Айзада РАХЫМЖАНОВА. Оңашада ойларыммен кеңесем…

ТҮС

Ұйықтағым келмейді!
Түсімде ылғи түн перісі тергейді:
«Қасыңдағы көркем жігіт не керек?
Оны бізге бер», – дейді.

Сосын мені жұлып тастап
қойныңнан,
Аймалайды, иіскейді мойныңнан.
Перілерден, айтшы, қалай құтылам,
Түсіме ылғи кіріп алып той қылған?

Сөйлеу түгіл, қозғалуым қиын-ақ,
Ару пері бар айласын жиып ап…
Алдыңа кеп билейді шыр айнала,
Менің қызыл көйлегімді киіп ап.

Ұнайды екен саған мұндай серілік,
Мені ұмыттың, әлгілермен желігіп.
Перілердің бірі арқаңды уқалап,
Бірі жатыр төсегімде керіліп.

Менің әтір, бояуымды жағып ап,
Сені мәз ғып,
таңға дейін қағынад(ы).
Сосын…
Сосын кетеді ұшып аспанға,
Арқасына қанаттарын тағып ап.

…Мейлі көктем келсін қайта,
күз өтіп,
Ұйықтамаймын, әуреленбе түзетіп.
Өңімде алып кетпес үшін перілер,
Отырамын түні бойы күзетіп.

КЕЗДЕСУГЕ КЕЛЕЙІК БЕТПЕРДЕСІЗ…

Қаланың да дәл мендей іші пысты,
Адамның да өңі сұр, түсі сұсты.
Кеңістікке қарап ем әйнегімнен,
Жаным менен табиғат түсіністі…

Терең тыныс алғандай Жер-Анамыз,
(Жер-Анадан себепсіз кек аламыз).
Топырақтан жаратқан, топыраққа,
Айналамыз бір күні деген Аңыз…

Бұл жалғыздық не түрлі ой салады,
«Сағындың ғой, мойында»
дей салады.
Сізді де еске салды еріктен тыс,
Жауладыңыз сананы, бейсананы.

Оқшаулаған біздерді көктем дерсіз,
Хатқа жазған жауабы өктем дерсіз.
…Жаз келгенде жайдары, жүздесейік.
Кездесуге келейік бетпердесіз…

Жүздесейік, жібісе ғалам сызды,
Жүрек мұзды болса да, жанар күзгі.
Киіп келем түсі аппақ көйлегімді,
Сосын, сосын құшақтап алам сізді!
Ал, әзірге, үйде бол, Адам Ізгі!
ОҚШАУЛАНУ

Жүректі ауыртатынның,
Жүйкені тоздыратынның,
Жаныңды жылататынның,
Жазықсыз жазғыратынның,
Бәрін де ұмытайықшы…

Теңіздей тасығам күпті,
Сөнбесін шырағың елес.
Байқасаң, осыған тіпті,
Отшашу кінәлі де емес…

Алтын Тәж «аруды» құштық,
Ол пері, уытында лаң.
…Мұздаған денеңді, ыстық,
Шәй демдеп жылытып алам.

Жел-сөз бе?
Ескірген, кезбе!
Мүсәпір хәліңнен безін.
Пайда жоқ, ешкімнен өзге,
Дәрі де, дәрумен де өзім…

Арманның ақ парағына,
Ең ғажап хат жазайықшы,
Қажытты Астанаң мына,
Алысқа аттанайықшы,
Алысқа аттанайықшы…

КҮЗ ӘУЕНДЕРІ

Жұлдызымен жаққанда аспан үміт,
Кірпігіме қойдыңыз жас тағы іліп.
Сізді қалай сағынып қалғанымды,
Айтқым келіп тұрғаны-ай
ақтарылып.

Түпсіз, қалың тұманның ішінде де,
Сезіміме көлеңке түсірмегем,
Келмейтінін ішіңнен сезіп тұрып,
Қандай қиын, жауапсыз күту деген?

Көңілімнің қамалын көш бұзады,
Артып қойып жүрсіз бе, бос кінәні?
Жылатуға немесе жұбатуға,
Күз де келіп үлгерді…
Жоқсыз әлі…
* * *
Біз екеуміз бірге болсақ – аспанбыз,
Жанымыздың жұлдызын
дөп басқанбыз.
Шын сүйіскен ғашықтарға
дәлелміз,
Жырлағанға жарты күндік
дастанбыз!

