АЛТЫН ОРДАНЫҢ АЛТЫН ТАҒЫ

Байділдә АЙДАРБЕК
ҚАТЫСАТЫНДАР:
КЕНЕСАРЫ – «Алтын Орданың» алтын тағының мұрагері, қазақтың соңғы ханы
НАУРЫЗБАЙ – ханзада, жас батыр, Кенесарының інісі
БАС УӘЗІР
ҚОЛБАСЫ
АҚ ПАТША ҚЫЗМЕТШІСІ
БІРІНШІ, ЕКІНШІ ШЕНЕУНІК
РҮСТЕМ – ұлы жүздің сұлтаны
СЫПАТАЙ – ұлы жүздің батыры
ШАБАРМАН
КӘРІБОЗ – қырғыз елшісі
ЖАНТАЙ – қырғыз манабы
АБАҚТЫ БАСТЫҒЫ
АБАҚТЫ КҮЗЕТШІСІ
ЕЛЖАН – жас ғалым
МӘДЕНИЕТ МИНИСТРІ
ДАУЫСТАР
ТЕЛЕФОНДАҒЫ ДАУЫСТАР
БІРІНШІ БӨЛІМ
БІРІНШІ КӨРІНІС
Мәскеу. Кремль. Төрде екі басты құс бейнеленген Ресейдің үлкен елтаңбасы. Сахнаның бір жағы қараңғы. Мәдениет министрі кіреді. Қараңғы жақтан қатқыл дауыс естіледі.
ДАУЫС: Мұнша неге созып кеттіңіздер? Бірде эрмитажда тұрған еді дейсіздер, бірде жоғалып кетті дейсіздер. Сонымен ол бар ма, жоқ па? Бар болса, неге істі бітірмейсіздер?
МИНИСТР: Мырза, бұл.. бұл.. әлгі не ғой.. Зиялы топ өкілдері мен белді деген насихатшылардың ақыл-кеңесін тыңдап көріп едім, олар.. олар..
ДАУЫС: Соза бермей тоқ етерін айтыңыз. Сонымен олар не дейді?
МИНИСТР: Не дегенде.. сол.. егер басты қайтаратын болсақ, Қазақ елі.. Қазақ елі..
ДАУЫС: Қандай қазақ елі? Қазақстан деп айтыңыз. Қазақ-Стан! Түсіндіңіз бе?
МИНИСТР: Иә-иә, Қазақстан.. Бірақ, олар таяуда жаңа Конституция қабылдап, Қазақстан деген сөзді Қазақ елі деп өзгертті. Сосын ғой.. енді.. мемлекеттік тілін де бір ғана қазақ тілі етіп..
ДАУЫС: Жетер! Доғарыңыз! Мен сізге Қазақстанның елін, тілін айт деген жоқпын. Сонымен, басты қайтарсақ, Қазақстанда не болады екен?
МИНИСТР: Басты берсек.. басты қайтарсақ яғни ханның басы өзінің денесімен қосып жерленсе, Қазақ елі кешіріңіз, Қазақстан мейлінше күшейіп, әлемдегі ең айбынды, қуатты мемлекетке айналып кетеді екен дейді.
ДАУЫС (кеңкілдей күліп) Сандырақ! Бос сөз..
МИНИСТР: Мырза, бірақ.. бірақ ертеректе біздің адамдарымыз Ақсақ Темірдің мәйітін қазып алған күннің ертесіне Ұлы Отан соғысы басталып кеткен жоқ па? Оны білесіз ғой.
ДАУЫС: Білем. Ол жәй ғана сәйкестік. Ал соғыстың сол мәйітті ашқаннан емес, екі алпауыт елдің басшылары өзара келісуімен саналы, жоспарлы түрде басталғаны барлық газеттерде жазылды. Әлде сіз газет оқымайсыз ба?
МИНИСТР: Оқыдым.. оқыдым ғой.. бірақ..
ДАУЫС: Бірақ-бірақ.. Сіздің бірағыңыз таусымайды екен. Жақсылап тыңдаңыз! Сіздердің бірде бар, бірде жоқ деп түрлі сылтау айтып ханның басын арнайы келген делегацияға бергілеріңіз келмей жүргенін мен білгенмен әзірге президентіміз бұдан хабарсыз. Бірақ бұл президент сол күйі хабарсыз қалады деген сөз емес.
МИНИСТР: Бәлкім бұл жайлы президенттің өзі де білгені жөн болар? Сонда.. сонда..
ДАУЫС: Сіз әлі де түсінбей тұрған секілдісіз. Президентіміз кез келген мәселені әбден електен өткізбей шешім қабылдамайтынын жақсы білесіз ғой. Бері қараңыз да жақсылап тыңдаңыз. Әлгі топтағы ғалым жігіттің алдымызға көлденең тартқан құжаттары өте сауатты, өте дәлелді, өте нақты жазылғаны сондай, онымен танысқан президентіміздің өзі таң қалғанын жасырмады. Бәлкім оған да бір жауабын беріп, арқасынан қағып шығарып салар ма еді, әлгі жігіт өз мемлекет басшысының жазған өтініш хатын қоса әкеліпті. Онда Қазақстан президенті не деп жазғанын білесіз бе? Білмесеңіз оқып берейін. Тә-ә-к.. «Аса құрметті президент мырза! Бұл сіз үшін, сіздің ел үшін жай ғана бас сүйек болып көрінуі мүмкін, ал, мен үшін менің халқым үшін баға жетпес ұлттық құндылық, киелі Рух болып табылады. Біз «өлі риза болмай тірі байымайды» дейтін қазақпыз. Сондықтан батыр бабамыздың бір ғана ғазіз басын елімізге қайтару үшін қолдағы бар мүмкіндігімізді, қажет болса бар күшімізді сарқа жұмсауға да дайынбыз.. Сіздің ежелден тату-дос екі көрші елдің арасына сызат түсірмей, бұл өтінішімді шын жүректен орындайтыныңызға сенімдімін».. (пауза) Ал, естідіңіз ғой, Қазақстан президенті не деп отырғанын? Егер бұл өтінішін орындамайтын болсақ Қазақстан президенті айтқандай, екі елдің арасына сызат түсуі әбден мүмкін. Ал, Ресей елі осы кезге дейін ежелден тату-дос, экономикалық қана емес, тілдік қарым-қатынасы жағынан да ең тиімді, ең жақын көрші ел — Қазақстаннан айырылып қалғысы келмейді және бұл ұстанымынан алдағы кезде де айнымайды. Түсіндіңіз бе?
МИНИСТР: Түсіндім..
ДАУЫС: Түсінсеңіз осыған қарай әрекет етіңіз. Тез арада ханның басын беріп, ол делегацияны үлкен құрметпен шығарып салыңыз. Бұл президенттің шешімі екені есіңізде болсын. Осымен сөз бітті! (пауза) Айтпақшы.. Ұлы Ресей мемлекетінің ең жақын көрші ел Қазақстанның өтінішіне үлкен құрметпен қарап, ыждағатпен орындағаны туралы барша бұқаралық ақпарат құралдарында көлемді материалдар жариялансын. Бара беріңіз.
МИНИСТР: Жарайды, мырза! (Бұрылып, жүре берген кезде, алдынан қараңдап, қара киініп қалбаңдаған адамдар (үгіт-насихатшылар) шығады. Министр үн-түнсіз олардың ортасын қақ жарып өтіп, шығып кетеді. Состиып тұрып қалған олар сәлден соң бұқпантайлап ол жерден жоғала бастайды.
ЕКІНШІ КӨРІНІС
Үлкен зал. Қолында таяқшасы бар Елжан экранның алдында (экранда Кенесары жайлы деректер, суреттер көрсетіліп жатады) залға қарап диссертация қорғап жатыр.
ЕЛЖАН: Алайда заңды талап-тілегі орындалмай, өтініші аяққа басылып, елі мен жерінің біртұтастығына үлкен қауіп төнгендіктен, Кенесары Қасымұлы өз халқын құтқару үшін, патша әскеріне қарсы тұруға мықтап бекінді..
Залдан ер адамның дауысы естіледі.
ДАУЫС (ыңырана) Менің сізге қояр сауалым бар.
ЕЛЖАН: (залға қарап) Алдымен өзіңізді таныстыра кетсеңіз..
ДАУЫС: Менің аты-жөнім Советов Мэлс Советович болады. Ал ғылыми атақ-дәрежемді айтар болсам, сіздің біраз уақытыңызды алуым мүмкін. Сондықтан, айтпай-ақ қояйын.
ЕЛЖАН: Иә, сөйткеніңіз жөн. Мен сізді тыңдап тұрмын.
ДАУЫС: Сіз Кенесары Қасымов туралы осы күнге дейін беймәлім болып келген өте құнды деректер келтірдіңіз. Кенесары Қасымовтың өз айналасына жақтастарды өте көп топтастырып, өте сауатты жоспарлар құрып, жауына тұтқиылдан күйрете соққы беріп отырғанын мен де жоққа шығармаймын. Әйтсе де сол топ ақыр соңында дүниеге, билікке таласып, өзді-өзі қырқысып, оның зияны Кенесарының өзіне де тиген жоқ па? Бұл оның сіз айтқандай ұзақтан ойлап, ақылмен шешетін көреген қолбасшы бола алмағанын көрсетпей ме?
ЕЛЖАН: Кешіріңіз. Мұндай сұрақты не үшін қойып отырғаныңызды түсіне алмадым. Әйтсе де жауап бере кетейін. Рас, қазақ көтерілісінің қайсысы болмасын, соңында жеңіліспен аяқталып отырғаны баршамызға мәлім. Бірақ соның көбісі дерлік қолбасшының қабілетсіздігінен емес, оның айналасына топтасқан көптің сауатсыздығы мен сенгіштігі, көнгіштігі, ергіштігінен орын алғанын тағы білеміз. Қазақтың соңғы ханы саналатын Кенесары Қасымұлы халқы үшін жан аямай күрескен жаужүрек батыр ғана емес, отарлық жағдайда жүріп дербес мемлекет құрған көрнекті қайраткер де бола білді..
ҮШІНШІ КӨРІНІС
Хан ордасы. Халық Кенесарыны хан сайлаған. Ығы-жығы, сапырылысқан жұрт. Той-думан, ойын сауық. Күй тартылып, ән айтылып, би биленуде. Бір шетте балуандар күресіп жатыр. Сахнаға нөкерлерімен Кенесары хан шығады. Барлық жұрт иіліп тағзым жасайды.
КЕНЕСАРЫ (алға шығып, қолын көтеріп) Уа, халқым, қалың елім, қазағым! (жұрт тым-тырыс қалады) Бүгін Алла Тағала жар болып, ата-бабамның әруағы қолдап, мені ақ кигізге көтеріп, хан етіп сайладыңдар. Бұған дейін жай ғана сұлтан болсам, енді дәрежем жоғарылап, ел алдындағы жауапкершілігім тіптен арта түскенін ұғып отырмын. Сонау бір қиын кезеңде Абылай атам халқын тас қамал тығырықтан алып шығып еді, бүгін де өмірдің өңі өзгеріп, дүниенің шырайы қашқан аумалы-төкпелі қиын кезеңге тап келіп отырмыз. Жан-жағымыздан қысқан жаудың тас құрсауы күннен-күнге күшейіп, өрісімізді тарылтып келеді. Дәл қазір біз өрмекші торына түскен ұсақ жәндік секілді күй кешудеміз. Қол қусырып, қимылсыз отырсақ, дұшпанның теспей сорар жемтігіне айналамыз. Бар күшімізді жұмсап, әрекет етсек, құрсауды бұзып-жарып шыға аламыз. Менің хан болғандағы ең басты мақсатым да сол тас құрсауды бұзып-жарып, халқымды еркіндікке алып шығу..(Әрі қарата дауысы естілмей кетеді. Көпшілік бас шұлғысып, қол сілтесіп, риза болып жатады. Кенесары сөзін аяқтап, ортаға бас уәзірі шығып қолындағы жарлықты оқи бастайды. Дауысы естіледі).
