Нұрмұхан ЖАНТӨРИН
Менің есіме сонау, 1983 жылдың шілде айында Ленгер қаласына творчестволық іс сапармен келіп, аудан жұртшылығымен кездесу кештерін өткізген Қазақстанның халық әртісі Нұрмұхан Жантөрин мен белгілі кинорежиссер Абдолла Қарсақбаев есімді қазақтың атақты адамдарымен бірге болып, олардың әңгімелерін тыңдағанымды арада жылдар жылжып өткеннен кейін қағаз бетіне түсіруге тырыстым…
Ленгер ауданы (Қазіргі Төле би) тау тиегіне орналасқан өте бір табиғаты сұлу, ерекше жер саналады. Шымкент қаласына жақын орналасқан елді мекен.
Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы И.К.Кирпичкин, аудандық атқару кеңесінің төрағасы Ә.Бектаев, аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі А.Қалтаев, аудандық кино жүйесінің директоры Ү.Талқанбаев болатын. Аудандық атқару кеңесі төрағасының орынбасары Б.Оралбеков өте өнерге көңіл бөлетін, білімді адам еді. Өзін қарапайым ұстайтын. Орта бойлы, өңі ақшыл, әр сөзін ойланып барып айтатын. Сол кісі бізді өзінің бөлмесіне шақырды. Ол кезде аудандық атқару кеңесінде нұсқаушы болып істеймін. Бір күні Бұхар Оралбеков:
– Біздің Ленгер ауданына қазақтың киножұлдызы Нұрмұқан Жантөрин мен кинорежиссері Абдолла Қарсақбаев келе жатыр. Бүгін ол кісілерді аудан басшылары И.Кирпичкин мен Ә.Бектаев қабылдайды. Негізгі жоспар бойынша аудандағы елді мекендерді аралайды. «Космос», «Алатау» кинотеатрларында кездесу кештері өтеді. Біз осыған дайындық жасауымыз керек, – деді.
Ленгер қаласы республикадағы белгілі әсем қалалардың қатарына жататын кез еді.
Телефон шырылдап қоя берді. Бұхар телефонмен ұзақ сөйлесті.
– Аудандық партия комитетінің хатшысы Мария Павловна Родина ғой. Тапсырма беріп жатыр. Нұрмұхан Жантөрин КСРО-ға белгілі атақты киноактер. Абдолла Карсақбаевтың «Менің атым Қожа» атты көркемфильм түсіргенін өздерің білесіңдер, – деді Бұхар. Көп кешікпей меймандар Ленгер қаласына келді. Аудан басшыларының қабылдауында болды. Олар қонақүйге жайғасты.
Ертеңіне Алматыдан келген өнер қайраткерлері «Галкино», «Победа» елді мекендеріндегі жұртпен кездесуге шықты.
Бәрімізді Б.Оралбеков басқарып жүрді.
– «Победа» колхозындағы клубтың ішіне халық сыймай кетті. Көп ұлтты, халық тығыз орналасқан колхоз болатын.
– Жантөрин… Жантөрин… – деп ел қол шапалақтап, зор қуанышпен қарсы алды. Дауысы ерекше шығады екен. Оның сөздерін тыңдаудың өзі бақыт болатын. «Мосфильм», «Қазақфильм», «Өзбекфильм», «Қырғызфильм»-дерге түскен кинолары экраннан көрсетілді.
– Қандай мәдениетті адам. Қазақ өнерін әлемге таратып жатыр. Мен оның Шоқан Уәлихановқа ұқсастығын кинодан көргенмін.
– Ол кезде осы колхозда қызмет істейтін едім! – деп аудан басшысы И.К.Кирпичкин риза болды.
Жантөриннің ойлы сөздері, оның білімділігі, табиғат сыйлаған түр-түсі халықты өзіне баурап әкетті. Ол кинорежиссер А.Қарсақбаев сөйлегенде тым-тырыс болып, оның әр сөзін мұқият тыңдап отырды.
«Менің атым Қожа» кинофильмінен үзінділер көрсетілді. Үсен Талқанбаев пен 3иябек Жеткеров екеуі меймандарға зор құрмет көрсетіп жүрді.
Әсілхан Қалтаев аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі еді. Шағын денелі, қарапайым қараторы жігіт болатын. Езу тартып күледі. Өте көңілді.
– Н.Жантөринді көргенде есіме «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» кинофильмінде ол ойнаған Қодар түсіп кетті. Ол кезде жас бала едім. Қодар Қозыны өлтіргенде жылаған едік. Содан кейін мен Қодарды жек көріп кеттім.
Ал, Қодар болып ойнаған Жантөринді өмірден көргенде мүлдем басқа ойға қалдым! – деді ол.
