БЕСҚАРАГЕР

(Жалғасы. Басы өткен санда)

«СІЗДЕРДІҢ АРАЛАРЫҢЫЗДА «РЫЦАРСТВО» ЖОҚ…»
(Тахауи Ахтанов)

Иә, бұл өтірік айтуға, жалтаруға болмайтын, бүкіл ұлттың, оның ішінде ұлттық зиялылардың жүйке-тамырлары психологиялық тұрғыдан іштей ширыққан, аға буын өкілдерінің де бұрынғы иедеологиялық қысым­нан жасқануды қойып, ашына бастаған, өткеннің тістескен шырғалы шындықтарын ашыла айтуға бет бұрған тұс еді. Біздің де ойымыз кермек татып, кексе тартқан шағымыз болатын. Асылық демеңіздер, сол Жазушылар Одағы­ның ішінде жүріп үлкенді-кішімен етене араласып, бүкпесіз сөйлесе алатындай тәжірибе жинақтап, Мұхтар Әуезовтің алаш қозғалысы тұсындағы қилы тағдыры туралы «Бесігіңді түзе!..» атты толғау-эссем «Жұлдыздың» үш санына қатар жарияланып, сол үшін «ең жас алашшыл жазушы» деген атпен Орталық комитеттің «Қазақ ұлтшылдығы» туралы өтуге тиісті пленумның Бас баяндамасының жобасы мен қаулысына атым кіріп, шетқақпайлана бастаған едім. Егде тартқан әйел жазушының «Жас алашордашылдан сақтанайық!» атты көлемді мақаласы «Қазақ әдебиеті» редакциясының тартпасына келіп түсті. Оны маған хат бөлімінің меңгерушісі Шәкизада Құттыаяқов жасырын оқытты. Бірақ, Пленум кейінге ысырылып, мақала жарияланбай қалды. Және 1987 жылы 13 қаңтарда Бірінші хатшымыз Олжас Сүлейменов маған Праволық комиссия құрып, желтоқсан оқиғасына қатысушылар мен алашорда қайраткерлерін ақтау туралы деректер жиюға тапсырма берді. Соны орындау үшін идеологиялық күреске кірісіп, астыртын жұмыс жүргізуге әдістене бастаған едім. Сол мақсатқа жету үшін ең алдымен 1943-1953 жылдар арасындағы Қаулы арқылы тыйым салынған «Зар заман» жыраулары (Дулат, Шортанбай, Мұрат, Ғұмар Қараш, Абайдың ұлтшыл ақын шәкірттері, Кенесары туралы шығармалар, тыйым салынған «Едіге», «Қарасай-Қази», алашорда әдебиеті өкілдерін, тіпті, 40-жылдары жазылған кеңес ақын-жазушыларының шығармалары туралы Орталық комитет Қаулыларының күшін жою үшін арнайы комиссия да құрылды. Ол үшін сол дүлей науқанның арандатулары мен әшкерелеулеріне белсене қатысып, пікір білдірген тұлғалармен қалайда кездесіп, пікірін ауызша не жазбаша алу қажеттігі туды. Әрине, олардың бәрі жазбаша түсінік беруден бас тартты. Мені менсінбегендері де, сенбегендері де болды. Тек Әлжаппар Әбішев, Қалижан Бекхожин мен Хамит Ерғалиев, Қайым Мұхамедханов, Ғалым Ахмедов секілді дегдарлар ғана үйіне шақырып, сол уақыттың қас-қабағы, ішкі шарпысу, «топшылдықтың» себептері туралы екі-үш күн қатарынан ашық және еш жалтақсыз әділ пікірлерін айтып берді.
Сөйте жүріп, алаш идеясын Мұхтар Әуезовтің тағдыры арқылы жеткізуге арналған роман-эссенің екінші кітабына дайындалып, 1937-1938 жылдардағы және 1947-1953 жылдардағы қысым-сүргінді, сол кезде бірін-бірі әшкерелеуге ұмтылған зиялылардың «ашық арандатулары» мен «доностарын» талдап, оны сол желтоқсанның қысталаң күндердегі оқиғаларды емеуірін ете отырып жазу үшін архив деректерін ақтардым. Әуезовті «алашордашыл-ұлтшыл» ретінде әшкерелеуге қатысқан көзі тірі жеке тұлғалармен ашық сөйлестім және оларға сұрақты турасынан қойдым. Олардың арасында бұрынғы «үйреншікті ғадетіне» басып, арнайы мекемелер арқылы қорқытып, тіпті, үйіне шақырып қаһарын төгіп, жасқағысы келгендер де, арандатқандары да, тиісті мекемелерге айтып, архивке жолатпауға тырысқандары да болды. Бірақ, ол кезде қандай қақпайдың да бетін қайтаратындай мыс пен сес жинақтап қалғам, астыртын қолдаушылар да көп болды. Онсыз желтоқсан мен алаш қайраткерлерін қалай ақтарсың?
