қаңтарда Қытай тарихнамасында өшпестей із қалдырған, ең танымал император Цинь Шихуанди дүниеге келді. Оған Цинь дәуірінен мұра боп қалған мемлекеттің күні санаулы болатын, бірақ бұл императордың қолға алған істері оның атын тарих бетіне мәңгі жазып кетті. Жоғарыда айтылғандай, ғұн түркілері дәуіріміздің 9-шы ғасырында-ақ Қытай қалаларын басып алып, алым-салық төлетіп отырды. Бұл қалалар бір орталыққа бірікпеген, әрқайсысы жеке-жеке князьдық болатын. Біздің дәуірімізге дейінгі 3-ші ғасырда Қытайдың Чжао князьдығы өз шекарасының далалық бетінен де, көршілес Ян, Ци, Вей князьдықтары жағынан да қабырға тұрғыза бастады. «Жақсы тәжірибе көпке ортақ» дегендей, оны көрген «өзара қырқысушы патшалықтар» кезеңіндегі барлық князьдық-мемлекеттер бір-бірінен қорғану үшін қабырға тұрғыза бастады. Сондықтан қазіргі Қытайдағы көне қабырғалардың кейбіреулеріндегі садақ атуға арналған ойықтар ішке қараған. Соған қарап кейбір «халықтан шыққан тарихшылар» бұл қабырғаларды қытайлар емес, олардан қорғану үшін өзгелер тұрғызған деп болжам жасап жүр.
Цинь Шихуанди – Қытайдағы барлық князьдық-мемлекеттердің қарсылығын аяусыз басып-жаншып, бәрін бір орталыққа бағындырған алғашқы император. Шихуанди кейбір қабырғаларды қиратып тастады, кейбіреулерін нығайта түсті, сөйтіп, адамзат тарихындағы ең үлкен архитектуралық құрылыс – «Ұлы Қытай қорғанын» салуды қолға алды. Қытай тарихындағы алғашқы орталықтандырылған мемлекеттің негізін қалаушының пайымдауынша, «Ұлы қорған» оның елін дамудың жоғарғы деңгейіндегі ғұндардың түркілік мәдениетінің ықпалынан қорғауға тиіс болатын, бірақ тарихтың өзі көрсетіп бергендей, отырықшы варвар қателескен болып шықты. Біздің дәуірімізге дейінгі 210 жылы 10-шы қыркүйекте Цинь Шихуанди 48 жасында дүние салды, одан бір жыл бұрын Ғұн империясының императоры тағына Модэ қаған отырған болатын. Модэ көрші елдермен арадағы қарым-қатынастарды реттеуге бірнеше жыл уақытын жұмсады, содан кейін б.д.д. 201 жылы ғұндардың 300 мың сарбаздан тұратын атты әскері Қытайға жорыққа аттанды. Жаңа император Лю Бан негізін қалаған Хань династиясы бес жылдан бері билеп тұрған Қытай елі Модэнің әскеріне қарсы тұра алмай, Ғұн державасының вассалына айналды. Шихуанди соншама күш-жігерін жұмсап салып шыққан «Ұлы қорған» Модэнің кезінде де, оның ұлы, Қытай елін ұзынынан да, көлденеңінен де кесіп өтіп, қытайлықтардың қарсылығын іс жүзінде еш шығынсыз басып тастаған Лаошаньның тұсында да Қытайды ғұн түркілерінің игі ықпалынан қорғап қала алмады. Біздің дәуірімізге дейінгі 201 жылдан 126 жылға дейін Қытайды билеген Хань династиясы Ғұн империясына (Модэ, Лаошан, Цзюньчэнь) толық бағынышты болды. Ғұн империясының айбыны тек Модэнің немересі, Лаошаньның екінші ұлы, Цзюньчэннің інісі Ичжистің кезінде ғана басылды.
