АППАҚ ҚЫЗДЫҢ МӘЙІТІ
«Облыстық ішкі істер басқармасының бастығы, милиция полковнигі Ораз Мақанов» деген жазуы бар емен есіктің алдына келіп ентігін басты. Полковниктің көмекшісі жас лейтенанттың бастық шақырады дегенін ести сала жеткен беті. Көңілінде аздаған толқу бар. Өйтетіні полковниктің қос қабат ауыр есігі кім көрінгенге оңай ашыла қоймайды. Бұл аса маңызды істердің тағдыры шешілетін, пәрменді бұйрықтар берілетін құзырлы орын. Күні кеше ғана өзінің қызмет лауазымы өсіп, «Қасақана кісі өліміне қарсы күрес» бөліміне бастық боп тағайындалған кабинет.
– Милиция капитаны Әлімхан Досыбайұлы сіздің шақыруыңызбен келіп тұр!
Бет пішінін қорғасыннан құйғандай қарасұр полковник балбал тас тәрізденіп міз бақпаған қалпы оның баяндауын бөлмей, соңына дейін тыңдады да:
– Капитан, «Қасақана кісі өліміне қарсы күрес» бөлімі жігіттің жігіттігі сыналар бөлім. Қане, мында жақында, – деп, бұрышта тұрған нән сейфтің алдына барды. Кілттерін сатыр-сұтыр бұрап, есігін қышқырта ашты. Іші тола жуан-жуан қағаз бумалар. Бірінің үстіне бірін кірпіш қалағандай қалап, жинап тастапты. Толып тұр.
– Мынаның бәрі ашылмаған қылмыстар. Қозғалмай жатқынына берісі бір жыл, әрісі бес-алты жыл, – деді сұсты полковник бұған сынай қарап. – Бөлімді өзіңнен бастап кіл жастардан жасақтадым. Ал енді осыған кірісіңдер!
– Құп болады! – деді Әлімхан тәртіп бойынша сөз қайтармай. Көңіл қобалжуын сездірмеуге тырысты. Енді ше? Мынаның бәрі болары болған, бояуы сіңген атам заманғы сүрленген қылмыстар. Ашылуы екіталай. Бұлар түгілі, осы қазір жасалған, ізі суып үлгермеген қылмыстың өзі жатқан бір жұмбақ.
– Полковник мырза, сенім білдіргеніңізге рақмет, – деді бөгеліп барып.
– Осы қылмыстарды түгел ашсаң, қызметіңді өсірем. Өз орнымды берем, – деді полковник сараң езу тартып. Өмірі жібімейтін жүзі сәл жадырады. – Иә, иә, рас айтам! Өйткені мен анда барам.
Саусағын шошайтып жоғарыны нұсқады.
Бастықтан шыққан соң саралап жатпай сейфтен суырып-суырып алған бумалардың қолға бірінші іліккенін шешіп, қағаздарды біртіндеп қарай бастады. Былтырғы, яғни 1992 жылғы желтоқсанның жиырмасында мәлім болған қылмыс екен. Сайрам кентінің Леңгір жақ сыртынан табылған мәйіт. Қыздың мәйіті. Бұзылмапты. Демек, жуық арада, сол желтоқсанның ішінде болған оқиға. Қапқа салып әкеп, сол күйі көмген. Аяқ-қолы ғана. Басы мен кеудесін қайда құртқаны белгісіз. Бөлшектеп көмгеніне қарағанда, қызды басқа жерде өлтірген.
Оқиға орнында түсірілген суреттерді шолып шықты. Осы іспен айналысқан жедел уәкіл, криминалист қызметкерлер сипаттап жазған мәліметтерге шұқшиды. Сонда байқағаны қыз денесінің айрықша аппақ екені. Аппақ қағаздай деп анық жазыпты. «Біздің Шымкентте ақ қағаздай аппақ қыз қайдан жүр?» – деген жылт етпе ой келді басына. Із-түзсіз кеткен қыздың дерегі бар ма екен деп мәліметтер қорына назар аударған. Жоқ. Соңғы жылдары ондай дерек тіркелмеген. Қала бойынша да, облыс бойынша да. Республика көлемі де тыныш. Қайран қаларлық іс. Егер қыз жоғалды деген дерек болса туған-туысқандарынан, таныстарынан сыр тартып көрер еді. Кімнен, неден күдіктенетінін сұрастырар еді. Ал мынаның жұмбағы қалың. Өзге істер сияқты мұрты шағылмай жыл бойы жатып қалған.
