ҚАТЕ ҚОЙЫЛҒАН ТЫРНАҚША
Ақымақ отырды Ары қиналып,
махаббат тілеп молдаға.
Ақылды адамның бәрі жиналып,
қол шапалақтады, «Аллаға».
Паңданды «Алла»,
бәрі таңданды,
есінен танып құлады.
Ақымақ байғұс, тағы да алданды,
өкіріп, өксіп жылады.
Осының бәрін Аспан көрген жоқ,
люстра көрген сияқты.
Ақылды тірі.
Ақмақ өлді,
құшақтап жатып… Ұят-ты.
ШЫН. ДЫҚ.
«Өзінің аспанында балықтар ұшып жүр…»
Ал, кәні, осы сөйлемді түзеңіз.
Біз ауа мұхитында балықтай жүземіз.
Құс та жүзіп жүр ауада.
«Тасбақа» дегенге шамдандық.
Таңдандық құстарға…
Өйткені, төбеңде!
Құстар да жүзеді ауада.
Бірақ, Тәңірден төменде.
Ұмыттық ұятты.
Қош. Уақытша.
Бізден ақылды сияқты, дельфин.
Нақылды судай сапырдық.
Тірі су жаратады жанар.
Судай сапырдық сөзді.
Балыққа обал.
Ғарышта жұлдыздар жүзіп жүр.
Ойланшы дельфиндей… жүзіп… былай…
Уақыт та жүзіп жүр, ойнап…
Кеңістік – ағын.
Ұшып жүр Құдай!
ТЕК
…Роботтар жайлы айтқым кеп еді,
тұла бойымның тұнығы – Тағдырым.
Көңілдің қошы болмай тұрғанын қарашы,
құлазып, тағы, жан бүгін…
Жап-жасыл балапан жапырақтар
қол соқсын, шулап,
саясаттың шашын сулап, тарашы,
сүйкімі артар, сорлының.
Тұнығым,
ертең бір ақын
қуыршаққа айналса,
кінә артпа маған. …Білемін.
Ой, сосын оның өлімі көркем тойланса,
ауырмасыншы жүрегің.
Ауырады ғой, жүрегің…
Қарашы,
мөп-мөлдір тамшылар ойға батады,
жылайды, сұлу құлайды.
Топыраққа жанын айма-ла-тады,
ұнайды… Маған, ұнайды.
Сол жерден нәзік Өмір өседі,
Топырақ оны туады.
Оны да тағдыр еңіретеді,
омырауын жаспен жуады.
Мөп-мөлдір жаспен жуады бәрін,
Жас емес, өзі – тамшы еді.
Тамшының ол да қуады жолын,
тұнығым,
Өмір, қанша еді???
СЕНІМ
«Мемлекет деген – бос елес,
бизнес» – деді, жел маған.
«Құдайдың қолы бос емес,
молдалар сені алдаған.
Жылт болса егер санаңда,
көресің өзің, көкешім.
Алданған кезде адамға,
Құдайға сеніп кетесің…»
…Сенемін ғой.
ГАЛСТУК
Түн іші. Жоқ, мүмкін таң алды,
немесе түстегі асынан,
бір адам табылмай қасынан,
бастығы, досынан, қасынан,
қиянат көргенде, сыпырып басынан,
қанша адам асылып өлді екен осыған?!
«О»
О, бүгін,
кітаптармен суретке түсті.
Кітаптар миығынан күліп тұрды.
О-ның оқымайтынын біліп тұрды.
О, өзінің нөл екенін білдіргісі келмеді,
О-ған Сенгісі келді. Сенбеді.
ӨТІРІК
Ақша – тәтті.
Рұқсат, өзіңді сатуға.
Ойыңды сатуға, сөзіңді сатуға болады, заңды.
Отанды сатуға болмайды!
Адам. Заң – қатты быламық.
Жұмсақ орындық үшін бабаң,
Құдайды ойлап тапты. Жыладық.
Қандай данышпан деші!
БАСҚА АДАМ
Айнаның ішінде отырды Ол,
Айнадан өзіне қарады.
Тарады шашын.
Ес-кірген бет – кеш кірген ақыл.
Басын ұстады. Өкінген жоқ.
Көзін бояды. Кірпігін… Қасын бояды.
Аяды өзін.
Сосын айнаға қарады.
Айнада – …
3018 жыл. ҚҰРБАН АЙТ.
Электронды қалада
қып-қызыл күн батқанда,
ақ пен қара таласып,
жоқ пен бары жарасып
жатқанда,
Өлім келді алаңға.
