АСЫҒЫ АЛШЫСЫНАН ТҮСКЕН АҚЫН

Қазақ халқы шынайы таланттар мен дарындарға әсте кенде болмаған. Сондай өнерімен елдің құрмет-қошеметіне бөленіп жүрген шашасына шаң жұқпас хас жүйріктің бірі – қазақ өлеңіне өз даусы, өзіндік өрнегімен келген Бауыржан Жақыптың есімі бүгінгі жырсүйер қауымға жақсы таныс. Ақын поэзиясы ұлттық бояуының қанықтығымен, қазақи дәстүрден тамыр тартқан көркемдігімен және ақыл мен сезім пернелерін егіз өретіндігімен ерекшеленеді.
Бауыржан Жақып – сегіз қырлы, бір сырлы қаламгер. Ақын, ғалым, журналист, аудармашы, ұстаз, білікті басшы… Үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіріп, жұрттың бәрімен ортақ тіл табыса білетін азаматтық тұлғасын да айта кеткеніміз орынды шығар.
Ақын өзі өлеңдерінде талай мәрте жырлағанындай, Шыңғыстаудың бауырында, ұлы Абай, дана Шәкәрім, кемеңгер Әуезовтер өмір сүрген қасиетті топырақта дүниеге келді. Жастайынан Абай жырын жаттап, «Абай жолын» бойтұмардай қастерлеп өсті. Абай тұнығынан мейлінше қанып ішіп, Әуезовтың тереңіне бойлады. Ұлылардан тәлім алып, соларға қарап ой да, бой да түзеді. Бұл тағдырдың маңдайына жазған бақыты ғана емес, үлкен жауапкершілік екенін түсінді. Түсінді де, солар салған жолға түсіп, қызығы мен қиындығы қатар өрілер ақындық тағдырды таңдап алды.
Бауыржан ағамен бір ауылда туып-өстім. Тіпті бір шатырдың астында, ұзын бір үйдің бір жағында олар, бір жағында біз тұрдық. Есіктеріміз де екі жаққа қарай ашылатын. Қыстың кей күндері қар қалың жауса, үйіміздің төбесіне дейін басып қалушы еді. Сонда қайсысымыз бірінші шықсақ, есіктің алдындағы қарды күреп, сыртқа шығарып алушы едік. Қақаған қысы мен ақ түтек бораны болмаса, ынтымағы жарасқан, береке-бірлігі мол ауыл еді. Ақын «Біздің ауыл» атты өлеңінде туып-өскен ауылы туралы былайша ой қозғап, жыр толғайды.

Біздің ауыл – сауықшыл, сәншіл ауыл,
Бір соқпастан кетпейтін әнші дауыл.
Қытығына тимесең қойдан жуас,
Ашуланса бишікті, қамшылы ауыл.
Шалғыда жүр шалдары шаруа ап тәуір,
Еске аламын өткенді әр уақта бір.
Тағзым еткен айқұлақ зираттарға,
Біздің ауыл – әулие, аруақты ауыл.

Әміренің әнімен оянады,
Тәттімбеттің күйіне боянады.
Алақанға салып ап сол бір ауыл
Төлеужанның жырларын аялады.

Біздің ауыл – сол ауыл, баяғы ауыл,
Жүзін күннің нұрына шаяды ауыл.
Көк аспанға ақша бұлт бөркін атып,
Қонақ келсе, құшағын жаяды ауыл.
Осы шағын өлеңде-ақ біздің ауылдың бар кескін-кейпі, ажар-көркі, тыныс-тірлігі керемет көрініс тапқан. Ақынның шеберлігі сонда, қауыздай нәрсенің ішіне үлкен «дәнді» сыйдыра білген… Бауыржан ағамыздың үш-төрт көйлекті ерте тоздырғаны болмаса, бір-бірімізді бала кезден білеміз. Балалық бал дәуренді бірге өткіздік. Ауыл баласына тән бүкіл қызық-шыжықты бастан кешірдік… Тау-тас кездік, қарақат, бүлдірген, жауқазын, жуа тердік, қияқ пен ши арасына жасырынып, тығылмаш ойнадық. Бұзау мен тайға мініп, талай жарыстық. Саршұнақ аулап, мойнына жіп байлап, ит сияқты жетектеп жүрген кезіміз де болды… Қазір сол сағымдай болған балалық шақты сағынасың, ойласаң болды, бойыңды қимастық сезімдер билейді… Ақынның «Аңсау» атты өлеңін оқығанда ауылымызға тағы бір мәрте саяхаттап барып қайтқандай күй кешесің:

