Жәудір НАРТАЙҚЫЗЫ
Екі әңгіме
…Қисайған жаман шарбақтың ар жағынан оқта-текте шашы дудыраған бір әйелдің сұлбасы көрінеді. Қашан көрсең де, етегіне сүрініп, күйбеңдеп жүргені. Әп дегеннен түрін анықтай да алмайсың, өзі де көрінген көзден жасырынып, ұрлық жасаған адамдай бой тасалап жүреді.
Жаз шыға бетін тұмшалап орап алатын сол әйелдің, жаулығының астынан оқта-текте қап-қара мойылдай көздері ғана жылтырайды. Бетін орайтын себебі, күнге күйіп кетемін деп ойлайды. Үш ай жаз бетін күннен тұмшалап, түрлі иіс майлармен бетін шапақтаса да, сол келіншектің өңінің бозарғанын ешкім көрген емес.
Күлипә өзі бір қызық әйел еді. Біздің үймен көрші болғандығына биыл тұп-тура он жыл толды. Сол он жыл ішінде Күлипәнің біздің отбасымен тонның ішкі бауындай араласып, жұғысып кеткен кезі болмаса да, әрәдік жарты таба нан сұрай келетінін жиі көретінмін. Көп ұзамай қарызға алған жарты күлшесін құшақтап үйге келіп, мені көре сала:
«Мамаң қайда?» деп ақырын сыбырлай сұрайтын.
– Мамам жұмыста.
– Ә-ә-ә-ә-ә қашан келеді?
– Келіп қалар.
– Ә-ә-ә-ә-ә-ә…. мә мынау кешегі алған жарты таба нандарың. Рахмет! – Екі жағы қап-қара боп күйген таба нанды қолыма ұстатып:
– Әй, мамаңа айт, Күлипә әпше рахмет айтты деп. Ұмытпай айт, мақұл ма!
– Мақұл.
Күлипәнің соңғы кездері менімен дос болуға әбден-ақ ықыласты екендігін енді байқап жүрмін. Өзі байқатпауға тырысқанымен, мені көрсе ерекше қуанып, сыралғы құрбыдай ыржыңдасып қалатынды шығарды. Оның осынау бір қарағандағы әумесерлеу қылықтары менің күлкімді келтіретін. Ол кезде бесіншіні аяқтап, алтыншы сыныпқа өткен шағым еді, ауылдың жағалай тізілген ақшаңқы үйлердің есігінен бір, тесігінен екі сығалап, төңіректің өзім құралптас қара сирақтарын жиып алып, таңның атысы күннің батысы тығылмақ ойнаудан қолым тимейтін. Қай уақытта ойынға шығатынымды Күлипә да жақсы біліп алған, жарбиған жаман шарбағына ебедейсіздеу сүйеніп алып, мені сонадайдан көріп қалса, айқайлап шақырып алатын.
– Сені жынды Күлипә досың шақырып жатыр, – деп өзім құралпы балалар әжуалап күлетін. Әуелгіде ашуланып, шамданып жүрдім. Қатарың емес, теңің емес, «жынды» деген аты тағы бар Күлипәмен қалай дос болмақпын?! Кейіннен етім үйренді. Күлипәнің не үшін шақыратынын күндер өте келе жақсы түсіне бастадым.
Күлипәнің жасы биыл отыз беске келді, әйтседе де бір қараған жан оған оп-оңай отыз бес жасты бере салуы неғайбыл. Соңғы он шақты жыл Күлипәні тым қажытып, қартайыңқыратып жібергені рас. Ойлап отырса отыз бес жыл ішінде Күлипәнің бірде бір арманы орындалмай, тегіс әдрә қала беріпті. Есейіп етегін жапқан шағындағы армандағаны аты дардай алып қалалардағы оқу орындары емес, жәй ғана Созақтағы кәсіптік училищеге оқуға түсіп, өз қатарластарымен бірге студент атанғысы келген. Оның да сәті түспеді. Әкесі марқұм «Созаққа барып, бір өзбекке байға тиіп өзбек болып кетесің» деп байбалам салып жібермей қойды.
Одан кейін шын махаббат, кіршіксіз таза сезіммен өзі құралыптас жігітке тұрмысқа шығып, бала сүйгісі келді, оны да құдай тағала көп көрді. Тапқан күйеуі – Әбдешім. Оған да әкесі марқұмның қаһарынан қорқып ықтиярсыз қосылған.
Алайда, Күлипәнің бұл жалғанда арманы тоқырап тоқтап қалған жоқ-ты, оның ешқашан бас тартпайтын бір ұлы арманы болатын, басқасы басқа сол арманынан әлі де үмітін үзбек емес, құдая ғайыптан-тайып сол арманы орындала кетсе Күлипәнің басқа армандары сол ұлы арманның жолында садақа кетер еді. Сол арманы орындалса Күлипә ой-шұқыры көп тағдырына тіпті де базына айтып налымас па еді дейсің.
Күлипә бұл жарық жалғанда өзінің көмірдей қап-қара өңін бір ғажайыптың көмегімен ағартуды көп ойлайтын, ойлайтын да, ой-шұқырдан соның бір емін іздейтін. Бір қарағанда аяқ-қолы да сау, бойы да сырықтай, қас-кірпігі де төгіліп тұр, апыр-ау қайдан ғана қараторы болып жаратылғанына басы құрғыр жетпейді-ақ. Ол өзін табиғат ана қараторы етіп жаратты дегенге өлдім-талды еш иланбай келді. Бәдештің жаман қатыны Майра да бетіне жұмыртқаның сарысын жағып жүріп ағартты, етікші Сайлаудың сақау қызы Торғын да реңсіз бетін қиярдың қабығымен сүртіп жүріп бозартты. «Құдая тоба, менің солардан қай жерім кем-ей» дейтін.
Күлипә өзінің қараторы болғанына табиғат емес, адамдар кінәлі деуші еді. Дәп солай! Ең бірінші әкесі – Сейсен жарықтық өз дегенінен қайтпайтын қыңыр шал еді. Күлипәні – «жалғыз қызым, көзімнің ағы мен қарасы» деп еркелеткен жоқ, бұғанасы қатып, белі бекімей жатып, бес ешкінің соңынан сүмеңдетіп, күнге қақтайтын. Бес ешкінің соңында жүріп, қонаға үйіне жеткенде, шешесі бишара ауыр арбаға құты жегіп, құдық басына су әкелуге жұмсайтын, күннің шіліңгір ыстығында ілініп-салынып, тірсегі майысып шекесі шытынап жүріп су таситын. Сонда Күлипә жазғанның бет-ауызы күйген таба нанның теріс төңкерілген бетіндей қара қотырланып, түтігіп шыға келуші еді. Өзінің ойынша содан бері әлі ағара алмай келеді.
