Алексей, Хорст және мен

Кешкі сағат жеті. Комендантқа кіріп мен кезекшілік қызметті тапсырғанымды, лейтенант Пушкарь қабылдағанын баяндап бердік.

–  Сіз қызметіңізге кірісе беріңіз, – деп комендант Пушкарға иек қақты да маған қарады.

– Сіз бөгеле тұрыңыз.

Әлгінде комендантқа бір сары жігітті өзім кіргізіп жібергенмін. Пушкарь шығып кеткеннен кейін комендант көзін жанында отырған соған салды да, қайта маған бұрылды.

– Украинадан ән-би ансамблі келе жатыр. Жетпіс шақты адам. Бургомистр екеуіміз оларды «Алтын балық» отеліне жайғастыруды ұйғардық. Магистрат адамдары сонда жүр. Сен де жет. Отельдің жатар орындары екі-үш сағаттың ішінде босайтын болсын.

– Босағанда… Оның қонақтарына орын тауып беруге тиісті шығармыз? – дедім мен.

–  Магистрат адамы сонымен айналысып жүр. Ал, өзің ансамбль қаладан аттанып кеткенше жанында боласың, – деді де майор қонақ жаққа иек қақты. – Мына кісі ансамбльдің әрі әкімшісі әрі би үйретушісі екен. Істеріңе сәт!

Біз сыртқа шыққан соң таныстық. Аты Алексей екен. Ал фамилиясы жадымда қалмапты.

«Алтын балық» иесінде ес жоқ. Оның қуанышының сыры маған белгілі, аудан орталығы болып саналатын қалада қырық шақты Отель – ресторан бар. Комендант талғамы солардың ішінде «Алтын балыққа» түсіпті. Аз қуаныш емес. Ол менің қолымды уысынан шығармай ұзақ сөйледі.

– «Осыншама Совет адамының қолымнан дәм татуы ежелден арманым болатын. Анада бір насихатшы «Біз арман атаулы орындалар шақта өмір сүріп отырмыз» дегенде оның сөзіне күмәнданған едім. Ал бүгін соны өзім біреуге айтуға дайынмын. Сіз маған қолдары ашық, дарқан адамдарды әкелумен бірге менің мәртебемді қаншама көтерейін деп тұрғаныңызды және менің бәсекелестерімнің қазір қандай күйде жүргенін білесіз бе? Құдай біледі, олар қазір іштері күйіп, өлейін деп жүр. Ал маған керегі де сол!

– Отеліңізде қонақ көп пе? – деп сұрадым мен.

– Бар, бар… Сіздің кісілеріңіз қашан келуші еді?

Әлгінде осы сұрақты әкімшіге қойғанымда ол түнгі сағат онның поезымен келіп қалар деген. Отель иесіне осыны хабарлағанымда ол бір отырып, бір тұрды.

– Оған дейін төсек-орынды жаңартын, кешкі асты дайындап қою керек екен-ау! – Отель иесі кухня жаққа бұрыла беріп бізге қайта қарады. – Өздеріңіздің не ішіп, не жегілеріңіз келеді. Бүгін сіздерді тегін сыйлаймын.

– Бір-бір саптыаяқ сыра, – деп столға барып отырдық.

Біздің сұрағанымызды Отель иесінің өзі әкеліп алдымызға қойды да, шұғыл бұрылып жүре берді. Администратор тобылғы торы сыраны бірер ұрттады да маған қарады.

– Мен бір немісті іздеп жүр едім…

– Аты-жөні мен туған қаласын айтсаңыз табу қиын болмас.

– Аты Хорст. Ал қаласы мен фамилиясын білмеймін.

Мен еріксіз мырс еттім. Орыс елінің Ивандары сияқты Хорст та неміс арасында көп тараған есім. Осы ойымды айтқанымда Алексей:

– Өзім де солай болып қалар-ау деп ойлаушы едім, – деді.

– Қашан кездескен едіңіздер?

– Қырық үшінші жылы. Курскі иінінде.

– Бірге болып па едіңіздер?

– Бары-жоғы үш-төрт сағаттай ғана. Соның өзінде де басымыздан не ол, не мен ұмытпайтындай оқиға өткен.

– Қызық екен!

– Мен полктың барлаушылар взводының жауынгері болатынмын. Өткен түнде ғана үш жолдасым ар жақтан «тіл» алып келген. Солардың басынан кешкен оқиғаларын тыңдайық деп, ертеңгілік тамақтан кейін алқа-қотан отыра бергенімізде взвод командирі мені штаб бастығына жіберді. Автоматымды асындым да траншея қуып жүгіре жөнелдім.

 Екі жақ та үнсіз андысып жатқандай айнала тып-тыныш. Соғыстың аты соғыс қой, сонда да басымды көтермей жүгіріп келемін. Штаб бастығы өзіме таныс жас капитан.

– Ана отырған адамды дивизия штабына жеткізесің! – деді.

Капитан иек қаққан жаққа қарасам, есік қайрылысында неміс солдаты отыр – менің жолдастарымның түнгі олжасы. Тыриған арық сары. Жасы өзім шамалас. Ал мен ол кезде кәміл он тоғызда едім.

– Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай жеткіз!

– Құп!

«Мұншама шегелеуіне қарағанда, әлде қандай операцияның сәтімен іске асуы осыны айтылған штабқа аман-есен жеткізуіме байланысты-ау, осы» деп топшылаймын. Соғысты жаңа көріп жүрген жаның мен емес. Мәселенің құлағын көрсетсе, тұлғасының қандай болатынын шамалап үйренгенмін.

– Дивизия штабының қайда екенін білесің бе? – деді капитан.

Өзімнің де сұрағалы тұрғаным осы еді. Капитан мені столға жайылған картаға жақындатты да:

– Біз мына деревнядамыз. Аталған штаб мынада. Аты Горловка. Оған жеткенше төрт деревнядан өтесің. Бесіншісі – Горловка. Ал, жолың болсын!

