БАЛА МӘЖИТТІҢ ХИКАЯЛАРЫ

Хушанг Муради Кермани
Иранның танымал жазушысы Хушанг Муради Кермани 1944 жылы Керман облысындағы Сирч ауылында дүниеге келген. Балалық шағы атасы мен әжесінің қасында өткен ол мектеп бітірген соң Тегеран қаласына барып, драма өнері мен ағылшын тілінің аудармашысы деген екі мамандықты игереді. Оқуын тәмамдап, Керманға қайтып оралады да жергілікті радиоға орналасады, әңгіме жаза бастайды. 1973 жылы кішкентай Мәжит пен оның әжесі туралы «Мәжиттің хикаялары» деп аталатын әңгімелер жинағы жарық көріп, оқырмандар жылы қабылдады. 1985 жылы «Мәжиттің хикаялары» әңгімелер жинағы жыл кітабы атанды. Бұл жинаққа жалпы саны 93 әңгіме енген.
Хушанг Муради Керманидың бала тағдыры мен оның үлкен арман-тілектеріне арналған одан басқа да көптеген әңгімелері бар. Оның әңгімелері 1986 және 2014 жылдары Ханс Кристиан Андерсон атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың лауреаты деп танылды. Шығармалары ағылшын, армян, араб, неміс, француз, испан, голланд және түрік тілдеріне аударылған.
1990 жылдардың басында режиссер Киюмарс Пурахмад «Мәжиттің хикаялары» жинағына сценарий жазып тоғыз бөлімнен тұратын сериал түсірді. Сериалдың әр бөлімінде Мәжит бір оқиғаға тап болып отырады.
Бүгінгі таңда Хушанг Муради Кермани – Парсы тілі мен әдебиеті Академиясының мүшесі.
«Мәжиттің хикаялары» жинағынан Ирандағы қарапайым халықтың өткен ғасырдың 70-жылдарындағы өмірімен танысуға болады. Жазушы бір сұхбатында «Мәжиттің хикаялары» әңгімелер жинағындағы бас кейіпкердің прототипі өзі екенін айтқан. Дегенмен бірқатар оқиға ойдан шығарылыпты. Мәжит – сол кезден бері оқырманын жоғалтпаған кейіпкер. Бұл шығарма жарыққа шыққалы қаншама ирандық балалар мен жасөспірімдер Мәжит арқылы тәрбиеленді, әлі де тәрбиеленіп жатыр.
«Мәжиттің хикаялары» әңгімелер жинағын Иран балаларының сүйіп оқитыны соншалық, бірнеше кітаптан тұратын жинақ үлкен тиражбен 22 рет басылып шықты. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыстану факультетінің Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы ирантану бөлімінің студенттері аталмыш жинақтың сегіз әңгімесін (Кітапқұмар, Мысық, Түбіт жемпір, Дабыл, Шақыру, Самаурын, Сапар, Естелік сурет) тұңғыш рет қазақ тіліне аударды.
Бұл аударма – Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы парсы тілін үйренушілерге арналған «Гүлстан» үйірмесінің арнайы жобасы. Енді қазақ оқырмандары Иран елінің тұрмыс-тіршілігімен, әсіресе қарапайым халықтың өмірімен жақын таныса алады. Иранның алыс бір ауылында туып өскен Мәжитке ұқсайтын арманшыл, қиялшыл және ақкөңіл бейкүнә бала қазақ оқырмандарының да жүрегінің түбінде жасырынып жатқаны даусыз.
Ғалия Қамбарбекова,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия
кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ.к.
КІТАПҚҰМАР
Көшеміздегі жалғыз дүкеннің сатушысы Мәш-Асадолла кітаптың бетін жыртып алып, орап-орап қағаз пакет жасадыда ішіне темекі салып, таразының үстіне қойды. Салмағын өлшеген соң пакеттің аузын жауып, қолыма ұстатты. Одан бөлек қант пен шай, куркума алдым да ақшасын төлеп, үйге қайттым. Үйге келген соң әжем қағаз пакеттерді босатып, кітаптың жұлынған беттерін қоқыс жәшігіне таста деп маған берді.
Жазғы демалыс еді, қолым бос, істейтін жұмыс жоқ. Уақыт өткізу үшін бөлменің бір бұрышына отырып, темекі, қант, шай және куркума орап салған әлгі кітап беттерін оқымақ болдым. Он бесінші беттен жиырма екінші бетке дейінгі сегіз бетті түгел жыртып алыпты. Алдымен куркуманың сарғыш қалдығы мен қанттың ақ ұнтағын асықпай, бабымен үрлеп тазалап алдым. Сосын бір-бірлеп оқуға кірістім. Неткен керемет кітап еді. Қарапайым, түсінікті тілде жазылған. Әңгімесі де қызық! Сегіз беттің бәрін оқып шықтым. Шыны керек, осы кезге дейін оқулықтан басқа кітап оқып көрмеппін. Жаңағы сегіз бетті оқып, кітаптың қызығына батып кеттім. Бір өкініштісі, әңгіменің қызықты да әсерлі жеріне келгенде бітті де қалды. Жиырма екінші беттен арғысы жоқ.
Әңгімеде әкесінен таяқ жеген баланың үйден қашпақ болғаны баяндалады. Бала қашқысы келеді, бірақ қорқады. Ақыры тәуекел етіп, үйінен шығып кетеді. Қайда барарын өзі де білмейді… Хош, тақырып әсерлі болатын. Баланың қайда барғанын және оның басына нендей тағдыр түскенін білгім келді. Бірден дүкенге бару керек деп ойладым. Сатушыға барып, кітаптың қалған бөлігін алып, оқымақпын. Сол-ақ екен орнымнан тұрдым да оқтай ұшып, азық-түлік дүкеніне келдім. Ентігіп тұрып: «Сәлеметсіз бе, ана кітаптың қалған бөлігі қайда? Беріңізші маған. Бір оқып шығып, қайтарып беремін. Одан кейін ол кітапты не істесеңіз де өзіңіз білесіз», — дедім.
Сөзім әсерлі болсын деп сыпайы сөйледім. Ешбір жайдан хабары жоқ Мәш-Асадолла қасын керіп, таңырқаған күйде:
-Қандай кітап, айналайын? Менде ешқандай кітап жоқ, — деді.
Басымды бір жағыма қисайтып, бейкүнә адамның кейпіне түстім де: «Жаннан тәтті балаларыңыз үшін айтыңызшы, жаңа маған кітаптың бірер бетін жыртып, шай мен қант орап бердіңіз. Сол кітап қайда? Қалған беттерін оқуым керек», — дедім.
Қарияның ерні салпиып кетті, таң қалғаны байқалып тұр. Сәлден соң салпиған ернін түзеп, түйілген тілін жазып, «оны қайтпек едің?» — деп сұрады. Көңілін табайын деген оймен таразының табағын алдым да дүкеннің сыртына шығып, табақтың түбіндегі қанттың ұнтағын қағып-қағып жібердім. Қалғанын жеңіммен сүртіп тазалап, қайтадан орнына қойдым. Сөйттім де мән-жайды баяндай бастадым: «ол кітап үйінен қашқан бала туралы екен. Одан кейінгі тағдыры не болғанын, басына не күн туғанын білгім келеді. Ол үшін кітаптың қалған бөлігін алуым керек».
Мәш-Асадолла сақалын сипап пырс-пырс етіп күле бастады. Тісі жоқ еді, селкілдеп күле береді. Күлгені сондай сүйкімді. Сосын сүйкімді күлкісі тиылмастан: «Бара ғой, айналайын, бар. Онсыз да жұмысым көп, үлгере алмай жатырмын. Ол кітап сенің дертіңе дауа болмайды», — деді.
«Бері қараңызшы, мен ол кітапты сатып аламын. Менде біраз керексіз қағаз бар, соның бәрін сізге әкеліп берейін. Сатпаймын, су тегін. Ақысына он тиын да алмаймын, жарай ма?» — дедім.
«Бұл кітап сатылмайды. Мен кітап сатушы емеспін. Бұл оқуға арналған кітап емес. Парақтап жыртып, ішіне темекі, қант, бұршақ, ірімшік пен куркума орап беретін қағаз ғана. Түсіндің бе? Бар айналайын, жұмысыңды істе!» — деді.
Өзі бір мінезі ауыр адам еді. Оңайшылықпен жібімейді. Бірақ мен де оңай шағылатын жаңғақ емеспін. Көңілін аулау үшін таразының екінші басындағы табақты алдым. Түбіне ақшыл шаң тұрыпты. Көңілімнің таза екенін көрсін деп дүкеншінің тура бетіне қарап тұрдым да үрлеп қалдым. Табақтағы шаң қарияның бет-аузын басып қалды.
Көңілі хош, пырс-пырс етіп күліп тұрған дүкенші әу деп аузын ашуға үлгермеді. Көзіне шаң кіргенде барып, «Мұның не, балақай?» — деуге ғана шамасы келді. Әрине, сондағы түріне қарап жаным ашып кетті. Қария көзін уқалап жатып, бұрқылдап: «Есің дұрыс па! Бұл тұз ғой. Таразының табағында тұз жатқан. Көзім ашып кетті, қопалақ! Сенен біреу көмек сұрады ма? Саған біреу табағымды тазалап бер деді ме?» — деп ұрса жөнелді.
Артық қыламын деп тыртық қылғанымды сонда түсіндім. Жақсы атанып, кітабын сұрап алғым келген. Керісінше, жағдайды ушықтырып алдым. Кешірім сұрау керек деген ойға келдім. Бірақ мұндайда құрғақ сөзден пайда болмайтынын білемін. Қария әлі көзін уқалап әлек болып тұр. Әдейі істемегенім анық. Арам ойым болған жоқ, ұрынып қалдым. «Тезірек барып, көзін жуатын су әкелейін. Мүмкін кешірер» деп ойладым. Мұным дұрыс еді. Жүгіріп отырып үйден бір үлкен кесе су алып келдім. Не деп жұбатарымды білмеймін. Жағымды сөз айтып күлдіргім келді. Сөйттім де аузымды бұрап, тәтті тілмен былай дедім:
-Көзіңізге тұз үрлегенім үшін кешірім өтінемін. Ренжімеңіз. Есесіне көзіңіз енді тұзды болады. Тұз ғана емес, бұрыш та араласқан сияқты ғой. Менің кінәм жоқ, рас айтамын…
Бірақ сөзімді аяқтатпады. Ашуланғаны сонша, екі қолыммен ұстап тұрған су толы кесені қағып жіберді, оқыс қимылдағаны соншалық, кесе ұшып барып анадай жердегі қант салынған кенеп қаптың үстіне түсті. Қант су болып қалды. Қария бір сәт көзінің ашығанын ұмытып, қант салған қапшыққа қарап қалыпты. Мыс кесе әлі де тоқтамай, серіппе құсап шыр көбелек айналып тұр. Даңғырлаған дауысы дүкенді басына көтерді. Мен түк кінәсі жоқ адамша біресе дүкеншіге, біресе су төгілген қантқа қараймын. Мәш-Асадолла ашудан сөйлей алмай, тісін қырш-қырш еткізіп шықырлатумен болды. Екеуіміз де айтарға сөз таппай, бір бірімізге тесіле қарап тұрмыз. Өзінен де бар. Болмашыға ашуланып, кесемді төңкерердей не көрінді? Мұндай кезде адам салқынқанды болуы керек қой. Ашу мен ыза әманда бәрін ушықтырып жіберетінін білмей ме? Алдымен оның тұзға бөккен көзіне жаным ашыды. Екінші жағынан, қантқа да обал. Бұл жерден тезірек кетіп қалғым келді. Бірақ майдан алаңын тастап қашпай, салқынқандылық танытуым керек деп ойладым. Әйтпесе кітаптың қалған бөлігіне қол жеткізе алмаймын. Аз-кем ойландым да орнымнан тұрып бір жұтындым. Дауысым шықпайды. Қанша қиын болса да жігерімді тас-түйін жинап, сөйлей бастадым. Дірілдеген үнмен: «Қайта кесенің сынбағаны жақсы болды. Егер шыны кесе көтеріп келсем быт-шыты шығар еді. Мыс кесе осындайда жақсы екен».