БАС УӘЗІР: ..сондықтан, ел ішінде билік талас, алауыздықты болдырмау мақсатында бұдан былай елді ханның өзі басқаратын болады. Ханның жанынан батырлардан, билерден, сұлтандар мен жақын туыстарынан тұратын арнайы Кеңес құрылады. Сот ісімен, шаруашылық мәселелерімен, дипломатиялық жұмыстармен, алым-салық жинаумен және әскери істермен сенімді жасауылдар айналысады. Бұған қоса олар жоғары жақ берген нұсқаулардың мұқият орындалуын, мал жайылымдарының дұрыс бөлініп, тиімді пайдаланылуын бақылап, халықтың жай-күйін де қадағалап отырады. Кімде-кім осы жарлыққа немқұрайлы қарап немесе орындаудан бас тартса, ол тегіне, шеніне қарамастан қатаң жазаға тартылатын болады. Жарлыққа қол қойып, мөрімен бекіткен қазақтың ханы-Кенесары Қасымұлы.
Жұрт бірі түсініп, бірі түсінбей шуласып жатады. Өте алаңдаулы Наурызбай келіп, иіліп, Кенесарыны оңашалап, екеуі сахнаның алдындағы төсенішке келіп отырады.
КЕНЕСАРЫ: Тағы да қаһарыңа әбден мініп алыпсың ғой. Жақсылық па, әйтеуір?
НАУРЫЗБАЙ: Жақсылық емес, хан көке, жамандық десе де болады. Бізді шабуға тағы да ақ патшаның әскері келе жатқан көрінеді. Бұл жолы тіптен көп дейді..
КЕНЕСАРЫ: Әскер? Бұл сонда менің жазған хатыма қайтарған жауабы болғаны ма?
НАУРЫЗБАЙ: Ол да мүмкін. Өйткені бұл жолы іске патшаның өзі кірісіпті. «Бүлікші ханды ауылымен қоса қу медиен шөлге айдап, түп-тұқиянымен құртып жіберіңдер» деген жарлық беріп, сіздің басыңызға 6 мың сом ақша тігіпті.
КЕНЕСАРЫ: 6 мың сом? Ақ патша қазақ ханының басын тым арзанға бағалаған екен..
НАУРЫЗБАЙ: Ең қорқыныштысы, ата қоныс-өрісіміз болып отырған Ырғыз өзені мен Торғай бойынан қуатты бекіністер салуға да өте көп ақша бөліпті.
КЕНЕСАРЫ: Не дейді? (орнынан ұшып тұрады) Бұл қалай болғаны? Күннен-күнге барар жер, басар тауымыз қалмай барады ғой. Не істесек болады? (Асыға басып бас уәзір келеді. Бас уәзірге) Сен де түрің қашып, суыт келдің ғой. Не боп қалды? Айта бер. (Отырады)
БАС УӘЗІР: Хан ием, Орманбет бастаған қырғыз манаптары сізге берген уәделерінен тайып, қол астына кіру үшін ақ патшаға кетіпті дейді.
КЕНЕСАРЫ: Бұл айтып тұрғаның не сөз? Олар кеше ғана қазақ-қырғыз болып Абылайдың ұрпағы маған бағынып, барлық істі ақылдасып шешеміз деп келісім берген жоқ па еді?
НАУРЫЗБАЙ (атып тұрып, қылышына жармасып) Оңбаған сатқын манаптар! (Кенесарыға) Хан көке, рұқсат бер, ойран-топырын шығарып келейін.
КЕНЕСАРЫ (ойланып) Солтүстіктен одыраңдаған орыстар, шығыстан шүлдірлеген шүршіттер, оңтүстіктен қоқаңдаған Қоқандар тек менің ғана емес, қара қырғыздың да жауы еді ғой. Ағайынды екі ел бірігеміз бе дегенде, қырғыз ағайынның мұнысы несі? (Қатулана орнынан тұрып) Жар-р-айды, түбі бір менен безіп, айдаладағы ақ патшаны артық көрген екен, енді өз обалы өзіне. Жылдам қолбасылар мен батырларды шақырыңдар. (Қатулана шекпенінің шалғайын қағып шығып кетеді. Соңынан бас уәзір ілеседі).
НАУРЫЗБАЙ: Сатқын, сақау манаптар, сендердің түптеріңе жетпесем атым өзге болсын. (Ашулана қылышын қынабынан суыра бере, сарт еткізіп қайта салып, асыға шығып кетеді).
ТӨРТІНШІ КӨРІНІС
Ақ патша сарайы. Төрде екі басты самұрық құс бейнеленген патшалық Ресей империясының үлкен елтаңбасы ілінген. Сахнаның бір шеті қара көлеңке, ешкім көрінбейді. Қызметтік киім киген патша қызметшісі кіреді.
ҚЫЗМЕТШІ (төрге жақындап иіліп) Аса мәртебелі патшам, сіз әкел деген құжаттарды әкелдім.
Төрден патшаның дауысы естіледі.
ДАУЫС: Айтыңызшы, неге, неге қарақшы Кенесары Қасымов бізге әлі бағынбай жүр? Империя құрамында бола тұра бұл қазақ деген ел неге бізге қарсы шыға береді. Бері қараңыз, картадағы мынау шетсіз-шексіз ұланасыр жерді көріп тұрсыз ба? Үстіне үлкен әріптермен «ҚАЗАҚИЯ» деп жазылыпты. Қазақия! Ұлы империяның, менің арманым осы ма еді? 200 жыл өтсе де әлемді тітіреткен айбынды империямыз осы бір жабайы елді неге өз дегеніне көндіре алмай келеді? Бұлай кете берсе, бұл елді өзімізге бағындырып, жерімізді кеңейтпек түгілі, шошайған бір Мәскеуімізді ғана құшақтап қалуымыз әбден мүмкін.
ҚЫЗМЕТШІ: Мәртебелі патшам, мен мұны есімде мықтап ұстайтын болам.
ДАУЫС: Ия, солай еткеніңіз дұрыс. Енді әлгі бүлікшінің хатын оқыңыз. Алдымен алғашқы хатын оқыңыз!
ҚЫЗМЕТШІ: Құп болады! (бір парақты алып оқиды) «Бүкілресейлік дара билеуші патша ағзамға бүтін қырғыз ордасын билеген Абылай ханның ұрпағы Кенесары Қасымовтан. Тақсыр, төмендегі жағдайға көңіл аударсаңыз бақыттымын деп санаймын. Сіздің ата-бабаларыңыз бен менің атам Абылай хан билік құрып тұрған кезде халық тыныштықта болды. Соңғы кезде сіздің төменгі буындағы басқарушыларыңыз біздің халықтан да алым-салық ала бастады. Менің марқұм атам Абылайдың иелігінде жатқан өңірге сіздің адамдарыңыз сегіз диуан құрғаны бізді қатты қынжылтады. Қазақта «Өзіңе-өзің бекем бол, қоңсыңды ұры тұтпа» деген сөз бар. Аса мәртебелім, сіздің барлық істе түсіністікпен қарайтын кеңпейілдігіңізді жоғары бағалай отырып, бұдан бұрынғы Ресей империясы мен қазақтың ханы Әбілқайыр қол қойған келісімшартты сіздің есіңізге салғым келеді. Ол келісімшартта қазақ еліне белгілі деңгейде дербестік беру мәселесі де қарастырылған болатын. Сізден аса өтініп сұрарым, сол келісімшартты күшінде қалдырып, қазақ халқына ішкі өзін-өзі басқару құқын беруіңізді сұраймын. Аса мәртебелі патша, сіздің..
ДАУЫС: Болды, жетер! Бір мемлекетте екі патша билік құра алмайды. Енді, әлгі… сарайды дүрліктірген соңғы хатын оқыңыз!
ҚЫЗМЕТШІ: Құп болады, ұлы мәртебелім! (Бір парақты алып оқиды) Мәртебелі патша ағзам! Сізге мына жайтты жеткізуге мәжбүрмін. Ата-бабаларымыз мұра еткен Есілден Торғайға дейінгі жерлер бізден тартып алынып, бекіністер салынуда. Осының салдарынан жергілікті тұрғындар өте қиын жағдайды бастан кешуде. Осы күнге дейін патша өкіметінің әскерлері біздің ауылдарымызды он бес рет шауып кетті. Біздер, қазақтар сонда да қарсылық көрсетпестен, басымыздың ауған жағына көшіп жүрдік. Бірақ, сөйтсек те олар тыныштық бермей, жан-жағымыздан құрсаулап келеді. Бұл еркін өскен біз секілді ұлы дала халқына ауыр тиіп отыр. Ханның ең басты міндеті елін-жерін жаудан қорғап, халқының қолын Тәуелсіздікке жеткізу. Сол сияқты, бізде «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген де нақыл сөз бар. Халқымның талап-тілегін орындап, оларға азаттық алып беру үшін мен — Кенесары Қасымұлы, қолыма қару алып, ұлы күресті бастауға аттандым».
ДАУЫС: Ұлы күресті бастауға аттандым дей ме? Әрбір сөзі батпандай екен өзінің. Сіз мынаны айтыңызшы. Осы Кенесары Қасымов кім? Ол туралы соңғы кезде сарай ішінде жақсы сөздер де айтылып жатқан секілді. Бұл рас па? Тек, жасырмай, шындықты айтыңыз!
ҚЫЗМЕТШІ: Шындықты айт дедіңіз ғой, аса мәртебелі патшам. Олай болса, айтайын. Рас. Біз бүлікшіге санап жүрген Кенесары Қасымовқа «Аса ірі қасиеті бар билеуші, егер басқа жағдайда тәрбиеленсе, керемет мемлекеттік қайраткер болатынына сенімдімін» деп баға берген осы сарай қызметшілерінің бірі деп естідім. Одан басқа да оны дәріптеп: «Батыл басшы», «Қырғыздың ұлттық батыры», «Ұлы батыр», «Дала батыры». «Қара құйын»…
ДАУЫС: Жетер! Сіз.. тіпті.. беріле мақтап, қай жерде тұрғаныңызды да ұмытып барасыз ғой.
ҚЫЗМЕТШІ: Кешіріңіз, ұлы мәртебелім! Өзіңіз жасырмай шындықты айт деген соң..
ДАУЫС: Иә, шындық өте ащы болады. Әйтсе де, бұл жабайы елдің билеушісі үшін тым жоғары баға екен. Ал, мұндай бағаға ие болған адамнан абай болмасақ болмайды және көзін тезірек құртуымыз керек. Бірақ, ол бүкіл қырғыз ордасының билеушісі болғандықтан, бұл істі аса сақтықпен орындауымыз керек. Қысқасы, қарақшы Қасымов қалай да өлуі керек, бірақ біздің қолымыздан емес.. (Ойланып) Осы сіз.. қырғыз манаптары да келді дедіңіз бе?
ҚЫЗМЕТШІ: Иә, тақсыр, қырғыз халқының атынан келген Ормонбет, Қалығұл деген манаптардың қол астыңызға алуыңызды сұрап, сізді күтіп жүргеніне біраз күн болды. Сосын, тағы бір айтайын дегенім, мәртебелі патшам, әлгі қарақшы Қасымов олардың сізге келгенін біліп қойған секілді. Күнде-күнде елін шауып, тыныштық бермей жатқан көрінеді.
ДАУЫС: Елін шауып жатыр дейсің бе? Бұл жақсы ғой! Біздің күткеніміз де осы емес пе еді. Ол қарақшыны енді біз емес, әбден ашынған қырғыздардың өзі өлтіретін болады. Сіз қырғыз манаптарына менің келісетінімді айтып, осы істі солардың мойнына жүктеңіз. Ол қарақшының басын әкеліп берген адамға 6 мың сом ақша сыйлық берілетінін де естеріне салуды ұмытпаңыз. Енді бара беріңіз.
ҚЫЗМЕТШІ: Құп болады, мәртебелі патшам! (Иіле кейін шегініп, шығып кетеді).