Бұл өңірде деревня көп болған екен. Бірде бірінде басы бүтін үй жоқ. Тек пеш мұржалары ғана сойдиып-сойдиып көрінеді. Аралары екі-үш километрден аспайтын сондай деревнялар көзің жеткен жерге дейін жыпыр-жыпыр етеді. Қолы артына байланған «тілді» алдыма салып, жолға шықтым. Әуелі траншея, содан кейін ойпаң қуып біраз жүрген соң жолшыбай бірінші кездесуге тиісті деревняға кірдік. Өңкей мұржалардың ортасын ала көсілген көшемен жүріп келеміз. Кей пештің үстіне шығып тұрған бала. Қалың халық ұшыраса қоймаған деревняны артта қалдырдық. Сойқан бізді келесі деревняда күтіп тұр екен. Өткен деревняның тыныштығына үйреніп қалған біз, мына деревняның ортасымен де қаннен-қаперсіз келе жатқанбыз…

…Иә, олар деревняны қаннен-қаперсіз қақ жарып келе жатты. «Тіл» алда. Алексей артта. Автоматы кезеулі. Кенет жандарына бірі кіндігіне дейін жалаңаш, бірі үстіне солдаттың кең көйлегін киген екі бала ентіге жүгіріп келді де біраз жер қатарласып отырды. Деревняның ортасына жеткенше балалар саны мүлде көбейіп кеткен еді. Енді арасынан шалдар мен әйелдер де көріне бастады. «Ей, немісті әкетіп барады, немісті!» деп айқайлаған балалар дауысы құлақ жарады. Осы жиыннан жақсылық көрмеген Алексей:

– Тараңдар! Жақындамаңдар! – деп әркімді бір итереді. Алайда, молая түспесе азаяр топ жоқ.

Бейне бір белгісіз оқиғаның болып қалуынан «тіл» де сескенетін болу керек, арт жағына бұрылып қараған көзінен Алексей үрей көреді. Үрейді сейілту үшін ол оң жақтағы халықты шегіндіріп тастап, сол жаққа шықса, ана қуылған халық қайта жақындай түседі.

– Жолдастар, тараңдар! – деген Алексей дауысы, неліктен екені белгісіз, дірілдеп шыққан еді.

– Үйлеріңе қайтыңдар!

Осы жерде бір әйел Алексейге шабалана ұмтылсын:

– Үй деймісің? Қайда ол!? Төңірегіңнен не көріп тұрсың? Мүмкін, менің үйімді өртеген осы шығар! – Әйел кенеттен тарбитып алған саусақтарын «тілдің» сары шашына сұғып жіберді. Қолы байлаулы «тіл» әйелдің екі шайқауына шыдамай құлап түскенде, бала біткен үстіне жабыла кетсін. Алексей қолына түскенін мытып жатыр. Алайда, ол жалғыз. Мына жақтан біреуін қуып тастаса, ана жақтан үшеуі келіп қосылады. Сол жерде ол опыр-топыр болған үйме-жүймені, не істерін білмей, дәрменсіз айнала берген еді. Кенет құлағына капитанның «Қанаттыға қақтырма, тұмсықтыға шоқыттырма!» деген бұйрығы қайта келіп, автоматын арқасына қарай сырғытып тастап, нөпірге сүңгіп кетті. Ойы – «тілді» көлденең басып алып, оған арналған жұдырық пен тепкіні өзі қабылдау. Әттең, не керек, «тілге» жете бергенде оны біреулердің қайта сыртқа қарай сүйреп тастағаны. Ол көтеріле бере «Тимеңдер! Керек адам!» деп айқайлап қайта ұмтылды алға… Алайда, Алексейдің жалынышты үнін елеген жан болсайшы! Ана сорлы не болды? Лажы таусылған Алексей автоматын аспанға қаратып бір дүркін оқ атты. Жұрт осы жолы ғана серпілген еді. Өзіне қабақ түйе қараған қатын-қалаш, бала-шаға көзінде ыза-кек. Тіпті ана фашисті қолдарына емін-еркін беріп қоймаған мына қызыл әскердің өзіне тап беруге дайын сияқты жандар олар.

Алексей сұлық жатқан «тілдің» қолын шешті де, шалқасынан аунатып, кеудесіне құлағын тосты. О, жасаған, тірі екен! Тірі! Алексей көтеріліп, төңірегін шолып өтті.

– Енді бұған жақын келгендеріңді атамын, айтпады демеңдер!

– Е, бір фашист үшін бәрімізді қырайын деп пе ең? – деп алға ұмтылған әйел шақ етті.

– Тоқта! – Алексей оның алдына автоматын кезеді.

– Біздің көптеген адамдарымыздың тірі қалуы осыны тиісті жерге аман-есен жеткізуіме байланысты екенін білесіңдер ме? Енді жақындамаңдар! – Алексей осы сөзді айтты да автоматын бір иығына, «тілді» екінші иығына өңгеріп алып, аяңдай берді…

– Сонымен «тіл» әйтеуір тірі қалды ғой? – деп сұрадым мен.

– Иә, тірі екен әйтеуір. Бір бұлақтың басына жеткізіп, үсті-басын қағып, жуындырып қарасам, бет-аузы көкала қойдай. Тістері босаған. Қан түкіреді…

– Ал, – деп қойдым мен әңгімені жалғай беруін сұрап.

