«Алпысыншы жылдықтар» деп әдебиет тарихында таңбаланған әйгілі алтын шоғырдың ішінде жұлдызы айрықша жарқырайтын айтулы тұлғаның бірі қадірлі Бекең, Бексұлтан аға Нұржекеұлы екені даусыз. Жазушы тырнақалды туындыларынан бастап-ақ өзіне тән қалам машығымен даралана білді. Жүрек қатпарын терең үңгіп, шарпысқан күй, сапырылысқан қилы сезім халдерін дөп басып суреттеуде Бекеңнің алдына түсер қалам иесі некен-саяқ. Әсіресе, әйел затының жандүниесін жарқыратып ашудағы хас шеберлігіне тәнті болмасқа әддіңіз жоқ. «Күй-толғақ», «Бір ғана махаббат» т.б. кітаптарындағы әңгіме-хикаяттары мен «Күту мен өткен ғұмыр», «Ерлі-зайыптылар», Мемлекеттік сыйлық алған «Әй, дүние-ай» сияқты классикалық романдарында Әйел – Ана, Әйел – Жар, Әйел – Азамат сипатындағы қазақ қыздарының небір асыл бейнесі кейіптелгеніне оқушы куә…
Жазушының шығармашылық қыры сан-алуан. Соның бірі – зерттеушілігі, ел тарихына бей-жай қарай алмайтын азаматтық өткір позициясы. Коммунистік қызыл идеологияның қылышынан қан тамып тұрған тұсында да білгенін бүгежектемей айта білген қайсар рухты қаламгер. Кезінде «Өзендер өрнектеген өлке» тарихи зерттеу кітабы үшін ұлтшыл атанып, басына әңгіртаяқ ойнағаны баршаға мәлім. Бекең бүгін де күрескерлік саптан қалған жоқ. Қағілез жүрегі қашан да алаңдаулы. Жер мен тіл, әдебиет пен мәдениет тағдыры болсын, қазақ қоғамындағы кез-келген ділгір мәселенің бәріне толғақты ой, өткір сөзімен үнемі сергек үн қатып келеді.
Отаншыл, ұлтжанды күрескер, классик жазушыны мерейлі жасымен шын жүректен құттықтай отырып, таяуда ғана нүктесін қойған су жаңа тарихи хикаятын сүйіншілеп «Жұлдыз» оқырмандарына ұсынғанды жөн көрдік.
Редакция
АТАЖАУ
Тарыйхый хыйкайа
Бастама
(* Автордың жазу емлесі сақталды)
1634 жылы қалмақтың шорос тайпасынан шыққан Қара – Құла тайшы қайтыс болды. Қазақтар оны Қарақал дейтін. Оның үлкен ұлы Қотақосын қалмақтың басын біріктіріп, Ерден Батыр қонтайшы деген атпен таққа отырды.
Сөйтіп Жоңғар хандығы деген атпен тұңғыш қалмақ мемлекеті құрылды. Ол кезде қазақ ханы Есім Шығай баласы болатын. Көршісі күшейгенін көріп, сақтығын күшейткен ол аз әскермен баласы Жәңгірді Жетісұу жақтағы шекараны бақылауға жұмсаған.
Ханның ордасы Қазығұрт тауының батыс жақ етегінде еді. Көк шалғыны жайқалған, төңірек тамылжып тұрған кез болатын. Сұуыт хабар хан ордасына күн батпай жетті.
Қалмақтар Арқастың аңқайынан тійісіпті. Екі есе көп қол қазақтарды қат-ты шығындатыпты. Ханның ұлы Жәңгірді қапыда тұтқындап әкетіпті.
«Апырмай, ел-жұрттың бетіне қалай қараймын? – деп күйінді Есім хан. – «Өз баласын қорғай алмаған хан бізді қалай қорғайды?» – деп түңіледі-ау?!».
Адам сасқанда ақылы қашады, сабыр сақтағанда ақыл қосылады. Сондықтан сабыр сақтауға тырысты. «Аңдыған жау алмай қоймайды» деген екен бұрынғылар. Қара Ертістің бойында масқара болып жеңіліп, өзі азар қашып құтылған Талай тайшы бұл жолы жеңіске жетіп, Жәңгірді өз қолымен байлап әкетіпті.
Қонтайшы сайланғаннан кейінгі Батырдың қазаққа жасаған бұл – бірінші шабыуылы. Қолды өзі бастамай, Талайға басқартқаны – құулық. Ертең қазақ дауласа қалса, «Мен білмей қалыппын», – демек. Хан баласын тұтқын қылғанына масаттанып, қанасына сыймай қоразданып жүрген шығар. Әйтеуір, өлтіре қоймас. Бұл да байағыда оның әкесі мен өзіне өлім кеспеген. «Дүнійе – кезек» деген – осы: бір кезде, мешін жылы, бұл жеңіп еді, енді доңыз жылы ол жеңді. Бірақ ол өте осал жерінен ұстады: бала – мұның да, халықтың да болашағы екенін ол, әрійне, біліп отыр. «Жауды айаған – жаралы» деген – осы. «Жауыңның жер бетінде жүргеннен гөрі жер астында жатқаны жақсы», – деген екен Шыңғыс хан бабасы. Соны ескермей, опық жеп отырғанын қарашы! Әттеген-ай, Қарасайдың да сол кезде жұмсара қалғаны-ай! Батырдың өзі де, әкесі Қарақал да қолда еді-ау! Осыдан дәл он бес жыл бұрын қарашаның қара сұуығында Тобылдың бойында бұлар осы Батыр қонтайшының әкесі Қарақалдың қолымен кескілескен ұрыс салған. Өңкей өрімдей батырды Есім өзі бастап барған. Ең үлкені Жійембеттің өзі бет қаратпайтын бабындағы кезі. Алатау мен Көксерек – екеуі де көк тіреп, бірінен бірі өтетін. Мылтығы мүлт кетпейтін Жақсығұл, асып-саспайтын, өлем-ау дегенді ойға да алмайтын Сарбұқа мен аттың үстінде жерде отырғандай қыймылдайтын Қомпай, қоржынның екі басынша бірінен-бірі ұзамайтын алып Ағынтай мен қарыулы Қарасай – бәрі әншейін «Ұр!» деген жағыңды әп-сәтте-ақ жапырып тастайтын. Солардың ұрыс салғанын бақылап тұрып, кенет Алатаудан айырылып қала жаздаған. Қалмақтардың қақ ортасын жара шауып, екі жағын жайратып бара жатқан Алатауды артынан орап, қалмақтар қаумалай қойыпты. Соны көрген замат кідірместен атын тебініп қалған. Қарагер жаныуар орғый жөнелді. Қасындағылар да лап қойды. «Ұр! Соқ! Ұр-а-а! Ұр-а-а!» – деген ханының дауысын естіген ерлері тұс-тұстан жалт бере ұмтылысты. Тың күш келіп қалды деп ойлаған қалмақтар тым-тырақай қашты. Бійе сауымдай уақыт өткенде жауды құуған батырлары жарқ-жұрқ ойқастап қасына оралды. Ат үстінде өзгеден озық көрінетін Көксерек Алатауға әзіл-әжуә айта келді. «Сонадайдан сорайып көрінесің, осы сорайғанның көзін құртсақ, басқа қазақ бет-бетімен қашады деп, қалмақтар, әрійне, алдымен саған жабылады. «Еңкейе шап! Еңкейе шап! – десем, естімейсің», – деп әзілдеді жеңістің бұуымен желпініп.
Жаңа ғана өлім ішінен шыққан екі құрдасқа сүйсіне қарап тұрғанында, бір қора қалмақты қойша айдап Қарасай келген. Жас батырдың жанары жай оғындай жарқылдайды. Сом теректей тұрқы көз сүйсінтеді. Алшаң басып алдына келді.
– Тақсыр хан! – деді ійіле ізет жасап. – Алдыңызда мына тізерлеп тұрған Қарақал – бүгін бізге қан майдан ашқан қалмақтың көсемі. Ал мынау – Қарақалдың қатыны, мынау – оның ұлы, аты ат емес екен атың өшкірдің,– деп еді осы болашақ қонтайшыны нұсқап. – Тақсыр хан, бұдан былай қазақ жеріне көз алартқан қалмақтың бәрі тап өстіп алдыңызда тізе бүгіп тұратын болады. Бұларға қандай жаза бұйырасыз?
Есім анық байқаған: Қарақалдың баласы Қарасайға сол сәт оқты көзімен ата қараған. «Әй, мынаның көзін құртқан дұрыс шығар», – деп бір ойлады да, ол ойынан қолма-қол айнып: «Сен енді Қазақтың Қарасай батыры болдың. Өз тұтқыныңның тағдырын өзің шеш. Кесем десең, басын кес! Нарадыу табам десең, тағы өзің біл!» – деп еді. «Әй, Қарақал, – деген сонан соң қалмақтың қолбасшысына жазғыра қарап. – Майданға қатын-балаңды ала шыққаныңа қарағанда, «Қазақтарды қалай қырғанымды көріңдер», – дегенсің-ау, шамасы. «Қазақтар қатын-баламды қалай қырғанын көрермін-ау», – деп неге ойламадың? Енді айтшы қатын-балаңның көзінше, саған осы не жетпейді? Мал ма, жер ме, не? Қай кемісіңді толтырыу үшін тійісесің қайта-қайта қазаққа? Шыңғыс ханның тұсында ойрат пен біз бір ғана қағанға бағынған татыу-тәтті ел емес пе едік?»
Сонда беті күйген Қарақал нарадыу табайық дегенді өзі айтқан. «Есім хан, татыулықты шын тілесең, қатын-баламның көзінше табалама! Бұдан былай татыу болайық десең, оған да дайынмын, жоқ басыңды алам десең, оған да дайынмын. Тек қатын-баламды тұтқыныңнан босат!» – деген.
«Бізде хан екі сөйлемейді, – деген бұл да айтқанынан қайтпай. – Қатын-балаңның тағдырын Қазақтың Қарасай батыры шешеді».
Сол мешін жылы нарадыу тапқан Қарақал былтыр дүнійе салды. Дәулет бій мен Құдайберді бійді бастатып, бір топ қазақты көңіл айтыуға жіберді. Қарасай екеуі он бес жыл бұрын тұтқыннан аман жіберген оның Қота-Қотсын атты баласы Далай Ламадан «Ерен Батыр Қонтайшы» деген атақ алып, бійлікке быйыл отырған. Соның құрметіне той жасап, қазақтан арғын Нұрғожа бійді, найман Тоқымтай бійді, шапырашты Дәулет бійді шақырып, үшеуіне ат мінгізіп, тон кійгізіп, сый-сыйапатпен қайтарған. Сол тойда Нұрғожа бій мен Талай тайшы сөз қағыстырып қалыпты.
«Батыр қонтайшы енді қайта тұуған Шыңғыс хан болады», – деп, Талай мақтанған екен, Нұрғожа бій сөздің есесін жібере қоймапты.
«Талай, сен талай нәрсені тәп-тәуір білетін едің, тап осы жолы адасып отырсың-ау! Ол қалай Шыңғыс хан болады? Шыңғыс ханның етегі бірде-бір қалмақ қатынына тіймеген. Қай дүрбіттің қай Далай тайшысы, торғауыттың Өрлігі, хошоуыттың Байбағысы мен Күнделені, шоростың Қарақалы, халханың Алтын ханы – осылардың қайсысы Шыңғыс ханның тікелей ұрпағымын дей алады? Бірде-бірі айта алмайды. Ал біздің Есім хан – оның тікелей тұқымы. Сондықтан сен Шыңғыс хан мен Батыр қонтайшыны бір-бірімен шатастырма!» – деп салыпты. Оған шамданған Талай шарт кетіп: «Оны әлі өмір көрсетеді! Күш кімде болса, сол Шыңғыс хан», – депті.
Әлі соғысамыз дегені содан-ақ белгілі болған. Бірақ дәл быйыл тійісе қойады деп кім ойлаған? Ғалапқа жеткен Талай сұм Жәңгірдің өзін байлап әкетіп отыр.
Кек – тым күшті сезім. Оны ақыл да тоқтата алмайды, тек тежеуі мүмкін. Шыңғыс хан бабамыздың өмірі – кек пен намыстан өрілген өмір. Әкесі Есіугей шешесі Өлеңді меркіт жігітінен тартып алса, Шыңғыстың өз қатыны Бөртені меркіттер тартып әкетті. Соның айағы сансыз соғысқа, қыйсапсыз қырғынға ұштасты. Әкесі Қарақалдың кегін баласы Батыр алса, Жәңгірдің кегін әкесі бұл алмақ. Алмаса, ар-ұйаттан айрылады.
Алдына барып, қонтайшының айағына жығылмау үшін, қандай амал бар? «Ақыл – жастан» деген ғой аталарымыз, Қарасайдай қазақтың батырына сенбесе, кімге сенеді? Сол ғой оны байағыда тұтқыннан босатып жіберген.
Есім хан есік алдындағы жасауылды шақырып алды да, жедел тапсырма берді:
– Қарасай батырды шақырт! – деді. Тез жетсін!
Ой
Қарасай тез жетіуін жетер-ау, алайда оған нақты не бұйрық береді? «Соғыс!» – дей ме әлде «Амалын өзің тап! – дей ме? Қайсысы дұрыс? «Батырдың бағын қайта-қайта бұйрық беріп байлама, еркіне жіберіп, ерлігін сына», – деп еді-ау байағыда Жалаңтөс алғаш Самарқанда жолыққанда. Әуелі Бұқарада Ыймамқұлдан әскерій дәріс алып, артынан Бағдаттан оқыу бітіріп қайтқан беті екен оның.
Ағасы Тәуекел хан Самарқанды қазаққа қаратып, жүз мың қолының жыйырма мыңына Есімді басшы етіп қалдырып, өзі сексен мың қолмен Бұқараны бағындырыуға кеткен кезі болатын.
– Осы араның бір қазағы келіп тұр, – деді бұған босағадағы жасауыл.
– Кім екенін сұрадың ба?
– «Жалаңтөспін», – дейді.
Үлкен кісі болар деп, орнынан тұра бергенде, өзі құралпы зор денелі біреу: «Ассалаумағаләйкум!» – деп есіктен аттады. Қойыу қасты, сұсты қабақ, дәулігінің өзі еріксіз өзіне қарататын денелі жігіт қос қолын ұсынып амандасты. Онымен бірге жылы бір шұуақ кіріп келгендей әсер қалдырған. Адам адамға жүре келе, көре келе үйреніседі, ал екеуінің сөзі де, мінезі де бірден үйлесіп кеткен. Сондағы оның бір сөзі бұған қатты ой салған. «Ел басқарушыда болатын бір жаман әдет: мені жақтайтын, мені жақтамайтын деп, бір елді екіге бөліу, – деген болатын. – Шындап келгенде, жақтайтындар мен жақтамайтындар – бәрі бір халық. Жақтайтындар ақылды да, жақтамайтындар ақылсыз емес. Басшы «ақылдыға» қалай керек болса, «ақылсызға» да солай керек. «Ақылдылар» басшыны қолдаса, басшы «ақылсыздарды» қорғауға тійіс. Өйтпесең, ел болмайсың. Басшы әрекетінің түпкі төркіні–«ақылсыздарды» ақылдының қатарына қосыу. Ол үшін оларды біздің хандар құсап жазалай салмау керек, қайта сен де елге керек адамсың дегенді санасына сіңіріуі керек»,– деген-ді.
Пікірлері тоғысып, ақырында төс қағысып жарасқан. Оған Есімнің: «Түркістандағымыз қазақ, Бұқарадағымыз өзбек аталып кеткенімізбен, түбіміз Алтын Ордадан тарайтын бауырлармыз ғой», – дегені өте-мөте ұнаған.
Сексен мың қолмен Бұқараны бағындырыуға кеткен Тәуекел хан ағасы қатты жараланып қайтты. Қырық күн Тәшкенде қыйналып жатып, ақыры таң атып келе жатқанда жан тапсырды. Сол қырық күн бойы қасында болған Жалаңтөстің бауырмалдығын бұл дүнійеде ұмытар ма Есім? Бұл хан сайланғанда, артынып-тартынып келіп құттықтап қайтты. Әкесі Сейітқұлдан қалған тұрақты бес мың жасақ – Жалаңтөстің әрі айбары, әрі абыройы, әрі өзгеден артықшылығы. «Ақылды сыйлайтын адам күшті сыйлайтын адамдардан әрдайым аз болады, алайда ақылды адам да күштіні сыйлайды, – деп, бір оңашада Жалаңтөс сыр ашып күлген-ді. – Сондықтан ақылдылар да күшке бағынады».
Сөз астарынан оның алымдылығы мен ақылдылығы аңғарылып тұрады. Айта да біледі, айтқанын орындай да біледі. Есім оған сондықтан сенеді. Әйткенмен әр хандықтың өз мақсат-мүдесі тағы бар, ол сенің достығыңмен үнемі үйлесе бермейді. Сондай-сондайдың салдарынан мешін жылы Самарқанда басталған достықтарына екі мәрте сызат түсті.
Бірі – Тұрсын ханға қатысты. Тәуекел хан өлгенмен, Тәшкен қаласы біржола қазаққа қарап, екі жақтың келісімімен оның әмірі Тұрсын төре болған. Алайда бійлік есірткен Тұрсын әмір тауық жылы өз тұуысқаны Есім ханға қарсы шығып, бірақ өзі жеңіліс тапты. «Жаздым, жаңылдым», – дегеніне сеніп, оған Есім кешірім еткен-ді. Соның бәрін көріп-біліп отырса да, Жалаңтөстің көрмеген, білмеген адамдай араласпауы көңіліне қатты тійген.
Екіншісі де осы тектес.
Есімнің хан болғанына он үш жыл толғанда, Жалаңтөстің ұстазы Ыймамқұл да Бұқараға хан болды. Оның хан болыуына шәкірті Жалаңтөстің уысындағы қатағандар бастаған қазақ ұрыулары үлкен көмек көрсетті. Сөйткен Ыймамқұл доңыз жылы Есім ханның қалмақтармен соғысыуға кеткенін пайдаланып, Тұрсын әмірдің желіктіріуімен қазаққа тұтқыйыл шабыуыл жасап, быт-шытын шығарып қырды. Ел-жұрттан айырылған Есім хан бас сауғалап Тұрпанға қашты. Көрмегендей, білмегендей, Жалаңтөс тағы араласпады. Түбі мен тегінің бір екенін түсінген Әбдірахым хан Есімді паналатып қана қоймай, оған он алтыдағы қызын да берді. Ханның қызын хан құшса, екі хандық достасады. Ол – ежелден жалғасып келе жатқан жол. Тұрпанда бас сауғалап жүргенінде, Жалаңтөстен жаушы келген. Сірә, бұған демеу болсын десе керек. «Он алтыдағы жар – жан дүнійеңді өртейтін жалын. Құтты болсын! Бірақ оған арбалмай, халқыңа қайт!» – депті.
«Қайт!» – дегеннің астарын Есім хан қапысыз ұқты. Бірақ одан өкпесін жасырып қала алмады. «Ұстазың еліңді шауып жатқанда, ұйқың әбден қанды ма? Он алтыдағы қарындастарымыз зорлықпен қатын болып жатқанда, он алтыдағы жар сүйгенім қай жетіскенімнен дейсің?» –дегенді бұл да айтты.
Берер жауабы болмады ма, аласапыран кезең кедергі болды ма, әйтеуір, одан кейін Жалаңтөс жақтан жауап жетпеді. Бірақ Жалаңтөс пен Ыймамқұл араз екен деген алып-қашпа сөз Есімге ел арасынан еміс-еміс жетіп жатты.
Жалпы, Ыймамқұл Бұқарада екі адамнан айылын жыйатын, бірі – Алшын Жалаңтөс баһадүр, екіншісі – Қатағандардың Махмұт бійі.
Нұратада бес мың, Самарқанда бес мың тұрақты әскер ұстайтын Жалаңтөс пен Тәшкен – Жыйзақтың қалың қатаған тайпасын ашса, алақанында; жұмса, жұмырығында ұстайтын Махмұт екеуі үп десе, халық лап ете қалатын өрт сыйақты еді. Сондықтан олармен санаспау опық жегізетінін Ыймамқұл жақсы білді.
Атасы Әбдірахым хан қолынан келген бар жақсылығын жасап жатса да, Есімнің көңілі көншімеді. Өзін не жерде емес, не көкте емес, екі ортада ілініп тұрған ілдәлдә секілді сезінді. Тамағы тоқ, кійімі көк болғанмен, қойнында ханның қызы жатса да, жұрттың алдында жалаңаш қалған адамдай, жан-жағына жалтақтап қорғаншақтай беретін. Оны атасы Әбдірахым хан да, келіншегі де байқапты. Өзі ойланып жүрген адам өзгенің ойына да зәріу. Соны сезген Әбдірахым атасы ұзақ сырласты
Бабасының айтқанын ата да, әке де; әкесінікін бала да, байқаймын, шала орындайды екен, – деді әңгімені өзі бастап. – Өлерінде Шыңғыс ханның балаларына тапсырған бірінші өсійеті «Мен құрған мемлекетті құртып алмаңдар!» болған. Бірақ «Ол үшін бір-біріңмен татыу болыңдар» дегенді айтпаған. Онсыз да түсінікті деген болыу керек. Өкінішке қарай, балалары бір-бірімен татыу болмады. Соның кесірінен ұшы-қыйыры жоқ мемлекетінен қәзір біз оймақтай жерге әзер ійе болып отырмыз. Батыу батысқа кетіп, Алтын Орданы сақтап қалды. Орысты, Қырымды бійледі. Содан өз еліне кім қайтты? Бәрі барған жеріне сұудай сіңіп кетті. Мұқалы мен Құбылай Қытайды күшті ел қылды. Одан қайсысы елге оралды? Бәрі қытай болып кетті. Бабамыз тұуып-өскен Моғолыстанда кім қалды? Батыудың басы-қасында болыуға жарамаған, Құбылайдың қасына еріуге ебі-себі жетпеген өңкей әрі-сәрілердің ұрпағы қалдық. Қытай күшейді, орыс өрістеді, біз ойсырадық. Өйткені жақсылардың бәрі жат жерге кетіп, өз жерімізде өңкей өресіздер қалдық. Керей мен Жәнібек соны түсініп, ат басын атамекенге бұрып еді, бақталастық пен тақталастық басымызды тағы қатырып келеді, – деді өз сөзінен өзі шаршап.
– Мұны түзететін қандай жол бар? – деген бұл да әңгімені демеп.
– Жол бар, бірақ ол жолмен жүретін жан болса. Ол – бабалар жолы. Бүкіл қазақ бір атадан тараған халықпыз. Өз аты Анарыс деген кісіні шешесі еркелетіп Арыс атап кеткен екен. Аса ірі, дәу кісі болса керек. Дәу біреуді көрсек, арыстай азамат дейтініміз содан. Со кісі сырт елде білім алған, елді іліммен басқарыуды мақсат еткен адам болыпты. «Ақыл бійлемеген тоқтық аштықтан да жаман», – депті бабамыз. Алты баласы «Алты Арыс» атаныпты. Ақ және Пан деген екі үлкені қыс кезінде Хантәңірінің етегінде жылқы күзетінде жүріп үсіп өледі. Сірә, қарлы боранда адасып кетсе керек. Содан екі ағайынды өлген айды «Екі ағайынды» деп атап, кейін «Ақ пен Пан өлген ай» деп жүріп, ол айды «Ақпан айы» атап кетіппіз. Арыс бабамыз ұлдарын екі-екіден еншілеп, Ақ пен Пан ауылын үлкен, йағный «Ұлы йұзы» – Ақ Арыс ауылы деп; ортаншы балаларын Жан мен Болдың ауылын «Орта йұзы» – Жан Арыс ауылы деп; ал кіші балаларын Бек пен Балдың ауылын «Кіші йұзы» – Бек Арыс ауылы деп еншілепті. Және жәй еншілемей, екі үлкен ұлы өліп, төртеуі қалған кезде бір-біріңмен ауызбірлікте болыңдар, «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп тәлім беріпті. Сол жолды ұрпаққа үлгі етіп ұстансақ, бізді ешқандай жау алмайды, бізді түзейтін жол – сол.
– Ендеше неге сөйтпейміз?
– Басты кінә – елді басқарыушыдан. Бізді – Шыңғысханның төрт ұлынан тараған ұрпақты, оған екеуміз де кіреміз – «төре» дейді. Қазаққа хан тек төрелерден сайланады. «Жер төбесіз болмайды, ел төресіз болмайды» деген сөз содан шыққан. Әр үйдің, әр отбасының өз төрі, ол төрде отыратын өзінің төр ійесі болады, «төре» дегеннің мән-мағынасы – сол. «Балық басынан шірійді» дегенді естіуің бар шығар, біз – сол басынан шіріп жүрген халықпыз. Бақталастық, тақталастық төрелерден басталады. Оған мысал – Тұрсын екеуің. Екеуің де төресің, екеуіңнің де хан болғыларың келеді. Және ақылмен емес, күшпен болғыларың келеді. Сөйтіп өзді-өзің соғысасыңдар. Керей құрған қазақ хандығын аман сақтайық деген ой екеуіңде де жоқ, бұл хандықты мен басқарсам деген ғана ой бар. Міне, ақылмен ел бійлемеу деген – осы. Сонан соңғы кінә – Шыңғыс хан бабаң жасаған ата салт жосығын сақтамау. Оның басты шарты – халықтың бірлігін, тұтастығын сақтау. Тұрсын әмірге ел бірлігінен бұрын өз бійлігі артық екенін білем. Оған керек емес бірлік саған керек, сенің еліңе керек. Менің сені бауырыма тартыуымның себебі де осында, балам. «Шайнап берген ас болмайды», қалғанын өз ақылыңмен жалғастыр. Мен қолымнан келген өз көмегімді айамаймын. Себебі енді сен – өз баламсың. Өз баламның өз еліне ійе болғанын қалаймын.
Әбдірахымның бұл сөзі өз әкесі Шығайдан да естімеген сөзі еді.
– Неден баста дейсіз?
– Ең қыйын нәрсе – осы: неден бастау. Біз, төрелер, қазаққа сіңбе де емеспіз, кірме де емеспіз, қазақтың өз ішінен шыққан Шыңғыс ханның ұрпағымыз. Сондықтан қазақтың тағдыры – біздің тағдыр. Тұрсын мен Ыймамқұл Түркістанның төңірегін бағындырғанмен, Жан Арыс пен Бек Арыстың ауылын бағындыра алған жоқ. Демек ол екі ауылға сен әлі хансың. Ақ Арыс ауылының әйгілі Жанай батыры, оның тәлімі мен тәрбійесін көрген Сүлеймен батыры сені қолдамағанда кімді қолдайды? Мен өз құзырымдағы әскерімді саған бермегенде кімге берем? Осының бәрін ойластырып қарасаң, қазақ әлі сенің уысыңнан шыға қойған жоқ. Ал оны дәл осы кезде пайдалана алмасаң, мұндай сәт тағы бола ма, болмай ма, оны тек бір құдай біледі. Сондықтан, балам, темірді қызған кезінде соққаның дұрыс. Оңтайлы сәтті пайдалана алмаған басшы – оңтайлы сәттің не екенін білмейтін басшы, – деп ойын түйіндеген еді атасы.
– Көп жасаңыз, ата! Қамданайын онда.
– Сөйт, балам. Әуелі еліңе бар. Тұрсын ханның тап өзіне бар. «Саған ел керек пе, мен керек пе?» – деп, төтесінен тарт. Бірақ төбелеспе, кішілік жаса. «Елім үшін, елімнің келешегі үшін келдім», – деп, ағыңнан жарыл. Сенің келгеніңді естісе, ел қамын ойлаған әркім-ақ еңсесін көтереді.
Атасының соңғы айтқаны тым ауыр тійсе де, ақылға салып, ақыры көнген.
Әбдірахымның ақылы Есім ханға жүйрік атқа мінгізгендей жігер берді. Жас қатынына жан сырын ашты:
– Кеше хан едім, бүгін бас сауғалап жүрген қашқынмын, соны біле тұра сен маған не үшін тійдің? – дегенінде, ол:
– Қарным тоқ болсын, кійімім көк болсын деп тійгем жоқ; ханның қызы, өзің білесің, оған зәріу емес. Мен жәй төбе болсам, әкем – бійік тау; мен көрмегенді көреді, мен білмегенді біледі. Оны тыңдау – менің перзенттік парызым. Баласын бақытты етіу – оның әкелік парызы. «Балам, қазақтың ханы бізді пана тұтып келіпті. «Ер жігіт үш ақ үй тігеді, үш қара үй тігеді» дейді қазақ. Ақ үй тігіуіне мен де көмектесейін, сен де көмектес. Шыңғыс хан бабамыздың қара шаңырағы қазақта көтерілген және қазақта қалған. Қара шаңырақтың ханына ійе бол», – деді. Әкемнің сөзін екі етпедім. Қара шаңырақты сақтау үшін ұлы жанын қыйғанда, қызы жанын айай ма? – деп жауап қатқан-ды.
Есім не дерін білмей, мүдіріп қалған. Бірақ келіншегінің жауабы әкесінің ақылынан кем шықпады. Құдай жолымды оңғарайын деп тұр екен деп ойлады. Келіншегін құшағына тартып, өзі келіншегіне қарай құшағын жайған-ды. Соның бәрін бастан кешкен Есімге Жәңгірдің тұтқын болғаны бәрінен ауыр тійді.
Ойдан ойға шомып тұнжырап отырғанында жанына Жәңгірдің анасы келіп тізе бүкті. Үнсіз ғана ыйығына басын сүйеді. Хан да басын қатынына қарай қыйсайтты.
– Бала екеуміздікі болғанмен, намысы халықтікі. Хан ғана емес, халқың да оның қамын жеп жатыр. Қарасайды шақырттым, қалмақтың қыр-сырын одан артық білетін адам жоқ. Қамықпа, құтқарамыз, – деді бәйбішесін жұбатып.
Жосық
Есім хан елдің қамын ойлағанмен, Тұрсын хан мен Ыймамқұлдың ығынан шыға алмады. Қазақ әбден қансырады, әбден ойсырады. Хан Тұрсын Тәшкенде талтаң басқанмен, шын мәнінде қазақты Ыймамқұлдың ұлы Ескендір бійледі. Ал ол әрі содыр, әрі дойыр басшы болып шықты. Ескендір қазақты қан қақсатты: сан түрлі салық салып, оны жыйнаумен айаусыз айналысып, елдің намысын айаққа таптады. Қазақты тек сұрағанын бере салатын құл санады. Жазықтысы мен жазықсызын сараламай, қыйт еткен қазақтың басын алды. Басынғаны соншама, салықтың өтемі деп, әдемі қыз бен атастырылып қойған бойжеткендерді де тартып әкетіп жатты. Оның осындай оспадар қылығына тіпті ордадағы қазақтың бәрі іштей қарсы еді. Ақырында алдына жылап келген ел-жұрттың жасын көріп, намысқа шыдамаған Жанай батыр, жетпістен асқан жасына қарамай, Ескендірдің ордасына жалғыз өзі келеді. Батыр ақсақалды бірде-бір жасауыл бөгемейді. Қабағынан қар жауып, түксійген батырдың бұл келісін Ескендір бағынышты қазақтың жан сауға сұрауы деп қана түсінеді. Қарт батыр: – Ескендір! – дейді қатыу үнмен. – Мына тақ саған қазақты қорлау үшін емес, қорғау үшін берілмеп пе еді? Қыйт еткенді жазалап, бетіңе қарағанның басын шауып жатырсың, қазақ саған жау ма, бауыр ма? – дегенде, мәйменесі тасып тұрған Ескендір қарт батырға мысқылдай қарап:
– Өзгенің басын қәйтесің, өз басыңның амандығын ойласаңшы, – депті.
– Мен ойлағанда, басыңның амандығын сен неге ойламайсың? – дейді қарт батыр қаймықпай. – Менің басымды алыу оңай да, сенікін алыу қыйын ба?
– Сен мені қорқытпақсың ба? Не сандалып тұрсың? – дейді Ескендір тепсіне түрегеле беріп. Қайқысын қынабынан сұуырып алған қарт батыр:
– Мә саған сандалған! – деп, Ескендірдің басын қағып түсіреді де, шалт бұрылып ордадан шыға береді.
Естіп тұрған, көріп тұрған жасауылдың бірде-бірі қыбыр етпепті. Бірақ әкесі Ыймамқұл қаһарына мініп, ұлының кегін қазақтан айамай алады. Алты ай өткенде қазақты қынадай қырады. Кейде тіпті бесіктегі балаға дейін найзаға шаншыйды. Қазақ ондай жауыздықты атажауы қалмақтан да көрмеген.
Хан мен хан сыйласса, олардың халқы да сыйласады. Сыйласқанның күші көбейеді, араздасқанның ауызбірлігі азайады. Ыймамқұлдың қаныпезер қылығы қазақ атаулының намысын қайрады. Ел басына күн тұуған осы шақта атасы Әбдірахымнан көмек алған Есім күш жыйнап, енді Ескендірден кейін елді езіп-жаншып отырған Тұрсын әмірге қарсы соғыс ашты. Қазақтың хас батырлары Шапырашты Сүлеймен мен қарт Жанай, Дұулат Жақсығұл, Қоңырат Алатау, Кіші жүз Жійембет – бәрі қолдады. Қарасай мен Ағынтай ол кезде ел шетін қорғап Арқада жүрді. Қорланған, зорланған, кек пен намыс кеудесін өртеген өңкей қазақ Есім төңірегіне топтасты. Ел жігерін қайраған Есім өзін хан санаған Тұрсынға тап берді. Түбі де, тегі де бір екі жұрт қан майданда ұшырасты. Түркістан, Шымбас, Қазығұрттың айналасы қанға бөкті. Ашыу бійлеп, кек қайраған халық бір атадан тарап, бір анадан өрбігендеріне қарамай, әлі жеткені әлі жеткенін, айласын асырғаны айласын асыра алмағанын тас-талқан етті. Қан майданда бетпе-бет келген Сүлеймен батыр тұуған қайнағасы Айрылмасты жекпе-жекте жер жастандырды. Тұрсын ханның бұйрығымен өз бауырластарына қарсы шыққан қатағандарды оңды-солды шауып келе жатқан Сүлейменді Танау мерген атып өлтірді. Әкесін атқан Танаудан кек алыу үшін, түн ішінде Тұрсын ханның ордасына ұрланып кірген он бес жастағы Сыйқымбай адасып жүріп Тұрсын ханның шатырына тап келеді. Хан деген атты қастерлеп өскен бала бауыздай салыуға батпай, бірақ өлімнен ұйат күшті екенін ескеріп, ханға дәрі ійіскетеді де, тыржалаңаштап, құйрығына жіп тығып, бет-аузын айғыздап бойап, масқаралап кетеді. Және жай кетпей, «Мұны істеген – Сүлеймен ұлы Сыйқымбай» деп жазып кетеді. Әрі өжет, әрі ійненің көзінен өткен епті бала хан шатырынан шығып, ұйқтап жатқан Танау батырды дәрі ійіскетеді де, арқалап алып кетеді. Ертесі оны елдің көзінше дарға асып өлтіреді. Сыйқымбайдың ол ерлігі – бұл күнде еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін білетін аңыз. Қашқан Тұрсын ханды Абат деген жерде құуып жетіп, Есім хан өз қолымен мерт етті. Алапат ашыу бійлеген Есім хан Тұрсын ханды жақтаған қатаған тайпасын айамай қырыуға әмір етті. Жыйзақ пен Тәшкеннің төңірегін түгел жайлаған қатағаннан қашып-пысып жан сақтаған аз шанышқылылар ғана аман қалды. Жеңістің желігін баса алмай желпініп жүрген Есімге сол кез Жалаңтөстен жедел сәлем жетті. «Ыймамқұл қырған қазағыңды өзің де қырдың, одан сенің нең артық? Өзіңе жыйырма екі жасымда мен жолығып ем, он алты жасында Әбдірахымның қызы тійіп еді, екеуміз сені ел үшін сыйламап па едік? Сол елді сен неге сыйламайсың?» – депті.
Сонда Есім хан ескертпе сөзден есеңгіреп қалды. Екі көзін тарс жұмып, алақанымен бетін басты. Беті күйіп, өз бетіне өзі тұура қарай алмады. Бір Жалаңтөс емес, бүкіл қазақ айыптап тұрғандай әсер етті. Артық ашыуға мінгенін өкіне түсінді. Түзеуге келмейтін, орны толмайтын ағаттық жасапты. «Тек құдай кешіре көрсін!» – деп тіледі.
Жалаңтөстің сәлемхатына жауапхат жазбады. Бірақ сәлем әкеліушілерді бар ықыласымен күтті. Көрген-білгендерін айтып барса, содан артық қандай жауап қәжет деп ойлады. Жалаңтөстің сол сәлемі жан дүнійесін әлем-жәлем өзгертті. Елдің бірлігін, тұтастығын нығайтатын жаңа жосық ханға да, қараға да керек екен-ау деген ой алғаш есіне сонда түскен. Ашыу мен ызаға, кек пен намысқа тежеу болатын нәрсе тек жосық екеніне зіні жеткен. Қарақал тайшыны тұтқын қылған Тобыл шайқасынан кейінгі бір жағдай есіне түсіп, бір ойды бір ой қайта-қайта түртпектей берді.
Обаған мен Томаған бойын жайлаған керей жұрты артынан жеңіс құрметіне асар жасады. Өзі құралпас ірі бір қазақ көптен сұуырылып шықты да:
– Ғалапқа жеткен ханға алда да ғалапқа жете бер деп тілеймін! Елін, жерін қорғаған батырлығы үшін, халық атынан, хан ійем, өзіңе бір тұлпар мінгізейін, ұрықсат ет! – деді. Екі жігіт екі жағынан жетектеп алғарагөк атты көлденең тартты.
Аттың тәкәпар сымбаты, асқақ омырауы, жалт-жұлт еткен әбзелі, төгілген жалы, тығыршықтай жоны – бәрі көз тойатындай көркем. Қанша ұстамдылық жасайын десе де, жасай алмады. Тіпті атынан қалай түсіп, аттың жанына қалай жетіп барғанын білмей де қалды. Екі жігіт: «Құтты болсын, хан ійем!» – деп, бірі қолына ат тізгінін, бірі дойыр қамшыны ұстата қойды. Қарғып мініп, халыққа қарап еді, төрт-бес әйел жан-жағынан шашыу шашып, ел-жұрт оған таласа ұмтылып жатты. Тұлпар үрікпеді, дік-дік басып ілгерілей берді. Қайта айналып келіп, ат ійесінің қасына қарғып түсті.
– Тұрқында да мін жоқ, жүрісінде де мін жоқ жаныуардың! – деді Есім.
– Ійгілігіңе мін, хан ійем! Ұрпағым мақтанып жүрсін, хан түскен үй атанайын, шаңырағымнан дәм тат! – деді ат сыйлаушы.
– Татайын, – деді нійеті құлап.–Ныспыңыз кім болады?
– Толыбай болады.
Он екі қанат үй тігіп отырған балалы-шағалы адам екен.
– Тұлпарыңыздың тегі қайдан? – деп сұраған.
– Бұл – адамша тәрбійелеп, адамша баулыған тұлпар. Арғы тегін анық айта алмаймын, бірақ Құлынды алқабынан әкем бір жылы түсі дәл өзіңіз мінгендей алғарагөк айғыр әкелді. «Тұлпар!» – деді аузын толтыра мақтанып. Онда әлі баламын, әкемнің мақтанышын, сөзінің мәнін онша ұға қоймадым. Бірақ: «Тұлпар!» – дегенде мұртының қалай делдійгені бүгінге дейін көз алдымда. Әкем әлгі тұлпарды тұқым алыу үшін әкеліпті. Бійелерді таңдап, оған үйір жасақтады. Құлындарын тағы сұрыптап, одан тағы жеке үйір жасады. Жарықтық ерінбеді, жалықпады. Тұлпар айғырдың тұқымына өз баласы бізден артық көңіл бөлді. Бізге сенбей, шөбін, жемін, сұуын – бәрін өзі беріп жүрді. Әкемнің қылығы әпенденің қылығындай көрінді, бәріміз күліп жүрдік. Бізге бір қызық дүнійе секілденді. Тұлпар айғырдан тұуған екі-үш байталды таңдап, сол сұрыптаған байталдарына айғырдың өзін алып барған екен, бәрін тепкілеп, тістелеп, бәрін аулаққа құуалап тастапты. Соны бізге қайта-қайта айтып: «Өте текті айғыр екен! Өз тұқымына өзі шаппай қойды», – деп жүрді. Содан әр жылы әр бійеге салып, содан мініскер де, желіскер де, жүйрік те, сәйгүлік те, арғымақ та мінді, жақсы ат, жүріскер ат деп, әйтеуір, әр түрлі бағаланатын бірталай ат мінді, бізге де мінгізді, бірақ өз ойындағыдай тұқым тұудыра алмай, анда-санда тұнжырап, түңіліңкіреп жүрді. Ақырында алғарагөк айғыр өзінің сегізінші ұрпағына шапты. Оны біз көргеміз жоқ, әкеміз аңқылдап өзі айтып жүрді. Бірақ ең өкініштісі сол: содан тұуған құлынды көре алмады, қайтыс болып кетті. «Әке көрген оқ жонады, шеше көрген тон пішеді» демей ме қазақ, әкемнің қасында жүріп мен де ержетіп қалғам. Әкемнің істегенін көре-көре көзім үйренді, айтқанын тыңдай-тыңдай тұлпар тұудырыуды мен де армандай бастағам. Әкемнің бір айтқаны маған айтқан аманаты құсап, құлағымнан кетпей қойды. «Жеті деген кійелі сан, жер де жеті қабат, көк те жеті қабат, қазына да жетеу, аптаның күні де жетеу, сондықтан қандас тұуыс та жетеу болатын шығар, сегізінші ұрпағына алғарагөк айғыр шапты ғой, көр де тұр, осыдан тұлпар тұуады», – деген. Сол сөзі маған көріпкелдік сыйақтанды. Сізге – өтірік, маған – шын, сол бұуаз бійеден сізге сыйлаған осы алғаргөк тұлпар тұуды. Тай болғанда тұлпар екеніне анық көзім жетіп, ақсарбас шалдым. Міне, бұл тұлпардың тауарыйқы осындай, – деген-ді Толыбай. Оның сол айтқаны – адамға да үлгі. Ал үлгілі нәрсені халыққа хан үйртпегенде кім үйретеді? «Қазақтың әр ұрпағы тұлпар боп тұуатындай жосық жасасам-ау!» – деп, алғаш сонда ойлаған.
– «Қасым ханның қасқа жолы» деген жосықты естідіңіз бе?» – деп сұрағанында, Толыбай мүдірмеді.
– Бұрынғылардан біліуімше, оның қасқа жолы елді қалай ауызбірлікті қылам деген ойдан тұуса керек, «Ұл әкесін, қыз шешесін, қарашасы ханын, ханы халқын, кішісі үлкенін сыйлаған елде ғана бірлік болады», – деген көрінеді. Өзіңіз көріп жүрсіз, қазақтың күні бұрын да, қазыр да соғыспен өтіп келеді. Өлім-жітім жеңген жақта да, жеңілген жақта да көп болады. Өлген сарбаздың қатын-баласын кім бағады, кім асырайды? Өлген еркектің орнын кім басады? Тек өле берсе, халықтың тұқымы бара-бара тұздай құрымай ма? Соны ойлаған Қасым хан: «Аға өлсе, іні мұра; іні өлсе, аға мұра болсын», – деген жосық айтыпты. Айтпады деуге аузым бармайды, өйткені солай істеп келеміз ғой. Ханның жарлығын қалт жібермей орындайтын халықпыз, сол қасқа жолымен әлі келе жатқан жоқпыз ба? – деген.
Осының бәрін ойға сала келе Қасым ханның қасқа жолын одан ары күшейтіп, оған өз ұйғарымын да қосқысы келді. Өйткені белгілі бір жөн-жосыққа бағынбаса, халық өз-өзінен ауызбірлікті бола салмайды ғой, халыққа жақсы ырым да, қатты тыйым да керек деген оймен басты жосығын былай жобалады: «Жазықтыны хан жазалайды, бірақ өз халқын ешқашан шаппайды. Ал халқы ешқашан өз ханына қарсы шықпайды. Өйткені ханды халықтың өзі сайлайды. Хандықтың бірлігі әрбір отбасының тіршілігінен тұуындайды. Сондықтан бұдан былай өз әке-шешесін бағып-қақпаған баланың бетіне қара күйе жағып, жұрт алдында қарабет қылыуды бұйырамын»
«Хан да пенде, – деп ойлады Есім. – Пенде болған соң, пендешілік жасау оған да тән. Ханның да пендешілігін шектейтін жосық болмаса, қара халықтың күні не болмақ? Тіпті ханның ғана ақылды болғанынан, ханның ғана әділ болғанынан бұқараның бүкіл жағдайы оп-оңай жақсара қала ма? Әлдекімнен жәбір көрген жұрт жүгіріп келіп ханға жүгіне ала ма? Сол сыйақты, хан да кем-кетіктің бәрін өзі келіп көре алмайды. Сонда ханның да, қараның да қолынан келмейтін әділдікті халыққа қалай орнатыуға болады? Оның жауабы ойдың құрығына оңай түспеді. Ақыры тапты.
Қазақ халқының жұлын омыртқасы – ұрыулар мен тайпалар. Сондықтан әрбір ұрыу мен әр тайпаның өз бійі, сол бійлер жүгінетін төбе бійі, ал хан маңында бәрінің басын біріктіретін бійлер кеңесі болса, ханды қателіктен, пенделіктен, ал халықты әділетсіздіктен сақтайтын солар болмай ма? Халқымен солар арқылы ауық-ауық ақылдасып, сырласып отырмаса, хан халқының хал-жағдайын қалай біледі? Білмеген ханның бійлігі әділ бола ма? Сондықтан ханның халықты көретін көзі де, естійтін құлағы да сол бійлер болыуы керек.
Ханды да, халқын да қорғайтын айрықша адамдар – батырлар. Құдай оларға басқаларда жоқ күш-құуат, қайсар мінез, қайтпас жүрек берген. Олар сондықтан бағын дегеніңе бағына салмайды. Олар ешкімге арын таптатпайды, кеудесін бастырмайды, олардың бағынатыны – тек әділдік. Ал әділдік бійлерде. Әрбір бій әр батырды халықтың қымбат қазынасы санап құрметтеуге тійіс. Арыстың үш ауылының үш Бас батыры, оларды тыңдайтын хас батырлары мен жас батырлары және болыуға тійіс. Сондай жүйе ұстап тұрмаса, хандықты ұстайтын басқа қандай жүйе?
Ел болған соң, ел ішінде алайақтар мен жылпостардың болатыны тағы белгілі. Оларды өз ұрыуының ақсақалы мен өз тайпасының бійі жөнге сап немесе жазалап отырсын. Сөйтіп хан мен халықтың арасын байланыстыратын мықты желі болмаса, өз көзімен көріп, өз құлағымен естімеген әділдікке, ел сене ме?
Ойша елеп-екшеп отырып, келесі жосығын да тұжырымдады: «Ағайын адамдардың ұл-қызы жеті атаға толмай жатып бір-бірімен отбасын құрса, ата-анасы да, бала-шағасы да елден аластатылсын!»
Бір ұрпақтан тараған тұуыстардың бірлігі – ұрыу болса, ұрыулардың бірлігі – тайпа. Тайпалардың бірлігі – халық. Ал халықтың одағы – хандық. Бұл бірлікті бұзған адам жазаланады. Қандай жаза беріуді бійлер шешеді,» – деген тоқтам жасады.
Әкенің бірінші ұрпағы – бала, екіншісі – немере, үшіншісі – шөбере, төртіншісі – шөпшек, бесіншісі – шөбелек, алтыншысы – немене, жетіншісі – тұуажат болса, сегізінші ұрпақ тұуыстықтан ажырап, ұрыуға барып қосылады. Әрбір ұл мен қыз тұуыстық бірлікті татыу сақтауға тійіс. Шыңғыс хан бабамыздың тұсында жасалған жосық мемлекеттің бірлігін сақтайтын жосық саналады. Сондықтан ол – қасійетті жосық.
«Ұлға қатыннан, қызға байдан бауыр артық. Бір ұрпақтан тараған ұл-қыз жеті атаға дейін бір-біріне тұуыс; ал тұуыстар бір-бірін алмайды, бір-біріне тіймейді. Оған дейін қан араласса, ұрпақ азады. Ал азған ұрпақтан аурыу-сырқау, дімкәс, кемтар бала тұуады. Қазаққа ұрпақтың азғаны емес, озғаны керек.
Елдің бірлігі тек өз тұуыстарыңмен татыу болыумен шектелмейді. Өз тұуыстарың – өз жұртың. Ол – негізің. Негізін білмеген адам – тегін білмейтін тексіз. Ол жақсы адамның қатарына жатпайды. Өз жұртымен қатар өзге жұрттың қамын жеу – жақсы адамның қасійеті. Әкесінің тегін сыйлаған ұл мен қыз шешесінің де тегін сыйлауы тійіс. Ол – нағашы жұрты. Шыңғыс хан бабамыздың әулеті Алан Хауа әжесінен тараған ұрпақты нұрдан жаратылғандар деп дәріптеген.
Адам баласының ең үлкен бақыты – ұрпақ сүйіу. Ал ұрпақты сүйгізетін – қатының. Оның жұрты – қайынжұртың. Үш бұты тең тұрмаса, ошақ омақаса құлайды. Алауыз болып омақаса құламау үшін, әрбір азамат осы үш жұртын тең сыйлауға міндетті. Өйткені ол – өзі үшін де, елі үшін де қажетті іс. Хандықтың тұтастығы әркімнің осы үш жұртын сыйлауына байланысты. Сондықтан бабалар салып кеткен ескі жолды бұлжытпай сақтауымыз бізге міндет.
Адамдардың бір-біріне деген қамқорлығын бұрынғыдан да нығайта түсіу үшін, нәменгерлік жосығын қатаңдата түскенді жөн санады. «Шыңғыс хан бабамыздың заманынан келе жатқан салт бойынша, күйеуі соғыста өле ме, ажалынан өле ме, оның зайыбын бағыусыз-қағыусыз қалдырған ағайын-тұуысы түгел жазықты болған, біз де сол әдепті одан әрі жалғастырыуымыз керек», –деп ұйғарды.
Қазақтың Қарасай батыры Жәңгір сұлтанды аман-есен тұтқыннан құтқарып келсе, бійлер мен батырлар ордада бір бас қосары хақ. Өз жосығын сонда ортаға салмақ. Оған дейін әлі он ойланып, жүз толғанар. Әрбір қазақ ата-бабасын өле-өлгенінше сыйлайды. Ондай қазақ ата-бабасының жөн-жосығын да өле-өлгенінше сыйлауға тійіс деп ойлады Есім.
Кілт
Қарасай Жәңгір сұлтанды құтқарыуға хан ордасынан орала сала-ақ қамданды. Арнайы барып, елдің шетінде, қалмақтың бетінде отырған Дәулет біймен ақылдасты. Батыр қонтайшы таққа отырғанын тойлағанда, соған қазақтан қатысқан үш бійдің бірі – осы Дәулет ағасы.
– Қалмақ та тыныс-тіршілігі қазақ сыйақты халық, – деді бій. – Қысы-жазы малдың ыңғайымен көшіп-қонып жүреді. Қонтайшысы да біздің ханымыз тәрізді, ол да үнемі елмен бірге жаз жайлауға шығады, қыс қыстауда отырады. Соғыс жағдайында болмаса, жай күндері ордасына қарауыл да қоймайды. Әйткенмен бұл – өте абай болатын іс. Жәңгірді, әрійне, қонтайшының өзі күзетпейтін шығар, бірақ бір ме, екі ме, қарауыл қойатын болар. Сондықтан қол жыйып барып тапа-тал түсте тартып әкетем деу – тым қәуіпті. Тұтқыннан айырылып бара жатқан қарауыл, тірі бермейін деген оймен, сұлтанды мерт қылып жіберіуі кәдік. Басқа бір кілтін табыу керек.
Қонтайшы, сөз жоқ, қазақ ханы баласы үшін алдыма келеді, өзі келмесе де, кісісін жібереді деп үміттеніп отыр. Сондықтан хан қонтайшыға келгелі жатыр деген қауесетті тарата берген дұрыс. Жаз жайлауда қазақтың ханы да, қалмақтың қонтайшысы да жайбарақат күй кешеді. Келген-кеткен жаушы мен елшіден, жарлықты жұртқа жеткізіушілер мен жұрттың жағдайын айтып келіушілерден, солармен сөйлесе отырып ішкен қымыздан, жеген еттен ептеп те болса қонтайшы шаршайды. Ал шаршаған адам, шаршауын басыу үшін, жақсылап ұйқтайды. Ал ұйқы өліммен тең, ол – бізге одақтас. Топ жігіт түнделетіп барып Жәңгірді не ұрлап әкетіуі керек, не тартып әкетіуі керек. Одан басқа оңтайлы жолды өз басым болжап отырғам жоқ, – деп түйіндеді өз ойын Дәулет бій. – Сол үшін, қонтайшы быйыл қай араны жайламақ екенін біліп алыуымыз керек.
– Оны бізге алдын ала айта қоймайды ғой олар.
– Әрійне, айта қоймайды. Қалмақтан қыз алған, қалмаққа қыз берген қырыуар қазақ бар. Соларды жұмсап сыр тартпаймыз ба? Қала берді қойшысы мен жылқышысынан да мағлұмат алыуға болады.
– Олар өзімізді сатып кетіп, сақтандырып қойса, қәйтеміз? Бій екі көзін тарс жұмып, мырс-мырс селкілдеп күлді.
– Сақтық та соғыстың бір түрі, – деді сонан соң сақалын саумалап. – Егер сенсең, мұны анықтауды маған тапсыр. Асықпай-саспай сұрастырып, жазға дейін бір біліп берермін.
– Ақылдасам деп келіп, ақырында өзіңізді жұмсағандай болдым-ау, аға.
– Оған қысылма, қара басыңның қамын жеп жүрген жоқсың. Былай қарағанда, Жәңгірдің тағдыры – бір адамның ғана тағдыры, одан халық азайып та қалмайды, көбейіп те кетпейді; ал, бойлай қарағанда, оның тағдыры – халықтың намысы. Екеуміз бұған осы жағынан қарайық.
… Бійдің хабарын Қарасай шыдамдылықпен күтті. Қыс кетіп, көкек те бітті, бірақ бійден ешбір хабар жетпеді. Әрі сеніп, әрі ізет сақтап, Қарасай қыңқ демеді. Ақыры мамыр айақтала бергенде Дәулет бійдің өзі жетті.
– Быйыл Батыр қонтайшының Іле басын жайлайтыны анық, – деді бій әдетінше сақал-мұртын сауа отырып. – Бірақ қай сайды, қай жотаны көздеп отырғаны әзірше белгісіз. Білетіндердің айтыуынша, ол әсіресе қазаққа сақ. Сондықтан қонтайшыны сезіктендіріп алмау үшін, барлауға қазақ емес біреудің барғаны дұрыс.
Бійдің ақылы Қарасайдың көкейіне қона кетті. Іленің арғы басын албандар, бергі бетін сұуандар жайлайды. Бұл білетін олардың екі батыры бар: бірі – Елтінді, екіншісі – оның досы Ұзынмұрт Ұзақ. Екеуімен Қара Ертіс бойындағы ұрыста танысқан. Наймандарға күн көрсетпей жатыр деп, қалмақтарға қарсы хан Есім отыз мың қолмен аттанған. Әсіресе Талай деген тайшысы тым шектен шыққан қатыгездік жасапты. Қошқарбек деген қарт кісі немере келін түсіріп, ұлан-асыр той жасап жатқанда, ауылын Талай шауып, тойдағы жұртты топалаң тійгендей қылады. Қошқарбек те, үйленіп жатқан немересі мен келіні де – бәрі мерт болады. Талайдың елді ең түршіктіргені: тойға тамашалауға келген бала-шағаны топ-тобымен құуалап апарып, Қара Ертіске қойша тоғытып жіберіпті. Шыңғырған, жалынып-жалбарынған шійеттей жасөспірімдерді шімірікпестен сұуға ағызады. Соның бәрін Көксерек батыр көкірегі қарс айырылып айтқанда, Есімнің көзінен шып-шып жас шығып кетіпті. «Соншама қыршын өмірді қыйғаны үшін, Талайдың өзін тірідей қол-айағын бұтарлап өлтірем не тірідей отқа қақтаймын!», – депті қатыуланған хан.
Найзасын кіндіктен ұрып, жауының ішек-қарнын ақтарып өлтіретін, соны естіген қалмақ атаулы бетпе-бет келіуден ат-тонын ала қашатын Әйтей батырмен бірге Қарасай да сол соғысқа аттанған. Жауға аттанғалы жатқанда, жетпіс тоғыз жастағы Жанай батыр топ адаммен ауылына келді.
