Алаштың Төкені

Көрнекті қоғам қайраткері, сарабдал басшы, майталман кәсіпкер, пайымды тәлімгер Төкен Танаұлы Жұмағұлов биыл сексен жасқа толды. «Алаштың Төкені» атанған белгілі тұлғаның, атағы алыстарды шарлаған ақиық азаматтың өрелі өмірбаяны байтақ еліміздің жасампаз тарихымен біте қайнасып кеткендей. Сондай-ақ, Төкен Танаұлы – ата-баба дәстүрі, дін мен діл, ел басқару үрдістері, өз өміріне шапағат сәулесін түсірген қайырымды жандар, ата-анасы, әулеті жайлы тебіреніске толы естелік кітаптардың авторы. Біз бұл жерде сан қырлы, әмбебап басшы, реформа сардарының алпыс жыл бойғы атқарған кемел істерін, осы орасан еңбегіне бола берілген мемлекетіміздің ең жоғарғы ордендері мен медалдарын, марапаттарын тізіп жатуды орынсыз санадық.
Ендеше, кешегі кеңестік кезеңде де ел үшін еңсере еңбек етіп, талай биік лауазымдарға көтеріліп, тәуелсіздік жылдарында да сол белсенділігінен, сол парасат-пайымынан ажырамай, әлеумет мүддесі жолында өзінің жанкешті ісін дамылсыз жалғастырып келе жатқан халық перзенті Төкен Танаұлының ғұмыры ұзақ болып, әулетіне, жарқын істеріне құт-береке тілейміз!

Редакция

 

Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ

ЖАЙСАҢ ЖҮРЕК

Хәлімді сұрап жүрер «Қалай, інім?»
Кім білмес Төкен аға Танаұлын?
Ат басын Атырауға аз бұратын
Менің де бір аздаған бар айыбым.
Күнәсі – осы ағамыз – орындалған
Халықтың көңілдегі қалауының.

Жолдас боп үзеңгілес сапарластық,
Сырлас боп сан өңірді қатар бастық.
Кен толы қазыналы көкірегі,
Тұтатып ошағынан от алмастық.

Қара жер інгендейін иді бүгін,
Еліне шапағаты тиді мығым.
Алдымен алып келген ардагер бұл –
Жұртына қара алтынның игілігін.

Төкеңнің қырлары көп қимайтұғын,
Сараңның ақылына сыймайтұғын.
Бәйгеден озып алған көліктерін
Әдеті – шабандозға сыйлайтұғын.
Жолында қара нардың
жүгі қалмас,
Алдырса осалдыққа жігіт оңбас.
Төкеңнің тереңдігі –
тамырында,
Жақсыны ұмытқанның құны болмас.
Дәм татқан
Дина апаның дастарханын
Ешбір жан ешқашан да ұмыта алмас!

Қарашы, тегін үйге құт қона ма,
Қаршыға, Иманғали тұтқан аға?
Жомарттың жұртқа тартқан
шүлендері
Сараңның жұғынына жұқ бола ма?

Қадірлі қалың елге қара басы,
Елім деп еміренген ел ағасы.
Жапанды жапырағыңмен
жайқалта бер.
Қазақтың саясы мол қара ағашы.

 

 

