АЯҚТАЛМАҒАН ТРАГЕДИЯ

(полигон әңгімелері)

ҚЫЛМЫС

Құлыны кісінеп, қозысы маңырап, айран-қымызын ішіп, құрт-ірімшігін жеп, тып-тыныш жатқан Абыралы атырабы аяқ астынан әбігерге түсті де қалды. Ең алдымен жеңіл машиналарға мінген офицерлер келген, артынан жүк машиналары, солдаттар қаптап кетті. Аудан орталығы, село атанғанымен, алақандай Қайнар үшін бұрын болмаған оқиға басталды: жер де гүр-гүр, аспан да гүр-гүр. Бұрын анда-санда бір ұшып келетін кішкентай самолеттің өзін қызықтап, тамашалап, таңырқап, улап-шулап қалатын балалар үшін ерекше бір көрме – жәрмеңке басталғандай. Ел-жұртты таңқалдырған ғажап нәрсе: пошымы шегіртке секілді, төбесінде айналатын қалақшалары бар, дік етіп қалаған жеріне қонып, зыр етіп тұрған орнынан көтеріліп кететін вертолет жас-кәрінің аузынан су ағызып, көзін бақырайтты.

Аяқ Қайнарда, мектептің төменгі жағындағы тастақ үстінде заводтан жаңа шыққандай жалтырап тұрған, бір мұрты бұзылмаған, темірлері күнге шағылысқан, қорабына жалғыз сызат түспеген әскери жүк машиналары қаздай тізіліп қалған. Шатырлар құрылып, түрлі шөптен, майдан пісірген дәмнің иісі шығып, шаң-шұң орысша сөйлескен сөздер естіліп, ылғи сыптай жас жігіттер әрлі-берлі жүріп, әп-сәтте, аспаннан түскендей жаңа тіршілік, жаңа дүние пайда болған.

Әуелде бата алмай, тосаңсып, үркіп тұрған балаларды, шоши қараған үлкендерді солдаттардың өздері су, сусын сұрап, бойларын үйретіп, тілге келіп, әңгімеге тартып, жақындата бастады. Пысықай балалар мектепте үйренген шала-шарпы орысшаларымен бірінің басын, бірінің аяғын келтіріп, тіпті болмай жатса, ымдап түсіндіріп, қолмен көрсетіп, солдаттармен оп-оңай ұғысты да, өздері айында-жылында көрмейтін таңсық жеміске тойды, иісі бұрқыраған колбасаға ауыздарын толтырды, сілекей ағызған консерваға қарқ болды.

Райком, райсполком алды қаптаған кісі: жан-жақтағы колхоз басшылары, ауыл атқамінерлері, белсенділері түгел осында, офицерлер, солдаттар жыртылып айрылады, басқа да бейтаныс адамдар толып жүр, Семейден, Алматыдан, тіпті Москвадан келген секілді.

Райкомның алдына жиналған жұрт бірінің аузына бірі қарайды. Орақ тұмсық, бұйра бас хатшы көп сөйлеген жоқ: Дегелең тауының бауырында үлкен әскери дайындық, бомба күшін сынау болады екен, сол кезде халықтың денсаулығына зияны тиіп кетпес үшін бір аптаға күллі аудан жұртшылығын көшірмек.

Әр жерден әр түрлі сөздер естіліп жатыр, алғаш ұмтылған белгілі Байсақ:

– Қырық тоғызыншы жылдан бері қарай Дегелеңнің бауыры күнде тарс-тұрс емес пе? Жер-дүниені өртегендей болады да жатады, әйтеуір. Ешкім көшпей-ақ, жұмысын істеп, малын бағып отыр ғой, жарылған бомбаға еттері үйреніп алды. «Адам ит жанды» деген рас, іргелерінде соғыс болып жатқандай жарқ-жұрқ, жер сілкінгендей қозғалыс, бұның бәрін елемейді. Ал енді қиян шеттегі бізде не ақылары бар? Дегелең қайда, Абыралы, Қайнар қайда, жүз шақырым арасы, бомба жаратын жерлерді көшірсе көшіре берсін, бізді неге әурелейді? Күз болса, мынау, жұмысты қайтеміз? Шөпті кім шабады? Малды қайтеді? Оны да көшіре ме? Солдаттар ерікті екен деп біз де ерігеміз бе, о несі-ей? Хатшы жолдас, осы жағын айтпайсыңдар ма? – деп шұбырта бастағанда, танымал Жұмаділ кірісті:

– Бір есептен, әрине, өкімет айтса, көнбеске шара жоқ. Бірақ, өзі, бір есептен, қисынсыз көшу болайын деп тұр ғой. Құр төсек-орынды ғана алғанда, басқа заттарымызды, қалай, кімге сеніп қалдырып кетеміз? Бір есептен, бала-шағаны, қатын-қалашты көшіріп, үй иелері, шал-кемпір жағы қалып қойсақ қайтеді? Үйді-үйге кіріп тексере қоймас, біз осында қалсақ қайтеді өзі? Мен өзім Қайнарда қалам. Бомбаларын жара берсін.

Ендігі сөз полковникке тиді; ол совет армиясының күш-қуатын, бейбітшілікті қорғаудағы қызметін айта келіп, ғалымдардың бұрын-соңды болмаған ғаламат жарылыс күші бар бомба жасағанына мақтанды. Көшудің өзі тұрғындардың қауіпсіздігі үшін деді. Уақыт тығыз екен, бүгіннен қалмай көшіре бастайды, сынау ертең басталады. Сондықтан ырғалу-жырғалуға жол жоқ, уақыт тығыз. Кейбір еркектер қалса, қалсын деп емексітті.