Күлипәнің соңғы жылдары қатты жел соқты болып тозып кеткенініне кінәлі тағы бір адам бар болса, ол құдай қосқан қосағы – Әбдешім. Күлипә Әбдәшке он тоғыз жасында күйеуге тиген. Сондықтан да Әбдәшімге келгенде Күлипәнің өкпесі қара қазандай. Тракторшы Әбдәшім Күлипәдан бақандай он жас үлкен-тін. Екінші әйелі. Бірінші әйелі Әбдешімді тракториссің деп менсінбей тастап кеткен деседі, алайда бар гәп басқада деп сыпсыңдасатын көрші қатындар. Әкесі марқұм Әбдешімді үйіне ертіп келіп, осы жігітке байға тиесің деген де, Күлипә тимеймін деп үш күн, үш түн жылаған да, төртінші күні ырзалығын берген. Қойшы содан не керек, бірі жас бірі жасамыс екуі бір-біріне сүйеу болып бір шаңырақ астында өмір сүріп келеді. Көп ұзамай Әбдешімнің анасы Түймен кемпір ауырмай-сырқамай дүние салды. Артынша бірінен соң бірі Күлипәнің әке-шешесі де көк сау болып жатып көз жұмды. Сол уақ Күлипәға ауыр соққы болып тиді. Көршілердің айтысына қарағанда содан бері Күлипә «біртүрлі» болып қалған. Айнаға қарап өз-өзімен сөйлесетін ғадет тапқан. Не алданыш болар балалары жоқ, әлгі, көрші қатындардың Әбдәшім турасындағы сыпсың өсектерінің бір шеті сонда шыға бастады.
– Е-е-е, қайтсін бишара, бар кінәрат өзінде болған соң да, ішіне күйігі түсіп соған бола ішіп, анда-санда жаза басып қалатыны бар ғой байғұстың, әйтпесе бұл ауылда Әбдәшімдей елгезек жан жоқ ғой жоқ, қой аузынан шөп алмас бір момын адам. Мүсәпір ғой, бишара, – деп мұқата отырып, аяитын, аяп отырып мұқататын. Әбдәшім соңғы жылдары шау тартып, қатты жүдеп, екі жағы бірдей суалып, күрт қартайып кетті. Аяққа түскен жаман жарасы көп мазалап, таяқ ұстап қалғанына да біраз болған. Сонысына да қорланатын секілді. Көп сөйлемей, өз ойымен өзі, басы кеудесіне түсіп, оқшау отыратын да қоятын. Ондайда Күлипә қарт күйеуіне көңілі көншімей: «осы дүниенің бүткіл қайғысын бір өзің көтеріп жүргендей несіне сары уайымға салына бересің-ей?» деп кейістік танытатын.
Бір жақсысы Күлипә өзін айнадан қарағанда тіпті де көріксізбін, я болмаса салпы етек жаман қатынмын деп ойламайтын. Ол өзін айнадан қарағанда, құдды бір перизатты көргендей тамсана қарайтын. Бұл жалған да кім сұлу, әрине Күлипә сұлу – деп, ерінін дүрдитіп, көздерін аударып-төңкеріп, сүрмеленген кірпіктерін қағып-қағып қалатын. Осындай құдай берген сұлулықты құртып тұрған бір кемшілік болса, ол өңінің қаралығы еді, оның да жарасы жеңіл сияқты көрінетін. Күндердің күнінде бір ғажайыптың көмегімен шойын қара Күлипә әппақ манардай жарқырап шыға келетініне имандай сенетін, сеніп келе жатқанына да бақандай отыз бес жыл. Тек сол ғажайыбы құрғыр жыл өткен сайын қолға ұстатпайтын, не қусаң жете алмайтын ақ сағымға айналып бара жатқандай еді-ау. Әй, дәуде болса сол ғажайыптың сырын бір білсе қарсы беттегі көрші келіншек Айсұлу білетіндей көрінетін. Себебі, Айсұлу – ай десе аузы, күн десе көзі бар, тумысынан әппәқ келіншек. Жасы болса қырықтың ішіне таяса да сырын да, сынын да кетірмеген сұлу әйел. Оның жасындағы әйелдер бүгінде ауыздарында сау тісі қалмаған, иектері кемиген, беті-ауыздары мыжылған газеттей мыж-мыжы шыққан кемпір кейпіне түскен. Ал, Айсұлу болса реңін бермейді-ау, шіркін!
– Әйел болсаң, Айсұлудай-ақ бол, перизат перизат, қыздай-ау қыздай! – деп тамсанған талай еркек аңдамай сөйлеймін деп құдай қосқан қосақтарымен айлап керісіп жүретін. Мұндай уақиғалар Айсұлудың ең алғаш келін болып түскен уағында орын алған.
– Құдай-а-а-а құрсын, Айсұлудың бетінің жылтырағанын қайтейік, көк инені көтінен түрте алмайды екен!
– Бетім-ай, қай бетімді шымшиын, Айсұлу әлі күнге дейін қазанға ет аса алмайтын ақ саусақ көрінеді, – деген өсекті сол байымен керілдесіп, ақыры ошағы бір болған соң тулап-тулап барып басылатын салпы етек жаман қатындардың өздері шығаратын.
– Ойпыр-ой Айсұлуды айтам, өткенде үйіне қонақ келгенде құйрығын көтеріп, тамақ істеуге де жарамапты.
– Бетім-ай… қай бетімді шымшиын сол қонақтардың өздері әкелген бытым-сытымдарын алдарына қойып, өтірік күліп отырып шығарып салыпты дейді.
– Өз бидайын өздеріне қуырып беріпті десейші, – деген ошақ басындағы қатындар қолдары қалт еткенде Айсұлуды күндейтін.
Бүгінде Айсұлу төрт баланың анасы, мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Әлі де сұлулықтың салтанатты тұғырынан түсе қоймаған. Сол Айсұлу, менің анам! Күлипәнің бар ойы анамның сұлулығының сыры жайлы көп нәрсені бір білсе, мына мен біледі деген долбармен күніге мені айналшықтап тиіп-қашып әңгімеге тартатын әдет тапқан. Әрине, алдаусырату үшін қолына тәтті мәмпәси, қолдың ірмшік-құрты деген сияқты оны-мұныларын тағы ала шығатын да, айғайлап жүріп үй жағына шақырып алатын. Бүгінде солай:
– Күлипә апке не болды, тез айтыңызшы асығыс едім, – деп ойын болып жатқан жаққа алаңдап, алып-ұшып жанына таянғаным сол еді…. (Мендегі мақсат тәтті-пәттісін алған соң, мамам бетіне сүт жағады деп тайып тұру ғой.)
– Қайда асығасың, ойынға ма? Алтыншы класс оқисың, өгіздей боп жүгіре бергенге ұялмайсың ба? Баяғы заманда сенімен жасты қыздарды күйеуге берген, – деді бүйірін таянып. Тілінің тотиайыны бар.
–Т-у-у-у сізде бір, – деп өзгеше қызарып, әулідегі тапшанға жайылған кең дастарханның қасына келіп жайғастым. Дастархан жәйнап тұр. Обалы не керек, Күлипә өте бес аспап, бармағынан бал тамған, спадияр келіншек, қолдың ірімшігі дейсің бе, құрт-май, жент, қақталған қауын қақ, қауыншек дегендер дастарханда сықасып тұр, көздерім жайнап сала берді.