– Сол бұлақтың басында ойға шомайын. Горловкаға дейін әлі екі деревня. Олардың тұрғындары да фашизм тепкісін көргендер. «Жолдан шықсаң минаға қақтығып қалуың мүмкін» деп капитанның ескертіп қойғаны анау. Жә, деревнялардың ортасынан өтетін жолдардан тысқары жерлерде біздің әр түрлі объектілеріміздің бары өзіме аян. Оларға жақындамаған жөн… Мына олжаны алдағы деревнялардан аман алып шыға аламын ба, жоқ па? Осы ой мені тағы бір ойға салады: «Мұнымен киім ауыстырсам қайтер еді». Осы кезде тұла бойым қалт етті. Мен оның көлбақа түстес камзолына қарадан-қарап жиіркендім. Бұдан кейін өз гимнастеркамды бұған кигізуге арландым. Алайда, дәл сол жерде «тілді» штабқа жеткізудің басқа амалын таба алмағанмын. «Өзін құрбандыққа шалған ғана мақсатына жете алады» деген екен бір ғалым. Сол айтпақшы, бұл жолы «құрбандыққа шалыну» кезегі маған келгендей. Көндім тағдырдың мойныма салғанына! «Тілді» шешіндіріп, оның киімін өзім кидім де, гимнастеркамды оған кигіздім. Қанша дегенмен майдан даласы ғой, сақтықта қорлық жоқ деген, «тілдің» қолын тағы да артына байлап жолға шықтым. Тапқан ақылыма өзім мәзбін. «Үстінен біздің киімді көрген соң оған енді ешкім тие қоймас» деп ойлаймын. Үшінші деревняда бізге ешкім жоламады… Ал, төртінші деревня үшінші деревнядан шыға бере-ақ көрінеді екен – байпаң қыратты түгел алып жатқан деревня. «Әй жолымыздағы ең үлкен деревня осы болар-ау» деймін ішімнен. Алайда, сескенбеймін – қызыл әскер киімі бар адамға тиісетін бұл жұрт жынданып па!» Бұдан аман өтсек, ар жағында – Горловка. Тапқан ақылым ішіме симайды. «Взводқа барғаннан кейін айтсам, жігіттер қандай таң қалар екен» деген ой орала береді басыма. Оның үстіне тапсырманың орындалуына қол созым-ақ жер қалған. Көңілім тасып өзіме өзім риза болып келемін. Алайда, «тілдің» қамын ойлаған мен өз басымның не боларын ескермеппін-ау! Өзіңіз қараңыз, Совет Армиясы кеше ғана азат еткен жерде фашист солдаты қызыл әскерді алдына салып алып келе жатыр. Бұл – менің айлам екенін кім білсін. Жә, түсіндірмек болып өзеуресем де жан құлақ асар ма? Мұны мен сізге оқиғадан оза айтып отырмын ғой. Ал бұл өлімнен қалғанымнан кейін ғана есіме түскен жай болатын. Гәп мынада, Горловканың бер жағындағы деревняға иек арта бергенімізде-ақ әйел, бала-шағалар «фашист біздің қызыл әскерді атуға апара жатыр» деп маған жабыла кетсін…

Жұрт Алексейге жабыла кетті. Алексей дауыс беріп үлгіргенше желкесі мен ауызына бір-бір жұдырық тиіп те үлгірген еді.

– Мен орыспын! – деді ол жағасынан алған әйелді кеудесінен итеріп.

– Орыс болғаның үшін!

– Салмақты бір жұдырық Алексей тұмсығына тағы да сарт етті.

– Туыстар, сабыр. Сөзге келіңдерші. Босатыңдаршы мені!

– Сатқын иттің сауға сұрауын!

– Бетбақ қой! Әйтпесе Совет жерімен қызыл әскердің қолын байлап, әкетіп бара жатар ма!

– Ей, мұнымен тәжікелесіп тұратын не бар. Фашист болып кеткен немістің кейбіріне кешірім жасауға болар. Ал, орысқа – жаза біреу-ақ!

– Дұрыс! Дұрысы осы! Былай тұрыңдар! – Алексей автоматын а дегенде-ақ жұлып алған жалаңаяқ әйел жұртты қуа бастады.

– Қазір-ақ жанын жаһаннамға жіберейін!

Бала-шаға мен кәрі-құртаң әйелге жол беріп шегініп кеткенде Алексейдің есіне түскені «тіл» болды. Ол жан-жағын тінте қарап, іздегенін көре алмады да:

– Ей, жолдастар-ай, әлгінің қашып кетуіне көмектескен екенсіңдер ғой. Енді мені ата берулеріңе болады, – деп иығы түсіп, басы салбырап тұра берді. Ығысып кеткен жұрт арасынан кенет:

– Ей, – деген дауыс саңқ етті. Бір егде адам алға шығып әйелдің кезеп тұрған автоматының ауызын әрі қаратты. – Осы оңбағанға Совет заводынан шыққан оқты шығындаудың өзі обал. Ана жылы фашистердің Макар Макарычты қалай өлтіргені естеріңде ме?

– Е, оны ұмытып жынданыппыз ба?

– Екі жағына үш-үштен алты фашист тұрып алып, өкпеден тепкілеп өлтірмеп пе еді оны көз алдымызда! Мынаны да сөйту керек.

– Иә, сөйтіп колхозымызды құрған адамның өшін алайық.

– Ағайындар, бір-екі ауыз сөзге мұрсат беріңдерші, – деп жалынды жұрттың бет алысын көрген Алексей.

– Ал, сөйле.

– Жоқ, – Алексей бас шайқады. – Мұқым жұрттың көзінше айтуға болмайды. Партияда бар біреуің оңаша шығыңдар.

– Ей, мынаның әуселесі белгілі болды. Қашып кетудің амалын іздеп тұрмасын осы.

– Біреу болса да коммунисті атып кетпек қой бұл. – Бүйірден келген біреу Алексейді көк желкеден түйіп құлатты да, – ал, тепкілеңдер! – деп жар салды.

– Макар Макарыч үшін!…

Ана деревнядағы оқиғадан зәразап болған «тіл» мына деревня тұрғындары соңында келе жатқан қызыл әскерге лап қойғанда өзінің назардан тыс қалғанын көріп, зыта жөнелген. Бірақ, ол алысқа кетпеп еді. Оқшаулау бір пешті тасаланып тоқтаған. Оның құлағына ешкімнің сөзі жетпеген, жә, жетсе де түсіне қояр ол емес. Әйтеуір өзінше киімін киген қызыл әскер төңірегінде шоғырланған халық көз алдында. Осылай ол бірсыпыра тұрды. Өзі де ешкімге жоламады, бұған да жақындаған жан болған жоқ. Солай тұрып ол топтың қызыл әскерді жабыла жерге алып ұрғанын көрді. Әлде ана деревняда өзіне арашашы болған жанның алдында қарыздар болып қалғысы келмеді ме, кенет ол тасадан шығып, жолға қарай үкідей ұшты. Ол келе қызыл әскерді тепкілеп жатқандардың бірін өзіне қаратып алып:

– Фашист солдаты ол емес, мына менмін! – деп немісше сөйлеп өзін кеудеден түртіп еді, анау мұны мүлде аулағырақ итеріп жіберді. «Тіл» тепкілеушілердің басқа жағынан барып тағы біреуіне бірдеңе дегенше болған жоқ ту сыртынан келген екі әйел қолтығынан алып әрман әкетті.

– Онда не жұмысың бар. Азар болса, фашистің саны бір адамға кемір. – «Тіл» әйелдер сөзіне түсінбесе де, сөз сыңайларын ұққандай болды.

– Руссише меньше!

