Қазақ-орыс-неміс соғысы мен достығы туралы роман-толғау
Соғыс тарихы бізді бейбітшілікке,
дұшпандық тарихы – достыққа үйретуге тиіс.
Ақ патшаның боданы.
Менің атым Асанбай, Бектеміров, Аманжолдың ұлымын. Тура бір мың тоғыз жүзінші жылы байтақ даланың Кеңащы өлкесінде дүниеге келіппін.
Мені «ғасыр құрдасы» дейді. Көп адам бұған әлдебір киелі мән беріп, үлкен құрметпен қарайды. Жасы жүзге келсе де қайыңнан жонған таяғына сүйеніп, өз аяғымен жүретін, әлі онша алжи қоймаған шалдар шынымен де аз ғой.
Бір күні немере-шөберелеріммен музейге бардық. Сирек кездесетін сан түрлі жәдігерлердің арасынан көне балбал тастар айырықша көзге түсті. Балалар ежелгі мүсіндерге қызығып, шұқшиып қарай бастады.
Кенет біреуі айғай салды:
– Ата! Ата! Қарашы! Мыналар сенен айнымайды екен!
Әуелі күліп жібергенмін, сәлден соң үңіле қарап едім, толқып кеттім. Жас сәбидің екеуімізді салыстырғанына қайран қалдым. Сан ғасыр бойы күннің астында, желдің өтінде тұрып, жусан мен селеудің иісі сіңген, уақыт тезінен шыңдалып шыққан балбал тас даламыздың даналығын, мәңгіліктің құпиясын салқын сабырмен ішіне бүгіп тұрғандай екен. Бастан кешкеннің бәрі – қан мен тердің, қаһар мен мейірімнің, дауыл мен от-жалынның іздері қатпарланып жатқан менің жалпақ бетім де оларға көне заманның куәсіндей болып көрінсе керек.
Жетпіс жасымда осындай едім, тоқсанымда да өзгермеппін. Уақыт ағыны менің жүзімде қатып қалғандай.
Енді міне, жасым жүзге келді. Жын ұрғандай жұлқынған жиырмасыншы ғасырда кереғарлыққа толы, адамды естен тандырарлықтай, ақылға сыймас мың сан оқиға болды, оның бәрін айтып жеткізу мүмкін емес.
Көптен бері бастан өткен жәйттерді, оның да ең маңыздыларын адамдарға айтып бергім келетін. Ия, ең маңыздыларын ғана, өйткені сенің көрген-баққаныңның бәрі бірдей басқаларға онша қызық бола бермейді. Бірақ ұзақ уақыт бойы үндемеуге тура келді. Біріншіден, құрыш құрсау мен темір тәртіптің кезінде көп нәрсені айтуға болмайтын, екіншіден, қолға қалам ұстау оңай емес, бұл әркімнің қолынан келе бермейтін шаруа. Бір күні шөберелерімнің бірі осының қарапайым да оңай жолын тауып берді.
– Сіз әңгімеңізді айта беріңіз, ал біз оны диктофонға жазып аламыз! – деп үгіттеді ол. – Содан кейін айтқаныңызды компьютерге түсіреміз, артық-кемін түзейміз, бір жүйеге келтіріп, флэшкіге жазамыз да бірер дана қылып бастырып шығарамыз, бітті, кітабыңыз дайын!
– Ақылды екенсің, өзіме тартқан! – деп күлдім.
Біреулер жасы ұлғайған сайын адамның ақылы тола түседі дейді. Басқалары күн өткен сайын қарттар алжи береді деп есептейді.
Меніңше, осының екеуі де дұрыс. Неге? Өйткені, адам қартайған сайын көп нәрсені ұмытады, білгенін жоғалта береді. Басқаша айтқанда, есіндегілері азайып, біртіндеп алжи бастайды. Екінші жағынан, қариялардың уақыттың өзі ұштап, екшеген өмір тарихы мен жиған тәжірибесі нағыз алмас кенішке айналатын сияқты.
Сонымен, қыстың ұзақ кештерінде жылқының былқып піскен етіне тойып алып, әңгімемді айта бастадым, оқиғаларды уақыт тізбегімен жүйелеуге тырыстым. Басында диктофонды жатырқап, қақырынып-жөткірініп, айтар ойымнан шатасып қалушы едім, кейін үйреніп кеттім. Біртіндеп сөз тасқыны еркін ағытылатын болды, менің толғауымды тыңдағанда немере-шөберелерімнің ауыздары аңқайып қалды. Төрінен көрі жуық, өздері тірі аруақ деп есептейтін аталары басқа қырынан көріне бастаса керек. Бірақ, олар мені бұрынғыдан да құрметтей түскен тәрізді.
– Ата! Қалай аман қалдыңыз?! Соның бәрінен жынданып кетпей, ақыл-есіңіз бүтін, сап-сау қалпыңызда қалай жүзге келдіңіз?! – деп таңдана сұрайды аяулы ұрпақтарым.
– Соған өзім де таң қаламын. Жаратқан Иеміз сендердің өмірге келулеріңді қалаған шығар. Сондықтан да мені шыңдап-шынықтырып, кәпірлердің от пен суынан аман алып өткен болар.
Кейде олар менің не айтқанымды түсінбей қалған кездері де болды. Біздің аласапыран тарихымыз оларға бейтаныс әрі жұмбақ екен! Бір қарағанда, небәрі ондаған жылдар ғана өтті, бәрі түсінікті, бәрі ап-анық сияқты. Жоқ, олай емес, жас ұрпақ үшін оның бәрі баяғыда ұмытылып кеткен, тіпті, мүлдем бейтаныс жәйттер болып шықты. Олар кейде сұрақ қойып, сөзімді бөлетін, бірақ мен оған ренжіген жоқпын. Тіпті, өзім бастан кешкен оқиғалар мен заманның ағымына ықылас қойғандарына риза болдым. Сондықтан, әңгіменің барысында тарихқа қысқаша шолу жасап, кейбір жәйттерге өзімнің көзқарасымды білдіріп отыруға тура келді.
Көктем шыққанша созылған ұзақ-сонар хикаямды аяқтаған соң, немере-шөберелерім бәрін компьютерге теріп шықты. Қырнап-түзеп, бейнелі сөздермен суреттеп, көркемдемек болған, алайда, өйтуге үзілді-кесілді тыйым салдым.
– Аталарыңның өз аузымен айтқан әңгімесі боялған-сырланған өтіріктен әлдеқайда артық! – дедім оларға. – Шындық қандай кейіпте де әдемі! Оны сол күйінде қабылдап үйреніңдер! Ұнатпаған адам оқымай-ақ қойсын. Өкпелемеспін. Даланың жүзге келген шалының өмір тарихына біреу-міреу көңіл аударып, ұрпақтарымның есінде қалса, сол да жетеді маған!
Балалар қуанып кетті, айтқан әңгімемді сол күйі басып шығарды, аздап кем-кетігін түзеген шығар, бұл үшін ризашылықтан басқа айтарым жоқ.
Біз қиындығы мен қызығы қатар жүрген күрделі заманда ғұмыр кештік. Жиырмасыншы ғасыр басталды, көк темірден соғылған дөңгелегі дүрсілдеп, жақсы-жаманына қарамастан өткеннің бәрін жаншып-таптап өркениет келіп жетті, айырпландар аспанды кезіп, әйдік кемелер мұхит төсін шарлап жүзді. Ал біз, табиғаттың төл баласы, ақ пейілді көшпенді халық соның бірін де білместен байырғы бабаларымыздың салтымен күн кешіп жаттық.
Бізге ауылдың еркіндігі ұнайтын. Өзімізді азат адам сезініп, соны мақтан тұтатынбыз.
– Қазақта азаттық жоқ! – деп күңірене жырлайтын ақындар. – Біз боданбыз! Ақ патшаның боданымыз!
Дала қарттары оларды қыбыр етпестен тыңдап, таңдайларын қағып, сақалдарын саумалайтын. Кейбіреулері көзінің жасын сығып тастайды.
– Кенесары хан мен Наурызбай батырдан кейін көкбөрінің аруағы бізден көшіп кетті ғой! – деп күйіне бастарын шайқайды ақсақалдар.
Біз бодан деген сөзді түсінбейтінбіз. Әр түрлі мәнермен айтып көріп, соның өзін қызықтаушы едік. Жап-жас баламыз, ондай сөздің мән-мағынасын қайдан ұғайық!
Кейін есейе бастағанда қайран қалдым: Біз неге боданбыз? Кім бізді бодан қылған? Бір халық қалайша екінші халықтың боданы болады? Келе-келе бодандықтың сұмдық сырын, саяси мағынасын ұғып шошып кеттім: бөтен ел патшасының боданы болу өз мемлекетіңнің жоқтығын, оларға тәуелді екеніңді білдіреді екен! Кең далада өзімізді еркін сезінетініміз шартты бостандық болып шықты. Ұшы-қиырсыз даламыздың өзі іс жүзінде орыс империясының отары екен!
Сол түсінік қақ жүректен қадалған жау снарядының жарықшағындай жанымды жаралап, жүз жыл бой азаптаумен болды.
Бірақ, өмір жолымыздың басында біз мұны түсінбедік, сондықтан да өзімізше бақытты болдық.
Ауылдағы дәурен
Біз ежелгі қазақ руы керейден тараймыз, оның ішінде ашамайлы, ақсары, ақымбетпіз. Ақсары-керейден әулие, емші, мұсылман діни қайраткері, Кенесары хан мен Наурызбай батыр бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың рухани демеушісі Марал ишан шыққан. Мәңгілік мекені Сырдарияның бойынан бұйырған Марал ишанның Қармақшыдағы мазарына тәу етушілер күні бүгінге дейін ағылып келіп жатады. Әулиеден медет сұрауға дүниенің төрт бұрышынан келеді, басына түнеп, Жаратқанға жалбарынып, жәрдем сұрайды. Талай науқас ғажайыптың күшімен айықпас дертінен жазылып, сауығып кетеді.
Әулие атанған емші Салық молда да ақсары-керейден шыққан. Елдің айтуынша, пері қағып жынданып кеткен науқастар молданың табалдырығын аттаған бойда есін жиып алады екен. Көкшетау өлкесіне жолы түскен адам оның мазарының қасынан дұға жасамай өтпейді, әйтпесе, бір бәлеге ұшырайды. Арбада келе жатқан мас біреу мазардың қасынан өтіп бара жатып қарқылдап күліп, боқтаныпты дейді; үйіне барған соң тілі байланып, аузы қисайып кетіпті. Шешесі дереу қой сойып, әулиенің басына тәу етіп, кешірім сұрап жалынып-жалбарынғаннан кейін ғана қайтадан қалпына келген.
Қазақ даласындағы теңдесі жоқ әнші, композитор, ақын Біржан сал да біздің рудан шыққан. Біржан сал айлы аспанның астында Бүркітті қырқасына шығып шырқағанда дауысы он бес шақырым жердегі Намазғұл жотасына жетеді екен. Құдай берген дарынның құдіретін қараңыз, дауысы шырқау биікке шарықтап, естіген жан естен танардай болған сәтте аспанда ұшып бара жатқан құс та қара жерге шаншыла құлдилап, әннің иірімімен бірге қайтадан көтеріліп кетеді екен.
Біз жетеу едік: бес ұл, екі қыз. Кіші ініміз бесікте жатқанда шетінеп кетті. Жиырмасыншы ғасырдың басында елді әлдебір індет жайлап, қазақ ауылдары ойсырап қалды. Бір күнде бірнеше баласын жерлеген әулеттер де болды. Бұл індетке біз де шалдыққан екенбіз, Құдай сақтап аман қалдық. Қызылша ма, қызамық па, сондай жұқпалы аурулардың бірі болар. Ол кезде патшалық Ресейдің медицинасы даламызға әлі жете қоймаған, балалар індеттен қырылып қалатын. Негізінен, бізді аман алып қалған қанымыздың тазалығы, табиғаттың қатал сұрыптауынан өткеніміз, дүниеге келген сәттен бастап табиғи шыныққанымыз болса керек. Біз қиындықпен жағаласып өстік, еш қоспасыз таза тамақ ішетінбіз және үнемі қозғалыста болдық. Даламыздың байсалды ұлылығы бізді жасымыздан сабырлы, төзімді болуға үйретті. Осы сабыр мен төзім мені талай шытырманда аман сақтап қалды.
Біз, ауыл балалары, даламызды жақсы көретінбіз, күні бойы төңіректі шарлап, неше түрлі ойын ойнаймыз. Кейде үлкендерге еліктеп суыр мен борсық аулаймыз. Жазда жайлауға шығып, киіз үйде тұратынбыз. Көктем шыға бүкіл ауыл болып жайлауға көшеміз. Қысқы аяз бен қарлы бораннан кейін құлпырған далада асыр салған қандай қызық!
Әлі есімде, ауыл маңындағы төбенің етегінде тұсаулы көк биеміз жайылып жүретін. Кішкентай жирен құлынын енесіне арқанмен қосақтап қояды. Әкем мен шешем бие саууға бара жатады. Мен де қалмай еріп кетемін. Алты жасар бала үшін осының өзі алыс саяхатқа шыққанмен бірдей. Жаздың басы, дала құлпырып кеткен. Көбелектер қалықтап, шегірткелер секіріп жүр, инеліктер әуеде ілініп қалған… Қызық көріп қуалай жөнелемін, қанатты жәндіктер жан-жаққа бытырай шашылып ұшып кетеді. Солардың қосыла шүрілдеген үні әлі күнге құлағымнан кетпейді. Жусан мен селеудің иісі бұрқырап тұр. Дала гүлдерінің қош иісі кеудемді толтырып, қуаныштан мас болғандай күй кешемін. Енесінен босатқан құлын қасыма келеді. Мойнынан құшақтай аламын. Әкем биені ұстап тұр, анам ағаш шелекке сауып жатыр. Саумалдың иісі мұрнымды қытықтап, қанымды қыздырады. Шағын ауыл алақанға салғандай ап-анық көрінеді. Аспан тап-таза, әредік көзге түскен ақша бұлттар әлдеқайда маңып барады. Күлімдеген күн сәулесі нұрын құйып, көңіліме қуаныш ұялайды. Әкем мен анам маған еркелете қарап қалыпты. Мен сол сәтте шексіз бақытты болатынмын!
Алыста қалған балалық шағымның осы суреті, ұзақ ғұмырымның қып-қысқа үзігі кейде жадымда жарқ етіп, көз алдыма келгенде жаным жылып сала береді. Нұры тайған жанарыма жас оралады, қуаныштан ба, өкініштен бе – білмеймін. Қайта оралмас сол бір сәт кенеттен айналып келіп, көзіме елестеп кеткенде бал татыған балалық шақтың нұр сәулесі жүрегімді шарпып, өткенді аңсап, тәтті мұң бойымды билейді.
Кейде бір сырқұмар ғалымдар менен есіңде қалған ең алғашқы әсерің қандай деп сұрайды. Жүз жасаған қария ұзақ ғұмырын қай кезінен бастап есіне түсіре алатынын білгісі келетін болар? Жауабымды естігенде, айран-асыр қалады. Екі жарым жасымдағы бір оқиға есімде! Рас, кейін әке-шешем бұл туралы бәрін бастан-аяқ айтып берген. Сол уақытта мен киіз үйдің алдында ойнап жүріппін, үлкендер көрші ауылдан қонаққа келген әйгілі Күреңтай батырдың әңгімесін тыңдап отырыпты. Бір кезде біздің қара қошқарымыз келе қалыпты. Өзі ірі, күшті, сүзеген болатын, одан тіпті үлкендер де сақтанушы еді. Мен қошқарға қарай жүгіре жөнеліппін де, дәл алдына барғанда сүрініп құлап түсіппін. Қарсы алдында төрт аяқтап тұрған баланы көрген қошқар сүзіскелі тұр деп түсінсе керек. Міне, дәл осы сурет жадымда жатталып қалыпты – қара қошқар әуелі басымнан бір иіскеп алды да, сүзбек болып шегіншектей берді. Бақырып қоя бердім. Қошқар сасып қалған сияқты. Үлкендер шуласып кетті – әкем мен анам тұра жүгірді. Осы сәт анық есімде! Қалғанын әке-шешем кейіннен талай мәрте айтып берген. Айғайдан қорыққан қошқар әуелі артқа қарай ытқып кетіпті де, ізінше сүзбек болып қайтадан оқтала беріпті. Сол кезде қошқар екеуміздің арамызға сексеннің бесеуіне келген қарт батыр Күреңтай түсе қалыпты. «Қалай үлгергенін түсінбедік!» – деп таңданатын әке-шешем. Жылап-еңіреп жетіп келген анашым мені көтеріп ала бергенде, Күреңтай ақсақал сүзеген қошқарды бір қолымен мүйізінен ұстап, жұлқып қалыпты. Сөйтіп, қошқардың мойнын бір бұрап үзіп жіберген екен, әкем бауыздап үлгеріпті. Ата-анам бұған өкінбеген, керісінше, қуаныштарында шек болмағанға ұқсайды. Қошқарды құрбандық деп есептеп, етін асып, бүкіл ауылды шақырыпты. Үлкендер баланы Алланың өзі сақтап қалды, ғұмыры ұзақ болады екен деп бата беріпті.
Бала кезімнен есте қалған тағы бір ұмытылмас әсер – жабағы мініп жарысқанымыз. Бай болсын, кедей болсын, ауылдағы әр баланың өз «жорық аты» болады. Сәл ересектеу балалар тайға мінеді. Бас білдіріп, үйретілген жуас жабағылар қандай сүйкімді, біз оларды мәңгілік досымыз деп санайтынбыз. Кең далада желмен бірге жарысып, өз арамызда бәйге өткіземіз. Қарсы соққан желден құлағымыз шуылдап, қара жер шыр айналады, ал біз жабағымыздың жалына жабысып алып, мал мен адам бірігіп кеткендей сезінеміз, аңыздағы кентаврлар біздей-ақ болар!
Кейде үлкендерге еліктеп көкпар тартамыз, олар серке тартады, ал біз ескі тулақты көкпар қылып ойнаймыз. Ойынның көкесі сол болатын! Қаудырлаған теріге бар күшімізбен жабысып, жасы үлкен, күші көбірек балаларға шамамыз жетпей жабағымыздан сыпырылып түсіп қалған кездер де болды. Балалардың саңқылдаған дауысы мен шат күлкісі жер-көкті жаңғыртып, бар әлемге бұл аймақты ұлы даланың еркін ұлдары – көшпенді халықтың ұрпағы мекендейді деп жар салып тұрғандай.
Бұл біздің өмірдегі ең бақытты кезіміз екен ғой.
Тақырға шығып сақа ойнаймыз. Дала халқының ежелден келе жатқан ойынындағы сақа кәдімгі асықтан анағұрлым ірі болады, негізінде, сиырдың тізесіндегі топай сүйекті сақа қоямыз. Сиыр мен жылқының жіліншігіндегі сүйекті дый деп атайды. Қаз-қатар тігілген дыйларды сақамен атып құлатуың керек. Құлаған дыйлар атқан адамның меншігіне өтеді. Ойынға қатысушының өз сақасы мен бірнеше дыйы болады. Сақаны әуелете шиырып жібересің, алшы немесе тәйке түссе, кейде омпа түсіп қалса да бірінші болып атасың. Бүк немесе шік түссе келесі адамға жол бересің. Кезегің келгенде сақаңды иіріп, тігулі тұрған дыйларды көздеп атып жібересің. Сақа тиген дыйлар шашырай ұшады. Тігу сызығынан бастап табаныңмен өлшейсің, келісім бойынша үш немесе бес табаннан әрі ұшқан дый сенікі. Оған жетпей құлаған дый қайтадан тігіледі. Ойын дыйлар таусылғанша созылады. Ептілік пен шапшаңдықты, шыдам мен ой ұшқырлығын талап ететін бұл ойын баланың денсаулығы нығайып, дене күші артуына әсер етеді. Ойынның қызығына түскенде бір-бірімізбен таласып қалатынымыз бар, қуансақ та, өкінсек те дауысымыз қарлыққанша дауласып жатамыз. Бұл әлемде осы ойында ұтқаннан басқа маңызды ештеңе жоқтай көрінетін. Жан дүниесі тап-таза балалардың аңғалдығы-ай!
Ойыннан шаршағанда алуан түрлі қиялға беріліп, төбенің басында үндемей отырамыз. Селеу басы мұхиттың толқынындай ырғалып, жусан иісі танауыңды қытықтайды, көңіл шіркін әлемді шарлап кетеді. Бала кезден қаныма да, жаныма да қатар сіңген даланың жұпар иісі жадымда мәңгі жатталып қалыпты.
Сол сәтте дүниені кезіп саяхатқа шықсам, сан қилы шытырман оқиғаларды бастан кешсем деп армандайтынмын. Әсіресе, кешке қарай. Даладағы жазғы кеш қандай әдемі! Қызыл арайға боянған көкжиекке көз жіберіп, әлемнің шексіздігі мен құпия сырын еміс-еміс сезініп, нені аңсайтынымды түсінбестен күрсініп қоятынмын.
Түнде жұлдызды аспанды тамашалаймыз. Жұлдыздар жымың қағып, қол бұлғап шақырып тұрғандай. Әсіресе Құс жолы айырықша тартып тұрады.
Жетіқарақшы мен Темірқазықты бірден танып алғанмын. Жетіқарақшының жанындағы кіші шөміштің ұшындағы екі жұлдыз Ақбозат пен Көкбозат деп аталады. Көшпенді халықтың аңызы бойынша, жеті қарақшы темір қазыққа байланған қос тұлпарды ұрламақ болып, таң атқанша аңдиды екен. Бірақ ұрлай алмайды, өйткені Темірқазық бір орында шыр айналып, екі атты қарақшылардан аулақ ұстауға тырысады. Сөйтіп, Жетіқарақшы өмір бойы Темірқазықты айналып жүреді де қояды. Олар екі тұлпарды ұрлап алса, алапат апат болады екен. Алайда, мызғымас берік Темірқазық ондайға жол бермейді.
Мен де көкке самғап, таң атқанша жұлдыздарды аралап, Темірқазықты ұстап көріп, Ақбозат пен Көкбозатқа мініп, шапқыласам деп армандайтынмын.
Ата-бабамыз өз тарихын осылай аңыздар мен ертегілер, тәмсілдер мен хикаялар арқылы кейінгіге жеткізіп отырған.
Кейде ауылымызға жыршылар келеді. Кеш бойы халық қаһармандары – батырлар туралы жырларды тыңдаймыз. Көнеден жеткен көркем сөз жас жанымызға құйылып, дала жыршыларының әндете созған дауысы ғасырлар тереңіне жетелеп әкетеді. Жыршының әр сөзі мен әуенін қомағайлана сіміріп, ата-баба аруағынан қуат алатынбыз.
Енді ойласам, бабаларымыз өз тарихын ауыздан ауызға осылай жеткізіп отырған екен. Аңыздар мен ертегілер, тәмсілдер мен хикаялар – қат-қабат уақыттың көркем сөзбен түйінделген қуатты бейнесі болар. Дәуірді жырға көшірген халық тарихи жадын, өзіндік ерекшелігін осылай сақтап, осылай қорғап келіпті. Ол кезде мұны түсінбейтінбіз, бірақ көне жырлар мен дастандарда терең де тылсым сыр жатқанын сезетінбіз.
Ақсақалдардың әңгімесі мен жыршылардың дастанынан қазақтар бұрын еркін өмір сүргенін, ақ патшаның боданы болмағанын білдік. Біздің де есте жоқ ескі замандардан тамыр тартып жатқан мыңдаған жылдық даңқты, ерлік тарихымыз бар екен
Менің әкем Аманжол жыршы емес еді, бірақ көптеген аңыздар мен өлеңдерді жатқа айтатын. Кейде ағаш сандықты ашып, Қазан қаласында басылған батырлар жырларын, пайғамбарлар мен әулиелер туралы мұсылман хикаяларын алып, оқып береді. Жұқалтаң келген жұмбақ кітаптардың сарғайып кеткен беттерінен балаң қиялыма сыймаса да жаныма жақын, көне құпиялардың лебі есіп қоя береді.
Әкем миссионерлер туралы, Библияның қазақшаға аударылғаны жайында айтатын. Миссионерлер ағартушы немесе этнограф болғансып ел аралайды екен, бірақ түпкі мақсаты басқа. Қазақтарды шоқындыру оңайға түсуі үшін христиан дінінің аңыздары мен әңгімелерін әдейі таратады екен! Даланың көзі ашық, сауатты ұлдары бұл әрекеттің астарын дер кезінде ұғып, ислам құндылықтарын насихаттайтын кітаптарды басып шығаруды қолға алыпты. Жыршылар Мұхаммед ғалейкүмсалам туралы, мұсылман қаһармандары мен ұлт батырлары жайында эпикалық дастандар шығарып, тарата бастаған. Діни басқыншылыққа қарсы күрес, ұлттық танымның сенімді қорғаны осы жырлар болатын.
Арғы атамыз Бектемір батырды халықтың не үшін Шораяқ деп атап кеткенін де әкемнен естідім. Жоңғарлармен шайқаста атамыздың қара санына жау жебесі қадалады. Кескілескен шайқас аяқталған соң сарбаздар елге қайтады. Бектемір батырдың аяғы ісіп кетіп, іріңдей бастапты. Гангрена басталған болу керек. Сонда атамыз өткір қылышымен өз аяғын өзі шауып тастаған екен. Сөйтіп тірі қалыпты!
Қыстаудағы қарағайдан қиылған екі бөлмелі үйіміз қақ ортасынан пешпен бөлінген, кіре берісте сенегі бар. Қазақтарда ондай үй сирек кездеседі, көпшілігі балшықтан соққан аласа тамда тұрады, мүлдем жағдайы жоқ кедейлер жертөле қазып алады. Үйіміздің төбесі жонылған тақтаймен жабылған. Сырланбаған тақтайлардың табиғи жүлгелері мен бұтақтардың орны ап-анық, соның өзі бізге құпияға толы суреттей елестейтін. Үйдің төбесіне ұзақ қараушы едім, әлгі суреттер әр жолы өзгеше болып көрінеді. Біресе ертегідегі қамал тәрізді, оны жаулап алу үшін бір батыр шауып келеді. Жабайы аңдарға, самұрық құсқа, суға бара жатқан қызға да ұқсатамын. Кейде қойшының баласын қуалап жүрген жалмауыз кемпір тәрізді. Сөйтіп, үйдің төбесі де балалық қиялымызды шарықтатын. Енді ойласам, сол кездегі балаң қиялымыз қазіргі теледидар, интернет, экрандағы виртуальды әлем дегендерді түгел алмастырған екен.
