Берекелі отбасы – мемлекет тірегі

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдарының бетінде тұрмыстық зорлық-зомбылық, балаларға жасалған қиянат шектен тыс өршіп тұрғаны туралы материалдарды жиі оқитын болдық. Жан түршіктірерлік оқиғалардың кейбіреуіне өзіміз де куә болып жүрміз. Осыдан бірер жыл бұрын Түркістан қаласында бес жасар қыз жоғалып кетті. Оны арада бес күн өткенде жол жағасынан тауып алды. Шынашақтай қыздың көрмеген қорлығы жоқ. Ал былтыр Сарыағаш ауданында түрмеден босап келген бір айуан бес жасар қызды  тасалау жерге алдап апарып, ойына келгенін жасаған. Осы қылмысын жасыру үшін қызды бірнеше жерінен пышақтап өлтірген. Бір таңырқатарлығы, осы айуан тектес жыртқыштың ақыл-есінде ауытқу бар деген құжаты бар болып шықты. Осы анықтамасы бойынша бір күн де түрмеде жатпай босап шықты. Қоғам болып көтеріліп, ҚР Жоғарғы  сотына дейін арызданып жүріп, бұл айуанды мәжбүрлеп емдеу мекемесіне  жіберді. Соңында сотты болды. Осы зорлықшыны анықтамасы бойынша жазадан босатқан аудандық сот төрағасы қызметінен айырылды. 
Міне, бүгінгі зорлықшылар осындай. Қолына жалған құжат жасатып алады да балғын өмірге қиянат жасайды. Жалпы, ондай азғындарға кешірім жоқ. Қаршадай баланың өмірін қиған, оған зорлық-зомбылық жасаған адамды қалай ғана жазасыз қалдырамыз? Сірә, бұл өзіміздің босаңсып кеткендігімізден болар. Жаза күшейсе, қылмыскерлер дер кезінде қолға түссе, оларға аяушылық болмаса бәлкім қылмыс азаяр ма еді.
Отбасылық ойранның салдарынан ажырасып кеткендер де толып жатыр. Бұл қоғам үшін өте зиянды. Өйткені, әр шаңырақ мемлекеттің бір-бір ұстыны. Уығы. Сол кең шаңырақтың бір уығы босаңсыса мұның соңы үйдің опырылып құлауына әкеп соқтырады. Сондықтан мемлекетіміз тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын кесу бойынша бірқатар заңдар мен бағдарламаларды қолға алды. Депутаттар былтырдан бері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заңнамаға бірқатар түзетулер енгізуге ықпал жасады. Бұл құжатқа Президент қол қойды. Әр шаңырақтың тағдыры маңызды. Сондықтан, заңнамада ең әуелі жанжалдасқан ерлі-зайыптыларды татуластыруға көңіл бөлінген. Татуласқаннан кейін тағы да араздасып қайтадан келсе мәселе басқа. Ондай жағдайда оларды ажыратып жіберуге тура келеді. Екіншіден, қылмысты анықтау мәселесіне көңіл бөлініп отыр. Зорлыққа ұшыраған адамдардың  көбісі сан түрлі жағдайға байланысты арыз жазудан бас тартады. Сондықтан ендігі жерде зорлық көрген адам арыз жазбаса да көршісі, басқа да сол оқиғалардың куәгерлері хабар берсе полиция қызметкерлері келіп, хаттама толтыра алады.
Былтырдан бері үйінде жанжал шығарған азаматтың қамау мерзімі 15 күннен 25 күнге дейін ұзартылып отыр. Осы екі арада тұрмыстық қылмыс пен тұрмыстық кикілжіңнің айырмашылығын ажырата білген дұрыс. Кикілжің көпке ұзамайды.  Олардың татуласып кетуіне мүмкіндік бар. Лып етпе ашу кімде болмайды. Ұрсысып қалдық екен деп шаңырақты шайқалта беруге бола ма? Ал, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, аямай ұрып-соғу секілді қылмыстарды ескерусіз қалдырмау керек. Бұл ендігі жерде әкімшілік қылмыстан жазалы қылмыстық іске ауысады. Заң қабылдау барысында отбасы институтын сақтауға барынша назар аударылған. Соның арқасында отбасылық кикілжіңді шешуге, ерлі-зайыптыларды татуластыруға мүмкіндік зор. Отбасылық құндылықтар бәрінен жоғары тұратынын естен шығармаған дұрыс. Қолынан шоқпары түспейтін шіренбай күйеулерге жаза қолдану артық етпейтініне көзіміз жетіп болды. 
…Бұл алыстағы ауылдардың бірінде, менің туған елді мекенімде болған оқиға еді. Әлі есімде. Шыбықты ат қылып мініп жүрген кезіміз. Бізге соғыстан жаралы болып оралған майдангерлердің барлығы батыр болып көрінеді. Ол жылдары әр ауылда соғыстың ащы дәмін татып келген ең кемі отыз-қырық кәрі солдат болатын. Мектепте патриоттық сабақтар өткізіліп, сол аталарымыздың фашистерді қалай қырғаны туралы әңгімелерін тыңдап, ауызымыз ашылып қалатын. Солардай батыр болғымыз келетін. Сабақтан қолымыз босаса «соғыс» ойынын ойнаушы едік. Үлкендер «жамандық шақырмаңдар, соғыстан басқа ойын құрып қалды ма!» – деп жекитін.
Сол кезде күйеулері соғыстан қайтпай қалған жесірлер де көп болатын. Үлкендер оларға қолғабыс жасауға тырысады. Бірақ, кейбір шайпау апаларымыз әкелерімізді қызғанып, жесірлерге отын түсіріп берсе табаққа салып, майсыз қуырып алатын. Бала да болсақ білеміз ғой, ауылда осындай көзге бірде көрініп, бірде көрінбейтін соғыс жүріп жатушы еді. 
Бір күні Қалампыр апамыз апақ-сапақта кіріп келді. Түрі әлемтапырақ. Шайға да қарамады. Томсырайып отырды. Әкем тамағын ішіп болған соң шешейге қарап:
– Ал, айт. Тағы не болып қалды? – деп сұрады.
– Мырзаға, тойып біттім. Ана ініңіздің түзелетін түрі жоқ. Күнде ішіп келіп отбасымыздың берекесін кетіріп бітті. Балалардан да маза қашты. Сіз де «қой» деп айтпайсыз. Әкесі арақтан өлгендей ішуін қоймайды. Мен соңғы шешімге келдім. Төркініме кетемін не бөлек шығамын! – деді долданып.
Әкем қолындағы кесені дастархан шетіне қойып:
– Осы ма соңғы байламың? Ақыры кететін болыпсың, мен не істей аламын? Шешім өзіңдікі. Бірақ төркініңе кетпес бұрын Қатираның, Дариғаның, Қатшаның, Жәмиланың, Құлпынайдың, Маржанның, Айымкүлдің үйлеріне барып, шай ішіп көр. Сосын маған келіп рұқсат сұрарсың, – деп жауап қатты.
Әкемнің айтып отырған адамдары күйеулері соғыстан оралмаған, оралса да арада біраз жыл салып қайтыс болған кілең жесір апаларымыз еді. «Әкем Қалампыр апаны олардың үйлеріне барып, шай ішіп келуге не үшін жұмсады екен?» – деп ойланып қалдым. 
Арада біраз күн өтті. Қалампыр апамыздың қолы тимей жүр ме әлде әкем айтқан апаларымыздың үйлерін аралап біте алмады ма, әйтеуір кешіге берді. Қалампыр апам төркініне кетіп қалса інілерім жаутаңдап қалатын болды-ау деп үрейленіп жүрдім. Бірақ Қалампыр апамыз сол кеткеннен біздің үйге оралмады. 
Әкемнің немере інісіне не айтқаны бізге жұмбақ, бірақ Алдияр ағамыз арақ ішуден сап тыйылды. Жұмысына барып келіп, домбырасын шертіп, төбеге қарап жатады да қояды. Байқаймын, інішектерімнің жүзіне қан жүгіріп қалыпты.