Ту сырттарынан ащы дауыс саңк еткенде Алексейді тепкілеушілер кенеттен сілейіп тұрып қалды. Екі жылдай естіп келген неміс комендантының даусынан аусайшы! Осы бір сәтте жұрттың басынан «азат болдық деп жүргеніміз түс болмағай!» деген ой есіп өткендей еді. Дауыс иесі – өздері қызыл әскер деп таныған адам. Алайда, ол немісше сөйлеп тұр.

– Фашист солдат ол емес, менмін. Ал, ана жатқан адам қызыл әскер. Өз туыстарың.

Неміс тілінен бірер қақпайы барлар елең етісті. Алайда, өзін «фашист солдатымын» деп көрсетуі мен «қызыл әскер» деп ананы көрсетуіне түсіне алмай дал. Бұл не жұмбақ? Жұрт абдырап қалған сәтте «тіл» сұлық жатқан Алексейге барып, басын көтерді. Тірі екен!

– Камарат, камарат. – Алексей жағына тиген жеңіл шапалақтан көзін ашты да, өзіне төніп тұрған «тілді» көргенде есін тез жиып, атып тұрды. Сол сәтте «тіл» де артына айқастыра ұстаған қолын Алексейге «байла» дегендей ұсына берді.

– Мынаның қолын қайсысың шештің? Белбеу қайда? – Алексей төңірегіне көз салды.

Жұрт аң-таң. Қызыләскер анаған «қолымды байла» деп тұр және немісше сөйлейді. Ал фашист солдаты орысшаға судай… Бұл не?

Бір қарт пен автомат ұстаған жалаң аяқ әйел Алексейге жақын келіп мына құбылыстың сырын түсіндіруін сұрады.

– Екеуіміздің де қолымызды байлап, Горловкаға алып барыңдар! Бар жұмбақ сонда шешіледі.

– Түсіңдер, ендеше, алға!  – деді жалаң аяқ әйел…

… – Осылай біз Горловкаға жеттік, – деген Алексей маған қарап күлді. – Капитан «тілді» бір адам айдауылмен жөнелткенін телефонмен хабарлап қойған екен. Штаб бізді күтіп отырды.

– «Тілдің» білгендерін полк штабында да айтқызуға болатын еді ғой. Әлде тілмаш болмады ма екен?

– Бәрі болды, – деді Алексей. – Гәп «тілдің» өзінде екен. Ол бір үлкен штабтың оперативті бөлімінде істепті. Өз жағының бөлімдері мен қару-құралдарының бекініске қалай орналасқанын картаға түсірген осы екен. «Соны сіздерге де түсіріп берейін» десе, полкта оған керекті масштабтағы неміс картасы жоқ болып шығады. Сұрастыра келгенде ондай карта дивизия штабынан табылады ғой… Мен тепкіден алған ісік-жараларымды емдетіп, медсанбатта бір тәуліктей жатып шықсам, көлеңкеде сапарлас серігім отыр. Мен оған қарап күлдім, ол маған қарап күлді. Екеуіміз қол алыстық та бірімізге біріміз аты-жөнімізді айттық. Содан оның «Хорст» дегені есімде қалыпты. Ал қай жерлік екенімізді ол да атаған жоқ, мен де атағамын жоқ. Міне, менің іздеп жүргенім сол Хорст.

– Бұл ауданда республика халқының екі жүз бөлегінің бірі ғана тұрады. Сансыз Хорстардың сіз іздегені екі жүзінші бөліктен шыға келсе, ол өмірде бұрын-соңды болмаған таңғажайып оқиғаға тең болар еді, – дедім мен.

Қаламызда фестхалле деп аталатын екі мың орындық зал бар. Концерт сонда өтпек. Кеше комендант соғыстың аяқталғанына жеті, Герман Демократиялық Республикасының құрылғанына үш-ақ жыл болғанын есіме салып, «неміс жұмысшы табының жас мемлекетіне кесел келтірушілер болмайды» деу ерте шығар. Сақтық! Сақтық!» деген болатын. Сонысын мана тағы да қайталады.

Кешкі сағат жетіде концерт басталды. Залда ине шаншар жер жоқ. Сырттан анталаушылар мен есік-терезелерден үңілушілер қанша. Алдыңғы қатардың шет жағынан мен де жайғастым. Басқаны білмеймін, өзімнің есім шығып отырмын. Ансамбль Ұлы Отанымыздың барлық халықтарының әнін шырқап, биін билейді екен. Оның ішінде украина қызы «Қазақ вальсін» шырқап бергенде менің жанымның шығып кете жаздағанын қайтесіз!

Үзілістен кейін бандурашылар орнын сахнаға шулай шыққан «солдаттар» алсын. Орта тұсында Алексей. Алдына алжапқыш байлап «аспаз» болып жүр. Көңілді солдат биі осылай басталып кеткен еді. Бұл биді қоюшы Алексейдің өзі екенін жаңа хабарлаған. Ойпырмай, ұршықша иірілмейтіні болсайшы! Ал олардың ішінде Алексейдің өзін зырылдауықде де қой. Аузымыздан сілекейіміз шұбырып, таң-тамаша болып отырғанымызда, кенет, сахнаның ана жақ басынан шу шықсын. Жалт қарасам, бірер адам сахнаға ұмтылған бір немісті жібермей тұр екен. Ана немістің сахнаға қол созып «Олекс, Олекс» деген дауысын анық естідім… Ұшып тұрып солай қарай ұмтыла бергенімде ананы бір полицей алды да кетті. Елімнің өнерін сағынып қалған басым, ана адамның кім екенін біліп қалу есіме де келмей, уф деп отырып қалыппын. Содан орнымнан концерт аяқталғаннан кейін бір-ақ тұрдым. Шымылдықтың ар жағына сүңгіп кетіп, өнер иелерінің қолын алып, алғысымды жаудырып жатқанымда жаныма Алексей келді.

– Әлгі Хорстты қайда әкетті?

– Өзің айырықша таныдың ба?

– Танымағанда ше! Өзі! Би бітісімен жүгіріп барсам, полицияға алып кетті дейді. Жолдас лейтенант, өзін отельге алып келіңізші.

Мен екеуін жолықтыруға сөз беріп полицияға тура тарттым. Алдымен бұл Хорсттың әкімші іздеп жүрген Хорст екенінде өзімнің күмәнім қалған жоқ. Алексейдің манағы әңгімесінен басымда ұялап қалған бір ойларым бар: «Неміс киімін киген Алексейге жұрт лап қойып, ұрып-соғып жатқанда бақылаусыз қалған Хорст неге қашып кетпеген?» деген сұрақты әңгіме иесіне қойғанымда, ол «қайдан білейін» дей салған. Сол оқиғалардан үлкен психологиялық мән күткен мен енді оның сырын Хорсттың өзінен білемін ғой деп келе жатырмын.