БЕСІНШІ КӨРІНІС
Қырғыз елі. Кекілік, Сеңгір тауы. Тау-тастың арасы. Хан қосыны. Төсеніштің төрінде Кенесары малдас құрып, ойланып отыр. Сыртта сарбаздар ұрысқа дайындалуда. Сәлден кейін Кенесары шалғайын қағып, орнынан тұрады. Асыға басып Наурызбай кіреді.
НАУРЫЗБАЙ (іззет көрсетіп) Хан ием, қырғыз елінің елшісі Кәрібоз келіп тұр.
КЕНЕСАРЫ: Жасағымның жай-күйін көрмекке шығып бара жатыр ем, жарайды, кіргіз әлгі қырғыздың елшісін. (Қайтадан орнына отырады).
Наурызбай мен Кәрібоз кіреді.
КЕНЕСАРЫ (амандаспастан) Екі жақ шайқасқа дайындалып жатқанда, бұл қай келісің? Дос боп келдің бе? Жау боп келдің бе? Әлде дау қуып келдің бе?
КӘРІБОЗ (қолын қусырып, басын иіп) Тым болмаса, амандық та сұраспадың-ау, хан Кене. Жау да, дау да қуып кеп отырған жоқпын. Тіпті, дос болар ниетім жоқ..
КЕНЕСАРЫ: Жау да, дос та болар ниетің жоқ болса, мұнда не мақсатпен келдің?
КӘРІБОЗ: Халық атынан сөйлейтін Орталық Кеңесімнен келіп отырмын. Кеңес сенің бұл жерден тез кеткеніңді қалайды. Олай етпейтін болсаң, хан екеніңе қарамастан иттей қыңсылатып қуып шығамыз деп қаһарына мініп отыр.
НАУРЫЗБАЙ (атып тұрып қанжарына жармаса) Жетер! Мынау не деп тантып тұр?
КЕНЕСАРЫ (Наурызбайға) Тоқтат!
КӘРІБОЗ: Иә, Наурызбай төре, тоқтама. Менің алдымда елші болып келген Жаманқара батырға да сапы салып өлтіріп едің, енді мені де өлтір.
КЕНЕСАРЫ (ақырып) Шық үйден, Наурызбай! (Наурызбай шығып кетеді. Кәрібозға) Тентек інімнің бір қылығын кешіре сал.
КӘРІБОЗ: Кешірім? Ей, хан Кене, бұл қай кешірім? Әлде, мазағың ба? Жаңағы ұрда-жық інің Наурызбай мәстек атына бола жігіттерімен келіп бір ауылды төңкеріп кеткенін қалай кешірмін? Сол қан-қасап інің онымен де қоймай, жаңадан жерленген Қанай батырымыздың мәйітін қабірінен суырып алып, найзасын қандады. Ол ол ма, хан ғой деп өзіңе реніш-өкпесін айтуға келген елшімізді де сапы салып өлтірген жоқ па! Соның бәрін кешірейін бе? Мұндай адам төзгісіз, иманыңды ұшырар сұмдық істі діні басқа дұшпандарымыз да істеген жоқ. Осы сұмдықтың бәрін мына шыққыр көзім көріп, ашудан жүрегім қара тасқа айналса да, «бас жарылса, бөрік ішінде, қол сынса, жең ішінде» деп көзді жұмып, алдыңа келіп тұрған жоқпын ба!
КЕНЕСАРЫ (төмен түсіп кеткен басын көтере) Айтқаныңның бәрі жөн. Наурызбай да, мен де ашу-дұшпанға бой алдырғанымыз рас. Бірақ, мұндай қатыгездікке бізден бұрын сендер барып едіңдер ғой, Кәрібоз. Көзімді жұмып, кешіріп едім ғой сендерді. Төскейде малымыз, төсекте басымыз қосылған, қыз алысып, қыз беріскен жақын көрші, ағайынды екі ел бірігіп, жауымызға қарсы соғысайық деп бір емес алты рет сөз салмап па едім.. Қазақ-қырғыз болып Абылайдың ұрпағына бағынамыз деп келісімдеріңді беріп алып, орта жолда жалт беріп мені сатып кеткен, түбі бір менен безіп, айдаладағы діні бөтен ақ патшаның бағынышты құлы болғысы келген де сендер емес, пе едіңдер? Қырғыз бен қазақ аты бірге аталатын намысты ел емес пе едік? Неге бұлай еттіңдер? Ал, мен.. мен халқымды дұшпанның құлдық-құрсауынан қалай да алып шығамын деп жан алып, жан беріп жүрген жоқпын ба? Шен-шекпен іздесем, осылай жүрер ме едім? Патшаға барып жағынсам Жамантай, Қоңырқұлжа, Баймағанбеттер алған шенді тіпті одан да жоғары шенді мен де алар едім. Бірақ тағдыр маңдайыма шен алып, шекпен киіп, шалқайып отыруды емес, қараша халқым үшін отқа да, суға да түсіп, түз тағысындай тынбай жортуды жазыпты.
КӘРІБОЗ (қозғалақтап, жөткірініп) Хан Кене, сенің де өкпең орынды. Бірақ сені орта жолда сатып кетіп, ақ патшаға құл болғысы кеп жүрген қалың қырғыз емес, қырғыздың ат төбеліндей бай-манаптары. Наурызбай батырдың атын ұрлап, екі араға от салып жүрген де солар. Патшадан көл-көсір тарту-таралғы мен сыйлықтар алғанына қарағанда ол жақпен де келісім жасап келген сияқты. Сондықтан, олар алдағы кезде де қазақ-қырғыз демей, екі жаққа да жамандық жасауы әбден мүмкін.
Одан әрі әуен ойнап, дауыстары естілмей кетеді. Кенесары мен Кәрібоз орындарынан тұрып, бір-бірімен қол алысып, құшақтасып көкірек түйістіріп тұрып қалады. Кәрібоз басын ие шығып кетеді де, Кенесары сахнаның алдына келіп, алысқа қарап ойланып тұрады. Сауыт киген, үсті басына қан жағылған қатулы Наурызбай келеді.
КЕНЕСАРЫ (жалт қарап) Әй, түріңе не болған? Тағы не бүлдіріп келдің?
НАУРЫЗБАЙ (іззет көрсетіп) Хан ием, Ержан көкемді қырғыздар алып кетіпті. Егер.. сіз..
КЕНЕСАРЫ: Не дейді? Ержекемді қырғыздар алып кетті ме?
НАУРЫЗБАЙ: Иә, құтқарып қалу қолымнан келмеді. (Бір тізерлей отырып) Хан ием, маған елу шақты жігіт беріңіз. Алыстап кетпей тұрып, жауды қуып жетіп көкемді алып келейін.
КЕНЕСАРЫ (ұзақ ойланып, өзіне) Бұл қалай? Кәрібозға алдандым ба, әлде, ортаға тағы да сына қағып жүрген қырғыздың бай-манаптары ма? Не істесем екен? Жаулар ұзап кетпей тұрып Наурызбайды аттандырсам ба екен, әлде соңын күтсем бе екен? Бірақ, дұшпандар Ержекемді майып қып жүрсе қайтпекпін? Жоқ, манаптары ма, басқасы ма, мұны істеп отырған қырғыздар емес пе? Ендеше, жауапты да солар берсін! (Наурызбайға) Жаныңа мықты-мықты деген жүз жігітті алып, қәзір аттан! Ержекемді аман-есен алып кел.
НАУРЫЗБАЙ (басын иіп) Құп болады, хан ием! Көкемді аман-есен алып келем. (Кетеді).
Кенесары ойға батып, қостың ішін әрі-бері кезіп жүргенде, сырттан «жау, жау жақындап келеді» деген дауыс шығып, асыға шығып кетеді.
* * *
Қас қарайып, қараңғылық түскен кез. Сахнаның алдына ұрлана басып Рүстем шығып, тықыршып әлдекімді күтіп тұрады. Көп өтпей қара киініп алған қырғыз шабарманы келеді. (Түрлері анық көрінбеуі де мүмкін).
РҮСТЕМ: Мен саған келме, хабар өзімнен болады деген жоқ па едім. Не боп қалды?
ШАБАРМАН: Төре, мені тағы да солар жіберді. Қырғызға көмекке қоқан хандығының әскері келіп қосылды, ал Вишневский бастаған патша отряды бүгін түнде жетеді деп айт деді.
РҮСТЕМ: Ия, келсін, қосылсын.. Оның маған қандай қатысы бар?
ШАБАРМАН: Онысын білмедім, мен олардың айт дегенін ғана айтып жатырмын.
Қырғыз әскері, қоқан хандығының әскері, патша әскері қосылып, Кенесары жасағын үш жақтан қоршауға алып, тас-талқанын шығармақшы деді. Ол кезде Кенесарының 2-3 мың жеке жасағы ғана емес, дулаттың жігіттерінен құралған қалың қол да қырылатын болады деді. Сондықтан, қай жағына шығатынын бүгін айтсын, әйтпесе кеш қалады деді.
РҮСТЕМ: Сонда, мен не істеуім керек?
ШАБАРМАН: Сыпатайды көндіріп, дулаттың жігіттерін алып кетсін, Кенесарыны бізге жалғыз қалдырсын деді.
РҮСТЕМ: Ал, солай еттім делік, сосын..? Ары қарай не болмақ?
ШАБАРМАН: Сол.. не қалайды, қалаған сый-сыяпатын алады деді. Айтқанымызды орындаса, Сыпатай екеуіне бұрынғы талас-тартыс, даулы боп келген жерлерді де түгел береміз деді.
РҮСТЕМ: А-а, солай деді ме? (Ойланып) Жарайды, мен келістім. Сыпатай батырды да көндіремін. Басшыларыңа солай деп айта бар.
ШАБАРМАН: Құп! Дәл солай айтып барамын. (Тез жоқ болады).
РҮСТЕМ (ойда, өзіне-өзі) Мақұл дедім. Мұным дұрыс болды ма, әлде бұрыс болды ма? Меніңше дұрыс шешім қабылдаған секілдімін. Кенесарының жанында қалсам, ертеңгі жағдайым қалай бомақ? Өз төрелерінің басы сыйыспай жүргенде, ол жерге тағы бір төренің басы қалай симақ? Жоқ «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деген. Көп төренің бірі болып жүргенше, өз қонысымды өзім басқарып, өзім би, өзім қожа болып жүргенім әлдеқайда артық. Бірақ, ол кезде Кенесары менен алым-салық алады ғой.. Ал, қырғыз манаптары Сыпатай екеумізге сый-сыяпатымен қоса жер де береміз деп отыр. Тәуекел! Алдымен олардың сый-сыяпатын алып алайын, ары қарай көре жатармын. (Қараңдап біреу келеді) Сыпатаймысың? Жақсы келдің. Өзіңмен оңаша әңгімем бар еді.
Рүстем мен Сыпатай екеуі шетке шығып әңгіме айтып тұрады. Бірақ дауысы естілмейді. Екеуі сахнаның алдына келгенде дауыстары естіледі.
РҮСТЕМ: Міне, манаптар жіберген шабарманның айтқаны осы. Егер, өз жасағымызды бұл жерден алып кетер болсақ..
СЫПАТАЙ: Алып кетер болсақ? Қалайша? Кенесары ханмен бірігіп, қырғызға қарсы соғысамыз деп келіскен өзіңіз емес пе едіңіз? Енді, сын сағатта, екі жақтың да тағдыры шешілер сәтте жасағымызды алып кетсек, Кенесары ханның жайы не болмақ? Хан емес-ау, қазақ халқының жайы не болмақ? Біз туралы ертең жұрт не дейді? Шындығына келгенде, хан Кененің бұл елге шабуылы әділ емес пе? Орта жолда ханды сатып кеткен де осы елдің өзі емес пе еді?
РҮСТЕМ: Ия, басында мен де солай ойлағам. Енді байқасам, Кенесары ханның ойы мүлдем басқа екен. Оның ойы көрші қырғыз халқын өз алдына ел қылу емес, оларды жеңіп, бағындырып, өзіне қосып алу екен. Өзің де байқап жүрген шығарсың, соңғы кезде ханымыз тым қатыгезденіп кетті.
