«Алмас қылыштың» жарқылы

Шыңғысханның  жер-жиһанға  аты  жаңа  тарап,  қырықтан  асып  бара  жатқан  кезі  екен, жанында бір топ нояны бар аң аулап келе жатыпты. Кенет жас ноян Сүбітай баһадур: «Тақсыр хан, қараңызшы!» деп оң жақтарындағы биік жартастың етегін көрсетіпті. Биік құз, етегі қалың көгал шөп, ортасында селдір құрақты бұрала сылдырап аққан күміс бұлақ. Осы бұлақтан су ішіп бір топ киік тұр. Жел қарсы жақтан болғандықтан киіктер Шыңғысхан тобының сыбдырын естір емес. Ханның оң жағында келе жатқан ноян иығынан садағын жұлып алып, киіктің шеткі марқа қошқарын іліп түспекші болып, көздей бастады. Бірақ Шыңғысхан «тұра тұр!» деп қолын көтеріп, садағын тартқызбай қойды. Ханның қырағы көзі дәл осы сәтте басқа бір кереметті шалып қалған. Ол алдыңғы жағына ентелей қарады. Сөйткенше  болған  жоқ,  нояндар  киіктердің  ар  жағындағы  көлден  шығып,  шың  түбімен өрмелеп келе жатқан ұзындығы бес құлаштай қара шұбар жыланды көрді. Әлгі ноян енді садағын киіктерге қарай ақырын жылжи таяған әбжыланға көздей бастап еді, Шыңғысхан қолын көтеріп тағы атқызбай қойды. Киіктер өздеріне жақын қалған ажалды сезді ме, кенет құлақтарын едірейтіп жан-жақтарына елеңдей қарады да айдаһарды көріп ата жөнелді. Бірақ олар тым кеш қимылдады, әп жылан лақтырған бүйендей кенет жуан шұбар денесін сопаң еткізіп бір ытқытты. Сол сәтте шеткі жас киік «бақ» ете қалды. Жыланның орала түскен балуан денесінің бір сығуынан киік қалмады. Екінші рет бақыруға да жарамады, жас сүйегі сытыр-сытыр сынып, заматта жан берді. Енді жылан жазылған арқандай бес құлаш денесін созып жіберді де арандай аузын ашып, киікті жұтпақ болып ыңғайлана берді. Жаңағы ноян үшінші рет садағын кезенді. Шыңғысхан бұ жолы да оны тоқтатты. Жылан киіктің бас жағынан шығып енді жұта берем деген кезде кенет «шаңқ» еткен дауыс шықты. Қайдан келгені белгісіз, кереге қанат ақиық қыран көктен түскен тастай жарқ етіп айдаһардың үстіне құлады. Екі алып алай-түлей жұлысты да қалды. Қайсысының қыран, қайсысының жылан екенін білу қиын, бірі қарашұбар, бірі тарғыл жүнді таудың   ақиығы. Тек бірін-бірі құшақтай жұлқыласқан, жанталасқан, жартас етегінде шыр-көбелек айналып домалаған, будақталған түйін ғана көрінеді. Көктен түскен қыран, сірә, қанжардай тырнақтарын жыланның ең жанды жерлерінен салған болуы керек, анау оны қанша орап алып сығып құртам десе де болмады. Сүт пісердей алысқаннан кейін айдаһар иірілген денесін дірілдей созып, кенет сылқ етіп құлап түсті. Бүркіт айдаһардың шу дегеннен-ақ бір аяғымен көк желкесінен ап, екінші аяғын омыртқа тұсынан сап, артына қайырып өлтіргенін нояндар енді көрді. Адамның басы мен аяғын ұстап артына қайырып, омыртқасын сындырып өлтіретін нағыз Шыңғыс жаналғышы дерсің! Қыран жыланның басын денесіне дарытпапты. Ананың тек ирелеңдеген бөксе жағы ғана қыранға жабыса беріпті. Қанжардай өткір сояу тырнақтар қойсын ба, көк желкеден түсіп, тамағына дейін бүріп, айдаһарды әрі тұншықтырып, әрі арқа сүйегін күйретіп жіберіпті. Ақиық  айдаһарды  өлтіргеннен  кейін  нояндар  енді  оны  жас  бағлан  киіктің  етімен тояттанар деп ойлады. Жоқ, олай болмады. Бүркіт киік етіне көз де салмады. Әлі жаны шығып бітпей, ақырын ғана діріл қағып жатқан әбжыланның денесіне қанжардай сояу тырнақтарын  салып  жіберіп,  әп-сәтте  күлпаршасын  шығарды  да  бөлшектенген  етімен қомағайлана тояттана бастады. Әбден тойып алғаннан кейін ғана барып, анандай жерде жатқан киікті көтеріп алды да кереге қанаттарын жая, шаттана шың басындағы ұясына қарай шырқай жөнелді.