Қыңырлығым мен бірбеткейлігімнен мезі болған дүкенші жан-жағына алақтап, жііберіп ұратын бір зат іздей бастады. Бірақ көзіне мардымды ештеңе ілікпеді. Күйініп кетті. Біреуі қирайды, біреуі сынады деп қорықты. Осындайда керек болады деп алдын ала бірдеңе дайындап қоймаған екен. Бірдеңе табылып қалар деп дүкеннің артына қарай жүрді. Қолының астында тұрған таразының тасын алып, басымнан бір-ақ ұруына болар еді. Таразының тасы темірден жасалады, сынбайды, қирамайды. Бірақ онда менің басым жарылады. Тас лақтыру өте қауіпті. Өзіне де, маған да зиян келеді. Бұл кісі түсінігі жоғары, жанашыр, ғажап адам еді! Қысқасы, ол дүкеннің артына қарай кетті. Бір сұмдықтың болатынын біліп, күтіп тұрмын. Осы сәт кенет шешім қабылдап, дүкеннің ішіне зу етіп кірдім де көзді ашып-жұмғанша әлгі кітапты алдым. Мәш-Асадолла дүкенге қайтадан кіргенімді көріп: «Нең бар мұнда, сыртқа шық!» — деді.
Кеудеме қысып ұстап тұрған кітапты көрсетіп: «Өтінемін, мейіріміңізді төгіп, мына кітаппен ұрыңызшы мені! Басқа зат іздеп әуре болмаңыз!» — дедім.
Ол шынымен қолымдағы кітапты алып, басымнан ұрмақ болды. Сол кезде кітап жыртылып, қалған бөлігін оқи алмай қалам ба деген ой келді. Кітапқа зиян келмесін деп сыртқа атып шығып едім, кітап желдей ұшып, көшенің ортасындағы лай сулы арыққа түсті. Тез еңкейіп кітапты арықтан алып шықтым. Сөйттім де дүкеншіге қарап: «Көп рақмет, сіз өте мейірімдісіз! Кітапты оқып болған соң әкелемін», – дедім. Артымнан айқайлап: «Бала емес, бәле екенсің, қазір Бибіге барып бәрін айтамын!» деген даусы естілді.
«Бибі» дегені — әжем. Мен оны «Бибі» деген соң басқалар да солай атап кеткен. Ол мені жақсы көреді, кішкентайымнан бағып-қағып өсірді. Өте мейірімді, қарапайым жан. Орнымен қатал да болады, қателік жасауыма жол бермейді. Дүкеншіні қалай ренжіткенімді естісе жанымды шығарады. Сондықтан Бибіге ұсталып қалмау үшін үйге бармай, үйдің артындағы жазықта, айқай-шудан аулақ жерде кітаптың қалған бөлігін оқығым келді.
Жазықты дәл ортасынан қақ жарып үлкен өзен ағады. Өзеннің екі жағын ала биік ағаш өсіп тұр. Ағаш арасы биік-биік бұта мен арамшөпке толы. Қалың бұта мен шөптің арасында, ағаштың көлеңкесінде отырып, кітаптың беттеріне жабысқан қоқысты өзеннің таза суымен жуып шықтым. Қағаз қатты суланып, жыртылып кетпеуін қадағалап, еппен ғана сүрттім. Содан соң қалтамнан әжем берген беторамалымды шығарып, жақсылап сүртіп, кептірдім. Үйінен қашқан баланың тағдыры қалай болғанын білу үшін ерекше құлшыныспен кітаптың қалған бөлігін оқуға кірістім. Бірақ оқып бастағаным сол еді, көңілім су сепкендей басыла қалды. Өйткені кітаптың он беті жоқ болып шықты.
Қатты абдырап қалдым. Мұқият қарадым, иә, сол кітап. Бірақ мен кеткен соң дүкенші тағы бірнеше бетін жыртып, сатып алушыларға әр түрлі дүние орап беріпті. Қанша қиялдасам да, ойша құрастырып көрсем де жиырма екінші бет пен отыз екінші беттің арасын жалғай алмадым. Оқиға мүлде өзгеріп кеткен.
Көңілім түсіп, қабағым түйіліп орнымнан тұрдым да кітапты қолтығыма қысып алып, қайтадан азық-түлік дүкеніне бардым. Мәш-Асадолла қаптың ішіндегі қантты шығарып, соған қарап тұр екен. Әжемнің мыс кесесін таразының қасына қойыпты. Қантты ойлап қынжылып тұр ма екен, мені байқамады. Жөтелген болдым. Сонда да естімеді. Құрғап тұрған ернімді бір жалап алдым да дауысымды көтеріп: «Мәш-Асадолла, қантыңыз қатты су болып қалмап па?» — дедім.
Бұл жолы естіді. Өткір көзімен атып жіберердей қарап еді, өңменімнен өтіп кетті. «Тағы не керек? Кітабыңды алдың ғой, енді жөніңмен жүр, жолама!» — деді.
«Кітаптың қалған беттерін кімге жыртып бергеніңізді айта аласыз ба? …Таразының қасында тұрған мыс кесе біздікі, жаңа сізге су әкеліп бергем», — дедім.
Мәш-Асадолла бұдан әрі шыдай алмады. Жолбарысша атылып келіп, білегімнен ұстай алды. «Қабырғаңды уатып тастамасын десең аулақ жүр! Енді оңдырмаймын!» — деді.
– Жарайды. Дегеніңіз болсын! Жайыңызға қалдырып, өз шаруаммен кетейін. Кітабыңызды да қайтарайын. Міне, алыңыз. Кітаптың аты қандай екенін көріп алсам болғаны», — дедім.
Мұқабасына қарап, кітап атауын жадымда сақтап қалдым. Кітаптың аты «Тауға қашу» екен. Кесені алып, үйіме қайттым. Дүкеншіден әжеме ештеңе айтпауын өтіндім. Әрине бұған дейін айтып қоймаса. Бірақ айтпайтынын да білемін. Қорқытқан түрі ғой. Өзі бір жақсы адам, қайырымды. Беталды мазаламағанымды түсініп, кешіре салды.
Салпақтап үйге келдім. Бірақ есіл-дертім әлгі кітапта. Аяқталмаған оқиға көңілімде қалып қойды. Ойымнан шықпайды. Шөл қысқан адамға бір кесе салқын су беріп, енді ұрттай бергенде қайтадан тартып алғандай күйдемін. Дәмін таттым, бірақ шөлім қанбады. Келесі күні кітап дүкендерінен әлгі шығарманы тауып, сатып алу үшін әжемнен үш теңге ақша алдым.
-Кешіріңіз, аға, сізде «Тауға қашу» деген кітап бар ма?
-Жоқ, бізде жоқ.
-Кешіріңіз, аға сізде «Тауға қашу» деген кітап бар ма?
-Қарап көрейін, болуы керек.
Қарады. Дүкеннің бұрышында, сөрелерде бір-бірінің үстіне үйілген кітаптардың бәрін қарап шығып: «Жоқ екен»,- деді.
Біздің қалада кітапхана жоқ. Тек үш-төрт кітап дүкені бар. Балаларға арналған кітаптар жоқтың қасы. Ақыры ол кітапты таба алмадым. Бірақ, соны іздеймін деп жүріп кітап дүкендерімен және ондағы түрлі кітаптармен танысып үлгердім. Дүниедегі барлық кітапты оқып шыққым келді. Бірақ оның бәрін сатып алу жағы қалай болмақ? Дегенмен жалға алуға мүмкіндігім бар. Содан бастап кітап жалдайтынды шығардым, бір түнге он тиын төлеймін. Әрине, кепілге бір теңге ақша тастап кетемін. Дегенмен әлі де болса сол «Тауға қашу» кітабын тауып оқығым келеді. Тіпті, бірнеше рет өзім де жалғасын жазып көрдім. Үйден қашқан баланың тағдырын қиялыммен жалғағым келді. Бірақ, жазғаным көңілімнен шықпады. Одан да басқа әңгіме жазайын деп шештім. Өміріме жақсылап бір көз жүгіртіп шықтым да әр түрлі хикаяларды жаза бердім, жаза бердім…
Аударған Әйгерім Бөрібаева.
ДАБЫЛ
Махмұд мырзанікіндей үлкен дабылым болғанын қалай армандағанымды білсеңіз ғой. Қолжетпес нәрсені армандап, қиялға берілу бір басқа да, дабылым болса деп армандау бір басқа. Көңілім кеткені соншалық, дабылға ессіз ғашық диуана болдым. Таң атқаннан кеш батқанша есіл-дертім дабыл болды да тұрды.
Кейде түсімде үйіміздің шатырында тұрғанымды көремін. Беті жылтыр былғарымен қапталған жап-жаңа дабылды шатырдың күмбезіне сүйеп қойған екенмін. Қолымда жақсы жонылған ыңғайлы екі таяғы бар. Сонымен дабылды мықтап соғамын. Әр соққанда даусы жер жарардай жаңғырады. Тіпті жүз үйден әріге жете ме деймін. Дабылдың даусы қала халқын таң қалдырады. Түсімдегі осы үнге рахаттанып, бойыма қан тарап, тәтті ұйқыға бөлене бердім. Оянып кетсем, түсім екен. Жастығымды құшағыма қысып алыппын. Қолымның ізі жастықтың екі жағындағы мамығынан айқын көрініп тұр. Бұл түсім үнемі қайталана берді. Оянып кетсем дабылдың орнына жастықты тоқпаштап, екі жағынан қауырсыны шыққанша соққылап жатамын. Әжеме білдіртпей қауырсынды жинап, жастыққа қайтадан салып қоямын. Орнымнан тұрып, сатымен шатырға көтерілемін де көршіміз Махмұд мырзаның үйіне мойнымды созып, баспалдағының астындағы кішігірім бөлмеге қараймын. Дабыл сол бөлмеде тұрады. Махмұд ағаның дабылды сол бөлмеге қойып, сол бөлмеден алып шығатынын талай мәрте көрдім. Несін жасырайын, мені дабылмен таныстырған, дауысына елітіп, өзіне құмар еткен де Махмұд ағаның осы аспабы.