Алғашқыда тартынған көпшілік, енді жұртта қалып қоятындай, бір-бірімен кимелесіп, машинаға таласып-тартыса бастады: «Мен әскер семьясымын», «Мен аурумын», – деген сылтау-желеу айтып, шаң-шұң шығарды.

Үй басы сайын бір-бір машина. Жалаң қаққан солдаттар. Опыр-топыр, асығып-үсігіп заттарды буып жатқан кісілер. Күлшім апам әдеттегі сабырлы мінезінен айнымаған:

– Шырақтарым, көппен көрген ұлы той, саспаңдар. Өкімет айтты – алдамас. Көр-жер, шоқпытты артып қайтесіңдер? Алаша-сырмақ, көрпе-жастықты мол қылып алыңдар, балалар тоңып қалмасын, жылы киімдерді ұмытпаңдар. Айтпақшы, ана ер-тоқымдарды, бесікті, домбыраны қалдырмаңдаршы. Болды, осы екі-үш тең жетіп жатыр. Сендер ғой, жатақ болып, үйелеп бір жерде отырып қалған, е, біз көштің талай қызық-шыжығын көрдік, – деп отырғанда Қызтумас келді.

– Ойбай-ау, бұларыңыз не? Дүние-мүлікті ашық-шашық жұртқа тастап кете бересіздер ме? Қызыл Қайнардағылар үй басы екі-үш машинадан алып, заттарды айтасыз, есігінің алдындағы малдың қиына дейін тиеп жатыр. Ойбай-ау, апатай-ай, мынадай күйде, үш теңмен кісі көше ме? Обал емес пе? Ертең біреу үптеп кетсе, қайтесіз? Қайтып оралмаймыз, осы кеткеніміз кеткен дейді ғой. Анау шешендерді, анау немістерді кезінде осылай алдап көшіріп жіберіпті ғой, ел біледі ғой, ел айтып отыр, осы кеткеніміз кеткен, енді оралмаймыз. Жаратын бомбасының түрі жаман екен. Мал-жанды қырып салуы мүмкін. Қорыққаннан екіқабат әйелдер баласын тастап, жастар жынданып кетеді дейді ғой. Біздің басымызға қара түнек орнады десеңізші, – деп жылап жібергенде, Күлшім апам ақырып қалды:

– Әй, жүзіқара, аузыңа құм құйылсын. Жағыңа жылан жұмыртқалағыр. Ақыр заманды орнатуын албасының. Өкімет айтты – алдамас. Басыңа көрінгір, қайдағы сұмдықты айтып елді шошытуын. Бар, жөнел, құдай қарғаған, сумаңдауын қарашы. Сені құдай қарғамаса, байыңды жұтпас еді-ау. Өкіметке жер құрып қалып па, бізді тентіретіп не болды дейсің? Өкімет  айтты – алдамас. Өсекші қатындар сандалмасын. Өкімет өз халқын өзі қырып жынданып кетіп пе? Жүзіқаралардың тілдерін кесер ме еді? Пәруәрдігер! Аруақтарға тапсырдым. Аманат. Қане, мен құран оқып жіберейін, – деді де, апам тізе бүкті.

Бәріміз алақанымызды жайдық, ішімізден үйретіп қойған сөздерді айттық та, дұға қайырдық.

Көші-қонның әбігерімен жүргенде, қуанышты хабар лап ете түсті: көмек үшін жан басына елу сомнан берілмек. Аяқ астынан ат басындай алтын тауып алғандай, енді барлық жыртығы бүтінделетін секілденіп, аңқау жұрт қуана мәз болып, шытырлаған жап-жаңа ақшаны қайта-қайта санап, жымың-жымың етеді. Нар түйедей колхозшы жыл аяғында қолына бас-аяғы бір-екі жүз сом тисе, мәз болушы еді, жоқ жерден ділдә ұстағандай болып, кенелді де қалды.

Алдында қауіп-қатер ойлаған ел-жұрт, кәрі-жас, әйел-еркек, бала-шаға енді тіпті көңілденіп кетті, дүкенді қант-шәй, тәтті-кәмпит, өрік-мейіз, колбаса, консерва, дәмді тоқаш, арақ-шарап басып кетті, гүрілдеген сауда, аузы-мұрнынан шыққан дорба, қапшық, ду-ду, мәре-сәре нағыз жұмақтың ішіне кіріп кеткендей.

Қымыз, арақ-шарап ішіп, қызып алған үлкендер, тәтті, кәмпит жеп, мәз болған бала-шаға, жүздеген әскери машинаға тиелген қалың ел жаңа қонысқа – Құр өзенінің бойына қалай барып, қалай қонғандарын өздері де білмей қалды. Улап-шулаған жұрт, маңыраған мал, гүрілдеген машина, ана жер мына жерде қазылған ошақ, жағылған от, тігілген шатыр, киіз үй, бұлақ басына, дөң төбесіне жиналған топ-топ адам – осы бейбіт тіршілікті кенет бұзып, бұл атырап естімеген ғаламат жойқын қуатпен бұрқ ете түскен, жерді сілкілеп, аспанды тітіркенткен, кісі көзі қарай алмайтындай қып-қызыл дөңгелек от шығарып, ол саңырауқұлақ болып көкке көтеріліп, қорыққан, зәресі ұшқан тіршілік атаулының жандарын қоярға орын таптырмай, құт-берекелерін алып, зәрелерін ұшырып, бірін-бірінің бауырына тығып, бүрістіріп, жүректерін ауыздарына келтіріп, қол-аяқтарын дірілдеткен зұлматты құдіреттің аты, осы атыраптың қазіргі буын, келер ұрпағының қасіретінің аты – сутегі бомбасы еді.

