АЛАШ ЖЫРЫНЫҢ АЙБОЗЫ

АЛАШ ЖЫРЫНЫҢ АЙБОЗЫ

әйгілі ақын Несіпбек Айтұлының шығармашылық келбеті

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ

Қазақ халқының үш ғасырлық бодандық қамытынан босап, азаттық алып, тәуелсіз ел болғанына, міне, биыл 30 жыл толып отыр. Шексіз уақыт үшін де, тәуелсіздігімізді мәңгілік болса дейтін арман иелері үшін де, отыз жыл қас-қағым сәт. Иә, артқа қайырылып бір сәп сала қараған кісі қызығы да, қиындығы мол отыз жылдың көзді ашып-жұмғандай ғана сәтте өте шыққанын аңғарар еді…

Кейде тойымсыз көңілмен, тәтті арманмен «анау бола қоймады, мынау жетпей жатыр» деп ширыққанымыз орынды болса да, ауызды қу шөппен сүрту қиянат болар еді. Бұл ретте әр тұстан айтылып қалатын «бұл 30 жылда ғасырға жүк боларлық шаруалар атқарылды» деген уәжбен толықтай келісуге болады. Өзге саланы айтпағанда, қазақ халқының рухани өмірінде азаттық таңы ала келген орасан зор өзгерістердің теңдессіз қуаты, жаңғыртушы ықпалы, әсіресе, әдебиет пен өнерде ерекше серпін беріп, құнды да құнарлы дүниелердің тууына мұрындық болды. Бодандықтың санаға сіңіп қалған улы қалдықтарын аластау, азат күнді қастерлеу, тәуелсіз Отанның іргесін бекемдеу – қазақтың жаңа әдебиетінің алтын арқау, темір қазығына айналды.

Азатықтың ағылдыр айдынындағы ақжал толқындар бодандық бұғауында тынып, тыншып, өлі судай болып қалған халықтың сана мұхитын аспанға көтере шайқап, олардың ішіндегі іштен тынып жүрген шер көңіл шерілерді, қам көңіл перілерді, дарқан дарындыларды руханияттың апантөс айдынына алып шықты. Шұрасы шешілмеген тұлпар, томағасы сыпырылмаған сұңқар қалған жоқ. Мың сан дүлдүл қамаудан, мың сан бұлбұл тордан босады.
Егер қазақ даласын зеңгір көктен бақылап тұрған «сырт көз» болса, тұтас қазақ даласының орманы мен тоғайы, өзені мен көлдері, тауы мен тасы, аңы мен құсы, тіпті құрты мен құмырсқасына дейін «азаттық» деп әндетіп, жырлатып, сырнайланып-кернейлетіп тұрғанын аңғарған болар еді. Енді ше?

Табаны күректей үш ғасырға таяу құлдықта, бодандықта өмір сүріп, толарсақтан қан кешіп, жұлқысқанда жұлын кетіп, қырқысқанда қырым кетіп жүріп, «өлдім-талдым, өштім-біттім» дегенде зорға жеткен бостандық болатын бұл. Ендеше, бұл азаттықты жырламау жер басып жүрген қазақ ақынына кешпес күнә десек, артық болмас… Иә, айтып айтпай қазақ ақындары азаттық туралы жырдың көрігін бір кісідей-ақ қыздырып келеді. Бұл арада азаттықты жырлаған ақындардың саны мен тәуелсіздікті арқау еткен өлең жырдың санынан есеп бергеннен гөрі, жекелеген ақындардың азаттыққа неше ондаған поэма, әлде неше кітап арнағанын айтқан күпая. Міне осындай, азаттықты жан тәнімен, ынты-шынтысымен, көркемдіктің де, азаматтықтың да биік шыңына шығарып, өңдіріп жырлап жүрген ақындардың бірі һәм бірегейі – қазақ поэзиясының ақтаңгері, айтулы ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Несіпбек Айтұлы.

Не туралы жырла, тіпті жай қара сөзбен сөйле, ең әуелі қаламгерге азаматтық мінез, сосын сол айтарың туралы мықтап біліп, жақсылап сезініп, түйсініп, түсініп алу керек екені екі бастан белгілі.
Бұл тұрғыдан келгенде Несіпбек ақынның азаттықтың, азат күннің бақытын, қадір-қымбатын сезінуі, түйсінуі өзгеше, бағалауы алабөтен. Бұл мәселе әсіресе ақынның «Бәйтерек» поэмасында жарқырап көрінеді:

Шүкірлік жарылқаған Аллаға мың,
Маңдайы жақырады кең даланың.
Тәуелсіз атқан таң мен шыққан күннің
Керемет құдіретіне таң қаламын.

Айығып ой тұманнан, сана бұлттан,
Жазылды ескі жара жан ауыртқан.
Азаттық аясында қандай бақыт
Тәуелсіз тыныс алып, ауа жұтқан!

Жоғарыда біз айтқан бодан кездегі бордай тозған елдің «жанындағы жараның жазылғанынан» тартып, тәуелсіз, бостан азамат, тіпті, азат адам ретінде «тәуелсіз тыныс алып, ауа жұтқанның» қандай бақыт екенін сезіну бар да, оны таудан құлаған тұмадай етіп мөлдіреген күйінде, төкпей-шашпай жүректерге жеткізу тағы бар. Ал бұл мақсатқа жетуде қаламгердің қарымы, ақынның дарыны өз алдына, елдің, жердің шежіресін білу, өткенге ой көзімен қарай білу бәрінен де маңызды. Бұл тұрғыдан келгенде де Несіпбек Айтұлының таным-талғамы, ой-пікірі, мақам-мәнері, тұрғы-тұғыры тіптен бөлек. Мәселен, ақын бірде:

Туған ел, жаралғалы не көрмедің,
Көрейін көсегеңнің көгергенін.
Қиырда қыршындарың қалды қанша
Бұйырмай бір жарпырақ сенен кебін.
Немесе:
Шұбартау, не көрмедің, не кешпедің?
Сыр бүккен, бұйрат-бұйрат белестерің.
Мұң шаққан тау тасыңа таң бозынан
Мен де бір бозторғайың емес пе едім?!
* * *
Шын аты абақтының – азапхана,
Азаптың құрбандығы қазақ қана.
Қазақты қазақ отқа сүйрелесе
Ей, тағдыр, мазақтама, мазақтама! –
деп бодандық бұғауындағы ел тағдырын, жұрт тауқыметін толғаса, енді бірде:
Сол үшін Алтай бардық, Арқаны астық,
Жалғанның жарығына жанталастық.
Таяқты тар көпірде көп жедік те,
Аяқты ақсақ аттай тарта бастық.
Немесе:
Бауырында Барқытбелдің туған ұлмын,
Бесіктен белім шықпай мұң жамылдым.
* * *
Қаңбақтай жел аударған дөңгеледім,
Өтінде үрей соққан сұр дауылдың.
* * *
Бабамның басқан ізін қайталаумен
Тау астым, тасты бастым, құмға кірдім.
Шарқ ұрып шартарапқа талпынғанмен
Тартылып сым темірдей сында жүрдім… –

деп, азаттық таңы атудан бұрынғы лирикалық меннің қапастағы халінен сыр шертеді.
Жалпы қара түнек қапас қоғамның қасіреті, бодандықта көрген қорлық-зорлық жеткілікті айтылмайынша жас ұрпақты бүгінгі азат елдің патриоты етіп тәрбиелеу тіптен мүмкін емес. Тағы бір жағынан жеке басының өзі «таяқты тар көпірде көп жеген, аяқты ақсақ аттай тарта басқан» ақындар көргені мен сезгенін әлі де ішіне бүгіп жүре беретін болса, мына азаттықтың, мына бостан заманның қандай қадір-қымбаты болуы мүмкін?! Оның үстіне лирикалық меннің жырлай да зарлай еске алып отырғаны тек жеке өз басының, отбасы, ошақ қасының ғана әңгімесі емес. Бәрі де ел мен жер тағдырына қатысты азаматтық толғаныстар.