Мереке ҚҰЛКЕНОВ

АЛЛАНЫҢ НӘБИІНДЕЙ ӘЗ АҒА

Мені Төкен Танаұлымен таныстырған атақты журналист ағамыз Нұреддин Мұфтақ еді. Марқұм Нұри ағамыз «Тура биде туған жоқ» дегендей, адамның лауазымына, азды-көпті беделіне қарамай байқаған кемшілігі мен қателіктерін бетіне айтып немесе ащы да өткір тілімен сыни мақала, фельетондар жазып, қалың оқырманның сүйіспеншілігіне бөленген қаламгеріміз ғой. Ағамыздың тағы бір тек өзіне ғана тән қасиеті – көп адамды жақтыра бермейтін. Әсіресе әкім-қара десе кәрі жыны қозып, сол адамның бойынан әйтеуір бір кемшілік табуға тырысып тұратын, жарықтық.
Тоқсаныншы жылдардың аяғында тілінен тауып, билікке жағыңқырамай жұмысты жиі ауыстырды. Сонау «Социалистік Қазақстан» деген атынан ел шошитын газеттің бөлім меңгерушілігінен кетіп, «Новое поколение» газетінде, одан Бас прокуратураның журналында, одан оппозициялық газеттерде жұмыс істеп, одан сол кездегі Шымкент облыстық сотының төрағасы Бекен Тұрғараев газет ашып, сол басылымға бас редактор болып ауысып, әбден әуре-сарсаңға түскен кезі. Екі тілде бірдей қалам сілтейтін талантты журналисті ең соңында біз «Ана тіліне» шолушы жұмысына шақырғанбыз.
Бұл бір өте қиын кезең еді. Халықтың да, оның зиялыларының да әркімге бір жаутаңдап қалған сәті.
Қазақ басылымдарының халі – адам аярлықтай, мүшкіл. Басылымдардың барлығы дерлік оқырмандардың жаздырып алуына арқа сүйейді. Ал халықта газет-журналға жазылмақ түгіл, шиеттей баласын асырауға мүмкіндігі жоқ… «Жығылғанға жұдырық» дегендей, ұлттық идеологияның мұрынына иісі бармайтын, әлде әдейі сол саясатты қолдады ма жоғарыда отырған басшылардың бірі: «Газет-журналға халықты зорлап жаздыруға болмайды», – деген солақай ұранды тастады да жіберді. Облыс, аудандардағы идеология жағын басқарып отырғандарға керегі сол – ұлттық басылымдар қолдаусыз қалды.
Басылым басшыларына бұл келеңсіздікпен күресуге, елді газет-журналдарға жазылуға үгіттеуге тура келді. Ол үшін қайтпек керек? Облыс, аудандарға іссапарға шықпаса болмайды. Сөйтіп күз айларында Республикалық басылымдардың журналистері ел аралауды әдетке айналдырды.
Біз 1997 жылғы жазылу науқанын ең алыс облыс Атырау өлкесінен бастауға ұйғардық. Осы мәселені редакцияда талқылау барысында Нұри Мұфтақ ағамыз: «Іссапарды Жылой ауданынан бастайық», – деген ұсынысын айтты. «Неге Жылой ауданынан?» деген сұраққа: «Біріншіден, бұл – мұнайлы өлке, келесі жылы ауданға – 70 жыл толады, екіншіден, онда «Теңізшевройл» біріккен кәсіпорыны бар, үшіншіден, аудан басшысы Төкен Жұмағұлов деген тамаша адам», – деді Нұрекең өзіне тән әдетпен нақпа-нақ сөйлеп.
– Нұреке, мен сіздің аузыңыздан бірінші рет әкімді мақтағаныңызды естіп тұрмын, шын сөзіңіз бе? – деп күлдім.
– Шын сөзім, ол менің досым ғой, – деп күлді Нұрекең.
Сонымен тамыз айының орта шенінде «Алматы-Ақтау» көкшолық поезымен Құлсары қаласына келіп түстік. Аллаға шүкір, күн әжептәуір ыстық болғанымен, ашық екен. Мен соған іштей қуанып қалдым, өйткені бұл өлке үшін тамыз айы – өте қолайсыз ай. Аңызақ ыстығын былай қойғанда, ертеңнен қара кешке дейін борайтын топырақ дауыл әбіржітіп жібереді.
– Нұреке, әуелі қонақүйге орналасамыз ба? – дедім қасымда жайбарақат тұрған ағамызға.
– Әуелі Төкенге хабарласып алайық, бірден қонақүйге барсақ, ренжіп қалар, – деп, Нұрекең вокзал бекетіне аяңдады.
Көп ұзамай қайтып оралып:
– Төкең үйге келіңдер деді, қалғанын көре жатармыз, – деп, Нұрекең қол жүгін қолына алды…
Аудан әкімі қаладан 10 шақырым жердегі «Жаңа қаратон» деп инвестерлер салдырған шағын коттедж поселкесінде тұратынын білдік.
Келсек, Нұрекеңнің досы, аудан әкімі төсекте шалқасынан жатыр. Екі аяғының астына биіктетіп көрпе салыпты. Мойылдай толқын қара шашын шалқасынан қайырған аққұба, ажарлы жан екен. Бірақ жүзі солғын, қабағында кірбің бар, шаршаңқы көрінеді.
– Оу, Нұреке досым-ау, сен қайдан жүрсің? – деді әкім жатқан бойы екі қолын бірдей созып.
– Алматыдан арнайы саған сәлем бергелі келеміз, мынау не жатыс? – деді Нұри күліп.
