БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ ЕРТЕҢІ
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық білім кітапта,
Ерінбей оқып көруге.
Хәкім Абай.
Әсілі кітапты оқушысыз көзге елестету қиын. Кітап – білімнің қоры. Халқымыздың тарихы мен ата-бабамыз аманат етіп қалдырған әдеби-мәдени, рухани асыл мұрамыздың сарқылмас алтын қоймасы. Сан ғасырлық салт-сана, әдет-ғұрып, өсиет-өнеге, тәлім-тәрбие мен дәстүр жалғастығы кітап арқылы сақталып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасуда.
Балалар әдебиеті мен балаларға кітап оқыту талқылаудан түспейтін, қайта-қайта көтеріле беретін мәселе. Баланы кішкентайынан кітап оқуға үйрету, сөйтіп дағдыландыру деңгейі қандай бізде? Баласына кітап оқып, ертегі айтып беруді жүйелі түрде атқарып жүрген ата-аналар бар ма? Бәлкім бар шығар, бірақ, өкінішке қарай, аса көп емес. Әлде ендігі балаларды шеше емес, көше тәрбиелей ме?
Осы орайда өзіміздің балалық шағымыздың жақсы жақтарын еске алып, шуақты естелік айта кетсек артық болмас деп ойлаймын. Кішкентай күнімізде, шамамен екінші-үшінші сыныптан бастап әке-шешеміз бізге қазақ ертегілерін, батырлар жырын оқытып, өздері де тыңдап отыратын. Сол үрдіс, сол дағды бізді кітап оқуға ынталандырды.
Жапонияда кітапқа сүйіспеншілік баланың бойына бала бақшадан бастап сіңіріледі. Бастауыш мектепте оқушылардың кітапқұмарлығын арттыратын алуан түрлі шаралар өткізіліп тұрады. Жапонның әр баласы аптасына кем дегенде бір рет мектеп кітапханасына барып, кітап оқуға міндетті. Аптасына бірнеше мәрте өтетін сыныптағы он минуттық кітап оқу шарасына оқушылар түгел қатысады. Ана тілі бәрінен маңызды! Жапон тілі – барлық пәннің алдында тұрған ең маңызды сабақ! Жапония мемлекеттік тіл пәнінің маңыздылығына баса мән береді.
Көпшілікке топырақ шашудан аулақпын, дегенмен қазіргі ата-аналардың өздері кітап бетін аша ма екен? Үйлеріне газет-журнал жаздырып ала ма? Әй, қайдам. Бүгінгі балалардың смартфонға, уацапқа, инстаграмға, фейсбукке көбірек қарап, уақытын соған арнауының бір ұшығы осында жатқан сияқты.
Әрине, баланың смартфонды меңгергені, білгені, қарағаны дұрыс. Бірақ оның ҚҰЛЫ болмау керек! Ата-аналар нақ осыны қадағалай бермейді!
Елдің бәрі әлеуметтік желіге үңілген қазіргі кезде балалар кітап оқи ма? Оқиды немесе оқымайды деп кесіп айту қиын, ондай біржақты тұжырым жасау шындыққа қиянат болар еді. Кітап оқитын балалар бар. Олар бастауыш сыныптан-ақ ертегі, әңгіме жинақтарын оқуға дағдыланған оқушылар. Өкінішке қарай, қаршадайынан кітапты серік етіп, уақытын бөлетін, көркемдік пен шындықтың көл-көсір дариясынан емін-еркін сусындайтын балалар онша көп емес-ау, сірә.
Психолог мамандардың айтуынша, қырықпышақ төбелес, атыс-шабысқа толы бағдарламаларды тұрақты көру, смартфонға жиі үңілу балалардың мінез-құлқына, миына, психикасына салмақ түсіріп, денсаулығына кері әсер етеді екен. Тіпті кей жағдайда маман дәрігердің көмегіне жүгінуге тура келетінге ұқсайды. Ондай жағымсыз дүниелер баланы қатыгездікке бейімдеп, мейірім-қайырымнан алыстауға итермелейді.