Әлде көрші Өзбекстан мен Қырғызстанның бірінен нәпақа іздеп кеп, соры қайнап қалған біреу ме? Олай дейін десе, о жақтан да қызға сұрау салынбаған. Ал жалпы сұрау салу (ориентировка) деген көп-ақ. Топан. Жан-жақтан тасқындап жетіп жатады. Бұрынғы жүйенің сілемімен Ресейдің жолдайтыны да пәшкі-пәшкі. Оларды бір-бір қарап шыққанның өзінде миың атала бола жаздайды. Ақыры сол сансыз сұрау салудың біреуіне көз тоқтатты. Ресейдің Мурман облысынан келіпті. Сол облыста Мирный деген қалашық бар екен. Сонда тұратын бір қыз ізім-қайым болған. Аты-жөні Катерина Ивановна. Былтыр жіберген. Қазан айында. Көп жағдайда орыстардың өздері онша біле бермейтін Мурман облысы сияқты шалғайдан жететін қатынас қағаздарға әдетте басқарма қызметкерлерінің көзқарасы салғырт. Мынау да топан қағаздың астында қалған. Әлімхан да солар сияқты ысыра салар ма еді қайтер еді, егер аппақ қыз оқиғасы болмағанда.
Әлем картасына үңілсе, Мурманның өзі батысында Финляндиямен шектесетін қияндағы облыс екен. Солтүстік-батысында Норвегия жатыр. Солтүстігі Баренц теңізі. Ол теңіз одан әрі Солтүстік мұзды мұхитқа ұласады. Мирный қаласы солтүстік полис жағында. Қыста поляр түні, жазда поляр күні болатын жер. Алты ай түн, алты ай күндіз. Бір жағы қызық, бір жағы тылсымды жұмбақ мекен. Қысы болса да ызғар. Жазы да жылып жарытпайды-ау. Адамның бойы жыл он екі ай бір жылымайтын, үнемі тоңазитын да жүретін құдай атқан өлке. Содан кейін денелері аппақ болмағанда қайтеді. Осыны ойлаған Әлімхан қамыс арасынан қырғауылдың ізін шалғандай шұқшия түседі. Басы мен кеудесінің жоқтығы зор кедергі. Дегенмен денесінің аппақтығы біраз нәрседен хабар беріп тұрғандай.
Әлімхан өзі өмірі естіп, білмеген өлке туралы біраз мәліметке қанығып қалды. Ал енді картаның өзінен табылуы қиямет қайым жерге бара ма, әлде бармай, жабулы қазан жабулы күйінде қоя сала ма? Бір ойы Мирный жердің түбі, ит өлген жер, оның үстінде қайдағы бір орыстың қызы үшін әлек боламыз ба дейді. Істейтін жұмыс таба алмай отырған жоқ. Жұмыс деген жетіп артылады. Осы Шымкенттің маңайында болған қылмыстардың өзі бастан асады. Тағы бір ойы айтады, бізге керегі орыстың мерт болған қызы емес, бізге керегі соны өлтірген қылмыскер ғой деп. Ол қылмыскер қазір мәйіт көмілген Сайрамда, одан асса Шымкентте тайраңдап жүрген болар-ау. Адам өлтіріп көрген адам, егер қылмысы ашылмаса, тағы біреуді жазым етуі әбден мүмкін. Біреуін жылы жауып қоя салсақ, онда қылмысқа жолды өзіміз ашқанымыз. Сол ма бізге керегі? Ертең басымызға пәле болады. Қолы қанға малынған адам жазасын тартуы тиіс. Қылмыстың өтеуі жаза. Сондықтан жердің түбіне барсақ та қылмыскерді құрықтауға тиістіміз.
Неше қилы ойлар кезек ырғасып келіп, бірін бірі жеңе алмай, ақыры Мирныйға аттану керек деген ойға тас түйін бекінді.
Әуелі пойызбен төрт күн теңселіп Мәскеуге жетті. Ұшақпен ұшуға басқарма қаржысы көтермейді. Одақ ыдырап, мемлекет Тәуелсіздікке енді ғана қол жеткізіп жатыр. Экономика деген быт-шыт. Өндіріс орындары жау тигендей бірінен соң бірі тоқтап қалуда. Сомның құны құлдырап кеткен. Пойызбен бару себебі сол. Мәскеуден әрі Санк-Петербор, Мурман. Өткелектеп пойыздан пойызға ауысты. Мирныйға кемемен жетті. Мінбегені кеме еді, оны да көрді. Ұйқы шала, қарын аш. Көңілде өкініш. «Әй, өзім де ақымақпын. Тыныш жатпай, нем бар еді жыбыршып. Қатты ашқыш боп бара жатса, өзге қылмыс жететін еді ғой. Бастықтың сейфінде тұр емес пе тіреліп», – дейді іші удай ашып. Бір жағы кемемен жүзу де таңсық. Мұхитқа ұласқан көз талдырар телегей суды көріп тұрғаны осы. Не деген енапат су. Су дегенде ес білгелі көргені бұралып аққан Арыс, ылайлап жөңкілген Сырдария.