– Мен Жантөринді Шоқан Уәлихановтың рөлін тамаша ойнағаны үшін оның алдында басымды иемін. Шоқанның Ресейдің патшасы II Александрдың алдында тұрып өз халқы туралы айтқаны есімнен кетпейді, – деді Бұхар Оралбеков.
Біз Жантөринді кино арқылы ғана қабылдаппыз. Ал ол өмірде мүлдем басқа адам болып шықты…
Ол Шоқан туралы көп оқыған екен. Жантөрин елімен кездескенде былай деді:
– Г.Н.Потанин «Егер туған халқының арасында өзін түсінетін оқырмандары болғанда бұл адам сөз жоқ, көзі тірісінде-ақ сол елдің ұлы жазушысы атанар еді» деп жазыпты. Мен Шоқанды сонда барып түсіндім. Шоқан патшаның жарлығыммен орденмен марапатталған. Ол туралы жазылмайды…
Бұл сөз бәрімізге әсер етті. Шоқан жұмбақ жан екен.
* * *
Үсен Талқанбаев Н.Жантөрин мен А.Қарсақбаевты 8-март ауылындағы өз үйінде қой сойып, кең дастархан жайып күтті. Бір топ адам болды. Ішінде мен де болдым.
Абдолла Қарсақбаев өте қарапайым адам екен. Орта бойлы, қою мұртты, шағын денелі кісі.
– «Менің атым Қожа» фильмі 1963 жылы түсіріліп бітті. Жазушы Бердібек Соқпақбаевтың кітабының желісі бойынша. Сценарий авторлары Н.Зелеранский мен Б.Соқпақбаев болды. Кино түсірген кезде басты рөлдерге К.Қожабеков, Б.Римова, Р.Мұхамедиярова, М.Құланбаевтарды шақырдым. Бала Қожа арқылы әр жасты өз Отанын сүюге, әке мен ананы құрметтеуді басты мақсат еттім. Кожаның ішкі жан-дүниесі жеке өзіндік ұлттық мінезбен қалыптасады. Мен осыны басты мақсат еттім, – деді Абдолла.
– Отбасыңыз? – деп сұрақ қойылды.
– Мен екі рет үйленген адам едім. Бірінші әйелім қазақтың атақты ақыны Ілияс Жансүгіровтің тұңғыш қызы – Үміт. Одан Нұрлан деген ұлым бар. Үміт Ілиясқызы Жансүгірова медицина ғылымдарының кандидаты, доцент. Қазір Алматы қаласында тұрады. Басқа адамға тұрмысқа шыққан.
Ал өзім қазір екінші әйеліммен тұрып жатырмын, – деді.
Сөз арасында режиссер өзінің Р.Хусиндинованың сценарийі бойынша 1977 жылы түсірілген «Алты жасар Алпамыс», «Даладағы қуғын» кинофильмдерінің тарихын айтып берді.
– Қожаның рөліндегі бала бар ма?
– Бар. Алматыда тұрады. Аты Нұрлан. Атақты футболшы Темір Сегізбаевтың туған інісі. Қазір дәу жігіт болған. Үйге келіп, сәлем беріп тұрады. Өмірде өте қарапайым. Жуас бала. Кинода басқаша болды…
* * *
Екі өнер қайраткерінің әңгімелері бізді қатты қызықтырды. Бірі – атақты кинорежиссер, ал, екіншісі – атақты қазақтың сахна және киножұлдызы.
– Тіршілік деген пендешілік. Пендешілік жүрген кезде адамдар бір-бірімен айтысып-тартысады. Мен мына адамдарды көріп, жұмақтың төрінде отырғандай әсерге бөлендім! – деді Үсен.
«Ертіс жағасында» атты кинофильм экранға шықты. Әлжановтың рөлінде Н.Жантөрин ойнады.
1958 жылы түсірген «Оның кезеңі келеді» атты кинофильмді «Ленфильм» мен «Қазақфильм» екеуі бірігіп түсірді. Шоқан туралы түсірген кинофильм КСРО-дың барлық республикаларының кинотеатрларында көрсетілді. Міне, бұл Жантөринің өнердегі жеңісі болатын. Р.Ғамзатов Ш.Айтматов, О.Сүлейменовтер өз пікірлерін жазып, бұл киноны жоғары бағалады. Казақ киножұлдыздарының ішінде Н.Жантөринің өресі өте биік тұрды. Москва, Киев, Минск, Баку қалаларындағы кинотеатрларында Н.Жантөрин түскен «Ленфильм» «Мосфильм», «Өзбекфильм», «Қазақфильм», «Қырғызфильм» студиялары түсірген кинофильмдер көрсетілді. Актермен кездесу кештері өткізілді. Оны бізге Нұрмұхан ағаның өзі айтып отырды. Сол кезде кеңестік одаққа мүше елдердегі кеңінен белгілі киножұлдыздардың бірі Н.Жантөрин болатын…
Аудан басшысы И.Кирпичкиннің өзі оны көргенде:
– Шоқан Уәлихановтың өзі келе жатыр! – деп құрмет көрсетті.