Ханьдықтар (қытайлар өздерін сол кезден бастап осылай атайды) біртіндеп көшпенді халықтарды өздеріне тартып, ғұн аристократтарын қызметке шақыра бастады, сөйтіп ғұндарға қарсы соғысты сәтті жүргізуді үйренді. Ақыры біздің дәуірімізге дейінгі 58 жылы Ғұн империясы екіге бөлініп, түркілер әлсірей бастады. Шығыс ғұндар 50 жыл бойы Хань династиясының вассалы болды, кейін бұрынғы деңгейге жетпесе де өз империясын қайтадан қалпына келтірді. Батыс ғұндар біздің дәуіріміздің 1 ғасырынан бастап Орталық Азияға қарай ығысып, түркі скифтерімен қосылып кетті де кейіннен іс жүзінде бүкіл Европаны, Таяу Шығысты және Гупт династиясы билеген Үндістанды жаулап алды.
Көріп отырсыздар, тарихымыз тереңде жатыр, тек соны уақыт шаңынан, өзгелердің әдейі төккен күл-қоқысынан аршып алып, жарқырата көрсете білуіміз керек.

Сұлтан Галеев Мирсаид

Тұранизм ұғымы ғылымға 17-ші ғасырда Хиуа ханы Әбілғазының тарихи еңбектерінен белгілі болды.
Ақсақ Темір өз мемлекетін ресми түрде Тұран деп атады. Парсы ақындарының жырларында Тұран мен Иран өзара қарсы қойылатын. Олар түркі халықтарының отанын солай атаған.
Тұранизм терминін түркі халықтарын сыртқа елдердің езгісінен құтқару идеологиясы ретінде тарихта алғаш рет финляндиялық лингвист Матиас Кастрен қарастырған. Ресей империясында өмір сүрген Кастренді ресейлік лингвист десе де болады, «тұран халықтары» ұғымын ол үш топқа бөліп, түркі, моңғол және фин-угор халықтарын жатқызған. Бұл халықтарды ассимиляциялап, біртіндеп жойып жіберу саясаты патша өкіметінің кезінде-ақ байқалды. Осы этноцид саясатына қарсы қою мақсатында аталмыш халықтарды «орыс езгісінен» құтқару идеясы пайда болды.
Бірақ бұл орыстардың империялық саясатына ұнаған жоқ. Сондықтан «тұранизм» немесе «пантүркизм» терминдері Ресей идеологиясы үшін келеңсіз құбылыс деп танылды. Құрамында автохтонды түркі халықтары бар мемлекеттер, әсіресе Қытай мен Иран тап осы көзқарасты ұстанады.
Орыс және ағылшын тілді википедияларда бұл қозғалыс келеңсіз құбылыс ретінде сипатталатыны сондықтан. Өйткені, Иран да, Қытай да, Ресей де өздері 19-шы және 20-шы ғасырларда қосып алған жерлерден айырылғысы келмейді.
Бұл — Иранда, Қытайда, Ресейде тұратын түркі халықтары үшін де, фин-угор халықтары үшін де өмір мен өлімнің мәселесі, олар өз халықтарының ассимиляциясын дереу тоқтатуы керек немесе жер бетінен біржола жойылып тынады.
Суретте – Ресейдегі социалистік төңкеріс кезінде саяси аренадан көрінген түркі халықтары мен мұсылмандардан шыққан саяси қайраткер Мірсаид Сұлтан-Ғалиев. 1892 жылы 13-ші шілдеде Уфа губерниясында (қазіргі Башқұртстан) Сұлтан-Ғалиев негізінен, қырым түбегінде большевиктер жүргізген жаппай қырып-жоюды дереу тоқтатуға шақырғаны арқылы белгілі.
1918 жылы Мірсаид біріккен Татар-Башқұрт республикасын құру жобасын жасауға атсалысты. Мәскеу бұл жобаны да, 1919 жылы ұсынылған қазақтар мен башқұрттардың біріккен республикасын (Қырғыз-Башқұрт Кеңестік Республикасы) құру жобасын да қабылдамай тастады. Кремль басшылары біріккен түркі халықтарының ауқымды жерлерге ие болатынын да, орыс тілінің басымдыққа ие болуына жол бермейтінін де жақсы түсінген болатын.