Ол кездері рамазан айында түн ортасында ауыз бекітетін уақыт пен ауызашар уақытын еске салу үшін әр түрлі ырғақпен дабыл соғылатын. Біз тұратын жерде осындай бірнеше дабыл болды. Мухаррам айының аза тұту күндерінде де дабыл қағылады. Сап түзеген халық оның үніне қосылып, бірдей ырғақпен кеудесін соғып тұрады.
Бұның бәрі құдды кеше болғандай. Махмұд аға түн ортасында дабыл соққанда дабыл үні көшенің тұрғындарын оятатын. Солармен бірге менің де арманымды оятушы еді. Кейде үйдің шатырына, кейде ағашқа шығып алып, күндіз-түні Махмұд ағаның дабылына қарайтынмын.
Шіркін таяғын ұстап, дабылды бірнеше рет соғып көрер ме едім деп армандаймын. Өз қолыммен сезініп көргім келді. Бірақ алғашында Махмұд ағадан сұрауға батылым жетпеді. Бір күні сұрап көруге бел байладым. Үйдің шатыры арқылы Махмұд ағаның шатырына өттім де: «Махмұд аға, мен де дабыл соғып көрсем бола ма?» — деп сұрадым. Бірақ ол кісі қарлыққан даусымен: «Жоқ, бұл саған баланың ойыншығы емес», — деп дүрсе қоя берді.
Бір жолы тар, камонче, скрипка, сырнай және дабыл секілді музыкалық аспаптар сататын дүкенге бардым. Дабылдың бағасын сұрадым. Өте қымбат екен. Оны сатып алардай ақшам жоқ. Әжеме айтып едім, бірақ Бибі: «Қайдағы жоқты айтпа. Оны қайтейін деп едің? Бар да сабағыңды оқы», — деп қысқа қайырды.
Бірақ дабылға деген қызығушылығым басылмады. Көңілімді жаулап алып, ойымнан шықпай қойды. Дабылым болса түн ортасында дабыл соғып, тұрғындарды ұйқыдан оятсам деп қиялдаймын. Бір күні үлкен қағаздың бетіне дабылдың суретін салып, бояп, бөлмемнің қабырғасына іліп қойдым. Өкініштісі, бұл дабылдан дыбыс шықпайды. Дабыл ұратын таяқшаларды жасап алуыма болар еді. Бірақ ол Махмұд ағаның дабыл таяғындай немесе дабыл мен тар сататын дүкендегі таяқ секілді болмасы анық.
Дегенмен тырысып көрмекпін. Екі кепкен ағаш тауып алдым да әдеміліп жонып шықтым. Бірақ бұл таяқшалармен бензин құятын бакты соғуға қимадым. Таяқшалар дайын, бірақ дабылым жоқ.
Көңілім кеткені сонша, ақыры бір күні әрекет етуге бел байладым. Сол үшін таяқ жеуге де, ұрыс естуге де дайын едім. Таяқшаларымды алдым да ақырын барып ашық тұрған қақпадан Махмұд ағаның ауласына кірдім. Демімді ішіме тартып, айналаны бақыладым. Егер Махмұд ағаның жұбайы Хадиша ханым көріп қойса: «Сәлеметсіз бе, балғаңызды алуға келдім. Шеге қағайын деп едім», — дей салармын. Алайда Хадиша ханым бұл кезде ас пісіретін бөлмеде жүрсе керек. Махмұд аға үйде жоқ. Ауладағы анар ағашының астында бірнеше тауық қыт-қыттап, жем іздеп жүр. Мені көргенде үркіп, азан-қазан болды да қалды. Ештеңе сездірмей жолымды басқа жаққа бұрып, бақшаны айналып жүре бердім. Тышқан секілді жыбырлап, кездейсоқ ашық қалып қойған бөлмеге ендім. Дабылды бөлменің бұрышына, қабырғаға сүйеп қойыпты. Есіктен түскен жарық дабылдың бетіндегі былғарыны жалтыратып жібергендей. Алдымен асықпай қарап, тамашалап біраз тұрдым. Арманым қол созым жерде тұр! Жүрегім дүрсілдеп, аузымнан шығып кетуге сәл-ақ қалды. Ақырын ғана бетіндегі былғарыны сипадым. Қандай тегіс әрі жұп-жұмсақ! Одан сайын қызыға түстім. Сұқ саусақпен бірнеше аккорд ойнап, дауысын естігім келді. Таяқтың бірін дабылдың жанына қойдым. Ақырындап қолымды алға создым. Саусақтарым дірілдеп тұр. Ақырын ғана бір рет ұрып көрдім. Дауысы қандай, дабылда аккорд ойнағандай ғажап сезім! Үні де құлағымның пердесіне жұмсақ естіліп, жан дүниемді төңкеріп әкетті.
Кез келген сәтте Хадиша ханым келіп қалуы мүмкін. Бұл өмірде ұрланып дабыл соғып, оның даусын ешкім естімегенін қалаудан жаман нәрсе жоқ шығар.
Қызық. Дабыл өзгелерге хабар беру үшін жасалған аспап. Ол жұртты ояту үшін немесе халықты жинау үшін жасалған. Ал мен оны өзімнен басқа ешкім естімейтіндей ұрғым келеді. Егер Бархут шөлінде жүрсем, солай істеуге болар еді. Бірақ бұл жерде ондай мүмкіндік жоқ, Хадиша ханым бар, көршілер бар. Дегенмен дабылда ойнап көруге көңілім кеткені сонша, ештеңеге мән берген жоқпын.
Ақыры дабылда бірнеше аккорд ойнап көрдім. Ештеңе өзгерген жоқ, біртіндеп батылдана түстім. Өз өзіме: «Түрегеп тұрып ойнайын, бәрібір ешкім естімейді. Тіпті ақырын болса да таяқпен ұрып көрейін», – дедім. Ақыры таяқпен ұрады екем, өзінің таяқтарымен ойнап көрейін. Сөйттім де сөредегі дабыл таяқшаларын тауып алдым. Дабылдың тура алдына келіп тұрдым. Ойнауға икемделіп аяғымның арасын аштым да қолымдағы таяқшаларды жоғары көтердім. Бірақ қолымды төмен түсіруге батылым жетсеші! Ақыры сермеп қалдым. Не боп жатқанын көрмеу үшін көзімді тарс жұмып алдым. Дабылдың даусы бөлме ішін азан-қазан қылып, аулаға естілді. Кенет баспалдыққа жақындап қалған Хадиша ханымның аяқ дыбысы естілді.
Хадиша ханым «дабылға не көрінді, өзінен өзі даңғырламайтын шығар» деп келе жатқан болар. Сорыма қарай, бөлменің бір-ақ есігі бар. Соның өзі көптік еткелі тұр. Аядай ғана бөлмеге қанша есік керек? Өте ыңғайсыз жағдайда қалдым. Сол есіктен атып шығып, көзді ашып-жұмғанша көшеге шығып кетсем ғой! Бірақ бұл мүмкін емес. Хадиша ханым ұстап алып, желкемнен сүйреп әжемнің алдына апарар еді. Әжем де оңдырмасы анық. Өмірімнің соңына дейін ұмытпайтындай етіп жазалайды. Енді біреудің үйіне рұқсатсыз аттап баспайтын боласың деп сабар еді. Қысқасы, менде таңдау болмады. Таяқшаларды тастай салып, тасбақаша тізерлеп отырдым да дабылдың артына тығылдым. Кішкентай болғаным қандай жақсы, үлкен дабылдың артына сыйып кеттім. Кенет бағым жанып, сол маңайда жүрген тауықтардың бірі басын көрсетті. Хадиша ханым бұны тауықтың тірлігі екен деп қалыпты. Тауыққа бірдеңе деп зекіп, кіш-кіштеп қуып жіберді. Бөлменің есігін жауып, сыртынан бекітті де өз шаруасымен кетті.
Қараңғы бөлмеде дабылмен оңаша қалдым. Бөлме ала көлеңке, түк көрінбейді. Бірте-бірте есіктің жақтауынан түсіп тұрған күннің нұрына көзім үйрене бастады. Сәлден соң ақырындап дабылды көре бастадым. Бетіндегі жұп-жұмсақ былғарыны сипадым. Бірақ дәл қазір оны сипаудан басқа ештеңе істей алмаймын. Ақыры сипаудан да жалықтым. Бөлменің іші сап-салқын, ауасы ылғал екен. Нағыз ұйықтап алатын жер. Бірте-бірте кірпігім айқасып, денем ауырлай бастады. Дабылдың жанына созылып жаттым да дабылды құшақтап ұйқыға кеттім. Әлемдегі мен үшін ең қымбат нәрсе осы дабыл секілді. Кенет дабылдың тарс еткен даусынан оянып кеттім. Көзімді ашсам, дабылдан үстінен жерге секіріп түсіп жоқ болған тышқанды көрдім. Тышқан құйрығымен дабылды қағып, қаша жөнелді. Ішімнен дабылды құйрығымен қалағаныңша соғып, лезде қашып кете алатын тышқанға айналып кетуді армандадым.
Орнымнан тұрдым. Есіктің саңлауынан ауланы жақсылап қарап алдым. Қас қарайып, кеш батып қалыпты. Жүрегіме қорқыныш сезімі ұялай бастады. Дабылым болса деген арманым жайына қалды. Бөлменің бұрышына барып, тіземді құшақтап отырдым да ойға кеттім. «Дабыл үшін осынша әуре-сарсаңға түсетіндей не көрінді? Қандай бақытсыз едім. Мен әлі баламын ғой!», – дедім. Өзіме жаным ашып кетті. Тіпті жылауға шақ қалдым. Осы кезде ауладан әжемнің даусы шықты. Уайымдап, қатты мазасызданып Хадиша ханымға: «Мәжит түстен бері жоқ. Іздемеген жерім қалмады, таппадым. Қайда кетті екен? Уайымдап жүрмін. Бірдеңеге ұрынып қалмаса жарар еді!» — деп жатты.
Әжем сөйлеп тұрып жылап жіберді. Хадиша ханым болса: «Ол мұнда жоқ. Балалармен ойнап жүріп, ұмытып кеткен болар, бәлкім» — деді.
Әжем көктемгі бұлттай түнеріп жылап, еңкілдей бастады. Мен оның жылағанын көрмедім. Бірақ бәрін сезіп тұрмын. «Әже, мен мұндамын» — деп айқайлағым келді. Бірақ не болғанын білмеймін, еркелегім ұстап кетті. Ішімнен ақыры өзімнің осында тығылып отырғанымды айтады екенмін, ақыры оның арты жазаға алып келеді екен. Ендеше неге құмарым тарқағанша дабылды армансыз бір соғып қалмасқа деген ойға кеттім. Сол-ақ екен сөредегі таяқтарды алып дабылға жақындадым. Қазір ойнамағанда қашан ойнайсың деп жігерлендіре түстім өзімді. Дабылға қарап: «Сен үшін осыншама әурелендім, енді ішімдегіні шығаруым керек!» — дедім.