– Кел төрлетіңдер, мен әдейі емес, тұра алмай жатырмын, 40 шақырым жерден жаяу келгеніме бір сағат болды, – деді Төкең қою қабағын шытып. – Астанадан келген үлкен лауазымды өкілдерге облыс әкімі екеуіміз «Теңізшевройл» кешенін жоғарыдан көрсетеміз деп тікұшақпен алып шыққанбыз. Жолда апатқа ұшырап, тікұшақ құлады. Алла сақтап бәріміз де дік аманбыз. Оларды апат болған жерде қалдырып, өзім орталыққа хабар беру үшін жаяу келген бетім, екі аяғым салдырап, табанымнан тозып бейшара күй кешіп жатысым мынау, – деді ол жадырай күліп.
– Төке, сендей спортпен күнде айналысатын кісіге, 40 шақырым не, тәйірі, Африканың желаяқтары сияқты желе жортып жеткен шығарсың, – деді Нұри досына дем бере сөйлеп.
– Рас айтасың, мен күн сайын таңертең бірнеше шақырымға жүгіріп, гирь, штанга көтеріп, жаттығып алған соң, суық суға шомыламын ғой, соның пайдасы болған сияқты. Мен өзі бала кезімде тентек бала атандым, сол атағыма қоса ащы су мен темекі шекпеуді өзіме серт еттім. Егер жұрт сияқты жаңағы зиянкес тірлікпен айналыссам, адамгершіліктен кететінімді сезіндім – деді Төкен ағамыз орнынан көтеріліп.
Енді байқадым, сыптай сымбатты денесінде артық ет жоқ, ерекше келбетті адам.
Дастархан жайылғаннан кейін Төкеңнің жарқын жүзі жадырай түсті. Әңгімені де бабымен әсерлі айтады екен. Маңғыстаудың, Атыраудың арғы-бергі тарихын да бір кісідей біледі екен. Әсіресе осы қасиетті жерге, ұйыған елге, оның тарихи тұлғаларына қатысты аңыз-әңгімелерді әдемі толғап, қиыстыра әңгімелейді. Әкесінен бір жасында жетім қалған сәбидің өмірден тартқан тауқыметі мен адамдардан көрген теперішінің өзі жаныңды егілдіретіндей қандай әсерлі. Өскен ортасының, туған анасының тәлім-тәрбиесі, құдай қосқан қосағы Динаның сүрінгенде тіреу, жабыққанда демеу болған адал махаббаты оны осындай ел қадірлеген аптал азамат қатарына қосқаны да ерекше тәмсіл.
Дина жеңгей де бір жайсаң жан екен. Аялы қоңыр көздерімен адамға мейіріммен қарағанда тұла бойыңды бір ерекше сезім баурап, аналық ақ тілеуін жүрегіңмен қабылдағандай күй кешесің. Байсалды, сөзге көп араласа бермейді. Тек жақсы сөз, әдемі лебіз естігенде ғана жұмсақ қою дауысымен «күшті», «күшті» деп әсем жымияды.
Мен Төкен ағаның ештеңені ірікпей, жасырып, жаппай бәрін ашық айтып отыруы да Дина жеңгемнің байсалдылығы мен парасатына әбден сеніп алғандықтан құдай қосқан қосағына баладай еркелейді екен-ау деп ойладым.
Сөздің қисыны келгенде Төкен аға менен: «Әбішті танисың ба?» – деп сұрап қалды.
– Ағам ғой, – дедім мен бірден.
– Ендеше бүгіннен бастап мен де сенің ағаңмын, – деді Төкен аға жұмсақ жымиып.
– М.Әуезов айтпақшы, «Аға дос», «іні дос» болсақ қайтеді, – дедім мен енді танысып отырған ағама еркелеп.
– Бұл да дұрыс екен, – деп Төкен Танаұлы жұмсақ жымиды.
Міне, ширек ғасырдан бері біз іні болып Төкен Танаұлының көңілін қалдырған емеспіз, Ол асыл ағалық қасиетінен тайған жоқ.
Сол сапардан біз олжалы оралдық. «Ана тілінің» Жылой ауданында таралымы өсті. Жылой ауданының 70 жылдығына арналған буклет шығаруға арнайы тапсырыс алып, Алматыға қанжығамыз майлы оралдық. Бұл-дағы жақсы адамның айналасына жасаған көп шапағатының бір мысалы ғой.
Келесі жылы «Кең Жылой – 70» деген мерекелік буклетімізді арқалап Нұри ағам екеуіміз Жылой ауданына тағы келдік.
Аудан әкімі Төкен Жұмағұлов ауданның мерейтойына мықтап дайындалған екен. Былтыр бізге әңгімелеп берген жоспарынан да асырып жіберіпті. Жан-жақтан келген қонақтар «Ойдағы ел ойланатын, қырдағы ел қызғанатын» осынау ұлан-асыр тойға аузын ашып, көзін жұмды. «Теңізшевройлдай» демеушісі бар, Төкен Жұмағұловтай әкімі бар ел кімнен қаймықсын, екі күн ұлан-асыр мереке өткізді.
Алайда той өткеннен кейін Төкен Танаұлы өзінің бөлмесінде отырып:
– Жігіттер, туған жеріме, халқыма әкім ретінде біраз қызмет істедім. Алдыма келгендердің көңілін қалдырмай, өтініштерін орындауға тырыстым. Ауданның экономикасын дамытуға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға хал-қадірімше үлесімді қостым. Алайда кеңседе отырып ел басқару, қағазбасты болу менің қолым емес екен. Мен өз еркіммен әкімдікті өткізіп, еркін кәсіпкер, бизнесмен болуға шешім қабылдадым, – деді жадыраңқы жүзбен.