Мен сағынып келдім
Анамның ақ құрттарын,
Даламның ақ бұлттарын,
Туған үйдің түтінін будақтаған,
Қызыл күрең жолдарды күн қақтаған.
Ағаш – хауыздарды
Жасыл желегін аспанға атқылаған,
Мөлдір бұлақтарды
Бір-бірімен жарысып, шапқылаған.
Көлдерді мөлдіреген,
Ақ жауынға таулардың жуынғанын,
Көздері жәудіреген
Қозыларын ауылдың, құлындарын.
Жұлдыздары самсаған түнгі аспанды,
Бала күннен бірге өскен құрдастарды.
Жеңгейлерді алдымнан жыр-қақпа ашқан,
Әжейлерді әдемі сырмақ басқан.
Қарындастарды
Қос бұрымнан қатар өрген,
Қарияларды маған сан бата берген.
Інілерді таңдайы тақылдаған,
Ағаларды сөзімді мақұлдаған.
Шық қонған жапырақты,
Киелі топырақты
Сағынып келдім мен.
Иә, бәріміз де сол балалық балдәурен шақты сағынамыз. Сағыныш сазын шерте отырып, өткен-кеткенді еске аламыз… Біздің кезімізде ауыл балалары көбінесе асық ойнайтын. Дорбалап жинайтынбыз. Ата-әжелеріміз бен әке-шешелеріміз бізге арнап асық жинап жүретін. Үйде ет асылса, алдымен жіліктің етін жеп, майын ішуге емес, асығын алуға асығып тұратынбыз. Сондай асыққұмар баланың бірі едік.
Бауыржан ағамызбен де талай мәрте асық ойнадық. Әлі есімде, қайдан алғанын білмеймін, арқардың үлкен сақасы бар болатын. Сол сақасымен бәріміздің асығымызды сыпырып алатын. Дырдай боп ұтылып, ішіміз удай ашып қала беретінбіз. Қандай құпиясы бар екенін анық білмеймін, әлгі сақасы қалай атса да алшысынан түсетін.

Ақ сүттей армандаған түнді көрдім,
Сұлудың күлкісінен сыңғыр өрдім.
Бөркімді ақша бұлтқа лақтырып,
Асығым алшы түскен күнді көрдім.

«Берме, – деп, – еліме күн райы бөтен!»
Қолымды тәңіріге жайып өтем.
Бірде алшы, бірде шік, бүк, тәйкі түскен,
Өмірдің өзі – асық ойыны екен. –