– Ал… тағы не сұрайсыз? Мамам жайлы не білгіңіз келеді? – дедім күндегісін күнде қайталана беретін бір сарынды сұрақтардан мезі болсамда, дастархандағы самсаған көп тәттіге қарап жұтына түсіп. Күлипә қарасы мол шүңіректеу көздерін аудара бір қарап алды да,
– Кел әуелі шәй ішіп алайық, – деп буы бұрқыраған самаурынды сыйлы қонақтай ортаға шығарды. Екі иығынан демалған сары самаурынның кемпірігін алып, ет жеңді жұдырығымен қақпағынан «торс» еткізіп бір қойды. Сонан соң бар пәрменімен самаурынның төбесінен үрлеп кеп жіберіп, тамағын қапқан көк түтінге булығып, қақалып-шашалып, ашыған көздерін уқалап жатып:
– Күнге жамәәән күйіп кеткем иәәә…. – деді. Бейне бір күнге тотығып күйіп кеткендігіне сары самаурын кінәлідей-ақ. Қайтара төмпештеп қояды оны. Бір уақытта шүмегінен сылдыратып отырып, кесеге ыстық шай құя бастады. Жел кептірген қараторы өңі мен сәл қоңқақтау біткен мұрыны самаурынның буына тершіп, батар күннің шұғыласына шағылысып, жылтырай кетті. «Табиғатыңнан қап-қарасың ғой» деп айтқым келген әлгіндегі сөзіне, әмсе байғұс келіншектің меселі бір жола құрып қалмасын деген ниетпен:
– Иә, қарайып кетіпсіз, ана жолы әппәқ едіңіз ғой, – дедім бетім бүлік етпей қызыл күрең сүт қатқан шайдан сораптап отырып мырс етіп.
Күлипә бар ынты-шынтысымен күліп алды. Күлгенде бүкіл денесі алып таудың қозғалатынындай көрінеді екен.
– Айтасың-ау, сен қызда бір, – деді маңдайынан төмен жылжып аузына жеткен терін орамалының шетімен сүртіп жатып.
– Менің қайғым білесің ғой, қайтсем ағарамын деп кірпік қақпай ойланамын. Осы дим да, құдай тағалада бір шебер ғой, кейбір адамдарға үйіп-төгіп бар сұлулықты бере салады… Мысалы, сенің шешең, тал бойында бір мін жоқ-ау, – деп тамсана тіл қатты.
– Түкіріп қойыңыз! – дедім кеседегі қызыл күрең шайдан алып жатып.
– Ойбай, тіфай тіфай… – деген Күлипә «кеңк» етіп бір күлді де, иығына қарата түкірінді.
– Анау ән бар ғой, «Қарағым-ай, сұлулық осындай болады екен, бір басқа армансыз қонады екен» деген ше, сол ән сенің шешеңе арналған ғой.
– Жоқ, ол ән емес, шешеме арналған.
– Ие енді қайсы?
– Мамама арналған ән – Саят Медеуов орындайтын «Сен – көріктісің, көріктісің» деген ән.
Күлипә ернін «сылп» еткізіп, бетін шымшылап:
– Бүкіл ән сенің шешеңе арналған екенда тегі, оны кім айтты саған? – Танауы делбең ете қалды білем.
– Мамамның өзі айтты, – дедім шәй толы кесемді дастарханға қоя сап,
– Әй, сенің шешеңді қайдам, ол ән маған арналған қарағым, – деді кенет Күлипә қабағын түйіп.
– Жоқ ол менің мамамның әні!
– Оттапсың! Бүткіл сұлулыққа қатысты әннің бәрі сенің шешеңе арнала береді екен д-ә-ә-ә-ә жүдәмә, мүмкін әлгі «Красиваааа» деген Плиптің әні де сенің шешеңе арналған шығар.
– Ол Миладзенің әні ғой…
– Әй, қойшы-ей! Бізге не қалады сонда, мүмкін бізге де бір соқыр кәмпазитр ән арнаған шығар, о несі-ей! – деген Күлипә шүңірек көздерімен маған алая бір қарап қойып, жырық кеседегі шәйін сораптай берді…
Мен үндегем жоқ. Ішімнен жұрттың «жынды» дейтіндейі бар екен ғой деп ойлап қойдым.
Аз ғана үнсіздіктен соң:
– Мен байғұс әкем бишараға тартқам ғой, шешеме тартсам, әппәәәәқ боп кетпесемде, кішкене қызылшырайлылау болар ма едім, – деп бастады әңгімесін.
Кенет, Күлипә жарықтық әкесі Сейсен шалды есіне алып өз-өзінен қыстығып бір кемсеңдесін.
Мен Күлипәні түсінбейтінмін, ол менімен тел өскен құрдасындай, тіпті кейде сырласындай мұңданатын, абажадай алып тұлғасымен, бір түрлі суық, кейде сондайлық мұңдылау шүңірек көздерімен, қаршадай менен әлдебір ақыл-кеңес сұрайтындай қиыла қарайтын еді. Кіп-кішкентай жүрегімнен мейірім күтетіндей көрінетін. Мен оны қалай жұбатамын? Қайғы дегеннің не екенін білмейтін алтыншы сыныптың баласы дап-дардай әйелге не деп басу айтсын? Үндегем жоқ. Күлипә да баланың алдында несіне көлгірсіп отырмын дегендей, бір уақ қойнына жасырған орамалын шығарып, көз жасын сүртті. Сосын мұрнын бір тартты да:
– Қайбір жылы бір гәзиттен бір құпия крем жайлы оқып едім, есектің сүтінен жасалады екен, соны күнде жақсаң, тіпті негірдің өзі әппәқ жұмыртқадай болады екен, рас айтам, – деп бастады әңгімесін.
– Ө-й-й-й, өтірік ол! – дедім менде тыныш отырмай.
– Өтірік! Мамам «адамда табиғи сұлулық жоқ болса, бәрі бекер» деген, – дедім.
Күлипәнің талағы тарс айырылды.
– Әәйй қойшы-ей! Азаннан кешке дейін менің мамам бүйдеген, менің мамам сүйдеген деп қақылдай бермей! Сенің шешеңдей сұлу бола алмадық ал! Қайтпек керек енді, бір қарекетін қылу керек шығар бізге де, о несі ей? Қақ-қақ етіп… Не көп, Созақта есек көп, байлап қойда, сүтін сау да, бетіңе жақ, бітті! Сен көр, мен көр, бір айда Тоника Телечу боп шыға келмеймін бе, ессізғағыр!
– Кім дейсіз?
– Тоника Телучи
– Ойбай, ішім, – деп отырған жерімде күлкіден екі бүктеліп қалдым.
– Ішіңе жын кірді ме, сорлы-ау, әй не болды? – деген Күлипә мені қыжырта бастады.
– Моника Беллучи десеңізші.
– И-и-и-и, құрсын, телевизорда естігенімізді айтамызда, – деген Күлипа мені тағы да әңгімеге тарта бастады. Бұл жолы шындап ыңғай танытып:
– Оданда айтшы, осы сенің шешең бетіне не жағады? – деп маған қарай ұмсына түсіп, сықпа құрттың бір-екеуін алдыма тастап, бұл жолы ақырын сыбырлай сөйледі.
– Мамам бетіне ештеңе де жақпайды, – дедім сықпа құрттың бір-екеуін қалтама сүңгітіп жатып.
– Өтірік айтасың сенің шешең бетіне бірдеңе жағады, әйтпесе бірінің артынан бірі төрт бірдей бала туған қатынның терісі салбырап кетпей, калай тұр-ей? – деп төрт саусағын бетіме тақаған Күлипә, әңгімесін одан әрі сабақтап, – Сенің шешең қашан көрсең заботтан кеше шыққан пәрпор ыдыстай жылтырайды да жүреді, – деді үнінде қызғаныштың табы бар.