– Мен бұл соғысқа бара алмаймын, – деді түксійген қабағын түйген қалпы. – Шапырашты бабамыздың бөрілі байрағын – жорық тұуын – саған тапсырғалы келдім, –деді бөрінің басы зерленген тұуды құлаштай жазып. – Тұуға адал болатыныңды айтып, елдің көзінше ант бер! Тұуға тағзым ет, шетінен сүй! – деді бұйырып. Өзі тұуды жыламсырай сүйіп, Қарасайға қос қолдап ұсынған.
– Бабамыз ұстаған бөрілі байрағына кір жұуытпаймын! Ұрыста да, бейбіт күнде де қастерлеп ұстаймын! Тұуға да, тұу ұстатқан халқыма да өле-өлгенімше адал боламын! – деген Қарасай аузына түскен адал сөзін айтты.
Қарт батыр түксійген қабағын бір сәт жазып, Қарасайды сонда құшағына қысты.
– Жортқанда жолың болсын! Отырғанда ортаң толсын! Бабаңның тұуы жеңісте ғана желбіресін! – деді бетін сыйпап.
Отыз мың қолды өзі бастаған Есім хан:
– Ылғый қалмақ қазақты алдымен шабады, артынан біз қарымта қайтарамыз. Бұл жолы соғысты біз бастап, Талайдың көзіне көк шыбын үймелетейік. Сол сұмды тұтқындап әкелсеңдер, ійт терісін басына қаптар ем! –деген. Бірақ ол ойы ол жолы жүзеге аспады. Жеңілген Талай тайшы тау сағалай қашып құтылып кеткен.
Ертіс пен Іленің арасында ойран салған Талайға қырғыздар да кекті екен, Есім ханның аттанғанын естіп, бір бүйірден олар да қосылған. Қолы молайған Есім хан Жалаңтөс үйреткен Айқоралаңды соғысын салды. Үш тұстан қыспаққа алған қазақ қолына қойша қамалған қалмақтар жөнді қарсылық көрсете алмаған. Қырылғаны қырылып, аман қалғандары төрт бөлініп қашты.
Жаудан олжалаған қалың жылқыны көзімен шолып тұрған Құдайберді мен Дәулет бій бір-бірімен сәл сыбырласты да, ортаға қарай беттеді. Атын тебініп Құдайберді бій алдыға озды. Қамшысын көтеріп, дат сұрады.
– Ай, Есім хан! – деді сонан соң саңқ етіп. – Қалмақтың қолынан қыршын кеткен ұл-қызымыздың кегін қайтарып, елдің еңсесін бір көтердің. Еңсегей бойыңа құдай құуат берсін! Бүгінгі жеңістің бір бедел-белгісі болсын, бұған дейін хан Есім едің, енді бұдан былай «Еңсегей бойлы ер Есім» деп атайық сені. Оған, халайық, қалай қарайсыңдар?
Алдыда тұрып анық естігендер дұу ете қалды:
– Дұрыс! Дұрыс!
Алатау батыр атын орғытып ортаға шықты да:
– Әумійін! Бій аға, ханға берген құрметті атағыңыз құтты болсын! – деді бетін сыйпап.
Ханның абыройын көтерген сол ат бүгінде халық аузындағы қасійетті сөзге айналып кетті.
Найман Көксерек батырдың да атағы сол ұрыста айрықша шықты. Талайдың өзін өлтірем деп ұмтылған батыр ол тұрған жотаға жеткенше он шақты қалмақ батырын о дүнійеге аттандырды.
Қара Ертістің оң жағалауы – таулы аймақ. Қашқан қалмақтың қалың бір тобын тұйық қолатқа тығып быт-шыт қылғанын ханның өзі көріп, қатты рыйза болады.
– Қап, Талай сұм құтылып кетті-ау! – деп, хан қасына келіп Көксерек өкінгенде:
«Бұл жолы құтылса, келесі жолы тұтылады. Талайдың қалай қашқанын, сенің қалай құуғаныңды көрдік. Бізге одан артық не керек?» – деп, ханның өзі басыу айтады.
Сонымен қойа салмай, Көксерек Алатау құрдасына қалжың тастайды: «Ошақтың үш бұтынша Қарасай, Алатау – үшеуміз Талайды құуыудай-ақ құуып едік, Алатаудың бұты алшақ екен, арасынан сытылып кетті», –дегені.
Хан кеңдігі бар кісі ғой, құрдастардың сөзі мен қылығына жымыйған да қойған.
Сол арада Көксерек сұңғақ бойлы, сом денелі бір жігітке бұрылып барып: «Сенің тобыңды әуелгіде мен жау екен деп қалдым, Елтінді. Қарсы қылтадан сендер шыға келмегенде, жау қыспақтан сытылып кететін еді. Ана ұзын мұртты дәу бас батырың қалмақты бықпырт тійгендей құуалады. Ақырып та, бақырып та шабады екен жауға. Екі дөй қалмақты күрзімен ұрып түсіргенін өз көзіммен көрдім», – деген.
– Ійә, біз оны «Ұзынмұрт Ұзақ батыр» дейміз. Жауға ол өмірі үндемей шаппайды, ақырып-бақырып, арыуақтарды шақырып, даусы да, мұрты да, басы да – бәрі бірлесіп, бәрі жабылып, бір өзі бірнеше адам құсап шабады, –деді әлгі Елтінді деген жігіт әзілдей күліп. – Өзі жауды құуса да, өзі жаудан қашса да аузы жабылмай, «Ой, атаңның аузы!» – дейді де жүреді.
– Анандай дәу басқа мынандай ұзын мұрт жарасып-ақ тұр. Бірақ, бауырым, жауға шапқанда, екі шалғысы екі жақтан желпілдеп, көзіңді, бет алдыңды жауып қалмай ма? – деген Қарасай да жігіттің тұрқына байыппен қарап.
– Жоға, –деген жігіт ұзын мұртын сыйпай күліп. – Жауға шапқанда, мұртымның екі ұшы екі жақтан желп-желп етіп, жаудың көзіне еріксіз түседі. Алаңдап, жаудың көзі желпілдеген мұртыма түсіп жатқанда, мен де қарап жатпаймын. Қалмақтың басын қағып түсіремін.
Сол Елтінді мен Ұзынмұрт Ұзақтың көмегі осы жолы тійетін шығар.
Қарасайдың сол ойын біліп қойғандай, бір күннен кейін ауылына Елтіндінің өзі келе қалды, қасында ұзын мұртты Ұзағы және бір топ серігі бар. Жәңгір сұлтанды қалай құтқарамыз деп, ақылдасыуға келіпті. «Жыйырма шақты жігітпен тұтқыйыл барып тартып әкетпейміз бе?» –деді Елтінді ойлап келген әдісін ә дегеннен айтып.
– Тартып аламыз ба әлде ұрлап аламыз ба, оны уақыт көрсетер. Әуелі Батырдың быйыл нақты қай жерді жайлайтынын анықтап алайық. Жәңгірді қайда ұстап, қалай күзететініне көз жеткізейік. Соның бәрін біліп беретін жансыз керек және ол қазақ болмауы керек, –деді Қарасай. – Сондай адам табыңдар.
– Ханның қайынжұрты ғой, Тұрпаннан ба әлде Қашқардан ба, бір тараншыны табайық онда, –деді Ұзақ. – Мен біраз тараншыны жақсы таныймын.
– Бұл қайынжұртын қорғаштап, оларды әдейі аузына алмай отыр. Қырғыздарды жұмсайық,– деді Елтінді досының сөзін бөліп.
Шыны ма, қалжыңы ма дегендей, Қарасай күмілжіп Ұзаққа қарады.
– Ійә, атам Тоқпақтың қырғызы, – деді Ұзақ мұртының екі шалғысын құлағына дейін шымшый тартып. – Өзі бай, өзі беделді. Қонтайшының қотанына барып қайтыу о кісінің қолынан келеді, сөзді де, себепті де – бәрін өзі табады.
Сөз төркіні ұнағанмен, Қарасай елп ете қалмады. Кісінің көзін көрмей тұрып, сырттай тон пішкенді жөн санамады. Жәңгірдің тағдыры, Дәулет бій айтпақшы, қазақтың намысы, оны оңай-оспақ шеше саламын деп, тағы опық жеп қалыулары мүмкін-ді. «Жеңілгенімізді қойшы, бұл жолы жеңілсек, келесі жолы жеңерміз. Бәрінен бұрын ханның ұлын тұтқынға түсіріп алғанымыз ұйат болды-ау! Елдің бетіне қалай қараймыз, Есім ханға не бетімізді айтамыз?» – деген күйініп былтыр Ұзақ батыр.
– Жарайды, – деді Елтінді мен Ұзаққа сенім білдіріп. – Алдымен жыйырма шақты жігіт сайлаңдар. Қолы ғана емес, аузы да берік жігіттер болсын. Келесі аптада қай жерде бас қосатынымызды айтам.
Соған құп десті….
Ел мен жердің жай-жапсарын ойластыра келіп, әрі қырғыздарға жақын, әрі таса жер деп, Қарасай Сапы-Саты көлін тұрақ етіуге таңдады. Атасы Бұурайкені Ұзақ сол араға шақырып келді. Ол жөн де, жол да білетін кісі екенін танытып, жанына үш ұлын ертіп, он шақты жылқысын алдына сап айдай келіпті. «Жылқының шекесін қазақ құдаларым жесін, құйымшағын өзіміз жерміз, – деді күліп. – Үйсіндер, бауыр деп, бізге байағыда жерін қыйғанда, қазақтарға неге мен жылқымды қыймайын»,– деп те жіберді.
Қызыл шырайлы, дөңгелек жүзді, көзі күлімдеп тұратын қалжыңбас кісі көрінді. Батырдың қотанына барып, Жәңгірдің күзеті мен күтімін біліп қайтыуға бірден келісті. Тоғыз ұлы, бес қызы бар, малға да, жанға да жарыған жан екен.
Батырдың қотанына Бұурайке өзінің үш ұлымен барып, оған да ат мінгізіп, тон кійгізіп, сый-сыйапатын жасапты. Өзі әңгімеге араласқанда, ұлдары Жәңгірдің жағдайын біліумен айналысыпты.
Батыр ордасын сайлауыт беткейдің ең төріне тіккізіпті. Батыс жақ шетінде быйыл ғана алған кіші тоқалының үйі, оның қасындағы үйде Жәңгірдің қамағы, оның айағын ғана кісендеп, екі қолын бос қойыпты, бірақ есігінің алдында күндіз-түні жалғыз қарауыл тұрады екен. Одан кейінгі үй Батырдың бәйбішесі торғауыт тайпасының тайшысы Өрліктің қызы Дарыйа – Убасаншанікі, оны Дарыйбанша дей де салады екен. Одан кейінгі үйде бірінші тоқалы, одан кейін тағы алты-жеті қатынының үйі қатар-қатар тігіліпті. Қай күні қай қатынының қасында болатынын қонтайшының өзі ғана шешеді. Одан әрірек жүз қадамдай шығыста екі інісі Шоқыр мен Байбағыштың, өз балаларының үйлері тігіліпті. Үрген ійт те, жүрген бейсауат кісі де көрінбепті.
Қонтайшының ордасы, Бұурайкенің айтыуынша, өте әдемі қоныс. Желке жағы іргеге тійіп тұрған қалың арша, әріректе құрған шымылдықтай тұтасқан қарағай, жүз қадамдай батыс жақ бетінде аршасы мен бұтасы тұтасқан көлбеу жартас, жартастың астындағы шұңғыл сайды қақ тіліп аққан жіңішке өзенше бар. Өзеннің ойпаңында тұрған атты кісі де ордаға көрінбейді. Батырдың көңіл күйі көтеріңкі дейді. «Есім хан есі болса, енді менімен санасады. Қазақтың кілті қолымда», – депті масаттанып. Баласын босатып алыу үшін, қазақтың ханы алдыма не өзі келер, не сенімді кісісін жіберер деп үміттенеді екен, күтеді екен.
Екі ұлын алып қап, бір ұлын қасына қосып берді де, Қарасай Бұурайкені ауылына қайтарды. Енді кешеуілдеуге болмайды деп түйді. «Сақтық та соғыстың бір түрі»,– десе Дәулет бій, ал, Қарасайдың ойынша, сақтықтың серігі – істі сөзбұйдауға салмау.
* * *
Жәңгірді ең қыйнайтын – ар азабы мен жан азабы. Хан әкесі, ханым шешесі қандай күйде? Халық не дейді: «қап!» дей ме, «шоқ!» дей ме? Бәрі жұмбақ, бәрі күңгірт. Адамның өзі тұтқын болғанмен, ойы тұтқындалмайды, ойды тұтқындайтын құдіретті құдай-тағала жаратпаған. Қонтайшының ойы Жәңгірге мәлім: хан әкесін алдына келтіріп, ежелгі кегін еселеп қайтармақ; ал қазақтың ойы бұған жұмбақ: мұны келісіммен құтқармақ па, күшпен бе – белгісіз. Байқауынша, қазақ та, қалмақ та – екеуі де асықпайды. Қазақ, сірә, қалай құтқарыудың амал-айласын іздейді, – таппайды; ал қалмақта ондай қарбалас жоқ: сұлтаның керек болса, алдыма кел; керек болмаса, өзің біл дегендей жайбарақат; осылай ұзай берсе, күндердің күнінде саған керегі жоқ сұлтан маған да керегі жоқ деуі мүмкін. Сондықтан қалай шешсе де, қазақтар осы жаздан қалдырмай шешеді. Хан басымен әкесі қонтайшының алдына келе қоймас. Адам жіберсе, оған қонтайшы жібій қоймас. Қапысын табамыз десе, онда қазақтар тек түнде қыймылдайтын шығар? Қалай болғанда да, бұған алдын ала бір белгісін беретін болар? Өйтпесе, оқыс жағдайда қалмақтар мұны айай қоймас?!
Кійіз есік қыйғаш ашылып, қонтайшының ең кіші тоқалы Ахай үйқамаққа кірді.
– Амансыз ба, Сұлтан? – деді қабағын бір қағып. – Айраг әкелдім.
Бір көнек қымызды іргеде тұрған тұлыпқа асықпай құйды да, Жәңгірге бұрылып бір жымыйды. Сонан соң кійіз есікті сол жақ ыйығымен ійтере ашып, табалдырықтан арқасын сыртқа беріп көткеншектеп аттады.
Ол шығысымен үйге күзетші кіріп:
– Шық! – деді мойнын қонтайшының ордасы жаққа қарай бір сілкіп.
Жәңгір табалдырықтан абайлап аттап кірді де, қонтайшымен амандаспай, босағада тұра қалды.
Қонтайшы да сазарып, сұлтанның бетіне бедірейе қарады.
– Ассалаумағалейкум! – деді қасында отырған тілмәш қазақ.
– Уағалейкім ұс салам! – деді Жәңгір жұмсақ үнмен жауап қатып.
«Неге амандасасың?» деді ме екен, қонтайшы қасындағы қазаққа жекій сөйлеп, әлденелерді айтып жатты. Біресе сәл жымыйып, біресе қабағын сәл шытып, жаңа-жаңа ақ кіре бастаған ақшұулан мұртын қайта-қайта сыйпап, ақ сары жүзді, кере қарыс маңдайлы, ірі денелі қазақ гү-гүр еткен дауысымен қонтайшыға да ұзақ бірдемелерді айта жөнелді. Екі-үш мәрте «Есім» деп қалды. Үндеріне қарағанда, түсінісе алмай жатқан секілді.
Қазақ бір кезде басындағы бөркін алып тізесіне қойды. Сонан соң Жәңгірге жымыйа қарады. Тақыр басын алақанымен ары сыйпап, бері сыйпап біраз бөгелді.
– Қонтайшы маған ренжіп жатыр, – деді сонан соң Жәңгірге жағдайды түсіндіріп. – «Ол амандаспаса, сен неге амандасасың?» – дейді. «Мен Сібір ханы Көшімнің баласы Есіммін. Ол – қазақ ханы Есімнің баласы. Екеуміз де Шыңғыс ханның ұрпағымыз, бауырмыз. Мен хандықтан айырылған адаммын, ол – хандықтың болашақ ійесі, сондықтан оған мен амандасыуым керек» – деймін. «Маған неге амандаспайды?» – дейді. «Тұтқын өзін тұтқындап отырған адамға амандаспайды, айағын кісендеп қойғаның үшін амандаса ма?» – деймін. Бұл қонтайшы екеуміз бір кезде бажа болғанбыз, екеуміз де Өрлік тайшаның қызын алғамыз. Мен ол қатыннан байағыда айырылғам, бұл сол қатынының арқасында ел-жұртқа әлі абыройлы болып жүр.
Қонтайшы тағы бірдеме деді. Қазақ оны бұған аударды.
– «Әкесіне арнайы адам жіберейін. Қандай сәлем айтады», – дейді.
– Әкеме айтатын ешқандай сәлемім жоқ. Тұтқынға мені әкем түсірген жоқ, өз қәтелігімнен түстім, не көрсем де өзім көрем.
– «Жай кезде түскен тұтқын емессің, соғыс кезінде түстің. Сондықтан сені өлтіріуге қақым бар» – дейді.
– Қолынан келгенін істесін.
Қонтайшы Жәңгірдің бетіне ұзақ тесіліп қарады. Көзі талды ма, қабағын біраз ұуқалады.
– «Қалмақ пен қазақ қашанғы жауласа береміз, қашан татыуласамыз?» – дейді.
– Мен бүгін татыуласыуға дайынмын.
Қонтайшы кең маңдайын кере Жәңгірге күле қарады.
– «Босанып алған соң басқаша сөйлейсің ғой?» – дейді
– Әркім өзіне қарап тон пішеді.
Жауабын жақтырмағаны қонтайшының өңінен анық байқалды: қабағын шытып, бұған алайа қарады.
– «Әкең айағыма жығылса, аман қаласың, әйтпесе өкпелеме!» – дейді.
– Өкпелейтіндей қонтайшы менің қай екі тұуып, бір қалғаным еді?
Қонтайшы мен қазақ тағы өзара ұзақ сөйлесті. Не дескендерін қазақ бұған қайталап айтпады.
– Ерегеспесеңші, бұл өзі мақтағанды ұнатады, – деді тек.
Үйқамаққа Жәңгір ұнжарғасы түсіп оралды. Қонтайшының не ойы барын да анықтай алмады.
Екеу
Қарасай ойлай-ойлай келіп, Жәңгірді құтқарыуға сыралғы досы Ағынтай екеуі ғана барыуды ұйғарды. Ойындағысын ың-жыңсыз оңаша орындағысы келді.
Екеуі де жолаушы адамша қарыу алмай шықты. Бұурайкенің айтыуына қарағанда, Батыр қонтайшы бейқам. Жәңгірді босатып алыу үшін қазақтар жасырын қам қылады-ау деген тійттей де күдігі жоқ.
– Бізге керек жан қалмаққа да керек,–деді Қарасай Жәңгір мінетін атты Ағынтайдың жетегіне беріп жатып. – Қараңғылық пен ұйқы бізге жақтасады. Тек білдіріп алмай, бүлдіріп алмай қыймылдасақ, оп-оңай құтқарып аламыз.
– Тіпті білдіріп қойсақ та, жабыла кететіндей жасағы жоқ көрінеді
ғой.Қонтайшының өзін бір қойып қонжыйта салмаймыз ба?
– Қой, күпір айтпа. Ондай жанжал шыға қалса, ызаланған біреуі Жәңгірді жазым етіп жүрер. Тіпті «Өздері келіп өлтіріп кетті»,– деп, жала жабыулары да мүмкін.
– Қай-қайдағыны айтады екенсің. Қалмақ ондай-ондайды ойлай алса, ханның баласын бір қарауылға қаратып қойа ма?
– Ондай бейқамдық бізде де бар, бекер мақтанба!
Екеуі Батыр қонтайшының қотанына ел жата жетті. Өзеншенің жағасындағы жартасқа келіп аттарынан түсті. Ұры тығылатын жықпылдай қалқа жер екен, екеуі аттарын ағаш арасына байлап, осы араның адамынша емін-еркін сұу бойына келе бергенде, жалғыз атты біреу өзеншеге келіп атын сұуғарды. Атын түнде сұуғарғанына қарағанда, оны Қарасай ұры шығар деп шамалады.
– Жол болсын! – деді әлгінің жанына жетіп барып.
Бұлардың бөтен адам екенін байқап, қалмақ атын тебіне бергенде, Қарасай шаужайынан шап берді. Ес таптырмай, жалма-жан атынан жұлып алды. Өзінің шала қалмақшасымен жөн сұрап еді, осы ауылдың мініс аттарын бағатын атшы екен, оның айтқаны Бұурайкенің айтқанымен бірдей шықты. Керегін сұрап алған соң, аузына орамал тығып, қалмақты өз шылбырымен шандып тастады.
– Өз атыңды өзің күзетіп жат! – деді кекетіп.
Олар ай батқан соң да қараңғылыққа көз үйретіп ұзақ отырды. Ағынтай мызғып барып қайта ойанды.
– Жәңгір ұйқтап қалып, ойата алмай жүрмейік, – деді орнынан түрегеп жатып.
– Онда кеттік, – деді Қарасай қарғып тұрып. – Асықпай, түзге отырып келе жатқан адамның кейпіне кірейік.
Бұлардың көздегені – бергі шеттегі екінші үй: Жәңгірдің қамағы. Есік алдындағы күзетшіден өзге кедергі болмауы керек. Өзеннің ойпаңынан шыға бергендерінде, алдарынан шапан жамылған біреу қарсы жолықты. Қарасай оны қарауыл болар деп болжады.
– Кімсің? – деді ол бұларға жекіп.
– Менмін, –деді Қарасай қасына жетіп барып.
«Менің кім?» – деді ме екен қалмақ, әйтеуір, былдыр ете қалды. Оның не айтқанына қарамай, Қарасай алақанымен аузын жаба қойды да, оң бармағымен күре тамырын басып тұрып, басы сылқ ете қалғанда, сол араға ұзынынан сұлата салды.
Қарауылды құрттық, енді қорқатын ештеңе жоқ деген екеуі Жәңгір жатқан үйдің есігіне келсе, қарауылекең найзасын құшақтап қорылдап отыр екен. Сонан соң үйді айнала беріп, Ағынтай сырт жақ іргесін көтеріп тұрды да, Қарасай ішке сып берді.
– Жәңгір, қайдасың? – деді сыбырлап. – Мен Қарасаймын.
– Мұндамын.
Құшақтай алған бойда Қарасай Жәңгірді іргеден өткізіп жіберді.
– Мін! – деді Қарасай арқасын тосып. Екеуі талып жатқан қалмақтың тап қасынан өте шықты.
Жәңгірді жерге түсіріп, енді жөндеп амандасып жатқанында, бір өндір қымызды көтеріп Ағынтай да жетті.
– Қарауыл қалмақ түк сезбейді, –деді қымызды үйқамақтан әкелгенін түсіндіріп.
– Жәңгірді әуелі кісеннен босат, әңгімеңді жолда айтарсың. Өй, тоқта, сонда немене, Жәңгірді екі қарауыл күзеткен бе? Менің алдымнан шыққан қалмақ қай қалмақ? – деді Қарасай таңданып.
– Ійт біле ме? Біреуін сен теңкійтіп кетіпсің, біреуі ұйқтап жатыр, ел көшіп кетсе де ойанар емес.
– Мені жалғыз қалмақ күзетеді. Бөгде біреудің бұл араға айақ басыуы мүлде мүмкін емес. Ол қалмағың қонтайшының өзі боп жүрмесін, – деді Жәңгір әңгімеге онша мән бермей. – Маған көрсетіп алыуларың керек еді жаңа.
Темір кісенді Ағынтай қолымен бырт-бырт үзе салды
– Үһ, босадым-ау! Тез кетейікші! – деді Жәңгір өз шылбырымен байлаулы жатқан қалмаққа қарай айаңдап.
– Біздің ат басқа жақта, – деді Қарасай оны қолынан тартып.
«Аттарды әкел!»,– дейін десе, қасында Ағынтай жоқ. Ары қарады, көрінбейді, бері қарады, көрінбейді. Ұшты-күйлі жоқ. «Қайда?» – деп байлаулы жатқан қалмақтан сұраса, ол басын ійзеп қонтайшының үйі жақты меңзеді. «Онысы несі?» – деп тұрғанында, әлдене көтерген Ағынтай алқын-жұлқын жетіп келді. Көтергені тағы қымыз ба десе, қыз ба, қатын ба, біреу.
– Өй, қайда жүрсің? Мынауың кім?
Қарауыл ойанып кетсе, елді дүрліктірер, құрта салайын деп барсам, қонтайшының қызы алдымнан шыға келді, аузын басып алдым да кеттім. Өйтпесем, бақырып-шақырып бәрін ойатады ғой.
– Ійә, қарық болыпсың,– деді Жәңгір күліп. – Бұл – оның кіші тоқалы Ахай ғой.
– Е, мейлі, «Дұшпаннан түк тартсаң да пайда» деген.
– Онда өз олжаңды өзің мінгестіріп ал.
– Қой, атымның белі кетеді. Ана қонтайшының атшысы өз атын беретін шығар. – Ағынтай байлаулы қалмақтың қасына барып бетіне үңілді. – Атыңды алайын ба, жаныңды алайын ба? – Байлаулы қалмақ басын ійзеді. – Ақылы бар екен, қожасының қатынын жайдақ мінгестірмеді.
Жәңгір мен Қарасай Ағынтайдың қылығына жымыйды да қойды.
Байлаулы қалмақты байлаулы күйінде қалдырып, төртеуі таңмен таласа тартты да кетті. Жол бойы бір-бірімен сөйлеспей, сұуыт жүріп келе жатқан төртеу Қақпақ сайдың аузына жеткенде, жарқырап күн де шықты, «Жол болсын!» айтып, алдарынан Елтінді мен Ұзақ бастаған қазақ бауырлары қарсы алды. Жәңгірді жерге түсірмей, аттан көтеріп алған Елтінді:
– Ал, Шоған аға! Ақсарбасыңызды шалыңыз! – деді сұңғақ бойлы, аппақ сақалды, қара сұр қартқа қарап.
– А, құдай! – деді қарт қос алақанын көтере жатып. – Кеткенімізді келтіріп, ортамызды толтырып, рақым қылғаныңа мың шүкір! Ханның ұлын халқына қайтарып, халқымның мерейін үстем қылғаныңа; бауырын құтқарыуға барған балаларымның жолын болдырып, бәрімізді бақытқа бөлегенің үшін, ақсарбас айтып, құрбандыққа шалған нійетімізді қабыл ет! Ійә, жаратқан ійем, елім мен жерімді қорғайтын ұлдарымды аман қыла гөр! Халқымды өсіп-өндіретін қыз-келіндерімді аман қыла гөр! Жаудың құрығынан құтылып шыққан Жәңгір баламның жолын болдырып, ғұмырын құуанышты ете гөр! Әумійін!
Асау тайды екі жігіт алып ұрып бауыздай бастады.
Шағын тепсеңге ақшаңқан бес үй тігіліпті. Шоған алдыға шығып, ортадағы еңселі үйге қарай Жәңгірді өзі бастады.
– Әй, Қарасай! – деп, кенет Ағынтай айғай салды. – Мына қалмақтың қатынын қайда апарам?
Жұрт, жаңа көргендей, қатынға ошарыла қарады.
– Бұл – Батыр қонтайшының быйыл ғана алған кіші тоқалы, – деді Қарасай Шоғанға мән-жәйді түсіндіріп. – Оны Ағынтай қараңғыда қыз екен деп көтеріп әкетіпті. Жәңгірге өзі тамақ әкеліп беріп, ептеп қалмақша үйретіп, Жәңгір оған қазақша үйретіп, екеуі әбден әмпей-жәмпей болып қалған екен, бұл қатынға қандай қарымта жасағанымыз жөн?
– Жарайды, балалар, біздің сұлтанға бұл қатын қандай қабақ көрсетсе, біз де оған сондай қабақ көрсетейік. Бізбен бірге болсын.
Күн шыға құуанышты хабарды естіген ел-жұрт айналадан андыздап, топталып Қақпақтың аузына қарай ағыла бастады. Арнайы хабар айтылмаса да, бес ақшаңқан үйдің бекер тігілмегенін көріп-біліп жүрген жұрт үйінде шыдап отыра алмаса керек. Шоған оған қысыла қоймады, қайта елдің елдігіне рыйза болды.
Тағы екі тай, бес қой алдырып, он қанатты екі үйді және тіктірді.
Шоған бій, тойдың көркі кірсін деп, көкпар берді. Жыртылып-айырылған көкпаршылар нөпірі даланың төсін дүбірлетті де кетті.
Ойласпаған істің осыншалық ойдан шыққанына Қарасай бастаған Жәңгірдің жанашыр серіктері Шоған бійге шексіз рыйза болысты. Жәңгір де жөн білетін, сұңғыла қартқа сүйсініп отырды.
– Шоған ата, көрсетіп жатқан сый-құрметіңізге рыйзамын. Екі-ақ адам келіп, қалмақ ордасының қақ төрінен мені ың-жыңсыз алып кеткені, шынымды айтсам, әлі маған ертегі сыйақтанады. Мені күзетіп тұрған қарауыл екен деп, Қарасай батыр түзге отырыуға шыққан қонтайшының өзін қылғындырып талдырып кетсе; күйеуім неге кешікті деп, артынан іздеп шыққан Ахай тоқалын Ағынтай батыр қонтайшының қызы екен деп, арқалап әкетіп отыр. Болар іс болып бітті, бірақ осыны ұйатқа қалмайтындай қылып қалай айақтаймыз? Енді осыған өзіңіз ақыл қосыңызшы! – деді Жәңгір төр алдында тізелесе отырған абыз қартқа ықылас білдіре бұрылып.
– Жөн, жөн, – деді ақсақал басын шұлғып. – Ақылым жетсе, айтайын. Алайда алдымен қалмақтың қолына қалай түскеніңді өз аузыңнан естісек қәйтеді?
– Ійә, естійік, – десті өзгелер де ентелесіп.
– Ол соғыста қәтелік өзімнен болды, – деді Жәңгір әңгімесін өзін кінәлеуден бастап. – Бірінші қәтелігім: қалмақтың қолы біздікінен көп екенін ескермедім. Құулық ойластырмай, құры әншейін қойып кеттік. Көптің аты көп қой. Екінші қәтелігім: қазақ қолы ығысып, шегініп бара жатқанда, мен де шегінбей, бәрін бақылап тұрған бетімде қалып қойыппын. Әбден екі араға қалмақ қолы сыналап кіріп кеткенін көргенде барып ес жыйдым. Үшінші қәтелігім қашыудың орнына, қалмақтың қолына қарай қарсы шапқаным болды. Бұзып өтіп, өз әскеріме қосылып кетем деп ойладым. Талай тайшы мені бірден таныды.
– Әй, Есімнің баласы, қолыма түстің бе, бәлем! – деді атымның басын қамшысымен бір салып кетіп.
– Әй, ійт қалмақ, тарт қолыңды! – деп қалды біздің бір сарбаз. Оны сол арада шауып тастады. Сонан соң мені Талай тайшы жеке алып кетті. Он шақтысы жан-жағымнан қоршап алып жүрді. Сол күні Батыр қонтайшының алдына алып барып: «Мына ханның баласын менің қарауыма бер, қойымды бақтырып құл қылайын!» – деді. Қонтайшы бірақ оның сөзіне құлақ аспады. «Талай аға, өзің білесің, байағыда менің әкем мен шешем де, өзім де Есім ханның қолына түскеміз. Сонда Есім хан бізді тұтқындаған Қарасай деген батырына: «Өзің тұтқындадың, жазасын да өзің бер», – деген болатын. Сонда Қарасай: «Сендерді өлтіргеніммен, бүкіл қалмақ қырылып қалмайды. Қазаққа қырылысатын жау емес, татыу тұратын көрші керек. Екіншілей қолыма түссеңдер, қандарыңды сұудай ағызам. Барыңдар!», – деп, бәрімізді босатып жіберген. Ол бізді еліне айдап әкеткен жоқ, ал сіз Жәңгірді елге байлап әкелдіңіз. Соның өзі – жаза. Сіз өз жазаңызды бердіңіз, сол жетеді. Ертең Есім:«Баламды босат!» – деп сізге келмейді, маған келеді. Сондықтан Жәңгір сұлтан менің ордамда болсын», – дегенді айтқан. Ол өз сөзінде тұрып, мені қысы-жазы қасында ұстады. Айағыма ғана кісен салып, екі қолымды бос қойды. Жайлауға көшерде ғана Ахай сұлуға үйленіп, мені бағып-қағыуды соған тапсырды. Ол маған бауырмалдықпен қарады. Оған дейін бәйбішесі мен үлкен тоқалы кезек-кезек қарап жүріуші еді, жәбір-жапа көрсетпегенмен, олар үнсіз келіп, үнсіз шығып кете беретін. Ал Ахай амандасып кіретін, қоштасып шығатын. Қысқасы, Ахайдың арқасында аш қалғам жоқ, жатқан үйім жылы болды, көрпе-жастығым жайлы болды. Кеше мен оның тұтқыны едім, сол Ахай бүгін менің тұтқыным болып отыр. Қалай істегеніміз жөн: арқалап әкеткен Ағынтайға қатын болсын ба әлде осы арадан қонтайшыға қайтарып жібереміз бе, қалғанын өзіңіз айтыңыз.
– Айтайын. Ақыры айтқан соң, әңгімемді әріден тартайын. Басы ашық бір әңгіме – Қарасай мен Ағынтай балаларымның асқан ерлігі. Бұндай батырларға бұрынғылар «ержүрек», «жүрек жұтқан» деп баға берген. Екеуден-екеу жаудың ордасына қаймықпай кіріп, тұтқындағы Жәңгірді түгін түсірмей аман алып шығыуы – адам айтса нанғысыз ерлік. Бұл араны бағзы заманнан бері үйсіндер жайлайды. Ал бүкіл үйсіннің түп нағашысы – арғын Аспар деген кісі, Ұмай атты енеміздің әкесі. Арғын – үйсінге әрі аға, әрі нағашы. Ағынтай баламның жөні осындай. Халқының намысын қорғап, қалмақтың ордасына басын өлімге байлап барып, Жәңгір сұлтанды қалмақтан аман-есен алып қайтқаны өзіне ғана емес, осында отырған бәрімізге де емес, тіпті әкесі Есім ханға ғана емес, барша қазаққа баға жетпес абырой болды. Ағынтай балама құдай құуат берсін!
Ал мына Қарасайды мен өз балам десем болады. Өйткені оның атасы Тоқтар екеуміз ақыреттік дос едік. Әкесі Алтынайды алдыма алып отырған адаммын. Мен, міне, құдайдың рақымымен тоқсаннан асып, төрлеріңе шығып отырмын. Тоқтар мен Алтынай арамызда жоқ. Тоқтар екеуміз басымызға күн тұуғанда бас қостық. Жыйырманың ар жақ-бер жағында едік. Біздің елді қара күзде қалмақ шапты. Батырымыз да, басқамыз да бас қоса алмай, бәріміз қаштық. Барып Тоқтардың ауылын паналадық. Араға ай салып қалмақтар ол ауылды да шапты. Босып барып Алатаудың бір құуысына тығылдық. Он шақты үй сонда қыстап жан сақтадық. Бір түйір етті тең бөліп жедік, бір-бірімізге бермей, бүтін жеуге тамағымыздан өтпеді. Тоқтар екеуміз бір тонды жамылып талай сұуықтан аман шықтық. Ол күнімді мен өле-өлгенімше ұмыта қоймаймын. Қарасай баламның қаһарман ерлігін көріп, қай-қайдағы ойға кетіп отырмын. Осы күнді көрсін деп, құдай мені тірі қалдырған екен. Шүкір! Есім ханның: «Енді сен Қазақтың Қарасай батыры болдың!» – дегенін де естідім. Балаңның бақытын көріу деген – осы. Құдайдың соны көрсеткеніне рыйзамын. Ал енді айаңдап қонтайшының қатынына келейін.
– Соған келмей-ақ қойғаныңыз тәуір болар еді, – деді Елтінді күліп. – Шежіре әңгімеңіз ұйытып барады, соны соза берсеңізші!
– Аман тұрсақ, оны да айтармыз, балам. Ал әзірше алдымызда тұрған түйінді шешіп алайық. Істің жөніне қарай жығылсақ, Қонтайшының қатыны – қалмақ. Қазақтың тұтқыны, – деді абыз қарт Ахай жаққа көзін бір тастап. – Байқауымша, айтыуларыңа қарағанда, айыптайтындай, жазалайтындай бірде-бір кінәсі жоқ. Бірақ, солай екен деп, қайтадан апарып тастай да алмаймыз. «Сыйға – сый, сыраға – бал» деген бар. Жәңгірге ол қалай қараса, біз де оған солай қарайық. Еріуліге – қарыулы деп, оны да олар қайта ұрлап әкетпес үшін, ел шетінен жырақ жерде ұстайық. Қонтайшы көңілімізді тапса, қайтып алады; таппаса, бес жылдан кейін біздің адам болып қалады. «Саған қәйткеніміз ұнайды?» – деп, тұтқыннан таңдау сұрамас болар. Ар жағын Ағынтай балам өзі-ақ шеше салады.
Іштей осы шешімді жөн санап, Жәңгір әдейі үндемеді. Бәрі көзінің астымен Ағынтайға қарады. Соны сезген ол елге естірте соза күрсінді.
– Байқап отырмын, сөз ыңғайына қарағанда, мен осы қатыннан айрыламын-ау!
Қарасай мырс ете қалып еді, Елтінді мен Ұзақ қарқылдап күліп, үйді бастарына көтерді. Бас қатыратын жағдайды күлкіге жыға салыу да әдіс.
Қарап қалмай, Ағынтай тағы бір әзіл тастады:
– Қонтайшының тоқалын көтеріп әкеткенім болмаса, мен оны қолынан ұстап көргем жоқ, жаз бойы жанында болып бауыр басып қалған Жәңгір сұлтанның өзі бұл шешімге қалай қарар екен?
– «Халық қаласа, хан атын сойады» деген, мен Шоған бійдің шешіміне нарадыумын. Ахайды Түркістанға, алысқа алып кет десеңіздер, алып кетейін; Ағынтайға таста десеңіздер, тастап кетейін.
– Ағалар, дат! – деді кенет Бұурайкенің үлкен ұлы Тайман. – Қазақ сұлтанын қамаудан алып шығыуға азды-көпті мына қырғыз бауырларыңыз да үлес қостық. Сый қылсақ, сыпыра қылайық. Басында араласып, айағында қалыс қалмайық; егер сенсеңіздер, Ахай тоқалды біз айылымызға алып кетелік. Қонтайшы қатынын қазақтың ішінен іздеп таба алмай әбден әуреленсін. Бес жыл басына жеке үй тігіп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай ұстаймыз. Оған дейін қонтайшы іздеп келмесе, одан кейін Ахайды қатын қыламыз ба, отын қыламыз ба, өзіміз білейік.
Бәрі соған уәж айтпай келісті. Тек Ағынтай тек отырмай, «Әй, бәсе, менің аузымды аңқыйтатындарыңды сезіп ем», – деп, тамам жұртты тағы бір күлдірді.
Қырғыздар Ахайды алып Тоқпағына кетіп, албандар Алатауында қалған соң, Қарасай, Ағынтай, Елтінді, Ұзақ – төртеуі бастап, қалғаны қостап, Жәңгір сұлтанды Іленің арғы бетіне алып өтті. Өзеннің екі беті де бүк, аңның жымы мен қамысты жың. Тораңғылы тоғай, тоғай іші жаныңа жай таптырмайтын сары маса. Тау сағалап салқынмен келе жатқан топтың терлеп-тепшіп, мүлдем мазасы кетті. Сондай сәтте Ұзақ тозақта келе жатқан серіктерін жұмаққа шақырғандай болды:
– Елдің де абыройын сақтап, өзіміздің де абыройымызды жықпай, үлкен бір істі тындырдық. Ауылдың үстін аттап өтпеңіздер, Баркөрнеу дейтін таудың іргесінде Аққайқы аталатын жайлауда әке-шешем, үй-ішім отыр. Солардың бір малын жеп, аунап-құунап қайтыуларыңның жөні келіп тұр, – деді Жәңгірге қарап.
– Менің қонысым – Түрген өзенінің Қорғас жақ беті, арғы жағы – жау. Солтанғұл әкеміз – Ұзақ екеумізге бірдей әке. Сондықтан сол ауылдан бір дәм татқандарың дұрыс болар, – деді Елтінді де Ұзақты құптап.
– Қарасай білсін, – деді Жәңгір қарсылық айтпай.
– Баста онда жайлауыңа!
– Осыншамыз түнде барып топырламай, біз бүгінше өз ауылымызға барып қонайық. Олар да елегізіп, бір хабарымызды күтіп отырған шығар, – деді Қош-қар деген батыр. – Біз сіздерге ертең күндіз келіп қосылайық!
– Сөйтіңдер, – деді Елтінді. – Бірақ біз ойанбай жатып жетіп келіп жүрмеңдер.
Ұзақтар Аққайқыға түнделетіп жетті. Әуп еткен төбет Ұзақтың үнін естіп, еркелей бір маңқ етті де тынышталды. Ұзақ майшамы жылтырап тұрған ортаңғы үйге қарай бастады. Артынша оң жақтағы, сол жақ үйден де сығырайған сәуле сығалай бастады. Ортаңғы ақ боз үйдің есігі айқара ашылып, екі адамның жобасындай бір адам далаға шықты.
– Хаһ! – деді әлгі кісі қақырынып.
– Ассалаумағалайкұм, әке! – деді Ұзақ ентелей екі қолын созып.
– Уағалайкүм ас-салам! Амансың ба, балам!? Қарасай қайда? Жәңгір балам қайсы? – Бәрі ақсақалға жамырай келіп амандасты. – Түгелденгендерің құтты болсын! Үйге кіріңдер!
Ұзақтың шешесі төсек-орнын жыйнап, төрге құрақ көрпе төсеп те үлгеріпті. Есік ашып-жабылған сайын жыпылықтап, екі майшам екі босағадан жарық шашады. Алакөлеңкеде бәйбішенің қолындағы құндақтаулы баланы Жәңгір әзер ажыратты. Немересі деудің себебін таппай, дағдарды да қойды. Іле үйді басына көтере амандасып, Ұзақтың тете інісі Тайлақ келіп еді, іймене сәлем салып Бұурайкенің қызы мен Тайлақтың келіншегі іркес-тіркес соңынан кірді. Жол қарап, күн санап күткендері көрініп-ақ тұр.
Жәңгір үйге кіргелі бері Ұзақтың әкесінен көзін ала алмады. Мұндай дәу басты адамды бұрын-соңды көрген емес-ті. Бейне бір кішігірім қойтасты екі ыйықтың ортасына қойа салғандай. Жәңгірдің қарай бергенін байқаған Солтанғұл жымыйып езіу тартты.
– Е-е, Жәңгір балам, бас сыйақты бас көрмей жүр екенсің ғой. Бұрынғылардың айтыуына қарағанда, бұл бас – Сұуан бабамыздың басына тартқан бас. Ол бабамыздың қалпағын көргенде-ақ жауының жүрегі жарылып кетеді екен-міс.
– Ағасы-ау, мына басыңызға не шақ келеді? Қалпақ емес, түңлік кійу керек шығар?
– Өзі де сөйтем. Менің қалпағыма өзгелердің бес-алты қалпағының жүні кетеді.
– Көріп отырсыз ғой, менің де басым көрген адам көңіл аударатындай бас. Ұзақ балаңыздың басын бірінші рет көргенде, мен де: «Менен басқада да бас бар екен-ау», – деп ойлағам. Сөйтсем, бастың көкесі сізде екен ғой.
– Жарайды, балалар, бастың әңгімесін басқа уақытта айта жатармыз, біз бүгін құуанышымызды айтайық. Сендер, айналайын, қазақтың абыройын қорғап, жаудың қолынан Жәңгір сұлтанды аман-есен алып шығыпсыңдар. Құдайға жалбарындық, ата-бабамыздың арыуағына сыйындық, аман оралыуларыңды тіледік. Күндіз көзіміз жолда болса, түнде құлағымыз тыста, ұйқымыз шала болды. Күні-түні күттік. Дабыраларыңды естігенде, құуанғанымнан қанат біткендей ұшып түрегелдім. Бұл істерің – құуанатын іс. Бастарыңнан бақ таймасын, қарақтарым! Жәңгір орталарыңа оралып, сендер түгелденіп қалсаңдар, менің де перзент сүйіп, түгелденіп отырған жайым бар.
Сөздің төркінін түсіне қойып, Жәңгір қарттың бетіне жалт қарады:
– Бауы берік болсын, аға!
– Түгенделгенімнің мәні былай: мына отырған Тайлақтан кейін екі қыз, тағы екі ұл сүйгем. Бұурайке құдамның бір баласы үйленетін болып, қасыма Ұзақ пен Тайлақ баламды, келіндерімді алып, және жеті-сегіз ағайын-тұуыстармен Тоқпаққа кеткенімізде, ауылымызды қалмақтың Талай дейтін тайшысы шауып, екі ұлым мен екі қызымды найзамен шаншып өлтіріпті. Жау шапқан кезде қатын-бала аршаның арасына қашып тығылған екен, Талай сұм соларды құуып шығып жайратыпты. Қайғы жұтқанмен, есе қайтарыуға бел бұумадым. Көз алдымда аман жүрген осы екі ұлдың тілеуін тіледім. Құдай бәйбішем екеумізге құуат беріп, бүгін үш күн болды бір перзент сүйіп, арқа-жарқа болып жатқанымызға. Ұзақ аман келсе, інісінің атын өзі қойсын деп отыр едік, «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деген, тобыңмен келіп, төбемізді көкке жеткізгендей болдыңдар. Бәріміздің басты қонағымыз Жәңгір сұлтан ғой, баламыздың атын енді сол қойсын.
– Қойсам, қойайын, аға. Балаңыздың бауы берік болсын! Қасына қазақтың Қарасай батырындай, алып Ағынтайдай, Елтінді мен Ұзақ балаңыздай батырлар серік болсын! Біздің бұл сапарымыз, жаңа өзіңіз айтқандай, түгелденіу сапары болды. Талай сұмырайдың қолынан қаза болған перзенттеріңіздің бір өтеуіндей бір ұл сүйіп отыр екенсіз. Ұлыңыздың алды-арты, жан-жағы үнемі түгел боп жүрсін, атын Түгел қойайық!
– Әп, бәрекелде-е! Айтқаның келсін! Астыңа – тай, аузыңа – май, балам! Әкел, бәйбіше, Түгелді! Азан шақырып, атын өзіне естіртейік. Жұртқа жар салыңдар. Жәңгір баламның ел-жұртына оралған жоралғысына және оның балама ат қойып бергеніне ұлан-асыр той жасаймын!
* * *
Жәңгірдің қасына ерген жүз қаралы жұрт хан ордасына жеткенше мың қаралы болды. Құуаныш құрметіне той жасаған Есім хан ел алдына шықты. Оң жағына Қарасайды, сол жағына Ағынтайды отырғызды. Бійлер мен батырлар, ел-жұрттың сөзұстарлары бас қосқан осы жыйында өзінің ойға алған жосығын жарыйалап шықты да, соның бәрін қалай, кімдер арқылы жүзеге асырататынын айтып қорытындылады.
– Адамдардың жақсы-жаманын саралайтын, қылмыскерін жазалайтын әр ұрыудың өз бійі болсын. Оның үстінен бақылайтын әр тайпаның төбе бійі тағы болсын! Сонда ханның халықты басқарыуы да жақсарып, халықтың хандыққа бірігіуі де нығайа түсер деп ойлаймын, – дегенінде, іле-шала Құдайберді бій қамшысын көтерді.
– Айтқаның, хан ійем, құлаққа қонады, жүрекке жағады. Бұл жосығың халық бірлігінің кілті болайын деп тұр, құдай бұйыртса. Бұны «Ата баба жолы» десек те болғандай. Бірақ кейінгі ұрпақ: «Қай ата-бабамыздың қай кездегі жолы?» – деп жүрер. «Қасым ханның қасқа жолына» ұқсатып, ескіден келе жатқан салт-дәстүрлерімізді жаңғыртқан, жақсартқан, нығайтқан жосық болғандықтан, бұған «Есім ханның ескі жолы» деген ат берсек, қалай болады, халайық?
Есім хан қасындағы Қарасай мен Ағынтайға бір-бір қарап алды да, Қазығұрттың етегінде қаптап отырған халыққа бас ійіп құлдық ұрды.
– Солай атайық! – деді біреу жақыннан гүж етіп.
Бәрі дауыс шыққан жаққа жалт қарады. Басына дұулыға кійген, үстіне бес қарыуын ілген жап-жас сарбаз екен.
– Әп, бәрекелді! Солай болсын! – десті бәрі.
Есім хан сөйтіп ел бійлеудің өз кілтін ескі ата салт бойынша жасады.
Жат жұрт
Тайман мен Беделдің ортасында келе жатып Ахай қай-қайдағы ойға кетті. «Бұлар мені Жәңгір сұлтанның қасында неге қалдырмады? Қайда екенімді қонтайшыдан неге жасырады? Оның мені оңай таба алмағанынан бұларға қандай пайда түседі? Әлде біреуі қатын қылып алыудың амалы ма? Менің жүкті екенімді әлі бұлар білмейді ғой, білген соң не істейді?» сыйақты өңшең осы тектес сүреңсіз болжамнан жол бойы басы босамады.
Екі қырғыздың да қабағы қатыу, бұдан ештеме сұрамайды, өздері ештеме айтпайды. Екеуі үндемеген соң, бұл да сыр бермей шыдап келеді.
Кеш бата үшеуі қалың қарағайлы тау ішіне енді. Тау да, қарағай да қараңғылықты қойыулата түседі, ал қараңғылық қорқыныш шақырады. Зіңгіттей екі жігіт бас салса, бұл бас сауғалай ала ма?
Кенет алдарынан ійттің үргені Ахайдың қорқынышын сәл сейілтті. Қалмақтікінен гөрі еңселілеу екі үйге ат басын тіреді. Бір-бірімен таныс па, танымай ма, түсініксіз: амандасып, дабырласып, екі жігіт аттарынан түсті.
– Ананы аттан түсір! – деді қырғыздың үлкені кішісін жұмсап.
Бедел бұған, қағып алатын кісіше, екі қолын созды. Қолын берместен, айағын үзеңгіге салып, Ахай аттан өзі түсті.
– Кәдімгі қырғыз, – деді Бедел басын шайқап.
Олардың сөзін анық түсінбесе де, мағынасын шамалады. Бұлардың тілі Жәңгір үйреткен тілден оншалық алыс емесін аңғарды.
– Қызығып қарайсың ғой? – деді Тайман Беделді кекетіп.
– Қызығып тұрғам жоқ, оны қызықтырып тұрмын.
– Қызықсаң да, қызықтырсаң да бәлеге қаласың, нең бар, аулақ жүр.
Үй ійесі де Тайман қатарлы көрінді, үш ұл, бір қызы бар екен, бәрі бір-екі кеседен қымыз ішті де, ет жеп болған соң жатыуға ыңғайланды. Төсекті қалай саламыз деген болыу керек, Тайман: «Мынаның қасына», – деді інісі жаққа ійек қағып.
Көрпе-жастықтың жетіспеуінен болыу керек, үшеуіне төсекті қатарлата салып, Бедел жақ шетке Ахайды жатқызды. Тайманға жеке көрпе, Бедел мен Ахайға ортақ бір көрпе жапты. Осының бәрі Ахайға әлдебір іске ійтермелеп келе жатқандай көрінді. Сондықтан сақ жатты. Тайман жастыққа басы тійе сала пыс ете қалды. Ал Бедел ойау екенін де, ұйқыға кеткенін де білдірмей, демін ішіне тартып, өзгелердің әбден ұйықтағанын күтіп жатқан тәрізді. Ахай да оның қашан, қалай қол жүгіртерін күтіп, ұйықтамай жатты. Үйдің отағасы байау ғана бір сарынмен пысылдай бастады. Тып-тыныш жатқан Бедел кенет оң айағын жоғары көтеріп, Ахайдың дәл тізесінен жоғарыға әкеп сұлата салды. «Басталды!» – деп ойлады. «Бақырам ба, көмекке шақырам ба, қәйтем?» – деп ойлады Ахай. Айағы ауыр екен, тырп еткізбеді. «Енді қәйтер екен?» – деп Ахай да, Бедел де бір-бірін аңдып жатқандай. Кенет Ахайдың құлағы қыстыға шыққан жұмсақ қырылды шалды: Бедел. Беделдің айағын ақырын ійтеріп еді, ол дереу тартып алды да, теріс аунап жатты. Одан еш қәуіп жоқ екенін Ахай сонда ғана түсінді.
Үшеуі таңертең тағы жолға шықты. Кешегідей емес, бүгін Ахайдың жүрегі орнына түсті: таудың тұрпатына, жер мен сұудың көркіне көңіл аудара бастады. Екі бауыр да бұған тіпті салқын қарайтын сықылды. Бір сәт Беделге: «Қорылдамадың, жақсы ұйықтайды екенсің», – дегісі келді де, ол ойынан дереу айный қалды: маған көңіл аудармадың деп, кінә таққаны болар деп қалыуы мүмкін ғой?
Таудың мінезі құбылық кесерткідей кенет өзгере салды. Қарағайлы беткейден алыстай бергендерінде, айақ асты аспанды қара бұлт көмкеріп, найзағай шарт ете қалды.
– Ойбай, қарағайға тығылайық! – деп, Тайман әй-шәй жоқ солай қарай шоқыта жөнелді.
– Шап! – деді Бедел бұған бұрылып.
Ахай атын тебініп еді, кер жорғасы түсіне қойып, шаба жөнелді. Қарағайдың қалқасына тез жеткендерімен, төпеп жауған нөсер үсті-бастарын әп-сәтте-ақ малмандай қылып үлгірді. Әсіресе Ахай сұу болды. Көйлегі етіне жабысып, екі ыйығынан сорғалаған сұу қол-айағына дейін құуалай жылжып жатты.
– Мына байғұс ауырып қалар ма екен? – деді Бедел жаны ашып.
– Байқа, қонтайшының қатыны, қанша жаның ашығанмен, саған қатын бола қоймас.
– Маған қатын болыу қайта оған онша қыйын бола қоймас, менің оны қатын қылыуым қыйын болар.
– Ол не дегенің?
– Оным оны қатын қыла алмаймын дегенім.
– Неге?
– Айтпады ма Шоған бій: «Жәңгірге қонтайшы қалай қараса, қонтайшының қатынына да солай қарайық», – деп. Адам баласына адам баласынша қараған дұрыс қой. Оның үстіне, «Бес жыл бойы бетіне қарамаймыз», – деп, өзің уәде бердің емес пе?
Сол сәтте аспанды төңкеріп жібере жаздаған күркір екеуінің сөзін бөліп жіберді. Артынша, осы қорқытқаным да жетеді дегендей, аспан тыныштала қалды.
Алайда бойын сұуық алып қалған Ахайдың ійегі ійегіне тіймей сақылдап кетті. Оны аңғарған Бедел ағасына жөн айтпастан, жалма-жан жартас астындағы қорымға қарай жүгіріп кетті. Екі-үш шақпақтас алып қайта жүгіріп келді де, дереу шырша түбінен кебіу шырпыларды жыйнауға кірісті. Ахай оның ойын түсіне қойып, тамызық жыйнауға ол да кірісіп кетті.
Қарап тұрыуға ыңғайсызданып, Тайман да құураған ағаштарды жыйнай бастады.
Әжептеуір отын үйілген соң, кебіу шөмшекійің шөкімдейін шымшып тұрып, шақпақтасты бір-біріне екі-үш ұрғанда, от ұшқыны тійген тамызық бықсый жөнелді. Артынша кебіу шырпы шырт-шырт тұтанып, қарағайдың құу бұтақтары бытыр-бытыр түтіндей бастады.
– Отқа жақында! Жылын! – деді Бедел Ахайға ійек қағып.
Ахайдың отқа қақтаған денесі өзі де от шығарып жатқандай бұусанды. Беделдің жанашырлығы жанын жылытты.
…Бұурайке Ахайды бірден таныды.
– Ой, мынау Батырдың қатыны ғой? – деді даусы тым тосын шығып.
– Сол, – деді Тайман сүлесоқ қана. – Қазақ ішінен қатынын іздеп Батырдың басы қатсын дедік.
Бұурайкені Ахай да таныды. Жәңгірді құтқарыу оқыйғасының бір ұшығы осында екенін де шамалады.