СЫПАТАЙ: Иә, құлағымыз тесік болған соң біраз нәрсені естіп те жүрміз ғой.. Әйтсе де, бұл шешім.. бұлай еткеніміз.. қалай болар екен?
РҮСТЕМ: Сыпатай, жаңа айттым ғой, мұндай шешімге сенің жайыңды, сенің жасағыңның жайын ойлап келіп отырмын. Оның үстіне сен қырғызға жиен емессің бе? Қол астыңдағы жасағыңның бір Кенесары төре үшін тектен-текке қырылғанын қалайсың ба, әлде қырғыз манаптары берген сый-сыяпат пен жерді алып, қарық-қалази өмір сүргенді қалайсың ба?
СЫПАТАЙ: Төрем, әрине, дүние-байлық, жер деген адам үшін ең қажет нәрсе. Алайда, мен сардармын. Қолбасымын. Мен үшін бәрінен де өз жасағымның амандығы қымбат. Қырғыз манаптары беріп отырған сый-сыяпатын, жерін алармын-алмаспын, бірақ, жасағымның тектен-текке қырылуына жол бере алмаймын. Сондықтан, сіздің шешіміңізді қолдамасқа лажым жоқ.
РҮСТЕМ: Сенің мені қолдайтыныңды білген едім. Алдымен манаптардың дегенін істеп, сый-сыяпат, жерімізді алып алайық, сосын ары қарай көре жатармыз. Кенесары деген соншалықты кім еді? Берісіне келгенде, Кенесары секілді хан болу менің де қолымнан келеді..
СЫПАТАЙ: Жаңа айттым ғой. Мен сардармын. Рүстем төре бола ма, Кенесары төре бола ма, маған бәрібір, өзіме, әскеріме жақсы қараса болды. Мен де оған адал қызмет етуге дайынмын.
РҮСТЕМ: Олай болса, тезірек жігіттеріңді көндіріп, таң атқанға дейін бұл жерден алып кет. Олар сені тыңдайды ғой. Ал, Құдай жолыңды оңғарсын! Әумин!
СЫПАТАЙ: Әумин! (Бетін сипап, асыға кетіп қалады).
Рүстем біраз ойланып тұрады да, жан-жағына жалтақтап, тез-басып шығып кетеді.
* * *
Таң атқан. Хан қосыны. Кенесары қосқа кіріп, қаруларын алып жатқанда қолбасы кіреді.
ҚОЛБАСЫ (басын иіп) Тақсыр, жау.. жау қаптап келеді. Мен байқап-барлап келдім. 200-дей жігіт болса, жаудың шебін бұзып-жарып шығып кететін жол бар секілді. Бұл жерден тезірек кетіп қалмасақ, жаудың жолын бөгеуге азғантай әскеріміздің шамасы келмейтін секілді.
КЕНЕСАРЫ: Азың не? Әскеріміз аз емес еді ғой?
ҚОЛБАСЫ: Ия, тақсыр, аз емес еді. Рүстем мен Сыпатай.. сатқындық жасап, түнде қашып кетіпті. Сыпатай батыр өзінің қол астындағы 12 мың дулатын ертіп кеткен.
КЕНЕСАРЫ: Не дейсің?! Ах, сатқындар! (Қатулана қылышын қынабынан суырып алып, қайта салады) Рүстем, Сыпатай, сендердің бұлай сын сағатта сатып кететіндеріңді білгенімде..
ҚОЛБАСЫ: Хан ием, тезірек қозғалмасақ, жау қолына түсіп қалуымыз мүмкін. Хан ием..
КЕНЕСАРЫ (селт етіп) Не дейсің? Қашайық дейсің бе? Сен сонда ат төбеліндей төрелер аман-есен құтылып, халық пен сарбаздарымыз жау табанына таптала берсін дегенің бе? Жоқ, мен елімнің ханы болумен қатар жасағымның да басшысымын. Не болса да, солармен бірге көремін, жауыммен айқасып, солармен бірге өлемін. (Қолбасыға) Жарайды, сен бара бер. Мен қазір шығамын.
Ойға батып, әрі-бері адымдап жүргенде сырттан «тақсыр, жау, жау кеп қалды» деген айғай естіледі. Кенесары қылышын суыра бергенде қосынды жапыра баса-көктеп келген дұшпандар оған жабыла кетеді. Кенесары тез қимылдап, 3-4 жау жасағын шауып тастайды. Сәлден соң қолбасы келіп қосылып, екеуі бір-біріне арқаларын беріп тұрып, дұшпандарын кәдімгідей жусатып салады. Сәлден соң дұшпандар тағы көбейіп, Кенесарыны қорғап жүрген қолбасыны найзамен шанышқылап өлтіреді. Ақыра ұмтылған Кенесарыға орыстың, қоқанның, қырғыздың жасағының киімін киген үш дұшпан тор лақтырып, қолға түсіріп, жабыла аяқ-қолын байлап тастайды.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
БІРІНШІ КӨРІНІС
Арада біраз күн өткен. Қырғыз елі. Абақты. Алдыңғы жақта абақты басшысы мен абақты күзетшісі қарауылдап жүр. Аяқ-қолы кісендеулі Кенесары әрі-бері адымдап жүр.
Кәрібоз келеді. Абақты басшысы құрмет көрсетіп, ішке кіргізіп, шығып кетеді.
КЕНЕСАРЫ (Кәрібозды көріп, қаһарлана) Ей, Кәрібоз! Бұл не қылғаның? Қай қорлағаның? Әлде, екі жүзді сатқын манаптар емес, өзің бе едің?
КӘРІБОЗ (тізесін бүге отырып) Хан, ашуың әбден орынды. Жүзіңе тура қарауға бетім жоқ. Алайда, сен-сенбе, бұл жолы да манаптар алдымды орап кетті. Олар манаптардың мәжілісін өткізіп, әскербасылар мен батырларды өз дегендеріне көндіріп қойыпты.
КЕНЕСАРЫ: Алдымды орап кетті дейсің. Сонда маған айтқан халықтың сөзін сөйлейтін Кеңесің қайда қалды? Саған сеніп қамсыз жатқанымда қырғыздарың Ержекемді байлап алып кетті. Еш нәрсеге түсіне алмай, сең соққан балықтай болып отырғанымда өзіме бас салып, аяқ-қолымды кісендеп тастады. Бұған не айтпақсың, Кәрібоз?
КӘРІБОЗ: Айтарым жоқ, хан. Бірақ, сен үшін қолымнан келер бір ғана амалым бар..
КЕНЕСАРЫ: Ол қандай амал?
КӘРІБОЗ: Ормонбет, Жантай манаптар өз талаптарын қоймақшы, орындаудан бас тартсаң, азапты өлім жазасына кеспек.
КЕНЕСАРЫ: Өлімнен қорқар жан мен бе едім? Жаратушым өзі берген жанын өзі алады. Әйтсе де, мен үшін жасар амалың не еді?
КӘРІБОЗ: Бүгін түнде ретін тауып босатып жібере аламын.
КЕНЕСАРЫ: Ей, Кәрібоз, бұл қай айтқаның? Сонда, мені алды-артыма қарамай қашады деп отырсың ба? Бүгін жаным үшін осылай істесем, ертең елімнің бетіне қалай қарамақпын? Қай бетіммен басқармақпын?
КӘРІБОЗ: Менің қолымнан келері осы ғана. Үкім ертең орындалмақ. Олар Наурызбайдың да саған бір келерін біліп, соны күтіп отыр. Келген кезде оны да қолға түсіріп, екеуіңді де өлім жазасына кеспек. Ойлан, Кене. Мені керек етсең, мына абақты басшысынан хабар айтуыңа болады. (Іззет жасап, шығып кетеді).
КЕНЕСАРЫ (ойлана) Наурызбай дей ме? Жоқ-жоқ, Науанжан, мұнда келуші болма..
* * *
Таң атқан кез. Кісендеулі Кенесары құрысып қалған арқасын жазып керіле бергенде, «Хан көке, қайдасың? Мен өзіңді құтқаруға келдім!» деп саңқылдаған Наурызбайдың дауысы естіледі. Сырттан абақты күзетшісі жүгіріп кіреді.
АБАҚТЫ КҮЗЕТШІСІ(абақты басшысына) Наурызбай.. Наурызбай батыр келіп қалды. Арыстандай ақырып, жолындағыны жапырып, жайпап келеді.
АБАҚТЫ БАСШЫСЫ: Тыныш! Аптықпа! Біз тек бұйрықты орындаймыз.
Жан-жағынан жабылған дұшпандарын қылышымен баудай түсіріп, үсті-басы қызыл қан Наурызбай сахнаның алдына келеді.
НАУРЫЗБАЙ: Міне, келдім, хан ием! Сені бұл жерде қалдырмаймын. (Бес қаруын бірдей қолданып, қалың жаумен шайқасып кетеді)
Жау жасақтары бұрынғыдан да көбейіп, айқасып жатқан Наурызбайға жан-жағынан тұзақ, шалма лақтырып, жабыла аяқ-қолын байлап тастайды. Нөкерлерін ертіп Жантай келеді.
ЖАНТАЙ (абақты басшысына) Ханды алып шығыңдар. Бауырымен қоштасып қалсын. (Абақты басшысы мен күзетші кісендеулі Кенесарыны алып келеді. Кенесарыға) Міне, «тірі болса мені құтқармай қалмас» деп сенген бауырың да өзі келіп қолға түсті.
НАУРЫЗБАЙ (Кенсарыны көріп) Хас дұшпанмен шайқаста жығасы бір жығылмаған Кенекем-ау, қандай хәлге түскенсіз?
КЕНЕСАРЫ: Бекер, бекер келдің, Науанжан. Сен бес қаруыңды асынып, аттың үстінде жүргенде қаһарыңнан қорқып бұл сужүрек қорқаулар менің бір тал шашыма да тиісе алмайтын еді ғой. Амалсыз босататын еді ғой.. Келісімге келгелі жатыр еді.. Енді екеумізді де өлтіретін болды.
НАУРЫЗБАЙ: Олай демеңіз, хан көке. Кеудемде жаным тұрғанда сізді қалай да құтқарамын. Оңбағандар! Хан көкемді бұлай қорлауға қалай дәттерің барды? Мен енді сендерді аямаймын.
(Қатты бұлқынып, екі қолынан ұстап тұрған жауларды жапыра құлатып, Кенесарыға қарай ұмтылады. Жаулар жан-жағынан найза кезеп, тоқтатады).
ЖАНТАЙ: О-о, төрелер де бір-біріне бауырмал болады екен-ау.. Жарайды.. Олай болса хан көкесінің көз алдында інісін найзаға шаншып өлтіріп, басын кесіп, көзін ойып, жүрегін суырып алыңдар ..
НАУРЫЗБАЙ: Әттең аяқ-қолым матаулы. Әйтпесе.. (Жантайға) Мен қазақтың жауынгерімін. Өлер алдымда астыма ат, қолыма қару беріп, ең мықты деген 3-4 батырыңмен шайқастыр. Жеңсем хан көкемді босат. Одан кейін маған не істеймін десең де өзің біл.
ЖАНТАЙ: Жо-о-қ ханзада, бекерге үміттенбе. Қырғыздың қызыл қанын судай шашқан қазақтың қанды қасап ханы мен ханзадасын ең азапты өліммен өлтіру жөнінде ру басы өз үкімін шығарып қойған. (Жасақ басшысына) Қаншама боздағымызды тірідей найзаға түйреген неме ғой. Кәне, өзін де найзаға отырғызыңдар.
Дұшпандар Наурызбайға жан-жағынан келіп найза шанышып, жоғары көтеріп тұрады.
ЖАНТАЙ (Наурызбайға қарап, мысқылдай) Наурызбай төре, жаман мәстекке бола бір ауылды қырып, жас қабірдегі мәйітті найзаңа шаншып едің, сол найзаға өзің де шаншылған жоқсың ба? Қырамын, табаныма салып таптаймын деп келіп едің, бұралқы иттей қансырап табанымның астында өзің жатқан жоқсың ба?