деп ақынның өзі дәл тауып айтқандай, әрдайым Бауыржан ағамыздың асығы алшысынан түсіп келеді… Асығының шік, бүк, тәйкі түскен кездері болған шығар, бірақ есімде қалмапты. Ал сақасының атқан сайын алшысынан тұра қалатыны әлі күнге дейін көз алдымда сайрап тұр…
Иә, өмірде жолы болды. Мектепте үздік оқыды. Алғаш әліпбиді үйреткен ұстазы – біздің анамыз еді. Әлі күнге дейін «Бауыржан бала кезінен талапты, зейінді, алғыр болатын!..» деп әркез шәкіртін мақтанышпен айтып отырады.
Қазақ ұлттық Мемлекеттік университетін де үздік бітірді, кейіннен жеті-сегіз жыл сол өзі білім нәрімен сусындаған оқу ордасының Журналистика факультетін басқарды. Ғылым жолындағы ізденістері де табысты болды, «М.Әуезов – публицист», «Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары», «Публицистикалық шығармашылық негіз­дері» тәрізді ғылыми-зерттеу кітаптары жарық көрді. Кандидат­тық, докторлық диссертация қорғады, профессор атанды. Оның ғылыми жұмыстарының негізгі бағыты – қазақ көркем әдебиеті мен журналистикасындағы пубицистика жанрының қалыптасуы, дамуы, теориялық және шығармашылық мәселелері. Жалпы 200-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Ұлттық ғылым академиясының мүше-корреспонденті болып сайланды. Бұл, әрине, ауыз толтырып айтарлықтай жетістік екені белгілі. Тұжырып айтқанда, алмастай жарқылдаған жырларымен ғана емес, тұшымды публицистикалық һәм ғылыми еңбектерімен де танылып, журналистика һәм ғылым саласында да өзіндік қолтаңба қалдырған ерек тұлға.
«Қазақ энциклопедиясының» бас директоры қызметін де абыроймен атқарды. Қазір Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары. Қызмет Бауыржан ағамызды емес, керсінше, Бауыржан ағамыз қызметті көктетті, абыройын асқақтатты, беделін көтерді. Толағай табыстарға жетті, шығармашылықта да үлкен бел-белестерді бағындырды. Елімізге ең алдымен арқалы ақын ретінде танылды… «Жұлдызды шақ», «Көзімнің нұры», «Айдындағы аспан», «Ақ лақ», «Аудитория», «Баспалдақтар», «Бір кеменің үстінде», «Айдындағы аспан», «Қолтаңба», «Уақыт ұршығы», «Қызыл қайың» сынды жыр жинақтары бірінен соң бірі кезегімен шығып жатты. Оның шығармалары орыс, түрік, украин, македон, түркімен, қырғыз тілдеріне аударылды. Қазақстан Жазушылар һәм Журналистер одағының және «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері атанды. Талай мәрте республикалық жыр мүшәйраларында топ жарды. Былтыр ғана Президент жарлығымен мәртебелі «Парасат» орденімен марапатталды. Осыдан тура он жыл бұрын «Құрмет» орденін кеудесіне таққан еді. Былтыр «Алаш» сыйлығының лауреаты атанды. Бәріне лайық. Ерен еңбек пен төгілген тердің арқасы. Яғни, танылып қана қойған жоқ, қуатты қалам иесі ретінде өзін-өзі жалпы жұртшылыққа мойындатты. Жұлдызы жанды, тағы да асығы алшысынан түсті… Осындай атақ-абыройдың оңайшылықпен келмегені де айдай ақиқат. Бұл салқын ақыл мен шынайы талантттың ғана емес, үздіксіз оқып-іздену мен білім-біліктің, ерен еңбекқорлықтың арқасы, соның табиғи жемісі.
Сүйіспеншілік – адамзат ғұмырын жалғайтын нәр. Туған жер мен өскен елге деген сүйіспеншіліктен ғана ұлы өнер туындысы дүниеге келеді. Ендеше поэзияның алтын діңгегі де, үзілмес арқауы да осы сезім.

Туған жерім!
Қымбат сенің әр кешің, қымбат таңың,
Тал бесікке тәнімді құндақтадың.
Сен деп соққан жүректе көп сыр жатыр,
Тауыса алмай келемін жырлап бәрін.

Тұңғыш сенің төсіңде көзімді аштым,
Сезімімнің пернесін өзің бастың.
Сағыныштың дертінен саған деген
Жаным барда кеудемде жазьлмаспын.

Жазылмаспын, өтермін аңсап мәңгі,
Пейілім деп біл менің, жауса, ақ қарды.
Сені ойлаумен кешті де батырамын,
Сені ойлаумен сағына қарсы ап таңды.

Ғажайып бір мейірім жанарда ойнап,
Сені ойласам, қаламын анамды ойлап.
Қырларыңа шығамын, сонан кейін
Тереңіне Шағанның алам бойлап.

Жайсаң далам, жазирам, жазық маңдай,
Сырларыңды боламын аз ұққандай.
Сенен ұзап ешқайда кете алмаймын,
Мені жіпсіз байлаған қазық бардай.

