АЙТЫС
(Ертегі)
Ертеде ме, әлде бергі замандарда ма, ол жағы белгісіз, әйтеуір сан жылдық тарихы бар кітап пен айфон айтысыпты. Айфон:
– Мен – ақылдымын! Мен – жаңа заманның «нано» технологиясының соңғы үлгісімін. Мені барлық бала қолданады, – дейді.
– Е, сенің де дәуренің өтер! – депті кітап тұрып.
Айфон кітаптың сөреде шаң басып тұрған аянышты кейпіне қарап, кемсітіп, масаттана миығынан күліп, өзінің бір мезетте түрлі қызмет атқара алатынын айтып маңғазданады.
– Менің дәуренім өтеді деймісің? Жо-жоқ, мені балалар әлі пайдаланады, менен керекті ақпарат пен мағлұматтарды тез арада алып, керегіне жаратады. Бәлкім, сенің дәуренің өткен шығар…
– М-м-м, бүкіл әлем бір күні маған басын иіп, менің сарғайған парақтарымды ақтарып, рухани қайыршылыққа ұшыраған оқырмандарым менімен әлі-ақ қауышады!
– Оһо, асқақ арман деп осыны айт. Ей, кітап, сенің арманың енді ешқашан орындалмас!
Осы кезде айфонның қуаты таусылып бара жатады. Өзінің күш-қуаты бітуге таяу қалғанын сезіп, кітапқа жалынышты үнмен тіл қатып:
– Достым, менің энергия көзім таусылып барады, мені электр сымына жалғашы, – деп өтінеді.
– Әне көрдің бе, батырым! Сен – әлсізсің, сенің күш-қуатың мен жігерің көп уақытқа жетпейді, – дейді кітап.
Кітаптың қайтарған жауабына айфон булығып, ыза болады да: «Әй, сені ме…» деп тұра ұмтылады. Кітап сөреге қарай секіріп кетеді. Айфон сөніп-жанып қалың ұйқыға кетеді…
АҚЫМАҚ КІМ?
(Заманауи ертегі)
…Ерте, ерте, ертеде, Қызықстан деген өлкеде, қырғауыл жүні қызылда, құйрық жүні ұзында, Шафран деген шаһарда Шаттық деген бала болыпты. Білетіндер ол баланы әлі бар дейді. Ортамызда ойын ойнап, сауық құрып, сайрандап, еш уайымсыз жүр дейді.
Сол бала күнде телефонға телміріп, нутелла, шоколад жеп, кока-кола, пепси ішіп, әкесінің тапқан табысын далаға шашып, арасында үйінен қашып кетеді екен. Анасының тілін алмай, зарлатып, қанқақсатып жүреді екен. «Апырай, Шаттығым Шаттық болмады!» деп анасы налиды екен. Екі көзі жасқа толып жылайды екен.
Бір күні ол аулада телефонын шұқылап, Block blast ойнап отырыпты. Сонда қызық оқиға болыпты. Түрі басқа, сиқы бөлек бір бейтаныс бала келіпті. Оның ауласында өсіп тұрған жүзімді жұлып алып жепті. Шаттық байқап, таңырқанып:
– Оу, сен кімсің? Қайдан жүрсің? Неге келдің? – деп үсті-үстіне төпелетіп сұрақ қойып, бейтанысты тергепті.
Ол сабаз да саспапты. Тағы бір түйір жүзімді үзіп, аузына салыпты. Сүйсініп тұрып жегеннен соң:
– Айшылық алыс жерден келдім. Шаршап, арып, әрең келдім. Үш мәрте ғажап түс көрдім. Түсімде сенің аулаңнан жүзім жеп тұр екенмін. Бұл маған берілген аян деп. Жаратқанның сыйы деп Шафраныңа сапарлатып кеп тұрмын, – дейді.
– Ой, ақымақ неме екенсің! Сонау жер түбінен жүзім үшін келіп пе ең? Ал мен болсам түсімде Прага деген қаланы көретін ем үнемі. Клементинум[1] (Clementinum) деген кітапханасы бар тым ескі. Сол ғаламат орданың бесінші қабатында кішкентай ғана бөлмесі бар көмескі. Құс жолына көтерілер сатысы бар біркелкі. Соны көрдім түсімде. Бірақ та мен тәуекелге бармас едім бір күнде, – деді Шаттық қарқылдап. Инстаграмын ашып, тікелей эфирге шығып, бейтаныс жанды келемеждеп тұрыпты.