Кейін білдік қой, әкем Қалампыр апаны өңшең жесір әйелдердің үйлеріне босқа жұмсамаған екен. Олардың жалғызілікті тұрмыстарын көрсін, отағасы жоқ шаңырақтың қалай қиналатынын білсін  деп әдейі жіберіпті.
Кейін Қалампыр апамыз да «ажырасамын» деп түлен түрткен келіндеріне басу айтатын дәрежеге жетті. Талай асау келіндерін жуасытты.
Шіркін, кешегінің адамдары-ай! Үлкендердің айтқандарына тақ тұрушы еді. Ал, бүгін ше? Қазіргінің жастары заманақырдың перзенттері сияқты. Үлкендердің ақыл-кеңесіне құлақ асу дегенді білмейді. Қит етсе төсек-орындарын жинап, төркіндеріне тартып отырады. Бұрынырақта күйеулерімен жанжалдасып, төркіндеріне кетіп қалған келіндер артынан ата-енесі барса сан сылтау айтып салғыласып жатпай қайтып келе беруші еді. Бүгінгінің бикештері бірбеткей. Кетті ме, қайтып келмейді. Өздері кетсе бір сәрі ғой, балаларын шұбыртып ала кетеді. Жәутеңдеп бала кетеді, кемсеңдеп күйеу қалады. Ата-енесі жер шұқып отыра береді.
Сонда деймін-ау, қазақы тәрбие, ұлттық құндылықтар дегеніміз қайда қалады? Келін кердең болса, бала керең болса, ұлтымыз қалай көктемек? Отбасылық ынтымақ қайда?  Мұның өзі мемлекеттің тұтастығына кері әсер етпей ме?
Бір танысымыз келін түсірді. Сүйкімді-ақ екен. «Келіннің қолынан шай ішу» рәсіміне барғанда ізеттілігіне разы болып қайттық. «Япырай, Құдай бере салған екен» – деп қуандық. «Өсіп-өніңдер» – деп тілек айтып тарастық.
Арада көп уақыт өткен жоқ, қуанышымыз су сепкендей басылды. Көргенді деп көпірте мақтап жүрген келініміздің ішке бүккен сыры көп екен. Көп ұзамай төркініне тайып тұрды. Танысымыз үйінен шықпайтын болды. Баланың мойнына су кетіп, жүнжіп жүр. Сөйтсек бұл келін бақуатты отбасынан шыққан екен. Келген жерінің тұрмыс-тіршілігі аса ұнай қоймаса керек. Содан күндердің бір күні күйеуіне: «Бөлек шығамыз. Әкем бізге үй әпереді» демей ме? Ал, біздің бала: «Үйдің үлкенімін, інілерімді жетілдірмей қайда барамыз? Оның үстіне әке-шешем маған қарап отыр. Інілерімді аяқтандырайық. Сосын өздері-ақ екеуімізге енші береді» демей ме. Сөйтсе келін: «Үрерге иттерің, сығарға биттерің жоқ. Қандай енші береді!» – депті. Осыны естіген біздің бала шала бүлінеді. Ақыры екеуі сөзге келіп қалады. Кеткісі келіп жүр ме әлде екеуара керіс себеп болды ма, кім білсін, содан бері сүйкімді келін көшемізге көрік қосып әрі-бері өтпейтін болды. Қазір келіні кетіп қалған үй түгілі біз елеңдеп жүрміз. Сүйкімді келін сол кеткеннен қарасын көрсетпеді. Көре қалсам Қалампыр апаның тағдырын айтсам деуші едім. Әй, бірақ бүгінгінің жастары бұл тағылымға құлақ асар ма екен?
Бүгінгінің жастары деп қалдық, олардың талғам-талаптары да түрлене бастады. Мешіттерде некелерін қидыратын қыздар күйеулерінен «мәһір» сұрайтын әдет тапты. Бұл Ислам елдерінде кең тараған жоралғы. Араб тілінен аударғанда «неке сыйы». Оның шарты бойынша, молданың алдында қалыңдық не сұраса күйеуі соны әперуі тиіс.
Соңғы жылдары бойжеткендер арасында осы «мәһір» бас ауруына айналғандай. Әлеуметтік желілерді ақтарсаңыз бүгінгі бойжеткендердің қиялы көкте. «Мәһірге не сұрайсыз?» деген сауалға берген жауаптарын оқып отырып төбе шашыңыз тік тұрады. Көпшілігі қымбат автокөлік сұрайды екен. Араларында пәтер сұрайтындары да бар.  Мына бір бойжеткен болашақ күйеуінен бағасы 20 миллиондық сағат сұрап тұр. Мұны естіген болашақ күйеу абдырап қалды. Мұншалықты қаржысы бар адам миллионер болуы керек қой. Жиырма жастағы жігіт ондай байлықты қайдан алады? Тағы бір еркетотай қымбат тікұшақ мінгісі келеді. Тікұшақ түгіл велосипед алуға қиналатын мына заманда күйеу жігіт қайдан тауып әпереді оны? Болашақ келін тікұшақпен қайда ұшып бармақ екен?
Біздіңше, қалыңдықтың осындай шектен тыс талабы да отбасының мазасын қашырады. Әрине, неке сыйын алу керек шығар. Бірақ шамадан тыс талап қойып, жігітті қинауға тағы болмайды ғой. Есі бар қыз болашақ жігітінен шамасы келетін зат сұраса керек. Алтын сырға, жүзік дегендей. Ал тікұшақ сыйлайтындай екінің бірі миллионер емес. Әкесі де миллионер емес. Танымал блогер Дамелияның «Джет» маркалы тікұшақ сұрауы танымалдық үшін ғана керек болған сияқты.
Тоқырау, өтпелі кезең деп бағалаған өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ер-азамат жаппай жұмыссыз қалып, әйелдер ала қоржын арқалап кеткені бүркемесіз шындық. Міне, сол кезде отбасында әйелдер үстемдік ете бастады. Еркектер екінші орынға ығыстырылды. Әйелдері базардан келсе алдарынан бүгежіктеп шығатын болды. Осы аласапыран кезде жан жылуын өз шаңырағынан емес, басқа жақтан іздеген желөкпелер де табылмай қалған жоқ. Базарда жүріп қалтасына түскен азын-шұғын тиын-тебенге мас болған байшыкештерге жолығып, солар шыққан ұшпаққа мен де жетемін деп алаөкпе болып, ақырында аяғын қия басып, шаңырағын шайқалтып алған келіншектерді де кездестірдік.
Отбасының асыраушысы ретінде шаңырақтың бас иесі өзі екенін күн сайын дәлелдеп, күйеулерін отырса опақ, тұрса сопақ еткен әйелдерді де білеміз. Сол әйелдер ақыры үй тізгініне өздері ие болды. Бүгінде күйеулерін құлша жұмсап отыр.
Жә, бұның бәрі өткен кезеңнен қалған сарқыншақ делік. Бірақ қазіргі жағдай да оңып тұрған жоқ қой. Бір  танысым ауданда тұрады. Әйелі мектепте мұғалім. Өзі тиіп-қашып әртүрлі жұмыс істейді. Бір күні «әйелімнің айлық жалақысы көтерілді» деп келді. Қуанышына ортақтастық. Тағы бірде әйелінің айлық жалақысы тағы жоғарылағанын айтып мақтанды. Дұрыс қой, отбасылық бюджетке қаржы түсіп жатса жаман ба?
Бірде сол танысымның үйіне бара қалайын. Бұрынғыдай емес, танысым бүгіжектей береді. Үйреншікті әдетімен кесесін ала жүгіріп, ішпеймін дегеніңе қарамастан лықылдата арақ құюды да қойыпты. Екі сөзінің бірі «әйел көріп қалса оңдырмайды». Бұрын келгенімізде әйелі алдында құрдай жорғалаушы еді. Бүгін онысы мәтіби болып алыпты. 