Сондықтан да Несіпбек поэзиясының, әсіресе, тәуелсіздіктен кейінгі кезеңінде ел тарихындағы халқымыздың бодандықта сорлаған, жылаған жылдарының шежіресі жанды да әсерлі, үлкен азаматтық жүрекпен бедерленеді. Бұл ретте, әсіресе Жоңғар шапқыншылығы, Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама, Ресей отаршылдығы, Ресей мен Цинь империясының қазақ жерін пышақ үстінен бөліскені, Кеңес үкіметінің орнауы, халқымыздың қасқа мен жайсаңдарының «бай-құлақ» ретінде күреске тартылуы, ұжымдастыру, 32-нің қолдан ұйымдыстырылған қырғыны, 37-дегі қанды қасірет, ҰОС қасіреті, шекараның арғы беті мен бергі бетінде ағайындардың бір-бірінен жарты ғасырдай көз жазып қалуы, Желтоқсан оқиғасы, даламыз бен қаламыздың, тау-өзендеріміздің аттарының бұрмаланып, бөгделенуі… Міне, осының қай-қайсысы да ақын назарынан тыс қалған емес.
Келімсек күш көрсетіп сырыңды алған,
Өксіді байтақ дала жырымдаған.

* * *

Міне, бұның бәрі де бодан кезде отаршылдық жәбір-жапа шеккен, ұлттық қорлау көрген, езілген, геноциттік қырғынға ұшыраған, жаншылған халықтың өткені мен жан-жарасын жақсы білетін сезімтал ақынның жүрегінен төгілген шерлі, мұңлы жырлар болатын.

Осы тұста бір ескерте кетер жағдай Несіпбек Айтұлы өткен күндер қасіретін айтқанда жалаң ғана мұң шағып, шер төгіп «қорландым, тоналдым, қырылдым» деп егіле бермейді. Яғни, ақын туған халқының азатыққа, бостандыққа деген күресінің бір сәт толастамағанын мақтан етеді. Бұл ретте ақын әсіресе сол ұлт азаттық күрестерінің көрнекті өкілдерін, көсемдерін, батырлары мен жырауларын, билер мен абыздарды әдеби образға, көркем бейнеге айналдырып, олардың азаттыққа деген, елдікке деген, бостандыққа деген ұлы мұрат жолында шыбын жанын да, қасық қанын да аяп қалмағанын өршіл рухпен, асқан мақтанышпен, сүйінішпен жыр етеді. Бұл сарында жазылған ақынның қысқа өлең-толғауларын айтпағанның өзінде поэмаларының өзі бір қауым. «Әке туралы жыр», «Бас сүйектер», «Мұхтар мен абыз», «Жасынның сынығы», «Әнім саған аманат», «Үзілмеңдер үндістер», «Мұқағали-желтоқсан», «Ерлік дастаны», «Ақмола оқиғасы», «Сардар», «Бердіқожа батыр», «Шақантай», «Көгала үйрек», «Игорь жорығы туралы жыр», «Қырандар қасіреті» т.б. поэмаларының кейбіреуінде тікелей, кейбіреуінде жанамалай елдің азаттыққа деген ұмтылысын, күресін бейнеледі. Жалпы қай кезде, қай жерде, қандай елде болмасын аққан қан мен төгілген көз жастың түпкі себебі бодандық мен бостандық арасындағы күресті меңзері анық. Ондағы мақсаты бүгінгі жас ұрпаққа азаттықтың аспаннан түспегенін, мыңдаған-миллиондаған құрбандықтың, қанды көз жастың бодауымен келгенін аңдату.

Несіпбек Айтұлының әсіресе тәуелсіздік жылдарында жарқырап, дараланып көріну себебі оның әсемдік әлемдегі жаңаша эстетикалық, философиялық көркемдік ойлау жүйесінің озықтығынан тыс, ақынның азаттықты ардақтап, тәуелсіздікті тұмар тұтып, оны шығарма өзегіне, жыр арқауына айналдыруында дер едік. Біздің бұл сөзімізге ақынның әр жылдарда жарық көрген жыр жинақтарындағы осы тақырыптағы өлең толғау, поэмалары жақсы дәлел. «Әр жылдарда жарық көрген жыр жинақтары» дегеннен еске түседі, жалпы тәуелсіздік жылдарында Айтұлының өндіріп жазып, өнімді жұмыс істегенінің өзі де «еріксіз жат қауымға тізгін берген, қол аяғы байланып шырғаланған» күндерде кеткен есесін қайтарудың қамынан туғаны анық. Арыға бармай-ақ, 2000 жылдан бергісін санамалап көрейікші: «Рухымның падишасы», «Көз жасым», «Бөрітостаған», «Дариға, дәурен» «Несіпбек Айтұлы. Таңдамалы» (жеті томдық)…

Он жылда он шақты кітап. Кітап болғанда қандай?! Проза емес, көсемсөз емес, аударма емес, эссе-естелік емес, поэзияда бұлай өңдіріп жұмыс істеу шын ақын үшін ойыншық емес! Ал ақын қаламынан туған әр кітаптың сөре қайыстырар көлемі ғана емес, ондағы әрбір шығарманың көркемдік эстетикалық, мазмұндық-идеялық салмағының өзін атан тарта алмайтындай десек асырып айтқандық емес.

Жалпы қай елдің, қай кезеңнің әдебиетін, оның ішінде әсіресе поэзиясын алып қарайтын болсақ, ешқашанда мән-мағынасын жоймайтын махаббат, табиғат, көңіл күй, тарих т.б. деп жіктелетін мәңгілік тақырыптардан тыс, әр дәуірдің, әр кезеңнің басты сарыны, өзекті тақырыбы болатыны анық. Оған мысалды өзге емес, қазақ әдебиеті тарихынан-ақ алуымызға болады. Қазақ хандығы кезіндегі Жоңғарға қарсы елдік, ерлік жырлар, патшалық Ресей заманындағы отаршылдыққа қарсы күрес жырлары, ХХ ғасыр басындағы Алашұранды жырлар, Кеңес одағы кезеңіндегі социалисттік жырлар… Ал ХХ ғасырдың соңында қазақ жұртының бодандық бұғауынан құтылып, азаттық, теңдік алып, тәуелсіз ел болуына байланысты өркен жайып, өрлеп тұрған азаттық жырлары. Осылардың ішінде тек Кеңестер одағы кезіндегі социалисттік жырлар ғана тоталитарлық әміршіл жүйенің зорлығымен, халық қалауынан, ақындардың еркінен тыс туған жалған дүниелер. Одан өзгелерінің бәрі ақын-жыраулардың қолқа-жүрегін қопарып, жан-жүйесін жарып шыққан хақ сөздер. Себебі бұл – ел тағдыры, жер тағдыры! Тұтас ұлттың тағдырына қатысты қуаныш-қайғыны былай қойып, күнделікті күйкі тірліктің ыстығы мен суығы жүрегін тіліп өтетін ақын үшін бұндай сәтте бейжай қалу әсте де мүмкін емес. Сол мүмкін еместің бір мысалы, бір өкілі біз сөз етіп отырған, азаттықтың жанкешті жыршысы ақын Несіпбек Айтұлы.
Жалпы Несіпбек поэзиясындағы алып арнаның, ақ жалын аққан жалынды ағыстың бірі – халқымыздың ізгі, ескі де есті қасиеттері.

Бұл тақырыпта өз кезегінде жалпы оқырманды, әсіресе жастарды халқын, елін, жерін сүюге, ұлттық патриотизмге бастап баратын соқпақ екені белгілі. Аталған соқпақта да ақынның өрнегі өзгеше, қоржыны қомақты. Тарихимызды ендей қарап, көктей шолғанның өзінде көзге оттай басылып, көңілге жылы сезім ұялататын жағдай – қазақ халқының тұлпар тектес, жылқы мінездес жұрт екендігі. Алғаш жылқыны қолға үйреткен ортаазиялық біздің арғы ата-бабаларымыз екеніде тарихтан белгілі. Мүмкін қазақ пен жылқының үндес, мінездес, тағдырлас болып кеткені де содан шығар. Ал фольклорлық жырлардағы жылқы (ат) тақырыбы сауатты қауымға белгілі. Демек дүлдүлтекті халықтың тұлпар текті ақындарының қамбар ата рухына көбірек тағзым етуі, жылқыны жыр арқауы етуі – жайдан жай емес. Яғни дүлдүл мініп дүниені дүрілдеткен күнін аңсау, тұлпар мініп ту ұстаған кезін еске алу – түптен келгенде бүгінгі ұрпақтың ұлттық рухын серпілтуге қапысыз қызмет атқарары хақ. Несіпбек ақын өзінің де бала күнінен ат құлағында ойнап өскен дүлдүлтекті халықтың баласы екенін бүгінгі азат елдегі немерелері мен шөберелеріне мақтана, шаттана жыр етеді:

Арғымаққа мініп көр,
Басылмаса аптығың.
Маңдайыңнан суық тер
Тамшыласа – жақсы ырым.
* * *
Құлын кірді түсіме бүгін менің,
Көрдім анық ойнақтап жүгіргенін.
Жануар-ай ғайыптан қайдан келдің,
Көптен бері жүректің түбінде едің.
* * *
Жүйрік ат мініп түсімде,
Дүниені кезем сайрандап.
Өзге бір өмір ішінде,
Өзіме тұрам қайран қап.
* * *
Төрт тұяқ қатар соққан тастан қатты,
Түтіндей қою шаңды аспанға атты.
Көкжиек көз алдымда дөңгеленіп,
Жануар жанарымнан жас парлатты, –
деп ақын өзінің де, елінің де арғымақ мініп, желмен жарысып өткен «өзгеше бір өмірін», сайран дәуірін еске салса, енді бірде:
Тел құлындай өсірген туған ауыл,
Сен дегенде шығарда жаным бөлек.
* * *
Жетемін елесің,
Шақырса бұлдырап.
Аңсаған енесін,
Құлындай құлдырап.
* * *
Онда ізі бар бабамның тұлпарының,
Естігенмін шыңынан сұңқар үнін.
***
Ағажан, көкпар қайда, торы ат қайда,
Будақ шаң енді қайтып боратпай ма?! –

деп туған жерін, ауылын сағынып аңыраса, сол сарытап сағынышының өзі де тұлпармен, жүйрік атпен өзектесіп жатады.
Жоғарыда айтқанымыздай бұдан өзге де қазақ халқының кісілік, ерлік келбеті не озық салт-дәстүріне арналған жырлар ақын шығармашылығынан мол орын алған. Бұл арада ол шығармалардың ұзын санын түгендеп, олардан үзіп-жұлып мысал алғаннан гөрі, ақын поэзиясынан қазақтың бесік жырынан жоқтау өлеңіне дейінгі аралықтағы тірлігінің бәрі табылатынын айтсақ та жеткілікті. Алайда оның бәрі елді, жерді – Отанды сүюден басталған, оқыған жүректі де сол жолға жетектейтін сымбатты сыр, есті жыр. Бір қызығы жоғарыда біз санамалап өткен жыр жинақтарын қарап отырсақ, ақынның селт етпе, желп етпе тақырыптарға, күнделікті, мезгілдік, науқандық, мерекелік тақырыптарға сараңдығы таң қалдырады. Есесіне тақырып таңдауда ақынның соншалық талғампаздығы аңғарылады. Бұл ретте арғы-бергідегі, алыс-жақындағы ұлы шайырларды толғандырған, сабылтқан іргелі, мәңгілік тақырыптар Несіпбек Айтұлын да толғандырады, сабылтады. Кейде тәржімалау (Навои, Бо Цзюй, Ж.Еміре т.б.), кейде жарыса жазу (Абай, Мағжан, Қасым, Мұқағали), үн теңестіру сәттерінде туған үндес, сарындас, мазмұндас шығармалар өз алдына, тасқан сезім, асқан шабытпен көсіле, есіле жырлаған кейбір тұстарда не бір соқталы тақырыптарды, соқпақсыз ирімдердің өзін шыңына шығара жырлайды. Мәселен, ақынның әр тақырыптағы лирикаларынан үзінділер оқып көрейік:

Қазақ жыры қайтіп оңар, әр бұтада бір көкек,
Сұңқылдайды өз аттарын шақырумен күнде тек.
Бұлбұл үнін танымайтын шойынқұлақ заманда,
Жезтырнақтың жолы болғыш көйлек киген гүлді етек.
* * *
Есік ашса кең аспанның күймесі,
Айдан анық маған орын тимесі.
Уа, дариға, жерге түспес жұлдыздар,
Сенің алтын омырауыңның түймесі.
* * *
Атқан таңның сәулесінен ақ орамал бұйырмай,
Өтті қанша қапас күндер қапқа салған бұйымдай.
Алтын өмір жүре берді көз алдымда арзандай,
Қайыршының уысында сылдыр қаққан тиындай.
* * *
Өксігін жұтып мың күйдің,
Өтіме ащы мұң құйдым.
Аранын ашып жыландай,
Десе бір тағдыр қылғимын,
Шырылдап тұрып, шыбындап,
Несіне басты шұлғимын.
Бетінде өр мен ылдидың
Сусыған желдей сырғимын.
Бауырлап ұшқан бұлттардың,
Басынан бір-ақ ырғимын.
Тұяғы батпас жыртқыштың,
Бөтегем болат қырғимын.
* * *
Ахау, жалған,
Арман, арман!
Аққудың көз жасындай көлге тамған,
Жанымды тербетесің шерге толған!

Егер ақынның бұндай алтын асықтай, күміс қасықтай шумақтарын тізе беретін болсақ, оның жыр жинақтарын тұтастай көшіріп шығуымызға тура келуі де мүмкін-ау. Жоғарыдағы үзінділерден көріп отырғанымыздай, ақынның образды ойлауы, көркем сөз кестесі өз алдына, ең бастысы ондағы дүниені қабылдау мен бейнелеудегі ұлттық айшыққа тәнті болмай тұра алмайсың! Ал ақынның арман туралы өлеңіндегі «Аққудың көз жасындай көлге тамған» деген бейнелеуі ғасырда бір туатын сөз – картина! Картина болғанда да қазақтың жан дүниесіне, рухани әлеміне, сана-сезіміне етене, ыстық сурет. Атап айтқанда аққу, көз жасы, көл… бәрі-бәріде қазақтың ұғымындағы қадірлі, қастерлі, киелі, сырлы да сыбатты дүниелер. Ал қазақ қазақ болғалы аққуды кие тұтады, қастерлейді. Қазақ қазақ болғалы аққудың жылайтынын біледі. Алайда аққудың көз жасының тырс етіп көлге тамып, су бетінде нәсік, жеңіл толқын тудыратынын, ал бұл толқынның шерге толып шүпілдеп тұрған адам жанының толқуына ұқсайтынын қазақ қазақ болғаны Несіпбек ақын тұңғыш рет айтып отыр. Бізше болғанда сөз-патшасының тағын биікітетіп, абыройын асыратын осындай қиыннан қиысқан соны, үр жаңа бояулар болуға тиіс.
Жалпы қазақ әдебиетінен «ана измнің ізін, мына измнің сорабын» іздеу немесе әлдеқандай ағымдарға қазақ әдебиетін апарып телу – бос әурешілік. Себебі өзге елде, бөгде топырақта туған изімдер мен ағымдар – сол өзі туған топырақта ғана көктейді, өзге топыраққа еш уақыттта тамыр жібере алмайды. Ал қазақ әдебиеті қай кезде де қазақы шапан-шекпенімен ғана ерекшеленеді һәм сонысымен де құнды. Сондықтан жалпы өнер атаулының басты өлшемі, сыр мен сымбат болуға тиіс. Сыр дегеніміз – шығармадағы мазмұн, ой, идея. Ал сымбат болса, ол – сұлулық көркемдік, накыш, бояу. Біз сөз етіп отырған ақын Несіпбек Айтұлының да сөз өнеріне, ұлы поэзияға осы мәңгіліктің безбенімен – сыр мен сымбат биігінен қарайтыны менмұндалайды. Несіпбек поэзиясындағы ең басты доминант, негізгі бөгенай міне осы тұғырнамадан туындап жататыны даусыз. Және оның қазақ поэзиясының иығына жапқан шекпені қазақы, бірақ матасы жаңа, өңі өзгеше, өрнегі бөлек.