Сол үшін де балалар жазушысына артылар салмақ зіл батпан. Жақсы шығармалар қай кезде де, қай заманда да оқылады. Балалар уақыт талабына сай техника мен технологияны меңгеруге, білуге, үйренуге тиіс. Дей тұрғанмен, меніңше, жақсы кітапты ешқандай техника алмастыра алмайды! Балалар, әсіресе, бастауыш сыныптарда және ортаңғы буында әңгіме, ертегілерді өте қызығып оқиды. Бұл олардың жас ерекшелігіне де байланысты. Қайткен күнде де кітаптың орны бөлек. Кітап баланы орнықтылыққа, шыдамдылыққа, еңбексүйгіштікке тәрбиелейді.
Зерттеушілер балалар әдебиетінің маңыздылығы төмендеп кетуінің себебі баспалар мен таралымда ғана жатқан жоқ дейді. Мәселе кітаптың сапасына, мазмұнына да қатысты. Бүгінгі балалардың ой-өрісіне сай, еліктіріп әкететін, оларға рухани азық болатын, ұрпақ тәрбиелейтін қуатты құрал деуге лайықты дүниелер өте аз. Есесіне шет елдерден ағылып келіп жатқан сырты жылтыр тренингтік, психологиялық дүниелер кітап дүкендерінде сіресіп тұр.
– «Меломан» сияқты кітаптарды, авторларды насихаттайтын, бағыты қазақиланған үлкен дүкендер желісі іске қосылып жұмыс істесе деп ойлаймын. Маркетинг жолға қойылып, бүгін шыққан кітап ертесіне дүкендер желісіне түсетіндей жағдай жасалса жастар әлгі шығармаларды іздеп барар еді. Балалар кітап оқиды, оларды тиісінше қызықтыра алмай жүрген өзіміз кінәліміз. Бұл күндері әлеуметтік желіні қолданушылар саны күрт көбейіп келеді, сондықтан кітаптарды, авторларды насихаттайтын маркетинг жүйесін жақсартып, білікті менеджерлер даярлау керек. Қаламгерлердің өздері де интеллектуалды өнімдерін сатып, өткізудің заманауи тәсілдерін меңгергені жөн. Қазір кітаптың түр-түрі шығып жатыр, кітап шығару оңай болып кетті. Бала күнімізде кітапты тумысынан ерекше жаралған, ғаламат талантты адамдар ғана жазады деп ойлайтынбыз, бүгінде екінің бірі кітап шығара беретін болды, олардың арасында талантты авторлар да бар, соларды әлгіндей дүкендер желісі арқылы өздерінің интеллектуалды тауарын өткізуге бейімдеу, ынталандыру жолдарын іздестірген дұрыс-ау, сірә. Әлемдік тәжірибені зерттеп, пәленбай тиражбен өтіпті деген кітаптың авторы нені пайдаланып, нені қолданғанын анықтауға тырысу керек. Жалпы біз интеллектуалды білімімізді сата алмаймыз, ұяламыз. Кітапты туысыңа, көршіңе, құрбыңа сату керек, «Меломанды» тілге тиек ететінім де сондықтан. Олардың насихаты күшті, кітаптары көп яғни өнімі сан алуан. Ол жерден қазақша дүниелерді көп табатын болдық, – дейді Алматыдағы ҚР Ұлттық Академиялық кітапхананың бас директоры Ғазиза Құдайбергенова.
***
Баланың кітапқа үйірсектігі отбасынан, ата-ана тәрбиесінен бастау алады. Жастайынан кітап оқып дағдыланған бала ертең интеллектуал маман болып шығады. Дерек көздеріне сүйенсек, бастауыш сыныптан кітап оқып үйренген бала ер жеткенде үлкенді сыйлайтын, мәдениетті, отаншыл, патриот азамат болатын көрінеді. Олар шылым шегу, есірткі тұтыну, арақ-шарап ішу сияқты келеңсіздіктерге жуымайды екен.