Мұның сырын кейінірек білдім. Сөйтсем отбасының асыраушысы әйелі екен. Ауылда 300 мың теңге табыс табатын адам кемде-кем. Ал мұғалімдердің жалақысы осындай. Сосын ол үйдің қожайыны болмағанда қайтеді? Барлық билікті қолына алып, қамшысын үйіріп отыр екен. Қорасындағы бес-он тұяғына қарайтын күйеуі қолбала болып қалыпты. Бұранғыдай: «Әй, қатын! Қазан көтер! Досым келді!» дейтін досым жоқ. Сұлтанның орнында ұлтан қалған. Әйеліне жалтақтай береді. Мен барғанда «шай қой» деп те айта алмады. Күні кеше үйіне барсаң бір қойды атып ұрып сойдырып, мәре-сәре болып жататын қайран досым, не күйге түскенсің?
Шіркін, біздің Үкімет! Әріден ойлайды-ау! Осындай теңсіздіктерді қашан жояр екен? Мақұл! Мұғалімдерге жақсылық жасады. Оған таласымыз жоқ. Ал қазір мектепте кілең әйелдер ғана жұмыс істейді, бұл да теңсіздік екенін естен шығарып алды-ау, шамасы. Бүгінде қоғам белсендісі кім? Әйелдер! Әлеуметтік желідегі белсенділер кім? Тағы да солар. Министрдің өзіне «кет!» деп әлеуметтік желілерді шулататын кім? Оны да білесіздер. Осы ретте тепе-теңдікті сақтау, ер-азаматтардың құқықтарын сақтау хақында бір Заң керек-ау, шамасы. Әйтпесе, айлығы мол жанға алақан жайдырып қойған қоғам қай елде бар екен?
Сері досым сүмірейіп қалыпты. Мал қорасына барып, біраз айналшықтады. Үй жақтан «келіңдер, шай қайнап қалды» деген дауыс естіле қоймады. Сосын сүйретіліп сыртқа шықтық. Әйелі мәтіби болған еркектің күні осы.
Досым өсіп-өнген, балалы-шағалы шаңырақ иесі. Ауылда малымен жан бағып отырған ағайындарының ортасында тұрып жатыр. Алайда бұл күндері ауылда қайбір жұмыс бар. Әйелі мектепте мұғалім, бұл жерден зейнеткерлікке шыққанша кетпейді. Ал, күйеуі не істейді? Амал жоқ, балаларына бас-көз болады. Әйелі жер ортасынан ауғанда отбасын тастап кете алмайды. Сөйтіп сырт көзге жылтырақ, іштей қалтырақ өмір осылай жалғаса береді.
Ал мұндай тығырыққа төзе алмағандар ше? Сөз жоқ, бәріне қолды бір сілтеп ажырасып кетеді. Ауылда әлі де қазақылық басым. Қалада тұратын, отбасы кірісін өзі табатын нәзік жыныстылар еркектің қолы қысқалығын көтере алмайды. Бұған мыңдаған мысал келтіруімізге болады.
Ғалымдардың есептеуінше, әлемде әр 13 секунд сайын бір отбасы ажырасады екен. Ал біздің елімізде әр 13 секунд сайын үш шаңырақ шайқалады.  Азаматтық хал-ахуалды тіркеу бөлімдері мен отбасылық проблемаларды зерттеу орталығы мамандарының зерттеулеріне сәйкес, республикамызда жылына орта есеппен 140 мың жас некелессе, кейін солардың 50 мыңы ажырасып кетеді екен. Ажырасуға бел буғандардың үлесі барлық тіркелген неке санының 34,4 пайызын құрайды. Мұның өзі елімізде некенің осал екенін көрсетеді. Бұл жастардың жар таңдаудағы асығыстығын және көзжұмбайлығын да аңғартады. Олар алдында тұрған үлкен жауапкершілікті түсінгісі келмейді. Әйтеуір шаңырақ көтерсек болды дегенге саятын пікірде жүретін сыңайлы. Отбасын құрған соң үлкен жауапкершілік жүктелетінін, үлкен үйге не керек болса кіші үйге де сол керек болатынын үлкендер неге үйретпейді? Жылт еткен жалынның мәңгілік махаббатқа ұласпайтынын жастарға айтып отыратын қарттар қайда? Аз ғана уақытқа созылатын арзан қызық отбасын құруға негіз болып жарытпайды. Жар таңдадың екен, ертең ыстық-суығына бірдей көнетін, өзіңе терең сенетін, қиындыққа қасқая қарап, әрдайым қасыңнан табылатын адам табуың керек. Бірін-бірі түсінбейтін, сыйламайтын жұп жұбай болып жарытпайды. Отбасының берекесі кетеді. Бір шаңырақ астында жүргенмен өзара сыйластық болмаған соң береке де болмайды. Міне, үлкендердің жастарға айтар тәжірибесі осылай болып келуі тиіс. Біздегі ажырасудың көпшілігі лап ете қалған болмашы сезімнің салдары екенін психологтар да қуаттайды. Сондықтан жастар бір-бірін толық түсініп барып шаңырақ көтергені  құба-құп. «Жарасып кетерміз» немесе «әкесі мықты екен» деген долбар жоспармен үйленгендердің шаңырақтары берік болмаса керек. Ақылдымсып отырғанымыз жоқ, мұның бәрі ғылыми негізделіп, тәжірибеде анықталған жәйттер.
Соңғы жылдары сарапшылар жастардың отбасын құруға асықпайтынын айтып, дабыл қағып келеді. Мұның сыры біріншіден, урбанизацияға, одан кейін инфляцияға байланысты көрінеді. Кей жігіттер алды-артына қарамай, бар-жоғын есепке алмай үйленіп алады да бар салмақты ата-анасына салады. Әрине, баласын үйлендіру, енші беріп, бөлек отау ету әрбір ата-ананың борышы. Дегенмен, бұған қазіргі нарық заманында кейбір шаңырақтың шамасы келе бермеуі мүмкін. Сондықтан жастар материалдық жағдайын жақсартып алып, содан кейін ғана шаңырақ көтергісі келеді. Кейбір деректер жастардың балалы болуға қорқатынын алға тартады. Өйткені олардың алдында «баламызды қалай асыраймыз?» деген сауал тұрады екен. Осы ретте есімізге Біріккен Араб Әмірліктері түседі. Сауд Арабиясында «Мұнай – Алланың халқымызға берген ризық-несібесі, рақымшылығы» деген көзқарас бар. Ал Венесуэлада керісінше халық мұнайды «ібілістің іріткісі» деп атайды. Бірі мұнайды ақылмен пайдаланып, соның игілігін пайдаланып отырса, екіншісінде мұнай халыққа қақтығыс, қантөгіс пен кедейшілік алып келуге себеп болды. Мұны неге айтып отырмыз? Өйткені біздің елде де мұнай бар. Бірақ арабтар сияқты шалқып өмір сүре алмай отырмыз. Неге? Бұл бас қатырарлық сұраққа экономистер жауап берер.  Жалпы араб  елінде жаңа үйленген жастарға екі бөлмелі үй сол заматта-ақ беріледі. Бұған қосымша 50 мың долларды қолдарына ұстатады. Әрине, бұл қатардағылар таза араб болуы керек. Ал біздің халықтың саны 20 миллионға енді ғана толып отыр. Балаларға арналған қорды да жақында ғана аштық. Оның өзі мардымсыз. Дегенмен, қазақ жеріне кіндік қаны тамған әрбір балаға қазба байлықтардан түскен қаржыдан үлес беру – стратегиялық мәнді бастама. Ұлттық мүддені ілгерілету, ұлттық қауіпсіздікті нығайту тұрғысынан аса маңызды екені де рас. Бұл әсіресе 700 мыңнан астам баласы бар Түркістан облысы үшін аса маңызды жоба болып отыр.