Әбжыланның бес құлаш ұзындыққа жетуі үшін ең аз дегенде жүз жыл өмір сүруі керек екенін білетін бір ноян Шыңғысханнан:

– Ұлы хан, әлгі қыран жас бағлан киіктің етімен емес, кәрі әбжыланның сіңір етімен неге тояттанды? Сол жас бағлан еті үшін өзі әбжыланға түскен жоқ па еді? – деп сұрады. Сонда Шыңғысхан: – Досыңнан қасыңның еті тәтті. Ал қасыңнан өзіңмен алысқан жауыңның еті тәтті, – депті. Әңгіме  бұнымен  бітпеген.  Шыңғысхан  қартайып  келе  жатқан  кезінде тағы да аңға шығады. Баяғы өздері көрген шыңның жанынан өтіп бара жатқанда қазір егде тартып қалған Сүбітай баһадур тағы да: – Ұлы хан, қараңызшы! – деп шың жақты көрсетеді. Нояндар жалт бұрылады. Бір жағын пышақпен кескендей баяғы қап-қара биік құз… Осы құздың тұсынан ұзындығы үш құлаштай қарашұбар әбжылан жоғары өрмелеп бара жатыр. Жартастың орта шеніне таяп қалған. Қырағы көздер көріп тұр, жартас түстес шұбар жылан жоғары  қарай  ақырын  қозғалады.  Құлар  болса  өзінің  де  тамтығы  қалар  емес.  Бұны осыншама қауіпке салар қандай күш? Күш – біреу. Ол ата кегі, мынау шұбар аждаһа баяғы қыран өлтірген аждаһаның ұрпағы екені сөзсіз. Сондағы жартас, сондағы ұя, атадан әкеге, әкеден балаға қалған өшпенділік. Әр жылжығаны ажал, осынау қауіпті сапарға бұл жас аждаһаны да аттандырған сол ежелгі өштік.

Нояндар шың басына қарады. Ернеуіндегі қуысқа жабыстыра салған қыран ұясы. Жаз ортасы, қыран балапандарының қанаттанып ұшып кете қоймаған кезі. Өздеріне жылжып келе жатқан ажалды сезгендіктен бе, олардың үрейлене шыққан шаңқылы еміс-еміс естіледі. Нояндар жылан сырын енді түсінді. Мынау әбжылан ата кегін енді қарт қыранның балапандарынан алмақ! Шыңғысханның оң жағындағы, қазір қартаң тартқан баяғы мерген ноян садағын қолына  тағы  алды.  Шыңғысхан  осыдан  жиырма  бес  жыл  өткен әдетіне сай оны тағы тоқтатты. Жас  жылан  келе  жатқанымды  көріп  балапандардың  күні бұрын зәресі ұшып өлсін дегендей асықпай жылжиды. Ұяға міне, үш құлаш жер қалды. Тағы да жылан өрмелей түсті, енді екі құлаштай ғана қалды. Жылан енді бір өрмелесе ұяға да жетеді. Қарт қыранның балапандарының жас қанын ішіп, ата кегін қайтарады. Жылан енді ақырғы рет өрмелеп ұя аузына да жетті. Қыран балапандарының шырылдаған дауыстары енді анық шықты. Мерген ноян тағы да садағын қолына алды, Шыңғысхан тағы да тоқтатты. Жыланның басы қыран  ұясы салынған қуысқа кіре берді. Дәл осы кезде кереге қанаттары суылдап қыран да жетті. Бұл сөзсіз баяғы қыран. Бірақ қанат серпісі баяғыдай дауыл тұрғызар екпінді емес, қартайған… Әйтсе де жаратылысынан жасқануды білмеген жау жүрек қыран қартайдым, алысар қуатым жоқ деп жас жыланнан сескеніп  шегінген жоқ, алыс жолдан талып келген қанатын ең ақырғы рет пәрменінше сілтеп, жартастың дәл төбесінен бауырлай түсіп, бір аяғымен жыланның құйрығынан іліп төмен қарай лақтырған тасша құлады. Жыланның басы сопаң етіп шығып, шұбар денесі бір мезет жазыла көрінді де әп-сәтте қайтадан жиырылды. Енді оның лақа балықтың басындай жалпақ басы жоғары қарай көтеріле берді. Бірақ жыланның басы қыранның денесіне тиіп үлгермеді. Сан  айқаста  тәжірибе алған қарт қыранның мұқала бастаған, бірақ әлі де сояудай тырнақтары жыланның тасырайған қос көзіне барып қадалды. Екі алып осылай айқасқан қалпында жерге келіп құлады. Тағы да баяғы жан аяспас жұлыс, орала жұмарланған денелер. Жастың аты жас, бұл жолы әбжылан қыранды ортан белінен орап алыпты. Күші қайтқан қыранның мұқалған тырнақтары аждаһаның құйрық жағын босатып жіберді. Бұл жолы алыс ұзаққа созылған жоқ. Қыран бір мезетте жыланның құшағынан босап шыға берді. Ол енді бір қанатымен жер сабалап, ілби шоршып жанындағы кісі бойлы жартасқа шықты. Бұл кезде қыранды қоя берген әбжылан құйрығымен жер сабап, иіріле дөңбекшіп, өзімен-өзі әуре боп жатты.  Қыран қырындау жағынан шығып тастың басына барып отырды да жерде тулап жатқан жыланнан көзін алмай қатты да қалды. Шыңғысхан тобынан да сескенбеді. Өз денесін өзі тауға да, тасқа да ұрып тулап жатқан жылан әрі-беріден кейін әлсіреуге айналды. Қыран әлі қозғалған жоқ. Жылан өрім-өрім болған денесін ақырғы рет бір мәрте жиырды да кенет жазыла бастады. Тас басында тапжылмай отырған қыран осы сәтте қуана шаңқ етті. Кереге қанаттарын жайып жіберіп көкке қарай талпынды, бірақ түбінен опырылған бір қанаты екінші рет қағуына жарамай төмен қарай жантая құлап, жаңа ғана өзі көтерілген жартастың сүйір ұшына кеп кеудесімен ұрды да шалқасынан  түсті.  Екінші  рет  көтерілуге  жарамады.  Ақырғы рет қанталаған көзімен көк аспанға қарады да бір-екі рет сау қанатымен дірілдей жер соғып, тына қалды.