– Рас айтам, нан ұрсын, мамам бетіне ештеңе де жақпайды, тек кейде сиырдың сүтімен бетін сүртетіні болмаса, – деймін ақталып. Әйтсе де пәрпөрдің не зат екеніндігін бажайлай алмай тұрмын.
– Өтірік айтасың! Сиырдың сүтімен бетімді үш ай сүртім, неге менің бетім ағармайды? – деген Күлипә бұл жолы үш саусағын көзіме тақап, шындап ашуланды.
– Ту-у-у-у, Күлипә апке мен қайдан білейін? Неге осының бәрін мамамның өзінен сұрап алмайсыз? – деп ішіме ел қонған соң менде бұртиып өтірік ашулана қалдым. Күлипә үндеген жоқ. Ол үндемейтін, әсіресе Айсұлуды көрген сәтте.
Айсұлу мектепте мұғалім, күнде таң ертеңгісін сағат сегізде мектепке жиналады, жиналардағы ескі ғадеті шашын асықпай тарап, жоғарырақ түйгіштеп, құлағына гаухар сырғасын тағады, сонан соң, кеше кешкісін ұқыптылықпен үтектелген ілгіштегі киімін киеді. Бір жаксысы анама кез келген киім қона кетеді. Бір тегіс әппәқ өңін сәл-пәл опалап, туған күнінде әкем сыйлаған француз әтірін үстіне шашады да, аяғына биік өкшелі қара туфльиін киіп бипаздай басып, Күлипә тұрған көшенің бойымен әр қадамын санай басып, барынша сән-салтанатпен өте шығады. Бұл кезде Күлипә жазған үйінің терезесінен сырттағы Айсұлуға қарап, сонан соң, қол айнасына қарап қастарына сары май жағып, анама еліктеп өзінше ол да әрленеді. Бірақ, дәп Айсұлудай болмаған соң, бәрі бекершіліке салынып қожырап қорланып, өзгеше берекесізденетінін қайтерсіз! Міне, дәл сол уақытта Күлипә көшеде италян киносындағы әртістерше сылаң қаққан Айсұлуды тоқтатып алып, «осы сен бәтшәқар бетіңе не жағасың-ей?!» – деп сұрап алғысы келетін, бірақ бір беймәлім сезім көткеншектетіп кері тартқылай беретін.
Бір күні Күлипәнің есігінің алдының шаңы аспанға көтеріліп, үйдегі кесе-табақ біткен тегіс сыртқа қарай атылып, аяқ астынан “салдыр-гүлдір” ете қалды. Үйден әуелі таяғын шошаңдатып Әбдәшім шықты:
– Өййййй, әкеңнің жеті атасы күйгенде сенен-ақ күйдім-ау, ағармайтын бетіңді несіне шапақтай бересің, ешектің сүті дейді ғой, сенің ондай сандырағыңды сол ешектің өзі естісе, құлағы керең боп қалатын шығар, – деп қолына ала таяғын енді ала бергенде:
– Ойбай, өлтірді, Түименнің қу жалғызы өлтірді, ойбай, көргенде көресіні қу шойнақтан көрдім-ау ойбай! – деп ойбайға басып еңіреп далаға атып шыққан Күлипәнің даусын көршілер түгел естіді. Мұндай оқиға бірінші рет емес еді, үйренісіп қалған ерлі-зайыпты жаулардың бұған дейін талай уақиғаларына куә көршілер, үйлерінен сыртқа шығып, көшпелі цирктің қойылымын тамашалағандай қарайды да, аздан соң үйлеріне тарқасады. Тек арасындағы бетке шығарлары жиылып, екеуін ымыраға келтіріп, соңынан сол үйдің құрт-майына қарық болып, қазан көтертіп, ет жеп, самаурынның шәйін ішіп, үлкендер жағы ақылдарын айтып, бірақ тарқайтын.
Бүгінде Күлипә мен Әбдешім жиынынан анам ішегі қата күліп келді. «Ииии жынды қатын, Әбдәшімге бетіме есектің сүтін жағамын, есек сатып алайық деп аз-кем жиған ақшасын қолына беріп, Созақтағы есек ұстайтын шаруа өзбектерге жұмсапты, сөйтсе Әбдәшім жарты ақшасына сылқия тойып, қалған тиын-тебеніне майда мал тез көбейеді деп бес бірдей тоқал ешкі сатып алып келген екен. Оны көрген Күлипәнің көздері баданадай болып, қаны басына теуіп, Әбдәшімді жеті атасынан сыбап салыпты:
– Мен саған ешкі ал дедім бе, жарымес-ау, есек сатып алмайсың ба? Ешкіні қай бетіңмен әкелдің, ойбай, әлде құмалағын езіп, бетіне жақсын дедің бе депті.
– Ойбай-ау, бұ заманда ешкім есек сатпайды екен, Созақтың базарынан іздеп табалмадым, – деп ақтала сөйлеген Әбдәшімге Күлипә бет бақтырмай:
– Ту! Жаның барында есек ту! Әйтпесе, ешкілерің тусын деп айналдырған бес ешкіні бақыртып үй айналдыра тырқырата қумайма, содан еркек емес пе, Әбдәшім де ашуланып қолындағы таяғымен Күлипәнің басынан салып қалған екен, анау ебіл-дебіл жылап, ойбай ажырасамға басыпты. Содан не керек, Зина бар, Күләш бар, көршілер жабылып жүріп, екеуін татуластырамыз деп қазан көтеріп ет астық, ет жеп, сорпа ішілген соң Күлипә да шекесі жіпсіп, арқа-басын кеңге салып, көңілдене бастады, содан Күләш сұрамай ма:
– Жазған-ау, есектің сүтін бетіме жағам дегенің қай сасқаның, – деп…
– Газиттен оқыдым, – дейді анау.
– Апырау-ау, ол неғылған газет, әкеп көрсетші, бізде оқиық десе,
Күлипа әбден тозып, ақ жемі шығып, жыртылуға айналған газетті омыраушасына жасырған екен, шығарып көрсетсін. Расында солай жазылған екен, есектің сүтін жақса тіпті сонау Африкадағы қара негірдің өзі әппақ жұмыртқадай болады-мыс. Апырай-ай, аааа, естімеген елде көп деген, еті арам, еңбегі адал есектің сүті де бір кәдеге асар деп кім ойлаған. Кенет газетті ары-бері аударыстырып отырған Күләш әй-шай жоқ қыстығып, бір күлсін, мынаған не болды деп бәріміз аңырамаймыз ба, анау сөйлей алмай, әр қайсымызды бір түрткілеп, қыстыға күледі кеп, күледі кеп, әй сорың құрғыр-ау, айтсаңшы, не болды, – деп Күләштің бетіне бәріміз аңтарылмаймыз ба, Күләш газетті ұстап алған, гәзеттің бетін бізге көрсетеді де күледі, ә көк соққан-ау, сөйтсек газеттің атауы «Қысыр әңгіме» деген кіл өтірік, қу сөз жазатын газет екен. Анау соған сеніп байбалам салып жүр екен.
А, жынды қатын деп, сол жерде отырғандардың бәрі күлкіден тегіс жатып қалдық, сөйтсек Күлипә отыр дым болмағандай: «Әәәә, жазған басым қайдан білейін газеттердің бәріне тек шындық ғана жазыла ма десем» деп төмен қарайды, – деп анам әңгімесін аяқтап, бәрімізді күлдірді.