Татар және башқұрт идеологтары (Валидов, Бикбауов, Адигамов) большевиктердің тілін таппақ болып мұсылмандық-социалистік комитеттер мен комиссариаттар құрды, бірақ Ленин де, Сталин да оларды қолдамай қойды. Кремль бір-бірінен алшақтатылып, бөлшектенген түркі халықтарын жойып жіберу оңайға түсетінін КСРО дүниеге келген сәтте-ақ білген сияқты.
Сұлтан-Ғалиевтың түркі халықтарын біріктіру туралы идеясы Сталинның қытығына тисе керек, Ленин елді басқарудан шеттетілген 1923 жылы Мірсаидты партиядан шығарып, қамауға алды. Бұл нәубет оның «сұлтанғалиевшілдік» деген жала жабылған көптеген жақтастарының да басына түсті. «Татар ұлтшылдығын» қоздырып, пантүркизм идеясын таратты деп айыпталған Мірсаид лагерьге айдалып, 47 жасында атылып кетті. Большевиктердің барлық халықтардың өз жолын өзі анықтауына, ана тілін дамытуына, төл мәдениетін сақтауына ерік беріледі деп ұран тастауы жай ғана көз алдау, уақытша ойыншық, ақ гвардияшылар қозғалысына қарсы күресте Ресей империясының халықтарын өз жағына тарту үшін жасалған қитұрқы әрекет болып шықты.
1940 жылы 28-ші қаңтарда татарлар, башқұрттар, қазақтар тәрізді түркі халықтарын бір республикаға біріктіру мақсатындағы қозғалыстың идеологы Мірсаид Сұлтан-Ғалиев кеңес өкіметі жендеттерінің қолынан қаза тапты.

Ислам Каримов, 1897 жылғы халық санағы

Бір кезде Ислам Каримов – этникалық тәжік дегенді естіп едім. Өйткені, Өзбекстанның бұрынғы президенті туып-өскен Самарқанд облысы ежелден тәжіктер мекендеген жер екен. Фотосуретті қарайық. Сол жақта – Өзбекстанның марқұм президенті Ислам Каримов, оң жақта – Иранның бұрынғы президенті Махмуд Ахмадинежад. Каримовтың моңғол нәсілді түркі халқының өкілі екені анық көрініп тұр, ал Ахмадинежад таза Иран халқына тән парсы пішінді. Өзбекстан басшысы ұқсай ма оған? Күмәнім бар.
Бірақ бұл субъективті пікір, сондықтан дау айтуға болады. Парсылар да түркілердің ықпалына түсті, түркілер де парсылардың ықпалында болды. Ал парсы тектес халықтардың арасында түркі халықтарымен көбірек араласқаны тәжіктер екені сөзсіз.
Ал енді 1897 жылғы халық санағының деректеріне, оның ішінде Ферғана және Самарқанд облыстары бойынша алынған мәліметтерге жүгінейік.
Ферғана облысында тұрған халықтардың арасындағы ең көбі «сарттар» екен – 788 989 адам. Сарт дегеніміз қарлұқ тілінде сөйлейтін, «и» әрпін жиі қолданатын түркі текті отырықшы халық. Қазір олардың тілі Өзбекстанның мемлекеттік тілі болып отыр.
Екінші орында – «қара-қырғыздар» – 201 579 адам. Қазіргі қырғыздарды ол кезде солай атаған.
Үшінші орында – қыпшақ және қарлұқ тілдерін аралас қолданатын түркі халықтары, оларды құрама деуге болады – 261 234 адам.
Төртінші орында «өзбектер» – 153 780. «Ж» әрпін жиі қолданатын көшпенді шәйбанид өзбектері, қазақтардың жақын туысы.