Шыңғыс тобы шыңның етегіне таяды. Қыран бір аяғының тырнағымен жыланның екі көзін ойып түсіріп, екінші аяғының тырнағымен кеңсірігін ет-метімен жұлып алыпты. Жылан әлсіреп барып жан тапсырыпты. Бірақ бұл да есесін жібермепті, алып денесімен орап қыранның бір қанатын топшысынан сындырыпты.

Жыланның өлгенін көргенде шаңқ етіп қуана шыққан қыран даусы әлі құлағында тұрған Шыңғысхан:

– Мына қыранның арманы жоқ, – деді. – Ол алғашқы жолы өзінің қайратты кезінде тайталасқан жауын алысып жеңді. Бұл жолы өзі өлсе де балапандарын ажалдан құтқарып өлді.  Мына аждаһаның балалары өсіп, өшін алғанша анау шың басындағы ұядағы балапандар да қыран болады. Олардың өз тартыстары басталады. Ал қарт қыран өз борышын атқарып ажал тапты. Өзі барда ұрпағына қауіп тудырар жауын құртып кетті. Осылай ажал тапқан ақиық ақырғы рет көк аспанға қанат жайып, өлер алдында қуана шаңқ етті. Сендер де осы қырандай болыңдар. Ажал сағаты келгенше монғолдың ұлы тағына қауіп-қатер туғызатын жауларыңды құрта беріңдер. Сөйтсеңдер бұл жалғаннан әлгі қырандай армансыз өтесіңдер, – деп сөзін бітірген…

…Бұл уақытта Қасым хан ордасы әбден күшейіп алған-ды. Бүкіл Дәшті Қыпшақтың көп рулары ер жүрек әміршісін ту етіп көтеріп, маңына жинала түскен. Қасым хан бұның алдында Мұхамед-Шайбанимен бірнеше рет майданда кездесті. Әбден кемеліне жеткен әккі әскер бірін-бірі жеңе алмай ит жығыс келе берген. Ал Қасым хан қаншалық  бейбітшілік  өмірді  сүйгенменен,  енді  Әбілқайыр  ұрпақтарымен  алыспасқа мүмкіндігі  қалмап еді. Осыдан екі ай бұрын Мұхамед-Шайбани Түркістан  жерінде  қазақ саудагерлері сауда-саттық жүргізбесін деп жарлық беріпті. Бұнысы бүкіл Дәшті Қыпшаққа зорлық еді. Халыққа қаладан керек затыңды алма деу, әрине, зор қиянат. Осындай жағдайда жүргенде  Қасым хан Мұхамед-Шайбанидың өлгенін есітті. Бұл күндері Қасым хан Түркістан өлкесін біржолата жаулап алуға дайын еді. Қазір оның қарамағында үш жүз мыңдай боп қаруланған атты әскер бар. Осы бір кез бытырап жүрген қазақ руларының басын қосып алтын тұғырына қонып, шын мемлекет бола бастаған кез еді. Қасым ханның да абыройы  әбден  көтеріліп  болған. Оның Дәшті Қыпшақтың елдік, жауынгерлік даңқын «Тарихи Рашиди» айтқандай, Жошы ханнан кейін бүкіл Шығысқа жайған әлеуетті шағы.