Міне, алдымда жұқалтаң сары кісі отыр. Мен оның бетінен көз алмаймын. «Егде тартқан кездегі түріне қарағанда осыдан тоғыз жыл бұрын администратор суреттеген «арық сары» болдың-ау, тегі деймін ішімнен. Мен әуелі оның аты-жөнін сұрадым.

– Хорст Вилдау, – деді ол.

– Жасыңыз?

– Кәміл отыздамын.

«Сонда осыдан тоғыз жыл бұрын мұның жиырма бірде болғаны ғой. Алексей «өзім шамалас» деп еді-ау.

– Мана сахнаға неге ұмтылдыңыз?

– «Кездесем-ау» деп арман етіп жүрген адамымды көрдім.

– Бұдан бұрын ол адаммен қашан кездескен едіңіз?

– Қырық үшінші жылдың жазында, Курск қақпанында.

Біз «Курск иіні» деп атаған стратегиялық аймақты фашистердің «Курск қақпаны» деп атағанын естігенім бар.

– Екеулеріңіздің қалай кездескендеріңізді айтып берсеңіз қайтеді? – деп өтіндім мен.

–  Айтайын, – деді Хорст. – Ол өзі әскери барлау жұмысымен байланысты оқиға.

– Дұрыс! – деп қойдым мен. Алексейдің Хорстын да ар жақтан барлаушылар ұрлап әкелген. Мынау әңгімесін өзінің біздің барлаушылар қолына қалай түсіп қалғанынан бастайын деп отыр-ау, тегі…

–  Курск қаласы сіздердің қолдарыңызда, Орел мен Белград біздің қолымызда. Енді екі жақ бүйірінен қысып қалып, Курск қаласында кездессе дұшпанның қыруар армиясын қоршап, Сталинградтың кегін қайтарамыз! Осылай генералдар мен офицерлер ойлады, осылай біз солдаттар да ойладық және осы ойды іске асыру үшін қолымыздан келгенін аяғанымыз болған жоқ. Соның бірі өзім едім. Полк барлаушысымын. Бірде «тіл» әкелеміз деп, бірде «тың тыңдаймыз» деп жау тылына жиі өтеміз. Кейде сапарымыз сәтті болып, мақсатымызды орындап қайтамыз. Кейде сәтсіздікке ұшырап, ар жақтан әрең шығамыз. Екі адам сондай бір сапардан оралып келе жатырмыз. Жолдасымды білмеймін, өзімде шаттықтан ес жоқ. Түн болса да ән шырқап жібергім келеді. «Тіл» әкеле жатуымыз екеуімізге ортақ қуаныш қой. Ал менің тағы бір ерекше қуанышым бар – өзіммен бірге барлаушы болып істейтін Вольфганг деген жерлесім демалысқа кеткен болатын. Сол кешелі-бүгінді қайтып келуге тиіс. Ол біздің үйге барып шешеммен, қарындасыммен сөйлесті, амандықтарын білді. Соғыс қазаны бұрқ-сарқ қайнаған осынау дүниеде менің туыстарыммен жүздескен жалғыз жанды көремін мен бүгін. Әсіресе, қарындасым Эмманы айтсайшы! Өзімнің демалысқа барып қайтқаныма әлі үш айға толған жоқ. Өткен жылы ғана тұлымы желбіреп жүрген қарындасыма енді қарасам, бойы сырықтай, аяқ-қолы жұп-жұмыр оқтаудай бойжеткен болып қалыпты. Қыз деген тез өседі екен-ау! Иығына толқындана төгілген алтын түстес шашы қандай! Әжімсіз сұлу әлпет, күлімдеген көгілдір көз, керілген қас… Қысқасы, шешем екеуіміздің апта бойы қызықтағанымыз Эмма болды. Біздің әкеміз жиырмасыншы жылдың аяқ кезінде болған бір ереуілде полиция дүресінен қаза тапқан. Содан бізді адам деп елеп, үйімізге бас сұққан жан болмаушы еді. Міне, Эмманың арқасында сол үйдің есігі жиі ашылып, әлдекімдер келгіш болып алыпты. Демалысым бітіп, майданға қайта аттанғанымда осының бәрі менің көкейімде кетті. Осының бәрі көз алдымда мәңгі тұрып алды. Хат-хабар өз алдында жүріп жатты ғой… Ал, взводта мені шешем мен қарындасымды көрген адам күтіп жатыр. Ол, әсіресе, қарындасымды аузынан сілекейі аға әңгімелейтін болады: Тіпті Эмманы көріп жүру үшін менімен бір бөлімде істейтінін пайдаланып біздің үйге жиі барып жүргенін мойындайды ол. Менің ішіме симай келе жатқан екінші қуанышым осы… Ал кездескен жерде Вольфганг менімен салқын ғана амандасты да бұрылып жүре берді. «Әлде неге асығулы болар. Енді сөзге оны өзім тартып көрейінші» деп алдын тосып, қолы бос-ау деген уақыттарда жанына барып отырамын да қимыл-кескінінен сөзден қашып жүргенін аңғарамын – болмашы бірдеңелерді сылтауратып кетіп қала береді, – деп Хорст алақанын ысып, аз-кем үнсіз отырып қалды. Мен болсам, «бұл чертежник қызметіне ауысқанына қашан көшер екен» деп отырмын. Әлден соң Хорст басын көтеріп маған тік қарады. –  Комендант жолдас, уақыт түн ортасынан ауды. Әңгіме әлі ұзақ. Өзіңіз күні бойы тынымсыз жүгірісте болдыңыз…

Мен әңгімесін жалғай беруін сұрадым.

