АЛТАЙ БИ
(Тарихи дастан)
Бірінші бөлім: БАТЫР БАЛА – ЕР АЛТАЙ
Әл-Қисса. Қазақ хандығы құрылған кезден бастап, XVIII ғасырдың 50-жылдарына дейін қазақ жеріне ойраттар бірде өршелене, бірде баспалап кіріп тоқтаусыз шапқыншылық жасап отырды. Қазақ халқы ойраттарды алғашқыда қалмақтар, кейін жоңғарлар деп атады.
Ең алғаш XV ғасырдың 50-жылдары ойраттардың қалмақ тайпасының билеушісі Үз-Темір тайшы өздерімен іргелес жатқан қазақ даласына шабуыл ұйымдастырады. Ол Дешті Қыпшаққа баса-көктеп кіріп, Ақ Орданы ойрандады. Одан Сыр бойына жетіп, қазақ ұлыстарын оңтүстік-шығысқа қарай ығыстырып, Түркістанды, Ташкентті басып алды. XV ғасырдың 70-жылдары ойраттардың шабуылдары жиілей түсті. Қазақ ханы Таһир (Тайыр) ойраттардың жолына кедергі жасау мақсатында Жетісуда ірі Жатан бекінісін салдырды. XVI ғасырдың екінші жартысында Хақназар хан тұсында қазақ әскері ойраттарға қарсы тойтарыс беріп, үлкен жеңістерге қол жеткізді. Тәуекел хан билік еткен тұста да қазақ жасақтары жау әскеріне қарсы күйрете соққы бере білді.
XVI ғасырдың орта шені мен оның 2-ші жартысында қазақ хандары ойрат билеушілеріне қарсы күресте едәуір басым түсіп отырды. Өйткені бұл кезде ойрат нояндары Моғолстанға қарсы күрес және ойрат қоғамының өз ішіндегі алауыздық салдарынан біршама әлсіреген болатын. Жоңғар хандығына біріккен төрт ойрат тайпасының шабуылдары, әсіресе, Батыр қонтайшының тұсында өрши түсті. Соның ішінде 1635, 1643-1644, 1651-1652 жылдары қазақ жеріне жасалған жорықтардың зардаптары қабағат ауыр болды. 1643 жылы Батыр қонтайшының туы астында 50000 жоңғар әскері Жәңгір хан бастаған қазақ жасағына қарсы ірі жорық ұйымдастырды. Қазақтарға қарсы бұл қанды жорыққа халха тайпасының билеушісі Алтын ханның баласы Омбо Эрдени әскері де ат салысты. Кейбір деректерге қарағанда бұл жорыққа Еділ қалмақтары да қатысқан. Жәңгір хан бастаған 600 ғана қазақ әскері қорғаныс ұйымдастырып, жедел көмекке келген Жалаңтөс баһадүр сарбаздарымен тізе қосып, 10 мыңдық жау әскерінің шабуылын тежеген. 1681-1684 жылдары қалмақ қонтайшысы Цебан Рабдан қазіргі Қазақстанның Жетісу және оңтүстік аудандарына басып кіреді. Қазақ ханы Тәуке хан шайқаста жеңіліске ұшырап, оның баласын ойраттар тұтқынға алды. 1684 жылдары ойраттар қазақ жеріне тағы да жойқын жорық жасайды. Осы жолғы қан-қасап шайқас кезінде және одан кейінгі жылдары Жетісу жерінде, қалмақ шабуылының өтінде отырған ішінара қазақ рулары (албан, суан, жалайыр, қаңлы, ысты шапырашты) Жетісудан ақырын-ақырын жылыстап, бас сауғалап Сыр бойына қоныс аудара бастайды.
1710 жылы Үш жүздің басын қосқан Қарақұм жиынында жауға қарсы күш біріктіріп тойтарыс беру жөнінде шешім қабылданады. Бөгенбай батыр біріккен жасақтың қолбасшысы болып бекітіледі. 1711-1712 жылдары 50 мың адамдық Қазақ хандығының әскері Жоңғар хандығына басып кірді. Бұл қыста болған жорықты ойраттар күтпеген болатын. 1713 жылы ойраттардың 3000 адамы бар әскер күшінің қарсы шабуылы жеңіліске ұшырады. 1715-1723 жылдары ойраттардың негізгі әскери күші Цин империясы әскерлеріне қарсы соғысып жатыр еді. 1722 жылы Цин императоры Кансидің өлімінен соң Цэбан Рабдан енді басты күшті Қазақ хандығына бұрады. Кенеттен жасалған сұрапыл шабуылды күтпеген қазақ қолы соғысқа дайын емес болатын. Әскер күшін біріктіріп үлгермеген қазақ хандары елдің оңтүстік-батыс аудандарына шегінуге мәжбүр болды. 1723 жылы Цэбан Рабданның 100 000 адамдық жасағын бастаған оның балалары Ғалдан Церен мен Шоно қазақ ауылдарына басып кіріп, ойран салды. Мұндай қанды жорықтар 1723-1727 жылдары аралығында тағы да бірнеше рет қайталанды. Бұл тарихта «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен қалған ел басына күн туған ауыр кезең еді. Тек 1726 жылы Қазақ хандығының хандары мен сұлтандары, билері мен батырлары Ордабасыда бас қосып, ойраттарға қарсы күресті қайтадан ұйымдастыруға мүмкіндік алды. Қазақ халқының үш жүзінің әскери күшін топтастыруда Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер үлкен рөл атқарды. Бұланты-Білеуті өзендері аралығындағы жазықта болған жоңғар басқыншыларына қарсы соғыста қазақ жасақтары жау әскеріне күйрете соққы берді. 65 000 қазақ қолы шамамен 40 мыңдық ойрат әскерлерін талқандап, зор жеңіске қол жеткізді.
Қысқасы ХVIII ғасырдың орта тұсында қазақ халқы өз азаттығы жолындағы Отан соғысын жүргізді. Жалпықазақтық біріккен әскери жасақ жоңғар басқыншыларына ұйымдасқан түрде үсті-үстіне соққы бере бастады. Мұның өзі көбінесе бүкіл қазақ халқының күш-жігер біріктіруінің арқасында мүмкін болды. Қазақ халқын түгелдей қырып жіберу қаупі ел билеушілерін бұрынырақта араларында болған алтыбақан алауыздықты, берекесіздікті, өкпе-ренішті ұмытуға, ұлт болып ұйысып, жұмыла бірігіп, жоңғар әскерлеріне сілейте соққы беруге жұмылдырды.
Қазақтың билеушілері, билері мен батырлары қазақ мемлекеттілігін қалай да сақтап қалуға күш-жігерін барынша аямай жұмсады. Бұланты және Аңырақай шайқастары қазақ сарбаздарының жауынгерлік рухын күшейтіп, ерлік-жігерін аспандата биікке көтерді. Ол шайқастардағы жеңіс халық болып топтасқанда, жұрт болып жұмылғанда кез келген мықты жауды жеңіп шығуға болатынын анық көрсетіп берді.
Жоңғар басқыншыларға қарсы қарулы карсылықты ұйымдастыруда қазақтың әр тайпасынан шыққан Қабанбай, Бөгенбай, Хангелді, Наурызбай, Райымбек, Жасыбай, Есет, Малайсары, Баян, Олжабай, Қожаберген, Түгел, Бөлек, Шақантай, Төленді, Қошқарбай, Байболат…т.б. да көптеген батырлар жаумен болған қанмайдандарда маңызды рөл атқарып қана қоймай, «түмен қол», «мың қол», «жүздік» деп жасақталған сарбаздарға қолбасшылық жасады. Сондай-ақ олар ірі көлемді қанды шайқастарда өздері бастап кіріп, майданда ерен ерлік көрсетіп отырды.
Жалпы Жоңғарлардың қазақ еліне шапқыншылығы табаны күректей бір ғасырдан астам уақытқа (1640-1750) созылды. Сол қалмақ шапқыншылының ең көлемді әрі ең шешуші шабуылдары 1722-1725 жж., 1726-1729 жж., 1731-1735 жж., 1741-1745 жж. жылдарда болғаны белгілі. Осынау шешуші шайқастардың бәрінде Алтай би Найманбайұлы бес қаруын асынып өзінің бірге туған інісі Әжібай, Өтеген, Хангелді, Оразбақ, Райымбек, Тауасар, Есбол секілді толып жатқан батырлармен бірге қан майданның бел ортасында жүрді.
Асаудай құрық тимес бұла заман,
Алды – ор, атырабы жылан аран.
Құландай тарпаң өскен өр қазақтың,
Басы бар ма аранға құламаған.
Бұлдыр да бұлдыр-бұлдыр, бұлдыр заман,
Құйрығы жоқ, жалы жоқ, тұлдыр заман.
Алтайдан «Елім-айлап» ел көшкенде,
Көздерден көл ағызған құрғыр заман.
Бабалар бастан кешкен есіл заман,
Қазақты қалмақ қырған кесір заман.
Баладан ана айырылып еңіреген,
Жары өліп жалқы қалған жесір заман.
Басынан Қаратаудың ел көшті ғой,
Етігімен ерлерім қан кешті ғой.
Қапыда талай боздақ оққа ұшып,
Арманын асыл жардың шер кесті ғой.