Бұл өлеңде ақынның туған жерге деген ыстық махаббаты, шынайы сүйіспеншілік сезімі барынша көрініс тапқан. Міне, сондықтан да ақын мен махаббат ұғымы бір-бірінен ажырамай ғасырлар бойы бiрге жасасып келедi. Себебі, махаббат дегенiмiз ақынның жарық дүниедегi сүйiспеншiлiк көзi. Ол да осы арқылы бiрде күйiнсе, бiрде сүйiнедi. Орыс халқының ұлы ақыны Сергей Есенин өзi туған деревнясын көзі жұмылғанша қастерлеп, әспеттеп өтiптi. Мiне, сол себептi де отандастары оның есiмiн еркеше құрметпен еске алады.
Бауыржан Жақыптың өлеңдерін оқысаңыз да, дәл осындай көңіл күйдің аңысын аңдайтыныңыз хақ. Шын жүрегiмен сүйсiне жырлайды. Алыстағы ауылдың кескін-кейпі алақаныңызда тұрғандай әсерге бөленесіз, Туып-өскен өлкеге деген перзенттік сүйіспеншілігі жырларынан менмұндалап көрініп тұрады. Туған жердің әсем табиғатын: жусанын, қынасын, майқарағанын, сәмбі талын, ақша бұлтын, өзен-көлін, тіпті күрең жолы мен жаңбырына дейін жырға қосады, сағынышпен еске алады. Сондықтан да әрбiр өлеңiнде көзiмiзге оттай басылатын бала күннен таныс суреттер бiрiнен соң бiрi қол ұстасып жүре бередi. Мысалы, «Бәйге» деп аталатын өлеңiндегi мынадай үзiндiнi оқып көрелiкшi:

Кеткенде аттар аңырап,
Қозған сәтте делебе,
Бiр шайқалып шаңырақ,
Дiр етедi кереге.

Осы өлең жолдарын оқығанда өзiңiз де бiр сәйгүлiктi таңдап мiнiп, бәйгенiң қақ ортасында жүргендей күй кешесіз. Жарыс десе қазақтың қаны қызып, намысы да сынға түседi. Осы бiр көңiл күйдi ақын «Бiр шайқалып шаңырақ, дiр етедi кереге» деген екi-ақ жолға қиюын тауып сыйғыза бiлген. Ұтымды да, ұтқыр теңеу.
Енді бiр өлеңдерiнде ақын ауыл өмiрiне тереңiрек дендей түседi. Өзiндiк iзденiстерi де андағайлап көрініп тұрады. Ауылдағы әр тас пен әрбiр ағаштың өткеннен ой қозғап, сыр шертіп тұрғанын аңғарасыз:

Зиратың да елеңдеп тұрған шығар,
Ай құлағын тосумен құбылаға.

Әрбiр ақын поэзия әлемiнiң есiгiн өзiндiк үн, жаңа леппен аттайды. Тұлпардың шабысы тай жарысынан байқалса, ал ақынның болашақта қандай шыңнан қол бұлғайтыны алғашқы өлеңдерінен-ақ аңғарылады. Ақын жырларындағы ойлылық мен сыршылдықты өзiндiк қолтаңбасы деп бағалаған жөн. Ұйқасы мен ойы тең түскен мына бір шымыр шумақтар оқырманын бей-жай қалдырмасы анық:

Кел, күнiм, кел жылдарым, кел айларым.
Жатқандай дүбiр күтiп кең аймағым,
Шөкiмдей ақ бұлт көрсең, көк жүзiнен
О, жұртым менiң жырым деп ойлағын.
Ұзатқан қыздай өзен сыңсып аққан,
Таттың-ау сенде талай жыр шұбаттан.
Көк өрiм шыбық көрсең Көктемеде,
Ойларым ол да менiң бүршiк атқан.

Туған жері мен өскен ортасын жырламаған ақын кемде-кем шығар. Бiрақ, соның iшiнде атап айтар болсақ, қай-қайсымыздың да ойымызға алдымен Қасым Аманжоловтың туған жер туралы жырлары оралады. Өйткенi, ондағы табиғат пен ақын сезiмi үйлесiм тауып, оқырманның көз алдына әдемi сурет галлереясын шебер кейіптеп-кескіндейді. Ол сонысымен де ерекше, сонысымен де ыстық, аса құнды. Ал, Бауыржан Жақыптың да туған жер тақырыбын жырлауы өз ерекшелiгiмен андағайлап көзге түседi. Өйткенi, ақын өлеңдерiнен жадағай тiркестердi таппайсыз, туған жерге деген ыстық ықылас пен сүйiспеншiлiктi байқайсыз:

Туған жерiм!
Қымбат сенiң әр кешiң, қымбат таңың,
Тал бесiкке тәнiмдi құндақтадың.
Сен деп соққан жүректе көп сыр жатыр,
Тауыса алмай келемiн жырлап бәрiн.