Ахайдың жүкті әрі жерік екенін Бұурайкенің бәйбішесі ертесі-ақ біліп қойды. Бұған жау деп қарады ма, тұтқын санады ма әлде қонаққа балады ма – түсініксіз: басына бөлек үй тігіп берді, қарауыл қойған жоқ, ертелі-кеш бірге тамақ ішіуге шақырады, төсек-орнын, жылы кійімін, бет сүртетін, қол сүртетін орамалына дейін – бәрін өз меншігіне әкеліп тастады: далаға шыға ма, үйге кіре ме, өзі біледі. Тек жат жұрт іші дегені болмаса, жүріу-тұрыуы емін-еркін. Бірақ еркегі де, ұрғашысы да өзімсінбей, сақтана, көз қыйықтарымен өгейсіте қарайды.
Бұурайкенің жеті ұлы үйленіп, тек Бедел мен алты жасар кенжесі Назар ғана бойдақ екен.
Өзін кім жақтырып, кім жақтырмайтынын Ахай бір аптаның ішінде-ақ біліп алды. Бұурайкенің бәйбішесі бетін келген күні-ақ байқатты: жапа тезекке қарағандай бұған тыжырына қарады. Беделден кейінгі екі қыздың көзқарасы да сол шамалас. Беделдің өзі жетектеп әкеп таныстырғандықтан ба, алты жасар інісі Назардың ғана пыйғылы – оң. Ә дегеннен-ақ мұны «Аха» деп атады. Еркелеткендей естіледі. Ертелі-кеш тамақ ішіуге сол шақырады. «Аха, жүр!, – дейді басын үй жағына қарай қыйсайтып. – Тамақ!» Ақ сары өңі де, адамды баурап тұратын үні де сүйкімді.
Байқауынша, Назар бір бұған ғана емес, адамның бәріне үйірсек: жанасып, жақындасып, әлденені сұрап, бірдемелерді айтып, үлкенмен де, кішімен де шүйіркелесе кетеді. Бұурайке бұл баласын бетінен қақпайды: артық айтса да, кем айтса да қабақ шытпайды.
Бір күні Назар есік алдына ерттеулі екі ат жетектеп әкелді.
– Жүр! – деді Ахайды қолынан жетектеп. – Үлкен өзенді көрсетем.
Баланың десін қайтармай, Ахай атқа өзі мінді. Бәрін бақылап тұрған бала, бұл атқа әбден отырғанда, бетіне рыйзалықпен жымыйып қарады. Ахай да рыйзалықпен қарсы жымыйды. Сонан соң екеуі де бір-біріне ыржыйып күлді.
Екі қарсы таудың етегін ортасынан қақ тіліп аққан өзен Көгайрық аталады екен. Еңіске қарай ентелеп, шығыстан батысқа қарай екпіндеп ағады. Асау. Сұуы да, түсі де сұуық. Жолындағыны жапырып, жағасындағыны сыпырып әкететін секілді: тым сұсты. Кенет арғы бетке өткелі жатқан Назарды көріп, Ахайдың зәресі ұшты.
– На-за-ар! – деді тұра шауып. Еңкейе келіп, тізгінінен шап берді.
– Жоқ-жоқ! Болмайды! Ағызып кетеді! Өлесің!
Мақтанғысы келді ме әлде мұны қорқытқысы келді ме, неге өйткенін білмеді, Ахайдың ашшы дауысы баланы бірден тоқтатты. Дір-дір етіп тұрған Ахайға айанышпен қарады. Тізгінін қолынан алып, атының басын кері бұрды. Екеуі үнсіз үйге қайтты.
«Мына бала – болатын бала, – деді Ахай іштей ой түйіп. – Тым батыл».
Батыр қонтайшының өзін іздетіп жатқанына Ахай кәміл сенді. Тек қанша іздейтінін, қашан табатынын, қалай алып кететінін анық болжай алмады. Бір күн бір күнге ұқсап, кей күн кей күнге ұқсамай, өмір осылай өз арнасымен ағып жатты.
Өмірге келген әрбір нәресте өзімен бірге бір немесе бірнеше жаңалық ала келеді. Басқасын былай қойғанда, оның өмірге келгенінің өзі – жаңалық. Келесі жылы көктемде Ахай босанып, нәрестенің атын Бұурайке «Ортақ» деп қойды. Мәнісін қалмаққа да, қырғызға да бірдей ортақ бала деп түсіндірді.
Балалы болғалы бері Ахай Батыр қонтайшыны жійірек ойлай бастады. «Мен жүктімін», – дегенінде, ол қатты құуанған. Баласын көргісі келсе, кешікпей іздеп табар деп үміттенді.
Ел жайлауға шыққанда Бедел үйленді. Алғаны – он алты жастағы арыу бойжеткен. Бұурайке шашылып-төгіліп той жасады. Он бес шақты үй тіктірді, он бес шақты жылқы сойдырды, ал сойған қойында қыйсап жоқ. Қонтайшы болған кезінде Батыр жасаған тойға ұқсас. Сол тойда ғой бұған Батырдың көзі түскені. Ақырында келесі жылы алып тынды.
Беделдің үйленіу тойына қазақ пен қырғыздан қырыуар қонақ шақырылды. Бұл білетіндерден Елтінді мен Ұзақ келіншектерімен келді. Қырғызшаны бір кісідей біліп қалған бұл той қонақтарының біразын тыңдап, біразымен сөйлесті. Бұурайкенің құдасы, Ұзақ батырдың әкесі Солтанғұл деген кісі көз алдынан әлі кетпейді. Не деген бас!? Не деген үлкен адам! Бір үйге бір өзі сыйатындай зор. Айдалада алдыңнан шыға келсе, шошығаннан жүрегің жарылып кететін шығар?! Бір Ахай емес, тойға келген талай қырғыз Солтанғұлды бір көріу үшін, ол отырған үйге сабылды.
Көз көргендер емес пе, Елтінді мен Ұзақ Ахайға келіншектерін ерте келіп амандасты.
– Қалай, қырғыздар «Қоқый!» деп қорқытқан жоқ па? – деді Ұзақ мұртын шыйрата күліп. – Қорқытса, айт. Мына менің қатыным – Бұурайке атаңның қызы. Кегіңді осыдан алып берем.
– Жоқ, қорқытқан жоқ. Балам емшекте, өз бійлігім өзімде, тұтқын деген атым болмаса, тұтқынға ұқсамайтын өмір сүріп жатырмын.
– Әзірше қонтайшыңнан хабар жоқ. Бәлкім, қайда екеніңді біле алмай жүрген шығар; бәлкім, ел басқарыудан қолы тіймей жатқан шығар?
– Менііздемесе де, баласын іздер. Жүкті екенімді біледі, өзі де ай-күнімді есептеп жүретін.
Ахайдың бір байқағаны: Ұзақ жездесін Назар өте жақсы көреді. Соған ұқсағысы келіп, жоқ мұртын сұқ саусағымен құлағына қарай көсіп-көсіп қойады. Ол ол ма, одан да қызығы бар. Біреу жайында әңгіме айтып отырып, сірә, құрдасына қатысты болыу керек, Ұзақ: «Ой, ол атаңның аузы» деп, сол сөзді бірнеше қайталаған. Соны сол қалпы қағып алған Назар Ахайдың қасында келе жатқанда көк шалғынға сүрініп кетіп, «Ой, атаңның аузы» – дегені.
Ахай езіуін жыйа алмай, көзінен жас аққанша күлді.
Өзін Ұзақ жездесі де елеп-жебеп, ерекше еркелетеді. «Бұл балдызым, байқап отырсам, быйыл жетіге келіп, жігіт болыпты. Өмірге Ортақ дейтін інісі келіпті. Бұл енді бұрынғыдай жай Назар емес, Назаға болыуға ылайықты, сондықтан бұдан былай бұл балдыз інімді мен Назаға деймін. Қалай, Назаға, қойған атым құлағыңа жаға ма? – деген оны бауырына тарта құшақтап.
– Жағады, – деді Назар жымыйып. – Бірақ мен саған аға емеспін ғой?
– Маған аға болмасаң, Ортаққа ағасың. Ақылды бала жасына қарамай-ақаға бола береді.
Сол сөздің ұнағаны сонша, көзінен нұр шашырап, Назар ұзақ күлімсіреп отырды.
Сол кеште тағы Ұзақ: «Назаға, қайда кетіп барасың?», – деп еді, «Бәсіре құнанымды сұуғарып келем», – деді жаңа атымен атағанға маңғаздана жауап қатып.
Содан бері оның Назаға аталып кетіуіне Ахай да аз үлес қосқан жоқ.
Басқаларды былай қойғанда, әкесі Бұурайке де оған: «Әй, Назаға!» – деп сөйлейтін болды.
Ахайға әсіресе ұнағаны: тілі жаңа шыққан Ортақ оның соңынан «Нажаға! Нажаға!» деп жүгіретіні. Сол сөз екеуін бауырластырып тұрғандай сезіледі.
Ортақты бұл ауылда елден бұрын еркелететін де; жыласа, жұбататын да; жығылса, көтеріп тұрғызатын да анасы Ахайдан кейін осы Назағасы.
Қырғыз ішінде жүріп, қырғыз тілін біліп кеткенмен, Ахай қалмақ тілін ұмыта қойған жоқ. Қайта сол тілде сөйлеуді сағынып жүрді.
…Бұурайке, жалпы, күліп-ойнап, әзілдеп жүргенді жақтыратын кісі. Сөзге тапқыр, тілі өткір. Оның алдында алыс-жақыны да, қатарластары да қалай болса солай сөйлей салмайды, қаймығады. Беделі қаншама асып-тасып жатса да, бір қатынды қанағат қылып, содан өрбіген үрім-бұтағына бас ійе болып отырған бақытты адам. Байлықтың бұуын да, ыстық-сұуығын да көтере біледі. Оның тоғыз ұлы мен бес қызын Беделдің тойында Ахай түгел көрді. Қәзір солардың бәрін білетін де, түсінетін де сыйақты, тек бұған Бедел – жұмбақ. Өзгелердей емес, мұның үйіне ол жійі кіріп-шығады. Жөн сұрайды, жөн айтады. Ептеп еркектік емеурін де байқатады. Бірақ шамадан аспайды. Бірде, бойдақ кезінде, бұған әзілдеп отырып, «Сен ғой қәзір жүктісің. Өзі жүкті әйел басқа еркектен тағы жүкті болмайды. Сондықтан екеуміз неден қорқамыз? Түнде келейін бе,» – деді әзілмен болса да көмейін танытып. Бұл үндемеді. Кел де демеді, келме де демеді. Өйткені қәйткені дұрыс екенін өзі де білмеді. Қысқасы, нар тәуекелге ол да батпады, бұл да бармады. Болашағы болжаусыз тіршілікті ол да бұза алмады, оның дұрыс-бұрысын бұл да түсіне алмады. Мұның анық бір білетіні: бес жыл бойы бұлар бұған тійіспеуге уәде берген, не болса да бес жылдан кейін ғана…
Той өткен соң-ақ кенже жеңгесін жағалап, Назар оның қасынан шықпай қалған. Әдемі келіншек оны баурап алды. Ақыры сол жеңгесі екеуінің арасына Назаға дәнекер болды. Әуелі сәлемдестірді, содан кейін сөйлестірді, одан кейін екі келіншек өздері сырласып кетті. Ол бұдан қонтайшыға қалай қатын болғанын сұрады, бұл одан Беделге қалай тійгенін сұрады. Сөйте-сөйте сұрамайтынды сұрасты, айтпайтынды айтысты. Соның бәрін көріп-біліп жүрген жұрт екеуін абысын-ажындай көріп кетті. Ахайдың ішінде түнде ғана қыңсылайтын күндестікке ұқсас азғырыушы жатқанын жан баласы аңғармады. Оны тіпті Ахайдың өзі де біле қоймады: бақытты әйелге қызығып, өзімнің де бақытты болғым келгені шығар деп қана шамалады.
Қонтайшының емес, қойшының қатыны болса, бұл қыйналысының түйінін Бедел екеуі байағыда шешетін еді. Амал жоқ, ол бұған, бұл оған жат жұрттың адамы деп, жасқана қарайды. Бірақ күн санап, ай санап өмір өтіп барады. Өтіп бара жатқан өмірге өтпе дей де алмайсың, өкпелей де алмайсың. Өйткені өмір деген – уақыт. Уақытты кім тоқтата алады? Ешкім. Оған Бедел де, бұл да бағынады. Уақыты келді, ол үйленді. Енді мұны ұмытады. Бұл да ұмытыуы тійіс.
Солай сыйақты еді. Бірақ уақытқа да бағынғысы келмейтін бір күш бар екен: ол – сезім. Ол да келе-келе көнеретін шығар, төзе-төзе тозатын шығар, сұуынатын да шығар, шыдай-шыдай бір күні шарт сынатын да шығар? Бәлкім, өлтіріп те тынар?! Оны ешкім білмейді, ешкім болжай алмайды.
Бір кеште қасына Назағасын ертіп Бедел келген. Күзеуде ошаққа от жағып Ортақ екеуі дастарқан жайып тамақ ішкелі жатқан.
– Кеш жарық! – деді Бедел үйді басына көтере амандасып.
– Төрлетіңдер, – деді Ахай орынан ұшып түрегеп.
Ұрғашыда ғана бола ма әлде адам баласының бәрінде ме, бір жүйрік сезім Беделдің бекер келмегенін сездірді. Көзінде ме, өңінде ме, құпыйа бірдеме қылт ете қалып, қайта жасырынды. Бұл да не айтса да айтса екен деп күтті. Құпыйа сақтау да сыздаған жараға шыдаумен бірдей, ал сыздаған жараның жаныңды қыйнай бергенше, жарылып тынғаны тәуір. Шексіз шыдай бергеннің азабы – ақылыңнан адастырардай ауыр.
– Біздің елдің салты бойынша, ешбір ұрғашы басійесіз болмайды, – деді Бедел мұның бетіне барлай қарап отырып. – Сенің де басійесіз болмағаның дұрыс. Мен саған соны айтқалы келдім.
Ахай не дерін білмей састы. Себебі Беделдің айтып отырғаны анау-мынау емес, мен сені алам дегені еді. Ары отырды, бері отырды, жөнді жауап аузына түспеді. Себебі бұл сұраусыз адам емес, артында айбары адам шошытатын қонтайшы тұр; Бедел де бәрін бір өзі шеше салатын соқа басты адам емес, оның артында да келіншегі, әке-шешесі, қайынжұрты тұр. Қай жақтың қарсы шығарын, қай жақтың құп көрерін ешкім білмейді. Сондықтан амалсыз айла-бұлтаққа салды.
– «Қонтайшының да қатынын көрдім», – деп, мақтаныу үшін болмаса, мені қатын қылғаннан қандай жақсылық табасың? Бар жыйнаған беделіңді бір-ақ күнде төгіп аласың ғой.
– Жыйған беделімді сен үшін төксем, төгіп-ақ алайын, тек, әйтеуір, Бедел деген өз атым қалса, жарайды. Жоқ әлде мені жақтырмайсың ба?
– Неге жақтырмайын? Қонтайшының сегізінші қатыны болғанда, сенің екінші қатының болыудан қашайын ба? Тек саған кесірім тіймесін деймін де. «Бес жыл күтеміз», – деген уәделерің бар еді ғой, сол бес жылды күтейік. Сен де шыда, мен де шыдайын.
– Жарайды, құдай шыдатса, шыдайын. Жүр, Назаға, осы сыйымызбен жөнімізге қайтайық, – деген басы салбырап.
Адамның да, елдің де түбіне нені түсініу мен нені түсінбеу жетеді. Түсінгендердің тіршілігі бір бөлек, түсінбегендердікі бір басқа. Бірі жарасып жатса, бірі араздасып жатады. Қырғыз бен қалмақтың жарасар-жараспасын да, Ахайдың болашағын да қонтайшы шешеді. Тек қалай шешілетінін ешкім алдын ала білмейді.
«Жанымдай жақсы көрем. Сенен тұуған ұл өзіме тартқан батыр болады. Сен менің сүйікті тоқалымсың!» – дейтін қонтайшыдан түк сыбыс жоқ. Сырттай сездірмегенмен, іштей Ахай әлдебір хабарды үнемі күтеді.
Күдіктенеді, сезіктенеді, кейде түңіледі, бірақ бәрібір үміт үзбейді. «Көп қатыны бар қонтайшыға бір қатынның бары да, жоғы да бірдей шығар?» –деп, кейде тіпті жылап та алады. Сәлден кейін: «Ел басқарыу оңай ма? Шоласы болмай жатқан шығар», – деп, тағы өзін өзі жұбатады.
Уәде
Таң сыз бере қарауыл ойанды. Ойанбас па еді, зәр қысып ойатты. Қараңғылықтың ар жағынан аршалы беткей перде тұтып қойғандай қарауытады. Етек жақ ақшыулан тартып, айранбеттеніп қалыпты. Үйдің іргесінен аулақтай беріп, анадайда сұлап жатқан қонтайшыға көзі түсті. Өліп қалған екен деп, бұтына жіберіп қойа жаздады. Жата қап жүрегін тыңдады. Тамырын басып көріп, жаны бар екеніне көзі жетті. Асықпай аршаның түбіне барып зәрін төгіп қайтты. Содан соң сүйрей көтеріп қонтайшыны үйге кіргізді. Үйде кіші тоқалы жоқ болып шықты. Бұл қалай? Қайда кетеді? Ана тұтқын екеуі татыу сөйлесіуші еді, сонымен қашқаны ма? Жүгіріп барып үйқамақтың есігін ашты. Жәңгір жоқ. Солай, екеуі қашыпты. Жай қашпай, қонтайшыны жайратып қашыпты. Енді, сөз жоқ, қонтайшының інісі мен ұлдары мұны жайратады. Қайда барады, қайда қашады? Барар жері, басар тауы жоқ. Ойбайлаған қарауыл жұртты таңбозынан дүрліктірді. Қарауылдың айтқанына нанған жұрт кіші тоқалды жабыла жамандап жатқанда, біреулер сұу жағасынан байлаулы жатқан атшы қалмақты тауып әкелді. Оның айтқанын естіген соң, Батырдың үлкен інісі Шоқыр қарауылды жүн сабағандай сабады. Оны жұрт жабылып жатып әрең ажыратты.
Қонтайшы түс әлетінде әрең ес жыйды. Есін жыйған заматта-ақ масқара болғанын білді. Қасында інілері Шоқыр мен Байбағыш, үш ұлы шоқыйып отыр екен. Көзін ашқанын көріп, бәрі үймелей бетіне үңілді.
– Әке, қалайсың? – деді ұлы Сенге батылдық танытып.
Қонтайшы үндемеді. Бұлардан басқа ешкім жоқ па дегендей, есіктен төрге дейін көзін төңкере бір сүзіп шықты. Қатыны көзіне түспеді, оған ана оңбағандар ойына келгенін істеп кеткен шығар деп шамалады. Сөйлейін десе, тілінің бар-жоғы сезілмеді. Таңдайына жабысып қалған ба әлде әлгілер жұлып тастаған ба, қайта-қайта жөткірініп жатып үнін әзер шығарды:
– Ахайды шақыр!
– Ол жоқ, – деді Шоқыр құлағына еңкейіп. – Қазақтар байлап әкетіпті.
Қонтайшы көзін қайта жұмды. Түсінді: қазақтар Жәңгірді де, қатынын да алып кеткен екен. Енді қәйтті? Қойнындағы қатынынан, үйінің іргесіндегі тұтқынынан айырылып, өзін де қорғай алмай талып қалған қонтайшыны халық енді қалай құрметтейді? Ызадан басы айналып бара жатты.
– Барыңдар! – деді қабағын шытып. – Шоқыр, сен қарауылды шақырып кел!
Қонтайшыға келе жатып, қарауыл көзі қарауытып, екі мәрте сүрініп кетті. Көзінен де, айағынан да әл кетіп бара жатқандай. «Өлтіріп-ақ кеткені жақсы еді, – деді өкініп. – Жаласын қазақтарға жауып, өзім-ақ өлтіре салыуым керек пе еді әлде?»
– Сен түнде қайда болдың? – деді қонтайшы бірден ақырып.
– Жанымды қыйыңызшы! Қара басып ұйықтап қалыппын. Сіздің сұлап жатқаныңызды көріп, шошып кеттім. Сізді үйге көтеріп кіргіздім де, ініңіз бен балаларыңызға барып айттым.
– Оларға не айттың?
– Бәрін айттым. Жау келгенін айттым.
– Ійттің баласы! Сен ұйқтап қалмағанда, біз бүйтіп масқара болмайтын едік, түсінесің бе соны?
– Түсінем, тақсыр, түсінем. Шыбын жанымды қыйыңызшы!
– Жалғыз тұтқынға ійе бола алмаған сенің шыбын жаның кімге керек? Шық! Мына ійттің елге көрсетіп тұрып басын ал! Келгендерді көрген тағы кім бар? – деді Шоқырға.
– Атшы көріпті. Кәзір шақырайын.
Аман қалғаным үшін де жаза тартар ма екем деп, атшы босағаны бұуыны құрап аттады.
– Сен оларды қалай көріп жүрсің?
– Атымды сұуғарыуға барғам. Сұудың жағасында екі адам тұр екен?
– Қанша? Екеу-ақ па?
– Ійә, бойы да ұзын, қолы да ұзын біреуі аттан мені жұлып алып, аузыма орамалын тығып тастады. Екеуі ай батқанша күтіп отырды да, көп кешікпей, мені аттан жұлып алған қара мұртты дәуі Жәңгірді көтеріп әкелді. Ахайды орта бойлы, жауырынды екіншісі қолтығына қысып алып келді.
– Қолтығына қысқаны қалай?
– Бір қолымен аузын басып, бір қолымен белінен қысып, кәдімгі ағаш көтергендей көтеріп келді.
– Атқа Жәңгір қалай мінді? Айағында кісен бар еді ғой?
– Әлгі төртпақ қазақ қолымен бырт еткізіп үзе салды.
«Ахай оларға қарсыласпады ма?» – дегісі келді де, оның өзіне абырой әпермейтінін сезе қойды.
– Бар! – деді атшыға есікті ійегімен нұсқап.
Қонтайшы қотанынан шықпай, апта бойы ой құшағында жатып алды. Қапы қалғанына қатты күйінді. Қазақ құрымай, қалмаққа жақсылық жоқ деген ойға біржола бекіді. Алайда қазақ біткенді жер бетінен жойып жіберіуге бұлардың шамасы жете ме? Оларды құртам деп жүріп, өздері құрып кетпей ме? Кім көмек береді бұларға: орыс па, қытай ма? Оларға сеніуге бола ма? Сеніу үшін, оларға сұрағанын беріу керек, әрійне. Екеуі де: «Бізге тыныштық бер!» – дейді. Берейін десем, бір табындап, екі табындап жеріңе кіре береді, кіре береді. Сібірдегі Көшім ханның көзін құртқалы бері татар мен башқұртқа да, қазақ пен қалмаққа да тыныштық бермей отырған орыстың өзі. Бірімізді бірімізге айдап салады. Соны сезіп, біліп отырсақ та біз бас біріктіре алмаймыз. Себебі әркімнің мақсаты әр басқа. Қазақтың қылығына қарап-ақ қалмақтың жағдайын жақсы елестетіуге болады. Мәселен, Тәшкеннің ханы болған Тұрсын да, қазақтың ханы Есім де, Көшімнің ұлы Есім де – бәрі Шыңғыс ханның ұрпағы. Бірақ бәрі бір-бірімен араз. Тұрсын мен Есім қазақты бійлеу үшін таласса, Көшімнің Есімі бізбен бірігіп өз қазағымен өзі соғысты. Мен Өрлік тайшының үлкен қызын алсам, ол кіші қызын алды. Үш жыл бойы бізбен бірге қазаққа, мұғылдарға қарсы соғысып жүріп, ақыры қатынынан айырылып тынды, ол оралғанша басқаға тійіп кетіпті. Енді бізге күйеу бала болып жүр. Не елі жоқ, не жері жоқ. Ығына жығыла берсек, орыс бізді де сөйтпек. Бізді бір-бірімізбен татыу қылмайтын тағы бір тажал – атақ пен байлық. Шындап келгенде, екеуі – бір ұғым: атақсыз байлық жоқ, байлықсыз атақ жоқ. Басқаны айтпай-ақ қойғанда, кенже інім өліп еді, соның байлығы мен адамдарын бөлісе алмай, екі інім Шоқыр мен Байбағыш бір-бірімен соғысты. Мен ара түспегенде, бір-бірін өлтіріп тынар ма еді, кім біледі? Бійлік пен байлық үшін ешкіммен таласпай-ақ қойайын десең, басынып, басыңа шығып кетеді. Бұл бір бітпейтін және ештеңеге бағынбайтын бәсеке. Ал атақ пен байлыққа таласқандарды тоқтатпасаң, олардың басын біріктіре алмасаң, біріге алғандардың жемі боласың. Сондықтан қонтайшыға күш керек, елді де, жауды да күшпен бағындырыуың керек! Қалмақты қалай бақыласа, орыстар қазақты да солай бақылап отыр. Ол – күшті жау, күшті көрші. Оны алдауға болар, бірақ онымен соғысыуға болмайды. Сондықтан ондай көршілермен татыу тұрыу керек, ал өзі шамалас қазақты бұл бағындыра алса, онда мұны өз жұрты да, күшті көршілері де сыйлайтын болмай ма? Өз кегін өзі ала алмаған халықты кім сыйлайды?
Әлсізді ешкім сыйламайды, айамайды да, тек басынады. Өзіңді өзгеге сыйлатыу үшін, күшіңді көрсетіуің керек. Көрсетпеген күшке ешкім құрмет көрсетпейді. Он мыңнан астам ойрат өзінің тұуған-тұуысы, тайпаласы. Ондай күш қәзір ешбір тайшыда жоқ. Өзінде бар ондай күшті барынша пайдаланбаса, бұның несі қонтайшы?
Үлкен ұлы Сожыны, тағы Данга – Онба мен Мандышарын ертіп Талай келгенде, Батыр осындай ойға батып отырған. Әкесімен қатар жүріп, қазақтарға қарсы бірге соғысып, не көрсе де әкесімен бірге көріп өскен Талайды Батыр ешқашан шетқақпайлаған емес. Сөзі де жылдам, қылығы да тез, қызба адамға қарсы да келе бермейтін. Талай – ойлағанын қолма-қол орындап тастайтын тезқатар кісі.
– Мен бәрін естіп, бәрін біліп келіп отырмын, – деді бірден. – «Екі-ақ қазақ келіп тұтқындағы сұлтанын құтқарып, оған қоса қонтайшының қатынын да тартып әкетіпті», – деген сөз қонтайшы атыңа ылайық емес. Оданда: «Өзіне тамақ апарып беріп жүрген кіші тоқалмен сөз байласып, Жәңгір сұлтан екеуі бірге қашып кетіпті»,– деп неге қәуесет таратпайсың? Қыйсыны келіп тұрған өтіріктен неге қаштың?
Талайдың жіптіктей көзі қонтайшыға ішін жарып қарап тұрғандай қадалды.
– Нана ма оған?
– Неге нанбайды? Нанбаған адам – оңбаған адам. Ондайларды біліп алсаң, шетінен жазалайтын едің ғой. Бұрқан тау мен Аралтөбенің ортасын жайлайтын дәу бас қазақ бар. Барған, көрген ойраттар айтып келді, сол дәу бас қазақ Жәңгір сұлтанды құтқарып алыу құрметіне той жасапты. Жәңгір сұлтанға, Қарасай мен Ағынтайға – үшеуіне ат мінгізіп, тон кійгізіп аттандырыпты. Қотаныңа кімдер келгенін содан-ақ болжа.
– Қарасай мен Ағынтайды өзім де жорамалдап отырмын.
– Дәу бас қазақтың ауылында Ахай қатының болмапты. Сондықтан оны басқа жақтан ізде. Бір жұмбақ оймен қазақтар оны әдейі жасырып отыр.
– Олай болса, оны Жәңгірмен бірге қашты дегеніме жұрт сене ме?
– Сене ме, сенбей ме, оған басыңды қатырып нең бар? Сенгісі келгендер сенеді, сенгісі келмегендер сенбейді. Бірақ әңгімені әр тараумен тарата берген дұрыс, одан шындық божырайды. Қайсысы шын, қайсысы өтірік екенін ажырата алмай, елдің басы қатады. Саған да керегі сол емес пе?
– Бәрін көрген күуә бар ғой?
– Оның көзін құрт. Бір ойраттың өлгенінен бүкіл ойрат ойсырап қалмайды.
– Айтыңызшы, бұл қазақтан қалай кек алам?
– Өз істегенін алдына келтірмей, қазақтан кек қайтпайды. Болар іс болды. Өкінсең де, опық жесең де, енді оны өзгерте алмайсың. Өзгерте алмайтыныңа көзің жеткен соң, не істеуің керек? Бір-ақ жол бар: оқыйғаны өршітіуің керек. Қазақты жатып та жаманда, тұрып та жаманда, қалмақтың қаһарын ойат. «Мен масқара болдым», – деме, «Ел, бүкіл қалмақ масқара болдық!» – де. Қайра халықты! Сөйтсең ғана олар сенің төңірегіңе топтасады. «Бірігейік! Бірікпесек, құрыймыз, қазақтар құртады», – деп қорқыт. Күшті болыудың, жауды жеңіудің бірігіуден басқа жолы жоқ екеніне көздерін жеткіз!
Талайдың сөзі Батырдың бұғып жатқан пыйғылымен астас шықты. Ырас, шымбайына батыра айтса, халық мұны қолдауға тійіс.
Екеуі жақсы ұғысты: рыйза болғандықтан, Талайдың балалары тек бас шұлғыды да отырды,
– Мен басында-ақ айттым; «Жәңгірді маған бер», – деп. Қайдан келіп, қайда тұрғанын білдірмей, қол-айағын байлап-матап тастайтын ем. Енді менің ойымды тыңда. Күз бойы, қыс бойы қол жыйнаймын, дайындалам. Келесі жазда Қарасайды да, оған той жасап беріп жүрген дәу бас шалдың да ауылын – бәрін шабам. Сөйтіп кегіңді қайтарып берсем, маған не бересің?
– Сұрағаныңызды берем.
– Онда, мына балаларымның көзінше айт. Маған Қобық Сауырды қоныс қылыуға бер!
Бір сәт қонтайшы басын кегжең еткізіп ойланып қалды. Ол – малға да, жанға да өте қолайлы жер.
– Берем! – деді артынша тез басын ійзеп.
– Ендеше сөз бітті. Әкел қолыңды! – деді Талай тайшы орнынан түрегеп.
* * *
«Қолынан келсе, күші жетсе, қазақ бізді айайын деп отырған жоқ. Олар да соның орайын таба алмай отыр», – деп ойлады қонтайшы. Соны Күнделен неге түсінбейді? Қазақтарға жақтасып, атасы Өрлікпен үнемі айтысады да жүреді. Талаймен де қазақтарға бола араз. «Бүйте берсек, бір күні біз де құрып бітеміз, қазақтар да құрып бітеді. Кек қайтарамыз, кегімізді аламыз деп, біресе олар бізді шабады, біресе оларды біз шабамыз. Біресе олар жеңеді, біресе біз жеңеміз. Бірақ жеңген де қырылады, жеңілген де қырылады. Ал араласып, сөйлесіп қараңдар, қазақ та тыныштық тілеп отырған халық. Олармен араздасқаннан ауыздарың күймеді ме?» – деп, Күнделен татыулық сақтайық десе, қайнатасы Өрлік тайшы оған келіспей, «Қазақ – бізге атажау, басындырмай, үнемі үрейлендіріп отырайық», –дейді.
Қонтайшыға атасының айтқаны елдің ертеңін ойлағаны сыйақтанады. Бірақ ол ойын оған ашық білдірмейді. Өйткені үндемеу де үлкен сайасат. Күнделеннің де көкейін түсінеді, ол қазақтан үнемі құрмет көріп келе жатқан адам. Орыс пен қытай секілді күштілермен күрессе, белі сынатынын бұл да біледі, сондықтан олармен татыу көрші болыуды бұл да жақтайды. Ал қазақпен сөз басқа. Бала күнінен бері қордаланып қалған мұның кегін Күнделен тайшы қайдан білсін?! Оны ұмытыуға қонтайшының шамасы жетпейді.
Есім ханға деген ескі кегін Қарасайдың мына қылығы қайта өршітіп жіберді. Халқы намысы жоқ қонтайшы атамас үшін, әуелі қазаққа қарсы Талайды бір жұмсап алғаны да ақылды іс болатын сыйақты.
Есім ханның ел бійлеу тәсілін Батыр өзінше екшейді. Ел іргесін жан-жағынан қымтап, төрт бұрышын бүтіндеп, батысы мен шығысын, күнгейі мен теріскейін түгел қорғайды. Оны көріп, біліп отырған қазақтар есесіне оны жақсы сыйлайды. Ондай бірлік, өкінішке қарай, бұларда болмай тұр. Қалмақтың күші тең болғанмен, бірлігі кем. Ал халықты не біріктіреді? Тек ортақ жау. Ол – қазақ. Демек бірлікке жетіудің қазақты жеңіуден басқа жолы жоқ. «Не үшін бірігеміз?» – дегенге басты жауап – сол: атажау қазақты жер бетінен жойыу.
Жаза
«Ай, айналайын Қарасай-ай! «Қазақтың Қарасай батыры!» деген атыңды ақтадың-ау!» – деген сөзді Есім ханның күніне он шақты қайтара айтқан кезі болды. Қарасайдың ерлігіне, ержүректігіне ерекше сүйсіне отырып, оның бұл ерлігі қалмақтарға ауыр соққы болатынын да болжады. Ең бастысы: қалмақ одан қалай кек алыуы мүмкін? Қонтайшы, дау жоқ, ә дегеннен-ақ қатынының қайда екенін іздейді. Өйткені қатыннан айрылыу – абыройдан айрылыу. Қалмақ пен қазақ– әрі жауласып, әрі араласып келе жатқан ел; сұрастыра жүріп, түбі қатынының қайда екенін табады. Тапқан соң, құдай біледі, қырғызды қырып-жойып шабады. Ызақор Батырдың, өйтпесе, көңілі көншімейді. Екі ортада қырғыз байғұстар қырылмаса, не қылсын?! Сол қатынды Түркістанға әкеліп жасырса да болатын еді, амал не, болар іс болып қойды.
Жәңгірді екі-ақ қазақ келіп іргесінен сұуырып әкеткенін қонтайшы, сөз жоқ, кешіре алмайды. Қарасай мен Ағынтайдың тірі жүргені – ол үшін өзінің тірідей өлгені. Өзі бастай ма, өзгесін жұмсай ма, Қарасайға қарсы қол жыйнайтыны анық. Тек өзді-өзі қырқысып жатқан қалмақтың қашан басқұрарын бір құдай біледі. Өйткені қазақ пен қалмақтың бір-біріне ұқсас ортақ жауы бар және екеуінің ең басты жауы да сол, ол – алауыздық.
Қарасай мен Ағынтайға кімдер көмектескенін де қонтайшы бәрібір білмей тұрмайды. Елтінді мен Ұзақты да, Ұзақтың қырғыз қайнатасын да, оның барлаушы болып келгенін де, тоқалын тұтқын қылып отырған да сол екенін – бәрін табады. Табады да, шабады. Байағыда әкесімен бірге бізге тұтқын болғаны, Қарасайдың Қарақалды алдыма әкеліп қалай тізерлеткені тағы есіне түседі. Ызадан жарылып кете жаздайды. Ызасын басатын бір-ақ амалы бар: кек алыу, соғыс!
Қапы қалмаудан басқа бізде де қайла жоқ.
…Қалмақтардың әлденеге әбігер болып, қайта-қайта бір-бірімен араласып, бас қосыулары бұрынғыдан гөрі жійілеп кеткенін күз бойы, қыс бойы Елтінді мен Ұзақ арнайы адам жіберіп, Қарасайға әлденеше хабарлады. Бірақ олардың түпкі мақсаттарын түсіне алмады. Қалайда қазақ үшін қауіпті әрекетке дайындалыуда деп қана жорамалдады. Қәуіпті болғанда не істейді? Әрійне, соғысады. Сондықтан соғысыуға қазақ та әзір болыуы тійіс.
…Шегарадағы әбігершілік Есім ханға да жетіп жатты. Қапы қалмас үшін, ол алдын ала қам жасады. Тұрпандағы қайынжұртына кісі салып, қалмақтардың құпыйа сырын біліп алды: өзі болжағандай, ерте көктемде Қарасай мен Елтінді ауылдарын шаппақ, сол жеңістің бұуымен қонтайшы бүкіл қалмақтың бас қосқан жалпы жыйыны – құрылтай – өткізбек. Абыройы айрандай төгілген қонтайшы беделін сонымен түзеп алмақшы. «Құдай жар болса, абыройыңды бұрынғыдан бетер төгермін!» – деп кіжінді де, Есім хан қол жыйнау жөнінде әскербасыларына дереу әмір берді. Сонан соң қалмақ қанша қол жыйнауы мүмкін, мен қанша қол жыйнай алам дегенді ойша таразылады. Әр тайшысын санамалап, әрбірінің мүмкіндігін өзінше жорамалдап, алты мың-жеті мың қол жыйнай алады деген болжам жасады. Қазақтың қолын негізінен Жетісұу халқынан жыйнауды ұйғарды. Бірақ бір рет соғысыумен бәрін біржола бітіре салыуға болмайтынын да білді. Біржола бітіріудің екі-ақ жолы бар: не қазақ пен қалмақ нарадыу тауып, мәңгі татыу болыуы керек, не екеуінің бірі біржола жойылыуы керек. Нарадыу табыуға қазақ бейіл болғанмен, қалмақ оған қайыл емес. Жеңіліп қалса, енді соғыспауға уәде бере салады да; жеңе қалса, қазақты біржола қырып тастауға қайтадан құлшына кетеді. Сондай-сондайы бірнеше рет қайталанған соң, оларға сенім қала ма? Сенім жоқ жерде соғысыудан басқа амал да, жол да қалмайды. Сол себепті олармен соғыса біліу керек, соғысыуды үйреніу керек. Жалаңтөстің айтқаны дұрыс: өлгісі келмейтін қазақ соғыс өнерін үйреніуге тійіс. Өйткені қазақтың қалмаққа қарсы қойар басқаша амал-айласы жоқ.
…Өзі мен Қарасайдың, албан-сұуан мен қырғыздың қолын қосқанда Есім ханның қолы жеті мыңнан сәл асып жығылды. Қар кетер-кетпестен Қапшағайдың оң жақ жазығында алдын ала әскерій әзірлік жасады. Сонан соң жер жағдайын жақсы білетін Қарасай мен Елтіндіні, баласы Жәңгірді оңашалап, соғысыу әдісін ақылдасты. «Шыңғыс хан бабамыздың жауды жетектеу немесе қаша соғысыу әдісін қолданайық», – деп, Есім хан оның ұтымды болатынын өзі дәлелдеді.
Қалмақ қолын Талай тайшы бастап келетіні белгілі болды. Оның аса жауыз, қатыгез адам екенін Жетісұу қазақтары мен Алатау қырғыздары жақсы білетін. Хабарды естігелі бері Жәңгірді тұтқындағанына ызалы Есім хан да, екі інісімен, екі қарындасын өлтіргеніне кектеніп жүрген Ұзақ та Талайға тістерін қайрап, қалай көзін жойсақ екен деген ойда жүрді.
Жауды жетектеп әкеліп қоршауға түсіріуді Есім хан Елтіндіге тапсырды. Оны жүзеге асырыудың басты кілті – жау шабатын күн мен келетін жолын күнібұрын біліу. Соған ең сенімді деп, Елтінді Ұзақ досының інісі Тайлақ пен балдызы Бедел бастаған шағын топты жұмсады. Қырғыз батырлары Табай мен Көтеннің, Албан Шоған бійдің балалары мен Дұулат Сырымбеттің жасақтарын Есім хан Елтіндіге қосып берді де:«Біз қалмақты жақсылап алдай алсақ, құрылған торға жетектеп алып барамыз; ал егер жөндеп алдай алмасақ, өзіміз олардың торына түсеміз. Сол үшін сақ болыңдар! Бір-біріңді қорғай жүріп, бақылай жүріп соғысыңдар!» –деді.
Талай тайшының Қорғастан қашан өтетінін күтіп, Тайлақ тобы Алмалы желкесіндегі шоқыға тасаланды. Үшінші күні ғана тоңазыған көктемнің таңбозында Ақ Бұрқанды бетке алған қалың жаудың қарасы көрінді. «Әп, бәлем! Қанды басыңды бері тарт!» – деді Бедел алақанына түкіріп.
– Біздің мақсат соғысыу емес, жасырыныу, – деді Тайлақ оны білегінен басып. – Сайға түсейік.
Олар Айақ Бұрқанның аузында тұрған Елтінді қолына хабар жеткізді де, жауынгерлермен бірге Бұрқансұудың терең сайына жасырынды.
Ел шетіне сақтана кірген жау жүре келе жүрек тоқтата бастағандай еді. Жау байқамай тұрып бас салыуды Елтінді дұрыс санады.
– Бақтыйар! Бақтыйар! – деген Ұзақ батырдың барқыраған даусы дәл іргесінен шыққанда, шырық бұзбай келе жатқан қалмақтар айақ асты апыр-топыр болды. Барқ еткен дауыс оларға көктен түскен күрзідей көрінді. Оң бүйірден лап қойған қазақ қолы жауға садақ жұмсамай, бірден қойан-қолтық айқаса кетті. Сайдың ішінен ағын сұудай атылып шығып жатқан қазақта шек жоқтай көрініп еді, аз екенін шайқаса кеткен кезде қалмақтар анық байқады. Қалтарыстан шыға келген қол өлтіріп те жатыр, өліп те жатыр, жаңа ғана тып-тыныш тұрған аспан мен жердің арасы ырсыл мен гүрсілге, ыңқыл мен тарсылға, ақырғы дем мен ақырған үнге толды да кетті. Көк пен жердің арасын өлім мен өмірдің үні кернеп, аспан жерге қақырап құлап келе жатқандай қорқыныш орнады. Жаудың арты әлі қарыу жұмсап үлгермей жатып, «Бақтыйар! Бақтыйар!» – деген Ұзақ батырдың барлыққан үні тағы естілді.
Қазақтар жапырыла қашты. Ұбап-шұбап қалмақтар желіге құуды. Көп қолды көргенде аз қол өстіп алақтап қашпағанда қәйтеді? Бір кезде қашып бара жатқан топтың тағы да оң жақ бүйірінен шағын бір топ шыға келіп, қалмақтармен қатарласа шапты. Жақын келмей, тек садақ тартты. Далақтап құуып келе жатқан алдыңғы топтың шеткі шебін әп-сәтте-ақ жұусатып салды. Жаңа ғана құуып бара жатқан қалмақтар енді қашып келе жатқандай қырылды.
Елтіндінің қолы біресе ұзап, біресе жақындап, Жұуантөбенің жанына жеткенде, Түргентоғайға қарай жалт бұрылды. Жаны қысылғанда тығылатын пана іздегендей көрінді, Түрген өзенінен апыл-ғұпыл өтіп жатты. Алдыңғы өткендер артқыларды қорғап, өзеннің арғы бетінде шеп құрап, бергі бетке қарай садақ атқылауға дайын тұрды.
Талай амалсыз тоқтады. Қазақтардың өткел бермейміз деп тұрғанын түсінді. Арғы бет ұзыннан-ұзақ созылған қыр жота: олар жоғарыдан бұлардың бәрін көреді, ал бұлар бійіктегілердің бергі бетін ғана байқайды.
Қазақтың қолы аз екенін Талай біліп тұр. Бірақ олардың өте ыңғайлы әдіс тапқанын да түсініп тұр. Қалайда көп көптігін істеу керегін ұқты. Аз ғана қолды өзеннің бергі бетінде қалдырып, негізгі күшті жоғары жақтан өткел табыуға өзі бастады. Қалың қол біраз жерге ұзай бергенде, арғы беттегі қазақтардың кенет жоқ болып кеткенін байқады. Манадан бері қазақтың бүкіл қолы деп тұрғаны бір-екі қатар ғана алдамшы әскері екен, қалғаны жотаны қалқалап қашып үлгеріпті. Қалмақтар кері бұрылып, өткелге қарай өңмеңдей ұмтылды.
Түргентоғайдың бұл арасындағы ағашы сійрек, өзеннің арнасы жайылма жайдақ екен. Жағаға өтіп, алдарына қараса, қазақтар қозыкөш жерге ұзап үлгеріпті. Қашқан жауда береке болмайтынын білетін Талай дем алдырмай құуға бекінді. Бірте-бірте екі араның жақындай бастағанын көріп, қашқандарды одан бетер құйындата құуды. Қазақтардың жаны әбден қысылды. Өрттен қашқан аңдай жанталасты. Кенет қазақтар жазық аңғарға жалт беріп, Түргентоғайдан батысқа қарай зымырады. Өргі жағы заңғар тау, астыңғы жағы аласа тау, ортасы ұзыннан-ұзақ аңғар екен, сонымен алды-артына қарамай зытты. Екі ара қайтадан алыстады. Қазақтардың ақырғы жанталасы болыу керек, манағы бақырған батыр тағы бақырды: «Бақтыйар! Бақтыйар!»
Тұзаққа түскенін Талай сонда байқады: өргі жақтағы таудың арасынан, астыңғы жақтан қаптап шыға келген қазақтарды көріп, кілт тоқтағанда, ішегі үзіліп кете жаздады. Жаңа ғана алдына түсіп қашып келе жатқан қазақтар жалт бұрылып қарсы шапты: «Бақтыйар! Бақтыйар!»
– Талайды ұста! Байлап әкел! – деген Есім ханның өктем үні дәл өкпе тұсынан естілді. Қолына түскенше қолында өлейін деп ойлады. Найзасын оңшап, тұп-тұура Есім ханға қарай шапты. «Ой, атаңның аузы!» – деді сол жақ бүйірінен бағана Бақтыйарлаған дауыс. Мойнына сарт ете қалған арқан ат үстінен жұлып алды. Көк аспанның өзіне қарай зұулап құлап келе жатқанын көріп, көзін жұма қойды.
Қалмақтар қазанға шыжғырған тірі құуырдақтай топырлады. Үш жақтан түре шапқан қазақтардан азын-аулағы ғана Түргентоғайға қашып тығылып жан сақтады. Тепсеңнің үсті теңкійген өлікке толып кетті. Күн еңкейе қазақтар толық жеңіске жетті.
Есім хан дәл Түргентоғайдың түбіне келіп тоқтады. Шалмамен жетектеп Талайды Ұзақ ханның алдына әкелді. Сарбаздар жым болып тына қалды.
– Жәңгір! Талайды арқаннан босат! – деді Есім хан.
Оны естігендер, онысы несі дегендей, бір-біріне қарасты. «Не дейт?» – деп, естімегендер мен түсінбегендер сыбырлай таң қалысты.
Ханның бұйрығын екі етпей, Жәңгір Талайдың мойнынан арқанды алды да, Ұзаққа қарай лақтырып жіберді. Ұзақ та өзі ұстап тұрған шетін жерге тастай салды. Сірә, Талай да аң-таң: Есім ханға жіптіктей көзі жұмыла жаздап, жасырына қарады.
– Ұзақ! – деді Есім хан жерде жатқан шалманы нұсқап. – Ана арқанмен Талайдың оң қолын қазықбаушалып байла!
Ұзақ атын қасындағы біреуге ұстата салып, ханның айтқанын істеді.
– Қарасай! – деді хан. – Сен енді Талайдың сол қолын байла!
– Табай! Қырғыз арқанымен сен Талайдың оң айағын байла! – Оның байлап біткенін күтіп тұрды да,– Ағынтай! Сен сол айағын байла! – деді.
Ханның ойын біреулер аңғарғандай болды, біреулер сенер-сенбесін білмей, дүдәмәл тұрды. Сол кезде хан тағы саңқ етті:
– Талай! Қазақ сенің әкеңді де өлтірген жоқ, шешеңді де өлтірген жоқ. Ана оң қолыңды ұстап тұрған Ұзақ батырдың шійеттей екі інісі мен екі қарындасын он екіде бір гүлі ашылмай тұрған бала күнінде найзаға шаншып сен өлтірдің. Ол үшін сені жазалай алмадық. Мына сол қолыңды байлап тұрған Қазақтың Қарасай батыры мен сол айағыңды байлап тұрған Ағынтай батыры Жәңгір сұлтанды тұтқындап әкеткенің үшін де әлі сені жазалай алмай жүр еді. Қара Ертісте қалың найманды кәрі демей, жас демей жазықсыз қырдың. Ол үшін де жазаңды әлі тартқан жоқсың. Оң айағыңды байлаған Табайдың талай рет малын тартып алдың, бір ағасын, екі бірдей інісін өлтірдің, ауылын да шаптың, ағайындарын да қырдың, соның бәрі сұраусыз дедің бе? Кәне, айтшы, осыншама өшігетіндей біз сенің кіміңді өлтірдік? Сен тіріде бізге тыныштық жоқ екеніне әбден көзіміз жетті. Сол үшін, байағыда Қара Ертістің бойында қашып құтылғаныңда айтқаным айтқан, сені төртке бөліп бұтарлап өлтірем! Дүнійенің төрт бұрышында да саған орын жоқ. Бұдан былай қазақ жеріне басып кірген қалмақтың бәрін өстіп төртке боршалап жазалаймын. Апарыңдар! Анау тұрған төрт талды ійіп, айақ-қолын соған байлап, жібере салыңдар! Адам үшін ең үлкен ұстаз – өлім. Өмірден ештеме үйрене алмағандар өлімнен үрейленіп үйренеді. Талайдың өлімі талайды үйрететін тәлім болсын!
Төрт жігіт төрт арқанның ұшын ұстап, Талайды Түргентоғайдың шеткі топ талына қарай дедектетіп сүйрелей жөнелді. Талай қыңқ демеді.
Жәңгір! –деді Есім хан өктем дауыспен. – Бар, бұйрықты орындат!
Есім ханның қатыу қабағы, қойыу қасы қара бұлтша түйіліп, онсыз да ұзын бойы ат үстінде одан ары ұзарып кеткендей көрінді.
* * *
Соғыс атаулының адам баласы әлі келмейтін бір зауалы бар: жеңген жақтан да, жеңілген жақтан да аз ба, көп пе, әйтеуір, адам шығыны болмай тұрмайды. Өліп қалыуы мүмкін екенін біле тұра ешбір еркек ұрыстан бас тарта алмайды. Өйткені «Еркек тоқты – құрбандық» екенін бәрі біледі. Ол – ел-жұртыңды, бала-шағаңды өлсең де қорғап өл деген сөз. Солай екенін біле тұрса да, өліп жатқан Беделді көргенде, Тайман атынан өкіре құлап түсті. Жығыла-сүріне барып бауырын бас салды. «Бір-біріңді көзден таса қылмай соғыс», – деп еді, әкеме сенсіз қалай көрінем?» – деп жылады.
Біреу жыласа, біреу жұбатады. Ең жаманы – жұбатыушың жоқ болса, сол жаман. Ұзақ пен Тайлақ бірі басынан, бірі айағынан ұстап, Беделді жерден көтеріп әкетті…
* * *
…Орданың төрінде Есім хан өзі ғана отырған.
Талайды бұтарлап өлтіргеннен кейін көпке дейін өзіне өзі келе алмады. Кегі қайтқанмен, тым ыза бійлеп кеткен жоқ па деген күдігі мен «жауды айаған – жаралы» деген сенімі тайталас болды. Есіне Алатау батырдың бір сөзі түсті. «Жаудың аты – жау. Ол ешқашан дос болмайды, доспын дегенмен, осал кезіңді күтіп, үнемі аңдыйды да жүреді. Сондықтан оны «бар» деп санатқа қосқанша, «жоқ» деп ана жаққа жібере салған жақсы», – деп еді. Шыңғыс бабасы да осындай ойды Жошы баласына айтқан. «Біздей аз халыққа жауымыздың жер үстінде жүргенінен гөрі жер астында жатқаны жақсы», – депті жарықтық. Алатаудың сөзі де тұп-тұура сол.
Айта да білетін, атқара да білетін батыр еді Алатау. Кіші ауылдың адамдарын қайта-қайта шауып, қайта-қайта тонап маза бермеген соң, қол жыйнап, Қарасай батырды солай аттандырған. Оған жолдан Жійембет батыр өз қолымен қосылыпты. Үш айға жұуық соғысып, қалмақты енді жұуық арада бет қаратпайтындай қылып қайтқан. Қайран Алатау сол ұрыста шейіт болды. Жатқан жері жайлы болсын!
Сол ұрыста Сарбұқа батырдың құлағын қылыш кесіп, шұнақ болып қайт-қан. «Бір басқа бір құлақ жетеді. Бастан құлақ садаға. Басым аман болса, әлі талай қалмақтың басын шауып, құлағымның кегін қайтарармын», – деп оралған. Одан бері де біраз жылдың жүзі болыпты. Әлі соғыс, бітпейтін соғыс. Ел болып еңсе көтеріуге мезет жоқ.
Кенет Есім хан есінен танып қала жаздады. Қабырғасының асты найза сұққандай шаншып кетті. Ыңыранып барып жастыққа жантайды.
* * *
Беделдің өлімі Ахайды мүлдем сансыратты. Ойы божырап, айтпақ сөзі аузына түспей, өзіне өзі ійе бола алмай қалды. Өлетінін біле тұрып бұл адамдар неге бір-бірімен соғысады? Өлмеуге емес, өлсе де жеңіуге тырысады. Өлген еркектің жесірін тірі қалған тұуысы алады, жетімін асырайды, жетілдіреді. Сонымен өмірді жалғастырады. Бірақ өлгеннің жан дүнійесі бір басқа, тірінікі бір басқа екенін ешкім ескермейді. Сірә, солай екенін білсе де, өзгертіуге шамасы жетпейді. Әлі келмейтінге әлек болғанша, оларға, бәлкім, бәріне көне салған оңай. Оңай деп, қолайлы деп, бірін мойындап, басқасын ойлап бастарын қатырғылары келмейді. Адаммен бірге адамның ақылы да өледі. Бірақ басқаның тіршілігі, басқаның ақылы өмірді ары қарай жалғастыра береді. Алайда Беделдің ақылы мен басқаның ақылы бірдей ме? Оның ақылын кім жалғастырады? Қандай алдамшы дүнійе? Беделмен бірге оның ақылы да, мейірі де өлгенін, дәл ондай ақыл, ондай мейір енді ешкімде болмайтынын кім ескеріп жатыр? Үйінің төрінде ойға батып отырған Ахай әлдебір ашшы дауыстан селк ете қалды. Артынша дауысты да таныды: Беделдің келіншегі. «Менің байымды қалмақ өлтірсе, қалмақтың қатынын мен өлтірем» – дейді. Ол өлтірмек қалмақтың қатыны өзі екенін түсініп, орнынан ұшып түрегелді. Бірақ қалай қорғанарын, қалай қамданарын білмеді.
Мұны неге өлтіреді? Жазығы не?
– Осы қырғынның бәрі осы үшін. Сол үшін! – дейді келіншек.
– Аха! Қаш! Қаш! – деген Назағаның даусын құлағы шалды.
Есіктен атылып кірген келіншек әй-шәй жоқ кеңірдегінен шап берді. Ахай шатқайақтап барып шалқасынан түсті. Келіншек кеудесіне қарғып мінді. Қос қолдап қылғындырып, аузына келгенін айтып боқтап та жатыр. Жұлқыныуға да, бұлқыныуға да шамасын келтірмеді. Адамның жаны кеңірдектен кіріп, кеңірдектен шығатынын кеш түсінген тәрізді: тырп ете алмай тұншығып бара жатты. Алыстан талып естілген дауыс Назағанікі ме, Ортақтікі ме, ажырата алмады. Көзі көріуден, құлағы естіуден қалды. Өліу дегенің тек тыныштық екен.
– Аха!
Ар жақтан шақырған дауыс па, бер жақтан арашалаған дауыс па, ажырата алмады. Тылсым тыныштық тұңғыйығына тартып бара жатты.
Ыза
Басы бірікпеген қалың қалмақты бір кезде екіге бөліп, бірін Батырдың әкесі Қарақал бійлесе, бірін Өшерті Сесеннің әкесі Байбағыс бійлеген. Талайды қазақтар төрт бөліп өлтіргеннен соң, көп кешікпей Байбағыс дүнійе салды. Оның қазасын Батыр қонтайшы ақылмен пайдаланды. Кісінің сыйластығы мен қыймастығы бір құуаныш пен бір қайғыда көрінеді. Қазалы Сесеннің қасынан шықпай, жанашырлық танытты. Оның бес жасар ұлы Ғалдаманы атына мінгізіп, ары-бері жайау жетектеп, кәдімгідей кішіпейілдік танытты. «Сенің атаң мен менің әкем бүкіл қалмақты бірігіп бійлеген. Атаңа тартып сен де батыр боласың. Қол-айағың да, басың мен мойның да – бәрі батырға ылайық. Қалмақтың бағын ашатын батыр дәл сендей болады», – деп тастады. Одан әкесі тіріліп кете қоймаса да, әкесіне көрсеткен құрметі деп түсінген Сесен қонтайшыға өте рыйза еді. Қонтайшының көкейіндегі ендігі ойы – бүкіл қалмақтың басын қосып құрылтай өткізіу. Алдымен хат таныйтын Байбағыстың асырап алған баласы Зая Пандыйтаның ақыл-ойын бір барлап алғанды дұрыс шығар деп шешті.