Кітап дүкеніне барсаңыз, көрші Ресей елінің Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларындағы баспалар шығарған, дизайны тастай, түрлі-түсті бояулармен безендірілген балаларға арналған кітаптарды көріп, үлкендердің өздері қызығады. Бізде де жақсы кітаптар бар, бірақ өте аз. Мәдениет және ақпарат министрлігінің құзыры аясында мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардың тиражы небәрі екі мың дана болуы себепті олар тек Астана, Алматы қалалары мен облыстардағы кітапханаларға ғана тегін таратылады. Яғни сатылымға, кітап дүкендеріне түспейді.
Кейінгі кездері «балалар әдебиеті құлдырап барады, шығып жатқан кітаптардағы өлең, мысал-әңгімелердің дені «еденді жу», «сабақты жақсы оқы», «тәртіпті бол», «көк шөпті жұлма», «жалқау болма» сынды құрғақ үгіт-насихат түрінен аспай жатыр деген сын пікірлер әр жерде жарық көріп қалады…
Айтты-айтпады, балалар тақырыбына қалам тартып жүрген қаламгерлердің бала жанын мөлдірлікке, адамгершілікке, ізгілікке, отаншылдыққа тәрбиелейтін, ұлт рухын көтеретін жақсы шығармалар жаза алмай жүргені жасырын емес. Танымал балалар ақыны Ескен Елубаевтың: «балаларға арналған шығармалар балалардың өздері сияқты сүйкімді, таңғы шықтай мөлдір, күміс қоңыраудай сыңғырлаған, есілген жібектей жұмсақ, балауса жасыл құрақтай, жемістің шырынындай, сүттің уызындай болуы керек» деген талабы әрқашан өміршең болып қала берері сөзсіз.
Балалар әдебиеті – қиын жанр. Үлкендерге арнап жазу бір басқа, ал мұнда сіз дүниеге баланың көзқарасымен қарауыңыз қажет. Бала болып ойлап, бала тілінде сөйлеуіңіз керек. Сол үшін де балаларға арнап жазатын қаламгерлер саусақпен санарлық.
Шынайы жазылған жақсы шығарма уақытқа, заман ағымына бағынбайды. Ықыласпен оқылады.
Экономикалық бәсеке мен рухани бәсеке қатар жүруі керек. Халқымыз материалдық тұрғыдан ғана емес, рухани жағынан да байығаны жөн. Әр халық өзінің рухани яғни интелектуалдық деңгейі жоғары болуы үшін күресуге тиіс. Рухани баю дегеніміз – имандылық, Жаратушы Алланы тану, адамгершілік, ізгілік, мейірім, қайырым, отан сүйгіштік яғни патриотизм. Балалардың ойы мен бойы жарыса өсуі қажет. Ата-ана балаларын киіндіруге, тамағы тоқ болуын қамтамасыз етуге міндетті. Ал оның ойлау жүйесін дамытуға мемлекет атсалысқаны жөн. Әрине, ата-аналармен бірлесіп…
***
Бір таңқаларлық жағдай, бізде балаларға арналған кітаптар жас ерекшелігін сақтамайды. Бұрын балаларға қатысты көркем әдебиетті сол үшін арнайы ашылған «Жалын», кейінірек «Балауса» баспасы шығарып тұрды. Ол кезде бұл баспаларда белгілі ақын-жазушылар Қастек Баянбай, Ермек Өтетілеуов, Ескен Елубаев, Қаржаубай Омарұлы, Шәкен Күмісбайұлы, Байбота Серікбаев сияқты балаларға арналған шығармалардың қыр-сырын жақсы білетін маман редакторлар қызмет ететін. Өздері өлең, әңгіме, ертегі, хикаят жазып танымал болған олар баспадан шикілі-пысылы өнімдер шығып кетпеуіне күш салатын. Әр қаламгердің кез келген шығармасы жанашыр қолдан өткеннен кейін ғана кітап болып басылатын. Шығармашылық кеңестер осы бағытта жұмыс істейтін. Балаларға арналған кітаптар мен кітапшаларды безендіретін суретшілердің де шығармашылық кеңесі болатын. Осындай жұдырықтай жұмылған ұйымдастыру жұмыстары көбінесе өз жемісін беріп жатты. Балалардың жас ерекшеліктері, ойлау-қабылдау қабілеттері қатаң ескеріліп, кітаптар жүйелі түрде, серия-серия бойынша, мектеп жасына дейінгі балаларға, бастауыш сынып оқушыларына, орта сынып, жоғары сынып оқушыларына арнап шығарылуы керек.