Үйіміздің терезесі кішкентай болатын. Қыстың аязды күндері ұл-қызымыз бар – бәріміз терезеден далаға қарауды ұнатамыз. Әйнекке алуан түрлі өрнек салған қырауды үрлеп, демімізбен тесеміз де, қар басқан даланы қызықтаймыз. Әсіресе боранды күндері Сәлім екеуміз терезеден түспейтінбіз. Мен тіпті терезеге жабысып алып, қарлы боранмен бірге алыс-алыс жақтарға самғап кете беретінмін. Сөйтіп, үлкен әлемге туған үйдің кішкентай терезесінен қарап өстік!
Шешеміз пештің көмейіне бір құшақ қайыңды тастай салады, енді оттың жалынын қызықтаймыз. Отын шартылдап, пеш гүрілдеп, үй жылына бастайды. Оттың алауы басылып, қызуы төмендеген соң шешеміз ішіне қамыр салынған табаны қып-қызыл шоқтың үстіне қояды. Сәлден соң қабарып піскен таба нанға май жағып жеп аламыз. Дәмі қандай, қыртысын кіршілдетіп шайнағанда рахаттанып қаласың. Тойып алған соң рахмет айтамыз. Шешеміз бізге қуана қарап, сыбырлап қана: «Шүкір, Алла, тәуба!» – дейді. Әкеміз мұртын ширатып қойып, ағаш тостағаннан айранын ұрттап отыра береді.
Анамыздың аты Бәтима, арғынның қарауыл руынан. Көңілі көтерілген сәттерде ескі әндерді ыңылдап айтып жіберетін.
Үйіміздің төрт қабырғасы дүниенің төрт бұрышындай көрінетін. Әр қабырғаның тұсында ойнағанда, өзімізше жаңа әлемді ашқандай боламыз.
Тетелес інім Сәлім екеуміздің Мәриям әпкемізге қонаққа баратынымыз да есімде. Әпкеміз күйеуімен, балаларымен бірге Мақпал тауы мен Құдықағаш ауылының маңында, қарағайлы орманның шетіндегі қойлы қыстауда тұрады. Жердің шетіндей сол қыстауға үлкендердің бірі әкеліп тастайтын да, біз сонда бірер апта болатынбыз. Шынында да, жас балаға қырық-елу шақырым жол жүру дегенің алыс саяхат сияқты көрінетін. Ол кезде қазіргідей машина, техника жоқ. Ат-шанамен сапарлап келген дала перзенттеріне орманның сұлулығы таңғажайып ертегідей еді.
Қолымызға балта, күрек, таяқ ұстап, жиендерімізбен бірге орманға жиі баратынбыз. Аппақ қардың бетіне алуан түрлі аң-құстың ізі түсіп қалған, табиғаттың өзі жазған кітаптың парағы дерсің. Сол кітапты оқуға талпынып, аңдардың ізіне түспек боламыз. Сөйтіп жүріп алаңқайдың шетіне барып қалып, биік-биік қарағайлардың арасына кіре бере тоқтап, аязды орманның саф таза ауасын көкірек кере сіміреміз. Тұп-тұнық орман адамға ерекше қуат береді. Бірдеңе бүлдірмесе көңілі көншімейтін, аңдардың інін табамын деп күртік қарды аршып жүрген тентек Сәлім де сынған ағаштың қасына барып тоқтапты. Басымды көтеріп, аспанға көз жібергем, зәулім қарағайлардың жап-жасыл ұшар басы ақша бұлттармен жарыса жүзіп бара жатқандай. Айнала тып-тыныш, құлағым шуылдап кетті, аспандағы бұлттарға ілесіп алыс та жұмбақ жақтарға ұшып кеткім келеді. Бірақ ондай болмайтынын білемін, сондықтан іштей әлгі бұлттардан алыстағы елдерде тұратын халықтарға сәлем айта баруға тілек қосамын. Мүлгіген тыныштықты кейде тоқылдақтың ағашты тұмсығымен ұрғылағаны ғана бұзады: түк-түк-түк! Біз орман үніне құлақ түреміз: аяз қысқан бұтақтың шарт сынғаны естіледі.
Үйге ымырт үйіріле бір-ақ қайтамыз, шаршасақ та, орманға барғанымызға көңіліміз тоқ, екі бетіміз қып-қызыл. Мәриям әпкеміз асып қойған етті жеп, сорпасын ішіп, қарнымыз тойған соң, әпкеміздің енесі Алтын- апаны қоршалай жата кетіп, ертегі айтып беруін өтінеміз. Алтын-апа мейірімді, жайсаң мінезді адам болатын. Басындағы аппақ жаулығы мойны мен иығын түгел жауып тұрады. Тек беті ғана ашық. Алтын-апа жанарынан шуақ төгіліп, ертегі-аңыздарды бірінен соң бірін айта бастайды. Кәрәсін шамның жарығымен үйдің қабырғасына түскен көлеңкеміз мың құбылып, ертегінің кейіпкерлеріне айналып кететіндей. Алтын-апа далалықтар мен шығыс халықтарының толып жатқан ертегілерін айтып берді, сол үшін мен ол кісіге әлі күнге ризамын. Ертегіші әжей есіме түскенде қызықты да қорқынышты ертегілерді беріле тыңдап отырған сол баяғы он жасар бала кезіме қайта ораламын. Кейде өмірдегі ең бақытты сәттерім қыстың ұзақ кештерінде көне қыстауда жатып, ертегі тыңдаған күндерім тәрізді көрінеді.
Бір тәмсіл жадымда мәңгі жатталып қалды. Пайғамбарымыз Мұхаммед ғалейкүмсаламға Ғазірет Ғали – Әзірет Әлі баһадүр келіпті. «Күшім тасып, бойыма сыймай кеткенде, Жаратқан Иеміз жердің тұтқасын берсе, жерді көтеріп алып, допша шыр айналдырар едім!» – депті. Пайғамбар үнсіз жымиыпты. Әзірет Әлі әрі қарай жүре береді. Астындағы Дүлділ атымен жортып келе жатып, бір ақсақалды қарияға жолығады. Сәлем береді. Ақсақал сәлемін алып, қолындағы қоржынын жерге қоя салыпты. Бірер ауыз тілдескен соң, Әліден қоржынымды әперші, еңкейе алмай тұрмын деп өтінеді. Әзірет Әлі атынан түспестен, қамшысының ұшымен қоржынды іліп алмақ болады. Қоржын көтерілмейді. Таңданып қалған Әлі ат үстінен еңкейіп, қоржынды шынашағымен көтермек болады. Қозғалар емес! Ыңғайсызданып қалған батыр қоржынның бауынан ұстап тартады, қозғалта алмайды. Қаны басына шапқан Әлі ызаланып, аяғын үзеңгіге тірей шіреніп тұрып тартады. Бар күшін салғаны соншалық, астындағы Дүлділі тізесіне дейін жерге кіріп кетіпті. Қоржын орнынан да қозғалмаған. Сол мезет ақсақал Әліден мазалағаны үшін кешірім сұрап, қоржынды екі саусағымен іліп алып жүре беріпті.
Абыржып қалған Әлі пайғамбарға шауып келіп, болған жәйтті түгел айтып береді.
Пайғамбар жүзінен нұр төгіле жымиып, былай депті:
– Сен тәкаппарлыққа салынып, өзіңді күштімін деп санадың, қара жерді көтеріп, шыр айналдырамын дедің. Алла-Тағала сол астамшылығыңды түсінсін деп, жердің тұтқасын ұстатты саған!
Әзірет Әлі сонда бәрін түсініпті…
Меніңше, бұл тәмсілдің терең де жан-жақты мағынасын үлкен-кіші барша адам ұғынуға тиіс. Жер шарын тұтқасынан ұстап айналдыру, сөйтіп, планетаның тағдырымен ойнау ешкімнің несібесіне бұйырмаған! Жер мен ғаламның тағдырын тек Жаратқан Иеміз ғана шешеді. Адамдар шетсіз-шексіз ғарышта жүзіп бара жатқан ортақ кемеде тату-тәтті өмір сүруге тиіс!
Тағы бір ұмытылмас әсер – қоныс аударған орыстар. Әуелі оларды ешкім жақтырмапты. Жерімізді тартып алуға келген жат елдіктер, біздің дұшпанымыз деп санаған. Жекелеген жаужүректер келімсектердің жерімізге қоныстануына барынша кесірін тигізіп бағыпты, кейде тіпті өлтіріп те кететін болған. Әсіресе Күреңтай батыр көп жауласыпты, кейіннен орыстардың жерімізге қоныстануына бәрібір кедергі келтіре алмайтынын түсініп, көндіккен екен.
Уақыт өте келе жаңа көршілерге де бойымыз үйренді. Біртіндеп араласып-құраласып, тұрмыстағы керек-жарақтарын алмасып, бір-бірінің өмір тәжірибесін үйрене бастады.
Патшаның отаршылдығына қарсы белсенді күрескер саналатын әкеміз Аманжол елдің бәрін таң қалдырып, Жөкей көлінің маңына қоныстанған Майдайкин деген орыспен достасып кетті. Бұрын қазақтар меншіктеніп келген бұл аймақтың табиғаты әсем, жері құнарлы болатын. Патша өкіметі озбырлықпен тартып алды. Ол кезде тұрмысқа жайлы жерлерді орыс казактары мен қоныс аударушылар басып қалатын.
Майдайкин зор денелі, мығым мұжық еді. Теңселе басып, асықпай ырғала аяңдайтын. Әр сөзін шегедей қағып, саңқылдап сөйлейді. Ауыл тұрғындары оны Сарыорыс деп атап кетті. Орыстың бәрі сары, түгел солай атауға болады ғой, бірақ Майдайкин шынымен сап-сары болатын. Бет терісі ғана емес, шашы да алтындай сары. Өзінің лақап атына тез үйреніп кетті, кейде қазақтардың бірі абайламай: «Сары орыстың бәрі орыс» десе болды, ренжіп қалатын. Олай емес, бұл жерде орыс көп, бірақ нағыз Сары орыс тек өзі ғана! Әкеміз Аманжол мен Майдайкинді қазақтар тамыр дейтін. Халықтың түсінігі бойынша, қазақ пен орыс дос болса екеуі тамырласып кетеді. Өйткені, тамыр деген сөздің екі мағынасы бар, бір жағынан, тамыр – өсімдіктің тереңнен нәр алатын тамыр, екінші жағынан, адамның қаны жүретін тамыры. Мәні терең осы сөз арқылы халқымыз қазақ пен орыстың достығы қаншалықты маңызды екенін білдіргісі келген – тамырымен байланысып жатқан қандас туыс. Қалай болғанда да бұл тұжырым біздің «Сары орысқа» қатысты алғанда шындыққа жанасатын.
Біздің үйге ол жиі келіп тұрды. Әкем де оның үйіне барып, бұрын көрмеген нәрселерді әкеледі. Өзара айырбас жасайды.
Бір күні әкеміз Сәлім екеумізді де ертіп апарды. Бұл біз үшін тұтас жаңа әлемді ашқанмен тең еді! Өңіміз түгіл түсімізге кірмеген заттарды көрдік. Темірден жасалған құралдарға қайран қалдық. Соқаны көргенде таңырқағанымыз соншалық, дереу жер жыртпақ болдық. Мен ат болып жегілдім, бірақ, қанша тырыссам да орнынан қозғалта алмадым, Сәлім соқаның құлағын ұстап тұр. Бірақ, ең қызыққанымыз Майдайкиннің мылтығы болатын.
Тамыр мылтықты ұстап көруімізге рұқсат етті. Сәлім екеуміз кезек-кезек жармасып, олай да, былай да қарап жатырмыз, бәрібір онымен не істейтінін, қалай қолданатынын біле алмадық. Мен ұңғысынан ұстап, сойылша үйіріп-үйіріп қойдым, Сәлім құндағынан ұстап, найзамен түйрегендей қимыл жасады. Майдайкин күліп, мылтықты қалай оқтап, қалай көздеуді, сосын атуды көрсетіп берді. Ол кезде оқпен атылатын қарудың не екенін білмейміз, бірақ сол сұп-суық темірдің ішінде сұрапыл күш бұғып жатқанын ішкі түйсікпен сезе қойдық. Сәлім менен көрі ақылдырақ болып шықты, ненің не екенін бірден ұғып, көздеместен қолымен ұмсынып, шынымен атып жатқандай «пух, пах, пух!» – деп айғайлайды. Әкем оның епті қимылына сүйсіне қарап қалыпты, Сары орыс мұртын ширатып, басын шайқап тұр. Ия, далада өскен балалар мылтықпен алғаш рет солай кездесуі еді,ал Майдайкин тамырдың неліктен тұнжырай қалғанын бұл күндері жақсы түсінемін.
Сосын бізді дастарханға шақырды. Майдайкиннің әйелі жарқыраған жуан самауырдан шәй құйып, алдымызға ашытқан капуста қосып пісірген бүйрешке қойды. Сәлім екеуміз бұрын ондай тағам жемеп едік, дәмі тіл үйіреді.
Әкеміз бен тамыры әңгімелесіп отыр. Түк түсінбесек те ара-тұра екеуі дауыс көтеріп, дауласып кеткенде өзімізді жайсыз сезінгеніміз есімде. Ауылға қайтар жолда әкеміз не туралы сөйлескендерін айтып берді.
– Тамыр маған: «Түсінсеңші, Аманжол, мәңгі есіңде сақта – орыс мұжығы туып-өскен жерін тастап, сенің далаңа жетіскеннен келген жоқ. Бізді зорлықпен әкелді!», – деді. Саусағымен жоғары жақты нұсқап қояды. Кім екенін ойлай бер дегендей!
– Кім? – деп жарыса сұрадық Сәлім екеуміз.
– Белгілі ғой… Ақ патша! Бұлардың әкелері!
Әкеміз мұңая күрсініп қойды. Ол кезде ондай әңгіменің, соған бола дауласудың не керегі барын түсінбеп едік.
Әкеміз бізді жасымыздан оқып-жазуға үйретті. Мен зерек болатынмын, тез үйреніп алдым – араб әріптері білімнің шырағындай көрінетін. Иректелген әсем әріптерді бір-біріне қосып, буынға біріктіріп, одан сөз түзіп, сөйлем құрауды және соның мағынасын ұғынуды ұнатушы едім. Есейген соң кирилл әрпімен танысып, орыстың жазуын үйрендім, сөйтіп өзім үшін мүлдем жаңа әлемді аштым.
Халық қаһары
1914 жылы Бірінші дүниежүзілік соғыс басталды – Патша империясы мен Кайзерлік Германия бір-бірімен шайқасқа түсті. Не болып жатқанын, бұл не қылған соғыс екенін ауылда ешкім түсінбейді. Дала телеграфы – ұзынқұлақтан естуімізше, орыстар мен немістер соғысып жатыр екен. Неміс деген кім, қай жерде мекендейді, оларға не керек – бірін де білмейміз.
Керейдің айтқыштары бұрын естімеген Германия деген сөзді қалай құбылтқаны есімде: Кермания, Кереймания! Оны былай түсіндіреді: «гер» дегені – «кер», керей сөзінің басқы буыны, ал «ман» – немісше «адам» дегенді білдіреді. Кер-ман, Керейман – керей-адам деген сөз! Бүйтіп түсіндіру бәрімізге ұнап қалды, керман дегеніміз керейман екен, яғни олар да керейден шыққан екен деп мәз болатынбыз! Кейін біздің тағдырымыздың Германиямен қандай тығыз байланысқа түсерін ол кезде қайдан білейік!
1916 жылы маусым айында жарияланған он тоғыз бен отыз бірдің арасындағы қазақ баласын Бірінші дүниежүзілік соғысқа, майданның қара жұмысына алу туралы Ақ патшаның жарлығы даланы дүр сілкіндірді. Халқымыздың тарихында қара таңбамен белгіленген Июнь жарлығы қазаққа өлшеусіз қасірет әкелді. Ұлдарын өлімге жіберуге қимаған халық патшаның орыс империясы қазақтан солдат алмайды деген уәдесін еске түсірді. Бұл жөнінде ақ патшаның өзі ит терісіне жазылған келісімге қол қойып, мөрін басқанын генерал-губернатордың есіне салмақ болды. Бірақ ит терісі жоғалып кетіпті, Ақ патша берген уәдесін ұмытқан, содан кейін қазақтар көтеріліске шықты.
Патшалық Ресей қазақ даласын отарлағаннан бері ірілі-ұсақты үш жүзге тарта ұлт-азаттық көтерілісі болды дегенді бір жерден оқығаным бар. Солардың ең ірілерінің бірі 1916 жылғы көтеріліс болды, патша империализміне қарсы ұлт-азаттық күреске шыққан қазақтардың бас көтеруі кең байтақ даламыздың әр қиырында бұрқ ете қалып жатты. Қазір кейбір зерттеушілер патша өкіметі одақтастарының алдындағы қарызын төлемеу үшін осы жарлық арқылы қазақтарды көтеріліске шығуға әдейі арандатты деген болжам ұсынып жүр: «Көрдіңдер ме, елді тәртіпсіздік жайлап алған, бүлік шығып жатыр, келісім бойынша, ішкі саяси жағдайы шиеленісіп кеткен елдің барлық қарызы сызып тасталады!» Бұл болжамның да шындыққа жақын болуы мүмкін. Қалай болғанда да дала халқы патша өкіметінің жүгенсіздігіне қарсы жаппай соғысқа шықты.
Бірақ екі жақтың күші тең емес еді. Кайзерлік Германиямен соғысып, майданда көптеген қиындыққа тап болса да патшалық империяның күші көтерілісті басуға жетіп-артылатын. Зеңбірекпен, пулеметпен, сол кезде алдыңғы қатарлы от-қару болған бесатар винтовкамен қаруланған жазалаушы отрядтар әрі кеткенде қылыш, найза, садақ ұстаған, көпшілігінің сойылдан басқа қаруы жоқ қазақтың атты сарбаздарын аяусыз қырып салды. Небір сабаз жігіттер жазалаушылардың қолынан қаза тапты. Қысқа мерзімнің ішінде көтеріліс ошақтарының бәрі дерлік басып-жаншылды, халық көсемдерін сотсыз-тергеусіз дарға асып, атып тастады. Қолға түскен көтерілісшілерді түрмеге қамап, әбден азаптаған соң, өлім жазасына кесті немесе Сібірге айдады. Аман қалғандарының басым көпшілігі Қытай асты. Кейбір рубасылар зеңбірек пен пулеметке қарсы найза мен сойылдан қауқар жоғын түсініп, соғыспай-ақ өз руын бастап көшіп кетті. Еріксіз шетел асқан сол қазақтардың ұрпақтары қазір, арада ондаған жылдар өткен соң жаңа елге, тәуелсіз Қазақстан Республикасына оралып жатыр. Оларды оралман деп атап кетті. Бауырларымыздың тауқыметті тағдырын ешкімнің басына бермесін!
Патшаға қарсы көтерілген қазақтардың арасынан Торғай даласындағы Амангелді батыр бастаған көтеріліс қана жеңілген жоқ, оның жеңімпаз сарбаздары өздерінің туын көтеріп әуелі Ақпан, кейін Қазан революциясын жүзеге асырушылардың қатарына қосылып, дала өлкесінде Кеңес өкіметін орнатуға атсалысты. Дауылды кезеңнің қанқұмар жендеттері ақыры Амангелді батырды опасыздықпен алдап өлтірді, оның өлімі әлі де жұмбақ күйінде қалып отыр. Халықтың айтуынша, өзгеге бағынуды білмейтін, еркіндіксүйгіш, қол астында сан мың әскері бар батыр қазақ ақтарға да, қызылдарға да керек емес екен! Бір нәрсе анық – Амангелді батыр халық қаһарманы болды, аңыздар мен әңгімелерде ол даламыздың бостандық сүйгіш даңқты перзенттерінің қатарында аталады.
Әрине, қазір тарихты таразыға тартып, тіпті сол қантөгістің өзін ақтап алуға да тырысып, әр тұрғыдан ой жүгіртуге болады. Ал, ол кезде өте қиын еді. Менің әкем Аманжол әу бастан-ақ көтерілісшілерге қосылып, теңдік үшін күреске араласып кетті.
Бір күні көтерілісшілер қоныс аударушылардың шағын қыстағына басып кірді. Арасында екі ағам – жиырма жастағы Әлімжан мен он тоғыздағы Мейрамбай және мен де бармын. Біздікі әшейін дүрмекке еру, қолымызда қару да жоқ. Қызық көріп, не болар екен деген желікпен қосылып кеткенбіз. Енді ойласам, әкеміз бізді соғыстың не екенін көріп, шыныға берсін деп ертіп алғанға ұқсайды.
Қыстақ қаңырап қалған, тұрғындары бәледен аулақ деп көшіп кетіпті. Тек бір үйде ғана адам бар екен. Қылыштарын жалаңдатып, найзаларын үйіріп, қиқулай шауып келген сарбаздар үйді дереу қоршап алды. Біреулер ішке кіріп, үйдің иесі мен біздің тамыр Майдайкинді сүйреп алып шықты. Шамасы, қатын-баласымен бірге қонаққа келсе керек.
Көзіне қан толған жігіттер қолға түскендерді дереу жайратып салмақ болды. Қоныс аударушылар оларға патша өкіметінен келген зұлымдық атаулының бейнесіндей көрінетін. Атты сарбаздар сойылмен ұрып ағаш шарбақты сындырды, терезені шағып, шатырды қирата бастады. Майдайкин бізді көріп қуанып қалған, бірақ, бірнеше атты сарбаз тілдесуге келтірмей ортаға алып, қамшымен шықпырта жөнелді. Әкем тамырына ара түсіп, жігіттерге доғарыңдар деп айғай салды. Бірақ оны бәрі бірдей тыңдай қойған жоқ. Қаны қызып алған біреулер Сары орыстың мойнына арқан салып, атпен сүйрете жөнелмек болды. Майдайкин кеспелтектей жуан қолын сермелеп, атттың қылынан ескен арқанды бұлшық еті білеуленген мойнына салдырмай жанталасты. Бірақ, жігіт жіті қимылдап, тұзақты қыл мойынға салып жіберді. Майдайкин бар күшін жинап, арқанға қос қолдап жабысып, құлап қалмауға тырысып бақты, реті келсе арқанды үзіп жібермек. Бірақ, қыл арқанды аттар да үзе алмайды, Майдайкин қылғына бастады. Езуінен қанды көбік бұрқырап қоя берді. Әйелі дауыс салып еңіреп жатыр, ересек екі ұлы ызалы шарасыздықтан көздері жалт-жұлт етіп, үн-түнсіз қарап қалған. Майдайкин қырылдап, талықсып бара жатыр, тірсегі дірілдеп шөге бастады, сол мезет әкеміз Аманжол қылышын жарқ еткізіп суырып алды да, арқанды кесіп жіберді. Келесі сәтте өткір қылышын тым қызбаланып кеткен жігіттің тамағына тақады:
– Тимеңдер оған, ол менің тамырым! Оның еш жазығы жоқ. Осы жерден аман кеткің келсе қоя бер, кәне!
Руластарымыздың арасында әкеміздің әжептәуір беделі бар еді, сөйтіп Майдайкиннің өзі мен қатын-баласын және үйдің иесін ажалдан арашалап қалды.
Тұзақтан құтылған Майдайкинді әйелі мен ұлдары құшақтай алды, өзі әкемізге қарап, ризашылығын үнсіз, көзімен білдірді. Әкеміз басын изеп жауап қатты, сосын қыстақтан шығып кеттік.
Қатал шындық көңілімізді су сепкендей басты. Соғыс деген, соғыста жеңу деген осындай болады екен! Жеңу үшін біреулерді ұруың керек, тіптен өлтіріп тастауың керек! Батырлар жырларында айтылатын қаһармандықтың екінші қыры қасірет болып шықты, жеңімпаздың салтанат құрып, даңққа бөленуі жеңілгеннің көз жасы мен аққан қанынан тұрады!
Көп ұзамай соғыс шиеленісе түсті. Әкем жігіттерімен бірге Торғай даласына барып, Амангелді батырға қосылмақ болды. Ол бізге, төрт ұлына ауылда қалып, руластарымызды қорғауға әмір етті. Қазақ үшін әкенің айтқаны заң, бір сөз айтпастан қабыл алдық.
Сол кезде жазылған бір мақала жақында қолыма түскен, қазақ даласындағы жаппай көтеріліс пен жазалау операциялары туралы мәселе патшалық Думада қаралыпты. Депутаттар жергілікті халық пен жазалаушылардың арасындағы қақтығыстар мен үкімет әскерлерінің жазалаушылық әрекеттері салдарынан ондаған мың қазақ пен мыңдаған орыс қаза тапқанын ашына айтқан. Заңсыз жарлық шығарып, оны қаныпезерлікпен орындаған, сөйтіп дала өлкесінде бүлік шығуына, империяның ішінде қан төгілуіне жол бергені үшін тікелей патша өкіметін айыптапты.
Өкіметтің адамшылыққа жатпайтын әрекетін депутаттар да айыптағаны жақсы ғой, бірақ содан өзгеріп кеткен ештеңе болған жоқ; ұзынқұлақтың айтуынша, патша губернаторы көтеріліске шыққан қазақтардың арнайы барған өкілдеріне: «Көтеріліске шығуға батылдық еткен екенсіңдер – бәріңді қырып саламыз, қатын-қалаш, бала-шаға, кемпір-шал деместен біріңді қалдырмаймыз!» – деп мәлімдепті.