Атадан қалған сары жұрт –
Арасы Еділ, Есілдің
Киесін білер бір құдай,
Иесі өзің десін кім?
Түлігім жатқан тепсеңге
Өгей шөп әкеп өсірдім.
Өгейлік емей немене,
Қамшысын жедім көшірдің.
Боздағы шыққан бетінен,
Жетімі құсап жесірдің.
Мүйізді мұқыл бұғыдай,
Бұғынып ғұмыр кешірдім.
* * *

Бұлай толғау, тамырын ұлттық әдебиеттің құнарлы топырағына терең жіберген, бүгінгі (дұрысы кешегі кеңестік кезеңнің) күннің тамырын дөп баса білген үлкен таланттың ғана қолынан келетін шаруа. Өйткені «Есіл де есіл, есіл күн», «Бауырым, сонау күн қайда?», «Басымнан қымбат сөз құны», «Қырықтан асқан шағымда», «Шәкірге соңғы сауал», « Мұхтар мен Абыз», «Аузына ит сарыды» т.б. толып жатқан толғау-жырларды шырқыратып бастап, өз биігіне шырқатып, шырлатып, шығандатып жеткізу үшін жай ғана ақындық талант аздық етеді. Яғни бұл арадағы қазақы өрім, қазақы өрнек, қазақы мінез бәрінен де маңызды. Өлеңдегі ой мен сезімді, мән мен мәнерді әлсіретіп алмай, «айналасын теп-тегіс, жұп-жұмыр етіп» мәреге жеткізу — өлең қуған әр кімді былай қойып, мен-мен деген ақынды сылып, сығып алатын қиын шаруа. Ал Несіпбек ақынға ол онша қиынға соқпайды. Себебі онда төгіліп, асып-тасып тұрған ақындық қуатқа қоса, туған елінің тарихы мен тағдырына, рухы мен мұратына терең бойлау бар.
Қазақ тілінің лексикалық байлығын жақсы білу, қазақ халқының тұрмыс-салтын кеңінен меңгеру, адам мінезін, замана келбетін дөп басатын әсерлі де жанды бейнелеулерге икемділік секілді ерекшеліктер Несіпбек поэзиясының, әсіресе оның жоғарыда аталған толғау-жырларының басты қасиеттері.
Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиетінен, әсіресе қазақ поэзиясынан ерекше орын алатын іргелі көркем туындының бірі – Несіпбек Айтұлының «Бәйтерек» поэмасы. Ақын аталған шығармасын тәуелсіздігіміздің де, жаңа астанамыздың символындай болған елордамыздағы «Бәйтерек» монументінің атымен атапты. Ол – бүгінгі жаңа Қазақстанның жаңа астанасының символы ғана емес, қазақ халқының кешегі ертегісі, бүгінгі ақиқатқа айналған арманының да символы.

Халқымның сан ғасырлық ғұмыры да,
Уақыттың жұқ болмапты жұмырына.
Армысың, Азаттығым қыран қанат,
Қалықтап қайта қонған тұғырына, –
деп тебірене, шалқыта, шарықтата толғауында зор шыңдық жатыр. Ал:
Өлеңнің ақтаңгері арғы бабам,
Басынан ешкім асып қарғымаған.
Түсімде тәуелсіздік падишасы,
Ақ қағаз, алтын қалам берді маған, –

деген жолдарда автор алдына қойып отырған шығармашылық мақсаты мен поэманың азаматтық әуен-мәнерін оқырман алдына жайып салады.
Он шағын бөлімдерге бөлінген поэма бастан-аяқ 11 буынды қара өлең ұйқасымен жазылған. Оқып отырған кісіге бір леппен, бір демде төгіле салғандай әсер етеді. Жалпы поэманың өн бойынан ақынның азаттыққа деген шексіз тағызымын, Елбасына деген таза құрметін, елорда – Астанаға деген шынайы махаббатын аңғару қиын емес.
Жасырып-жабатын несі бар, қоғамда ақынның аталған поэмасы туралы әр түрлі пікір айтылып қалып жүр. Әрине демократиялы ел болған соң әр кім өз пікірін айтуға құқылы. Дегенмен, Несіпбек Айтұлының «Бәйтерек» поэмасына мына үш қырынан қарайтын болсақ, еш қандай керітартпа, керібақпа пікірге орын қалмас еді. Бірінші, көркемдік-эстетикалық тұрғыдан поэманы әдеби шығарма деп қарастырсақ, онда поэманы ақын талантының белгілі бір деңгейдегі көрінісі деуге толық негіз бар. Екіншіден, идеялық-тәрбиелік мәні тұрғысынан, егер біз әдеби шығарманың тәрбиелік рөлін жоққа шығармайтын болсақ, онда «Бәйтерек» поэмасы жалпы оқырманға, әсіресе, бүгінгі жас буынға отансүйгіштік, ұлттық патриоттық рух, жігер беретін мәнді, мағналы туынды. Үшіншіден, поэмадағы екі-үш бөлімде Елбасымыз Н.Назарбаевтың астананы Алматындан Арқа төсіндегі Ақмолаға көшірген ерлігі, азат қазақ еліне Астанадай жаңа Елорда салып берген ерен еңбегі жырланады. Міне қоғамдағы әр түрлі пікірге тамыздық болып жүрген де осы соңғы бөлім. Бізше болғанда, егер Н.Назарбаевтың тәуелсіз қазақ елін басқарған жылдарында екі еңбегі болса — біреуі осы астананы Ақмолаға көшіруі. Егер бір ғана еңбегі бар десек, онда да Қазақ елінің айнала шекарасын бекітіп, жаңа астанасын халқының қалауымен ауыстырып, Арқа төсіне Астанадай әсем қала салған еңбегін ерекшелеп, бөле-жара айтуға болар еді. Бұл туралы ақынға сөз берсек:

Өткендер оба-қазық орнатып па?
Шекараң анық еді қай уақытта?
Бекітіп ұлан-қайыр айналасын,
Бүгінде болып отыр елге тұтқа.

Ойланшы, кеше қазақ кім едің сен,
Құлпырып бүгін қайта түледің сен!
Ортаға Астананы орнатқаны –
Ғасырдың оқиғасы біле-білсең, –

деп ағынан жарылған ақын әр бір қазақтың жүрек түкпіріндегі шын сырды, ащы ақиқатты қалың жұртына жайып салады. Ендеше бұл пікірмен келісетін адамның ақын Н.Айтұлының «Бәйтерегіне» жөнсіз-жосықсыз сүйкенуі қисынсыз деп есептейміз. Бұл бір. Тағы бір жағынан қарағанда, басқа басқа, о заман да, бұ заман ақынды ұлтының теңдік алғанын, елінің азаттыққа жеткенін, жерінің бостан болғанын жырлағаны үшін күстаналаған бар ма?! әлде қандай пендешілік сөздің айтыларын ақын поэмасын жазарда-ақ мөлшерлесе керек:

Сенемін асыл сөздің тозбасына,
Жетеді өз бақытым өз басыма.
Күбірлеп құлағыма жеті түнде,
Қоймады осы жырды жасбасыма, –