Келді Өлім
ал қызыл гүл ұстап,
жөткірініп сөйледі,
галустугін дұрыстап:
«Менің атым Құрбан» деді.
«Сен» деді.
Ешкім сенбеді.
СЕЛК ЕТУ
Қолым қан-қан…
Сөздің қып-қызыл қаны.
Өлтірдім қаншама сөзді.
Жек көрем өзімді. Шыным.
Міне,
түк болмағандай – Күн шықпағандай,
өзімнің өтірігіме өзім сеніп,
қолымды құстың үніне жуып отырмын,
неткен қорықынышты еді,
Құдай-ай…
Күн шығып келеді,
Жерге кіріп кетсемші, дәл қазір…
Өзімен-өзі өмірді шынайы сүйетін,
неткен сұлу, неткен көркем,
неткен кербез,
мынау бір жыбырлаған тарақан.
ЖЕЛДІҢ ҚАТЫСЫ ЖОҚ
Жел тайғанақтап жүгіріп бара жатыр…
Байлығың – біреудің жүйкесінен есілген арқан.
Қайғының өзі көңілді. Бәрі – елес.
Кешегі ашынып жүрген – сабырлы.
Өкінішіне асылып өлген ол емес.
Байсалдық еді, Жарықтық.
Арқанның да қатысы жоқ дей салдық.
Есінеу үшін күрсініп…
Қайғының өзі көңілді.
Ақылды ойлап тапқанда,
жоғалтып алдық өмірді…
Өкіне алмағанымыз – өкініш.
Өкінішімізді тойладық.
Өлімді сұп-сұлу қорлағанымыз үшін,
байсалдық жайлы ойладық.
Қатты беріліп ойға.
Күбірлеп…
Қолымыз дірілдеп…
Қолымызда есілген арқан.
Бір ұшы қайда?!
АПАТИЯ
«Ымырт тағы өлең оқып өткенге,
Көшелерден сөз жинап жүр көп пенде…
Ертең үміт сығалаған шығыстан,
Келер жылы қар жылап тұр көктемде.
Ал сен болсаң түс көресің күнімен,
Өмір сүріп ой кешесің түнімен.
Желдің мұңын түсінбеген боласың,
Ай туғанда аппақ гүлдің түбінен…»
ОСЫНДАЙ ДА БОЛЫП ТҰРАДЫ
Күн туғанда басыңа
жоламайды көлеңкелер қасыңа…
Күн туғанда басыңа
қандай ғажап Ай туғаны керіліп,
Ұмытасың сатқындығын сағаттың,
барлығынан жерініп,
отырасың жалғыз өзің егіліп,
қандай ғажап!
Жүк түскендей арқаңнан
үңілесің өміріңе болконнан,
өмір саған үңіледі,
жарықтық,
ащы өксік тығылады қолқаңа,
шер толқиды, тістенесің, шыдайсың,
көңіліңнің кемсеңіне құлайсың…
Қап-қара Түн сипағанда басыңнан,
Шыдай алмай жылайсың,
Қандай ғажап!
КЕЙ- 2
Мен үнемі күн сайын
сағат үштен 24 минут өткенде,
Адамдардың барлығынан өтініп:
неге Күннің қашқанын,
неге батқанын;
қайдан келе жатқанын;
қайда барарын;
Жаратқан туралы күмәнді ойларын;
Сосын,
өзін алдауға болмайтынын,
неге алдайтынын;
неге өтірік күлетінін,
жылайтынын өтірік;
бітпейтін дауын, жарысын;
Арын;
Ұятын;
Намысын;
Сауапты;
Обалды;
Күнәні,
неге, неге, неге?!
Сұрағым келіп тұрады?!
05.02.17.
«.»
Ең ақырғы түн сияқты. Мына түн.
Қызық емес.
Жоқ ешқандай жоспарым.
Жоқ ешқандай мақсатым. Мұратым.
Өмiр деген – жалғыз түн.
Кеш бiлдiм.
Ешкiм менi iздеп жүр.
Iздемеймiн ешкiмдi.
Жер бетiнде ешкiм жоқ.
Сол.
Себебi жоқ – себебi.
«Бiреу қайтыс болыпты…»
Күлкiм келедi.
ҮНСІЗДІК
Әлеуметтік желіден айқай салдым,
мәу демепті. Өзімнен ұялдым.
Үнсіздіктің төрінен айқай салдым,
жөнсіздікті көрдім. Өзімнен ұялдым.
Айнаның ішінен айқай салдым,
ой байламым шешіліп кетті.
Өзімнен ұялдым.
Түнгі көшеден айқай салдым,
көсегеме Сөз жасым тамып кетті,
өзімнен ұялдым.