Өкініштісі сол, мұнай дәуірі аяқталып келеді. Сонда «Ұлттық қор – балаларға» жобасы адыра қалмақ па? Адыра қалдыруға болмаса бұл тығырықтан шығатын бір ғана жол бар. Ол қараша халықтың бойындағы арман-мұратқа, қажыр-қайратқа, ерік-жігерге дем беру ғана. Бүгінде аспаннан құймақ жауады деп қарап жататын заман емес. Әр адам әрекет жасап, кәсіп үйреніп, іскер әрі еңбекқор болып өсуі тиіс. Міне, осындай әрекеттер ғана шаңырақтың шайқалмауына негіз бола алады. Ендеше, мұны тек мемлекеттің иығына артып қоймай, әркім өз арбасын өзі сүйретуі керек. Жалпы, масылдықтан құтылғанымыз жөн. Масылдық жүрген жерде асылдық болмайды. Осыны жастарымыздың бойына сіңіре білу – зиялы қауымның басты борышы. Өйткені, мемлекеттің қуатты болмағы әр отбасының мығым болуына байланысты. Мемлекет отбасын, отбасы мемлекетті ойласа, қолдаса қуатты ел боларымыз анық. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін шындық.
Қазіргі қазақ қоғамындағы басты проблемалардың бірі – отбасындағы зорлық-зомбылық болып отыр. Соның ішінде ана мен бала құқықтарын қорғау да өзекті. Соңғы жылдары ел арасында осы бір өткір мәселе күн тәртібінен түспей тұр. Сондықтан қолданыстағы заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізуге мәжбүрміз. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әлілетті Қазақстанның зкономикалық бағдары» атты Жолдауында тағы да айтылды. «Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез-келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін», – деді Президент. Ал жылдың  басында «Егемен Қазақстан» газетіне берген «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» деген сұхбатында: «Мен елімізде «заң мен тәртіп» қағидатының орнына түскенін қалаймын. Сондықтан нақты жауап берейін, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатайтуды толық қолдаймын. Сіз айтқан петиция заң талабына сай келсе де, келмесе де азаматтардың пікірі міндетті түрде ескеріледі. Оған күмән болмасын.
Сонымен қатар қоғамда озбырлықтың кез-келген түріне мүлдем төзбейтін түсінік қалыптаспаса заңға енгізілген өзгерістерден аса қайыр болмайды. Жұрт зорлық-зомбылық жасағандарға жазаны қатайтуды талап ете тұра қылмыс әлеміндегі шытырман оқиғаларға таңдай қағып, фильмдердің заңды белден басатын кейіпкерлерін ғана емес, тіпті шынайы өмірдегі кәнігі қылмыскерлердің өздерін пір тұтып жатады. Бұл жағдай бір-біріне мүлдем кереғар және өте оғаш көрінеді. Солай емес пе? Біз қоғамды ішінен ірітетін, адамгершілікке жат қылықтарды ақтауды көздейтін кез келген әрекетке және құқықтық нигилизмге тұтас ел болып тосқауыл қоюымыз керек», – деп өз ұстанымын одан әрі шегелей түсті.
Отбасындағы ойранның азаймай тұрғанының бір себебі қоғамдағы осындай кереғарлықтар болуы да мүмкін. Отбасындағы зобалаң балалардың жетім қалуына әкеліп қана қоймайды. Оның зардабы көп. Жартылай жетім бала тіршілік тауқыметін көп тартады. Сөйтіп олардың арасынан қылмыс әлеміне бір бүйрегі бұрып тұратын қатігез балалар өсіп шығуына жол ашады екенбіз. Ажырасып, отбасының асыраушысынан айырылған ана қолындағы көп мүмкіндіктен айырылады. Біріншіден, балаларына қарайлай алмайды. Екіншіден, көп жағдайда олардың қажетті бұйымдарын сатып әперуге мұршасы болмайды. Үшіншіден, балаларын уысынан шығарып алады. Мұның соңы баланың көше бұзықтарына қосылып, түрлі қылмыстарға баруына ұласып жатады. Әлеуметтік мәселелерді зерттеушілердің қорытындыларына қарағанда, мектептегі әлімжеттікке итермелейтін жағдайлар осындай қараусыз қалудың салдары екен. 
Жалғызілікті ананың тәрбиесінде өскен бала жасық, ұяң, жігерсіз болып өсетіні бұрыннан белгілі. Ресей психологтары әскери бөлімдерге барып зерттеу жұмыстарын жүргізген. Сонда әкелері бар жігіттер қайсар, барлық тапсырманы ойдағыдай орындайтын болып шыққан. Ал анасының ғана тәрбиесінде өскен солдаттар көбінесе асханаға жұмысқа сұранады екен. Сондай-ақ олардың басқа да жеңіл-желпі жұмыстарға жақын тұратыны байқалған. Көрдіңіз бе, «сенсіз де жақсы өмір сүре аламын» деп отбасы бақытын өз қолымен қиратқандар осындай ұрпақ тәрбиелейді. Ал бізге жасық, ынжық ұрпақ керек пе? Біз бар болғаны 20 миллион халықпыз. Бір бүйірімізде айдаһар, екіншісінде аю жатыр. Жаһандану деген жалмауыз ауызын арандай ашып ол тұр. Мынадай жасық, қорқақ жігіттермен ұлан-ғайыр даламызды қорғай аламыз ба?
Міне «еркексіз де бір күнімді көремін» деп ойлайтын бикештер қоғамға осындай залал келтіреді. Дәл қазір әлем мың құбылып тұр. Демократия, теңдік деген желеумен шет елдерде бір жынысты адамдардың үйленуі қалыпты жағдайға айналды. Оның көлеңкесі бізге де келіп жетті. Ана бір жылы Алматыда гейлердің алаулатып-жалаулатып теңдік сұрап, көшеге шыққаны осыны дәлелдемей ме? Осындай алмағайып заманда әр отбасы өз балаларына аса қырағы болуы керек-ақ. Қараусыз қалған балалардан қарақшы да, қағынған да шығады. Мұны өмірдің өзі дәлелдеп беріп отыр.
Әрине, ажырасқан әйелдердің бәріне қара күйе жаға беруге болмас. Маскүнем, нашақор, делқұлы күйеуден әркімнің-ақ құтылғысы келеді. Ал, қазіргі жастардың үйлене салып «мінезіміз үйлеспеді, жараса алмадық» деп жолдары екі айырылуы қоғамдағы үлкен проблема болып тұр. Бұл кешегі қазақы тәрбиенің күші қайтып, осалдыққа бой алдырғанын көрсетеді. Бұрындары ажырасу дегенді білмеуші едік. Күйеуінен таяқ жеген келін абысынына шағынып барса: «Не болыпты соншама? Ұрса байың ұрды. Біреулер ұратын бай таппай отыр», – деп әлгі келінді лезде жуасытатын. Қазіргінің келіндері ондай емес. Шеттерінен тепсініп тұр. Бетіне қарап сөйлеп көрші, не болар екен? Бұл да біздің ұлттық құндылықтардан ажырап қалғанымызды көрсетеді.
Сонымен бүгінгі бас ауруының бірі ажырасу десек, әкелік немесе аналық құқығынан қашып, алимент төлемей қашып жүргендер елімізде жүдә көп екен. Қазір борышкерлердің қарызы 7 миллиард теңгеге жетіпті. 1618 борышкердің сайда саны бар да өздері ізім-қайым жоқ. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері оларды індетіп іздестіріп жатыр. Зерттеулер көрсеткендей, олардың көпшілігі жұмыссыздар. Араларында табысын қасақана жасыратындар да баршылық. Осы жасырынбақтың зардабын балалар тартып жатыр. Өз қағынан жерігендер жасырынбақты қашанға дейін ойнар екен?
Әділет министрлігінің дерегінше, елімізде алимент төлейтін 270 мыңнан астам адам бар. Олардың 14 мыңнан астамы алиментін уақытылы төлеуге келгенде кежегесі кері тартады. Олардың алды 3 ай бойы алимент төлеуден қашып жүр. Тіптен мүлдем төлемейтіндері де жеткілікті. Сондықтан бұл іспен прокуратура айналысуға мәжбүр болып отыр. Бір ғана мысал. Тек Түркістан облысының өзінде ғана облыстық прокуратураның ықпалымен 1472 балаға 121,8 миллион теңге алимент өндіріліп алынған. Заң бойынша борышкер өз балаларына  алимент төлеуден жалтарса әкімшілік жолмен жауапқа тартылады. Осы негізбен былтыр 163 борышкер әкімшілік жауапқа тартылған. Олардың 86-сы қамауға алынған, 2 борышкерге айыптау үкімі шыққан.