Айтпақшы, шалғай жерге, жат жандардың арасында жалғызсыратар қиын-қыстау сапарға шығуының басты себебі бар екен-ау. Оны бастықтың өзі айтқан, қызметіңді өсірем деген. Менің креслома отырасың деген. Бастық болуға ұмтылмайтын, шенін өсіруге талпынбайтын милиция милиция ма? «Генерал болуды армандамаған солдат солдат емес» деген сөз ып-ырас. Сейфке сыймай тұрған қылмыстар түгел ашылса, әрине бастықтың ғарышқа самғаған ракета сияқты министр боп көкке өрлейтіні анық. Ол көкке өрлесе, бейнет шегіп барақатқа жеткізген бұны жерде қалдырмас. Басқармаға бастық қып жайлы креслоға қонжита салу бұйым ба? Бұйым емес. Бірақ қылмысы ашылмақ тұрмақ, бауы шешілмеген бума қаншама.
Осыны ойлағанда Әлімханның кеудесін Солтүстік мұзды мұхиттың суық лебіндей бір ызғар қарып өтеді.
Ақыры Ресейдің сұрау салуы (ориентировкасы) бойынша зым-зия қыздың ата-анасын тапты. Әкесі Иван Иваныч әскери адам. Прапорщик. Шешесі Анна Ивановнаның да жұмысы әскери бөлім жақта, штабта әріп теруші.
– Былтыр күзден бері қапалымыз, – дейді шешесі еңірегенде етегі жасқа толып.
– Жалғыз перзентіміз еді… – дейді прапорщик жүнжіп.
«Кімнен, неден күдіктенесіздер?» – деген сұрағына олар жауап бере алмайды. Әлімханның Қазақстан деген жерден келгенін білгенде ғана Иван Иваныч бұрын әскери бөлімде қазақстандық бір солдат қызмет еткенін есіне түсірді.
– Есімде қалатын себебі, – деді Иван Иваныч, – ол армиядан соң, көп ұзамай Мирныйға қайтып келді. Жұмыс іздеп. Мен оны автопаркке слесарь қып алдым. Ну, ол жақсы жігіт. Бір мәрте үйге де келген. Контрактісі біткен соң ғайып болды. Еліне кеткен шығар.
– Аты-жөні кім еді?
– Біз Коля дейтін едік.
– Қазақстанның қай облысынан?
– Қай облысынан? Сен менен әуелі Қазақстан қай жерде деп сұра. Құдай білсін қай облыс екенін?
Ертеңіне полк штабына барды. Командирге жолықты. Оның рұқсатымен архив ақтарды. Ақыры тапты. Оның аты-жөні Хұршид Жалаладдинов болып шықты. Қазақстандық. Қай облыс екені жазылмаған.
Жіптің ұшын ұстаған сияқты.
* * *
Хұршид Жалаладдиновтың дерегі бұлайша оп-оңай мәлім бола қалады деп ойласа кәне. Керісінше өткелектеп пойыздан пойызға секіріп жүріп, жердің шетіне дейін шеккен сапарым, көрген бейнетім ақталмайды-ау деп Мирныйдың күнін көре алмай қажып оралып еді. Сөйтсе, Хұршид-екең облыстық әскери комисариатта тіркеуде тұр. Ал ендеше. Мекен-жайы белгілі. Үйі Сайрамда.
Жедел уәкілдер оны желкелеп әкеп, Әлімханның алдына жүгіндірді. Ол болса мен не жазып қалдым дегендей, көзі алақ-жұлақ.
– Мына қызды танисың ба? – деп қыздың ата-анасынан алған фотоны көрсетті.
Хұршид Жалаладдинов фотоға үңіліп қарады да басын шалт көтеріп:
– Табылды ма? – деді тез-тез сөйлеп.
– Иә, табылды.