Кейде маған Күлипә ешқашан есеймеген, есейсе де бір қияңқы балалығынан арыла қоймаған, тентектеу, сол тентектігінен оңбай сыбағасын алған бір өкпешіл бала сияқты көрінетін еді. Ал кейде көк мұнар арасынан өз елін, өз өткенін іздеп, елсізді кезген аштық пен жол азабы қажытқан бір бейтаныс жолаушыдай елестейтін. Сол жолаушы өткен өміріндегі бір ғажайып перизат сықылданатын. Және дүниеде сол перизаттан басқа хас сұлу болмағандай көрінетін. Әйтеуір мен Күлипәнің қарасы мол шүңіректеу көздерінен сол өткенге деген ұлы сағынышты байқап, кейде менде Күлипәмен бірге ұшы-қиыры жоқ ұзақ сапарға бірге аттануға бар едім.
Сол жылы жазда Күлипә әк жағам деп бетін аймандай ғып күйдіріп аурухана төсегінен бірақ шықты. Көршілер: “ол қатынның дені сау емес, жеті молда шақырып, «шлиә» түсіріп оқытып жіберу керек” – деп күлкі қылды.
Мен оны ауруханаға іздеп бардым, палатада жалғыз өзі ішек-сілесі қата күліп отыр екен. Бет-аузынан сау тамтық қалмаған. Қып-қызыл боп күлдіреп қалыпты.
–Күлипә әпке мына түріңіз не?
– Құдай мені өлтірсін бе, бұрынғы ескі терімнің түгі қалмай сыпырылып қалды, енді жаңа терім теп-тегіс, әппақ боп жылтырап шығады дейді дәрігерлер, – деп масайрап отыр.
– Соған мәз боп отырсыз ба?
– И-и-и-и, жоқ, жаңа теледидардан жануарлар әлемі деген бағдарлама көрдім.
– Ие, содан?
– Кәдуілгі ағаштан-ағашқа секіріп жүретін сарғыш тиіндер бар емес пе?!
– Иә.
– Солар өздерінің еңбектеніп жинаған жаңғақтарын, әр-әр жерге жасырып тығып қояды екен де, сосын онысын ұмытып қалып жанұшыра іздейтін көрінеді, тиін бишаралардың дедектеп жүретіні содан екен ғой деп, көздері жасаурап, кеңілдей бір күлсін.
– Әйтеуір, тиіндер жинаған жаңғақты езіп бетке жағады деген жоқ па?
«Ыхы хы хы» деп мыжырайа күлген Күлипә «құрсын, енді бетіме ештеңе де жақпаймын, осы күйгенім де жетер» деп зорлана жымиды.
Мен ойладым, әйел жарықтық дүниеге келгер шағында, Құдай тағаладан келісті келбет сұрап алатындай мүмкіндігі болса, бүгінде жер бетіндегі өздерін сұлумыз деп есептейтін сылқым бикештер мен айдай арулар, бүгінгіден бетер зәлімдік пен екі жүзділіктің түбіне жетер ме еді…
Жер бетіндегі барлық әйел сенен мен сұлуырақпын деп бір-біріне күндестік қылып, еркек біткеннің қолындағы қаруын тартып алып, ел-елмен, жер-жермен жауласып, соғыс ашар ма еді…
Жалғанда әйел баласының өзінің сұлу екендігін білмейтін кезі қандай көркем еді! Бейнебір әйел бойында кінәрәтсіз тұмса табиғат ұйықтап жатқандай. Әйел адам өзінің сұлу екендігін ұққан сәттен бастап, оның өміріне ібіліс араласа бастайды да, сол табиғаттың айран-ботқасын шығаратындай.
Мен Күлипаның іздеген сұлулығын бірге іздеп көруге бар едім, бірақ өзім де бойжетіп, айнаға қарап, өз кескін-келбетімді зерттеп, өз тағдырымды іздеуге аттанып кеттім. Алайда, мен үшін Күлипә көптеген қазақ әйеліне тән аңғалдықты бойына жиған, табиғаттың әйел адамға тән сирек ақауымен бірге туылғандай көрінетін, сол ақауы болмаса Күлипә өз сұлулығын мұншама шарқ ұрып іздемес пе еді дейсің…
Ол тағдырынан бала сұрамады, байлық сұрамады, ол бір ғажайып сұлулықты сұрады, сол сұлулықты іздеді. Күні бүгінге дейін Күлипәнің бізге де, тіпті өзіне де беймәлім бір сұлулықты іздеп жүргенін мен жақсы білемін. Кім білсін, бәлкім, Күлипә іздеген сол сұлулықты біз білмейтін шығармыз….
Кенет, есіме Күлипә айтқан әлгі сарғыш тиін түсіп кетіп, еріксіз езу тарттым….
КӨКТЕМДЕ ҚҰСТАР ҚАЙТА МА?
Мен сол естеліктен күні бүгінге дейін арыла алмай жүрмін. Мен енді ол естеліктен ешқашан арылмайтынымды білемін. Ол естелік кейде менің жанымды жұлмалайды, жүйке жүйеме түскен құрт сияқты жанымды жегідей жейді, ал кейде ұйқымнан оятады. Ол естеліктің мені өз құрсауынан босатпай, тағдырыммен бірге жасап келе жатқанына да біраз жыл болды.
Бұл құс тағдырлы адам жайлы әңгіме еді, жүрегіме орнап үлгермесе де, төбемнен аз айналып ұшып кете барды. Аз айналды. Неге біз өз құстарымызды ұшырып алып жатамыз? Айдың күні аманда ол құстар қайда ұшып кетеді екен?
Үшінші курстың көктемі болатын, Қостанайдан Тілеужан есімді жігіт біздің курсқа жаңадан келіп қосылды. Бала кезінен Алматыны көрсем деген ұлық арманы оны ақыры, алып шахардағы ең ірі жоғарғы оқу орындарының біріндегі, көркем сурет факультетіне жетелеп алып келді. Оны ең алғаш Мәдібековтың сабағында байқадым. Орта бойлы, ақсары келген, дөңгелек жүзді бала екен.
– Бізге жаңадан студент бала келді. Есімі – Тілеужан, – деді Айко сыбырлап.
– Ә-ә-ә-ә, анау отырған бала ма?
– Иә, кеше живописте обножонка салғанда ұялғанын көрсең ғой, қабақтай Вераның жалаңаш тәнін жазудан ұялып, екі беті өрт болды дейсің, – деп Айко қыстыға күлді.
– Мүмкін обножонканы бірінші рет салуы шығар…
– Өзі де солай деді, ар жақтағы оқуында кілең натюрморт сала берген сияқты ғой, – деп жымиды.
– Ол орыс топтарының қандайлық жалаңаш мүсіндер жазып жүргенін көрмеген екен.
– Соны айтам-ау! Қайта біздің қазақ топтары бұтында лыпысы бар натуршитцаларды жазғанын олжа көріп, мәз боп жүрсе.
– Сызудан қалай екен өзі?
– Сөз жоқ керемет сызады екен, Мәдібеков дән риза.
– Онысы жақсы екен….