Сонда дейміз-ау, борышкерлер неге өз балаларынан қашады? Жарайды, ажырасып кетті делік. Қанша жерден ажырасса да бала өз қаны емес пе? Бабаларымыз қырғын соғыс арасында жүріп те жесірін қаңғытып, жетімін жылатпаған ғой. Не болып барамыз осы? Қадыр Мырзалы ағамыздың «Бір жаманы, үйленіп жеңгесіне, бір жақсысы – жетімін қаңғытпаған» дегені осындайда еске түседі.
Республикалық жеке сот орындаушылар палатасы жыл сайын өндірілмеген алимент төлеу барысы туралы деректерді қорытындылап отырады. Әрине, барлық адамның тұрмысы мен табысы бірдей емес. Сондықтан біреу алиментті ерте, біреу кеш төлейді. Теңгені тәуір көретіндер «тығылмақ» ойнағанды қош көреді. ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дерегінше, 1476  адам іздеуде жүр екен. Солардың 142-сі әйелдер көрінеді. Демек алименттен тек ерлер ғана емес, әйелдер де қашады деген сөз. Бұл нені көрсетеді? Әрине, арамызда шаңырақ шаттығын бөлісе алмаған нәзік жыныстылар да бар. Басқа басқа, әйелдер отбасы бақыты үшін күресуі керек қой. Олар да алимент төлеуден қашып жүрсе, басқалар не істемек?
2023 жылдың 6 айында алимент төлеу бойынша сот актілерін орындамағаны үшін 2861 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 7219 борышкерге елден шығуға уақытша тыйым салынған. Алимент өндіру бойынша барлық проблемалық атқарушылық құжаттар бойынша сот орындаушылары мәжбүрлеу шараларын қолданады. Бұл туралы былтырғы қыркүйек айында Орталық коммуникациялар қызметінде өткізілген брифингте ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев мәлім етті. Министр өз сөзінде борышкердің тұрақты табысы мен мүлкінің болмауынан алимент өндіру қиынға соғатынын да жасырмады. Бұдан шығатын қорытынды – елімізде жұмыссыздық әлі де бар.  Тіпті, жоғары жақтың жұмыссыздық биыл пәлен пайызға азайды деген дерегіне күдікпен қарауға болады. Қазір жұмыстан қашатын адамдар бұрынғыдан азайды. Жұмыс бар, жоқ емес. Бірақ жұмыстың барлығы жекенің қолына өткен. Ауылдық жерлерде айлық жалақыны жоңышқамен, арпамен, бидаймен өтейтін үрдіс әлі де бар. Мұндай жағдайда жастар ауылға тұрақтай ма? Әрине, жоқ. Сосын олар қалаға кетеді. Мұнда да құшақ жайып қарсы алып отырған адам көрінбейді. Жалақысы аз жұмысқа жалданады. Күндердің күнінде айлығын қорашсынып, шет елдерге шығуды ойластыра бастайды. Шетелден қаржы тауып келгенше арада талай жыл өтеді. Осыдан барып «жастар кеш үйленеді» дейміз. «Арқада күн жайлы болса арқар ауып несі бар?». Біздің елде жұмыссыздықты азайту әлі де қағаз жүзінде ғана іске асып келе жатқанын осыдан-ақ байқауға болады. Дерек көздеріне сүйенсек сан мыңдаған азаматымыз шет елдерде жалдамалы жұмыс істеп жүр. Таяуда Катар мемлекетінің Доха қаласында болдық. Бір топ қазақ жігітін жолықтырдық. Олар мұнда жұмыс іздеп келіпті. Өз ауылында қолайлы жұмыс болса қияңдағы Катарда несі бар? 
Негізінен біздің елде демографиялық өсімнің мардымсыздығы осы жұмыссыздыққа байланысты. Тәуелсіздік алған жылдары көрші Өзбекстанда 16 миллион тұрғын болды. Бізде де осы шамада еді. Қазір Өзбекстан халқы 36 миллионға жетті. Біз енді ғана 20 миллионды еңсердік. Негізі бала туу жағынан қазақ аналары үнемі алда болуы тиіс еді. Тұрмыс тауқыметінен біздегі аналар бала тууды күрт шектеген тәрізді. Бұл ретте де алдағы атқарылар жұмыстар өте ауқымды әрі күрделі болып тұр.
Мәселен Түркияда алимент балаға ғана емес, анаға да төленеді. Ажырасқан ер адам әйелі екінші рет тұрмысқа шыққанша алимент төлеуге міндеттеледі. Оңтүстік Кореяда алимент төлемегендерге аяушылық жоқ. Егер бір жыл бойы алимент төлемесе 8 мың доллар айыппұл төлейді. Сонымен қатар, көлік жүргізу құқығынан айырып, шетелге шығуға тыйым салынады. Еупопа елдерінде де алименттен қашқан ата-аналарға қатаң жаза бар. Ал Францияда алимент төлеудан қашқандарды екі жылға дейін бас бостандығынан айырады. Бұл аз болғандай, 15 мың евро көлемінде айыппұл салады. Рас алимент әке немесе шеше бола алмайды. Бірақ қоғамда бала тағдырына, ұрпақ болашағына жауаптылықпен қарау мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Біріншіден, адамның санасы өзгеруі тиіс. Мәжбүрлеу шаралары соншалықты нәтиже бере қоймайды. Әрбір әке мен ана ұрпағы алдындағы парызы мен міндетін терең ұғынуы керек. Мұны қазақтың кешегі тәрбиесінен, бабалар өсиеттерінен алуға болады. Ал бізде ше? Шетелдердің қаңсығына үйірсекпіз. Содан барып «ажырасу көбейіп кетті» деп байбалам саламыз.  
Бұл ретте мемлекет теріс ағымдағы діни ұйымдарға да батыл тойтарыс бергені жөн. Олардан келіп жатқан залал да зіл-батпан. 
Қай қоғамда да ата-ана кәмелетке толмаған балаларын оқытып, тәрбиелеп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай мәпелеп өсіріп, жасы әлібұлыққа келген соң ұясынан ұшыруға міндетті. Бұл жауапкершіліктен ешкім қашып құтыла алмайды. Бірақ көтеріп отырған тақырыбымызға қатысты осы жерде тағы бір мәселенің құлағы қылтияды – ерлі-зайыптылар ажыраса қалғанда бала кімнің қолында қалады деген сұрақ туады. Біздегі заң бойынша жасы кәмелетке толмаған балалар міндетті түрде анасының қолында қалуы тиіс. Мәселе осы жерден басталады. Баланың әлі есі кіре қоймаған кезде, әрине, анасының жанында болғысы келеді. Біздің  келіндер осыны біліп алған. Еркектер балажан болады. Оларға келіншектері «ажырасамыз» десе болды, кәпелегі ұшып, не істерін білмейді. Сосын амалы жоғынан келіннің алдында құрдай жорғалауға мәжбүр. Осы әдіспен кербез келіндер күйеулерін уысында ұстайды, тырп еткізбейді. Күйеулерін жүндей түтіп үйренген келіндер енді қосағы қабақ шытса болды, араша іздеп әркімге шағымдана бастайды. Осының салдарынан күйеуін полицияға, сотқа сүйрейтін келіндер көбейіп кетті. Заңнан қорғаныш таппаған соң еркектер де ер емес, ез бола бастайды. Ездер отанын қорғай ала ма? Жалтақ, қорқақ еркек отбасын қалай асырайды? Міне, бір ескермей келе жатқан мәселеміз осы сияқты. Отбасылық зорлық-зомбылық дегенде осы мәселелерді естен шығарып ала береміз.
