* * *
Біліп, білмей заңды да, тарихты да,
Бөсіп жүр сандырақтап кей ақымақ.
Біреуді бөтенсіген халықпыз ба,
Бір кезде кірген бізге жақынсырап.
Бәрімен ағайындай араластық,
Бірге көрдік тағдырдың жазғандарын.
Бізде ешкім жоғалтпай тілін, дінін,
дейді бізді талай ұлт өз қазағым.
Жайпағанда бір кезде сұм саясат,
Келді бізге, паналап, талай халық,
Бастан кешіп көп қорлық, мың машақат,
Азып әбден, жандары жараланып.
Амалсыз шүкір етіп тірісіне,
Құшақтасып бірге ұйықтап балалары,
Салынған жер астында, бірі үстінде,
Қазақпен бір үйшікте паналады.
Қазақтың солтүстік пен шығысынан,
Қалың қазақ жан сақтап, қашты шетке,
Қырылды айрылған соң тұрмысынан,
Жеткізіп қалғандарын аштық түпке.
Ағылып, кірді көрші босағаңда,
Қазақтың біраз жері сол жылдары,
Қарамай шаңыраққа, босағаға,
Олар да тірлік етіп, толды бәрі.
Осылай көп жыл бірге араластық,
Өмірге жеттік енді бүгінгідей.
Болған жоқ арамызда арақашық,
Көтердік қиындықтың жүгін бірдей.
Өкінесің барына біреулердің,
Жүретін адамдарды айдап салып.
Өзі білмей, біреудің білгендерін,
Тұратын қалғысы кеп пайдаланып.
Өмірде болады ғой талай адам,
Сыя алмай жүретұғын жер бетіне.
Жандарды сыйласуға жарамаған,
Тапсырайық Алланың ниетіне.
Өзгертем деп тарихты тартқыламай,
Бейбіт күнді әлдекім көп көрмегей.
Жаны жақын жандарды жат қылмағай,
Достығы көз көргеннің өзгермегей.
* * *
Өзімнен озып кей мезет,
Ұзаса ойлар ұстатпай,
Жол меңзеп маған жүр ме деп,
Қараймын тұрып міз бақпай.
Сынама, достым, сен мені,
Армандар қуып кетті деп.
Жыр-моншақ жүріп тергенді,
Ойменен келіп бетпе-бет.
Кезеңдер өтер оралмай,
Ұмтылар бәрі ескіріп.
Кей ізің ғана жоғалмай,
Есімің тұрар естіліп.
Із қалмас бықсып сөнгеннен,
Лапылдап, лаулап, жана алмай.
Ғұмырды ұзақ сүргенмен,
Қарқылдақ – қара қарғадай.
Озсаң да шығып ортаңнан,
Ұмтылып ылғи ілгері,
Кетпейсің ұзап сен одан,
Әрірек ойлап жүр мейлі.
Әр елдің халқы, салты бар,
Жалғасқан ұзақ ортада.
Сенде де солар сақталар,
Кейбірі түрпі болса да.
Үйреніп, көніп, көндігіп,
Кетеді адам талайға.
Тәрбие көріп, жөн біліп,
Ересің көшке алайда.
Осылар енді, досым-ау,
Түседі еске көп менде,
Самайға түсіп боз қырау,
Ойларға шомып кеткенде.
* * *
Шыдамым таусылса да аратұрым,
Қарсыласпай кей сәттер қала тұрдым.
Түсіндім кейінірек есейгенде,
Көп екен сол мінезден табатыным.
Ризамын сезімге алдамаған,
Жібермеген басуға басқа қадам.
Жамандыққа қимаймын мен ешкімді,
Көрінеді көп адам дос боп маған.
Өзгені өзіңдей ғып көре білсең,
Қалыптасса бойыңда көңілің кең,
Ақ тілеп, адал болсаң айналаңа,
Табарсың барлығын да пейіліңнен.