деп «намысын күнкөріске айырбастап» үйренген пенделерге алдын ала ескерту жасайды.
Қысқасы бәрін айт та, бірін айт – «Бәйтерек» поэмасын Несіпбек ақынның ғана емес, тәуелсіздік жылдарында туған, азаттықтың ақ таңын арқау еткен, ХХІ ғасырдағы қазақ әдебиетінің жұлдызды туындысы деуге толық негіз бар.
Қай кезде де жауырды жаба тоқымай, мына ақиқатты мойындауға тиіспіз, Қазақ елінде отыз жылдан бері жүріп жатқан тәуелсіз, демократиялы мемлекет құру науқаны һәм осынау ұлы бетбұрыс арқалай келген барлық жаңа құбылыстар, жас демей, кәрі демей, қазақ халқының әрбір өкілін бейтарап қалдырған жоқ. Оның басты белгісін бүгінгі қазақ мәдениетінің түрлі категорияларында бейнеленіп жатқан жаңалықтар мен өзгерістерден аңғаруға болады. Оның үстіне, Қазақ еліндегі тәуелсіз ел құру секілді осынау ұлы науқанмен тұспа-тұс, тіпті, қапталдаса келген жаһандық ғылым-техникалық, ақпараттық жойқын ағыс адамның жандүниесі мен қоғамның бар саласына екпіндей еніп, өз үстемдігін жүргізіп отырғаны жасырын емес. Атап айтқанда, аталған ғаламдық жойқын ағыс ала келген таным-пайымдар, түсініктер, өзгерістер, жетістіктер, жаңалықтар, заттық игіліктер қазақ халқының сана-сезіміне, дәстүрлі құндылық көзқарасына, жалпы қоғам мүшелерінің өндірістік катынастарына, таным-түсінігіне ерекше ықпал етуде. Революцияға бергісіз бұндай бетбұрыстар, дәстүрлі мәдениет пен жаңа өркениеттің тоғысу барысы, әрине, руханияттың күретамыры, алтын арқауы болып есептелетін әдебиетті де айналып өткен жоқ. Өйткені, әдебиеттің негізгі обьектісі – адамның сана-сезімі түлеп, таным-пайымы өзгеріп жатқан жерде, қоғам жаңғырып, жаңарып, өсіп жатқан жерде, әдебиеттің де жаңғырмауы, түлемеуі мүмкін емес. Әсіресе, ықшам да ұтқыр, өткір де сезгір жанр поэзияның – «қансонарға» алдымен аттануы заңды құбылыс. Демек, қаламгер қауымның қиялынан қырсау, қаламынан тұсау алынды. Ой-пікір, сөз азаттыққа шықты. Бұдан әрине, «әдебиеттің бағы жанды» деген ой тумауы керек. Себебі, жоғарыда айтқанымыздай, соңғы жылдардағы жаппай индустрияландыру үдерісі, ғаламдық ақпараттық-коммуникациялық өрлеу, сапырылысқан адамдар тасқыны, урбанизация, адам мен табиғат арасындағы жарасымдылықтың бұзылуы, бүгінгі өмір сүру салты мен дәстүрлі тіршілік қағидасы арасындағы іліктестің сетінеуі, дәстүрлі мәдени құндылықтар өрісінің тарая бастауы – әдебиеттің аспанын аласартып, тынысын тарылтып барады. Міне осылардан-ақ, онсыз да «сыздаған барлық жараның аузында жүретін» ақындардың рухани жай-күйін аңдай беруге болады. Дегенмен, қазақ әдебиетінің тарихына қарап отырсақ, ылғи бір қарлы-дауылда, алапат-тайфунда желге қарсы ұшатын, сол арқылы тірнектері мен түлектерінің топшысын шыңдап отыратын дауылпаз құстар секілді, осындай алмағайып сын сағаттарда шабыттана, өршелене, ерегесе түсетін сөз зергерлері аз болмағанын көреміз. Сондай қаламгерлер Қазақ елінде қазір де жоқ емес. Солардың алдыңғы легінен біз тағы да сұңқардай сұқсұр, тұлпардай ұтқыр ақын Несіпбек Айтұлын көреміз.
Әрине, сөз өнері шын «дертіне» айналып кеткен нағыз ақын үшін еш бір заман ұжмақ болған емес. «Іші толған у мен өрт» болып ұлы Абай өтсе, «Құсалықпен өтті ғой Махамбеттің көп күні» (Махамбет). Ұлы Мағжан «Сұм өмір абақты ғой саналыға» дейді. Кешегі Мұқағалилар «айтып өткен ақында арман бар ма?!» деп аһ ұрып кетті. Ал бүгінгі ақынның назасы мен наласы Абайдың дертінен, Махамбеттің құсалығынан, Мағжанның мұңынан, Мұқағалидың өкінішінен мүлде басқа. Яғни бүгінгі ақынның наласы мен назасы – сөздің қадір-қасиетінің, мәні мен құнының қалмағаны. Қазір қарап отырсақ, қалың айқыш-ұйқыш, шима-шату, даңғаза айғай, мағнасыз у-шудың тасасында қалған Музаның қараушысы жоқ, жетім қыз секілді жүдеу-жадау, мең-зең, мүсәпір қалге кіріптар болғанын өнді-мөнді болып тұрып мойындамай тұра алмаймыз. Басқаша айтсақ, біз, әсіресе, ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың бас кезінде өмір сүре отырып, қасиетті сөз өнерінің, соның ішінде әсіресе поэзияның еріккеннің ермегіне айналғанына куә болдық. Осылайша арзан атаққұмарлық пен пасық пайдакүнемдік, ойсыз дүниеқоңыздық салтанат құрды да, поэзияның, жалпы сөз құдіретінің қадір- қасиетінен айырылуына әкеліп соқты.
Сондықтан ақындар өз дәуірінің егесі, көзі-құлағы, тілі-үні және руханият мұрагері болғандықтан, олардың біразы бұрынғыдан арман жетімсіреп, қауқарсыз күйге түсті. Көбісі бағыт-бағдарынан адасқан кемедей белгісіз жағалауда қайраңдап қалды. Алайда, біздің кейіпкеріміз Несіпбек Айтұлы ондай күйге ұшыраған жоқ. Оның себебі, біріншіден, Айтұлының қайталанбас, тебінді ақындық қуатынан болса, екіншіден, ақын басты бағдаршамынан, қасиетті қыбыласынан ажыраған жоқ. Ол бағдаршам, ол қыбыла – қазақ халқының азаттығы, тәуелсіздіктің тағдыры. Осы алтын қазыққа өзін де, қаламын да кіндігінен мықтап байлаған ақын, әсіресе, соңғы жиырма шақты жылдың жүзінде жарқырап көрінді. Себебі ақын азаттыққа қыбыладай тәу етіп еді, «әз тәуелсіздік» оның «алдына ақ қағазын жайып, қолына алтын қалам ұстатты». Өзгесін айтпағанда, біздің бұл сөзімізге Несіпбек Айтұлының мемлекеттік сыйлықтың бәйгесінен маңдайы жарқырап келген «Арқатірек» атты поэмалар жинағы жақсы дәлел. Бірінен бірі сүбелі, бірінен бірі сүйекті, бірінен бірі тағылымды төрт поэманы оқыған кім-кімнің де, «Арқатірек» кітабына баспа тарапынан жазылған: «Ел тәуелсіздігін тынбай жырлап келе жатқан қазақтың көрнекті ақыны, Халықаралық Жамбыл және Мұқағали атындағы сыйлықтардың лауреаты Несіпбек Айтұлының бұл кезекті кітабына «Жалаңтөс», «Наурызбай», «Төлегетай», «Танабай» атты поэмалары еніп отыр. Бұған дейін Абылай, Бөгенбай, Қабанбай, Бердіқожа, Шақантай, Кенесары, Тайжан бастатқан қазақ қаһармандарының ел қорғаудағы асқан ерліктері мен еліміз аңсап жеткен Тәуелсіздік мұратын асқақтата жырлаған «Бәйтерек», «Ту», «Ақмола шайқасы», «Мұқағали – Желтоқсан», «Көгала үйрек» тағы басқа көптеген сүбелі шығармалар жазып, қазақ халқының азаттық жолындағы бірнеше ғасырлық ұлы күресін суреттеген тұтас поэмалар циклін жасаған ақын жаңа жинағында да тың серпін танытып, көркемдік биіктен көрініп отыр. Дастандардың алтын өзегі – елдік, ерлік, бірлік. Ақын бабалар ерлігі мен Тәуелсіз қазақ елінің бүгінгі әлемге әйгілі келбетін жаңа заманның жаңа рухымен ұштастыра жырлайды», – деген аннотациясымен толықтай келісері даусыз. Кітапқа төрт поэмаға ортақ «Әлқисса» жазылған. Сол «Әлқиссаның» бірер шумағын оқып көрейік:

Басынан көне тарих төмен құлдап,
Тағдырын туған елдің келем жырлап.
Өзегім талып жеткен, Тәуелсіздік,
Өмірде не бар екен сенен қымбат!?

Азапты бірге тартып қалың елмен,
Аһ ұрып атамекен тебіренген.
Көк туды көкке бойлап желбіреген,
Қазақтың арманы жоқ көріп өлген!