Балалар әдебиетінің өзіне тән ерекшеліктерін ескермесе болмайды. Өйткені, ол жас ерекшеліктеріне орай сәбилер әдебиеті, бүлдіршіндер әдебиеті, орта буын-жасөспірімдер әдебиеті деп бөлінеді. Мәселен, әлі тілі шықпаған сәбилердің әдебиеті олардың жан-жануармен, табиғат көріністерімен таныстырудан басталса, бүлдіршіндер әдебиетінде олардың қабылдауына лайықталған қызықты, шағын сюжеттер көркем көрініс табады. Әр жастағы балалардың қабылдауына байланысты өлең-әңгімелердің сөздері қанша буыннан, сөйлемі қанша сөзден құралуы тиіс, осының бәрі ескерілуі керек. Осы қарапайым қағиданы білмейтін автордың жазғандары жас оқырманға түсініксіз болады.
Тағы бір түйткілді дүние, мемлекеттік тапсырыспен шығатын балаларға арналған кітаптарға төленетін қаламақы жоғары болуы керек. Жоғарыда айттық, небәрі 1-2 мың таралыммен шығарылатын кітаптар облыстық, аудандық, қалалық кітапханаларға ғана таратылады, кітап дүкендеріне түспейді. Ал балалардың бәрі кітапханаға бара бермейді ғой. Мәдениет және ақпарат министрлігі тираж мөлшерін көбейтіп, кемінде 50 пайызын сатуға шығарғаны жөн. Бұл мәселені баспалардың өздері де шеше алады. 2-3 мың дана артық шығарып, кітап дүкендеріне сатуға қойсын. Жақсы кітап қай кезде де сатылады және баспаға қаржылай табыс әкелер еді.
«Қазаншының еркі бар…» дейді қазақ. Бұл тәмсіл барлық жерде бірдей жүре бермейді. 2015 жылы Алматыдағы «Эксклюзив КА» баспасы жас жеткіншектерге арналған «Бәсіре» атты 2 томдық кітап шығарды. Осы жинақта біраз жаңсақтық кеткен болып шықты. Менің «Тәкаппар піл» атты ертегім Сейітқұл Оспановтың атына, жазушы Гүлзат Шойбекованың 6 әңгімесі Марат Құлдибайұлының атына жазылған. Баспа басшыларына телефон шалып, қателіктерін айтқанша ештеңе білмегендей тым-тырыс жатып алды. Қайыра-қайыра хабарласқан соң ғана «техникалық жағдайға байланысты қателесіппіз» деген мағынада «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» апталығы арқылы шағын хабар беріп, «жуып-шайды».