Мөлтілдеп қара көзден жас тамады,
Зар жылау, жоқтау болды басты амалы.
Жетісу – жер жанаты, қайран Алтай,
Арқаның артта қалды бақ самалы.
Бабалар бастан кешкен еңіреу күн,
Мұң-зары хаққа жетпес меңіреу күн.
Қайғысын қайдан білсін бұл қазақтың,
Қарға-құзғын жемтік жеп семірер күн.
Беу, дүние, бір құбылса мың құбылған,
Қазақтың қайран басын мұңды қылған.
Ел босты туған жерін тастап артқа,
Сақта деп, жын-жыбырдың сұмдығынан.
«Ақтабан шұбырынды» болған заман,
Алқакөлге бар қазақ толған заман.
Бейбіт ел жан сауғалап Сырға барды,
Қазақта басқа шығар жол болмаған.
⁎ ⁎ ⁎
Бұл жайлы талай аңыз шертіледі,
Тарихтың жұмыр жоны кертіледі.
Бисмилла, сөз бастайық шыңыраудан,
Болсын деп Жаппар хақтан ер тілеуі.
«Қуат берсін қаламға Құдайым деп,
Қолдасын ұран бабам Райымбек…
Бисмилла…» деп қолыма қалам алдым,
Бір өрнек Алтай биге құрайын деп…
Сұрасаң атым Дүкен, елім албан,
Жасымнан қос қанатым: сенім, арман…
Албанның қожбанбеті ата-тегім,
Бабаларым бөрі де, шері болған.
Нағашым – албандағы қызылбөрік,
Бұл елге Бақ қараған, Қызыр келіп.
Нағашы жұртымдағы көп жақсының,
Өстім мен сөзін естіп, жүзін көріп.
Ішінде өссем дағы қараша елдің,
Жасымнан ұлт уызын таласа емдім.
Шежіре, аңызына қанып өстім,
Нардай бір ерлер туған нағашы елдің.
Өлеңде бала жастан ойнақтадым,
Ой бақтым, болса дағы қой баққаным.
Аңызды бұрынғыдан қалған бізге
Сөз зерлеп өз әлімше оймақтадым.
Күмбездей күмбір-күмбір күңіренген,
Сыр шертер ұлы дала мұңы керген.
Қамшыдай алтын баулы, күміс шашақ,
Халқымның талай-талай сырын өргем.
Ұлысонар ғасырға біз көрмеген,
Сапар шектім сүрлеулі іздерменен.
Ол іздің сүрлеуі бар жадымызда,
Тарихтың қысқа жібі күрмелмеген.
Қазақтың тарихы бар алтын баулы,
Тот басқан алмас қылыш күн көрмеген.
Кім білер ел қорғаған ер ұлдарын,
Қу толағай жастанған түндерде ерен.
Бәрін айтта бірін айт, Алты Алаштың,
Біледі соқпақ жолын шын зерлеген.
Қу толағай жастанған оғландарын,
«Жау қайда!» деп жар салған бағландарын.
Жыр етіп тасқа басып қалдырайын,
Қазағымның қара нар қормалдарын.
Жалаң төс жауға шапқан серілерім,
Жау көрсе жұлқынатын перілерім.
Жалғыз сүйем жер үшін жан пида қып,
Жапанда жалғыз жортқан бөрілерім.
Жауына найза сұқпай құмар қанбас,
Ту ұстап түрен салмай тұмарланбас.
Қаһары айдағардай, бура нардай,
Ерлерше жекпе-жекке сұранған жас.
Қасқа бұлақ, қоянкөз көлдер аз ба?
Қаңырап құлазыған белдер аз ба?
Ойраттар ойнақ қылған сол даланы,
Азат қып ел қондырған ерлер аз ба?
Айдынды шайқар дауыл аласұрған,
Қайырылған қыран қазақ қанатынан.
Тарихтың тарам-тарам жолдарында,
Даңқты ерлер аз ба дара туған!
Атқа қонса секілді кентаврдай,
Тот баспайтын құрыштан жаратылған.
Ер Қабанбай, Науырызбай, Райымбек,
Ерлікте асып туған Алашымнан.
Солардың ізін басып өкшелеген,
Ерлікті елі үшін еткен ерен.
Алтайдай батыр барын жұрт біле ме,
Сол жайлы жыр еді бұл кестелеген.
Жауды көрсе Ер Алтай батыр еді,
Дауды көрсе данышпан, ақыл еді.
Алтай десе Алтайдай асқақ еді,
Мың жауға жалғыз өзі татыр еді.
Халқына дауыл тұрса қалқан еді,
Жауына арыстандай тарпаң еді.
Жай күнде күзететін ел бірлігін,
Ол келгенде дау өзі-ақ тарқар еді.
Құдай берген ақылы, дарынымен
Жұртының көшін өрге тартар еді.
Ғажабы, қан жұтқанда құба мекен,
Досың да бетін теріс бұрады екен…
Есесіне жеріңді қорғайтұғын,
Ел-ана ерлерді көп туады екен.
«Ақтабан шұбырынды» болған кезде,
Бейбіт ел торғайдайын тозған кезде,
Бар қазақ бас сауғалап Сырға барды,
Басқа амал, шығар жол да болмады өзге.
Үш жүздің бар баласы көрші болып,
Бір-біреуін ес тұтып, қоңсы қонып,
Сыр-ананың емшегін қатар еміп,
Қал-қадари күн кешті өсіп-өніп.
Бар қазақ су кешсе де бірге кешті,
Бірге асты қолтықтасып қыр-белесті.
Албанның қызылбөрік руы мен,
Арғынның алтайлары іргелесті.
Арғын алтай, Албаннан қызылөрік,
Жеп-ішті нанын жарып, тұзын бөліп.
Анда болды, баталы құда болды,
Бірі-бірінен келін ап, қызын беріп.
Кетпейді жүректен сыз, ойдан қайғы,
Тек Сыр-ана үмітпен жайраңдайды…
Құдайындай сыйлады арғын, найман,
Ақылман, сөзге шешен Найманбайды.
Мың алты жүз тоқсан алты, көктемінде,
Сұлу сырдың жайқалған көк белінде,
Әйелі Найманбайдың көп толғатып,
Ұл тапты нұр қосқандай көкте күнге.
Тарқады Найманбайдың наласы да,
Жанының жазылғандай жарасы да.
Арғын алтай ішінде туды ғой деп,
«Алтай» деп есім берді баласына.
Уақыт өтіп жатты шапқан аттай,
(Таң атқан ба арман-жүк арқалатпай)
Алтайы екі жасқа келген кезде,
Найманбай тағы ұл сүйді балпанақтай.
Аз болса да күндерде жан иіген,
Қазақтың ұлдар өрді әр үйінен.
Найманбай би шаттанып, азан айтып,
«Әжібай» деп ат қойды сәбиіне.
Деп келсе де кесір күн қам-қайғы егем,
Найманбайдың көңілі марқайды ерен,
Төрт ұлының ішінде Әжібайы,
Егіздей қатар өсті Алтайменен.
Ай аунап, апта ағылып, күн дөңгелеп,
Бір жылдан бір жыл туар мүлдем бөлек.
Сөйтіп жүріп Алтай мен Әжібайлар,
«Он бес» дейтін келіпті бір белге де.
Өткенді айтсам жанымнан құлайды өлең,
(Мен неге болмасты айтып жылай берем?!)
Қазаққа үйіп-төгіп ЕР сыйлаған,
Тек қана Жапбар ием – Құдай дер ем.
Бір ғана ер Алтайды сипаттасам,
Болмысы ер Алтайдың былай дер ем:
Қара нардай тұлғасы
Қарағайдай сұлбасы,
Жауырыны қақпақтай,
Білектері тоқпақтай,
Аймүйіз арқар құлжасы.
Ақылын оның сұрасаң
Саф алтынның тұнбасы.
Айласын оның сұрасаң,
Сунь Цзыменен* бір бәсі.
Шешендігін сұрасаң,
Жиреншенің шыңдасы.
Жанары отты қырандай,
Тіліп өтер түнекті.
Бұқа мойын бұландай,
Жолбарыстай жүректі.
Кең пейілін сұрасаң,
Ұлы байтақ Тұрандай,
Еліне болған тірек-ті.
Жау тисе елдің шетіне,
Бес қаруы сай еді.
Серт қып қолға ұстаған
Алдаспаны ай еді,
Ала өгіздей мөңіретіп
Жебесі тартқан жай еді.
Астындағы қаракер,
Ол мінгенде тай еді.
Жауына жасын оқ еді,
Жанып тұрған шоқ еді.
Алтай болса ауылдың
Уайымы жоқ еді,
Қарыны әр кез тоқ еді.
Алтайсыз кезде елінің
Қайғы-мұңы көп еді.
Қарағайдай тас жарған
Тұлғасы асқақ асқардан,
Алтай деген ер еді.
Жалаң төс шапқан жауына,
Жалаң қылыш шері еді,
Жалғыз жортар бөрі еді.
Онға жасы келгенде,
Қазақты қырған аяусыз,
Қалмақтай жауды білгенде,
Жүрегін ыза тілгенде,
Ақтабан болып жүргенде –
Азу тісін қайрады,
Бес қаруын сайлады,
Құлағында аттың ойнады.