Әлгі бала сол Прагадан келіпті. Өзі іздеген бақыттың енді нақты қайда екенін анық біліпті. «Ақымақтың кім екенін уақыт өзі көрсетсін» деп қош айтысып, өз жұртына кетіпті.
Ілім іздепті күні-түн. Үкілепті үмітін. Арманы оның өзгеше. Мақсаты да ерекше. Аспан әлемін аралап, ай мен күнді зерттеп, игілігін көпке көрсетпек.
Айлап жүріп, жылдан жылжып, Алтын Прагаға жетіпті. Аңыз болған, тамсандырған ескі сарай – Клементинум кітапханасына келіпті. Білім деген кілт екен кез келген есіктегі құлыптарды ашатын. Ішінен түрлі маржан, жаһұт шашатын. Көп оқыған баламыз әр қабаттан қиналмай-ақ өтіпті. Түкпірдегі құпия әлгі бөлмеден Құс жолына көтеріліп кетіпті…
Ғаламат пен ғажайыпты сезініпті, байқапты. Жұлдыздар әлемінен қиялындағы жоспарын өз көзімен көріпті. Тылсым мекенде тұрып-ақ жер-жаһанның болашақ сұлбасын сызыпты.
Миғраж көктен түскеннен соң, зор жаңалық ашыпты. Алты құрлық пен төрт мұхиттың арасын 3D жақындатыпты. Енді адамдар құрлықпенен мұхитқа ұшақсыз-ақ, көліксіз-ақ барып-келіп жүріпті. Күн нұрымен үйге сымсыз қуат беріпті. Ай сәулесімен науқастарды емдепті. Шапағатын жер жүзіне төгіпті. Арманы мен мұратына жетіпті. Содан бері бұл бала алты құрлыққа аты шыққан әйгілі ғалым болыпты.
Ол бала кезінде әр күнін босқа өткізбей, үнемі кітап оқыпты. Болашағына үлкен мақсат қойыпты. Әрқашан өзін-өзі қамшылап, миссияма жетем деп жігерленіпті. Міне, арманыңа жетудің бар сыры осы екен!
Ал біздің Шаттықтың есіл ғұмыры мағынасыз өтіпті.
«Ізденген жетер мұратқа» деген тәмсіл бар мағыналы. Есіңе сақтап ал, сен соны!
ӘПКЕНІҢ СӨЗІ
Ержан мен Нұржан – егіз. Екеуі бірдей киініп жүреді. Түрлеріне қарап ажырату мүмкін емес. Тек Нұржанды салақтығына қарап танимыз.
Бірде екеуі дастархан үстінде ас ішіп отыр екен. Нұржан қомағайланып, тамақты шайнамай жұтып, қақалып-шашалып қалды. Үсті-басына сілекейі шашырады. Сыңары Ержан асықпай, баппен тамақтанды. Нұржанның қылығын көрген әпкесі:
– Інім-ау, дастарханның әдебі деген болады. Тамақты асықпай-аптықпай ішкен жөн. Сені ешкім қуып та келе жатқан жоқ. Дұрыс тамақтансаң, асқазаның жақсы қорытады. «Тәні саудың – жаны сау» дейді. Сондықтан дастархан үстінде де мәдениетті болуымыз керек, – деді.
Нұржан қатесін түсініп, әпкесіне ұқтым дегендей басын изеп, ишарат білдіріп:
– Астарыңыз дәмді болсын! – деді.
АРА
Рахманбұлақтағы Рақым атамның омартасы бар. Жазғы демалыста Расул екеуміз қыдырып барғанда көрдік.
Омарта үйшігінде миллион ара бар шығар. Аралар тау мен сай бөктеріндегі ақ, көк, сары түсті түрлі гүлдердің шырыны мен тозаңын тыным таппай тереді. Баларасы өте еңбеккер болады екен. Раушан, райхангүл, рауғаш, раң гүлдерінің шырыны балға айналғанда дәмі сондай керемет, тіл үйіреді.