Рас, содыр күйеу, «соқыр» ата-ене келінге күн көрсетпей жүрсе, байы ішіп келіп әйелін күнде таяқтың астына алып, шегірткедей шырылдатып сабап жатса жөні бөлек. Алайда қазақ қоғамында келініне кесір қараған күйеу болмаған. Тіпті, үйіне әкеліп, оң босағаны аттағанша келіншегін көрмеген жігіттер болды. Сонда да олар әке-шешесі басқа жақпен құдандаласып, қалап әкелген келінді алмаймын деп байбалам салмаған. Қайта «Құдай қосқан қосағым» деп ерекше сыйлаған. Сол келіннен өсіп, өнді. Ата-енелер де өздері қалап баласына қосқан келінді өз қызындай көрді. Баласы мен келінінен өрбіген немерелерін тал бесікке салып тербетті. Адамгершілікке, имандылыққа, тазалыққа тәрбиеледі. Келін өз жолымен, келіндік ізетімен жүрді.  Татулық әр шаңырақта ту болып желбіреп тұрды.
Қазіргі  жастар, тіпті үлкендер жөн сөзге тоқтай ма? Әй, қайдам! Сөзден қуат, адамнан ұят кеткен заман. Бүгінгінің қариялары жастарды татуластырудың орнына қайта араздастырып кетуге бейім. Біреудің шаңырағы күйреп жатса содан ләззат алатын арам пиғылдылар да арамызда жүр. Отқа май құя түсетін арамзалар әр жерден де табылады.
Күні кеше бір ауылда бір отбасы ажырасса бүкіл ауылдың бетіне шіркеу болатын. Қазір ше? Жоғарыдағы мысалдардан көріп отырсыздар, бүгінде ажырасу дегеніңіз ойыншық болып қалды. Бұрын бір отбасының қызы қайтып келсе сол үйдің адамдары далаға шыға алмай қалушы еді. Шешесі шырылдап жүріп, қызын күйеу баласына қайта қосып қайтатын. Кейде сол үшін қызы шешесіне ренжіп жүретін. Кейін балалар есейіп, күйеу қодыраңдағанын қойып, берекелі отбасылар қатарына қосылғанда әлгі қыз шешесінің шешіміне разы болатын. Кеш те болса. Ал, бүгінгі шешелер: «Ішіме сыйған қызым сыртыма да сияды» деп қайтып келген қызына жағдай жасап, жеке үй әперіп қояды. Мұның да соңында сорақылық көп. Естіп те, көріп те жүрміз, ажырасып жеке шыққан келіншектер арада көп уақыт өтпей көңілдес тауып алып, жалғанды жалпағынан басады. Осындай бір қайтып келген әйелдің тағдырын білетін едік.
Зәмзәгүл (белгілі себептермен атын өзгертіп алдық) бір үйдің еркесі еді. Жоғары оқу орнын бітірген соң «теңімді таптым, рұқсат етіңіздер» деп ата-анасынан рұқсат алып, күйеуге ұзатылды. Амал не, Зәмзәгүл қайтып келді. «Ойбай, барған жерім батпақ екен» деп пәленбай сөз айтып келді. Бұл кезде құшағында екі баласы бар. Ата-анасы оны оң босағада ұзақ ұстай алмай, бөлек шығарды. Зәмзәгүлдің өзі де бөлек шыққанды қалады.
Күндердің күнінде Зәмзәгүлдің үйінде бір дударбас пайда болды. Бірақ екеуінің махаббаты ұзаққа бармады. Әлгі дударбас жігіт кержалқаудың нағыз өзі екен, Зәмзәгүлдің төркінінен тасыған тамағын түк қалдырмай ішіп-жеген бе, бір күні сабағандай болып қуып шықты. Арада көп ұзамай Зәмзәгүлдің үйінде тағы бір талапкер пайда болды. Бұл жігіттің не сиқыры бар екенін өзі біледі, екеуі екі-үш жылдай бірге тұрды. Бұл кезде Зәмзәгүлдің балалары мектепке барған. Қалай болғанын білмедік, араларында жүргеніміз жоқ. Бірақ әлгі жылпос жігіт бір күні шу қарақұйрық деп тайып тұрыпты. 
Осыны көріп өскен балалар қандай болмақ? Қалай дегенде де үйлерінде бөтен еркектің жүргенін көрді ғой. Мұны көрген олар қандай тәрбие алып шығады?
Осы Зәмзәгүл бұрынғы күйеуінен алимент алып тұрды. Сонда мемлекет осындай жауапсыз ана үшін де алимент төлей ме? Егер сол балалар  әкесінің қасында қалса ондай сорақылықты көрмес пе еді? Тәрбиелі бала болып өсер ме еді? Бұл жерде гендерлік саясат деп әйелдің алдына еркекті жығып беруді бүгінде қоғам қолдамаса керек. Сондықтан заңдағы шикілікті әлі де болса түзеткен дұрыс сияқты.
Әрине, алимент әке болмайды. Қазіргі заң талаптарына сай алиментті  тек балалар ғана емес, басқа да адамдар ала алады. Мәселен, алимент кәмелет жасқа толған, бірақ еңбекке жарамсыз балаларға, еңбекке жарамсыз ата-анаға, 18 жасқа толған мүгедек балаға күтім жасауға, бірінші, екінші топтағы мүгедек деп танылған балаларға, жүкті әйелдерге, еңбекке жарамсыз ерлі-зайыптылардың біріне де төленеді.
Бұдан бөлек, қамқорлықта, қамқоршылықта немесе патронаттық тәрбиедегі балалар, сондай-ақ асырап алынған балалар да алимент алуға құқылы. ҚР «Неке және отбасы туралы» Кодексінің 6-шы бабына сәйкес, алимент баланың ата-анасынан немесе басқа заңды өкілдерінен өндіріледі және баланы асырауға, біліміне және тәрбиесіне жұмсалады. Кодекске сәйкес, ата-аналар кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға міндетті. Демек ажырасқан ерлі-зайыптылар баласы кәмелет жасқа толғанша алимент төлеуі тиіс. Ал бала колледжде немесе жоғары оқу орындарының бірінде оқыса, алимент төлеу мерзімі бала 21-ге толғанша ұзартылады.
Алименттен қашып жүргендердің шоттары бұғатталады. Шет елдерге шығуға тыйым салынады. Жүргізуші куәлігінен айырылып, нотариаттық іс-әрекеттер жүргізуге рұқсат етілмейді. Ал қасақана алимент төлеуден жалтарса әкімшілік не қылмыстық жауапкершілікке тартылады. ҚР Қылмыстық Кодексінде үш айдан аса алимент төлемегендерді 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе екі жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру-сынды жазалар да бар.
Осы мәселелерге қатысты заңгер Жолдас Олжасұлымен хабарласып, сөйлескен едік. Ол ата-аналардың алимент төлеуден қашуы жауапсыздықтан екенін алға тартты. 
– Алимент төлемеудің, негізінен, екі түрлі себебі бар. Біріншісі, ата-аналардың жауапсыздығы. Екіншісі – қазіргі жалақының мардымсыздығы. Статистикаға жүгінсек, елімізде орташа айлық көрсеткіш 340 мың теңге екен. Соның өзін екінің бірі ала алмайды. Мәселен, депутаттар айына миллион теңгеден астам жалақы алатын шығар. Бірақ қазір қай қалада да ірі мекемелерде жұмыс істейтіндер ондай жалақы алмайды. Ауылдарда жұмыс тіптен жоқ. Ауыл тұрғындары мал бағады, егін егеді. Шаруа қожалықтары жыл бойы өздері қарызданып-қауғаланып жүреді. Қарамағындағы жұмысшыларға 340 мың түгілі 40 мың төлей алмайды. Ал осындай айлықпен, айлық орнына жемшөп, ет не сүт алып жүргендер алиментті қалай төлейді? Рас, қоғамда әртүрлі адамдар кездеседі. Алимент төлеуден жалтарып жүрген жауапсыз әкелер жасырын жұмыс істеп, табысын қасақана азайтып көрсетуі де мүмкін. Әйелімен ажыраса салып басқа отбасын құрып, шетел асып тайраңдап жүргендерді де білеміз. Оларға барсаң да «айлығым аз» деп ауыздарын қу шөппен сүртеді. Мұндай жауапсыз борышкерлерді жазалау керек, – дейді Жолдас Олжасұлы.