Жеткенде жасы он беске
Білекке қылыш асынып,
Кек қайтарсам дер еді.
Алтай, Арқа, Алатау,
Қасиетті Қаратау
Көк тіреген Тәңіртау
Жер жанаты – Жетісу,
Жау қолынан азат қып,
Ел қондырсам дер еді.
Осы жайлар батырдың
Жас жүрегін мұңайтқан,
Қатқан қара шер еді.
Алтай менен Әжібай,
Міне осындай ер еді.
АЛҒАШҚЫ ЖОРЫҚ
Заманның он сегізінші ғасырында,
Қалмақтар жай жатпады шатырында.
Қазаққа көз алартқан хандар бітті,
Қалмақтың қатынының жатырында.
Жалпыға нұрын төгер жарық ғалам,
Хақ Тәңір пендесіне тарықпаған.
Қандыкөз жауызға да ғұмыр берген,
Жер бетін қанмен жуып тамұқтаған.
Жоңғардың жоны жалпақ даласында,
Айналған жалғыз өзі дара шыңға.
Цебан Рабдан хан болып таққа отырды,
Мың жеті жүз жылдардың шамасында.
Қазаққа ойы бар-ды ойран салмақ,
Жөңкілді Жетісуға қалың қалмақ.
Көшкен орман секілді жүз мың қолы,
Жер жүзін жіберердей түгел жалмап.
Қазақтың жасыл белін, айдын көлін,
Тұманға тұншықтырды қалың шаңдақ.
Тұтқиыл тиген жаудан абдыраған,
Қайғылы қазақ енді қайда бармақ!?
Аттандап, жау шапты деп: «қалмақ, қалмақ..!»,
Қалың ел абдырады зарлап, сарнап.
Қазақтың көк аспанын тұман торлап,
Жас толды қара көзге көлдей парлап.
Қалмақтың қалың қолы көшкіндей боп,
Қазақты шапты аямай екпіндей кеп.
Қапыда шапқан жауға қауқар жетпей,
Қайран ел тартты сонда ауыр бейнет.
Дағдарып Алаш сонда қамығады,
Босқан ел алыс жолдан арығаны.
Қадірін азат күннің сонда біліп,
Бейбіт күнді аңсайды, зарығады.
Керегесін өрт шалып, уық сынып,
Ортасында түсті елдің шаңырағы.
Қарт таулар қалғып сонда қайғы жұтты,
Бүрлемеді қайыңы, талы-дағы.
«Жұт жеті ағайын» дегені рас екен,
Сол көктем төлдемеді малы-дағы.
Алланың әмірінсіз болушы ма ед,
Он сегіз мың ғаламның соры-бағы.
Қоштасып туған жермен, айдын көлмен,
«Елім-ай» сонда туған халық әні.
«Қара таудың басынан көш келеді,
Көшке ілесіп бір тайлақ бос келеді.
Туған жерден айырылған қиын екен,
Қара көзге мөлтілдеп жас келеді…..»
Қара көзден жас түгіл, қан сорғалап,
Жан-жаққа қазақ босты жылай-зарлап.
Боз атанның бұйдасын жау кесті де,
«Алқа көлді» бетке алды жан сауғалап.
«Ақтабан шұбырынды» болды қазақ,
Қу тағдыр сонда Алашты қылды мазақ.
Әдірем қалып сонда атакүлдік,
Қайғыдан қан жұтқаны қандай азап.
Қайғы алып қара аспанды мұнарланды,
Бөрте бел шер көкірек қуарған-ды.
Аққу үркіп айдыннан аулаққа ұшты,
Аспаны Алашымның мұнарланды.
Жебелеп аш бөрідей Қара тауды,
Босқан ел қаша-қаша Сырға барды.
«Алқа көл» үріккен елге пана болып,
Қаралы қазақ сонда сұлаған-ды.
«Алқа көл сұлама» деп содан қалған,
Жеткен сөз ежелгі жыр ғазалдардан.
Кіші жүз қиян бойлап, Хиюа жайлап,
Тентіреп кетті жырақ оданда арман.
Сондықтан Сырды ана дейді Алаш,
Болмас-ты бұл сөзіме мүлде талас.
Сыр-Анадан қуат ап жапырақ жайды,
Секілді тамыры терең мәуелі ағаш.
Осы арада кідіртіп қалмақ жайын,
Қазақтың тағдырына аялдайын.
Абылайдың ақ туын желбіреткен,
Ерлерін қазағымның баяндайын.
Хақ Тәңір ер ұлдарға шер бермес пе,
Батырға қалың елі дем бермес пе.
Тапталып жау қолында қалған жырақ,
Ер ұлдар алмай ма екен ел-жерді еске.
Азаттық қазаққа кеп оралмай ма,
Жан кешу қанды жорық ерлер кешсе?
Арманын асқақ ердің Алла қолдар,
Сол шақта батыр Алтай келді он беске.
Кетпейтін түнде түстен, күндіз ойдан,
Алды ол көкорайлы белдерді еске.
Аққу, қаз, көгала үйрек, шағаласыз,
Қаңырап қалған, алды көлдерді еске.
Жиды Алтай оғландарын жан-жағына,
Бас имей тағдыр салған қармағына.
Жасы он беске жеткен соң қылыш алып,
Жауға шабар жетті ол арманына.
Құдай өзі жол ашып тұрған сынды,
Қырандай көкті тіліп самғарына.
Күн туғандай шайқасып ата жаумен,
Тұншықтырар өзінің қандарына.
Жиылды ауылының бағландары,
Бәрі де осы күнді армандады.
Өлсе шәһит, өлмесе ер атанар,
Не деп тұр кім біледі алдан бағы?
Ер Алтай жиып алып жігіттерді,
Жоспарын шабуылдың тізіп берді.
Топ-топқа бөлді сосын оғландарды,
Топ басылар тағы да іріктелді.
Ер Алтай Әжібайдың ағасы еді,
Жарасқан алтын тонның жағасы еді.
«Жассың» деп, Әжібайға «қал» деп еді,
Қосыннан шегінбеді бала пері.
Әжібайға бәрі де «жассың» деді,
«Жасың сенің 15-тен ассын…» деді.
Әжібай осы кезде ағасына,
«Он үштемін!
Бала емес, Баспын…» деді.
Ер Алтай бек сүйінді інісіне,
Сүйінді тұлғасының ірісіне.
Он үштегі балаға ұқсамайды,
Сөздері де, қимылы, жүрісі де…
Бәрі де көп шыныққан ат ойнатып,
Мергендікті меңгерген топайды атып…
Ара-тұра асынып бес қаруын,
Қарауылға да шығатын атойлатып…
Сол кезде топ алдына ата келді,
Сары би екен, Алтайға бата берді:
«Қолыңды жай, құлыным, міне бата,
Құдайым өзі сақтар баталы ерді.
Жау шапқан, елің босқан заманың бар,
Мың шүкір, әке көрдің, ата көрдің…
Әке көрген ер бала оқ жонбай ма,
Ер сақтамай кім сақтар аталы елді…..
Жортқанда жолың болсын, Алтай балам,
Жауды жеңіп бірі бол жоталы ердің…
Есен атаң аруағын Есте сақта,
Деп саған Алла атымен бата бердім….»
Аттанды «жау қайда?» деп қалың жігіт,
Аттары шығыс жаққа құлақ түріп.
Алатау бауырына ілікті кеп,
Кек кернеген жігіттер күн-түн жүріп.
Жігіттер тау сағалап тағат қылды,
Жұлдыз – бағдар, ай-күнді сағат қылды.
Тұлпарлар қос құлағын қайшылаған,
Шабар жерім қайда деп жарап тұрды.
Қарағай, қайың-тал мен бұта-бүрген,
«Бұтаны аралайды жолын білген».
Аужайын қалмақтардың байқап алмақ,
Жер шолып, аңыс аңдып, құлақ түрген.
Қалмақтың қамалы бар Қаскелеңде,
Оңай ма қамал алу жас беренге.
Қамалы қалмақтардың ұйқысырап,
Тықырды естімейді, тас керең бе?!
Жер шолып қаныққасын жау жайына,
Жармаспақ қалмақтардың шаужайына.
Әзірге тыныш жатқан жауды үркітпей,
Тынықты Алатаудың байрайында.
Бірер күн жатты олар жауды барлап,
Шауып кірер, шегінер жолды шарлап.
Жау қамалы тым-тырыс, бейғам екен,
Осыны пайдаланып ұрыс салмақ.
Ер Алтай жүректі де айлалы әрі,
Даурықпай сабыр сақтап жайланады.
Қамалды қалай алу жайын ойлап,
Қайқы қылыш секілді қайралады.
Бас-аяғы елудей жігітпенен,
Осы түн жау шаппаққа сайланады.
Жігіттер мың сан алау отты жақты,
Тау жақтан төмен қарай тас құлатты.
Сасқан жау «қазақ шапты қамалға» деп,
Дүрлігіп құр далақтап шапқыласты.
Садағын ала өгіздей мөңірентіп,
Жебесін айдалаға атқыласты.
Қара түн.
шақ еді бұл ай тумаған,
Жаққан от қалың қолдай жайқындаған.
Алтайдың айласына тау таңғалып,
Іштен тына қалыпты сайқын далам.