– Ендеше, қысқарта сөйлейін, – деген Хорст отырған жерінде қозғалып қалды. – Кешке Вольфгангты қояр да қоймай жаныма отырғызып алдым да: Ол жақтағы дүние өртеніп кетсе де айт! Біздің үйге бардың ба?» дедім. Ол басын изеді. Жерлесімнің тілі осыдан кейін шешілді ғой. Бұрын демалысқа шыққанымызда туған қаламызға қалаған жолымызбен, ұнаған көлігімізбен тарта беретінбіз. Ал, соңғы уақытта, әсіресе, шығыс майданы солдаттары үшін демалысқа барудың соны тәсілі шығыпты. Әуелі солдаттарды әскери топ штабына жинап, сол жерде өлке бойынша бастарын қосып жібереді екен. Өлке астанасында солдаттарды бара жатқан қалалары бойынша топтап, біреуін жетекші сайлап, «жұптарыңды жазбай барыңдар» деп аттандырады екен. Біздің қалаға он бір солдат бара жатады. Жетекшілігіне шығыс майданының ең маңызды да жауапты тұсы Курск қақпанынан келе жатқан солдат болған соң Вольфгангты тағайындап, сол күні екі кеш арасында өз қаласына жетеді. Вольфганг жұрт өзін осыншама құрметпен қарсы алады деп ойламаған еді…

…Солдаттар өздерін осыншама құрметпен қарсы алады деп ойламаған еді. Күңгірлеген перрон толы халық. Үп деген желге толқыған атлас тулар. Төңіректі кернеп кеткен марш әуені. Дүниедегі барлық түсті бойына жинаған гүл атаулыда қисап жоқ. Айнала ақ матаға көкпен жазылған ұран: «Шығыс майданының батыр жауынгерлеріне жалынды сәлем!». Осы көрініс, екінші жағынан Вольфганг тобын тәртіпке шақырып, солдаттар киімдерінің қырыс-тырыстарын жазып, вагон ішінде-ақ сапқа тұрып, жетекші бас болып түсе берсін. Бір жерде біреулер бірдеңе айтып, ұран тастап жатыр. Оған тағы біреулер қосыла ма, қалай… Сөздерді құлағы шалғаны болмаса, Вольфганг сөз иелерін көрмеді, жә, көруге құмарта да қоймады. Өйткені ол вагон табалдырығында өмірінде есінен кетпейтін, көз алдынан өшпейтін, бір оқиғаға тап болады – аяғы перронға тиер-тиместе оны бір қыз қолтықтай жөнеледі. Сөйтсе неміс қыздарының национал-социалистік одағы киімін киген оннан астам бикеш перронда тізіліп тұр екен де солар вагоннан түсе берген солдатты қағып алып, қолтықтап, вокзалдың қала жағына әкетіп жатыр екен. Он бір солдат өздерін қолтықтаған соншама бикешпен автобусқа сүңгіп кетсін. Ал перронды кернеген халық әлі соңдарында. Олар автобусты қол соғып, гүл лақтырып шығарып салды…

Автобустың тоқтаған жерін көргенде солдаттардың есі шыға қуанбасы бар ма! «Алтын балық» отелінің алды. Іштегі маздаған жарық тұтас шынылы терезелерден сыртқа төгіліп, тас көшені күндізгідей-ақ жарқыратып тұр. Отел атының екі сөзінің бірі сөнсе, бірі жанып, құлпыра ойнайды. Қала басшылары мен үлкен шенді офицерлер шығыс майданы жауынгерлерін осында қарсы алып, қысқа-қысқа сөз сөйлеп болғаннан кейін, жұрт мол дастархан төңірегіне жайғаса бастады. Манағы ұзын күрең шашты, ашық дауысты ақ-құба қыз Вольфганг қолтығынан әлі айрылар емес. Жә, басқа бикештер де үлестеріне тиген жігіттерден қарыс адым қалғылары келмей жабысып алыпты. Ішіп-жемде қисап болған жоқ. Әлден соң солдаттардың алды әскери тәртіп пен азаматтық әдепті былай қойып, жандарындағы жандарды үстел басында-ақ аймалай бастаған шақта Вольфганг қызы кенеттен атып тұрып, рюмка толы ликерді басынан асыра көтерді.

– Қыздар, бүгін мен фюрерге бір ұлды сыйға тартамын! Сендер де менің шақыруыма қосыласыңдар деп сенемін!

Вольфгангтың есі шықты. Манадан бері «Ал, енді мені шығарып салыңыз» дейді де кетеді. «Содан кейін мен бұл қызды қайтып көре аламын ба, жоқ па», деп ойлап сөзді неден бастарын білмей отырған жігіт орнынан қалай атып тұрғанын білмей қалады. Қыздың қолы мойнына орала кетіп, құшырлана сүйіп, әлдеқайда жетектей жөнелді. Вольфганг есін екінші қабаттың бір бөлмесіне барғанда бір-ақ жиды. Ау, оның мына бай жасау мен қыздың өзіне ұсына қоярлықтай ақшасы жоқ қой. Несіне қуанады. Аузына бармай езуінен ағып кететін балға несіне қуанады. Осыны айтқанда төсекке келе құлаған қыз:

– Шығыс майданының батырына бәрі тегін! – деді…

– Біздің Вольфганг тиіп тұрған деревнясына жете алмай қалада осылай бөгеледі, – деп Хорст тағы бір тыныстады. «Чертежник қызметіне ауысқанына қашан көшер екен» деп мен отырмын.

– Онсыз да ұйқысыз өткен Вольфганг пен патриот қыздың түнін әлде нелер бөле береді: сыртта шыны сына ма-ау, әлде кімнің шыңғырған дауысы шыға ма-ау, әйел дауысы біреуді балағаттай ма-ау, машина гүрілімен жарыса еркек дауысы гүжілдей ме-ау… Әйтеуір «Алтын балық» төңірегі түні бойы тыныштық дегенді білмеді. Алайда, оған бас көтеріп, алаңдаған Вольфганг болған жоқ. Патриот қыз фюреріне берген антын орындауға көмектескеннен басқаны білмей жата береді…