Заңгердің сөзіне қарағанда, мемлекет тарапынан алимент төлемейтіндермен күрес тиімді жүргізіліп жатқан жоқ. Өйткені, – дейді ол, – алимент төлемейтіндерге қарсы күрес көбінесе формальды есеп беру үшін ғана жүргізіледі. Бұған негізінен қолданыстағы заң нормаларының бүгінгі талапқа сай еместігі және отбасы институтының құлдырауы себеп. Әу баста дұрыс құрылмаған отбасы түптің түбінде тығырыққа тіреледі. Алимент оларды біріктіре алмайды. Меніңше, мемлекет отбасы мәселесіне араласпауы керек. Мұны қоғамдық бірлестіктерге, әкелер және аналар мектептеріне, ауыл билеріне қалдырған жөн сияқты. Қазір соттың алдына барған ерлі-зайыптыларға үш ай мерзім беріледі. Медиация талабына сай судья ажыраспақ болғандарды татуластыруға тырысады. Алайда бір-бірінен көңілі суыған немесе басқа кілтипандары бар жас отбасы судьяның тырысқанына қарамайды. Оның үстіне, сот атаулының бәрі сырт көзге суық көрінеді. Сондықтан ол жерге барғандар тіксініп барады. Осы ыңғайсыздықтар екі жастың екіайрық жолға түсуіне себеп болады. Бүгінде баласына қатаң қараған ата-аналарды жауапқа тартатын заң әзірленіп жатыр. Бұл да қазақ қоғамына жат. Қазақ «қол сынса жең ішінде, бас жарылса бөрік ішінде» деп бекер айтпайды. Отбасындағы болар-болмас келіспеушілікті сыртқа шығара беру түптің түбінде қазақы тәрбиені түп-тамырымен жояды. Сондықтан отбасы тәрбиесін әлі де болса абыз ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелердің құзырында қалдырған абзал.
Заңгердің осы пайымдауларына біз де екі қолымызды көтеріп қосыламыз. «Ойбай, шетелде анадай екен, мынадай екен» деп біреулердің былғаныш қаңсығына жолай берудің қажеті шамалы. Әр ұлттың өз әдеп-ғұрпы, салт-дәстүрі бар. Соған сай ішкі мәдениеті, ізеті, құрметі болады. Шет елдерде бір жыныстылар үйлене береді екен деп біз де рұқсат беріп қойсақ, онсыз да бірнеше жат ағымның соңында адасып жүрген аз қазақты ыдыратып алмаймыз ба! Осыны көріп, біліп өскен ұрпағымыз адаспай ма! Бүгінде шетелдердің шіріген дәстүрлеріне үйірсектеу белең алып барады. Ау, қазағым, бұл біздің жол емес. Біздің жол ата-бабаларымыз салып кеткен имани жол.
Таяуда Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың жетекшілігімен жалпы отырыс өтті. Мәжіліс әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі заңды қабылдап, Сенаттың қарауына жіберді. Заң балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстардың алдын алу және жолын кесу жөніндегі мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіруді көздейді.
Жұмыс тобының жетекшісі Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, заңда денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіруді, ұрып-соғуды, суицидті насихаттауды, он алты жасқа толмаған адамдарға жыныстық тұрғыдан қорлап тиісуді және басқа іс-әрекеттерді қылмыс деп тану көзделген. Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген белгілері бар адамдарға уақытша тұруға мүмкіндік беретін Отбасын қорғау орталықтарының құзыреттері нақтыланды. Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін және ұрып-соққаны үшін қылмыстық құқықбұзушылық жасаған адамдарды ұстау тәртібі реттеледі екен. Тәртіп бұзушыларға жауапкершілік пен жазаны күшейтумен қатар, азаматтарды қолдау, психологиялық көмек беру, оңалту бағдарламалары да қарастырылған.
Ерлан Қошанов: «Әйелдер мен балалардың қорғансыздығы жайындағы мәселе бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жиі көрсетіледі. Агрессорлар мен абьюзерлердің кесірінен қаншама шаңырақ шайқалып, әйел тағдыры талқыға түсіп, балалар зардап шегуде. Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатайтуды жұртшылық көптен бері талап етіп келеді. Жаңа заң бойынша ондай қылмыстар үшін қатаң шара қолданылады. Бұл орынды. Жалпы, әйелдер мен балаларға күш көрсетуге, агрессия мен зорлық-зомбылыққа жол бермеуге тиіспіз», – деді.
Келісеміз. Әйелдерін күң ретінде жұмсап, қорлап, күн көрсетпейтіндерге заң жүзінде шара қолданылуы керек. Балаларына қатігездікпен қарап, ұрып-соғатындар үшін де аяушылық болмасын. Алайда қазақ әу бастан балажан. Бұған бір мысал. Сонау 1922 жылы қазақ даласына келіп, ұлтымыздың отбасылық өмір сүру салтындағы азаматтың орнын зерттеген ағылшын ғалымы М. Олкотт: «Қазақ ерлері достыққа адал, батыр, аңқау, бірақ дұшпанына қатал болып келеді. Ата-анасын қатты сыйлайды. Қазақ ерлеріне ата-анасының айтқаны заң. Жарына адал. Отбасын аң аулап асырайды. Балаларын өте жақсы көреді» деп жазыпты кітабында. Шетел азаматы бұл жерде қазақтар туралы боямасыз жазып отыр. Ғалымға дән разы болатынымыз да содан.
Біз зерттеушінің «балаларын өте жақсы көреді» деген сөзіне тоқтағалы отырмыз. Жалпы, адамзатта баласын жаман көретін әке болмайды. Бірен-саран қатігез не ақыл-есінде ауытқуы бар бейбақтарды қоспағанда перзентін сүймейтін жан бола ма?  
Сол жақсы көргеннен емес пе, әкелер балаларын белі бекіп, бұғанасы қатпай жатып жұмысқа жегетіні. Оларды жандарынан тастамай жүріп асауды бас білдіруге, садақ тартуға, найза шаншуға, шөп оруға, мал күзетуге, тағы басқа кәсіптерге баулитыны. Егер шетелдік ғалым 1922 жылы емес, одан әріректе келгенінде қазақ нояндарының бесіктен белі енді шыққан ұлдарын қылыштасуға, найзаласуға баулып жатқанын көрер еді. Міне, сонда әкелердің қабағына қарап «бұл қазақ дегендер ұлдарына неге сонша қатал?» деп ой түйіп кетер еді.
Әкенің сондай қаталдығының арқасында қазақ жігіттері шетінен батыр, жауынгер болып ержетті. Шаруасы да мығым болды. Жалпы, қазақ баласын «тәк-тәкпен» тежеп ұстады. Ұрпағын жастайынан өжеттікке, қайсарлыққа, еңбекқорлыққа баулыды. Ал жасынан бойын қорқыныш, үрей билеген ұл өмір бойы қорқақ, ынжық, ез болып өтеді. Қай әке ұлының осындай жігерсіз болуын қалайды? Сондықтан олар керек кезінде еркелетіп, ұлының бойына сенім ұялата да білді, шымыр да өжет болып өсуі үшін қиындықтарға аямай сала да білді. Ел қорғайтын ұлдар «біздің әкеміз қатал болды, еркелеткен жоқ» деп ешкімге шағымданған емес. Әке қаталдығын олар қалыпты дүние деп түсінді. 
Жалпы, қазақтың қанында балаға деген қамқорлық, жанашырлық Алла Тағаланың құдіретімен дүние жаралғаннан бері бар. Осы ретте еліміздің  көп ұлтты екенін де ұмытпайық. Баласын құлындай шырылдатып ұрып жататын өзге ұлттардың біразын білеміз. Айталық, сыған әйелдері сұрағанын бермесең қолындағы сәбиін саған қарай лақтырып жібереді. Көптеген қалаларда сығандар балаларын қолтықтап көшеде қайыр сұрап жүр. Оларға заңның шамасы келмей-ақ қойды. Заң орындары жазалағысы келсе соларды неге жазаламайды? Осы күнге дейін бір сыған әйелінің жазаланғанын естімеппін. Базарларда ұрлық жасайды, қалтаға түседі, бал ашып, талайларды қан қақсатады. Қане соларды жазалап жатқан полиция қызметкерлері? Айтсақ тіліміз жазықты, сығандарды жұмсап қойып теңге табатын «тәртіп сақшылары» да бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Ондайды естіп те, көріп те жүрміз.