Күштің бірлікте екенін бәрі біледі, бірақ қалай бірігіуді бәрі біле бермейді. Ол – Батыр қонтайшының да басын қатырып келе жатқан арман. Сол арманға қол жеткізіу үшін, ары ойлап, бері ойлап, біраз әрекет жасауға бел бұуды. Інісі Шоқырды шақырып алды.
– Сен, осы, жасырмай шыныңды айтшы, орыстар жайлы ойың қалай?
– Е, немене, орыстар түсіңе кіріп шықты ма? Оның не жасыратыны бар, өте үлкен халық, қатты соғысады, мылтығы мен зеңбірегі көп және жазыу жазатын, хат таныйтын халық.
– Оны мен де білем. Бізге қалай қарайды? Соны айт.
– Қалай қараушы еді? Надан ел деп қарайды. Әйткенмен ептеп қорқады, бірақ қатты қорықпайды. Байқауымша, бізді татар, башқұрт, қырғыз, қытайлармен тіл табысып бірігіп кете ме деп қорқатын сыйақты.
– Қысқасы, олармен татыу болған дұрыс қой?
– Әрійне.
– Ендеше, Бахтый елшіге айт, бізге кірпіш үй салып беретін орыстарды тапсын. Ақысын малмен төлейміз.
– Қандай үй салдырмақсың?
– Өзіме сарай салдырам.
– Қайдан?
– Қобық Сауырдан.
– Оны бізге берем дегендеп, Талайдың балалары бірдеңені бықсытып жүр ғой.
– Ійә, ондай уәдем болған. Бірақ Талай айтқанын орындай алмай өліп қалды, мен уәдемді қалай орындаймын?
– Қонтайшы айтқанын айтқанмен, қабағын шытып сәл ойланып қалды.
– Дегенмен сарайды қайдан салдыратынымызды әзірше дабыра қылмайтұра тұр.
– Жарайды.
Сөзі осымен біткен екен деп, қопаң еткен Шоқырға қонтайшы қолын көтеріп ыйшара жасады.
– Асықпа, әлі әңгіме біткен жоқ. Ахайдан не хабар бар?
– Ешқандай сыбыс жоқ. Шынымды айтсам, оны іздестіріуге қолым да тіймей кетті. Қазақтар өлтіріп тастағаннан сау емес.
– Олар оны өлтірмейді, Жәңгір өлтіртпейді. Жөндеп ізде. Оның ішінде балам кеткенін ұмытпа. Қатынның жөні бір басқа, баламның жөні бір басқа.
– Түсіндім.
– Оны түсінсең, тағы мынаны да түсін. Қәзір бізге бүкіл қалмақтың біріккені ауадай қәжет. Күнделен ары қыйсайтады, халхалар оған кері қыйсайтады. Осы екеуінің қайсысына жылы қабақ танытқанымыз дұрыс?
– Халхалар – Күнделенге қарағанда әлдеқайда құуаты көп ел. Қонтайшыларын Алтынхан деп дәріптейді. Бахтый мен Зая Пандыйтаның айтыуларына қарағанда, олар орыспен де, қытаймен де әмпей. Бірақ анда-санда қытайлармен қақтығысып қала береді. Олар өздерін бізбен тең санайды. «Біз мұғалдармыз!» – деп маңғазданады.
– Демек олар Күнделенге қарағанда пайдалырақ, керегірек қой, солай ма?
– Солай.
– Маған тәтті, маған керек бійлік халханың қонтайшысына да керек. Сондықтан әзірше оған соғыс ашпай-ақ татыу-тәтті өмір сүре тұрғанымыз орынды шығар, ә?
– Әрійне
– Ендеше, халхадан маған қатын тап. Елге, жұртқа ықпалды біреудің қызын ыңғайла.
– Жарайды, олойыңызды да түсіндім.
– Ендеше мына ойымды да тыңда: орыс пен қытайға қарағанда өздерін мұғалмыз дейтін халхалардың бізбен тілі де, діні де бір және тап бүйірімізде отыр. Бірақ бұл үшеуі де тап қәзір бізге аса қәуіп тұудыра қоймайды. Бізге ең қәуіптісі – қазақтар. Жүз жылдан астам алысып келе жатқан атажау. Оны әлсіретпесек, біздің түбімізге бәрінен бұрын солар жетеді. Оны әлсіретіу үшін, өзіміз күшейіуіміз керек. Ал күшейіу үшін бірігіу қәжет. Бірігіу үшін бүкіл қалмақтың басын қосатын, бәрін бірауызды қылатын құрылтай өткізейік. Ол үшін алдымен Байбағыш екеуің бір-бірлеп бүкіл тайшымен сөйлесіп шығыңдар. Байғабыс тайшының өкіл баласы Зая Пандыйтамен, Бахтыймен өзің сөйлес, ақылдас. Екеуінің ыңғайын байқа да, маған айт.
Тағы айтары бар ма деп, Шоқыр ағасының бетіне көз қыйығын тастады.
– Жолың болсын! Іске кіріс! – деді ағасы.
* * *
Шоқыр мен Байбағыш бұл жолы ағасының ойынан шықты. Бір жыл ішінде бәрін бітірді: барлық тайшының тілін тапты, алдайтынын алдады, мақтайтынын мақтады, кішірейетініне кішірейді, «Әй, көнбейді-ау!» – деп күткен Күнделеннің өзін бері қаратты. Сөйтіп әуре-сарсаң болып жатқанда Есім хан созылмалы аурыуға ұшырапты деген сыбыс құлағына жетіп, қонтайшыға дүнійе оң қабақ бере бастағандай көрінді. «Өлсе, өлсе екен тезірек!» – деп тіледі. Арланның өзімен алысқаннан гөрі бөлтірігімен арпалысқанды ұтымды санады. Енді Талайдың өлімі мен Есім ханның ауырғанын да пайдаланып бақты.
«Адам деп айамай, қорлап өлтірді, айуандықпен өлтірді. Өстіп қорлана береміз бе? Әлде өзімізді қорғай алатынымызды, кек алыу қолымыздан келетінін көрсеткеніміз дұрыс па?» – дегенінде, құрылтайға қатысып отырған тайшылар мен тамам нойандар орындарынан қарғып тұрып: «Кек аламыз! Аламыз!» – деп шұу ете қалды.Ондай қолдауды күте қоймаған қонтайшы тіпті лепіріп кетті. «Талай тегін адам емес екен, – деді тепсінген жұртқа тосын жаңалық айтып. – Талай тайшының қарғысы тійіп, Есім хан ауырып, өлермен хәлде жатыр екен», – дегенінде, құрылтайдағылар құуанысып, бір-бірін құшақтап, тіпті дүрлігіп кетті. Талайдың ұлы Сожының жыламсырап тұрғанын қонтайшы анық байқады.
Жалпықалмақ жыйынын өткізген соң Батырдың көңілі біраз жайланғандай болды. Бірігейік дегеніне ешкім ашық қарсы шықпады, айтқанына көнді, дегеніне жүрді. Тек Күнделен тайшы ғана: – «Бірігейік, бірақ көрші отырған қазаққа көрінген нәрсені сылтауратып тійісе бергенді қойайық», – дегенді ескертті. Ол өзі Есім ханмен ежелден татыу, екеуі дос. Сондықтан оның ойлағаны – өз қамы. Ең бастысы: өзге тайшының бәрі өзін қолдайтынына көзі жетті. Еділ бойына кеткен қалмақтар да дүбірге қосылды. Бұл – үлкен жеңіс. Жынына тійе берсе, қазақтармен қосып Күнделеннің өзін де бір күні жәукемдей салады.
Елдің алды қыстауға көше бастаған сұуық күзде көптен бері төсек тартып жатқан Есім хан қаза болыпты деген хабар құлағына тійгенде, Батыр қонтайшы бағым жанды деп құуанды. Бақталас заманның бағамы солай: «біреу өлмей, біреу күн көрмейді», қазақтың қайғысы – қалмақтың құуанышы. «Талайды талға байлап өлтіргені үшін қарғысқа ұшырапты» дегенді қонтайшы тағы айтты. Ол сөзінің көп ұзамай Талайдың ұлы Сожының құлағына жететінін біліп айтты. Ол да елді біріктіретін әдіс.
Қыс ішінде қонтайшыға інісі Шоқыр тағы бір жаңалықты жеткізді. Ұзақ батырдың қатыны қырғыз Бұурайке дегеннің қызы екен. Ал Табай, Көтен деген батырлар Бұурайкенің жақын тұуыстары, ал Түргентоғайда қаза болғанның бірі Бұурайкенің бір баласы екен. Жәңгірдің қамақта қай жерде, қандай жағдайда жатқанын Қарасайға біліп берген де сол Бұурайке мен балалары болып шықты. Қазақтардың ішінен іздеп әуре болсын деп, Ахай тоқалды да солар тығып ұстап отыр екен.
Енді баласы Түргентоғайда өлген соң, Бұурайке содан өшін алып жүрмесе, Ахай әзірше өлмепті де, әлі ешкімге тіймепті де.
Жауы анықталған соң, Батырды ыза бұулықтырды. Қырғыз бен қазақты тапап, жайпап өтетін, бұдан былай бас көтерместей қылатын жойқын күш жыйнауым қажет деп тепсінді. Өйткені өмірі бітпейтін ійтжығыс тіршілік тіршілік емес: біресе жеңесің, біресе жеңілесің; келесіде қайтер екем деп күтіп, күпті боласың да жүресің. Қырғыз бен қазақты қосақтап қойып қырмаса, қалмаққа олардан тыныштық та жоқ, қонтайшының ызасы да басылмайды.
Кең маңдайын бір сыйпап, кемел ойға жетектеген басын екі сыйпап, кең-мол денесін ықшам көтеріп, Батыр есік алдына шықты. Көп ұзамай қалмақтың ұлы көсемі болатынын болжап, рақаттана бір жымыйды. Оның ойынша, бійлік дегенің – бір бәле: қатыныңнан да, тіпті балаңнан да тәтті. «Осым дұрыс болады-ау!» – деп, біліп те, сеніп те тұрасың, бірақ бійлігің болмаса, ол ойыңды қалай орындайсың? Бійлігі болмаса, мына қалың қалмақтың басын біріктіре алар ма еді?
Батырдың бұл жолы ойға алған мақсаты біреу-ақ: қырғыз бен қазақтың үнін біржолата өшіріу. Сөйтсе ғана қалмақтың бағы ашылады.
«Біздің басты күшіміз – бірігіу!» деген ұранмен қазаққа қарсы шешіуші шайқасқа шығады. Сөйтіудің сәті де келіп тұр: қазақтың қәзір ханы жоқ, қырғыздың хәлі жоқ. Осы түсіндіріп айтқанында, ойын ұққан тайшылар: «Айтқан күніңде айтқан жеріңе жыйналамыз! Атқа мініуге жарайтындарды түгел әкелеміз!» – десті. «Бірігіу деген – осы!» – деп масайрады қонтайшы. Енді тек осы бірігіудің жемісін жейді.
* * *
Ахайдан айырылғалы алты жылдың жүзі болыпты. Халықты қәйтсем аузыма қаратам деп жүріп, соншама уақыт өткенін тіпті ескермепті. Енді кезегі келген сыйақты.
Шоқырды шақырып алып ақылдасты.
– Көктемге дейін еліу-алпыс мың қол жыйнай аламыз ба? – деді төтесінен.
Шоқыр ағасының бетіне ажырайа қарады. Ахайдың қайда екенін анықтағалы бері ағасының әбігерленіп жүргенін сезетін.
– Қырғызға қарсы соншама қолдың қәжеті қанша?
Қонтайшы қабағын шытты: ұнатпады. Өкпелеп қалған адамша үндемей ұзақ отырды. Тіпті қасында Шоқыр отырғанын ұмытып кеткен секілді. Бір кезде қатқыл жөткірінді.
– Қырғызды шауып алыудың қыйын емесін мен де білем, – деді Шоқырдың бетіне жекій қарап. – Қырғызға тійіссең, оған қазақтың кійлігетінін де білем. Ондай бауырлық бізде жоқ. Бізде бақталас көп. Сондықтан қырғызды шапсақ, қазақты қоса шабамыз. Тоқпаққа дейін қазақты қырып бармағанда, аспанмен ұшып барамыз ба? Қазақ сонда өзі-ақ келіп тұзағымызға түседі: қырғызды шапқанымызды білген соң, көрген соң, көмек жібереді. Көмек ешқашан көп болмайды. Былайша айтқанда, барлық әскерін жібермейді, аз ғана бөлігін жұмсайды. Біз оны қырғыздармен қосып қырып салсақ, айналып келгенде, қазақтың да қолы азайады. Қазақ қазақ болғалы Есім ханның ағасы Тәуекел хан ғана жүз мың әскер жыйнай алған. «Тәуекел жүз мың қолмен Тәшкенді қазаққа қаратып алды», – деп әкем айтып отыратын. Ал менің білетінім: байағыда Есім хан Қара Ертістің бойында Талай тайшыны отыз мың қолмен талқандаған. Соның бәрін ой таразылап қарасам, дәл қәзір қазақ пен қырғыз біріккенде де отыз мың, қырық мың қол ғана жыйнай алады. Оны еркін жеңіу үшін, біз еліу мың қолдан кем әскер жыйнамауымыз керек. Және оларды бөлшектеп қырыу үшін, алдымен қазақты емес, қырғызды шабыуымыз керек. Сонда қазақ пен қырғыздың жарты әскерін қырғыз жерінде, жарты әскерін қазақ жерінде екі бөліп быт-шыт қыламыз. Солай емес пе?
– Ол ойың дұрыс екен.
– Оның үстіне қатынымды осыншама уақыт жасырып келген қырғыздан кек қайтарыуым да керек қой. Жазаланбаған жау кеудесін көтеріп жүреді, ал жазаланған жау алдыңа еңкейіп кіреді. Сондықтан еліу-алпыс мың қол жыйнау деген сөз – жауды дүдәмәлсіз жеңіу деген сөз. Ал сен қалай ойлайсың?
– Дұрыс. Мен де солай ойлаймын.
– Ендеше тайшылармен тез арада сөйлесіп шық. Көнбегенін маған айт!
– Құп!
– Бір нәрсе есіңде болсын. Ахай маған жүкті екенін айтқан. Шамалауымша, аман-есен болса, балам алтыға келіуі керек. Оны жау қолынан құтқарыу – менің әкелік борышым болса, сенің бауырлық борышың. Әлде олай емес пе?
– Тұп-тұура солай.
– Ендеше қәзірден бастап қол жыйнауға кіріс.
Ұрыс-керісті де, ақыл айтыу мен ашыу шақырыуды да, кейде күш көрсетіу мен кейде құулық істеуді де бір кісідей білетін Шоқыр ағасының айтқанын айнытпай орындады.
Тек байағы Күнделен тағы кібіртіктеді. «Есім екеуміз ертеде дос болып едік. Жәңгір менің өкіл баламдай, оған қалай қарсы барам?» – депті. Дей берсін, қазақты құртса, ұзамай оны да құртады. Қобық Сауырға орыстардың сарай салып жатқанын көріп, Талайдың Сожы бастаған балалары да бүлік шығарыпты. «Әкеміз қонтайшы үшін жанын қыйды, ал қонтайшы оған берген уәдесін бұзды», – депті.
Қәзір оларды дереу жазаласа, ел іші дүрлігіп кетіуі мүмкін. Неде болса қазақ пен қырғызды бағындырып келген соң, екеуінің де жазасын берер әлі. Көтіне қарамайды екен-ау адам?! Қарсыласатындай, қонтайшыны бұлар кім деп ойлап жүр екен. Көздеріне көк шыбын үймелетер әлі! Күш қосып, құуатын арттыра ма десе, қай-қайдағыны сылтауратып, ызасын келтіреді.
* * *
Еліу мың қол жыйнаған қонтайшы қой жылының көкек айында қазақ жеріне басып кірді. Алдымен Хантәңірінің төңірегін жайлап отырған албан тайпасын тұтқыйыл шапты. Қалмақтан қәуіп барын біліп, сақ отырса да, мұншама мол қолға олардың қылатын қайласы жоқ еді. Атқа мінген аз ғана топ қаша соғысып жүріп-ақ қырылды. Тағы бір топ Іленің оң жағалауына өтіп, сұуан бауырларын сағалады. Қалмақтың көптігі сондай, Қарқара мен Құулық тауының арасы шеріу тартқан қалмаққа толып кетті. Топансұудай тапап келе жатқан жауға қарсы шықпақ тұрмақ, ел есін де жыйа алмай қалды.
Албандардың қарсылық көрсете алмағанын көріп, қонтайшының көңілі жайлана түсті: демек бұл шабұуылға дер кезінде шыққан, қазақта қарсыласар дәрмен жоқ. Ханы өлгелі үшінші жылға айналса да, жаңа ханын сайлай алмай отырғаны бекер емес: араларын алауыздық жайлаған.
Қарқара жайлауын көріп, кеңдігі мен көркіне қызыққан қонтайшы осы араға аз күн айалдағысы келді. Қазақтардың жұуық арада қол жыйнай қойатын жағдайы жоғына көзі жетіп, «Айалдаңдар!» – деп аузын аша бергенде, көз ұшынан жалғыз атты біреу, жер астынан шыға келгендей, шошаң ете қалды. Шошайған найзасы мен асынған садағына қарағанда, жай адам емес, жауынгер. Ұйқтап қалып, дүбірден ойанып кеткен неме секілді. Қалың қолды көріп, тұра қашатын шығар деген. Әлгі неме керісінше әй-шәй жоқ бұларға қарсы шапты. Не соңында, не жанында ілескен ешкім жоқ, жалғыз өзі құйындатып келеді. Қонтайшы да, еліу мың қол да тым-тырыс, аң-таң. Жынды ма әлде жын ба?
Екі жүз қадамдай жерге дейін шауып келіп, кілт тоқтады. Жап-жас жігіт. Дұулығасы басында, қылышы белінде, алдын ала дайындалғаны көрініп тұр. Демек жынды да емес, жын да емес, есі дұрыс қазақ.
– Ей, ійт қалмақ! – деді найзасын көкке шаншып. Дауысында діріл жоқ, зіл бар. – Мен Шыңғыс ханның ұрпағы Шапақ деген қазақпын. Ійесіз ел, ійесіз жер бар деппеңдер, қайда қонтайшыларың? Шықсын жекпе-жекке!
Жекпе-жек! Жекпе-жек!
Батырдың қаны басына тепті: мына қазақ кімді басынады?
– Шап ана ійттің басын! – деді інісіне ақырып.
Жалғыз аттыға қарсы Шоқыр шоқыта жөнелді.
– Әй, ақымақ қазақ! – деді найзасын кезеп. – Дайындал өліуге.
Қазақ кідірмей қарсы шапты. Шақ етіп найзаға найза соғылды. Қазақтың шабдар аты қалмақтың күреңіне қарағанда, қораштау көрінді. Оны қонтайшының көзі бірден шалды. Шоқырдың жеңетініне сенді: аты мықты батыр – жеңетін батыр.
Қазақ қайта бұрылғанда, Шоқыр оған жақындап та қалған. Оның оң жағына шығыу үшін, тізгінін тарта берген қазақты оң бүйірден бір түйреп өтті. Қайта қайырылып шапқанда, қазақтың оң ыйығы қыйсайып қалғанын тағы байқады. Шоқыр ышқына ұрғанда, қазақтың найзасы қолынан ұшып кетті. Жандәрмен қылышын сұуырып үлгерді. Шоқырдың найзасын қақ бөлмек болып сілтеп еді, оған қауқары жетпеді, Шоқырдың найзасы кеудесіне келіп қадалды. Қырш еткен дыбыс қонтайшының айызын қандырды. Інісі алда тұрған ұлы жеңісінің шымылдығын ашты.
Қазақ пен қырғыз, оның ойынша, бұдан былай бұған бақталас емес, біржола бодан болады. Қырады, қырылғаннан қалғаны құлы болады. Бұл жолы Батыр бұл арадан кетпей, жеңілген елдің желкесіне мініп отырады, қаратып алған жеріне қалмақтарын қоныстандырады. Ұлын құл, қызын күң қылады. Он-он бес жыл өткенде құл боп жүрген қазақтар да қалмаққа айналады. Сөйтіп қалмақ құл есебінен де көбейеді.
Сұлап жатқан қазақтың қасына келіп, қонтайшы оның бетіне үңіле қарады. Әлі жаны шықпай, ыңырсып жатыр екен. Көзі жұмұулы, қабағы түйіулі, қылышы әлі қолынан шықпапты. Қарғып тұрып қарсы шабатындай. Өлетінін білмеді ме екен бейшара? Әлде қазақтар өліудің өзін ерлік санай ма?
Бір қазақтың өліміне бола бүкіл қолы ойға шомып қалғандай көрінді. Қарқарада біраз аунап-құунағысы келген қонтайшы ол ойынан айнып, ертесі-ақ ілгері жүріп кетті. Жалғыз атты жауынгер көңіл күйіне кәдімгідей кірбің түсірді.
Саты жайлауында біраз айалдады. Қазақтардан еш қарсылық көрмеген соң, тайраңдап-сайраңдап, әбден есірді. Таңдап-таңдап, еті тірі жігіттерді түгелдей тұтқындап алды. Онысы Шоқырға ұнамады.
– Ол тұтқындар өзімізге қолбайлау болады ғой. Әуелі қырғыздарды қаратып алайық та, – деді.
Қонтайшы басын шайқады.
– Қолбайлау болса, бола берсін. Біз қырғыздарды шабыуға кеткенде, бұлар артымыздан қол жыйнап қарсы шығыуы мүмкін, –деді інісіне өзінің сақтана білетінін де аңғартып. Әлденені айта алмай, Шоқырдың қыйпақтап отырғанын байқап қалды. – Тағы нең бар? Жасырмай айт! – деді даусын жұмсартып.
– Барар жерімізді байқап қайтайын деп, кеше нөкерлеріммен Талғар деген тауға дейін барып қайттым. Қабыш деген қазақтың осы күзде ұзатқалы отырған қызы бар екен. Ай десе аузы; күн десе көзі бар, ойпырмай, әдемісі-ай!» – деді Шоқыр ағасының бетінен көз алмай. Ағасы сыр бермей сазарып тыңдады.
– Жігіттердің бәрі қызықты, – деп еді, қасын қағып-қағып жіберді.
– Маған алып кел оны! – деді шорткесіп.
Әке-шешесін жылатып, екі ағасын екі жаққа сұлатып, Шоқыр оны ертесі-ақ тартып әкелді. Қыздың сұлулығын көргенде, қонтайшының тілі байланып қала жаздады. Әрі жылап, әрі шошыған көзі шарасынан шыға жаздап тұрған қыз атып келе жатқан таңдай айрықша әдемі еді. Сұу мүжіген көлдің тасындай жұмыр ійегі дірілдеп, жұтынған тамағы жел құуған жұқа толқындай үлпілдейді. Таңданғанынан, қонтайшы құлап қалар ма екем деп қорқты.
Тағаты кеткен Батыр: «Сыртқа шық! Айналаны өзің бақыла!» – деді Шоқырға.
Соққыдан есін жыйған екі ағасы да сол кез үй қасына жеткен. Апалаған, ағалаған айанышты дауысты естіп, екеуі де Шоқырдың жігіттерімен жағаласа кетті. Қамшыдан басқа қарыуы жоқ екеу босағаға да жете алмай жер қапты: жабыла кеткен қалмақтар айақ-қолын байлап аулаққа алды да кетті.
Қонтайшы өлгенде көретін жұмақты тіршілігінде көрді. Аппақ дененің арбауында есінен айырылған адамша қайта-қайта аймалай берді, аймалай берді. Күн арқан бойы көтерілгенше төсегінен тұрмады. Қызға көрпесін ашып та қарады, жауып та қарады. Көзі тоймады. Қап-қара қос өрім шаш аппақ төсінен тайғанап, біресе төмен сырғыйды, біресе мойынға қарай жылжыйды. Өртейді, күйдіреді, бәрін ұмыттырады. Далада, сыртта өмір жоқтай өзеуретеді. Өзге өмірдің жоқ екеніне, бар болса, өмір дейтіндей өмір емес екеніне қонтайшының көзі қәзір жеткендей.
– Алтыным! – деді аһ ұрып. – Атың кім? Қыз айтпады.
– Атың кім? – деді қайталап. Тағы айтпады. Тағы сұрады ентігіп. – Атың кім? Айтқаныңның бәрін орындайын, атыңды айтшы! Жаным!
– Ұмсын.
– Ол не деген сөз?
– «Ұмтыл, жет!» деген сөз.
– Жақсы екен. Ұмтылдым. Жеттім, енді не бұйырасың?
– Үйіме жібер!
– Жоқ! Жібере алмаймын.
– Жаңа ғана: «Айтқаныңның бәрін орындаймын», – дегенсің.
– Дегем. Өліп-өшіп жақсы көріп жатқанда еркек не демейді?
– Қазақтың ханы екі сөйлемейді. Екі сөйлегенді өлім санайды.
– Мен қазақтың ханы емеспін. Қалмақтың қонтайшысымын. Біз қатынның айтқанын істемейміз, қатынға айтқанымызды істетеміз.
– Мен сенің қатының емеспін.
– Қатыным болмағанда нең қалды? Түнімен қойнымда жаттың.
– Тәнім жатқанмен, жаным жатқан жоқ.
– Қатынның жаны – тәні. Тәні кімдікі болса, жаны да сонікі.
Ұмсын үндемеді. Қонтайшы тағы құшағына тартты.
– Сен менің ең сүйікті қатыным боласың.
– Қанша қатының бар?
Қонтайшы естімеген адамша ентелей берді.
– Қанша қатының бар? – деді Ұмсын қайталап.
– Сен тоғызыншысың.
Өтірік айтты. Ұмсын ышқына шошып үстінен қонтайшыны аударып тастады.
– Сонша қатынның саған не керегі бар? Қатының болмаймын, мені үйіме жібер!
– Қызықсың, боларың болды, бойауың сіңді, қыз емес, қатынсың. Сенің қасымда түнеп шыққаныңды бәрі естіп алды, соларға күлкі болмақсың ба? Енді сені дәл мендей ешкім жақсы көре алмайды, ақымақ болма! Қәзір әке-шешеңе адам жіберем, айтқандарының бәрін орындаймын, сені алам.
Адам арын сақтау үшін өледі, арын сақтау үшін өмір сүреді. Алайда жан сақтау үшін кейде ары төгіледі. Өмірді өйтіп сақтамасқа ылажы болмайды. Ұмсынды қонтайшы сондай жағдайға жеткізді.
Ар-ұйатыңды күштіден қорғаудың екі-ақ жолы бар: не қолында өліу, не қорлығына көніу. Қазақ ауылы екеуін де бастан кешті, өлгендер өлді, өлемегендер төзді. Кешкісін алып кеткен қыз бен келіншекті қалмақтар тәңертең есігінің алдына әкеліп домалата салады. Жердің кіріп кететін тесігін таба алмаған соң, тезекқапша теңкійіп жата бермей, тірі пенде айақ-қолын жыйнап, үйіне кіріп жасырынады. Еркек жанын қыйып өлсе, әйел арын төгіп тірі өледі.
Соғыстың сан түрлі қыйындығының бір түрі – жауды асырау. Жау – жұттың ең ауыры: малыңды айдап әкетеді, азығыңды аузыңнан жырып әкетеді. Қорғансаң, қылыштан өлесің; қорғанбасаң, намыстан өлесің. Қайда барсаң да Қорқыттың көрі. Күштіге әлі жетпеген ел тек кек сақтайды. Ал кек – болашақ соғыс пен өзара жауласыудың басты себебі.
Ұмсынды өліп-өшіп ұнатқан қонтайшы үйден ұзап шықпайтын, шықса үйге оралып кіре беретін үйкүшікке айналды. Оның бұл қылығынан өзгеден бұрын өз інісі Шоқыр шошыды. Үш күн айалдайық деген қонтайшы Сатыда жұртты сарғайтып жарты ай жатты. Айта алмай, бата алмай жүріп, ақыры Шоқыр шыдамады. Ұмсын қалмақшаны ұқпайтындықтан, екеуі еркін сөйлесті.
– Жұрттың шыдамы таусылып, қырғыз бен қазақ қамданып қойатын болды деп, қәуіптеніп жатыр, – деді Шоқыр ағасын ашыуландырып алмауға тырысып.
– Ійә, – деп, ағасы мойындай кетті. – Жолға дайындалайық. Айтқаным есіңде ме, қазақты қыра бергенше, тұтқынға ала бер. Олардың өлгенінен қалмақ көбеймейді. Ал көбеймесе, қалмақ күшеймейді. Қатынға бала таптырыудан басқа да көбейіудің жолын ойлайық. Айдап апарған қырыуар тұтқынды әр тайшыға бөліп берсем, ол өзінің бійлігіндегілерге тағы таратып берсе, он-он бес жылдың ішінде қазағы қайсы, қалмағы қайсы екенін ажырата алмай қалмаймыз ба? Сондықтан мүмкіндігінше жігіттері мен жас балаларды тұтқындай бер. Басқа жетпесе де арқан жетеді, қашып кетпейтіндей тұсап таста.
– Оны орындаймыз. Мына қасыңда отырғанды қәйтесің? Қасыңда қала бере ме, апарып тастайын ба?
– Қала береді. Қатынымды қайда апарып тастайсың?
Шоқыр жым болды. Түсінді.
…Батыр қонтайшыға қазақтың Асы жайлауы да ұнады. Кең, малға да, адамға да қолайлы жер. Сол жағы қарағайлы тау, оң жағы шалғынды тау, ауасы салқын, сұуы таза. Қонтайшы өзін мұншалық марқайтқан кезеңді бұрын-соңды басынан кешкен емес. Әлем төңкеріліп астына түскендей. Жер мен көктің бійлігі бір өзінің қолында: ійек қақса болды, бәрі орындалып жатыр: алып кел дегенін алып келеді, өлтіріп кел дегенін өлтіріп келеді, ой мен қырда қыбырлап жүрген бүкіл жан-жаныуардың тағдырын бір өзі шешеді. Әкесі Қарақал да мұндай бақытты басынан кешкен емес. Тіпті бұлай өмір сүріуге болатыны ойына да келмеген шығар? Есі барлар мұнымен ерегесіп жауы болғанша, жөнге келісіп жақыны болмай ма? Әлі жетпей қырылғанша, жанын сақтап тірі қалмай ма? Адамның жанынан қымбат не бар бұл дүнійеде? Соны да білмейтін бұл сорлыларды қырып салғаннан басқа сауап та жоқ секілді. Күшті екеніңді біліп тұр, көп екеніңді көріп тұр, шамасы келмесе де шайқасқысы келеді.
Әнебір әумесер қазақты қара. Қарқараның бүкіл жазығына бір өзі ійе немедей, еліу мың қолға жалғыз өзі қарсы шапты. Аман қалмайтынын біліп тұрып сөйтеді. Ақыры не болды? Айдалада өлді де қалды. Оның қалай өлгенін, қайда өлгенін көріп тұрған бір қазақ жоқ. Сонда не үшін өлді? «Бір өзі қалың жау-ға қарсы шапқан жынды еді-ау!» – дейтін де бір күуәсі жоқ. Не деген ақымақ өлім?
Қазақтың кең жайлауын көсілте таптаған қонтайшы қай-қайдағы сан салалы ойға кетті. Ойға сап қараса, артыңда атағың қалса, ол да өміріңнің өзінше бір жалғасы.
Осы жолы қазақ пен қырғыздай атажауын біржола бағындырып берсе, мұны қалмақтар қалай ұмытады? Ұмытқысы келсе де ұмыта алмайды. Мұны ұмыта алмайтын сол қалмақты сақтап қалыу – мұның ең басты міндеті. Өйткені жер бетінде қалмақ барда, бұл олардың есінде қалады. Сол үшін, әрійне, өлген-тірілгеніңе қарамай соғысыуға болады. Ал әлгі әумесер қазақ… Ойпырмай, сол әумесер есінен неге шықпай қойды?
Асыда айалдап жатып қызыққа батқан қонтайшы қыдырып барып Талғар шоқысын көргенде, тіпті таң қалды. Қандай көрікті жер! Талғар шыңы ешкімге бас ійгісі келмейтін тап Батыр қонтайшының егізіндей! Кеудесі асқақ, бітімі тәкәппар, көк аспанның өзімен ғана сөйлесетіндей оқшау. Түбіне көз жетпестей құз терең шатқалы қандай?! Басыңды айналдырады.
– Шоқыр, ертең аңға шығайық! – деді қонтайшы екі ыйығын қомдап. – Жол білетін бір қазақты тап! Ұмсынға да ат әзірле!
Қонтайшының ойынша, аңшылық адамға өлтіріуді үйретеді. Оған еркек атаулының көбі құмар. Құмар еместер – қарыу ұстай алмайтындар мен қарыу ұстағысы келмейтіндер. Қарыу ұстай алмайтын еркек өзін де, елін де қорғай алмайды.
Ертесінде қонтайшы бір кісідей мерген екенін ә дегенде-ақ дәлелдеді. Осы араның әйгілі аңшысы Жұмағазы деген жігіт топ арқардың өкпе тұсына бастап әкелгені де сол еді, сезіп қалған сақ жаныуарлар сатыр-күтір үрке жөнелді. Қорамсағына қол салып үлгерген қонтайшы садақты ат үстінде тұрып тартты. Құлжаның соңынан дүркірей ілескен қалың арқар қос жартастың қыспағына сыймай, төрт-бесеуі айналма жол іздеп бұрыла бергенде, бір арқар алдыңғы арқардың бөксесіне соғылып, басын кегжійтіп сәл бөгеліп қалды. Зұулаған жебе сол сәтте қылта мойнынан қадалды. Қонтайшы бастаған топ тұра шапты. Ұмсын мен Жұмағазы ғана жон үстінде оңаша қалды.
– Сені мына құзға құлата салсам ба екен? – деді Жұмағазы жек көріп тұрғанын жасыра алмай.
– Не үшін?
– Қалмақтың қойнына жатқаның үшін.
– Шамам жетсе, мен де сені сол құзға құлатып жіберер ем.
– Не үшін?
– Қалмақтың айтқанын істеп, аңға алып шыққаның үшін.
– Енді одан аңды айаймын ба?
– Мен де сен сыйақты айамадым. Шамам жетпеді. Мұсылман болған соң, өзіме өзім қол жұмсап арам өлгім келмеді. Батыр болсаң, қане осы арада өлтіре салшы мені! Өйтсең, қәзір қонтайшы келеді де, сені өлтіреді. Соны білгендіктен, мені өлтіріуге қорқасың. Мені айағандықтан емес, өзіңді айағандықтан. Солай ма? Менің де жағдайым сенікіндей.
Жұмағазы сілейіп тұрды да қалды. Жұмған аузын аша алмады….
Бұурайкені жазалауға аттанған қонтайшы жорыққа емес, сайат-сайранға шыққан адамша Тоқпаққа аспай-саспай мамыр айының айағында жетті. «Қырғыздар менің Ахай тоқалымды тұтқын қылып отыр ма, қатын қылып отыр ма?» деген ойдан қонтайшының жан дүнійесі талай түршіккен. «Қонтайшының тоқалын қатын қылдым», – деу қырғызға мақтан болғанмен, бұған қорлық емес пе? Ондай қырғыздың ойланбастан басын алады. Әйткенмен жеті жыл бойы тоқалын іздеп таппағанына өзін де кінәлі санайды. Ел ішіндегі алауыздықты ауыздықтаймын деп-ақ өмірі өтті. Оны Ахай түсінсе, жақсы. Ұмсынға ауып кеткен көңілі Ахайға енді онша алаңдамайтын да секілді. Кім біледі, ол да әдемі келіншек, әдемі келіншекті көрген кезде көңілі қайта бұзылар.
Қыз-қырқынға қырғыйдай тійіп жатқан батырларын қонтайшы әдейі тыйған жоқ. Мейлі, жауды жасыта берсін деп түйді, ары да төгіледі, мысы да басылады.
Қырғыздар күтпеген қылық көрсетті. Алды-артымызды жыйнап алып, қырғыздарды сонан соң шабайық деп дайындалып жатқандарында, олардан ақ жалау көтерген жаушы жетті. «Бес мәрте жекпе-жекке шығайық», – депті.
Ызаланған қонтайшы ашыуын баса алмай қалшылдап кетті. Бұған олар бұйрық беріп тұрғандай көрінді. Алайда ата-баба салтын бұзыуға болмайтынын да түсінді. Одан қорқақтар ғана қашады. Дәстүр солай.
– Қашан? – деді бұрқ етіп.
– Ертең.
– Дегендері болсын! Жаушылар шыға салысымен Шоқырды қайта шақырып алды.
– Жекпе-жекке шығатын бес батыр дайында! Бесеуі дежеңетін болсын! Қырғыздың қолы қанша екен, білдің бе?
– Он мыңнан азар асады.
– Қалай соғысатынымызды ақылдасайық, Түменбасылар мен мыңбасыларды шақыр!
Х Х Х
Ахай қырғыз ауылының алашапқын әбігерге түскенін көріп, әрі қорықты, әрі сақтанды: Батыр қонтайшы еліу мың қолмен бұларды қалай жазалайды, мұны қалай құтқарады? Бірінен бірі тұуындайтын толып жатқан күдік пен болжам басын қатырды.
Қырғыз бен қалмақтың ертең соғысатыны белгілі болғанда, бүкіл ауыл бұдан теріс айналып кетті. Жеті жыл бойы бірге өткен өмір бір-ақ күнде быт-шыт бұзылды. Ол соғысқа Бұурайкенің өзі де, Назардан басқа балалары да – бәрі кетті. Олардың қайсысы оралады, қайсысы оралмайды? Өз ойынан өзінің зәресі ұшты. Бірақ қанша ойламайын десе де, ойдан құтыла алмады. Өзінің алдағы өмірін ойлады. Соғысқа кеткендердің біреуі өлсе де, бәрібір мұны кінәлейді. Жазалайды. Сөз жоқ, өлтіреді. Өлмеу үшін, осы бастан қашып кетіуі керек. Қалай, қайда қашады? Әрійне, қалмақтарға қашады. Сөйтсе ғана өзі өлсе де, ең болмаса, Ортақты аман сақтап қалады. Қашпасам, өлтіреді деген ой өзге ойлардан үстем түсе берді. Ақыры бекінді.
– Ойбай! – деп, кенет басын ұстай алды. – Қырғыздар мұны өлтірсе, қалмақтар Назағаңды өлтіреді ғой!?
Назаға болмаса, үш жыл бұрын Беделдің қатыны мұны қылғындырып өлтірер еді, мұны ол аман алып қалғанда, бұл оны неге аман алып қалмайды?
Үйден шыға бере Ахай бійебау жақта ойнап жүрген Назар мен Ортақты көрді. Көрді де, үрейі тіпті үдеді. Назардың тағдыры өз қолында тұрғандай сезінді. Бійебау жаққа бұрыла бергенінде Бұурайкенің бәйбішесі үйінен шықты.
– Әй, қайда барасың? – деді әлденеден сезіктенгендей сұрап.
Ахай үндемей бәйбішеге қарай бұрылды. Соны бағып тұрғандай, алдынан Беделдің қатыны қарсы шықты. Екеуі жол ортада жолықты.
– Күң қалмақ, кердең қағып қайда келесің?
– Ода жұмысың болмасын.
– А-а, солай ма? Күш біте қалған екен ғой саған. Есіңде болсын, мен сені бәрібір бүгін-ертең бұуындырып өлтірем.
– Сенің де есіңде болсын, біреуді өлтірген адам өзі де біреуден өледі.
– О, күң қалмақ, сен мені қорқытпақсың ғой тіпті, тұр жолымнан былай! Бір жолға Назар сені қорғап қалды, енді кеңірдегіңе тағы қолым тійсе, тірі жібермеймін!
– Әй, не болды екеуіңе?
Енесінің өктем үні Беделдің қатынына қолма-қол ес жыйғызды: жым болды. Ахай бәйбішеге қарай батыл беттеді. Бәйбіше оған қабағын түйе қарады. Бірақ үйге кіріуіне кедергі болмады.
– Апа! – деді Ахай басын төмен ійіп. – Мен сізге ақыл айтқалы тұрғам жоқ, ақылыңызды тыңдағалы тұрмын. Жеті жыл дәм-тұзыңызды таттым. Сізге де, сіздің әулетке де алғыстан басқа айтарым жоқ. Мен Назағамның тағдырын ойлап, қатты қобалжып жүрмін. Батыр қонтайшы – ашыуы тез, ызақор адам. Назаға маған баламдай болып кетті, Ортаққа ағасындай, соның амандығын ойлап келдім.
– Не айтпақсың?
– Жай бір бөтен балаша кійіндіріп, жылқышы Жолдыбай ағаның қасына қосып жіберейікші! Менің де әлі өлерім де, тірі қаларым да белгісіз ғой, осы өтінішімді орындаңызшы, апа! Өлердегі өтінішім!
Бәйбіше аң-таң, сенерін де, сенбесін де білмей, аңырып біраз отырды.
– Жарайды, – деді сонан соң әлі де Ахайға аңыра қарап. – Сөйтсек, сөйтейік. Бара ғой!
Бәйбішенің «Бара ғойы» Ахайдың жеті жылда одан естіген жалғыз жылы сөзі еді.
Ол күн, ол түн Ахай үшін тозақтан бір кем болмады. Адамның тағдырынан артық бұл дүнійеде ешбір қымбат нәрсе жоқ екеніне көзі жетті. Ортақтың өмірін Назардың өмірінен бөліп қарай алмады. Ортақ өзіне қалай қымбат болса, Назар да Бұурайкенің бәйбішесіне соншалық қымбат екенін жүрегімен сез-ді.
Қырғыз-қазақты қырып-жойып келе жатқан қонтайшыны Ахай айыптай алмады. Қырғыз – қонтайшы үшін жау. Оған неге жауыңды айамадың деп қалай бұл мін тағады? Бұлар да оны айаған жоқ: тұтқын сұлтанды құтқарып қана қоймай, қойнындағы қатынын қоса әкетті.Еліу мың қолды ол не үшін жыйнады? Кек алыу үшін, әрійне. Кеткен кегін ол өзі қайтармаса, ол үшін кім қайтарады?
Өзі бастаған істі өзі айақтау керегін Ахай жақсы түсінді. Назарды жұпыны киіндіріп, керек болып қалар деп, қонышына қынымен кездік салып берді. «Еркекке қарыусыз жүріу жарамайды, еліңді шапқан жау сені де айамайды, сақ жүр. Аман қалсаң, не менімен бірге боласың, не еліңе қайта қосыласың», – деді арқасынан қағып. «Аға, Назағам сізге аманат! – деді Жолдыбай жылқышыға бәрін түсіндіріп. – Қашып шыға алсам, мен де ертең сіздерге қосылам. Назағаңның кім екенін жан адам біліп қоймасын. Өз қасыңызда жасырын ұстаңыз!
* * *
Батыр қонтайшы барынша сақтық сақтауға тырысты. Соғыстың аты – соғыс, он мың қолмен қырғыздардың еліу мыңға қарсы шығыуында құпыйа құулық жатыуы мүмкін. Қазақтардан көмек сұрауы сөзсіз, екі араға дереу қарауыл қойыу қәжет. Қалай болғанда да, бұлардың соғысты жекпе-жектен бастауында бір сыр бар.
Қырғыздар соғысыуға Көгайрық өзені мен сол жақтағы таудың арасын таңдапты. Еліу мың қол бірден лап қойыуға сыймасын деген сыйақты.
Бірінші жекпе-жекке қарагер ат мінген Табай батыры шықты. Атқа отырысы мығым. Мұның батыры – бұрын бір-екі жекпе-жекте жеңіске жеткен Қашақ деген жігіт. Табайдың бір қыбын табар деп үміттенді. Жылдам, айлакер.
Табай тап қасына келе бере атының басын тартып қап, тіке шапшытты. Ондайды күтпегендіктен, Қашау найзасын атқа ма, адамға ма, қайсысына сілтерін білмей, сәл сасып қалды. Табайға керегі де сол болса керек, Қашаудың найзасын астынан көтеріп жіберіп, өзінікін Қашаудың кеңірдегіне сұғып үлгірді. Айналып келіп, аттан құлап бара жатқан Қашауды шоқпарымен көк желкеден тағы соқты. Соғыс сәтсіз басталды. Келісім бойынша, бүгінгі ұрыс бір жекпе-жекпен айақталды.
Екінші күнге екі жекпе-жек белгіленген. Қонтайшының батыры бұл жолы қырғыз батырын қарыу сілтеуге де үлгіртпеді. Шауып келген бетте найзасын дәл қолтықтың астынан сұқты. Келесі жекпе-жекке қалмақтың жас арыстаны Толай шықты. Қарсыласы – Көтен батыр. Әп деп қағысқанда, Толайдың найзасы қақ бөлініп қалды. Ол шауып барып басқа найза алды. Көтен тап бермей, тапжылмай күтіп тұрды. Тағы қағысқанда, Көтеннің найзасы атының айағына ұшып түсті. Толай тап бергенде, Көтен қылышын сұуырып үлгеріп, сілтеген найзаны бел ортадан бір шауып жіберді. Толайдың қолында найзаның тұқылы ғана қалды. Екеуі енді ұзақ қылыштасты. Сүт пісірімдей уақыт өткен сыйақты. Ақыры Көтен айласын асырып кетті. Оң қолымен Толайдың қылышын бір қақты да, атын тебініп, тұу сыртына қарай бір секіріп кетті. Тесіле қарап тұрған Батыр қонтайшы қалай болғанын байқай алмай қалды, қайқы қылыш Толайдың қыр желкесін қыйып түсті. Еңкейіп құлап бара жатқан Толайды атынан Көтен аударып түсірді де, атын жетектей жөнелді. Бұл күн де Батыр қонтайшы үшін құуанышты бола қойған жоқ.
Үшінші күні үш жекпе-жекте де қалмақтар жеңді. Батыр қонтайшы әріден ойлаған құулығын сол кезде жүзеге асырды. Тау айналып келіп, өздерін қалың қол қоршап алғанын қырғыздар кеш байқады.
Табай мен Көтен бастаған қалың жауынгер, жандары қысылғанда, Көгайрық өзеніне ат-матымен қойды да кетті. Сұуға аққаны ағып, сұуға ақпаған жүз қаралысы арғы бетке өліп-талып аман өтті. Қырғыздар қан жоса боп қырылды. Қалғаны қолға түсті.
Қазақтар көмекке келген жоқ. Бәлкім, оған шамалары да болған жоқ. Енді оларға көмекке баратын қырғыз да қалған жоқ. Шоқырдың жобалауынша, тұтқын болған бұрынғы қазақ пен қәзіргі қырғыздың ұзын-ырғасы он мыңдай адам.
Бұурайке тұтқынға тірідей түсті. Бәрібір өлем деп бекінді ме, тілін тартпады.
– Әй, қырғыз, ат мінгізіп, тон кійгізгенде айтқаның қайда? Мені қазаққа неге саттың? – дегенінде:
– Сен – жау, қазақ – бауыр, – деді саспай. Жалынбады, жансауға сұрамады. – Шынын айтқанда, мен сені сатқам жоқ, – деді беті шылп етпей, – қайда отырғаныңды ғана жасырмай айттым. Сол ма сатқаным?
– Айтқаның сатқан емегенде не? – деп, қылышпен басын бір-ақ шапты. Бұдан ықпай тұрғаны ызасын келтірді.
– Әке! – деп, тұра ұмтылған Тайманды Шоқыр ұстап қалды.
Бір асығыстық жасағанын қонтайшы сонда білді. Алдымен көзіне көрсетіп тұрып бүкіл бала-шағасын қырып, соңында ғана Бұурайкенің өзін өлтіріуі керек еді, әттең! Сатқын болғанның азабын сонда тартатын еді, қап! Сол өкінішті есіне салған Тайманның да басын бір-ақ шапты. Ашыуы сонда да тарқамады.
– Бұурайкенің барлық бала-шағасын табыңдар! Бәрінің басын шабыңдар! – деді ақырып. – Шоқыр! Ауылының тас-талқанын шығар! Ешкімді айама! – Шоқырдың қасына келіп сыбыр етті: – Ахай мен баланы аман алып шық!
* * *
Ахай ақыры қаша алмады. Өйткені мініуге ат табылмады. Ауылда ат әкеп беретін еркек те қалмады.
Күн батыуға арқан бойы қалғанда аттың дүбірі алыстан естілді. Ахай Ортақты бауырына басып, жүктің бұрышына тығылды.
Бұурайкенің ауылы – он шақты үй. Ортадағы он екі қанат үй – отағасынікі. Ахайдікі соның іргесінде. Шоқырдың шұулаған тобы шеткі үйлерді әп-сәтте төңкеріп тастады.
«Кім бар? Шық!» – деген Шоқырдың дауысын Ахай жазбай таныды. Ортақты жетектеп есік алдына шықты. Бұурайкенің бәйбішесі де сыртқа шығыпты.
– Ей, қонтайшы! – деді бәйбіше Шоқырды сол екен деп. – Сені халықтың қарғысы атады. Әлемді аузына қаратқан Шыңғыс хан да қатын-қалашпен соғыспаған. Қырса, әскерді қырған. Сенікі – ерлік те, еркектік те емес, қатын ашыу.
– Шап басын! – деді Шоқыр ашыуланып. Ахай тұра ұмтылды.
– Шоқыр! Шаппа! – Қалмақтың сөзі қалмақтарды жалт қаратты. – Бұ кісі – менің де, мына Батыр қонтайшының баласы Ортақтың да апасы. Мен жеті жыл, мына балам Ортақ алты жыл осы кісінің жақсылығын көрдік. Ешкімге тійгізген жоқ, осы кісінің арқасында аш қалмадық, жалаңаш болмадық. Ол – жау емес, біздің апамыз.
Шоқыр жан-жағына, ақыл сұраған адамша, аңтарыла қарады. Қаумалап тұрған қалың әскер тырп етпей тына қалыпты. Қылышын қынабынан сұуырмай, үн-түнсіз бұрылып кетті. Ахай жүгіріп барып бәйбішені бас салды.
– Бекер ара түстің-ау! – деді бәйбіше басын шайқап.– Ел-жұртымның қырылғанын көргенше, өліп-ақ кеткенім жақсы еді. Бекер ара түстің-ау!
* * *
– Шоқыр, Ахайды көрдің бе?
– Көрдім. Бұурайкенің бәйбішесіне ара түсіп өлтіртпеді.
– Неге?
– «Маған да, балама да апа болған адам. Бізге ешқандай жамандық жасағанжоқ», – деді.
– Баланы көрдің бе?
– Көрдім. Өзіңнен аумайды, аузыңнан түсіп қалғандай. Алтыға келіпті, атын Ортақ деп қойыпты. Екеуіне жеке үй беріп, Бұурайке емін-еркін ұстапты.
Батыр біраз уақыт үнсіз отырып қалды. Бірақ Шоқыр ағасының бетінен өкініштің де, сүйсіністің де белгісін байқай алмады. Сол сыр бермеген қалпы бұған қолын сілтеді.
– Екеуін алып келші!
… Ахай кіріп келген бетте бас салмақ болып еді, Батыр құшақтатпай ыйығынан тартып, қасына отырғызды. Ортаққа басынан айағына дейін ұзақ тексере қарады.
– Кел, отыр! – деді оған сол жағынан орын беріп. – Сен шыға тұр, – деді Шоқырға ійек қағып. – Сен қалай қолға түсіп жүрсің? – деді сонан соң Ахайға зілді дауыспен. – Неге айқайламадың?
– Өзің далаға шығып бара жатқанда, мен ойанып кеттім. Ары күттім, бері күттім, келмедің. Бұған не болды, қараңғыда жығылып қалды ма деп, артыңнан шығып едім, өзен жақтан қараң еткен біреуді байқадым. Өзің бе деп, қашпадым. Келді де, аузымды алақанымен баса қойып, көтеріп әкетті.
– Неге сені көтеріп әкеткен қазақ өзі алмады?
– «Қонтайшы мені қыйнаған да, қорлаған да жоқ, оның қатынына да солай қараңдар», – деді Жәңгір. «Бес жыл күтеміз, қонтайшы іздеп таппаса, біреуіміз аламыз», – деп, Бұурайкенің екі баласы мені қазақтардан сұрап әкетті. Бірақ бес жылдан кейін де ешкім маған тійіскен жоқ. Жақсы адамдар екен.
– Онда сен осында жақсы адамдардың қасында қал.
– Бір бәйбішеден басқасы түгел қырылды, кіммен қалам?
– Жаудың жақсы адамы да жау, жаман адамы да жау. Жеңсе, олар да бізді айамайды, сондықтан біз де айамаймыз. Бұлардың жақсы адамы – біздің басты жауымыз. Бізге әскер жұмсайтын сол жақсы адамдары. Бар! Өзім келем.
Қонтайшы беймаза бір күйге түсті. Жеңсе де, жауын жазаласа да көңілі көншімеді. Анық жауы қырғыздар емес, қазақтар екенін сезіп, айызы қанбады. Ендігі мұның негізгі жауы – Жәңгір. Оны оңдырмай жеңіп, масқара қылып жазалауы керек. Бойын кернеген ыза, сірә, сонда ғана басылады. Бірақ оны қалай жеңеді? Қалай масқаралайды? Жекпе-жекке шақыра ма? Жас қой, жеңіп кетіуі мүмкін. Оның көзін қалай құртады? Ертең хан сайланса, оның қас дұшпаны, сөз жоқ, бұл болады. Естіуінше, Есімнің бірнеше қатыны бар, демек Жәңгірден басқа да балалары болыуы тійіс. Осы жолы Жәңгірді масқара қылып жеңсе, ол ешқашан хан бола алмайды. Сондықтан соның көзін құртыуы керек немесе абыройын айрандай төгіуі керек.
Кенет бір ой сап ете қалды. Шоқырды шақырды. Ол тез жетіп келді.
– Сен, осы, Жәңгірдің күш шамасын байқап көрдің бе?
– Алып бара жатқан артықшылы жоқ.
– Сонымен жекпе-жекке шыға аласың ба?
– Неге шықпаймын? Шығам, – деді Шоқыр. – Күші шамалас шығар, бірақ мен айламды асырып кетем.
– Ойланып айт! Опық жеп қалып жүрмейік. Ол да, сен де ақсүйек тұқымысыңдар, ежелгі соғыс салты бойынша, оны жекпе-жекке шақырыуға қақың бар. Ол қазақтың ханы Есімнің ұлы болса, сен қалмақтың тайшысы Қарақұланның ұлысың.
– Шақырам. Хан сайланбай, көңілі пәс болып жүрген де шығар. Алаң көңілді адам алаңдап соғысады.
– Ендеше дайындал! Жәңгірдің көзін құртсақ, бүкіл қазақ ашсақ, алақанымызда; жұмсақ, жұмырығымызда болады.
Батыр қонтайшы бұл жағдайды шешілдіге санап, одан әрі қазақтарды қалай қырып, қалай бағындырарын ойластыра бастады. Олардың қырғыздарға көмек көрсете алмауы –жақсылықтың нышаны, демек өз уайымы өз басынан асып жатыр деген сөз. Олай болса, олар да қырғыздардың кебін кійеді. Қазақ – көп, қырғыз – аз. Алауыздық бәрібір көпті де аз қылады. Хан сайлай алмай отырған қазақ жарытып қол да жыйнай алмас.
…Батыр есіл-дертінің Ұмсынға ауып кеткенін Ахаймен қауышқан соң анық білді. Бір ғана күдігі бар: бұл жақсы көргенмен, жаудың қызы мұны жақсы көре ме? Бірақ жақсы көрсе де, жек көрсе де, қатын бұған не істей алады, қайда барады? Бәрібір құшағында жатады, мейірін қандырады. Бала тұуса, бұған біржола байланады.
Қонтайшының бұрынғыдай өзіне өліп-өшіп тұрмағанын Ахай да байқады. Оның себебін бірден сезді: ана қазақ келіншек. Қонтайшыға келе жатқанында, есігінің алдына ол, сірә, әдейі шығып тұрды. Ол мұны анық көрді, ал бұл оған көз қыйығын ғана тастады. Бірақ жүрегі сұу ете қалды: сұмдық сұлыу екен! Ахай өзінің онымен бәсекелесе алмайтынын бірден білді. Ондай сұлыуды неге сүйесің деп, қонтайшыны тіпті сөге де алмасын сезді. Көніуден басқа амалы жоғын түсінді. Әйткенмен, ақыл-айлаға жүйріктігінің арқасында, бір оңашасын тауып, Ұмсынның өзінен сыр тартып көргенді дұрыс санады. Оның да ұзамай іретін тапты. Бұурайкенің бәйбішесі үйінен шықпай жатып қалған. Соған тамақ апарып кіріп-шығып жүргенде, бір көзі қазақ келіншектің үйі жағында болды.