Уақыт арасы жақын болғандықтан ба (30 жыл), кім білсін, 1947-1953 жылдардағы қысым мен бопсаға, ашық арандатуға қатысқандар, соның ішінде, Тахауи Ахтанов марқұм да алғашқыда әңгімеден бас тарта берді. Ол кісінің мені, жатырқаса – жатырқай қабылдайтындай жөні бар еді. Өзім әдеби өмірге араласқан сол он-он бес жылда Тахаңмен жекелей сұқбаттасудың еш реті келмепті. Сондықтан мен туралы мағлұматы да өзге сыпаттама берушілердің «анықтамасы» мен «мінездемесінің» деңгейінде ғана болды. Дегенмен, заман талабы өзгерді, жоғарыдағы қоғамдық пікір мәселесі күн тәртібіне қойылып, оған қалай да жауап беру қажеттігі сезіле бастады. Біздің мақсатымызды біліп, назар аударып, аңысымызды байқап, тиісті дерек-мағлұматтар жиса керек. Әлде «Бесігіңді түзе!..» толғау-эссесінің бірінші бөлімі әсер етті ме, бәлкім менің бұл мәселеге тоқталмай өтпейтінімді білген шығар, әйтеуір 1987 жылы қараша айында Тахаң – Тахауи Ахтанов дегдардың өзі қоңырау шалып: «Біз кездесуіміз керек екен. Сенің мақсатың мен ұстанған бағытыңды түсіндім және шыншылдығыңа сендім. Бәрін айтуға дайынмын. Одақтың Әдебиетті насихаттау бюросының бөлмесіне ертең сағат 10-да кел», – деді. Әңгіме 3 сағатқа созылды. Сол әңгімеден туындаған сұрақтарды талқылау үшін 1988 жылы қаңтардың басында тағы да кездестік. Мен М.Әуезов мұражайына ауысқаннан кейін екі рет өзі іздеп келді. Алғашында сырқаты басталған, соңғы жолында дерт меңдеген кезі еді. Әуелгі жолы жан сырын айтты, соңғы жолы өкінішке толы өсиет сөзін айтты (мен солай түсіндім). Сондықтан да, асылық демеңіздер, өз басым жазушылардың арасынан таланты пен танымы, білімі мен көркем парасаты арқылы ұлттық көркем ойдың иесі атануға Мұхтар Әуезовтен кейінгі толық лайық тұлға деп есептейтін Тахауи Ахтановпен арамызда болған осынау ашық сұхбаттарға қатысты қозғалатын әр сұрақтың себебі мен салдарын, түйіні мен түйткілін «Тілше» дәптеріме түсірілген жазбалар мен сол мәселеге қатысты деректер бойынша, шашыраңқы пікірлерді реттеп, осы естелік арқылы ашық, кей жағдайда емеуірін арқылы жеткізуді мақсат еттім.

* * *
– Таха – Тахауи аға, ашық әңгімеге келіскеніңізге және оның мақсатын түсінгеніңізге, мені баласынбай бауырыңызға тартқаныңызға шын жүректен ризашылық білдіремін. Мен сіздің «Нар идірген», «Қаһарлы күндер», «Махаббат сыры», «Боран» (Алғашқы аты – «Дала сыры») атты шығармаларыңызды мектеп қабырғасында жүргенімде-ақ ерекше ынтызарлықпен оқып, әдебиет үйірмесінде баяндама жасап, талқылағанбыз. Одақта өтіп тұратын түрлі жиындардағы сөздеріңіз де жадымда. Сондықтан сіздің сыр-сипатыңызға ықыласым ерекше. Таха-Тахауи аға, мына әңгіменің қабағы жат, сұрағы салмақты, талқылы болмақ. Оны өзіңіз де аңғардыңыз. Ал, одан жалтара тартуға менің де амалым жоқ. Түбінде бір талқыға түсетін тақырып. Қауесетті қаулатпас үшін, нақты жауабын білу үшін алдыңызға кеп отырмын. Турасына көшейін.
– Сұрақ: Сіз бір майданнан шығып, тыныштық іздеп келгенде бейбіт өмірдегі екінші майданға, рухани майданға қалай тап болдыңыз?
– Дұрыс айтасың, мұнда да өз шебіңді таңдауға тура келді. Бұл мен үшін өте күрделі, түсінікті әрі түсініксіз, күтпеген жағдай еді. Өйткені, Орталық комитет тарапынан жасалған саяси-идеологиялық қысым мен қасақана ұйымдастырылған өзара бақталастыру әрекеті жазушылардың бірін-бір арандату майданына ұласты. Оларға еркін ойлы жазушыларды уысында ұстап отыру үшін сәт сайын әшкерелеп отыратын «халық жаулары» керек болды. Мен Жазушылар одағының табалдырығын аттаған кезде Сәбит пен Мұхтардың арасы өте шиеленісті еді. Сәбең Мұхтардың соңына шырақ алып түсті. Тамыры тереңдеп кетіпті, қарама-қарсы көзқарастар қақтығысы – оларды жеке жеккөрушілікке, өзара өшпенділікке жеткізіпті. Жазушылар үштік майданның (Мұхтаршылдар, Сәбитшілдер және «салпаңқұлақ тыңшылар») сарбаздарына айналыпты. Сондықтан шындық қайсы, жалған-жаласы қайсы, кімдікі дұрыс, ажырату мүмкін емес еді. Ал, кез-келген қаламгердің сол үш майданның бірін қаламауға ешқандай амалы жоқ. Еріксіз араласасың, өзіңше амалдайсың. Сол жағдайларға қатысты дәл қазір айтайын дегенім немесе кезінде айтқан пікірлерім де субъективно! Өзімнің жеке әсерім мен өзімше түйсінуім. Бұл әңгіменің мағынасы мен мазмұнын солай түсініп, солай сараларсың. Сенің қандай да бір пікіріңе өкпе артпаймын. Өйткені, ол – сенің өзіңнің жеке-субъективті пікірің.
Мен 47-жылы әскерден елге демалысқа келдім. Жақанмен (Сыздықов) бірге санаторийда жаттым. Сол кезде Жазушылардың Кеңесіне шақыру алдым. Билет берді. Жас ақындармен соғыстың алдында танысып кетіп едім. Кеңесте Зейнолла Қабдолов пен Аманжол Шамкеновті мүшелікке алды. Содан кейін мінбеге шығып, әдебиет туралы ойларымды айттым. Айтқан пікірлерім жұртты елең еткізді. Сол сөзімнің негізінде Жазушылар одағының мүшелігіне қабылдандым. Одақ төрағасы Сәбит (Мұқанов) мені бөлмесіне оңаша шақырып, есікті жауып алып, 40 минут сөйлестік. Бұл оңаша әңгіме бізді сырттай бақылап тұрған Әбділдәға (Тәжібаев) ұнамапты. Сонда да мені үйіне қонаққа шақырды. Міне, Жазушылар одағындағы жікшілдік туралы алғашқы мағлұматтарды осы екі адамнан естіп, бағыт-бағдар алдым.