Көріп тұрсыздар, бұл жерде қандай да бір этносты шеттетуден аулақпыз. Тек кімді қалай атағаны, олардың саны туралы деректерді ғана келтірдік. Ферғана облысы қарлұқ тілінде сөйлейтін түркі халқы – сарттардың байырғы мекені. Бұл жерде қазақтар мүлдем тұрмапты, мұны «қырғыз-қайсақтар» деген графадан көруге болады.
Самарқанд облысынан алынған мәліметтерді қарастырайық.
Самарқанд облысындағы халықтардың арасындағы ең саны көбі шейбанид өзбектері болыпты – 507 587 адам.
Екінші орындағы тәжіктер олардан екі есе аз – 230 384 адам.
Үшінші орында қырғыз-қайсақтар яғни қазақтар – 63 091 адам.
Төртінші орында кашқар диалектісінде сөйлейтін түркілер – 19 993, олар ұйғырлар болса керек.
Бесінші орында сарттар – 18 073 адам.
Тап-таза статистика. Самарқанд облысын­да тұратын халықтардың арасындағы ең көбі – қазақтардың жақын туысы, іс жүзінде олардан айырып алғысыз көшпенді шейбанид өзбектері екеніне көз жеткіздік. Тәжіктерді құрмет тұтамыз, бірақ олар ол кезде онша көп болмапты.
Ислам Каримов 1938 жылы 30-шы қаңтарда Самарқанд қаласында, соның алдында ғана құрылған Өзбекстанда туған. Сырт келбеті тәжікке емес, тұраноид-монголоид тектес, демек ол шейбанид өзбектерінен шыққан, ол кезде Самарқанд облысында олар ең көп халық болатын.
Мұнда ешқандай саясат жоқ, қандай да бір аумақтық талап қоюдан да аулақпыз. Бұл тек Өзбекстан да, Қазақстан да, Тәжікстан да ешқашан аузын ашып көрмеген тарихи этнография ғана.
Енді қазіргі Түрікпенстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан аумағы мен Қазақстанның оңтүстік бөлігін қамтитын Орта Азия аймағына қатысты статистиканы назарларыңызға ұсынайық. 1897 жылы Орта Азия халықтарының арасындағы ең саны көп халық қайсысы болды екен? Түрікпендер ме, өзбектер ме, қырғыздар ма, тәжіктер ме? Жоқ, олар емес. Қазақтар! Орта Азия аймағындағы ең саны көп халық біз болыппыз. Қазақтардың сан жағынан да, саяси тұрғыдан да үстемдігін Кеңес өкіметі жойып жіберді. Толып жатқан көтерілістерді басып-жаншу мен 20-шы және 30-шы жылдардағы ашаршылықтардан кейін біз Орта Азиядағы саны аз, жойылып бара жатқан халыққа айналып кеттік.
Кестені қараңыз.
Орыстар – 587 992 адам, украиндар (малоростар) – 101 611 адам, түрікпендер – 248 767 адам, қырғыздар (қара-қырғыздар) – 201 671, қарақалпақтар – 104 271 адам, шейбанидтық өзбектер – 726 414 адам, қарлұқ тілді сарттар – 968 008 адам, аралас түркілер – 439 930 адам, қазақтар (қырғыз-қайсақтар) – 3 787 222 адам!
Қарапайым статистика, онымен дауласа алмайсың. Қазақтар санының көптігі жағынан Орта Азиядағы басқа халықтардың бәрінен асып түскен. Хиуа, Қоқан, Бұқар хандықтары кімнің есебінен дүрілдеп тұрғанын енді түсінген шығарсыз? Ешқандай эмоцияға берілместен қырғыздардың, түрікпендердің, өзбектердің, тәжіктердің өсу қарқынымен өлшер болсақ, патшалық және кеңестік Ресейдің езгісі болмаса қазақ халқының саны қазір жүз миллионнан асып түсетінін есептеп шығару қиынға түспесе керек.
Жалғасы бар.

Пікір қалдыру