Көбірек көріскенде күліп жүзің,
Байқалса жүрген жерде жігіттігің,
Көмектессең, ойланбай, қиналғанға,
Ұмытылмас өмір бойы бұл мәрттігің.
Тұрғанда айналаңа күле қарап,
Келетін «көйлегіне жамау сұрап».
Жандарды да түсіне алған дұрыс,
Жүрген шығар, азар деп, жан асырап.
Қасиет көп кісіде біз білмейтін,
Біреулер байқатады небір кейпін.
Адамдар бар қашанда көз көргендей,
Қала біліп, қашан да өзгермейтін.
Үндемей сөксе біреу қал демеймін,
Жаныңа жәй тапқызбас арың кейін.
Өзіңді алмаған соң арашалап,
Өзгеге қамқоршылық табу қиын.
Өзінше өмір сүріп жатыр әркім,
Келген жоқ, біліп бәрін, ақыл айтқым.
Өтер бастан талай шақ сынайтұғын,
Бәрінен төзім қымбат, таптырмайтын.
* * *
Кейбір кездер қазақтың бөліп тегін
Жазыпты, тарихынан түріктердің.
Келіпті жат қылғысы қардаштарды,
Ойлап тауып талайын «шіліктердің».
Қайтеміз, жүреміз ғой біліп бәрін,
Қалды артта біреуге кіріптәр күн.
Тиіспейміз өзгенің тарихына,
Кейбіріне білсек те күдік барын.
Әнес аға, алдынан жарылқасын,
Қалдырған жазып бізге көп мұрасын,
«Көк түріктер» деректер негізі бар,
Пайдаланған қытайдың жылнамысын.
Арналған барлық түрік ұрпағына,
«Ұлы қағанат» атты кітабында.
Қойшығара ағамыз терең зерттеп,
Үлкен тарих ұсынған жұрт алдына.
Он төрт жаста сатылып құл базарда,
Мысырда сұлтан болып, қолдап Алла,
Аты қалған дүние тарихында,
Бейбарыстай өтіпті бабалар да.
Әйгілі Шыңғысханның кім екені,
Белгілі болды қазір ата тегі.
Барлығы, елі, жері, туып өскен,
Сөзбен емес, жазылған біз екені.
Гумилев бақталасы деп атады,
Рустің ұлы Хазар қағанаты.
Бойымен Еділ, Қиғаш жүріп өтіп,
Қазіргі қазақ жерін аралапты.
«Еуропа, түріктер, ұлы дала»,
Кітабы басылыпты Москвада.
Мұрат Аджы пікірі біздерменен,
Сәйкес келмес деп жазған баспахана.
Олжас аға жазғанда «АЗиЯ»-сын,
Естіді орталықтан талай бір сын.
Болса да барлығына негіз, дерек,
Кез еді мұндай шындық ұнамас тым.
Қазағымда құрметпен жалғасады,
Талай елге жайылған Олжас аты.
Тектіден текті туар деген бар ғой,
Жаяу Мұса болыпты тұп атасы.
Қазағымның тарихын еш білмедік,
Оқытқанның бәріне сеніп келдік.
Ерте дүние тарихы, орта ғасыр,
Одақтың да тарихын ежіктедік.
Тарих үшін жазылған көп еңбектің,
Атын атап, кейбірін шолып өттім.
Білсін дедім, оқысын білмегендер,
Кім екенін Күлтегін, Тоныкөктің.
* * *
Қазақ болып жаралып, ұлтың, сыртың,
Кім болмақсың тіліңді сыйламасаң?
Жұрт алдында өзіңді құртып тұрсың,
Түсінбей тіл екенін қимас анаң.
Жалықтырсам осыны айта беріп,
Елім, халқым жоқтайды әр қазағын.
Тусаң етті, өмірге қайта келіп,
Көрсетпей қазағыма тіл азабын.
Білмейтінге осыны білсін дедім,
Өз тілі қолындағы жалауындай.