Ендігі бір көңіл аударатын мәселе – біз шетелдерге көп еліктейміз. Олардың қоқыстарын қабылдауды өзімізге өркениет шыңына шыққандай көреміз. Айталық, Алматыдағы гейлердің шеруі, бір жыныстылардың үйленуі, азаматтық неке, осылардың бәрі қазақ қоғамының аяғына түскен тұсау. Қазақ «сынықтан басқаның бәрі жұғады» деп бекер айтпайды. Осы келеңсіздіктерді, келеңсіздік емес-ау, сорақылықтарды көрген балалар ертең қандай жолға түседі? Осыны ескеріп жатқан кім бар?
Оның үстіне, қазір мешіттерге мектеп оқушылары көп баратын болып жүр. Жұма күні мектепте бала қалмайды. Бұл жөнінде мұғалімдердің шағымданып жүргенін көрдік. Сол мешіттерде ақыл-есі әлі толық қалыптаспаған балалар қай бағытта тәрбиеленеді? Көріп жүрміз, мен тұратын көшеде сақалы тізесіне жететін жастар көп. Оларға бірдеңе десең жағаңнан ала түседі. Тек өз айтқандарын жөн деп біледі. Айналасына көздері шапыраштана қарайды. Бұл не қылған тәрбие? Неге айналасындағыларды жек көреді? 
Қазір осындай жат ағымдардың жетегінде кеткен жастар көп. Оны бүгінде жасырып, жабулай алмайсыз. Отбасындағы шырғалаңдар осындай жастардың арасынан да көп шығады. Әйелдеріне талақ айтып, балаларын жетім қалдырып жүргендер де солар. Осыдан біраз жыл бұрын шамасында Сирияға кетіп, төрт күйеуге шыққан бір келіншектің зарын тыңдағанбыз. Күйеуі талақ деп тастап кеткен байғұс әйел сол ортаның талабымен тағы бір күйеуге тиюге мәжбүр болған. Айналдырған екі жылда төрт күйеуге тию оңай ма? Әлгі әйелдің өмірге деген құштарлығы солғын тартып, туған жерге өлмеші халде жетті. Мұндай мысалдар мыңдап кездеседі. Мемлекет жат ағымдарға тыйым салмаса әлі қаншама отбасы ойрандаларын кім білсін? Қазақ қоғамына керек пе бұл? Естуімізше, Қазақстандағы ең ықпалды бір адамның інісі осы теріс ағымға жетекшілік еткен көрінеді. Олар дінді саудаға салды ма әлде елге осы теріс ағым арқылы билік жүргізгісі келді ме, бұл арасын тиісті орындар анықтай жатар. Біздің айтпағымыз, қоғамдағы қоқыстар толық тазартылмай, отбасындағы зорлық-зомбылықты тия алмаймыз. Өйткені, бір отбасындағы түрлі көзқарастағы адамдар бір-біріне жауықпай отыра алмайды. Менің бір жақын танысымның басынан осындай оқиға өткен.
Құрмаш деген бір танысым жолығып қалды. «Үйде бір өзім қалдым», – деп мұңын шақты ол. Себебін сұрадым. Сөйтсем балалары түгелдей басқа дінге өтіп кетіпті. Балаларының соңынан әйелі де сол дінге кіріп алыпты. «Маған да сақал қой, қысқа балақ ки дейді. Әйелім, қыздарым тұмшаланып алды. Олармен бірге отырып қалай шай ішемін?» –  деп сырын ақтарды сол жігіт.
Ал біз еркектер озбыр болып кетті, әйелдерін, балаларын сабайды деп дабыл қағамыз. Балалары тілін алмаса, басқа ағымға кіріп кетсе, үйін ойынға тігіп жіберсе басынан сипауы керек пе? Әділет үшін күреседі екенбіз, әуелі осы сұмдықтармен күреспейміз бе?
Сорақылықтарға тыйым салғысы келгендердің бәрі содыр болып шықса ертеңгі күніміз не болмақ? Сондықтан отбасындағы ойранды талқылағанда, жазалағанда осы мәселерді де ескерген жөн сияқты. «Әйелін ұрыпты, баласын таяқтапты» деп түрмеге апарып тоғыта бермей, мән-жайды толық біліп алу керек. Бұл үшін көпшіліктен, көршілерден жазаға тартылғалы тұрған отбасы туралы сұрау керек шығар.
Күйеуі әйелін жетіскеннен ұрмайды. Әйелде де кінә болуы мүмкін. Әке баласын жетіскеннен сабамайды. Бала бір нәрсені бүлдірген болуы  ықтимал. Әрине, себепсізден себепсіз тоқпақтай берсе, дау жоқ, жазасын алуы керек. Ал басында жоғарыдағыдай проблема болса күйеуді түрмеге тоғыту қаншалықты дұрыс? Бұл жығылған үстіне жұдырық болмай ма? 
Қоғам таза болса мектеп те, көше де, отбасы да таза болады. Бала теріс жолға түспейді.  Періште пейіл перзенттердің жүрегіне ізгілік нұрын құю керек. Осыны естен шығармайық. Әуелі ауламыз таза болсын. Өз ауламыз қоқысқа толып тұрып басқаға ақыл айта алмаймыз. Бала көшеден көргенін істейді. Содан барып сотқарлар өсіп шығады. Қолайсыз отбасылардың бастауы осылар деген байлам жасағым бар.
Ресми орындардың мәліметінше, жыл сайын елімізде 300-ге жуық адам тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбанына айналады екен. Бір ескерер жағдай, соның ішінде 80-ге жуық әйел Құдай қосқан қосағының қолынан қаза табады екен.  Бұрынырақта құқық қорғау орындарына тұрмыстық қоқан-лоққыға қатысты ешқандай қоңырау не шағым түспейтін еді. Бүгінде  күн сайын 300-дей адам шағымданатын көрінеді. Қоғамда алаңдатар жәйттердің көбейіп кеткенін осыдан-ақ аңғаруға болады.
 Биылғы ақпан айында ҚР президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу» тақырыбында дөңгелек үстел мәжілісі өтті. Онда тұрмыстық зобалаңдардың жай-жапсары мен себептері және шешу жолдары жан-жақты сөз болды. ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін уақытша атқарушы, полиция подполковнигі Ренат Зұлқайыровтың мәліметінше, Президент тапсырмасымен тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға берілетін жаза қатаңдатылған. Былтырғы шілдеден бастап Қылмыстық және Әкімгершілік кодекстерге бірқатар өзгертулер енгізілген. 2023 жылдың екінші жартысынан бастап елімізде осы сипаттағы 50 мыңнан астам іс қаралған. Олардың 64 пайызы бойынша әкімшілік іс қозғалған. Қамауға алынғандардың саны 2 есе өсіп, ұзын-ырғасы 13 мың адам құраған. Бір қуанарлығы, сот кезінде 27 мыңнан астам ерлі-зайыпты татуласыпты.
Иә, бұл аз емес. Демек, бір жылдың өзінде 27 мың отбасы өзара жанжалдасқан болып тұр ғой. Бұл 20 миллион халқы бар еліміз үшін өте абайлайтын жағдай. Алты айдың өзінде тұрмыстық зобалаңға қатысты 50 мыңнан астам іс қаралса, отбасылар арасында от шарпымаған шаңырақ қалмаған тәрізденеді. Ұлттық құндылықтарымыз құрдымға кетіп, кейінгі жастар салт-дәстүрімізге, әдеп-ғұрпымызға немқұрайды қарайтын болғанын осының өзі-ақ көрсетіп тұр.
Депутаттар тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңнамаға түзетулер енгізуді әлі аяқтаған жоқ. Халық қалаулылары бұл мәселені әлі де зерделеп, қоғам талқысына салмақ. Қалай дегенде де қоғам таза болуы керек. Қоғам таза болса мемлекет те мықты. Мұны ешқашан ұмытуға болмайды. 

Пікір қалдыру