Ер Алтай азық-түлік, қару-жарақ,
Қоймасын өртейміз деп айқындаған.
Қалмақтар мың алауды жау деп ұқты,
Бұл-дағы Алтай тапқан айла мықты.
Құлаған тас қиратып бекінісін,
Қалмақтан алды түгел зәре-құтты.
Назары ауған шақта мың алауға,
Таудан тас тасқындай боп құлағанда.
Ер Алтай қойма жақты бетке алды,
Іздеген кез болғандай сұрағанға.
Бір сәтте нән бекініс өртке оранып,
Қамба тұр қос бүйірін отқа малып.
Азан-қазан, ұлар-шу, «өөө, бурхан мин» деп**,
Қалмақтар шұрқырасты естен танып.
Астында қалып қойған шаңдақтардың,
Бұл тарих сүрлеуі ғой қан дақтардың.
Сол түні көп шерігі жер жастанып,
Кебін киді Келеңі қалмақтардың,
Жүректен тарқатқандай қайғы-шерін,
Таң ата тауға тартты Алтай ерің.
Өртенген қамба жатыр бықсып жанып,
Елестетіп қазылған қалмақ көрін.
Жұтуда жас оғландар Жетісудың,
Жаныңды жадыратар жұпар лебін.
Әр жерде жас бөрілер жалғыз жортқан,
Алқымдап қалмақтарды қыл тамақтан.
Райымбек қосынына қосылмаққа,
Жан-жақтан келіп жатты топтан-топтан.
Қасында Райымбектің кіл баһадүр,
Қайтпайтын шапқан қылыш, атқан оқтан.
Райымбек Хангелдінің немересі,
Ақылмен айла тапқан шаршы топтан.
Жалайырдан Жолбарыс пен Ескелді бар,
Қаһарланса айбарынан дауыл соққан.
Суаннан Сатай батыр жан серігі,
Жалыны артығырақ жанған шоқтан.
Жиналып кіл баһадүр, өңкей мерген,
Ойран төбе жерінде басты қосқан.
ҚОСЫНҒА ҚОСЫЛУ
Бұл шақта Ер Алтайдың даңқы аспандап,
Жау қамалын жас бөрі жүр талқандап.
Естісе Ер Алтайдың есім-сойын,
Дос шаттанып, қанқұйлы жау жасқанбақ.
Аттанған «жау қайда?» деп бір ауылдан,
Сексен шақты бозбала ер оғылан.
Жүздері нарттай лаулап жарқылдайды,
Суырған қылыштайын қынабынан.
Қан майдан болады деп бір сұрапыл,
Батырлар азаттық деп бұлқынатын.
Хангелді ұлы жүзге сауын айтты,
Қалмаққа жеңілістің бұлты жақын.
Қамданды Алтай батыр бір жорыққа,
Сәтті аңсап арайлы азат күн туатын.
Қосынға қосылмаққа Алтай батыр,
Аттанды, уа, Тәңірім, алқай да тұр!
Жүрегі аттай тулап алқынады,
Онда бар ер Жолбарыс, Сатай батыр.
Онда бар Ескелді мен ер Өтеген,
Жау жүрек Қалыбек пен Бақай батыр.
Жас жолбарыс «жау қайда!» деп жалындаған,
Тағы бар Жалайырдан Қапай батыр.
Жорықта Әлмеректей абызда бар,
Соңғыға абыздардан аңыз қалар.
Әрі шешен әрі би Балпық та бар,
Нақылсөзді тасқындай ағызды олар.
Жорықта батырда жүр, бақсы да жүр,
Езде жүр, ер көңілді жақсы да жүр.
Күмбездей дулығалар жарқылдайды,
Сарбаздар қатар-қатар сап құра-дүр.
Сартылдап сауыт-сайман, қару-жарақ,
Қалың қол таусыларма бір күн санап.
Боз үйлер алты қанат төскей бетте,
Шошайма қос тігілген оған жанап.
Әлмерек жасауылға көз сүйінтіп,
Сөйледі түйдек-түйдек сөз түйілтіп.
Абыздың таңдайынан шыққан сөзді
Тәңір өзі тұрғандай мың құбылтып:
Уа, батырлар, оғландар,
Сендерге бата берейін.
Сөз киесін терейін,
Рухыңды жебейін
Бүлкілдесін көмейім.
Қол бастаған батырға,
Сөз бастаған асылға
біріміз қалмай бәріміз,
Соңынан соның ерейік.
Жоңғарға қарсы аттанып,
Ер қаруы – бес қару,
Білекке соны ілейік.
Азаттық үшін ту ұстап,
Жауды жерден түрейік.
Түрен салып қалмаққа,
Сиынып құдай, аруаққа,
Амандық-саулық тілейік!
Найзағайдай көк тіліп,
Жасындайын төнейік.
Қарсы келген жау болса,
Көрге тірі көмейік!
Қартайдық деп тұрмаспыз,
Азаттық үшін жан пида,
Өлсек бүгін өлейік.
Көзімнің ағы-қарасы,
Бес саусақтың саласы
Сендерсіңдер оғландар!
Оттанда ыстық отан бар,
Соны жаудан қорғаңдар!
Қара бұлттай түйіліп,
Сауыт-сайман киініп,
Қарсы келген қалмаққа
Тамұқ болып орнаңдар!
Уа, баһадүр, батырлар,
Жай отындай жасындар!
Тасқын судай тасыңдар,
Таудан ары асыңдар!
Қара қалмақ көрсеңдер,
Албастыдай басыңдар!
Нөсер болып құйыңдар,
Батырларым бар менің
Ақырғанда дауысы
Найзағайдай шатырлар!
Азат күнді аңсаған,
Соғыстан әбден шаршаған,
Ел-жұртыңа шаттанып,
Жеңімпаз боп барыңдар!
Баһадүр боп барыңдар!
Шоқтай болып жаныңдар.
Арғы бабаң ер түрік,
Батыр текті қаның бар.
Хақ тағалам қолдасын,
Әруақ-құдай оңдасын!
Жаудан аман қайтыңдар,
Сүйінші Елге айтыңдар!
Әумин, Аллаһу Акпар!
СОҢҒЫ ЖОРЫҚ
Батырлар атқа қонды сатыр-сұтыр,
Сауыттар, қалқан-найза шақыр-шұқыр.
Жоңғардан олжалаған зеңбіректер,
Қалмаққа ажал бүркіп, жасын түкір!
Қалың қол қозғалғанда жер қозғалды,
Жер мен ел азаттыққа тең қозғалды.
Талай жыл қалмақ салған қайғы мен мұң,
Жүректе қатқан қара шер қозғалды.
Жеткенде Көктеректің даласына,
Көрінді қалмақтардың қарасы да.
Қалмақтың да топаны аз емес-ау,
Осал емес қаруы, шамасы да…
Кең көсілген жазығы Көктеректің,
Іргесі «Жоңғар қақпа» – өткелектің.
Ұрысқа да қолайлы бір жер еді,
Әсіресе атүсті жекпе-жектің.
Шығысы Кекілік тау, Қойлығымен,
Өзендер өрнектеген ойды кілең.
Ақсу, Сарқан, Басқан мен Қаражиде,
Лепсі өзені ағуда өз жөнімен.
Қалмақ та қалың қолмен қарсы келді,
Араға «жекпе-жек» деп жаршы келді.
Қалмақтың бір батыры ат ойнатты,
Бұжыр бет, дию қара қансұр өңді.
Қазақтар талас қылды жекпе-жекке,
Япыр-ай, батыр ұлдар шепте көп пе?
Түрінен күн тұтылды батырлардың,
Болмастай қайсыбірін өкпелетсе.
Сол сәтте «Я, аруааақ!» деп Алтай батыр,
Жауына орнатпаққа заман ақыр.
Найзасын тік көтеріп алға шықты,
– Жас қой, – деп жұрт шулады, – неткен батыл!
Астында Алтай ердің Көктеңбіл-ді,
Көктеңбілді ер Алтай көптен мінді.
Атылды жауына ол жолбарыстай,
Ойына ап қалмақ шапқан өткен күнді.
Қалмақтан дию тектес біреу шықты,
Бұжыр бет, бітеу мойын, беті түкті.
«Өө, бурхан! Туслаач!»*** деп айқайлайды,
Не мықты, не болмаса көңілі күпті….
Қалмақтың батыры екен Баяр деген,
Мың қазақты іремей сояр деген.
Нән найзасын көтеріп паңданады,
Арт жағында қара құрт Ноян, Келең….
Қалмақ та қарсы шапты қансұр болып,
Найзасын оңды-солды шаншыр келіп.
Бұлтарып бойлатпады Алтай батыр,
От шықты қос найзадан жарқыл болып.
Батырлар найза сілтеп, қылыш сермеп,
Қап-қара болды лезде тұнық келбет.
Аюдай қалмақ батыр ақырады,
Селкілдеп тұла-бойын ашу кернеп.
Бір сәтте Алтай батыр көз ілеспей,
Көктеңбілдің баурына еңкейді ептей.
Еңкейе берді-дағы найза сұқты,
Өлсін деп жау да болса азап шекпей.
Найзасын қадапты ол қақ жүрекке,
Өкірді қалмақ батыр зарлы кепте.