Жазалаушы отрядтар жан түршігерлік қылмыстар жасап, жазықсыз тұрғындарды аяусыз қырғынға ұшыратты. Аш қасқырша аласұрып, қазақ ауылдарын іздеп даланы шарлады. Оларға жер ыңғайын жақсы білетін жергілікті казактар қосылып, жол көрсетіп отырды. Күдіктенген адамдарды сотсыз, тергеусіз жазаға тартатын.
Кіші ағам Мейрамбай оқыста солардың қолына түсіп қалды. Қалыңдығына барып, қайтып келе жатыр екен. Күздің соңы, алдағы көктемде той жасаймыз деп жүргенбіз. Жолшыбай Мейрамбай атын суармақ болып бір қара су – томардың жағасына тоқтайды. Атынан түскені сол екен, қамыстың арасынан қарулы жазалаушылар шыға келіп, қоршап алады. Біреуі тізгінін қолынан жұлып алып, атты тартып әкетеді. Қалғандары он тоғыз жасар бозбаланы қорқытып, қарқылдап күліп, қылышпен, винтовкаға таққан істікпен түрткілей бастайды. Мейрамбай шегіншектеп, аласалау жарға барып қалғанын байқамапты. Озбырлар сонда да қоймастан жақындай берген, солардан жасқанып жүргенде суға құлап кетеді. Су едәуір терең екен, адамның бойынан асады, Мейрамбай жанұшыра сүңгіп кетіпті. Тұншығып бара жатқан соң жағаға шықпақ болады. Жазалаушылар жолын бөгеп, сүңгімен жасқап жолатпай қояды. Ағамыз судың тайыздау жерін тауып, аяғын тіреп тұра беріпті. Мазақтап құмарынан шыққан жазалаушылар оны сол күйі қалдырып, атын алып кетеді. Әлгілердің қарасы өшкен соң Мейрамбай судан шығып, киімін сығып алады да ауылға қарай жүгіреді. Жол алыс, күздің қара суығы өңменінен өтіп, сүйегін қариды. Патша жазалаушылары өз ісін жетік білетін! Бір оқ шығындамастан өлтіруді шеберлікпен ойластырыпты. Мұздай суық су мен күзгі түннің салқыны ашық далада жаяу жүруге мәжбүр болған жігіттің түбіне жетіп тынды.
Мейрамбай таң алдында келді. Суықтан көгеріп кеткен, есінен танып бара жатып не болғанын айтып берді, бізбен қоштасып үлгерді. Денесі күйіп тұр, өзі сандырақтап жатыр.
Сүйікті ағамыз Мейрамбай өкпесі қабынып, бірер күннен кейін қайтыс болды. Мейрамбайдың қазасы туралы хабар кең далаға жай оғындай таралды. Халық қайғымызды бөлісіп, көңіл айтты. Ол кезде мен он алтыдамын, Сәлім он бес жаста. Бұл қаза бізге ауыр тиді, соның салмағы әлі күнге дейін жаныма батады. Туған үйімде өз бауырымнан алғаш рет айырылып, еріксіз егілдім. Әсіресе анамның дауыс салып жылағаны жанымда қоярға жер таптырмады. Молданың «Лә-илаха илла Алла» деп салауат айтқаны сәл де болса көңілімізді жұбатып, тағдырдың салғанына көну керектігін ұқтырғандай. Сол оқиға есіме түссе әлі де жанарыма жас оралып, анамыз Бәтиманың жоқтау айтып зарлаған даусы құлағыма келеді.
Бұл өлім бізді одан әрі ширықтыра түсті, патшаның жазалаушылары мен отаршыларын бұрынғыдан бетер жек көріп кеттік. Алайда күш тең емес – өркениеттің жемісі деп танылған от шашқан темір қару табиғаттың төл перзенті болған ақпейіл халықты жаныштап, қырғынға ұшыратуға бағытталды.
Әкеміз сол кеткенннен оралған жоқ. Жасы қырық бесте болатын. Олардың тобы мұздай қаруланған жазалаушы отрядпен қанды шайқасқа түсіп, талқан болыпты. Әкеміз сонда қаза тауыпты деп естідік. Жауынгер бауырларымен бірге туған даламызда мәңгі қалып қойды. Бір жылдан кейін ауылымызға сол оқиғаның куәгері болған бір ақсақ кісі келді. Құран оқып, соңғы қанды қырғында далалықтардың қалай қаза тапқанын баяндады. Тосқауылға тап болған көтерілісшілер пулеметтен бораған оқ пен зеңбіректен атылған картечьке қаймықпай қарсы шапқанын қарлығыңқы даусымен әңгімелеп берді.
– Сойыл мен найзадан басқа қаруы жоқ салтаттыларды қырып салуға көп ақыл мен айланың қажеті бар ма? – деді ақсақ қонағымыз көзін әлдебір алыс жаққа қадап. – Винтовкалар залппен атып жатыр, пулеметтер сартылдап, зеңбіректер күркіреп тұр. Салған ұрандары мен ат тұяғынан шыққан дүбірі даланы сілкінткен ержүрек көшпенділер бір-ақ сәтте қырылып қалды. Бәрі дерлік туған даласының жусаны мен селеуін құшақтаған күйі мерт болды. Тек кейбір жанкештілер ғана атқыштарға таяп барып, сойылмен ұрып бастарын жарып үлгерді. Әкең Аманжолдың қасында құйғытып келе жатқам, найзасын керіле толғай көкке көтеріп, зеңбірек атушыға сілтеп қалғанын көрдім. Ол да атып үлгерді. Аманжолдың найзасы оның өндіршегіне қадалды, ал әкеңді картечь қиып түсті. Мен қара санымнан жараландым, аттан ауып бара жатқанымды білемін, сосын есімнен танып қалыппын. Көріп тұрсың, әйтеуір аман қалдым.
Осы көрініс менің жадымда мәңгі қалып қойды, әкемді еске алғанда, көз алдыма орыстың зеңбірегіне қарсы найзасын құлаштай толғап, жанұшыра шауып бара жатқан, тұла бойын қан басқан жауынгер елестейді.
– Әкемізді мақтан етуге болады! – деп қинала тіл қатты Сәлім. – Бірақ мен ешқашан өйтіп баяғының батырларынша зеңбірекке қарсы қолыма найза алып шаппаймын. Айлакер, епті жауынгер боламын! Дұрысы, зеңбіректі айналып өтіп, арт жағынан барып, зеңбірекшілерді түгел қырып саламын немесе оларды одан да күшті қарумен атқылаймын!
Сәлім сөзінде тұрды. Сансыз шайқасқа түсіп, шыңдалып, айлакер де тәжірибелі жауынгер болып шықты.
Көтеріліс басып-жаншылған соң үлкен ағамыз, жиырма жасар Әлімжанды майданға алып кетті. Екі рет хат келді, содан кейін байланыс үзіліп, ағамыздан хабар алуды қойдық. Көп ұзамай Ресейде қым-қуыт оқиғалар басталып, өкімет орындары ағамызды біржола ұмытып кетті-ау! Сол бір аласапыранда су түбіне кетіп қалмай, өз елінің бе, өзге елдің бе, әйтеуір бір жағаға аман-есен шыққан болар деп үміт еттік, сол үмітіміз әлі үзілген жоқ. Аяулы ағамыз аман болса екен! Үйде жүргенімізде Әлімжанның араб әрпімен жазған хаттарын қайта-қайта оқимыз, халі нешік екен деп ойланамыз. Хаттарына қарағанда, майдандағы жағдай да мәз болмаған секілді.
Әлімжанның өзі бәрі жақсы, аманбыз, деніміз сау, тек бізге өлген аттарды жегізбейді деп жазыпты. Орыс солдаттары жылқы етін жемейді, өлген аттарды асығыс-үсігіс көме салады немесе қарға-құзғынға жем болсын деп қалдырып кетеді екен. Тыл жұмыстарын атқарып жүрген қазақтарға беруді тіпті ойламапты! Азық-түлік мәселесі өзінен өзі шешілер еді. Бірақ офицер мырзалар көшпенділердің қамын ойлаушы ма еді!
Осыдан бірер жыл бұрын Бірінші дүниежүзілік соғыс майдандарындағы қара жұмысқа жегілгендер туралы мақала оқығанмын. Оларға түрме тәртібі қолданылыпты, жұмысқа айдап апарып, айдап әкелетін болған, болмашы кінәсі үшін аяусыз жазалайды екен. Қаһарлы соғыстың қанды даласында мәңгіге жоғалған сүйікті ағам Әлімжанды егіле еске алдым.
Аласапыран
Он жетінші жылдың басында ашық күнде жай түскендей хабар алдық: Николай патша тақтан құлапты!
Дала дүр ете қалды – дүние төңкеріліп кеткендей! Бұл 1917 жылғы Ақпан буржуазиялық революциясы еді. Уақытша үкімет құрылыпты, оның мәнісін ұзақ жылдардан кейін түсіндік: билік басына конституциялық құрылым келген екен. Ақпан революциясы даламызды қан сасытқан жазалаушылардың әрекетін тоқтатты. Қару-жарақсыз бейбіт қазақ ауылдары мен нашар қаруланған көтерілісшілерді қырып салуға дайындалған жазалаушы отрядтар не істерін білмей абыржып қалды. Алып империя басынан айырылған болатын.
Не болғанын түсініп үлгермей жатып, күндей күркіреген тағы бір хабар жетті: Қазан революциясы Уақытша үкіметті құлатып, еңбекшілер диктатурасын орнатыпты!
Дала қайтадан дуылдап қоя берді. Алдымызда күтіп тұрған сұрапыл өзгерістер мен өлшеусіз қасіреттің хабаршысындай болып революцияның алғашқы дауылпаздары келді. Қызыл сөзді қызара сапырған шешендер ескі дүниені түбірімен қопарып, әділетке негізделген жаңа әлем құрамыз деп жар салып жатты. Ұлы көсеміміз жолдас Ленин бастаған Ресей және дүниежүзі еңбекшілерінің соңына ерген қазақ кедейлері байлар мен басқа да қанаушылардың көзін құртып, елден қуып, билікті өз қолына алуы керек деп тамағы жыртылғанша айғайлады. Рас, әзірше ешкім нақты қимылға көше қойған жоқ, бірақ дала халқы бұрынғы тұтастығынан айырылып, бір-бірімен аңдысқан, өзара қырқыса кетуге дайын тұрған топтарға бөлініп кетті.
Қазақтың ұлттық партиясы – алашорда өкілдері халыққа өз жолын нұсқамақ болды.
– Біз, қазақтар, біртұтас халықпыз! Бай мен кедейге бөлініп, бір-бірімізбен жұлқыспайық, онсыз да санымыз аз. Бар қазақ – бір қазақ, бір халық!
Алашорда қайраткерлері қазақтың ұлттық жаңғыруының алғашқы қарлығаштары еді.
Қазір, арада жүз жылдай уақыт өткенде сол бір сұрапыл оқиғаларды сарапқа салып, жүйелей аламыз. Алайда қым-қуыт өзгерістердің арасында жүргенде не болып жатқанын жүйелемек түгіл түсінудің өзі қиямет болатын. Дүние быт-шыт, аласапыран, арпалыс. Аштық, суық, қырғын. Орыс революциясы қазақтардың бір қалыпты жайбарақат өмірін астан-кестен қылып, тыныш жатқан даламызды азамат соғысының қанды майданына айналдырып жіберді. Азаматтық анархия дала кезген қанқұмарлардың қолайына жаға кетті – қорқу дегенді ұмытып, желігіп алған қорқаулар қазақ ауылдарын жаппай қырғынға ұшыратты. Снарядтар жарылып, пулеметтер сақылдап, болат қылыш жарқылдап, даланың құтын қашырды, бейбіт халық қынадай қырылды. Ізгілік пен зұлымдық туралы ұғым атаулы түгел адыра қалды, мың-миллион адамдардың тағдыры сапырылысып кетті. Әркімнің көкейіне қорқыныш ұялап, болашаққа сену дегеннен біржола айырылдық. Кім дос, кім жау, кіммен бірге болу керек – ештеңені түсінбей басымыз даң болды. Жаңа өмірдің мән-мағынасын ажырата алмай жүргенімізде неше түрлі авантюристер, монархистер мен анархистер, социалистер мен совдепшілер жан-жақтан үгіттеп жатты. Бәрінің тілінен бал тамады – азаттық, теңдік, туысқандық идеяларын алға тартып, патшалар мен байлардан ада болашақ өмір туралы әңгімесімен еліктіріп әкетуге тырысады. Солардың арасынан ұлттық бірлікке, азаттық пен автономия алуға шақыратын ұлтшыл қазақтар ғана жақынырақ секілді, сөздері де түсінікті әрі өзіміздің қандасымыз.
Даладағы билік кезек алмасып жатты – бірі келеді, бірі кетеді. Патша өкіметін уақытша буржуазиялық үкімет алмастырды, одан кейін совдепшілер, алашордашылар, ақтар, колчакшылар, анненковшылар, қызылдар келді – халық әбден шатасып, кімге сенерін, кімнің соңына ерерін білмей басы қатты.
Сәлім бірден Алашорданың идеясын қолдады.
– Әр халық дербес ел болады! Жақсы ғой бұл! Ресей империясының қол астындағы езілген халықтарға Лениннің өзі азаттық берді, өз мемлекетімізді құру үшін осы сәтті пайдаланып қалу керек!
Бұл идея көп адамға ұнады. Бәріміз соған сеніп, үміттеніп қалдық. Дегенмен кейде күдігіміз басым түсіп жатады. Өз-өзімнен, даладан, аспаннан, желден сұраймын – не істеу керек? Ұзақ ойланғаннан кейін бұл сұрақтың да жауабын тапқандай болдым – өз халқыңмен бірге болу керек! Халқыңды қорға, соның азаттығы мен бақыты үшін күрес! Бірақ, халықтың өзі бөлшектеніп, біреулері ақтарды, басқалары қызылдарды, енді біреулері ұлтшыл алашордашыларды жақтап жатқанда, қайтпек керек? Оның үстіне, бұл жай ғана алауыздық емес, қарулы күрес, туысқандардың өздері бірін-бірі атып-шапқан қып-қызыл соғыс. Сонда, бір қазақ бауырыңның бақыты үшін екінші қазақ бауырыңды қолың барып қалай атасың?! Басым быт-шыт болып, жаным қиналды, бірақ сол сұрақтың жауабын таппай қойдым – бұрын да, қазір де! Бұл бүліншілік санама сіңбеді, жан дүнием қабыл алмады – мен үшін қазақтың бәрі бауыр, бәрі бір халық. Алайда, екіжүзді, зымиян саясатшылар арамызға іріткі салып, тұтастығымызды бұзудан аянбады. Бар қолымнан келгені – ақ па, қызыл ма, бай ма, кедей ме – бірде-бір қазақ баласына оқ атқан жоқпын.
Біз орталықтан алыс, шалғайда жатқан Қойтас деп аталатын жерді паналадық. Топыраққа жартылай сіңіп кеткен, бір қарағанда шынымен қой секілді, ірілері түйеге де ұқсайтын бұл тастар табиғаттың өзі жаратқан кереметтің бірі. Тымық күнгі теңіз бетіндей теп-тегіс далада келе жатқаныңда алдыңнан көкжиекке дейін көсілген осы тастар шыға келеді. Және бір-біріне ұқсамайды, әрқайсысының да табиғат жаратқан, кейін уақыт желінің өңдеуінен өткен қайталанбас өзіндік бет-бейнесі бар. Қайдан пайда болған тастар – көктен түсті ме, жерден шықты ма? Бұл сұрақтың жауабы әлі күнге дейін табылған жоқ.
Біз мұнда жазалаушылардан қашып келгенбіз, сөйтіп тұрақтап қалдық. Алағай да бұлағай заманда көшпенділер үшін қойтастар кәдімгідей қорған болды. Тұтас ауылдар ақтар мен қызылдардың шапқыншылығынан сол тастарды паналау арқылы аман қалды.
Паналамасқа амал кәне! Даламызда тәртіп те, заң-зәкүн де қалмаған. Ақтарға немесе қызылдарға тап болсаң құрығаның – тағдырың солардың көңіл ауанына байланысты. Бастығының көңіл-қошы болмаса бүкіл ауылды қан-қасап қылып, өртеп жібереді, түгел қырып тастауы да мүмкін. Тергеп-тексеріп жатпайды, моральдық жауапкершілік дегенді сезінбейді, ойларына келгенін істей береді. Көңілі тоқ болса ғана керегін сұраусыз алып, жөніне кетеді. Сондай кезеңді де бастан кештік.
Ауылымыздың үлкені, жасы жетпіске келген Малай ата данагөй қария болатын. Ол бізге дала халқына тән биік адамгершіліктің, бағы заманнан тамыр тартып жатқан ел мен жердің киесі мен кепиетін сақтаушы, руымыздың тірегі болып көрінетін. Қардай аппақ сақалы беліне түседі. Ол кіріп келгенде үйдің іші жарқырап кетеді, жылынып сала береді, біз осынау қасиетті адамның ерекше қуатын бірден сезінуші едік. Далада аяңдай басып келе жатқанда самал жел сақалын желпіп, жан-жағына нұр шашатын секілді, біз бұл ғажайып көрініске сүйініп, көз алмастан қарап қалушы едік. Ол бізге арамызда жүрген ата-баба аруағындай әсер ететін. Ет пен сүйектен тұратын кәдуілгі адам болса да шынымен аруақ – руымыздың аруағы! Кең далада қарыштай адымдап бара жатқан Малай ата әлі де көз алдыма келеді. Баяғы кездегідей бойыма күш құйылып, құшырлана тыныс аламын.
Ол әділ де кемеңгер болатын, аңыз әңгімелерді көп білетін, саясатқа да жүйрік еді. Руымызды аман сақтап қалу үшін шыбын жанын аямаған ғазиз адам болатын.
– Басқыншының түр-түсінде тұрған не бар? Ақ па, қызыл ма, сары ма, жасыл ма – басқыншының аты басқыншы! – дейтін ол. – Былай істейміз. Ақтар келсе ақ үйде ақ дастарханымызды жайып қарсы аламыз. Тамаққа тойғызамыз, сусынын қандырамыз, сұрағанын береміз. Бермесең де тартып алады, қыңқылдай бастасаң, атып та тастайды! Олардан кейін қызылдар келсе, оларды да солай құрметтейміз. Кімнің жағындасың деп сұраса – сендердің дейміз. Бұл екіжүзділік бола ма? Дұшпанға тек ақымақ қана шынын айтады! Не үшін өтірік айтқанымды білмексің бе? Руымызды аман сақтау үшін! Арамыздан бөтеннің айтағына еріп, солардың бұйрығымен өз тамырына өздері балта шауып жүрген ақымақтар да шыққанына қарамастан!
Мен оның әр сөзін қалт жібермей, аузымды ашып тыңдаймын.
– Біздің халқымызға бөтен жұрттың көксақал көсемдерінің жаны өзіміздің ақсақалдардан да көбірек ашиды деп шынымен ойлайсың ба?! Айтшы өзің, қаңғып келген келімсектердің өкіметіне шын ниетіңмен сенесің бе?!
Ақсақалдың сөзі жаныма батып кетсе керек, басымды шайқадым: жоқ!
– Жаратқан Иемізге ғана шын сеніп, өз халқыңа адал бол! Саясатшылар мен бөтендерден сақтан. Ар-ұяттан жұрдай пасықтар мен оңбағандарға адал қызмет етіп, шын ниетіңмен жолдас болуға міндетті емессің! Осындай қиын-қыстау кезеңде аман қалу үшін жауларыңды алдай білуің керек! – деп үйретті маған Малай ата.
Ақсақалдың айтқаны еліміздің астан-кестенін шығарып, әлі де толастай қоймаған өзгерістерге жаңаша қарауыма түрткі болды.
– Бұл – біздің жолымыз емес. Соғыс та біздікі емес! Халқымыз бөтен жолға түсті, бөтеннің соғысына тартылып, бірін-бірі қыра бастады. Бөтеннің заңымен өмір сүретін болды. Бұның бәрі бекерге кетпес, талай құқайды көретін шығармыз әлі!
Кемеңгердің күмәні расқа шыққанын уақыттың өзі көрсетіп берді. Біздің ауылдарымыз, біздің халқымыз басынан кешпеген сұмдық қалды ма! Бүкіл ауылда көнеден қалған екі аңшы мылтығы мен бір уыс патроннан басқа қару жоқ. Болған күнде де Ақ және Қызыл армиялардың үйретілген әскеріне қандай қайран қылар едік?!
Тағдырдың жазуымен үйдің үлкені мен болып қалдым. Жасым он сегізде, өзім қатарлы жастармен бірге қат-қабат оқиғаларға менің де араласқым келеді, әділдікке негізделген жаңа дүние құру үшін алашордалықтармен бірге қарулы күреске шыққым келеді. Бірақ әке аманатын орындау керек – ауылды қорғап, анама қамқор болып, руымызды сақтауға тиіспін. Ауылымыз он екі үйден тұрады, жетпіс шақты адамбыз, басым көпшілігі әйелдер мен балалар, бірен-саран жастар мен егде тартқан еркектер де бар. Көпшілігі соғысқа кеткен. Жауапкершілік жүгі ерте есейтіп, жасыма жетпей сабырлы болуға мәжбүр етті. Қолдан келгенше Сәлім інімді ағаттыққа ұрынудан қорғаштап бақтым. Ол менен бір-ақ жас кіші, бірақ басты жауапкершілік ағасында екенін сезіп, кейде қызбалыққа салынып кетеді. Батыл да тентек інім алашорда әскеріне қосылуға құлшынатын. Біраз уақытқа дейін тежеп келгем, он сегізінші жылы, он жеті жасында қазаққа теңдік әпереміз деп күрескен ерлердің қатарына қосылып кете барды. Үйге бір жылдан кейін бір-ақ оралды. Содан бірер күн өткен соң күтпеген қонақтар сау ете қалды.
Екі топ аттарын бабымен аяңдатып ауылдың екі жағынан тізбектеле кірді. Алтауы – ақтың, алтауы – қызылдың әскері. Совет өкіметін жақтаушыларды қызыл деп, ал жұмысшы-шаруалар өкіметіне қарсы шыққандардың бәрін әдетте ақтар деп атайтынбыз.
Қонақтарды әрі қуанышпен, әрі күдіктене қарсы алдық. Екі топты да біздің бауырларымыз бастап келіпті. Әкімжан мен Кәрімжан бізге үш атадан қосылады, екеуін де көптен бері көрмеп едік. Туыстарын да сағынса керек, тыныш жатқан ауылға өздерін де көрсетпек болған ғой, ал, сәті түссе өз жағына шығарып алуға да тырысар. Аталарымыз бір туған. Мен арғы атамның атымен Бектеміров болып жазыламын, ол екеуі аталарының атымен Әбжанов пен Әбішев болып тіркелген. Тағдырдың тәлкегі сол, жақын ағайындар бір-бірімен өліспей беріспеске бекінген екі жақтың жыртысын жыртып, қас дұшпан болып шыға келіпті.
Бес қаруы бабында, айбарлы да ызғарлы қонақтарымды бір дастарханның басына отырғызу үшін бар өнерімді салып бақтым. Сыйлы адамды төрге шығарады, екеуі де содан дәмелі. Мен оларды қатар отырғыздым және екеуі де төрдің төбесі өзімдікі деп сезінетіндей еттім. Нөкерлері басшыларынан төменірек, екі жаққа бөлініп жайғасты. Мейманасы тасып, масайраған екі «генерал» разы болып, жымиып қойды, дегенмен іштей егесуі басылар емес. Кіші бастықтардың кісімсуі зор болады. Бөтеннің өкіметіне қызмет етіп болымсыздау шенге қол жеткізген, өздерінен жоғары тұрған бастықтардың айтқанын екі етпей жүгіргенде аяғы-аяғына жұқпайтын туысқандар ауылға келгенде өздерін ірі сезініп, қомпия қалыпты. Жоқ-жұтаң ағайындардан қаншалықты биік тұрғанын көрсеткілері келіп, шіренгенде белдігі үзіліп кетердей.
Қыбыр етуге қорқып, тым-тырыс отырмыз. Іштей ширыққаным соншалық, өз жүрегімнің дүрсілін естігендей болдым. Табақ тартылғанда сасқалақтап қалдым – менен басқалар да абыржығандай болып көрінді. Басты кімге тартамын? Көшпенділердің ежелгі дәстүрі бойынша, қойдың басы қадірлі қонаққа – рубасына, құдаға, жасы үлкен қарияға тиесілі. Басты ұстаған адам осы отырғандардың арасындағы ең құрметтісі болып саналады. Бірақ бұл бейбіт кездегі жағдай. Ал, өзара жауласып жүрген, сәл ілік шықса бір-біріне мылтық ала жүгіруге дайын тұрған әскери адамдардың арасында не істеген жөн?! Қызыл комиссарға ұсынсам, соларды жақтап, жеңіске жетуіне тілекші болғаным. Ақтарға тартсам, қызылдардың жауы болып шыға келемін. Екеуіне бір-бір бастан тартса ғой! Бірақ, қазақтың салты бойынша бір табаққа екі бас салынбайды. Тығырыққа тірелу деген осы!
Ақыры бірден бір дұрыс шешімге келдім. Басты Әкімжанға ұсындым, өйткені ол Кәрімжаннан екі жас үлкен. Үлкенді сыйлау – бұлжымайтын дала заңы, ал Жаратқан Иеміздің өзі бұйырған жас үлкендігін ешкім де жоққа шығара алмайды. Ақ-қазақтар мұны жақсы ырымға жорып, өздеріне айырықша ықылас білдіру деп қабылдап, көңілдері көтеріліп сала берді. Қызылдар бүгінше масайрап қалыңдар, кімнің басын кім мүжитінін көрерміз әлі дегенді жанарымен ұқтырып, бір-біріне үнсіз көз тастады.
Қару-жарағы сай, алты қызыләскер мен ақтардың алты жауынгері бір дастарханның басында сүр қазы мен майлы қой етіне мелдектей тойып, қымыз ішіп қызара бастады. Бәрінің үстінде әскери киім. Екі жақта да үш қазақ, үш орыс. Өз топтарын бастап келген екі туыс – Әкімжан мен Кәрімжан тізе қағыстырып төрде қатар отыр.