Біз екеуміз бірге жүрсек – теңізбіз,
Аңсадың ба?
Көзіңді іл де, деміңді үз…
Тұңғиыққа батып бара жатады,
Жанарыңа үңілгенде керім қыз.

Біз екеуміз бөлек кетсек – ӨЛЕҢбіз,
Мүмкін екі ғаламшармыз, әлембіз!
…Жалғыздықтың ілестім де соңына,
Тағы келдім қарсы алдыңа:
– Сәлем, Күз!

* * *
Оңашада ойларыммен кеңесем,
Сызып көрем тағдырымның
сұлбасын.
Білесіз бе? Күліп жүред(і) демесең,
Маған осы мұң жақын…

Маxаббат пен бақыт табу –
тең әуре,
Оны іздеген жырымды әлем
тыңдасын!
О бастан-ақ жалғыз ба едім
мен әлде?
Маған осы кім жақын?

Жолыңызды күтіп талай
тамшы ірккем.
Жаныңызға тартпадыңыз сіз жақын.
Жапырағы көз жасымды
сан сүрткен,
Маған осы күз жақын…

* * *
Неткен нәзік, сезімтал тұла бойы,
Жасқа шомып, жастығын
жастанды күз.
Сөзімізде тұра алмай уәделі,
Өкпелетіп алдық па аспанды біз?
Жалаң аяқ қара су жалдап өттім,
Көйлегімді аяды ел: бүрмелі, көк.
Жан жылуын ұсынған
болмады ешкім.
Жүрегіңнің түкпірі кірледі деп.

Күн шуағы нұрлы еді кеше қандай?
Бұл өмірде бар ма өзі тастанды бақ?
Менің мұңайғанымды көтере алмай,
Майқұдықта тұр бүгін
аспан жылап…

* * *
Тұрса да күн күлімдеп,
таң нұрланып,
Төбемізден төгілген
жаңбырда – үміт.
Бақыт іздеп шығатын
жолдар – соқпақ,
«Сезім» жайлы мұңлылау
әннің бәрі.

Түсімде көргенімдей күйресе өңім,
Бақытымды тапқандай
күй кешемін,
Өмір өзі көрсеткен, қаласаңыз –
Жылап тұрып күлуді үйретемін.

Бәрін ұмыт, ештеңе қалдырмағын,
Жылағаным –
әлбетте жазғырғаным.
…Арулардың өзіндей – жаны сұлу,
Бірақ, әттең, бақытсыз тағдырлары.

* * *
Өзге айтатын не қалды?
Ештеңе де!
Бір ауыз сөз түспейді еске неге?
Бұл біздің «қош»десетін жолайрық,
Мен босаттым, сен де сөйт,
Өкпелеме!
Махаббаттан алмаған қалды неміз?
Бірге бөтен, ал түзде паң күлеміз.
Ел алдында бақытты боп жүреміз,
Таусылғалы о қашан, әңгімеміз!

Кеудемізде мұң-майдан, бөлек егес,
Жұбатпашы, өтінем… керек емес.
Өлең жазбай жүргенің сылтау емес,
Өлең жазбай кеткенім себеп емес.

Шашыламыз, жаңадан құралармыз,
Қоштасуға жарасқан бір-ақ аңыз:
Сен кетесің, мен қалам жылап үнсіз,
Аяқталсын осылай ДРАМАмыз…

* * *
Дүниенің ең ұсақ бөлшегіміз,
Біреу үшін өзіміз бұл Әлемнің.
Бойымдағы бар мінді өлшедіңіз,
Лай болып тұна бердім.

Білмейміз не боларын ертеңіміз,
Жанымның айтары көп,
тұсады ернім…
Суретімді, xатымды өртедіңіз,
Күл болып ұша бердім.

Білем, аппақ емеспін, иланыңыз,
Маxаббатқа жүрегім бөленді аз күн.
Ең жылы сөзіңізді қимадыңыз,
Мен сізге өлең жаздым.

Таразыға салдым да, өлшеп көрдім,
Сезім – Ұлы жаршысы Тәңірінің.
Кеше сізді көрмеуге серт еткенмін,
Кешірдім тағы бүгін.

Пікір қалдыру