Ашығын айтайын, Сәбеңнен көрген жамандығым жоқ. Бірақ, ол кезде іштей Мұхтардың жағында едім. Және Белинскийді оқығанмын, ақынның, жалпы ақындықтың не екені туралы түсінігім бар болатын және көркем әдебиеттің теориясынан да хабардар едім. Шынайы көркем шығарманы түсініп, талдай алатындай сыни қабілетім де болды. Әсіресе, «Татьянаның қырдағы әнін» (1937 ж.) оқып, тамсанып: «Өмір-ай десеңші! Нақ өмір ғой, мынау!» – деп сүйсінгенім есімде. Ол әңгіме мені бір түрлі «смутный» сезімге бөлеген. Мұхтарға деген симпатиям зор болды. Сондықтан да Сәбиттің Мұхтар туралы айтқан сөздеріне елікпедім. Мұхтарды жақсы көруім – өз-өзінен (автоматический) қалыптасқан талғам түйсігі еді. Ал, ол кезде Мұхтар, Сәбит, Ғабит үшеуінің арасында еркін жүретін адам Әлжекең (Әлжапбар Әбішев) ғана еді және сол үшеуі бірінің бетіне бірі тура айта алмайтын сөздерді Әлжаппар арқылы жеткізетін. Бұл берекенің сөзі ме, әрекенің сөзі ме, анық білмеймін. Өзі берекеге шақырып жүрдім деп есептейді. Оның шындығы да бар. Әсіресе, «Абай» романының екінші кітабы талқыға түскен жылдары Әлжаппардың шырылдағаны, Сәбит демалысқа кеткенде партия ұйымы арқылы романды баспаға жіберуге ықпал еткені анық. Оны жоққа шығаруға болмайды.
Сұрақ: – Ол оқиға туралы Әлжекеңнің мынадай естелігі бар: «Әлі есімде, 47-жылдың көктемі еді. Бұл кез Мұхаңның Ғабеңе катты өкпелеп жүрген кезі болатын. Күндердің бір күнінде Мұхаң телефон соқты. Ол кісінің бір әдеті, біреумен өкпелесе қалса оның фамилиясын айтатын. Амандық сұрасудан кейін сол әдеті бойынша: «Ана Мүсіреповтің менімен кінәласқысы келеді екен, оған сенің алдыңда ғана кінәласамын дедім. Сені қалаған себебім…»,– деді де менің астыма бүкіл қазаққа жететіндей бір қалың көпшікті қойып жіберді… Қойшы, Ғабең де телефон соқты… Мен Мұхаңа телефон соғып, қашан, қайда кездесетінімізді сұрап едім: «Ертең кешкі сағат сегізде маған келіңдер деді»,– дейді. Біз айтылған кезде бардық… Бұл екеуінің өкпелесуіне себеп болған жай: Ғабеңнің сол жылдың бас кезінде Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші секретары Жұмабай Шаяхметов баяндама жасаған қалалық бір үлкен жиналыста Мұхаң туралы сөйлеген қатаң сөзі болатын. Бұл екі алыптың дәл осы тұстағы кездесулерінен екі асқар таудың соқтығысын көретіндей сескенген едім, көргенім күткенімдей болып шықты. Оның мынадай екі түрлі себебі бар… Біріншісі: өзі кінәласуға барып отырған Ғабең сол жиналыстағы қатал позициясынан қайтпауға бекініп, Мұхаңның тағдыры үшін оның өзімен айтысуға барыпты. Бүгінгілер үшін қайталап айтайын, ол Мұхаңның тағдыры үшін оның өзімен айтысуға барыпты. Оның ойынша: Мұхаң сақтанбаса, өзгелеріміз сақтандырмасақ, одан айырыламыз. Одан айырылу – Абайдан да айырылу. Егер қазіргі бетінен қайтпаса халықты осындай апатқа ұшыратушы – Мұхаңның өзі болуы мүмкін. Ғабең сөзді осылай бастады. Екіншісі: Мұхаңның өмірінің соңғы кезінде өз бойынан өзі тапқан, бірақ түгел жоя алмай кеткен бір қыңырлығы… Егер авторымен жақсы болса, оның жаманы да жақсы. Ал өзімен араз болса, оның жақсысы да жаман болатын. Ғабең жаңағыдай қатал ойға бекініп барса Мұхаңның оған қарсы әзірлеген жауабы да осал емес екен. Ол көргісі келмеген кезінде аспандағы күнді де көрмей кететін қыңырлығын қырлап алып, Ғабеңнің бойынан ешқандай жақсылық көрмеске, оның ақ дегенін – қара, қара дегенін – ақ деуге әбден бекініп алыпты. Ғабең өзінің жиналыстағы сөзіне талдау жасап, қырық минуттай сөйлеп еді, кезек алған Мұхаң одан екі есе асырып жіберді. Таулардың нағыз қақтығысы екінші сөзден басталды. Бір ғажабы, екеуі бірін-бірі қимастан, аямастан қинап отыр… Тіпті сөз таластырғысы келген шақтарында үн қатпастан тек ауыр ыңыранып, тына қалады. Қанша қатты сөз естісе де сөз киліктіру жоқ. Ашынған кездерінде мүлдем аспандап кетеді екен. Бір минут толастамастан төрт жарым сағат бойы сайысқанда екеуінің түйілген қабағы бір ашылған жоқ…
– Мен борышымды өтедім, – деу болды Ғабеңнің соңғы сөзі. Ол соны айтты да орнынан түрегелді. Мұхаң сазарып үн қатқан жоқ.