– Сәлім қайда? Тентек ініміз көрінбейді ғой? – деп сұрады Кәрімжан кенет дауысы жұмсарып.
Орынды сұрақ болса да, мүдіріп қалдым. Алашордашыл Сәлім бұлардың бәріне қарсы. Қызба неме бірдеңе бүлдіріп қоя ма деп қауіптеніп, ақ-қызыл туысқандар келмей тұрғанда бір жаққа жұмсап жібергенмін.
– Ол деген… Білесіңдер ғой, әлі жас, құйын мінезді… Далада қызыл түлкі аулап жүрген шығар!
Түлкіде нем бар еді, оның үстіне, қызыл түлкіде! Қыздарға қырындап, көрші ауылда жүрген шығар дей салсам жететін еді!
– Жұрттың бәрі қызылдарды аулауға құмар! – деп кекетті Әкімжан.
– Тек сосын өздері қып-қызыл болады! – деп жауап қатты Кәрімжан.
– Білеміз сендерді. Бұл далада қанша қызылдың ағарып кеткенін кім санапты! – деп жекірді Әкімжан, даусынан ызғарлы леп есіп.
Нені айтып отырғандарын бәріміз де түсіндік. Кәрімжан ақтардың қанын талай төккенбіз десе, Әкімжан оған ақтардың қолынан қаза тапқан қаншама қызылдардың ақ кебінге оранғанын, одан да сорақысы, айдалада көмусіз қалғандарының сүйегі ай сәулесімен ағараңдап жатқанын тұспалдап отыр.
Жағдай ушығып кете ме деп қыпылдай бастағам, қызылдардың арасындағы бір жігіт құтқарып кетті. Оларға жақында қосылса керек, Қызыл Армияның қатал мектебінен өткен жауынгердей емес, ауылдың болбырлау келген аңқау қазағына көбірек ұқсайды.
– Міне, дайын. Кәне, кім бастайды? – деді ол әбден мүжіліп, аппақ болған ортан жілікті ортаға қойып.
Солтүстіктің қазақтары жілік шағудан жарыс өткізеді. Әдетте жіліктің басын балтаның шүйдесіне қойып, қолына орамал орап алып ұрады. Кәнігі шеберлер жарысты шиеленістіре түсу үшін жіліктің осал тұсын іздеп тықылдатуға тыйым салып, жалаң қолмен бір-ақ рет ұруға келіседі. Ойын қиындап кетеді, кейде талапкерлер жілікті бір ұрғаннан шаға алмай, жілігіміз отырғандарды бірнеше рет айналып шығады.
Жілікті көрген жігіттер қомпаңдасып, иықтарын қомдап, жарысқа түсуге дайындала бастады. Болбырлау қызыләскер жіліктің басын балтаның шүйдесіне қойды. Қазақтар жарысқа кірісіп кетті, бірінен кейін бірі ұрып жатыр. Жілік сынатын емес, жігіттер де қолдарын ауыртып алмау үшін бар күшімен ұрып жатқан жоқ. Кенет ақтардың арасынан бір орыс тілек білдірді.
– Біз де ұрып көрсек бола ма? – деп сұрады ол. – Бәрің жабылып бір жілікті сонша соқтыңдар ғой!
– Байқап көр! – деп ду ете қалды ағы мен қызылы аралас қазақтар. Бір мезет өзара жауласып жүргенін ұмытып кеткендей көрінді.
– Кәне, Костя, көрсетші көкесін! – деп айғайлады досының күшіне сенген шапыраш көз жирен орыс.
Ақ орыс денелі екен – нағыз алыптың өзі! Жеңін түріп, алақанын уқалап алды да оң қолының тоқпақтай жұдырығымен жілікті періп кеп қалды. Сарт еткен соққы мен күтір еткен дыбыс қатар естілді. Сындырған екен деп ойлағанбыз. Әлгі орыс сол қолымен оң қолын ұстап, боқтанып, аһ ұрып қоя бергені. Жілік емес, дәу жігіттің қолы сынған екен. Қара күшіне сеніп, қай тұстан дәлдеп ұру керегін ойламаған ғой. Оның сынған қолын шүберекпен таңып, бір кесе арақты жұтқызып жіберді де, «дымыңды шығарма» деп бұйырды.
Жілікті әлгі болбыр жігіт сындырды. Қызылдар мәз болып қалды, ақтардың қабағы түсіп кетті. Мен тез киіп кетіп, сендер басты ұстадыңдар, жілік соның сыралғысы болды деп, тігісін жатқызып жібердім. Бір жағынан, дұрыс уәж, соны түсінген қазақтар мақұлдап, шуылдасып кетті.
Екі жағы теңескен соң, қарсыластар кеселерін көтеріп, достық тілек айтты.
– Сендердің қызаруларың үшін алып қояйық! – деп әзілдеді қызылдар.
Қандарың төгілсін деген сөз.
– Біз сендердің ағаруларың үшін көтереміз! – деп жауап қатты ақтар.
Сүйектерің күн сәулесімен қурап, ақжем болсын деген тілек.
Заманы қандай болса, тілегі де сондай!
Бәрі қарқ-қарқ күліп, ішіп қойды. Мен де іштім. Ішімдік адамдарды жақындатады, арадағы түсініспестік жойылады, ал біз үшін күтпеген қонақтарды мас қылудың өмірлік маңызы бар – ақтың да, қызылдың да орыстары өздерімен бірге ішкен адамдарға қару көтермес деп үміттенетінбіз. Дәл осы сәтте өзім қатты қорыққан оқиға болды – есік ашылып, Сәлім кіріп келді.
Қонақтармен ақырын амандасты да малдасын құрып, қасыма отыра кетті. Қолындағы қамшысының сабы тобылғыдан жонылған, ұзындығы бір кезге жуық. Өгіз терісінен тілінген таспадан алты өрім етіп жасалған қамшының өзі сабынан бір тұтамдай ұзын. Өрімшілердің айтуынша, дәл осындай өлшеммен жасалған қамшының соққысы өте күшті болады. Оның үстіне, жаугер Сәлім қамшының ұшына оқ тәрізді қорғасын қосып өргізген. Ол қамшымен шынтағынан немесе тізесінен бір тартқанда, дұшпаны қатты ауырсынып, қалай шыңғырып жібергенін өзі де білмей қалады, атынан ауып түсіп, жатып алып домалай беретін. Тіпті, самайдан немесе қарағұстан яки бүйрек пен бауырдан бір-ақ тартып, өлтіріп жіберуі де мүмкін. Бұдан бейхабар адам сырт кейпі аңғал ауыл еркесінің қолындағы қамшының қандай қауіпті қару екенін сезбейтін.
Билер кеңесінде қамшы ұстау үйреншікті жәйт – сөз сұраған адам қамшысын көтеріп, немесе ортаға тастап белгі береді. Сөз сайысына түскен шешендердің қолында қамшы болуы далалық демократияның, көшпенділер этикетінің ажырамас бөлігі. Ал Сәлім үшін бұған қоса қаһарлы қару.
Амандық-саулықтан кейін туыстардың арасында қозғалмай-ақ қойса екен деп өзім іштей тілеп отырған әңгіме басталып кетті. Оны да Сәлім бастады. Тік қадап, кесіп-кесіп сөйлейді.
– Айтыңдаршы, – деп сұрады ол екі туысымыздан, – осы сендер не үшін соғысып жүрсіңдер?
– Біз монархияны қайта орнатып, даламызда Ресей империясының тәртібін қалпына келтірмекпіз! – деп жауап берді ақ Әкімжан.
-– Біз кедейлерді байлар мен болыстардың езгісінен құтқару үшін күресеміз! – деді қызыл Кәрімжан.
– Екеуің де адасып жүрсіңдер! Монархияны көргенбіз, құлдыққа қайтадан түскіміз келмейді! – деп кесіп тастады Сәлім. – Қызылдармен де жолымыз бөлек. Совет өкіметі бізге ұлттық тәуелсіздік бермейді! Ал біздің алашорданың мақсаты – халқымызға азаттық әперу!
– Сандырақ! Құрғақ қиял! – деп шап ете қалды Әкімжан.
– Қазақтар саяси жағдайға байланысты Ресейден бөлініп кете алмайды. Алашорда мемлекетін құруға Орталық жол бермейді! – деп ұстамдылықпен жауап қатты Кәрімжан.
-– Біз ешкімнен рұқсат сұрамаймыз! – деп қызбаланды Сәлім. – Мақсатымызға жету үшін қанымызды да, терімізді де аямаймыз!
– Шамаларың жете ме соған? Ондай күш қайдан бітті сендерге, інішек? Жан-жақтарыңа қарап, жағдайды бағамдап, оң-терісін салмақтап алмайсыңдар ма! Қаруға жүгінбес бұрын ойлану керек! – деді кенеттен байыпты бола қалған Әкімжан.
– Халқымыздың соры болдыңдар сендер! – деді алған бетінен қайтпайтын Сәлім. – Бәріміз бірігіп, жұдырықтай жұмылсақ – азаттыққа қол жеткізер едік!
– Ой, жоқ, інішек, айналайын! – деп бастады Кәрімжан, өз пікірін сауатты түрде жеткізуге тырысып. – Бүкіл дала, барша қазақ бірігіп кетсек те, тәуелсіздікке соғыспен жете алмаймыз. Жарқын болашаққа жетудің жалғыз-ақ жолы бар, ол – социализм жолы! Біз, қазақ кедейлері, орыс жұмысшы табымен бірге, шаруалармен одақтасып, дүниежүзілік еңбекшілердің ұлы көсемі Лениннің жетекшілігімен өз бақытымыз үшін күресеміз!
– Кедейлер дейсің бе? Сонда байларды, дәулетті адамдарды қайтесіңдер? Әлде түгелімен көрге тықпақсыңдар ма? – деп қарсы шықты Әкімжан.
– Бізге қосылмағандар – біздің жауымыз! – деп кесіп тастады Кәрімжан.
-– Міне, сендердің сықпыттарың! – деді Сәлім қамшысын білеп. – Бір халықты бай мен кедейге бөліп, қырқыстырып қойдыңдар! Ал біз, алашордалықтар, ұлттық бірлік үшін, шыққан тегі мен дәулетіне қарамастан барша қазақтың бауырластығы үшін күресеміз!
Әңгіме ушығып бара жатқанын түсінген Малай ата басу айтты.
– Әй, сабыр, сабыр сақтаңдар! – деді ақсақал ақырын ғана. – Туып-өскен ауылдарыңда кездескендерің қандай жақсы болды! Әйтпесе бір-біріңді қырып салудан тайынбайтын түрлерің бар ғой, ә, бауырлар?! Сонда не тындырар едіңдер? Мүмкін, өздеріңдікі дұрыс деп санайтын шығарсыңдар. Мәселе басқада. Империя ұлтты бөлшектеп, бауырларды бір-біріне айдап салды. Тап күресі идеясы сол үшін керек! Бұл біздің жолымыз емес. Біз оны таңдап алған жоқпыз. Сыртымыздан, жоғарыдан таңып отыр. Сасяи аярлықпен, жымын білдірмес зымияндықпен, аяусыз қаталдықпен күштеп таңған! Сорымызға қарай, мұндай тозақтың иіріміне бір түскен соң, шыға алмаймыз. Ең болмаса, қолдарыңнан келгенше адам болып қалыңдаршы, өз бауырларыңа ешқашанда, ешқандай жағдайда да оқ атпаңдаршы!
Бәрі ойланып қалды – өмірдің қатал шындығына қарсы тұра алмаса да, кемеңгердің айтқан ақиқаты қай-қайсысының да санасына жеткен тәрізді.
Мен де шамырқанып отырғанмын. Туыстарыма өкпем қара қазандай, іштей екеуін де кінәлап едім. Ал қазір… Бұлақбасы ауылындағы рулық зиратта екеуі қатар жатыр. Бұлақ басы – өмірдің басы мен аяғы. Патшалық және коммунистік отаршылар ала келген идеологиялық, саяси алауыздыққа арбалып, жарық дүниеде сыйыса алмаған екі туысқан ұлтарақтай жерде тып-тыныш қатар жатыр. Енді оларды кінәламаймын. Өйтуге батылым да бармайды. Бұл күндері толып кеткен жалған тарихшылар мен атаққұмарлар, қас надандар мен жартыкеш ойшылдар, есалаңдар мен есіріктер ауыздарынан ақ көбік бұрқырап, өткенді талқыламақ болады, айыптауға тырысады. Байыппен ойланар болсақ, тағдырдың жазуымен жиырмасыншы ғасырдың бірінші жартысында қан-қасап қырғынға тап болған қазақ халқының тарихы айырықша күрделі де кереғарлыққа толы болғанын бағамдар едік. Әлгі туыстарым ол кезде жасы отызға енді келген, тіпті жиырманың үстіндегі жап-жас жігіттер болатын. Әлі ақылы толыспаған жастардың иығына сұрапыл ауыртпалық түсті. Олардың орнында талай адам ағат басып, қателікке ұрынар еді.
Үш атадан қосылатын ағамыз Әкімжанның әкесі бай болатын. Патша өкіметін жақтайтын. Әкімжан ақтардың жағында соғысып, жиырмасыншы жылы туған өлкесінде қаза тапты.
Екінші шөбере ағамыз Кәрімжан большевиктердің теңдік пен туысқандық туралы идеясына шын берілген адам еді. Іш ауруы болып таралған белгісіз індеттің кесірінен әке-шешеден бірдей айырылып, бала кезінде-ақ жетім қалған Кәрімжан кедейліктің зарын бір кісідей тартты. Бірақ тұрмыстың қиындығына мойымай, шыңдалып, шынығып шықты – шымыр, жүйкесі темірдей, мықты жігіт болып өсті. Бала кезінен қалыптасқан табандылығы мен өз сеніміне адалдығы, ойының ұшқырлығы мен тілінің өткірлігі арқылы өзі қуанышпен қарсы алған революциялық өкіметті жақтаушылардың алдыңғы қатарынан орын алды.
Обалы не керек, Кәрімжан коммунистік идеяның фанатигі де, соқыр сенімнің адамы да болған жоқ, тайыз ойлы белсенділердей емес, қандай күрделі мәселені де ойланып алып шешетін. Өз әрекетін маркстік-лениндік философияның қағидаларымен қатар даланың өміріне, халық даналығына сүйене отырып негіздейтін. Қарапайым халық оны партияның адал да әділ қызметкері, жаңа тәртіп орнатып жатқан совет өкіметінің лайықты өкілі деп таныды, көп адам оған ақыл-кеңес немесе көмек сұрап баратын, жаңа өмірдің қиындықтары туралы ашық сөйлесетін. Кәрімжан әрдайым мәселенің байыбына баруға тырысып, үнемі дұрыс шешім қабылдайтын. Жиырма үшінші жылы тап жауларының құйыршықтары түн жамылып өз үйінде, терезенің алдында баяндама жазып отырғанда атып кетті. Қанды кезең ешкімді аяған емес.
Сол күнгі мәжіліс ақырғы кездесуіміз екенін кейін білдік, туысқандар дауыстары қарлыққанша дауласып, ортақ тіл таба алмады, әрқайсысы өз пікірінде қалды. Әртүрлі идеялардың қатар өмір сүруге хақысы бар екенін қазір білеміз ғой, ол кезде революция гүрілдеп тұр, соғыс жүріп жатыр, жауынгерлік рухы көтеріліп тұрған адамдар басқаша ойлайтындарды ата жауындай жек көретін. Фанатиктер идея үшін біреуді өлтіруге де, өз өмірін қиюға да әзір еді.
Дегенмен, туысқандар сол кеште тату-тәтті қоштасты – Кәрімжан өзінің қызылдарымен, Әкімжан ақтарымен бірге кетті, ал Сәлім алашордасына қайтты. Қай-қайсысы да өз идеясын қарумен қорғап, сол үшін өлуге де, өлтіруге де дайын. Ал мен әке өсиетін орындап, туған ауылымды қорғау, анама қамқор болу үшін үйде қалдым. Үш бауырым өз жолымен үш жаққа бөлініп кеткенде жүрегім үшке жарыла жаздап, көзімнен ащы жасым сорғалап қоя берді.
Бірде, жиырмасыншы жылы, ауыл сыртындағы төбенің басында мал қарап отырғанмын. Ымырт үйірілген уақыт, көңілім жай. Күннің батуын ұзақ қызықтадым. Жан-жағына жып-жылы, жұп-жұмсақ нұрын шашып, ұясына еніп бара жатқан қызыл дөңгелекке кірпік қақпай қадалып, мәңгілік пен қас-қағым туралы тәтті мұңға толы ойларға беріліп кетіппін.
Кенет қырқадан асып түскен атты әскерді көзім шалды. Ақтар, патша армиясының офицерлері. Ең алдында шоқтығы биік ақбоз ат мінген сом денелі капитан келеді, үстінде әскери мундир. Бірінен-бірі сымбатты офицерлер соңына ерген. Жусанды дала қызыл жолақты ақшыл-көк мундирлерін айшықтай түседі, алтын жалатылған эполеттері мен ордендері батар күннің сәулесіне шағылысып, жарқ-жұрқ етеді. Мінген аттары жорықта жүріп арығанымен, әлі де көз тартып тұр. Қару-жарағы да сай – винтовкалары мен өрнекті қынапқа салынған қылыштары көк темірдің салқын да мінсіз сұлулығын паш еткендей.
Айтатыны жоқ, империя армиясының киімі мен қару-жарағы әдемі болатын. Арнайы үйретілген ат мініп, үстіне шеруге арналған мундир киген бекзада офицерлер де көркем. Тектілігі бір қарағанда білініп тұр. Оларға мылтық кезенуге де қолым бармас еді.
Сұлулық әлемді құтқарады дейді.
Мына сұлулық әлемді қиратып, құртып келе жатыр.
Қазір, қартайған шағымда әлемді сұлулық емес, мейірім құтқарады деп ойлаймын. Жаратқанның мейірімі, адамдардың мейірімі! Ал сұлулық адамдардың жан дүниесіндегі мейірімді оятуға қызмет етеді. Қараңыздар, әскери ұшақ қандай әдемі! Зымырандар ше? Көк жүзінде, шалқар мұхит төсінде самғағаны көз қызықтырады. Бірақ олар ажал себеді!..
Жарайды, осымен қояйық, дүниемен бірге жасап келе жатқан мәңгілік сұрақтарға елігіп кетіппін, негізі, тыныш та бақытты өмір сүргің келсе ондай сұрақтарға жоламау керек. Жалған кемеңгерлік көрсетіп, құр сөзбен қазан қайнату адамды өмір нәрінен айырып, күш-қуатын азайтады. «Жүз жасасаң да үйренуден жалықпа!» деген аталы сөз, сірә, мен секілділерге айтылған-ау. Осы уақытқа дейін алжи қоймағаным да содан шығар.
Сонымен, әдемі киінген, өздері де көркем әскери адамдар ауылымызға жалт-жұлт етіп келді.
Өздері алтау екен, біз үшін бұл үлкен күш. Шақырылмаған қонақтарды ықыласпен қарсы алдық. Бірақ, ақтардың қарулы отряды біздің ықыласымызды онша керек қыла қойған жоқ, өздерін сабырлы ұстаса да, өктемдігі мен билігі сезіліп тұрды.
Тездетіп семіз қойды сойып тастап, ет астық, барымызды алдарына тосып, сыйлап жатырмыз. Малай ата маған көзін қысып қойып, сандықтан екі үлкен шөлмек самогон шығарды. Шешем Бәтима бастаған ауыл әйелдері дастархан жасады. Бауырсақ, құймақ, қаймақ, құрт, айран, қымыз, сары май, ақ және қызыл ірімшік – қолда бардың бәрі дастарханға қойылды. Аш офицерлер әсіресе ыстық бауырсақты қаймаққа батырып, сүйсіне соғып, әйелдерді мақтай бастады. Сонда ғана еркін тыныс алдық.
Көп ұзамай ет те келді, ұзақ уақыт жорықта жүргенде дұрыстап тамақ ішпеген жауынгерлер табаққа түсіп кете жаздады. Қарындары шеңбірек ата тойып, ішімдіктен біраз сілтеген соң капитан ән салыңдар деп өтініш білдірді. Дала халқы үшін қонақтың тілегін орындау – бұлжымас заң, оның үстіне, қонағыңның қару-жарағы сақадай сай тұрса, орындамасқа амалың да қалмас. Арамызда әнші жоқ екен, Малай ата аппақ сақалын сипап қойып «Елім-айға» басты. Жоңғар шапқыншылығы кезінде, сайланып келген жоңғардың қалың қолы тұтқиылдан тап берген қанды шабуылдан көп қазақ қырылып, аман қалғаны босып келе жатқанда – атышулы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» тұсында шығарылған зарлы ән. Малай ата әр сөзін нақпа-нақ айтып, ырғағын сақтап, баяу дауыспен жан тебіренте әндетіп отыр. Қатал уақыт пен тыныш та бақытты өмірінен айырылған халықтың ащы шері әннің «Елім-ай, елім-ай!» деп қайталанатын қайырмасында жүректі шымшып өтеді. Орыстар әннің қасіретті мағынасын түсінген секілді. Малай ата әнін аяқтағанда бастарын шайқап, бір-біріне үнсіз қарады. Кенет капитан ән бастап қоя берді. Баяу дауыспен айтылатын мұңды әуен. Сөзін түсінбесем де туған үй, отбасының жылуы, бақытты өмір туралы екенін жан-тәніммен сезінгенім есімде. Дауысы жақсы екен, біртіндеп шырқап көтеріле берген ән арқылы жан құбылысын жеткізуге тырысатындай.
Жау болса да жақсы әнші екен.
Бөтен тілде айтылған бейтаныс әннің мұңлы әуені бәрімізді баурап әкетті. Мен сонда орыстар да қайғырып, туған үйін сағынады екен-ау деп тұңғыш рет таң қалдым. Бұрын олар өзге халықтың жерін таптап, мылтығын шошаңдатып, жергілікті тұрғындарды қырып-жойып, қорлаудан басқаны білмейді деп ойлаушы едім. Олай болса неғып жүр мұнда? Жүрген жеріне ажал сеуіп, даламызды неге кезе береді? Әлде мұнда өз еркімен келмеген бе? Кім айдап келді оларды, сан мыңдаған адамдардың тағдырын ойыншық қылған қандай құдірет? Бұл ойлардан капитанның әні аяқталған кезде ғана арылғандай болдым.
Ақтар жапырлай қол шапалақтап, бірнеше рет «Гип-гип, ура!» деп айғайлады да әнші капитанның құрметіне ішіп жіберді. Көңілі шалқыған масаң капитан кенет маған бұрылды.
– Ауылдарыңда бізбен бірге ән салатын қыздар жоқ па? Әлде қулық жасап, бәрін жасырып қойдыңдар ма? Ә?!
Алдай салу мүмкін емес, жауап қайтармау – қауіпті. Амал жоқ, Халиланы шақыруға тура келді.
Қарындасым Халила сұлу қыз болатын. Үйге кіріп келгенде айналамыз жарқырап кетуші еді. Гүлдей жайнап өсіп келе жатқан сұлулығына қоса домбыраны жақсы шертеді, ән салғанда бұлбұлдай сайрайды. Дауысы сондай әдемі, тыңдаған жанды тәнті етіп, жүзінен шуақ төгіліп тұрады. Халила шабыттанып кеткенде домбыраны аяғының башпайымен де тартады.
Сорға бастаған сол күні Халиладан шақырусыз келген қауіпті қонақтарға ән салып беруін өтіндік. Бір жағынан, қонақтардың «өтінішіне» бағындық, екінші жағынан, патшаның бекзат офицерлеріне өз мәдениетімізді көрсеткіміз келді, әнімізге көңілі толып, жайымызға қалдыра ма деген үмітіміз де бар.
Халила бірнеше күй тартып берді. Офицерлер риза болып қалды. Одан кейін бірер ән салып, соңында Біржан сал атамыздың азалы мұңға толы «Теміртас» әнін шырқады. Қарындасымның нұрланған сұлу жүзі мен жан шуағындай әсем даусы әлі күнге есімде.
Капитан мен Халила енді өнер жарыстырғандай кезектесе шырқай бастады; қарындасым қазақша ән салады, офицер оған орыс әнімен жауап қайтарады.
Офицер мырзалардың жүздері жылып, жанарлары ұшқындай берді. Бір мезет бәрі қосылып, біз білмейтін небір әндерді шырқады. Аузымыз аңқиып, алдымызда отырған әншілер – ақ патшаның офицерлері, кез-келген сәтте бүкіл ауылымызды қырып кетуі мүмкін қас жауымыз екенін де ұмытып кеткендейміз.
Шабыты оянып, көңілі шалқыған Халила қазір ғана естіген орыс әнінің әуенін домбыраға түсіргенде офицерлер «браво!» деп айғайлап, қарындасымыздың денсаулығы мен таланты үшін көтеріп қойды. Әсіресе, ажарлы капитан айрықша қуанышты. Оның Халилаға қарай бергенін байқап қалдым.
Ән – жүрек хабаршысы. Махаббаттан ән туады, кейде ән де махаббатты оятуы мүмкін.
Малай атаға бір қарап, қандай қателік жібергенімізді түсіндім. Сұлу қарындасымызды шақырылмаған қарулы қонақтарға көрсетпеуіміз керек еді! Бұрын сөйтетінбіз, бұл жолы не қара басқанын қайдам! Жат жерліктердің алдында мақтанбақ болғанымыз үшін сазайымызды тарттық.
Ақтар таң алдында ешкіммен қоштаспастан тайып тұрыпты. Керек-жарағын, азық-түлігін алған. Қарындасым Халиланы да алып кетіпті!
Ауылдың есі шықты. Шешем мені құшақтап, зар еңіреді. Тістеніп алып, жұбатуға тырысып бақтым.
Сол кезде Сәлім келе қалғаны! Інімді көргенде толқып кеттім. Шешеміз бұрынғыдан бетер еңірей түсті. Малай ата не болғанын қысқаша айтып берді. Сәлімнің көзінде ашу оты жарқ ете қалды.