Төкен Танаұлының айтпайтынын, айтса сөзінен қайтпатынын білетін біз қарсы уәж айта алмадық…
Содан екі-үш айдан кейін Төкен Танаұлы «Тенгизнефтестрой» Акционерлік қоғамына президент болып сайланыпты деп естідік. Одан әрі Төкен Танаұлының есімі баспасөзден де, теледидардан да жиі естіле бастады.
Ал бас-аяғы 4-5 жылдың ішінде кеше банкрот болуға аз-ақ қалған «Тенгизнефтестрой» Акционерлік қоғамы жаңа жігерлі басшының арқасында ірі концернге айналып, жанынан бірнеше салада айналысатын жаңа өндіріс орындары мен біріккен кәсіпорындар ашылды. Енді бұл кәсіпорындарға шетелден арнайы мамандар шақырылды. Төкен Танаұлының жаңа кәсіпкер ретінде даңқы алысқа кетіп жатты.
Тоқсаныншы жылдардың аяғында Атырау халқы «Дина» базары салынып жатыр», – деп шу ете қалды. Иә, базар болғанда қандай! Атырау теміржол базарының жанындағы сор басқан, көктем шыға батпаққа айналып, тұрғындардың мазасын кетіретін 27 гектар жер бір жылға жетер жетпес уақытта сауда-өндірістік орталығына айналып, халықтың ең көп баратын орны болып дөңгелене жөнелді. Төкең бұл орталықтың атын көп ойланып, көп толғанып, ақыры өз отбасының көсегесін көгертіп, берекесін келтіріп отырған құдай қосқан қосағы Динаның атын қойды.
Қазір базар атына заты сай, бүкіл Атырау халқының ырысы мен берекесіне айналғанына, міне, жиырма жылдың үстіне шықты. Бір ізгілік көп жақсылықтың себепшісі болады. Төкен Танаұлының бизнесі бұдан былай көп салада дами бастады. Атыраудағы сауда мен халыққа қызмет ету орталықтарымен қоса медициналық техниканың соңғы үлгілерімен жабдықталған 32 кабинеттік емхана, «ТНС-фарм» серіктестігі, Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданы Керметас ауылынан 150 орындық «Жерұйық Машат» атты сауықтыру орны, болашақ құрылысшыларды тәрбиелейтін «Тағылым» мектебі ашылды. Айта берсе, бұндай мақтануға тұратын игілікті істер жыртылып айырылады.
Бір өзі бір рулы елдің жүгін арқалап жүрген Төкен Танаұлы 2008 жылы «Мен Төкен Танаұлымын» деген 484 беттік ғұмырнамалық роман жазып айды аспанға бір-ақ шығарды. Бұл өзі ғұмырнамалық романның барлық талабына жауап беретін терең мазмұнды, тағылымды шығарма екен.
Әлі есімде, 2008 жылдың желтоқсан айының аяқ шенінде ағамыз жазған кітабын Алматыға маған арнайы жіберіпті. Көлемі үлкен, жасыл матамен тысталған кітаптың бетіндегі Каспий жағалауында түскен суретінде менің сымбатты ағам байсалды жүзімен: «Мен Төкен Танаұлымын», – деп жымия қарайды. Шынымды айтсам, өмір бойы кітап жазып және өзге авторлардың кітабын шығарып жүрген қайран басым, мына қолақпандай әрі зілдей кітапқа алғашында күмәнмен қарағанымды жасырмаймын. Өйткені соңғы кезде жұрттың бәрі өз өмірінен кітап жазуды мәртебе санап, барды-жоқты басынан кешкендерін, ешкімді елең еткізбейтін өмірбаяндарын құрғақ, іркіс-тіркіс тілмен жазып әбден мезі еткен. Ондай кітаптарды ешкім оқымайтыны да бесенеден белгілі. Төкеңнің кітабын қолыма алып отырып «Қадірлі ағама осының не керегі бар еді, онсыз да бір атан түйеге жүк боларлық беделі, абыройы бар емес пе?» – деп ойладым ішімнен. Алайда кітаптың әлқиссасындағы «Қазаққа тән тұлға» деген данагөй Әбіш Кекілбаевтың алғы сөзін көргенде елең ете түстім.
«Бала жастан: «Ел алғысымен ер көгерер» деген рухта тәрбиеленген Азамат халық қызметін, ел ықыласын алабөтен қастерледі. Өзі үшін бір құстың қос қанатындай егіз саналатын екі облыстың рухани-мәдени және әлеуметтік өміріне белсене араласты. «Туған тарихымызды насихаттауда, ел мұрасын әспеттеуде, ұлттық дәстүрімізді қайта өркендетуде Төкеңнің қосып жатқан үлестері өте зор…» немесе «Шарапатынан халқына шашу шашып, Ел намысы жолында еңбек етіп жатқан ақпейіл жанның қай тілеуіне де Хақ Тәңірдің өзі жеткізіп жатқаны кәміл. Өз келешегіне өзі жол салып, ешкімнің желеуі мен демеуінсіз адал еңбегімен жете алған қарапайым қазақ ұлының өмір жолы мен жан дүниесі кейінгі жеткіншектерге өнеге болары сөзсіз…» – деп асыл ағаның бала кезден бірге келе жатқан досы туралы ағынан жарылып, ақтарыла айтқан сөзіне шын көңілмен қуанып қалдым.