Күдікті есінен танып, тілін жұтып қойғандай үнсіз қалды. Ә дегенде күйгелектене бастап еді, артынша сабасына түсіп, өзінен көзін айырмай жіті бақылап отырған капитанға жалтақтай берді.
– Маған айтпай кетіп қалыпты, – деді. – Содан бері жоқ.
– Айта бер. Қайдан танисың? Басынан баста.
– Мирный деген жерде служит қылдым. Ресейде. Дембелден кейін жүріп-жүріп Мирныйға қайтып бардым. Бір прапор бар еді. Таныс. Сол мені жұмысқа алды. Со кісінің қызы. Катя… маған Катя деген атын. Жаңағы прапор бір жұмысқа көмектес деп үйіне апарған. Сонда көріп, танысып қалдым. Кездесіп жүрдік. Жасырынып қой. Екі жылдан аса контрактімен жұмыс істедім. Сосын қайттым ауылға…
– Екі жыл бойы кездесіп жүрдіңдер ме?
– Екі жыл емес, соңғы екі-үш айда.
– Не мақсатта кездестің?
– Еркек емеспіз бе? Еркектер қотынсыз жүрмеуі керек. Қотынсыз жүрген еркектің ісі алға баспайды. Ресейде өзбектің бәрі солай. Құр жүрмейді. Өзбектен туған балдар көп Мәскеуде.
– Ал ол Шымкентке қалай келді?
– Контрактым бітті, Сайрамға келдім. Сайрамға келгесін бір күні телефон соқтым. Ол айтты: «Мен сенің Қазақстаныңа барғам келеді, жылы жақты көргім келеді», – деді. Мен: «мақұл, кел, күтіп алам», – дедім. Катя келді. Ескі жатақханадан алған бір бөлмем бер еді. Соған апардым.
– Шымкентке қай айда, қай күні келді?
– Қыркүйектің соңы еді. Сүйтіп ол сонда тұрып жатты… Бір күні барсам, сөмкісін алып, тайып тұрыпты.
– Ол қай күні еді?
– Ол ма? Ол… ол… қазан айының іші. Иә, қыркүйектен кейінгі ай. Дәл қай күні екенін ұмыттым. Әйтеуір он бесіне дейін.
– Ол кетіп қалмаған. Оны біреу өлтіріп, өлігін көміп тастаған.
– Өлтіріп?! Мен оны Мурманына кетіп қалған шығар деп ойладым.
– Шыныңды айт. Ерте ме, кеш пе, бір күні бәрібір анықтаймыз. Егер өтірік айтсаң, өзіңе қиын болады. Жазаң ауырлайды.
– Өлләһи, білләһи… білмеймін. Менің бар білетінім оған көп жақсылық жасағаным…
* * *
Аппақ қыз деп жүргені Катерина ма, Катерина емес пе, ол жағы әзірге беймәлім. Жұмбақ. Басқа біреу болуы да мүмкін. Катерина Ресейіне кетсе, кеткен шығар. Ресейді кең байтақ деуші еді ғой.
Әлімхан қилы-қилы ойға батып, ұйықтан шыға алмай отыр. Осы сәт бұған дейінгі әрекеттерінің барлығы құр әуре, бос тірлік сияқтанғаны. Өмірде не болмайды, бәрі болуы мүмкін. Жоғалып кеткен Мирныйдың қызына Сайрамның өзбегі – Хұршидтің байланысы барын білгенде, өзінің о бастағы болжамына күмәні қалмап еді. Енді ол ойы сан тарапқа тартып тұр. «Әлі де зерттей түсу керек», – деді іштей. Хұршидты босатып қоя бергені содан.
Хұршидтың Сайрамдағы көршілеріне жеке-жеке сұрау салуға өзі бармай, жедел уәкілдерге тапсырған-ды. Алайда Хұршидқа нашар мінездеме берген біреуі болсашы. Барлығы-дағы оның еңбекқор екенін айтыпты. Тірі пендеге жаманшылық ойлағанын көрсек, көзіміз шықсын депті. Оларды тыңдай берсең, Хұршидтен күмәндануға ұяласың.
Әлімхан сұрау салуларды мұқият оқып отырып, бір көршісінің жауабына назар аударды. Ол Хұршидтің: «Құмырсқаның уынан адам өле ме?» – деп сұрағанын тілге тиек етіпті. Осы арасына келгенде Әлімхан буманы ақтарып отырып, уға қатысты сараптама жасалмағанын білді. Енді жасай алмайды. Өлген қыздың аяқ-қолын сақтау мүмкін болмағасын, көзін жойған.