Бұл Несіпбек ақынның тәуелсіз отанына деген шексіз сүйінпеншілігі ғана емес, азаттыққа «өзегі талып жеткен» елдің жүрек сөзі. Тағы бір жағынан оқырман осы «Әлқиссадан-ақ» ақынның бұл дастандарды «ескі бидей бос мақалдап», «ермек үшін» жазып отырмағанына анық көз жеткізеді.
Жоғарыда айттық, тағы да айтамыз, бүгін патшалық Ресейдің қорлық-зорлығы жоқ, КСРО-ның саптаяқпен ас беріп, сабына қарауыл қойған қитұрқы, қырағы саясаты да жоқ. Бірақ азаттығымыздың құнын арзандатушылар бар, тәуелсіздігіміздің таңын көлегейлеушілер бар. Олардың айтар уәжі көбінде «Тәуелсіздік – ұйықтап жатқан қазақты өзі іздеп келді. Азаттық үшін қазақ қан төккен жоқ»… деген қыжыртпаға саяды. Ежелгі дәуірлерге бармай-ақ, қазақ хандығы кезеңінен бергі тарихымызға назар аударсақ та, мына бүгінгі Қазақ елі бақытты ғұмыр кешіп отырған ұлы даланы еш кімнің бізге «сыйға бермегеніне» куә болар едік. «Сыйға бергенді» қойып, төңірегімізде осы топырақтың бетінен қазақтың қарасын өшіріп, жерімізді басып қалғысы келген басқыншы аз болды ма?! Алайда ана-топырақтың сынық сүйемі үшін қазақ халқы, күн емес, ай емес, жыл емес, қанша ғасыр қан төкті. Қазақты да құдай мұнша қайсар, сірі жан ғып жаратар ма?! Жойылып кетуге шақ қалған сәтінде де, қайтадан қара орман халық болып көктеп отырды. Ақын сөзімен айтқанда:
Өткенді екшемесе, тектемесе,
Қайтар ма өздігінен кеткен есе?
Қара орман – қалың елім жайқалар ма,
Өртеңнің орны қаулап көктемесе?!
Сондықтан ақын ұғымы бойынша, қазір жер басып жүрген тірі қазақ азаттықты қастерлеп, тәуелсіздіктің тағдыры мен болашағын бір сәт естен шығармау керек. Біз сөз етіп отырған «Арқатіректегі» алтын арқау, темірқазық осы. Мәселен «Жалаңтөс» дастанында ақын, әйгілі Жалаңтөс баһадүрдің майдандағы ерлігі мен жай күндердегі ойшыл-кемеңгерлігін, қайталанбас азаматтық тұлғасын жырлай келіп, шығарманың сіргежияр тұсында:

Ата жау келсе бастан орғымаққа,
Мініпті хас батырлар қарғып атқа.
Ерлік пен бірлік жолын салып кеткен,
«Жалаулы», «Қызылқия», «Орбұлаққа»!

Тау мен тас ұлы қырғын оқиғасын,
Сыбырлап жеткізіпті әр құлаққа.
Солардың қаны тамған топырақты,
Тәңірім таптатпасын енді жатқа!

Тарихта берекенің кемдігінен,
Жұрт аз ба жұрдай болған елдігінен?
«Бірліксіз тірлік болмас!» деген сөзді,
Батырлар жазып кеткен ерлігімен!
* * *
Даңқына дара батыр шаң қонбаған,
Тұранның тұтастығын армандаған.
Көк туды қорғайды енді киесімен,
Ерліктің ата жолын салған бабам!

Жоғарыда айтқанымыздай, ақын мақсаты ежелгі тарихты, тарихи тұлғаны, аңыз-әфсананы жыр арқауы еткенде, «осылай болыпты» дегенді ғана өлеңдете беру емес. Есесіне сол тарихи деректер мен аңыздар арқылы бүгінгі азат күніміздің көктен түспегенін жұрт есіне салып, жас ұрпақ санасына құюды мақсұттайды. Бұл тақылеттес шумақтарды осы кітаптағы «Науырызбай», «Төлегетай», «Танабай» дастандарынан да көптеп кезіктіруге болады:

Ізінен қасірет пен шаң шұбатқан,
Ғасырлар артта қалды қансыратқан.
Күніміз не боларын кім біледі,
Атпаса, азаттық кеп, жарқырап таң?!

Күштіге тізе бүгіп басым келген,
Айрылдық атақоныс – асыл жерден.
Қымбатқа түсті бізге бұл азаттық,
Хан Кене, Махамбеттер басын берген…
(«Наурызбай» дастанынан)

Немесе:
Қаншама белшемізден сорға баттық,
Қызыл қан жарамыздан сорғалаттық.
«Мың өліп, мың тірілген» шағымызда,
Әйтеуір бағымызға келді Азаттық!
(«Төлегетай» дастанынан)

Немесе:
Біз жеттік еркіндікке ол жетпеген,
Көк туын күннің нұры өрнектеген.
Жатсын деп өткендер де разы боп,
Рухын жырымменен тербеп келем!
(«Танабай» дастанынан)

Міне әр бір дастаннан алынған бірер шумақ өлеңнің өзі жоғарыдағы біз айтқан Н.Айтұлы дастандарының басты өзек-тұғырын, негізгі концепциясын айғақтап жатса керек.
Ал Н.Айтұлының «Қазақ әдебиеті» газетінің 2021 жылы 23-сәуірдегі санында жарық көрген «Қырандар қасіреті» атты поэма-реквиемінің бітім-болмысы да, концепциясы да тіптен бөлек. Аталған поэма әрісі жалпығаламдық, берісі жалпыұлттық ауқымды тақырыпты қаузаған сұрапыл шығарма. Ол Несіпбек ақынның тың да іргелі тақырыпқа түрен салған азаматтық һәм поэтикалық қуатын байқатады. Поэмадан жаңашылдықтың жусандай жұпарлы исі кеңсірік қабады. Кеудеңді запырандай өксік зар жылатып, жүрегіңді жұлмалайтындай. Дүние жалғанның бейопа тірлігіне алданып жүріп жоғалтқанымыздың көп екенін аңғартқандай. Қазақтың жанының, рухының, ділінің қасіреті іспетті. Тектілік пен тексіздіктің бітіспес шайқасындай елестейді. Құлдық қамытын киген мәңгүрттік сананың құзғындай құңқылдаған, қарғадай қарқылдаған бітіспес ұлар-шуы секілді. Поэма бір қарағанда сюжетсіз секілді көрінгенімен ішкі иірімінде бір романға жүк боларлық сюжет, қилы оқиға, қиямет тарих жатқанын ойлы оқырман сезеді. Жан сыздатар, жүрек жылатар сюжеттер мен ақынның көмейінен зар болып төгілген жыр шумақтарының астарында бүгінгі алақұйын тағдырымыз, зұлмат кешкен тарихымыз жатқандай:

Шырқ иіріп, шырылдатып, көздегенін құлатып,
Ұшақ мінген әлдекімдер қырандарды жүр атып.
Жемтік көрген құзғындардай ұмтылады ұтылап,
Қарақұрым қарғаларды соңдарынан шұбатып.
Қарғалар да қарқылдайды қан жауғанын ұнатып.
* * *
«Тоқтат, кәне, зұлматты!» деп бұлт ақырса тыңдар ма?
Дал-дұл болып, құлдырап кеп құлап түссе бір қыран,
Басына оның қона қалып дұға оқиды мың қарға.
Күні туса, дауа жоқ қой мысықтілеу сұмдарға.
* * *
Жанымды да жәбірледі, арымды да қинады.
Пасықтардың тұзағынан құтылмаған еш пенде,
Тумай жатып жұрдай болған адамшылық-иманы.
Қиянат пен қатыгездік – бар байлығы – жиғаны.

Жоғарыда айттық, Несіпбек Айтұлы бұған дейін де өзінің адуынды эпикалық жырларымен, дастандарымен қазақ поэзиясын бір белеске көтерген ақын. Ал оның «Қырандар қасіреті» мүлде тың қадамы іспетті. Әрине, «өлеңім өзіммен бірге өлмесін» (Қ.Аманжолов) деп ойлайтын кез-келген саналы ақын үлкен ізденіс үстінде жүретіні заңды. Несағаңның да үнемі ізденісте жүретіндігі, шабытын суытпай, қаламын мұқалтпай бабында ұстайтындығы осы поэмасынан да айқын көрінеді.
Поэмада бірнеше символдық-мифтік мотив қатар өріледі. Ақынның шабыт шақырып қара терге түсуі мен қалғып кетуі. Ақын мен Әзірейіл елесі… Арғымаққа мініп бал бұлақтың басына баруы, бұлақ басында өзінің балалық бенесін жолықтыруы, онымен арадағы диалог… Балалықпен қоштасу және аспан әлеміне ұшуы… қырандар мен ұшақтардың қызыл қырғын соғысы… жеңіліс тапқан қос қыран мен Хантәңірі шыңы… Қос қыранның патшаға айналуы мен қияметтегі құжынаған күнаһар тобырлар әлемі… Ер Едіге есімінің аталуы мен Ұлытау мифі… Бәрі-бәрі ұлт тағдырының кешегісі һәм бүгіні.