«Алтын жұлдыз» сыйлығының иегері, жас зиялыларға арналған «Мөлдір бұлақ» танымдық журналының 2024 жылғы № 4 санында менің «Бір үзім нан» деп аталатын мөлтек әңгімем жарияланды. Өз шығармам, әрине, көзіме оттай басылды. Бірақ авторы Алматы облысы, Талғар ауданы, Қызыл-Қайрат ауылындағы №19 көпсалалы мектеп-гимназиясының 8 «ә» сынып оқушысы Серік Дания, жетекшісі Аққоян Ержан деп көрсетіліпті. Дереу журналдың бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлына хабарластым. Ол ақталып жатыр. Ақыры, «Мөлдір бұлақтың» № 5 санына оқушы Серік Дания: «…Шынын айтқанда, әңгіменің авторына мән бермеп едім. Интернеттен көшіріп алу – жауапсыздық әрі ұрлық екенін түсінбеппін. Енді міне, ата-анамды, ұстазым Аққоян Ержан ағайды, «Мөлдір бұлақ» журналын ыңғайсыз жағдайға қалдырып отырмын. Білместік істеп, авторлық құқық бойынша заң бұзушылық жасап, «Бір үзім нанды» ұрлағаным үшін жазушы Толымбек Әбдірайым ағадан кешірім сұраймын. Бұдан былай ондай ұрлық жасамаймын», – деп жауап жазды.
Заң бойынша, ақын-жазушылардың жазбаша түрдегі келісім-шартынсыз шығармаларын басуға еш баспаның құқығы жоқ. Ал өзге адамның қаламгер шығармасына жиендік жасауы – ұрлық! Мұны кітапты құрастырған жауапты редактор және баспагерлер білуі керек.
Дегенмен аузымызды құрғақ шөппен сүрте бермейік. Кейінгі жылдары «Фолиант», «Аруна», «Алматы кітап», «Көкжиек», «Шикули и К», «Балауса», «Балалар әдебиеті», «Мазмұндама», «Қасым» баспаларынан бала талғамына жауап беретін кітаптар аз болса да шығып жатыр. 2015 жылдан бастап еліміздегі жетекші «Атамұра» баспасы «Атамұра мектеп кітапханасы» сериясымен хәкім Абай, Ыбырай Алтынсарин, Мұзафар Әлімбаев, Тұрдақын Жексембай, Төлеген Айбергенов, Оразақын Асқар, Ескен Елубаев, Сұлтан Қалиұлы, Кәдірбек Сегізбайұлы, Бауыржан Жақып, Нұрлан Қалқа, Серік Қалиев, Серікбол Хасан, т.б. танымал балалар қаламгерлерінің кітаптарын шығарды. Бұл үрдіс әлі де жалғасын табады деп ойлаймыз.
Қай елдің баласы болмасын, баланың аты – бала. Қазақ баласы да аң-құстары көп ну орманға барып, қиялға ерік беретін қызықты оқиғаға құрылған жақсы шығарма оқығанды жек көрмейді. Біз – ересектер, балаларға бала деп қараймыз. Ал олардың қиялы үлкендерден гөрі әлдеқайда ұшқыр. Бала қиял ересектердің фантазиясы жетпейтін деңгейге дейін көтеріледі. Корней Чуковский өзінің «От двух до пяти» деген әйгілі кітабында кішкене балалардың сәбилік пен данышпандықтың арасында өмір сүретінін айтады. Осы екі-үш жастың арасында балалар теңдесі жоқ тілші-лингвистерше ойлана алады екен. Таң қаласыз…
Атақты балалар жазушысы Эдуард Успенскийдің: «Балалар кітабынан жігер сезіліп тұруы керек. Менің кітәбімда «өмір витамині» бар. Балалар неліктен Чебурашканы жақсы көреді? Өйткені бала өзін оның жанында күшті сезінеді, оны қорғауы керек…» – деген сөзін өз басым жазу барысында есімнен бір сәт шығармаймын.
***
Балалар әдебиетінің тағдыры – ел болашағының тағдыры!