Бұл жарылыс 1953 жылы 5 август күні болды.

Бір жұмадан кейін халық бұрынғы қоныстарына қайтып оралды: ауылда қалып қойған бірен-саран ит, мысық, малдардың жүні жидіп түскен, терілері қызыл шақаланып сыдырылған, жол соқпақты, тіпті үйдің төбесіне шейін сорайып өскен рабайсыз ұзын шөп басып кеткен. Алғаш бұл құбылысқа таңырқаған ел бірте-бірте үйреніп кетті, көңіл бөліп назар аударуды да қойды, кейін келетін көп кесепаттың алғашқы хабаршы белгісін ұққан жоқ.

Әр түрлі әңгімелер шықты. Бүкіл ауданның жерін әскер алады екен де, халықты жан-жаққа бөліп-бөліп көшіретін болыпты деген сөз тарағанда, әсіресе үлкендер көздері суланып, атамекен, бабалар зираты, өскен-өнген топырақ – бұлардан айрылып қалай күн көруге болады деп торықса, жастар тамаша бір жер ұйық тауып, сонда жаңа өмір бастайтындай елегізіп, қуанғандай болды, аса қинала қойған жоқ.

Бір-ақ күнде, 1954 жылдың күзінде ауданның тарайтыны, оның бұрынғы территориясының жартысы полигонға айналып, Дегелең, Мыржық, Тайлан секілді атақты, шұрайлы жерлердің бәрінен елдің көшетіні белгілі болды. Қалған жерлердің өзіне бұрынғы аудан халқын сыйдыру керек деген ұсынысты ешкім тыңдаған жоқ, сөйтіп бірталай ел атамекен, туған жерлерімен жылай-жылай қоштасып, жан-жаққа көшіп кете барды, торғайдай тозып кетті.

Бұрынғы колхоздар негізінде совхоздар құрылғанда, Қайнар совхоз орталығы болып қалды да, Абыралы ауданының жұрнағынан «Қайнар», «Абыралы», «Қызыл Ту», «Ақбұлақ», «Саржал», «Доғалаң» тағы басқа бірнеше совхоз жасалды. Ауданның біраз жері Қарағанды облысының Егіндібұлақ, Қарқаралы аудандарына кетті де, негізгі бөлігі Абай ауданының құрамына енді. Ел әр жерге көшірілді. Бірте-бірте Абыралы деген ат ұмтылып, оның кезінде бай, іргелі, берекелі елді мекен болғанын біреу біліп, біреу білмейтін күйге түсті.

Жұртты көшіріп, сутегі бомбасын сынағаннан кейін, тағы бір жаңалық шықты. Жан-жақтан дәрігерлер қаптады, неше түрлі түтікше, шөлмек, ине, сан-алуан дәрі-дәрмек, жарқ-жұрқ еткен құрал, аппарат дегенді жергілікті халық сонда көрген. Қысым өлшеткен, қан, зәр, нәжіс тапсырған, рентген сәулесімен тексерілген, шаш, тері қабатын кестірген, сынған тісті тапсырған дегенді кім біліпті. Семейден, Алматыдан, Москвадан мамандар қаптады. Тау-тасты, мал-жанды, өзен-көлді түгел зерттеді. Ауру-сырқау адамдарға дәрі-дәрмек берді. Семейге, Алматыға, тіпті Москваға алып кетіп, емдеген аурулар шықты.

Алғашқыда халық әскери адамдардың айтқанын бұлжытпай орындады; шынында да, далаға шығып, қалқаға жасырынып, жерге жатып, бомба жарылған жаққа қарамай, айтқан уақытқа дейін жұмысты қойып, не істе десе, соны істеп жүрді. Бірте-бірте жарылысқа ет үйренді, тарс-тұрс бойға сіңді. Аспандағы қызыл от – тажал сәуле емес, күннің кішкентай сіңілісі, атом саңырауқұлағы – ажал апаты емес, кемпірқосақ көлеңкесі секілденіп кетті. Кішкентай балалар ғана «Занятие!», «Занятие!» деп, бейнебір жақсылық қуанышқа сүйінші сұрағандай шапқылап жүретін. Үлкендер жағы: «Е, қайтейік, Алланың бір ажалы тұрған шығар. Қайда көшіп кетеміз? Құдай салды – біз көндік. Өлсек, бұрынғы өлгендерден артықпыз ба?» – деп, кейде екпінді ауа толқыны әсерінен пештен шыққан жалын-түтіннен шегініп қалып, отыра берер еді. Кезінде дәрігерлер қалай аяқ астынан келсе, солай аяқ астынан келулерін тоқтатты. Әсіресе сынаулар жер астына түскеннен кейін бұл ел назардан мүлде ұмытылды. Бірақ ауру-сырқау, өлім-жітім тіпті көбейіп кетті. Бұрын естімеген, ел-жұрт көрмеген, кездеспеген аурулар пайда болды. Түсік көбейді, жарыместер көбейді, ең жаманы ақ қан, рак деген пәлекеттер қаулады, өлім қаптады.