Біз ол кезде Н.Жантөринның болашақта Бейбарыс сұлтанның бейнесін экранға шығаратынын білген жоқ едік.
1975 жылы Н.Жантөрин «Свердлов фильм» студиясы шығарған «Кочующий фронт» фильмінде басты рөлді ойнайды А.С.Пушкинің «Кішкентай қозы» (Маленькая трагедия) спектаклінде Боранның образын сахнада осы Нұрмұхан аға ойнаған еді. 1970 жылы «Қырғызфильм» киностудясы шығарған Ш.Айтматовтың «Қош, Гүлсары» повестінің желісімен түсірілген С.Урсевский қойған «Бег иноходца» кинофильмінде Танабайдың рөлінде ойнады. Бұл бауырлас қырғыз халқының сүйікті киносына айналды. 15 республиканың халықтары Н.Жантөрин творчествосын жоғары бағалады. Ақын Олжас Сүлейменов, жазушы Әнуар Әлімжанов, актер Нұрмұхан Жантөрин творчестволары КСРО-ға кеңінен тарады.
Бұл үш тұлға қазақ елін шетелдерге кеңінен таныстырды…
* * *
Төрде шашын ұстарамен қырғызып тастаған, кең иықты, өткір көзді, қою мұртты, мұз қабақ, жота мұрын Нұрмұхан Жантөрин отырды… Тура Шыңғысхан… Ол кісіге ешкім батып сұрақ қоя алмады Түрі өте сұсты. Тәкәппар… Әр адамға өткір жанарымен тесіле қарайды. Тамақты талғап ішеді екен.
– Құрметті азаматтар. Сіздер Нұрмұханның суық түріне қарап шошымаңдар. Бұл кең әрі жайдары адам. Әңгімелесіп отырыңыздар! – деді Абдолла Қарсақбаев.
Жантөрин күлді… Біз де күлдік. Қызық болды.
Жантөрин қабағын шытты. Біз жым болдық…
– Жүрегім ауырып отыр. Далаға шығайын. Сәл жүріп қайтайын! – деді ол.
Ол жалғыз өзі кетті. Біз үйде қалдык,
– Ол… Ол… жалғыз жүреді. Ешкімге қосылмайды. Оны түсінуі өте қиын. Мен де түсіне алмадым. Бірақ, ұлы актер. Сахна шебері. Бірақ М.Әуезов атындағы театрды тастап кетті. Өкініштісі сол…
* * *
Ауыл… Түн… Алатаудан самал жел еседі. Қасқасудан баратын жолдың жағалауындағы Үсенің үйінде Абдолла Қарсақбаев пен Нұрмұхан Жантөринмен болған әңгіме бізге үлгі-өнеге болды.
Тыныштықты Әсілхан Қалтаев бұзды:
– Ертең Жантөринді облыс басшысы Асанбай Асқаров арнайы қабылдайды екен. Бұл кісілерді қазір Ленгердегі қонақүйге орналастырамыз. Мария Павловна Родина телефон арқылы хабарлады! – деді ол.
Біз меймандарды 8-Март ауылынан Ленгер қаласына дейін шығарып салдық… Аспанда «Жеті қарақшы» жарқырап тұрды…
Мен одан кейін 8-Март ауылына барған жоқпын. Бірақ Үсеннің үйінде болған сол бір қызықты кездесу кеші есімнен кетпейді.
ШӘМШІ
«Өмір, не деген тамаша едің»
Оралхан Бөкеев
Балалық шағым. Осы бір алаңсыз кездері биік-биік шағылдардың басында асыр салып ойнайтын едік. Күн кешкірген мезгілде үсті-басымыз шаң-шаң болып үйге оралатынбыз. Анамызды көргенде қуанышымыз қойнымызға сыймай, оған еркелеп, оның пісірген кешкі асын сүйсініп ішіп алып, демаламыз. Ананың мейірімі бізді бақытқа бөлейді.
Менің ауылымда бір жетім қыз бар еді. Әкесі де, анасы да қайтыс болған. Көрші тұратын едік. Кештің бір мезгілінде бір ән естілді.
Әлемнің жарығын
Сыйладың сен маған.
Даланың әр гүлін,
Жинадың сен маған, – деп басталатын әнді өте мұңды етіп айтады.
Түн… Аспанда сансыз жұлдыздар жымыңдайды.
Есейіп кетсем де
Мен саған сәби-м-ін.