2007-2017 жылдар арасында «ZHERSU» корпорациясы мен Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастырған дәстүрлі «Дарабоз» атты балаларға арналған туындылар бәйгесі өткізіліп тұрды. Жүлде алған шығармалар «Кәусар бұлақ» деген атпен қазақ және орыс тілдерінде жарық көретін. Ол кітапты өз басым асыға күтетінмін. «Дарабоз» бәйгесі қаншама жазушының бағын ашты, балалар әдебиетіне жаңа есімдер келді. Ақыры тоқтап қалды. Өкінішті!
Балалар мен жасөспірімдерге арналған әдеби дәстүрлі бәйгелер ауадай қажет. Бұл конкурстар арқылы балалар әдебиетіне жаңа есімдер келеді. «Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, жас таланттар танылады. Балалар әдебиетінің бағы жанады. Гүлдейді. Көркейеді. Қанатын кеңге жаяды!
Балаларға арналған жалғыз әдеби журнал – «Балдырған», жасөспірімдерге арналған «Ұлан» газеті мен «Ақ желкен» журналы өз деңгейінде шығып жатыр. Оларға заманауи менеджерлік жетіспейді. Тиражды көбейту үшін баспасөзге жазылу науқаны кезінде үгіт-насихат жұмыстарымен айналысып, көп жұмыс істеу керек.
Кешегі күнге дейін балаларға арналған кітаптар мен газет-журналдарға көзқарас жақсы еді. Өйткені, бірінсіз бірінің күні жоқ. Бір кездері Мұзафар Әлімбаев, Тұманбай Молдағалиев басқарған «Балдырған», Фариза Оңғарсынова жетекшілік еткен «Ақ желкен» журналдары мен Кемел Тоқаев бас редактор болған «Ұлан» газеті айырықша мемлекеттік қамқорлыққа зәру. Осы үш басылым мен «Дружные ребята» газетін «Егемен Қазақстан» газетіне не үшін қосқанын өз басым әлі түсіне алмай келемін. Әрине, уақытша экономикалық дағдарыстан құтылудың амалы екені белгілі. Бірақ соғыс (1941 – 1945) кезінде де бөлек шыққан газет-журналдарды аға саяси газетке қосқаннан кім не ұтты? Біздің ойымызша, марқұм Алтынбек Сәрсенбаевтың тұсындағы бастама дұрыс еді. Балалар басылымы «Жас өркен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне топтастырылған болатын. Осы «Жас өркенді» қайтадан жандандыру қажет. Және оның жанына баяғы «Балауса» баспасын қосқан жөн. Сонда нағыз мемлекеттік балалар әдебиеті мен болашақ балалар ақын-жазушыларына деген көзқарас түзелер еді.
Енді бұдан да сорақысына келейік. Мемлекеттің қолдауындағы балалар газет-журналдары мектеп оқушыларына арналған. Біздің соңғы білген дерегіміз: осы басылымдарға («Балдырған», «Ұлан», «Ақ желкен», «Дружные ребята») Қазақстан мектептері кітапханасының 15 – 17 пайызы ғана жазылады екен. Мектеп кітапханасы оларды бір-бір данадан ғана жазып алады. Тіпті кейбір мектеп кітапханалары қаржы бөлінбеген дегенді желеу етіп мүлде жазылмайтын болып шықты.
Бұл енді масқара ғой!..
Оқу-ағарту министрлігіндегі жауапты департамент-басқармалар балаларға арналған осы газет-журналдардың таралуына ықпал еткені дұрыс болар еді. Идеология үшін жауап беретін тұлғалар осы мәселеге тереңірек үңіліп, жақсылап ойланса деп тілейміз. Газет-журнал оқымаған бала кітап та оқымайды. Ал газет-журналсыз балалар әдебиетінің болашағы бұлыңғыр. Осы жанрдың қаламгерлері үшін аталған төрт басылым – шеберлік алаңы. Бүгінгі өндіріс тілінде айтсақ, (балалар газет-журналы мен балалар әдебиеті) өз алдына КЛАСТЕР!