Он бес жыл жер бетінде, жиырма бес жыл жер астында жарылған атом, сутегі бомбаларының кесапаты ма, басқа да қырсық бар ма, оны дәл айыру қиын шығар, алақандай бір Қайнар селосында соңғы жылдары рактан өлгендердің, ақ қан ауруынан опат болғандардың, іштен есалаң боп туғандардың, өзін-өзі өлтіргендердің саны қаптап кетті.

  ПОЛКОВНИК КАШКИН, СТУДЕНТ АСАНОВ

Полковник Кашкин тал бойында бір міні жоқ, сұлу жүзді, қыр мұрынды, өткір тілді, жан-жақты білімі мол офицер еді. Әскери кафедра мүшелерінің ішіндегі суық, қатал оқытушылардан бөлектеніп тұратын. Басқалар өз пәнін ғана білетін, басқа тақырыптарға бармайтын, студенттермен ара-қатынасты қатал сақтайтын ресми кісілер болатын. Рас- өтірігін кім білсін, кезінде Кашкин маршал Рокоссовскийдің адъютанты болыпты, кейін ана кісі Польшаға кеткен кезде, басқа қолбасшыларға ұнамай, үлкен біреуінің қаһарына ұшырап, отставкаға шығып, оқытушы болып жүр деген қауесет айтылушы еді. Қалай десе де, Кашкиннің  түр-түсі, жүріс-тұрысы, өзін-өзі ұстауы, ең бастысы білімі, әзіл-қалжыңы өзге офицерлерден ерекше еді.

Кейде ол негізгі тақырыбынан шығып кетіп, Александр Македонский, Шыңғыс хан, Наполеон, Суворов, олардың әскери жорықтары, жеке бастарындағы оқиғалары туралы сөйлеп кеткенде аузымызды ашып тыңдар едік. Сталин, Ягода, Ежов, Берия, Голощекин қылмыстары да айтылатын. Бір сәт алыстан орағытып келіп:

– Бізді алда қандай тағдыр күтіп тұр, кім білсін. Соғысты болдырмас үшін күресіп жатырмыз. Тарихқа көз салсақ, елшілер құшақтаса сүйісіп, кәмпит шайнап, бал сорған кезде соғыс басталған. Сондай жаманат күн туса, жандарыңды сақтап қалатын мына винтовка, мына пулемет, мына бомба, қалам емес, қағаз емес, сөз емес, – деп барып полковник атом, сутегі бомбаларының жарылыс күшін, сан-алуан әсерін, кейінгі зардаптарын қабырғада ілулі тұрған плакаттарды таяқшамен нұсқап қойып, тәптіштей түсіндіре бастаған.

– Сонымен, қорытып келгенде, атом, сутегі бомбалары жарылған жерде еш нәрсе қалмай өртеніп кетеді де, аспанға от-жалын саңырауқұлақ – радиоактивті бұлт көтеріледі; жолдағыны түп-түгел жайпайтын екпінді толқын атылады; алдындағының бәрін тесіп өтіп күйдіретін сәуле заулайды; бір сәтте завод па, фабрика ма, тұтас қала ма – күлі аспанға ұшады; қолма-қол қырылып қалған адам баласы, жан-жануар өз алдына, зардап-кесепаттың ең үлкені жылдарға созылатын дерт артта жатыр: радиоактивті сәуле, күл, шаң жан-дүниені, адамдарды, малдарды, үйлерді, заттарды, топырақты, өсімдікті, өзен-көлді, тау-тасты, орман-тоғайды түгел залалды етеді, былғайды; радиация басқан аймақ пайдалануға жарамайды; ол төңіректегі адамдар, олардың  үрім-бұтағы сәуле ауруына ұшырайды; қандары ағарып кетеді, рак жайлайды, психика бұзылады, өзін-өзі өлтіру, жынданып кету көбейеді; мұның өзі атом бомбасы түскен, ядролық жарылыс болған жер үшін тозақ, ақырзаман, христиан тілінде айтқанда, Судный день,  – деп барып полковник Кашкин күрсінді. – Адамның ақыл-ойы ядролық жарылыс жасаудың кілтін тауып, өз басына ғаламат пәле тілеп алды. Қарулану жолындағы тоқтаусыз жанталас тоқталмас, сірә. Сынау мақсатымен аспанда, суда, жерде мың сан бомба жарылып, күн сайын оның күші өсіп келеді. Дәл қазір қолда бар атом бомбалары жарылса, жер бетінде тіршіліктің құрып кетуі де мүмкін. Түбі келісімге қол қойылса, ядролық жарылыс жер астына түспек. Бірақ оның өзін қауіпсіз болады деп мен айта алмас едім. Адам баласы жер бетіндегі тіршілікке, цивилизацияға қауіп төндіріп тұрған тажал қаруды өзі ойлап тауып, енді содан қалай құтылуды өзі білмей екі-ұдай жарылған, дал болған шақ бұл.

Полковниктің осы сөздерді айтқанда екі шекесі қызарып тұрды.