Содан ал кеп қап-қалың хикаяны оқи жөнелейін. Тіпә-тіпә, тіл-аузым тасқа, манағы ойларымды қайтып алдым. Роман бірден баурап алып, тереңіне сүңгіте жөнелді. Шығарманың «Тізгін қағар» деген бастауында автор былайша толғанады: «Қандай да пайым-түсінігі бар адам өткен жылдарына қарай отырып, өзіне-өзі сауалдар қояды: өмірді неге қалай сүрдім? Соның кісілігі мен түсінігіне жете алдым ба? Ізгілік, мейірім, қайырымдылық дейтін көкірек сәулелері ғұмырыма тән болды ма? Төтеннен келіп отыратын тағдырдың соққыларына төтеп бере алдым ба? Ала жіп аттап кеткен жоқпын ба?..» Апыр-ай, мына зілмауыр ауыр сұрақтарға кез келген адам жауап бере ала ма, жауап берсе де көкірегіне қолын қойып тұрып шынын айта ала ма деп бір сәт ойланып қалдым да, ғұмырнаманы оқуға кірістім.
Сіздерге өтірік, маған шын, осынау асыл оймен, терең тебіреніспен, көркем шығарманы былайша айтқанда бір деммен оқып шықтым. Авторды жүрегім елжіреп жақсы көре отырып, сонымен бірге қиналдым, сонымен бірге қуандым, сонымен бірге тебірендім, сонымен бірге ызаланып, кектендім, ақыр соңында автормен бірге рахаттанып, марқайдым. Жүрегім­ді тебірентіп, жан дүниемнің астан-кестеңін шығарған мына ғажап дүние туралы алған әсерімді авторға хатпен төгіп, ақниет пікірімді білдірдім. Қазір есімде жоқ, бірақ біраз ақ парақты сиялағаным әлі көз алдымда.
Жазған хатымды дереу Атырауға, Төкен Жұмағұловтың атына жөнелттім. Кешікпей Төкен Танаұлы ризашылығын білдіріп, арнайы телефон шалды. Өкінішке қарай, менің осынау ғажайып ғұмырнамалық роман туралы хат-пікірім кейін жоғалып кетті. Төкен ағам да көп қағаздың ішінен таба алмапты, мен де көшірмесін сақтамаппын.
Айтып отырмын ғой, роман бір деммен керемет жазылған деп, автордың әкесіз өткен балалық шағы, ана мен баланың кіршіксіз махаббаты жақсы адамдар мен қарау жандардың арасында өткен тағдырлы өмір, асыл жар, аяулы ұл-қыздар туралы қазақтың қарапайым азаматының ой-толғаныстары, терең тебіреністері бұрын-соңды естілмеген аңыз-әпсаналармен әдіптеліп көркем суреттеледі. Шығарманың өн бойында туған жерін, қазақ деген халқын, Отанын шексіз сүйген адал адамның жүрек лүпілі айқын сезіліп тұрады. Әсіресе ұйымдастыру қабілеті мол ел экономикасын жетік белетін талантты кәсіпкердің кадр таңдаудағы көрегендігіне ерекше риза болас ың, өзімен бірге істеген жүргізушіден бастап ірі өндіріс басшысына дейін қалай қадірлеп, бағалайтынына, мейірім шуағын мол төгетін ізгі қасиетіне қалай тәнті болмайсың. Сол тоқсаныншы жылдарда қасынан табылып, бірге жұмыс істеген адамдар – Виктор Грицай, Раиса Федоровна Макарович, Ким Ғұбашов, Мұңалбай Исаев, Қайырғали Қоштаев, Мәриям Әмірова, Еркінбек Халидуллин, Қанат Нұрмағамбетов, Амантай Тасболатов, Нәдірбек Керімбеков, Мұрат Қуандықов, Виктор Вовк, Дулат Жаманбеков, Рулана Есенғұлова, Ғалина Ким, т.б. туралы ой-пікірлері мен ризалық сезімдері жүрекке жылу ұялатады.
Жалпы Төкен Танаұлына тән қасиет – өзі бағалаған, қадірлеген адамдардан қол үзбеу, тізе қосып бірге еңбек ету. Өзім қадірлеп, ерекше құрмет тұтатын, Атыраудың экономикасы мен әлеуметтік жағдайының дамуына, мәдениетінің өркендеуіне бір кісідей еңбек еткен, Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасарлары Рәшилә Мұрсалиева мен Нұрпейіс Мақашевтердің қазіргі таңда Төкен Танаұлымен бірге қызмет етіп жатқанына іштей риза боламын.
Мен Төкен Танаұлы мен Дина жеңгемді Алматы, Астана ұшағынан жиі ұшыратамын. Бірде Лондоннан келген ұшақтан түссе, енді бірде Вашингтонға кетіп бара жатады. «Атың барда ел таны желіп жүріп» деп қазақ атам айтқандай, «Алла жар болсын, Хақ Тағаланың нәбиіндей әз ағам мен асыл жеңешем, өмірлерің ұзақ, мәнді де мағыналы болғай», – деп тілек тілеймін соңдарынан қарап тұрып.