НАУРЫЗБАЙ: Ей, сатқын сақау, қорқау манап. Бір қара басы үшін ақ патшаның бұтына кіріп, ертеңгі ұрпағын болашағынан, намысынан айырған сен секілді сатқын манаптардан қашан да биік болып келгем. Дәл қәзір де биікте тұрмын, ал, сен табанымның астындасың. (Тік отырған күйі қимылсыз қалады).
КЕНЕСАРЫ: Наурызбай, бауырым! Батырым! (Қатты айғайлап, отыра кетеді).
ЖАНТАЙ (жасақ басшысына) Мынаны алып кетіңдер. Көзін ойып, жүрегін суырып алып, басын қадаға іліп қойыңдар. Ханды орнына апарыңдар.
Сарбаздар жабыла Наурызбайды жерге түсіріп, сүйреп алып кетеді. Абақты басшысы мен күзетшісі тез есін жиып, қатулана орнынан тұрған Кенесарыны абақтыға кіргізіп, орындарына келіп тұрады.
ЕКІНШІ КӨРІНІС
Абақты. Аяқ-қолы кісендеулі Кенесары шалқалай қабырғаға басын сүйеп, қайғырып жатыр. Жантай кіреді. Кенесары басын көтеріп, тіктеліп отырады.
ЖАНТАЙ: Ей, қазақтың хан Кенесі, мені тыңда. Саған айтарым бар.
КЕНЕСАРЫ: Не айтпақсың, орта жолда ағайынын сатып, бөтен елдің бұтына кірген, ант атқан Жантай манап? Басымды шабуға келсең, еш бөгелместен шаба бер.
ЖАНТАЙ: Сені түсінемін, хан. Ашулысың. Бауырыңның өліміне қатты қайғырып отырсың. Бірақ, «қанға-қан, жанға-жан», бауырың жасаған қатыгездігіне қарай өз жазасын алды. Мен өзіңмен жеке сөйлесейін деп келдім.
КЕНЕСАРЫ: Жеке сөйлесемін дейсің бе? Ханмен сөйлесетіндей сен кім едің? Осы елдің басшысы Ормонбет өзі неге келмеді? Жалбаңдаған қосшысы мен оның итаршыларын жіберіп қойып отырғаны қалай? Әлде ол сатқының ханға қараның үкімі жүрмейтінін, ханның басын хан ғана алатынын білмеуші ме еді?
ЖАНТАЙ: Ол.. ол аздап сырқаттанып қалды.. Ісін жүргізуді маған тапсырып еді..
КЕНЕСАРЫ: Сырқаттанып қалды ма, әлде Ержекем мен Наурызбай інімді аюаннан бетер азаптап өлтіріп, көрінуге жүзі күйіп отыр ма?
ЖАНТАЙ: Жетер, Кенесары! Бұған дейін хан болсаң, болған шығарсың. Ал, дәл қәзір бас еркі жоқ, аяқ-қолы кісендеулі тұтқынсың. Енді жарқылдаған ақ алдаспан, жауға сермер семсерің — Наурызбай да, ақылшың Ержан да жоқ. Қанатыңнан қайрылып, тұяғыңнан майрылып, жалғыз қалып отырсың. Олай болса ханмын деп кеудеңді көтере бермей мені тыңда. Бұл ру басының сөзі екенін де қаперіңде ұста.
КЕНЕСАРЫ: Ия, қанатым қайырылып, тұяғым майырылғаны рас. Өлім алдында отырғаным да шындық. Бірақ, дәл қәзір жаныма бататыны бұл емес, Ормонбеттей сатқынның сен секілді құйыршығының сасық сөзін тыңдауға мәжбүр болып отырғаным.
ЖАНТАЙ: Айт, айтып қал, Кенесары. Өлеріңнің алдында бәрін айтып қал.
КЕНЕСАРЫ (ойлана) Қалың қырғыз соңымнан еретініне сенімді едім. Еретін де еді. Бірақ, Ормонбет бастаған мына сен, Қалығұл секілді сатқындар араға от жағып, екі елді бір-біріне қарсы айдап салдыңдар. Ал, оның ауыр зардабын қара халық көріп жатыр.
ЖАНТАЙ: Жетер, Кене! Халық зардабын көрсе, мен емес, басқыншылық жасап, жеріме баса-көктеп кірген сен емес пе? Бұған дейін өз алдымызға тыныш жатқан ел едік қой.
КЕНЕСАРЫ: Ә-ә, Жантай манап, енді осылай сайрадыңдар ма? Сен ұмытып қалсаң, тағы да есіңе салайын. Мен ағайынды екі ел бірігіп, халқымызды дұшпанның құлдығынан құтқарайық деп ана Ормонбет мұндарыңа бір емес, алты рет елшілік аттандырдым. Ақырында келісімге де келіп едік. Бірақ, ол, Қалығұл, сен секілді ант атқырлар орта жолда жалт беріп, мені сатып кеттіңдер. Сонан соң ғана сендерге қарсы шықтым. Жеріме баса-көктеп кірдің дейсің, қорқау неме. Мына Кекілік, Сеңгір тауы тұтасымен, Ыстықкөлдің солтүстігі түгелімен, қысқасы, мына сен екеуміз басып тұрған жер кімнің жері еді? Сенің де, менің де жеріміз еді ғой. Сонау Шыңғыс-Жошы-Бату бабамыздан бері бізге мұра боп қалған атамекен қонысымыз емес пе еді? Олай болса, өз жерімді, өз халқымды сыртқы жаудан қорғау үшін аттанған мен қалай басқыншы болмақпын? Менің ойым түбі бір, қонысы бір, шаңырағы бір ағайынды екі ел бірігіп..
ЖАНТАЙ: Жетер, Кене! Түбі бір, ағайын деп қайта-қайта айта берудің керегі жоқ. Екі ел бұрын бір шаңырақ болса, енді өз алдына бөлек елдер. Не десең де біз енді бір ел болып, бір шаңырақтың астына кіре алмаймыз. Бірақ, хас дұшпанға да айналғымыз келмейді. Райыңнан қайтар болсаң, сені босатуға дайынбыз. Таңдап сұлу қыз ал. Алдыңа мал салып, қызметші берейік. Қаласаң, осында қал. Ағайын ғана емес, жақын бауырымыз бол!
КЕНЕСАРЫ: Бауырымыз бол дейсің бе, Жантай? Мен сендерге бауыр болудан қашып па едім? Сендер емес пе, менен қашып, бөтеннің бұтына тығылған. Тіпті, менің басымды беретін болып, ақ патшаның тарту-таралғы, сыйын алып та қойған жоқсыңдар ма? Оларға не демексіңдер?
ЖАНТАЙ: Ол жағын қозғамай-ақ қояйық. Одан да тезірек өз шешіміңді айт.
КЕНЕСАРЫ: Шешіміңді айт дейсің бе? Олай болса, басымды шабатын жендетіңді шақыра бер. Сен айтқан талапқа көне алмаймын. Өз елім бола тұра қалайша бөтен елде тіршілік кешпекпін? Хан деген бір-ақ елге хан болады. Мен қазақ елінің ханымын, сол елдің ханы болып өлемін. Осылай өлгеніме өкінбеймін де.
ЖАНТАЙ: Иә, дәл осылай деріңді білгем. Бұлай етпесең Кенесары болармысың. Мен де адамгершіліктен аттамайын. Өлер алдында қандай тілегің бар?
КЕНЕСАРЫ: Өлер алдында дейсің бе? Менің өлімнен қорықпайтынымды өзің де жақсы білесің. Соңғы тілегімді ру басыңа жеткіз. Әлі де болса, ағайынды екі ел тізе қосып, халқымызды басқыншылардың құлдығынан құтқарайық.
ЖАНТАЙ: Енді бір ел болып, бір шаңырақтың астына кіре алмаймыз деп жаңа ғана айттым емес пе. Бұл мәселе әлдеқашан шешіліп те қойған. Сенімен келісімге келсек, екі ел осылай жауласар ма еді? Бірақ, бұл күн де ұмытылады. Уақыт ұмыттырмайтын ешнәрсе жоқ. Сондықтан, басқа нәрсенің бәрін ойыңнан шығарып, өлер алдында соңғы тілегіңді айт.
КЕНЕСАРЫ: Уақыт бәрін ұмыттырады дейсің бе? Ия, бәрі ұмытылатын шығар, бірақ шындық ешқашан ұмытылмайды. Қап түбінде жатқан алмас қанжар секілді әйтеуір бір күні тесіп шығады. Ерте ме, кеш пе, сендердің сатқындықтарың да әшкере болып, еліңнің бетіне өшпестей қара күйе болып жағылатынын, оның зардабын ұрпағың тартатынын ұмытпа.
ЖАНТАЙ: Сен ертеңді емес, бүгінді, өз басыңды ойла. Қалай дегенде де, менің емес, сенің басың шабылғалы тұр. Ержан мен Наурызбайдың бастарын, әне, қадаға іліп қойдық. Ақылға келіп, райыңнан қайтар болсаң…
КЕНЕСАРЫ: Қуыста қалтыраған қырық күнімнен, төбеде тік жүрген төрт күнім артық. Шаба бер басымды, Жантай. Хан Кене мен Наурызбайдың басы ешбір қазақтан артық емес. Ел деп тудық, ел деп өлсек біз үшін ең үлкен абырой сол. (Жантайға сынай қарап) Ал, сен ше, Жантай, кім үшін тудың? Кім үшін өлесің?
ЖАНТАЙ: Ол… ол… Оны енді уақыт көрседі.
КЕНЕСАРЫ: Міне, көрдің бе? Ормонбет, Қалығұл, сен секілді сатқындар кім үшін туып, кім үшін өлетіндеріңді де білмейсіңдер. Тыңда, Жантай! Өлер алдында саған іште сақтап келген бір шындықты айтайын. Ата-бабаларымыз қаншама ғасырлар бойы билеп келген «Алтын Орда» қалай жойылды, солай соған дейін бағынышты болып келген орыс жұрты бірден күшейіп, империя құрып бізді тілімізден, ділімізден, дінімізден айыра бастады. Өз жерімізде жүріп-ақ бас-еркі жоқ құлға айналдық. Осы менің жаныма қатты батты. Қолымнан келсе, жан-жағымыздан құрсаулаған басқыншыларды жеңіп, Алты Алаштың басын қосып, «Алтын Орданы» қайта құрып, алтын тағына қайта отырып, ата-бабаларымыздың үзіліп қалған жолын қайта жалғағым келіп еді. Тоз-тоз болып шашырап кеткен Алты Алаштың басын қосып, айбынды, мықты қазақ мемлекетін құрып, оған бас болғым келіп еді. Кешегі ата-бабаларымыз ханды басқа теңесе, қара халықты денеге теңеген. Ал, бассыз дене ешбір қимыл-әрекет жасай алмайтынын өзің де жақсы білесің. Алты Алаш бір тудың астына жиналса, аяғы аспаннан келетінін жақсы түсінген ақ патша қырғыз ордасының ханы саналатын менің көзімді жоюға мықтап кірісті. Сонда да мен ақ патшаға қарсы күресімді тоқтатпадым. Бәлкім, Жаратушым жар болып, мақсатыма да жетер ме едім.. Бірақ, сырттағы хас дұшпаным емес, арқамнан келіп пышақ салған Ормон, Қалығұл, мына сен секілді ант атқырлар болды. Ей, Жантай, біле-білсең, сен бүгін менің басымды ғана емес, бүкіл Алты Алаштың басын алғалы отырсың. Ақ патшаға менің басымды емес, «Алтын Орданың» алтын тағын апарып беріп, болашағыңа өз қолыңмен балта шапқалы отырсың. Бірақ, мынаны есіңнен шығарма. Сен ақ патшаға жағынып бүгін менің басымды шапсаң, ертең сенің басыңды сол ақ патшаңның өзі шабады. Қорықпа, ана Ормонбет, Қалығұл үшеуің армандаған жылтырақ темірді кеудеңе тағып барып шабады ана ақымақ басыңды.