Түске дейін осы іспен айналысып жүрген жедел уәкіл Сапарға телефон соғып:
– Хұршидтің жатақханадағы көршілерімен сөйлестің бе? – деп сұрады.
– Онда қазір адам тұрмайды. Жылу жоқ, су тоқтап қалған. Күн суый бастағаннан-ақ тұрғындар тарап кеткен. Бөлмені жалға алып тұрып жатқандар ғой. Екі бөлмеде ғана тіршілік бар. Бірі ұзын дәліздің ана басында, екіншісі мына басында. Олардың өздері ерте кетіп, кеш оралады екен. Жауаптары тым қысқа. Білмедік. Көрмедік. Көрші үйдің бірінші қабатында дүкен бар. Сатушысы бір дерек айтып тұр. Аппақ орыс қызы дейді, қарашаның соңына дейін анау-мынау сатып алып жүріпті, – деп баяндады.
– Аппақ деп па?
– Иә, аппақ депті.
Түстен кейін мекен-жай агенттігінің көрсетуімен у сататын мекемені іздеп тапты. Хұршид сауда жасайтын базар маңы екен. Осының өзі көңілге күдік ұялатты. Кеше осы қалада у сататын мекеменің қаншасы бар екенін зерттеп көрген. Бес мекеме тізімделіпті. Мынау базарға ең жақыны. Хұршид у алса осыдан алуы мүмкін. Ақ халатты қызметкер қыз, клиент деп ойлап қалды ма, жылы қарсы алды.
– Сіздерде адамды сеспей қатыратын у сатыла ма? – деп мәселені төтесінен қойды.
Әлімханның мына сұрағына қызметкер қыз сықылықтап күліп жіберді.
– Немене, біреуді сеспей қатыру керек пе еді?
– Иә, сеспей қатыру керек боп тұр.
– Сатылады, – деді сонда ғана күлкісін тыйып. – Жеке куәлігіңіз жаныңызда ма?
– Иә, жанымда. Ол неге керек?
– Күшті улар онсыз сатылмайды.
– Сонда кімнің у сатып алғанын жазып қоясыздар ма?
– Иә, әрине.
– Олай болса, былтырғы журналыңызды көруге бола ма?
– Жоқ. Ол құпия.
– Мен милиция капитанымын, – деп, қалтасынан куәлігін алып қызға көрсетті. – «Қасақана кісі өліміне қарсы күрес» бөлімінің бастығы. Маған у емес, у сатып алған адам керек.
– А-а! – деп сасып қалды қызметкер. – Сіз бұл туралы бастықпен сөйлесіңізші.
У сататын мекеме бастығы таныстықтан соң сөзге келмей, бөлек бөлмеден қап-қалың журнал әкеліп, алдына тастады. Әлімхан өткен жылдың соңғы үш айын мұқият қарады да қайтарып беріп жатып:
– Мұнда жоқ екен, – деді.
У сататын мекемеден іздегенін таппай шықса да, әлденеден үміттеніп келеді. «Іздене берсе жол шыға береді екен-ау, – деп қояды өзіне өзі. – У алғандарды қатаң түрде тізімдейтінін бұрын қалай білмегем?»
Үміті алдамапты, у сататын төрт мекеменің бірінен Х.Жалаладдинов деген фамилия жарқ ете қалды. Қарашаның он сегізі күні сатып алған.
* * *
Өзін екінші мәрте уақытша ұстау абақтысына алып келгенде бұл жолғы қамаудан Хұршидтың көңілі үркіп, сілейіп отырып қалды.
– Карбюратры бұзылып, машинамды жолға тастап кеттім. Милицияның жұмысы қиын. Біржола қойсам ба деп жүрмін, – деді Әлімхан алдына алып келген Хұршид Жалаладдиновке шағынғандай қажи сөйлеп. – Бизнеске кету керек. Не бизнес істесем екен? Сен білесің ғой. Ақыл айтшы?
– Көп қой бизнес, – деді Хұршид.
Жаңа ғана өмірден түңіліп отырған оның бозара қалған өңіне қан жүгіре бастады. Бір жағынан капитанның бұны не мақсатпен айтқанын тап баса алмай, жасырынбақ ойнаған балаша жалтақтап отыр.
– Жарайды, – деді сосын капитан. – Ол жағын кейін ақылдасамыз. Негізгі мәселеге көшейік. Сен Катяны қазан айының он бесіне дейін кетіп қалды дедің. Ал оны қарашаның аяғында көрген куә бар. Үйдің жанандағы дүкеннен қарашаның жиырмасында қарызға зат алыпты. Ол қарызын кейін сен өтепсің. Бұ қалай? Алдағаның ба?