Сөгілген тұсын байқап тор сауыттың,
Еңкейе бергені сол теңбіл көкке.
Қорқырап жатты қалмақ дөңбектей боп,
Әрине, жау қолынан өлмек бейнет.
Қазақтың рухы тасып ұран салды,
«Уа, Алтай дәл өзіңдей ер жоқ қой!» деп.
Қазақтар қуаныштан айқайлады,
Тау-дала жаңғырығып «Алтайлады…».
Осыдан соң қалмақтың сағы сынып,
Көрінді қазақтардың марқайғаны.
Басталды айқыш-ұйқыш шаңды жорық,
Қан қасап, судай аққан қанды жорық.
Қазақтарға ғайыптан қайрат бітіп,
Қалмақтар сүмірейді сорлы болып.
Ер Алтай қылыштайын жарқыл қағып,
Ойқастайды оңды-сол топты жарып.
Атты жауды түйрейді найзасымен,
Қылышымен жаяудың басын қағып.
Қан сасып дел-сал болып дала жатты,
Қарға-құзғын қаптады бар алапты.
Қаражиде, Лепсі мен Басқан, Сарқан,
Ағынымен қан-жынды ала қашты.
Қалмаққа ойран салды солай қазақ,
Көңілден тарқар ма екен талайғы азап.
Жоңғарды түре қуып шекарадан,
Күнгеде жетті қазақ арайлы азат!
Азаттыққа қай бақыт тең келеді,
Қуаныштың тез жетті елге лебі.
Бір-ақ күнде қазақтың таңы атып,
Бақыты өрге қарай дөңгеледі.
Азат күнге қай бақыт тең келеді,
Ер елге, ел ерлерге дем береді.
Көктерек, Лепсі, Сарқан, Қызқаш, Қойлық,
Алтайдың азат қылған жерлері еді…
Бұл жеңіс бірлігі ғой Алашымның,
Артта қалды қан кешкен панасыз күн.
Біріксе алмайтұғын қамалы жоқ,
О, Қазақ, дара болып жаратылдың!
Аспаны Алты Алаштың жадырады,
Гүлдері даласының жамырады.
Соқыр көзден жас шықты қуанғаннан,
Өлгеннен де естілді қабір әні…
Ұлар-шу, тірі қазақ көрісуде,
Ғасырлық қуанышын бөлісуде.
Тірілері сүйісіп ғашықтардай,
Жылап-сықтап еске алды өлісін де.
«О, АЗАТТЫҚ!
Сен қандай ғажап едің!!!
Шын кетті ме бұл бастан азап, өлім?!
Мың бір тәубә Жаратқан-Пәруардигар,
Ұмытпапсың Алашты, Қазақ елін…»
…Кеңкілдеді абыз қарт, кейуаналар,
Деп жүретін жас-ұрпақ қайда қалар?
Дат басқан тай қазандар көтеріліп,
Таудай ет, көлдей сорпа, қайнады олар.
Ұлан-асыр ой-қырда той қаптады,
Тау-даланың кеткендей жайнап бәрі.
Сай-саладан бұлақтар күліп ақты,
Асыр салып төрт түлік ойнақтады.
Көк аспаным – мәңгілік көк туымдай,
Шүлен нұрын көктен де төкті күн, ай.
Қазақты жаратқанда-ақ жер бетіне,
«Күн сөнгенше сөнбесін!» депті Құдай.
Екінші бөлім: ШЕШЕН АЛТАЙ – БИ АЛТАЙ
Әл-Қисса, «Жоғарыда көк Тәңірі, төменде қара жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласы үстіне ата-бабам Бумын қаған, Істеми қаған таққа отырған. Таққа отырып түрік халқына, еліне, төріне тұтқа болған, қалыптастырған» (Күлтегін жазуы. Милади 732 ж.).
Сол заманнан күні бүгінге дейін ежелгі түркі жұрты, олардың тікелей ұрпақтары қазақтар Кіндік Азия өңірін ен жайлап өсіп-өніп келеді. XVII – XVIII жауынгерлік ғасырларда осынау ұлан-байтақ, түгін тартсаң май аққан ұшы-қиырсыз маң даланы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, ат ауыздығымен су ішіп, ер толарсақтан қан кешкен қиянкескі шайқастардың арқасында жаудан қорғап, сақтап қалған болса, ел бостан, жер азат болғаннан кейін, енді әрі қарай бұл жерге ие болу, осы жерде тіршілік ету, өмір сүру, ұрпақ өрбіту, ел ретінде іргені бекемдеу міндеті тұрды. Осыны ойлаған қазақ ханы Абылай Сырдың бойына жан сауғалап барып ұйлыға қоныстанып қалған қазақтарға Жоңғардан босаған бұрынғы атақоныстарына жедел түрде қайыра көшіп барып, ірге тебу туралы пәрмен шығарды. Сонымен Орта жүздің Абақ керей баласы Алтай-Сауырға, Қара керей – Найман баласы Тарбағатай-Барлық, Алакөлге, Ұлы жүздің Жалайыр, Албан, Суан секілді тайпалары Жетісуға көш түзеді.
Осы ұлы көште Алтай би өз аталастарымен бірге Жетісу жеріне, атап айтқанда Лепсі, Қаратал, Ақсу, Көксу, Күреңбел, Мұқыры өңіріне барып кереге жайды. Жаугершілік заманның өзінде де ағайын арасындағы ірілі-ұсақты дау-дамайды шешудегі, алым жинаудағы, олжа бөлудегі әділдігімен «би» атанып кеткен Алтай Найманбайұлы, Жетісу жеріне қоныс аударып келгеннен кейін ресми түрде Албанның қызылбөрік тайпасының биі ретінде тарих сахнасына шықты. Тура билігімен, әділдігімен, тауып айтар шешендігімен есімі алыс-жақынға таралды. Қысқасы Алтай Найманбайұлы – ел шетіне жау тисе бес қаруын асынып шығып, қан майданның бел ортасында жүретін жаужүрек батыр әрі қолбасшы; ал ел ішінде дау туса ел берекесін, жұрт бірлігін, қоғам тыныштығын сақтау мақсатында жол ұстаған көсем, сөз ұстаған шешен болған, халық қалауымен би болған тарихи тұлға.
Бұл туралы назарларыңызға келесідей тарихи дәлел-дәйекті ұсына кетуді жөн санап отырмыз.
Патшалық Ресейдің әскери инженер-топографы, өлкетанушы, этнограф-жазушы, шығыстанушы-ғалымы – Иван Григорьевич Андреевтің (1743-1801 жж.) – «Описания Средней орды киргиз-кайсаков» атты еңбегінен «Волось кызыл бурюк, в которой старшина Ажибай-Алтай. Подвластых одного кибиток до 300 лошадьми и скотом не весьма богаты» (Алматы, 1998, 76-б.) деген жолдарды оқуға болады. Бұл бір.
Екінші бірі, ХХ ғасырдың орта тұсындағы сирек кездесетін жазба деректерде сақталған Әбзейіт Мәлікеұлының «Ер Әжібай» тарихи жыр дастанын айтуға болады. Ол кейіннен «Бабалар сөзі» сериясымен кеңінен жарияға жол тартты.
Дастанның алғашқы тарауынан-ақ кездесетін өлең жолдарында Алтайдың жай қатардағы азамат емес, өз заманының әйгілі адамы, айтулы тұлғасы, аузы дуалы, сөзі уәлі би-шешені болғандығын байқауымызға болады. Дастандағы:
«Төрт бала туған екен Найманбайдан,
Бөрі боп төртеуі де даңқын жайған.
Ақыл мен әділдікке болып артық,
Озбапты ешқайсысы ер Алтайдан.
……………………………………………….
Алтай би атаныпты, ақылды боп,
Әжібай батыр болған дүниеде жоқ.
………………………………………………….
Алтай би көңілденіп үйге қайтты,
Көшіріп, Тұмаршаның жүгін артты…» – деп келетін жолдарды оқуға болады.
Ел аузындағы қариясөздің бірінде мынадай дерек кездеседі: бірде қырғыз жақтан дауға түскендердің ішінде Ешен деген ақын болыпты. Бұл кісі сол жолғы кеңесте айтар пікірінің көбін өлеңмен жеткізген дейді. Сол өлеңдерінің ішінде Алтай биге:
Бурундан Алтай сени жүрчум байқап,
Би болдың ел басқарып сөзду чайқап.
Чалғыдай чөпкө тиген жайлоодағы,
Түк қоймай маңайыңды жүрсуң жайпап.
Арғы атаң Шыбыл би де арлан болғон,
Билікте бүд қазаққа қорғон болғон
Аттыға жол, ауыздыға сөз бермес деп,
Сені Алтай, шыбар атаң арман қылған, – деп өлеңмен мадақ айтқан екен.
Міне осының өзінен-ақ Алтайдың өз заманында елге есімі белгілі би болғандығын, сондай-ақ оның азаматтық келбетін, өз заманындағы қазақ қоғамынан алатын орны мен тарихи рөлін айқын аңғаруға болады.