ЖАНТАЙ: Доғар, Кене, сенімен сөз таластырып отырар уақытым жоқ. Тыста қатын-бала-шаға сенің өлгеніңді көргенше асығып тұр. Шешіміңді айттың, енді соңғы тілегіңді айт.
КЕНЕСАРЫ: Соңғы тілегіңді айт дейсің бе?.. Айтайын. Өлгеніме өкінбеймін, халқымды қасекі дұшпанның бұғауынан босата алмағаныма өкінемін. Басымның кесілгеніне өкінбеймін, тарыдай шашылған Алты Алаштың басын қоса алмағаныма өкінемін. Жантай, мені тыңда. Маған, жақындарыма не істесең де өзің біл, бірақ сардарларым мен мен сарбаздарыма, қара халыққа зәбір көрсетуші болма. Олардың еш жазығы жоқ. Егер оларды өлтірер болсаң екі ел кек қуған бітіспес жауға айналады. Басымды алсаң ал, бірақ денемді еліме бер. Өз қонысыма, ата-бабамның жанына жерлесін. Ең соңғы тілегім, аяқ-қолымды шеш. Өлер алдында бір Аллаға сыйынып, ең соңғы намазымды оқиын. Басымды да сол кезде өз қылышыммен шабыңдар.
ЖАНТАЙ: Аяқ-қолымды шеш?.. Ол енді.. олай етсем..
КЕНЕСАРЫ: Қорықпа, Жантай. Мен сендер секілді орта жолда алдап кететін сатқын да, қашып кететін қорқақ та емеспін. Өлімді де сәждеде жатып қарсы аламын. Бәлкім, Жаратқан Ием қаласа шейіт болып, жұмақтан орын алармын. Ал, жазығы жоқ жандарды жауыздықпен өлтірген ауыр күнәләрің үшін залым Орманбетпен, Қалығұлыңмен қоса сен де тозақтың отына өртенесің.
ЖАНТАЙ: Айтып болдың ба, Кене? Олай болса, намазыңа қамдана бер.
Асыға шыққан Жантай абақты басшысына әлденені айтады. Абақты басшысы мен абақты күзетшісі ішке кіріп, Кенесарының аяқ-қолын шешіп, тез шығып кетеді.
КЕНЕСАРЫ (шекпенін шешіп, жерге жайып, тізерлей отырып, алақанын жайып) Я, Жаратушы Ием! Өзіңе ғана сыйынамын. Өзіңнен ғана жарылқау тілеймін! Жаратқан Ием, ажал сәтінде маған шыдамдылық, сабырлық бер. Жанымды қинамай ал. Жартқан Ием, елімді, жерімді басқыншылардың табанына сала көрме. Халқымның қолын Тәуелсіздікке жеткізе гөр! Жаратушы Ием, бір Өзіңнің разылығың үшін оқыған соңғы намазымды, тілеген соңғы тілегімді қабыл ете гөр. Әумин! (Орнынан тұрып, іштей ниет етіп, екі қолын құлағына апарып, тәкбір жасап) Аллау әкбар! (Қолын байлап) Әлхамду лиллаһи раббил әләмин. Рахман Рахиим. Мәлики йәумиддин..
Бірінші ракғаттың соңында сәждеге бас қойғанда, қара киімді жендет жақын келіп, жарқылдаған қылышын жоғары көтере береді.
ҮШІНШІ КӨРІНІС
Бірінші көріністегі патша сарайы. Төрде екі басты құс бейнеленген Ресей империясының үлкен елтаңбасы. Ортада шағын стол. Үстінде графин толы арақ, рюмкелер, жемістер тұр. Столда екі шенеунік (министрлер) әңгімелесіп отыр.
БІРІНШІ ШЕНЕУНІК: Кім ойлаған, әлемді тітіреткен айбынды империя жеңе алмаған қарақшының басын өз туысқандары әкеліп береді деп.
ЕКІНШІ ШЕНЕУНІК: Иә, ешкім ойлаған жоқ. Бірақ, жабайыларды осылай етуге алдап-сулап көндірген, тіпті мәжбүр еткен бәрібір сол империя емес пе? Біз емес пе? (Күледі).
БІРІНШІ ШЕНЕУНІК: Дұрыс айтасың. Шынымен де біз ғой. Бірақ, бұл қылмысты жасаған біз емеспіз. Солай емес пе?
ЕКІНШІ ШЕНЕУНІК: Әрине солай. Бір оқпен екі бірдей қоянды атып алып отырмыз. Қырғыз манаптарын өзімізге қараттық және солардың қолымен хас дұшпанымыз Кенесары Қасымовтың басын шапқыздық. (Күледі).
БІРІНШІ ШЕНЕУНІК: Шапқызуын шапқыздық қой. Енді ол басты не істейміз? Көрмеге қоямыз ба, әлде доп қылып тебеміз бе?
ЕКІНШІ ШЕНЕУНІК: Оны патша ағзам біледі. Бір қабылдауында болғанымда патша ағзам ол қарақшының басы қолыма тисе, одан темекінің күлін салатын күлсалғыш жасаймын деп кіжініп отыр еді.. Айтпақшы, ол басты әкелетін әлгі қырғыз манабы жа.. жа.. Жантай ма еді, ол неге кешігіп жатыр? (Қолында қорап ұстаған Жантай кіреді) Ә-ә, міне-міне, өзі де келді.
ЖАНТАЙ (иіліп) Сәлем бердім Ұлы империяның сайыпқырандарына! Мен қырғыз елінен келген Жантай Қарабеков боламын. Сіздерге әкелген сыйым бар. Бұл ұлы мәртебелі патшам үшін де, сіздер үшін де ең үлкен сый болады деген үміттемін. (Қорапты столдың үстіне қояды).
ЕКІНШІ ШЕНЕУНІК (Жантайға) Бұл еңбегіңіз әділ бағаланатын болады, мырза. (Қорапқа қорқақтай жақындап, ашып жібереді де, үрейлене кейін шегініп кетеді) Сұмдық! Көзі.. көзі қандай өткір еді.
БІРІНШІ ШЕНЕУНІК: Әй, қойшы, сен де. Өлі бастың көзі қалай өткір болады. (Қорапшаға жақындап, басты көреді де үрейлене шегінеді) Ой, сұмдық! Шын екен. Екі көзі екі түрлі ғой өзінің. Тірі адамның көзіндей өңменіңнен өтіп кетеді екен.
ЖАНТАЙ: Бұрын бұл кісімен кездеспеген соң айтып жатырсыздар ғой. Әйтпесе, қырғыз-қазақ халқының бәрі дерлік осындай өткір көзді болып келеді.
ЕКІНШІ ШЕНЕУНІК: Мүмкін, солай да болар. Әйтсе де, дәл мынадай көз сирек шығар. Сонымен, уәдеңізде тұрып, басты әкеліп бергеніңіз үшін сізге алғыс айтамыз. Келіңіз, сіздің ерен еңбегіңіз үшін, қарақшы Кенесары Қасымовтан құтылғанымыз үшін алып қояйық. (Рюмкелерге арақ құяды, да бірінші өзі қағып салады. Бірінші шенеунік те осылай етеді. Жемісті иіскеп, Жантайға) Ал, мырза, сіз неге алмайсыз? Әлде, бұл ісіңізге өкініп тұрсыз ба?
ЖАНТАЙ (тызылдай) Ол не дегеніңіз, тақсыр, неге өкінем.. (Арақты ішіп, қақалып-шашалып қалады). Ақ патшам үшін жаным пида.
ЕКІНШІ ШЕНЕУНІК: Жаным пида дейсіз бе? Сонда, патшамыз бұйырса өз туыстарыңыздың басын тағы да әкелер ме едіңіз?
ЖАНТАЙ: Елімнің тыныштығы бұзылмауына септігі тисе еш ойланбастан оны да істеймін.
ЕКІНШІ ШЕНЕУНІК: Рахмет сізге! Ұлы Мәртебелі патшамызға шын берілген жан екенсіз. Ертең алдына кіргенде, бұл сүйіспеншілігіңіз туралы міндетті түрде айтатын боламын. Ал, әзірге..
БІРІНШІ ШЕНЕУНІК (екінші шенеунікке) Тоқта! Сен жаңа бұл басты патшамыз күлсалғыш етіп алады дедің. Ал, біз ше? Бізге де бір күл салғыш тойыс, бас керек болады деп ойламайсың ба? Мүмкін мырза бізге де бір күл салғыш, тойыс, бас сыйлайтын шығар?
ЖАНТАЙ: Ол не дегеніңіз, тақсыр. Сіз үшін табамыз. Тек бұйырсаңыз болды..
ЕКІНШІ ШЕНЕУНІК: Табамыз дейсіз бе? Бұл сөзіңізді естісе сарайдың бүкіл шенеуніктері басқа тапсырыс бере бастайды ғой. Оның бәріне бірдей басты қайдан табасыз?
ЖАНТАЙ: Табамын, тақсыр. Патша ағзам мен сіздер айтсаңыздар қалай да табамын.
ЕКІНШІ ШЕНЕУНІК: Рахмет сізге, мырза! Патшамызға шын берілген адам екеніңізге тағы да көзім жетті. Сізбен ертең көмекшім хабарласады. Сау болыңыз!
ЖАНТАЙ: Сау болыңыз. Сау болыңыздар! Иә-иә, ертең… ертең… (Иіле шығып кетеді).
БІРІНШІ ШЕНЕУНІК: Бәрімізге бас тауып берем деді ме? Қандай сақы адам.
Бұл кезде Жантай тасада олардың сөзін тыңдап тұрады.
ЕКІНШІ ШЕНЕУНІК: Сақы емес, барып тұрған ақымақ. Ақымақ болмаса айдаладағы бізге өз туыстарының басын күлсалғыш етуге берер ме еді.
БІРІНШІ ШЕНЕУНІК: Дұрыс айтасың. Олай болса, одан бас сұрай берейік те. Қашанға дейін әкелер екен. Тым болмағанда ұлан-ғайыр жерді мекендеген жабайылар бір-бірлеп болса да азайып, жері бізге қала береді ғой. Ал, басы жоқ адамдарға жердің, тілдің, ділдің, діннің не керегі бар. (Күледі).
ЕКІНШІ ШЕНЕУНІК: Азая береді дейсің бе? Ал, бас мүлдем таусылып қалса ше?
БІРІНШІ ШЕНЕУНІК: Онда ма, онда амал жоқ, жаңағы есерсоқ манаптың өзінің басын алып, күлсалғыш жасаймыз. Әрине, алдымен өзі өліп-талып армандап жүрген медалін кеудесіне тағады, сосын барып аламыз ақымақ басын. (Күледі) Кәне, сол үшін көтеріп қояйық.
Екеуі де рюмкелерін сарқа ішіп қарқылдаса күліп жатады.
ЖАНТАЙ (тыңдап тұрып) Менің де басымды алам дей ме? Медальді тағып барып аламыз дей ме? Мен.. мен бұлардың айтқанын орындап жүрсем, бұлар.. Шынында мен өзі не істеп жүрмін? Не істедім? Кенесары хан осының бәрін қалай білген? (Кенесарының дауысы естіледі).
КЕНЕСАРЫНЫҢ ДАУЫСЫ: Ей, Жантай, біле-білсең, сен бүгін менің басымды ғана емес, бүкіл Алты Алаштың басын алғалы отырсың. Ақ патшаға менің басымды емес, «Алтын Орданың» алтын тағын апарып беріп, болашағыңа өз қолыңмен балта шапқалы отырсың. Бірақ, мынаны есіңнен шығарма. Сен ақ патшаға жағынып бүгін менің басымды шапсаң, ертең сенің басыңды сол ақ патшаңның өзі шабады. Қорықпа, ана Ормонбет, Қалығұл үшеуің армандаған жылтырақ темірді кеудеңе тағып барып шабады ана ақымақ басыңды.