Вольфгангтың ойы әуелі менің шешеме жолығып, сәлемімді айтып, сәлемдемемді тапсырғаннан кейін деревнясына тартып отыру екен. Біздің үйге келсе, есік жабық. Көршілер шешем мен Эмманың түні бойы үйде болмағанын айтады. Дегенмен, түстен кейін шешеме жолығады. Екі көзі қып-қызыл, өзі боп-боз қалпы қарсы алады оны шешем. Менің жанымнан барған солдат екенін білгеннен кейін шешем оны құшақтай алып, егіле еңіресін-ай кеп! Сөйтсе, кешегі он бір қыздың бірі Эмма екен. Солдаттарды қарсы алған қыздардың әке-шешелері түні бойы «Алтын балықты» төңіректеп жүріпті де қойыпты. Өзі вокзалда қарсы алған солдат үстіңгі қабатқа әкетіп бара жатқанда Эмма, кенеттен, жұлқына босап, есіктің тарс жабулы тұрғанын көрген соң, терезенің қалың шынысын денесімен ұрып, қашқан екен сыртқа. Қансырап жатқан қызының үстіне құлаған шешемді біреу ары қарай итеріп тастап, екі солдат Эмманы көтеріп қайта ішке алып кетеді. Жуындырып, киімін айырбастағанша есі кірген Эмма екінші терезені сындырып тағы секіреді. Үстіне құрақтай ұшып құлаған ана сол жерде қызының өліп кеткенін сезеді. Басына тосыннан пайда болған қайғы-қасірет үшін шешем кімді қарғарын, кімге лағынет айтарын білмей, қызының салқын денесін құшақтап жата береді…

Вольфганг Эмманы жерлеуге қатысады да деревнясына кетеді.

Демалысы бітіп, қайтарында біздің үйге тағы соғады. Бұл жолы ол көршілерден шешемді полицияның алып кеткенін естиді. Вольфганг жолыға кетейін деп барса, полицияда оған «Рейх пен фюрерге тіл тигізді» депті. Сонсоң неміс қыздарының национал-социалистік одағының осы қала бойынша бөліміне барып өзін қарсы алған бикешті сұрайды. «Вокзалға кетті» деген соң құстай ұшып бұл да жетеді. Перрон толы халық. Гүл ұстамағаны жоқ. Үп деген желге толқыған атлас тулар. Поезд да келіп тоқтай қалады. Анадай жерде одақ формасын киген оннан астам қыз қатар түзеп тұрған. Олардың алдыңғысынан Вольфганг осыдан бір апта бұрын өзін дәл осылай қарсы алған қызды таниды. Ол вагон есігінен екі езуі екі құлағына жеткенше ырсиып көрінген бірінші солдаттың қолтығына жабысып, бетінен сүйіп, вокзалдың қала жағына қарай жетектей жөнеледі… Тұла бойы мұздап кеткен Вольфганг төмен қарап, кері бұрылып жүре береді…

Вольфганг маған шешем мен қарындасым жайын жеткізудің ретін таба алмай тайсақтап жүр екен. Осы оқиғаны естіген күні кешке дейін бас көтере алмай жаттым. Анам мен қарындасым көз алдымнан кетпейді. Анамның мейірімі мен қарындасымның небір қылықтары есіме түседі. Солай жатып өксіп-өксіп жылап та алдым. Тамақ ішкім келмеді. Жолдастарымның әзіл-сықағы тартпады. Ұйқы қашты, уайым басты… Ертеңіне полк штабының бастығына бардым. Айыр иекті, жұқа ерінді, үлкен ауызды егде тартқан майор болатын. Барлаушылар взводы тікелей соған бағынатын. Майор әлде неден жамандай қажыған адамның кейпінде отыр екен.

Бұл жолы сен кімді әкелгенсің? – деп қарсы алды ол мені. Алдыңғы күнгі әкелген олжам туралы айтып отырғанын түсіне қойдым да:

– Қызыл әскерді, – дедім.

– Жоқ, сен қып-қызыл пәлені әкеліпсің. Бәрімізді қалжыратты. Ал, өзің неге келдің?

– Мен Вольфгангтан естігендерімді түгел жайып салдым. Сол-ақ екен майордың қаны қашып, табан астында қанталаған көзі үлкейіп, қабағы түйіліп:

– Жалған! – деп өзіме айқай салды да жағымнан тартып жіберді. Етсіз адамның қолы қандай қатты болады, көзімнен от жарқ етті. – Айтып тұрғаның неміс халқына жала! Жағылған қаракүйе! Шақыр Вольфгангты! Егер сен оның бір сөзінің мұртын қисайтып жеткізген болсаң, табан астында атыласың! Айтпады деме, өзім атамын? Өзім! Неміс халқы ондай сорақылыққа жол беруге тиіс емес! Майор Вольфгангты көрген жерде мұрнын ананың мұрнына тигізгісі келгендей төніп барды. Жымқыра жұмғаннан онсыз да жұқа ерінді ауызы сызықтай ғана болып көрінді.

– Ананың қарындасымен болған оқиға рас па?

– Рас, майор мырза.

– Өз көзіңмен көрдің бе, әлде біреудің…

– Тыңдағыңыз келсе тәптіштеп тұрып айтып берейін, майор мырза.

– Айт! Бірақ, соңынан тексертіп алатынымды ұмытпа! Егер бір сөзің жалған болса, табан астында атыласың! Сенің бір қызбен бір түн ұйықтап шыққаның ештеңе етпес-ау. Сол оқиғада халық арына кір тигізер сыр жатыр. Егер асырып айтсаң, менің оғым саған жұмсалған халық қарғысы деп біл! Мылтығымды маңдайыңа тіреп тұрып атамын! – деген сөздерін майор тістерін шақұр-шұқыр қайрап тұрып айтты. Вольфганг тайсалмастан, жаңылмастан сөйлеп берді. Әңгіме соңында мен майордың бұрынғыдан да жүдеп, еңсесінің түсіп кеткенін аңғардым. Ол аз-кем үнсіз отырды да маған бұрылды:

– Өтінішіңді айта бер?

– Үйге барып…

– Биыл демалыста…

– Болғанмын.

– Солай де… Дегенмен сен батыр барлаушысын. Тіпті, соңғы «тілді» алып келгендерін үшін ғана өтінішіңді қабылдауға болады, – деген сөзін өзімен өзі ақылдасқандай жүре сөйлеген майор төргі бөлмеге кіріп кетті. Бұл екі бөлмелі шаруа үйі болатын. Есігі әрі жұқа, әрі сықырлауық еді. Майор сол бөлмеде отырған адаммен басыңқы дауыста сөйлессе керек, әуелі бізге ештеңе естілмеді. Алайда, соңынша полк командирінің өзімізге таныс жуан дауысы гүр етті.