– Шалдар-ай, шаршаттыңдар-ау, – деп мен де түрегелдім. Шынында да қатты шаршадым. Өмірімде Мұхаңның үйінен күрсініп шыққаным сол күнгі түн болды. Мұхаңның бұл қыңырлығы кейін «Абайдың» екінші кітабына салқынын тигізе жаздады. Өйткені бұл екеуінің араздығын пайдаланатындар арамыздан біраз табылатын», – деп еді және оны естелігінде толықтырып жазды. Бұл, тыңшылық, сөз тасу емес, үшеуін тіл табыстыруға ұмтылған нағыз жанашырлық емес пе. Соған қарағанда, Әлжекеңе қатысты айтылатын сөздерде ғайбаттық, шын ниетін түсінбегендік бар сияқты және сол пікірін қалыптастырғысы келетіндер қазір де баршылық. Бұл арандату емес, азаматтық мінез ғой…
– Жаңа айттым ғой, сол жағдайларға қатысты дәл қазір менің де айтайын деген немесе кезінде айтқан пікірлерім де субъективно! Сен өз пікіріңе өзің жауап бересің. Ашық әңгіме болған соң, оны көңіліме алмаймын.
Сұрақ: – Мұхаңмен қалай жолдарыңыз тоғысты?
– Мен Мұхаңды алғаш рет 40-жылы көрдім. Онда 16 жаста едім. Қаз Пи-де баяндама жасады. Орысша ма, қазақша ма, нақты есімде жоқ. Әй, қазақша жасаған сияқты. Әрине, қасына жолай алғам жоқ, сыртынан қарайлап жүрдім. Содан кейін, 1948 жылы Одақта бетпе-бет кездесіп қап, амандасқан соң сөйлесейін деп ыңғайланып ем:
– Шырағым, мені Сәбит деп тұрған шығарсың? – деді.
– Жоқ, Мұха, сізді танып тұрмын, – дедім.
Ол жолы сыпайы сәлемнен арыға бармадық. Содан, одақтағы кезекті бір мерекеге байланысты шараға барғанда Сәбит, Ғабит, Мұхтар үшеуін қатар көрдім. Әскерден жаңа босаған кезім. Үстімде гимнастерка, галифе шалбар, аяғымда етік. Үшеуіне барып амандастым. Ғабит киіміме қарап:
– Сен, жігітім, әскерден босанбап па ең? – деді.
– Ой, Ғабе, қарын мен костюм адамға бірден қона кетпейді ғой, – дедім.
Содан кейін, алдында Ақтөбеде 2 күн бірге жүрген таныстығымызды пайдаланып, Сәбең мені Мұхаңа таныстырды.
– Тахауи дейсің бе? Аты да, өзі де өзбекке ұқсайды екен, өзбек пе? – деді.
– Пәлі, нағыз қазақы жігіт. Құдай қазаққа қысық көз бен пұшық мұрынды ғана беріп қойып па. Нағыз қазақ, – деді Сәбең.
Бұл кездесу менің бетімді ашты, бірте-бірте Мұхаңмен жақындата түсті. Алайда, бауырына басқан сырласына айнала қойғам жоқ. 1949 жыл болатын. Барлық баспагерлер бір жерде отыратын. Ақын Қасым Аманжоловпен көршімін. Ол мені бауырына тартып, өзімсініп жүретін. Содан Қасым ағама: «Абай» романына Сталиндік сыйлық берілгені туралы хабардың газетке шыққанын айтып ем:
– Ойбай, ертең барып құттықтайық, жоқ, қазір барғанымыз дұрыс, – деп елпілдете жөнелді.
Ол кезде Мұхаң қазіргі Опера театрының қарсысындағы 3 қабатты үйдің үшінші қабатында тұрады. Қалибек, Құрманбек бастатқан артистер отыр екен. Жұрт дуылдап сөйлеп жатты. Мен оларға қарағанда баламын, үнсіз отырдым. Мұны өзінше түсінген Қасым ақын сыртқа шыққан соң:
– «Үндемей боқтаған – көп боқтайды» деген. Мұхаңды ішіңнен боқтап отырдың ба, немене, үндемедің ғой, – деді. Мен:
– Жоқ, іштей шын ниетіммен сүйініп, жақсы көріп отырдым, – деп жауап бердім. Сонда Қасым мені бас салып құшақтап, қарқылдап күліп, бетімнен сүйді.
Бұдан кейінгі күнделікті тіршіліктегі Мұхаңның есте қалған бір сөзі мынау. Бірде Әбдіжәмілдің «Курландия» романы талқыланды. Көлемді туынды. Баспа директоры Ғалым Ахмедов:
– Редакторы Ғабдол Сылановтың редакциялауына көнбеді. Сосын ғой жалпиып жатқаны, – деді стол үстінде жатқан кітапты көрсетіп. Мұхаң кітапты қолына алып, салмақтап көрді де:
– Тегін емес, – деді. Оған Ғалым Ахмедов:
– Жаман емес. Бірақ, авторы шамшыл, – деп жауап беріп еді, Мұхаң:
– Пәлі, нағыз шабына қол апармайтын кезі ғой қазір, – деп сөздің аяғын жайбарақаттандырып жіберді.
Содан кейін аты шулы Кенесары туралы найзағайлы майдан тосыннан басталып кетті.