Түс ауа ол келіншектің үйден шыққанын көрді. Көрді де, қарсы жүрді. Мұның келе жатқанын көріп, ықпай, ол да күтіп тұрды.
– Сіз кім боласыз?
– Қонтайшының сізден кейінгі қатыны болам.
– Қанша болды оған тійгеніңізге?
– «Тій!» – демеді, зорлап қатын қылғанына әлі ай толған жоқ.
– Әке-шешеңіз қайда?
– Олар бауырларыммен бірге, Талғар жақта.
– Оларды сағынбайсыз ба?
– Солардың амандығы үшін, сағынсам да шыдап жүрмін.
Ахайдың бүйрегі бүлк етті: «сағынсам да» дегені келіншектің ішкі сырын әйгі етті.
– Сау болыңыз! Әлі сырласа жатармыз, – деді жауласпақ ойы жоғын аңғартып.
…Қонтайшы Ыстықкөл арқылы кері қайтты. Көлдің жағасында екі аптадай айалдады. Аң аулады, қымыз ішті, қызыққа батты. Абылай тайшы мен күйеу баласы Көшіртіге тұтқындар мен олжа малды қатаң бақылауды тапсырды.
«Барған соң әуелі Шоқыр үшеуің аласың, қалғанын басқаларға бөліп берем, – деді. – Жол-жөнекей қырып алмай, аман-есен жеткізіңдер. Енді олар – біздің адам, біздің мал».
Бір өзеннің жағасында тағы бір апта айалдады. Жайлаудың шалғыны, шалғынның жұпар ійісі көзін де, көңілін де арбап, қыйып кете алмады.
«Енді бұл жер – менікі!» – деді масайрап.
Қырғыздан кегін алды. Қонтайшының ендігі мақсаты – қазақтардан кек қайтарыу. Қарасай да, Ағынтай да, қанша батыр болғанмен, еліу мың қолға қалай қарсы шығады? Шоқыр жекпе-жекте Жәңгірді өлтірсе, бүкіл қазақ мұның боданы болмағанда несі болады?
Бір абай болатын нәрсе – Іледен өтіу. Еліу мың қолды да, он мың тұтқын мен қырыуар малды да арғы бетке аман өткізіу – өте қыйын әрі өте қәуіпті іс. Сол сәтті қазақтар пайдаланып кетіуі кәдік. Бәлкім, тұтқындарды Іленің бергі бетімен-ақ алып кеткендері дұрыс па, кім біледі?
Қонтайшы Доңыз тауына бір күн тоқтап, Қарқараға ұзақ айалдауды ұйғарды. Жауынгерлер Шарын өзенінің шығыс жақ бетінде сал әзірлеп, өткелдің жағдайын жасағанша кең жайлауды жайлай тұрғысы келді. Алғаш бұл араға айақ басқанда, жалғыз атты жынды қазақтың кесірінен көңіл күйі ойда жоқта бұзылған. Бұл жолы осы араның өз ійесінше еркінсігісі келді…
…Ахай Бұурайкенің бәйбішесіне шындықты айта алмай бүгежектеп жүрді. «Балаларым тұтқын болса, мен де тұтқын болам, мені солардың қасына қос»,–дейді жалынып. Бірақ жылқышылардың ішінде жүрген он үш жасар Назарынан басқа бірде-бір ұлы тірі емесін әлі білмейді. Ауыр тійерін ойлап, Ахай да шынын айта алмады…
Еліу мыңға жұуық әскер мен он мың тұтқынды, қырыуар мал мен сол малмен бірге келе жатқандарды Іленің арғы бетінде не күтіп тұрғанын ешкім де білмейді. Бәрі тек соғыстың сұмдық нәрсе екенін ғана біледі.
Сенім
Қарасайдың жаушысы келіп, ел шетін жау шапқанын естірткенде, Жәңгір сұлтан ойын түйіндей алмай отырып қалды. Күрсіне ойланып, күрсіне дем алды.
«Осал кезімізді қонтайшы сұм дәл тапты-ау!»,– деді ауыр жағдайдың салмағын жанымен сезініп. Өзінің еліу тұрмақ бір мың қол да жыйнай алмасы анық еді. Жер-жерге жедел жаушы шаптырып, одан қол жыйнап үлгергенше еліу мың жау елден ел, жерден жер қалдыра ма? Не істеуі керек? Халқының қырылып біткенін күтіп, қарап отыра ма? Әлде әлі жетпесе де алысып өле ме? Алысып өліу үшін де азды-көпті адам жыйнауы керек қой. Қалай жыйнайды, кім жыйнайды?
Қарасай мен Ағынтайдан бастап хас батырларды санамалап келе жатып, кілт тоқтады. Оның бәрін еліу мыңға қарсы салса, қазақтың бүкіл батырынан бір-ақ айырылып қалмай ма? Шынымен, елді сақтайтын, жерді қорғайтын еш амал жоқ па? Кім бұған көмек береді?
Есіне әуелі әкесі Есім хан, артынша оның досы Жалаңтөс баһадүр түсті. Өзі қазақ, өзі Бұқара ханының бас батыры, Самарқан қаласының әмірі, Наратада бес мың, Самарқанда бес мың тұрақты әскері бар ол көмектеспесе, қазаққа енді кім көмектеседі? Оның қол жыйнауы қазаққа қарағанда әрі тез, әрі әскері соғыс әдісіне жетік. Байағыда: «Ел қысылса, маған хабар бер!» – дегені есінде шығар? Есінде болмаса, есіне салайын. Тек халық басына қаншалықты күн тұуып тұрғанын дәл мендей түсіне қойа ма? Қалай түсіндірем? Ханы жоқ кезде қазақты қанға бөктіреміз деп келген қалмақтың қатерлі жорығынан бұл жолы аман алып қала алмасақ, қазақтың бұдан кейін жер бетінде қалар-қалмасы екіталай екенін оған қәйтсе, қалай ұқтыра алады?
Жәңгір бір күн, бір түн ұйқы көрмей ойланды… Қазаққа бүйрегі бұрмайтын қаны қас Ыймамқұл өлді, енді Жалаңтөс кімнен жасқанады? Ары ойлап, бері ойлап, ақырында Жалаңтөстен ғана көмек болатынына көңілі сенді.
…Жәңгірден жаушы келгенде, Жалаңтөс Бұқарада болатын. Шұғыл Самарқанға қайтты. Келген үш адам екен: бір қыз, екі еркек. Оған әрі тосырқады, әрі таң қалды: «Қызды жібергені несі, ата салтымызда жоқ қой?» – деді тіксініп.
– Ійә, қазақтарым, жол болсын! – деді сыр білдірмей жарқын қарсы алып. – Жөн айтыңдар!
Сөзді қыз бастады. Жалаңтөс оған да іштей таңданды.
– Мен, ата, он алтыдамын,– деді қыз даусы сәл дірілдеп. – Жәңгір сұлтанның қарындасымын. Ағам жаны қысылғанда жұмсаған соң, ағамның жұмсағаны халқымның жұмсағаны деп ұғып, ағамның айтқанын айнытпай жеткізіу үшін алдыңызға келіп тұрмын. Қыздың он алты жасы, өзіңіз білесіз, жаушы боп жолға шығатын жас емес; отау құрып, отбасында отыратын жасы. Халқыңызды қалмақтың еліу мың қолы шапты. Шапқан жаумен шайқасыуға ұл-қызыңыздың шамасы жетпей жанталасып жатыр. Әлің жетпесе де, қалмақтың қолында алысып өл десеңіз, қолында өлем; қазақтың жолында өл десеңіз, жолында өлем! Басқа айтарым жоқ. Қалғанын өзіңіз айтыңыз!
Қыздың сөзі Жалаңтөсті отқа қақтағандай қарып өтті. Жаны бардың жанын, ары бардың арын ойататындай қып дайындаған екен Жәңгір. Қызды жұмсағаны – Жер Анаңның болашағы қыйылғалы тұр, ұлды жұмсағаны – Жер Анаңның болашақ ійесі құрығалы тұр, шалды жұмсағаны – ата-бабаңның елінен айырылғалы тұрмыз дегені шығар деп шешті Жәңгірдің жаушыларына ойлы көзбен қарап.
– Мен, ата, жыйырма екідемін, Атым – Ақмол, – деді жас жігіт. – Халқымның жолын да, қолын да бастайтын жастамын.
Бұл да сөзін жасын айтыудан бастады. Ійә, Есім ханмен бұл Самарқанда дәл жыйырма екі жасында алғаш жолыққан. Соны меңзеп тұр-ау, шамасы. Одан бері қырық бес жыл өтіпті. «Сондағы әкеме айтқаныңыз есіңізде ме? Сіз де маған әкемдейсіз», – дегені болар Жәңгірдің.
– Бас сауғалап келген жоқпын, ата. Ата жолын сақтап, жауға бізді өзің баста; бірлесіп еліміздің есін жыйғызайық, жауымыздың есін шығарайық дегенді айтқалы келдім.
Жалаңтөс жас жігіттің жүзіне аталық мейірмен сүйсіне қарады. «Мен де сендей едім-ау!» – деді өткенін еске алып. Сен не айтасың дегенді аңғартып, бала күнінен білетін Досалы құрдасына бетін бұрды.
– Қызыңның айтқанын тыңдадың, ұлыңның айтқанын естідің, құрдас. Мен айтатын не қалды? – деді Досалы қарт – Жәңгір жұмсағанмен, Жәңгірдің хал-жағдайын айтқалы келгеміз жоқ біз, халқыңның хал-жағдайын жеткізгелі келдік. Екеуміз мына қызымыз бен ұлымыздың өлімінде жыласамыз ба әлде олардың жауды жеңгенінде бас қосамыз ба, соны анықтауға келдім. Қалғанын өзің айт.
– Айтатын не қалды, құрдас? Самарқанды да сұраусыз қалдырыуға болмас. Соны реттеп, екі-үш күнде екеуміз қолды бастап елге шығайық. Екі баламыз ертең-ақ елге қайтсын. «Жаным ұйада болса, жетемін», – деген жауабымды Жәңгірге тездеп жеткізсін…
…Жалаңтөстен хабар күткен Жәңгір: «Ол үлгеріп келе алмай қалса, қәйтем?» – деп те қәуіптенді. Уақытты созыудың бір ғана жолы бар, онда да оған қалмақтар көнсе. Жекпе-жекке келісіп, ұрысты ұзақ созыуға ғана болады.
Басқа қандай айла бар? Әкесі Есім: «Айла мен әдісін тапсаң, аз қолмен көпті де жеңіп кетесің», – дейтін. Сол айла мен әдістер неге осындайда есіне түспейді?
Әкесінің айтыуынша, осы Қарасай он үш жасында жорыққа қатысып, жауынгер болыпты. Ал жыйырма екі жасында қалмақтың екі бірдей қолбасын қолға түсіріпті. Оның сол ерлігіне сүйсінген хан әкесі Қарасайды жай батыр деп санамай «Қазақтың Қарасай батыры» деп атапты. Сол соғыста, егер Алатау батыр байқап қалмаса, Қарасай батыр жазым бола жаздапты. Қалмақтарды қақ жарып, екі жағын жайпай қырып бара жатады да, артында не болып жатқанын Қарасай байқамайды. Қалмақтың Дөкір деген батыры Қарасайдың тұу сыртынан бұғынып келіп бұғалық тастайды. Құдай оңдап, Қарасай арқанды қолымен қармап үлгереді. Атынан сыпырылып түскен Қарасайды Дөкір сүйрей жөнеледі. Соны байқап қалған Алатау батыр: «Жақсығұл! Жақсығұл!» – деп, бар даусымен айқай салады. Жақсығұл мерген жалт қараса, Алатау қолымен Дөкірді көрсетеді. Ол Қарасайды сүйреп барады, қара жорғасы ійесінің артынан ілесе шауып барады. Түсіне қойған Жақсығұл Дөкірдің атын ап дегенше атып түсіреді. Қарасай орнынан тұра сап Дөкірді қос қолдап кеңірдегінен көтеріп қысқанда, мұрнынан қан кетіп, ол сол замат қылғынып өледі. Содан кейін Қарасай өзі дода соғысқа кірерде: «Ағынтай!» – деп ескертсе, ал Ағынтай додаға кірерде: «Қарасай!», – деп айғай салатын болыпты. Сөйтіп бірінің бірі сырт жағын бақылай жүріп соғысыуды әдет қылады. Екеуінің небір қырғыннан аман шығатыны содан. Сол ұрыста Қарасайдың аман қалыуына Алатау батыр мен Жақсығұл мерген себеп болғанмен, Дөкірді атын өлтірген қарыу – мылтық. Содан кейін көреген әкесі Есім хан мылтықпен соғысыуды үнемі армандап жүретін. Бірақ орыстар қалмаққа да, қазаққа да мылтық бере қоймады. Бір-бірімен дүрдараз болып жүрген Өрлік тайшы мен Күнделен тайшыны Жетісұудың Ханжайлауына шақырып татыуластырып, екеуіне де әкесі орыстан мылтық сұратады. Бірақ орыстар екеуін де алдарқатып, біресе жолын қарастырып жатырмыз деп, біресе жоғарғы жақ рұқсат етпей жатыр деп, әйтеуір, әр сылтаумен сөзбұйдалай береді. Бәлкім, ол мылтықты бізге қарсы жұмсамағанда, кімге қарсы жұмсайды деп, Күнделен мен Өрлік те дүдәмәл болды ма, кім біледі? Сонан соң Бұқара шеберлерінің мылтықты да, оқты да өздері жасайтынын естіп, ұзақ уақыт әкесі қәйтерін білмей дағдарып жүрді. Өйткені Бұқараны Ыймамқұл бійлеп тұрғанда, олардан мылтық сұрай алмайтыны, ал Жалаңтөс арқылы жол тапса, онда Жалаңтөс пен Ыймамқұлдың арасын тағы ұушықтыратыны сөзсіз еді. Қалмақтардың Еділ мен Жайық бойына жаппай қоныстанып жатқанына қазақтан бетер ноғайлар қарсы еді. Өйткені олардың қоныстары күн сайын тарылып бара жатты. Сол себепті хан Есім ноғайлар арқылы әрекет жасап, ақыры олар Қапқазға қарыу әкеле жатқан орыс керіуеніне шабыуыл жасап, қырыуар мылтықты оқ-дәрісімен қолға түсіріп, оны тек Талай тайшыны талға байлап өлтіретін жылы ғана Есім ханға зорға жеткізіп берген.
Есіне сол мылтық түскенде, Жәңгірдің көңілі жеңіске жеткен кісінікінше жайланып сала берді. Дереу Қазығұрттан Жақсығұл мергенді шақыртты.
– Бір мылтықты адам тасада тұрып атса, жүз шақты қалмақтан жеңілмейді, – деді Жақсығұл. – Мылтық табылса, мен кез келген қазақты екі-үш күн ішінде атқыш қып үйретіп берем.
– Онда осы сөзіңде тұр, – деді Жәңгір. – Еліу мың қолды жайрататын мылтықты мен тауып берейін, еліу мың қалмақты қырып салатын мергендерді сен маған үйретіп бер. Дайындал, кешікпей жорыққа аттанамыз!
…Жәңгір үш жүз қолмен Қарасай ауылына мамырда жетті. Жетісұудың көгарай шалғыны көз сұуырып, айрықша жайқалып тұрған шағы еді. «Жауға қыйатын жер емес-ау, жарықтық! Сені жауға бергенше, біз басымызды жеріңе көмгеніміз жақсы емес пе?!» – деді айналасына жұтына қарап.
Жәңгірдің ордасы Шұбар жазығының төріне, Көктал өзенінің жағасына тігілді. Қарасай мен Ағынтай қосыны қасында болды. Жалайыр жұрты мен сол араның қаңлысы, албаны мен сұуаны жауынгерлердің сойымы мен сауынын қамтамасыз етті.
Жәңгірден шақырыу алған атақты батырлар ең сенімді нөкерлерімен күн қатып, түн қатып келіп жатты. Жер ійесі саналатын Қарасай, Елтінді мен Ұзақ, Сарбұқа – бәрі келген батырларды қарсы алып, үйді-үйге жайғастырыумен болды. Аз күнде-ақ Шұбар мен Аралтөбенің арасында ақ шаңқан үйлер жерге түскен Құс жолындай жыпырлай созылып жатты. Найман батырлары Көксерек пен Бөдес, Арғын Қомпай – үшеуі үш бөлек боп жетсе, Албан Шоған абыздың балалары Мәмбет пен Үмбет және Дұулат Сырымбет – бәрі жүз қаралы қолмен келді. Әрі жырау, әрі батыр Жійембет үлкені боп алты жүз батыр Жетісұу жерінде осылай бас біріктірді. Тағы келеді-ау дейтін ешкім жоғына көзі жеткен соң, оңашада Қарасайға Ағынтай өз шүбәсін айтты:
– Еліу мыңға қарсы алты жүзбен өлеміз деп қарсы шығамыз ба, жеңеміз деп шығамыз ба? Жалаңтөске сенем деп, бәрімізді Жәңгір қырып алмай ма?
– Жәңгір Жалаңтөске ғана сеніп отырған жоқ, қолындағы мылтығына сеніп отыр. Оның екі-ақ ойы бар: бірі – атысыуға оңтайлы жер табыу, екіншісі – қолында бар үш жүзден астам мылтыққа қанша күн соғыссақ та жетерліктей оқ құйып үлгеріу. Басқаны ойлап асып-сасып жүрген ол жоқ. Байқайсың ба, ол өзі жаны мұрнының ұшында тұрса да, асып-саса қоймайтын салқам адам ғой.
– Ійә, оның ырас. Жауға емес, тойға әзірленіп жүрген адам сыйақты. Оның бәрі – жақсылықтың нышаны. Хан сасса, қарада ес қалмайды; қара сасса, хан есін жыйғызады.
– Екеуіміз қайсысына жатамыз? –деді Қарасай досына сынай қарап.
– Біз қараға да, ханға да жатпаймыз, батырмыз. Батыр ханды да қорғайды, қараны да қорғайды. Батырсыз ханның да күні жоқ, қараның да күні жоқ. Батыры көп болса, хан да саспайды, қара да саспайды. Алайда біз алты-ақ жүзбіз ғой, азбыз.
– Аз емеспіз, аузыңды құу шөппен сүрте бермеші. Күш көпте де болады, ауызбірлігі мықты азда да болады. Ал қайсысы жеңетінін ақыл мен айла анықтайды. Қалмақтар бізде от қарыу барын білмейді. Білген кезде сасады. Аты үркеді, бізге жақындай алмай әуре болады. Ал жақындай алмаған жау бізді қалай өлтіреді? Оның үстіне, тасадан оқ атқан адамға олардың садағы дарымайды. Көрінбей тұрған кісіні, өзің ойлашы, қалай көздейді? Тағы бір артықшылығымызды айтайын, тыңда! Жетісұуда не көп, тау мен тас көп, тау мен тас бар жерде таса да табылады, демек бізбен бірге жер де соғысады. Сонда, өзің ойлашы, біз жеңбегенде, кім жеңеді?
– Мына сөзіңді маған ғана айтпа, бәріне айт. Сеніп соғысса, ол – үлкен сүйеніш адамға.
– Айтам. Сен де айт!
Сөйтіп тұрғанда екеуінің қасына Елтінді келді.
– Мен еліу мың түгіл, жүз мың қолға қарсы соғысыуға болатын қыспақ жерді білем, барып көресіңдер ме? – деді екі достың ақылдасып тұрған жағдайын байқап.
– Көрейік, – деді Қарасай бірден ықылас білдіріп. – Өзім де жер жағдайын Ұзақ екеуі жақсы біледі ғой деп ойлап тұрғам.
– Өй, мыналар кім? – деп, екеуінің сөзін Ағынтай бөліп жіберді.
Жалт қараған олар Шыңғыссай жақтан шұбап келе жатқан әскерді көрді. Найзалары шошайып, асынған қарыулары күнге жарқ-жұрқ шағылысады.
– Қарсы алайық, кім болса да жау емес, – деді Қарасай солай қарай аттап.
Бұлар жайаулап Жәңгір ордасына жеткенде, ар жағынан жүз қаралы жауынгер де жетіп үлгерді.
– Қырғыз ағайындар ғой, – деп, Елтінді оларды бұрын таныды. Табай мен Көтен аттарынан түсіп, Жәңгірге қарай жайау айаңдады.
– Жеңсек, бірге жеңейік; өлсек, бірге өлейік деп келдік, – деді Табай құшағын ашып.
– Табай мен Көтен көмекке келсе, неге жеңбейміз? Жеңеміз! – деді Жәңгір де құшағын ашып.
Қайын жұртын танып, Ұзақ та ұмтылып алға шыққан еді, оны Табай құшағына қысып ұзақ тұрып қалды.
– Ұзақ бауырым! – деді Көтен де оны сырт жағынан құшақтап. – Жау шапқан ел ерімнен айырылсам да, жерімнен айырылмайын деп соғысады, біз де сөйт-тік. Қонтайшы Бұурайкенің ауылын бала-шағасына дейін қырып кетті. Аман қалғаны бар ма, жоқ па, білмейміз. Он мың қолмен қарсы шықтық, көмек келіп қала ма деген дәмемен үш күн бойы жекпе-жекке шықтық. Көптің аты көп екен, мына келген жүз қаралымыз қоршаудан азар құтылып шықтық, қырылғаннан қалғанымыз тұтқын болды. Біздің көрген күніміз осылай, бауырым.
– Тоқалын жеті жыл баққан Бұурайкені айамаса, біз де қонтайшыны айамаймыз, – деді Жәңгір Ұзаққа көңіл білдіріп…
Қырғыз бауырларының қалай қырылғанын естіп, қазақ батырлары қатты шыйрықты.
Оқпана
Ертесі Жәңгір серіктерін ертіп, жер шолыуға шықты.
– Өзіміз өлмейтін, жауды өлтіретін жер табайық, – деді Елтінді мен Ұзақ жаққа ійек қаға қарап.
Қәзір ондай жерді көрсетеміз, – деді Елтінді ойланбастан, – Қараңдаршы! Мына екі жағымыздағы екі тау бекерден-бекер шығыстан батысқа қарай жарыса созылып жатқан жоқ. Екі жақ шетіміз жау өте алмайтын дайар қамал.
– Охой! – деді Көксерек екі жағына кезек-кезек қарап. – Екі араға Елтінді екеуміздей екі мың адам сыйып кететін түрі бар. Онша адамды қайдан табамыз?
– Көксерек, мен саспай, сен саспа. Қәзір саған тар қыспақты да тауып берем. Бұл ара – екі таудың талтайып жатқан тұсы, қәзір бұтын жыйған жеріне апарам, – деді Елтінді күліп.
– Бұл араның ұңғыл-шұңғылы Ұзақ пен Сарбұқа үшеумізге тонымыздың тігісіндей таныс.
Шығысқа қарай біршама жүрген соң Елтінді Қарғалы өзенінің қарсы бетіне бастап өтті.
– Е-е! – деді Көксерек елді әдейі өзіне қаратып. – Елтіндінің қыспағынан қалмақтан бұрын өзіміз өте алмай қалып жүрмейік.
– О да мүмкін, – деді Бөдес естілер-естілмес бүлк-бүлк күліп. Жәңгір жай езіу тартты да қойды.
Қарғалыға құйып жатқан кішігірім сұудан өткен соң, Елтінді атын бұрып Жәңгірге жақындады.
– Мына біз келе жатқан қыйа бет Қызылқыйа деп аталады. Себебі, көрдіңдер ме, топырағында жоса бар, әне әр жер-әр жері қызарып жатыр, – деді қамшысымен атының ізін нұсқап. – Ана жотаға шығайық, – деді сонан соң Қарғалы жақтағы көк бійікті көзімен ымдап.
Жотадан жан-жақ жақсы көрінеді екен.
– Міне, осы тұста, менің көз мөлшерімде, екі таудың арасы екі-ақ шақырым. Жотаның Қарғалы жақ беті, көріп тұрсыңдар, адам да, аң да өте алмайтын құз, тіп-тік жартас. Арғы жағы да, өзеннің бергі жағы да құлама. Ал өзеннің арнасы, ол да өткел бермейді: әрі тар қыспақ, әрі ағысы қатты, әрі терең, ат айаңдап та, жүзіп те өте алмайды. Жау егер таудың аң өтетін жерінен бір-бірлеп өтем десе, өте берсін, оған кем дегенде бір ай уақыты кетеді. Оған дейін жаны ұйада болса, Жалатөс те жетіп үлгірер. Ал енді осы біз тұрған төбенің тұу сыртына қараңдаршы: өргі тауға дейін созылып жатқан ұзын жота, оның шығыс жақ беті қылышпен шапқандай жар, жардың асты бірі ағып, бірі ұйық боп жатқан жаппай бұлақ. Жұрт соған қарап, ол жерді Жарбұлақ атап кеткен. Бұл арадан да жау жапа-тармағай қаптап өте алмайды. Оның өте алатын жері – осы төбе мен сол жотаның түйіскен жері: алдымыздағы он шақты қадамдай жіңішке мойнақ. Қатарынан төрт-бес атты азар сыйады.
– Осы араға бекінеміз дейсің бе?
– Жоқ, Көксерек, олай дегем жоқ, – деді Елтінді жұлып алғандай. – Бұл араға бекініуге болмайды. Жотаның үстінде тұрып, астында келе жатқан адамды қалай атасың? Оны атқалы садақ керіп жатқаныңда, қарсы беттегі қалмақ өзіңді атып түсірмей ме? Сондықтан жаудың жолына аса үлкен кедергі болғанмен, Жарбұлаққа бекініуге болмайды.
– Болмаса, бізді мұнда неге әкелдің?
– Бекініуге болатын жер мен бекініуге болмайтын жерді салыстырып көрсін дедім, Көксерек. Енді бекінетін жерді көріу үшін кері қайтайық.
Бәрі Жәңгірге қарады. Ол үнсіз ойланған күйі атының басын кері бұрды.
Үш жүз-төрт жүз қадамдай кері жүрген соң, Елтінді керлей көтеріліп үлкен жотаның үстіне шықты.
– Ал енді алдарыңа қараңдаршы, – деді жаңағы келген жағын қамшысымен нұсқап. – Жарбұлақ пен екі араға еліу мың қалмақ бірден сыйа ма? Сыймайды. Және алдыңғы жағы соңғы жағын тосып тоқтамайды. Жаңағы Жарбұлақтың жіңішке мойнағынан тізіліп, шұбырып өтеді де, Қызылқыйаның үстімен де, беткейімен де шұбырып, біз тұрған жотаның астындағы жазыққа қарай құлайды. Атпен құлдыйлап келе жатқан олар дәл жотаның түбінде тығылып жатқан бізді бірден байқай қоймайды. Жау бізді күтсе, жотаның үстінен күтеді. Және жайау емес, аттың үстінде күтеді.
– Сонда біз жайау соғысамыз ба? – деді Бөдес әңгіменің ауанын аңғарып.
– Енді, ат-матыңмен жотаның астына қалай тығыласың? –деді Елтінді Бөдеске күле бұрылып. – Ал енді өзіміз тұрған жотаның арт жағына қараңдаршы! Келген жау келген бойы құлап өледі. Бірақ бұл арадан құлап өліу үшін, қалмақ әуелі бұл жотаға шығыуы керек қой. – Елтінді Жәңгірге қарап сәл езіу тартты. Жотаның үстімен шығыс жақ шетіне қарай он-он бес қадамдай жүріп тоқтады. – Қараңдар! Бұл жақтан да атпен де, жайау да шыға алмайды: әрі тік беткей, әрі қатар-қатар қаптаған бұлақ, борсыған батпақ, бірімен-бірі жалғасқан балшық пен тайғақ топырақ. Құдайдың өзі жарата салған дайар бекініс! Жау жотаға не шыға алмайды, не шықса, түсе алмайды! Қыра жотаның ұзындығы бір шақырымдай жер, бұған әскер қойыудың да қәжеті шамалы, жау өте алмайтын жер.
– Елтіндінің бұл жотасы өзінің саптама етігіне ұқсайды екен, – деді кенет Жәңгір көмейін кеней жөткірініп. – Бәрі сұлтан жаққа жалт қарасты. – Қараңыздаршы, анау таудың етегінен біз тұрған жотаға дейінгі ара етіктің қонышы болса, біз тұрған жота – оның өкшесі, ал біз тұрған жотадан Қызылқыйаға қарай бұрылған жері – етіктің басы. Сол етіктің басы мен ана өзен жағасындағы жеке төбенің екі арасы – етіктің табаны. Осы үлкен етіктің өне бойына орналассақ, жаудың жолы түгел тұйықталады. Өтетін ашық жері қалмайды. Солай ма, қалай?
Сұлтан Қарасайға қарады. Қарасай Елтіндіге қарады.
– Солай, – деді Жійембет бәрі үшін жауап беріп. – Тек қалай орналасатынымызды ойластырыу керек.
– Оны әлі ойласамыз, – деді Жәңгір өзінің әлдебір ойы бар екенін аңғартқандай.
Ұзын жотаның ортасына жеткенде, Көксерек Елтіндіге тағы бір әзіл тастады:
– Тайпақтау екен, жотаның тап осы арасына Елтіндінің жалғыз өзін қойыу керек.
– Дұрыс айтасың, – деді оған Елтінді іле жауап қатып. – Бұл араға бір адам бекінсе де жетеді: жан-жағынан қылт еткенін қағып тастап қана отырады.
Тағы біраз өрлеген соң жота ойысып, түйетайлы беткейге айналды: Жарбұлақ жақ бүйірі – ылдый еңіс, өргі жағы – құлама жота.
– Қызылқыйаның қыр жотасынан кейінгі жауға қолайлылау жер – осы ара, –деді Елтінді Жәңгірдің бетіне сыр тарта сығырайа қарап. – Бірақ жау өрден келеді, біз төменнен қарсы аламыз. Төменде мылтықпен жатқан адамға атпен жоғарыдан түсіп келе жатқан жау қарауылға жақсы ілінеді.
– Өргі шетін де көрейік, – деді Жәңгір атын тебіне беріп. Елтіндінің айтқанына әдейі асығыс пікір білдіргісі келмеді.
Қызылқыйа жақтағыдай өзені де, тар қыспағы да жоқ, бұл жақтағы таудың етегі тек тік еңіс-ті, бірден жотаға жалғасып жатыр.
Жәңгір саптама етікке теңеген жоталар тізбегін батырлар тобы түгелдей көріп шықты. Не дер екен деп, бәрі Жәңгірдің аузына қарады. Ол үн-түнсіз атынан түсті. Қызылқыйа жаққа ұзақ қарап тұрды да, шалғын шөптің үстіне айағын созып отыра кетті. Өзгелер де аттарын жетектеген күйі жан-жағына жайғаса бастады.
– Ал енді ойларыңды айтыңдар! – деді Жәңгір жан-жағына қарап.
– Елтінді көрсетіп қана қойған жоқ, бәрін түсіндіріп те шықты ғой, – деді Көксерек күліп.
– Ійә, сөйтті, –деді Сырымбет те сөз қосып. – Шынында, дайар тұрған қамал екен. Айтатын несі бар, Жалаңтөс жеткенше жауды жібермейміз. Тіпті қырамыз, өте қолайлы жер екен.
– Бәріміздің ойымыз бір жерден шығып тұр, қалғанын өзің айтсаңшы, – деді Қарасай Жәңгірге.
– Жердің ыңғайы өте ұнады, – деді ол бірден. – Жотаның біразын біз қорғасақ, біразын жотаның өзі-ақ қорғайды екен. Аз күшімізді жердің өзі көбейтіп тұрған секілді. Мен басында мылтығымыздың бары басты артықшылығымыз деп ойлағам. Өйткені тасаланып жатып, алыстан атасың, жау жақындай алмайды. Әрі мылтықтың даусы жауға да, жаудың астындағы атына да үрей тұуғызады. Ал қәзір басты артықшылығымыз мынандай жерді тапқанымыз деп отырмын. Жійембет аға, сіз естідіңіз бе, естімедіңіз бе, байағыда құн бабаларымыз қытайларға қарсы ор қазып соғысыпты. Әкем айтатын. Сонымен өзінен көпті жеңген екен. Біз де сөйтсек, қәйтеді? – Нені меңзеп отырғанын түсінбеді ме, Жійембет те, өзгелер де ләм демей, үнсіз отырып қалды. Жәңгір сөзін ары қарай жалғастырды. – Мылтықты мына шалғын шөптің үстінде етпеттеп жатып атқанша, ордың ішінде тікемізден тік тұрып атсақ, қалмақтың әкесін сонда танытпаймыз ба?..
Тағы бәрі біразға дейін үнсіз отырып қалды.
– Ійә, мұның ойға келмеген нәрсе екен, – деді Жійембет Жәңгірдің ойын өзгелерден бұрын аңғарып. – Бірақ орды өзіміз қазамыз ба, біреу қазып бере ме?
– Ағамыздың күрек ұстағысы жоқ-ау, сірә? – деді Жәңгір әңгіменің айағын әзілге бұрып. – Несі бар, қазсақ, өзіміз де қазамыз, төңіректегі елге де қаздырамыз. Ор, бір жағынан, өзімізге оқпана болады; екінші жағынан, жаудың аты шауып өте алмайтын кедергі де болады. Ал, Елтінді, Ұзақ, екеуің енді ор қазатын құрал-сайман мен орды қазысатын жігіттерді тездетіп табыңдар! Шынымды айтсам, бұл жер батыр емес адамның өзін батыр қылайын деп тұрған жер екен!
– Солай, – деді Жійембет те жер ыңғайының ұнағанын жасыра алмай.
– Құдай бұйыртса, қалмақтың быт-шытын шығарып жеңеміз. Жеңілмейміз!
– Қазақ пен қалмақ ежелден ат үстінде соғысып келеміз. Сондықтан олар бізді бұл жолы жайау соғысады деп күтпейді. Бізге де күтпегені керек, –деді Жәңгір сөзді түйіндеп. – Оның үстіне, екі таудың ашық ортасына атты қазақ тығылып жатады деп тіпті ойламайды.
– Ау, «атты қазақ» демекші, атымызды қайда тығамыз? – деді Көксерек алақанын жайып.
– Ұзын жотаның батыс жақ бетіне қанша ат байласаң да сыйады ғой, – деді Жәңгір жайбарақат.
* * *
…Жайлауға жауын күндіз де жауады, түнде де жауады. Бүгінгі жауын біресе дүркірейді, біресе сіркірейді, арты ақжауынға айналып, күндіз де тоқтамай жүрер ме екен, оқпана қазыу тоқтап қалады-ау деп аунақшып, Жәңгір уайымдап жатқан. Әлдебір дабыр-дүбірді құлағы шалып, басын жастықтан жұлып алды. Күнайымның даусын жазбай таныды. «Жаным-ай, жеткен екенсің ғой!» – деді ішігін жүре жамылып.
– Күнайым!
– Көке!
Ордаға Қарасай бірге кірді. Қарындасын құшағына басып тұрып, Жәңгір оның оң қолын ыйығына асып алғанын байқады.
– Қолыңа не болды?
– Оған өзім кінәлімін, көке. Күннің жауғанына қарамай жүре берейік деп ем, Тәшкеннен өткенде атым батпаққа тайып жығылып, қолымды сонда сындырып алдым. Оташы тауып салдырғанша, одан жол жүріуге жарағанымша амалсыз үш-төрт күн айалдап қалдық. Жігіттерге: «Мені тастап жүре беріңдер!» – деп ем, көнбеді.
– Қыйын жолға жұмсап, қыйнап алдым-ау сені.
– Жоқ, көке, қайта көп күттіріп, мен сізді қыйнап алған шығармын.
– Ал, Ақмол бауырым, әңгімеңді баста! – деді Жәңгір жас жігітке бас ійзеп. – Қас-қабағына дұрыстап қарамай, қарындасымның қолын сындырып алғаның қалай?
Ақмол қысылғанынан қып-қызыл болып кетті.
– Айтқаныма көнбеді, көке. Жауын басылғанша айалдасақ, мықтаса, бір күніміз кетер еді, ақырында төрт күн тоқтап қалдық. Бірақ бәрі ойдағыдай болды. Айт дегеніңізді айттық. Сөзімізді бөлмей, Жалаңтөс ата бәрімізді мұқыйат тыңдады. «Жаным ұйада болса, жетем!» –деді. Бізге үш сарбазын қосып берді де, Досалы атамды алып қалды. «Қолды мен бастаймын, жолды ол бастайды», – деді бізге.
– Қашан жетеді деп ойлайсың?
– Біз салт жүргенімізде мұнша жүрдік, олар шілденің басында жетіп қалар деп шамалаймын.
– Жақсы. Күнайымға жөндеп қарамағаның үшін, қандай жаза берейін?
– Өзіңіз біліңіз.
– Оның ешқандай жазығы жоқ, көке. Мен ғой оның айтқанына көнбеген.
– Сонда немене, мен сені жазалаймын ба?
– Өзіңіз біліңіз.
Екеуінің жарасып қалғанын Жәңгір түсінді. Сөйтсе екен деген ой өзінде де болған.
– Жалаңтөс аталарың әскер санын айтты ма?
– «Екі түмен», – деді. Бірақ, Досалы атамның есебі бойынша, одан екі-үш мыңдай асыуы тійіс. Өйткені өзін қорғайтын қасында екі-үш мың әскері де бар деді.
– Жақсы хабар жеткізгендерің үшін, екеуіңе де мың алғыс. Ел үшін күн демей, түн демей жүріп шаршаған болар. Қәзір бесеуіне ыстық сорпа беріңдер, – деді Жәңгір босаға жақтағы жасауылға ійек қағып. – Сен, Күнайым, менің қасыма келіп жат, қалғандарыңа жігіттер орын тауып береді.
…Жалаңтөстің хабары сарбаздарды қатты серпілтті: көмек келсе, күш еселенеді, оқпана енді жаудан қорғайтын ғана емес, жауды қыратын да орын болатыны айдан анық десті.
* * *
«Көп түкірсе, – көл» деген – осы деп ойлады Жәңгір қазылып біткен оқпананың басында тұрып. Жау жетіп үлгіргенше, бұлар қазып үлгірді. Енді сарбаздарды ордың ішінде соғысыуға әбден машықтандырыу керек.
«Кеңесіп пішкен тон келте болмайды», сондықтан өз ойымды ортаға салайын деп, ертесі серіктерін өзі «етіктің өкшесі» деген бійік жотаға бастап апарды.
– Қәне, енді қалай соғысатынымызды ақылдасайық, – деді бірден сөзді өзі
Бастап. – Менің өз ойым былай. Жарбұлақтағы мойнақтан шұбап өткен жау, Елтіндінің айтқанындай, шұбаған күйі Қызылқыйаның үстімен және өзен жақтағы беткеймен жүреді. Өйткені жол ыңғайы солай. Жауды бірінші қарсы алатын да сондағы оқпанада жатқандар. Сол араның басшылығын Қарасай басқарады. Алды, айналасы – бәрі анық көрінеді. Біздің негізгі қорғайтын жеріміз де, ең қәуіпті жеріміз де осы «Етіктің басы» мен «Етіктің табаны». Менің жобалауымша, соғыстың басталатын тұсы да, айақталатын тұсы да осы ара. Сондықтан «Етіктің басындағы» оқпанаға жүз мылтықшыны және жыйырма бес садақшыны орналастырсам деп отырмын. Қарасайдың қасында, жеке төбеде, он мылтық, он садақшы; ал «Етіктің басы» мен жеке төбенің ортасындағы «Етіктің табанына» қырық мылтықшы және он бес садақшы орналастырсам, сонда Қарасайға қарайтын бұл арадағы барлық оқпанаға екі жүз сарбаз жасырынады. Соғыстың негізгі салмағы осы араға түсетін болғандықтан, мен өзім жеке төбенің сыртында үш жүз қолмен тығылып тұрам да, жау тықсырып бара жатқанда, тасадан шыға келіп, жаумен «Етіктің табанында» айқаса кетем. Ал мына шығыс жағынан жау шыға алмайтын, батыс жағынан жау түсе алмайтын ұзын жотаға он бес мылтықшы мен он садақшы бөліп, оған басшылықты Бөдес батырға берсем деп ойладым. Жас қой, жотаның ана шеті мен мына шетіне жүгіріп жүріп басқарар. Ол араның осалдау жері – жалпақ мойнағы ғана. Соған абай болыуы керек. Қалай, Бөдес, мені оңай жерге жұмсады деп өкпелемейсің бе? Ұрыста оңай жер болмайтынын білетін боларсың?
– Білем, әрійне.
– Қызылқыйадан кейін екінші бір жаудың бар күшін салатын жері – ұзын жотаның өргі шеті мен өргі жотаның бергі беті: «Етіктің қонышы». Ол араға Қомпай батыр басшылық жасайды. Жійембет аға қасында болады. Оларға жүз жыйырма мылтықшы, отыз садақшы берем. Ал өргі таудың етегіндегі жотаны «Қоныштың аузын» Сарбұқа батыр қорғайды. Оның бес мылтықшысы, он садақшысы болады. Сонда «Етіктің басын» екі жүз жауынгер қорғаса, «Етіктің қонышын» да екі жүзі қорғайды. Ал енді қалай соғысамыз дегенге келсек, оны былай ұйғарып отырмын. Оқпананы ғой, өздеріңіз көрдіңіздер, ойдағыдай қаздық. Оны жотаның алдыңғы жағынан қазбай, арт жағынан қазғанымыз – жау-ға жасаған құулығымыз. Әрі жау бірден байқай қоймайды, әрі атпен лап қойа алмайды, лап қойса, өз екпінімен оқпананың арт жағындағы жарға құлайды. Оқпананың тағы бір артықшылығы: жауынгерлер ішінде тік тұрады, тік тұрып атады. Ордың іші кең, оқ әкеліп беріушілер арттарынан ары-бері еркін өте береді. Әркім бес қарыуын ала келіп, оқпананың ішінде сақтасын, қалай-қалай емес, керек болады. Соғысты садақпен бастасақ деп отырмын. Оқпанадағы төрт жүз жауынгер түгелдей жауды садақпен қарсы алсын. Ә дегеннен мылтықпен үркітпейік. Әр жауынгер үш дүркін садақ атсын. Содан кейін ғана мылтыққа кезек берейік.
Оқпанада жатқанымызды жау әбден жақындағанша білмесін. Алдыңғы шепті жебемен жұусатқан соң, жаудың кейінгі қатарын мергендер мылтығымен, садақшылар жебесімен атқылай берсін. Үш-төрт мылтықтыдан кейін бір-бір садақшы араласып тұрсын. Мергендер мылтығын оқтағанша солар жауға жебе жаудырады. Бірақ барлық мылтық бір кезде атып, қайтадан оқтағанша бір кезде тоқтап қалса, атыстың әсерін ол да әлсіретеді. Сондықтан Жақсығұл мерген мен Қомпай батыр қанша мылтық қатарласа атып, қанша мылтық кезегін күтіп тұратынын күні бұрын белгілеп, атқыштарды алдын ала соған машықтандырыулары керек. Осылай соғыссақ, бар мүмкіндігімізді дұрыс пайдаланамыз ба деп отырмын. Жійембет аға, сіз қандай ақыл қосасыз?
– Мен ешқандай ақыл қоспаймын. Тек құптаймын. Айтқаныңның бәрі көзбен көргендей, қолмен қойғандай. Мың ойланып, жүз толғанып шешкенің көрініп тұр. Тек қонтайшы алдын ала барлаушыларын жіберсе, соларын қәйтеміз?
– Біздің жансыздарымыздың айтыуына қарағанда, қонтайшы қырғыздарды шапқанда, бірде-бір ірет ондай барлаушы жібере қоймапты. Қолдың көз ұшында төрт-бес жолбастаушылары ғана жүріп отырыпты. Қалай-қалай емес, біз де бейқам болмауды ойластырдық. Жарбұлақтың сайы – жаудың барлаушыларын күтіп алыуға өте қолайлы жер. Жаудың шолыушысы бола қалса, жазасын сол арада береміз.
– Ійә, сол ара дұрыс, –деді Қарасай құптап.
– Енді сөзді қойайық та, дайындыққа кірісейік, – деді Сарбұқа. – Орын-орнымызды тауып, соғысыуға дағдыланайық.
– Келістік! – деді Жәңгір атын тебіне беріп.
* * *
– Жәңгір, осы қонтайшың онша ақылды адам емес-ау, – деді Елтінді жотадан төмен түсіп келе жатып.
– Неге?
– Өзің ойлап қарашы, қылығы ақылды кісінің қылығына ұқсамайды. Ол жорыққа шыққалы төртінші айдың жүзі болды. Арғы беттегі қазақ пен қырғыздың ішінен үш ай бойы шыға алмады. Ақылы болса, бірден бізді шабыуы керек қой? Оның үлкен қателігі, менің ойымша осы, бізді менсінбегені. Жалпы, соғыс әдісіне жетік адам емес секілді.
– Оның ырас. Көбінесе інісі Шоқырға сенеді, бәрін соған тапсырады. Ал ол қарсы келмеуге тырысады. Ызақор, қызба адам қонтайшы. Айтатыныңды одан бұрын айтып қалмасаң, ол өз айтқанынан оңайшылықпен қайта қоймайды. «Алдымен тоқалымды құтқарып алам, оны тұтқындап отырғандарды түгел қырам!» – деп кіжінген шығар ызаланып. Сол оймен қырғыздарды алдымен шапқан болар.
– Солай-ақ болсын. – Сонда да үш айдан астам сол жақта сайран сап жүріуі ақылға сыймайды.
– Ал, менің ойымша, ол зәлім біздің жағдайды жақсы біледі. Тез арада қол жыйнай алмай қысылғанымызды, қысылған соң, Жалаңтөске жаушы жібергенімізді – бәрін әлдеқашан біліп алды деп ойлаймын. Біліп алған соң, қорқпайды, еркінсійді. Жалаңтөске хабар бергенімізді, одан көмек келмей жатқанын – бәрін біліуі мүмкін. Ол өзіне сондықтан сенімді. Бізге де оның сонысы пайдалы болып тұрған жоқ па? Ол өйтпесе, біз бүйтіп оқпана қазып үлгермес те ек, Жалаңтөске хабар жеткізе алмас та ек.
– Жанында бір жылдай болдың ғой, бізден гөрі жақсы білерсің деп сұрағаным ғой.
– Оның ең ұтымды әдісі – алдай біліу. Бүкіл тайшыларды уысында алдап-сұулап ұстайды. Бір кемшілігі – мақтаншақ. Ал мақтаншақтың бәрі өзін ғана ақылды санайды. Сол сырын білетіндер оны сол жағынан сүріндіреді. Шоқырға, тағы бір-екі тайшыға қатты сенеді, олар жамандап келген адамды айамайды. Өзі елді алдағанмен, өзімді де біреу алдайды дегенді ойламайды. Сайран сап жүріп-ақ қазақты жеңем деген мақтаны шығар бұл қылығы, кім біледі?!
– Мақтанса, мақтана берсе екен. Мақтаншақ адам мақтанып жүріп орға жығылады.
– Жығылса, жығылатын оры дайар, – деді Жәңгір жымыйып.
Келесі күні аспанның түбі тесіліп кеткендей, жаңбыр күнімен, түнімен жауды. Жәңгір оған іштей құуанды: көк көтеріліп, оқпананы жау көзінен қалқалайтын болады, құдайдың өзі де, күні де қазақтарға жақ болып тұрған сыйақтанды.
Кенет есіне әкесінің бір сөзі түсті: «Әскер де, әскербасы да ел үшін соғысып жүргенін ешқашан ұмытпауы керек. Әскербасы әскерін ғана емес, елін де қырып алмауды ойлауы керек», – деген. Іледен өткен қонтайшы жол бойы оқпанаға жеткенше қазақтарды қырып-жойып келсе, қалай болғаны? Дереу Қарасайды шақыртты.
– Ол жағын Елтінді өзі ойластырып, өзі жөндеп жатыр, – деді Қарасай аспай-саспай.
– Менен жасырғандарың қылмыс болады ғой?
– Қылмыс болса да, бір қызық болса деп ек.
– Айтшы адамды сонша қызықтырмай!
– Айтсам, Қорғас өзенінің бас жағында айналасы тұйық, келетін де, кететін де жол жоқ бір жайлау бар екен. Оны Ойханау дейді екен. Не өзеннің бойымен, не таудың арғы, бергі бетімен бөгде біреулер жүре алмайтын көрінеді. Елтінді барлық ауылын сол тұйық жайлауға күнібұрын көшіріп қойды.
– Сонда, ешкім өте алмайтын жерге Елтіндінің ауылы қалай өткен?
– Алмалысұу деген батыс жағында бір сай бар екен, содан жалғызайақ жолмен ғана шұбырып өтетін көрінеді.
– Жөн-ақ дейік. Ал ол жайлауды неге менен жасырасыңдар?
– Жауды жеңген соң әдейі апарып көрсетіп, сол араға өзіңізді бір аунатып, көрімдігін алсақ деп едік?
– Қандай көрімдік? Өз елімнің жайлауын көргенім үшін де көрімдік берем бе?
– Берсең, бересің; бермесең, өзің білесің. Бірақ ол жайлау – көрімдік беріуге татыйтын қәсійетті жайлау.
– Қандай қәсійеті бар?
– Қәсійеті сол, өте ерте заманда Шыңғыс ханның ата-бабасы сол тұйық жайлаудың ішінде төрт жүз жыл тығылып, екі үйлі адамнан екі жүз үйлі адамға көбейіп шығыпты. Қысқасы, сенің атажұртың сол ара. Оны көргенде көрімдік бересің бе, бермейсің бе, оны Шыңғыс хан бабаңның өзінен сұра.
– Мынауың, шынында, мыйға кіретін әңгіме болып шықты. Шыңғыс хан бабамыздың ата-жұртын қорғап соғысып жатсақ. Шыңғыс хан бабамыздың арыуағы қолдайды екен онда! Жеңеміз, жеңген соң барып көреміз. Көрімдігін де береміз.
– Айтқаның келсін!
Қатынқұулық
Қонтайшы Іледен өтіп, Тышқан тауының етегіне айалдады.
– Елтіндінің ауылын айамай шап! – деді Шоқырға әмір беріп.
– Қорғастан бергі Ойжайлау, Ақ Бұрқан, Алмалы, Шежін, Текше, Бас Бұрқанды түгел аралап, қойнау-қойнауды түгел тінтіп қайтқан Шоқыр ағасына бәрін бүкпей, ештеңені жасырмай айтты
– Бүкіл жайлауда бірде-бір үй жоқ. Тек қарайған жұрты жатыр. Адам мен малы тұрмақ, қаңғыған ійті де қалмай қашыпты! – деді таң қалып.
Қонтайшы тіксіне тыңдады. «Бұнысы бекер емес, – деді бірден іш жыйып. – Қорқып қашқаны ма әлде бірігіп бір жерде бас қосқаны ма? Мейлі, қашса, қаша берсін. Жерін тастап кетсе, тіпті жақсы. Бас қосса, қоса берсін. Бұл да соғысыуға келмегенде, құдаласыуға келе жатқан жоқ қой. Қалай болғанда да, қашқандары – қорққаны. Қашқанда қайда барады? Қарасайдың ауылына ма?
– Қарасайдың ауылы қай арада? – деді шошып ойанғандай.
– Осы ұзын таудың арғы бетінде сонда бір атақты арасан бар дейді, соның қасында.
– Оған қашан жетеміз?
– Енді екі қонсақ, жететін шығармыз.
– Оның қанша әскері бар?
– Әскері жоқ.
– Қалай жоқ? Онда біз кіммен соғысамыз?
– Қазақтарда қәзір хан да жоқ, ханға бағынатын әскер де жоқ. Жәңгір Жалаңтөстен әскер сұрауы сондықтан. Біздің адамдар Іленің Тайбақай, Бақанас өткелдеріне бірнеше барып қайтты. Әзірше ешбір әскер өте қоймапты.
– Сонда қалай, Қарасай да, Жәңгір де бізге қарсы ешқандай әскер жыйнамаған ба?
– Аздап жыйнаған. Біздің қазақ ішіне жіберген жансыздарымыз Жәңгірдің қолы алты жүз – жеті жүзден аспайды деп жорамалдайды.
– Қалай болғанда да, қазаққа сақ болыу керек. «Алты жүз ғана әскеріміз бар» дегені – алдау. Құрығанда алты мың әскер шығара алмайтындай, олар, тегі, қырғыздар құрлы жоқ па? Бір үміті болмаса, Елтіндінің қашқан жұрты қайда барады? Соны біліңдер. Қазақ – құу халық, алдап кетіп жүрмесін. Қарасайдың ауылына қай жолмен барамыз?
– Бұл жаққа келіп-кетіп жүргендердің айтыуынша, бізге бірден-бір қолайлы жол – Қосқолаң деп аталатын екі ұзын таудың ортасындағы жазық аңғар. Жан-жағы ашық, қазақтар жасырына қойатындай қалқасы мен қойнауы жоқ көрінеді.
– Екі жағы тау болса, қалайша қалқасы жоқ болады?
– Аңғардың алды-арты, жан-жағы – бәрі кең, бәрі көрнеу жер дейді.
– Сайат құратын жері бар ма екен?
– Осы Тышқан тауының шығыс жақ бетінде Текше дейтін жайлаудың аңы жыртылып-айрылады, өзім көрдім.
– Онда ертең сол араға сайат құрып қайтайық.
– Біз аңда жүргенде, Жалаңтөс жетіп үлгеріп қоймас па екен?
– Оны да бақылат! Бұғынып келетін бір-екі адам емес шығар, көз жазып қалмаңдар.
…Қонтайшы аңға кеткенде, Ахай терең ойға кетті: мына қазақ күндесінен қалай құтылады? Қонтайшының бар пейілі, бүкіл ықыласы соған ауып тұр, сылаң қаққан сұлұудан сұусыны қанар емес. Қонтайшыда, сірә, ақыл-ес қалмаған: қазақпен соғысқалы жүріп, қазақ қызының қойнынан шықпайды. Онысы жақсы ырым емес, ана қатын әбден арбап алыпты, түбі бір пәлеге ұрындырмаса, не қылсын?!
Ары ойлады, бері ойлады, ешбір айла таба алмады. Ұмсынды ұу беріп өлтіргісі де келді, ұу таба алмады. Ақырында өзі де ақыл-есінен айрыла жаздады. Қызғаныштың қызыл ійті ішін өртеп, өне бойын дертке шалдықтырды: түн ішінде шошып ойанады, түсінде мұны Ұмсын қылғындырғалы келе жатады. Амалы құрып, ақыры Бұурайкенің бәйбішесінен ақыл сұрады.
– Сен Ұмсыннан оңай құтыласың, – деді бәйбіше. – Ол өзі де қонтайшыдан қалай қашып құтыларын білмей аласұрып жүр. Жақында қалмақ пен қазақ бір соғысыуын соғысады, сол аласапыранда ебін тап та, Ұмсын екеумізді сен қашырып жібер. Қолыңнан келсе, тұтқында кеткен менің балаларымды қоса құтқар.
– Сіз үшін қолымнан келгеннің бәрін істеймін, апа. Тұтқында қай балаңыздың жүргенін біле алмадым. Ал Назағам жылқышылармен бірге аман-есен келе жатыр. Сақтық жасап, сіздің осында екеніңізді оған айтқам жоқ, айтатындай жағдайым да бола қойған жоқ, тек сыртынан көрдім.
– Құдайым-ау, Назарым келе жатыр ма? Көзіме бір көрсетші құлынымды! Мен қонтайшының күңі болсам болайын, Назартайым құл болмасын, мені құтқармасаң да, соны құтқаршы! Осында Баркөрнеу дейтін жайлауда Ұзақ дейтін жездесі бар; іздесе, табады, әйгілі батыр, елдің бәрі біледі. Ахайжан, жақсылығың құдайдан қайтсын, сол Назағаңды құтқаршы!
– Апатай, ақырын сөйлеңіз! Сіз де, мен де сақ болайық. Ұмсынның пыйғылын әлі де анықтап біліңізші, екеумізді де сатып кетіп, масқаралап жүрмесін.
– Жоқ, өйтпейді, оған сенімдімін.
Адамның басына бір ой келсе, оны жүзеге асыратын жағдай да ерте ме, кеш пе, бір тұуады. Қонтайшының күйеу баласы Көшүртіні көргенде, Ахай алтын тауып алғандай құуанып кетті.
– Көшүрті, бері келе қойшы! – деді еркелетіп. – Айналайын, сен ана жылқышы қырғызды жақсы білесің ғой, соған айтшы, үш жұуас ат тауып берсе, біз – үш қатын – жақын маңайға кішкене қыдырып қайтсақ. Қасында ана бір жас бала бар ғой, сол екеуі қасымызда бірге жүріп қыдыртса болар еді. Сен, айналайын, соны істе деп бұйрық берші адамдарыңа!