Қысқасы, дабылда ойнауды бастап кеттім. Тоқпаштап жатып бірырғақ таптым. Дәм, дер, дерам, дәм, дәм! Дер, дерам, дәм, дәм! Жаным рахаттанды. Шаршағанымша соққыладым да тоқтай қалдым. Дабылдың дауысы тынған кезде аулада айқай-шу болып жатқанын естідім. «Не дейді?», «онысы несі?» — деп дабырлаған дауыстар шығып жатты. Есіктің саңылауынан қарадым. Аулаға адамға толып кетіпті. Осы төңіректің тұрғындары жиналып тұр. Барлығы бір-біріне бөлмені нұсқап көрсетіп тұр. Бөлмеге келуге ешкімнің батылы жетпейді. Ал әжем болса… Әжем тіптен есінен танып қалған. Біраз адам оның мұрнына раушан мен сірке суы араласқан жалбызды иіскетіп, есін жинатпақ болып жатыр. Хадиша ханым тоқтамай шыңғырып, сүмбіл ағашындай дірілдейді: «Мына үйде жын бар! Бұл бөлмеде ешкім жоқ! Есікті өзім жауып шыққанмын. Қараңдар, сыртынан жапқаным көрініп тұр. Дабылдың дауысын естідіңіздер ме, қалай күшті ойнағанын? Жын емегенде кім ол? Бізден артық ойнайды. Уа, Құдай! Өзімді саған тапсырдым!» — дейді.
Көшенің басында тұратын дүкенші Мәш-Асадолла есікке жақындап, ашпақ болды. Бірақ оны әйелі мен баласы ұстап алып, жалбарынып: «Құдай үшін жолама! Біздің бейшара етпе. Жетім ете көрме!» — деп шырылдайды.
Барған сайын істің насырға шауып бара жатқанын байқадым. Аулаға адам лық толды. Есікті ашуға ешкімнің батылы жетпеді. Мен олардың бәрін есіктің саңылауынан тамашалап отырдым. Мен олардан, олар менен қорықты. Бөлмеге жын кіріп кетіп, ойнақ салып жүр деп ойлады.
Есіктен қарап отырған кезімде мойны күжірейген, денелі үш адам көрдім. Қолдарына сойыл ұстап алған. «Бісмәллә, бісміллә» деп бөлмеге жақындай берді. Бір-екі қадам жүрсе бөлменің есігіне жетеді. Зәрем зәр түбіне жетті. Қазір мені таяқтың астына алады. Сойылмен сабайды. Кім екенімді, мұнда не үшін келгенімді айтып та үлгермеймін. Өлтіріп, денемді аулаға лақтырып тастайды. Сол-ақ екен, аузымды есіктің саңылауына қойып: «Мен Мәжитпін, ұрмаңдар!» деп айқай салдым.
Даусымды естігенде әлгі үшеуі қолдағы сойылдарын тастай салып, кері қашты. Басқалар да шыңғырып, соларға ілесе қашты. Жұрт дүрлігіп көшеге қарай босты.
Іс одан сайын насырға шапты. Әлгілердің қолы маған бір жетсе соққының астына алып, денемді паршалап тастайды. Құлағымнан басқа дене мүшемнің бәрі бөлініп қалар ма еді, кім білсін. Амал жоқ, есіктің саңылауынан айқайлап мән-жайды түсіндіруім керек болды. Қайтадан аузымды есіктің саңылауына тақап әңгімемді бастадым: «Қорықпаңыздар, мен Мәжитпін! Жасырынып келіп дабылда ойнап көргім келіп еді, қамалып қалдым. Менен қорықпаңыздар! Мен де өздеріңіз секілді адаммын. Екі құлағым, бір аузым бар. Маған сеніңіздер. Сіздерге ешқандай зияным жоқ. Сыртқа шығуым үшін бөлменің есігін ашыңыздар. Бет-әлпетімді көрген соң бәрін түсінесіздер. Қорықпаңыздар. Қатты сыртқа шыққым келеді. Хәлім нашар. Осыдан есікті ашсаңыздар, енді қайтып дабылға құмар болмау үшін, шарасыз жағдайға түспеу үшін дұға етемін!».
Бірталай айттым. Біреулер естігендей болды. Дегенмен әлі де қорқып тұрғаны байқалады. Екі-үш адам жақындап келіп, дірілдеп-қалтырап есікті ашты. Ақырын ғана күлімсіреп сыртқа шықтым. Қолымда дабылдың таяқтары бар. Айналып, бәріне бір қарадым. Көрші-қолаң маған көз алмай қарап тұр. Көріп тұрса да тіл қатуға ешкімнің батылы бармады. Мен өзімнің тірлігім үшін қатты ұяла бастадым. Басымды төмен түсіріп, адамдардың арасынан өтіп үйге кірдім. Әжем жаңа ғана есін жинап, шәрбат ішіп отыр екен. Мені көрген бойда шәрбатын жерге қойып, орнынан атып тұрды да құшақтай алды. «Мәжит, қайда болдың? Махмуд ағаның бөлмесінен дабылдың даусы шыққанын естідің бе?», – дейді.
— Иә, естідім.
— Қорықпадың ба?
— Жоқ, неге қорқуым керек?
— Қалай қорықпадың? Бәрі қорықты.
— Дабылды соққан өзім болғандықтан қорыққан жоқпын. Әрине, бөлме қараңғы, аздап қорықтым.
Жарықтық әжем менің төрт-бес сағат бойы бөлмеде қамалып отырғанымды естігенде жаны шырқырап: «Мәжит, қалқам! Қараңғы бөлмеге қамалып қалғаныңда қатты қиналдың ба?» — деді.
Мен: «Иә, дабыл жанымда бола тұра, оны ойнай алмағаным үшін қатты қиналдым. Дабылдың таяқтары да жанымда болды, бірақ соны ойнауға батылым жетпеді. Мұнан ауыр азап бола ма?», – дедім.
Арман, қиял мәңгілік емес екен. Дабылым болса деген арманның орнын бірте-бірте басқа армандар басты. Сол армандардың әрбірі мені есейгенше қинаған әрі қуантқан баспалдақ болып еді.
Аударған Әйгерім Мұратова.
САМАУРЫН
Көршіміз Тахере ханымның қызы тұрмысқа шығатын болып, бәріміз шақырылдық. Осыған орай қыздың жасауын жабдықтау үшін көршілердің атынан «қайырлы болсын» сыйлығын алуға ақша жиналды. Әдетте мұндайда пайдалы, құнды нәрсе апару қажет. Әжем замандастарының, қыз-келіншектердің, туған-туыстың арасында кемелдігімен, көрегендігімен, талғампаздығымен танымал болатын. Сондықтан «құтты болсын» сыйлығын алмас бұрын қалындықтың үйіне барып, бастан-аяқ зерттеп, не сатып алуға болатынын біліп келу әжемнің мойнына жүктелді.
Бибі жамылғысын орай салып, қалындықтың үйіне барды. Сөзден сөз суырып, әңгімеден-әңгіме шығарып, қалыңдыққа бір жақсы самаурын керек екенін біліп келді. Осылайша Бибі «модәрхәрж» яғни ақша жинаушы болып сайланды. Ақшаны әркім шамасына қарай береді. Әжем өзі де ақша қосып, той өткен күннің ертесінде Кәукәб ханымды, бауырының келіншегін, Акрам ханымды ертіп базарға шықты. Мен де бірге бардым.
Базарды аралап жүрміз. Бибі өте талғампаз, ешбір самаурын көңіліне жаға қоймады. Көп іздеген соң Бибі оттығы қалың, су құятын күбісі кең мыс самаурынды таңдады. Басқа әйелдер де құп көрді. Мұндай мәселеден ештеңе түсінбейтін маған да ұнады. Самаурынның түсі жылтыраған тоқ сары, түсі қызғылт екен. Сырты айна секілді, қарасаң бетіңді көресің. Бірақ бет-аузыңды қисайтып, пішінін өзгертіп, ұзартып жібереді екен.
Бибі қалыңдықтың туыстарының алдында абыройымызды сақтап қалу үшін «қалай да осы самаурынды алу керек» деді. Алайда самаурын қымбат болып шықты, жинаған ақша жетпейді. Қанша саудаласса да сатушы бір тиын арзандатар емес.
Әжем жарықтықтың, жатқан жері жайлы болсын, мінезі ғажап еді. Бірдеңеге көңілі құласа қолы жетпей тынышталмайтын. Кәукәб ханымды шетке шығарып, құлағына сыбырлап: «Мына самаурын көзімді жаулап алды. Қалай да осыны сатып аламыз немесе самаурын алуды мүлдем ұмытамыз. Қалған ақшасын өзім төлеймін. Бір шығындансақ та осы дүниені алайық. Қолданған сайын бізді есіне алып, дұға етіп жүреді. Есте қаларлықтай сыйлық болғаны дұрыс қой», — деді.
Қысқасы, Бибі ана кісіден-мына кісіден алған ақшасына тағы қосып, есеп-қисабын тексеріп шықты да самаурынның асты-үстін тағы бір қарап, сатып алды.
Самаурынды базардан үйге жеткізу менің жұмысым. Бибі мен серіктері оттығы қалың, мақтаулы самаурынды үйге аман-есен, сындырып алмай апаруымды тапсырды. Шүмегін немесе тұтқасын жұлып алмай абайлап жүр деп қатаң ескертті. Өйткені Бибінің айтуы бойынша, егер самаурынға бірдеңе болып қалса жүз адамның жауап беруіне тура келеді. Құдай өзі сақтасын. Мен де белді бекем буып, топ-томпақ, әдемі, бірақ ап-ауыр самаурынды құшақтап, қиналсам да үйге аман жеткіздім. Орта жолда қатты шаршадым. Екі білегім талып, қолым көтертпей, жансызданып қалды. Бірақ, сыр бермедім. Мұның қаншалықты маңызды шаруа екенін ескеріп, соңына дейін шыдадым. Басқалардың ойында ешнәрсе жоқ, алдыға түсіп алып, жарқын-жарқын күліп қойып, әңгімелесіп барады. Арттарында самаурынды қолтығыма қысып ырс-ырс етіп келе жатырмын. Әйтеуір, самаурынды бір шоқ гүлдей аман-есен үйге жеткіздім.
Үйге келген соң жұрттың көзі самаурынға түсіп, Бибіні мінсіз талғамы үшін мақтап жатты. Кәукәб ханым «Бұлай болмайды, бір адамға салмақ болып кетеді, әділ болу керек», – деп Бибінің өз қалтасынан қосқан ақшасын өзгелерден жинап берді.
Осы жерге дейін жұмыс жақсы жүріп жатты. Кәукәб ханым: «Самаурынды осында жеткізу үшін еңбек сіңірген Мәжит тағы бір септесіп, түстен кейін қалыңдықтың үйіне апарса жақсы болар еді. Біз де артынан баратын едік», — деді.