Күн айнадай ашық. Күзгі салқын жел сарғайып кеткен ен даланы аймалай сүйіп ақырын еседі. Бір топ батырларымен Қасым  хан  Созақтағы  хан сарайының алдында тұр. Осы арадан қазақ жерін қайта шапқалы келе жатқан Қытай, Ойрат, Ақсақ Темір ұрпақтарының қалың  әскеріне  қарсы  ұлы  айқас  басталмақ.  Қолдарындағы  темір  найзаларының  сүйір ұштары  мен  арқаларына  таңып  алған  болат  қалқандары  күн  көзімен  шағылысып,  хан сарайының алдынан майданға бара жатқан кілең жүйрік мінген қалың әскер лек-лек боп өтіп жатыр. Ұшы-қиыры жоқ, бүкіл даланы алып жарқ-жұрқ етеді.Кенет  Қасымның  көзі  әскерінің  алдыңғы  қатарында  кетіп  бара  жатқан,  бетін  қара далбағайымен жапқан көк сауытты батырды шалып қалды. Бұл Орақ еді. Хан ақырын езу тартып күлімсіреді. «Халық қамын ойлаған батыр хан қолына келіп қосылса, бұл жақсы ырым. Хан саясатының онда халық көкейіне қонғаны». Қасымның  көзі  енді  дәл  қасынан  ақбоз  сәйгүлігін  ойнатып  өтіп  бара  жатқан, ақ берен сауыт киген жас батырға түсті. Атының сымбаттылығына, жас батырдың отырысына сүйсінген хан көзін одан көпке дейін алмады. Бұл өзінің баласы Хақназар еді. Ұрысқа алғашқы аттануы.Қасым үндемеді, тек баласы ұзап кеткенше оның ту сыртынан қарай берді… Қасым хан осы баласын көргенде өзінің алғашқы жорыққа аттанғаны есіне түсіп, ішінен баласына «бақытты бол!» деп күбірледі. Иә, Сар даласында, сонау ұзақ тарихында қазақ халқы не көрмеді. Суға да батты, отқа да жанды, бірақ тірі қалды, құрып кетпеді. Осының бәріне айғақ халықтың ерлігі, тағдыры үшін күреседі.Бағанадан бері әскерінен көзін алмай тұрған Қасым хан осыншама жауынгер ұл берген халқына риза болып кетті.

– Мына сұрапыл күшке қарап тұрып бір ойға келдім, – деді ол қайтадан жақында ғана майсары болған Оңай батырға, – қазақ елі нағыз бір алмас қылыш қой, қарашы, алмас қылыштан  айни  ма? – Ол жарқ-жұрқ  етіп,  байтақ  даланы  дүбірлеткен  қалың  әскерді көрсетті.

– Гәп осы алмас қылыш кімнің қолында болады, сонда ғой, – деді Оңай батыр ханға сәл бұрылып, – кім оны қалай ұстайды, қандай арман үшін  жауына салады. – Жөн айтасың, – деді Қасым, – бабын таппасаң қыран құс қасқыр ала алмайды.

Сөйтті де ол қалың қол аттанып бара жатқан күншығыс пен оңтүстікке қобалжи қарады.

– Ел шетіне жау келді,  алмас қылыш тағы қынабынан суырылды… Арты немен тынбақ?..

Ілияс ЕСЕНБЕРЛИН

(Кеңес өкіметінің тоталитарлық тәртібінен тынысымыз тарылып, тым-тырыс тымырсықтан тұншығып тұрғанымызда үп еткен самал желдей санамызды желпіп өтіп, көкірегімізді кеңейткен, жалған құндылықтар мен шынайы мұраттардың ара-жігін ажыратып берген, отаршылар жазған ойдан шығарылған өтірік емес, өзіміздің төл тарихымыз бар екенін әр қазақтың жүрегіне шегедей қағып кеткен әйгілі «Көшпенділер» трилогиясының үшінші кітабы «Алмас қылыш» романынан үзінді).




ПІКІР ЖАЗУ