Көңіліңді көктемдей
Көзіңнен тани-м-ы-н…
Жүректі шымырлатып осы әнді салатын жетім қыздың үні көңіліме бұлт үйіріп әкелгендей болды. Бірақ жүрек сыздатады.
Сол жылы күзге қарай ауыл мектебінде жаңа оқу жылы басталды. Бірақ әлгі қызды ағайындары жетім балалар үйіне өткізді. Ойын баласымын ғой, оны ұмытып кеттім.
Біздің ауылда «Ана туралы жырды» тойларда ғана айтатын болды.
– Шәмшінің әнін ана жетім қыз тамаша айтушы еді, – деп анам анда-санда әңгіме айтып отыратынды шығарды.
Мен оған мән де бермедім. Уақыт өтіп жатты. 1969 жылы орта мектепті бітірдім. Менің есімнен Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» атты әнін салатын қыз бір кетпей-ақ қойды…
Екі жыл Алматыға барып, оқуға түсе алмадық. Ақсу аудандық «Өмір нұры» газетіне мақала жазамын. Одан қаламақы алып тұрдым. Шағын әңгімелерім басылды. Талдықорған облыстық «Октябрь туы» газетіне де мақаланы бұрқыратып жаздым. Тілші бала атандым.
1971 жыл. Күз айы. «Қызыл таң» совхозының комсоргі Сәнтай деген жас жігіт болатын. Өте мәдениетті сөйлейді. Мені өзіне шақырды. Бөлмесіне бардым. Көңілді қарсы алды.
– Шүйінші!
– Айтыңыз…
– Ертең ауылға атақты композитор, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты Шәмші Қалдаяқов келеді. Кездесу кеші болады. Сен газетке мақала жазасың әрі Шәмшінің сөзін тыңдайсың. Ол… Ол… атақты Шәмші Қалдаяқов! – деп ол қуанышын жасыра алмады.
– Шәмші келе ме?
– Иә. Ол келеді. «Менің Қазақстаным», «Ана туралы жыр», «Сағынышым менің», «Сыр сұлуы», «Қайықта», «Кешікпей келем деп ең», «Әнім сен едің», «Ақмаңдайлым», «Ақсұңқарым», «Қаракөз», «Қайдасың», «Ақ ерке – Ақ Жайық», «Арыс жағасында», «Бақыт құшағында», «Ақ бантик» деген толып жатқан әндердің авторы! – деп Сәнтай екі алақанын қайта-қайта ысқалап, мәз болды. Қатты қуанды.
– Жақсы әнші керек болып тұр! – деді Сәнтай.
– Бір жетім қыз Шәмшінің «Ана туралы жыр» әнін тамаша айтатын. Ол жоқ, – дедім мен.
– Кімге айтқызамыз?
– Білмеймін.
– Қап… Ауылда әнші жоқ!
– Шәмшінің өзіне айтқызу керек! – дедім мен.
– Табылған ақыл екен. Өзінің әнін өзі салсын. Тамаша. Ол әнші ғой. Несіне басымызды қатырамыз. Төрт-бес әнін салса болды емес пе?! Ана жолы Жүсіпбек Елебеков ақсақал домбырасымен он ән салды. Дәнеш Рақышов та домбырасымен өзі айтты. Олар Шәмшіден артық емес шығар. Шәмші домбырасын өзімен бірге әкеледі. Мен қазір совхоздың парторгі Малинге түсіндіремін! – деп Сәнтай риза болды.
* * *
Ертеңіне түс ауа орталық клубтың алдында халық өте көп жиналды. Совхоз директоры Қанабек Замановтың өзі мейманды күтіп тұрды.
– Шәмші… Шәмші келе жатыр. Машина бері бұрылды, – деп тайға мінген ауыл балалары бар дауыстарымен айғайлап, шапқылап өте шықты.
Ақ «Волга» келіп тоқтады. Есік ашылды. Ішінен төрт адам түсті. Ел Шәмшіні көруге құмар-ақ. Төртеудің үшеуі тұрып қалды. Орта бойлы, өңі ақсары келген, екі құлағы қалқайған өте қарапайым жігіт күлімсіреп елге жақындай берді.
– Бауырым! Сен ІІІәмші Қалдаяқов боларсың, – деп совхоз директоры Қанабек Заманов кең құшағын жайып, оны құшақтады.
– Шәмші… Шәмші… Шәмші! – деп ел шуылдап, қол соқты.
– Мен… Иә… Мен… Шәмшімін… Ілияс Жансүгіров туған жерге тәубе етуге келдім! – деп ол еңкейіп жерден топырақ алып, оны иіскеледі.