Бөлімдегі әскерге барып келгендер, халқы аралас жерлерде, станцияда, қалада оқығандар болмаса, көбіміз алыс аудандардан шыққан, орыс тіліне шорқақ едік, сондықтан әскери дайындық сабағында пейіл салып тыңдағанымызбен, сұрақ қойып, ұстаздармен тілдесуге бара алмай, бұғып отырар едік. Мұндайда суырылып шығатын – университетке дейін Қарағандыда шахтыда істеген, кейін республикаға атағы шыққан жалаң қылыш фельетоншы болған Нұржан Мұқанов пен Омбы облысынан келген орысша, қазақшаға бірдей жүйрік Естай Асанов. Нұржан ылғи басың қайда, көзің қайда демейтін, турашыл болушы еді, бұл жолы да, «Америкада, бізде қанша бомба бар, соғыс басталып кетсе, қандай қалаларды алдымен жою керек, бірінші болып қимылдап қалса қайтеді?» деген секілді ұрда-жық сұрақтарды жаудырып, полковник Кашкин соның бәріне ерінбей жауап беріп болғанда, көзілдірігін көтеріп қойып, «Скажите, пожалуйста» деп алып, әңгімеге Естай кіріскен.

– Жолдас полковник, сіз айтқан, анау плакатта көрсетілген нәрселердің бәрін біз білеміз, өз көзімізбен көрдік, –  деді ол.

Кашкин таң қалып,  жалт қарады.

– Көрдік, көрдік! – деп шуластық.

– Ал, тынышталыңдар. Сен не айтып, не қойғаныңды білемісің, Асанов?

Естай орнынан тұрып, тақта алдына барды, қолына таяқшаны ұстап, плакаттарды түртіп-түртіп көрсетті:

– Мыналардың бәрін біз жақсы білеміз, жолдас полковник. Өз көзімізбен көрдік.

– Сен не айтып тұрсың?

– Биыл жазда Павлодар облысында жұмыста болдық. Алыс отардағы қыстауда қойшыларға үй салып жатқанбыз. Жаз ортасы. Июль. Күн ашық. Топтағы он жігіт түгел далада, сол күні істелмек шаруаны ақылдасып бітіп, енді жұмысқа кіріскелі тұрғанбыз. Кенет шығыстан, Семей облысы жақтан аспанды тұтас өрт қаптағандай болып, әлгі от көтеріліп, құлақты жарып кетердей жарылыс естілді, аспанда қып-қызыл шар пайда болды; саңырауқұлақ шықты, гүрс-гүрс, аяғымыздың астындағы жер қозғалып кетті. Сау етіп қалап қойған қабырға құлады. Ауада көк жасыл толқын жүре бастады, біз сағым ішінде қалғандай болдық.

Полковник Кашкин әрі қарай айттырмады:

– Жетті, Асанов! Жетті!

Бірақ аз үнсіздіктен кейін Естай қайтадан сөйледі:

– Жолдас полковник, мұндай жарылыстар қалың елдің жүрегінде, бір жағы Қазақстанның Семей, Өскемен, Павлодар, Қарағанды, бір жағы Россияның Барнауыл, Омбы, Алтай өлкелерінің ортасында неге жасалады? Радиация зардаптары неге ойластырылмаған? Желмен, бұлтпен зиянды заттар, шаң, күл қайда тарап жатыр? Әлгінде өзіңіз айтқандай, мұның бәрі адамдарды бауыздамай қырып жатыр емес пе? Соны қалай тиямыз?

– Мен қорғаныс министрі болсам да, сенің сұрағыңа толық жауап бере алмаспын, – деді Кашкин, – бәрі қорғаныс үшін. Қорғанысқа кететін шығынды халық шаруашылығына пайдалансақ, біз қазір нағыз бай елге айналар едік. Қорғанысқа бола шығынға батамыз еріксіз, қорғанысқа бола құрбандыққа барамыз еріксіз. Ақыл, ой, талант қорғаныс жолында қызмет етеді. Жер, су, энергия, байлық – олар да құрбандыққа шалынады. Сен көргенді әскери адамдар көрмеді дейсің бе, соның ішінде жүр емес пе? Ең әуелі солар жазым болады, ең әуелі таяқ соларға тиеді.

– Мұның бәрі жалпы сөз ғой, жолдас полковник, – деді Естай келіспеген ыңғайын жасырмай, – мен қорғаныс үшін атом бомбасы керек емес деп тұрмын ба? Керек! Бірақ жарылысты адамға зияны тимейтін шалғайға, елсізге әкету керек деймін. Семей полигоны ең алдымен қазақ халқының, одан кейін көршілес, қойындас отырған орыс халқының қасірет-дерті, күллі совет халқының трагедиясы деп білем.

Осы сөздердің тұсында өңі өзгеріп, сұрланып кеткен полковниктің даусы ащы шықты:

– Жетер, Асанов! Атом бомбасына байланысты дискуссиямыз осымен бітті. Сен қай кафедрада, қандай сабақта отырғаныңды ұмытпа! Әскерде болып па ең? Әскерде болсаң, ант берген шығарсың? Бердің ғой? Ендеше әскери құпияны ашу – қалай жазаланатынын білесің. Бұл әңгіме осы жерде қалсын. Бірде-біреуіңнен жалғыз ауыз сөз шықса, жақсылық күтпеңдер, оқудан шығарыласыңдар. Ешқайсың бомба сынауды, саңырауқұлақты, екпінді толқынды көрген жоқсыңдар. Ұқтыңдар ма? Көрген жоқсыңдар. Ал бүгінгі сабақта ешқандай талқы болған жоқ. Менің де семьям, бала-шағам барын ұмытпаңдар. Шындап келгенде, атом бомбасын сынайтын совет полигоны қай жерде, оны мен білмеймін, сендер де білмейсіңдер. Қара бұларды, полигонның қасында жұмыс істеген, бәрін көрген. Өтірік мұның бәрі! Сендер еш нәрсе көрген жоқсыңдар, қайталап айтам, көрген жоқсыңдар. Полигон, атом бомбасы туралы ешқандай талқылау болған жоқ.

Полковник Кашкиннің бұлай ашуланып, бұрқ-сарқ қайнағанын біз бұрын көрген жоқ едік, таңырқаған кейіппен бір-бірімізге қарадық. Елдің бәрі білетін нәрседен несін құпия жасап тұр, неден қорқады, бізді неге қорқытады деп күлісіп қойдық.

Естай төсек үстінде малдасын құрып алып, домбыра тартып, ұзақ қиссаларды айтып отыратын сері, жыршы жігіт еді. Көбінесе ол түнімен кітап оқып, таңертең ұйқысы  қанбай, сабаққа бара алмай қалатын, осы дағдысының кесірінен әскери дайындықтан көп кешігіп жүрді, сол сылтау болды ма, басқа себебі бар ма, кім білсін, әйтеуір, сырттай оқуға ауысуға тура келіп, еліне, Омбы жаққа кеткен болатын, кейін естідік, университетті бітіріп, Көкшетау жағында мұғалім болып жүріп, отызға жетпей ақ қан ауруынан қайтыс болыпты. Ал полковник Кашкин отыз бес жасында әскери жұмысты мүлде қойып, Ригаға қайын жұртына көшіп кетті. Осы екі адамның тағдырына – студент Асанов пен полковник Кашкин тағдырына атом бомбасына байланысты арнаулы дайындық сабағында оқылған лекция, сонда айтылған сөздердің әсері болған секілденеді де тұрады маған.

ӨЛГЕН ТАУ

Семейде көп аялдаған жоқпыз, әсіресе той иесі Сапарғали Бегалиннің өзі қырға қарай тез жүріп кетуді өтінген соң, Күшікбайдың басына бір ат шалдырып алып, зулап отырып Жидебайға жетіп келдік. Абайдың үйі атандырған еңселі биік киіз үй сыйлы қонақтарға арнайы тігіледі екен. Іші толы адам: облыс, аудан өкілдері өз алдына, Сапарғалидың сексен жасқа толуына байланысты қасына ерген нөкерлері іспетті бір топ адам бармыз: Жүсіпбек Елебеков, Кәукен Кенжетаев, Жаппар Өмірбеков, ұлдары Хамит, Мәжит, Қасым және мен.

Той иесінің қолқасы облыс өкілін, аудан басшыларын қатты қинады, өздері оңаша шығып, қайта-қайта күбірлесіп, кеңсеге кіріп кетіп, әлдебіреулермен айқайласып, орысша сөйлесіп, жалынғандай, өтінгендей болып, ақыры бір шешімге келген секілді. Негізгі мамандығы әдебиетші-мұғалім, аузын ашса көмекейі көрінетін ақкөңіл, елдің, жердің көп әңгімесін судай ағызатын, Абай, Мұхтар шығармаларын жатқа айтып, талай кісіні аузына қаратқан, шешендігімен небір ақын-жазушыны таңқалдырған, ұзын бойлы қара сұр жігіт Бәтташ Сыдықов қилы мінезді, көп сыйлы қонақ күтіп, тіс қаққан, әккі, қас-қабақтан танитын сұңғыла; әдеттегі ақпа-төкпе мінезін сездірмей, райком хатшысына лайық, ел ағасына тән сабыр-салмақпен Сапарғали мен Жүсіпбектің көңілінен шығып, разы етіп жүр. Ыммен, қабақпен талай шаруаны бітіріп жатыр. Шаруа келісілген болу керек, қайтадан жолға шықтық.

Көңілі түсіп, шешілсе, Сапарғали талай қызық, ұзын-сонар, әр қиырға тартатын, мол сарынды, көп әуезді әңгімелер айтушы еді. Арғыдағы Өскенбай, Құнанбай, Абай дәуірлері, одан кейінгі аласапырандар, талай тарам-тарам хикая болып өріледі. Жер атына, зират, бейітке қатысты аңыздар бір төбе. Шыңғыс бөктерінен бұрынғы Дегелең, Абыралы атыраптарына қарай еңкейгенде, Сапарғали тіпті ағыл-тегіл көсіліп отырды. Бұл өңірдің атақты батырлары, дәулет біткен байлары, ерекше жаратылған әнші-күйшілері, реті келгенде жүйрік ат, сылаң тазы, алғыр құсына шейін сөз болды.

Бір оқиғаны екінші оқиғамен шатастырмай, үнемі сабақтастыра, жарыстыра өрбітіп, тіршіліктің көп сырларын, сан алуан тағдырларды көз алдыңа алып келеді, әрбір адамның түр-түсі, жас шамасы, мінез қалпы, сөз мақамы, – бәрі өз орнында, ұзақ романды тыңдап отырғандай боласың, жазығы қағазға түспеді демесең, бас-аяғы жұп-жұмыр көркем шығарма.

Алдағы машиналар тоқтай бастады.

– Бұдан әрі баруға болмайды, – деді облыстан мініп келген «Волганың» шофері, жасы елудің ішінде, өзі салмақты, орнықты адам.

Бәтташ оған жақындап келіп, құшақтап, арқасынан қағып, оңаша шығарып алып, сөйлесе бастады:

– Виктор Тимофеевич, тағы кішкене тақай түсейік, ештеңе бола қоймас, – деді.

– Жоқ! Енді бір адым да ілгері баруға қақымыз жоқ. Мына белгіні көрдіңіз бе? Оның ар жағы тор, өтуге болмайтын тор.

Райком хатшысы күліп жіберді:

– Ойбай-ау, қазір бұл далада не белгі жоқ, не тор жоқ – солар бойынша жүріп, тұрсаң, жан баға алмай қаласыз ғой?

Виктор Тимофеевичтің түсі салқын тартты, даусы қатқыл шықты:

– Сіз бұл белгіні білуіңіз керек. Отпен ойнауға бола ма? Жалғыз сіз ғана емес, аудан халқы түгел қатерлі таңбаны білуге тиіс. Бұл – радиоактивті аймақ деген сөз. Оның зиянын сіз менен жақсы білесіз. Ендеше мен запастағы офицер ретінде халық жазушысының, халық артистерінің, режиссердің, басқа да жігіттердің, сіздің, ең соңында өзімнің өміріме балта шапқым келмейді. Сондықтан кері бұрылуға тиіспіз.

Бұл кезде басқа машиналардағы жігіттер де түгел түсіп, көгалға сырмақ төселіп, кілем жайылып, көрпе, жастық тасталып, алқа-қотан жайғасып, аяқтарын көсіле бастаған.

Жылап ағып жатқан бұлақ суымен Сапарғали, Жүсіпбек, Мәжит беті-қолдарын жуа бастады.

– Балдай тәтті, дәрі-дәрмек, хлор-слор қосылмаған, бір жұтсаң шөліңді қандырады, – десіп, кесемен су алып, кезек-кезек ішіп жатыр.

– Ойбай-ау, қымыз ішпейсіздер ме? Өлі суды қайтесіздер? – деп Бәтташ мазасызданып қалды.

Кей кезде Сапарғали мен Жүсіпбек арасындағы әңгіме бізге бейтаныс сарынға ауысады. Олар ешкімді елемейді,  аяқ астынан сұрақ қойсаң, жақтырмаған сыңай аңғартады, сондықтан ондай кездерде сөздерін бөлмеуге тырысамыз. Жүсіпбек баяу ғана ән әуенін, не күй сазын естілер-естілмес тартып отырады. Көбінесе есімін біз білмейтін, дүниеден өтіп кеткен бұрынғылардың, өз замандастарының тіршілік әрекеті, бастан өткендері, әке-шешелерінің тарихы, ескі ауылдың хикаясы, аңшылық-серілік әңгімелері.

Кәукен мен Мәжиттің сыбыры таусылмайды, әсіресе ұзақ жылдар бойы Москвада тұрған Мәжиттің оқымаған кітабы, білмейтін күлдіргі әңгімесі жоқ, ал Кәукен репертуарындағы белгілі тақырыптың бірі – Абай аулынан шыққан өзімен құрдас актердің айтқан сөздері, бастан кешкен оқиғалары. Оның Абай, Аманкелді рольдеріне таласып, бойың шағын дегенге намыстанып, басшы қызметте отырған бойы шағын азаматтарға барып, олардың жауаптарына қанағаттанбай, ақыры «Ара» журналының редакторы жазушы Қайнекей Жармағамбетовтен естіген ащы сөзден кейін тоқтағанын ұзақ сонар күлкілі хикая етіп айтудан жалықпайды. Ең соңында Кәукен: «Сол ағаларыңмен айтқан мың қалжыңға былқ етпей, оттапсың, Түйетірсек», – дейді. Түйетірсек – маған қойған аты. Бір сөзбен өлтіреді антұрған. Қойған атын қараңдаршы – Түйетірсек», – деп қарқылдап күліп алады.

Жаппар мен Хамит бірыңғай. Жаппардың қолынан дәптері мен қаламы түспейді, ылғи сұрайтыны жер, су, аң, шөп, тау, өсімдік атаулары, күндіз-түні, жиналыста, отырыста, киіз үйде, машинада жүріп келе жатып, сөйлесіп тұрып жаза береді. Кейде белгілі нәрсенің өзін қайта-қайта сұрайды, бір ақсақалға селеуді көрсетіп тұрып, «мынау не?» дегенде ана кісі, «ту-у, шырағым-ай, қала әбден шаршатқан ба, селеуді білмейсің бе, селеу емес пе, әлде мені мазақтап тұрсың ба?» деп ашуланған.

Хамит көбіне екі ақсақалды жағалайды, солардың тілін табуға тырысады. Қасым екеуіміз бір жұппыз.

Ұлдары Хамит, Мәжит, Қасым әкелерінің қас-қабағына қарайды, ол кісіні «аға» дейді, артық сөз айтпайды, арақ-шараптың өзін байқап ішеді, қызу кезде ол кісінің көзіне түспеуге тырысады. Бұл топта өзін еркін ұстайтын, ойына келгенін айтатын – Кәукен. Сапарғали оның аталарын, елін, жерін жақсы біледі, ағаларымен үзеңгілес дос, дәмдес, табақтас болған, тіпті Шәйбай ағасымен бірлесіп аңшылық туралы кітап та жазған, сондықтан шығар, Кәукенді еркелетіп, қалжыңға өзі тартып, күлісіп отырады.

– Сапеке, – деді Кәукен көзі күліп, – сіз осы қалай ойлайсыз, әскери адамдарда бас  бар ма?

– Сондай сұрақ бола ма екен?

– Болғаны ғой, меніңше, әскери адамдарда бас бар деп ойлаймын.

– Мынау данышпандық екен, Кәукен. Әскери адамдарда бас бар дейсің, ә, – деп Сапарғали жымиып күлді. Басқалар да күліп жатыр.

Кәукен басын көтеріп, малдасын құрып, бойын түзеп отырды, қақырынып алды, дауға енді кірісетін бидің кейпіне кірді.

– Күлмеңіз, Сапеке. Әскери адамдарда бас бар дейтін себебім – мынау. Сіздің туған жеріңіз Дегелең тауына, оның маңайына полигон орнату үшін әскери адамдар ойланбады дейсіз бе, ойланды. Жүз рет, мың рет ойланды. Ақыры лайық деп тапты. Елсіз жер. Өзен-көлі жоқ. Шөл. Қу дала, қу медиен. Ата-балаларыңыздың күнәсі де бар шығар, мүмкін, – дей бергенде Сапарғали саңқ ете түсті.

– Ей, Түйетірсек, не тантып отырсың? Қайдағы шөл, қайдағы қу дала, қу медиен, тапқан екенсің Бетпақ пен Кербаланың шөлін. Біле білсең, Баяның не, Қарқаралың не, Шыңғыстауың не, Тарбағатайың не, Дегелеңің не – бәрі бір құйқа, бір атырап емес пе? Бұл менің аяғыма кірген шөгір деп отырмысың, біле білсең, қазақ халқының жүрегіне қадалған оқ емес пе? Жазылмайтын жара, арылмайтын дерт. Бұл зілзаланың басы бар да, аяғы жоқ секілді ғой. Ұрпағыңның қылтасын кесетін зұлматтан қалай құтыласың, тәңірім-ау!

Көп уақытқа дейін Сапарғали түйіліп, тілін тістегендей болып отырды, өзгелерде де үн жоқ. Бір кезде Хамитке иек қағып, бірдеңені әкелші дегендей ымдады. Жолдорбаның ішінен шүберекпен жақсылап оралған дүрбі шықты. Сапарғали орнынан тұрып, ешкімге тіл қатпастан, жота басына көтерілді де, алыстан дөңкиіп көрінген Дегелең тауын дүрбімен қарай  бастады. Тапжылмай ұзақ отырды. Намазға ұйыған діндар мұсылман іспеттес, қаққан қазықтай қатып қалған. Аяғымыздың ұшынан басып, дыбыс шығармай төбеге біз де көтерілдік. Сапарғалида қан жоқ, сөл жоқ, өңі бұзылып кеткен екен.

– Құдайым-ау, бұл не сұмдық?! Дәл осындай болар деп үш ұйықтасам ойыма кірер ме? Дегелең тауын құртып жіберіпті ғой, тауды құртқан! Тау жоғалған! Ұялының шыңы, Әулие асу қайда? Ұзынбұлақ, Қарабұлақ қайда кеткен? Өзен-бұлақ өлген, арнасы да жоқ. Тау құрыған, оның орнында тас-қиыршық төбе жатыр. Хамит, Мәжит, бала кездеріңде бауырында асыр салған тауларың өліпті! Ата-бабаларыңның зираты да жойылған. Енді ол жерлерді біз ешқашан көре алмаймыз. Бұдан әрі қарай аттап басуға болмайтынын анау белгі айтып тұр, анау қоршау тор айтып тұр, оны мен де білем, неге білмейін… Әй, балаларым, інілерім, о заманда, бұ заман, тау өлгенін көрген кісі бар ма, міне, соған да жеттік, менің атамекенім, туған тауым – Дегелең өлген екен, маған көңіл айтыңдар. – Сапарғалидың көзінен бұршақ-бұршақ жас ыршып-ыршып кетті.

Бұдан кейін Ақбұлақ, Қайнар, Қызылту совхоздарында, аудан орталығы Қарауылда, басқа да жерлерде көп жұрт жиналған, халық жазушысының сексен жасын қошемет еткен талай қызықты бас қосулар, оқушылармен кездесу кештері өткенімен, Сапарғали аса көп қуана қойған жоқ, көбінесе Жүсіпбекпен сөйлесіп, әйтпесе мұрты салбырап, жүдеу кескінде, өз ойына беріліп, топ ішінде оқшауланып қалды. Күтім, сый-сияпаттан кемшілік болған жоқ, Семейдің дала, қаласы сүйікті перзентіне құшағын кең ашқанмен, Сапарғали жүрегіндегі ауыр бір шеменді, құса-мұңды, зіл-зала қайғыны еріте алмаған секілді.

Алматыда өткен салтанатты Ғабит, Ғабидендер басқарып, көп жылы сөз айтылып, әсіресе қарт қаламгердің беріктігі, денсаулығының мықтылығы, қайрат-күші ерекше дәріптеліп, Бұқар жырау, Жамбыл жеткен жерге барады деп қошемет көрсетілді. Әлде бәйбішесінің, әлде ұлы Мәжиттің өлімін көтере алмады ма, Сапарғали тоқсанға ілікпей күрт кетті. Әлде ол туған жері – Дегелең тауының өлгенін көтере алмады ма екен?..

Рымғали НҰРҒАЛИҰЛЫ




ПІКІР ЖАЗУ