Желкелеп жүріп деканатқа бір сүйреп, аудиторияға екі сүйреп үштігін зорға қоятын Мәдібеков сабағында неге екендігін көзге көп түсіп қала беретін студенттің бірі болған соң, төңірегімнен сызуды жақсы сызатын адам іздейтінмін. Болмаса, ақшаға сыздыртатынмын. Иә, иә, ақшаға… Бес жүз теңге берсең, жоғары курстың ұлдары әп-әйбәт қып сызып, форматыңды қолыңа ұстататын. Алайда онымды Мәдібеков тез біліп қойды да, сызу сыза алмайсың деп зачеткамды бетіме лақтырып, аудиториядан айдап шықты. Бүгін тағы да Мәдібековтың сабағына кешігіп келгем. Есікті қаққанымда, бүйі көзі бағжаңдап өзі ашты.
– Кір, – деді сонан соң зілді дауыспен. Үнсіз тақтаның алдында тұрмын. Ол ақырын еденді сықырлатып жүріп, жаныма таянды:
– Осы сен не үшін Алматыға келдің? Әлі бір де бір детальді дұрыстап сызып келген жоқсың, – деді айбарлы кескінмен.
– …
– Неге үндемейсің?! Осы сендер, шымкенттіктер, оқымайтындарың бар, қайдан ғана топырлап Алматыға келе бересіңдер-ей, – деп “шаңқ” етті. Аяғының астындағы еден де неге дегендей “сықыр” етіп, үн қатты.
– Ағай, мен бәрібір суретші болмаймын.
– Енді кім болам деп келдің?
– Жазушы…
– Жазушының оқуына түспедің ба ендеше, нең бар худ-графта, – деп Мәдібеков және қалшылдады.
– “Жазушы” деген мамандықты оқытатын университет жоқ екен, бар болса түсер ем, дедім томсырайып. Ыпыны келіспеген Мәдібековтың бүйі көзі мені сонау бұрышқа қарата атып ұрғандай болды. Мен ең соңғы қатардағы бос тұрған орынға келіп жайғастым. Жанымда жаңадан келген кешегі бала отыр. Аз кем үнсіздіктен соң:
– Тілеужан, – деді қолын беріп.
– Айман….
– Қуаныштымын!
Білмеймін мен сол сәт қуанышты болдым ба, жоқ әлде бүйі көз Мәдібековтың үнемі “Шымкент” – деп кемсітіп қитығыма тиетінінен мезі болдым ба екен, самарқау бас шұлғыдым да отырдым. Бір қарағанымда Тілеужан менің тапсырмамды орындап отырды. Тіпті епті-ақ, менің апта бойы сыза алмай жүрген деталімнің ішкі-сыртқы өлшемдерін циркулін шыр айналдырып отырып сызып, есептеп шығара салды. Сол кезде барып мен оған назар салып анықтап қарай бастадым. Тым үлкенде емес, тым қысыңқы да емес, орташа біткен қой көзді. Бейне бір адам біткенге айыбы бардай қабағының астымен жаутаңдап қарай береді екен. Аздап жымиятын сияқты. Онысы өзіне бөлек кескін беретіндей. Бір сәт қоюлау қара қасына, ұзынша тал-тал кірпіктеріне қызыға қарап қалдым. Мұрны ғана пұшықтау екен, жігіт адам деген – Микеланджелоның Давиді сияқты мұрынды, сұңғыла пішінді болса ғой дедім сосын ішімнен. Бірақ оның осынау жас кейіпіндегі бар кемшілігі қырша бітпеген мұрны дейін десең, желкесінен төмендеу түскен жирен шашы оны соншалық тартымды көрсететіндей. Соны сезгендей өзі де маңғаздана отырып, мыртықтау саусақтарымен шашын тарақтап отырып, артқа қарата сілкіп қалды. Жүзінен әлі де балаң ұяңдығы кете қоймаған, бірақ ересек көрінуге әбден-ақ тырысып бағады. Оның уыз өңінен тым жас екендігі көрініп тұрды. Мен одан жасын сұрадым. Менен екі жастай кіші екен.
– Сен біздің жатақханаға орналастың ба дедім сосын әңгімені өзім бірінші болып бастап.
– Иә 54-нші бөлмеге орналастым.
– Әлгі спортта оқитын бұзықтар тұрмаушы ма еді онда, неге өзіміздің суретшілермен бірге тұрмадың?
– Суретшілердің қасынан бос орын табылмады
– Қап-ай…
– Жоқ, ол жігіттер өте жақсы, тек сабақтары таң ертегілік, мен үнемі бөлмеде жалғыз қалып қоямын, кілт соларда.
– Кілт жасатып алсаңшы, көк базарда кілт жасайтындар бар ғой.
– Мен әлі Алматыны білмеймін…
– Ә-ә-ә-ә солай екен ғой.
– Иә….
– Көк базар деген мына, Панфилов паркінен шамалы жоғары көтерілсең өзі-ақ көріненді.
– Ә-ә-ә-ә қашық емес екен ғой.
– Ал, сен театрда болдың ба?
– Жоқ…. бірақ барғым келеді….
– Біз, Айко екеуміз осы аптаның ішінде театрға барамыз, бізбен бірге барғың келсе ертіп барайық.
– Әрине барамын.
– Келістік!
– Осы… қайсысы қызығырақ, театр ма, кино ма?
– Театр – тірі организм. Сондықтан театр қызық.
Осы кезде Мәдібековтың қадала қарап тұрғанын аңдадым. Ол ақырын таянды да әдеттегіше танауын көкке көтере, мысқылдай күліп, бұл жолы Тілеужанға бұрылып:
– Әй, Тілеужан ба едің кім едің, сен бұл Шымкенттің қызына көп жолай берме, бұлар өте қу келеді. Бүгін сызуын сызып бересің, ертең ғашық боласың, арғы күні үйленем дейсің. Бірақ, бұлар уақыты келгенде өз жеріне тартып отырады – деді. Тілеужан аз-мұз қызарақтап төменшіктеп үнсіз езу тартты. Мәдібеков өз орнына жайғасқанда.
– Бүйі көз көки береді, – дедім ақырын сыбырлай сөйлеп. Тілеужан үнсіз күліп жіберді де:
– Неге “бүйі көз” – деді таңдана.
– Мен, Бетбақ далада өскем, біздің жақта бүйілер өте көп болатын. Бүйі деген өзі бір өте сұсты, әрі улы жәндік. Аңдамасаң жазды күндері үйге де кіріп кетуі мүмкін. Өздерінің көздері бар ғой құдды Мәдібековтен көздерінен аумайды, тура адамға атылатындай қарайды. Әне-міне, у-ын шашып жіберердей түктері едірейе қарайды. Мәдібеков ағайды көрсем сол қап-қара бүйілер есіме түседі дедім күліп.
– Суреттеуің жаман емес екен деген Тілеужан үнсіз жымиды.
Біздің әңгімеміз сабақтан соң да жалғасты. Көбісі Алматының көрікті жерлері жайлы болды. Ол өзінің Қостанайын, одан арғы Арқалығын сөз қылды. Мен Алматы мен Шымкентті, арасында Созақ жайлы толғандым.
Кенеттен Тілеужан:
– Адамдарды әртүрлі аң-құсқа, жәнтіктерге ұқсата алатын суретшілер ғана деседі. Сен Мәдібеков ағайды бүйіге ұқсатасың, мұның өте сәтті теңеу екен, расында ойланып қарасаң ұқсастық бар сияқты, ал мені қандай жәндікке ұқсатқан болар едің – деді аз ғана миық тартып.
– Сені… сені…
Мен оны бастан-аяқ көзбен шолып шықтым да.