Малай ата бізді қуғынға аттанудан айныта алмады, тек соғыстан сақтанып, бейбіт келісімге келуге тырысыңдар деп ақылын айтты.
– Қару алмаңдар, одан пайда жоқ. Адамша сөйлесіп, ұялтып көріңдер, бәлкім сәті түсіп қалар. Тек ұят пен әділдік қана көмектеседі сендерге!
Жолда келе жатқанымызда Сәлім ауылға анамыз бен туысқандарымызға жолығуға келгенін айтты. Алашорда әскерінің бейбіт кезі екен, командирінен сұранып келіпті. Сәлімнің айтқанына қарап, алашордашылардың да жағдайы мүшкіл екенін ұқтым. Қызылдар да, ақтар да оларға сенімсіздікпен қарайды, кейде ашық жаулық білдіреді. Алашорданың әскери күші мардымсыз, қару-жарақ пен оқ-дәрі мүлдем жоқтың қасы. Сәлім винтовкасын қарулас досына беріп кетіпті, оның мылтығы жоқ дейді.
– Винтовкама ризамын! – деп мақтанды інім. – Ақтардың бірнеше сарбазын атып өлтірдім. Арасында бір қазақ офицері бар!
Мен ініме ақырып жібердім:
– Өзімізге қару кезенуге қалай дәтің барды?!
Сәлім таңдана қарады.
– Ол өзіміз емес. Ақтың офицері!
– Қайдағы ақ, қандай қызыл?! Ол – қазақ, біздің бауырымыз!
– Маған салса – қас дұшпан! Ол мені тапаншамен атып өлтірмек болды! Мен оны өлтірмесем, ол менің көзімді жоятын еді! Сол ма саған керегі?!
Бұл сөзіне айтар уәжім болмады. Осының бәрі жат биліктің – патшалық тирания мен пролетариат диктатурасының сырттан таңған философиясы. Бөтеннің жолы, бөтеннің революциясы ақырында қазақтарды бір-бірінің қанын төгуге мәжбүр етті.
– Бар қазақ бір-біріне бауыр! – деп күбірледім амалым құрып. – Біздің қанымыз бір, ал ол сендердің ұстаған туларыңның түсінен маңыздырақ! Ақ па, қызыл ма, бай ма, кедей ме, қай рудан шыққан, қай жерде туған – осының біріне қарамастан қазақ қазақ үшін – туысқан!
Жауынгер Сәлім тынышталып, түнеріп кетті.
– Қазақтар руаралық жанжалдың кезінде де бірін-бірі өлтіріп алмауға тырысқан. Ондайда сойылды ғана қолданған және қарсыласының басынан ұрмаған. Тізеден, тобықтан немесе қардан ұруға машықтанған. Соның өзі дұшпанын аттан түсіріп кетуге жетіп жатыр.
Сәлім нағыз қазақ болатын, ағасының сөзіне қарсы шыққан жоқ.Ол көшпенділердің жазылмаған заңдарын әрдайым бұлжытпай сақтауға тырысатын.
– Түсініп тұрмын сені, – деп жұмсарта сөйледім. – Заман сондай. Бауыр бауырға қару кезенетін болды. Бірақ бәленің бәрін заманға аудара салуға болмайды. Біз онсыз да аз халықпыз, бір-бірімізге оқ атпауымыз керек!
– Дұрыс айтасың, Асанбай! – деп келіскенін білдірді Сәлім. – Бірақ бәрі бірдей бізге байланысты емес қой.
Онысы рас, амалсыздан үндемей жүре бердім.
Сәлім туа бітті қолмерген болатын. Винтовка ма, тапанша ма – қашып бара жатқан түлкінің құлағына көздеместен дәл тигізеді. Және кез-келген жақтағы нысананы қарамай-ақ, шыныққан қолымен нұсқап атып жіберсе, оғы нысананы дәл табады. Бойы ортадан сәл төмен, ашаң денелі, сіңірлі, өте шалт қимылды жігіт. Шағын денелі, салмағы жеңіл болғанымен, күші көп. Мергендіктен кейінгі қасиеті әбжілдігі дер едім. Шауып келе жатып аттың құлағында ойнағанда, жаулары да көз алмай қарап қалады. Жауынгерлік пәлсапасы қорқынышты болғанмен, ақылға қонымды. Қанқұйлы дәуірде басқа не күтуге болады? «Кім бізге қосылмаса, сол біздің жауымыз! Дұшпаныңды өлтір, әйтпесе ол сені өлтіреді. Әрдайым бірінші болып ат! Соғыстың аты соғыс!» Інім жер ыңғайын жақсы біледі, күндіз-күнге, түнде-жұлдыздарға қарап жол тауып жүре береді әрі жасырынудың шебері. «Түн ішінде адасып кетсең ішкі түйсігің мен астыңдағы атыңа сен. Тізгінді босатып, атты еркіне жібер, керек жерге өзі-ақ апарады. Ең сенімді бағдар – Темірқазық жұлдызы, ол үнемі солтүстікте тұрады!»
Сәлім Алашорда идеясына шын берілген болатын және сол жолда ымырасыз күреске түсті.
Біз ақтарды бір күннен кейін, таңертең Сілеті өзенінің жағасында қуып жеттік. Капитан бізді жылы шыраймен қарсы алды.
– Кешір бізді! – деді кесіп-пішіп. – Өмір солай!
Мен оған халқымыздың қонақжайлық дәстүрін аяққа таптап, ақ дастарханымыздан аттап кеткенін, намысымызға кір келтіргенін ұғындырмақ болдым. Нан-тұзбен қарсы алған адамдарға иттік жасау қай халықтың да салтында жоқ! Бірақ ақтың офицері райынан қайтпады.
– Тыңда! Біз қаңғып жүрген тобыр, қарақшы емеспіз. Біз ақ патшаның офицеріміз, патшаның бодандарынан керегімізді алдық! – деді әр сөзін шегелей сөйлеп. – Қарындасың үшін қалыңмалын ал да, тып-тыныш қоштасайық!
Жастық арын мен ашу билеп, қуғынға ойланбай шыққанымызды сонда түсіндім. Кімді ұялтпақпыз, қарындасымызды оп-оңай қайтарып алмақ болғанымыз қалай? Винтовкалардың жалт-жұлт еткен суық түсі мен болат қылыштардың сартылы тез есімді жиғызды.
Ол менің алдыма тапаншасын қойды.
– Қазіргі қиын-қыстау кезеңде осыдан артық қалыңмал жоқ шығар! – деді. – Артық патрон бере алмаймын, түсінесің ғой, далада қару-жарақ қоймасы жоқ!
Сол сәт қаным басыма шауып, капитанды түтіп жеуге дайын екенімді сездім. Оқыс қимылдан олардың көптігі мен от-қаруы ғана тежеп қалды.
– Сонда қалай, қарындастарымызды оп-оңай тартып әкетіп, зорлай бересіңдер ме?
– Жоқ, олай емес! Қарыңдасың ұнайды маған, өте ұнайды. Ғашық болып қалған сияқтымын. Ол да мені сүйетін секілді.
Мұндайды күтпеп едім, не айтарымды білмей тосылып қалдым.
Сәлім жол тауып кетті. Байқатпай бүйірімнен нұқып қалып, тапаншаны айналдырып қарай бастады. Қуаңжүзділерге алтын беріп, қару-жарақ алғалы тұрған семинола тайпасының көсеміндей таңданып, көзін ашып-жұмып, таңдайын тақылдатып қояды. Шолақ орысшасымен офицерді әңгімеге тартып, тапаншаның құрылысы туралы сұрай бастады. Сәлімнің аңқаулығына мәз болған ол наган маркалы алты оқты тапанша – алтыатар мен бес оқты винтовка – бесатарды қолға қалай ұстайтынын түсіндіре бастады. Сәлімге де керегі сол, қаһарлы кекшіл емес, ұстазға ұйыған шәкірттей болып офицердің әр сөзін қалт жібермей тыңдай қалыпты. Екеумізді қауіптене қарсы алған ақтар босаңсып сала берді, ауылдың надан қазағы Сәлімнің темір түтік пен қойдың құмалағындай қорғасын оқтың құдіреті туралы аңғалдау сұрақтарына дуылдап күле бастады. Әсіресе, бір оққа неше адамды тізіп қоюға болады және бұған адамның жуандығы қаншалықты әсер етеді деген сұрағы бәрінің ішек-сілесін қатырды. Басқаша айтқанда, оқ кімді оңай тесіп өтеді – семізді ме, арықты ма, байды ма, кедейді ме? Офицерлер әуелі қарқылдап күлген, ізінше дауласып кетті. Шынымен, бір оқпен неше адамды өлтіруге болады?!
Ақтардың алтауы да Сәлімнің қасына жиналып, келемеждеп, мылтық атудың қитұрқыларын түсіндіре бастады. Сәлім оларды қостап қойып, бір-бірлеп қаруларын қарап, тексеріп тұр.
Капитаннан қарындасыммен тілдестіруді өтіндім. Басқа амалым да қалмаған.
Бекзадамыз қолымен өзен жақты нұсқады.
Халила мені өзен жағасындағы бұталардың арасында күтіп алды. Өз көзіме өзім сенбедім – қарындасым адам танымастай өзгеріп кетіпті. Сүйкімділігінің ізі де жоқ.
Ауылға қайтудан үзілді-кесілді бас тартты.
– Осымен бірге қалдырыңдар мені, әйтпесе өлтіріп кетіңдер! Масқара болған басым жұрттың көзіне қалай көрінемін?!
Алақанымен бетін басып, еңіреп қоя берді. Қарындасымды құшақтап, шын жүрегімнен ағалық ақылымды айтып, жұбатуға тырыстым.
Сол мезет атылған мылтық даусы естілді. Не болғанын түсініп те үлгермедім, бірінен соң бірі жай оғындай атылған мылтық дауысы ғана есімде. Дұрыстап қарап едім, ақтардың бесеуі сұлап жатыр. Сәлімнің мүлт жібермес қолы бесеуін де жер жастандырыпты. Екі қолында екі тапанша, капитанға кезеніп тұр. Ол өлі мен тірінің арасында, есі кіресілі-шығасылы.
Қарындасым екеуміз жүгіріп бардық. Сәлім сұп-сұр, тісін шақырлатып, қан толған көзімен офицерді жеп жіберердей қадала қалыпты.
Халила жылап жіберді.
– Бұл әділдікке жатпайды! – деді капитан.
– Ал сендердікі әділдік пе?! – деп дүрсе қоя берді Сәлім. – Тыныш жатқан елімізге, үйімізге басып кіріп, қару оқталдыңдар! Тұтас ауылдарды қырып салып, қыз-келіншектерді зорладыңдар, әділдік пе сол?! Ә?! Жауап бер, иттің баласы!
– Мұндай сөз үшін бізде жекпе-жекке шақырады, намысын қарумен қорғайды! Бірақ сендер, жабайылар, ондайды түсінуші ме едіңдер! Сендерде ар-намыс деген ұғым да жоқ шығар?!
Сәлім екі тапаншаны да капитанның басына тақады. Ананың үні өше қалды, жүзі қуарып кетті, бірақ өзін ерге лайық ұстады. Қашан атады деп күтіп тұрмын. Кенет Халила жанұшыра шыңғырып, Сәлімге тап берді.
– Тоқта! Тоқта, ағатай! Немесе мені де өлтір!
Таңданғаннан үніміз шықпай қалды.
– Не, патша офицерінің құшағы туған үйіңнен ыстық болды ма?! – деп жантүршігерлік дауыспен ақырды Сәлім.
– Жоқ! Бірақ басқа амалым да жоқ! Не оның әйелі боламын, не…
Сәлім оны аяғына дейін тыңдаған жоқ. Ашуға булығып, ақырып жіберді:
– Жап аузыңды! Мұндай сөзге аузың қалай барады?! Жат жерлікке қолымнан беріп қоя алмаспын сені!
Сәлім қатты итеріп жібергенде, Халила анадай жерге ұшып түсті. Қара жерді құшақтап, еңіреп жатыр. Шыдай алмай, қасына барғым келген, Сәлімнің сөзін естіп қалт тоқтадым.
– Не істейміз, беті қара бекзатым? Атысамыз ба?
Сәлім офицерге зілдене қарап, тапаншаны соған қарай лақтырып жіберді. Ол да қалт жібермей қағып алды.
Сәлім кері бұрылып, адымдай жөнелді, дауыстап санап барады. Халила атып тұрып, артынан жүгірді, көз жасын көлдетіп жалынып жүр.
– Қан төгіп керегі не? Не үшін кеудеңді оққа тоспақсың? Одан да жібере салшы бізді, Сәлім!
Сәлім артына бұрылмастан жүре берді, санаудан жаңылған жоқ. Қарындасым еңіреп, қайтадан жер бауырлай жығылды, сол күйі тұрған жоқ. Отыз қадам есептеген інім тоқтай қалып, кері бұрылды. Офицер де дайын екен.
– Қылышты серме! – деп айғайлады Сәлім маған.
Інімді райынан қайтармақ болып оқталғанмын, түріне қарап, бұл әрекетімнен түк шықпайтынын ұқтым.
Еріксіз секундант болдым, екеуінен бірдей қашықтықта, орта тұсқа барып тұра қалдым. Офицердің тұрысы мен өзін-өзі ұстауына қарағанда, талайды көрген мықты дуэлянт сияқты. Сәлім болса, ешқашан жекпе-жек атыспаған.
Қарсыластар дайын екенін білдірді.
Офицердің қылышын сермеп қалдым.
Атылған оқтың дыбысы шықты.
Бір-ақ рет атылды.
Әуелі інім тұрған жаққа қарадым. Тапанша ұстаған қолын созған күйі орнында тұр. Екінші жаққа қарадым, капитан жусанды даланы құша құлапты. Жақындап барғанда көрдім, оқ басын тесіп өткен.
Халила қозғалмастан жатыр. Есінен танып қалған.
Ақтардың мәйіттерін бір жерге жинап, беттерін топырақпен жаба салдық. Алты винтовка мен жеті тапанша, оқ-дәрі, қылыш, қанжар тәрізді қару-жарақты, ер-тұрман және басқа жорық заттарын олжа қалып алдық.
Қарындасымыздың есін әрең жиғыздық. Атқа отырғызып, жолға шықтық. Қарсыласқан жоқ, жол бойы мұңлы әндерді ыңылдаумен болды.
Қараңғы түсіп, түнемелге аялдадық. Қоржынымыздағы қалған-құтқан тамақпен жүрек жалғап, ұйқыға бас қойдық.
Кенет түн тыныштығын тіліп өткен мылтық даусынан шошып ояндық. Атып тұрып, қорғанысқа дайындалып жатырмыз. Сәлімнің шынымен дала көкжалындай әккі болып алғанына тағы да көзім жетті. Мен винтовкамды таппай әуреленіп жатқанда, ол атысқа сақадай сай дайын тұрды. Бірақ, ешқандай дұшпан байқалған жоқ, сабамызға түсіп, қарындасымызды іздей бастадық.
Халила өліп жатыр екен.
Ия, ол атылып өлді, сол қылығын қалай түсіндірерімді әлі күнге білмеймін. Неге, ә? Не үшін істеді соны? Таңғы шықтай тап-таза жан дүниесі қатігез заманның қиянатын көтере алмады ма? Масқараға ұшырағанын қанымен жумақ болды ма? Әлде… Бұл жауапты ойлаудан да қорқамын. Әлгі офицерді, халқымыздың жауын шынымен сүйіп қалғаны ма? Онсыз өмір сүре алмайтын болғаны ма? Жоқ, жоқ, мүмкін емес! Оның қандастарымызды қырып-жойып, қорлық көрсеткен жауыз екенін біледі ғой! Ондай адамды сүйе алмайды ол!
Ал сүйе алса ше ?
Халиланы аза тұтуға бүкіл руымыз, айналадағы ел-жұрт түгел жиналды. Бұл қаза анамызға өте ауыр тиді. Қызын жоқтап зар илегені әлі құлағымнан кетпейді. Жерлеген соң да көпке дейін есімізді жия алмай жүрдік. Сәлім олжадан түскен қарудың тең жартысын қарулас достарыма беремін деп алып кетті, қалғанын ауылдағы шалдар мен ересек балаларға таратып бердік.
Аумалы-төкпелі заман Сәлімді қатал да қитұрқы ойындарға араласуға мәжбүр етті, сөйтіп жаужүрек әрі айлакер інім біресе қайтпастан шайқасып біресе күмәнді біреулермен одақтасып жүрді. Үйде бір-екі апта отырған емес. Қат-қабат оқиғаларға құмар, мен секілді сырт қалуға тырыспайды, керісінше, қанды қырғынның қақ ортасына тайсалмай кіріп кете барады. Ол Алашорданың атты әскеріндегі ең үздік мергендердің бірі болды. Көшпенді бабаларымыздың лайықты ізбасары, даланың еркін ұлы ешкімге бағынғысы келмейтін. Мен оған қатты алаңдап, сақтандырып бағамын, ал ол күлімсірей жауап қатады:
– Өз қамыңда ойла, ағатай. Сәлім ешкімге есесін жібермейді!
Біртіндеп үйге келуді сирете бастаған, сөйтіп жүріп ақыры хабарсыз кетті!
Жиырмасыншы жылдың күзінде Малай ата қаза тапты. Далада жайылып жүрген малды ауылға айдап әкелейін деп аттанып кеткенмін. Ертесіне қайтып келсем ауылдағылар аза тұтып отыр.
Жылап-сықтаған әйелдер не болғанын айтып берді. Ақтардың отряды ауылға кенеттен сау ете қалыпты. Малай ата алдарынан шығып қарсы алған. Әлгілердің қарны тоқ болса керек, өздері мас дейді, үйге кіріңдер деп шақырса құлақтарына қыстырмапты. Қызылдарды жасырсаңдар немесе соларға іш тартсаңдар ауылды өртейміз деп ақсақал мен әйелдерді қорқытыпты. Қызылдардың жоқ екеніне көздері жеткен соң боқтап-боралап, кетуге жиналыпты.
Бірақ, дәл кетерде жергілікті казак, осы маңдағы станицадан шыққан есаул мас екен, атын ойнатып тұрып, патша офицерімен бір шөлмек араққа бәстесіпті. Казак мақтанып, қылышының өткірлігі мен сайыскерлік шеберлігін, соққысының күшін сынап көрмек болған. Малай атаға далаға қарай қаш деп бұйырыпты. Есаул атпен қуып жетіп, қылышты бір-ақ сермегенде екі бөліп тастай алмаса шалды да, ауылды да жайына қалдырады. Шал келіспесе тұрған жерінде шауып өлтіреді, ауылды қырып кетеді. Амал жоқ, жасы жетпістің екеуіне келген Малай ата қаша жөнеледі, есаул қиқулап соңынан қуып береді. Әп-сәтте жетіп барып, қылышын сермеп қалыпты. Жас кезінде ат үстіндегі шайқастың неше түрін бастан өткерген көшпенді емес пе, атамыз соққыдан жалтарып, домалап кетеді. Қылыш ауаны тіліп су ете түскен, аптығы басылған казак қызып алған атының басын әрең тежепті. Ақтар қарияға қол соғып құрмет білдіріп, мақтаншақ есаулды күлкіге айналдырады. Ауыл адамдары құтылғандарына қуанып, енді демін алған екен. Отряд жолға шыға бергенде, ызасы қайнаған есаул күтпеген жерден Малай атаның аппақ басынан қылышымен тартып жіберіпті. Ақ сақалы қызыл қанға боялған қария дыбыс шығармастан құлап түседі. Ақтар есаулға кінәлай көз тастапты, ол атын тебініп, айғай салып шаба жөнеледі. Әйелдер дауыс салып, баршамыз құрмет тұтатын атамызды жоқтап, жылап қоя берген.
Малай атаны ата дәстүрімізбен арулап жерледік.
Бәріміз үшін қадірі бөлек атамыз үшін кек алғымыз келіп құштарланғанбыз, бірақ оған мүмкіндік болмады.
Тағы біраз уақыт, азамат соғысы аяқталғанға дейін сол маңда күн өткіздік.
Бір күні қойтастардың арасынан ауылымыздың жылқы-сиыр, қой-ешкісін жинап жүргенмін. Кенет үлкен жақпар тастың тасасынан бірнеше қызыләскер атып шығып, винтовкасын кезеніп тұра қалды.
– Тоқта! Қозғалма!
– Көтер қолыңды!
Сасып қалып, қолымды көтердім. Қарсылық білдірмеген соң тыныштала бастады.
– Ақтарды жақтайсың ба, қызылдарды ма? Байсың ба, кедейсің бе?
– Қайдағы кедей? – деп тойтарып тастады екіншісі. – Қанша малы бар! Нағыз қарынбайдың өзі!
– Сендер кімді жақтасаңдар, соның жағындамын! – деп құтылмақ болдым.
– Ах, сүмелек! Қарғыс атқыр калбит! Тап жауы ретінде көзіңді жоямыз сенің!
Бәрі қарқылдап күліп алды.
– Не керек сендерге? Мал ма, жан ба? – деп сұрадым біртіндеп ұзап бара жатқан малды нұсқап. Бірақ оларға керегі басқа сияқты.
– Өкпелеме, уақыт сондай! Ал, тағдырыңды өзің таңдайсың!
Арасындағы үлкені шалбарының қалтасынан мыс бақыр шығарды.
– Мына тиынды жоғары лақтырамын. Егер ту сырты жоғары қараса, ешкімді жақтамайтын болғаның. Онда да босатпаймыз. Түсінесің ғой, қазір соғыс уақыты. Кім біледі, барып ақтарды ертіп келерсің, ә? Мына тасқа байлап кетеміз. Әрі қарай маңдайыңа жазғанын көресің! Мүмкін туыстарың тауып алар, қасқыр мен қорқау жеп кетуі де ғажап емес. Ал егер беті жоғары қараса, онда жау болғаның! Олай болса өкпелеме – табан астында атып тастаймыз!
Ештеңе дәлелдей алмайсың, даулассаң бәлеге қалғаның. Бірақ жаным тыныш, өлер сәтім келе қоймағанын сезіп тұрмын. Ішімнен Жаратқанға сыйынып, ата-баба аруағына жүгіндім. Бастық тиынды әуелете лақтырып жіберді. Күнге шағылысып жалт ете қалған тиын әуеде шыр айналып шөптің үстіне құлады. Қызыләскер екеуміз бір мезгілде тұра ұмтылдық.
Беті жоғары қарапты!
Жүрегім су ете түсті.
– Міне, тағдырдың өзі үкіміңді шығарды. Бізде кінә жоқ. Жүр! – деді бастық міз бақпастан.
Қойтастардың ортасына қарай айдап әкетті. Аяғымды әзер басып келемін.
Қызыләскерлер арзан күлкілі бұзық анекдот айтып, қарқылдасып қояды. Ескі дүниені қиратып, соның сынықтары мен адам сүйектерінің үстіне жаңа дүние орнатып жатқан сабаздар кісі өлтіргелі тұрғандарын қаперіне алар емес.
Кенет көзімнің қиығымен шалып қалдым, бізге қарай бірнеше салтатты келе жатыр. «Ауылдастар ма? Әлде ақтар ма екен?» – деген сұрақ миымда жалт етті. Қызылдар екенін келесі сәтте-ақ түсіндім.
Екі қызыләскер сол жерде тұрып қалды, екеуі мені қойтастың қасына әкеліп, тізерлетіп қоймақ болды. Бірақ мен жауларымның көзіне тура қарап, ажалымды лайықты қарсы алуға ұйғардым. Қолдарынан жұлқынып шығып, жүзімді соларға бұрдым, басымды тік ұстауға тырыстым. Ішімнен Аллаға сыйынып: «Лә иләха иллә Алла, Мұхаммед расул Алла!» – деп кәлимамды айттым.
Өлгім келмей тұр, өмірім енді ғана басталды ғой!
Келе жатқандар аттарына қамшы басты. «Қызықтан құр қалғысы келмеген болар!» – деп ойладым. Жендеттерім бір-біріне қарасты. Жүздерінен ызғар шашып, енді нағыз қанішерлерге ұқсап шыға келді. Үмітімнің әлсіз сәулесі жалп етіп сөнді. Қызыләскерлер ызалана бастады – көздеріне тура қарап тұрған адамды ата салу онша қолайлы болмаса керек. Теріс қарап, тізерлеп тұр дегенді ымдап түсіндірмек болады. Көздерінен жанарымды айырмай тұра бердім.
– Дайындал!
Зәрлі бұйрық қатал естілді. Үш солдат мылтықтарын кезеніп, көздей бастады. Ажал оғы атылғалы тұрған мылтықтардың үңірейген ұңғыларынан көз алмай, жарық дүниемен қоштаса бастадым.
Кенет жаңа бұйрық естілді.
– Доғарыңдар!
Қызыләскерлер мылтықтарын түсіріп, сымдай тартыла қалды.
Жүйке тамырларым шамадан тыс ширығып тұрса керек, сол жерде жығылып қала жаздадым, бар ерік-жігерімді салып қана құламай тұра бердім.
Бұйрықты бірінші шауып келген салтатты берген екен. Жүзіме тесіле қарап сәл тұрды да саңқ ете қалды:
– Асан! Асан! Сен Асанбайсың ғой, Аманжолдың ұлы! – Атынан қарғып түсіп, құшақтай алды. – Не, Асанбай, тамырыңды танымадың ба? Мен Майдайкиннің баласымын, Тимофеймін ғой!
Құшақтаса кеттік. Құтылған екенмін!
– Бұларың не, қызыләскер-комсомолдар? Дос пен дұшпанды ажырата алмайсыңдар ма? Өзіміздің адам бұл! Жатсынбауды өтінемін! – деп мәлімдеді Майдайкин шорт кесіп.
Сөйтіп, аяқ астынан өмірім өзгеріп сала берді. Қызыл Армия командирі, әкемнің тамырының баласы Тимофей Майдайкин мені ажалдан құтқарып қана қойған жоқ, қызылдардың жағына тартты. Басқа амалым да қалмаған – қайсар командирдің шешімі мен жағдайға байланысты совет өкіметінің жағына шығуға тура келді.