– Мен ұмытыңқырап қаппын.
– Жақсы, ұмытсаң ұмытқан шығарсың. Ал саған құмырсқаның уы неге керек болды?
– Құмырсқаның уы? Жоқ, маған керек емес! – деді ол Әлімханның құмырсқаның уы туралы неге сұрағанын ұқпай.
– Құмырсқаның уы адамды өлтіре ме, өлтірмей ме, соны білдің бе?
– Е-е, түсіндім. Үйде құмырсқа қаптап кетті. Сосын көршімнен сұрадым, адам содан өле ме деп. Сіз соны айтып тұрсыз-ау. Өйткені үйде кішкентай бала бар. Сол жеп қоя ма деп… содан қорқып…
– Бұның мақұл-ақ. Енді мынаны айт. Қарашаның он сегізінде сен адамды сеспей қатыратын күшті у сатып алдың. Ол саған неге керек болды?
– Ұу! Сеспей қатыратын?! – деп сасқалақтап қалды Хұршид. – Иә, иә, сатып алдым, – деді сосын сабасына түсіп. – Базарда тұр едім, бір жігіт келді. «У сатып әперші деді. Құжатым болмай тұр, ақша берем», – деді. Сосын бардым да, айтқан уын сатып алып бердім. Сол үшін ол маған төледі.
– Кім ол жігітің?
– Танымаймын. Келді де айтты.
– Уды кім алса, жауапкершілік сонда. Сенің мынауыңа сенбеймін. Жатақханада қашан болдың соңғы рет?
– Қыс түскелі бармадым. Суық. Жылу жоқ.
– Қазір барып көреміз, – деп капитан орнынан тұрды.
* * *
Жатақхананың жалғыз бөлмесі. Қапталда ескі диван. Бірер көрпе-төсек ыбырсып жатыр. Жиналмаған. Өзбекке тән ұқыптылық сезілмейді. Еденде арақтан босаған шөлмек құлап қалыпты. Бұрышта шкаф тұр. Суырмасын тартып ашты. Бірнеше қасық, шанышқы, пышақ көзіне ілінді. Ағаш сапты пышаққа үңіле қарады. Сабының жарығы баттасып қалыпты. Қан ба немене? Қан сияқты. Ондайдың талайын көрген. Бір қарағаннан таниды. Жәй көзге тіпті аңғарылмайды да. Бұрылып қуықтай ванна бөлмесіне бас сұқты. Еденде қоңыр түсті футболка жатыр.
– Кімдікі? – деді Әлімхан. – Сенікі ғой. А?
– Менікі. – Дауысы әрең шықты.
Криминалист футболканы қолына алып, жарыққа тосып, мұқият қарады да:
– Етегіне әлдене жұғыпты. Қан сияқты, – деді. – Сараптамаға алу керек.
– Сен пышақтың сабын байқадың ба? – деді Әлімхан криминалист қызметкерден.
– Оны да алам.
– Ыстақан-бокалдарды да қалдырма.
* * *
– Ендігі өләһи-білләһиің жәрдем бола қоймас. Жатақханадан шыққан вещдоктар (заттай айғақтар) біраз құпияны ашатын түрі бар. Сараптама қорытындысы ертең дайын болады. Оған дейін абақтыда жата тұрасың.
– Сізге өтініш. Су беріңізші.
– Су жоқ бізде. Бүкіл қалада жоқ су. Тоқтап қалған.
– Екі күн болды су ішпегеніме. Тілім аузыма симай…
– Шындық та су сияқты. Сен суға шөлдесең, мен шындыққа шөлдеп тұрмын. Ал сен оны бермей жүрсің. Мен саған мынаны ескертем. Егер осы қазір шындықты айтып, мойындасаң бес жылға кетесің. Түрмеде тәртіпті болсаң, оны да кемітеді. Ал қылмысыңды мойныңа біз қойып беретін болсақ, онда арқалайтының он жыл. Ал таңдау өзіңде.
Хұршид солған шөптей қуарып, басы кеудесіне құлап едәуір отырды. Әлімхан күдікті адамның мұндай күйін ешқашан бұзған емес. Ол қазір екіге жарылып өзімен өзі арпалысуда. Ар азабы деген осы! Қай жартысы жеңіп шығатыны адамның өзіне, кісілік қасиетіне байланысты. Көбіне әділдік деген сыңары басым түсетінін бүгінге дейінгі тәжірибеде көріп жүр.