Осы сөз ауызынан шыққаны сол еді, мен де қырсығып, үйреншікті сылтауымды айта бастадым. Қабағымды түйіп: «Менің қыруар шаруам бар. Үй жұмысын орындауым керек, арғы күні емтиханда бейшара болып қалармын. Құдай үшін бұл шаруаны маған міндеттемеңіздерші», — дедім.
Жұрт бұл сөзімді ұната қоймады. Бүйтіп бас тартады деп ойламаса керек. Бибі: «Ештеңе етпейді. Ана самаурынды қалыңдықтың үйіне тез апарып, жылдам қайтып кел де сабағың мен жаттығуыңды жаса», — деді.
Ақылды, әзілқой Кәукәб ханым қалжыңдап: «Қызымды саған бергім келіп жүрген мені айтсаңыздаршы. Шынымды айтсам, күйеу баламның жалқау болғанын қаламаймын»,- деп соғып тұр.
Осы бір у-ду сәтте оның төрт жастан сәл асқан қызы жылап жіберіп: «Мен де Мәжитті қаламаймын», — деді.
Бибі бұны шын көріп, кішкентай қызға: «Балам, Мәжиттің не айыбы бар?» — деп дүрсе қоя берді.
Мұның соңы насырға шауып, дау-жанжалға ұласып кету қаупі бар еді. Соны байқадым да амалсыз көндім: «Жарайды, дауласпаңыздар. Самаурынды өзім-ақ апарамын. Бірақ самаурынды себетіне салып апаратын велосипед тауып берсеңіздер», – дедім. Кәукәб ханым ұсынысымды қабыл алып, күйеуінің велосипедін беретін болды.
Шамамен түскі сағат екіде самаурынды жаңа дорбаның ішіне салып, Кәукәб ханымның күйеуі Хусейн мырзаның велосипедінің себетіне әдемілеп байлап берді. Сырғып құлап кетпеуі үшін мықтап таңып тастады. Бибі самаурынның шүмегін суырып, ішіне салып қойды. Самаурынды аман-есен жеткізу үшін қажеттінің бәрін жасады.
Содан кейін маған «велосипедке мінуші болма» деп қатаң ескертті. Себебі, жолдың кедір-бұдырынан құлап қалсам самаурын бүлініп қалуы мүмкін.
Көшеден бұрылып кеткенше Бибі мен Кәукәб ханым артымнан айқайлап, самаурынды аманаттап тапсырып жатты. Бірақ, екі-үш көше өткеннен кейін велосипед тұрғанда жаяу жүргенім дұрыс еместігін байқадым. Велосипед самаурын тасу үшін жасалған арба да емес. Адам үстіне мініп, тепкішегін басып, желдей жүйткісін деп ойлап шығарылған бұйым. Сол арқылы баратын жеріңе тезірек жетіп, шаруаңды бітіресің. Осылайша, ескертулер құлағымда тұрса да велосипедке мініп алдым. Әрине, самаурын бұлініп қалмасын деп барынша мұқият болуға тырыстым. Тепкішегі биік екен. Ал менің аяғым кішкентай, тепкішекке жетпейді. Жанталасып велосипедтен түстім де көшедегі бір ағашқа тіреп қойдым. Шалбарым жыртылып қалмасын деп балағымды түріп алдым. Тәуір киімдерімді кигенмін, жыртылып қалса өкінетін болдым-ау! Сөйттім де оң аяқты велосипедтің орындығы мен рөлінің арасындағы белдеу темірдің астынан өткізіп, велосипедтің басы мен темірді екінші қолыммен құшақтап жолға түстім.
Көше бойы тас пен топырақ. Велосипед дірілдеп, себеттегі самаурын тарсылдап, ішіндегі шүмегі де тарс-тарс етіп жатты. Самаурынның тарсылдаған даусына мән бермедім. Оқтай ұшып, қалыңдықтың үйіне жеттім. Бірақ қанша жерден уақыт үнемдеп, ерте жетіп алғаныммен Бибі мен оның серіктерінсіз ішке кіре алмайтынымды, кіруге ұялатынымды білдім. Олар менің артымнан жылдам келеді де бәріміз бірге кіретін болып келіскенбіз. Алайда мен ерте келіппін. Көшеде жарты сағат бәлкім одан да көп уақыт бос жүре алмас едім. Арттағылар жеткенше уақытты тиімді өткізгім келді. Ойлана келе жақын жерде тұратын Суғра шешейдің үйіне бармақ болдым.
Суғра шешейді көрмегелі көп уақыт болған. Өзі бір иманжүзді мейірбан адам, бірақ тұрмысы төмен. Мені қатты жақсы көретін. Жерлес едік, кішкентай күнімде мені емізген екен. Жақында ауырып қалыпты деп естігенмін, жағдайын сұрап шықсам деп ойладым.
Қысқасы, велосипедтің тізгінін бұрып үйдің алдына бардым. Қақпа ашық екен, велосипедіммен ішке кірдім. Суғра шешей ағаштың көлеңкесіне кілем төсеп, сонда аяқ созып жатыр екен. Назары маған түсті. Көздері оттай жанып, жүзі нұрланып кетті. Орнынан тұрып, жаныма келді де құшақтап жылай бастады. Көз жасы тоқтаусыз ағып кеңк-кеңк етіп жылап: «Менің жағдайымды білуге келетіндей күн қай жақтан шықты екен бүгін? Әрине, соншалықты опасыз емессің. Сені қалай емізгенімді білесің бе? Қандай қиын күндерді бастан кешкенімді білсең ғой. Бір күні келіп қалар деп әрдайым көзім осы есікте болды. Қош келдің! Келгеніңе қатты қуантдым», – деді.
Шынымды айтсам, бұл сөздері көңілімді босатып жіберді. Көзіме жас үйірілді. Велосипедті қабырғаға тіреп қойдым. Суғра шешей көз жасын жаулығымен құрғатып жатып: «Кел, отыр. Қане айта қойшы, қайда болдың, не істеп жүрсің, нешінші сыныпта оқисың?» — деді. Асықпай бәрін баяндап бергім келді. Кенеттен велосипедке қарасам екі мысық велосипедтің айналасында ойнап жүр екен. Бірінің үстіне бірі секіріп, ары-бері қарғи береді. Велосипедті құлатып, қалыңдықтың самаурынын бүлдірсе ұятты болармын деген ой келді. Сөйттім де тездетіп самаурынның жібін шеше бастадым. Құшақтап көтеріп Суғра шешейдің бөлмесінің бұрышына қойдым. Самаурынды байқап қалған Суғра шешей жаныма келді де қайтадан құшақтады. Бетімнен сүйіп, жылай бастады: «Ақылыңнан айналдым. Неткен мейірімді едің, Мәжит! Неге сонша әуре болдың? Мен сенен мұндайды күтпеп едім», — деді де өз сұрағына өзі жауап беріп: «Неге күтпедім? Әрине, күттім. Ақ сүтімді бердім, өсірдім. Күтуім орынды. Мені ойлап жүрген кішкентай басыңа Құдай ұзақ ғұмыр берсін, Мәжит», — деді.
«Суғра шешей, бұл самаурын саған тиесілі емес», — деп бірнеше рет айтпақ болдым. Бірақ дәл қазір сөйлей алатын емеспін. Тілім тамағыма байланып қалған секілді. Аянышты көзбен қарап отырдым да қалдым. Өзіме өзім: «Артынан түсіндіремін, бірден айтқаным дұрыс емес. Көңілі жабырқап, аяқ-асты құлап қалып жүрер…», — деп ойладым.
Суғра шешей самаурынды дорбадан алып шығып, былай деді: «Самаурыным жоқ екенін қайдан білдің? Бірнеше күннен бері шәйнектен шай ішіп жүрмін. Құдайдың қарғысына да жарамайтын бір самаурыным бар еді. Қанша рет жөндеттім. Бірақ әлі шүмегінен су ағады». Сосын, көкке қарап: «Ей, Құдайым, неткен қайырымды едің! Кеше түсімде жасыл сәлдесі бар, жүзі нұрланған бір адам үйге кіріп бір түйіншек беріп еді. Түс дегенім шындыққа айналды», — деді.
Осылайша қуанышы аяғына тыным бермеген Суғра шешейге қадала қарап, не істерімді білмей отыра бердім. Бәрін бастан-аяқ баяндап берейін деп бірнеше рет оқталдым. Бірақ жүрегім дауаламады. Өзімді қинап жымиып қана отырдым. Суғра шешей самаурынды құшақтап алып бөлменің ортасына қойды да жақсылап қарап шығып: «Мәшалла, талғамың қандай керемет! Мына самаурынды сатып алуға әжең көмектескен болар деп ойлаймын. Айтпақшы, әжеңнің халі қалай, жағдайы жақсы ма? Сен үшін қанша қиналды десеңші»,- деді. Байғұс кемпірдің қуаныштан төбесі көкке бес елі жетпей қалды. Әңгімеге тартып, жағдайымды сұрай береді. Сосын самаурынды мұқият қарап шығып: «Енді өзің әкелген мына самаурынмен шай қайнатып жібер. Жақсылап демдеп, хош иісін бұрқыратып отырып ішейік», — деді. Самаурынды көтергісі келіп еді, мен тоқтатып, білегінен ұстадым. Суғра шешей жымиып: «Өзің әкелген самаурынды өзің қайнатқың келді ме? Жарайды, тұтата бер. Қолыңның құрбаны болайын», — деді.
Амал жоқ, тілім байланып, жүрегім алай-дүлей болып, қолым дірілдеп жұмысқа кірістім. Ішімнен: «Шай ішіп отырған кезде бәрін асықпай айтармын», — деп ойладым. Суғра шешей артқы бөлмеге барып, бір тәрелке алып келді. Онда екі кепкен анар мен бірнеше жаңғақ бар екен. Жұрттың бәрі маған «Балаларың отбасын құрып әрқайсысы өз жөнімен кетті, енді саған қарайтын ешкім жоқ» деуші еді. Сенің жағдайымды сұрап келіп, самаурын әкелгеніңді көрсе не дер екен», — деді.
Жүрегім қысылып, не істерімді білмедім. Бар ойым Бибі мен қалған тойшыл қауымда. Менің қандай күйге душар болғанымды білмей күтіп отырған шығар.
Самаурын бұрқ-бұрқ етіп қайнады. Мен тура тізерлеп отырған будда мүсініндей қолымды тіземе қойып, самаурынға қарап қатып қалыппын. Қайнағаны сонша, дірілдей бастады. Қақпағының тесігінен ыстық бу атқылайды. Менің одан еш айырмам болмады. Мен де іштей дәл солай қайнап жаттым. Тілім икемге келіп, тезірек айтқым келді. Бірақ бұл мүмкін емес. Қолымнан келмеді. Суғра шешей бір татым шайды шәйнекке салып үстіне су құйды, шүмегін бұрады да самаурынның үстіне қойып: «Мәжит, мына анардың біреуін жей тұр, мен қазір қайтып келемін», — деді.