АНА
Әлі дүниеге келмеген Сөз.
Жаралмаған Ой.
Шөлдеген сағыныштың тілі.
Үні махаббаттың. Өлімнің гүлі.
Менің жүрегіме сотталған қарыз.
Мәңгілікке сотталған.
Сенің, де…
Омырауынан тарған нұр –
ақиқатқа айналған аңыз
шексіз ақпарат керуенінде билейді.
Мейірім – шексіз қатал.
Қаталдық – шексіз жылауық.
Қып-қызыл Тамұққа күймейді.
Лайықсыз аппақ Ұшпақ.
Біздің арамыз
сондай жақын болса да – алыс,
алыс болса да сондай – жақын.
Сүттің дәмі жұлынымда шексіз ұшады,
Иісі шексіз құшады өмірімді.
Мен де – шексіз!
ҚИЯНАТ
Дала қар. Бұл да еріп жоғалар.
Күн де искер төбемді.
Осы түннен аман шықсам…
Мен енді,
жазбай кетем өлеңді.
Талай рет қойдым дедім.
Қоймадым.
Қоя алмадым… Ой – қалың.
Зұлымдықты жеңіл көрген заманда,
кімге керек менің ауыр ойларым?!
Онысыз да шаршап жүрген адам көп,
қалай мұңсыз болам деп.
Дұрыс шығар… Онысы да жөн-делік.
Отырайық өтірікпен емделіп.
Емделемін. Көрмегенім сөз болсын,
көрген жерде көлгірсіген көз қалсын.
Ештеңені жақтамаймын жарқылдап,
күле берем қарқылдап.
ДЕЖАВЮ
Алақаныма қараймын,
өткен күн қайырылып келердей…
Шыным, түсін, ұғын,
мас болдым өмірге өлердей!
Іштім, кәйіп боп, шерлендім,
Не таптым?!
Ап-ащы өмірді
қалай іше бергенмін?!
…
Іштім бәрін,
Не көрдім?!
Ойлашы.
Уақытпен ойнаған бала күндерім –
дана күндерім, қайдасың?!
Іштім,
Қайғы татыған көз жасымды іштім,
бақытымның тәтті сілекейін іштім,
жасыл қанат бітіріп көңілге.
Міне,
әбден салынып кеттім өмірге,
жалығып кеттім,
сендерден
және
ұятсыз сөздерден.
Ештеңе жоқ өзгерген!
Ішуді қойдым.
Болашағымды басымдағы үлкен без көрген.
ПАРАДОКС
Неткен ауыр дұшпаныңның сатқаны,
досың сатса бір сәрі.
Енді міне, қарға қарап… Аппағым!
Қайтем… Сені жоқтадым,
неткен ауыр.
Қарғаны да көрмегелі көп болды,
қарқ-қарқ еткен, қарғам-ай…
Ал сен, енді…
Қайтіп жүрсің, тып-тыныш,
тірі жанды алдамай?!
Маңдайынан сипайын,
досым емес, саған сенген сенімнің.
Тастап кеттің ортасына өмірдің,
сонша саған не қылдым?!
Қалдым жалғыз, жеңілдім…
СОЛ СӘТТЕ
Қара жол – қап-қара өзен.
Кәдімгі өмір секілді ағады,
сарқырап,
көз алдымда ағады Өмір.
Жағалаудағы Ыстанбұл жарқырап,
бірге ағып барады.
Шындығында,
Ыстанбұл — адасқан қайық.
Қайықтың астында уақыт ағып барады,
ол да, көз алдымда ғайып.
Жан да – ғайып.
Ендеше,
тағдыр – күн жеген ескі ескек,
қуарған ескек бір күні сынар,
сол сәтте,
жаңбыр байқұс өксіп-өксіп жылар,
сол сәтте,
Аспан төңкеріліп көр үстіне гүрс етіп құлар.
Мен, сол сәтте,
қобыздың мұңын ішіп отырамын,
ішіп отырамын күліп.
Өлім ағып жатады күліп.
Күлкісі – мұңлы жаңғырық.
Сол сәтте,
айқай салады мәңгілік.
Мәңгілік айқай салады.
Сол сәтте, Құдай оянады…
Құдай оянды! Дәл қазір!
Дәл қазір – сол сәт…
Ыстанбұл-Эдирне
13.11.2009 жыл
Комментарий (1)
Қарагөзговорит
01.07.2020в13:39Бауыржан Қарағызұлының өлеңдері- ешкімге ұқсамайды!
Оқисың да тамсанасың!
Сосын, күлесің, жылайсың, тағы да күлесің..