– Бауырым, Шәмші, әуелі қазақшалап көрісейік! – деп Ілиястың інісі Қазырбек Жансүгіров Шәмшімен үш рет төс соғыстырды. Бетінен сүйді.
Біреулер көздеріне жас алып, жылады. Елдің рухы көтеріліп кетті.
– «Дала», «Күй», «Күйші», «Құлагер» атты поэмалар жазған Ілияс осы ауылдың түлегі еді. Іздеп келгеніне рақмет. Астыңа ат мінгіземіз! – деп ауыл ақсақалы Алпысбай Шәмшіге алғысын айтты…
Клуб іші толы адам. Шәмшіге көп сұрақтар қойылып жатты. Талдықорған облыстық комсомол комитетінің хатшысы Наурыз Қылышбаев, Ақсу аудандық комсомол комитетінің хатшысы Жеңіс Сахметов сөз сөйлеп, Шәмші туралы жылы лебіздер білдіріп жатты.
– Мен әнші емеспін. Ән сала алмаймын. Тек ән шығарамын. Сіздер ән салыңыздар. Мен тыңдаймын, – деді Шәмші.
Ауыл адамдары орындарынан тұрып, «Ана туралы жырды» айтты. Шәмші көрермен ретінде қол соқты.
– Шәмші әнші емес екен ғой, – деп Сәнтай менің құлағыма сыбырлады.
Совхоздың бас мал дәрігері Амантай Зияданов Шәмшінің құрметіне Қасым Аманжоловтың «Дариға, сол қыз» атты әнін ерекше шабытпен орындап берді.
– Естайдың «Қорлан» әнін орындайық, – деп Шәмші орнынан тұрып кетті.
Жұрт тым-тырыс. Бәрі үнсіз қалды. Бір-біріне қарады. Тыныштықты Шәмші бұзды.
Бір қыз бар Маралдыда Қорлығайын,
Табиғат берген екен күн мен айын.
Мұратқа іздеген жан бәрі жеткен,
Дариға, арманым көп не қы-ла-й-ын, – деп дауысы бәсең шығып барып өшіп қалды. Жөтелді. Жанқалтасынан орамалын алып, маңдайынан аққан терін сүртіп, орындыққа барып отырды.
Сол… Сол кезде… Бүркітбек Бегімбек, Құрамыс бастаған ауыл әншілері:
Ах-ау Арман,
Құсни, Қорлан.
Екі-ай бағлан,
Екеуі туған екен бір ан-а-д-ан, – деп шырқап ала жөнелді.
Шәмшінің қос жанары ұшқын атып орнынан тұрып:
Бозбала қалма қапы
бұл жалған-н-ан.
Жігіттің арманы жоқ
Қорланды алған, – деп екі қолын алға жайып, әнге қосыла жөнелді.
– Жаса!.. Жаса, Шәмші! – деп ел қол соқты.
Қос жанары жасқа толған Шәмші елге басын иіп, алғысын айтты.
– Әй, Шәмші бауырым-ай! Сен де қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызысың ғой! – деп Қанабек Заманов елжіреп сөйледі…
Кешкісін Шәмші Сәнтайдың үйіне қонақ болды. Өзі бойдақ жігіт болатын. Анасы ғана бар. Қой сойды. Кең дастархан. Облыстан, ауданнан келген қонақтар бірге болды. Шәкең жан-жағына қарап отырды.
– «Дариға, сол қызды» өте жақсы орындады. Ол жігіт қайда? – деді Шәмші.
– Қойшыларды аралап кетті, – деді Сәнтай.
– Тума талант екен. Нағыз әнші. Талай талант иелері өзіне келген бақты ұстай алмай, ауылда қалды. Осыларға жаным ашиды, – деді ол.
– Сіз «Қорлан» әнін жақсы көреді екенсіз, – деді Жеңіс.
– Естайдың «Қорланына» ән жетпейді. Біз беріде жүрген жандармыз ғой. «Қорлан» – ол қазақ қыздарының, махаббаттың гимні. Ол – құдіретті ән. Мұндай әнді ешкім шығара алмайды. Нағыз композитор – Естай. Мен басымды иемін! – деді Шәмші.
Ол мүлдем басқа адам болып шықты. Өзі туралы ауыз ашпады. Қарапайым. Ауыл адамдары сияқты.
– «Талдықорған – әнім менің» деген жаңа ән шығардым. Сөзі Мұқағали Мақатаевтікі. Ән шығаруыма түрткі болған Қуаныш Сұлтанов деген азамат, – деді Шәмші.
Шәмшіні ертеңіне Қанабек Заманов бастаған басшылар Талдықорғанға шығарып салды. Мен «Шәмші ақын ауылында» деп аудандық газетке мақала жаздым…
Бұл Шәмші ағамен ең бірінші рет кездесуім еді…
1977 жылы ҚазГУ-дің журналистика факультетін бітірдім. 1978 жылы Шымкент облысы Келес аудандық «Мақташы» газеті редакторының орынбасары болып қызмет атқардым.