«Суғра шешей, Тахере ханымның қызы тұрмысқа шыққанынан хабарыңыз бар ма? Бибі қыздың жасауын көруге бармақшы. Тойға бардыңыз ба? Әттең барғаныңызда ғой, қазір оған арнап самаурын апаруыңыз керек болар еді», — дедім. Осыны айтқанша, жаным мұрнымның ұшына келгендей болды. Негізі айтқым келгенді айта алмадым. Орнынан тұрып бара жатқан Суғра шешей аяқ киімін киіп жатып: «Мені шақырған жоқ. Мейлі, маған бәрібір. Сен тұрғанда оларды қайтемін!» — деп аулаға шықты да қабырғалас көршілерін шақырып: «Келіңдер, шай ішіңдер! Мәжит келген. Оны мен емізгенмін деп ылғи айтушы едім ғой, өзім өсірдім дейтінмін. Маған арнап сыңары табылмайтын бір самаурын әкеліпті. Құдайым қартайғанша дерт пен ауру бермесін оған!» — деді.
Мені көру үшін екі әйел келді. Көршілері келген соң жағдайым бұрынғыдан да нашарлай түсті. Суғра шешей ерні ерніне тимей мақтап отыр. Риза болған көршілер көзінің астымен маған қарап қояды. Суғра шешейдің мақтауы бітер емес, содан мазам кетті. Шай ішудің өзі азап болды. Бибідің ащы айқайын ішіп отырғандаймын. Шайды әрең ұрттап, өз-өзімді зорлап жұттым. Қалыңдыққа арналған әдемі, жарқыраған самаурыннан өзімді мазақтап тұрған түрімді көрдім. «Қазір Бибі қандай күйде, не істеп жатыр? Достары мен серіктерінің алдында не деп жауап береді екен? Баруын барып алып, мені жер-көктен іздеп жүрген шығар. Суғра шешейге самаурынмен бірге келгенім үлкен қателік болды» деп ойлап отырдым. Кенет орнымнан тұрып, жартылай жеген анарым мен шайды алып: «Сау болыңыздар, мен кетуім керек. Кеш болып кетті», — дедім.
Суғра шешей самаурынды салып алып келген дорбаны төрт бүктеп, ішіне бір түйір науат салып берді. Кешкі ас ішіп кет деп ілтипат білдірді. «Қала алмаймын, рұқсат болса кетуім керек. Бірақ менің бұйымтайым бар. Мүмкін болса маған мына самаурынды қайтып беріңізші. Ұнамай тұр маған. Шүмегінен суы сорғалап, әрең ағады екен. Мен сізге үлкенірек самаурын әкеліп беремін. Бұл самаурын сіздің талғамыңызға сәйкес келмейді», — дедім.
Суғра шешей тағы да көңілі босап, құшақтай алды. Көздері жасқа толып: «Ол не дегенің, Мәжит-ау? Самаурын сөз жоқ, керемет! Бұдан артығы болмас. Өзің неткен мейірімді, қарапайым едің! Мен үшін осының өзі үлкен самаурын болып тұр. Әжеңе сәлем айт. «Көп әуре болыпты, самаурын өте керемет. Суғра шешейге ұнады, қатты қуанды де. Мына науатты шайға салып ішсін, сәлемдемем болсын. Аяғы ауырғанға пайдалы. Бара ғой, жаным. Бибі уайымдап отырған болар, тезірек бар», — деді.
Суғра шешейдің үйінен шыққан соң абдырап, не істерімді білмей қалдым. Не қуанарымды, не жыларымды білмедім. Тағдырдың басқа салғанына көндім. Бір жағынан мұңайсам, екінші жағынан қуанып тұрған сияқтымын. Қуанған себебім, Суғра шешей әдемі де керемет самаурынға ие болды. Ал мұңайғаным — Бибі ыңғайсыз жағдайға қалып, елдің алдында абыройы төгілетін болды.
Қалыңдықтың үйіне құр қол бара алмаймын. Кенеттен басыма бір ой сап ете қалды. Аяғымды велосипедтің ортасынан шығардым да жолдың ар жағына өтіп, үйге қарай тарттым. Есігі жабық болатын. Оны қалай ашудың қулығын білемін. Бибі бөлменің кілтін гүл құмыраның астына қояды. Кілтті алып, бөлменің есігін аштым. Науатты алып, кесеге салдым. Бибінің кіп-кішкентай ескі самаурынын алып, дорбаға әдемілеп салдым. Сосын велосипедтің себетіне мықтап байладым. Есікті жауып, қалыңдықтың үйіне қарай оқтай ұштым.
Ойлағанымдай-ақ, әжем абыржып жүр екен. Әрбір келген адамға басын созып, мені қашан келеді деп алаңдап отырғанға ұқсайды. Бес есікті бөлмеде бір топ әйел мен ер адамның арасында отыр. Қалыңдық пен оның анасы төргі бөлмеде, жақсы жерге орналасыпты. Қолыма самаурын ұстап кіргенімді көргенде Бибі қуанғаннан орнынан тұрмақ болып еді, тұра алмады. Самаурынды қалыңдықтың жанына апаруымды ишарамен білдірді. Мен де ишарамен сыртқа шақырып, айтар сөзім бар екенін түсіндірмек болдым. Бірақ өйтуге мүмкіндік болмады. Ақыры түйіншекті қалындықтың жанына қойдым да тышқан сияқты зып беріп шығып кеттім. Ауладан оқиғаның немен аяқталатынын бақыламақ болдым. Бибі сол отырған жерінде күлімдеді де былай деді: «Бізден де бір естелік болсын деп қалыңдыққа шағын бір сыйлық дайындағанбыз. Құдай қаласа, ұнайтын шығар». Содан кейін орнынан тұрып самаурынның жанына барды. Мен оның түйіншек ішіндегі самаурынның тым кішірек көрінгеніне таң қалғанын байқадым. Ақырындап түйіншекті аша бастады. Есіктің жанындағы қабырғаға сүйеніп тұрдым. Жаңбырда қалған торғайдың балапанындай дір-дір етемін. Ішімнен құдайыма жалбарынып, әжем құлап қалмаса екен деп тілеймін.
Бибі бірінші түйіншекті ашып еді, жиналған қауым қол соғып, ысқыра бастады. Бибі өзі де қол соғып, мәртебесі көтеріліп қалды. Кәукәб ханым мен басқа серіктері де бір көтеріліп қалды. Екі езулері екі құлақтарында. Бибі екінші түйіншекті ашты. Сөйтіп одан күйе-күйе, мыжырайған ескі самаурынды көпшіліктің алдына алып шыққаны сол-ақ, таңданғаннан аузы ашылып қалды. Жиналған қауым қол соғуын тоқтата қойды. Бибінің серіктерінің де күлкілері сап тыйылды. Енді бөтен қыздар сықылықтап күле бастады. Бір тізесін бүгіп шоқиып отырған Бибі бойын билей алмай, тізерлеп отыра кетті. Қалыңдықтың анасы:
-Қолыңыз дерт көрмесін, Бибі. Қатты әуреге түсіпсіз. Сізден мұндайды күтпеп едім, — деді.
Мен сүмбіл ағашындай дірілдеп тұрмын. Көзімнің астымен түрі өзгеріп кеткен қонақтарға қарап, ернімді тістелей беремін. Кәукәб ханым: «Біз сатып алған самаурын қайда?» — деп сұрады.
Бибі не дерін білмеді. Қолын жерге тіреп, орнынан тұрды. Түрі қуарып, шафрандай сарғайып кетіпті. Орнынан тұруға шамасы болмады. Жанына жүгіріп барып, қолтығынан демеп тұрғызғым келді. Бірақ әйтеуір бойын жинап, өзі тұрды. Аулаға шығып, көзімен мені іздеді. Мені көргенде тілі байланып қалғандай болды. Сөзін неден бастарын білмей тұр. Әбден есін жинап алсын деп ойлап, қолынан ұстап хауыздың жанына апардым. Салқын сумен бетін жуған соң шеткері шығып, баспалдаққа отырғыздым. Суғра шешейдің үйіне барғанымды айтып бердім де: «Қазір сенің абыройың төгілді, бірақ Суғра шешейдің алдында менің абыройымды төге көрме! Әттең сен де сонда болып, қалай қуанғанын көргеніңде ғой. Мен өзім ақша жинаймын, самаурынның ақшасын қайтарып беремін, қайғырма!», — дедім де қолын сүйдім.
Бибі – түсінігі мол, кешірімді адам. Мені мұқият тыңдап алған соң орнынан тұрып, Кәукәб ханымды оңашаға шақырды. Ақырындап мән-жайды түсіндірді. Кәукәб ханым Бибіге қарағанда сөзге шебер еді. Көпшіліктің арасына барып, болған жайды қалыңдық пен анасына, келген меймандарға айтып берді. Суғра шешейге әдемі де қымбат самаурынның бұйырғанын бәрі көрді де кішіпейілдік танытты. Мән-жайды түсінген қонақтар күлкіге қарық болып қалды.
Бибінің күйелеш-күйелеш самаурынын үйге алып қайту тағы да менің үлесіме тиді. Сондай-ақ базарға барып жаңа самаурын сатып алып, оны қалыңдықтың үйіне апару да маған жүктелді. Қысқасы, екі-үш күн бойғы жұмысым самаурын тасу болды. Бұл жолы Бибі мен көршілер самаурын иесінің қолына тигенше мені бақылаумен болды. Жолай біреудің үйіне амандық сұрап кіріп кетпеуімді қадағалады.
Аударған Әйгерім Бөрібаева
ЕСТЕЛІК СУРЕТ
Құдайдан жасырмағанды сізден несіне жасырайын. Суретке алғаш рет алтыншы сыныптың емтиханына орай түскенмін. Оған дейін фотоаппараттың назарына ілігіп көрмеппін. Өзім де фотодағы түрім қандай болатынын көруге тырысқан емеспін. Айна болмаса өз-өзімді танымай өтуім де мүмкін еді. Бір күні мектептен суретке түсіп кел деген тапсырма алдым. Жеке іс-парағымды ашу үшін керек екен. Алғашында сенбедім. Одан кейін мәселенің өте маңызды екенін білгенімде қуанғаным соншалық, өз-өзіме ие бола алмай, ұшып кетуге жақын қалдым. Осы мейірімділігі үшін мұғалімнің қолын сүйіп алғым келді. Біресе қуанғаннан ысқыра жаздадым. Әйтеуір өз-өзімді ұстап, үйге қарай жүгірдім. Әжеме келдім де:
— Әже, мені қалай болғанда да суретке түсіруіңіз керек, басқа амал жоқ, – дедім.
Құдай алдынан жарылқағыр әжем қабағын түйіп: «Бісміллә, тағы қандай қулық ойлап таптың? Суретті қайтпек едің? Кім үгіттеп жүр сені? Әскерге барайын деп пе едің? Өскенде ақша тапқан соң өзің барып түсесің. Менің ондайға ақшам жоқ. Өзіңді көргің келе ме, айнаның алдына бар да қара», — деді.