Майдайкин командирге тән шешімталдықпен оқуға жіберді.
– Осы соғысқаның да жетер! Шындыққа тура қара! Жаңа өмір басталды! Жаңа өкіметпен дос болу керек! – деді ол кесіп-пішіп. – Әйтпесе…
Сәл үнсіз қалды да әрі қарай жалғастырды, енді байыппен сөйлей бастады:
– Арман-қиялың мен жан қиналысың туралы ешкімге жақ ашушы болма! Совет өкіметіне мұғалімдер керек. Бар, білім ал, халқыңа социализмнің әділдігін уағызда!
Мен оған шын жүректен рахмет айттым.
– Рахметті сенің әкеңе айту керек! Біз жақсылықты ұмытпаймыз! – деп жымиды ол қоштасарда. – Бала оқыту – абыройлы іс, тамыр! Осыны ұмытпа! Әлі талай жолығамыз, жаңа өмірді бірге құрамыз!
Соның кепілдемесімен облыс орталығындағы қысқаша оқыту курсынан өтіп, мұғалім болып шықтым. Ол кезде мұғалімдерге деген құрмет алабөтен. Үлкендер балаларға: «Мұғалім бол!» – деп бата береді. Халқымызға мұғалімдер жетіспей жатты. Өзімнің де бейіл, бейімім осы еді. Балалардың сауатын ашу, хат таныту, халықтың көзін ашу сол уақыттағы ең абыройлы жұмыс болатын.
Біртіндеп бейбіт өмір қалыптаса бастады. Бұрынғы заман ұмытылып, жаңалыққа ұмтылатын болдық. Советтік ұрандар көңіліме қонбаса да басқа баратын жер жоқ. Бұрынғымен салыстырғанда тыныш өткен сол жылдары адамдар өмір сүріп, еңбек етіп, жаңа ұрпақ – совет адамдарын өсіріп жатты.
Жиырма бес жасымда үйлендім. Дұрысы, мені үйлендірді. Әйелімнің аты Халима, арғын, қарауыл. Әке-шешеміз баяғыда құдаласып қойыпты, ол кезде мен жеті жастамын, болашақ әйелім бесікте жатқан, тағдырымыз сол кезде шешіліпті. Дала заңы қатал болғанымен, даналыққа негізделген. Ата-аналар бірін-бірі таниды, шыққан тегін біледі, құдалық екі жақтың келісімімен ғана жүргізіледі. Әрине, бізден ешкім рұқсат сұраған жоқ.
Әкеміз Аманжол қалыңдығымның қалыңмалын – көшпенділердің салты бойынша қырық жетіні матап берген.
Қалыңдығыммен алғашқы кездескенім әлі есімде, бейне бір тәтті түс сияқты. Жаздың кезі, дала құлпырып тұр, көкорай шалғын мен қызыл-жасыл гүлдердің хош иісі танауды қытықтайды, әр жұтқан деммен бірге тұмса табиғаттың бұла күші көкіректі кернеп, құстардың шырылы мен шегірткенің шырылы аялаған әндей естіледі. Дәстүр бойынша, достарыммен бірге қалыңдығымның ауылына бардым.
Кешкісін ауыл жастары бізді құрметтеп, алтыбақан құрды. Халима екеуміз арқаннан керілген әткеншекке қарама-қарсы отырып, аяғымызды ортадан тартылған арқанға тірей жайғастық, қыздар мен жігіттер алтыбақанды тербете бастады. Екеуміз махаббат пен адалдық, бақытты өмір туралы ән шырқадық. Әткеншек тербеліп, жоғары көтерілгенде айға дейін жетіп, қайтадан төмендегенде демің бітіп қалатындай көрінеді; әткеншектен бе, бақыттан ба – басымыз айналатын секілді. Қараңғы түскен соң ақсүйек ойнаймыз деп хабарлады. Ойын тәртібі бойынша, ұйымдастырушы малдың тазартып мүжілген сүйегін әуелетіп алысқа лақтырып жібереді. Бәрі соны іздеп жүгіре жөнеледі. Көпшілігі сүйекті шынымен іздегенсиді, бірақ шын мәнісінде ойлары басқа, бұл – ғашықтардың оңаша қалуына арналған ойын! Біреулер кейде ақсүйекті түннің ортасына дейін іздейді!
Халима екеуміз де ұзақ іздедік, сөйтіп жүріп «адасып кеттік». Бұл біздің алғашқы кездесуіміз еді…
Бір аптадан кейін үйлендік. Бір мың тоғыз жүз жиырма бесінші жыл болатын.
Біз Степняк қаласында тып-тыныш, бейбіт өмір сүріп жаттық.
Ашаршылық
Жиырмасыншы жылдардың ортасында Қазақстан коммунистік большевиктер партиясы өлкелік комитетінің бірінші хатшысы болып Филипп Исаевич Голощекин тағайындалды. Бірінші хатшы іс жүзінде республиканың қожайыны болатын.
Халықтың арасында оның шыққан тегі еврей екен, шын аты-жөні Шая Ицкович деген қауесет тарады. Біреулер Филипп Исаевич Голощекин – Шая Ицкович орыстың соңғы патшасы Екінші Николайды өз қолымен атып өлтіріпті деп сыбырласып жүрді.
Қазақстанға нендей оймен келді, Орталық Комитеттен қандай тапсырма алды – оны ешкім де білмейді. Әйтеуір, қолына билік тигесін Қазақстанда адамзат тарихында болып көрмеген сұрапыл саяси қылмыс жасады.
Жұрттың айтуынша, Қазақстанға келген соң республикадағы жағдайды көріп таң қалыпты: далада мал өріп жүр, халықтың тұрмысы жақсы. Бейне бір революция да, оның салдары ретіндегі бүліншілік пен аштық та болмаған сияқты.
Жергілікті саяси қайраткерлер оған қазақ – көшпенді халық, сан ғасырлардан бері азығы да, көлігі де мал болып келген деп түсіндіріп баққан. Бірақ Өлкомның бірінші хатшысы басқаша ойлайды. Оның пайымдауынша, Совет елінде көшпенді халық жоқ, бәрі отырықшыға айналып кеткен! Олар советтік дәстүрмен өмір сүруге тиіс! Бір әулетте ондаған, тіпті жүздеген мал болуы біздің ұстанымға жат, революцияға қайшы… Бұл жерден буржуазияның иісі шығады!
Оның бұл пікіріне қарсы шығып, бір әулеттің ондаған немесе жүздеген мал ұстауы – байлық емес, күн көріске қажетті ең төменгі мөлшер екенін дәлелдемек болыпты. Олардың азық-түлігіне, қажет заттарға алмастыруына және мал басын сақтап, көбейтуге осынша мал ауадай қажет. Даланың өлшемі бойынша олар кедей болып саналады… Әрі кеткенде орта дәулетті ғана!
Бірақ хатшы өз дегенінен қайтпайды. Советтік өлшем бойынша, олар – буржуйлар, құлақтар, қарынбайлар! Малын тартып алып, байлығын тәркілеу керек, ал мыналарды… кедейлер мен орташаларды колхоздар мен артельдерге біріктіреміз, сонда ғана нағыз кедей таптың өкілдері болады! Малдың бәрін колхозға жинаймыз! Ойлап қараңдаршы, қандай байлық, неткен әлеует! Жоспардың бәрін артығымен орындар едік!
– Ондайдың зардабы ауыр болады! – деп сырттан келген басшыны ақылға көндірмек болады қазақ қайраткерлері. – Халық немен күн көреді? Дала өмірінің ерекшелігін, жергілікті тұрмыс салтын ескеру керек! Қазақ малсыз қалса аштан қырылуы мүмкін!
Өлкелік комитет басшысы таң қалыпты: Неге? Басқалар малсыз-ақ өмір сүріп жатыр ғой!
Қазақ көшпенді халық, ата-бабасынан бері малшылықпен ғана айналысқан. Мыңдаған жылдардан бергі өмір салты сондай! Оны күрт өзгерту апатқа ұшыратуы мүмкін дегенді оған ешкім ұғындыра алмай қойды..
Өлкелік басшы тіпті шектен шығып, басқаша сайрап қоя берді:
– Совет өкіметі, коммунистік партия қазақ халқынан қамқорлығын аямайды! Менің ойымша, Қазақстанда революция жасау керек! Шағын Қазан төңкерісі! Социалистік дамудың басты шарты – тап күресін күшейту! Байлардың мал-мүлкін дереу тәркілеп, өздерін республикадан қуып жібереміз, ұжымдастыруды жеделдетеміз, сондай шешім қабылдадық! Қазақстанда шағын Қазан төңкерісін жасау қажеттігі туралы жолдас Сталинге хат жазғанмын, жолдас Сталин бұл идеяны мақұлдап, қолдау білдірді! Керек десеңдер, жолдас Сталин қазіргі бірден-бір дұрыс шешім осы деп өз қолымен жазып, қуаттап отыр! Ұқтыңдар ма?! Әлде бұл шешімге қарсысыңдар ма? А-а? Маған қарсысыңдар ма? Әлде жолдас Сталинге ме? А-а?
Талай адамның аузына құм құйылды. Дегенмен ақырына дейін барып, әңгіме тұтас халықтың тағдыры туралы деп табандап тұрып алған ерлер де болды. Асыра сілтеуге ұрынбайық… Жазықсыз адамдар жапа шекпесін!
Орыс патшасы Екінші Николай мен балаларын өз қолымен атқан Голощекин бұл пікірге шімірікпестен жауап беріпті:
– Революция құрбандықсыз болмайды!.. Асыра сілтеуге жол бермеуге тырысамыз, бірақ ымырашылдыққа ұрынбауға кеңес беремін! Алға, жолдастар, ұлы істі – шағын Қазан төңкерісін бастайық!
Содан басталып кетті! Орталық Комитеттің қолдауына сүйеніп, қарсыластарының бәрін басып тастады, көнбегендерінің көзін құртты. Саяси көреген, айрықша дарынды, қазақ халқының көзсіз батыр патриоты, Голощекиннің есірік саясатына табандылықпен қарсы шыққан, жаулары Мәскеуге шақырып алып у беріп өлтірген жап-жас Смағұл Сәдуақасовтың қалай қаза тапқаны әлі де құпия. Отызыншы жылдардың басында қуғын-сүргіннің алғашқы толқыны жүрді – көптеген танымал тұлғалар мен ырыққа көнбеген қайраткерлерді жер аударып, түрмеге қамап, бірқатарын шұғыл соттың үкімімен ату жазасына кесті.
Сөйтіп, күшейіп алған Голощекин қанды жоспарын – Кіші Қазан төңкерісі деп аталатын, қазақ халқының басым көпшілігін қырғынға ұшыратқан екінші социалистік революцияны өзімбілемдік өктемдікпен жүзеге асыруға кірісіп кетті!
Қазақ байларының мал-мүлкін жаппай тәркілеу басталды, елдің саяси басшылығы бұл іске қазақтың партия-совет белсенділері мен кедей табы белсене араласуын талап етіп, жүзеге асырды.
Бәрінен де сорақысы, байлар – жаман адамдар, олардың көзін құрту керек дегенге кедейлер шынымен сеніп қалды! Бұл – әр адамның парызы! Байларды түгел жойсақ қана жаппай бақытты өмір сүретін боламыз.
Сөйтіп кедейлер атқа қонды.
Жиырма тоғызыншы жылы тәркілеу науқаны дүркірете жүргізілді, оның қармағына орташалар да ілінді. Байларды үйелменімен қоса Сібірге, итжеккенге айдады. Өзіміздің ақсары ақымбет керейден шыққан ірі бай Кеңесбайды тәркілеуге куә болғанмын. Оның байлығы аңыз болып айтылатын. Бірде Кеңесбай далада келе жатса Омбының базарына шығару үшін жылқы айдап бара жатқан біреулер жолығып қалады.
– Базарға шығаруға ерте емес пе? Жылқы әлі қоңданбапты, арзанға кетеді ғой, – депті Кеңесбай көшпендінің жіті көзімен үйірді шолып өтіп.
– Бізге ақша керек болып тұр! – дейді әлгілер.
– Олай болса, базардың қазіргі бағасын беріп, мен-ақ сатып алайын!
Жолаушылар қуана-қуана келіседі, Омбыға дейін пәлен жүз шақырым, мынау оңды болды ғой – жылқыны да сатады, уақыттан да ұтады! Сонда Кеңесбай тоқымының астынан ақша толы қапшықты суырып алып, айдалада төрт жүз бас жылқының құнын қолма-қол төлеп, сатып алыпты. Ойлап қараңыз, тоқымының астында соншама ақша жүрсе, үйінде, сандығында қаншасы жатыр?!
Жыл сайын ағайындарына соғым таратады екен. Бүкіл ауылы соған қызмет етеді – малын бағады, есесіне соның есебінен күн көреді. Соның арқасында ешкім ашығып көрмеген. Енді міне, қоштасатын уақыт келді. Өте ауыр көрініс! Қарулы айдауылдар байдың өзі мен әйелдеріне ешкімді жақындатпайды. Қорыққан балалар шешелерінің етегіне тығылып жүр. Кеңесбайға ең керекті мүліктерін ғана арбаға тиеп алып жүруге рұқсат етті. Бітті! Бай мен қатын-баласы қарулы айдауылдардың қоршауымен арбаға мінді. Ешкім үндеген жоқ, соның өзі жаныңды ауыртады. Кеше ғана ысқырығы жер жарған байдың ел-жұртпен қоштасуына да мұрсат жоқ. Жиналғандар мұрнының астынан міңгірлеп, қош айтысып жатты. Бай басын изеп жауап қатты. Әйелдер жыламсырай бастады.
Совет өкіметінің суық жүзді өкілі жиналғандарды көзімен шолып өтті.
– Не болды? Байға жандарың ашып тұр ма? Қанаушы ғой ол, нағыз қанішер! Қанша жыл бойы мойындарыңнан түспей келді! Мына байлықтың бәрі, мал-мүлкі түгел сендерге тиесілі. Заң бойынша! Сондықтан, кедей ағайындар, совет өкіметі мен большевиктер партиясы сендерді осы сияқты қанаушылардан құтқарғанына қуану керек! Әділдік салтанат құрды! Оның ендігі орны Сібірде! Басқа жол жоқ! Ал, тартыңдыр!
Биік айғырға мініп шіреніп тұрған өкімет өкілі қамшысын шарт еткізіп сілтеп қалды, арба орнынан қозғалып кетті. Ауыл тұрғындары бір кезде елге сыйлы, қадірлі болған байдың соңғы көшін көзімен ұзатып салды. Кеңесбайды отбасымен бірге белгісіз сапарға апара жатқан арба ғана бір сарынмен шиқылдап барады.
Жылқысы, сиыры, қойы, ешкісі мыңдап саналушы еді, соның бәрін совет қызметкерлері белгісіз жаққа айдап әкетті. Елдің қажетін өтеу үшін ет комбинатына өткізіпті дейді.
Дала қаңырап қалғандай. Бұл саясаттың мәнісін ол кезде ешкім түсіне алмады. Дегенмен, байларды тәркілеу мен жер аудару барлық жерде тып-тыныш өте қоймапты. Дала телеграфы – ұзынқұлақ арқылы елді елегізіткен хабарлар келе бастады. Белгілі әулеттер мен тәркілеушілердің арасында қақтығыстар шығып, кісі өлімі болған дейді. Даланың әр түкпірінде бұрқ етіп көтеріліс шығып жатты.
Сәлім інім көтерілісшілерге қосылып, совет өкіметінің жолсыз істеріне қарсы шайқасқа араласып кетіпті деген қауесетті де естідік. Бұл өте қауіпті жәйт болатын, біз үнемі қорқыңқырап жүретін болдық.
Тәркілеу мен шұғыл ұжымдастыру науқанынан кейін азық-түлік салығын жинау басталды. Жоғарыдан сондай тапсырма беріліпті.
– Ең алдымен Орталыққа астық, ет және басқа азық-түлік өткізу жоспарын артығымен орындау керек!
Содан басталып кетті. Жергілікті биліктің тізгінін ұстағандар өкіметтің тапсырмасын бұлжытпай орындауға тырысты. Сол кезде пайда болған «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын!» деген жадағай да шалағай ұран даламызды шарлап, халықты тұттай жалаңаш қалдырғаны тарихтан белгілі.
Шолақ белсенділерге бастап келген азық-түлік салығын жинаушылар аш қасқырша жалақтап, дала кезіп, бейбіт қазақ ауылдарының астан-кестенін шығарды. Күн өткен сайын арандары ашыла түсті, халықтың қыс келеді деп сақтап отырған астығынан түйір дән қалдырмай, еттің ең соңғы кесегіне дейін тартып әкетті! Наразылық білдіргендерді біз азық-түлік жоспарын орындап жүрміз, кейін совет өкіметі бәріңді тойындырады деп тыныштандырды. Бұл сөзге сенгендер де бар шығар, қарсылық білдіргендерді қамауға алып, жұмысшы-шаруа өкіметінің дұшпаны ретінде сотқа тартады, кейде сабап-сабап қоя береді.
Шолақ белсенділер қазақтың соры болды. Олар Кремльдегі диктаторлар мен өлкелік комиссарлардың темір жұдырығына бағынатын. Қарапайым адамдар қайдан білсін, халықты қыруға бағытталған сұрқия саясатты сол белсенділердің өздері жүргізіп жатқандай көреді. Олай емес, ақылдан жұрдай шолақ белсенділер заңсыздық пен жаппай қырып-жоюды жүзеге асырушылардың қолындағы тиімді құрал ғана. «Міне, қараңдар, әділдікке негізделген жаңа өмір құру жолында қазақтардың өздері тап жауларын құртып жатыр! Біздің еш қатысымыз жоқ!»
Салық жинаушылар мен шолақ белсенділердің темір тырнағына іліккендер жан түршігерлік әңгімелер айтатын. Тіске басар қалдырмай сыпырып әкеткен: қысқа дайындаған қор ма, сүрленген ет пе – ұқыпты әйелдердің кейінге сақтаған қорегінің бәрін тартып алған. Біреулер астықты жерге көмген екен, иіс сезгіш немелер жердің астындағы ұраны да қопарып, ырымға дәнек қалдырмай жинап әкетіпті. Ол аздай, үй иесін тұтқынға алып, астығын жасырғаны және азық-түлік салығынан жалтармақ болғаны үшін сотқа тартады. Әлгі бейшара зиянкес әрі совет өкіметінің қас жауы ретінде ең кемі он жыл арқалап кете барады.
Көз көргендердің айтуынша, отыз бірінші жылдың күзінде бүкіл аймақтағы малды аудан орталығы Казгородок селосына айдап әкеліпті. Малды сойып, ет комбинатына жөнелтпек болған, бірақ осыншама мол етті игеруге комбинаттың шамасы жетпейді екен. Сосын әлгі етті Отан қоймасына тасу үшін көлік жіберуін күтіп, сойылған малды бірінің үстіне бірін таудай қылып үйіп қойыпты. Бірер күннен кейін бұзыла бастаған еттің иісі бүкіл аймақты алып кеткен. Бірақ аштықтың азабын тарта бастаған адамдарға сол еттің бір кесегін де бермепті! Қарулы күзет қойып, ашыққан халық пен қаңғыған иттерді жолатпай, мылтық атып қуалаған. Еттің бәрі шіріп кетіпті!
Осындай саясаттың салдарынан Қазақстанда бір мың тоғыз жүз отыз екінші жылдың қысында жаппай ашаршылық басталды. Адам қолымен жасалған мұндай апат даламыздың тарихында ешқашан болған емес.
Салық жинаушылар керексіз деп тастап кеткен мал терісін қаузалап аман қалған тұтас әулеттер болды. Аязда бүлінбей сақталған шикі теріні тілімдеп кесіп алып, әбден жібігенше қайнатады. Соның сорпасын ішіп, жан сақтайды!
Өкімет орындары көңілдері соқпаса да ашаршылық жайлаған далаға анда-санда азық-түлік отрядтарын жіберетін. Бірде сондай сапарға мені де аттандырды.
Бір жолдас екеуміз азық-түлік тиелген екі шанаға мініп, бір апта бойы алыс ауылдарды араладық. Далада көргенімізді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жолдың жиегінде аштан өлген адамдардың мәйіттері жиі кездесті.
Бір сурет әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді: сайдың ішінен біреудің мүрдесін көрдік. Денесінің жартысын қар басқан, қалған жартысы күртік қармен бірге қатып қалыпты. Өмір үшін ақырына дейін күрескенге ұқсайды, талшық етер азығына екі-ақ қадам жете алмапты! Оң қолын алға қарай созған күйі етпетінен жатыр. Шарасынан шыға бақырайған екі көзі алға қараған күйі қатып қалған. Сол күйі өліп кетіпті. Қол созған нәрсесіне қарап едік, талып түсе жаздадық. Екі қадам жерде саршұнақ тышқан өліп жатыр. Бар күшін салып ұмтылған бейшараның сәл ғана жылжуға шамасы болмапты! Егер саршұнақтың өлексесін жеп әл жинаса, қалаға да жетер ме еді!
Сол маңнан шағын қыстауды көрдік. Балшықтан соғылған жатаған үйлерде от жағылмаған сияқты – түтін көрінбейді. Көңілімізге қобалжу кіріп, атымызды қамшылап сонда тарттық.
Ауыл жым-жырт, адамның ізі көрінбейді. Үйлердің табалдырығын қар басып қалған. Бәрі қалаға кеткен болар деп топшыладық. Алдымыздан кездескен алғашқы үйдің есігін үмітпен емес, күдіктене тұрып ашпақ болғанбыз. Ішінен іліп алыпты! Есік қағып біраз тұрдық. Ешкім үндемейді. Сосын айғайлап шақыра бастадық: «Әй, кім бар мұнда? Ашыңдар есікті! Біз ауданнан келдік, сендерге тамақ әкеліп тұрмыз!»
Ауыл тым-тырыс. Көңіліміздегі күмәнді жеңіп, есікті бұзып кіруге тура келді. Ақырын басып ішке ендік. Зәре-құтыңды қашырар тыныштықтан үрейіміз ұшып барады – ажал лебі есіп тұр. Ауыз үйде ешкім жоқ. Ішкі бөлмедегі төсектің үстінде үш адам жатыр – бір әйел мен екі бала. Үшеуі де өліп қалған! Жаным қиналып тұрып олардың тірі кезін көз алдыма елестеттім. Өлер алдында сорлы ана сүйікті перзенттерін бауырына басып ұйқыға жатқызған болар: «Ұйықтаңдар, қарақтарым, ұйықтап алыңдар, сендер оянғанша ауданнан жіберген адамдар да келер, көмектесуге уәде еткен!»
Өлі ауылдан жан дүниеміз құлазып аттандық. Қысқы аяз бен таза ауадан есіміз кірді. Шаналар жеңіл сырғып келеді, мүлгіген тыныштықты ат тұяғы күрт-күрт ойған қатқан қардың дыбысы ғана бұзып тұр. Тұлыпқа оранып алып, үн-түнсіз келе жатырмыз.
Келесі ауылға жеткенше тіл қатысқан жоқпыз. Мұнда тірі адамдар бар болып шықты, бірақ соларға қараудың өзі қорқынышты. Аштықтан қу сүйегі қалған бейбақтар аман қалудан үміттерін үзген. Бізді көргенде қуанып, нанға бас қойды. Тамақты аз-аздан беріп жатырмыз. Сөйтіп бірер әулетті ажалдан алып қалдық.
Әйтеуір біреулерді құтқарғанымыз дәтке қуат, бір күн демалып, кейінірек қалаға әкетеміз деп уәде беріп, біраз азық-түлік қалдырдық. Содан кейін ауданымыздың ең қиыр шетіндегі елді мекенге аттандық. Түс кезінде барыппыз. Ауылдың тым-тырыс екенін көріп, көңілімізге қорқыныш ұялады. Жан баласын көре алмадық. Бірнеше үйді қарап шықтық – бәрі өліп жатыр. Кенет бір дыбыс естілді. Талып жеткен түсініксіз дыбыс, бірақ тірі жан иесінің дауысы! Баспалап дыбыс шыққан жаққа беттедік. Дыбыс шыққан үйге де жақындадық, сиырдың ыңыранғанына әлде иттің ырылына ұқсайтын әлгі дыбыс енді анық естіле бастады. Жанымызды шүберекке түйіп, есікті аштық та ішке кірдік. Үй қараңғы екен, ақырындап пердені ысырдым…
Көргенімізді сипаттап жеткізу мүмкін емес, адам санасына сыймайтын сұмдық көрініс! Үсті-басы қожалақ-қожалақ, бетіне қан жұққан жеті жастар шамасындағы жартылай жалаңаш қыз бала өлі денеден жұлып алған жас сәбидің қолын шайнап отыр! Бізге қырынан көрінеді, ырылдап, өлі қолдың етін тісімен өршелене жұлмалап жейді. Біздің дыбысымызды естіп жалт бұрылды. Жан шошырлық көрініс – кішкентай қыздың беті қан-қан, құтырған көзі оттай жанып тұр! Тісін ақситып, ырылдап айбат шегеді! Шыдай алмай, тұра қаштық! Алды-артымызға қарамай, атымызға қамшы басып шаба жөнелдік!
Қарлы даламен қанша зулағанымызды білмеймін. Кенет өкірген дауысты естіп, жан-жағыма көз жібердім. Аттар тоқтап тұр. Шанада отырған жолдасым үрейлене қарап қалыпты. Сонда ғана байқадым, еңіреп тұрған өзім екенмін! Шанадан домалап түсіп, қардың үстіне етпетімнен құлай кеттім. Көпке дейін солығымды баса алмадым, көз жасым көмейіме кептеліп, қатқан қарды басыммен ұрғылай бердім. Сол сәтте Сталин мен Голощекинді тауып алып, тірілей өртеп, күлін желге шашып жібергім келді. Біраздан соң есімді жиып, жолдасыма бұрылдым.