– Сені құсқа ұқсатам, қорықпа тауық емессің, сен бар ғой қара торғайға ұқсайсың, қара торғай, сонау Қостанайдан қанатың талмай қалай ұшып жеттің-ей деп күлдім.
– Сен Шымкенттен қалай жетсең, менде солай жеттім деді олда күле сөйлеп.
– Демек сенде мені құсқа ұқсатады екенсің ғой,
– Иә, ақ көгершінге ұқсайсың….
– Аққуға ұқсататын шығар десем….
– Уақыты келгенде аққуға да ұқсап кетерсің кім біледі – деп оң көзін қыса күлді….
– Уақыты келмесе ше, кептер болып жүре берем бе сонда?
– Уақыты келсе ше?..
– Аққу… аққу… қызық…
Кенеттен екеуміздің әңгімеміз жараса кеткеніне өзімізде таң-тамаша болдық, әрі тосылдық. Аз ғана үнсіздіктен соң мен қайта әңгімені жалғадым.
– Білесің бе, Мәдібеков мені неге жеккөреді?
– Шымкенттік болғаның үшін шығар….
– Кейбір адамдардың Шымкенттіктерді неге сонша жеккөретінін түсінбеймін.
– Менде түсінбеймін….
– Өзің ойлап қарашы сен Қостанайдан мен Шымкенттен екеумізде пәлендей айырмашылық жоқ. Жарайды, жарайды сендер кішкене орыс тілді демесеңдер. Бірақ біз бір дәуірдің адамдарымыз ғой, бір елде өмір сүріп жатырмыз, тағдырымызда бірдей, бірдей құндылықтар мен заңдар негізінде өмір сүреміз, тіпті ойлау қабілеттерімізде ұқсас болуы мүмкін. Айналдырған бес-алты қазақ жер-жерге бөлінбей-ақ тату-тәтті өмір сүре берсек болмас па еді?
– Жершілдік пен рушылдық қазақты құртатын қасиет дейтін әкем.
– Өте дұрыс айтқан!
Өткен жылы сессияда Мәдібеков мені жазға қалдырды. Сондағысы, қызыл пальто киіп алып худ-графтың алдынан әрі өтесің, бері өтесің сабақ оқымайсың деп менің су жаңа қызыл пальтома тиісе жөнелгені. Ой, ағай енді қызыл пальто киіп алып, Жургеновтың алдында жүрмеймін ғой, худ-графта оқыған соң, өз территориямда жүремін ғой – деп айтып аузымды жиғанымша болған жоқ, маған қараты қолындағы борды жіберіп қалғаны. Зымырандай атылған боры бар болғыр, қақ маңдайыма шақ етіп тиді де, шекем шодырайды да қалды. Ызамның келгені-ай!
– Өй, өзіңде бір бүйі екенсің! – деп есікті тарс жауып аудиториядан атып шықтым. Содан Мәдібековтың бет-жүзін жазда бір-ақ көрдім.
Тілеужан маған қарап ішек-сілесі қата күлді.
– Неге күлесің?
– Жәй ештеңе….бұл барып тұрған есерлік екен расында деген, Тілеужан аузын басып қайтадан күле түсті.
– Соған қарағанда жазған мұғалімнің бір кездегі ғашығы Шымкенттің қызы болуы керек. Бәлкім сол қыз бір кездері Мәдібековтың жүрегіне жара салып кетіп, бейшара Мәдібеков сол күннен бастап Шымкенттің қыздарымен мәңгілікке жауласып алған сыңайлы дегенімде – Тілеужанның аузы жаялықтай болып одан сайын күлкіге бассын.
– Неге күле бересің, деп менің шекем тырысып шындап ашулана бастадым.
– Фантазияң мықты екен, сенен расымен мықты жазушы шыққалы тұр.
– Рас айтам болмаса, неге маған кимеле береді? Неге Ақтөбеліктерге, Тараздықтарға тиіспейді олар да толып жүр емес пе? Шымкент Шымкент! Бейне бір Мәдібековтың өміріндегі күллі сәтсіздіктерге Шымкенттіктер ғана кінәлі сияқты.
– Бәлкім сол баяғы Шымкенттік ғашығы саған ұқсайтын шығар – деді ойнақы кескінмен кекете сөйлеген Тілеужан.
– Құдайым-ай! Жетпегені сол еді!
Біз жатақхананың есігіне келгенде Тілеужан маған тағы да қолын беріп-танысқаныма өте қуаныштымын – деді. Жүзі бал-бұл жанады. Мұрны да анау айтқандай пұшық емес сияқты көрінді. Сызудан көмек қажет болса қысылмай айт, сендей күлкілі қызға көмектесуге әрқашан да әзірмін деді кеудесіне қолын апарып, ізетпен басын изеді. Өзімнің де күткенім осы сөз болатын. Сол күні мен өте көңілді жүрдім. Біздің қатарға Тілеужан қосылды. Ол ендігі жерде менің ғана досым болатын, басқа ешкімнің емес.
Апта аяғына таяғанда, Айко екеуміз театрға барып билет алып қою керектігін ойласып, асығыс киініп сыртқа шықтық. Есіктің алдында Тілеужан жүр екен. Өткен жолғы уәдем есіме түсті.
– Тілеужан, біз бүгін театрға барып билет алып келеміз, саған да алайық па дедім. Тілеужан бір түрлі қуанышпен:
– Иә, әрине алыңдар, қазір ақшасын берейін деп қалтасын қарманды.
– Бұл жолы біз сені театрға шақырамыз, ақшаңның керегі жоқ дедік, Айко екеуміз бірдей қосақтаса. Тілеужанның жүзі қызарақтап, аз жымиғандай болды.
Айко, екеуміз театрдың кассасына келіп бүгінгі болатын “ Сыған серенадасына” билет сұрағанымызда билет жоқ болып шықты. Ертеңге қандай спектакль дейміз жамырай сөйлеп.
– ”Мәңгілік бала бейне”
– Балконнан екі билет беріңізші дедім кассаның саңылауына ақшамды тықпалап жатып. Айко иығымнан қозғап, Тілеужанға да бір билет алсаңшы деді.
– Қазір қоя тұршы… екі билет балконнан иә….
– Тілеужанға да бір билет алсаңшы деймін – деп Айко қосақтасты….
– Айко, білесің бе ертең Тілеужан келмейтін сияқты….
– Неге?
Білмеймін дегендей иығымды қозғай бердім.
Сөмкемді бір ашып, бір жауып тағы ойға шомдым. Тағы бір билет алуға ақшам да жеткілікті, бірақ бір беймағұлым сезім ертеңгі болар спектакльді ойласам, жанымнан тек Айконы ғана көре беремін. Тек, Айко ғана қасымда қосақтасып келе жатқандай….
Жексенбі. Түс әлетіне таянғанда бөлме сүйретпесін сылпылдатып жуынатын бөлмеге келдім. Қабырға айнасынан күп боп іскен бетіме қадала қарап тұрдым. Жанымда көрші бөлмедегі Асел жуынып жатты. Кенет ол да айнаға қарады да:
– Естідің бе? – деді түсі қаша.
– Нені?
– Тілеужан қайтыс болыпты….
– А-а-а-а… қа… қалай, мен оны кеше ғана…
– Ауырады екен ғой, тілі кетіп қалыпты… не деуші еді әлгі с..с..судргасы ұстаған.