Тарихта Ишан базар атанған, кейін Абай есімі берілген жер Келес ауданының орталығы болатын. 1932 жылы Келес ауданы аймағында 20 ауылдық кеңес болыпты.
«Екі Келес бір Талас, жер жәннаты осы екен. Әттең, аттылының сауырына сыймайды, сыйғызып алып кетер ма едім өңгеріп ап қазақтың баласына» деп Асан қайғы айтқан екен.
Сулы Келес өзені мен Құры Келес өзендері қыздың қос бұрымы сияқты күн көзіне шағылыса Сырдарияға барып құяды.
* * *
Қыңырақ тауы тым қашықтан мұнарланып көрініп тұрды. Келес ауданы республикаға белгілі аудандардың бірі болды. Сарыағаш ауданымен жапсарлас жатыр. Келес ауданынан атақты ақындар Зиябек Рүстемов, Тоқаш Бердияров шыққан. Ауданның негізгі шаруашылығы – жүзім мен мақта. «Бірлік» совхозы ғана қой шаруашылығымен айналысады.
Келес ауданының басшысы Спақұл Малдыбеков еді. Ол кісі Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты. Ленин орденімен марапатталған. Келес ауданы туралы кітаптың авторы. Өнер мен әдебиетті құрмет тұтады.
Спақұл Малдыбеков маған Құрылыс көшесіндегі екі қабатты үйден бір бөлмелі пәтер әперуге жәрдем жасады. Бойдақпын. Шымкентте атақты журналист досым Әуез Бейсебаев құтты болсын айтып келді. Келес өңірінің тыныс-тіршілігі мені қызықтыра түсті. Тарихы тұнып тұр. Алғашқы Коммуна осы жерде құрылыпты.
Бірде есік алдына шығып темекі тартып тұрдым. Алматы сияқты астанада өскен адамға шағын аудан орталығына келген әрине, оңай емес болатын. Үйдің жанында мақта егілген. «Келес» атты ресторан бар. Аудандық комсомол комитетінің хатшысы Ұлықпан Бәшенов көрші үйде тұрды. Анда-санда сол кісімен әңгімелесіп тұрамын. Ұлықпанға барып жолығуды ойладым. Сол кезде есік алдына «Жигули» автокөлігі келіп тоқтады. Рульде – Шәмші Қалдаяқов. Ол кісі машинадан шығып, жанымнан өтіп, мен тұратын үйдің бірінші қабатындағы оң жақтағы есікті қақты. Ешкім ашпады.
Маған қарай бұрылды.
– Шәмші аға! Армысыз?
– Әлей болсын!
Шәмші аға. Сегіз жылдаң соң көріп тұрмын. Есіме 1971 жылғы күз айы түсті. Қазіргі Шәмшінің өңі сәл жүдеу тартыпты. Өзі әлденеге абыржыған сияқты.
– Күн ыстық. Күйіп тұр. Мына үйде қарындасым тұратын еді. Өзім Шардараға бара жатырмын. Шәуілдерден түнде Шымкентке келдім. Енді мұнда тұрмын. Жол соғып тастады, – дейді Шәмші аға. Қайта-қайта темекі тарта береді.
– Үйге кіріңіз. Екінші қабатта тұрамын. Көшіп келгеніме он бес күн болды, – дедім мен.
– Көңіліңе рахмет.
– Мақта теріп жүрген шығарсың. Биыл мақта қалай? Айлықты дер кезінде аласыңдар ма? – деді ол.
– Мен журналиспін.
– Аудандық газет қой! Тоқаш Бердияров екеуіміз ол жерде болғанбыз.
– Иә.
– Редактор кім?
– Гүләйна Сәлімбаева.
– Танимын.
Шәкең темекі тартты. Мазасыз. Ары-бері жүрді.
– Бір батыр апа бар ғой?
– Рыскүл Мақатова.
– Иә. Ол кісі пенсияда ма?
– Балабақшаның меңгерушісі.
Шәкең басын изеді. Мен ол кісіге Ілияс ауылы туралы айтқым келіп тұрды.
– Әні… Өзі келе жатыр! – деп Шәмші езу тартты.
– Райхан ғой! – дедім мен.
– Менің туған қарындасым болады. Жағдайын біле салайын деп арнайы бұрылған едім. Шардараға жеткенше көп уақыт бар, – деді Шәмші.
Райхан ағасын құшақтап амандасты. Үйіне алып кетті. Шәмшіні көріп мен аң-таң болып қала бердім…
* * *
Ұйқым келмейді. Көз алдыма сонау бір кездегі туған ауылымда клубта Естайдың «Қорлан» әнін салған жасы отыздардан асқан Шәмші елес береді.