Ал Алтай бидің кіндігінен тараған Құлманбет, Көлбай, Қасқа, Сүйіндік, Бәйтелі, Мәнжу, Қарабек, Меңдес, Төлес, Зәңгі деген он ұлынан өрбіген ұрпақ бүгінде өсіп-өніп іргелі елге, үлкен руға айналды. Олар өздерін «Ұлы жүз, Албан, Қызылбөрік, оның ішінде «Алтаймыз» деп атайды.
АЛҒАШҚЫ АДЫМ
Демеңіз қамсыз-мұңсыз сайрап өтем,
Бұл өмір ақ пен қара майданы екен.
Сол майданның ішінде күн кешесің,
Жерден басқа кетпесең жайға бөтен…
Бұл өмір мүдделердің шеп-алаңы,
Анау сені аңдиды, сен ананы….
Біреуді байқаусызда қағып кетсең,
Ертең келіп ол сенен кек алады.
Біреу қолын алтынға малсам дейді,
Біреу күн боп аспанда жансам дейді.
Тонасам да, алдасам, ұрласам да –
Кедей бай, байлар құдай болсам дейді,
Ағайыннан озсаң да, қалыссаңда,
Жауменен атыссаң да, алыссаң да,
Тіршілік өз заңынан жаңылмайды,
Бұл пәниде ұжмақпен табыссаң да….
Тіршіліктің зырқырап доңғалағы,
Сол кетеді, қаласа оң барады…
Жау тиіп бір жағынан жатқанымен,
Ағайын даусыз болмас сонда дағы.
Ағайын тіршілікте керіседі,
Керіседі, қайтадан келіседі.
Біреулер еңбекпенен нанын тапса,
Біреулер арам асын жеп-ішеді…
Алдыңнан шыға бермес күткен елес,
Туады кейде судан, сүттен егес.
Бәрін айт та бірін айт бұл қазақтың,
Жер дауы, жесір дауы біткен емес.
Десең де «О, Жаратқан, жарылқашы!»,
Қағыста қала қоймас қарымтасы.
Іргелес ауылдардың тағы да бар,
Сырымтасы немесе барымтасы…
Бір жорықта қолға да түседі ұры,
«Намыс па?»
Тұтпайды олар місе мұны!
Кей жорықта көз шығып, бас жарылып,
Кейде тіпіті болады кісі өлімі.
Кісісі өлген шұрқырап жыласады,
Өлгеннің құн, өтеуін сұрасады…
Міне осындай кикілжің, керістердің –
Бәрінің арты дауға ұласады.
Ел іші жаусыз болмас, даусыз болмас,
Көп іс бар бұл өмірде көңіл толмас.
«Тура билер туғансыз» деген қазақ,
«Туғанды би имансыз», қашан да оңбас.
Найманбай би – тура би болды елге,
Қарамады малына, мансап-шенге…
Қай даудан да шығарып әділ шешім,
Сала білді маңайын, елді жөнге.
Жауыңа да әділ бол, жолдасыңа,
Әділ болмай, мөр тұрмас қолға, сірә…
Найманбай би бір сынап көрейін деп,
Жинап алды төрт ұлын ордасына.
Төрт ұлы да жап-жас-тын, балаңкөрік,
Ордаға кірді жаймен салам беріп.
Әкеміз не шаруамен шақырды деп,
Өздерінше ой кешіп, алаң болып.
– Келіңдер, төрлетіңдер құлындарым,
Бауыр етім, жүрегім, жұлындарым.
Бәрің де сезінетін жасқа келдің,
Елің менен жеріңнің мұңын-зарын.
Әкелерің Найманбай, мына менмін,
Сөзге жүйрік бірімін құлагердің.
Сендерден бір сұрайтын сұрағым бар,
Менің емес, негізі сұрағы елдің.
Екі аяқты пендені адам дейміз,
Ол жасаған уақытты заман дейміз.
Кей жағдайға сүйінсек «жақсы» дейміз,
Кей жағдайға күйінсек «жаман» дейміз.
«Жақсы» деген әрине, түсінікті,
Игі, ізгі, иманды, кісілікті…
Бұл дүниеде не «жаман»?
Найманбайды,
Осы сауал уайымға түсіріпті.
Ақыл жастан, – деген бар, асыл тастан,
Жас озбақ, қарт шегінбек – әлмисақтан.
«Жаман» деген немене, қаншау екен?
Осы сауал қойды ғой шықпай бастан.
Бір сауал алдарыңа лақтырдым,
Өздеріңе келіп тұр құлақ түргім.
Жауапты да беріңдер, осы қазір,
Шұғыл қажет болғасын сұрап тұрмын, –
Деп Найманбай өз сөзін аяқтады,
Төрт ұлының көздері алақтады…
Аз-кем ғана кідіріп толғанғасын,
Кезекпенен сөздерін сабақтады.
Бәрі де өз жауабын баяндады,
Қайсы бірі тарихқа аялдады…
Шығуға әкесінің көңілінен,
Төрт ұл да, барын салды, аянбады.
Елтігендей әсем саз, көркем үнге,
Найманбай би тыңдады төртеуін де.
Төртеуі де ой өрді өз әлінше,
Көздерінде ұшқын бар, өрт өңінде.
Ұлдарымен өткізіп жарты күнін,
Алғандай рахаттанды жан тынымын.
Дегенменен би әке жасырмады,
Алтайдың жауабына тәнтілігін.
Дес бермес қызыл тілдің құлагері,
Бұл бидің өз ұлдарын сынауы еді.
Найманбай тәнті болған жас Алтайдың,
Сондағы айтқан жауабы мынау еді:
«Сауалың қиын әкешім,
Ойымның айтсам төтесін,
Он жаман бар деп ойлаймын,
Сөзімнің кешір қатесін.
Біріншіден не жаман?
Бас-басына бек болған,
Алды-алдына шеп болған,
Берекесіз ел жаман.
Екіншіден не жаман?
Қасы мен досын білмейтін,
Жетегіңе де жүрмейтін,
Есірік туған ер жаман.
Үшіншіден не жаман,
Күйдіретін тәніңді,
Жандыратын жаныңды,
Жалалы қаңқу сөз жаман.
Төртіншіден не жаман,
Төтеден шауып жеріңе,
Төндірген қауіп еліңе,
Шақырмай сені шайқасқа,
Аттандап шықпай айқасқа,
Жасырын келген жау жаман.
Бесіншіден не жаман,
Белінде жоқ құрағы,
Сайында жоқ бұлағы,
Көлденең жатқан тау жаман.
Алтыншыдан не жаман,
Айтқан тілді алмаған
Өзі біліп болмаған
Ақылсыз, жалқау ұл жаман.
Жетіншіден не жаман,
Әдеппен іс қылмаған,
Атаның даңқын былғаған,
Желіккен, жемір қыз жаман.
Сегізіншіден не жаман,
Өтірік мақтап, күлімдеп,
«Әулием, шейхім, пірім» деп,
Ішіңе кірген қас жаман.
Тоғызыншыдан не жаман,
Жер жыртып, тырмақ сермемей,
Мал бағып, маңдай терлемей,
Ұрлықпен тапқан ас жаман.
Оныншыдан не жаман,
Билігі әділ болмаған,
Күштіні ылғи қолдаған,
Әділдік үшін өлмеген,
Құлқынын ғана жемдеген,
Арамза туған би жаман.
Осымен сөзім тәмам-ды,
Берерсің әке бағаңды.
Өмірде өзім байқаған,
Сөз еттім он жаманды.
Балалығым болса егер,
Сөге көрме балаңды», –
Деп Алтай сөзін ірікті жайыменен,
Жанғандай маңдайда күн, айыменен…
Найманбай би сүйсінді жауабына,
«Ұлымның өсіпті деп, – пайымы ерен…»
Болар бала болады жастан айқын,
(Ондай ұлды үлкендер жасқамайтын….)
Содан бастап Найманбай жас Алтайды,
Жанынан болды екі елі тастамайтын.
Жас Алтай кейде төгіп жалын жырды,
Өз ортасын жасындай жарып жүрді.
Найманбай жас тірнегін шынықсын деп,
Кей-кейде дау-шарға да салып жүрді.
Ел іші жаусыз болмас, даусыз болмас,
Көп іс бар бұл өмірде көңіл толмас.
«Тура билер туғансыз» деген қазақ,
«Туғанды би имансыз», қашан да оңбас.
Би Алтай шешті бәрін ақылға шақ,
Дау-шарды өлшемейді құлқынға сап.
Бимін деп, көш бастаған серкемін деп,
Кекірейіп көрмеген кесір жасап.
Қасымнан қалған қасқа жолға түсті,
Есімнен қалған жолмен Орда тікті.
Хан Тәуке жарғысымен ел басқарып,
Демеді «анау осал, мынау мықты!».
Алкүрең шабытыммен аяңдайын,
Бабамды ұлықтаудан аянбайын.
Алтай бидің дау шешкен, кесім айтқан –
Сәттерінің біразын баяндайын.
Күн туса ел басына жау қайырды,
Бейбіт күнде би болып дауды айырды.
Осылай батыр Алтай «би» атанып,
Халқына халқына есім-сойы кең жайылды.
ТҰҢҒЫШ ТӨРЕЛІК
Әлқисса, қоңсы отыратын екі бай Аралбай мен Сауранбектің ылғи барымта-қарымталасып жүретін жігіттерінің арасында бір күні үлкен жаңжал болады. Жаңжал соңы Аралбай жігіттерінің жеңілісімен аяқталады. Бірақ Сауранбек ауылының бір жігітінің оң қолы шоқпардың соққысынан шынтағынан үзіліп түседі. Сонымен екі жақтың ортасында бітіспес дау басталады.
