Аналар – қоғамның қозғаушы күші, отбасының берекесі

Өлкеміздегі аналар кеңесінің негізгі міндеті – отбасылық құндылықтарды дамыту және насихаттау, отбасы мәртебесін көтеріп, этномәдени бірлестіктердегі жастармен, жалпы білім беретін мектептердегі оқушылармен жұмысты ұйымдастыру, барлық этнос өкілдерін құрайтын әйелдер арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған кеңестік-ақпараттық насихатты жүргізу, жанұялық, қоғам­дық-көпшілік шаралар мен қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып, этномәдени орталықтардағы аналардың қызметін жандандыру болып табылады. Осы уақытқа дейін Жамбыл облыстық аналар кеңесі, барлығы 3600 адамды қамтыған 70 шараны ұйымдастырып өткізген екен.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» бағдарламасы аясында аз қамтылған және көп балалы отбасылардың мәселелерін шешу мақсатында, аталған топқа жататын жандармен қоғамдық қабылдау өткізіліп, 100 әйелге қаржылық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетілді. Аналар кеңесі мұндай шараларды облыстың барлық аудандарында жүйелі жүргізіп келеді.
Облыстық полиция департаментімен бірлескен жоспар бойынша аналар кеңесі мен ювеналды полиция білім беру мекемелерінің қызметкерлерімен қатарласа отырып қаңғыбас балаларды анықтап, тәртіпке шақыруды қолға алып келеді.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» бағдарламасы бойынша облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясындағы Аналар кеңесі Мерке ауданында жергілікті бюджет есебінен аналарға көмек көрсететін әлеуметтік қор ашу, Шу ауданына қарасты Қонаев ауылдық округіндегі мектепке оқушыларды жеткізу, Талас ауданындағы кейбір мектептерде оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету, Байзақ ауданында мектепке дейінгі мекемелерде балаларды дамыту орталықтарын ашу, Сарысу ауданында қолөнерші әйелдердің кәсіпкерлерге арналған транттар алуына жәрдемдесу, үлгілі отбасылардың мәртебесін арттырып, қандас-әйелдердің азаматтық алуларына ықпал ету мәселелерін күн тәртібінен түсірмей келеді. Аналар кеңесі көтерген 40 мәселенің 19-ы жергілікті деңгейде шешімін тапса, 21 жай тиісті органдардың қарауына жіберілген.
Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты Аналар кеңесі отбасылық құндылықтарды насихаттаудың ел бірлігін сақтаудағы рөлі туралы этномәдени бірлестіктердің жастарымен, әр түрлі ұлт өкілдері әйелдерімен ақпараттық кеңестер өткізіп келеді. Аналар кеңесінің құрамына этномәдени бірлестіктердің, қала жұртшылығының өкілдері, кәсіби медиаторлар, педагог-психологтар, заңгерлер және кәсіпкер әйелдер кіреді. Жамбыл облыстық «Nur Otan» партиясы филиалының жанындағы отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңестің, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның, ҚР Жоғарғы сотының «Жанұялық сот» пилоттық жобасы шеңберінде ведомствоаралық өзара әрекеттестік туралы меморандумның негізінде отбасы мәселелері бойынша құрылған «Бастау» жұмыс тобының, облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған «ЕлАна» аналар кеңесінің тұрақты мүшесі ретінде түрлі бағыттағы отырыстар мен пікірталас алаңдарына қатысып, түрлі тренингтер және халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасылармен кездесулер жалғасуда.
ҚР Жоғарғы сотының «Жанұялық сот» пилоттық жобасы аясында кеңес мүшелері «Бастау» жұмыс тобының 18 отырысына қатысып, 28 жұптың мәселесі қаралып, 18 отбасының сақталуына ықпал етті.
Облыстық полиция департаментінің, Аналар кеңесі мен ювеналды полиция басқармасының бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес білім беру мекемелерінің өкілдерімен балалар қаңғыбастығын анықтау бойынша 18 рейд өткізіліп, 14 қараусыз қалған бала анықталды. Сондай-ақ, медиациямен бірге Тараз қаласындағы №№7. 31, 58, 10, 9, 4 мектептерінде барлығы 700 оқушыны қамтыған: «Толеранттылық», «Халықтық тәрбие және ұрпақтар сабақтастығы», «Мектептегі зорлық» тақырыптарында дәріс оқылып, түсіндірмелер жүргізілді. Әсіресе, отбасының мәртебесін арттыру, отбасындағы құндылықтарды сақтау мақсатында медиация кабинеттерімен бірлесе жүргізіп келе жатқан «Отбасы және медиация» әлеуметтік жобасы ерекше маңызға ие. Осындай орталықта 11 отбасының арызы қаралып, 8 отбасы сақталып қалды.
Семей ядролық полигонының жабылуына 30 жыл толуына орай республикалық «Ақ орамал» акциясының аясында облысты 21 іс-шара өткізіліп, мұнда полигонға қатысы бар адамдармен кездесулер, көп балалы аналардың қатысуымен жастардың некесін қию, жас келінге енесінің ақ орамал жабу және нәрестені перзентханадан шығару рәсімдері атқарылды. Әлеуметтік желілерде осы шараларды қамтыған 16 жарияланым жарық көрді.
Достық үйінде жас аналардың қатысуымен халықтық-этникалық мазмұнда «Әлди бөпем, ай бөпем» бейнебаяны түсіріліп, «Қоғамдық келісім» ұйымының бастамасы бойынша қолға алынған «Ана әлдиі» байқауында жүлделі орынға ие болды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі «Қайырымдылық айлығы» марафонының кезінде көп балалы және аз қамтылған 100 отбасына 1 млн. теңге көлемінде азық-түлік себеті, ауызашар ретінде көмек көрсетті. Сонымен қатар Аналар кеңесі Евразиялық экономикалық одақ, «Сана-сезім» әйелдер бастамашылдығы құқықтық орталығы, Дүниежүзілік Ұлттар Ұйымы (ЮНИСЕФ) шараларына атсалысып, қалаға бөлінген 500 мың теңгеге кеңсе құралдарын, мектеп сөмкелері, өзге де тауарларды таратуға жәрдемдесті. Аналар кеңесі қоғамдағы әлеуметтік әлсіз топтар мен ардагер-қарттарға қолдау көрсететін «Мейірімді жүрек» бағдарламасы аясында 20 аз қамтылған отбасы мен 20 ардагерге азық-түлік себеттерін жеткізіп берді. Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Төрткүл» керуен-сарай бағдарламасы негізінде 200 отбасына көмек жасалынды. Қарттар күні қарсаңында Аналар кеңесінің төрайымы Мухаббат Миражапова бастаған белсенді топ қиын жағдайға ұшыраған Байзақ ауданындағы Қайнар ауылының 19 қарт тұрғындарына 125 мың теңгеге азық-түлік жеткізіп берді.

Пернегүл ДӘНІҚҰЛОВА

Пікір қалдыру