Мен дауыстап күліп: «Ха… ха…ха! Қай ғасырда қалып кеткенсің, әже? Мектепте суретке түсіп келуді тапсырды. Суретті апармасам емтиханға кіргізбейді. Мүлдем қабылдамай қояды. Мен енді үлкен болдым, есейдім. Қорытынды емтихан тапсырғым келеді».
Әжем бұл сөзімді де қабыл алмады. Қанша айтсам да көнбейді: «Ентиханыңды тапсыр, әлде сенің орныңа суретің тапсыра ма?» — дейді бұрқылдап.
Мен: «Бибі, олар маған жеке іс-парақ ашпақ. Сертификат береді. Сертификат болмаса сабақ оқығанымнан пайда жоқ. Ал егер сертификатым болса, мемлекеттік мекемеде жұмыс істеймін, жалақы аламын», — дедім.
Әжеммен ары қарай салғыласудан пайда жоқ еді. Бірбеткейлігіне салып: «Молда болудың, сабақ оқудың, адам болудың суретке түк қатысы жоқ. Кітап, дәптер, қалам алғың келсе, оны түсінемін. Бірақ мынауың ақылға қонбайды», — деп қарап тұр. Сосын одан әрі шүйлігіп: «Шыныңды айт, мұндай өтірікті кім үйретті саған?», – деп сұрады.
Бірте-бірте сөйлеуді де қойып, түріме қарап: «Өзің ойлашы, бас киіміңді түзеп, айнаға қарап көрші. Мына түрің суретке түсуге жарай ма өзі? Мойның күжірейген, бетің топ-томпақ. Қызыл шырайлы болсаң бір жөн. Мына түрмен түскен суретің неге жарайды? Сол жағын ойладың ба? Түр-тұрпаты суретке түсуге келетін адам бар, келмейтін адам бар. Мына сен сияқты не бой жоқ, не түр жоқ, сіріңкенің шиіндей адамның қай жерін түсіреді? Заман не боп кетті өзі! Тапқан ақшама қарныңды тойдырсам да жеткілікті. Тыриған түріңді суретке түсіріп береке таппаспын», — дейді.
Әжеммен мәмілеге келу мүмкін емес еді. Суретке түсіруге келіспегені былай тұрсын, түр-сипатымды мазаққа айналдырып, қор қылды. Көндіре алмасымды түсіндім. Келесі күні мектепке барып мұғалімге: «Ағай, әжем мына тыриған түріңмен суретке түсе алмайсың. Сабақ оқып, емтихан тапсырудың суретке түсуге қандай қатысы бар деп сенбей қойды», — дедім. Мұғалім күліп: «Әжеңді мектепке шақырып кел, өзім сөйлесейін», – деді.
Сол күні түстен кейін әжем екеуіміз мектепке келдік. Жол бойы налып, ұрысып келді: «Екі сынып сабақ оқығаның үшін осыншама әуреге түсірдің, ары қарай не болмақ!» Мұғалімдерді де сырттай сөгіп, оңдырмады. Мен оның айтқанына мән берген жоқпын. Көңілім жай. Арқа сүйер адамым бар, түбі жеңіп шығарымды біліп, сабыр сақтадым.
Әжем ашулы күйде мектепке жетті. Тіке тартып кабинетке кіріп кетті. Артынан еріп кіруге батылым жетпеді. Сөмкемді қолыма ұстаған күйі есіктің саңылауынан қарап тұрдым. Несін жасырайын, жүрегім дүрс-дүрс етеді. Әжемнің қырсықтығынан суретке түсе алмай қалам ба деп қорқа бастадым.
Мұғалім мектепке әлі келмеген екен. Тезірек келсін деп тіледім. Құдай тілегімді қабыл етсе екен. Осылай қиналып тұрғанда құтқарушы періштедей боп ұстазым келе қалды. Алдына жүгіріп шығып, амандастым да:
«Ағай, әжемді алып келдім, іште отыр. Абайлаңыз, өте ашулы, ұрсуы мүмкін. Ақшам жоқ деп жыласа сенбеңіз. Аз болса да менің суретіме жететіндей ақшасы бар», – дедім.
Мұғалім мені жүре тыңдап, аяғын жылдам басып келеді. Мен оған ілесе жүгіріп, тоқтамай сөйлеп келемін. Мұғалім кабинеттің есігін ашып жатып: «Жарайды Мәжит, уайымдама. Құдай қаласа, бәрі дұрысталады», — деді.
Мен де бірге барып, оқиғаны өз көзіммен тамашалағым келді. Әжем жеңе ме, мұғалім бе? Шыны керек, кіруге батылым жетпеді. Онда кіру үшін арыстандай батыл жүрек керек. Әдетте бұл кабинет мұғалімдер мен директор шәй ішіп, әңгімелесіп күлетін, балалардың таяқ жейтін жері болатын. Енді ойлап көріңіз, қандай надан бала ол жерге өз еркімен кіргісі келеді? Мұнда келген ата-ана әлдебір баланың үстінен шағым айту үшін, оны жазалауды сұрау үшін, ақшасының жоқтығын айтып баласының абыройын түсіру үшін ғана кіреді. Сондықтан балалар үшін директордың кабинеті өте қауіпті. Бұл кабинетке бірде-бір оқушы жайдан-жай кіріп, ұстазы оған күлімсіреп шәй ұсынып, әзілдеп әңгімелесіп шығарып салған кез бұрын-соңды болмаған.
Мені таң қалдыратын нәрсе мынау. Мұғалімдердің де осы кабинет туралы балалық шағының естеліктері ащы да жағымсыз болар-ақ. Сонда бұрынғы жағымсыз естеліктерін еске алмай, қалайша рахаттанып отырып шәй ішіп, өмірден ләззат алады екен?
Сөмкемді қолтығыма қыстырып алып дәлізде отырдым. Сөмкемді жайлап ашып, ішіндегі кәкір-шүкірді ары-бері сапырыстыра беремін. Мысалы, қалам іздеген болсам да0 шын мәнінде ойым қаламда емес, кабинеттің ішіндегі әңгімеде. Құр отырған жоқпын, құлағым түрік. Бибінің дауысы анық естіліп тұр: «Сіздер, ұстаздар, мына балалар өскенде пайдасын көретіндей болуы үшін сабақ оқытудың орнына суретке түсіңдер дейсіздер. Әлде осыншама молда болған, Хафиз кітабын, Құран мен дұға кітабын, Әмір Арсланды оқығандардың бәрі сүретке түскендіктен сауатты болды ма? Шәкірттері де, өздері де бірде бір суретке түспей-ақ данышпан болды емес пе? Қандай кітап болса да оқығанда бұлбұлдай сайрап тұрған баяғының молдаларына жүз рақмет! Адам бойындағы дертін кімге айта алады?».
Бибі қызынып алып, сөйлеуге кірісіп кетіпті. Мұғалім енді ғана «мектеп ережесі, оқу заңы, іс қағаздарын жасау және емтихан тапсыру үшін сурет қажет» дегенді айта бастап еді, Бибі тоқтатып тастады. Мен де есіктің сыртында құр отырған жоқпын. Демімді ішіме тартып, әр жолы әжем сөйлегенде қабағым түйіліп, мұғалім немесе директор сөйлегенде қайтадан жадыраймын.
Кабинеттің саңылауынан бір көзіммен сығаласам, Бибі тынышталып шай ішіп отыр екен. Мұғалім сөйлеп жатыр. Бибі кеңсе қабырғасында ілулі тұрған қамшы мен шеңбердің астында отыр. Әжемнің жұмсарып келе жатқанын көріп көңілім тынышталды. Орнымнан тұрып, бүгілген денемді жазып, терең тыныс алып, кабинеттің есігінен әрі қарай бірер қадам жүрдім. Салмағымды бір аяғымнан екіншісіне ауыстырып, қозғалақтап біраз тұрдым. Бір бет шығарма жазып тастайтын уақыт болды. Бибінің сыртқа шығатын ойы жоқ. Орныма қайта оралдым да не болып жатқанын білу үшін құлағымды тосып тыңдадым. Бибі тағы да сөйлеп жатыр: «Енді сіздер молда болу үшін, емтихан тапсыру үшін суретке түсу қажет деп тұрсыздар. Солай-ақ болсын, қарсы айтарым жоқ. Бірақ, құдай үшін Мәжитке айтыңыздаршы. Мені мұнда шақырып мазалай бермесін. Біраз күн бұрын ол үйдегі төсеніштің бірін жыртып алып, соның жібін орап, өзіне доп жасамақ болды. Қаншама рет осында келіп, сендерге айтпақ болдым. Құлағын бұрап тұрып, ескерту айтыңдар дегім келді. Бірақ сонда да келуге уақыт таба алмадым.
Мұны естігенде жүрегім кенеттен лоқ ете қалды. Әжемнің кабинеттен құр қол шыққысы келмейтінін түсіндім. Ойланып-ойланып, шамамен бір ай бұрын не істегенімді есіне түсіріпті. Енді бұл қауіпті жерден тезірек кетуден басқа амалым қалмады. Осындай есеппен қашып кетіп, сыныпқа барып тығылдым. Іштей: «Ақыр соңында, суретке түсіруге көнген екен. Әжем қалай болғанда ақшасын бостан босқа жұмсамайды», — деп ойлап қоямын.
Сабақта отырғанымда артымнан әжем келді. Сыныптан атып шықтым. Әжем:
–Әй, Мәжит, қайда барасың?», — дейді. Жүгіріп бара жатып: «болды, суретке түспей-ақ қойдым. Құдай үшін, мазамды алмаңыз!» — дедім.
–Қорықпа, Мәжит! Мен сені суретке түсіруге апарамын.
–Бибі, кабинетте ұстазға не айттың?
–Ештеңе, сен туралы айттым. Жақсы бала, кейде ғана мазамды алады дедім.
– Мен бәрін естідім. Сен маған тұзақ құрып жаттың.
–Жоқ, сабыр ет, түстен кейін мектептен келген соң сені фотоға түсіруге апарамын, – деп жұбатты әжем.
Түстен кейін әжеммен бірге «Аға Тағи» фотостудиясына бардық. Бұл есімді кейін жаттап алдым. Сабырлы, мейірімді, еңбекқор қария еді. Ақырын, мұқият жұмыс істейтін. Бірақ қолы дірілдейді. Білегін ішіне салып түсіретін ескі фотоаппараты болды. Ол мені орындыққа отырғызды. Артымда жіптері жалбыраған, оңып кеткен қара перде ілініп тұр. Біртүрлі қобалжи бастадым. Не болар екен деп ойладым. Келді де дірілдеген қолымен иегімнен ұстап, басымды көтерді. Қарияның қолы дірілдегендіктен менің басым да дірілдеп тұр. «Иегім мен басымды әдейі қозғап тұр. Сурет жақсы шығу үшін керек шығар. Яғни бұл да қажет», — деп ойладым. Басымды оңға-солға қозғап едім, қария: «Қозғалма, айналайын, суретің дұрыс болмай қалады», – деді. Сөйтті де менің орныма отырып, «міне былай отырасың» деп көрсетіп берді. Басын көтеріп, мойнын кеуіп қалған таяқтай тіп-тік ұстайды. Көзін үлкейте ашып, екі қолын бір-бірінің үстіне қойды. «Жарайды, қалжыңдап тұрған жоқпын», — дей бастап едім, Бибі сөзімді бөліп: «Ағаң не айтса соны істе», – деді.