– Шәмші інім! Әуелі қазақшалап көрісейік! – деген Қазырбек Жансүгіровтың даусы естілгендей болды.
– Бағдат, Мысыр, Шың, Машын.
Іздесем Қорлан та-был-ма-с! – деген Шәмшінің тым баяу, жарықшақтанып шыққан мұңлы үні құлаққа жетеді.
– Ол жалғыз жүреді. Досы аз. Ешкімге арамдық ойламайды, – деген Райхан сөзі есіме оралады. Анасын сағынып ән салған жетім қыздың даусы тым қашықтан естілгендей болды.
«Әні… Шәмші келе жатыр. Ол мінген Волга бізге бұрылды» деген балалар даусы ойымды бұзып жіберді…
* * *
1991 жыл. Шымкент қаласы. Қала күні мерекесі. Аспан ашық. Күздің күні. Халық көңілді. Әл-Фараби атындағы алаңға қарай ағылып жатыр. Бір қария кісі:
– Патша ақылды болса, халқын гүл етеді.
– Патша ақымақ болса, халқын құл етеді, – деген көнеден қалған сөз бар. Болашақ жақсы болсын! – деп жанындағы кемпіріне әңгіме айтып келе жатыр.
– Жастар бақытты болсын! Біз екеуіміз Сталин заманын да бастан өткіздік. Бәрін көріп келеміз, – деді апай.
Алаңның дәл ортасында Шәмші Қалдаяқов пен ақын Абай Балажанов екеуі әңгімелесіп тұр екен. Әлден соң Әмірсейіт Әлиев, Әсет Тілеукеев, Қасымбек Нұрбеков, Кәрім Үкібаев бастаған бір топ қаламгер келді. Олар Шәмшімен құшақтасып амандасты.
Шәмші ағаны 1971 жылы алғаш көрсем, биыл 1991 жыл. Арада 20 жыл өтіпті. Жасы алпысқа келген Шәмші ағаның самайын ақ қырау шала бастапты.
– Мерекеңіз құтты болсын, Шәмші аға! – дедім мен.
– Айтқаның келсін. Жолдияр Адырбеков деген бауырым Шымкент қаласының құрметті азаматы атағын бергізген еді. Ол осы қаланы басқарып тұрғанда. Бүгін қала күні. Мейрамдап келдім, – деді Шәмші Қалдаяқов.
– Жолдияр Адырбеков азамат адам ғой, – деді Әмірсейіт Әлиев.
– Шәмші аға, сізді 20 жыл бұрын Талдықорған облысы Ақсу ауданындағы Ілияс Жансүгіровтің ауылында кездестірген едім. Ілияс ауылы есіңізде ме? – дедім мен.
Шәкең риза болды.
– Иә. Неге ұмытайын. Ілиястың туған ауылын көзбен көргенге не жетсін. «Талдықорған – әнім менің» деген жаңа ән шығарып, сол ауылда орындаттым. Бәрі есімде. Бір жігіт Қасымның «Дариға сол қыз» деген әнін салды. Астыма ат мінгізіп, мені құрметтеді. Естайдың «Қорлан» әнін салдық. Бәрі есімде! – деді ол.
– Әнші жігіт бар ма?
– Бар.
– Аты кім еді?
– Амантай Зияданов.
– Амантайға сәлем айтшы. Ол әнді Ғафу Қайырбеков өте тамаша айтады. Онан соң әлгі Амантай айтады. Әнді орындау – үлкен шеберлік. Мен «Қорлан» әніне ғашық адаммын. Бірақ Жәнібек Кәрменов сияқты сала алмаймын. Менен әнші шықпады, – деп Шәкең шешіліп сөйледі.
Оразкүл Асанғазиева келді.
– ІІІәке! Сізді облыс әкімі шақырып жатыр. Мінбеге шығасыз, – деді.
– Оразкүл-ау, мінбеде нем бар. Осы жерде-ақ халықпен тұра берейінші. Әкім көкте, мен жерде тұрайын, – деп Шәмші қарсы сөз айтты. Қайсарлық танытты.
– Шәке, төрге шығыңыз, – деді Абай Балажанов.
– Осы жер маған ұнап тұр. Көптен көрмеген достарыммен әңгімелесемін. Сағынып келдім. Шымкент қаласын да сағындым. Жастық шағым осы қалада өтті ғой! – деп Шәмші өз ойын ашып салды. Әр сөзін ойланып айтатын ақылды адам еді.
* * *
«Ұлы адамдардың артынан сөз ілеседі.