Хұршид осы кезде әлденеге батыл бекінгендей кеудесін тіктеп, басын көтерді.
– Мойындаймын, – деді қылғына сөйлеп. – Су беріңізші.
Әлімхан орнынан тұрып, графиндегі судан ыстақанға құйды да көз жанарына дейін құрғап кеткен Хұршидке ұсынды. Ол ыдысты қос қолымен жылдам алып, асығыс-үсігіс сіміре бастады. Шөлдеген адамның су ішкені де ерсі екен, баппен ішпей, қою тамақ жегендей асап-асап қылғыта ма немене.
– Тағы ма?
Анау басын шұлғыды. Шөлі қанбай қалғаны содан-ақ көрініп тұр.
Бұл жолы асықпай ішті.
– Ал, айт! Неге өлтірдің?
– Екі ай тұрды жатақта. Қайтуды ойламайды. Қашанғы асыраймын? Өзімнің қотын, бала-шағам бар. Өзі бір тиынсыз келді. Сосын… жо-оқ, бірден емес…
…Катеринаның мінсіз аппақ денесі, тіпті қараңғы бөлменің өзін нұрға бөлеп, сәулелендіріп тұратындай еді-ау! Өзі болса, жас қыздың жалаңаш тәніне жаңа қол тигізген бозбаладай жүрегі тарс-тарс соғып, тұла бойын ыстық құмарлық кеулеп, өрекпіп кететін. Базардан тапқан ақшасын Катядан сол себепті ғой аямайтыны. Алайда бас айналдырар осынау бақыт өзіне сор болып жабысатынын, қайран басы қайдан білсін.
– Хуршид, жан, сен маған жайлы пәтер жалдап әперем деп едің ғой, – деп Катя жаңа ғана аңсарын алып, талықси тоқмейілсіп жатқан бұның жалаңаш кеудесін сүйріктей саусақтарымен сипалап, жүзіне күлімсірей қарады. Елден ерекше жасыл көзінен ескен солтүстікке тән ызғарды сезінген сонда.
Хұршидтің ысынған денесі суынып сала берді. Осымен екінші мәрте… жо-жоқ, үшінші мәрте айтып тұр. О басында иә деп, келісе салған өзі. Дәл бұлай болар деп ойламаған. Жайлы пәтер жалдап әперуге ақша қайда? Базарда сауда қылған адам бай деп ойлай ма екен?
– Мамаң, Анна Ивановна уайымдап қалмай ма? Мирныйға барып келсең қайтеді. Бізде қыста бәрі осындай. ТЭЦ-тер түгел сынған. Жылу бермейді, – деді Хұршид кеудесін қытықтай сипалаған қыздың қолын былай алып қойып. – Келер жазда келсең, бөлмені жөндеп, жарқыратып қоям.
– Саған бір құпиямды ашатын болдым-ау! – деді Катя тіктеліп отырып. – Білесің бе, маған Мирныйға баруға болмайды. Бір сүмелекті, оған өзі кінәлі, өлтіріп алдым. Әрине, кездейсоқ өлім. Өлтірем демеп едім. Барсам ұстайды. Одан кейінгісі түрме. Сол саған керек пе? Болашақ жарық дүниеге келетін перзентіңнің мамасын түрмеге қиясың ба?
Бұл төсектен басын көтеріп алды.
– Өлтіріп?! Қалай?!
– Успокойся! Бәрі дұрыс болады. Мен енді Россияға бармаймын. Сенің Чимкентіңде де қалмаймын. Маған осы қыс көмектес. Сосын мені көрмейсің. Сенің маған берген сыйлығыңды – қызымды аламын да қарамды батырам. Біржола.
– Жаным, Катя… Дұрыс айтасың, бәрі дұрыс болады. Сәл күтші, – деп Хұршид жылы төсегіне қолтырауын өрмелеп шыққандай ыршып тұрып кетті. Апыл-ғұпыл киініп, тысқа беттеді. Катяның құрсағына біткен бәлекей туралы ойлағысы жоқ.