Айтқандай, достарым, таудан жабайы араларды да көрдік. Олар ағаштардың қуысына ұя салады екен. Аралар аталық, аналық деп бөлінеді. Аталығы ұя салса, аналығы гүл шырынын жинайды.
Расул екеумізді жабайы ара шағып алды. Тау-тасты басымызға көтеріп жыладық. Сонда атамыз:
– Әй, балалар, жыламаңдар! Араның шаққаны – ем, денсаулыққа пайдалы, – деді.
Біз демалыс кезінде атамызға қолғабыс еттік. Рақым ата бізге батасын берді. Міне, қыста сол балды жеп, жылы үйде отырмы, «Еңбектің наны – тәтті» деген шындық екен. Мен үлкен болып өскенде атам сияқты еңбексүйгіш жан боламын деп ойладым.
ҚАНСОНАРДА
Қансонар уақыты еді. Жаңа жауған қардың беті шимайланған оқушының дәптері секілді. Небір іздер жатыр. Анық бағыты бар жолдар аңшыға бірден-бір көмек болса, ит-құсқа қауіпті. Саятшылықты кәсіп етіп, серік еткен Рымқұл шал немересімен тау бөктерінде жүр. Түз тағысы қасқырдың ізін барлап, аңдып келеді. Қатпарлы асудан көтерілгенде дала жазық, құлан қашса құтылмас құлазыған кең екен. Айнала анық, айқын көрініп тұр. Із кескен аңшы жаңылмады. Аңшы мен бөрі бетпе-бет жолыға кетті. Аралары он бес метр. Күннің суықтығынан бүрсең қаққан бөрі айбаты шеге алмай, шалдан бір мейірімділік күткендей еді. Шал қос ауыз мылтығын оқтап алып, қасқырды көздеп шүріппені басып қалды. Қатар атылған оқ зуылдап барып көк бөрінің сауырына тиді. Түз тағысы шыр көбелек айналып, шарқ ұрып барып құлады. Күмістей жылтыраған аппақ қар лезде субұрқақтай шашыраған қызыл қанға боялды. Шал аттан түсіп, қасқырды айнала жүріп қарады.
– Ойбу, балам, олжамыз өте арық екен, жә, терісін сыпырып алып, керегеге керіп қоямыз, – дегені сол еді, даусы дірілдеген немересі:
– Ататай, мынауың жарамады, қалай дәтің шыдап аттың?! Жемтігін таба алмай жүрген ашқұрсақ бөрінің бөлтіріктерін ойладың ба?! Қарашы, аузы ашылып, көз ұшында бір тамшы жас ағыпты. Көк бөрінің көз жасына қалдың-ау? – деп ойындағысын іркілмей айтып салды, ал атасы үнсіз қалды.
МЕЙІРІМДІ АҢШЫ
Биылғы қыс ызғарлы, өте суық болып тұр. Алатаудың бөктерінде қар көшіп, боран құйындап, қыс қаһарына мініп алған. . Тауды мекендейтін аң-құстың тамақ тауып, қоректену қиынға соқты.
Тау етегінде Бидахмет аңшы тұрады. Аңшыдан басқа біраз түтін бар. Қарт аңшы бір күні жолда келе жатып, жолдан қасқырдың кішкентай бөлтірігін тауып алады. Аңшы: «Мына бөлтірік жолда неге жатыр, әлде қасқырдың өзі тастаған ба? «Мен өліп қалсам, бөлтірігім жетім қалмасын» деп тастап кеткен болар» деп ойлады. Сөйтіп, аңшы бөлтірікті үйіне әкеледі. Ата қасқырдың баласын бағып-қағып өсіреді. «Сырттан» деп бөлтіркке ат қояды.
Бір күні ата ауыз үйдің табалдырағына келіп жатқан, бір аяғынан қан тамып тұрған қоянды көреді. Аңшы қоянды алып, мата төселген жылы жерге жатқызып, аяғын дәкемен орайды. Біраз күн өткен соң қоянның аяғы жып-жылтыр болып жазылып кетеді. Қоянның аяғының жазылғанын көріп, аңшы шал қуанады. Осылайша аңшы, қоян және бөлтірік үшеуі тату-тәтті, бір отбасыдай болып өмір сүреді.
Елдос ТОҚТАРБАЙ