Биыл қазақ тал түс деп атайтын мерейлі алпыс жасқа толып отырған арқалы ақын қазiр де бәйгеге түсер аттай бабы мен бағы қатар келіскен шығармашылық дер шағында. Ол поэзияның ең күрделi саласы поэма жанрында да қалам тербеп, кең тынысты қаламгер екенін де танытып жүр. Ойлы да сыршыл ақынның шоқтығы биiк поэмасының бiрi – «Жан дауысы». Ақын бұл шығармасында Семей полигонында сыналған атом бомбаларының қоршаған ортаға тигiзген керi әсерi туралы сыр толғайды. Сан алуан көркемдiк философиялық түйiндеулер жасайды. Жүректi тебiрентiп, мүлгiген санаға қозғау салар ой, идеяға иек артады. Ең бастысы, өмiрлiк: өткір әлеуметтiк мәселенi қозғайды. Оны оқырман жүрегiне кестелi де көркем тiлмен кестелеп жеткiзедi. Оны поэманың басталуынан-ақ анық байқайсыз:

Көздерi бұлақтардың жабылғандай,
Бойынан қан тоқтаған тамырлардай,
Әскердiң тәртiбiмен дөңдердiң де,
Шаштары тақырланып алынғандай.

Көркiне көрген сайын жан сұқтанған,
Көлшiктер лайланып шалшық болған.
Бiр кезде тасып аққан өзендердiң,
Арнасы қасық сусыз қаңсып қалған, –

деген бедерлi де бейнелі шумақтар автордың шеберлiгi мен ақындық талғамының өте жоғары екендiгiн аңғартса керек. Ақын бұдан әрi Табиғат-Ананың бел балалары – «Таудың зарын», «Қураған тоғайдың соңғы сөзiн», «Боз даланың қасiретiн» және осыларды жоқтап «еңiрегенде етегi жасқа толған» «Желдiң жоқтауын» тебiрене жырға қосады. Поэмадағы әрбiр жол өксiкке толы. Тау «өртенiп, шала-жансар тәнi қалғанына, омыртқасы омырылып, жотасы жанғанына» назаланса, тоғай «улы ортаға қамалып, улы сәуле уыстағанына, улы судан нәр алып, улы ауамен тыныстағанына» күйiнедi, өзен «суын сүйiктi ететiн балдырдың сирегенiне, еңсесiн биiктететiн балықтың азайғанына, ауруға шалдығып, құрдымға суы кеткендей құрып бара жатқанына» мұңайса, жел «өрт шалған жерiнiң, дерт шалған елiнiң дауасын таппай» күңiренедi.
Поэмада осындай жансызды жандыға айналдырған ақынның негiзгi мақсаты қоғам кесапатынан туындаған замана запырандарын барынша ашып көрсету. Ал туған елдiң болашағы мен туған жердiң табиғатын жырлау әр ақынның азаматтық борышы екенi айтпаса да түсiнiктi.
Бауыржанның «Астар туралы» деген әсерлi өлеңi бар. Онда ақын әр нәрсенiң сыртқы тысымен бiрге астары болатынын, ол жайында әркiмнiң ойлай бермейтiнiн тiлге тиек етедi.

Әр нәрсенің бар астары, бар тысы,
Ол жайында ойлай бермес әр кісі.
Талай сырды түсінеміз кеш барып,
Отырғанда балалықты еске алып:
«Анам талай құрақ көрпе кұраған,
Астарына үңілген жоқ бір адам.
Әжем өзі тоқып қойған алаша,
Жолақ-жолақ тысы қандай тамаша!
Әкеміздің көрдік сары тонын да,
Қарамадық астарына оның да».

Байқамаппын мен көзімді ашқалы,
Бар екенін дүниенің астары.
Бұл сөзімді барлығы да растар:
Күн менен түн, бірі – тыс та, бірі – астар
Жұлдызды аспан, құпиясың сен маған,
Жұмбағыңды шешіп жатыр енді адам.
Өзендерім желең төсі ашылып,
Тереңіне, ағады сыр жасырып.
Қара жердің астарында асыл бар,
Қойнауына шөккен талай ғасырлар.
Қалың бұлттың астарынан жай құлар,
Қуаныштың астарында қайғы бар.
Жарықтың да астары бар – қараңғы,
Ой да астарлы, – ұстама, дос жағаңды.

Жүрегімнен тырс-тырс тамды тамшы-өлең,
Тыңда менің домбырамды, барша әлем!
Шанағында оның қанша саз жатыр,
Астарында бүғып жатыр қанша әуен?!
…Жүрегімнен тырс-тырс тамды тамшы – өлең.