Ақын аталмыш поэмасын үлкен шабытпен, көкірегін кемірген ащы шер, терең толғаныспен бастайды. «Сұм өмір саналыға абақтыдай» болған соң жан тазартар, шер тарқатар бір кеңістіктің ақынға қажет екені мәлім. Барған сайын тынысы тарылған ұлттық рухани кеңістіктің құрсауынан құтылғысы келіп, шарқ ұрған ақын жүрегінің бұлқынысы поэманың басталуынан анық көрінеді.

Поэма-реквием – өзінің терең философиялық ойымен, сырлы мистикалық қатпарымен оқырманын ә дегенде-ақ әңкі-тәңкі күйге түсіреді. Жазушы Асқар Сүлейменовтің: «Өнердiң түбiне сорпа бетiндегi майдай қалқыған түсiнiктi идея жетедi. Жазушының бiр мiндетi – ой-идеяны ашу емес, оны мұнартқа көмiп, мұнармен бүркеу. «Шайнап берген ас болмас.» Оқушы шыңғырғандай боп қиналса несi ерсi? Алсын қамау терiн!» дегені, дәл Н. Айтұлының «Қырандар қасіреті» поэмасы сынды кесек шығармаларға арналып айтылса керек.
Шығармада сюжеттің дамуы деген болады. Біз Н. Айтұлының аталмыш поэмасындағы ақынның ақбоз арғымаққа мініп, аспанға ұшуын, бал бұлақтың басына баруын ұлт жадысындағы мифтік қатпарлармен астасып жатқанын аңғарамыз.

Су, бұлақ – бұл халықтың ең ежелгі жадыларындағы әлемді түсіну, сезіну, онымен етене өмір сүрудің мифтік формасы. Әлмисақтан келе жатқан ұлт­тық ұғым бойынша, бұлақ, ауыспалы мағнасында – бастау, қайнар дегенді білдіреді. Яғни, адамның да бастау көзі, қайнары, тегі ұлттық менталитеттен, ғасырлар бойына қалыптастырған ұлттық салт-дәстүрлік қалыптан тамыр тартады. Демек, ақынның ақ арғымаққа мініп бұлақ басына баруы, ол маңда өзінің балалық шағымен кездесуі – бұл тұнығы лайланбаған заманды, дәстүрдің мөлдір кезін, жалпы тазалықты, тектілікті, кір шалмаған пәк кезді аңсау. Ақын ұлттың судай тұнық, сүттей аппақ тазалығын, адамдар санасының лайланбаған қалпын аңсай отырып, бүгінгі күнмен айқын салыстырма жасайды. «Қырандар қасіреті» поэмасында ақын Несіпбек Айтұлы осы бір мифтік мотивті сәтті пайдалана отырып, өзінің айтар ой, жетпек мақсатына сәтті қадам жасай білген.

Ақын поэмасындағы оқиғаның немесе сюжеттің шиеленісе түсетін тұсы – қыр соңынан қалмай бірге жүрген Әзірейіл елеспен бірге жеті қат көкке көтерілуі. Ақын қиялындай шексіз де шетсіз не бар. Оқырманға өз ойын, терең толғанысын шүбасыз жеткізу үшін қырандар мен ұшақтардың соғысын бейнелейді. Оқып отырып, көкірегің қарс айырылғандай, жүрегіңе кездік сұққандай әсерге бөленесің. Ақын мұнда да мифтік мотивтерді сәтті қолдана отырып, шығарманың шымырлығы мен шынайылығына үстеме мән берген.
Ақын осы бір мифтік сюжет арқылы тектілік пен тексіздіктің, шындық пен жалғанның, шынайылық пен жасандылықтың бітіспес күресін меңзейді. Әрине, адамзат ғылым-білімде көптеген табыстарға қол жеткізді. Қаңқа темірді көкке көтерді, көкті тілгізіп көк темірді ғарышқа ұшырды. Бұл шын мәнінде адамзат баласының ұлы жетістігі. Бірақ, ақын поэмасы арқылы сол дамыған ғылым-білім, өрге шапшыған өркениетпен қосанжарласа келіп жатқан мың-сан қасіретті де аңғару қиын емес.

Ақын өз поэмасында көк пен жерді, қыран мен ұшақты шендестіре отырып, бүгінде жаһандық қасіретке айналып үлгерген ғаламшар тағдыры туралы тебірене толғайды. Тексіздікті, ынсапсыздықты, имансыздықты, озбырлықты паш етеді. Ұшақтар – отарлаушы, қанаушы, зұлымдық пен қатігездікті қанына сіңірген үстемдіктің символы. Олар көк иесі қырандардың мекенін иемденгісі келеді. Тіпті, иемденіп те қойған. Көк серісі, өр намысты қырандар «ұшақтардың» өз мекенін тартып алып, сайран салуына жол беріп қарап тұрсын ба?! Әрине, жоқ. Сонымен қиян-кескі қан қасап соғыс басталады. Намысты қырандардың сорғалап келіп қаңқа темірге өзін ұруы, күл-паршасы шығып төмен құлдилауы, олардың өз өмірін құрбан етсе де жер ұйығын, туған жерін, Отанын қорғап қалар ерлік мінезі бар тектілігін аңғартса керек.

Ақын поэмасының осы тұсын оқып отырып біздің санамызда параллель бір ой жүріп отырды. Кешегі кер заманда ұлттың жоғын жоқтап, рухының бостандығын көксеген Алаш арыстарының текті де бегзат болмысы көз алдымыздан сырғыды. Оларда өз елінің бостандығы мен азаттығы жолында жан қиды емес пе? Бұл туралы академик, ақын, ф.ғ.д., профессор Бауыржан Жақып өзінің поэма туралы жазған аңдатпасында: «Поэмадағы ұшақтардың ұшуына кедергі болған қырандарды адамзаттың қырғынға ұшыратуы, ғасырлар бойы ел үшін күрескен қазақ қырандарының бейнесін халық жадында қайта жаңғыртып, кешегі отыз жетінің зұлматында қыран тектес ұлдарынан айырылған Алаш қасіретін де көз алдымызға елестеткендей болды. Текті тарихымызда аты ешқашан өшпейтін Едіге образының оянуы да соны сүрлеулерге баспалдақ көрсетіп тұрғандай. Қасиетті өткенімізге адал болып, ақтап алмай, бабалардың біздің ұрпақ иығына артылған өсиетін орындау оңайға соқпайтынын ескертіп, жыр тілінде дабыл қағады ақын. Еділ, Шыңғысхан, Бейбарыс, Бабыр, Қорқыт, Әл-Фараби, Иассауи, Абылай, Кенесары, Шоқан, Абай, Мәшhүр Жүсіп, Әлихан, Мұхтар, Мағжан, Қаныш сияқты қырандарымыз туралы да толғаныстарға бастайтын емеурін де жоқ емес» деп жазады. Иә, Б.Жақыптың бұл пікіріне біздің алып-қосарымыз жоқ.

«Арғықазақ мифологиясы» атты зерттеуінде марқұм С.Қондыбай «қыран» мифіне қатысты мынадай ой айтады: «Құс адамдар – ежелгі Шумер эпосында, библияда кездеседі. Ол – “құдайдың ұлдары” деген тылсым сырлы атаумен аталады. Құс адамдар – адамзаттың алғашқы ұрпағы, жартылай тәңірлік (перілік, періштелік) сипатқа ие болған ұрпақ деп есептеледі». Зерттеушінің бұл ойы оқырманның аталмыш поэманың ішкі иірімдерін түсінуіне сөз жоқ өз септігін тигізеді. Бізше, Қырандар – текті қазақ, мойнына құлдық қамытын кимеген Ұлы даланың жаужүрек ұлдары. Тектіліктің түп тамырында тәңірлік сипаттың жататыны шындық. Яғни, текті туған Едігедей ерлердің поэмадан көрініс табуы – бұл символдық тұрғыдан алғанда, құс адамдардың, тәңірлік сипатқа ие «Құдай ұлдарының» ұлт азаттығы жолында әр қашан шәһит кешуге де дайын тұратын дара болмысын айғақтайды.
Н.Айтұлының «Қырандар қасіреті» поэмасында тағы бір мән беретін дүние – құжынаған құл-құтандардың арғы дүниедегі – тамұқтағы ұлар-шуы. Олардың әзәзілге немесе сайтанға, ібіліске өкпелері қара қазандай. Тектілердің түбіне жеткен құл-құтан тобырдың арғы дүниедегі тірлігі де сол баяғысынша өзгені кінәлау, өзгені күнәға байлау. Өздерін ақ, пәк ретінде көрсетуге ұмтылу. Шындығында да құжынаған мың-сан тобырдың екі дүниеде де өз қателігін түсінуі мүмкін емес. Себебі олардың көкірегі соқыр. Әзәзіл, ібіліс қанша жерден азғырып, арбаса да, сана, парасат биігіндегі текті тұлға ешқашан сайтанның тіліне еріп, бейуаз жанның обалына қалмайды. Ақын осы бір ғаламдық һәм мәңгілік ақиқатты да өз поэмасында шебер бейнелейді.