Ахайдың құулығы ойлағанындай жүзеге асты. Жолдыбай жылқышы мен Назар екеуі үш жұуас атты ерттеп әкелгенде, Ахай құуанғанынан айқайлап жібере жаздады.
– Аға, ана екі атты сіз бәйбіше мен Ұмсынға алып барыңызшы, біз Назаға екеуміз жүре берейік, – деді Ахай атына мініп жатып. – Бәйбішеге айтыңыз, баласын елдің көзінше бас салып жүрмесін. Қасындағы қазақ қатынға да сыр бермесін.
– Назаға! –деді сонан соң сыбырлап. – Шешеңмен бөтен кісіше сөйлес, жарай ма? Абай бол, бізді сыртымыздан біреулерге аңдытып қойыулары мүмкін.
– Ортақ қайда?
– Ой, ол бүлдіреді. Оған көрінбе! «Алысқа ойнат», – деп, әдейі біреуге табыстап қойдым.
– Мен оны сағынып кеттім. Байқатпай, алыстан бір қарайыншы!
– Назаға, өйтіп өз өміріңмен ойнауға болмайды. Сен менің өмірімді сақтап қалғансың, мен де сені сақтауға тійіспін. Біз қырғыздың ішінде жүргеміз жоқ қой.
Дәл қастарынан: «Назаға!» –деген дауыс шаңқ ете қалғанда, екеуі де селк ете түсті.
– Ой, атаңның аузы! –деп, Назар атынан домалай түсіп жүгірді.
Екі ұл құшақтаса кетті. Назардың мойнына асылып, Ортақтың екі айағы жерге де тіймеді.
– Сағындым! – деді таза қырғызшалап.
– Мен де, –деді Назар құшағынан босатпай.
Бірге ойнап, бірге өсіп бауыр басыудың құдіретін көзімен көрген Ахай көзінен жастың қалай шығып кеткенін байқамай қалды.
Қасына келіп қалмақ жігіті ақталып жатты.
– Бой бермей жүгіріп кетті. Жете алмадым.
– Жарайды, бара бер. Бірге ойнаған досы ғой, сағынысып қалыпты. Екеуі мінгесіп барар. Ортақ! Назаға мінгес! – деді Ахай.
– Жоқ, мен өз атымды мінем. Назаға екеуміз жарысамыз, –деді Ортақ қалмақ жігіттен қалмай үй жаққа жүгіріп.
Көп күттірмей, құнанын қамшылап Ортақ әне-міне дегенше-ақ қастарына келіп қосылды. Жолдыбай бұларды Тышқан сайына алып барды. Сәл өрлеген соң бұлар жақпар тастың қабырғасынан тізқатар сұу тамшылап тұрған бұлаққа жетті.
– О, шомыламыз! – деді Ортақ атынан түсе сап жүгіріп.
– Ортақ! Шомылыуға болмайды, сұуы сұуық, – деді Ахай, шын шомыла ма деп қорқып.
– Қолы-бастарыңды жұуыңдар. Тілектеріңді тілеңдер! – деді Жолдыбай атынан түсіп жатып. – Тамшыбұлақ сұрағаныңды тамшылатып береді.
Назар жүгіріп келіп шешесін аттан қолтықтап түсірді. Екеуі естіртпей күбірлесті.
– Жолдыбай аға, сұуды ішіуге бола ма? – деді Ахай әдейі Ұмсынның көзін өзіне аударыу үшін.
– Болғанда қандай? Бал татыйды. Біз, Назаға екеуміз, өткен сайын бір ішіп өтеміз.
– Аға, – деді Ұмсын да Ахайша тіл қатып. – Қалмақтар қай жақта, қазақтар қай жақта?
– Қалмақ мына жақта, Қорғастан ары қарай, қазақтар былай қарай. – Жолдыбай қолын батысқа қарай сілтеді.
Ахай оңтайлы сәтті пайдалана қойды:
– Не, қашайын деп пе ең?
– Қашыу үшін ат керек, атты кім береді? Жолды біліу керек, жолды кім көрсетеді?
– Атты Жолдыбай аға береді, жолды мен көрсетем, неден қорқасың? Қаш! – деді Ахай әзілге жығып.
Екі қатынның әңгімесі сонымен бітті. Бір-бірін түсінген тәрізді. Беттеріне бір-бір қарасты да, үндеспеді.
Оңтайлы сәтті бәйбіше де пайдаланды:
– Назаржан! Ендігәрі кезедесе алмаспыз, ұғып ал: Ұзақ жездеңнің ауылы осы маңайда, Баркөрнеу деген жерде. Екі жақ соғысып жатқан аласапыранда қашайық! – деді бұйрық бергендей нықтап.
Ахай да Назарға айтарын айтып қалды.
– Назаға, апаң әлі білмейді, оның сенен басқа ешкімі тірі қалған жоқ. Бұурайкенің баласы екеніңді білсе, қонтайшы сені де тірі қалдырмайды. Ебін тап та, Жолдыбай аға екеуің қаш. Апаң мен Ұмсынды мен өзім жолға салып жіберем. Сақ бол!…
Шайқас
Күн төбеге көтерілгенде, қонтайшының алдыңғы шебі ұзын аңғардың дәл ортасындағы сары белге жетті. Осы арадан жайлаудың бір сұуы шығысқа қарай ақса, бір сұуы батысқа қарай ағатынын көріп, жайлаудың бел ортасы осы ара екенін қонтайшы бірден аңғарды. Сол араға қолды сәл дамылдатты.
* * *
…Аршалы беткейде аңдып жатқан шолыушылардан жедел хабар жетті. Қазақ сарбаздарынша кійінген үш қалмақ жол барлап келе жатыр екен. Оларды қарсы алыуға Қарасай мен Ағынтай шұғыл қамданды.
– Екеуміз-ақ барып Жарбұлақтың сайында жайрата салайық, – деді Ағынтай.
– Біреуін тірі қалдырып, қонтайшының ойы мен мақсатын сұрамаймыз ба?
– Не сұрайтыны бар? Құда түскелі келе жатқан жоқ, қазақты қырам деп келе жатқан жоқ па?
– Жәңгір не дер екен, Тайлақты жұмсап білейік.
– Сөйтсек сөйтейік. Кеттік: «Неге өйттіңдер» – деп жүрмесін.
Тайлақты жұмсарын жұмсап алып, артынан Қарасай: «Қап, бекер жұмсадым-ау!» – деп өкінді.
– Асығыстық жасадық-ау, – деді Ағынтайға өкінішін айтып. – Жарбұлақта жайратпай-ақ үшеуін оқпанаға дейін тіймегеніміз жөн болатын еді. Жасырынып жатқанымызды қай жерге келгенше көрмес екен, соны біліп алатын едік.
– Әлі де кеш емес қой, Жәңгірге Тайлақты тағы жүгіртіп жібереміз.
– Қатар жүргенімізбен, болашақ ханымыз емес пе, «Сөйтсін!» – деген бұйрығын бұзып жүргеніміз жараспас дегенім ғой.
– Өйте қоймас. Көрдің ғой, көппен ақылдасқанды ұнатады.
Сол арада төбе айналып Тайлақ та жетіп келді. «Өздері шешсін!», – депті Жәңгір.
– Олай болса, сен ана «Етіктің басындағы» оқпанаға бар, мен жеке төбе мен екі ортадағы «табанда» тұрайын, – деді Қарасай Ағынтайға. – Мен алдымен оң шеткісін атайын, сен сол жақ шеткісін ат, сонан соң үшіншісін тірідей қолға түсірейік. Тайлақ, сен үшеуінің атын ұстап алатын адамдар мен өлікті сайға сүйреп тастайтын кісілерді әзірлеп қой!
– Жарайды.
…Үш қалмақтың жүрісі бейқам: жар астында жау бар-ау демейді, жан-жағына емес, бір-біріне қарап келе жатқандарына қарағанда, әлдебір әңгіменің ауанында келе жатқанға ұқсайды.
Үш қалмақ «Етіктің басындағы» жотадан еңістей бергенде, сол жақ шеттегінің аты әлденеден секем алып, құлағын қайшылады. Аты байқағанды ійесі байқамады. Беткейдің бел ортасына жақындағанда, Ағынтай жақтағы қалмақ баж етіп атының басын тартты. Қарасай садағын шірене тартты. Шеткі қалмақты кеңірдектен көздеді.
Екі жағындағы қалмақ атынан серең-серең құлағанын көріп, ортаңғысы жалма-жан атынан қарғып түсті.
– Мен қазақпын! Қазақпын! – деді айқайлап.
Екі сарбаз оқпанадан жүгіріп шығып, оны Қарасайдың алдына дедектетіп әкелді.
– Қазақ болсаң, қалмақтың ішінде қайдан жүрсің? – деді Қарасай жекіп.
– Атым – Жұмағазы. Талғар жақтың қазағымын. Аңшымын. Қонтайшының өзі: «Жол көрсетесің, әйтпесе өзіңмен қосып бала-шағаңды қырып тастаймыз», – деген соң амал жоқ көндім.
– Ол өтірігіңе нандық дейік.
– Жоқ, шыным. Құдай ұрсын!
– Үшеуіңе қонтайшы қандай тапсырма берді?
– Бізді інісі Шоқыр жұмсады. «Қазақтар қашып кетіпті. Қайда тығылды екен? Бір жерге жыйналып жатыр ма, біліңдр! Біреу-міреу жолықса, «Қарасай батырдың ауылы қайда? Соған келе жатырмыз», – деңдер, – деді.
– Сонымен, қазақтардың қайда қашқанын білдіңдер ме?
– Білмек тұрмақ, міне көрдік.
– Шоқыр тағы қандай тапсырма берді?
– Жолда бұрылыс, жота, сай сыйақты қалқалау жер кездессе, «Жол ашық!» «Жол бұрылыс!» «Жол тар!» деген белгі беріңдер!» – деді.
– Ендеше қәзір өз атыңа өзің мін. Қасыңа Тайлақ, Ақмол деген екі інімді қосып берем, екеуі ана өлген қалмақтардың атын мінеді, үшеуің Жарбұлақтың бійік жотасына шығып, жол ашық деген белгі бересіңдер. Сонан соң қалмақтар жақындау жерге келгенде, жотадан түсіп, мына Қызылқыйаның беткейімен жүріп, анау жеке төбенің түбінен өтесіңдер де, сонау бійік төбенің үстіне шығып, жаудың алды Жарбұлақ жотасына әбден қаптап шыққан кезде ғана жол ашық деген белгі бересіңдер де, аспай-саспай төменге түсіп кетесіңдер. Жолды Тайлақ көрсетеді. Сонан соң аттарыңды жотаның астына құйысқандап қойыңдар да, өздерің Бөдестің қолына барып қосылыңдар! – Айтыуын Тайлаққа айтты да, жауабын Жұмағазыдан сұрады. – Ұқтың ба, ей, аңшы қазақ?
– Ұқтым.
– Әй, қазақ, атым кім дедің?
– Жұмағазы.
– Шыныңды айт: қазаққа қаның бұрып тұр ма, жоқ қайтадан қалмақ жаққа қашып кетесің бе?
– Құдай сақтасын!
– Онда, жолың болсын! Баста!
– Көп жаса, бауырым!
* * *
…Тау-тасты теңселткен тұйақ дүбірі сәт сайын үдеп, сәт сайын жақындап келе жатты. Осылай үдей берсе, жақындай берсе, сәлден соң аспан қақырап құлап түсетіндей. Бірақ бір кезде кілт бәсеңсій қалды. «Жарбұлақтың мойнағына жетті-ау», – деп шамалады Қарасай. Сәлден кейін жаудың күңкілдеген сөзі де құлағына жетті.
Қалмақтар жақындаған сайын жер де тыжырынып, жыйырылып, жійіркеніп жатқандай. Шөп екеш шөп те қыбырламай, қозғалмай, қәйтерін білмей қатып қалған тәрізді.
Қызылқыйаның үсті әп-сәтте-ақ қаптаған қалмаққа толып кетті. Алды жон үстінен еңкейе бастады. Оқпанаға дейінгі екі ара отыз қадамдай-ақ қалды. Алғашқы жебені атыу қақысы өзінде болғандықтан, Қарасай садақтың адырнасынша өзі де атыла жаздап тұрды. Топан сұуша қаптап келе жатқан қалмақтың қай жағына қарарын білмеді. Кенет озық келе жатқан бір қалмақ оқпананы байқап қалып, оқыс атының басын тарта қойды. Оның аты тоқтағанша зымыраған сұр жебе кеңірдегіне кірш ете түсті. Оның «Ғаһ!» деп қақалған даусын естіп, қасындағылар жалт қарады. Бір қалмақтың атынан ауып бара жатқанын көрген қазақтар жан-жақтан жаппай атқылай жөнелді. Қалмақтың қаннен-қаперсіз келе жатқан алдыңғы шебі әп-сәтте опыр-топыр баудай түсті. Жебелер жердің астынан ұшып шығып жатқандай зәрелерін алды.
Арттағылардың аттары осқырып, алдыға беттемеді. Алдыда не болып жатқанын білмеген арттағылар алдыға қарай ентеледі. Ақырында алдыдан жау шыққанын аңғарған қалмақтар тебініп, қатарын түзеп лап қоймаққа ыңғайланды.
– Жақсығұл, ат! – деді Қарасай өзі садағын шірене тартып. Жақсығұлдың мылтығы тарс еткеннен кейін бүкіл оқпананың өне бойы тарс-тұрс атыс пен бұрқ-сарқ қара түтінге көмілді де қалды. Шыңғырған ат, өкірген адамның үні құлақ тұндырады. Қалмақтар не кейін шегіне алмай, не ілгері баса алмай, тар беткейде топырлап, ұйлықты да қалды. Ысылдаған жебе, пырсылдаған оқ алдарынан адамсыз-ақ атылып жатқандай. Қалмақтар ес-тұсы қалмай састы. Сүт пісірімдей аралықта бүкіл беткей ат пен адамның өлігіне толып қалды. Екі таудың ортасы қара түтінге қақалды. Қалмақтар өліп-талып кейін шегінді.
Жота айналып, Қарғалы өзенін бойлап Тайлақ пен Ақмол Жәңгірге жетті.
– Бізден бірде-бір шығын жоқ, – деді Тайлақ атынан қарғып түсіп. – Тіпті ешкім жарақат та алмаған сыйақты.
– Әлгі Жұмағазы қашып кеткен жоқ па? – деді Жәңгір күліп.
– Жоқ, садақты жақсы атады екен. Аңшы болса, аңшы шығар.
– Қомпайға айтыңдар, бұл жақтан өте алмаған соң, енді жау сол жаққа жабылады. Бәлкім, бүкіл оқпана бойына енді бірден шабыуылдайтын да шығар. Қапы қалып жүрмесін, – деді Жәңгір.– Бұл жолы байқамай қырылды. Енді есін жыйып, алды-артын жыйнап, бар күшін салатын шығар.
…Естері ауып қалғандай, қалмақтар ұзақ уақыт бас көтермеді. Бір кезде Жәңгірге Тайлақ өзі жалғыз келді.
– Жарбұлақ жотасының ана шетінен мына шетіне дейін қанат жайып, қалмақтар бүкіл шепке бірден шабыуыл жасағалы жатыр, – деді аптыға дем алып, – Күнайім әпкелер он түйемен қымыз алып келіпті.
…Жәңгір жауынгерлерге бір-бір тостаған қымыз бергізді.
«Біздің бұл жолы ұрысқа араласпағанымыз өте ақыл болды, – деп ойлады. – Тек жайау әскері бар екен деп топшылайды қонтайшы. Атпен шыға келгенімізді көріп, тағы сасады әлі».
* * *
– Ал, жігіттер, ендігі кезек біздікі, – деді Қомпай жан-жағына жұдырығын түйе қарап. – Қызылқыйа жақты ала алмаған соң, қалмақтар біз бекінген еңісті осал тұс санайды да, осы араны бұзып өтіуге бар күшін салады. Естеріңде ғой, әуелі – садақ, сонан соң – мылтық. Бірінші, екінші қатарын ат-матымен сұлатып салсақ, өз өлігіне өздері сүрінеді. Әбден жақындағанша былқ етпей шыдаңдар. Бастарың да қылт етпесін. Жійембет аға біреуін жалп еткізгеннен кейін ғана жаппай атыңдар. Біз мылтықпен тек төртінші қатарда келе жатқандарды көздейміз. Сонда алды да, арты да қырылып жатқанын көрген қалмақ бұтына бір жіберіп алатыны сөзсіз.
Ол сөзін айақтай бере-ақ жота үстінен жаудың басы қылт етті. Бүкіл жота тіз-қатар қалмақ. Кезенген найзалары күнге шағылысады. Бүкіл оқпана бойына бірден жабылмақ.
– Қанды басыңды бері тарт! – деді Қомпай тістеніп. Бөгесін етіп беткейге екі қатар арша «егіп» тастағандары дұрыс болған сыйақты. Жаудың екпінін тежеу – тасқынды бөгеумен бірдей.
Жау шұрқырай шапты. Азан-қазан дауысқа арқа сүйеді. Жолдағы аршадан байаулап өтіп, енді екпіндетіп шаба бергенде, ең алдыңғы қалмақты Жійембеттің жебесі жалпасынан түсірді. Ысылдай жөнелген жебе жотаға қарай қарша борады. Бір қалмақ оқпанаға жете бере омақасты. Тірі екен, тұра сап ұмтылып еді, бір жігіт найзамен іліп алып оқпанадан асыра лақтыра салды. Ерлердің саспағанына сүйсінді Қомпай.
Бұл арада мылтық жоқ деп ойлады ма, қалмақтардың төртінші легі екпіндей шауып келе жатты. Ең алдыңғысын Қомпай бұрқ еткізді. Сол-ақ екен бүкіл оқпана бойы бұрқ-сарқ гүрсілдеді де кетті. Көк түтінге оранған беткей тасқыннан қалған тастардай теңкійген өлікке толды да қалды.
…Бұл жолы жаудың бар күшін салғанын Жәңгір сезді. Сонда да ұрысқа бірден араласпай, сабырмен күтті. Бір кезде оқпанадан бір-екі қалмақтың атпен қарғып өткенін байқады да,
– Ал, Елтінді, шап! – деді өзі де атын тебіне беріп.
Өзен жақ бүйірдегі жеке төбенің сыртынан атты сарбаздар ұбап-шұбап шыға келгенде, оқпанаға қарай омыраулай ұмтылған қалмақтар, не кейін қаша алмай, не ілгері шаба алмай, тағы ұйлықты. «Ұра соқ! Ұр-а!» – деген Ұзақтың қаһарлы үні қалмақтарға үстіне аспанды төңкере салғандай әсер етті. Атты әскерге қарсы айбат көрсете алмай қырылды. Оқпанадағыларды көрмей қайда атарын, кімді атарын білмей, берекесі қашып тұрған қалмақ, қалың атты әскер қаптап шыға келгенде, садағын ба, найзасын ба, қайсы қарыуын қолға аларын білмей тағы састы. Атты қазақтар оңды-солды қасапша қылыштады. Осыншама оңбай алданғанын көріп, Батыр қонтайшы ызадан жылап жібере жаздады. Тағы жеңілді.
Қамалы жоқ жердің қамалдан берік екеніне көзі жетті. Дәл мынандай масқара болармын деп мүлде ойламаған. Енді қәйтеді, тағы шабыуылға шыға ма әлде айналып өтетін айла іздей ме? Әлде бәрін ертеңге қалдырғаны дұрыс па?
Жарбұлақтың ең шетіндегі бійік жотада тұрып, өлікке толып жатқан қыйырға қыйнала, ызалана қарады. Іші өртеніп бара жатты. Қазақтар бұған күтпеген құулық жасаса, бұл да оларға күтпеген бір құулық жасағысы келді. Алайда ондай құулық ойына түспеді. Ақыл сұрағандай, сол жағындағы тауға қарады: түксійіп түнеріп тұр, мен сені өткізбеймін дейтін тәрізді. Өзеннің арғы беті де, бергі беті де бедірейген тік. Байқай алмай қалған бір өткелің жоқ па дегендей, оң жақтағы тауға да көз жіберді: төбесінен әлі түгел қары кетпеген оның да қаһарлы түрі ұнамады. Таудан өте алмай, қазылған ордан қарғый алмай, қазақтарға мазақ болғанша, өлсем, өлейін деп ойлады.
– Шоқыр! – деді бұрқ етіп. – Ақ тұу көтертіп, Жәңгірге адам жібер! Шақыр, «Шық!» – де жекпе-жекке! Сен қорқсаң, өзім шығам! Не өлем, не өлтірем!
* * *
Екі мәрте жеңіс Жәңгірдің жігеріне жігер қосты. Шегініп, жотадан түсіп кетпегеніне қарағанда, қалмақ тағы шабыуылға шығады. Босаңсымауы керек.
– Өлген, жараланғандар қанша, білші! – деді жанында тұрған Табайға.
– Ұзақ батыр жараланып қалды, қалғанын қәзір білейін, – деді ол атын бұра беріп.
Бір кезде Жарбұлақ жақтан әлдебір адам түсінбейтін абдыраған дауыстар шықты.
– Жеңілгенін мойндады, ақ тұу көтергелі жатыр! – деді бір жас батыр.
– Өй, қалмақтар қашты! – деді артынша тағы біреу.
– Қашты! – деді Табай құлағын тігіп. – Жалаңтөс жетті!
– Жетті! – деді әлдекім бар даусымен айқай сап.
– Оқпанадағылар да атқа қонсын! – деді Жәңгір Елтіндіге күлімсірей қарап.
Әп-сәтте атқа қонған сарбаздар бір-бірін ат үстінде құшақтап, құттықтасып жатты.
Қаһарман жота
Жәңгір бір жағына Қарасайды, бір жағына Жійембетті алып, Жалаңтөсті қарсы алыуға шықты. Араларында отыз қадамдай жер қалғанда тізгінін тартып, Жәңгір атынан қарғып түсті. Жалаңтөс те атынан түсіп, екі қолбасы бір-бірімен құшақ жайа амандасты. Омырауы ашық, жағасы жайлауынан кеткен, дұулығасы желкесіне сырғыған, қорбаңдай басып қасына келген Жәңгірді Жалаңтөс құшағына қысып, арқасынан қақты.
– Азбын деп саспаған, көптен қорқпаған, жаны қысылғанда да сабырын сақтаған салқам бауырым-ау, бармысың?!
– Бармын, батыр аға. Өз айтқаныңызды еске алып, алыстан әдейі шақырттым. Айыпқа бұйырмаңыз! Әкем өлгенде айтқансыз: «Өз жаның қысылса, әкеңнің арыуағын шақыр; еліңнің жаны қысылса, алыстағы мені шақыр!» – деп. Сізді көріп, жау қашты. Жеңіс сіздікі.
– Жоқ, жеңіс біздікі! Әскерің қанша?
– Жеті жүз.
– Жеті жүз? Мына қырғынды жеті жүз жауынгермен жасадың ба? Апырмай, қалмақтың өлімінен қара жер көрінбейді ғой? Жақындап қарайыншы. О-о! Қаһарманым-ай! Ордан оқпана жасапсың. Және жотаның дәл түбінен.
– Ана жақта жотаның үстінен қаздық. – Жәңгір қолымен «Етіктің қонышы» жақты көрсетті.
– Оны әлі асықпай көрерміз. Мен сенің құрығанда жыйырма мың қолың бар деп шамалағам. Әкеңе тартқан нағыз ер екенсің! Мына бекінісіңнің бәрін көрмей-ақ біліп тұрмын, мына ерлігің ертегіден бір кем емес.
Мен әскерій оқыуды біраз оқыған адаммын. Мына ерлігің – мыйға сыймайтын ерлік. Әуелі жауды құуайық, сонан соң әңгімелесерміз, әлі. Саспайтын талай сабаз, талай салқам адамды көріп едім, бірақ тап сендей темір мінездісін кездестірмеппін.
– Сасыуын састым ғой. Халқымның бетке ұстар батырларын қырып алам ба деп қорықтым. Мылтыққа сендім, жерге сендім, Сізге сендім.
– Еліңнің бағына тұуған ерім екенсің. Жыйырма үш мыңымды алып мен де жеттім. Енді қарап тұрмайық! Қашқан, сасқан жау саса түссін, құуайық, жігіттер!
* * *
Ұзақ досының қара санынан жараланып қалғанын көргенде, Елтінді оның тірі қалғанына құуанды. Найза қыйғаш қадалыпты, сүйекке тіреліп тоқтаса керек.
– Атқа көтеріп мінгізіп, үйге алып кетейін, – деді Тайлақ ағасының ана жағына бір шығып, мына жағына бір шығып.
– Жоқ, – деді Елтінді басын шайқап. – Бармайды. Осында қалады. Ертең Үшсұудың Құйғанына үй тіктіреміз. Жеңіс тойына ол қатыспаса, мен қалай қатысам? Той өткен соң Түлкілідегі арасанға өзім алып барам. Жарасына кійіз күйдіріп басыңдар. Найзаның ұшы тійгенге шыдамаса, оның несі батыр? Батыр атын былғап алмаңдар!
– Ійә, сөйт, – деді Ұзақ досын қостап.
…Жалаңтөстің жау соңына түскен батырлары түнделетіп қайта оралды. Қалмақтар Түргентоғайға тығылып үлгеріпті. Адамдары алдыға түсіп, малдары соңында қалған болыу керек, жүз қаралы жылқы мен бір қора қойын олжалап қайтты. Сірә, арнайы малды күзететін әскері болар, жүз қаралы қалмақ жолдарын кес-кестеген екен, бұлардың қалың әскер екенін көріп, бет-бетімен тоғайға қашып тығылыпты. Бұлар малды алдына салып айдай жөнелгенде, екі атты қатын тоғай ішінен бұларға қарай қашыпты. Оның бірі Бұурайкенің бәйбішесі, екіншісі қонтайшының қазақ тоқалы Ұмсын болып шықты. Бәйбіше Ұзаққа, Ұзақ бәйбішеге көрісіп, бір-біріне көңіл білдірісті.
– Назарым жау қолында кетті! – деді бәйбіше Ұзаққа мұңын шағып. – «Қаш!» – дегем, қаша алмай қалды-ау, сірә?!
– Аман болса, ерте ме, кеш пе, ол өзі жол тауып келеді,–деді Ұзақ енесін жұбатып. – Ол балаңыз жай бала емес, батыр бала.
– Апа, Ахай көмектесер, балаңызды ойлап, уайымдай бермеңіз, бүгін-ертең артымыздан келіп қалар, – деді Ұмсын да бәйбішеге басыу айтып.
– Ахай мен қонтайшы ақыры табысты ма? – Сөзің де, өңің де қырғыздан ғөрі қазаққа жақын сыйақты, сен кімсің? – деді Ұзақ Ұмсынға. – Көрмеген адамымсың.
– Мен қонтайшының қазақ тоқалымын, Ахайдың күндесімін. Күндестен құтылам деп, Ахай апам екеумізді өзі жолға салып жіберді.
– Е, онда Назағама да көмектесер.
– Көмектеседі. Оны өте жақсы көреді. Қонтайшының кәрінен оны аман алып қалған да сол. Әй! – деп, Ұмсын кенет анадайда кетіп бара жатқан Жұмағазыны байқап қалды. – Ана бәле мұнда қайдан жүр?
Тосын дауысқа Жұмағазы жалт бұрылды.
– Өй, – деп, ол да таңырқады. – Қонтайшының тоқалы қайдан жүр? Ендігі қалмақ боп кеткен шығар десем.
Екеуіне бәрі таңырқап қарады…
…Ертесінде жауды ертелетіп құуған қазақтар он шақты малдан басқа жау таппай таң қалысты. Тоғайдың арғы беті, бергі беті, төмен жағы, өр жағы – бәрі жым-жылас, еліу мың әскер, он мың тұтқын, қырыуар жылқы мен қыйсапсыз қойдың қайда кеткенін таба алмай, бәрі аң-таң. Не Ілеге қарай, не Қорғасқа қарай кеткен алыста да, жақында да жау ізі жоқ, жер жұтып қойғандай. Тау мен тасты тінтіп жүріп, жаудың жұмбағын ақыры түс әлетінде Елтінді тапты. Түргенге Үйтас өзені құйатын тұмсықты өрлеп жаңадан бір кер жол түсіпті. Арық аттың арқасындай жотаның қыспақ жерін әлденемен қашап кеңейтіп, сол арадан жау түнімен шұбап өтіпті. Не деген жанкешті жау? Елтінді еріксіз басын шайқады. «Сасқан үйрек артымен сүңгіген екен!» – деді таң қалып. Бүкіл мал-жан бір ғана ізбен бір түнде түгел өтіп үлгеріпті. Таңданған Елтінді тағы басын шайқады: қасап қырғыннан қалмақты құтқарып қалған құдай ма, қонтайшының ақылы ма?
… Оқпананың бүкіл бас-айағын аралап көргеннен кейін Жалаңтөс жота үстінде басын шайқап біраз тұрды. Тық-тық таңдайын қақты.
– Қолайлы жерді қалай жақсы таңдағансыңдар! – деді Жәңгірді көзімен аймалап. – Телегей күшті терең ақылдың қалай жеңгені ап-айқын көрініп тұр. Жер жарықтықтың ыңғайлысын-ай! Ыңғайлы жерді таба білген тарландарым-ай! Бізсіз де берілмейтін екенсіңдер.
– Жоқ, батыр аға, дер кезінде келіп үлгірдіңіздер. Көптің аты көп қой, тыйтықтатпайтын еді.
– Мынандай бекінісі бар қазақты қалмақ қалай тыйтықтатады? Ала алмай, алдымен өзі тыйтықтайды. Жер мен жер ійесінің осыншама бір-бірін қолдап, осыншама ұғыса білгеніне қатты қайран қалып тұрмын. Мына жота, менің бағалауымша, жаны бар жота. Елін, қазағын қорғай білген қаһарман жота. Келіңдер, кійелі жерге басымызды ійейік!
Жалаңтөс атынан түсіп, оқпананың алдына тізесін бүкті. Басын ійді.
Бүкіл әскер сөйтті.
Хан
…Жарбұлақтың төмен жағындағы бійік жотасына жеңіс жалауы тігілді. Жорық қазандары әр жер-әр жерде бұудақтай бастады. Бір кезде жалау тігілген жотаға қарай Қарасай жайау көтерілді.
– Бауырлар! – деді оң қолын өрге көтеріп. – Айтса, адам нанбастай; көрсе, көз сенбестей ұлы жеңіске жеттік! Құтты болсын! Тұуған ел, тұуған жер қолдады бізді. Елі үшін, жері үшін, халқы үшін ажалдан қорқпай алысқан батыр бауырларыма; сол бауырларына көмектесіу үшін, күн демей, түн демей жүріп жеткен Жалаңтөс ағаға, оның сарбаздарына алда да құдай қолына құуат, жанына медет берсін! Елі үшін, жері үшін құрбан болған бауырларымыздың жаны жанатта болсын! Жалаңтөс аға, оғымыз бітіп, мылтығымыз тайақ болып қала жаздағанда жеттіңіздер. Ойдан, қырдан бәріміздің басымыз қосылып тұрған осы бір айтыулы шақта мен бәріңе бір өтініш жасағалы тұрмын.
Жұрт тым-тырыс тына қалды.
Қарасайдың қатты толқып тұрғаны, қаншама өзін өзі ұстауға тырысқанымен, даусының ырғағынан бәрі бір аңғарылды.
– Айтыңдаршы, кешегі ұлы жеңіске басшылық жасаған кім?
Соны да білмей ме дегендей, көпшілік бір-біріне қарасты.
– Жәңгір ғой, – деді әлдекім жақыннан күңк етіп.
– Жәңгір! – деді көпшілік іліп әкетіп.
– Ендеше сол Жәңгірді бүгін неге хан көтермейміз? Әлде ылайық емес пе?
– Ылайық! Ылайық! Көтерейік!
– Ендеше, Ағынтай, әкел ақ кійізді! Жалаңтөс аға, Жійембет аға! Бата екеуіңізден. Жақсығұл! Қомпай! Елтінді! Көксерек! Мәмбет пен Үмбет! Сарбұқа! Табай! Көтен! Бөдес! Сырымбет! Ханды ақ кійізге отырғызыңдар!
Жәңгір ақ кійізден жалаудың жанына жетіп түсті. Жійембет жанаса келіп, қамшысын көтерді.
– Жараңдар! Батырлар! Бауырлар! Мен араларыңдағы қарт жауынгердің бірімін. Сарбазбын.
– Сардарсыз! – деді Қарасай саңқ етіп.
Жійембет оған бір қарады да, сөзін жалғастыра берді. – Жәңгірдің әкесі Есім ханмен бірде татыу, бірде қатыу болған жайым бар. Қара Ертістің бойында қалмақтарды бықпырт тійгендей талқандап жеңгенде, алғыс айтқан Нұрғожа бій: «Енді сені жай Есім дегеніміз ұйат болар, ерекше Есім екеніңді ерлігіңмен дәлелдедің, бұдан былай «Еңсегей бойлы ер Есім» дейік. Сен елің үшін сондай атқа ылайықсың,» – деген болатын. Содан былай жұрт Есімді «Еңсегей бойлы ер Есім» атап кеткен-ді. Енді мен Жәңгірге де ханға ылайық жаңа ат берсем бе деп тұрмын. Жәңгірдің «хан баласы», «сұлтан», «батыр» деген аты бұрыннан бар. Мен Жәңгірді бала күнінен білем. Ол бала күннен бұқарашыл болды, ешкімді кемсітпейтін, ешкімді іренжітпейтін; бай, кедей демей, қалың баланың ортасында салқамдық сақтап, аспай-саспай ойнай беретін. Сол салмақты салқамдығын, саспайтын сабырлылығын осы жолы Жәңгір тағы көрсетті. Келген бойда Жалаңтөс ағасының айтқанын естідіңдер ғой. «Азбын деп саспайтын, көптен қаймықпайтын салқам бауырым», – демеді ме? Хан сайланған адамға қазақ ежелден жаңадан жанама ат береді. Біз де берейік. Қой жылы таққа отырған жаңа ханымызды бұдан былай «Салқам Жәңгір» десек, жараспай ма?
– Жарасады! – деді Жалаңтөс жұрттан бұрын дауыстап.
Ұлы жеңістің соңы хан сайлаумен осылай сабақтасты.
Жеңіс тойын жота үстінде қомдаған кійізге оранып отырып көрген Ұзақты Елтінді мен Тайлақ екі жақтан көтеріп, Жарбұлақтың мойнағына қарай әкеле жатқан. Алдарынан асып-сасып Сарбұқа шықты.
– Апырмай, масқара болмасақ не қылсын! – деді шұнақ құлағын әдетінше уақалап.
– Е, не болды?
– Ойбай-ау, ел естігенді сен естімегенсің бе, Елтінді? Жәңгірдің қарындасы ұшты-күйлі жоқ. Жәңгір бағана: «Күнайым неге көрінбейді?» – деп, жан-жағына қараған екен, соны естіп, Көксерек маған келді, мен жалма-жан Ақмолды іздеттім, сөйтсем, Ақмолда жоқ. Тегі, екеуін көрдік деген тірі пенде жоқ.
– Мен екеуін де көргем, – деді Тайлақ, көргеніне кінәлі адамдай ыңғайсызданып. – Қашан? – Сарбұқа тіксіне қалды.
– Жалаңтөс ағалар келгенде.
– Ой, ол кезде бәріміз осындамыз ғой. Содан кейін көрмедің бе?
– Мен Ақмолға ілеспей, ағамның қасында қалдым. Ал ол Жалаңтөс ағаның жауынгерлерімен бірге жауды құуам деп кеткен. Күнайым да қасында болатын.
– Содан кейін көрдің бе?
– Содан кейін көретіндей болғам жоқ қой.
– Өй, мұның онша жақсы хабар емес қой, – деді Сарбұқа ойланып. – Ақмол алып қашып кетті ме жоқ әлде жауды құуамыз деп, жаудың қолына түсіп қалды ма?
– Алып қашып кете қоймас. Жаумен бірге жағаласатындай Ақмол ақымақ емес шығар. Ал құуам деп барып, қапыда қалмақтың қолына түсіп қалыулары әбден мүмкін, – деді Елтінді жағдайдың жамандық жағын бірден ойлап. – Өйткені Түргентоғайдың ішіне кіріп кетсе, қалмақтың қайда екенін, қазақтың қайда екенін Күнайым екеуі қайдан ажырата қойсын? Бұрын көрмеген жерлері ғой.
– Жәңгірге енді не айтамыз?
– Кәзір Ұзақты үйге кіргізейін де келейін. Екеуміз айтайық. Жасырғанымызбен, жоқ табыла ма?
– Сен келгенше тағы сұрастырып көрейін, – деді Сарбұқа әлі де әлденеден үміттеніп.
* * *
Күнайымнан айырылғаны қанша жанына батса да, Жәңгір жыламады. Өлігі табылмаған адам тірі деп сенді. Ерте ме, кеш пе, тірі адам табылыуы тійіс.
Жеңістен кейін де жеңіл заман орнай қойған жоқ. Жәңгірге ешкім: «Жүр, Ойжайлауды көр!» – дей қойған жоқ. Жәңгір де ешкімге: «Әлгі Ойжайлауларың қайда? Көрсет!» – дей алмады.
Бауыр
Ұзын бойлы, ірі сүйекті Назарға жылқышы қалмақ үнемі үреймен, күдікпен қарайды: Оның ойынша, оның он үште екені өтірік. Өйткені жүріс-тұрысы, аттың құлағында ойнайтын әбжілдігі зіңгіттей жігіттікінен бір кем емес. Ал, Назардың ойынша, ол бұдан қашып кетеді деп қана қорқпайды, өзімді өлтіріп кете ме деп те сескенеді. Үрке қараған үрейлі көзінен соны аңғарады. Қалмақ жылқышыларының қолында – найза, белінде – қылыш. Ал Жолдыбай екеуінде қамшыдан өзге құрал жоқ. Сонда да бұлардан қорқады. Мейлі, қорққаны жақсы. Мыңғырған малдың бәрі бұрын қырғыздікі еді, қәзір қалмақтікі. Өз жеріне қашып кете ме деп, бұлар малдан да қорқады.
Әскер Жарбұлаққа қарай қозғалғанда, мал мен малшылар Түргентоғайдың батысындағы тепсеңде жайылып жатқан. Кеш бата ілгері жылжып қонармыз деп ойлаған. Алайда жер бетінде өзімнен басқа тағы басқа біреу бар-ау демей келе жатқан қалмақ қас қарайа бере жапа-тармағай жан сауғалап қашты. Соны көрген Назар іштей құуанып, «Құдай бұйыртса, бүгін қашам!» – деді бекем шешімге келіп.
Әскердің артынан мал мен малшылар да Түргентоғайға қарай қашты. Қазақтың қолы құуа жетіп, аздаған малды айырып әкеткенмен, тоғай ішіне індетіп кірмеді. Сірә, сескенген болар. Тоғайдың ішінде тосын жағдайға тап келіп қалыулары мүмкін ғой.
Ал қалмақ әскері Түрген өзенінің екі саласынан да өтіп кетіп, екі саланың ортасындағы тоғайға малдар мен малшылар ғана тығылды. Сол арадағы ашық алаңқай жылқыны ійіріуге ыңғайлы жер екен. Жолдыбай мен Назарды үш қалмақ аңдыйды. Көп сөйлемейтін, қабағы ашылмайтын қалмақ қайда барса да қастарынан қалмайды. Ол бұлардан, бұлар одан қорқады. Екі қырғыз жылқыны күзетсе, үш қалмақ бұларды күзетеді.
Дәл бүгінгідей сәтті кез тұуа бермесін Назар түсінді. Адыраңдап, қодыраңдап келе жатқан қалмақтардың жүні бір-ақ күнде жығылды. «Сол аласапыранды пайдалан», – деген Ахайдың сөзі жадында. Жолдыбаймен не көрсе де бірге көрмек. Түн жарымнан кейін де, жат жерге барғысы келмегендей, жылқы жаныуар жұусамады: біресе ана жерден, біресе мына жерден жырылып, топ жылқы тоғай ішіне қаша берді. Соны пайдаланып, Жолдыбай мен Назар да жылқы қайырғансып, соңынан ұзай берді. Арттарына жалтақтап, жылқының алдына енді шыға бергендерінде, ырс-ырс еткен үш қалмақ құуып жетті. Не дегенін Назар байқамай қалды, Жолдыбай бірдеме деп еді, қалмақтың бірі әй-шәй жоқ найзасын дәл қабырғасынан сұқты.
– Өлдім-ау! – деді Жолдыбай атының жалын құшып. Одан сыпырылып жерге түсті. Үзіліп бара жатқандай ыңырсыды.
Назар атынан түсе сап басын ұстады.
– Ұзақ жездеңнің ауылы осы маңайда, – деді Жолдыбай күбірлеп.
– Не дейді, ей? – деді қалмақ Назарға ақырып.
– «Атыма мінгіз», – дейді.
– Мінгіз ендеше!
Назар көтермелей сүйреп Жолдыбайды орнынан тұрғызды. Тағы бір қалмақ атын көлденең тартты. Тағы бірі қолтығынан демеп, атына мінгізісті. Бірақ Жолдыбай атқа отыра алмады, ат жалын құшып ыңырсый берді. Қатарласа жүріп, Назар атын жетектеп алды. Қашқан жылқыны қалмақтар қайырып әкелген кезде, Жолдыбай ат үстінен жерге топ ете құлады. Атынан түсе салып Назар басын көтеріп еді, тіршіліктің ешбір нышаны байқалмады. Жау ішінде жалғыз қалған Назар жылап жіберді. Жерлейін деп, өлікті тоғай ішіне көтеріп әкетті.
– Кетеміз, таста! – деді түкійген қалмақ ақырып.
Қонышынан кездігін алып, Назар үн-түнсіз екі ағаштың арасын қазғылай бастады. Қалмақ не істерін білмей дағдарып қалды. Назар қазған шұңқырына өлікті сүйреп түсірді де, бетіне Жолдыбайдың өз қалпағын жауып, үстіне топырақ үйіп, бейіт жондады. Сонан соң қалмақ екеуі үн-түнсіз аттарына қарай айаңдады. Сақтанғаны ма әлде қызыққаны ма, ым жасап, қалмақ кездігін сұрап алды. Қыймаса да, найзалы қалмаққа Назардың қылар айласы болмады: берді.
Назар атына мінейін деп жатқанда, қалмақ тізгінді қолынан жұлып алды. Екеуі аттарын жетектеп, жылқы шетіне қарай жайау айаңдады. Екі қалмақ қастарына келіп: «Ұйқтап қалмаңдар! Қәзір кетеміз», – деп ескертті.
Атын байлады да, Назар ағаштың түбіне қыйсайа кетті. Қалмақ жылқышы да сөйтті.
Айсыз түнде айнала түнек. Тоғайдың іші тіпті көзге түртсе көргісіз. Салқын желемік ағаштардың ұшар басын ғана қыбыр-жыбыр ырғайды. Жұусаған жылқы, мүлгіген тоғай. Тіршілік осы араға шөгіп, ұйып қалғандай.
Қәзір қалмақтар кетеді. Ашынған жау айдаһардан жаман. Бұған да Жолдыбайдың жолын құштырыуы мүмкін. Назар жан-жағына сақтана көз тастады.
Бірде Табай ағасынан: «Батыр қорқпай ма?» – деп сұраған. «Қорқады, бірақ өзгені қорқытады», – деген. Демек сабыр сақтайды, сөйтіп айласын асырады. Бұл да сөйтіуі керек.
Қалмақ жылқышы қыбыр етпейді. Атын шешіп алыу мүлде мүмкін емес. Не де болса деп, әжет қысып бара жатқан адамша ішін басып еңкейе түрегелді. Әдейі қалмақтың дәл алдынан өтті. Ол ойау екен, орнынан ұшып түрегелді. Назар ұзаңқырап барып отыра кетті. Сол сәт жылқы шетінен қалмақтардың дабыр-дыбыры шықты. Сірә, қозғала бастаған сыйақты.
Әріректе тұтасқан топ бұта тұр екен, екі тізесін бүккен қалпы Назар солай қарай шоқақтады. Шоғырланған ійтмұрынның түбі қара түнек қалқа екен, жұуан білектей кеспелтекке сүрініп қала жаздады.
Келген жағынан ағаш арасы сыбдыр етті. Қалмақтың найзасын кезеп келе жатқанын азар байқады. Оған естірте ышқына күшенді. Қатыу келе жатқан қалмақ кілт тоқтады. Енді екеуін не өлім, не өмір ажырататынын Назар түсінді.
– Тұр, ей! – деді қалмақ жекіп.
Назар тағы күшенді. Екі қолын бұтынан алмай, кеспелтек ағаштың дәл шетіне шоқақтап барып тоқтады. Оның тұра қоймағанына ашыуланып, қалмақ найзасын кезеп тап берді. Найзаның ұшын Назар шап берді. Тартып қалып еді, қалмақ етпетінен түсті. Кеспелтекті ала сап тап қарақұсынан періп қалды. Ыңқ еткен қалмақ тырп етпеді. Аңырып аз тұрды да, қалмақты аударып шалқасынан жатқызды. Сонан соң сүйреп апарып ійтмұрынның ортасына тастай салды. Айағы сыртқа шығып қалған екен, көрінбесін деп, өкшесінен көтеріп лақтыра бергенде, қолы етігінің қонышына тійді. Қолын тығып жіберіп кездігін іздеді. Оң қонышынан тауып алып, өз қонышына тықты. Үсті-басын қағып, жан-жағына қарады.
«Ой, атаңның аузы!» – деді күбірлеп. Қалың ійтмұрыннан қалмақтың өлігі көрінбеді.
Ажалдың аузында тұрғанын Назар ұқты. Қолға түссе, қалмақтың өлтірері хақ. Олар мұны, сөз жоқ, төмен қарай қашады деп ойлайды; одан таппаса, батысқа қарай – қазақтың ішіне – қашады деп шамалайды, ал шығысқа – қалмақ кетіп бара жатқан жаққа қашады деп ойлай қоймауы мүмкін. Тәуекел деп, шығысқа – Түрген өзенінің үлкен саласына қарай – қашты.
Ұзай бере арт жағынан шыққан қарбалас шаң-шұң дыбыстарды құлағы шалды. Өзен жағасы тұтасқан шырғанақ екен, етпеттеп ішіне жата кетті. Дүрсілдеген ат дүбірі тап үстіне төніп тұрғандай естілді. Кеудесін сәл көтеріп, құлақ түріп еді, ешқандай құуғын-сүргінді құлағы шалмады. Сонда барып аңғарды: зәресін алған өз жүрегінің дүрсілі екен. Сол етпеттеп жатқан бойы тырп етпей, тоғайдың қалай тыныс алғанын тыңдады.
Аз жатты ма, ұзақ жатты ма, өзі де білмейді, денесі тоңазығанда барып басын көтерді. Өзеннің өр жағынан еміс-еміс дабыр-дұбыр естіледі, бірақ оның не қылған дабыр екенін ажырата алмады. Өз айналасында дабыр-дұбыр да, қыбыр-жыбыр да жоқ, мылқау тыныштық. Соның өзі тым қорқынышты: қыбыр еткенін аңдып қалмақтар қоршап тұрған сықылды. Құлағын төсеп тың тыңдап еді, дәл қасынан әлдене жыбыр етті. Тышқан болыуы керек? Әлде жылан ба? Назар ұшып түрегелді. Ағаштың жалқау сыбдырынан басқа ешбір сыбыс естій алмады. Бүкіл тоғайда жалғыз қалғанына көзі жетті. Енді қалай қашады? Ұзақ жездесінің ауылы қай жағында? Өзенді құлдай жүргенім дұрыс шығар, өзен бойы елсіз болмайды ғой деп түйді.
Күн құланійектенгенде оң жағынан өзеннің тағы бір саласы қосылды. Тұйыққа тірелді. Өзеннен ары өтсе, құуғыннан құтыларына сенді. Қалай дегенмен, оң жақтағы сала қазақ ішіне жақын. Соны өрлеп өткел іздеді. Тау-тасты тіліп аққан өзеннің жайылма жерін таба алмады. Күркіреп, гүрілдеп, шапшып аққан сұудың ағыны аса қатты. Түрген десе дегендей, тез, арқырап, бір ағысты бір ағыс түре құуалап ағады. Тасша домалатып әкететін түрі бар. Сұуы да, сұсы да сұуық: жұтып жіберетін жалмауыздың жұтқыншағындай. Осылай өрлей берсе, байағы өзі қашып шыққан араға жақындай беретінін сезді. Ол жақта мұны не күтіп тұрғанын бір құдай білмесе, басқа білмейді. Тәуекелсіз түк бітпесіне көзі жетті. Тасты тіліп аққан сұудың мұны қаңбақша қағып әкетері көрініп тұр. Ал арғы жағаға жүзіп жетсе, тік қабаққа шыға алмай тайғанауың тағы мүмкін; онда ағын сұу мұны айдаһардай жұта салады. Әлде таң атқанша бұғынып жата берсе ме екен? Қалмақтың қолына қайта түссе, бүкіл ісі еш кетпей ме? Өйтіп өкінішпен өлгенше сұуға кетіп өлгені артық емес пе?
«Міне! – деді кішкене сарқыраманың жоғарғы жағына келіп. – Осы арадан өтем!»
Өзеннің ені он бес-жыйырма қадамдай. Секіріп сұуға түссе, ағыс өзі-ақ іліп әкетеді.Тек арғы бетке сарқырамаға жетпей өтіп үлгеруі керек. Сұу – сұуық. Сіңірі тартылса, – өлгені. Кенет тоғай ішінен қорқ еткен тосын бір дыбыс естілді. Адам ба, аң ба, айыра алмады. Енді өтпесем, мүлде өтпей қалармын деп ойлады. Апыл-ғұпыл шешінді. Етігінен кездігін алды. Қынын қайтадан қонышына тығып, жалаң кездікті жерге тастады. Арғы беттегі жарқабақтың жалама екеніне қарап, керек боларын болжады.
Бүкіл кійімін бүктеп, белінен шырмауықпен шырмай байлайды да, арғы бетке қарай бар құлашымен лақтырды. Сонан соң мұздай сұумен бет-аузын ысқылап, екі айағын кезек-кезек малып, біраз уақыт денесін үйретті. Арғы беттің аласалау тұсын көзбен мөлшерлеп, кездігін оң қолына ұстады да, сәл жоғарылап барып тоқтады.
Секіріп, сұуға күмп берді. Ағыс оқша зымыратып ала жөнелді. Сұуда ағып келе жатқандай емес, аспаннан құлап келе жатқандай. Айақ-қолымен қарманып, құлаштап жүзіп, жан-дәрмен арғы жағаға қарай ұмтылды. Құлағына сарқыраманың сарыны жетті. Жағаға қолы тійгендей болып еді, айағын тірейтін тірек таппай, ағын сұу тағы ала жөнелді. Қақалып-шашалып жағаға қарай жан-дәрмен қарғыды. Оң қолындағы кездікті құлаштай сілтеп жағаға сұқты. Тасқа сарт еткен кездіктің ұшы бырт сынып кетті. Жұлып әкеткен ағыс сол жамбасын тас жағаға сыдыра апарып соқты. Ауырсынған Назар тістене төзіп, сынық кездігін тас жағаға тағы сілтеді. Тастың бетін сырғанай сызып кесіп, сынық кездігі тійттей жырыққа кірш қадалды. Жалма-жан тізесін бүгіп, сол айағын тасқа тіреді де, сол қолымен тасты тырмалап, сыртқа шығыуға тырмысты. Көбесі сөгіліп, саусағының арасынан шып-шып қан шықты. Ышқына ұмтылып жағаға шықты. Тізесі, шынтағы, жамбасы – бәрін тас сыдырып, қанталап кетіпті. Аман қалғанына құуанды. Кеудесінен шығып кеткен жаны кеудесіне қайта кіріп жатқандай, өне бойы бірт-бірте жылынып келе жатты. Үсті-басын алақанымен ысқылап, жалаңаш күйі ары-бері жүгірді. «Балам-ау, мынауың ұйат қой», – дегендей, күн шұғыласы тоғай асып жылт ете қалды. Асығыс-үсігіс кійіне бастады. Ұшы сынған кездігін тастай салыуға бір оқталды да тоқтай қалды. «Бұл болмаса, сарқырамаға барып, быт-шытым шығар еді ғой», – деді өзіне өзі ақыл қосып. Оның үстіне, Аханың көзі де ғой бұл кездік.
Өлімді көзімен көріп, қолымен ұстап, Жолдыбайды өз кездігімен жерге көмген Назар өзінің өлімнен құтылғанына енді ғана көзі жетті.Тарқатылған шүйкедей, көз жасы бетінен шұбырып ійегіне ақты. Тірі қалыудың өзі тілмен жеткізе алмайтын құуаныш екенін жүрегімен сезді.
Жайау адамға айналаның бәрі алыс, қайда барарын, қалай жүрерін білмей бөгелді. Өзеннің оң жағасы ағашсыз, тоғайсыз жадағай екен, ашықпен жүріуге жүрексінді. Біраз еңістеп келіп, кілт тоқтады. Таудан ойға кетіп бара жатқаным қалай деген ой басына сап ете қалды. Қазақ пен қырғыз жаз бойы жайлауда, тау ішінде болмай ма? Ел-жұртты мынандай жазда тек жайлаудан іздеуі керек емес пе? Осы оймен тіке батысқа қарай, алдында көрініп тұрған тауға қарай тартты.
Төбеге шықсам, төңірек көрінер деген оймен жақын арадағы жотаға қарай жүрді. Қылт етіп төбеге шыға келгенде, өр жақтан сауылдап келе жатқан бір топ салт аттыны көрді. Бұғына қалам дегенше, олар да мұны байқап үлгерді. «Ой, атаңның аузы!» – деп, әуелгіде қалмақтар секілденіп, сескеніп қалды. Артынша қазақтар екенін кійімдерінен таныды. Құуанғанынан қарсы жүгірді.
Алда келе жатқан құла атты кісі тоқтай қалды.
– Балам, айдалада нағып жүрсің?
– Ассалаумағалейкум!
– Әлійкісалам! Ійә, жөніңді айт, қай баласың?
– Құда баламын.
Құла атты кісі мұртын бір сыйпап, жылы жымыйды.
– Танымадым, қай құдамның баласысың?
– Мен қазаққа құда баламын.
Құла атты кісі мырс күліп, ійегін қасыды. – Міне қызық! Бүкіл қазаққа құда болатындай қандай құдіретің бар, балам?
– Ешқандай құдіретім жоқ. Мен қырғызбын, аға. Әпкемді Ұзынмұрт Ұзақ батыр деген қазақ алған. Соны іздеп келемін.
– О-о, онда жөн. Бауырыңды қазаққа берсең, онда, шынында, барша қазаққа құда екенсің. Алайда, балам, құда болсаң, бұл айдалада қайдан жүрсің? Жөндеп жөніңді айтшы!
– «Таныспай жатып, көлденең кісіге жөніңді айтпа», – дейтін әкем. Өзіңіз кімсіз, аға?
– Өй, мынауың бала емес, бәле ғой! –деп қалды біреу.
Құла атты кісі оның сөзін құлағына қыстырған жоқ. Назарға сүйсіне, таңдана қарады. Кенет атынан қарғып түсіп, қарсы жүрді.
– «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал алдынан шығады», – деген, балам. Болайын деп тұрған бала екенсің, құдай бағыңды ашсын! Мен Жалаңтөс батырдың жүзбасы Тілеу деген ағаң болам. «Қазақ пен қырғызды қалмақ шауып жатыр», – деген хабар алған соң, ел мен жерді қорғауға келген ағаңмын. Ал сен айдалада нағып жүрсің?
– Мен сол қалмақтардан қашып шықтым, аға. Тұтқын болып, жылқысын бағып жүргем. Олар менің әкемді, бауырларымды, жеңгелерімді де – бәрін қырды, мен өзіммен бірге жылқы күзетіп жүрген қалмақты өлтірдім де, тоғайдың ішіне тығылып қалдым.
Бар шындығын айтқан Назарды бауырына басып, Тілеу арқасынан қақты.
– Жүр, анау шеткі ағаңа мінгес! Жездеңді іздеп келе жатсаң, қалың қазақтың ортасына алып барайық, сол арадан өзің тауып аларсың.
* * *
Арада жылға жұуық уақыт өтті. Жеңілген қалмақ: «Бекер соғысыппыз. Жеңіліп қалдық, енді қазақпен достасайық», – деген жоқ. Қайта бұрынғыдан бетер кектеніп, қазаққа тісін қайрап жатты.
