Азаматтық жауапкершілік – ардың ісі

Бір орнында тұрмай дамып, түрленіп жатқан қоғамдағы өзгеріс заңдылығы адамдардың жауапкершілігіне, сана-сезіміне айтарлықтай екпін түсіруде. Урбанизация қарқынды дамып, жаһанданудың өмір салтына әсері зор алмағайып заманда отансүйгіштіктің де, патриотизмнің де мазмұны өзгеріп жатыр. Бұрын Отанға деген сүйіспеншілік көбіне әскери сипатта не тарихи оқиғалармен байланыстырылып айтылса, бүгінде әр азаматтың өз саласында адал еңбек етуі, әділдікке ұмтылысы, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезініп, ел дамуына шынайы үлес қосуы нағыз патриотизм саналады. Әсіресе жастардың болашағы үшін алаңдайтын аға буын бұл қасиетті сақтап қалу құндылығын жастарға барынша жеткізуде. Жуырда ОКЖ қарасты №20 кітапхана ұйымдастыруымен өткен «Азаматтық жауапкершілік – мемлекеттің іргетасы» деген тақырыптағы семинар да осы мақсатпен ұштасты.

АЭК пен ЕТЭК колледжінің студенттерін қатысқан іс-шараның негізгі спикері «Сенімен болашақ» РҚБ Алматы филиалының директоры, журналист Меруерт Мәулетқызы болды. №20 кітапхана меңгерушісі Лаура Мәулітшәріпқызының кіріспе сөзімен ашылған дөңгелек үстелде азаматтық сананың құндылығын арттыра отырып жаңаша түсіндіру бағытында әңгіме қозғалды.
- Қоғам – әр адамның өмір сүретін ортасы, болашағы қалыптасатын кеңістігі. Сондықтан қоғамға пайдалы болу – тек жақсы қасиет емес, ол әр азаматтың ішкі жауапкершілігі мен борышы. Азаматтық сана дегеніміз – өз құқығыңды ғана емес, міндетіңді де түсіну. Ал сол міндеттің ең маңыздысы – айналаңа пайда келтіру. Қоғамға пайда тигізу – тек материалдық көмек емес. Жылы сөз айту, өзгеге қолдау көрсету, табиғатты қорғау, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысу – бәрі де азаматтық мәдениеттің көрінісі, — деген спикердің сөзін ЕТЭК ұстазы Шынар Құстайқызы да қолдап, жастарға қатысты ақыл-кеңесімен бөлісті.

Басқосуда Абай Құнанбайұлының адамгершілік пен білімді жоғары қойып, халықты саналы болуға үндеген қара сөздерінен мысал келтіріліп, жастардың пікірі тыңдалды.
М.Маулина,
журналист