Түптеп келгенде, Несіпбек Айтұлының «Қырандар қасіреті» атты поэмасы тәуелсіздіктен кейінгі қазақ поэмасындағы жаңашылдықтың жаршысындай болған тың да сұрапыл дүние. Өзіндің терең толғаныстарымен, мифтік астарымен, қоғамның зар-запыранын ақтара қозғаған шынайылығымен, сыздауықтай сыздаған қоғамдық шындықты безбендеп, қанды іріңін ағызған өткірлігімен ерекшеленеді. Біз аталмыш поэмадан осындай өрелі ойды, тағылымы мол терең пайымды сезіндік.
«Өнер – өнер үшін» деген бәтуа бар екені белгілі. Қазақ үшін де «өнердің алды – қызыл тіл». Алайда қазақта сөз өнерінің қай кезде де атқарар өз миссиясы болған. Өлеңсөздің бүгінгі миссиясының не екенін терең сезініп, оған жан-тәнімен кіріскен Несіпбек ақын қазір өзі де қазақ поэзиясының заңғар шыңдарының біріне айналды. Бұл күнде ақынның салиқалы поэзиясы, ақындық ұстанымы, азаматтық болмысы бірігіп келіп, оның жұрт жүрегіндегі өзіндік тұлғасын қалыптастырды.

Әдебиетте стиль деген ұғым бар. Ол – қарапайым сөзбен айтқанда, қаламгердің сөзінде болатын ен-таңба. Бірақ сөздегі «ен-таңба» қалам ұстағанның бәріне бұйыра беретін бақыт емес. Бұл тұрғыдан келгенде Несіпбек Айтұлының қазақ сөз өнеріндегі үні, беті, тынысы, шабысы баяғыда қалыптасқан ақын. Айтұлының күллі шығармаларын зерделеп оқыған адамға оның білімі мен білігі, ақындық қылаусыз таланты, мінсіз сұлу поэзиясы, азаматтық кесек тұлғасы, терең ойшылдығы мен суреткерлігі бірден аңғарылады. Тағы бір жағынан ақынның өлең-поэмаларын оқып отырғанда оның халық тарихына терең тамыр тартқандығы, дәстүрлі өлең-жырға уыздығы жарып өскендігі, Абайдай ұлыларды туған өңірдің суын ішіп, топырағына аунап өскендігі де мен мұндалап көрінеді. Әсіресе ақын поэзиясының мәні мен мәнерінен, өрнегі мен бояуынан арғы-бергідегі жыршылық дәстүрдің исі аңқып тұрады. Яғни XVIII-XIX ғасырдағы айтыс ақындары мен әнші, сал-сері ақындардың ақпа-төкпе поэзиясының игі дәстүрі, ақындық, жыраулық қуаты мен келбеті Несіпбек Айтұлының жалпы шығармашылығынан айқын көрініс береді.

Несіпбек поэзиясындағы, әсіресе оның поэмаларындағы тағы бір алып арнаның, тағы бір ақ жалын аққан жалынды ағыстың бірі – халқымыздың береке-бірлігі, айрандай ұйыған ынтымағы. Бұл тақырыптың да өз кезегінде жалпы оқырманды, әсіресе жастарды халқын, елін, жерін сүюге, ұлттық патриотизмге бастап баратын соқпақ екені белгілі. Аталған соқпақта да ақынның өрнегі өзгеше, қоржыны қомақты. Тарихимызды ендей қарап, көктей шолғанның өзінде көзге оттай басылып, көңілге жылы сезім ұялататын жағдай – қазақ халқының тұтастығы мен береке-бірлігі. Бұл әрине, тарихта да солай болған, отаршылдар қанша бұзуға қарекеттенгенімен сызат түсіре алмаған, ұлы жүлгесі, арналы ағысы бүлінбей бізге жетіп отырған – елдік бақыттың бастауы, халықтық ұлы дәстүр! Осы тақырыпты ақын барлық поэмаларында саналы түрде көтеріңкі леппен жарқыратып, төгілтіп, сорғалатып, жалаулатып жырлайды. Ақынның олай жырлауының себебі де, қисыны да бар. Себебі, ықылым заманнан бері осы Еуразияның апайтөс даласын жеке-дара жайлап келе жатқан Алаш жұрты ел шетіне тиген жауға тізе қоса қатар шапты. Ал жай кезде, бейбіт күнде қыз алып, қыз беріп, торқалы тойын бірге тойлап, топырақты өлімін бірге жөнелтіп, өсіп-өніп жатқаны белгілі. Соның бір ғана жанды дәлелі – қазақ халқын құраған ру-тайпалар тарихта қолына қару алып еш қашан бір-біріне оқ атпаған. Сонымен бірге, тағы бір таңқаларлық жағдай тұлпардың тұяғы, құстың қияғы талатын ұшы-қиыры жоқ далада қыс қыстауға, жаз жайлауға көшіп-қонып жүрген қазақ халқының тілінде еш қандай диалект жоқ, тұрмыс-салтында да айырмашылық жоқ. Ал алақандай жерде отырған отырықшылардың диалекттеріндегі айырмашылық жеке-жеке тілдерден де кем емес. Бұл нені түсіндіреді? Бұл қазақ халқы құрамындағы ру-тайпалардың еш қашан іргесі бөлінбегендігінің, ал анау отырықшы жұрттардың бектік-бектікке бөлініп алып қырқысып келгендігінің айғағы. Міне, халқымыздың тарихындағы, мәдениетіндегі осынау ұлы қасиеттің бір де біреуі Несіпбек ақын назарынан тыс қалған емес.

Жалпы қазақ тілінің лексикалық байлығын жақсы білу, қазақ халқының тұрмыс-салтын кеңінен меңгеру, адам мінезін, замана келбетін дөп басатын әсерлі де жанды бейнелеулерге икемділік секілді ерекшеліктер де Несіпбек поэзиясының, әсіресе оның поэмаларының басты қасиеттері.

Тәуелсіздіктен кейін жалпы қазақ әдебиетінде, оның ішінде әсіресе поэзияда ұлы бетбұрыс болғанын мақаламыздың басында айтқан болатынбыз. Негізінде поэзияда ұлы бетбұрыспен бірге «зор секірудің» де болғанын көзіқарақты жұрт жоққа шығара қоймас. Оның себебі біріншіден, осы жылдарда қазақ поэзиясына дарынды, тебінді, рухты жас ақындардың үлкен тобы келіп қосылды. Екіншіден, аға буын ақындарымыздың біразы томағасы алынған ата қырандай, бұғаудан босаған тұлпардай, бөгеуі ағытылған дариядай – үлкен екпінмен, соны серпінмен, жаңа қуатпен, тың ізденіспен қолдарына қайта қалам алды. Міне осындай қос бүйірден қосылған егіз-екі алып ағыс қазақ поэзиясын сандық та, сапалық та биікке көтеріп, сыры мен сымбатын аспандатып барады. Осы ұлы дүбірдің алдыңғы легінде маңдайы жарқырап, ауыздығымен алысып, Алаштың тұлпар тұяқты, сұңқар қияқты айбоз ақыны Несірбек Айтұлы келе жатыр.

Қорытындылай келе айтарымыз, «ақын болу еркіңде, азамат болу борышың» деген қасиетті қағиданы берік ұстанған ақын Н.Айтұлы, жалпы еліміз тәуелсіздігін бекемдеу, ұлттық патриоттық сананы қалыптастыру бағытында Қазақ көгінде бостандықтың бозтарғайы болып шырылдап келеді.
Жасай бер, арындай бер, Алаш жырының айбозы!

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ

Комментарий (1)

  1. Reply
    Нұрдыбек Сарқытбекговорит

    жақсы!

Пікір қалдыру