Әрине, бұл басылымдардың жаңа заманға сай интернет нұсқасы да, Тик-токтағы парақшасы да болғаны жөн. Осы кластердің әдістемелік жағына оқу-ағарту министрлігі мен Ы.Алтынсарин академиясы жауапты болары түсінікті. Сонда бүгін-ертең «балаларымызға не үйретіп жүрміз, қалай тәрбиелеп жүрміз?» деп алаңдамас едік. Лайықты қаржы бөлінсе, саланы тиісінше жүйелесе бәрі реттелер еді, әйтпесе «судың да сұрауы болады».
***
Жуықта Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасы жанындағы Балалар әдебиеті кеңесіне төраға болып талантты жас ғалым, балалар жазушысы Елдос Тоқтарбай сайланды. Ал осыдан сегіз ай бұрын «Балалар жазушыларының қауымдастығы» құрылып, басқарма құрамы және ақылдастар алқасы сайланған болатын. Онда: балалар әдебиеті туындыларын заманауи форматта жан-жақты дәріптеу; балаларға арналған шығармаларды жасына және жанрына қарай дыбыстап, аудио, видео нұсқаларын даярлау; балалар әдебиеті өкілдері арасында әдеби байқау, семинар, конференция, BookTalks, BalaFest, BookFair ұйымдастыру; балалар әдебиетінің даму барысын, жай-күйін саралауға арнап тоқсанына бір рет БАҚ беттерінде әдеби пікірталас, мақалалар ұйымдастыру; жылына бір рет балалар әдебиеті тақырыбына арналған әдеби-хронологиялық карта даярлау, ағымдағы жылы жарық көрген жаңа кітаптарды талдау, рецензия жазу сынды 10 тараудан тұратын қауымдастық қызметін жүргізу бағдарламасы бойынша жұмыс басталып кетті.
«Жас келсе іске» дейді, «Балалар жазушыларының қауымдастығы» басқарма құрамындағы жас қаламгерлер Елдос Тоқтарбай, Мейіржан Жылқыбай, Әлібек Байбол, Жаңагүл Сәметоваға табыс тілеймін.
Былтырдан бері семейлік талантты әдебиетанушы, сыншы Әбіл-Серік Әліакбар мен жас ғалым, ақын Ерік Омарғалиев «Құнанбай қажы атындағы Алаш аудармашылар одағы қоғамдық қоры» аясында біраз игі-ізгі жұмыстар атқарып келеді. «ТАТО» деп аталатын балаларға арналған түрлі-түсті интернет онлайн журналының бірнеше санын шығарды. «ТАТО» журналының алғашқы санынан бастап жас оқырмандардың қызығушылығы арта түскенін көріп, қуанып жүрміз.
Мектеп оқушыларымен кездесу кешіне жиі барамын. Балалар көп нәрсені білгісі келеді, оқығысы келеді. «Балаларға арналған қазақ тіліндегі кітаптар неге аз, безендірілуі неге нашар, неге қызықты емес?» – деген сұрақты жиі қойып жатады.
Қазақ даласы – кең байтақ. Көнеден жеткен күмбір-күмбір күйлеріміз бен толғауы тоқсан жырларымызда «ұшқан құстың қанаты талады, шапқан аттың тұяғы тозады, Атырауы – айшылық, Қаратауы – күншілік» деп толғаймыз. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуі керек қой. Ал оны кітаптан, газет-журналдан білмесе қайдан біледі?
Балаларға арналған шығармалардың алтын арқауы, діттеген нысанасы осы төңіректе өрбігені ләзім.
Дана халқымыз «үлкеннің жүзіне бергенше баланың біріне бер» дейді. Ендеше тәуелсіз еліміздің болашағы – балаларға арналған мәнді-мағыналы, мазмұнды, жас оқырманның рухын көтеретін тілі шұрайлы, жақсы кітаптарымыз көп болсын, ағайын. Қазақстанның болашағы – кітап оқитын, терең білімді, шығармашыл жастарда.
Толымбек ӘБДІРАЙЫМ