Басымды тік ұстап, қозғалмай отырдым. Фотограф сонымды ұнатып: «Бәрекелді, жақсы бала екенсің, тура осылай отыр» деді. Сосын салбыраған қолымды көтеріп, аяғымның үстіне жинап қойды.
Мүсін сияқты қақиып отырмын. Көзімнің қарашығы ғана қарияны іздеп ары-бері қимылдайды. Қария фотоаппараттың ар жағына барды, Бибі ар жаққа кетіп қалды. Әжем менің қимылсыз отырғанымды көріп, сүйсініп тұр Бұрын мұндай сыпайы түрімді көрмеген ғой. Қария фотоаппараттың жалбыраған қара матасының астында кірді де: «Әй, бала! Жақсы, өте жақсы. Тек камераға, камераның тесігіне қара. Мына тесікке», – деп көрсетті.
Орнымнан тұрдым да камераға таяп барып, тесігіне бір көзімді тосып қарадым да: «Тесіктен ештеңе көрінбейді. Сіз тіпті көрінбейсіз», — дедім. Қария ашуланып кетті. Ашудан беті қызарып, қолы бұрынғыдан бетер дірілдей бастады.
– Әй, мен саған камераның тесігіне көзіңді қада деген жоқпын. Барып орныңа отыр, шырағым. Сол жерден, отырған жеріңнен қара, түсіндің бе? Қараптан-қарап әуреледің-ау! Дені дұрыс па өзі, мына баланың. Қозғалма. Осыған дейін фотоаппарат көрмеп пе едің? Суретке түспеп пе едің, отыр! — деді.
– Жарайды, кешірім сұраймын.
Қайтадан орныма барып, орындыққа отырдым да қолдарымды ағайдың айтқан жеріне қойдым. Ар жақтан әжем: «Менің балам суретке түсіп көрмеген, не істеу керегін білмейді. Қатты қызығып кеткен ғой. Әрине өзі де мазасыздау бала. Кешіріңіз енді», — деді де маған бұрылды. «Мәжит, суретте көзің үлкен болып шығуы үшін көзіңді жақсылап ашып қара. Суретің әдемі болып шықсын».
Сосын ағайға бұрылып: «Мына баланың көзі атасының көзіне ұқсаған. Құдай жарылқасын, оның да көзі мен қасы үлкен еді. Мен көзім әжем айтқандай үлкен боп көріну үшін кірпіктеріме салмақ салып көзімді бақырайтып отырмын. Сәл қинасам кірпіктерім жыртылып, қарашығы ұясынан шығып, жерге түсіп кетердей. Қария: «Жоқ, жаным, жоқ. Көзіңді қатты ашпа, қалыпты болуға тырыс, өзіңді қинама. Атаңның көзін ұмыт. Ештеңе болмағандай маған байсалды қара. Суретің жақсы шықсын десең, жақсы нәрсе ойла», — деді.
«Жарайды, сіз маған осылай қолдау білдірсеңіз, суретім міндетті түрде жақсы шығады. Бірақ маған жақсы ой келмей жатыр. Қанша тырыссам да жағымсыз нәрселер есіме түседі. Дегенмен, жарайды. Тырысып көрейін», — дедім.
Әжем қайтадан сөйледі: «Дұрыстап отыр, Мәжит, сөйлеме. Көзіңді жақсылап аш, ернің кішкентай болып көрінуі үшін гүлдің қауызындай қылып жиырып отыр», — деді. Мұны естігенде абдырап қалдым. Ерін гүлдің қауызындай болуы үшін оны қалай жиыру керегін түсіне алмай әлекпін. Дегенмен көзімді ашып отырамын, жақсы нәрселер ойлауға тырысамын. Қозғалмай, қақиып отырмын.
Қысқасы, жалығып кеттім, тезірек құтылғым келді. Әжемнен айна сұрадым. «Ернімді сіз айтқандай қылу үшін жаттығуым керек. Бірақ, мұнда айна жоқ екен», — дедім. Әжем де қайтар емес. «Біреудің қолын сүйіп жатқаныңды елестет, сонда ернің жиырылады, әдемі болып шығасың», – деді.
Жағдай нашарлап кетті. Мына жақта фотограф қария ашуланып отыр. Ал мен ернім гүлдің қауызындай болуы үшін кімді елестетіп сүйсем екен деп әуре-сарсаңға түстім. Ойыма түскен ешбір адамды сүйе алмайтынымды білдім. Маған ұнайтындарды елестеттім, батылым бармайды және бұл дұрыс емес. Ойымның өзінен ұялып кеттім. Ұялсам суретім де бұзылары анық. Қарияның қаны басына шапты. «Бибі, өтінемін, менің жұмысыма араласпашы. Ерігіп жүрген біреу емеспін мен! Суретке түсіріп болғанша бірер минут үндемей тұршы», — деді. «Жарайды, сурет жақсы шықса болғаны. Әйтеуір көзі үлкен болып шығатын болсын», — деді әжем.
Бұл жолы қария Бибіге жауап бермеді. Қайтадан маған таяп келіп, басымды түзеді де, камерасына өтіп:
– Дайынсың ба? Қозғалма, — деді.
– Дайынмын, мырза.
– Мәжит, көзді ұмытпа, көзді, — деді ар жақтан Бибі.
Әйтеуір түсірді-ау. Суретім аман-есен шықты. Сурет болғанда қандай сурет. Айдай! Көзім – тана көз. Аузым – гүлдің қауызы. Қас дегенің қиылған. Бас пен мойын, құлақ, бәрі ұқыпты. Денем – тік. «Көзің үлкен-ақ болыпты, бірақ әдемі шықпапты», — деді әжем. Бірақ суретім өзіме қатты ұнады. Сондықтан суреттің бірін өзіме беруін сұрадым. Жұрттың бәріне көрсетпекпін. Жүзі күлімдеген, өзі томпақтау келген көршіміздің қызы Нәргеске көрсетемін деп ойладым. Әжем менің көңілімді қалдырмады. «Тағы екі фото басып шығарыңыз», – деді. Естелік болу үшін біреуін маған, екіншісін өзіне қалдырды.
Келесі күні мектепке тиесілі фотоны ұстазға апарып бердім. Ал Нәргеске бергім келген фотоның артына: «Мен, Мәжит мырза. Әрқашан фотоға қарап мені есіңе алуың үшін осы бір қарапайым фотомды ұсынамын», деп жаздым. Сөйттім де астына өзім жазған мына өлеңді қосып қойдым:
Естелікке берейін, суретімді өзімнің.
Мәңгі сақтап жүргейсің, қарашықтай көзіңнің.
Қараған сәтте суретке, көңіліме енерсің,
Бейшара менің жүрегім, нұр шаттыққа бөленсін.
Күн батарда Нәргестің дүкенге шығып бара жатқанын байқап, жолын тостым. Жолығып, суретті ұсыну үшін көшенің шетінде тұрмын. Көп ұзамай сұлбасы көрінді. Бірақ қасына барып, суретті өз қолыммен беруге батылым бармады. Суретті өзі тауып алсын деп тура келе жатқан жолдағы көшенің ортасына әдемілеп қоя салдым. Нәргес алыстан келе жатты. Қолында нан мен айран. Арасында ұрланып айраннан ұрттап қояды. Жан-жағына қарап, тостағанға аппақ төрт саусағын малады. Сосын оны аузына салып жалайды. Жалап болған соң айранға қайтадан төрт саусағын малады. Мен көшенің бұрышында Нәргестің суретті алғанын күтіп, аңдып отырмын. Нәргес әлі келе жатыр. Суретке жақындап қалды. Жақындаған сайын жүрегім қаттырақ соға бастады. Бірақ жолым болмады. Нәргестің бар назары саусағын жалауға ауғандықтан суретті көрмей өтіп кетті. Көрмегені былай тұрсын, кішкентай сүйкімді аяғымен суретті басып өтті. Аяғымен жүрегімді таптап кеткендей сезімде болдым.
Кенет тасадан атып шығып: «Нәргес, не істедің сен?!» – деп айғайладым. Ол шошып кетіп, қолындағы айран құйған кесесін құлатып алды. Кесенің күл-паршасы шықты. Айран менің сүйкімді суретімнің үстіне және оның аяқ киіміне төгілді. Қолындағы наны да құлады. Іс насырға шапты. Алдына барып еңкейіп, нанды алдым да сүйіп қолына бердім. Суретті айран мен кесенің сынған бөліктерінің арасынан тауып алдым. Суретті жалап, айраннан тазарттым. Нәргес маған біртүрлі қарады. Әлі де абдырап тұр, абыржуы басылар емес. Аяққа тапталған, үстіне айран төгілген суретті шалбарыма сүртіп жіберіп көрсеттім. «Мынау менің суретім. Қарашы, қандай әдемі шыққан. Аяғыңмен басып кеттің, әділетсіз. Сосын періштелер қарғап, қолыңдағы айран құйған кесең құлап қалды. Суреттің үстіне айран төгілді. Мен соны тазартып жатырмын. Мына сурет саған», — деп артына бірдеңе жазғанымды, сол өлеңді өзім шығарғанымды айттым.
Сурет туралы қанша айтсам да Наргес оған қарамай қойды. Бар ойы сынған кесе мен төгілген айранда ғана. Кенет жылап жіберіп, ары қарай кете берді. Ал мен суретімді ұстап жалғыз қалдым.
Қараңғы түсті. Көшеде ешкім жоқ. Сынған ыдысқа, төгілген айранға бір қарадым да үйге келдім. Жолшыбай сурет пен артындағы жазуға қайта-қайта қарап қоямын. Бірақ қараңғыда суреттегі өлең де, келбетім де көрінбеді. Нәргес апасына ештеңе айтпады деп ойладым. Бірақ есіктен аттай бергенімде үйге Нәргестің апасы келді. Айқайлап ұрсып кетті. Әжем де бар ашуын төкті. Содан соң суретті тартып алып, жыртып-жыртып хауызға шашып жіберді.
Жыртылған сурет хауыздың суына түсіп, жайылып тарап кетті. Үлкен көз, пісте мұрын, гүл қауызындай ерін, станокпен алынған шаш, жүректен шыққан өлең, бәрі-бәрі сумен жайылып баяу жүзіп барады. Хауыз түбінен балықтар көрініп, суреттің жыртылған бөліктерін түртумен болды. Хауыздың жағасындағы ағашқа ілінген бос тордың көлеңкесі ғана суға түсіп тұр.
Аударған Меруерт Қадырханова