 

 

Рәшила МҰРСАЛИЕВА

БЕКЗАТ БОЛМЫС

Өмірдің үлкен бөлігін артқа тастап бір мезгіл алды-артыңа зерделей қарап, алдыңды бағдарлай көз саласың. Аллаға шүкір дейсің! Алдымызда өнегесі мол, өмір жолы тағылымға толы аға-апаларымыздың барлығына және олармен көз таныстық қана емес, етене жақын, ниеттес, тіпті тағдырлас болғаныңды ойлап, қуаныш сезіміне бөленесің!
Бұл – біз өткен ғана жол емес, ата-бабамыздан жалғасқан даңғыл дәстүрдің тоқтамағаны, дүние-керуеннің мәңгілік жолы.
Саналы ғұмырдың көп бөлігін мемлекеттік қызметке арнаған маған шын мәнінде, уақыттың аз, шектеулердің көп болуының әсерінен қарапайым тіршіліктің, адами қарым-қатынастың ғажайып сәттерінен тысқары қалғанымды байқағаным рас. Тіршіліктің мәні – адамды тану, жақсылықтың қадіріне жету, айналаңды, қоршаған ортаңа зейін қойып, шынайы адамгершілікті бағалау екені ақиқат. Өмірдің мәні де осында емес пе?! Мемлекеттік қызметті тәмамдап, қарапайым тіршіліктің қайнаған ортасына бейімделіп жатқан қызықты сәттер басталды. Сол күндердің бірінде сырттай құрметтеп, сыйласып, көрген жерде көңілімізді білдіріп, жайма-шуақ амандық сұрасып жүрген Төкен ағамыз ойламаған жерден, үйге келетінін айтты. Сол келісінде, ағамыз: «Үйде отыра бересің бе, бізге жұмысқа кел», – деп шақырып, таңқалдырып кетті. Міне, сол уақыттан бері он жылдың үстіне шықты. Осы жылдарды өмірімнен алып тастасам, мән-мағынасы да азайып кететініне күмәнім жоқ. Сөйтіп, Төкен Танаұлы басқаратын үлкен өндіріс орталығына жұмысқа шықтым. Әрине, көп жылғы жұмыс тәжірибемнің сала таңдамайтын ерекшелігі болғанмен, таза өндіріс саласының, адами ортасын зерттей қарасам, байқала бермейтін, үлгі тұтарлық тұстары көп болып шықты. Өндірісті дамытуға қажет бар қимыл-қозғалыс көзге бірден түседі. Тәртіп, қысқа-нұсқа тапсырмалармен қатар, ұжым мүшелерінің бір-біріне деген достық қарым-қатынасы, ауызбіршілікке ұмтылған пікір-пайымдары бірден ұнады. Ең бастысы, басшыға деген шынайы құрмет, «Төкен Танаұлы» деген есім барлық жеңістерінің, жетістіктерінің қайнар көзі екенін кім де болса, айтпай түсінері хақ. Басшының іскерлігі, беделі – шығар биігінің өлшемі екеніне көзім жете түсті.
Өмір ағысында Алла жаратқан, табиғи болмысын, жаратылыс мінезі мен кісілік келбетін сақтай алатын тұлғалар ерекше көзге түседі. Дауыл тұрса да, теңіз шайқалса да азаматтық қалпынан айнымай, берік ұстанымының мықтылығын босатпайды. Жоғарыда айтқанымдай, осындай қадыр-қасиетіне тәнті болып жүрген ағамыз – Төкен Танаұлы туралы толғану да – бір мәртебе! Сонау, тоқсаныншы жылдардың аяғы, жаңа ғасырдың басында Фариза апамен батыс өңірдің оңы мен солын аямай-ақ шарлаған едік. Сол сапарларда апамыз аузынан тастамай айта жүретін «Төкен-Дина» қандай кісілер екен деп ойлап жүретінмін. Фариза апа жақсы көретін адамдарды білуге ұмтылатынбыз. Өйткені, апамыз мақтауға сараң екені көпшілікке аян. Сол Фариза апа мақтаған Төкен аға мен Дина апаны жылдар өткенде сыйластықтың қадыр-қасиетіне жетіп, ең жақын адамдарымызға айналатынын білдік пе?!
Төкен ағаның мейірі-шапағатқа толы жүрегі – ағайын-тумасын, айналасын ғана емес, бүкіл жұртына жететін кеңдігімен таң қалдырар еді… «Күн-ортақ, ай-ортақ» дегендей, жақсының ісі де-ортақ.
Оған дәлел, дүйім жұртқа белгілі көшбасшылығы – жұрты жол таппай дағдарған сәтте дұрыс бағдар, тура жол көрсетіп, қиындықтан құтқарып, қайрат-жігерін елінің өркендеуіне қосқан өлшеусіз еңбегі. Адамдық қарым-қатынастың даралығын бойына сіңіріп, қиын істің қисынын табатын, ұшқынды жалынға, тамшыны теңізге айналдыратын іскерлігі ел аузында аңыз болып тараған.
Аңызға айналған тұлғалардың ту сыртында әрқашан ақылы мен парасатын тең ұстаған, тәтті сөз, тәрбиелі қылығымен ағайын-туысының береке-бірлігіне, татулығына дәнекер бола білген, ел-жұртын бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға үгіттеп, жетелей білетін, алыс-беріс, барыс-келісті шебер ұйымдастыратын, қолынан да, тілінен де келетін дана әйелдер тұратындығы ақиқат. Осы айтылған қадыр-қасиеттерді толығынан меңгерген, өзі де, сөзі де «күшті» Дина ападай абзал жан – ағамыздың алпыс жыл жұбайылық ғұмырының мәні де, сәні де бола білді. Дина апа – Төкен ағаға ұл да қыз да сүйгізді. Ұрпағы әулетінің ғана емес, еліне қызмет ететін дәрежеге жетті. Қорыта айтсақ, Нар тұлғалы Төкен аға жар таңдаудан алдына жан салмаған азамат. Ең бастысы, Ағамыз Дина апаның өз өміріндегі алатын ерекше орнын бір мысқал да төмендеткен емес. Адал еңбек пен адамгершілік болмысының арқасында қол жеткізген ұшар биігінің қасында Дина апаны қатар көреміз. Ол – Төкен ағаның әйелге деген, анаға деген шексіз махаббаты, құрметі деп түсінеміз. Ең ғажабы, Төкен ағаның қай сөзін саралап, қай ісін даралап айтсаң да, қарсы алдыңда бұрынғыдан бетер тұлғасы биіктеп, кісілік келбеті айшықтала түседі.
Осындай ерен тұлғамен қанаттас өмір кешіп, ел тағдырына араласа алғанымызды мен ғана емес, отбасымызбен, ұрпақтарымызбен мақтан тұтамыз. Ғұмыр ұзақ, бақыт баянды болсын, Аға! Өздеріңіз құрметтейтін Фариза апаның мына өлең жолдарымен аяқтайын:

Жанашырлар – жақсы аға, жайсаңдарым,
Сендер барда асқақпын, қайсар жаным.
Арқа таңып сендерге, алдарыңда
Ерке басып жүруге тайсалмадым.
Пенделер бар күні үшін көлгірсіген,
Ондайлардың достығы тиынға тең.
…Бұл өмірде жанашыр жақсыларсыз,
Жақсы болу адамға – қиын да екен.