Сұрақ: – Таха-Тахауи аға, тосын дейсіз бе? Менің ойымша, бұл кездейсоқ емес, КПСС Орталық комитетінің үгіт-насихат бөлімі бес жылдан аса ыждағатты түрде дайындалған жазалау науқаны болатын. Оқырмандарға тақырыптың қас-қабағы ашылу үшін анықтама бере кетейін, Ұлы Отан соғысы кезінде Едігелеп, Абылайлап, Кенесарылап ұрандаған аз ұлттардың өкілінің ерлігі басымдық таныта бастаған соң: олардың беделі орыс халқынан асып барады, қалайда кедергі жасау деген саяси пәтуә болады. «Оған Орталық комитеттің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Г.Ф.Александров, оның орынбасары П.Н.Федосеев, «Правданың» бас редакторы П.Н.Поспелов қол қойыпты» («Вопросы истории», 1991, № 1,188-205 беттер).
Бұл бағытта Қазақстан БК(б)П Орталық комитетінің үгіт-насихат бөлімі және оның жауынгері «Правда» газеті төрт-бес жыл қатарынан табанды түрде жұмыс істегені архив құжаттары арқылы дәлелденіп отыр… 50-ші жылы 26-желтоқсанда «Правда» газетінің «Қазақстан тарихы мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан зерттелсін» деген мақаласы қазақ тарихшыларын, оған қоса басқа қоғамдық ғылымдар саласында қуғын-сүргіннің бастамасы болды (Мақала авторлары Т.Шойынбаев, Х.Ғ.Айдарова, А.Якунин).
1950 мамыр-маусым айларында «Қазақ ССР Ғылым Академиясының саяси көзқарасы жат мамандармен нығыздала толтырылғаны» туралы «Правданың» Алматыдағы тілшісі Черниченко мен Т.Шойынбаев ұйымдастырған арызды тексеру үшін БК(б)П Орталық комитетінің үгіт-насихат бөлімі нұсқаушылары П.Апостолов, Б.Н.Митрейкин, партия, кәсіподақ және комсомол ұйымдары бөлімінің нұсқаушысы А.Петровский Қазақстанға келді. Олар өздерінің «әшкерелеуші қорытындысын» 1950 жылы 29 маусым күні БК(б)П Орталық комитетінің хатшысы Г.М.Маленковқа жолдады… Бұл мәселенің «беті кері қайтпайтындай теріс бағып кеткенін» 1950 жылғы 12-желтоқсан күнгі «Правданың» бас редакторы Л.Ф.Ильичевтің БК(б)П Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы, әлемге «коммунистік идеологияның сұр кардиналы» деген аты шыққан М.А.Сусловқа тақырыбы «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деп қайтадан өзгертілген қызмет бабындағы мәліметтік жазбасы анық дәлелдейді.
«(…) Известно, что национальный вопрос в разные времена служат различным интересам и принимает различные оттенки, в зависимости от того, какой класс и когда выдвигает его. Кенесары Касымов и окружавшая его феодальная верхушка, увидев как невыгодно было им потерять старые привилегии и могучество начали борьбу за возрождение средневекового ханства. Все исторические данные говорят о том, что движение Кенесары не было ни революционным, ни прогрессивным. Это было реакционное движение, которое тянуло казахский народ назад, к укреплению патриархально-феодальных устоев, и реставрации средневековой ханской власти, и отрыву Казахстана от России и великого русского народа», – деп (әдейі түпнұсқалық мәтін алынды) пікір білдірді.
1951 жылғы 11-12 наурыз күндері Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тарих институтындағы талқылауда «Правда» газетіндегі мақала толықтай мақұлданып, Кенесары және тарихшы Е.Бекмаханов «қазақ халқының жауы» болып жарияланды. «Кенесарының жолындағы талмайтын күрескер, оның меншікті қорғаушысы, және хан тұқымдарының тұрақты алдияры» атанған Е.Бекмаханов, Е.Исмайылов, Қ.Мұхамедханов, Б.Сүлейменовтің қатарында аталған адамдарды әшкерелеп сөйлеген Қ.Жұмалиевтің өзі де қамауға алынып, жиырма бес жылға кесіліп, Семейге жер аударылды. А.Черниченко талқылаудың есебін «Правданың» бас редакторына жіберді, ал ол 13-наурыз күні Ильичевтің ілеспесімен Сусловқа жеткізіліпті.
Осыдан кейін 20-сәуір күні Жазушылар Одағында «Кенесары – халықтың қас жауы» атты тақырыпта партия ұйымының ашық жиналысы өтті. Жиналыста Одақтың жауапты хатшысы Қ.Жармағамбетов көлемді баяндама жасады. Талқыдан салындысы шыққан М.Әуезов мәжілістің соңында:
«Мектеп оқушыларынан, студенттерден бастап көпшілік қауымның санасына дейін улаған зиянды тамырларға балта шабуға деген партиямыздың қарымды бастамасы мен ұмытылысына көмектесу – біздің парызымыз… Мен сөзімді өзімнің қателерімнен бастаймын… «Хан Кене» пьесасы мен сол кездегі өзімнің саяси қателіктеріме бүгінгі өтіп жатқан әдебиетшілердің арасындағы осы мәжілісте кеңірек түсінік бере кетуді жөн көріп отырмын», – деді салы суға кетіп.
– Әрине, ондағы алашапқынның куәсі ретінде бұл мәселені жақсы білесіз.