Сұраймын қатты айтсам кешіргенін,
Сөз естиді, білмеген, талай мұндай.
Ортасында халқыңның жүріп күнде,
Айналаңнан есту мен ана тілін.
Ағылшын, орыс, неміс, түріктің де,
Тілін біл, қазақша оқы аратұрым.
Біз қазақпыз, мың жылдық тарихы бар,
Сақтаған тілін, дінін, ұлтын, жұртын.
Қызығып жүрсін десек танитындар,
Сол төртеуі қашан да тұрсын бүтін.
Көбірек тіл әрине білген жақсы,
Еркін сөйлеп, аралап талай елді.
Ана тілің бірақта ең алғашқы,
Анаңның сүтіменен бірге келді.
Жүрген жерде сұраса сен кімсің деп,
Қазақпын деп мақтанып айта білші.
Азиялық біреу ғой демесін тек,
Мықшиып келген қайдан қайдағысы.
Бұл менің ақыл, кеңес, өтінішім,
Қайталаймын, қазақ боп жаратылдық.
Ұмытпашы осыны өзің үшін,
Сыйлай біл өз тегіңді, ана тілін!
* * *
Қуана біл, халықпыз отаны бар,
Артта қалды ғасырлар, отар жылдар.
Көк туымыз төбеде желбіреген,
Ел болдық басқалармен қатар тұрар.
Қуана біл, өз тілің барлығына,
Ең бағалы бұл бізге қалған мұра.
Жоғалмай сақталуы қай ұлттың да,
Байланысты тілінің бар-жоғына.
Қуана біл, кең байтақ жеріміз бар,
Даламыз, өзен, көлдер, теңіз, құздар.
Мақтанамыз бабалар болғанына,
Топырағын қазақтың бермей ұстар.
Қуана біл, жері бай әлемдегі,
Елдің бірі екенбіз ең белгілі.
Игілігін тезірек көргей халық,
Қазынаның шығатын тереңдегі.
Қуана біл, бейбіт ел мекеніміз,
Есік ашық қонаққа кедергісіз.
Білдік, енді көрсетіп жүрміз жұртқа,
Бәрінен достық қымбат екенін біз.
Бүкпеленген тарихты тереңірек,
Көз жетті екеніне білу керек.
Жүрдік біраз шатасып, болғаннан соң,
Саясатпен өзгерген кейбір дерек.
Көрмесек те ешкімге «көз алартып»,
Қойыппыз біреулерге «тұз жалатып».
Ұмытпастан баяғы мінездерін,
Сыртымыздан сөйлеп жүр бізге артық.
Қуана біл, олардан жоғарымыз,
Ақылға орын беріп тұрамыз біз.
Талайын қиындықтың көріп өстік,
Шынықтық, керек кезде шыдамдымыз.
Болған жоқпыз біз әлі қалыптасып,
Сөйлеу ерте әзірге алып-қашып.
Өзін-өзі табалап жүргендерге,
Өкінесің аяғын шалыс басып.
Алыс болғын жағымсыз қылықтардан,
Кесірі жүрер кейін шығып алдан.
Ренжісе ұрпаққа ойлар біреу,
Екен ғой деп сүйемнен сынық қалған.
Шықпасақ та біз әлі жеке-дара,
Көш түзелер дейді ғой жүре бара.
Бірі болып ішінде ұлы көштің,
Бақытына елімнің күмәнданба.
Болғай биік халқымның болашағы,
Сөнбегей, әр жан-ұя, от-ошағы.
Алланың да адалға көзі дұрыс,
Ақ ниетті адамға жол ашады.
Пенде жүре алмайды қателеспей,
Тәрбие, ұлт рухы қатар өскей.
Есейгей ана болар қыз қылықты,
Ұлдар өскей бойынан бата кетпей.
Қуана біл, ұмытпай осыларды,
Жау алмайды көбірек досы барды.
Сыйласады сыйласа білгендермен,
Жақсыға жақсы келіп қосылады.