Менің табанымның астындағы жер қозғалып жатқандай, жүрегім лобып басым айналды. Раквинаның алдына келіп мұздай сумен бетімді қайта-қайта жудым. Айнадағы жүзіме тіпті қарағым келмейді. Жүгіріп бөлмеге барып, Айконы жұлқып ояттым. Тілеужан қайтыс болыпты деймін бар даусыммен. Айко ештеңе түсінбедім дегендей.
– Не дейсің? – дейді көзін уқалап жатып
– Тілеужан енді жоқ, өліп қалыпты деймін.
– Қаш..ааан? Не? – деп есеңгіреген Айко төсегінен асығыс тұрды да киіне бастады. Киініп жүріп, байғұс бала-ай кеше… кеше билет ала салуың керек еді деп кемсеңдеп жылап жіберді…
Жедел жәрдем мен полиция көлігі жатақхананың алдын келіп тоқтағанда студенттер топырлап есіктің алдына жиналып қалды. Тілеужанның денесін шығарып жатқандағы көрініске жүрегім шыдамай Панфилов паркін айналып жоқ болдым. Кеудемді бір ауыр мұң басып алғандай. Жылайын десем жылай алмаймын. “Ертең Тілеужан келмейтін сияқты” – деген кешегі кассаның алдындағы сөзім құлағыма жаңғырып келе береді. Ертең Тілеужан келмейтін сияқты… келмейтін сияқты…келмейтін сияқты…
Неге, неге олай айттым екен, жазған басым-ай деймін жаным қысыла. Қайдан ғана сол сөз аузыма түсе қалып еді, деп өз-өзімді жазғырып орыс шіркеуінің маңайында сандалып жүрдім де қойдым. Мені бір қайғы өртеді, сол қайғы менің емес, өзге біреудің қайғысы болса екен дейтін сияқтымын. Бірақ, жаным солқылдайды, жүрегім өрекпіп аузыма тығылады. Мені ар-ұят өртеді. Олда біреудің ар-ұяты болса екен деймін, жоқ олда өзімдікі сияқты. Сол ар-ұятты бар адамның ауызынан әлгіндегідей сөз шығушы ма еді? Шықты ғой сол сөзді өзге біреу емес дәл – мына мен айттым ғой. Енді міне, сол бір ғана оқыстан айтылған сөз орны толмас ауыр қайғы әкелгендей және сол қайғы өзімді де жазықсыз, Тілеужанды да өртегендей, жанымның жүдеп тұрғаны-ай! Бәлкім оның артында аңырап анасы қалған шығар, бауырлары, қимас достары бар шығар… сүйгені ше… ол өзі ғашық болып үлгерді ме… соны ойласам жүрегім алай-дүлей, өңім әлем-тапырақ болды.
Жатақхананың алдына келгенде бұрыш-бұрышта жылап отырған қыздарды, өңі қашқан ұлдарды көрдім. Олардың қайғысына ортақтасып әлдене деуге менің шамам келмеді. Бейне бір қылмыс жасаған адамдай, өз-өзімнен оқшауланып ешкімге жоламаймын. Айкоға қарауға тіпті бетім жоқ. Олда менен қуыстанатын сияқты. Бөлмеге келіп төсегіме құладым да қалжырап ұйықтап кеттім.
Сол күні мен де ұйқымнан оянбасам ғой деп едім…
Кешкісін бөлмеге Айко келді.
– Бүгін театрға баратын күніміз ғой есің де ме дейді самарқау ғана.
– Тілеужан бұрыннан ауыра ма екен?
– Иә, эпилепсиямен ауырады екен. Алматының ауа-райы жақпаған депті дәрігерлер. тілі ішіне кетіп, тұншығып өліпті.
– Жанында бірге тұратын балалар неге көмектеспеген?
– Олардың барлығы сабақта болған, Тілеужанды сыртынан құлыптап кете берген. Қазір барлығы бөлімшеде көрінеді сұралып жатыр екен.
– Қиын болған екен…
– Иә, бүгін өте ауыр күн болды…
– Айко… мен, мен Тілеужанның қайтыс болып кететінін білгенім жоқ рас айтам дедім жанарыма жас айналып.
– Бұлай боларын кім ойлаған дейді олда кемсеңдеп.
– Құдайым-ай! Ол тірі болса қазір-ақ сүйреп көк базарға алып барып, кілтін жасатқан болар едім, театрға ертіп барып спектакль көрсеткен болар едім ғой. Бар болғаны жиырма бір ақ жас, адам жиырма бір жасында не жасап үлгереді айтшы өзің? Тіпті, театрға баруға да үлгермеді емес пе? – деп Айконы құшақтай ала ағыл да тегіл жыладым-ай. Айко да ұзақ егілді.
Айко:
– Тілеужан көре алмай кеткен спектакльді бірге тамашалап қайтайықшы деп қолқалады.
Өмір дегеннің осынша айлалы боларын кім білген? Мен онымен кеше ғана таныстым, бүгін ол қайтыс болды. Өмірдің табалдырығын аттап та үлгермеді, есігінен қайтты есігінен тіпті тұтқасында ұстаған жоқ…
Айко екеуміз театрға кешігіп келдік. Балконнан алған орнымызға үнсіз, әрі соншалық қайғылы кейіпте жайғастық. Мен жанымдағы бос орынға қайта-қайта қарай бердім.
– Айко, қарашы жанымдағы бір орын бос тұр, бұл Тілеужанның орны болушы еді ғой деймін.
– Мүмкін билет иесі кешігіп жатқан шығар….
– Жоқ. Мұнда Тілеужан отыр….
Айконың өңі әппақ шүберектей бозарып кетті де, менің қолымнан қысып ұстап алды. Жанымдағы орындық спектакль аяқталғанша бос тұрды. Бос тұрды… бос тұрды деген аты ғана сол бос орындықтан әлде қалай бір жылулық есіп тұрғандай, мен бос тұрған орынға қайта-қайта жалтақтап қарай бердім. Жалт бұрылсам буға айналып ұшып кететіндей, көзге көрінбейтін бір дене дәл менің жанымда спектакль тамашалап отырғандай, әлде қалай пысылдағандай, көрерменнің ду қол шапалағына қосылып, олда қол соғып жатқандай, арасында күлгендей, үнсіз егіліп жылағандай болды.
Сахна шымылдығы түсіп, әртістер құрмет-қошеметке бөленген соң, көрермендер дүр қозғалып орындарынан жылжи бастады. Сол кезде байқадым, менің жанымдағы бос орындықтың аяқ жағында көзге көрінер көрінбес бір бүктеулі қағаз жатты. Жерден көтергенімде оның театрдың билеті екенін аңдадым. Нөмері де менің жанымдағы бос тұрған орынның нөмеріне сәйкес болып шықты. Айконы ақырын түртіп, аялдай тұруын сұрадым да өзім әлгі бос орынға жақындап, орындық жақтауларын ақырын сипап көрдім. Қазір ғана адам отырғандай жып-жылы, суымаған қалпы тұр.
Менің маңдайымнан мұздай тер бұрық ете қалды.
Мен оны бекер-ақ қара торғайға ұқсатқан екем, кеше ұшып келген қара торғай, көктем келгенде қайтадан өз мекеніне ұшты да кетті.
– Көктемде құстар қайта ма?
– Қайтады екен…