Ахайды қайтарғанмен, Ұмсыннан айрылған қонтайшы енді тіпті ашыуға мініп аласұрды. Соның бәрі Ахайдың көз алдында болып жатты. Ұмсынның көзі құрымай, қонтайшы бұған байағысынша қарай қоймайтынына оның көзі анық жетті. Бірақ күндесінің көзін қалай құртарына, одан қалай құтыларына ақылы жетпеді. Қонтайшы екеуінің арасына Ортақ қана дәнекер болып тұр. Оны қонтайшы елініп, еміреніп жақсы көреді, қасынан қалдырмай, қайда барса да, бірге ертіп жүреді. Байқайды, Ортақ та оған бірте-бірте бауыр басып барады.
Қырғыз да, қазақ та, қалмақ та – бәрі Ахайға бір қалыптан шыққан халық сыйақтанады. Бәрінің ойын, бәрінің тіршілігін соғыс бійлеп алған. Қазақтардан соққы жеп қайтқан қонтайшыны қалмақтың өзі соғысып қарсы алды. Не деген сұмдық? Неге өйткендеріне ақылы да, зіні де жетпейді. Бір адамды жек көргендіктен, ол басқарған бүкіл халыққа қарсы шығыуға бола ма? Әлде халық дегенің өзі бір адамның басқарыуына көніп, соның дегенінен шықпайтын, бәрі бірдей бірдеме ме?
Ойлап қараса, адам атаулы халқының қамынан бұрын өз қамын ойлайтын тәрізді. Өзгені айтпай-ақ қойғанда, өз қылығы солай. Бұл, тегі, анау да, мынау да емес, қонтайшының қатыны ғой. Қонтайшы бүкіл қалмақты басқарып отырғандықтан, бұл да халықтың қамын ойлауға тійісті емес пе? Өйтпеді. Өз қамын ойлап, қонтайшының хас жауы болған Бұурайкенің қатыны мен баласын қонтайшыдан жасырып құтқарып жіберді. Өзінің жағдайын жақсартыу үшін, қонтайшының жақсы көрген қатынын қашырып жіберді. Бәрі өз қамы үшін.
Өзі қазақтан жеңіліп, қырыуар әскерінен айрылып, қамығып келе жатқан қонтайшыны Қобық Сауырға жете бергенде, өз қалмағы Күнделен шапты. Не үшін? Әрійне, ел үшін емес, өзінің кегі үшін. Сол арада қонтайшыны бұл тағы сатты. Күнделенге емес, тағы қазаққа сатты. Өздері қашып-пысып жүрген қалмақ жауынгерлері Түргентоғайда қазақтың ерлі-байлы екі адамын тұтқындап әкелген. Тілдерін түсінеді деп, жігіт пен келіншекті олар бұған алып келді. Әлгі келіншек Жәңгірдің қарындасы болып шықты. Жәңгір – бұған жақсылық жасаған адам. «Мені жақсы күтті, сендер де жақсы күтіңдер!» – деп, мұны Тайман мен Беделге табыстаған – сол. Жақсылыққа жақсылық жасайын деп, қыз бен жігітті бұл Күнделен жаққа қашырып жіберді. Өзді-өзі атысып, шабысып жатқан қалмақтар мұның ол сатқындығын сезбей де қалды. Сонда Ахайдың қылығы мен Күнделеннің қылығы бірдей емес пе? Мұндай екіжүзділікке қандай баға беріуге болады? Бұл айыптайтын қылық па әлде құптайтын қылық па? Біреуге жақсылық жасау айыпталса, онда өмірдің қандай мәні бар? Мен де, Күнделен де қазақтан жақсылық көрген жандармыз. Бірақ екеуміз де қалмақ болғандықтан, ал қазақ қалмақтың жауы болғандықтан, біз де қазақты жек көріуіміз керек пе? Қандай қыйын жағдай? Қандай шешіуі жоқ түйін! Шешіліуі мүмкін емес. Қалай мүмкін болады? Қазақпен қырқысып жүрген қонтайшының өзі қазақ қызының қойнынан шықпай қойды. Масқара!
* * *
Күнайымның жоғалып кетіуіне өзінің кінәлі екенін Жәңгір жан дүнійесімен сезді.
Оны жаушы етіп жұмсап, осы жағдайға ұшыратқаны елге де, өзіне де айан.
Ой мүжіп, уайым жеп жүргенінде, Қарасайдан жедел хабар жетті. «Күнайым мен Ақмол аман екен. Түргентоғайда адасып жүріп қалмақтардың қолына түскен екен, Ахай ебін тауып Күнделеннің қолына өткізіп жіберіпті. Күнделен қонтайшыдан іргесін аулаққа салып Омбы асып кетіпті. Күнайым мен Ақмолды аман қайтарыу үшін жеті жігітті жұмсадым. Күт!» – депті.
Жәңгірдің көзінен ыстық жас ытып кетті. «Көп жаса, Қарасай! Мың жаса, Қарасай!» – дей берді құуанғанынан.
* * *
Оқпана соғысынан кейін өзіне үлкен салмақ түскенін Солтанғұл ақыл-ойымен түсінді. Тоғыз ұл, бес қызынан тек бір ұлы – Назар, бір қызы – мұның келіні – Айжүрек қалғанын білгенде, құдағыйым жынданып кете ме деп қорққан. Әйткенмен жынданбаса да, қай-қайдағыны ойлап қажығаны шығар,кей-кейде әнтек-тәнтек сөйлеп қалатынды шығарды. Алдыңғы күні ғана тәңертең мұны тағы састырды. «Құда, ұйқыңыз қанды ма? Құдағый бүгін түнде жақсы болды ма?» – деген. Ал оған жөнді жауап беріп көр, «жақсы болғанын», «жақсы болмағанын» қалай айтасың? «Ійә», – дей салды, қалай түсінсе, солай түсінсін деп. «Е, сөйтіп жақсы болдыра бер», – деді құдағыйы да қалай түсінсең, солай түсін дегендей.
Еті тірі, өжет Назар оған бұрыннан ұнайтын. Ал ажалдың аузынан ақыл-айласымен құтылып келгелі бері тіпті рыйза. Ісі де, сөзі де ересек кісінікіндей. Еркек емес пе, ертеңгі күнінен ол үрейленбейді. Бауырының қас-қабағын бағып, Ақжүрек те оны күніне мың айналып, түніне жүз айналып жүр. Ал ана Ұмсынның тағдыры тым бөлек. Қонтайшының тырнағынан құтылғанымен, тағдырдың тәлкегіне төтеп бере ала ма, жоқ па, оны әлі өмір көрсетеді. Әке-шешесі мен бауырларына, ел-жұртына не деп барарын білмейді-ау, бәлкім, байғұс бала? Әке-шеше, тұуған-тұуыстарына барып: «Қонтайшыға қатын болып біттім, енді аман-есен ауылыма оралдым», – дей ме, не дейді? Оны кім түсінеді? Қалай түсінеді? Кім түсіндіреді? Ел өле қалғаныңды түсінсе де, өлмей қалғаныңды қашан түсіне қойыушы еді? Түсінбейді. Түсінейін де демейді.
Қолынан келгенін құдағыйынан айай ма, Назар мен Ұмсын үшеуіне жеке бір үй тігіп берді. Бірақ бәрінің де болашақ күні – бұлыңғыр. Әзірше келіні Айжүрек өз үйі мен сол үйдің арасында ертелі-кеш зыр жүгіріп жүр. Кейін не болады? Қашанғы ол зыр жүгіре береді? Бір күні бәрі өзгереді. Қалай өзгеретінін бір құдай біледі.
Әсіресе Ұмсынның болашағы – болжай алмайтын қара түнек.
Ұзатылғалы отырған қалыңдық екен, енді мына жағдайдан кейін ол құдалық қайта жалғаса ма, жоқ па, кім біледі? Еліне барайын десе, содан беті күйіп те жүрген тәрізді. Бір бұзылған өмірді қайта бүтіндей қойыу қайдан оңай болсын?
Үш адамның тағдыры үш қыйлы. Үшеуіне де бұдан былай бұл жауапты. Құдай күш-құуат берсе, оның да бір жөнін табар-ау. Табатын шығар.
Бала
Солтанғұл күз түскенше жалайыр жекжаттарын бір аралап қайтыуды ойластыра бастаған. Тәңертең тысқа шығып, жұуынып-шайынып үйге қайта кіргенінде: «Ассалаумағалейкум!» – деп, Назар кіріп келді.
– Ата, сізді апам шақырып жатыр.
– Қай апаң?
– Менің апам.
– Е, құдағый ма? Оған не боп қалды? Шешең түсінен шошып ойанған жоқ па?
– Сөйтті-ау деймін.
Баланың бетіне бағжаң етіп бір қарады да, орнынан тұрды. Назардың үлкен кісіге еліктеп сөйлейтініне үйрене бастаған.
– Ійә, құдағый, амансың ба? Шақыртыуың бойынша келдік, – деді Солтанғұл есіктен кіре әзілдеп.
– Әуелі төрге шығыңыз, сонан соң жөндеп сөйлесейік.Ал, балалар, сен екеуің шыға тұрыңдар, – деді Ұмсын мен Назарға есікті нұсқап. Олар кеткен соң бірден сөз бастады. – Құда, сіз мені алмасаңыз болмайды.
– Алғаны қалай?
– Кәдімгідей. Қатын етіп алыңыз.
– Астапыралда! Құда құдағыйын алыушы ма еді?
– Неге алмайды? Алады.
Анда-санда әнтек-тәнтек сөйлеп қалатынын білгендіктен, бұл жолы Солтанғұл құдағыйымның есі біржола ауысқан екен деп ойлады.
– Байсырап бара жатсаң, алайын. Бірақ оған балалар қалай қарайды?
– Қалай қараса, солай қарасын, құда. Алсаң, менің баламның бәрі сенің балаң болады. Сол үшін аласың. Мен бүгін түс көрдім. Жай түс емес, айан. Осы үйге Бұурайке келді де, мені өзімен бірге жетектеп әкетті. Мен тартынып, «Өй, Назар қалды ғой, оны да алып кетейік», – деп ем, «Жоқ, керегі жоқ, ол енді Солтанғұлға бала болады. Өйтпесе, ол да көп кешікпей қасымызға келеді», – деді. Ойанып кетсем, өне бойымды тер басып, қыстырылғып жатыр екем. Өңім бе, түсім бе деп, түсіне алмай ұзақ жаттым. Сонан соң өз түсімді өзім жорыдым: кешікпей мен өледі екем, Бұурайкенің қасына барам; Назарды өзің бала қылып алмасаң, ол да ұзамай менің артымнан өледі. Мен өлсем өлейін, балам аман қалсын деп, өзіңе тійгелі отырмын, өйткені мен саған қатын болсам, Назар сенің балаң болмай ма? «Солтанғұлға бала болмаса, ол да ұзамай қасымызға келеді», – деді ғой Бұурайке. Ап-анық айтты.
– «Түс – түлкінің боғы» емес пе, құдағый? Соған бола сонша шошығаның қалай? Мені де шошыттың.
– Жоқ, құда. Бұл түсім жай түске ұқсамайды, бұл – маған құдайдың берген айаны. Назарың өлмесе өмірем қалсын десең, өзің біл; ал егер маған, балама жаның шын ашыса, мені өзіңе қатын, Назарды бала қылып ал! Сонда Бұурайкенің тұқымын тұздай құртамын деп ант берген қонтайшы, Назарды сенің балаң деп, оған тіймейді. Ал Назарымыз аман қалса, анасы мен де, әкесі Бұурайке де саған екі дүнійеде рыйза боламыз. Егер біздің тұқымымыз тұздай құрысын, тоғыз ұлдан аман қалған Назар қоса құрысын десең, онда ақыретте екі қолым жағаңда болады, құда.
– Апырмай, сөзің қандай жаман еді?! Өне бойым түршігіп кетті ғой. Жарайды, сені алайын, Назарды бала қылайын, тынышталып, кішкене демалшы!
– Құда, мені балаша алдама, мен ойнап отырғам жоқ, өлердегі сөзімді айтып отырмын. Өлетін адамның ақырғы тілегін орындамаған адам екі дүнійеде оңбайды.
– Апырмай, мынау бір ел естімеген сұмдық болды ғой. Түсіңді айттың, енді оны мен жорысам, қәйтеді, құдағый?
– Жорыудың түкке қәжеті жоқ, құда. Ахай деген қонтайшының қатыны айтқан: «Бұурайкенің баласы екенін білсе, ол Назарды да өлтіреді», – деп. Тірі қалыуы үшін, ол Бұурайкенің баласы болмауы керек.
Үсті-басын тер басып, Солтанғұлдың әбден берекесі қашты. Құдағыйының не сау екенін, не аурыу екенін ажырата алмай састы. Есі ауысып, шалықтап отыр дейін десе, сөзінің бәрі анық, айтқаны, түсті жорыуы – бәрі қыйсынды. Ал сау дейін десе, «Мені ал, өзімді қатын қыл, баламды бала қыл», – дегені дені дұрыс адамның сөзіне ұқсамайды. О заманда – бұ заман өз құдағыйын өзі алыпты деген біреуді көрген де, естіген де емес. «Құрысын, – деді кейіп. – Ойланайын деп шешті.
– Құдағый! – деді орнынан тұрыуға ыңғайланып. – Мен, қабырғаммен кеңесейін, бүгін кешке бәрін шешейін, мақұл ма?
– Мақұл. Бүгіннен кешіктірме, Бұурайке мені тез алып кетеді.
Дәу басы ісініп, бұрынғыдан да дәуейіп кеткендей, басын көтере алмай тәлтіректеп, Солтанғұл үйден есеңгіреп шықты: «А, құдай! Құдағыйдан бір құтылыуын құтылдым, енді біржола құтылатындай ақыл бере көр!» –деп сыйынды. Ойланды, толғанды, құдағыйының сөзін ары таразылады, бері таразылады, ақыры бір айтқаны шындыққа жанасымды сыйақтанды. Ол – қонтайшының «Тұқымыңды тұздай құртам!» дегені. Ол сөз ойын сөз емес. Құдағыйын қатын етіу міндет емес шығар, ал Назарды қонтайшының кәрінен құтқарыу – мұның құдалық парызы.
Ұзақты шақырып алып: «Кешке бір семіз қойыңды сой да, бала-шағаны түгел үйіңе шақыр!» – деді.
«Соншама дәу бас берген құдай оның ішіне де бір шөкім бірдеме де салған шығар-ау», – деді сонан соң өзін өзі қайрап.
…Кешкісін Солтанғұл оң жағына құдағыйын, сол жағына өз бәйбішесін отырғызды. Бәрі мұның бетіне қайта-қайта жалтақтайды: мына шақырыстың не шақырыс екенін тезірек білгілері келеді.
Балалар! –деді алдына ет келгенде Солтанғұл негізгі сөзіне көшіп. – Мен бүгін бәріңе бір үлкен әңгіме айтыуға бекіндім. Әдейі алдын ала ешбіріңмен ақылдасқан жоқпын. Айтатын ақылдарың болса, бетпе-бет отырып, артынан айтарсыңдар. – Дымдары шықпай, бәрі тып-тыныш бола қалды. – Ұзақ әңгімемді Ұзақ баламнан бастайын. Оның он сегізге толған кезі болатын. Албан нағашыларыма әдейі алып бардым. Ойым үйлендірейін, балама өзім бажа болайын деп ұйғардым. Обалы не керек, нағашыларым барын салып күтті. «Айран сұрай келіп, ыдысыңды жасырма» деген, келген мақсатымды нағашыларыма сездіріп едім, ойбо-ой, әрбірі бірнеше қыз айтып, әрбірін мақтап ала жөнелді. Әйтеуір, әрең дегенде дабыра басылып, «Сатыда бір сұлыу қыз бар», «Асыда бір ай мен күндей біреу бар», «Талғарда үріп ауызға салғандай құдашам бар», – деп, үш қызға зорға тоқтасты. Желіккен адам жолға шықса, одан бетер желігеді. Әуелі Сатыға, сонан соң Асыға, ақырында айаңдай-айаңдай Талғардың басына дейін бардық. Үш қыз да ұнады маған. Балам бірақ бірде-біріне үндемеді. «Қалай, балам?» – десем, «Дұрыс, әке», – дейді де қойады: не үшеуін де ұнатып қалды, не үшеуіне де бей-жай. Баламның қылығы маған ұнай қоймады. Елдің көзінше мен де үндемей, ашыуымды іште сақтадым. Талғардың шоқысы – бір тамаша жер. Арқары да, тәуешкісі де өріп жүреді. Бұғысы да бар. Аздап аңшылық жасадық, баламның садақ тартқанын бәрі мақтады. Тіпті, тілім – тасқа, өзім таң қалдым: атқанын құр жіберген жоқ. Енді арқардың құуырдағын жейміз деп, арқа-жарқа болып тұрғанымызда, көрші сайдан сау етіп бір топ атты шыға келді. Олар да аңшылар екен, нағашыларым оларды таный кетті.
Басшылары – Бұурайке деген қырғыз: астында жұтынып тұрған құла жійрен жорға, басында жүні жылт-жылт еткен сұусар бөрік, қызыл шырайлы, дөңгелек жүзді, қап-қара мұрты жыбырлап, көзі күлім қағады. Әзілкеш адам екенін бірден байқадым. Жасы мен құралпас кісі көрінді. Көре сап-ақ менің басыма тійісті.
«Мына басты адам тұрмақ, аң көрсе де шошығанынан талып қалады ғой», – деді таңырқап.
«Маған аңнан гөрі адамның талып қалғаны тійімдірек», – дедім мен де қарап қалмай. «Ә, адамның тійімдісі қайсы: қатыны ма, еркегі ме?» – деді ол тағы қағытып.
Нағашыларым: «Е, Бұурайке, олжа – ортақ, бір арқарды сізге байладық», – деп әзілімізді әдейі бөліп жіберді. Сөзден сөз шығып, шекісіп қалар десе керек.
– «Алда разы болсын! Маған арқар емес, бұғы керек, – деді Бұурайке. – Қатыным бұғының етіне жерік.Бұғы – арқардан сақ аң, аттырмайды. Атқандарыңа сұрағаныңды берем», – деп салды. Бөсіп тұр ма әлде шыны ма, соны сынағым келді. «Бұғыны атыуын атармыз-ау, бірақ айтқаныңнан айнып қалсаң, қәйтеміз?» – деп ем, «Онда тілімді кес!» – деді саспастан. Соны айтып тұрып та басымнан көзін алмады.
– «Көзің талды ғой, басымнан басқа жағыма да қарасаңшы», – дедім күліп.
– «Бас па, жартас па?» – деп, ол да күлді.
Сонымен қырғыз бен қазақ бірлесіп бұғы іздедік. Шөбі аттың беліуарынан келетін шүйгін бір жалпақ сайға түстік.
– Әне! – деді Бұурайке бәрімізден бұрын байқап. – Айтқаным айтқан, бұғыны атқанға сұрағанын берем, ал марал атқанға түк те жоқ.
– «Ал, Ұзақ, бар!» – дедім балама. Балам бұғы атып берсе, Бұурайкенің бір жүйрігін мініп қайтармын деген ішкі есебім болды. Біз Ұзақтан басқамыз бармадық, ал Бұурайке мергендерімен бірге өзі де кетті. Ұзақ күттік. Атымыздан түсіп, көк майсаға отырдық. Аңды үркітіп аламыз ба деп, ақырын сөйлестік. Біраздан кейін одан да жалықтық. Маужырай бастадық. Бір кезде аңшылардың дабыр-дұбыры құлағымызға жетті. Қарғып тұрып атымызға міндік. Бұурайкенің саңқ-саңқ сөйлеп келе жатқанын естіп, біле қойдым: қанжығасы майланған. Кім атты екен деп, бәріміз ынтыға күтіп тұрмыз. «Әй, дәу бас қазақ, балаң мерген екен! – деді сонадайдан сампылдай сөйлеп. – Айтқаным айтқан: сұрағаныңды берем. Бірақ тағы бір шартым бар. Осы тұрған топ қазақ түгел айылыма барып қонақ болыңдар! Мына құу далада сендерді маған құдай жолықтырды ғой, іздеген бұғым қанжығада, қатыным да құуанатын болды. «Сый қылсаң, сыпыра қыл» дейтін халықпыз, жүріңдер!» – деп болмады. Бармасам, жүйрік атты айдаладан қалай тауып береді? Нәпсім құрғыр барғысы келіп тұр. Ал нағашыларымның, байқаймын, үйге қайтқылары бар. «Шақырғанға бармасаң, шақырғанға зар боларсың» демеуші ме еді, барайық», – дедім. – «Өй, оның Тоқпағына жеткенше, түн ауады», – деді нағашымның біреуі. – «Түн болмақ түгіл, таң атса да, далаға бармайсыңдар, үйге барасыңдар ғой», – деді Бұурайке. Ақыры көндірді.
Тарттық та кеттік. Шынында, таң ата жеттік. Қатын-баласын шырт ұйқыдан ойаттық. Шынымды айтсам, мына құдағыйдың қабағын байқай алмадым, ал қызының ашық қабағын, ақ жарқын жүзін көрдім де, «Міне менің сұрайтыным», – дедім бірден. Ертесі түс әлетінде ойандық. Ет те желініп жатыр, қымыз да ішіліп жатыр, бір әңгімеден кейін бір әңгіме айтылып жатыр, бірақ Бұурайке: «Ал не сұрайсың?» – дер емес.
«Әй, осым сөзінен таныпкетер ме екен?» – деп, күдіктене бастадым. Қыз таңдауға шыққанымызды нағашыларымның бірі сездіріп алды ма, Бұурайкем, тегі, кешегіден басқа адам. Жер барып хабар бермесін, қызына көзім түсіп отырғанын сезіп, марқұмның тілі байланып қалды- ау деймін. Ол сұрамаса, тәуекел, өзім сұрайын деп бекіндім.
– «Байеке, – дедім өзіме қаратып. – Ә деп көргеннен сен менің басыма қызықтың. Бұл бас – өзі талайды қызықтыратын бас, – деп, әдейі бұлтақтата сөйледім. Себебі бұл не айтқалы отыр деп, тыңдап отырғандар ынтығыуы керек қой. – Бірақ бұл басқа ылайық баскійім тауып бере алмассың. Сондықтан сенен баскійім сұрамаймын, – дедім бір нәрсе сұрағалы отырғанымды ыйшаралай аңғартып. – Сонан соң баламның бұғы атқанына қызықтың, – дедім әңгімені көкейімдегіге жақындатып. – Балам қанжағаңды майлатты. Мына отырған бәйбішең жерік асын енді жейді, мейірін қандырады, – дедім. – Енді сен сұрағанымды беріп, менің де мейірімді қандырмайсың ба? »
– «Сұра!» – деді бетіме тайсалмай қарап. Қалай сөзімді әсерлесем екем деп, сәл бөгелдім. – «Бұғы атқан мерген бала менде болса, бұғыға ылайық ақмарал сенде екен!» – дедім. Бәрі түсінді. Бәрі жым-жырт. Мен де үнсізбін. Балама қарасам, Бұурайкенің қызынан көзін алмай қарап отыр екен. Түсіндім: ұнатып отыр. Шешесінің қасында отырған қыз да қыбыр етпеді. Оны да түсіндім: үзілді-кесілді қарсылығы жоқ. Ал мына бәйбішенің екі көзі байында, мұны да түсіндім: ол не айтса, сол болады. Бәріміз Бұурайкеге қадалып, жауабын күтіп отырмыз. Көзін жұмып, ұумаждап бетін ұуқалады, маңдайын сыйпап, басын қасыды, әбден абыржып, әбігерге түсті. «Қызын бергісі келмей отыр-ау!» – деп шамаладым да, мен де ыңғайсыздана бастадым. – «Әй, Солтанғұл, өлтірдің- ау! – деді бір кезде Бұурайкеге тіл бітіп. – Тірідей өлтірдің-ау! Атастырып қойған бала еді. Баталасқан құдам бар, батамды бұза алмаймын ғой», – дегені. Дағдарып қалдым. «Құуған жетпейді, бұйырған кетпейді» деген бекер емес. Мына дәу басым сонда дереу қатты істеп кетті.
– «Әй, Бұурайке! – дедім таскенеше қадалып. – Сөзді бұзған мен батаны бұзғанның күнәсі мен кінәсі бірдей, айырмасы жоқ. Шыныңды айтшы, қызыңды қыймай отырсың ба, құдаңды қыймай отырсың ба? Ал егер құдаңнан қалай құтыларыңды білмей отырсаң, оның амалын мен айтайын, сен тыңда!» – дедім тақақтап.
Ол: «Қалай?» – дегендей таңдана бетіме қарады.
– «Қызым қашып кетті», – де құдаларыңа, әңгіме сонымен бітеді», – дедім.
– «Ійә, сөйт! Сөйт!» – деп, нағашыларым да дұуылдаса құптады.
Әй, қайран құдам-ай! Ер еді ғой, ер еді.
– «Сен, Солтанғұл, маған бұлтаратын жер қалдырмадың, – деді басын шайқап. –Екеумізді құдай бекерден-бекер аңда жолықтырмаған шығар. Бүгін түнделетіп алып кет онда. Он күннен кейін кешірім сұрап алдыма кел!» – деді келісімін беріп. Орнымнан ұшып түрегеп барып құшақтай алдым. Міне бір күуәм Бұурайкенің бәйбішесі отыр, әне екінші күуәм келінім отыр. Қалай істейін, не дейін деп, не бәйбішесінен де сұраған жоқ; барасың ба, жоқ па деп, не қызынан да сұраған жоқ; екеуінің көзін бақырайтып қойып, бәрін өзі шешті. «Екеумізді құдай жолықтырды, құдай өзі құда болғанымызды қалады», – деп, ылғый айтып отыратын еді марқұм.
Сөйткен Бұурайкені де, Назардан басқа ұлдарын да, Айжүрек келінімнен өзге қыздарын да – бәрін қонтайшы қырып салды. Енді не істеуіміз керек? Өлгеннің артынан өлеміз бе әлде тірі адамның тіршілігін жасаймыз ба?
Үйдегілер үндеспей бір-біріне қарасты. Әлі ешқайсысы ештеңе түсіне қойған жоқ: Солтанғұл бұларға не айтпақ, бұлар оған не демек?
– Құдағыйға бай керек пе, Назарға әке керек пе? – дегенде ғана әркімнің өресінде бір үрей пайда бола бастады: «Мына кісінің ойы үйленіу ме?» – деген сыйақты.
Әдейі әсер етіу үшін, Солтанғұл қасақана солай сөйледі.
– Бұурайке мен үшін дарыйадай шалқып жатқан, ақылы мен жомарттығының шеті де, шегі де көрінбейтін кісі еді. Ақылға салмай, асығыс әрекет жасамайтын. Өзінің қамын да, кісінің қамын да әріден, тереңнен ойлайтын. «Мына байлық менің ғана ырысым емес, қырғыз атаулының ырысы», – деді бірде. – Бірақ бұл байлық іштен де, сырттан да жау шақырады. Іштегі қырғыз қызғанады: ода бар неге менде жоқ дейді; сырттағы қалмақ қызығады: оның тартып алғысы келеді. Араны ашылып, жем іздеген құзғынша екеуі де аңдып отыр. «Араны ашылған қыран не аңды алады, не аңшының өзін алады» деген сөз бар. «Құдай содан сақтасын!» – деп еді. Өкінішке қарай, сол айтқаны келді. Қазаққа қызыңды әдейі беріп жібердің деп, жеме-жемге келгенде, құда қырғыздары қалмаққа қосылып кетті. Ұлдарын жау өлтірсе, қыздары мен күйеу балаларын оларға өз қырғызы көрсетіп беріпті. Сөйтіп Бұурайкеден мына құдағый мен баласы Назар, қызы Айжүрек қана аман қалып отыр. Бұған қарағанда, адамға мал байлығы араша бола алмайды, адамды адам ететін – жан байлығы. Ал жан байлығының ең бастысы – өзара сыйластық. Өзара сыйласа алмаған адамдар біріге алмайды, ал біріге алмағандарда береке болмайды» – деген. Тағы бірде: «Қырғызда хан жоқ, – деді ханға ылайық кісінің сөзін айтып. – Алдындағы қымыздан бір сіміріп алып, Солтанғұл әңгімесін ары жалғастырды. – Біз қазақ пен қалмақтан аз халықпыз. Ақылың мен батырлығың қаншама асып-тасып тұрса да, аздықтың бір аты – әлсіздік. «Аққа құдай жақ» деп жатамыз, алайда «Көпшілік құдайдан бір жас кіші», «Көпке топырақ шаша алмайсың» деп те жатамыз. Шашсақ, сол топырақтың астында өзіміз қаламыз. Сондықтан адамзаттың ең басты мақсаты – көбейіу. Бізге көбейіу керек», – деп еді марқұм. Ойлап қарасаң, хан айтатын сөз ғой ол сөзі. Ондайды елдің келешегін ойлаған адам айтады. Ал елдің келешегін ойлайтын адам – не хан, не ханға ылайық адам. Сол Бұурайкенің өзіндей, көзіндей, жаңа айттым, үш адам бүгін осы үйде отыр: Мына Назар – тоғыз ұлдан тірі қалған бір тал бала. Ұзақ атқан бұғыдан жерігі қанып тапқан құдағыйдың кенжесі. Өлер Бұурайке өлді, енді көзім тіріде құдағыйым мен құда балама хал-қадарымша қорғаныш болыу – менің адамдық борышым. Егер өзі тірі болғанда, маған қызын қыйған Бұурайке ұлын да қыйар еді. Құдағый, құдайшылығыңды айтшы, Бұурайке құдамның баласы маған да бала ма, жоқ басқа ма?
– О не дегенің, құда? Ол да балаң ғой.
– Ендеше, Ұзақ, ана асықты жілікті әкелші бері! – Асықты жілікті қолына алып, бірінші рет көріп тұрған адамша айналдыра қарап шықты. – Бұл жілік ортан жілікке де, тоқпан жілікке де, кәрі жілікке де – ешбір жілікке ұқсамайды. Басқаның бәрінде жіліктің жұуан басы мен жіңішке басы ғана бар, басқа ерекшелігі жоқ, ал мынаның екі басынан басқа тағы асығы бар. Асық пен жілік, міне көрдіңдер ме, бір-бірінен бөлінбейді, жілікке асық байланады, асыққа жілік байланады, ажырамайды. Әке мен бала сыйақты. Қазақ мен құсап өзіне бала қосып алғанда, оның қолына асықты жілік ұстатады, асық құсап бір-бірінен ажырамай жүрсін деп ырым етеді және әке мен бала – екеуі де –ажырамаймыз деп бір-біріне көпшілік алдында ант-уәде береді. Ал антты бұзған адамды ант ұрады, ант ұрған адам азғын саналады. Сондықтан мен мына асықты жілікті ұстап отырып ант етемін: бүгіннен бастап Назарды өз балам демесем, өзге балаларымнан кем көрсем, мені ант ұрсын! Назар, маған бала болыуға ыразы болсаң, сен де асықты жілікті ұстап отырып ант бер, балам! Мә!
– Асықты жілікті ұстап отырып ант етем: сізді бүгіннен бастап әкем демесем, әкемдей көрмесем, мені ант ұрсын!
– Енді асықты жіліктен бір тістеп әуелі өзің же, сонан соң бәрімізге бір түйірден тарат! Жо-жо, пышақпен кеспе, тістеп же! Ал өзгелерге кесіп бере бер! Құдағый, енді екеуміз үйленбей-ақ қойсақ болады. Назарды тапқан шешесі келіссе, Назар – бүгіннен бастап менің балам.
– Келісемін, құда, келісемін. «Жесір» дегенді мен естісем де, «жетім» дегенді балам естімесін! «Тұқымын тұздай құртамын!» – деген қонтайшы бұл ауылда Бұурайкенің баласы бар екенін естімесін.
– Ал, балаларым! Келіндерім! Көздеріңмен көрдіңдер, құлақтарыңмен естідіңдер, Назар – енді менің балам. Асықты жіліктің етінен бәрің жедіңдер, жегендерің – осының бәрін құптағандарың. Сондықтан Назарды менен бөле сөйлесеңдер, сендерді де ант ұрады. Тайлақ балам, Назар саған еншілес болады. Екеуіңнің еншің – бірге. Ұзақ екеуіңе ол – іні, Түгелге – аға. Құдайдың құдіретімен мен бүгін толық түгенделдім: Талай тайшы өлтірген екі ұлымның орнын Назарым мен Түгелім толтырды. Баламның атын Түгел қойған Жәңгірдің аузы дұуалы болды. Құдайға шүкір! Жәңгір – қәзір қазақтың ханы. Баласының атын халықтың ханы қойған менен басқа қазақ әзірге жер бетінде жоқ. Ал, бәйбіше, Назар балаңды бауырыңа бас, маңдайынан сүй! Бір кійімін қалдырмай, үсті-басын түгел жаңала. Құдағыйды да сұу жаңа кійіндір. Басымызға бас қосылып жатыр, ағайындарыңды шақырып той-томалағыңды жаса!
– Жасаймыз, отағасы, жасаймыз! Назаржан, келші, балам, келе қойшы!
Екі бәйбіше де көзіне жас алды.
Айжүрек інісін құшақтап жыламсырады. Әкелерінің ақылды шешіміне Ұзақ пен Тайлақ іштей сүйсінді. Екеуі де кезек-кезек Назарды құшақтап бауырларына басты. Ешкім айтпай, ешкім үйретпей-ақ Түгел келіп Назардың оң тізесіне отырды. Назар еңкейіп, оның төбе шашынан ійіскеді. Көзіне тығылған жасты Солтанғұл зорға тыйды. Бала қылығы еріксіз елжіретті.
Үш күннен кейін той жасаймыз деп, бүкіл ауыл жұмаға қамданып жатқан. Бейсенбі күні таңертең Ұмсынның апамайлаған дауысы ауылды ерте дүрліктірді. Жүгіре жеткеннің бәрі аң-таң: кеше ғана сап-сау жүрген Бұурайкенің бәйбішесі ұйқысынан ойанбай қалыпты.
«Апырмай! – деп, Солтанғұл жағасын ұстады. – Айтқаны айнымай келді, көргені түс емес, шынында, айан болды-ау!» – деді таң қалып.
* * *
– Бәйбіше, – деді Солтанғұл төсекте түнде бас түйістіріп жатып, – сенің не ойың бар, Ұмсынның жағдайын ойлап көрдің бе? Не ойы бар бұл баланың?
– Бір байқағаным: бұл – өте текті бала, тіпті дауыс көтеріп сөйлемейді, алдыңнан қыйа өтпейді, келе жатқаныңды сонадайдан көрсе, өтіп кеткеніңше күтіп тұрады. Көп те сөйлемейді, аз да сөйлемейді, сұрағаныңды айтады да қойады. Алайда төмен қарап жүрмейді, басын тік ұстайды, онысы – жақсы ырым. Адал адам ғана адамның бетіне тұура қарайды.
– Назар екеуінің бір үйде тұра бергені қалай болады? Айжүрекпен ақылдассаңшы, бір ыңғайсыз жағдай болып жүрмесін.
– Ақылдастым. Інісімен сөйлескен екен, «Тұра береміз», – депті.
– «Тұра беремізі» қалай?
– Қалай болыушы еді? Бірге тұра берет те.
– Сен «тұра береді, бола бередіңді» қой. Ел ішінде отырмыз, ертең әртүрлі әңгіме шығыуы мүмкін, ұйат болады. Назарды біз қасымызға алып, Ұмсынды Тайлақтікіне берсек, қәйтеді?
– Өйтіуге болатын шығар. Мен келіндермен сөйлесіп көрейін. Олар не дер екен?
– Сөйт. Көп созба. Күн сұуытып кетпей тұрып басын ашып алайық. Сонан соң жалайыр жекжаттарымды аралап қайтайын.
Кейде ойыңда жоқты біреудің сөзі ойыңа салады. Солтанғұл мен бәйбішесінің осы сөзі келіндері арқылы өзгере-өзгере, құбыла-құбыла құлағына жеткенде, Ұмсын бір-ақ күнде бір шешімге келді: «Мен, осы, неге Назарға тійіп алмаймын?» – деді оқыс ойланып. Қәйтер екен деп, кешкісін Назарға күтпеген қылық көрсетті.
– Назар!? – деді ойаумысың дегенді аңғартып.
– Ау.
– Сен быйыл қаншадасың?
– Он төртте. Оны неге сұрадың?
– Ал мен қаншадамын?
– Қайдан білейін, қаншадасың?
– Он алтыдан астым, он жетіге шығам.
– Жас екенсің ғой. – Сен немене, кәрісің бе?
– Е, жоға, мен сенен де жаспын.
– Екеуміз де жаспыз. Айырмамыз екі-үш жас қана. «Жас пен жастың тілегі бір» дегенді естіп пе едің?
– Естігем.
– Естісең, неге екеуміздің тілегіміз екі басқа?
– Қалай «екі басқа?»
– Мысалы, сен маған қарамайсың, бұл да өзімдей жас қой деп, жаныма жақындамайсың.
– Сені іренжітіп алсам, ұйат қой.
– Ал мені адам ғұрлы көрмей, көңіл бөлмей жүргенің ұйат емес пе?
Назар үндемеді. Іренжітіп алдым ба деп, енді Ұмсын ойланып қалды.
– Неге үндемейсің?
– Әңгімеңді жаныма келіп айтшы!
– Жігітсің ғой, сен кел жаныма.
Назар өз көрпесінен шықты да, Ұмсынның көрпесіне кірді де кетті…
Ертесінде бәйбішесінен: «Назардың Ұмсынға үйленбек ойы бар», – дегенді естігенде, Солтанғұл мырс ете қалды, өйткені өзі де: «Екеуін үйлендіре салсам қәйтеді?» – деген ойда жүрген.
…Ұмсынның әке-шешесінің алдына бала-шағасын жұмсай салмай, Солтанғұл өзі бастап, Ұзақ пен Назарды ертіп, жеті кісімен барды. Ұмсынға Солтанғұл: «Қалқам! өзің де жүрсеңші! – деген еді, келіні төмен қарап: «Ата, мен бармай-ақ қойайыншы!» – деді өтінген үнмен. Өзі де: «Бармаса, бармасын, оның не өрескелдігі бар?» – деп ойлады. Құдасы Қабыш та сөз ұғатын кісі болып шықты. «От пен сұудан, қорлық пен зорлықтан азар құтылған қызыңа қорған болып, өз үйіріме қосып алдым», – дегенінде, «Қызымның қорғаны мықты болса, онда кемпір екеуміздің ұйқымыз тыныш», – деді рыйзашылығын беріп.
– Ендеше ағайын-тұуысыңды ертіп ауылыма кел. Және кешікпей кел. Біздің сыйласқанымызды көрсе, балалар да бір-бірін сыйлайды, – деп, Солтанғұл құдаларын шақыра да қайтты…
* * *
Батыр қонтайшының жаны жай таппады: бір қатынын қайтарғанмен, бір қатынынан тағы айырылды. Көзіне айтыуға батпағанмен, сыртынан көп дұшпаны келеке қылып жүр ме, кім біледі?
Қәйтерін білмей басы қатты. Ақырында бір тәуекелге тағы бел бұуды: Ұмсынды тағы тартып әкелмей, көңілі көншімейтініне көзі жетті. Шоқырды шақырып алды.
– Ұмсынның ауылын сенен басқа кім біледі?
– Күйеу балаң Көшірті, тағы бір-екеу.
– Қайсысы Ұмсынды қайтарып әкеле алады?
– Қайсысын жұмсасаң да қолынан келеді. – Оларға сенбесең, өзім-ақ барып алып келем.
– Қой, қызбаланба.
Көшіртіні жұмсайық. Түнделетіп барып, түнделетіп алып келсін.
Шоқырдың айрықша тапсырма алғанын Ахай бірден байқады: ағасының қасынан алшаңдап басып, айрықша маңғазданып шықты.
– Тағы соғыс па? – деді сыр тартып.
– Соғыстан басқа да толып жатыр ғой. – Шоқыр шешіліп сыр ашпады.
«Соғыстан басқа не бар?» Ахай ойланып қалды. Бұдан жасыратын қонтайшының қандай құпыйасы бар? Тек Ұмсын. Сол.
Өз күдігінен өзі шошып кетті. Ұмсын қайта оралса, қонтайшыдан қайта айрылады. «Бәлкім, басқа да бір жағдай шығар?» – деді өзін өзі жұбатып. Ертесі Көшіртінің Шоқырға елеусіз, сақтана-сақтана кіріп шыққанын байқап, күдігі қайта ойанды. Аңдып тұрып, Көшіртіні оңаша ұстады.
– Көшірті, жолың болсын! – деді бәрін білетін адамша амандасып. – Байқа, қатынды шапқаннан жауды шапқан жеңіл, арандап қалып жүрме!
– «Өз еркіңмен қайт, қайтпасаң, саған бола халқың қырылады», – десем, өзі де келісер. Келіспесе, атқа өңгерем де әкелем.
– Әкеліп қәйтесің? Келіспесе, басын шаба сал. Ол да тыныш, біз де тыныш боламыз.
– Атам әкемді танытады ғой онда. «Ұрмай, соқпай алып келіңдер!» – деді ғой.
Бәрін анық білген Ахай тіл қата алмай тығылып қалды. «Бәрі бекер болды. Құрыдым!» – деді күрт мүжіліп. Қонтайшының көңілін табам ба деп, тағы жүкті болғанына құуанып жүр еді, енді Ұмсын оралса, онда қонтайшы тағы оның құшағына қамалады. Сол сұмдықты болдырмайтын қандай сұмдық амал бар? Бұған кім көмектесе алады? Қай қалмақтың, қай қазақтың қолынан келеді?
Қатты қыйналғандықтан, ішінде ала құйын ойнағандай аласұрып кетті. Көшіртінің Ұмсынға баратынына анық көзі жетті. Ал Ұмсын қайда? Өз ауылында ма, Ұзақтың ауылында ма? Бұурайкенің бәйбішесімен бірге ме, қайда? Ұмсынның әке-шешесі, бауырлары бұл жолы Ұмсынды қорғай ала ма, жоқ тағы айырылып қала ма? Тағы кім бар оны қорғай алатын?
Аласұрған Ахай ақырында ақыл тапты: өз інісін Ұзаққа қауырт аттандырды. Қанша дегенмен батыр ғой, бір қорғаса, сол қорғай алады деп сенді. Енесі мен балдызы Назарды қонтайшының тұтқынынан құтқарып жібергенімді ескерер деп ойлады. «Баркөрнеу деген жерге бар. Ұзақ батырды тап. «Жыйырма шақты қалмақ Ұмсынды қайта тартып әкеліуге кетті», – де. Тез бар, тез қайт! – деді інісіне. – Ұзаққа айт, – деді оңаша тұрса да құлағына сыбырлап. – Жәңгірдің қарындасын құтқарып жібердім. Сенімді кісілердің қасында. Қорғастың бас жағынан өт. Қазақтардан қорқпа. «Ұзақ батырға барам», – десең, тійіспейді, – деп тапсырды.
Інісі түні бойы дамылсыз жүріп, таң ата Баркөрнеуге жетті.
Ахайдың сәлемін естіп, Ұмсын жылап жіберді. «Кесірім әке-шешеме, бауырларыма тійетін болды-ау!» – деді өксігін жұтып.
Ұзақ дереу қарыу-жарағын сайлады. Тайлақты да, Назарды да атқа қондырды. Алыс-жақын тұуыстан жыйырма шақты жігіт сайлап алып, сол бойы Елтіндінің ауылына келді.
Елтінді сақтық жасады.
– Екеуміз бірдей аттанып кетсек, біз жоқта ауылымызды жау шауып кетпей ме?
– Ійә, оның да дұрыс екен, – деді Ұзақ досын құптап.
Ұзақ жыйырма жігітпен Тайбақай өткелі арқылы Іледен өтіп, тіке Талғарға тартты.
* * *
Көшірті бастаған топ Ұмсынның ауылына жарым түнде жетті. Таныс сайды адаспай тапты. Тасыр-тұсыр ат дүбірінен үйдегілер өре түрегеліпті. Үйге Көшірті жалғыз өзі ғана кірді. Ұмсын да, Ұмсынның әке-шешесі де үйде жоқ болып шықты. Бозбала жастағы бір бала мен үйелмелі-сүйелмелі үш қарындасы ғана.
– Әке-шешең қайда? – деді Көшірті қазақшалап.
Қарыу асынған қалмақтан қаймыққаны ма әлде қалай алдауды ойлады ма, бала бірден жауап бере қоймады. Ұқпағансып, Көшіртіге ыйығын қыйқаң еткізіп қарады.
– «Әке-шешең қайда?» – деймін?
– Құдаларына кетті.
– Құдалары қай жақта?
– Іленің арғы жағында.
– Ұмсын да кетті ме?
– Жоқ. Ұмсынды былтыр қалмақтар алып кеткен. Содан келген жоқ.
– Сен кімсің?
– Ұмсынның інісімін.
– Алдап отырған жоқсың ба?– Сен мені алдама. Алдасаң, айамаймын. Ұмсынның қайда екенін айт!
– Оны көрмегелі бір жылдан асты, қайда екенін қалай айтам?
«Өтірік айтып отырмаған сыйақты, – деп ойлады Көшірті баланың бет-сыйқына барлай қарап. – Сонда Ұмсын бір жыл бойы қайда болыуы мүмкін? Бәлкім, мына баланың «құдалары Іленің арғы жағында» деп отырғаны Ұмсынның тійіп алған жері шығар?»
– Әке-шешең Ұмсынға кетті ме?
– Білмеймін, ол жағын бізге айтпады, «Құдаларға барамыз», – деді.
– Білесің, әдейі айтпай отырсың. Әке-шешең қашан кетті?
– Кеше.
– Тойға кетті ме, неге кетті?
– Білмеймін, ол жағын айтпады.«Құдаларымыз шақырды», – деді.
– Қанша адам кетті?
– Барлығы он адам.
Құдаларыңның атын айтшы, кім деген қазақ?
– Ұзақ деген біреу.
– Ұзақ? Ұмсынды алған сол ма?
– Жоқ, соның інісі.
– Інісінің аты кім?
– Білмеймін.
– Білесің. Жаңа Ұмсынды да білмеймін дегенсің, егер білмесең, Ұзақтың інісіне тійгенін қайдан біліп отырсың?
– Біліп отырғам жоқ, естігенімді айтып отырмын.
– Ұмсынның күйеуге тійгенін көрдің бе, естідің бе?
– Естідім.
– Мен әлі тексеремін. Егер өтірік айтсаң, маған өкпелеме. Басыңды шауып алам.
«Шынында, басын шауып алсам ба екен?» – деп ойлады Көшірті. Баланың мізбақпай, бұдан ықпай, қорқпай сөйлеп отырғаны жынына тійді. Бірақ қонтайшы: «Қайын жұртымды шап!» –деп саған қашан айттым?» –деп жүрсе, тағы басым пәлеге қалар деп қорқты.
Баланың жауабы біраз нәрсенің бетін ашқанмен, мұның енді не істеуі керегін қыйындатып жіберді. Не істерін білмей басы қатты. Ұмсынның күйеуге тійіп алғанын естіп, қонтайшы одан күдер үзе ме әлде оны бұл ұзатып жібергендей жыны келе ме? Қәйткені дұрыс: осы естігенін айтып барыу үшін, қайтып кете ме әлде Ұмсынның әке-шешесін құуалап, Іленің арғы бетіне өте ме? Құуып жетсе, қәйтеді? Қырып тастай ма? Онда қонтайшы мұның өзін қырып тастар. «Қой, құрысын, не бұйырса да, қонтайшының өзі бұйырсын», – деген тоқтамға келді.
– Жейтін не бар? – деді, балаға жекіп.
– Айран бар, құрт-май бар.
– Ет бар ма?
– Бар. Бірақ шійкі.
– Әкел, өзіміз пісіріп жейміз. Айраныңды әзір ішеміз.
Сырттағы жігіттерін шақырып, бәрі бір-бір тостаған айран ішті.
* * *
Үйде Ұмсынның әке-шешесі жоқ екенін көріп, Ұзақтың жүрегі сұу ете қалды: қалмақтар бәрін қырып үлгерген екен деп шошыды. Алайда бала-шағаның қабағы өлім көрген үйге ұқсамады.
– Әке-шешелерің қайда? – деді үрейленіп.
– Құдаларына кетті.
– Қайда? Бізге ме?
– Ійә.
– Уһ! Аман екен ғой. Тоқтамай шабамыз деп, таңдайымыз кеуіп қалды. Қымыз бар ма?
– Қымыз жоқ.
– Айран болса да әкелші!
– Айранды қалмақтар ішіп кетті. Шійкі етімізді де алды. Алғанына құуандық. Содан аман қалдық.
– Алса, ала берсін. Мен сендердің аман қалғандарыңа құуанып отырмын. Сенен үлкен ешкімді қалдырмаған ба?
– Қалдырған. Ағам бар.
– Ол қайда?
– Енді келіп қалатын шығар, үй-жайды маған тапсырып, өргі ауылдағы қалыңдығына кеткен.
– Ой, атаңның аузы, біз жау құуып жүрсек, ол қыз құуып жүр екен ғой. Қанша қалмақ келіпті?
– Жыйырма бір екен, сыртқа шығып санадым. Үйге біреуі ғана кірді. Ұмсынды сұрады. «Былтырдан бері көргем жоқ», – дедім. «Әке-шешең қайда кетті?» – деді. «Іленің арғы бетіндегі құдаларына кетті», – дедім.
– «Құдаларыңның аты-жөнін айт» демеді ме?
– Деді. «Ұзақ деген біреу», – дедім.
Ұзақ ойланып қалды.
– Қанша болды кеткендеріне?
– Жаңа іңгірде ғана, алдарыңда кетті.
– Онда іздеріне түсіп құуайық. Іледен өтіп, біздің ауылға барып ойран салып жүрмесін. –деді Ұзақ өз ойынан өзі сескеніп.
– Ійә, құуайық, – деді Назар ағасын құптап…
* * *
– Міне, топ аттың ізі беп-белгілі боп жатыр, – деді Назар көп ұзамай.
– Онда сол ізбен өзің баста, – деді Ұзақ оған. Біраз құуған соң Назар Ұзаққа бұрылып, өз ойын айтты:
– Байқадыңыз ба, бұлар ылғый елсіз жермен жүреді. Соған қарағанда, қазақтармен қақтығысып қалмауға тырысады. Өйткені олардың қонтайшыдан алған тасырмасы – білінбей келіп, көрінбей кетіу. Ал біз оларды құуып жетсек, қәйтеміз? Соғысамыз ба, сөйлесеміз бе?
– Солармен сөйлеспей-ақ, соғыспай-ақ үйге қайтқанымыз дұрыс болатын шығар, – деді Тайлақ ағасы мен інісінің сөзіне араласып. – Қәзір біз ауылға бұрылатын тұстан өтіп кеттік. Егер аулымызды шаппақ ойлары болса, қалмақтар ендігі бұрылса керек еді. Бұрылмапты. Сондықтан құуа беріп қәйтеміз? Аулымызға қайтайық, одан да құдаларымызды қарсы алайық.
– Ійә, – деді Ұзақ інісінің пікірін құптап. – Түнделетіп құуатындай себеп жоқ, жыйырма шақты адаммен біздің ауылды шабыу үшін, оларға жүрек керек. Алдымыздағы ауылға түнейік. Қайқы мен Тұйықтың ортасында Сұуанасыу деген өткел бар, ертең сол араға дейін барайық та, қалмақтар сол арадан бұрылмаса, өзіміз елге қарай сол арамен кетейік.
Ұзақтың айтқанын ешкім екі етпеді.
Ертесінде қалмақтардың ізі тау шыңына қарай жетектеді.
Орта Меркіден өтіп, Кеңсұудың кенересіне жете бергендерінде, бір бұтаға ілініп қалған қызыл орамалға Назардың көзі түсті.
– Аға! – деді атының тізгінін тартып. – Ананы қара!
– Ол не? – деді Ұзақ не малды, не адамды көрсетіп тұр ма деп.
– Қызыл орамал. Қыздікі болыу керек.
Басқа сөз айтпай, солай қарай шаба жөнелді. Ұзақ та атының басын солай бұрды.
Қызыл орамалдың бүгін ғана ілінгені бірден байқалды: күнге күймеген, түсі оңбаған.
– Солар, – деді Ұзақ бұта айналасындағы ат іздеріне қарап. – Біз бірақ бұл бійіктен бірде-бір ауылды байқамадық қой?
– Із құуып көрсем, қәйтеді? – деді Назар ағасына қарап.
– Құусаң құу. Бірақ жалғыз барма. Біз осы арада айалдай тұрайық.
Топ жігіт тез орала қоймады. Ет пісірімдей уақыт өтті. Ұзақ мазасыздана бастады. Жау тұзағына түсіп қалды ма деп қорқты. Арттарынан тағы бір топты жібергелі жатқанда, Назарлардың қарасы көрінді. Бәрі оларға ошарыла қарады.
Бір жасардай ұлды Назар алдына мінгізіп алыпты. Неғылған бала? Бәрі аң-таң.
– Ійә, олжалысыңдар ғой? – деді Ұзақ Назарға сұраулы кескінмен қарап.
– Мына қарағайдың арғы жағы тағы қарағай екен. Оның ар жағында шағын ғана күнгей сай, сайдың сағасында сұуы мөлдір бір бұлақ ағып жатыр, бұлақтың түбінде – жалғыз үй. Үйден жүз еліу қадамдай жерде бір еркек, отыз-қырық қадамдай жерде бір келіншек өліп жатыр. Екеуін де найзамен түйреген. Үйге кірсек, бүк түсіп мына бөбек жатыр. Өлі ме, тірі ме деп, бас салсам, демі бар, ұйқтап қалыпты. Жылап-жылап, әбден сілесі қатқан секілді. Омарташы көрінеді. Үйі іші тола бал салатын ыдыс. Қарағайдың шеті мен іші қаптаған омарта. Үш-ақ аттың ізі бар. Жорамалдауымша, қызыл орамалдың ійесі не өлген еркектің қарындасы, не өлген әйелдің сіңлісі. Қалмақтар сол қызды тартып әкеткен. Аш балаға шайқап-шайқап, аздап қымыз беріп ек, ішіп алды. Соған қарағанда, шешесі қымыз ішетін не қазақ, не қырғыз.
– Ал бұл баланы қәйтеміз?
– «Тапқан құуанады, таныған алады» деген емес пе? Іздеуші шықса, алады, шықпаса, өзімізде қалады. Атама алып барам. Өзіне бала қылып алса, маған іні болады, немере қылғысы келсе, маған бала қылып береді. Атын да өзі қойсын. Жыласа, оң жақ бетінде оймақтай шұқыр пайда болады екен, нышанды бала сыйақты.
– Әкелші маған! – деді Ұзақ балаға қолын созып. – Әкеме бала болса да, саған бала болса да, маған бауыр ғой, әкелші, алдыма алайын!
Бала Ұзақты жатырқамады, жыламады. Кішкене бауырын алдына мінгестірген Ұзақ:
– Кеттік! – деді атының басын ауылға бұрып.
Күуә
Жәңгірдің оқпана соғысы қонтайшының белін де үзді, беделін де түсірді. Өйткені жеңілмейтін жерде жеңілді. Бәрі – астамшылықтың салдары. Оны қонтайшы іші ұудай ашып отырып амалсыз мойындады. Қырғызды қырғанына масайрап, қазақтың құулығына жем болды. Қазылған орға тапа-тал түсте арандағаны – алаңғасарлық. Он мың тұтқын әкелгені бар болсын, он бір мыңнан астам сарбазынан айрылып қайтты.
«Он мыңнан айрылдық, бірақ он мыңды қосып қайттық», – депті Шоқыр інісі. Өз халқын қырып, өзге халықтың адамын алып келгені не мақтан дейсің, әйтеуір, ақталыу үшін айтқан далбасасы да.
Ел іші гүу-гүу өсек, дүдәмәл әңгімеге толып кетті. Оны өрбітіп жүргендер – Талай тайшының балалары мен Күнделен тайшы. Күнделеннің шектен шыққаны соншама, өзі Жәңгірден жеңіліп, жабығып келе жатқанда, Қобық Сауырға жеткізбей бұған шабыуыл жасады ғой оңбаған. «Өзін ұстап әкеліңдер!» деп еді, әттең, құтылып кетті. Ол мұның жыйырма шақты жауынгерін өлтірді, ал бұл тұп-тұура екі жүз еліуін қырды.
Қазақтардан осы жолы қалай жеңілгенін айналадағы дұшпандары білмей-ақ қойса деп еді, қас қылғандай, ордасында оны орыстың екі елшісі төрт ай бойы күтіп жатыпты. Жеңіспен оралады, соны тойлаймыз деп ойлаған шығар?
… Қонтайшының жалақысын, сый-сыйапатын алып келген орыс елшілері Гриша Ійлін мен Көшімбердіке Көшеев еліу мың әскермен қонтайшының алты-жеті жүз жауынгерден жеңіліп қайтқанына әуелде сеніңкіремеді.
Артынан орыс пен қалмақ арасында елшілікте жүрген Бахтыймен оңаша сөйлесіп, бәрінің шын екеніне көздері жетті. Ырас-өтірігін анықтау үшін, екеуі тұтқындармен де сөйлесті. «Бұл адам сене қоймайтын сұмдық жеңіліс екен», – деген ойға келді екеуі ақырында.
