Бекет-ата бейіті басындағы толғаныс

Бекет-атаның аса таяғы әлі бар көрінеді,

бірақ ол кез келгеннің көзіне түсе бермейді…

Жар кетті де, қарауытты күн бірден,

Құлақ тұнды құдыретті күмбірден.

«Бекет-ата, Бекет-ата!» деуменен

Құлау құздың ернеуінде тұрдым мен.

 

Құдырет үн құлау құзды кеулеген,

Жаңғырықты, үндесті әр кеудемен.

Тұрдым мен де дүйім жұртқа қосылып,

«Бекет-ата, Бекет-ата!» деуменен.

 

Масаты маң машайықтар ұғысқан,

Манаурай қап Маңғыстаудай Мұңстан,

Жан қыстардай шықты ұлы күрсініс

Қарлығаштың ұясындай қуыстан.

 

Сол бір сәтте… сәл сүрініп аяғым,

Әулиеге мен де аса таядым.

«Нағашы-еке, бір бершімек балаңа

Берші, – дедім,– қайда аса таяғың?»

 

«Жан сенбісің келген маған жоқ аңсап,

Жоқ аңсаған жандарға да болар сәт.

Сәт – сәтімен, хат – хатымен… Аса емес,

Аша тісті бергем, –  деді ол, –  қаламсап!»

 

Күбір емес, күмбір шықты үңгірден,

Өлең болып сала берді күллі іргем.

…Қасиетті қаламұшқа сүйеніп,

Құлау құздың ернеуінде тұрмын мен!

 

ӨҢ МЕН ТҮС

Бұл ғажапты қалайша мен жыр етем,

Қас өнерді әлі көрмей жүр екем –

Қонағы көп мол дастарқан, кең залда

Қатар отыр Жүсіп пенен Жұмекен.

 

Жадыратып небір жақсы-жайсанды,

Жамыраған жанарларға ой салды.

Екі ақын күйлетеді кезекпен

Бірі – Абыл, бірі – Баламайсаңды…

 

…Қайран ғұмыр, бірақ сәттік жыр екен,

Сол сәт енді қайда ұшып жүр екен?

Бұл күндері кең зал емес, «Кеңсайда»

Қатар отыр Жүсіп пенен Жұмекен.

 

Муза-мұнар басса еңсе байсалды,

Мұңлы әуен әлдилейді «Кеңсайды» –

Екі аруақ боздатады кезекпен

Бірі – Абыл, бірі – Баламайсаңды…

 

ҚОС МЕКЕН

Түрікменстан!

Ол – менің туған жерім.

Қазақстан!

Ол – менің тұрған жерім.

Тұрған жерді туған жер дей алмасам,

Кішірейіп қалардай тұлғам менің.

 

Қыран сынды

ұшумен ұшпау неден?

Шабыт оты

Менде де күшті-ау деп ем.

Енді ойлаймын:

Япыр-ау, емес пе бұл

Екі кеме құйрығын ұстау деген!

 

Суға кетпен!

Дайынмын барша сынға,

Керегімнің бәрі де бар қасымда.

Туған елді туған ел дей аламын

Туған тіл мен туған ұлт арқасында!

 

Көкірегім қазақы тұнған өлең,

«Елім, елім» деуден еш тынған емен.

Енді ойлаймын:

Қарақұм құрсағында

Түрікмен болып жаралсам, кім болар ем?..

 

***

Бір-біріне еліктейді ақындар,

Еліктеуге менің дағы хақым бар.

Керек десем – Гете менен Гейне бар,

Керек десем –

Махамбет бар, Қасым бар.

 

Өзгешелеу толғанамын бірақ мен,

Жүріп өтем жол түспеген қыратпен.

Мен де өзімше жер тағдырын толғаймын

Жүрегіме түскен нәзік сызатпен.

 

Бұрын-соңды естілмеген еш тілде

Жыр жазамын еліктемей ешкімге.

Өзім жайлы, өлке жайлы, өйткені

Өзімдей ғып айта алмайды ешкім де!

 

ҚАЙРАН ҚАЗМУ

  1. Қабдоловқа

 

Қайран ҚазМУ – alma mater, кіндігім,

Сенде ашылды он екімде бір гүлім.

Тірлігімнің куәсіндей жарқырап,

Көкірегімде жұлдыз жанып тұр бүгін.

 

Шабытымның шарықтатып қаз, қуын,

Сол жұлдызды жаққан өзің, ҚазМУ-ым

Алматының аспанының астында

Көрдім талай қыс қызығын, жаз дуын.

 

Қайда барсам қалауым мол, жолым кең,

Тер төгуден мен емеспін ерінген.

Жүріп келе жатқандаймын әлі де

Сенің шулы, ұзын коридорыңмен.

 

Кедергілер кездессе де не түрлі

Мақсатымнан бұрған емен бетімді.

Абайсызда, сәл осалдық көрсетсем

Ұстаздарым көріп қалар секілді.

 

Қайран ҚазМУ, ғұмырымның арнасы,

Артық айтсам, көңіліңе алмашы.

Мен өмірден күнде өнеге үйренсем,

Ол да сенің сабағыңның жалғасы.

 

Мінезінің бәрі жайлы, бәрі ұяң

Студентің секілді әлі Ғалиям.

Қызметтегі отыратын кеңсем де –

Айнымаған сенің аудиторияң…

 

Орта жолда арман жібін есе алмай

Қалғаным жоқ, кеткен де жоқ есем жай.