Содан Сауранбек ауылының адамдары Аралбай ауылынан қолы үзіліп, мүгедек болып қалған жігіттің бір қолының құнын сұрайды. Ал қарсы жақтың адамдары болса, Сауранбек жігіттерінің Аралбай ауылына арнайы барымтаға дайындалып келіп, жанжал-төбелес шығарғанын алға тартып, құн төлеуден бас тартады. Ал Сауранбай ауылының атқа мінерлері әуел баста барымтаны бастаған Аралбайдың адамдары екенін, даудың алғаш содан басталғанын көлденең тартады. Екі тарап дауласа-дауласа ақыр аяғында Найманбай биге жүгінбек болады. Алайда сол тұста қалмақтармен арадағы бір үлкен дауға төрелік айту үшін Найманбай би Сайрамнорға кеткен болатын.
Бұл кезде ресми «би» аты болмаса да, шешендігімен, дау-дамай шешудегі әділдігімен алыс-жақынға Алтайдың да аты шыға бастаған-тұғын. Сонымен «Найманбай биге барамыз» деп, ниет қылып, жолға шыққан Аралбайлар мен Сауранбектер неде болса Алтайдың алдына барып, төрелігіне жүгініп көрмек болып шешеді.
Келген бойда Аралбай мен Сауранбек кезек-кезек Алтайға болған жайды және өз уәждерін баяндайды. Екі жақты мұқият тыңдап болған соң, Алтай сөз алып, істің төрелігін айтады:
– Ердің құны 100 жылқы. Бас және екі қол мен екі аяқ – осы бес негізгі мүшеге 100 жылқыны бөлеміз, сонда әр мүшенің құны 20 жылқы деген сөз. Алайда жігіттеріңіздің барымтаға дайындалып келгені үшін және сайланып барып Аралбай ауылында төбелес шығарғаны үшін Сауранбек ақсақал, Сіз Аралбайға 10 жылқы ат-шапан айып төлейсіз. Ал қалған 10 жылқыны қолы жұлынып шолақ болған жігіт Аралбайдың малынан еркек-ұрғашысы араластырып өзі таңдап алады, – дегенде, Аралбай бай:
– Алтай шырағым, кісінің бір қолын 20 жылқыға бағалағаның, тым артық емес пе? – деген сұрақ қояды.
Сонда Алтай тамағын бір жөткірініп алып:
– Қайырсыз болса ағайын,
Қайырусыз малмен тең.
Қайғысыз қара су ішсең,
Қара түнің таңмен тең.
Он екі мүшең сау болса,
Қара басың ханмен тең.
Жер бастырған екі аяқ пырақ емей немене,
Маңдайдағы екі көз шырақ емей немене.
Денің сауда бұл өмір жаннат емей немене,
Адам үшін екі қол қанат емей немене.
Жыбырлаған екі қол наның емей немене,
Қыбырлаған екі қол малың емей немене.
Еңбек етер екі қол ырыс емей немене,
Сермеп салар екі қол қылыш емей немене.
Бұл шешімге көнбесеңіз, «қанға қан, жанға жан» жосығы бойынша қолға қол! Оң қолыңызды Сауранбектер кесіп алады, жылқыңыз өзіңізде қалады, — деп саңқылдай сөйлейді.
Осы сөзден кейін, Аралбайдың үні ішіне түсіп, басы сылқ етіп салбырап қалады. Сонымен екі тарап Алтайдың төрелігіне келісіп ауылдарына қайтады.
ҚАЛМАҚ КЕЛЕҢІМЕН СӨЗ ҚАҒЫСУ
Жауына малын берген, жанын берген,
Қайғының кешті қазақ зарын белден.
Тұла бойын кек кернеп Әжібай батыр,
Жау шабуға аттанды шағын қолмен.
Іштегі кек пен қайғы шын қабынып,
Әр бірі жау жайратпақ мыңдап ұрып.
Күндіз орман сағалап, ат шалдырып,
Суыт алға жортты түн жамылып.
Бес қаруын бәрі де сайлап алып,
Жылжып келед, жоспары айдан анық.
Бейқам жатқан жау қолын қырып салмақ,
Шырт ұйқыда жатқанын пайдаланып.
Қара түн шымылдығы түрілгенде,
Шығыстан таң ағарып, білінгенде,
Алдарынан көрінді қалың нөпір,
Көкпекті жазығына ілінгенде.
Қалмақ шығып Торайғыр таз қырынан,
Қарсы алды Көкпектікінің саздығынан.
Осы жолғы ұрыста қалмақпенен,
Қазақ жағы жеңілді аздығынан.
Қалмақтың саны менен сырын болжай,
«Қашыңдар, – деді Әжібай, – бірің қалмай!»
Қазақ жағы шегініп, Ілеге асып,
Аман-есен құтылды шығындалмай.
Тұтқын ұстау болса да қалағаны,
Қууға қалмақ аты жарамады.
Қалмақты адастырып, жолға тастап,
Іленің ну тоғайын паналады.
Әжібайда таусылып амал-қайла,
Тоғайда жата берді, барар қайда?
Қалмақтар өрт қойғанда ну тоғайға,
Қазақтар ытқып шықты алаңқайға.
Өрт қояд деп кім бұлай ойлаған-ды,
Ат та жоқ, бес қару да жайда қалды.
Сол жерде Әжібайға шалма тастап,
Қалмақтар қол-аяғын байлап алды.
Қонтайшыдан ызғар жел азынайды,
Оларға сөз айтудың өзі қайғы.
Райымбектің ең үлкен тірегі деп,
Зынданға салды апарып Әжібайды.
Байлаулы батыр бұзбақ шепті қалай,
Шерік түгіл, кекті құл, кекті малай..
«Қалмақтар Әжібайды тұтқындапты»
Деген хабар Алтайға жетті ұзамай.
Дәриға, бірге туған бауыр қандай,
Бауыр болса ошарлы ауыл бардай.
Бауырдың табанына шөңге кірсе,
Сырқырап қолқа-жүрек ауырғандай.
Аға үшін арттан ерген іні қандай,
Сүйенер арқа тірек – шыңы бардай.
Өкінді де қайғырды Алтай енді,
Әжібай кетіп еді тілін алмай…
Не бітер құры қайғы жегенімен,
Ыза-кек төгілді асып кемерінен.
Жиналып Алтай жолға жүріп кетті,
Қалмақтың сөйлеспек боп Келеңімен.
Жер шалғай, соқпақ та жоқ төте мүлде,
Атқосшы бар, аттар бар жетегінде.
Апта жүріп Күреге жетті Алтай,
Отырған Қонақайдың етегінде.
Тәртіппен көшпенділер заңындағы,
Күренің сыртына кеп дамылдады.
Қазақтан Елші келді дегенді естіп,
Бас Келең Алтай биді қабылдады.
«Есіктен қаратпаушы ем нелер зорды,
Алтай би, сенің бүгін жолың болды.
Сөйле Алтай, құлағым бір өзіңде», –
Деді де иек қақты Келең Доржы.
Айнала тұрғаннан соң шепті біліп,
Күшейіп, «айт сөзіңді» деп тұр ұлық.
Алтай да көп кідірмей сөз бастады,
Қамшысын жерге тастап, жөткірініп:
«Амансың ба, Келеңім,
Ақылы айдын, кемелім.
Қайырымды адам деп,
Жетті бізге дерегің.
Амандасып өзіңе,
Уәжімді айтсам деп едім.
Қазақ деген елденмін,
Талайды мен де көргенмін.
Тағдыр салса көнгенмін,
Тәңірге қол беренмін.
Ат жалында ер жетіп,
Сүйеніп оққа өлгенмін.
Менменсіген жаулардың,
Жонынан таспа өргенмін.
Қолға түскен тұтқынын,
Сұрап келсе егесі,
Қайтарып талай бергенмін.
Қыз болса егер олжасы,
Теліп бердім еріме.
Мал болса егер олжасы,
Бөліп бердім еліме.
Тұтқын болса ер жігіт,
Қалам десе, біздің елде қалады,
Біздің елдің азаматы болады.
Кетем десе, өз еліне кетеді,
Кесілмейді етегі, арманына жетеді.
Болмайды «қал» деп зорлауға,
Болмайды Ерді қорлауға.
Зынданыңда жатыр менің бір інім,
Бауыр етім, қолқа-жүрек жұлыным.
Сол інімді сұрап келдім өзіңнен,
Мен де Тәңір, Құдай, Бурхан құлымын.
Бауырымның қайғы-мұңын жеп тұрмын,
Әулетімде зар-жылаусыз жоқ бір күн.
Келең, егер Бурханды шын силаса,
Інімді алып қайтайын деп кеп тұрмын….», – деп Алтай би сөзін аяқтағанда, Келең Доржы:
– Сенің інің біздің елді шаппақ боп қол бастап келе жатқанда, шайқаста жеңіліп қолға түсті. Соғыс тұтқынын жайдан жай босату заңда жоқ, – деп зілдене жауап береді.