– Неге бұлай болды? Бұл сұмдық неге біздің басымызға түсті?! – деп айғайладым бар дауысыммен. – Халық емеспіз бе, осындай зұлымдыққа қалай жол бердік?! Аштық дегенді білмеген көшпенділердің ұрпағымыз, өзімізді осылай оп-оңай қырып салуға қалай жол бердік?! Зымияндығы мен сұрқиялығына найза бойламайтын есіріктер алдап соғып, халқымызды қырғынға ұшыратты. Атпай-аспай, соғыссыз-ақ көзімізді жойды! Қалай, неге қол жеткізді бұған?! Түсінесің бе соны? Олар мұны әдейі істеді! Сондағы мақсаты — қазақты ұлт ретінде жойып жіберу! Даламызды босатып, өздері орналаспақ!
Жолдасым әуелі жанашырлықпен тыңдап тұрған, сосын ащы шындықтан қорқып, көзін тайдырып әкетті.
Ол менен сегіз жас кіші. Ауылдан шыққан қарапайым кедейдің баласы, аңғал жігіт. Кейде бай туыстарын тәркілеуге қалай қатысқанын мақтанышпен әңгімелейтіні бар. Ленин мен Сталинді шын көңілімен пір тұтып, олар өзі секілділерді байлармен теңестіріп қана қоймай, тіпті, жоғары көтерді деп есептейді. Совет өкіметінің арқасында кешегі жалшы көзді ашып-жұмғанша елдің егесі болып шыға келіпті.
Ашаршылықтың жан түршіктірерлік көрінісінен ол да шошыса керек. Бірақ, оның қиналысы кәдуілгі жанашырлық болатын. Біреудің, онда да жазықсыз жанның қаза тапқанын көргенде кез-келген адамның аяушылығы оянады. Бірақ, өкінішке орай, бүкілхалықтық қасіреттің мәнісін сол күйі түсіне алмады!
Жылап-жылап, сабырға келдім. Қанша қиналсақ та қайтадан ауылға бардық, сырқат қызды өліктердің арасында қалдырып кете алмаймыз ғой. Не істерімізді де анық білмейміз .Ауданға апарайық, қайда жіберерін сондағылар шешер деп ойладық.
Ақыры, ауылға да жеттік. Аттарымыз аяғын басқысы келмейді, бұра тартып, жүрісін баяулатып, тоқтап қала береді. Қамшымен шықпыртып отырып, айдаған жағымызға жүргіздік, әйтеуір. Өзіміздің де барғымыз келіп тұрған жоқ.
Келдік. Әлгі тоқал тамның есігін ақырын ашып, ішке кірдік. Жүйкеміз ширығып, қандай сұмдықты да көруге дайын тұрмыз. Зәремізді ұшырған қыз бала қыбыр етпестен етпетінен жатыр. Дауыстап шақырып едік, тіл қатпады. Қасына барып, қамшының ұшымен иығынан түрттім. Қозғалмайды, тіршіліктің белгісі жоқ. Қамшының сабымен түрткілеп жүріп денесін аударып тастадым. Қыз өліп қалыпты. Інісінің қолынан тісімен жұлып алған ет көмейіне кептеліп, тұншығып өлгені көрініп тұр!
Бір мезет мелшиіп тұрып қалыппыз, күбірлеп: «Лә иләхә иллә алла!» – деп тілімізді кәлимаға келтіріп, далаға шықтық…
Жобасы, жанұшырған ата-анасы талғажау етер бірдеңе тауып әкелмек болып, қалаға тартқан, екі баланы үйде қалдырған. Көп ұзамай әлі құрыған кішкентай ұл қайтыс болып, әпкесінің есі ауысып кеткен.
Осы көрініс кей-кейде көз алдыма елестеп, жанымды қинайды.
Келесі, отыз үшінші жылы қандықол Голощекинді республиканың басшысы қызметінен түсіріп, орталыққа алып кетті. Естуімше, бірер жылдан кейін қамауға алып, соғыстың алдында атып тастапты. Жауыздың сазайын тартқаны дұрыс болды, бірақ істеген зұлымдығының өтеміне татымайтыны өкінішті.
Билік басындағы залымдардың қолымен жасалған жалпыұлттық, күллі адамзатқа ортақ қасіреттің мән-мағынасыз қатыгездігі мен ауқымдылығын уақыт өте келе, ондаған жылдардан кейін ғана сезіне бастадық. Кейбір тарихшылардың жазуы бойынша, ашаршылық жайлаған жылы үш миллионнан астам қазақ қырылыпты. Советтік дерек көздеріне қарасақ, бір жарым миллион адам мерт болған. Ең сорақысы, ұлы далада қанша адамның сүйегі көмусіз қалып, қанша боздақтың күлі желге ұшқанын ешкім білмейді! Күні бүгінге дейін бүкіл дүние жүзінің ғалымдары қаза тапқандардың саны екі миллион мен үш миллионның арасында деп болжамдап жүр! Айырмашылығы ондап, жүздеп, мыңдап емес, миллиондап саналады! Ашаршылық құрбандарының есеп шоты осындай сұмдық – бір миллион әрі, бір миллион бері!
Ашаршылықтан кейін бұл өкіметке мүлдем сенбейтін болдым.
Тиранның тозағы
Халықтың төгілген қаны мен көз жасын көріп, елді қаражүрек тиран билеп отырғанын сезіне бастадық.
Әрине, ашық қарсы шығуға ешкім тәуекел ете алмады. Ыза-кек пен наразылығымызды ішімізге жасырып, көнбістікпен тіршілік етіп жаттық, сол биліктің қол астында еңбек еттік.
Мен мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бердім. Ол кезде өмірдің бар мәні – балаларды ізгілікке баулып, жас ұрпақты тәрбиелеу ғана деп білдім. Әйелім Халима сүйенішім болды, үш бала – екі ұл мен бір қыз – мектепте оқиды.
Степняк ол кезде әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған ондаған мың адам тұратын үлкен қала. Ашаршылық кезінде Степнякқа жеткен адам тірі қалыпты.
Елдің айтуынша, бұрынғы заманда, осыдан бірнеше ғасыр бұрын Мыңшұқыр деп аталған бұл өңірде алтын өндіріліпті. Содан сақталып қалған монғол тұнбаларын кейін орыс және ағылшын алтын өндірушілері пайдаланған.
Соғыстың алдында өзен жағасынан алтын құм жиі табылатын. Балалар өзен жағасында ойнап жүріп, жылтыраған құм көрсе қаңылтыр қалбырға салып, дүкенге өткізеді. Ондағылар құмның салмағын өлшеп, ақысына бон береді. Бон – тек алтын үшін төленетін және осы дүкеннен ғана зат алуға болатын айырықша ақша.
Басшылар жоғары жаққа алтын өндірушілердің ғажайып табысы туралы ақпар беріп жатты. Газеттерде советтік өндіріс пен ауыл шаруашылығының жетістіктері туралы құлаш-құлаш материалдар жарияланады. Степняк сол кезде бүкіл Одаққа белгілі болды. 1934 жылы мұнда Совет еліндегі Сталиннен кейінгі екінші тұлға – Сергей Миронович Киров келіп қайтты.
Бастықтар салмағы жиырма килограммдық трапеция пішіндес құйма алтынды көрсетіп мақтанады екен. Қызметкерлерге осы құйманы екі алақанымен қысып, алып кетуге ұсыныс жасайды. «Әкете алсаң – сенікі!» – деп әзілдейтін болған. Әрине, ондай ауыр да жылтыр, қысып ұстауға ыңғайсыз трапецияны ешкім көтере алмаған!
Экономикада едәуір, тіпті зор табыстарға қол жеткізілді. Бірақ ашаршылықтың зардабын көрген басым оған қуана қойған жоқпын.
Жыландай жылжып сұрапыл оқиғалардың тағы бір науқаны – отыз жетінші жыл да жетті. Адамдар із-түзсіз жоғалып кететін болды. Бұл құбылысты халық Үндемес деп атады. Тып-тыныш жұмысын істеп, советтік жаңа өмірді өз қолымен құрып, отбасын асырап отырған адам кенеттен жоқ болып кетеді. Жер жұтып қойғандай. Біраз уақыттан кейін қауесет таралады: ол біздің адам емес екен! Советтік құрылысқа қарсы күресіп, зиянкестік жасап, Американың немесе Жапонияның пайдасына тыңшылық еткен! Қалай айналысқан ондаймен, қалай ешкім байқамаған – түсініксіз! Ең сорақысы, халық газетке жазылғанның бәріне сенетін. Газет деген шындықтың бейнесі, онда өтірік жазылады деп ешкім ойламайтын! Сөйтіп кешегі досың, жолдасың, туысың бір-ақ сәтте жат элемент болып шыға келеді, сол кездегі ең ауыр, қарғыс атқан сөз – «халық жауы» деген жаман атқа таңылады!
Әуелі халыққа танымал қайраткерлер мен көшпенді халықтың текті әулеттерінің ұрпақтарын құртты.
Біздің халқымыз аранға құлаған құланның күйін кешті. Аңшылар оларды таңдап-таңдап ұстайтын болды, бейшара құландар аранның ішінде оңды-солды ойқастағанымен, ешқайда қашып құтыла алмайды.
Совет өкіметіне қарсы шыққандарды да, сол үшін күресіп, жаңа өмірді өз қолымен құрғандарды да халық жауы деп жариялап, атып тастап жатты. Алашордалықтарды түгел құртты. Жаңа өкіметке сенім білдіргендерді де аяған жоқ. Біз түсінбедік, бұл қалай? Енді не істейміз? Біртіндеп сұрапыл шындық ашыла бастады. Ажал машинасы нақты мақсатта іске қосылған екен – қазақ халқының бетке ұстарларын қырып тастау керек! Қанды кезеңнің қорқынышты шындығы сол – қазақтың озат ойлы перзенттері түгелге жуық қырғынға ұшырады!
Бұл жүйенің құрығынан құтылу мүмкін емес еді. Газеттер елімізде халық жаулары бас көтере бастады, совет адамдары барынша қырағылық танытуы қажет деп шулап жатты.
Жазықсыз жандарды шетінен ұстай бастаған кезде халық бұл күрестің дұрыстығына күмән келтіріп, іштей наразылық білдірді. Бірақ дауыс шығарып айтуға ешкімнің батылы бармады. Елді жаппай үрей жайлаған. Кім болса да кез-келген сәтте қамауға алынуы ықтимал. Кез-келген кісіні бір-ақ мезетте тұтқынға алып, жиырма бес жылға кесіп, Колымаға, Магаданға, Сібір тайгасына айдап жібереді, одан да жаманы, белгілі органдардың шешімімен атады да тастайды! Бұл сұмдықты елдің бәрі түсіне бастады.
Сұмдығы сол, әр қала, әр аудан, әр ауыл, әр еңбек ұйымы өз ішіндегі «халық жауларын» тауып, залалсыздандыруға міндетті болды. Мысалы, белгілі бір уақыт ішінде Н. ауданында оппортунистер, троцкистер, ұлтшыл-алашордашылар, панисламистер, пантюркистер және Жапония мен Американың немесе Германияның тыңшысы анықталып, ұсталмаса, бұл аудан саяси тұрғыдан сенімсіз деп есептеледі. Қуғын-сүргін машинасы енді сол ауданның басшылары мен бүкіл партия-совет аппараты қызметкерлерін бір-ақ толғап жұта салады. Сондықтан жұрттың бәрі өз арасындағы «халық жауларын» әшкерелеуге білегін сыбанып кірісті. Жаппай бірін-бірі аңду мен жала жабу осылай басталды!
Халқымыз тынымсыз айналып тұрған, адам етімен қоректенетін құбыжық еттартқыштың түпсіз терең көмейіне жаңа құрбандарды тоғытып жатқан конвейердің алдында тұрғандай болатын. Еттартқыш шаршамайды да, тоқтамайды да, темір тісіне іліккеннің бәрін талғамастан шайнап, қылғыта береді. Адамдар ажал конвейеріне түсіп қалмау үшін неше түрлі айла-амал, әдіс-тәсіл ойлап табатын болды.
Қазақ – ізгі жанды бауырмал халық. Тарихтың қатал сынағына тап болса да, адамгершіліктен айырыла қойған жоқ. Өлім қаупі төніп тұрғанына қарамастан ар-намысын аяққа таптатпады. Бірін-бірі құтқарып қалуға тырысып, бауырлары үшін өз басын қатерге тігіп, кейде құрбан болудан да тайсалған жоқ. Бірақ, осы қуғын-сүргін қолайына жаққандар да болды. Қатыгез де зымиян кезең көр көкірегіндегі қорқау сезімдерін оятып, жүгенсіздікке бой ұрған кейбір залымдар өз қандастарын әлгі құбыжықтың қанды көмейіне рахаттана жөнелтіп жатты.
Қазақтар бірін-бірі ұстап берді, сатқындық жасады, жоғарыға шағым түсіріп, туыстарын, көршілерін «халық жауы» қылып көрсетті деген пікірлер айтылып қалады кейде. Ия, ондай келеңсіздіктер де болды, бірақ жағдайды байыппен бағамдар болсақ, үздіксіз жұмыс істеп тұрған ажал машинасы үнемі жаңа құрбандарды талап еткеніне көз жеткізер едік! Ешкімді аяған жоқ! Бұл тұрғыда басты кінә осы қорқынышты ажал машинасын іске қосқандар мен оның тойымсыз аранын тірі жандармен тоқтаусыз толтырып отырған зұлымдарға артылса керек. Ол бәрін де талғамай жұта беретін. Ал қарапайым бейбақтарды өзгелерге жала жабуға көбінесе қорқытып немесе алдап көндіретін. Ондайдың зымиян да сұрқия тәсілдері толып жатыр, қарапайым адамның оған шыдауы, төтеп беруі мүмкін емес.
Ойлап көріңіз. Әуелі кісіні куәгер ретінде жауап беруге шақырады. Тәжірибелі тергеушілер әрқилы айла-шарғы қолданып, қорқытып-үркітіп, тұтқындардың ыңқылы мен шыңғыруы үздіксіз темір гуілге ұласатын қорқынышты алакөлеңке жертөледе аяусыз азаптаған бейшара не айтса да басын изеп, не жазса да қолын қойып беретіндей халге жетеді. Ең шешуші соққы мынау: «Егер пәленшеев жолдастың жапон тыңшысы екенін растап бермесең, ол сені Германияның агенті деп көрсетеді! Сондықтан, әзірше мүмкіндік барда екінің бірін таңда: не – сен, не – ол! Куәгерлік етіп біздің жолдасымыз болып қаласың немесе халық жауы ретінде атып тастаймыз. Балаларыңды ойла, оларды өмір бойы халық жауының баласы деп қудалайтын болады!» Адамды сындыру үшін осы да жеткілікті. Ал НКВД жендеттері құрбандық пен куәгердің бұл дүниеде енді қайтып жолықпауын қамтамасыз ететін! Біраз уақыттан кейін сыннан өткен схема бойынша әлгі куәгерлердің өздеріне айып тағылып, басым көпшілігінің көзі жойылды. Сөйтіп қаралау мен жала жабу тәсілінің құпиясы жабық күйінде қала берді, кешегі тату көршілер басына түскен ауыртпалық үшін бірін-бірі кінәлап, өмір бойы жек көрумен өтті. Бұл араздық олардың балалары мен немерелеріне мұра болып қалды, осындай түсініспестік, алауыздық, сенімсіздік, бірін-бірі айыптау халықтың санасында әлі күнге дейін жалғасып келеді.
Сол замандағы саяси технология ойлап тауып, айналымға енгізген жалған аңыздар мүлтіксіз жұмыс істеп тұрды. Психологиялық тұрғыдан олардың есебі түгел: ауыл адамдары айтқанға да, естігеніне де сене береді, ал оны қолында билігі бар атқамінер айтса және бұл өзіне қатысты болса сенбегенде қайтсін! Адамдардың бір қасиеті – кім айтса да, қайда айтса да, тіпті соны айтқан-айтпағаны күмәнді болса да өзі туралы әңгімеге шын көңілімен сенуге дайын. Біреу бір жерде біреулерге сен туралы бірдеңе айтыпты деген сөз құлағына тисе жетіп жатыр! Рас па, өтірік пе – тексеріп әуре болмайды, сене салады. Ия, оның сатқын екенін баяғыдан білетінмін, мен туралы жақсы сөз айтпайтыны белгілі деп шыға келеді! Яғни адамдар бір-біріне алдын-ала сенбейтін болды, кез-келген адамнан кез-келген уақытта кез-келген пасықтық жасалады деп күтті! Қуғын-сүргін мен қудалау жылдары сенімсіздік пен күдікшілдік, әсіресе қорқыныш сезімі осылай өрши түсті! Адам санасы сол күдікшілдік пен қорқыныштан әлі де арыла қоймаған сияқты, кейде біреулердің ақылға сыймайтын әрекетке барып, арсыздыққа ұрынатыны содан болар! Екінің бірі: не – сен, не – жолдасың, ол сені итеріп құлатпай тұрғанда сен оны құлат деген таңдау іс жүзінде әр адамның ақылы мен жүрегін жаулап алды.
Қуғын-сүргін еліміздегі барлық халықтарды қамтыды. Орыс коммунистерін де аяусыз қырып жатты. Ауданымыздағы әскери комиссар Тимофей Майдайкин тұтқындалғанда бәріміздің есіміз шығып кетті. Әйгілі Біржан салдың ұлы Теміртас шахтада жұмыс істейтін. Ұзын бойлы, алып қара күштің иесі еді. Атқа мінгенде екі аяғы жер сызады. Ақкөңіл, ақжүрек Теміртастың қиянат атаулыға жаны қас, әлсіздер мен қорғансыздарға ылғи жақтасып жүреді. Халық оны көкіректеріне нан пісіп, жергілікті тұрғындарды мазақ қылмақ болған бір топ келімсекке жалғыз өзі қорықпастан қарсы тұрып, тойтарыс бергені үшін жақсы көретін. Теміртас бір өзі бірнеше содырмен төбелесіп, сабап тастайтын, амал жоқ, әлгілердің екпіні басылып, тынышталып қалады. Басшыларға оның осы жүректілігі ұнамапты, оны да астыртын «қара тізімге» енгізіп, дала тарпаңын жуасыту үшін қолайлы сәтті күтіп жүрген.
Ол домбыраны тәуір шертетін, әкесінің әндерін шырқаушы еді. Біржан салдың жан азасы дерлік «Теміртас» әнін бүкіл дала біледі. Жазылмас дертке шалдыққан әншінің туған ұлы Теміртасқа арнаған әні өмір мен өлім туралы толғаныстан туған!
Осы әннің арқасында Теміртас көзінің тірісінде-ақ аңызға айналды. Совет өкіметі қуғын-сүргін жылдары оны да қатал жазаға тартты: Біржан салдың еркіндік сүйгіш ұлын бала-шағасымен бірге ұзақ мерзімге Сібірге айдады. Соғыстан кейін, Сталин өліп, жазықсыз қудаланғандар ақталған соң, қартайған шағымда Теміртастың ұлы Мұхамедқалиға жолыққанмын. Теміртас пен отбасы мүшелері түгелімен Сібірде қаза тапқанын, туған өлкеге бір өзі ғана оралғанын сол жолы Біржан салдың немересінің өз аузынан естідім.
Бір мұғалім басқа мата таба алмай, қызыл сисадан дамбал тіктіріп кигені үшін он жылға сотталып кетті! Сорына қарай ауылға облыстан жіберілген өкіл, жілік майына дейін НКВД мінезі сіңіп қалған, Деникин мен Колчак әскеріне қарсы шайқастарға қатысып шыныққан, Питерде туып-өскен күрескер-большевик келіпті. Әккі комиссар «халық жауларын» іздеп даламызды шарлап жүрсе керек. Аудан басшылары үрпиісіп қалған! Ауылдарды аралап, жат элементтерге қарсы күрес тәсілдерін тексеруге шыққан. Қасында арнайы машинаға мінген қарулы күзет. Керек адамды қолын қайырып, машинаның қорабына тығып жібереді. Кейбіреулерге жай ғана ескерту жасайды. Мәртебелі меймандарды әлгі байғұс мұғалімнің үйінде қонақ қылып күтеді. Ішкізіп, жегізіп, бәрі жақсы екеніне көз жеткзіп, енді қонақтарды шығарып салатын уақыт келеді. Кетерінде комиссар дәрет сындырмақ болады. Қырсыққанда сол сәтте мұғалімнің де қуығы сыр беріпті. Әккі болған «адам аулаушының» қырағы көзі жолдас мұғалімнің дамбалы қызыл екенін бірден байқайды, ондайды қалт жіберсін бе! «Ах, иттің баласы! Түстің бе қолға! Мынауың не?! Жұмысшылар мен шаруалардың қасиетті қанымен суарылған еліміздің қызыл туы күллі әлемге сәулесін төгіп асқақтап тұрады! Ал оны қайдағы бір алашорданың сілімтігі бұтына киіп алыпты!» Қаһарлана боқтанған бастық тексеруге кіріседі – мұғалімнің ішкөйлегі ақ сисадан, дамбалы ғана қызыл сисадан тігіліпті! «Сүмелек, контра! Ақтар жүрегіңе жақын, сондықтан оны жоғары жағыңа киесің! Ал қызылды ең лас, ең ұятты, ең сасық жеріңе жапсырып қойыпсың!» Байғұс мұғалім ақталып бағыпты: «Әдейі істеген жоқпын, ақымақ қатын тапқан матасынан тіге салыпты. Оның өзі тек дамбалға ғана жетеді екен.»
Комиссар қорыққаннан қалшиып қатып қалған мұғалімді тұмсығынан бір періп, артынан бір теуіп, тұтқынға алуға бұйырыпты! Бейшараны он жылға кесіп, Сібірге айдап қоя берді!
Ауыл тұрғындары сол түні қызыл дамбалдың бәрін өртеп жіберді.
Өйткені, қызыл түстің өзі қасиетті деп жарияланған! Партия-совет насихатшылары мінбер атаулының бәрінен қызыл түс халықтың қанын білдіреді, біздің туымыз совет өкіметі үшін күресте төгілген жұмысшылар мен шаруалардың қасиетті қанына боялған деп жағы талмастан жар салып жатты!
Қанның бәрінің түсі қызыл! Қандай мақсатта төгілсе де қанның сел болып аққаны қорқынышты!
Бірінші класта оқып жүрген бір ауыл баласы сурет салуды ұнатады екен. Бірде ол барша халықтардың әкесі, көсеміміз Сталиннің портретін салмақ болады. Адамның бет-жүзін салуға шеберлігі жетпеген бала қулыққа барып, Сталиннің суреті басылған кітаптың келесі бетіне ақ қағаз қойып, қарындашты қатты басып, портретті жан-жағынан сызып шыққан, яғни қағазға суреттің сұлбасын түсірген. Сол кітап әлдебір қырағы жолдастың қолына түсіп, қара бояумен қоршалған көсемнің портретін көріп, тиісті жерге жазып жіберсе бітті, тағы бір «халық жауы» табылып, баланың әкесі он жыл арқалап кете барар еді. Абырой болғанда, кітап пен баланың суретін тарих пәнін оқытатын жас мұғалім көріп, маған әкеліп берді, зәресі ұшып кеткен. Көсемнің бүлінген портретін көргенде менің де жүрегім су ете түсті, дегенмен сыр бермей, ақырын сұрадым:
– Кітапты тағы кім көрді?
– Ешкім! – деді ентігін баса алмай тұрған жігіт.
– Егер мұны андағылар көріп қалса бір саған емес, бәрімізге не болатынын түсінесің бе?! – деп сұрадым мен саусағыммен төбені нұсқап.
Тарихшы қорыққаннан қалтырап, бөгелек тиген жылқыдай басын шұлғи береді.
– Онда сен ештеңе көрген жоқсың! Ондай ештеңе болған жоқ, бітті! Ұқтың ба?!
Менің сабыр сақтағаным оған да әсер етсе керек, жауабын нақпа-нақ айтты:
– Ия, ұқтым! Тура солай!
Кешкісін Сталиннің бүлінген портреті салынған әлгі кітапты жанып жатқан пешке тастадым, «барша халықтардың көсемі мен әкесінің» әскери киіммен түскен бейнесі құрғақ қайың топалақтардың жалынымен қалай жанғанын бақылап, қадала қарап ұзақ отырдым. Мұртты тиранның қап-қара күйік шалған бет-жүзі қисайып, қорқынышты кейіпке енді. Соның өзінде мысқылдап күліп тұрғандай. Еріксіз дір ете түстім, жон арқам шымырлап, портрет түгел өртеніп кеткенде ғана еркін тыныс алдым.
Ақыры ақиқатқа көз жеткіздік. Ақ патшаның боданы енді қызыл патшаның боданына айналыпты! Тек түсі басқа және ұраны өзгерген, ішкі мәні бәз-баяғы қалпы! Бұрын Ресей империясының боданы болсақ, қазір де сол күйімізде қалған екенбіз! Ұлттық тәуелсіздік жоқ бізде – бітті!
Осы күні, кей-кейде ойлап қоямын: егер халқымыз түгел, бір адамдай тұтасып, патшаның, кейіннен советтің отаршылдығына қарсы көтерілгенімізде не болар еді? Садақ пен жебенің мылтық пен зеңбірекке қарсы тең емес шайқасында жігіттердің бәрі мерт болатын шығар. Қазақ ұлты жер бетінен біржола жойылып та кетер ме еді?! Халқымыздың аман қалу және өзін-өзі сақтау жолында ұстанған күрделі де қисынды пәлсапасын арада ұзақ жылдар өткеннен кейін түсіндім: бағынған болып, басқыншылардың қол астында еңбек етіп, айтқанына көніп, айдағанына жүрген сияқты көрінгенімізбен іштей өз дінімізге, рухымызға, мәдениетіміз бен тілімізге адал болып қала беріппіз. Ең бастысы, жанымызды берген жоқпыз!
Мен де совет өкіметі мен компартияға қызмет еттім. Бұқара халықты екпінді социалистік еңбек етуге, адамзаттың жарқын болашағы – коммунизмге шақырып, биік-биік мінберлерден жалынды сөз сөйлеген большевик басшыларды қолдадым. Кешкісін Құран аяттарын, пайғамбардың хадистерін, мұсылман әулиелерінің өмір тарихын, ата-бабаларымыздан қалған аңыздар мен жырларды оқитынмын. Бұл менің өмір сүру салтыма айналды, іштей соны мақтан тұтушы едім.