Әнес, Қажеш, Төлен, Шоқан қасымда,

Өнер дауын жүрміз әлі шеше алмай.

 

Қайран ҚазМУ, жастық жырын толғаған

Әр қуысы, әр бұрышы толған ән…

Алаулатып келеді өмір ұшқынын

Жас Қабдолов – қырыққа әлі толмаған.

 

Шықпайды естен – әдебиет ар ісі,

Тірлігімнің мақсаты мен мәнісі.

Болады оның рахатты азабы,

Болмайды оның айласы мен әдісі.

 

Қайран КазМУ, alma mater, Алматым,

Биік-биік мақсат қойдың алға тым.

Менің жазған жырларымның бәрі де

Саған жазған секілді әлі қолхатым.

 

Шыным осы. Қалауым мол, жолым кең,

Жету үшін арманыма көрінген,

Жүріп келе жатқандаймын әлі де

Сенің шулы, ұзын коридорыңмен.

 

Зәулім-зәулім боп өскен соң шынарым,

Әбден-әбден қанғаннан соң құмарым –

Туған үйге, жиырма жасар күйімде

Оралардай боламын да тұрамын…

 

ҚАЙЫРБЕКОВ ҚАЗАСЫНА

 

Ғафусыз жыр десек тұзсыз, татусыз,

Қазақ жыры қалғаны ма Ғафусыз?

Ғафу ғана дәлдей алар нысана

Шынымен-ақ тұра ма енді атусыз?

 

Алғыр еді-ау, шалғыр еді-ау тұйғыным,

Кім қайталар енді оның қимылын?

Жедел айтқан жырының әр сөзіне

Сиятұғын күллі бақыт, қилы мұң.

 

Қайырбеков берген кезде жырға ерік

Бар төңірек кетуші еді түрленіп…

Дала үнсіз… ақын халық қазақтың

Қызыл тілі қалған сынды күрмеліп.

 

***

Құлпырады,

қурайды тау етегі.

Жаңбыр жауса

жапан түз қау етеді.

Белгілі ғой анау бір бедеу қырдың

Бір кездері жайқалған бау екені.

 

Бәрі өтеді десең де, бәрі өтеді,

Таусылмайды тағдырдың тәуекелі.

Жаңа ғана басталған жас ғұмырдың

Ақиқат қой ақыры бар екені…

 

Бұл пәниді

Осылай десең дағы

Көрген жоқсың жіберіп есеңді әлі

Аындықтың ақжайық аспанына

Ғасырларға жетеді нөсерлі әні.

 

Солай, солай!

Ортайма жайық әлем,

Дүние пәк

күнімен, айыменен.

Болашаққа жетелеп ғұмыр көшін,

Өмір-өзен ағады байыбымен.

 

***

Жасығын жазғанымның өшірейін,

Асылын аққағазға көшірейін.

Мен өзім көштен кейін қалсам дағы,

Қалмасын өлеңімнің көші кейін.

 

Келемін сол арманды аңсауменен,

Өлеңім өркендемес жан сауғамен.

Тойғандар елемесе өзі білсін,

Тоңғандар тапса деп ем қамсау менен.

 

Сөзім де өзім сынды қарапайым,

Сөзімді қарапайым таратайын.

Деген ем демеу тапсын еңкейген қарт,

Естісін еңбектеген бала сайын.

 

Жай айтып, мен несіне ақталамын,

Ақтығым жақын менен жатқа мәлім.

Алдыма ала дорбам түссе дағы,

Ешкімнің ала жібін аттамадым.

 

Тәңірдің бұйыртқанын несіп етіп,

Ел жайлы сөйлегенде есіп-есіп,

Дүйім жұрт бір дүрлігіп қалса болды

Дүйсенбек деген ақын осы десіп.

 

 

ҚЫЗЫЛ НАР

«Әйтшу, әйтшу, қызыл нар,

Бесқалаға түзу бар…»

Бала кезден құлақта

Қалып қойған ызың бар.

 

Сол ызыңды қозғаған

Жел ме дерсің боздаған?..

Отаулардың оты өшіп,

Соғыс оты маздаған.

 

Борап жатқан Жалшағыл,

Жалшағылда малшы ауыл.

Қасіретті көтерді

Болса дағы қанша ауыр…

 

Кәріге де, жасқа да

Қол жаяды аш бала.

Астығы бар, базар бар

Алыс дейді Бесқала.

 

Табылмаса үзім нан

Белгілі ғой біздің хал…

Ауылдың бар көлігі –

Жалғыз ғана қызыл нар.

 

Арып-ашып ай сайын

Ауылдың бір қайсары

Қызыл нармен қалайда

Қала шығып қайтады…

 

Қарай-қарай Құзбелге,

Енді күдер үзгенде,

Көз ұшынан… қызыл нар,

Көрінетін біздерге.

 

Бидай толы қабы бар,

Жаймасында тары бар,

Әзер басып аяғын

Жетуші еді жануар.

 

«Әйтшу, әйтшу, қызыл нар,

Бесқалаға түзу бар…»

Бала кезден құлақта

Қалып қойған ызың бар.

 

Әңгімені ең ұзын

Бастайды енді сол ызың.

Көз ұшында … қызыл нар

Нан секілді бір үзім…

Дүйсенбек ҚАНАТБАЕВ

 




ПІКІР ЖАЗУ