 

 

Равиль ШЫРДАБАЕВ

ІСКЕР ДЕ, АСЫЛ АЗАМАТ

Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады.
Бұлар – тәннің құмары.
Біреуі – білсем екен демеклік. Не көрсе, соған талпынып.., көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары…
Абай Құнанбаев

Төкен Танаұлы Жұмағұловпен жарты ғасырдан астам уақыт Гурьев (Атырау) қаласында танысып, бір қоғамда өмір сүріп келеміз. «Бара жатқан зымырап байқалмайды уақыт» дегендей біз де, міне, 80 жасқа жетіп қалыппыз. Бұл жаста адам өткен өмірін ой елегінен өткізгенде қандай деңгейге жеткенін, қоғамда алған орнын, істеген ісін, қалдырған ізін, кездескен қиындықтарын және кімдермен жұмыстас, көңілдес, сырлас, дос болғанын оның бәрі көз алдында, күні кеше болғандай болып көрінеді.
Өмірде ең маңызды кезең ол – жастығың. Әр адамның жаратылысы, оның өмірі әкенің қаны мен ананың ақ сүтімен басталып, бойына біткен мінезі және алған тәрбиемен қалыптасатын кез.
Ұлы Абай жазғандай, Төкен мінезі жан құмарына тән сәби болып туады және солай жетіледі.
Көне заманнан халқымызда айтылып келе жатқан құнды мақалдың бірі: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегені көп сұрақтарға жауап беретіні сөзсіз, себебі адам өмірге келіп, өз ұясынан қанаттанып, сосын өмір жолына самғайды.
Төкеннің бір жасында әкесі қайтыс болып, Отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдары қиын кезде жастық шағы өтеді. Анасы мен аға-апаларының қамқорлығымен өмірде дұрыс жол тауып өседі. 15 жасқа жеткенде, Төкен кешкі мектепте оқып, күндіз жүктеуші, кино маманы, жүргізуші, таксист және автокөлік жөндеуші слесарь болып 10 жылдай уақыт әртүрлі жұмыстар атқарады.
Жастайынан мол тәрбие жинақтап, өмірдің қыр-сырларын жетік түсініп, ерте есейеді. 1965 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық политехникалық институтын бітіріп, инженер-механик мамандығына ие болды.
1966 жылы Төкен Танаұлы «Гурьевводстрой» автобазасының директоры болып тағайындалады.
Сол кезден бастап 10 жыл бойы жасаған әр түрлі қарапайым жұмыстардан алған әсері, жинақтаған тәжірибесі басшылық кезінде қажет болғаны сөзсіз.
Бес жылдан кейін, 1971-1975 жылдар аралығында Ералыдағы автобазаның директоры болып бекітілді. Маңғыстау өңірі 1973 жылы Гурьев облысының құрамынан бөлініп, өз алдына облыс болып құрылады.
Төкен Танаұлы 17 жыл, соның ішінде 13 жыл бойы облыстық автокөлік бірлестігінің, бірінші басшысы болып, сол аймақтың мемлекетіміздің ірі өндірісі, ауыл шаруашылығы және басқа салалары мен әлеуметтік жағдайлары дамыған аймақ болып қалыптасуына мол үлес қосты. Оның басқарған мекемелері үнемі республикамызда алдыңғы қатардан көріне білді. Маңғыстау өңірінде азаматтық тұғырға көтеріле отырып, Ералиев, Жаңаөзен аудандарының, Маңғыстау облыстық кеңестерінің халық депутаты бола жүріп, Ақтау қаласының өсіп-өркендеуіне де зор үлесін қоса білді.
1988-1994 жылдары Төкен Танаұлы Атырау облысы Жылыой ауданындағы «Көлік механикаландыру» мекемесінің және «Теңізмұнайқұрылыс» тресінің бастығы қызметін атқарды. «Теңіз» мұнай кен орынын игеруде өте маңызды жұмыстар атқарды.
Мен 1994 жылдың қазан айында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен Атырау облысының әкімі болып тағайындалдым. Сол кезде Жылыой ауданының әкімі басқа жұмысқа ауысуына байланысты Төкен Танаұлын ауданға әкім қылып тағайындадым.
Төрт жылдан астам ауданның әкімі болып, Төкен қыруар жұмыс атқарды. Экономика, әлеуметтік, мәдени және тәрбие жұмыстарын жолға қойып, жақсы жетістіктерге жетті. Ауданда жаңа тұрғын үйлер, мектеп, бала бақшалары, мешіт, емхана, көшелер жөнделіп, халық сұранысына ие болған Ақмешіт кесенесінің тұрғызылуы, тағы басқа да жұмыстар жасалды.
Ауданның экономикасы дамып, бюджетке облысымыздағы ең қомақты қаржы түсіретін «Тенгизшевройл», тағы да басқа өндірістік мекемелердің жұмыс қарқыны өсті. Төкен аудан халқымен тіл табысты. Мекеме басшыла­рымен қоян қолтық еңбек етіп, талай күрделі мәселелердің шешімін тапты.