Жантай жаны ауыра, қос қолымен құлағын басып тәлтіректей шығып кетеді.
ТӨРТІНШІ КӨРІНІС
Үшінші көріністегі сурет. Үлкен зал. Елжан диссертация қорғап жатыр.
ЕЛЖАН: Егер Кенесары ханның айналасындағы топ ауыз бірлікте болып, жан-жақты қолдау көрсеткенде ол қырғыз манаптарының қолынан ауыр азаппен өлмес еді. Ата-бабалары мұра етіп кеткен Алтын Орданың алтын тағына отырып, алға қойған арман-мақсаты жүзеге асырар еді. Біз де өз ата-бабаларымыздан қалған Алтын Ордамызда..
ДАУЫС: Тоқтаңыз! Сіз қайда бұрып бара жатырсыз. Алтын Орда қайда, Кенесары қайда? Біз қайда? 1227 жылдан 1502 жылға дейін ғана өмір сүріп, одан кейін ыдырап, соңында жойылып кеткен «Алтын Орданы» ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген Кенесарымен, ХХІ ғасырда өмір сүріп отырған бізбен қалай байланыстырмақсыз? Бұл абсурд қой!
ЕЛЖАН: Ал мен олай ойламаймын. Абылайды айтсақ бабасы Шыңғыс ханды айтпай кету мүмкін емес екенін сіз де жақсы білесіз. Сол Шыңғыс ханның немересі, Жошы ханның ұлы Бату хан екінші жорығында солтүстіктегі ұлан-байтақ жерді жаулап алды. Оның шегі батыста – Днестрге, шығыста – Ертіске, Солтүстікте – Батыс Сібір ойпатына, Оңтүстікте – Солтүстік Кавказға дейін жетті. Оңтүстік-шығыстағы Солтүстік Хорезм мен Сырдарияның төменгі жағындағы елдер, Оңтүстік орыс княздіктері де Батуға тәуелді болды. Міне, осы жерлердің бәрі біріктіріліп мемлекет құрылып, ол шығыс деректерінде Көк Орда, ал орыс жылнамаларында Алтын Орда деп аталып кетті. Міне, сол Алтын Орданы 1227 жылдан 1502 жылға дейін біздің Ата-бабаларымыз билеп келді. Олай болса, ата-бабамыз 300 жыл бойы билеп келген Алтын Орда біздің Орда болмағанда кімнің Ордасы болмақ? Алтын тағы сол билеуші хандардың ұрпағы — бізге мұра болмағанда кімге мұра болмақ? Сол алтын тақтың бірден-бір тікелей мұрагері, қазақтың соңғы ханы Кенесары хан екенін кім жоққа шығара алмақ? Өз кезеңінде азуы алты қарыс, қылышынан қаны тамған патшалық империяның өзінен ықпаған Кенесары бабамыз тірі болғанда Алтын Орданы қайта құруға, алтын тағына қайта отыруға намыс-жігері, күш-қуаты жетпей қалатын ба еді? (Залға қарап) Мен өз ой-пікірімді сізге жеткізе алдым ба?
ДАУЫС: Иә, сіз өте керемет айттыңыз. Өз атыңызға сай, елжанды азамат екеніңізді де көрсеттіңіз. Беріле сөйлегеніңіз сондай, әсіре ұлтшылдыққа барғаныңызды да байқамай қалып жатырсыз. Алайда, сөз – сөз, шындық – шындық. Өз басым қалай дегенде де бүгінгі қорғап жатқан диссертациялық еңбегіңіздің тақырыбы болған Кенесары Қасымовты «Алтын Орданың» соңғы ханы болды деген уәжіңізбен келісе алмаймын. Орта жүзге ғана пәрмені жүрген оның ақсүйектің ұрпағы болғандығынан ғана біршама жетістіктерге жеткені рас, бірақ сіз айтқандай өте биік дәрежеге жете алған жоқ. Ол қолында біршама билік бола тұра ойлаған мақсатына жете алмай.. тіпті.. шындықты айтқанның айыбы жоқ шығар, тіпті өз басынан да айырылып.. масқара күйде жан тапсырды емес пе. Бұл туралы соңғы кезде ашық айтылып жүргенін жоққа шығара алмайсыз ғой..
ЕЛЖАН: Иә, айтып отырғаныңыз рас. Өкінішке орай қазақтың соңғы ханы Кенесары хас жауымен шайқаста емес, қаны бір туысының сатқындығынан қолға түсіп, түбі бір ағайын қырғыз манаптарының қолынан ажал құшты. (Сәл ойланып) Менің де сізге қояр сұрағым бар. Сіздің ұлтыңыз қазақ па? Кенесары ханды бабам деп мақтан тұтасыз ба?
ДАУЫС: Әрине, қазақпын. Әрине, мақтан тұтамын.
ЕЛЖАН: Ал, маған олай емес секілді көрінді. Сіз керісінше, батыр бабамызды мейлінше төмендетіп, жерге ұрғаннан ләззат алатын секілдісіз. Ия, сіз өз пайымыңыздың жеткен жеріне дейін айтып жатқан шығарсыз. Мен де өз пайымымның, білімімнің жеткен жеріне дейін айта алдым деп ойлаймын. (Залға қарап) Құрметті жиналған жақсылар! Міне, бүгін сәтін салып, ұзақ жыл бойы ізденіс-зерттеуімнен соң жазған ғылыми еңбегімді сіздердің орталарыңызға, қазылықтарыңызға, талғам-таразыларыңызға салып отырмын. Әрине, қазақтың ең соңғы ханы, көреген, батыр қолбасшысы – Кенесары Қасымұлы жайлы, оның жанқияр ерлігі туралы осы уақытқа дейін де жазылып та, айтылып та келеді. Бірақ, өте аз, жоқтың қасы десе де болады. Менің бұл еңбегім де батыр бабамыздың біз секілді ұрпағының болашағы үшін төккен қанының бір тамшысына да татымайтынын жақсы білемін. Бәлкім, Кенесары бабамыз тірі қалып, «Алтын Орданы өзі армандағандай бір орталықтан басқарылатын мемлекет етіп құрып, алтын тағына отырып, Алты Алашқа хан болғанда..
ДАУЫС: Шырағым, сен қазір ғана таныстыру жұмысыңды аяқтап, сөйлеу кезегін бізге берген жоқсың ба? Тағы не айтқалы тұрсың? Бұл не өзі? Өткенді аңсау ма, әлде бүгінгі өміріңе көңілің толмау ма? Бір кездері Кенесары Қасымов туралы ғылыми еңбек қорғап, дәл сен секілді әсіреұлтшылдыққа барғаны үшін Ермахан Бекмахановтың еңбегі үлкен қарсылыққа ұшырап, өзі қудалауға түскенін жақсы білуге тиіссің ғой. Бұған дейінгі айтқан әсіреұлтшылдық сөздеріңді мақұл, естімеген-ақ болайын, ал мына сөздеріңді қалай түсінуге болады? Біз демократиялық, зайырлы мемлекетпіз. Солай болып қаламыз да. Олай болса, келмеске кеткен Алтын Орда, алтын тақты, Кенесарыны енді ғана іргелі елге айналған Тәуелсіз мемлекетімізге қайта алып келудің қандай қажеті бар? Әлде, арман-мақсатың бүгінгі мемлекеттік жаңа құрылым мен жаңа жүйені бұзып, ел билеген хан болу ма?
ЕЛЖАН: Кешіріңіз, менің тіпті де бұлай айтпағанымды өзіңіз де біліп тұрсыз..
ДАУЫС: Бұдан басқаша қалай айтуың керек еді? Рас, ақын Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» деген өлеңін жиі ауызға аламыз. Жастарға сенім артып, үлкен тірліктер жүктейміз. Бірақ, кейбір жастар сеніміңді ақтамақ түгіл, мына сен секілді үлкен қателіктерге бой ұрып, мемлекетке ауыр зардап та әкеліп жатады.
ЕЛЖАН: Кешіріңіз, мен сізді түсінбедім. Қандай жастар, қандай зардап туралы айтасыз?
ДАУЫС: Семьяда тәрбие көрмей, өз білгендерімен жүрген жастарды айтамын. Сондай жастар емес пе бүгінге дейін жихад деп өз елінен кетіп, бөтен елдің шотын шауып жүрген? Сондай жастар емес пе, билікті қолдарына алу үшін кешегі қанды қаңтарды ұйымдастырып, өз қандастарын аяусыз қызыл қанға бояған? Енді міне, сен де келмеске кеткен «Алтын Орда», алтын тақ, Кенесарыны айтып, екінші қанды қаңтарды жақындатқалы отырсың.
ЕЛЖАН: Сіздің түпкі ойыңызды түсінгендеймін. Мен сіздің балаңыздан да кіші шығармын, бірақ бұл өз еліме, жеріме деген сүйіспеншілігім сізден төмен дегенді білдірмейді. Бәлкім, бұл жерде болашаққа сіз ескі көзбен, мен жаңа көзбен қарап отырған шығармыз. Күндердің күні Қазақстан жаңа Қазақстанға – Қазақ еліне айналып, мен айтқандай хандық билікке көшіп, Алтын Орда немесе Ақ Орда мемлекеті аталмасына кепілдік бере аласыз ба?
ДАУЫС: Әй, шырағым, «Бояушы бояушы десе, сақалын бояйды» дегендей тіптен кетіп барасың ғой. Кішкене ойланып сөйлесейші. Бүкіл әлемде глобализация процесі жүріп жатқанда, сен Қазақстанды керісінше мешеу елге айналдырғың келіп отыр ма?
ЕЛЖАН: Кешіріңіз, жаһандану бүкіл әлемді тіршіліктің ең жоғары сатысына жеткізетініне сенімдісіз бе? Соның ішінде әлемдік қауымдастықта өз орны бар, ядролық қарудан ең бірінші болып саналы түрде бас тартқан, ұлттық құндылықтарын берік ұстап, кішіпейілдігі, көпшілдігімен танылған Қазақстанды, Қазақ елін ұшпаққа шығара ма, әлде қазіргі барынан айырып, өзіңіз айтқандай, ақыл-санасы мешеу елге айналдыра ма?
ДАУЫС: Ол енді… ол… оны уақыт көрсетеді. Сен одан да ғылыми еңбегіңді жазбай тұрып, диссертацияңды қорғамай тұрып, әуелі Кенесары бабамыздың басын елге әкеліп, денесіне қосып жерлегеніңде бүгінгідей тек сапырма сөздің ғана емес, игілікті істің де авторы атанатын едің.
ЕЛЖАН: Осы жерге арнайы келіп, жалғыз өзіңіз көп сұрақ қойғаныңызға қарап, мықты ғалым екеніңізді қайдам, мықты қарсыласым екеніңізді байқадым. Жасыңыз менен көп үлкен, сондықтан бұл жайлы сіз де жақсы білесіз деп ойлаймын. Өзіңіз айтқандай, бір кездері қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы жайлы жазған белгілі ғалым Ермұхан Бекмахановқа еліре қарсы шыққандар бөтендер емес, қаны бір өз қазақтары болатын..
ДАУЫС: Әй, сен бала, мұнымен не айтпақсың? Сонда мені солардың қатарына қойып..
ЕЛЖАН: Жоқ, мен сіз туралы емес, Кеңес Одағының қылышынан қаны тамып тұрған кезеңде болған сол оқиғаның Тәуелсіз ел атанған кезде де айна-қатесіз қайталанып отырғанын айтқым келіп еді. Ал, сіз мынаны айтыңызшы. Осы уақытқа дейін батыр бабамыздың ғазіз басын елге жеткізу үшін өзіңіз қандай әрекет жасап көрдіңіз?
ДАУЫС: Неге жасамайын. Біле-білсең осы мәселені бірінші болып көтерген мен емеспін бе? Мен… мен қазір де қарап жатпай бұл мәселе жөнінде тынбай жұмыс жасап жатырмын. Қысқасы, көп ұзамай Кенесары Қасымовтың басы өз денесімен қосып жерленетін күн алыс емес.