– Иә, атышулы сол мақаладан соң 1951 жылы Кенесары науқаны басталды. Әуелі Ғылым Академиясының Тарих институтында, одан Әдебиет институтында Ермұқан Бекмахановтың «ұлтшылдық идеологияны дәріптеген» Кенесары көтерілісі туралы еңбегіндегі орыс халқына қарсы «қасақана» бағытталған саяси көзқарастарын әшкерелеуден басталған идеологиялық өрт әуелі Әдебиет институтын шарпыды. Ол өрттің өрекпи өршігені сондай, «зар заман» ақындарынан басталып, ең соңында Абайдың төңірегін түгел өртеп, айналасын жалаңаш қалдырды. Абайдың ақын шәкірттері туралы Мұхаңның ғылыми еңбектері, «Хан Кене» мен «Еңлік-Кебек» пьесалары өрттің тамыздығына айналды. Бұл дауылды өрт Есмағамбет пен Қайымды түрмеге жабумен аяқталды. Абайға қойылған жойқын өрт саябырлай бастағанда, қызуын баса алмаған бұл науқан, енді эпостардан ұлтшылдықты іздеуге және оларды әшкерелеуге көшті. Оған тарихшылар да, әдебиетшілер де, жазушылар да білегін сыбана кірісті. 1953 жылы майда эпос туралы жиналыс өтті. Мәліктің (Ғабдуллиннің) баяндамасы алдын-ала 200 данамен басылып шығып, таратылды. Сонда: «Профессор М.Әуезов…өзінің қазақ эпосы туралы еңбектерінде орысқа қарсы реакциялық-пантүркистік және буржуазиялық-ұлтшыл көзқарасты ашық насихаттады, «қазақ батырларының негізгі мақсаты ұлтшыл (быть националистам) болу, содан кейін діншіл адам болу» деп сендірді. Сөйтіп, М.Әуезов қазақ жастарын батырлардан үлгі ала отырып, ұлтшыл (быть националистам) болуға шақырды» – дегенге дейін барды. Қалған «айыптаулары да» бірінен-бірі өткен бетшарпу еді. Толық мазмұны қазір есімде жоқ.
Сұрақ: – Иә, өзіңізбен алдын-ала келіскеніміздей, сұрағымыз нақты болуы үшін, сол кезде жарияланған деректердің көшірмесін ала келіп едім. Рұқсат етсеңіз оқып берейін. 1953 12-көкек күнгі дискуссияның бет алысы Мұхтар Әуезовті түңілдіріп тынды ғой. Мәкеңнің – Мәлік Ғабдуллиннің төрт жарым сағатқа созылған баяндамасындағы тағылған айыптардың негігі мазмұны мынадай:
М.Ғабдуллин: «Профессор М.Әуезов… өзінің қазақ эпосы туралы еңбектерінде орысқа қарсы реакциялық-пантүркистік және буржуазиялық-ұлтшыл көзқарасты ашық насихаттады, қазақ халқының патриархалдық өткен өмірін әспеттеді. Мысалы, ол өзінің «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» атты мақаласында эпостар туралы айта келіп, өтіп кеткен феодалдық-хандық дәуірді мадақтап, «қазақ батырларының негізгі мақсаты ұлтшыл (быть националистам) болу, содан кейін діншіл адам болу» деп сендірді. Сөйтіп, М.Әуезов қазақ жастарын батырлардан үлгі ала отырып, ұлтшыл (быть националистам) болуға шақырды»;
«1932 жылы М.Әуезов баспасөз беттері арқылы буржуазияшыл ұлтшылдармен өзінің байланысын үзгенін мәлімдеп еді. Оған өзінің «қылмысты ұстанымын» қайта қарауға, өзінің бұрынғы буржуазияшыл-ұлтшыл қателіктерін жеңуге мүмкіндік берілді. Алайда, Қазақстан Компартиясы ОК идеология мәселелері жөніндегі шешімдерінде және баспасөзде бірнеше рет аталып көрсетілгеніне қарамастан, М.Әуезов осы күнге дейін уәдесін жүзеге асырмай отыр»;
«…еңбектерінде М.Әуезов қазақ эпосының тарихын антимаркстік «сана ағымы» теориясы тұрғысынан баяндайды, өткеннің эпикалық мұраларына сыни тұрғыдан келу туралы лениндік-сталиндік ілімді көзге ілмейді, қазақ халқы орыстарға қарсы, Иван Грозныйға қарсы күресті-міс делінетін өзінің ескі көзқарасын қайталайды. «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры» («Литературный критик» журналы, №1, 1940) атты мақаласында ол халық қарақшысы Едіге туралы: «Едіге батыр және халықтың жоғын жоқтаушы, бәріне сүйікті кейіпкер», – деп жазды»;
«…М.Әуезов партияның шешімдерінен тиісті қорытынды шығармады. Керісінше, ол бас редактор ретінде халық жаулары Исмайылов пен Жұмалиевтің буржуазиялық-ұлтшыл және кеңеске қарсы көзқарастарының таралуына жағдай жасады»;
«Өзінің әдебиеттанушылық еңбектерінде осындай өрескел саяси қателіктер мен бұрмалаушылықтар жіберген М.Әуезовтің осы уақытқа дейін баспасөз арқылы жіберген қателіктерін мойындамай, сынға алмай келуі – өзінің бұрынғы жіберген қателіктерін үнсіз және табанды түрде қорғағаны емес пе екен?», – деген саяси айып тағып, салмақты сұрақ қояды (Қазақ эпосының жағдайы мен зерттеудің міндеттері туралы. Вестник Академии наук Казахской ССР,1953, № 4).
– Бұл – ұсталсын деген үкім еді. Сол кезде Сәбеңнің күні туды. Құдайы берді. Әр сөзінің мәтеліне айналған «ұлтшылдық» деген мәселені қара борандата жөнелді. Мәлікті сөйлетіп тұрған да Сәбит еді. Ол (Мәлік) соның (Сәбиттің) ықпалында болды. Ал, Кенесарының талқысының соңында Мұхаң жаздым-жаңылдым – деп сөйлеуге мәжбүр болды.
– Кейін Мәлік сол баяндамасы үшін кешірім сұрап, «Қазақ әдебиеті» газеті арқылы ашық хат жариялады («Кірбіңі кеткен көңілден», «Жұлдыз»,1985, №8). Мұхаң кешірімі мол адам еді. Кекті ұзақ сақтай алмайтын. Олар қайта жарастық тапты.