Иә, ақынның өзi айтпақшы ойдың да астары болады. Ендеше ақындық ерекшелiгi де осында. Ол өз өлеңдерiн көбiнесе астарлы ойға құрады. Ақынды терең түсiну үшiн оның жырларын көкiрек көзiмен зейiн қоя оқу керек. Сонда ғана жыр астарындағы «жасырын» ойлар өз құпия-сырларын айқара ашады. Әйтпесе, ақынның айтпақ ойын жете түсiнбеуiңiз ғажап емес. Мысалы, Бауыржан ағамыздың «Қоңыр әулие үңгiрi» атты өлеңiн талдап көрелiкшi. Ақын бұл шығармасында өзi туып-өскен жердегi «Қоңыр әулие үңгiрiнiң» кескiн-келбетi мен сыр-сипатын сөз ете келе, оның iшiнде «есiле аққан тұп-тұнық судың» бар екенiн еске салады.

…Бұл өзеннiң аңқасы бiр кеппейдi,
Басқа өзендер бұл өзенге жетпейдi.
Көрген адам табиғатқа таң қалып,
Келген адам бiр ұрттамай кетпейдi.

Су да кен ғой, ерте тапқан бұл кендi ел,
Осы судың қасиетi бар, жұрт емдер.
Ауырғанда балаларын жiберiп,
Алғызады «шипалы» деп, үлкендер…

…Пәк қолыммен,
Бала кезде кекілді,
Сол суменен талай жудым бетімді.
Жырым-дағы мөлдір болса деп келем
Осы үңгірдің шипа суы секілді.

Мiне, Бауыржан Жақып осындай айтқыш әрі тапқыр ақын. «Қоңыр­әулие үңгiрi» туралы айтқан ойларын оның өз өлеңдерiне де бағыштауға болады. Астарлы ой, астарлы сөз осындай-ақ болар! Ойымызды көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Темірхан Медетбектің сөзімен түйіндесек: «Егер Бауыржан табиғаттың көңілді де, қөзді де арбар сыртқы құбылыстарын сөз-суретке түсірумен ғана болып, тек соны ғана қызықтап кетсе, онда ол оқырман қауымды тез жалықтырып алған болар еді. Онда ол қаншама әдемі бояулар жағып, қаншама қызық суреттер салса да, бар болғаны пейзаждық қана ақын боп қалар еді. Өйткені, табиғат әлемі, бізді қоршаған мына дүние әсем қимыл-қарекеттер мен ажарлы әсем суреттерден ғана тұрмайды ғой. Оның да тартысқа толы, драмасы, күйініші мен сүйініші, бітіспес күресі мен тіресі бар. Сондықтан енді ол дүние астарына үңілуге бет қояды». Орынды айтылған сөз. Бұған алып-қосарымыз жоқ! Ақынның өлеңдерi де «Қоңырәулие үңгiрiнiң» шипалы суы сияқты, мөп-мөлдiр қалпында өз арна-ағысынан буырқанып ағып жатады. Оқыған адамның көңiлiн желпiп, жан-дүниесiн тербеп, бойын сергiтерi сөзсiз. Демек, жақсы ақын.
Мерейлі жасыңыз құтты болсын, Бауке! Сіздің жетістігіңіз, біздің де жетістігіміз. Сіздің қуанышыңыз, біздің де қуанышымыз. Бір ауылда туып-өсіп, әлі күнге дейін аға-іні болып сыйласып келеміз. Бұдан кейін де сыйластығымыздың жалғаса беретініне кәміл сенемін. Жасай беріңіз! Еңбегіңіз еленіп, жұлдызыңыз жарқырай берсін!
Қашанда мерейіңіз үстем, мәртебеңіз жоғары, абыройыңыз асқақ болсын!
Бақ-береке тілеймін!

Думан РАМАЗАН

Комментарий (1)

  1. Reply
    Мұратбек Тлеубаевговорит

    Бауыржан досымыздың мерейлі 60 жасқа толып жатқан қуанышымен құттықтаймын. Сонау 80 жылдары Семейде студенттік кезде танысып осы күнге дейін амандық білісіп , арамыз алыстамай сыйластығымыз жарасып жалғасып келеді. Зор денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін.

Пікір қалдыру