ЕЛЖАН: Ия, бұл қуанышты жаңалық екен. Ал, сіз еліміздің, көрші елдердің бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған соңғы жаңалықтармен дер кезінде танысып отырасыз ба?
ДАУЫС: Жоқ, соңғы кездегі жаңалықтармен таныс емеспін. Дубайда болып, миымды тынықтырып, біраз уақыт демалып келдім.
ЕЛЖАН: Олай болса, сізге сүйінші хабарды өзім айтатын болдым. Жақында ғана президентіміздің күш салуымен Кенесары бабамыздың ғазіз басы шет елден әкелініп, өз денесімен қосып жерленді. Бұл туралы бүкіл дүние жүзі бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жариялап жатыр..
ДАУЫС: А.. а.. Денесімен қосып жерленді дейсіз бе? Мен.. мен бұл жайлы… бұл жайлы…
БЕСІНШІ КӨРІНІС
Жан-жағына жарық нұр шашқан алтын тақта Кенесары хан отыр. Елжан шығады.
ЕЛЖАН: Ассалаумағалейкум, батыр баба! (Кеудесіне қолын қойып, бір тізерлей отырып, басын иіп сәлем береді).
КЕНЕСАРЫ: Уәғәлейкім салам, бар бол, балам. (Елжанды иығынан көтеріп тұрғызады).
ЕЛЖАН: Батыр баба, бұған дейін маған қату қабақпен қарайтын едіңіз, бүгін жүзіңізден бір жылылық көргендей болып тұрмын.
КЕНЕСАРЫ: Иә, балам, Аса мейірімді Жаратқан Иемнің қалауымен жұмақтан орын алдым. Ал бүгін сенің маған жасаған сауапты істерің қабыл болып, жұмақтың төріндегі алтын таққа отырдым. Мен саған ризамын, балам! Менен бұрынғы ата-бабаларың да саған разы болып, ақ баталарын жаудырып жатыр.
ЕЛЖАН: Әмин! Батыр баба, сіздің жұмақтың төріне шығуыңызға себепкер болған жалғыз мен емес, өз халқыңыз, еліміздің қазіргі ханы..
КЕНЕСАРЫ: Еліміздің ханы дейсің бе? Балам, біз хандық құрып, ел басқарған кезімізде өте көп кемшіліктерге бой алдырдық. Арғы жағын айтпай-ақ қояйын, қазақтың алғашқы ханы болған Керей-Жәнібек бабаларымыздан бастап, маған дейін де түбімізге дүниеқұмарлық, билікқұмарлық, руға бөлінушілік, көре алмаушылық, сатқындық жетіп тынды. Хан, сұлтан, төрелер қараша халықтан бұрын ең алдымен өз жайын, өз құлқынын ойлап, баянсыз дүние-байлық, бір сәттік билік үшін бір-бірімен қырқысумен болды. Егер ханың біздің кезіміздегі басымызға батпан сор болып жабысқан осындай кемшіліктерден ада болып, қараша халықпен жақсы қарым-қатынас орнатып, оларды жанына тығыз топтастыра алса ең жақсы хан болғаны. Ондай хан өзінің даңқын емес, ең алдымен елінің даңқын асқақтатуға күш салады. Ал, бұлай ету қолынан келмейтін болса, ең алдымен халқының соры..
ЕЛЖАН: Жоқ-жоқ, батыр баба! Біздің қазіргі ханымыз өзіңіз айтқандай халықпен жақсы қарым-қатынас орнатып, оларды өз айналасына топтастыруға барынша күш салып жатыр.
КЕНЕСАРЫ: Бұл жақсы екен. Дегенмен, саған жан баласына айта алмай, ішімде кеткен ең үлкен өкінішімді айтқым келіп тұр. Алланың елшісі — Мұхаммед пайғамбарымыздың бір хадисін естіп едім. Онда пайғамбарымыз: «Алла Тағала адамдарды сынау үшін жамандықты жаратты. Оны жою үшін түркі халқын жаратты. Оны шығысқа орналастырды. Бақ пен ырзықтың тағын да Алла Тағала түрік жұртының төбесіне орнатты»» деп айтқан екен. Ал, біз Алла Тағала ерекше етіп жаратқан сол түркі халқы бола тұра, дәл төбемізде тұрған бақ пен ырзықтың тағына қол жеткізе алмадық. Соңғы ханының ұрпағы, тікелей мұрагері бола тұра «Алтын Орданың» алтын тағын да сақтап қала алмадық. «Алтын Орда» ыдырап, ата-бабаларымыз билеп келген мемлекет қалай құлады, солай бірнеше ғасыр бағынышты болып келген орыс жұрты бірден ес жиып, күшейіп, айбарлы империяға айналып үлгерді. «Алтын Орда» хандарының ұрпақтары саналатын қазақ халқын аямай езіп, жаншып, өз дәстүр-салты мен дінін күштеп енгізе бастады. Кезінде «Алтын Орданы» билеген ата-бабаларымыз да қол астындағы бағынышты халыққа дәл осылай өз тілін, салт-дәстүр, ділін, дінін берік енгізіп, мемлекетті ыдыратпай уысында ұстағанда, қазақ халқы мұндай қорлық-азапты бастан кешпес еді. Мен де осыншалық азапты өліммен өлмес едім. Міне, менің өкінішім. Ханыңа да осыны жеткізгейсің. Егер, ханың осы айтқандарымды есінде мықтап ұстап, хадисте айтылған бақ пен ырзықтың тағына қол жеткізсе, қазақ елінің босағасынан бақыт, төрінен тыныштық, шаңырағынан шаттық кетпейтін болады. Кәні балам, қолыңды жай. Бісміллә Рахман Рахым. (Қолын көке жайып) Иә, Жаратушы Алла! Қазағымның берекесін арттырып, мәртебесі мен даңқын асқақтата гөр! Әлемдегі ең іргелі де қабырғалы, айбынды елдің біріне айналдыра гөр! Қазақтың ханының қолын Өзің айтқан бақ пен ырзықтың тағына жеткізе гөр! Әмин! (Бетін сипайды).
ЕЛЖАН: Әумин! (ол да қолын жайып, бетін сипайды)
КЕНЕСАРЫ: Балам, тағы да айтарым бар. Біз өз заманымызда ұлтарақтай жер үшін жан аямай соғыстық. Сол жерді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап қалдық. Кімнен? Ата-бабамыздың жерін күштеп алмақ болған басқыншы жаудан. Кім үшін? Белімізден тараған ұрпағымыз – мына сендер үшін. Сендер міне, сол бабадан мұра болып қалған ұлан-ғайыр жерде өсіп-өніп жатырсыңдар. Сендерге айтар өсиетім: бабалардың қаны сіңген сол жерді өз жандарыңнан да артық көріп, қорғаңдар. Бөтенге бермеңдер. Ауыз бірліктерің мықты болып, қазақтық намыстарыңды кірлетпей, бәрінен биік ұстаңдар. Өздеріңнің жер бетіндегі ең мықты халық екендеріңді ұмытпаңдар. Күндердің күні Алла Тағаладан бұйрық келген сәтте қазақтың қандай халық болғаны, менің қандай қолбасшы, хан болғанымды бүкіл әлем білетін болады..
Осы кезде сахна қараңғыланып кетіп, таң атқанын білдіретін көгілдір нұр төгіліп, Қазақстан Республикасының таңғы Әнұраны асқатай жөнеледі. Төрде Кенесарының үлкен портреті пайда болады. Жүзі қуаныштан бал-бұл жанған Елжан жүгіріп шығып, портреттің алдына келеді.
ЕЛЖАН (қолын көкірегіне қойып) Ассалаумалейкум, батыр баба! Мен бүгін түсімде сіздің алтын тақта отырғаныңызды көрдім. Бұл..(телефоны шырылдайды). Алло, сізді тыңдап тұрмын.
ТЕЛЕФОН (ер адамның дауысы) Амансың ба, Елжан, мен ғылыми жетекшіңмін ғой.
ЕЛЖАН: Иә-иә, ағай, сізді тыңдап тұрмын..
ТЕЛЕФОН: Елжан, саған қуанышты хабар айтқалы тұрмын. Докторлық диссертацияңды сәтті қорғап шықтың.
ЕЛЖАН: Сіз… не дедіңіз, ағай? Қорғадың дейсіз бе? Сонда… сонда… әлгі… маған бірден-бір қарсы болған ғалым… Советов Мэлс Советович… ол… ол да… келісім беріп..
ТЕЛЕФОН: Иә, ең соңғы қорытынды жиында ол көкең де келісімін берді. Сен дисертация қорғау кезінде батылдық, табандылық таныттың. Сендей шәкіртім болғанына мақтанамын. Осы қуанышты хабарды өзіңе айтқанша асықтым..
ЕЛЖАН: А-а.. (Қуаныштан толқып, біраз тұрып қалады).
ТЕЛЕФОН: Елжан, неге үндемей қалдың? Әлде тарих ғылымының докторы болғаныңа онша қуанбай тұрсың ба?
ЕЛЖАН: Ол не дегеніңіз, ағай? Мен… мен қуаныштан толқып..
ТЕЛЕФОН: Е-е, бәсе, солай болуы керек қой. Олай болса, жақсы. Құжаттар дайын болған күні дипломыңды салтанатты түрде қолыңа тапсырамыз. Сау бол, Елжан!
ЕЛЖАН: Рахмет, ағай, өзіңіз де сау болыңыз! (Телефонын өшіріп, портреттің алдына келіп) Әруағыңнан айналайын батыр баба! Алла Тағала жар болып, сіздің рухыңыз қолдап, алдыма қойған бір мақсатыма бүгін қол жеткіздім. Иә, үлкен мақсатымның бірі орындалды. Білесіз бе, батыр баба, бірақ, менің алдыма қойған бұдан да үлкен, бұдан да асқақ, бұдан да қастерлі, бұдан да айшықты тағы бір мақсатым бар. Алайда, оны әзірше ешкімге айтпай, құпия ұстап келемін. Бірақ, батыр баба, мен ол мақсатымды сізге айтпай тұра алмаймын. Ол.. ол мақсатым-Тәуелсіз Қазақ елінің даңқын бұдан да асқақтатып.. (Телефоны шырылдайды. Телефонды қосып) Алло, тыңдап тұрмын.
ТЕЛЕФОН (ер адамның дауысы) Саламатсыз ба, Елжан Асылбекұлы. Мен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің қызметкері (немесе Қ.Р. Мемлекеттік хатшысының көмекшісі) Жігер Алашұлы боламын.
ЕЛЖАН: Сізді тыңдап тұрмын.
ТЕЛЕФОН: Елжан Асылбекұлы, таяуда ғана бүкіл түркі халқы одақтасып, Тұран Одағы құрылғанын жақсы білесіз. Міне, осы жаңа Одақтың құрылуына байланысты алдағы кезде бүкіләлемдік үлкен жиын өткізілмекші және ол өзіміздің Қазақстанда, түркі әлемінің астанасы атанған Түркістанда өтпек. Сіздің сол үлкен жиынға қатысатыныңыз жөнінде хабардар ету маған тапсырылған еді. Сізге соны үлкен қуанышпен жеткізіп тұрмын. Сондай-ақ, өте маңызды бұл жиында сіздің тарапыңыздан «Алтын Орда» тарихы жайлы көлемді баяндама жасалады деп күтілуде. Бұл туралы алдағы кезде қосымша хабарлайтын боламыз. Сіздің баяндамаңыздың халқымызға рухани жігер-күш, берік сенім, мақтаныш сезім сыйлайтынына сенімдімін. Тәуелсіз Республикамыздың даңқы арта берсін! (Телефонның өшкені білінеді).
ЕЛЖАН (оң қолын жүрегіне қойып) Тәуелсіз Республикамыздың даңқы арта берсін!
Қазақстан Республикасының Ән ұраны немесе рухыңды асқақтатар шаттық күйі төгіле жөнеледі. Төрде алтын тақта отырған Кенесары хан (портереті) көрерменге сынай қарап тұрғандай.