Сұрақ: Иә, 1953 жылы 30 қаңтарда «Правда» газетінде жарияланған «Сынау орнына мадақтау» атты мақала Мұхтар Әуезовтің басына қатерлі күн туып келе жатқанын анық танытты. Мұны саясаттың ығына ықтап тақыстанған, «құйрығы бурылданған» (С.Мұқановтың теңеуі) Мұхтар Әуезов тез аңғарды. Аңғара сап, мақаланы талқылау барысында сөйлеген сөзінде:
«Топшылдық мәселесі жөнінде тағы да мынаны айта кетейін: маған Қазақстан Жазушыларынан басқа жақын орта, олардан жақын адам, олардан артық тығыз араласқан дос жоқ. Олардың арасында менен жасы үлкендер де, 20 жылдан астам уақыт бойы таныс жазушылар да бар, мысалы, Қалмақан, Жақан, Сапарғали, Асқар, Ғали, Әбділдә, Тайыр. Сендерден сұрап тұрмын, айтыңдаршы, Мұқанов жолдасқа қарсы топ құру үшін сендерді қандай бір кезде болмасын – үгіттедім бе, жолдарыңнан тайдырдым ба? Біздің қатарымызда жас жағынан алғанда кіші: Жұмағали, Әлжаппар, Әбу, Дихан, Дмитрии Снегин, Леонид Макеев, Хамит, Мұқан, Сейтжан, Жұбан және басқа көптеген жазушылар бар, қане сендер де айтыңдаршы, Мұқановқа қарсы күресуге сендерді қайрап салдым ба, тіпті, бір ауыз сөзбен емеуірін таныттым ба? Жоқ! Ондай оқиға болған емес! Соған қарамастан жікшілдік болды, бұл жөнінде бүгін осында сөйлеген жолдастар дұрыс айтты. Біздің осы қырғиқабақ қарым-қатынасымыз, жікшілдігіміз оқырман қауымның да «тілін емізіп» жүр. Егерде бұл туралы «Правданың» өзі жазып отырса онда шынымен де асқынып кеткен екен», – деп ант-су ішіп, зар сырын айтуға мәжбүр болды ғой.
– Иә, бұл Мұқаңның ант мезгілі алдындағы жандүниесінің жанталасуы еді, сол тұста тура солай демеске амал-лажы да жоқ еді. Өйткені, «Правда» арқылы сыналу – өміріңнің жаналқымға алынғанын ескертеді. Шындығында да мұның алдындағы шарпысқан науқанның барлығы жәй құйындатқан шолақ өрт болып шықты. Ал, біз саясаттың бетті қарыған табына ғана қыздырынып жүріппіз. Оны кейін түсіндік. Қастан шықпағыр аяр саясаттың түпкі мақсаты Қайым сияқты жас теректерді емес, Мұхтар мен Сәбит сияқты емендердің айналасын тазартып алып, сосын түбірімен қопарып тыну екен. Оны бұл «қара дүлейдің» (смерч) қатерлі құйыны Жазушылар одағына қарай ауысқанда бір-ақ аңғардық. «Правда» газетіндегі мақала тура осы екі тұлғаға қаратылған соңғы және шешуші шабуыл еді. Мұны Сәбең де түсініп, бір сәт буыны босай қалған.. Сонда да оның сөзінің жалыны бұрынғыдай бет шалмаса да шарпуын тоқтатқан жоқ.
– Сұрақ: Осы эпостар жөніндегі талқылаудың тұсында университеттен шеттетілген Төлеген Тәжібаевтің орнындағы ректордың міндетін атқарушы Асқар Закарин сақтық шарасын қолданып, Мұхтар Әуезовті ұлтшыл ретінде жұмыстан шығарды. Сталин өліп, бүкіл Кеңес Одағы қара жамылып жатқан азалы күндер де Қазақстандағы «ұлтшылдықты әшкерелеу» науқанына тосқауыл қоя алмады. «Ұлы орыс халқына» қарсы бағытталған «қазақ ұлтшылдығын» әшкерелеу, оның тамырына балта шабатын идеологиялық қасапхана жасақталды. Нысанаға аталған басты құрбандық Мұхтар Әуезов болды. Әшкерелеуші міндет – Кеңес одағының батыры, профессор Мәлік Ғабдуллинге жүктелді. Оның жәй-жапсары туралы ұстазымыз Мәкең – Мәлік Ғабдуллин дәріс үстінде бізге:
«Бұған Қазақстан К(б)П Орталық комитеті және оның идеология жөніндегі жаңа хатшысы М.Сужиков пен бөлім меңгерушісі Н.Жанділдин бір жыл үш ай дайындалды… 1952 жылы 14-қазан күні түнде М.Сужиков мені, ол кезде Абай атындағы педагогикалық институттың ректоры едім, шақырып алды да: «Уақыт жағы тығыз. Өзіңізге мәлім, әдебиет мәселесіне арналған республикалық айтыс алдағы ноябрь айында өткізілуге тиіс еді. Ал баяндамашылардың жаңадан белгіленуіне байланысты айтыстың мерзімі үш айға кешіктірілсін деп отырмыз… Айтысты өткізу мерзімін енді кешіктіруге болмайды, қайтсе де оны өткізуіміз керек… Және есіңізде болсын, бұл баяндаманы Орталық комитеттің Сізге берген арнаулы тапсырмасы деп түсініңіз»,– деп сөзін нығыздай отырып эпос туралы баяндама жасауды тапсырды. Баяндаманы дайындау үшін Орталық Комитет мені уақытша жұмыстан босатып, арнайы пұрсат берді. Мен еш қарсылықсыз: «Көпшілік солай деп ұйғарса қарсы болмайын», – деп мойынсал бола кеттім», – деп айтып беріп еді.