1998 жылы Төкен Танаұлы әкім жұмысынан сұранып бизнеске кеткісі келетінін білдірді. Ол «Теңізмұнайқұрылыс» акционерлік қоғамына қайтадан компания президенті лауазымына тағайындалды. 2007 жылы жаңадан ұйымдастырылғаннан кейін «TNS-group» концерні Заңды тұлғалар бірлестігі директорлар кеңесінің төрағасы болды, қазіргі кезеңде «TNS-group» концерні Заңды тұлғалар бірлестігінің президенті.
Бүгінгі «TNS-group» концерні Қазақстандық кәсіпорындардың ең ірісі болып табылады. Оның құрамына бизнестің түрлі саласымен айналысатын 11-фирма кіреді, жұмысшылардың жалпы саны 1,5 мың адамнан асады. Концерннің бөлімшелері құрылыс-монтаж, жобалау-зерттеу, жол-құрылыс жұмыстары, автокөліктерді арнайы сату және сервистік қызмет көрсету, мұнай-кен орындарын жайластыру және іске қосу, тұрмыстық құрылымдарды әзірлеу, ұста бұйымдарын және өзге де қызмет түрлеріне маманданған. Инвестиция тарту, жұмыс орындарының ашылуы, қоғамдағы саяси-әлеуметтік өзгерістердің бел ортасында көрінуі – бұл саланың дамуының дәлелді көріністері.
Концерн құрамына кіретін Атырау каласының халық тығыз қоныстанған вокзал маңы ауданында орналасқан «Дина» сауда орталығы қала ішіндегі сауда орындарын азық-түлікпен қамтамасыз ететін басты көздердің бірі.
Төкен Танаұлы кәсіпкерлікпен айналыса бастаған алғашқы жылдардан бастап кәсіпкерлікке тікелей пайда түсірмейтін әлуметтік саланың ең маңызды бағыттары: білім, денсаулық, мәдениет және спорт салаларына көңіл бөліп келеді. Оған дәлел, Төкен Танаұлының қолдауымен, Атырау және Маңғыстау өңірінің экологиялық жағдайын ескере отырып, Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының табиғаты жайлы Машат шатқалынан 7-14 жас аралығындағы жасөспірімдерге арнап жазғы емдеу-сауықтыру орталығын ашты.
Төкен Танаұлының қолдауымен ашылған «Тағылым» жекеменшік мектебі Атырау қаласының білім беру саласындағы табыстары нәтижелі бірегей оқу орындарының біреуіне айналды.
«TNS – group» концерні «Проспект Медикал Лимитд» (Ұлыбритания) компаниясымен бірігіп, Атырауда «Проспект Медикал – Каспиан» біріккен кәсіпорын құрды. Бұл компания Атырау облысында жұмыс жасайтын «Тенгизшевройл», «Норд Каспиан Оперейтинг Компани», «Уорди Парсонс Казахстан», «Флюор» т.б. сияқты ірі компаниялардағы шетелдік азаматтарға медициналық қызмет көрсетеді. Пандемия кезінде облыс дәрігерлерімен бірлескен түрлі емдеу шараларына қатысуда.
Төкен Танаұлы бірнеше жыл Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы кәсіпкерлер кеңесінің мүшесі, «Атамекен Одағы» Қазақстан ұлттық экономикалық палатасының төралқа мүшесі болған, республикаға кеңінен танымал кәсіпкер.
Төкен Танаұлы Жұмағұловтың еңбегі Үкімет тарапынан жоғары баға­ланып, «Құрмет», «Парасат», «Барыс» ордендерімен марапатталды. Қоғам­дағы қайраткерлік белсенділігі үшін «Князь Даниил Московский» ІІ дәрежелі, Тәуелсіз елдер достастығының «Достық жұлдызы», Еуропа бизнес орталығының «Сократ» ордендерімен, Халықаралық дәрежедегі «Кеден одағы елдерінің Құрметті азаматы» иегері атанды. Қазақстанның «Құрметті құрылысшысы», «Құрметті автотранспортшысы», «Құрметті автокөлік қайраткері» атақтарына ие болды. Сондай-ақ Атырау қаласының, Жылыой, Қарақия аудандарының және Маңғыстау облысының құрметті азаматы атанды.
ХХ ғасырда дүниеге келіп, Кеңес Үкіметі кезінде тәрбие және білім алып, алған мамандығы бойынша лауазымды орындарда еңбек атқарып, мемлекетіміз тәуелсіздік алып, жүйе өзгергенде де Төкен жаңа талапқа сай, нарықтың заңдарын жетік игеріп, айналасына шыңдалған, іскер азамат-азаматшаларды топтастырып, мемлекетіміздің Батыс өңірінде кәсіпкерлікті дамытып, мыңдаған жұмыс орнын ашып, облыстар бюджетіне бірталай қаржы түсіріп, инвестиция тартып келеді.
Өмірлік жолдасы Дина Есімқызы екеуі керемет ұрпақ өсіріп, немере сүйіп, әулеттің ұйытқысы болып отыр.
Міне, Төкеннің өмірі, адамның тағдыры өзіне байланысты деген қағиданың көрінісі деуге болады.
Бұл күндері Төкен Танаұлы өзінің 80 жасына дені сау, ақжарқын көңілімен, бұрыңғыдай қайнаған жұмыстың басында келіп отыр. Құтты болсын кемел жасың, қадірменді досым! Саған, Дина екеуіңе ұзақ та бақытты өмір, денсаулық, қажымас қайрат, істеріңе сәттілік тілеймін.
Бойыңыздағы асыл қасиеттер ұрпақтарыңызға дарысын, қоғамда алған орныңызды және жинаған абыройыңызды олар жалғастырып, бақыттарына бөленіңіз.

Пікір қалдыру