Сонда Алтай би:
– Менің інім жекпе-жекте жеңіліп қолға түскен жоқ. Қазақ-қалмақтың салтында жоқ айламен тұтқындадыңыздар. Біздің елдеріміздің арасында соғыс өрті тұтанғалы бері біз де сіз сұраған қанша тұтқындарыңызды босаттық. Егер сіздер, менің інім Әжібайды тұтқыннан босатпасаңыздар, біз де көп ұзамай Қоңтайшының інілері мен ұлдарына майдан ашып, оларды тірідей тұтқындаймыз. Сол кезде өз заңыңыз бойынша тұтқын сұраушы болмаңыз, – деді дауысы саңқылдай шығып.
Мына сөзді естіген Келең мойны салбырап аз-кем үнсіз отырып қалады. Сол кезде Алтай би:
– Алдыңа келдім Келеңім,
Ақыл-сабырға кененім.
Құдайдың адал құлы деп,
Өзіңе сеніп кеп едім.
Ер азамат бір елдің тірегі болар,
Әр кеуденің тулаған жүрегі болар.
Ер азамат зынданда сорламас болар,
Баһадүрді олайша қорламас болар.
Әжібай менің туған інім,
Маңдайда жанған күнім!
Жөн білсең, Келең тақсыр,
Інімді қолыма тапсыр.
Тапсырмасаң, тұрысар жеріңді айт,
Кезек сенде, кесімді сөзіңді айт, – дегенде, Келең:
– Істің шешімі, Сөздің кесімі мынау: Үш күннен кейін Әжібайды ауылыңа жеткізіп саламыз. Ініңді ауылыңа алып барған біздің шеріктердің амандығына өзің кепіл бол, – деп сөзді түйіндейді.
Айтқандай үш күннен соң сегіз қалмақ шерігінің атқосшылығымен Әжібай аман-есен елге оралады.
КЕЛЕЛІ КЕҢЕС
Әлқисса, Алтай ресми түрде би атанып, алыс-жақынға даңқы кеткен кездерде, елдегі той-жиын, ас-нәзірдің бәрінде жиылған жұрт биден тағылымды сөз, келелі кеңес сұрайтын. Сондай бір жиында, ауыл ақсақалы:
– Биеке, халқыңыз сізден әңгіме тыңдасақ, ақыл-кеңес естісек деп жиналып отыр, – деп Алтай биге қолқа салады.
Сонда Алтай би арғы-бергіден, шәриғаттан, шежіреден суыртпақтап көп әңгіме айта келіп, сөзін мынадай ақыл-кеңеспен түйіндеген екен:
«Сараңға мал бітсе, соярға торым таппас,
Жаманға мал бітсе, қоярға орын таппас.
Текті жерден қыз алсаң,
Бала тапса құлпырады.
Тексіз жерден қыз алсаң,
Бала тапса жұлқынады.
Байдың малы қорулы,
Жақсының түсі жорулы.
Болайын деген жігіттің алғаны иіліп тұрады,
Тозайын деген жігіттің алғаны шүйіліп тұрады.
Жетелі бидің сөзінің дау шешер кесімі болады,
Жетесіз бидің сөзінің ел бұзар кесірі болады».
Осындай сөз Алтайдан бізге қалған,
Жүректерден өшпестей орын алған.
Ұрпақтың санасында жарқырайды,
Үр жақұт, кілең алтын, гауһар маржан.
ЖЕТІСУҒА ОРАЛУ
Қазақтар жауды жеңіп елге қайтты,
Сәлемін қуанышты желден айтты.
Шаттығын бұлдыр сағым белден айтты,
Қаз қонып, аққу жүзген көлден айтты.
Алтайдың даңқы көкке өрлей берді,
Жұрт оны бек-төремен теңдей көрді.
Жоңғарды жеңгеніне қуанған ел,
Аңыз қып атын оның мөрлей берді.
Сағынған Жетісуын, сайран белін,
Үйрек ұшып, қаз қонған айман көлін.
Ел көшті жер жанаты – Жетісуға,
Көш бастап Ер Алтайдай маңмаңгерің.
Қол бастау қиын емес батырға шын,
Көш бастау сүйенеді ақылға тың.
Қалың ел көш тізгінін табыстады,
Білген соң батырмын деп тасынбасын.
Аудырмай көшті Алтай алды жүріп,
Халқына билік айтты жарғы құрып.
Шын ерлік білекте емес жүректе екен,
Еліне сөз айтпады сан құбылып.
Мұқыры, Ақсуға кеп ошақ қазды,
Ұрпағы керегесін кеңнен жазды.
Маңайын береке мен тірлікке үндеп,
Өткізді билік құрып қыспен жазды.
Өмір-өзен тоқтаусыз ағылады,
Ғұмыр – майшам, күндіз-түн жағылады.
«Жоқ тумақ, жас қартаймақ, туған өлмек»,
Кәдімгі табиғаттың заңы дағы…
Бұл заңға бағынбайтын бар ма амалың,
Жүрмейді алдағаның, зарлағаның…
Ажалға бір сәтке тосқау болмас,
Алтыннан соққан анау зор қамалың…
Бұл пәни міне осындай болады екен,
Пенделер бір-біріне қонақ екен.
Мезгілі толған күні Алла өзінің,
Аманатын қайтарып алады екен.
Мың жеті жүз сексен үш. Шілдесінде,
Таяп қалған сәт еді күн бесінге.
Алтай би бесін намаз оқып тұрды,
Далада, ақбоз үйдің іргесінде.
Намазын оқып болып, құлай берді…
Суық хабар кернеді былайғы елді.
Жетісу, Алтай, Арқа, Атыраудан,
Естіген жоқтай келді, жылай келді…
Бар қазақ дұға қылып данасына,
«Бір Алла алсын, – деді, – панасына».
Тапсырды Алтай биді жер қойнына,
Қаражиде өзені жағасына…
Ұлы жүрек сол жерде тыныстауда,
Рухымен де жолымды дұрыстауда…
Алаңдама артыңа ұлы баба,
Намыс туын ұрпағың тік ұстауда!
СІРГЕ ЖИЯР
Ойхой, қазақ даласы, не көрмедің,
Қанша қурап, қаншама көгермедің?!
– М.Мақатаев.
Ырыс пен рух тұнған бұл даланы,
Қорқаулар құтырына жұлмалады.
Қан ағып сайларынан, өзенінен,
Қырларынан қасірет, мұң борады.
Еңіреп қарағайы, шыршалары,
Олар да Тәңіріне мұң шағады.
«Кең жайлау құлазыды елі көшіп»,
Аспанын да қара бұлт тұмшалады.
Қарай ма деп заманның беті бері,
Қарс айырылар қарттардың көкірегі.
Қайда барсаң қаралы жесір ана,
Жәутең қаққан жалаңаш жетімегі…
Сұр дала сұлап жатты шалқасынан,
Өн бойы өрім-өрім қан сасыған.
Тек қана ыңырсыған үн шығады,
Жетісу, Атырау, Алтай, Арқасынан…
Ойраттар одыраңдап даламызда,
Күлге айналды кентіміз, қаламыз да…
Тірі қазақты бір сұрақ мазалады:
«Өшеміз бе, Ел болып қаламыз ба?!»
Бас қосып тірі қазақ ұрандады,
Көптен бергі осы еді ұлы арманы.
Ата жауды Отаннан қуамыз деп,
Серттесті Алты Алаштың ұландары.
Абылайдың алдына барды дағы,
Абыздардан ақ бата алды бәрі.
Үш жүздің «Мен! Мен!» деген жігітінен,
Сайлауыт сан мың түмен қол құрады.
«Жар бола көр, қолдай көр Құдайым» деп,
«Ниет қылдық қалмақты қуайын» деп…
Деді де атқа қонды Қабанбай мен,
Бөгенбай, Баян, Жауғаш, Райымбек.
Бір сүйем жер бермейміз бөтен елге,
Қалың қол жөңкілді бір төтен өрге.
Қол бастап Наурызбай мен Жәнібектер,
Қарасай, Әжібай мен Өтегендер…
Қолдасып ұлы жорық сапарында,
Асырып айбынын да, қаһарын да,
Ер Алтай атой салып бірге жүрді,
Жаужүрек баһадүрлер қатарында.
Осылай азат болды Отанымыз,
(Отан барда асқақпыз, жоталымыз…)
Жалаулы тарихымнан бата алыңыз,
Алаулы ерлерімнен от алыңыз.
* * *
Осындай бір тарихты маған мәлім,
Жастарға айту еді бар арманым.
Бұл жырды Алматыда бастадым да,
Саты мен Күрметіде тәмамдадым.
Тәмат-тәмам.
* Сунь Цзы – б.з.б. V-VI ғғ. өмір сүрген қытайдың әйгілі әскери стратег-ойшылы, оның «Соғыс өнері» дейтін әскери трактатының бүгінге дейін өз құнын жойған емес. Дүниежүзінің әскери істер мамандары Сунь Цзыны «әскери істер әулиесі» ретінде құрметтейді.
** «Өөө, бурхан мин» – қалмақша. «О, жасаған ием!» деген мағынада.
*** «Өө, бурхан! Туслаач!» – қалмақша. «О, құдайым! Жар бола гөр» деген мағынада.
Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ





