Азаттықтың таңы атқанда

 

Ахмет ТОҚТАБАЙ

Бодандықтың ащы дәмін татқан, өмір бойы туған отанын көре алмай қор болған, көзі ашық көкірегі ояу, ұлттық санасы мен намысы жоғары шетел қазақтары қызыл империяның құрсауында қалған Қазақстанда не болып жатқанына үнемі құлақтарын түріп, көңілдері алаңдап, сағынышпен күн кешкен. Сондықтан қызыл империя құлап, оның отары болған ұлт республикалары 1991 жылы бірінен соң бірі бостандық алып, салтанат құрып жатқанда, Қазақстан қашан тәуелсіздігін жариялайды екен деп, күн санап, ай санап, тағатсыздана күттік дейді Түркия, Монғолия және Қытай қазақтары. Оның алдында КСРО-ны сақтау жөнінде референдумда Қазақстан халқының 80%-і «КСРО сақталсын» деп дауыс беріпті деген лақап тарады, Қытай қазақтарының көңіліне қобалжу ұялап қажып кеткендей болдық дейді Оспан батыр Исламұлының (1889-1951) «Бала батыр» атанған атақты мергені көзі тірі Құнанбай батыр.

Қазақстанның еркіндік алатынына бірден-бір сенген Түркия қазақтары. 1991 жылы 25 қыркүйекте Анкараның Есенбұға алаңында 200-ден астам қазақтар ұлттық киім киіп шығып: «Қазақстан Жұмһурбашканы Нұрсұлтан Назарбаевқа жалынды сәлем! Жер бетіндегі қазақтың жалғыз көсемі «Көсегең көгерсін» деген сөздер жазылған плакаттар ұстап қарсы алды дейді осы оқиғаны көзімен көрген делегация мүшесі Оқап Қыдырханов (Қыдырханов. О. «Өз елім – өзегім». – Алматы, 2012. 60 б.). Түркиялық қазақ ағайындар Назарбаевты – «Жұмһурбашкан» яғни президент деп қарсы алуы Қазақстан егеменді ел дегеннің белгісі еді. Делегация мүшелері жазушылар одағының басшысы Найманбаев «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы Т.Әбдіковпен, Құранды қазақ тіліне тұңғыш аударған О.Қыдырхановпен әңгімесінде 80-нен асқан Ұядан Ақай қария былай деген: – Бауырлар, егемендіктің ерекше бір белгісі жетпей тұрғанын айтсам айып етпеңіздер. Қазақстан президентіне көрсеткен жаңағы құрмет менің өмірімдегі ең зор қуанышым. Бұған жеткізген тәңірге мың шүкіршілік. Әттең жаңағы жерде «Истихлал Маршнан» (Түрік гимнінен) соң қазақтың өз мемлекеттік гимні ойналса біздің бойымыздағы қан кернеуі екі есе ұлғаяр еді-ау (Қыдырханов. О. «Өз елім – өзегім». –Алматы, 2012. 60 б.). Қазақстанның тәуелсіздік алғанын Стамбул көшесінде келе жатып естігенде Халифа Алтай ақсақал сол жерде бет орамалын жайып жіберіп, құран оқып, отанының азаттығына бағыштайды. Бұл өңім бе түсім бе деп, Алланың бізге берген рахымы, сыйы ғой дедім қуанып, шаттанғаннан. Шетелдердегі қазақтармен қоян-қолтық араласып өмір тұрмыстарын көріп әңгіме дүкен құрғанда, ешкімнің қас-қабағына қарамай жалтақтамай өз еліндегідей емін-еркін жүріп жатқан Түркия қазақтары ғана.

Өкінішке орай мұндай жағдай, тіршілік басқа бірде-бір алыс-жақын шетелдердегі қазақтарда жоқ. Біраз жылдар қазақ диаспорасын зерттегенде ойыма түйгенім осы.
Қазақстанның тәуелсіздік алғанын естіген жүздеген қазақ студенттері Пекинге жиналып бұрыңғы гимннен «Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деген сөздермен бірін-бірі құттықтап, Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін шырқайды… Қазақстан тәуелсіздік алып, өзінің бостандығын жариялап, Назарбаевтың сөзін радиодан естігенде Шыңжаң қазағында қуанбаған адам жоқ – дейді жазушы Көбен Асқарұлы. Үйдің ішінде бір адам қуанса менің әкем қуанды, 90-нан асып көзі көрмей қалған болатын. Көзім көрмесе де, көңілім сенді мен бақытты екем қазір өліп кетсем де арманым жоқ – деді әкем, екі жылдан соң қайтыс болды. Назарбаевтың сөзін естіген соң «Алтай аясында» журналының мекемесіне бардым. Журналдың бас редакторы менің аталас бауырым Қабыл деген жігіт еді: – Аға Қадыс Уәли Алтай аймағының губернаторы бізде жиын ашсам деп жатыр, бірталай зиялылар мен кадрлар түгел қатысады, сіз Ғалағаңды замандасыңыз ғой шақырып келіңізші, біздің шақырғанымызға келмейді – деді. Ғалымбек деген кәрі төңкерісші түрмеден келген, үйінде жатып алады қызметіне көп келмейді, пенсияға шығуға таяп жүрген. Мақұл – дедім де үйіне барып есігін қағып едім, әйелі қызметіне шығып кеткен кез, есікті Ғалымбектің өзі ашты. Үй арақ сасиды, үстелдің үстінде жарым бөтелке арақ тұр.

– Әй, Ғалымбек дедім, сенің әкең Әует арақтан өлген жоқ, найзағай түсіп өлмеп пе еді, мынауың не, таң атпай істегенің, үйің арақ сасиды.
Ғалымбек: – Дәл айттың, жай түсіп өлген әкем тірілді, міне сол үшін ішіп отырмын. Сен отыр мен әңгіме айтып берейін. Жиырма жыл түрмеде отырып келдім, келгеннен кейін үкімет сенде қылмыс жоқ екен, сен ақ адам екенсің, деп мені қызметке орналастырды. «Алтай аясының» редакциясына келіп, директор болдым, әйел алдым, бала сүйдім, жаңағы 20 жыл бейнет ұмытылып кетті, бірақ көңілімде бір мұз қатып қалып еді, сол мұз бүгінге дейін ерімей келіп еді, бүгін түні еріді. Ақдалада айдауда соңғы жылдары жүргенде аздап еркіндікке шығарып, жаздың бір күні мені егін суаруға жіберді. Түскі тамақ ішіп келейін – деп суды тоспалау жерге байладым да, асхананың тамақ беретін тесігінің аузына келсем, қалың кезек. Суым орып кетеді-ау, деп біреудің кезегін алайын десем, ешкім кезегін бере қоятын емес, кезектің артына тұрсам суым қашып кететін түрі бар. Тұрғандарды жағалап келсем 6-шы қатарда өзіммен қалжыңдасып жүретін бір мұңғыл бар еді, қолында ыдысы бар әлгі жайбарақат тұр екен. Ту сыртынан келіп итеріп жіберіп едім, сенделіп кетіп қолындағы ыдысы ұшып түсті.

– Жаман қалмақ бұл сен тұратын жер емес, мен тұратын жер. Мұңғұл жерге түскен ыдысын алып, ішіндегі топырағын сүртіп тұрып:

– Әй, Ғалымбек сен қазақтың оқыған зиялысысың, оңшыл, теріс төңкерісшіл болып келгенсің. Мен үкіметтің бір қойын ұрлап жеп қойған Балғанжап – атты қойшымын, өзім ұры, өзім надан. Сен жаман Балғанжап десең, оның дұрыс, мен мойындаймын, енді жаман қалмақ дегеніңе келіспеймін. Жаман қалмақ дегенше, 500 жыл төбеме шай қайнатқан қалмақ де. Әкеңнің аузы, қазақ сенің нең бар, менің жаманда болса мемлекетім бар.

– Әлгі сөзді естігенде, көзімнен жас шығып кетті. Тез жүріп артыма да, тамаққа да қарамай кетіп қалдым. Осы сөз көңілімде мұз болып қалып қалды, ойымнан кетпей қояды. Бүгінгі күні дербестік алғанда сол мұз еріді, содан ішіп отырмын.

– Енді оттамай арақты құй екіге бөліп. Менде Ғалағаңның сөзіне іріленіп кетіп бөтелкені екіге бөліп құйып ішіп алдық. Көшеге шықтық, бір топ адам шулап жүр: «Қазағым жасасын», «Қазақстан жасасын», « Қазақстан мемлекет болды» деген ұран сөздер естіледі, әлгілерге қосылып, Қабылдың өзін қосып алып, түнде жиналысқа бардық. Жиналыстан рухтанып шығып үш күн тойладық. Әбден қас қарайғанда үйге қарай келе жатсам, бұрыштағы үлкен қақпаның алдында біреу сұңқылдап жылап отыр, масаңдау екен, жақындасам өзіммен бір сыныпта оқыған сабақтасым Әбілкерім деген ұйғыр мұғалім.

– Әй, саған не болды ботадай боздап деймін.

– Мына Шар Руссияның (ұйғырлар Ресейді Шар Руссия деп атайды) Азияға жеткен аяғы біздің Қашқарияға неге жетпей қалған.

– Шар Руссия кезінде Алты шәрға дейін аяғымды көсілемдеп, Шоқан Уәлихановты жіберген. Біздің Шоқан Уәлиханов барды емес пе сенің Қашқарияңа. Шоқанды қуалап жіберген патшаңнан, өздерінен көр, тұр кет үйіңе дедім…» [Ш. Уәлихановтың Қашғарияға саяхаты туралы айтылып тұр. А.Т.].
Қазақстан қашан тәуелсіздік алады – деп күн санап күтіп жүрдік дейді Моңғолияның вице-премьері Зардыхан Қинаятұлы. Моңғолиялық қызметтес әріптестер: Сендер қазақтар орыстың құшағынан шықпай қойдыңдар ғой, сірә? Қазақтар орыс болып кеткен бе, Қазақстан Ресейдің қол астында мәңгі-бақи қалды емес пе? т.с.с әзіл-қалжыңы аралас сөздермен күнде қажайды. Бір күні Министрлер кабинетінің мәжілісін өткізіп отыр едік, қызметші қыз есіктен кірді де аяғын тез басып премьер министрдің жанына келіп алдына бір қағазды қойып кетті, премьер қағазды қарады да менің алдыма ысыра салды, қарасам «Қазақстан Тәуелсіздік алды» – деген телеграмма екен. Көзімнен жас шығып кетті.
Монғолия қазақтарында Қазақстанның тәуелсіздік алғаны соғым басына шақыру дәстүрімен сәйкес келеді. Дастарханға жиналған халықтың қыстың ұзақ сары таңында бірден-бір әңгімелері Қазақстанның жеке мемлекет болғаны туралы болады, ән айтылып, күй шертіліп, сыбызғы тартылады. Кейбір отбасылар арнайы ақсарбас сойып, Қазақстанның тәуелсіздік тойы деп атап өтеді. Жастардың арасында Қазақстан жеке мемлекет болды, біз өз елімізге кетеміз деген сияқты сөздер айтылып, монғолдың ақшасын жыртып, лақтырған келеңсіз жағдайлар да болыпты.

Қазақ дәстүрінде атақты ұлы оқиғаларды «Көкқасқа» деп жылқыны құрбандыққа шалып атап өткен. Монғолия мен Ресейдің жылқы ұрлаушылары сонау ақпатшаның заманынан бастап, қазіргі күнге дейін бір-бірімен байланысып Монғолия жағы өздері ұрлаған жылқыны Ресейге, ресейліктер Монғолияға өткізіп бір-бірімен айырбас жасап, сөйтіп бірінің ұрлығын бірі жапқандықтан жылқы сіңеді екен. Мұны ежелден барымтаның «өткерме» деп атаған түрі. Екі жақтан да жылқы ұрлығын жасайтын қазақтар, Монғолиядан керейлер, Ресейден наймандар. Ресей жағынан жылқы алып келе жатқанда екі елдің шекарашылары бірігіп рейд жасап, барымташылардың жолы бөгеліп қалады. Қыстық күні аяз, барымташылар түнде ғана от жағып жылынып, ас ішеді, күндіз түтін шығарса көзге түсіп қаламыз деп сақтанады. Жылқыларды қалың орманның ішіне тығып тастаған, бір аптадай уақыт өтіп кетеді, сол кезде өздерінің радиоқабылдағыштары арқылы Қазақстанның тәуелсіздік алғанын естіп, атап өтпекші болады. Монғолиядан да уәделескен жылқышылар келіп жетеді. Өңкей өрімдей жас жігіттер (16 мен 23-тің арасында) мұндай оқиғаға көкқасқа шалайық деп бір тайды таңдап, жығып бауыздар сәтте ішіндегі біреуі: Мал батасын берме, жан батасын берме, бостандық батасын бер деп дауыстайды. Сонда жылқышылардың үлкенірегі былай бата беріпті:
Көкқасқа тайға бата,
Қазақстанның тәуелсіздігіне бата,
Үш елдің достығына бата,
Шекараның бостығына бата,
Жылқыларымыз екі жақтан ерсілі-қарсылы асып тұрсын,
Қазақстанның тәуелсіздігі баянды болсын!
Бүкіл әлем таныған мемлекет болсын!
Көкқасқаның қанымен,
Көгерейік, көктейік!
Алла риза болсын!
Аллах акбар!
Сөйтіп екі жақтың жылқышылары Қосағаштан (Ресей Федерациясы) арақ алдырып көкқасқаның еті біткенше Тәуелсіздік тойын тойлап, өздерінше атап өтіпті. Екі күн өткен соң құрбандық шалғанын күткендей шекара ашылып, жылқыларын аман-есен айдап өткен екен.
Қазақстанның туына, туының түсіне, көк байраққа өздерінің ойларын айтып пікірлерін білдірген монғолиялық қазақ, қалқа, тува дөрбет халықтары «тудың түсі өте дұрыс таңдалған» «Ежелгі көк түріктен келе жатқан көк байрақ қой» – деп қазақтардан, «көк аспандай, кең аспандай түстес екен, Көктәңірінің қасиетті көк түсі емес пе» сияқты сөздерді монғолдар мен твалықтардың аузынан естідім.

Алтай өткесіне барып жүргенде ұлты алтай Семен Кишкин қариямен әңгімелесудің сәті түсті біздің қазақ достарымызбен таныстарымыз Қазақстан тәуелсіздің алғаннан бері діншіл болып барады. Мешіттерін салып жатыр, балаларын шетелге оқуға жіберіп жатыр, өз дініміз, өз құдайымыз, өз президентіміз бар деп кеуделерін қағады.
Барлық қазақтың діні ислам, құдайымыз – Алла сіздің айтып отырғаныңыз мүлде қате, – дедім мен.
– Әй, тұра тұр қазақтың жеке Құдайы бар екен ғой, аты сенің есіміңдей – Ахмет, осындағы қазақтар арнайы автобус шығарып Түркістан деген қалаға барып жатады, Арабияға бармай-ақ сол жерге барып қажы боп келдік дейді. Сонда ғана менің есіме Қожа Ахмет Яссауи сап ете қалды, сексеннің сеңгіріне келген Семен ақсақалға Қожа Ахмет Яссауидің ешқандай құдай емес, ХІІ ғасырда өмір сүрген дін қайраткер исламның суфизм бағытының уағызшысы Түркістанда жерленген, Түркістанның қазақтың көне астанасы болғанын біраз тәптіштеп түсіндірдім. Жасында Барнауыл университетінің тіл-әдебиет факультетін бітірген саналы Семен ақсақал бірден түсінгеніне риза болдым.
Ташкент қаласына барып жүргенде өзбекстандық әріптестеріміз мынандай бір әңгіме айтып еді. Өзбектің бір бай жігіті Синьцзянның Қашғар жағының бір ұйғыр қызына үйленетін болып, Ташкентте бес жүздей адам шақырып той жасайды. Қыз жолдас болып еріп келген сол жақтың қазағының қызы екен. Той үстінде қыз жолдасына сөз берілгенде, ол құйқылжыта қазақ әнін салды. Дауысы ерекше ашық, әннің қайырмасын созғаны сонша профессионал әншіме деп қалдық. Бүкіл тойшы қауым риза болып қол соқты. Сонда өзбектің елағасы жасындағы Турсын ака деген бір азаматы, тамаданың қолынан микрофонды жұлып ап: Қазағым жасасын! Қазақстан жасасын! Менде қазақпын! – деп айқай салды.
Тамада: Турсын ака, сізге не болды өмір бойы өзбек болып енді қазақ болғаныңыз дегенде:
Турсын ака: Менің түбімде қазақ, қанымда қазақ, жанымда қазақ, жетпіс жыл өзбек болғаным жетеді – дегені барды. Турсын аканы, Тұрсын аға қылған қазақ әнінің әуезі, өнердің құдіреті, сол өнерді шет жерліктерге мойындатқан қыз дауысы демекпіз.

Қай заманда, қай халықтың өнер тарихына көз салсақ үздік өнер шығармалары белгілі бір тарихи толғағы жеткен оқиғалар шегіне жетіп, талантты өнерпаздар оны бірден байқап, мәңгілік қайталанбас өнер туындыларын өмірге келтірген. Мысалы Бетховеннің 9-шы симфониясын алайық. Бетховен алдына мынадай мақсат қойған: Наполеон бүкіл Еуропаны әскери талантының арқасында жаулап алса, ағылшындар бүкіл әлемнің теңіздері мен мұхиттарын бағындырса, мен музыкамен бүкіл әлемді жаулап алам деген екен. Бетховен мақсатына жетті, ал Бетховенді қамшылаған сөйтіп мәңгі өлмес шығарма жасатқан Наполеонның әскери таланты, ағылшындардың соғыс теңіз флоты. Шостаковичтің «Ленинградтық» деп аталатын 7-ші симфониясы Ленинград блокадасының қайғы-қасіретіне миллиондаған аштан қырылғандардың аруағына мәңгілік ескерткіш есебінде жазылған. Егерде Ленинград қоршауы болмаса, ХХ ғасырдың ұлы сазгері бұл шығарманы жазбас еді.

Қазақтың бостандық алған, егеменді ел болған сәтін музыкамен көркемдеген, бүкіл халықтың сүйіп айтатын әніне, керек десеңіз гимніне айналған «Көк тудың желбірегені». Авторлары Шыңжаң өлкесі Тарбағатай аймағының тумасы ақын Алмас Ахметбекұлы, Іле аймағы Күнес ауданының тумасы сазгер Ермұрат Зейіпхан. Бұл азаматтардың жүрегінде бодандықтың қамытынан құтылып, бостандыққа деген арманы, отаны Қазақстанға деген сағыныш, ата-бабаларының еркіндік үшін төккен қан мен тері, егемендік алған елінің қуанышы түйісе келе, адамға ерекше күш пен асқақ рух беретін өнерді өмірге келтірген. Мұндай туынды жасау шын мәнінде бостандықтың дәмін татып, қадір-қасиетін сезінген соны ойы мен санасына тоқып өскен шын таланттардан ғана шығады.
Ұлы Француз революциясы ақын Ежен Потье мен композитор Пьер Дегейтерге «Марсельезаны» тудыруға қалай әсер етсе, Қазақстанның егеменді ел болуы Алмас Ахметбек пен Ермұрат Зейіпханға сондайлық зерде мен күш-жігер берген еді.
Көк тудың желбірегені –
Қазақтың асқақ беделі.
Махаббат, қайрат екеулеп,
Шымырлатқаны денені.
Көк тудың желбірегені –
Жаныма қуат береді.
Таласқа түссе жан мен ту
Жан емес,
Маған керегі –
Көк тудың желбірегені.
Көк тудың желбірегені –
Елдіктің асқақ өлеңі,
Әр жаққа тартпай, Қазағым,
Бір жерге жинал дегені.
Көк тудың желбірегені –
Бақыттың елжірегені,
Қиырда қалған Қазақтың
Көзінің мөлдірегені.
Аумахан Мулиянұлы Монғолия армиясының Бас штабында құрылыс және коммуникация басқармасының бастығы әскери шені полковник, Қазақстанның азаттығын былай деп жырлайды:
Еңсеңді көтер қазағым,
Арылды бүгін азабың,
Егеменді елмін деп,
Тарихын мәңгі жазамын.

Жүрмеймін енді жат жерде,
Еліме туған кетемін,
Нем бар менің басқа елде,
Қуаныш кернеп жетемін.

Атамыздан аңсап ек,
Тәуелсіз ел болсақ деп,
Шаңырақ қазақ көтерді,
Шашу шашып, қол соқ көп
(М. Аумахан. «Өмір елестері». Өлеңдер. Екінші жинақ.
Ұланбатыр 2001. 39 б.).

Қазақстанға келген бетінде, ақын былай деп жырлайды:
Мен бүгін атам қазақ жеріндемін,
Бабамыз Абылайдың төріндемін,
Төбем тұр қуаныштан көкке жетіп,
Аласа бұрынғыдай көрінбедім.

Күн туды енді бүгін қазағыма,
Көнбейміз біз күштінің мазағына,
Жиылып қуатты бір ел боламыз,
Тарихын өз қолыммен жазам мына.
(М. Аумахан. «Өмір елестері». Өлеңдер. Екінші жинақ.
Ұланбатыр 2001.10-11 б. б).

Елге келіп ата-жұрты мен, халқымен араласа бастағанда ақын:
Атадан қалған дәстүрім,
Асқақ емес бәстігім,
Басынған сөзін басқаның,
Келмейді сірә естігім.

Ақкөңіл, аңқау, алданғыш,
Қойдай қоңыр қазағым,
Адал еңбек, әділет,
Аққан судай тазамын.
(М. Аумахан. «Өмір елестері». Өлеңдер. Екінші жинақ.
Ұланбатыр 2001.11 б.).

Еліміздің тәуелсіздігінің алғашқы жылдары жекешелендіру деген желеумен халықтың 70 жыл бойы табан-ет, маңдай-тері мен жинаған байлығы мен дәулетін ат төбеніндей аз ғана, пысықтар мен қулардың қолында кеткенін ақын асыл сөздің алмас қылышымен қырқандай әшкерлейді.
Ойлағандай болмады,
Бостандық заман басталып,
Жұмыссыз, аш, жалаңаш,
Еліміз қалды жасқанып.
Еркін заман басталып,
Есірлер елді басқарып,
Талауға түсті дәулетің,
Көбейді қылмыс, аш арық.

Сан мың адам жұмыстап,
Сақылдап тұрған өндіріс,
Сай тамтық жоқ құлады,
Алуға келмей болмай іс.

Жетпіс жыл жиған дәулетті,
Жемеңгер жетпіс жеп кетті,
Қалғанын қағып өкімет,
Халықты жаман мендетті.

Дорбалап жиған дәулетті,
Арбалап шашты жындылар,
Өмірден мән мен сән кетті,
Бағасыз кетті құндылар.
(М. Аумахан. «Өмір елестері». Өлеңдер. Екінші жинақ.
Ұланбатыр 2001. 45 б.).

Нарық заманында барлығы ақшаға тәуелді болады дегендей ақын «Ақшаның жұмбақ сыры бар» деген өлеңінде:
Бүгінгі құдай ақшаңыз,
Шамаңыз жетіп тапсаңыз,
Ақшаның жұмбақ сыры бар,
Ойланып көріп бақсаңыз.

Ақша байды кедей қып,
Кедейді байға теңейді,
Ақша кісі өлтіред,
Қара төре демейді.

Ақшаға сатып аласың,
Ел бастар шен-шекпенді,
Қайтарып қайта аласың,
Кегіңді босқа кеткенді.

Аласың сатып ақшаға,
Оқымаған білімді,
Ақшаң болса басқада,
Жоқтайды сенің күніңді.

Ақшада адам қаны бар,
Жақсы мен жаман жаны бар,
Момынды залым алдаған,
Арылмас қарғыс зары бар.
(М. Аумахан. «Өмір елестері». Өлеңдер.
Екінші жинақ. Ұланбатыр 2001. 51-52 б.б.).
Ирандағы қазақ диаспорасы, алыс, шетелдегі саны жағынан және халықтың топтасып, салт-дәстүрлерді сақтау тұрғысынан, ең үлкен бөлігі саналады. Ирандық ақын Темірқұл Тәліп:
Кесірі тиіп орыстың,
Талай жылдан бері қарай,
Алыстап кетті арамыз,
Айырылған соң елінен,
Ата-қоныс жерінен,
Бұзылды көңіл наламыз.
Отан азат болған соң,
Жазылды енді жарамыз,
Бес намаздың артынан,
Арнап дұға етеміз,
Бір Алла болсын панамыз!..

Қазақстанға алғаш болып бет бұрған, Иран қазақтары болды. (Ислам Жеменей. Иран қазақтары. (Тыныс тіршілігі, салт-дәстүрі). Алматы: «Зерде», 2007. – 118-119 б.б).
1980-ші жылдардың ортасында, Монғолиядағы қайта құру, демократизациялау үрдісінің басшыларының бірі, Республика Премьер министрінің орынбасары, «Монғолия Ельцині» – атанған Зардыхан Қинаятұлы болды және Қазақстанға қазақтарды көшіруге мұрындық болған да осы кісі еді.
1995 – 1996 жылдары ілкіде байсалды басталған көш артынан бірталай қиындықтарға кез болып, біраз оралмандардың қайта қайтуына себепші болды. Сол кезде неше түрлі өсек-аяң тарады. Сол жағдайға байланысты Зардыхан аға бірнеше рет Қауымдастықтың отырысында баяндама жасап, мақалалар жазып, халықты сабырға шақырды.
«Мен қоғамтанушы тұрғысынанда, оралман ретінде де көш көліксіз болды деп айта алмаймын және көші-қон төңірегіндегі біржақты жылауық психология, елімізге, бірлігімізге жат кейбір қаңқу әңгімелерге қосыла алмаймын. Қазақстан Үкіметі жоқтан бар етіп, көші-қон төңірегінде қалыптасқан көптеген мәселелерді біртіндеп шешіп келеді. Бірақ біз алғашқыда аса дүбірлі басталған қазақ көшінің ет қызуы тез басылып, 1994-995 жылдардан көші-қон мәселесі тығырыққа тіреле бастағанын мойындауымыз керек сияқты. Көштің мұндай күйге ұшырауына әкеліп соқтырған себеп-салдарлар қатарында мен төмендегі жағдайларды атар едім. Меніңше, көшті тығырыққа әкеліп тіреген ең басты себеп елдің экономикалық ахуалына байланысты. 1995-1996 жылдары Қазақстан экономикасындағы бұрынғы одақтан қалған мүмкіндік сарқылып, жас мемлекеттің өзіне тән экономикалық дағдарыс басталды. Дағдарыс салдары қазақ көшін қабылдаушы негізгі объект-ауыл шаруашылығына тым ауыр тиді. «Байтал түгіл бас қайғы» болып қалған ауыл үшін көш салмағы қия бетте ауған түйеге салған бұраудай батты» (Зардыхан Қинаятұлы. «Монғолиядағы қазақтар». Алматы, 2007. -25 6.б. Қиянатұлы, 2007).
1990-шы жылдардың ортасында Ресейде Еуразияшылдық идеясы көтерілген тұста, бұл науқанға Қазақстаннан бірден-бір қарсы шыққан қоғам қайраткері З.Қинаятұлы болды. Кедендік одақтың да Еуразия одағының да Ресейдің Қазақстанды қайтадан уысында ұстап, тәуелсіздігін шектеп, қол-аяғын матап, дымын шығартпайтын жымысқы саясаты екенін әшкерлеп, «Жас алаш» газетінде бірнеше мақалалар сериясын жазды. «Ресейдің қазіргі жағдайы да оңып тұрған жоқ. Империя ыдырап, экономика құлдырады, стратегиялық тұрғысынан НАТО-ның қоршауында қалып отыр. Сөйтіп, бұл жолы да Қазақстанға бет бұру әуелі Ресей жағының қажеттілігінен туындап отыр. Бірақ бұл жолы Ресей әдіс айлаға басып, пікірді қазақстандықтардың өз ауызымен айттыру арқылы ресейліктер Қазақстан емес, Қазақстан Ресейге бет бұрған сыңай таныттырып отыр». (Зардыхан Қинаятұлы. «Тарихқа көзқарас». Алматы, 2017. -328-329 бб.).

Айтан Нүсіпханұлы Қазақстан топырағына келгенге дейін-ақ, бүкіл Шығыс Түркістан халықтарының күрескер көсемі ретінде досқа да, дұшпанға да белгілі болса, ол Қазақстан халқына теледидар радио, газет-журналдар арқылы асқақ рухты көсемсөз шебері, терең білімді саясаткер ретінде де кеңінен танылды. Оның республика тәуелсіздігі, ұлттық саясат, ұлттық кілт, сондай-ақ қазақ диаспорасының жай-күйі жайлы жазғандары мен айтқандары жұртшылықтың жүрегіне жетіп жатты.
«Ұлы даладағы ұлы қазақты екі алпауыт держава екіге бөліп алған соң, әрқайсысы өзіне қараған аумақтағы байырғы халықты қырып-жойып, ассимиляциялап, бос қалған жерге Қытай қытайларын, Ресей орыстарын әкеліп орналастыруды көздеді. Іс жүзінде отаршылар өз ойлағандарынан да асып-түсіп жатты». (Айтан Нүсіпханұлы. «Қайғыңды, қайран қазақ арқаладым…» 2-том. Алматы: «Қоғам және қылмыс». 2002. – Б.8).

…Ең қиыны, бізде құндылықтар туралы ұғымдарымыздың мейлінше шатасуы болып тұр. Отаншылдық дегенге өзіміз онша еліге қоймаймыз. «Қазақстандық отаншылдық» дегенге басқаларды селт еткізе алмаймыз. Көп себептердің бірі, әрі бірегейі – біз сатқындарды сатқын деп білмейміз. Бізде «Отан сатқыны» деген атымен жоқ. Іс жүзінде сатқындар интернационалдар болып алған. Айналаң анталаған жау, сөйте тұра, бір сатқын шықпаған неткен тап-таза патриоттар елі, бұл өзі?
Егер сатқындар сатқындығының жазасын алмаса, әшкереленбесе, оларға халықтың өшпенділігі оянбаса, отаншылдықтың қадір-қасиетін қалай бағалап, немен салыстырып түсіне алады?.. (Айтан Нүсіпханұлы. «Қайғыңды, қайран қазақ арқаладым…» 2-том. Алматы: «Қоғам және қылмыс». 2002. – Б.11).

…Адамның күлкісін келтіріп, зығырданын қайнатар бір парадокс пайда болыпты. Қайдағы бір «антисеметизм, антирусизм» қатері тіралы дабыл қағады. Сонда «антиказахизм» қайда? Меніңше, Қазақстанда антисеметизм де, антирусизи де болған емес, боларлықтай жағдай да болған емес.
Керісінше соңғы екі ғасыр бойы антиқазақтық саясат ашық та, астыртын да, тоқтаусыз әрі зұлымдылықпен жүргізіліп келді. Оны дәлелдеп жатудың өзі артық (Айтан Нүсіпханұлы. «Қайғыңды, қайран қазақ арқаладым… » 2-том. Алматы: «Қоғам және қылмыс». 2002. – б.12).

Қазіргі таңда А.Нүсіпханның осы сөздері қандай сәуегейлікпен көрегендікпен айтылғанына таң қалмасқа лажың жоқ. Есілбаев деген журналистсымақ бастаған орысқұлдар Г.Б.Колбиннен бастап күні бүгінге дейін Ресейдің қол шоқпарлары болып алған. «Қытай ұлы халық, ұлы ел, оны санымауымыз керек» – деп жар салған кейбір адамдар бастаған қытайқұлдар Қытайдың шашбауын көтеріп, Қытайдың мүддесі үшін жұмыс істеуде.

…Ашығын айтар болсақ, сөз қазақтың болашағы туралы болып отыр. Егер қазақ орыспен немесе қытай мен ағылшындық ассемиляцияға түссе, онда кейбіреулер дәріптеп жүрген «өркениет, ғаламтану» дегендердің құны мен үшін көк тиынға тұрмайды. Халықтың-қазақтың-өзі жоқ болып кетсе, оның өркениеті жөнінде сөз қозғау күлкілі емес пе?! Бұл әлде, масқаралау ма?.. (Айтан Нүсіпханұлы. «Қайғыңды, қайран қазақ арқаладым…» 2-том. Алматы: «Қоғам және қылмыс». 2002. – Б.12).
«Соңғы 20-25 жылда Қытай мен Егеменді Қазақстан арасы жарасып Қытайдағы қандастарымызды егжей-тегжейлі зерттеуге мүмкіндік алдық. Өз басым арғы беттегі ағайындарға 7-8 рет барып, 1,5 млн қаракөздердің арасында болғанда, бейне бір Қазақстанда жүргендей болдым. Сол кездерді еске алсам «Бұл өңім бе, түсім бе?» деймін, себебі үш жыл болды, ол жаққа аяқ баса алмайтын болдық, Қытайда сол баяғы Маоның дүрбелеңі, тіпті қазіргі тәртібі Маодан асып түскен ел басына күн туған заман орнаған. Маоның мәдени төңкерісі кезінде бүкіл қытай зардап шексе, қазір тек мұсылман-түркі тілдес қазақ, ұйғыр сияқты аз ұлттар тұтас түрмеге қамалғандай күй кешуде. Біз болсақ, 2000 жылдардың алғашқы он жылында, Қытайға барып келген соң экспедиция материалдарын ғылыми кеңестерге аузымыздың суы құрып баяндап, бірімізден-біріміз жарысып Қытайдағы көрген-білгенімізді, жинаған-тергенімізді мақтанғанда Әлімғазы Дәулетхан оған: «Арғы бабаларың ғұндарды да ханзулар қызыл жасылдылармен (жібек, әртүрлі шәрдәрілерді айтып отыр А.Т) алдап еді, сендер де солардың кебін киіпсіңдер. Қытайға алданбаңдар, бұл олардың бір уақытша жылымық саясаты ғана. Жадыраған жаздың артында қара нөсер боран тұр. Шіркін, 1,5 млн ағайындардың жартысын көшіріп алса, тап осы Қазақстанға құт болар еді» деп басу айтқан еді. Әлімғазы Дәулетханның айтқаны тура, дәл және көп ұзамай келді. (Ел мен жер деп соққан жүрегі//«Рухани жаңғыру» және түркі әлемі тарихының мәселелері/тарих ғылымдарының кандидаты Дәулетханов Әлімғазының 75 жылдық мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. – Алматы: Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты, 13 қыркүйек, 2018. -31б.б).

Әлімғазы Дәулетхан 1960-шы жылдары Қытайдағы мәдени революция басталған кезде Шыңжаң қазақ-ұйғыр жастарының түркістандық ұйымын құрып, маоизмге қарсы күрескен. Ұйым әшкереленіп, біраз адамдар түрмеге түскенде қашып шығып Қазақстанға келген. Қазір белгілі тарихшы, әдебиетші. Шығыс Түркістанның ұлт-азаттық тарихының белді маманы. Әлекең Қытайдан келген Дүкен Мәсімхан, Мұхтархан Оразбай сияқты жалған тарих жасап, Қытайдың диірменіне су құйып жүргендердің «еңбектерін» ғылыми негізде бүкіл елімізге әшкерелеген профессор Клара Хафизова мен Әлімғазы болмағанда М.Оразбай қытай ақыны Ли Байды Шу өзенінің бойында туғызып, оны қазақ ақыны жасап, әдебиет тарихына кіргізіп, Тараз қаласында ескерткішін орнатар еді. Д.Мәсімхан Кегманер деген Хан дәуірінде өмір сүрген Қытай ақыны-мыс Ұйғыр ауданының Кетпен тауында туған Кетпен деген қазақ ақыны десе, М.Оразбай одан да асып түсіп Қамбар ақын деп КазГУ-де шыққан әдебиет энциклопедиясына ол ол ма 10-томдық ұлттық энциклопедияға кіргізген. Бұл екі «ғалымның да» еңбегі еш кеткен жоқ. Осыдан 3-4 ай бұрын ғана Қытай баспа сөзінде Ли Бай мен Кегманердің ұрпақтары 400 мыңға жетіпті. Біз Қазақстанды қашан қосып аламыз деген мақалалар шықты. Әлімғазы ақсақал бұндай оқиғаның болатынын осыдан жиырма жыл бұрын дабыл қағып, әшкерелеу мақалаларын жазған еді. Енді бұған мемлекеттік органдар бағасын беру керек деп санаймыз.

Шетелдік қандастарымыз Қазақстанның тәуелсіздігін жан-тәнімен түсіне білді, себебі олар жатжұртта қаншалықты тамақтары тоқ, киімдері көк болғанымен өз елі, бостандық, егемендік деген сөздердің парқын біліп өсті. Сондықтан шет жерлік қазақтардың бұл оқиғаны елемей қалғаны жоқ, бөркін аспанға атып қуанды, кейбір жерлерде атап өтуге мүмкіндік болмаған жағдайда, іштерінен шаттанып, көңілдегі ойларын қағазға түсіріп, бізге жіберіп жатты. Бірталай шетелдік азаматтар тәуелсіз Қазақстанға келгенде, бірнәрсе алам деп емес, тәуелсіз еліме не берсем екен, нендей үлес қоссам екен – деген сезімде болды. Тәуелсіздік қашанда тәтті ұғым, барлығынан жоғары тұрады.

Пікір қалдыру