– Немене, сіз ылғи Гетенің, Шиллердің, Рентгеннің тағы кімдердің халқы дей бересіз. Бұл, алдымен, фюрердің халқы! Халқын қырамын десе де, көгертемін десе де оның қолында. Ол халқын ұлт мәселесі түгелімен түбегейлі шешілетін жорыққа бастап отырғанда бірер қыздың бір түні деген не! Ол оқиғаны фюрердің халық қолында барды түгел жеңіс мақсатына қамтуы деп түсіну керек. Болған оқиғаны осылай түсінбеген адамды фюрердің досы деудің өзі қиын! Шығыс майданындағы солдаттың бір түнін көңілді өткізуге көмектеспеген қыздың жолы әне! Мәселе осылай! Мәселе солдаттың, солдат арқылы армияның рухын көтеруде. Яғни, бұл жеңіске байланысты мәселе!

Вольфганг пен Хорст біріне бірі қарады. Ал, Хорст қайғылы шешесінің көзіне бір көріну үмітінен айрылып бара жатты.

Майор полковник кабинетінен қайтып келді. Ол осы жолы екі солдаттың көзіне әлгіден гөрі бүкірейе түскендей болып көрініп еді.

– Полковник маған «кешірек есіме тағы бір саларсың, қазір уақытым жоқ» дегенді айтты, – деді де майор Хорстқа «ертең түстен кейін тағы да бір рет маған кіріп-шығарсың» деді.

«Дегенмен осы кісіде мені шешеммен кездестіремін бе деген ой бар-ау, тәрізі» деген үмітпен Хорст кетті.

Ертеңінде келісілген уақытта Хорст штабқа тағы келді. Майор бүгін де үстелге жайылған карта басынан табылды. Көзі сүзіліп, еріндері бұрынғыдан да жұқарып, иегі үлкейе түскендей болып көрінді Хорст көзіне.

– Солдат Билдау! – деді майор отырысын өзгертпеген қалпы. – Сен үшін фюрердің ойлайтынын білемін. Алайда, бастығың ретінде осы сағаттан бастап өз тағдырыңды өзіңнің ойлауыңа рұқсат етемін. Осы мәселе жөнінде арың не айтса, соны іске асыруға ықтиярлысың, бар! – деді…

Майордың сөзі әуелі маған жұмбақ болып көрінді. Сол жұмбақты шешпек болып түні бойы теңселдім. Басыма не қилы ой келмеді десеңізші. Өлген қарындас өлді. Шешеммен кездесу сәтінің түспейін деп тұрғаны айдан анық. Кезекті демалысыма әлі бір жыл бар. Оған дейін шешем не болады? Өзім не боламын? Соғыс болса мынау, аспан күңірентіп, оқтан жаңбыр жаудырып жатқан. Ал мен оның ең қауіпті қызметіндемін. Сонда шешемді түбі бір қуанту үшін мына алапаттан өзімді қалай сақтап қалуым керек? Осы сұрақтың жауабы ретінде арым майордың үнімен сөйледі. Ол маған бірдеңе сыбырлағандай болып, жетегінде жүре бердім. Қараңғыда тұрып, мұздай киіндім. Пышағымды беліме байлап, автоматымды алып тысқа шықтым. Осыдан төрт күн бұрын алып келген «тілдің» жатқан жері өзіме аян. Онда жұмған аузын ашу жоқ. Өзінің тұла бойы көк-ала қойдай. Қызыл қаннан ақ көйлегі көрінбейді. Сол батыр жатқан жайға келдім де, күзетшіні төбесінен бір қойып, есеңгіретіп, байлап, былай апарып тастадым да, сұлық жатқан «тілді» иығыма өңгеріп, күннің шығар жағына қарай бет алдым. Таң қараңғысында өзіміздің алғы шептен ұрланып өтіп, алаң-елеңде сіздердің окоптарыңызға топ еттім. Екеуімізді әуелі бір жертөлеге қамады. Мен Қызыл Армия командирлеріне болған оқиғаны түгел айттым. Түс кезінде менің оны әуелі осы жақтан ұрлап алып кетіп, бүгін қайта әкеліп тұрғаным олжамның өзіне де аян болды. Ол маған, менің күткеніме кереғар, мейірлі көзімен күлімдеп қарады. Қайран орыс адамы десеңізші, өзінің осыншама азап көруіне себепші болған жанның айыбын бірден ұмытқандай. Түстен кейін екеуімізді ажыратты. Оны қайда әкеткенін білмеймін, мені штабқа әкеліп, біздің жақтың қорғанысы мен офицерлердің не ойлайтыны жөніндегі сұрақтарды жаудыртты-ай кеп! Мен білгенімді түгел айттым.

Ажырасарда менің «тілім» маған қол созып, аты-жөнін айтты. Содан жадымда Алексей деген есімі ғана қалыпты. Соғыстан кейінгі жылдары «өзімен бір кездесер ме, еді?» деп жүретінмін. Арман атаулының тосыннан сораң ететін әдеті бойынша, өзіңіз болған концертте мен оны таныдым да, өзіме өзім ие бола алмай сахнаға ұмтылдым… Енді екеуімізді жолықтыру сіздің міндетіңіз. Үшеуіміз менің үйіме барып, той жасаймыз.

– Шешеңіз қайда? – дедім мен.

– Үйде. Ол кісіні де көресіздер. Екі жыл концлагерьде отырып шықты.

Хорст кездескен бетте өзінің көрші қалада жұмыс істейтінін айтып, таңғы сағат жетідегі поездан қалып қоймауы жөнінде көмек сұраған. Әңгіме тамамдалғаннан кейін мен полиция кезекшісінен Хорстты босатуын өтіндім де ол сол жерден тура вокзалға тартты.

– Кешке келемін. Алексей екеулеріңіз бір жерден табылатын болыңыздар, – деп кетті ол.

Сәске түсте «Алтын балық» отеліне келіп едім, Алексей мені құшағын жайып қарсы алды.

– Жолдас лейтенант, Хорсттың қайда тұратынын біліп беріңізші.

 – Өзіңнің іздеп жүрген Хорсттың сол ма екен? Анықтап байқадың ба? – дедім мен.

– Дәл өзі. Ал енді мен оны қайдан табамын?

– Келер, – дей салдым мен.

– Иә, келер-ау ол, кездесер-ау екеуі, Содан кейін ше?

Дегенмен маған «Өмірде бір Алексейдің бір Хорст досы, әр Хорсттың бір Алексей досы болғаны қандай жақсы» деген ой үйіріле берді.

Қалмұқан ИСАБАЙ




ПІКІР ЖАЗУ