Жаман адамның артынан шөп ілеседі» деген мақал ойыма оралады…
Есіме 1973 жыл түсті. Белгілі қоғам қайраткері, Қазақстан Орталық Комитетінің хатшысы болып еңбек еткен Кәкімжан Қазыбаев ағайдың үйіне бардым. Ол кезде Кәкімжан аға ҚазТАГ-тың директоры болып тағайындалған кезі еді. Мен студентпін.
– Мен саған бір нәрсе айтайын. Журналист болғың келсе, ерінбей еңбек етуің керек. Журналист – ол абыройлы мамандық. Мен «Жетісу» газетінің редакторының орынбасары болып он жыл еңбек еттім. Бірде журналистер мерекесі жақындап қалды. Редактор Ә.Қарағұлов маған:
– Кәке! Журналистерге не көмек көрсетеміз? – деді.
Ары ойланып, бері ойланып Қастек Баянбаевқа айтып, композитор Шәмші Қалдаяқовты шақыртып, оған журналистерге арналған әсем ән керектігін айтып түсіндірдім. Көп кешікпей «Журналистер әні» өмірге келді. Шәмшінің «Жетісу» газетіне тартуы болатын. Шәмші ерекше жаратылған, сабырлы, салмақты, ойлы, мәдениетті әрі таланатты азамат, – деп Кәкімжан аға маған бір естелік айтты. Сол ойыма түсті…
* * *
Шымкент қаласында Ш.Қалдаяқов және Ж.Адырбеков атындағы көшелер бар. Екеуі де рухы мықты қазақтың белгілі азаматтары ғой.
«Мен ер жеттім, мұңлы дауыл ішінде» деп А.С.Пушкин айтқандай, кеңестік дәуірде өмірге келіп, кеңес өкіметі өз-өзінен ыдырап, қазақ елі жеке мемлекет болған кезде 1992 жылы атақты композитор өмірден өтті.
Бүгінім бұзды сиқымды,
Мезеттей өмір тез өтер,
Өткеннің бәрі сүйкімді, – деп Пушкин жырлағандай, өткеннің бәрі сүйкімді болып қала береді.
* * *
Жақында үйдегі архивті ақтарып, қолыма әбден сарғайған «Шымкент келбеті» газетінің 15 желтоқсан, 1995 жылғы саны түсті.
«Шәмші туралы шындық» деп Оразбек Бодықов мақала жазыпты.
«…Қазақстанды 40 жылдай басқарған Д.А.Қонаевтың өзі үйі жоқ, аш-жалаңаш қаңғып жүрген Шәмшіні аяп, Ленин даңғылынан үш бөлмелі пәтер бергізгенімен, Шәмшінің соңына түскендерді бәрібір тоқтата алмады.
29 ақпан 1992 жылы соңғы сапарға аттанды.
Шәмші қайтыс болар алдында әлдебір нәрселер ойыма түсіп:
– Шәмші! Сен осы «Қайықта» әнін жазарда Нұрсұлтан Әлімқұловқа тақырып бердің ба? – деген едім.
Шәмші сәл ойланып, күрсініп:
– Өмірдің өзі ұшан-теңіз. Бәріміз осы қайықпен жүзіп өтеміз. Ал менің қайығымда ескек болған жоқ. Бүгінге дейін ескексіз қалқып келемін. Соны жазғыздым, – деді…»
Ащы жазылған мақала екен. Жүрегім ауырып кетті.
Ескегіңді берші маған,
Мен есемін, сен еспе.
Су күлкісі сылдыраған,
Сенің күлкің емес пе? – деп радиодан Бибігүл Төлегенованың «Қайықта» әнін салған даусы естілді.
2010 жылдың 25 қыркүйек күні кешкі сағат 19.40
Елге беделді азамат Шаймерден Тұрсынбайұлы екеуіміз Отырар ауданындағы Қоңыртөбе теміржол бекетінің ішінде орналасқан Шәмші Қалдаяқов атындағы ауылға бардық. Бұл ауылда композитордың балалық шағы өткен екен. Осы ауылдағы мектепті бітіріпті. Әкесі Қалдаяқ пен анасы осы ауылда жерленіпті. Шәмшінің атақты «Ана туралы жыр», «Арыс жағасында» атты әндері осы жерде алғаш рет орындалыпты. Ауылдың арғы жағында Арыс өзені ағып жатыр. Жыңғыл көп екен.
Шәмші аға менің ауылыма келгенде 40 жаста екен. Міне, енді араға 40 жыл салып композитор ауылына ат басын бұрдым. Мен үшін тым ыстық еді…
Шәмші Қалдаяқовтың XXI ғасырдың басында «Менің Қазақстаным» атты әні мемлекеттік әнұранға айналып, ол алтын әріппен ел тарихында калды.