Катядан қалай құтылам деп басы қата бастағаны осы кез. Көшеге сүйреп тастай алмайды. Сүйреп те тастар еді, Катя кек алуы мүмкін. Ішіндегі баланы бұлдаса да бір жаманшылық істейді. Отбасын ойран қып кетуі мүмкін. Бұлардың қатігез екенін басқа білмесе де арасында біраз уақыт жүрген өзіне аян. Бұлар аямайды. Ойлап-ойлап у ішкізген дұрыс деп шешті. Қарақұстан тарс еткізіп балғамен бір соқса да сеспей қатар еді. Бірақ қалай, кешелері тәтті ләззатқа бірге батқан ұрғашыны қанға бояу деген… Онда татқан ләззаты тәтті естелік болудан қалады да. Жо-жоқ, Катя оған қиятын жан емес. Қиналмай ғана ұйықтап кеткендей болса. Әрі өзінің осы қастық пиғылын сезбей кетсе. Егер ол сезіп қойса, онда өмір бойы көз алдынан кетпей қоятынын түйсінді. Ал енді құтылмай тағы болмайды. Шегінетін жері жоқ. Бұл туралы ұзақ ойлану да жанын азаптайды екен. Сондықтан не болса да, тезірек болғанын қалады.
Одан кейінгісі ойына түссе жанын қоярға жер таппайды.
Сол жолы ғой, ұсынған суды сіміріп салды да созылып барып, басы жастыққа сылқ құлап еді. Бұл шыдамай теріс айналған. Қайта қарағанда көзі ашық қалыпты. Жасыл көзін өзіне қадап, тесірейіп жатыр екен. Жаманшылықтың өзінен келгенін бәрібір біліп қойғандай сезіне беретіні содан…
…Әлімхан Хұршидтің әңгімесін үнсіз тыңдады.
– Содан кейін жатақханаға баруға қорықтым. Катяның жап-жасыл көзі елестей береді, қайда барсам қыр соңымнан қалмайды… Бірақ ол бәрібір қатыгез… суық, – деді ақтала сөйлеп. – Отбасымды сақтау үшін амал жоқ сөйттім. Адам өлтіру маған жат еді.
– Денесінің қалғанын қайда көмдің?
– Есімде жоқ. Ол кезде мен жынды адамға ұқсадым. Оны қайтесің? Оның сұрауы жоқ. Әлеке… капитан… менің үш балам бар. Олар әлі кішкентай. Кішкентай балаларым үшін құтқара гөр. Тағдырым сенің ғана қолыңда тұр, – деп еңкілдеп жылап жіберді. – Оны іздейтін ешкім жоқ. Оның ата-бабалары біздің ата-бабаларымызды жүздеп… мыңдап қырған… атқан… асқан. Менің дадамды ашаршылық жылы біттә алмасын жұлып алғаны үшін атқан… ит сияқты атып тастаған. Бытыра мылтықпен. Көшеге қараған бұтақтан жұлып алған дадам. Сұраусыз атқан. Неге аттың деген ешкім болмапты. Сотталмай кеткен сұмырай.
Хұршид көзінің жасын сүртпестен, бұныма не дейсің дегендей капитанға тіктеле қарады. Оның бұл әңгімесінен Әлімханның өзінің де іші жидіп сала берсін. Ата-әжелерінің қиын өмірі көз алдына келгендей бір сәт үнсіз отырып қалды. Катеринаның озбыр туысқандары Әужан атама, атамның үш әйелі Ерімкүл, Аршагүл, Күліш әжелеріме небір қорлықты көрсеткен ғой. Колхоздасу кезінде. Бұлар ма, бұлар! Әуелі тігерге тұяқ қалдырмай бар малын тартып алған. Өздерін қудалаған, түрмеге тыққан. Содан үш кемпірі үш жақта қалып, өзі Өзбекстанға қашуға мәжбүр бопты. Үш әжем бала-шағасын қызғыштай қорып, жылап-сықтап, басына бұлт үйірілген атамның соңынан жеткен екен. Әкем ол кезде бала. Орыстардың қудалауынан ол да көп зардап шеккен. Атамның сүйегі со жақта, Аққорған деген жерде жатыр.
Әлімхан енді Хұршидке мұң шаққандай іштей өзімен өзі сөйлесіп кетіпті. Бірақ есін жылдам жиды. «Қылмыстың аты қылмыс. Оны ештеңемен ақтап ала алмайсың!»
– Заң бар, заң үстем, – деді капитан қалың ойдан серпіле орнынан тұрып. – Ал дадаңды атқан адам жазасыз кетсе, оны құдай жазалайды. Жазасыз кетпейді.
Хұршидтің жүзі аппақ қыздың мүрдесіндей қуарып, қан-сөлсіз бозарып бара жатты.
Нұрлыбек САМАТҰЛЫ