Шеңгел
Ақыры менің де кезегім келді. Ол кезде «қара құзғын» аталып кеткен қара машинамен қара былғары күрте киген екі адам келіп, тағы бір «халық жауын» тұтқындап әкетуі оншалықты тосын жағдай емес еді. Көп адам, әсіресе партия-совет органдарының қызметкерлері алда-жалда тұтқындала қалса, дайын болуы үшін жұмыс кабинетінде ең қажетті заттар салынған шағын шамадан немесе сөмке ұстайтын. Соттар мен прокурорлар, тіптен НКВД қызметкерлері де кеңседегі жайлы орнынан кез-келген сәтте тас түрмеге көшіп баруға дайын жүреді деп естуші едік. Ол кезде тұтқындалу мен түрмеге қамалу, әйтпесе үштіктің үкімімен атылып кету қатері кім-кімге Дамокл семсеріндей де төніп тұратын. Сондай шамадан менде де болды, тағдырымның кез-келген сәтте өзгеріп кетеріне дайын жүргенмін. Бірақ дәл бұлай тұтқындаламын деп ойламап едім.
Әдебиет сабағының үстінде кластан алып кетті. Сегізінші класта оқитын қыз Лермонтов орыс тіліне тәржімалап, одан Абай қазақшаға аударған Гетенің «Қараңғы түнде тау қалғып» деп аталатын өлеңін оқып тұрған. Табиғат туралы жазылған ғажайып өлеңнің аудармасы да керемет, оқушылардың қиялына қанат бітіреді. Тәтті қиялды сарт етіп ашылған есіктің дыбысы бұзды. Былғары күрте киген екі кісі қарыштай адымдап кіріп келді. Балалар қорыққаннан тына қалды. Тұла бойым мұздап сала берді.
– Асанбай Аманжолұлы Бектеміров деген мұғалім сіз боласыз ба?!
Былғары киген жолдастардың үлкені бетіме сұраулы жүзбен қарады.
– Ия, – дедім ақырын ғана. Аузым құрғап кетті, тілім бұралар емес.
– Не оқып отырсыңдар? – деп мысқылдай сұрады әлгі кісі оқушылардан.
– Гете мен Лермонтовтың өлеңдері, Абай аударған! – деп жасқана жауап қатты балалардың арасындағы ең батылы.
– Міне, бір қарағанда-ақ түсінікті! – деді әлгі кісі маған жалт бұрылып. – Немісті оқытасыз! Германияның пайдасына тыңшылық етіп жүрсіз бе?
– Жоқ, әрине! Өлең ғой бұл… Ұлы ақындар поэзиясы! – деп баяу жауап қаттым.
– Жарайды! Көрерміз! Біз мұнда басқа жұмыспен келдік! – деп кесіп тастады былғары киген жолдастардың үлкені. – Мұғалім Асанбай Аманжолұлы Бектеміров, сіз тұтқындалдыңыз! Көзқарасы тым суық екен. Үрейге бой алдырмауға тырысып, қыбыр етуге қорқып отырған оқушыларға байыппен тіл қаттым:
– Балалар, сабыр етіңдер! Бұл жай ғана түсініспестік, қателесу. Менің еш кінәм жоқ! Көп ұзамай бәрі анықталады, сосын поэзия сабағын жалғастырамыз! Жаман ойлап қалмаңдар! Сау болыңдар!
– Сау болыңыз, ағай! Тезірек қайтып оралыңыз! – деп шулап қоя берді олар.
Балалардың алдында жерге кірердей болдым. Олар мені сыйлайтын. Енді міне, құрметті мұғалімдерін қылмыскер ретінде әкетіп бара жатыр.
Кластан шығып, мектептің кіре берісіне беттедік. Қысқа ғана үйреншікті дәлізбен жүріп өту сондай ауыр тиді! Артымыздан мектеп есігі жабылғанда ол маған енді қайтып ашылмастай көрінді. Қара құзғынды елеусіздеу жерге, ағаштың көлеңкесіне қойыпты. Енді міне бергенімізде әлгінде өлең оқыған қыз жүгіріп шықты. «Ағай! Ағай!» – деп айғайлайды. Кіп-кішкентай қолын бұлғап қояды.
– Ағай! Қаламыңызды ұмытып кетіпсіз!
Автоқаламымды ұсынды.
Сасып қалып, қолымды соза бергенмін. Комиссар көкірегімнен итеріп жіберіп, жекіріп тастады:
– Ол енді керек емес бұған! Өзің ал!
Қыз үнсіз жылап жіберді. Біз машинаға міндік. Сонда ғана көрдім, Халима жүгіріп келе жатыр екен. Аяғы ауыр болатын, жеті айлық. Алқынып, сүріне басып, машинаға жақындап қалыпты. Түспек болып едім, қатал қызметкер күштеп ұстап қалды да, бұйрық берді:
– Отыр! Кеттік!
Шопыр газды басып қалды, машина ытқып кетті.
Шыдай алмай ашық тұрған терезеден айғай салдым:
– Көп кідірмей келемін! Бәріне сәлем айт! Менің еш кінәм жоқ!
Бұрылып қарап едім, Халима мен шәкірт қыз бірін-бірі демеп, еңіреп жылап тұр екен.
НКВД бөлімшесіне келген соң бірден жауап алуға апарды. Тергеуші азиялыққа ұқсамайды, жасы өзіммен шамалас. Ол маған мұғалім Асанбай Бектеміров, Аманжолдың ұлы, совет өкіметіне қарсы үгіт жұмысын жүргізді деген күдікпен ұсталдың деді.
– «Тау ішінде» деген әнді айтатын ба едіңіз? – деп сұрады.
– Ия! Махаббат туралы ән.
– Сол әннің авторы кім, білесіз бе?
– Жоқ! – деп өтірік айттым.
– Онда біліп жүріңіз! Авторы – Сәкен Сейфуллин, халық жауы!
– Әнде халық жаулары туралы айтылмаған! – дедім, түсінбеген болып. – Бұл әнді бәрі жақсы көреді, бәрі де айтады!
– Бұрын солай болатын! Ал енді бұл әнді ешкім де жақсы көрмейді, ешкім де айтпайды! Ән де, авторы да ұмытылады! Ақын жоқ болса, ән де жоқ! Түсініп тұрсың ба, сүмелек, ол ақынның әндеріне тыйым салынған! Есіңде болсын, халық жауы шығарған ән де бізге жат! Ондай әндерді айтқан адам – империалистердің құйыршығы!
Ентігін басып, ызбарлана көз тастады. Үндемей шыдап тұра бердім.
– Сонымен, жаудың әні екенін біле тұра айтқаныңды мойындайсың ғой?! – деп ақырып жіберді ол кенет, жантүршігерлік дауыспен.
– Жоқ! – деп жауап бердім, мұздай тер үсті-басымды жауып кетті.
– Ал мен солай деймін! Сен жоқ дейсің! Қайсымыз өтірік айтып тұрмыз?! Тез жауап бер, қайсымыздікі дұрыс?!
– Бұл өтірік емес! Біз білген жоқпыз, ойлаған емеспіз… жаудың әні деп!
– Демек мен өтірік айтып тұрмын ғой, ә?! – Тергеуші бұрынғыдан бетер құтырына түсті. – Сен мені, советтің жауапты адамын, НКВД қызметкерін, өтірікші деп айыптамақсың ба?!
– Мен олай деген жоқпын!
– Демесең де солай ойлайсың! Мені айыптап тұрсың ба, жексұрын?!
Күтпеген жерден бетімнен періп жіберді. Көзімнің оты жарқ ете түсті, басым айналып кетті. Бас салып, еденге құлап түскенімше жұдырығымен тоқпақтай берді. Есім кіресілі-шығасылы, қанша уақыт жатқанымды білмеймін, бір кезде екі қолымен жағамнан ұстап көтеріп, орындыққа отырғызып, бір стақан су берді.
– Жарайды, – деді дауысы жұмсарып. – Бар да ертеңге дейін ойлан. Жақсылап ойлан! Айтқаныма көнсең, мына былықтан құтылуыңа көмектесемін. Қырсықсаң– лагерьде шірисің!
Дегенінен қайтпайтын тасжүрек жендет екені көрініп тұр.
Айдауыл камераға сүйреп апарып, ішке лақтырып жіберді де, темір есікті тарс жапты. Орнымнан тұруға шамам жетпей, тас еденде жата бердім.
– Жасыма, балам, басыңды көтер! – деген қарт адамның баяу шыққан дауысы естілді. – Ештеңеге қарамастан өмір сүріп, күресу керек!
Әлгі кісі орнымнан тұруға көмектесіп, аласа сәкіге жатқызды. Таныстық. Кім екенін айтқанда орнымнан атып тұра жаздадым. Әйгілі шешен Жәкежан би екен.
Камералас көршім, «тап жауы, қазақ кедейлерін қанаушы» Жәкежан би халықтың арасында өте абыройлы болатын. Ол аңызға айтылған жан еді. Он алтыншы жылы патша шенеуніктеріне асыл тұқымды бес жүз тұлпарын байлап беріп, өз болысынан майданның қара жұмысына шақырылғандарды руы мен шыққан тегіне қарамастан түгел алып қалыпты. Сөйтіп, көптеген қазақ жігіттерін тура келген ажалдан – жазалаушы отрядтың картечі мен герман бомбасының темір жарықшақтарынан құтқарып қалған. Содан кейін оның беделі мүлдем шарықтап кетті, өз басым есімін зор құрметпен атайтынмын.
Тағдырдың жазуымен енді екеуміз бір камерада отырмыз!
Бай-құлақтарды тәркілеу басталғанда туыстары Жәкежан биді елден кетуге көндіріпті. Үй-ішімен бірге тып-тыныш қана Ресейге, Омбы облысының шеткі аймағына көшіп кеткен. Адамдар оны Қытай асты деп қауесет таратып жібереді. Оны сол жақтан іздеп жүргенде бұл кісі бөтен біреудің атымен басқа республикада тұрып жатады. Бірақ, совет өкіметінің тұзағынан құтылмапты, ақыры осы жерден бір-ақ шыққан.
– Күрестің бәрі, әсіресе саяси күрес ақылдың ұшқырлығын, кемеңгерлік пен айлакерлікті талап етеді! – деді қария. – Кең даланы мекен еткен көшпенділер – аспан перзенттері, көкті кезген бұлттар мен жымыңдасқан жұлдыздардың ағайыны, адал да ашық өмір сүреді. Адамдармен риясыз, шын көңілмен араласады, ізгі мұраттар мен асыл қасиеттер туралы жұрттың бәрімен ашық сөйлеседі, бір сөзбен айтқанда, қулық-сұмдықсыз ғұмыр кешеді және солай әрекет етеді. Ешкімді алдамайды, өздерін де біреу алдайды деп ойламайды! Міне, сондай өмірдің нәтижесі! Өмір деген – күрес, күрес деген – соғыс, ал соғыста дұшпаныңды шамаң жеткенше алдау керек! Жауыңды алдамасаң, өзің алданасың! Сондықтан, есіңде болсын, мәселе өмір мен өлімге, ұлттық мүддеге тіреліп тұрса, бәрін де алдай бер! Дұшпаныңа өзіңді жау емес, шын берілген адал дос ретінде көрсет, қулығың жүрегіңнің терең түкпірінде жатсын! Көк сүңгіге көкірегіңді тосып, пулеметке қарсы таяқ алып жүгіруге болмайды, шындықты жақтаймын деп соққыға кеудеңді төсеме. Алдай сал, құбылып бақ, қайткенде де алдап соқ, бірақ, ең бірінші, осы қанды қасаптан аман қалуға тиіссің, екіншіден, халқыңды сақтап қалу үшін күресте айлакерлік керек! Ешқашан, ешқандай жағдайда да өз халқыңа оқ атпа! Ал егер жауың соны талап етіп, өзіңді қарауылға алып тұрса, болашақ жеңістер үшін туған ағаң болса да атып таста! Осы ақылымды тыңда – алғашқы тергеуде-ақ тәубаңа кел, алашордашылардың желбуаз идеяларына елігіп, адасыппын де. Шыныңды айтып тұрғандай көрін, ұлттық тәуелсіздік, дербес мемлекет құру идеяларынан түгел бас тартамын де, ең бастысы, жастықпен адасып жүрген сендей ақымақты кешіріп, сенім білдіруіне қол жеткіз! Өкіметтің жауларына қарсы күресуге, адал қызмет етуге дайын екеніңді білдір!
– Ал өзіңіз неге солай істемейсіз?! – деген сұрақ аузымнан шығып кетті.
– Маған сенбейді олар! Олар үшін мен тым ірі тұлғамын, бұл жерден тірі шығармас, сірә! Сен жассың, бар өмірің алдыңда! Сенбеген күннің өзінде оларға міне, қазақтардың өздері араларынан шыққан ұлтшылдарға қарсы күресіп, көздерін жойып жатыр, дала жастары совет өкіметін қолдайды, бұқара халық соларға ереді деп күллі әлемге көрсету үшін жастардан шыққан ұлттық кадрлар керек! Сондықтан сені қызметке тартады, әрине, қалт жібермей қадағалап отырады! Сен оларды алдауға тырыс, жақсы қырыңнан көрін, қарсылықты аса құпия жүргіз!
Бұл сөздер маған түсінікті болатын. Малай ата да шамамен осылай дейтін, өмірдің өзі де солай үйретіп келеді.
Ақсақалға алғысымды жаудырдым.
– Рахмет! Мен сізге мәңгі қарыздармын!
Ол терең күрсініп, ойлана жауап қатты:
– Осы рахметті шын ниетіңмен айтсаң, қарызыңнан құтылдым деп есепте. Мен де, жасы бар, кәрісі бар – талай адамға қарыздар болғанмын. Көпшілігінің алдындағы қарызымды өтей алмадым. Дегенмен, өз кезегімде мен де қолымнан келгенше көп адамға көмектестім. Олар да қарымтасын қайтара алған жоқ. Шамасы, өмір заңы осындай болса керек – ізгі ісіңнің өтеуі әрқашан да қайтады! Тек соны күтпеу керек – ізгілікті риясыз жаса! Мәселе мынада, ізгі іс те аманат тәрізді, бір адамнан екінші адамға беріліп отырады. Бір күні сен де біреуге жақсылық жасайсың! Сол кезде осы жақсылықты мен үшін де жасадым деп есепте!
Данагөй Жәкежан бидің сол сөзінен қуат алып, серпіліп қалдым, ширығып, күреске дайын тұрдым.
Ертесіне мені тағы да алып кетті. Жәкежан-атамен қоштасып, айдауылдың алдына түсіп жүре бердім.
Шұбалаң қаракөлеңке дәлізбен айдап келе жатыр, толып жатқан қалтарыс-бұлтарыстармен бұрылып жүре бердік. Біртіндеп оң-солымды бағдарлаудан қалып, әйтеуір жүріп келемін. Ақыры бір үлкен сұрғылт бөлмеге әкеліп кіргізді.
Айдауыл мені жалғыз қалдырып, шығып кетті. Тас қораптың ішінде өзіңді жайсыз сезінеді екенсің. Кешегі жеген таяқтан жағым ауырып, басым гуілдеп тұр.
Жедел басып тергеуші кіріп келді.
– Құдайға сенесің бе? – деп сұрады күтпеген жерден. Үндеген жоқпын.
– Әрине, сенесің! Бәрің де ырымшылсыңдар, иттің балалары! Жарайды, құрып кетіңдерші! Ал, қайда сол құдайларың, сендер Алла деуші ме едіңдер?! Көрсетші маған! Бар болса қайда қарап отыр? Осындай сұмдық қиянатқа қалай жол беріп қойды, ә?! Демек, құдай жоқ! Жоқ ол, бітті! Бұрын болған шығар, қазір жоқ! Ха-ха-ха!
Қарқылдай күліп, қанталаған көзі алақ-жұлақ етіп, алдында жатқан бір бума қағазды ақтара бастады. Айтқан сөзі жынымды қоздырып, кеңірдегін жұлып алғым келді. Ашуымды әрең басып, күйіне ойладым: шынымен Жаратқан Иеміз осындай сұмдық қылмысқа қалай жол беріп қойды? Жер шарының үлкен бір бөлігін қанға бөктіріп, сенім мен әділдікті табандарына таптаған құдайсыздар неге есіріп жүр?!
– Енді оған алаңдаудың қажеті жоқ! – деді тергеуші даусын бәсеңдетіп. – Тек мәңгілік материя ғана бар, біз соның өніміміз, жаңа дүниенің иесі де біз! Жаңа өмірді өз қолымызбен орнатып жатырмыз! Әуелі ескі дүниені түгел қиратып, күресінге тастаймыз! Сосын әділдік орнатамыз, баршаға ортақ бақытты өмір сонда басталады! Әлемде жоқ құдайды аспаннан іздемей, жер басып қасыңда жүрген адамдардан дос табуға тырыс! Қалай, келісесің бе осыған? Ә?
Тағы да үндеген жоқпын. Сабырдан артық пана бар ма?.
– Кім бізбен бірге емес – сол бізге жау! – деп ақырды ол. – Ал жауларды басынан сипамайды, оларды атып тастайды! Сондықтан дос пен дұшпанды таңдайтын уақыт болды!
Ол үшін бүкіл әлем ақ пен қарадан тұратын болса керек, ал адамдар біздікі және бөтен деп қана жіктеледі. Большевик ретінде НКВД-ның бұл қызметкері дүниені екі-ақ түске: ақ пен қызыл деп қана бөлетін шығар. Басқа түс жоқ, ондай да болатыны ұғымына сыймайды, сондықтан да тіпті қорқынышты.
Азаптаушым кенет қасыма жақындап, иығымнан қақты:
– Жағдайдың қиын екенін түсінсеңші! – деді ол күйінгенсіп. – Бұл жерден шығатын екі-ақ жол бар: не – аяғыңнан сүйреп шығарады, не – қолыңды артыңа ұстап шығасың. Түсіндің бе? Не – желкеңнен қорғасын оқ қадаймыз, не – жиырма жылға Сібірге айдаласың! Сол ма саған керегі?!
Басымды шайқадым:
– Жоқ, әлемдегі ең әділ партия осынша көңіл бөліп, әуре болатындай менің қандай еңбегім бар екен!
Мырс ете түсті:
– Бұл саған қалжыңдайтын жер емес!
– Бәрібір емес пе! Әйтеуір өледі екенбіз, жылап өлгенше күліп өлген дұрыс!
– Бәрекелді, даланың батыры! Батыр болған жақсы, бірақ сенің батырлығың – ақымақтық! Қазір бірдеңе айтамын, жақсылап ойлан! Ешкімге тісіңнен шығарма! Үшінші, сыннан өткен жол да бар!
Қырлы стақандағы салқын судан бір ұрттап, оқыс ұсыныс жасады:
– Кәне, бір-бір стақаннан тартып жіберейік! Әйтпесе өміріміз сұрқай тартып барады!
Жауабымды күтпестен шкафтың ішінен ақшыл түсті сұйық құйылған бөтелке алып, қырлы стақанның екеуіне толтырды.
– Первач! – деп тамсана тіл қатып, бір стақанды маған ұстатты.
Құтыламын ба деген үміт ұшқыны жарқ ете қалды, бас тарту – өз-өзімді өлтіргенмен пара-пар. Бұған дейін бірер рет ішкенім бар: қызылдармен бірге ақтардың көзі құруы үшін, ақтың офицерлерімен бірге – патша ағзам үшін! Онда да амалсыздан іштім, бас тартсам, қарулы, шала мас қарақшылар құтырынып, бүкіл ауылды қырып тастауы мүмкін еді. Сөйтіп, өзім мен руластарымды құтқару үшін қызылдармен де, ақтармен де бауырласып, ішіп қойғанмын.
Мен сарқып іштім. Ол стақанды аузына ақтара салды. Сосын рахаттанып шылым шекті, түтінін мұрнынан будақтата шығарып, маған да папирос ұсынды. Не ойлап отырғанын біле алмай, мен де бұрқырата бастадым. Ажалдан осы папирос арашалап қалардай көрінді.
– Білесің бе, сен маған ұнай бастадың! Өз-өзіне берік, қарапайым дала перзентісің! Нағыз еңбекші деуге болады! Аңғалдықпен аздап адасқансың! Ондай қателік кімнің басынан өтпейді, ә? Сендей адамның көзін жоюдың керегі не? Қайта тәрбиелеп, өз жағымызға – шындық жағына тарту керек! Большевиктер сондай болады! Сондықтан, бірлесіп ойланайық, әрі қарай не істейміз?!
Темекінің түтінін тура бетіме үрлей отырып, сиқырлана сыбырлады:
– НКВД-ның құпия агенті бол! Бірлесе жұмыс істесек қиындық көрмейсің!
Мен одан бәрін де күткенмін, бірақ тап осыны емес! Сасқанымнан папиросқа қолымды күйдіріп ала жаздадым, терлеп кеттім. Демек, бұл жерден аман шығуым мүмкін! Бұның өзі де аз олжа емес! Қалғанын көре жатармыз!
Бірақ мен сырттай сабыр сақтап, тіл қатқан жоқпын.
– Неге үндемейсің? Ойланып отырсың ба? Ойланатын несі бар? Сынақ атаулының бәріне шыдап, қаһармандық көрсетпексің бе? Бұл жерде түк шықпайды одан! Бір, екі, үш – қазған көрге түс! Біржолата! Бұл жерден аман-сау шыққандардың бәрі бізге қызмет етуге келісім береді! Тегіннен тегін ешкімді шығармаймыз! Кінәсіз екенім дәлелденіп, ақталып шықтым немесе шын жүректен тәубама келгендіктен босатып жіберді деген – бос сөз, аңқау халықты алдау!
Бөлмені бір айналып келіп, алақанын уқалап, артыма келіп тұрды. Демі желкеме ұрады, соның өзі жүйкемді жұқартып барады. Атып тұрып, жұдырықпен бетінен бір ұрсам, мойнын бұрап тастасам, быт-шытын шығарсам деп құшырланып отырмын. Бірақ, тістеніп алып, үнсіз шыдауға тура келді.
– Сенің ағайындарың совет өкіметінің алдында кінәлі! – деп жалғастырды ол, дауысын құбылтып. – Өзің мен тағы бірер туысың өкіметке адал қызмет етіп жүрміз деп құтыла алмайсыңдар. Бір ғана Сәлім үшін бәріңді атып тастауға болады!
Қол-аяғымның жаны кетіп қалды. Тергеуші қайтадан өз орнына барды, менің қорыққанымды көріп рахаттанып тұр, бар ерік-жігерімді салып, сабыр етіп отыра бердім. Ойым сан-саққа жүгірді – шынымен Сәлімді де ұстағаны ма? Қайда екен ол? Тірі ме, өлі ме? Бірақ бұл жайында сұрай алмадым.
Сәлім бір топ жанкештілермен бірге басмашыларға қосылып, Орта Азияның құмды даласында қызыл гвардияшыларға қарсы соғысыпты дегенді ұзынқұлақтан естігенбіз. Отызыншы жылдары Сәлім тәркілеу мен ұжымдастыруға қарсы көтерілгендердің арасында жүр деген қауесет жетті. Көтеріліс аяусыз басып-жаншылған соң із-түзсіз кетті, ешкімге көкірегін бастырмайтын маңғыстаулық адайлармен бірге түрікпеннің Қарақұмында жасырынып жүр деген хабар келді, сосын ол туралы аңызға бергісіз әңгімелер сиреп кетті. Отыз екінің аштығынан кейін мүлдем хабарсыз қалдық. Не аштан өлді, не шайқаста қаза тапты, не шекара асып, Ауғанстаннан немесе Ираннан бір-ақ шықты деп ойладық.
– Інің туралы алуан түрлі аңыздар айтылады, – деп жалғастырды тергеуші кекетіп. – Біреулер оны құдайсыздарды тәубасына келтіру үшін қайта тірілген еркіндік сүйгіш көшпенділердің аруағы деп соғады. Халықтың айтуынша, біресе сұр мергеннің кейпінде келіп, кәпірлерді – яғни біздерді, советтік қызметкерлерді жазалайды екен. Кейде қараңғы түнде даланың бір түкпірінен ол атқан оқ халық жек көретін, өмір сүруге хақысы жоқ жауыздың қақ маңдайынан қадалады дейді. Асырып айтады, әрине, дегенмен шындыққа жанасатын тұстары да бар – соңғы жылдары бірнеше жауапты советтік қызметкерді атып кетті. Бірақ бізден ешкім құтылған емес, құтыла алмайды! Міне, сын сағаты соқты! Аруақ-інің үшін жауап беру керек қой! Таңдау өзіңде – екінің бірі! Не – олай, не – былай!
Жұдырығымен үстелді қойып қалды. Бұл маған берілген мүмкіндік болатын. Үнсіз, қинала басымды изедім. Азаптаушым масайрап қоя берді. Тағы жарты стақаннан құйып, тілек айтты. Ішіп жібердік, сол арқылы құпия келісім туралы шартты бекіткендей болдық.
Мен бір шешімге келдім: ажал машинасына ашық қарсы шығуға болмайды, ал онымен шайқасқа түсу мүлдем мән-мағынасыз әрекет. Ұраншыл кітаптарда жазылатындай, қаһармандық көрсетіп: «Жоқ! Қулыққа бармаймын, ұстанған қағидаттарымнан бас тартпаймын! Мен адалмын, ажалдың алдында да адал боп қаламын! Тек шындықты ғана айтамын! Дұшпанның алдында тіземді бүгіп, өзімді де, өзгені де алдап жер бауырлап жүргенше, басымды тік ұстап, күресіп өлгенім артық!» – деп айғай салғанда не болар еді? Атады да тастайды, бітті!
Мен икемділік пен айлакерлік жолын таңдадым. Қажетті шегініс.
Комментарий (1)
Мағауия оразғұлов.говорит
20.02.2022в21:31Өте тартымды.жалғасы нешінші номер де.