– Қазақтың қақпанына түсіп қалдым, – деді қонтайшы жеңілгенін жасыра алмай. – Әбден дайындалыпты. Олар жайау соғысады деп кім ойлаған? Әрі көрінбейтін ор қазып алыпты, әрі мылтықтары көп екен. Жәңгірдің өзі атпен соғысты. Мен жансыздарымның: «Жәңгірде алты-жеті жүз ғана жауынгер бар», – дегеніне қарап, онша қамданбап едім, опық жеп қалдым. Аман болсам, әлі есесін қайтарамын! – деді кіжініп.
Гриша мен Көшімбердіке қонтайшының қасында тағы екі ай болып, Ресейге күзде қайтты. Көрген-білгендерін Тобыл әскербасы Кұракінге байандағанда, оның екі көзі шарасынан шығып кете жаздады.
– Қалай жеңіледі? Олай болыуы мүмкін емес қой? – деді шошынып.
Қазақтардың оқпана қазып және мылтық атып соғысқанын білген соң, Күракін еріксіз басын шайқады.
– Қазақтар ойнауға болмайтын халық екен ғой онда, – деді таңданып. – Қандай сауатты соғыс салған?! Сұмдық! Мен мұның бәрін жоғарғы жаққа жеткізейін, олар да білсін. Екеуің көріп-білгендеріңді түгін қалдырмай, түгел жазып әкеліңдер!
– Құп болады!
– Айтпақшы, қонтайшының көңіл-күйі қалай? Енді не істемек ойы бар?
– Көңіл күйі жоқ, өкініп отыр. Бірақ әлі кегімді қайтарам деп, кіжініп отыр.
– Бірі өліп, бірі қалсын! – деді Гырыйшаға қарап жымыйып. – Бізге олардың өзді-өзімен қырқыса бергені керек.
* * *
«Ашыу ақылды азайтса, ақыл ашыуды азайтады», – деді қонтайшы өз ойына өзі күліп. Ашыуланатын жағдайға ашыуланбаса, адам адам бола ма? Ақыл ашыудың артынан келеді. Ақылдың алдында жүрмесе, ашыу да ашыу болмайды. «Саған не жетпейді?» – дейді Күнделен. Менің бір басыма бәрі жетеді. Тамам қатыннан он бір ұл, екі қыз сүйіп отыр, олардан өрбіген ұрпағы тағы бар; сай-салаға сыймайтын малы, қап-қап, қоржын-қоржын байлығы бар, – соның бәрі бір басына жетеді. Бірақ бұл өз басының ғана емес, ел қамын да ойлауы керек қой. Сол үшін қонтайшы болған жоқ па? Ал елдің қамы деген не? Ол – бүкіл қалмақты бір орталыққа біріктіріу. Бұл оларды біріктірді. Бірақ бәрібір араларында бірен-саран бұған қарсы шығыушылар болды. Олар – Талайдың балалары мен Күнделен тайшы, тағы бірер кәкір-шүкірлер. Бұл оларға ашыуланды, өйткені олар қазақтармен соғысыуға бармай қойды. Бұл жеңіліп қайтты.Сонда Күнделен мен Талайдың балаларына одан қандай пайда
түсті? Ешқандай да пайда келген жоқ. Бірақ: «Е, оларға ешқандай пайда келген жоқ», – деп, оларды тып-тыныш қойа салсам, оным қонтайшы атыма ылайық па? Қонтайшыға қарсы адам – өз халқына да қарсы адам: жау. Жаудың көзін құртыу керек. Оны сен құртпасаң, ол сені құртады. Қазақ – атажау, Күнделен – ішкі жау. Екеуін де құртпай, елге тыныштық жоқ. Жауыңды жеңсең, ашыуың да тарқайды, ақылың да өз сабасына түседі. Демек адамға ақыл қаншалық керек болса, ашыу да соншалық керек.
Күнделенді түсініу үшін, бәлендей көп ақылдың қәжеті шамалы. Оған керегі – атақ, абырой, дәреже. Ода соның бәрі бар. Бірақ ол одан да жоғарыға қол жеткізгісі келеді. Сірә, байағы заманды аңсайды, ағасы Байбағыстай болғысы келді. Байбағыс пен мұның әкесі Қарақал араларынан қыл өтпейтін дос болды. Бүкіл қалмақты бірігіп бійледі десе де болады. Соншалық сыйлағанынан шығар, әкесі Қарақал Шоқырдан кейінгі мұның інісіне Байбағыш деп ат қойды. Алайда ол заман өтті, кетті емес пе? Бұл дүнійеде өзгермейтін не бар?
Ел де өзгерді, елді басқарыу да өзгерді. Қәзір бір елді бір ғана адам басқармаса, елде береке де, бірлік те болмайды. Ал бірлігі жоқ елді қалайша ел деп айтарсың? Соны түсінбейді ғой Күнделен. Қарақалдың баласы бар бійлікті алып кетті, мен құры қалдым деп, іштарлық жасайды. Бастық көп болған сайын бақталастық та көп болатынын, басқа білмесе де, ол біліуі керек қой.
Іштарлық деген де оңай жау емес. Күнделен – Байбағыстың інісі, ал Сесен – Байбағыстың бел баласы. Сесенді өзіне тартып, мені сыртқа теуіп жүрсің деп те қызғанады. Тіпті, ойыңда жоқ бірдемелерді тауып алып кінәлейді.
Талайдың балаларынікі де соның сандырағы секілді бірдеме. Уәдесін әкелері де орындаған жоқ, мен де орындамадым. Ода не тұр? Өңкей сылтау іздеген сорлылар. Оларды құртыудың да бір іреті келер, әзірше оларға бола әуре-сарсаң болыудың қәжеті шамалы.
Күнделенді де, Талайдың Сожы бастаған балаларын да қойшы, өзінің қайынатасы Өрліктің де қылығы жанына қатты батты.
«Кетпе, қасымда жүр, менімен бірге бол!» – дегенін тыңдамады. «Ана жағың – қытай, мына жағың – орыс, шығысың – халха, батысың – қазақ, айнала қыспақтың ортасында ерте ме, кеш пе, қысылып өлеміз, Еділ-Жайықтың бойына кетем», – деді. Кетті. Ақыры не болды? Ноғай мен қазақ бас қосып, өзін үш баласымен бірге өлтірді де тастады. Еділ мен Жайық ійесіз жатқан жер емес қой, бостан-босқа арандады. Күнделеннің баласына қызын берді де, не құдасын қыйа алмай, не біржола бұл жаққа шыға алмай жүріп, ақыры айдалада ажалын тапты. Ең қәуіптісі – сыртқы жау. Күшті соған жұмсау керек. Күшің бар кезде күшіңді пайдаланыу керек. Жұмсалмаған күш жоқ күшпен бірдей. Бірақ қайсысына: қытайға ма, орысқа ма; қазаққа ма, қырғыз бен тыбаға ма, қандас болса да, бақталас өздерін «мұғалмыз» деп мақтанып жүрген халхаға ма – қайсысына жұмсайды? Мұның күші орыс пен қытайға жете ме? Олар өзін омақастырыуы мүмкін.
Халха-мұғалдың Алтын ханы өлеріне көрініп жүр-ау, сірә. Қартайғанда қарап жүрмей, қырғыздарға барып соқтығыпты, ойы жаман: оларды біржола бағындырып алмақ. Баласы Лұпсанды өз орнына қойыу үшін жанталасып жүрген сыйақты, қасынан қалдырмай, әскерді соған басқартып, қырғыздар мен тыбаларға соны жұмсап жүрген көрінеді. Қалай болғанда да, қақпастың қылығы қорқынышты. Құулығына құрық байламайтын сұрқыйа. Қалай қорқытса да, қырғыздарды қатты қорқытқан сыйақты. Ат-матымен, қарыу-жарағымен жүз жігіт, мың қой, төрт жүз сыйыр бересің деп бұйырған екен, қырғыздар беріп құтылыпты. Демек қырғыздар мен тыбалар мұның қолынан сұусып барады. Алтын хан қырғыздарды бағындырса, онда жолы ашылып, ар жағындағы орыстарға емін-еркін барып-келіп тұратын болады. Бұрын қырғыздар оларды өткізбей, өткені үшін ақша алып, кәдімгідей бөгет жасайтын. Ақырын-ақырын айналаның бәрі өзгеріп барады. Өлмес күнін қырғыздар да ойлап, қамданып жатыр. Әуелі қазақ жеріне қашып өтіп, содан ары Алатаудағы бауырларына барып қосылып жатқандар көп. Ортада қалып, әркімге жем болғанша, Алатауға барып жеке ел болайық деген ойлары бар. Қазақ та, сірә, соған әдейі жол беріп отырған секілді. Оларға да әрі бағынышты, әрі бауыр бір ел керек болып тұр-ау, шамасы.
– Не істеу керек?
– Тоғыз жыл бұрын топ-тобымен таратып берген қазақ-қырғыз тұтқындары да бір-бірлеп қашып жатқан көрінеді. Тұтқын – жеңген жақтың жеңіс ақысы, оны тегін қайтарып алыуға қырғыздардың қақысы жоқ. Бұл – басынғандық. Оны тоқтатыу үшін алдымен Алатаудағы қырғыздарды құртыу керек. Олар құрыса, бұлардың барар жері, басар тауы қалмайды. Бірақ оларды қалай құртады?
Түгел қырып тастау мүмкін емес. Тек тұтқыйыл барып басып алыуы керек. Басып алған соң, білгенін істейді. Ұлын құл қылады, қызын күң қылады, бірте-бірте бәрін қалмақ қылады. Жеңістің жемісі сол болады. Оны ойлайтындай ақыл Күнделенде де, Талайдың балаларында да жоқ. Қырғыз бағынса, қазақ әлсірейді. Ал әлсіреген жау – мұның жемтігі.
Қырғыз – қазақтан бетер атажау. Алды-артына қарамайтын, қайсар да, қыйқар жау. Көгайрықтың бойында күл-талқанын шығарса да, жүз жауынгері Жәңгірге барып қосылыпты. Сол қылығы-ақ оның қандай халық екеніне күуә емес пе?
* * *
Кек дегеннің жаман қылық екенін қазақтар, сірә, қалмақтан бұрын сезген. Оған «Жақсының кегі жібек орамал кепкенше, жаманның кегі жерге басы жеткенше» деген мақалы – дәлел. Кей-кейде екеуі ұқсас көрініп кеткенмен, кектен намыстың бійік екенін баба қазақ бағалаған. Оған «Ерді намыс өлтіреді, қойанды – қамыс» деген сөзі – дәлел. Кектің қайрағы – ашыу мен ыза, намыстың қайрағы – ар мен ұйат. Екеуінің айырмасы жер мен көктей.
Оқпана жеңісінен кейін тоғыз жыл бойы қалмақтар қазақ жеріне айақ баспады. Көршімен татыу тұрыудың тійімді екенін түсініп, ақылы кіргендей кейіп танытты. Алайда бұл тыныштықтың алдамшы екенін жасы елу төртке келген, қалмақтың мінез-құлқын жақсы білген Қарасай өз түйсігімен сезді. Сондықтан бес қарыуын бойынан тастамады, басы-қасында болып, жас батырларды баулый жүрді.
Қазақ үшін жаздың қызығы – жайлау. Қарасай да сол қызықтың құшағында Қызылауыз жайлауында қымыз ішіп, елмен бірге қызыққа батып жүрген. Қырғыз Табайдан қауырт жаушы жетті: қонтайшының өзі бастап, Доңызтаудан қырғыздарға қарай қалмақ қолы асыпты.
– Тағы байағы Бұурайкеде кеткен кегін қайтармақ па? – деді Қарасай жаушыға.
– Ол да бар. Оқпана соғысының опығы да бар, оған біз де қатыстық қой. – Қонтайшы келе жатса, қарсы алыуға бара жатайық. Басқа не амал бар? – деді Қарасай күрсініп.
… Бес мың қолды тез жасақтаған Қарасай Елтінді мен Ұзаққа жол үсті біраз әңгімесін айтып тастады.
– Қонтайшы неге қайта-қайта қырғыздарды шаба береді? Өйткені олар – аз, аз болған соң, әлсіз. Ал жері – ежелгі үйсін жайлаған жер, өте шұрайлы: қонысқа қолайлы, жайылымға жайлы. Қонтайшының түпкі ойы – Алатау қырғыздарын өзіне түбегейлі қосып, бағындырып алыу. Қазақ пен қырғыз қаншалық бауыр болғанмен, бірі үшін бірі үнемі қан төге бермейді деп ойлайды. Олай ойлайтын себебі, оқпана соғысы кезінде қырғыздарға біз көмекке келе алмадық. Бұл жолы да солай болады деп сеніулері мүмкін. Менің ойымша, қалмақты Батыр қонтайшы бійлеп тұрғанда, қазақ пен қырғызға тыныштық орнамайды. Осы жолы мен оның көзін қалай жойыуды ойлап келем. Ол, сөз жоқ, менімен жекпе-жекке шықпайды. Хан тұқымы емессің дейді. Онысы орынды. Дәстүр солай. Бір-ақ жол бар: дода соғыста бұзып-жарып барып басын алыуым керек. Ол үшін оң жағымда сен, Елтінді, сол жағымда сен, Ұзақ, екеуің оққағарым болыуларың керек. Ағынтай жоқта оны екеуің жоқтатпаңдар.
– О не дегенің, жоқтатпаймыз.
– Ыстық көлді бұрын біздің Ыстық деген атамыз жайлапты. Қәзір қырғыз бауырларымыз жайлап отыр. Бір-бірімізге бауыр ел екенімізге соның өзі күуә ғой, – деді Қарасай. – Бұрынғылардың айтыуынша, бауырдың бағасы балаңдікінен қымбат.
…Бұлар көмекке жеткенде, жекпе-жек бітіп, жаппай ұрыс енді басталыпты. Көгайрық өзенінің сол жақ жағасы азан-қазан қырғын. Тоғыз жыл бұрын қырғыздың топалаңы шыққан жер…
– Әне, анау жотада тұрған оқшау топ – қонтайшының тобы, – деді Елтінді тізгінін тартып. – Тіке солай шабайық! Ал, Ұзақ, бақыр!
– Бақтыйар! Бақтыйар!
Бес мың тың қол жер күңіренте жотаға қарай жөңкіле шапты.
Бұлардың ойын қалмақтар бірден ұқты. Жапырыла, алдарынан кесе-көлденең шықты. Қарасай қабағын түйіп, қаһарына мініп, қылышын қынабынан сұуырды. Қарсы алдындағы қалмақ ол да қылышын шығарды. Қарасай атының тізгінін сәл тартты. Жаныуар түсіне қойды. Аты секіріп кеткенде, Қарасай қылышын қолының сыртына қарай шалт сермеді. Қыр желкеден ұрған қылыш қалмақтың басын бұлғаң еткізді. Бақтыйарлаған Елтіндінің даусы оң жағынан, Ұзақтың барқыраған даусы сол жағынан демеп келеді. Қазақтың қаптаған қолы ара жігін үзбей жау ортасын жарып өтіп келеді. Тағы бір қалмақ алдынан шығып еді, оны Қарасай атының омырауымен соқты.Ол атының басын қайта бұра алмай жатқанда, Қарасайдың қылышы құлақ шекеден қарш етті. Дәл алдында тұрған қонтайшыны Қарасай әуелі көзімен атты. Екі ара бес-алты-ақ қадам қалғанда, қонтайшының үрейлі көзін анық байқады. Ол да, бұл да қылыштарын бір кезде көтерді. Қарасай оныкін ол күткендей іштен емес, сыртынан қақты. Ол қылышын қайта тосқанша, Қарасай қонтайшының қақ басына қайқысын сілтеді. Епті екен, жалтарып үлгерді, қылышы оң ыйығына қарш ете қалды. Қаумалаған қалмақ қонтайшыны жан-жағынан қоршап алысты. Қолбасшысы ат үстінде бұлғалаңдап бара жатқанын көріп, қалмақтар тым-тырақай қашты. Құуа соғысыуға қырғыз-қазақтың құлқы болмады.
– Қап, құтылып кетті- ау! – деді Қарасай күйініп.
– Құтылған жоқ, – деді Елтінді жалаң қылышын жалаңдатып. – Бәрібір өледі. Қолы салақтап қалды. Енді адам болыуы екіталай.
– Әй, дегенмен діттеген ойыма жете алмадым-ау! – деді Қарасай басын шайқап. – Қайратым қайтып қалған ба, қалай?
…Қырғыздар жеңіс құрметіне асар жасады. Көгайрық өзенінің жағасы бұрқ-сарқ қайнаған жорық қазанына толып кетті. Көгайрықтың жағасына, дөңестеу жерге келіп аттарынан түскен соң, әркім әрқыйлы әңгімесін айта бастады. Қонтайшының қолын Қарасайдың қалай шапқаны сөз бола бастаған шақта оны Қарасайдың өзі тыйып тастады.
– Әй, қойыңдар! – деді кейіп. – Адам өз ойын орындай алмағанына өкініп тұрса, сендер мақтайсыңдар.
Он жеті жасымдағы ерлігімді тағы бір қайталаймын ба деп едім, қайталай алмадым. Еліу төрттің аты еліу төрт екен. Қонтайшының басын қақ бөлем деп сілтеп едім, қылышым оң ыйығына ғана тійді. Он жеті жасымдағы Тобыл бойындағы соғыс – өмір бойы есімнен кетпейтін соғыс. Есім хан өзі бастап соғысты. Қарыулы, ержүрек кісі еді. Ұрыстың барысын төбеде бақылап тұрған хан, бір кезде қалмақтың қалың ортасына қойып кетіпті. Ханның өйткенін көрген соң, қарап тұрамыз ба, бәріміз бытырлата шаптық. Жас болған соң, аңғалдық та болады екен, арт жағыма қарамаппын. Артымнан келіп Дөкір деген қалмақ бұғалық тастап, атымнан жұлып алды. Оны байқап қалған Алатау батыр бар даусымен Жақсығұлға айқайлайды. Ол Дөкірдің атын көздеп жықты да, аман қалдым. Ашыуым бойыма сыймай долдантып, Дөкірді кеңірдегінен көтеріп алғанымда, мұрнынан қан кетіп, қылғынып өлді. Ашыуым оған да басылмай, қара жорғама қарғып мініп ем, Олых дейтін қалмақ қарсы алдымда екі-үш қазақты жайратып тастады. Оңына да, солына да сілтеп, қазақтарды қылыштап келеді. Атымды тебініп, алдынан шықтым. Мені де шауып тастамақ болып, қылышын құлаштап сілтей бергенде, мен де бар пәрменіммен қағып жібердім. Қылышы қолынан ұшып кетті. Не болғанын түсіне алмай, состыйып қалды. Маған да керегі сол еді, қақ бастан қайқайта кеп шаптым. Қылышым тұп-тұура қазантолмасына жетіп тоқтады. Қақ бөлінді. Марқұм Алатау батыр қасыма келіп: «Қақ бөлінген қалмақты бірінші рет көріп тұрмын», – деп еді сонда. Артынан Алатау сол көргенін Есім ханға айтып еді, о кісі сеніңкіремеді.
«Әй, мен де қылышты жаман шаппаймын. Бірақ кеңірдегінен ары асырам деп айта алмаймын», – деді басын шайқап. Алатау екі жігітті жұмсап, Олыхтың өлігін ханның алдына алып келгенде, Есім хан тағы басын шайқады. «Қалмақты дәл былай қақ бөлгенді бірінші рет көріп тұрмын», – деді о кісі де Алатаудың айтқанын қайталап. Қонтайшыны да бүгін сөйтсем деп едім, көрдіңдер ғой, сөйте алмадым!
– Сөйтіуге, көрдік қой, қаумалаған қалмақ қолай бермеді, әйтпесе сілтеуіңде мін жоқ,– деді Елтінді сөз демеу жасап.
– Өзгені ұмытса да, қырғыздар Есім ханды ұмытпайды, – деді Табай сөзге араласып. – Екі халықты тең көрді, тең қорғады. Қазақтың Қарасай батыры сол Есімнің бауырлығын да, батырлығын да жалғастырып, бүгін бізді үлкен құуанышқа бөлеп отыр. Жаудан түскен мың атты түп-түгел айдап әкеліп алдына сап береміз. Бүкіл қырғыздың бауырлық алғысы – сол.
– Бергеніңе алда разы болсын. Қарасай мал жыйнаса, Қарынбайдың малынан әлдеқашан асып кететін еді, маған сыйлап қәйтесің, оданда өзіңнің әр жүзбасыңа бөліп бер, солар қарық болсын.
– Қазақ көмекке келмесе, күніміз не болар еді? Шын көңілден шыққан сыйымыз ғой, батыр.
– Оныңа күмәнім жоқ. Халыққа көмектесіуге келдік, олжамызды да халыққа берейік. Есім хан да сөйтіуші еді ғой, есіңде ме? Ешқашан өзіме деп бауар алмайтын. Аузынан Жалаңтөсті тастамаушы еді марқұм. Обаған мен Томағанның бойында: «Үлкәр жәрік соғысын салайық. Жалаңтөстен жақсылап үйреніп едім» – дегенін өз құлағыммен естідім. Екі жақтың әскер саны тепе-теңдеу болатын. Сол себепті әдіс асырып жеңіу мақсат болды. Ондай соғысты бұрын-соңды білмейтін едік. Жарты күн жаттықтық. Есім хан өзі үйретіп, өзі көрсетіп, арамызда жүрді. Жауға жапа- тармағай тұра шаппай, әуелі мың адам ғана ұрысқа түседі. Сүт пісірімдей уақыт өткенде, олар шаршайды. «Ұра! Ұра соқ!» – деп айқайлап, сол кезде екінші мың адам жауға шабады да, алдыңғы шаршаған мыңдық біртіндеп шетке шыға береді. Сөйтіп үнемі жауға тың күш жұмсалады да отырады. Ал шаршаған жау тың күшке біраздан соң төтеп бере алмайды екен. Нәтійжесін көзімізбен көрдік, қалмақты шыдас бермей шапқыладық. Үшінші мыңдықпен бірге ұрысқа мен түсіп едім, бізбен бірге Есім ханның өзі де соғысты. Батыр кісі еді жарықтық! «Батыр – бір оқтық» дегенді ескермейтін, «Ажалы жеткен адам айдалада келе жатып та өледі» – дейтін.
– Жәңгір тартқан ба әкесіне?
– Ойбай, ол жағын айтпа, Табай қазақтың сырын бүге-шігесіне дейін біліп алайын деп тұр, –деп, Елтінді қалжыңдай күлді.
– Жәңгірдің бүкіл көргені мен білгені – әкесінің тәрбійесі. Екеуінің де бар тіршілігі тек елмен бірге.
…Бұл ұрысқа жыйырма екіге келген Назар да, он алтыға толған Түгел де қатысқан. Олар да өз әңгімелерін айтып ырдыу-дырдыу.
– Ой, атаңның аузы, бір қалмақты найзамен шаныштым, өлді ме, өлмеді ме, білмеймін, әйтеуір, атынан құлады, – деп, Назар мәз.
– Мен өлтірмек тұрмақ, бірде-бір қалмақты көргем жоқ, – деді Түгел жұртты да күлдіріп, өзі де күліп.–Қылышымды көтеріп жан-жағыма қарасам, жан-жағымның бәрі қазақ. Қалмақ алда екен ғой деп, бар дауысыммен: «Бақтыйар! Бақтыйар!», – деп айқайлай бердім. Ақыры менің айқайыммен жеңдік.
– Міне, көрдіңіздер ғой, – деді Назар ат үстінен Түгелді құшақтап. – Біз екеуміз болмағанда, жауды жеңе алмайтын едік.
– Ійә, екеуің қазақтарды бастап келмегенде, біздің күніміз не болар еді?! –деп, Табай Назарды құшағына еркелете тартты.
– Табай аға, жұртымызды көрейікші!
– Бүгін кеш болып кетті, ертең көрсетем, Назар, көрсетем.
…Жұртын көргенде Назардың жүрегі өрекпіп, аузына тығылды. Елес дүнійе өткенге жетектеді. Әке-шешесі, бауырлары – бәрі елес. Құлағына «Назаға! Назаға!» деген Ортақтың үні естілгендей болып, жан-жағына жалтақтады. Ол да, Ахай да жат боп кеткен шығар? Көзден кеткен соң көңілден де кетеді ғой көп дүнійе.
– Назар, бір-екі апта қасымда қалсаңшы, елді аралатайын, тұуып-өскен жеріңді түгел көрсетейін.
– Қала алмаймын, аға. Солтанғұл атам қатты науқастанып қалған. Әкемнің орнындағы әкем ғой. «Аман келгеніңді көрейінші!» – деп, батасын берді. Менен кіші Түгелді табыстамай, екі ағама мені қайта-қайта табыстады. Мен бармай қалсам, басқаша ойлап қалар. Бауырларымнан бөлініп қалмай-ақ қайтайын, аға! Іренжімеңіз!
Кім?
…Қарасайдың бес мыңмен қырғыз барғанын, қонтайшының оң қолын ыйығынан шауып түсіргенін – бәрін Жәңгір хан кештеу естіді. Естіді де, ойға кетті. Қырылып жатса да, жеңіліп жатса да, ұрыстан жүрегі шайлықпайтын бұл қалмақ қандай ел? Соғысыу үшін ғана дүнійеге келіп, соғысыумен ғана дүнійеден өте ме, қәйтеді? Өзінде де тыныштық жоқ, өзгеге де тыныштық бермейді.
Өмірі соғысыумен өткен халықта өмір дейтіндей өмір бола ма? «Қай соғыста, қашан өлер екем, қалай өлер екем?» – деп күтіп жүрген адамның өмірі де өмір ме? Басқаны қойшы, хан әкем хандықтан, бұл дүнійеден не қызық көрді? Таққа отырғаннан бастап көз жұмғанға дейін ат үстінен түспей соғысты. Соны өзінің хандық міндеті санады.
Менің де өмірім тек соғысыу болып барады. Ұлымызды тұуа сап соғысыуға үйреттік, қызымызды тұуа сап ұрпақ әкеліуге баулыдық. Бірі өлсе, бірі қалар деп, көп ұрпақ сүйіуді мақсат еттік. Өйтпеске амалымыз да қалмады, қалмақ бізге, біз оларға атажау болдық. Жүз жыл болды, әлі сол, біресе сыйласамыз, біресе соғысамыз. Жыйнаған мал жауға кетеді, өсірген ұл о дүнійеге кетеді. Қазақта бар ашыу, ыза, кек, намыс қалмақта да бар. Бірінің ашыуы келгенде, екіншісінің намысы келеді. Оны екеуі де ақылмен шешіп, нарадыу таба алмайды, қан төгіп қана ашыулары тарқайды. Ашыу тарқағанмен, кек қайтпайды. Қайтпаған кек ашыуды қайта ойатады. Сөйтіп соғысқа соғыс жалғаса береді. Соның салдарынан қалмақ та, қазақ та көбеймейді. Көбеймеген елде қандай келешек? Осыны Батыр қонтайшы түсіне ме, ойлай ма? Ойласа, бізге де, өзіне де неге маза бермейді? Бір-бірімізбен осылай соғыса берсек, түбінде екеуміз де тыйтықтап, қалжыраймыз, қайсысы жеңер екен деп бақылап отырған көршілеріміздің біріне жем болармыз түбінде. Бұл содан қорққанда, қонтайшы неге қорқпайды? Соғысыу батырлық болғанда, татыуласыу неге батырлық саналмайды? Елімізді қалмақ шапқанда, «Бірігейік!» – дейміз, бірігеміз. Бірақ жауға қарсы бірігеміз. Ал қалмақ пен қазақ неге өзара бірікпейміз? Біз біріксек, екеуміз де күшейер едік, сонда айналадағылар, сөз жоқ, бізбен санасар еді, сыйласар еді. Осыны қонтайшыға қалай ұқтырыуға болады? Ұға ма ол? Өз ажалымыздан өлмей, қашанғы соғыстан көз жұма береміз? Кек-намыс, ашыу-ыза өз-өзінен біте ме? Бір кекті қайтарсаң, тағы бір кек бас көтереді. Өліп бітпей, кек бітпейтін болса, бұл соғысымыз өмір сүріу үшін емес, өліп бітіу үшін соғысыу ғой онда? Осыны қонтайшыға кім ұқтырады? Ол ұқпаса, кім ұғады?
Қазақ ешқашан қалмақтың жеріне басып кіріп соғыспапты. Бәлкім, сондықтан олар бұларды қорқақ санайтын шығар? Жеңсе де, жеңілсе де, ешкім өліу үшін соғыспайды, өлтіріу үшін соғысады. Соғыс деген аждаһаны біржола бітіріу үшін, қалмақ атаулыны біржола қырып бітіуіміз керек пе әлде? Бүкіл қазақтан қол жыйнасақ, жүз мың; бәлкім, үш жүз мың әскерге жеткізер ек, соншама қолмен сайыссақ, қалмақтың күлін көкке ұшырып, күл-талқанын шығармаймыз ба? Әлде өйтіп біріге алмайтынымызды олар көріп-біліп отыр ма?
Қонтайшыға соғыс не үшін керек? Әншейін жеңіу үшін бе? Әрійне, соғысқан адам жеңем деп соғысады. Ал жеңген жақ қандай мұратқа жетеді? Кегі қайтады. Аты, атағы шығады. Олжаға батады. Сол үшін соғысады. Жеңілген жақ – жеңген жақтың жемтігі. Малын талап алады, жерін басып алады, жақсы қызын тартып алады. Олар олжаға қарық болыу үшін соғысса, қазақ жері мен жанын, малы мен қызын қорғап соғысады. Өзіміз құрып кетпеу үшін, жауымызды құртыуға жабыламыз. Сол үшін намысымызды қайраймыз. Өйткені намыс өлсе, кімге құл болса да ұлға бәрібір, кім қатын қылса да қызға бәрібір. Халықты сақтау үшін намыстан басқа қайрақ жоқ…
Соғысыудан басқа жолды Жәңгір де ақыры таба алмай дал болды.
* * *
Арасына арнайы жансыз жіберіп жатпаса да, қазақ пен қалмақ бір-бірінің құпыйасын да, құпыйа емесін де келген-кеткеннен естіп, біліп жатады. Қонтайшының хал-жағдайы жайындағы сыбыс Жетысұу асып, хан Жәңгірдің құлағына да жетті. Қарасай шапқан қолы қабынып, қонтайшыны күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалдырыпты. Қолы қақсап ауырғанда, құлындаған даусы шығып шыңғыратын көрінеді. Кейде шыдай алмай шыңғырғанда, шырт ұйқыда жатқан көрші үйдегілер шошып ойанады дейді. Беті бері қарамай, күн өткен сайын кері кетіп бара жатқаны байқалады. Бақый дүнійеге жақындап бара жатқанын өзі де сезетін болыу керек, елдің айтыуынша, бар баласын шақырыпп алып, өз кегін аманаттап: «Мені мына азапқа салған Қарасайды өлтірмесеңдер, тұумай тұуа шөгіңдер!» – депті. Демек қалмақ тағы соғысады.
Қарасайдан әкесінің кегін балалары қашан алады? Әкесі тіріде ме әлде өлгеннен кейін бе? Әрійне, кек алғандарын көзі тірісінде көрсетіуге тырысады. Сондықтан қамсыз болмайын деп шешті Жәңгір хан.
… Болжағаны болып, ақыры сұуық күзде Қорғас жақтан хабар да жетті. Қалмақтың қолын Батырдың ұлы Сенге бастап шығыпты. Осыдан он жыл бұрын әкесі ойран болған оқпана жазығына Сенгенің қолы батыл басып кірді.«Әкесінің өсійетін орындап, бәлкім, Сенге Қарасайды жекпе-жекке шақырар», – деп жобалады Жәңгір. Қарасай да, байқауынша, іштей соны күтетін секілді: еліу беске айақ басқанына қарамай, қылшылдаған жігітше шыйыршық атады.
Күздің күңгірт қабағы Жәңгірге онша ұнамады. Сұуық түскенше соғыса бересіңдер ме деп, күн де бұларды жақтырмай тұрған тәрізді.
…Қалмақтар қалай соғысыуды алдын ала ақылдаспады және бірден атой да салмады. Сары белдің жазығына келіп тіз-қатар тұра қалысты. Сірә, соғысыу тәртібін енді келіспек шығар деген оймен, қазақтар да белдің батыс жағына тізіле келіп қарсы тоқтады. «Өз жерінде тұрғандай дандайсыулары-ай!» – деді Жәңгір намысы келіп.
Кенет қалмақтардың дәл ортасынан күрең атты біреу алдыға шықты. Бес қарыуы бойында, атқа отырысы мығым, ірі денелі жап-жас жігіт. Жақынырақ келіп қалқанын қақты.
– Мен Сесен тайшының ұлы Ғалдама батырмын. Қазақ ханы Жәңгірді жекпе-жекке шақырам! Жекпе-жек! Жекпе-жек! – деді даңғаза дауыспен.
Қазақ жағы бір сәт тып-тыныш тына қалды. Өйткені мұндай қылықты қалмақтардан күтпеген. Қалмақ тайшысы Өшіртіу Сесеннің ұлы он жетіге келгенін, әкесі қазаққа қалай өш болса, оның да солай өш екенін қазақ батырының біразы білетін. Қазақтар оны «Ғалдама» демей, Қалдан дей салатын. Оның ханды жекпе-жекке шақырғаны қазақтарды қатты састырды. Бәрі іштей Қарасайға қарсы қалмақ қай батырын шығарар екен деп күткен-ді. Қалмақтың мұнысы – әбден ойластырған құулық.
Көшпенді халықтардың ежелгі ата салты бойынша, қазақтың ханын қалмақтың кез келген батыры жекпе-жекке шақыра алмайды. Тайшының ұлын дайындап, ол жағын қалмақтар ойластырыпты. Басқа жағын да ескергені көрініп тұр.
Жасы келіп қалған Жәңгір жас батырдың қажыр-қайратына ұзақ уақыт шыдай алмауы мүмкін. Шаршатып барып жеңбек.
– Қалмақ оттай берсін, лап қойайық! – деді Ағынтай атын тебініп.
– Ійә, сөйтейік, – деді Елтінді де екіленіп.
– Әй, жігіттер, жол менікі, – деді Қарасай Жәңгірдің алдына шығып.–Қонтайшының қолын шапқан мен ғой, енді Қалданының да басын шабайын.
Жәңгір бірақ ешкімді тыңдаған жоқ, найзасын кезеп, ортаға жайбарақат шықты. Осы жекпе-жекте өліп кетіуі мүмкін екенін ол ойлады. Алайда сескенген жоқ. Соғыстың жағдайы солай, сен ғана өлтіре бермейсің, сені де өлтіріуі мүмкін. «Ійә, бабам Шыңғыс ханның арыуағы қолдай көр!» – деді сыйынып.
Бұл да, Ғалдама да бір-біріне бір мезетте қарсы шапты. Жанаса бере Ғалдаманың түрін Жәңгір жақыннан көрді: шот маңдай, шүңірек көз, қатыу қабақты, бедірейген бетті.
Кезеген найзасы сарт етіп, қалмақтың қалқанына тійді. Қайта бұрылып, қарсы шапқанда, қалмақтың еңкейе берген кезін кездеп еді, тағы найзасы қалқанға тійді. Қалмақтың жақсы қорғанатынын сезді. Ол жас болғанмен, бұдан күші, байқауынша, бәлендей артық емес, тең. Екеуі ұзақ сайысты. Қанша тырысса да, бірінің найзасын бірі қағып түсіре алмады. Қылышқа да, шоқпарға да кезек тіймеді.
Екеуі де шаршап, ырсылдай бастады. Бірі ұрса, екіншісі қорғанады. Қапысын таба алмай, қайта айқасады, қайта ажырасады. Күші анық басым болмаған соң, айласын қалай асырарын білмей Жәңгір де жанталасады, Ғалдама да жанталасады. Екеуінен де әл кетті, қыймылдары байаулады, болдырды.
Жан алыу да, жан беріу де оңай емес-ті: екеуі де әбден тыйтықтады. Қанша уақыт өткенін, қай кез болғанын екеуі де болжай алмады. Тер басқан дене де, найза ұстаған қол да, қан толған көз де тала бастады. Жырып кеткен, сырып кеткені болмаса, екеуі де найзаны бір-біріне батыра сілтей алмады.
Әлі бітпей тұрып бір әрекет жасауға Жәңгір ақыры бел бұуды. Найзасын дәл кеңірдектен шаншымайынша Ғалдаманы құлата алмасына көзі жетті. Бар күшімен сілтеуге бекінді. Найзасын оңтайлап, ерден көтеріле бергені де сол еді, сол жақ қолтығы солқ ете қалды. Есі ауып бара жатып, үстіне төңкеріле құлап келе жатқан аспанға көзі түсті. Барша тіршілікті басып қалғандай жарық дүнійе жоқ болды да кетті.
– Бақтыйар! Бақтыйар! – деген Қарасайдың қаһарлы даусы құлағына жетті. Жерге денесі жеткенше демі үзіліп кетті.
Қарасайға ілескен қалың нөпір өлген-тірілгеніне қарамай жау шебіне тап берді. Шақ-шақ еткен қылыш, қарш-қарш қадалған найза, арс еткен, ыңқ еткен адам, опыр-топыр ат тұйағы жердің бетін быт-шыт, тас-талқан етіп жіберді.
– Түгел! Артта қалма! Алдыма шық! – деді Назар өзі Тайлақтың тұу сыртын қорғап бара жатып.
Екі ұзын таудың арасын жалғап жатқан сары бел жер мен көктің арасын ұу-шұумен де жалғап жатты. «Сен өлтірмесең, сені өлтіреді», – деген Ұзақтың ақылын құлағына құйып алған Назар жауды өлтіріуден өзгені ойлаған жоқ. Тайлақтың бір қалмақты мұрттай ұшырғанын көріп, айызы қанғаннан: «Ұра!» –деп айқайлап жіберді. Өзінің де біреуді өлтіргісі келді. Тайлақ тағы біреумен қылыштасып жатқанда, оның оң бүйірінен бір жап-жас қалмақ тақап келді де, найзасын кезей берді. Назар жалма-жан ойланбай ұмтылды. Қалмақ Тайлаққа жеткенше, бұл қалмаққа жетіп үлгерді. Жас қалмақты «Ой, атаңның аузы» –деп, дәл көк желкеден түйреді. Жас қалмақ атының жалын құшып, «Назаға!» – деді қолын соза құлап бара жатып.
– Ортақ?!
Назар атынан түсе сап бас салды.
– Таста оны! – деді Түгел Назарға айқайлап. Жан-жағыңа қарасаңшы, сәл болмағанда мынау ійт шоқпармен бір қойа жаздады.
Бұл Тайлақты қорғаса, мұны Түгел қорғаған екен: бір дәу қалмақ бір қадамдай жерде жаны шықпай ыңырсып жатты.
Қазақ қолы қалмақтарды бұл жолы да Түргентоғайға дейін құуды.
Ертесі хан Жәңгірді қазақтар Ійтшоқы тауының етегіне өзі өлген сары белдің жійегіне жерледі. Ол ара осыдан тоғыз жыл бұрын өзі оқпана қазған жотадан ат шаптырым шығыста еді. Жәңгірдің бейітін айналдыра ұрыста шейіт болған сарбаздары жерленді.
Ортақты да осы араға жерлемек болған Назарға Тайлақ пен Түгел – екеуі қарсы болды. «Әрі жау, әрі кәпірді елі мен жерін қорғаған жауынгерлердің жанына қалай жатқызасың?» – деп, күйіністі. Үш бауыр бір-бірімен араздасып қала ма деп қорқып, Ұзақ ағалық ақылын айтты.
– Тайлақ! Түгел! – деді екі інісін де арқаларынан қағып. – Сендер жау санаған адам Назарға да, маған да жау. Бірақ Ортақ пен Назар алты-жеті жыл бойы бірге өсті, бірге ойнап-күлді. Бір-біріне жау болмады, бауыр болды. Оның үстіне, оның шешесі Ахай Назардың аман қалыуына себеп болса, Айжүрек жеңгелеріңнің шешесін де аман алып қалған – сол Ахай. Назар да сол үшін Ортақты өз қолымен жерлемек. Оныкі – жақсылыққа жақсылық жасайын деген ой. Жерлесе, жерлесін, бірақ бұл араға емес, анау аулаққа апарып жерлесін. Қайта бейітін қазысып, екеуің көмектесіңдер оған.
Үш бауыр жаудың қәбірін бірлесіп қазды. Тастамай, үнемі өзімен алып жүретін сынық кездікті қонышынан шығарып, Назар сабынан бір сыйпады да, Ортақтың қасына тастады
Аңыраған Ахайдың үні құлағына келгендей болды. Көзін жұмып, алақанымен бетін сыйпады. Қолын жайып, көз жасын төгіп келе жатқан Ахайды елестетті. «Не деген қатыгез өмір?!»
– Аха! Кешір! – деді Назар күбірлеп. – Танымай қалдым. Сен маған берген кездікті мен оған бердім, өйткені енді ол кездік маған тілектес болмайды.
– Жарайды, жүр енді! – деді Тайлақ жеңінен тартып. – Жылайын деп тұрсың ғой, тегі. Ол мені өлтіріп қойса да жылайтын едің. Сонда, немене, қалмақ екеумізді бірдей көресің бе?
Тайлақтың сөзі төбесінен бір қойғандай болды.
…Назарды құшақтап, Ұзақ ағасы келіп жұбатты.
– Ел мен ел соғысқаннан кейін еркектің тәлейіне жазылғаны осы: не өліу, не өлтіріу. Соғыс атаулының сұрағы да осы, жауабы да осы: кім өледі, кім тірі қалады?
…Сол жылдың қысында қатты азаптанып, қолы қабынған қонтайшы да қаза тапты. Әкесі Қарақал өлгенде баласы Қотақосынға қазақтар барып көңіл айтқан-ды, енді қонтайшы Қота-қосын өлгенде, оның балаларына көңіл айтыуға бірде-бір қазақ барған жоқ. «Өлмесең, өмірем қал!» – деген болыулары керек. Торқалы той мен топырақты өлімде жауы мен дұшпанына да көңіл білдіретін қазақ бұл жолы атажауына айаныш білдірмеді.
Айақтама
Атажауы бар ел бақытты ма, атажауы жоқ ел бақытты ма? Оның жауабын қазақ пен қалмақтың екі жарым ғасырға созылған соғысы түбегейлі дәлелдеп берді.
Өзіне атажау тауып алатын халық та, жеке адам да өмірде әлі бар. Олар – ата- бабасының өмірінен сабақ алмаған халықтар мен адамдар. Оларды көргенде, өкінгеннен басқа түк істей алмаймыз.
Мен де осыны өкініп отырып жаздым.
Жәңгір хан оқпана қазып соғысқан жерді жұрт кейін, «оқпана» дегенді жаппай естімегендіктен әрі білмегендіктен, бірақ қазылған орды көзімен көріп жүргендіктен әрі жотаның бүйірінен бұлақ ағып жатқандықтан, «Ордың Бұлағы» атап кетеді.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасы ол жеңістің 350 жылдығын 1993 – жылы 4 – шілдеде 518 үй тігіп, Белжайлаудың Ійтшоқы аталатын жерінде мемлекеттік деңгейде атап өтті.
Үкімет қаулысында шайқас өткен жер «Орбұлақ» деп аталып, оқыйға «Орбұлақ шайқасы» деп жазылғандықтан, оқпана қазылған ара содан бері Орбұлақ аталып келеді. Ал Жәңгір жерленген сары белді бұл күнде Үйгентастың Белі дейді. Басына тас үйіп, Салқам Жәңгір ханды жерлеген бейітке бола бұрынғы атсыз, атаусыз сары белді солай атаған. Ол үйген тастың бейіт екенін, соған бола бүкіл аңғардың Үйгентас аталғанын Шоқан да 1856 жылы Құлжа сапарында күнделігіне жазып қалдырған.
Шығыс жақ шеті Қосқолаң тауының Айақсазынан басталып, батыс жақ шеті Орбұлақпен шектеліп жатқан кең алқап бұл күнде Белжайлау аталады. Бұл ат, айналып келгенде, сол байағы «бел» сөзінен тұуындайды.
Оқпана соғысында жеңіске жеткеннен кейін жеңіс жалауын тіккен жота Жалаулы атын сақтап, бүгінге дейін өзгермей жеткен. Жарбұлақ пен Қызылқыйа аттары да өзгермей сақталған.
Жалаңтөс көмекке келгеннен кейін қалмақтардың қашып тығылған жері әлі де Түргентоғай аталады. Ертесі тағы соғысса, түгел қырылатынын түсініп, қалмақтардың қылыштың қырындай жотадан қашап жол салып қашқан жердің бүгінгі аты – Қашама. Ол асыу Бұрқан тауының батыс жақ іргесіндегі Үйтас өзені мен ол кездегі Түрген, қәзіргі күндегі Үлкен Үсек өзенінің екі ортасында. Оңтүстіктен солтүстікке қарай созылған асыу.
1856 жылы Құлжаға осы арамен өткен Шоқан Түргентоғайдың төменгі жағындағы Түргенкент тұуралы және Үсек өзенінің ол кезде тек төменгі жағы ғана Түрген аталып қалғанын жазады.
Бұл жер-сұудың бәрі бұл күнде Алматы обылысының Панфилов ауданына қарайды.
Жер-сұудың атаулары – тарыйхтың темірқазығы. Сондықтан оны өзгертіу – тарыйхый сананы өшіріу. Кеңес заманында жер-сұудың атын өзгертіу ісі өрескел өріс алды. Ол кездегі ауылдар фермелер мен бірігадаларға айналып, тек нөмірленіп қана айтылды. Ал оқпана соғысы жайлауда, тау арасында өткендіктен, ол арада отырықты ауыл болмағандықтан, ол жерлердің біраз атауы өзгермей, біздің заманға аман жетті.
Қәзіргі күнде Елтінді батырдың ұрпағы Түргентоғайдың шығыс жақ бетінде өмір сүріп жатса, Ұзынмұрт Ұзақ батырдың, оның батыр інілері Тайлақ, Назар, Түгелдің ұрпақтары Түргентоғайдың батыс жақ бетінде, негізінен Ақжазық ауылында татыу-тәтті өмір сүріп келеді.
Қарасай батыр Алтынай баласы 1664 – ұлұу жылы алпыс алты жасында соңғы рет ұрысқа қатысады да, ауыр жараланады. Ал Ағынтай досы сол соғыста алған жарақаттан ақсақ болып қалады. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» демекші, 1669 – жылы Арқаға кетіп, 1671 – доңыз жылы жетпіс үш жасында Қарасай батыр дүнійе салады. Жетпіс үш жас – қазақ жылсанауында мүшел жас. Келесі жылы Ағынтай да қайтыс болып, екеуі де Арқадағы Айыртауға жерленеді. Екеуіне бүгінде Қызылжарда ескерткіш орнатылған.
Елтіндінің қалай, қашан қаза болғаны белгісіз. Атамекені Алмалы ауылында ұрпақтары еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ескерткіш орнатты.Ұзақ батыр Қапал өңіріндегі Қоңыр жайлауының желке жақ тұсындағы Қызылауыз жайлауынан жоғарғы жағына жерленген деседі. Бірақ барып көрген кісі жоқ. Назар батыр Белжайлаудың Құсмұрын аталатын жеріндегі шағын қорымға жерленген.
«Есім ханның ескі жолы» аталып кеткен жосықты жасаған Еңсегей бойлы ер Есім аталған атақты ханымыз Қазанғап Байболұлының «Еңсегей бойлы ер Есім» дастанында қәзіргі Түркістан обылысының Сайрамсұуына Қасқасұу барып құйатын арадағы Нартбай сайы деген жерге жерленгені айтылады.
Шоған абыз Іленің сол жақ бетіндегі Қарасаз ауылының оңтүстік батыс жағына, қәзіргі Ырайымбек батырдың ескерткіші тұрған төбенің қарсысына жерленген «Ақтабан шұбырынды» кезінің әйгілі батырлары Хангелді батыр мен оның немересі Ырайымбек батыр және қазақтың ұлы ақыны Мұқағалый Мақатаев – сол абыз бабаның ұрпақтары.
Жақсығұл өзінің тұуып-өскен жері Қазығұртқа жерленген. Бейітін ұрпақтары күтіп-баптап отыр.
Бөдес батыр – Семіз найманның ұрпағы. Айагөзде қайтыс болады. Оның баласы Қасаболат та батыр болыпты.
1643 – қой жылы шілдеде болған оқпана шайқасына қатысқан жеті жүз жауынгердің он шақтысы ғана Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқыйаннан өзіме шейін» (1776 жыл) атты кітәбі арқылы белгілі. Олар: Жәңгір сұлтан, Қарасай, Ағынтай, Жійембет, Жақсығұл, Елтінді, Қомпай, Сарбұқа, Жалаңтөс, Көксерек, Табай және Көтен. Қалған батырларды анықтай аламыз ба, жоқ па – оны өмір көрсетеді.
Батыр қонтайшы қаза болған соң, оның балалары тақ пен байлыққа таласып, біраз жыл қалмақ елін алауыздық жайлайды. Ақыры қонтайшының Сенге деген баласы бәрінен басым түсіп, бійлікті өз қолына алады. Жәңгір қазасынан кейін, арада алты жыл өткенде, жыйырма мың қолмен Сенге де әлі ханын сайлай алмай отырған қазақ жеріне басып кіреді. Айналасын айпап-жайпаған қалмақ Таласқа дейін жетеді.
Байағы кек, ежелгі намыс тағы жалғасады. Әлсіреген, бірлігінен айырылған қазақ біраз жерінен айырылады.
Үш Алматы қаласы жеті жыл бойы қалмақтың қоластында қалады.
Ортасында кішігірім көлі, көлінің жағасында көгәлі мен қарағайы жайқалған Үш Алматы қаласы жеті жылда адам танығысыз жабайы күйге түседі. Шап-шағын әп-әдемі қала көлінен де, көркінен де, қарағайынан да айрылып, қыйраған көне қонысқа айналады. Жетісұуда Қайылық, Екісұу атты қалалардың Шыңғыс хан заманынан бері көркейіп, гүлденіп тұрғанын сол ХІІІ – ғасырдың өзінде-ақ Еуропа жиһанкездері Кәрпійній мен Рұбрұк көрген және жазған. Соларды және Қорғас пен Тышқан ортасындағы Алмалы шаһарларын Ақсақ Темір он шақты рет Мағолыстанды шапқанда қыйратса, одан аман қалған қазақтың қырық шақты қаласын қалмақтар күл-талқан қылады. Сөйтіп қазақтың қалалы мекені далалы жұртқа айналды.
Осы аралықта қазақ хан сайламақ тұрмақ, өз басымен өзі қайғы болып кетсе керек. Өйткені, Қазыбек бек Тауасарұлының жазыуына қарағанда, 1652 жылы Жәңгір өлген соң, оның орнына тек 1680 – жылы ғана оның үлкен ұлы Тәуке хан сайланады. Ол кейін халық ықыласына бөленіп, әз Тәуке атанады.
Батыр қонтайшының баласы Сенге қонтайшыны 1671 жылы өз бауырлары өлтіреді, ал әйелін өзінен кейінгі інісі Ғалдан алады. 1676 жылы Ғалдан әкесінің інісі Шоқырды тұтқындап, ол сол тұтқында жатып өледі. Ғалдан 1677 жылы Байбағыстың ұлы, әкесі Батыр қонтайшының сенімді серігінің бірі Сесенді де өлтіреді, сөйтіп Ғалдан Бошохты деген атпен қонтайшы болады. Кейін оның өзі соғысқа кеткенде, қонтайшылықты Сеуан-Рабдан тартып алады да, ыза болған Ғалдан өзінің қарнын жарып жіберіп қайтыс болады. Қалмақты Сеуан – Рабдан бійлеген кезде, 1723 жылы көкекте, тұтқыйыл шабыуыл жасап, олар қазақты әйгілі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» аталған қасіретті зобалаңға ұшыратады.
Есім хан елді бійлеген тұста Тобыл, Еділ, Жайық, Қара Ертіс бойында; Жәңгір хан тұсында Түргентоғай мен Оқпана шайқасында Отан қорғау соғысын жүргізсе, қазақ енді отыз бес жыл бойы ұлт азаттық соғысын жүргізіуге мәжбүр болады. Ұзақ соғыс қалмақты да, қазақты да тыйтықтатады. Бақталастық пен тақталастық алауыздыққа ұшыратқан қалмақтар бастапқыда Әбілқайырға, ақырында Абылайдың қолбасшлары Бөгенбай, Қабанбай, Қазыбек бек пен Наурызбай бастаған батырларына XVIII – ғасырда бұрынғыдай бекем қарсылық көрсете алмайды. Қазақ хандары бір-бірімен біріге алмағандықтан, қазақ бійлері Төле, Қазыбек, Әйтеке – үшеуі батырларға бас бола білді. Қалмақ елі, йағный Жоңғар мемлекеті 1758 жылы ішкі алауыздық салдарынан және Қытай мен қазақтың екі жақты соғысына төтеп бере алмай, біржола жойылып кетті. Кейін, 1920 жылы, кеңес өкіметінің қолдауымен қалмақ жерінде Моңғол халық Республикасы атты жаңа мемлекет орнаса, Еділ бойындағы қалмақтардың басын құраған Қалмақ автономиясы Ресей жерінде орнады.
Ал ұзақ соғыс әлсіреткен, ішкі алауыздық әбден қалжыратқан қазақ та, 1731 жылдан бастап 1846 жылға дейін созылған сұңғыла сайасаттың нәтійжесінде, орыс патшалығына бодан болып тынды.
Отарлау жүйесінің жылдам жүзеге аспауына Сырымның, Исатай мен Махамбеттің, Жанғожа мен Қасымның, Саржанның, Кенесарының, тағы басқалардың жүргізген ұлт азаттық көтерілістері үлкен кедергі-себеп болды.
Жетпіс үш жылдан астам уақыт қазақ халқы кеңес өкіметінің құрамында болып, тек 1991 жылы 16 желтоқсанда өз тәуелсіздігін жарыйалады.
Қазақ пен қалмақ терең сайасатсыз жасалған батырлықтың азабы мен зардабын айаусыз бастан кешті.
Бұл тарыйхый хыйкайаны жазыуға ең алдымен Қазыбек бек Тауасарұлының 1776 жылы жазылған «Түп-тұқыйаннан өзіме шейін» атты шежіре-естелік кітәбі, бірінші томы Мәскеуде 1959 жылы, 2-томы 1974 жылы тағы 3, 4-томы шыққан «Материалы по истории русско – монгольских отношений» атты көптомдығы және орыс тарыйхшысы академик И.Я.Златкиннің «История Джунгарского ханства» кітәбі және 1993 пен 2008 – жылғы жарық көрген «Сұуан шежіре» деректері, Әлтай Ысқақовтың, Ақжазық ауылының ақсақалы, өз атам Тұрғанұлы Ешмұхамбеттің шежіре әңгімелері пайдаланылды.
Тарыйхтың шындығы – біреу-ақ. Тарихый шындық пен көркем әдебійеттің шындығы екеуі екі басқа нәрсе емес.
Тарихый шындық – оқыйғаның қай жылы, қай айда болғанын айтса, көркем шындық соның қалай болғанын, неге солай болғанын көркемдеп байандайды. Бар айырмашылығы сол ғана.
«Қаламмен жазғанды қайламен өшіре алмайсың» дейді орыстар. Сондықтан жазба дерекке аса үлкен мән беріу – басты шарт. Тарыйхый хыйкайа жазғанда, жазба деректің жөні бір басқа. Ауызша айтылған дерек уақыт өте келе ары да, бері де қыйсайа береді. Қыйсайғанды түзетіу қолыңнан кейде келсе, кейде келмейді. Біреу оқығанды біреу оқымайды, сондықтан біреу білгенді біреу білмейді. Ал қыйсайғанды түзететін – тек білім. Білімнің негізі – кітәп немесе мұрағаттағы қолжазба.
Ауызбірліктің құдіреті мен алауыздықтың кесапатын тек тарыйх қана дұрыс таразылайды. Сондықтан тарыйхты сыйлау ата-бабаңды сыйлаумен бірдей. Мен ата-бабамды сыйлап жаздым әрі біз үшін қанын, терін төккен соларға сөзбен ескерткіш соққым келді.
Батыр бабаларымыздың жатқан жері жайлы болсын! Әумійін!
3 комментария
Qazaqговорит
06.02.2022в11:13«Түп-тұқыйаннан өзіме шейін» атты шежіре-естелік кітәбі- жалған ойдан шығарылған фальсификация кітап.
Аманкелдиев Мағауия.Қордайговорит
24.01.2023в12:42«Түп тұқиянымнан өзіме шейін»көп нәрсеге көзімді ашты.Бар шындық сонда!
Маратговорит
09.02.2023в07:13Жалған кітап)))