Тура сол тұста Берия тұтқындалып, оған үкім дайындалып жатқанда бұл күрестің нәтижесі қалай аяқталатынына алаңдаған орта, кеңестік билік жүйесі әшкерелеудің жаңа науқаны басталады, – деп күтті. Сондықтан да олар өздерін сақтандырудың шараларын қамдастырды. Осындай талмалы тұсты қапы жібермеу үшін М.Әуезовке ең соңғы, ең қастан шықпағыр, ең қиянатты соққы берілді. Қазақстан КП-ның Орталық Комитеті мен жазалау мекемелері құдіретті жез тырнағын М.Әуезовке тағы да батырды. Солардың сүптеуімен 1953 жылдың 2-маусымы күні «Казахстанская правда» газетінде белгісіз автордың «По поводу романа М.Ауэзова «Абай» атты мақаласы жарияланды. Қазақ руханиятының аспанын тағы да бір сойқанды найзағай осып өтті.
– Мұхаңның атына ілініп тұрған жалғыз «Абай» романы еді. Оның атын сақтап, абыройын ұстап тұрған сол роман болатын. Енді соған кезек келді… Бұл – Мұхтар Әуезовтің толық талқандалып, қазақ ұлты «Абай» романынан айырылуының алғашқы қаралы дабылы әрі қазақстандық идеология жасақтарының қауқарсыз қалмағанын сездіретін «айбарлы шара» еді.
Сұрақ: – Сол «айбарлы шараға» жалғыз Сәбит Мұқанов емес, оған «майдангер жазушылар», мысалы, М.Ғабдуллин, С.Бақбергенов, Сіз және тағы басқалар қосылды. Сталиннің қазасы да тоқтау сала алмаған бұл қандай жанығу? Сіздер науқанға әдейі тапсырмамен араластыңыздар ма, жоқ, өз еріктеріңізбен бе? Майдандағы бетпе-бет келген ажалдан қорықпағанда бейбіт күнде неге сескендіңіздер, әлде, «топшылдардың» (сол кездегі термин) торынан шыға алмадыңыздар ма?
– Орынды сұрақ қойып отырсың. Бұл сұрақ түптің-түбінде алдымнан шығарын және оған жауап беру керек екендігін өзім де білгенмін. Бәрі де жаңа өзіңнің ұстазың Мәлік айтқандай тәсілмен өтті. «Қазахстанская правда» газетінің 2 маусым күнгі санында «Абай романы туралы» атты Мұхтар Әуезовтің «Абай» романын күл-талқан етіп сынаған, сойып салған редакциялық мақала жарияланды. Басты идеологиялық қорытындысы: бұл кеңестік реализмге жат шығарма, «Идеялизация байского прошлого» – деген тұрпайы байбалам. Ешқандай көркем-сыни пікір жоқ. Бірақ, «Абай» романын жариялауға тыйым салып, авторын түрмеге қамауға толық жарап жатқан айыптау емес, үкім еді. Біз де үрпиісіп қалдық. Егер Мұхаң түрмеге қамалса келесі күні Сәбит те ұсталады, сөйтіп кезек түптің-түбінде бізге де келері анық еді.
Сұрақ: – Бұл – Орталық комитеттің тарапынан бір күнде, бір айда, бір жылда емес, ондаған жылдар бойы дайындалған «саяси тұжырым» ғой. 1947 жылы жарияланған Орталық Комитеттің идеология бөлімінің меңгерушісі Б.Степановтың мақаласындағы: «Көшпелі өмірдің салт-дәстүрін әсірелеп суреттеуді біз жазушы М.Әуезовтің «Абай» романынан кездестіреміз. Сол кездегі қазақ ауылын жазушы адамзаттың жұмағы (коммунизм – Т. Ж.) етіп көрсетеді. М.Әуезовтің жазуы бойынша ауылдың жайлауға көшуі салтанатты саяхат сияқты: қыздар да, әйелдер де жас мөлшеріне қарамастан үлде мен бүлдеге оранып, сайлы сәйгүліктерге мініп жүреді. Мыңғырған малы бар ірі байларды және олардың қалай уақытын өткізгенін моншақтай тізіп, революцияға дейінгі қазақ ауылын тым мадақтап, үлгі еткен автор кедейлердің ауыр тұрмысын ықылассыз баяндайды» («Большевик Казахстана», 1947), – деген сәуегейлігімен тікелей астасып жатыр ғой. Сол кездегі Одақтың бірінші хатшысы Әбдірахмен Жаймурзин: Баяндаманы сауатты, әдебиет теориясын білетін, «топшылдардан» тыс партия мүшесі Тахауи Ахтановқа тапсыру керектігін Орталық комитетпен алдын-ала келістім» деп еді өзара сұхбатымызда. Сонымен…
– Иә, Орталық комитеттің хатшысы Сужиков шақырып алып, қатаң дауыспен «аса жауапты партиялық тапсырма» берді. Баяндаманы орыс тілінде жасау керек екен. Ол кезде кез-келген баяндама екі сағатқа лайықталатын. Баяндаманың көлемі 50 бет және ол маусымның 1-не дейін әзір болуы тиіс. Айтулы күні Орталық комитеттің бөлім меңгерушісі Н.Жанділдин оқып шықты да бетін санап отырып: «Тағы да толықтырып жаз. Мынауың аз, тағы да үш бет қос. Міндетті түрде сын болсын», – деп қадап айтты. Амал қайсы, не шара бар, еріксіз көніп, түнімен отырып жаздым, бетін көбейттім. Жағымды пікірлерді қырнадым.
Сұрақ: – «Абай» романының тағдыры талқыға түсіп жатқанда Мәскеуде бас сауғалап қалуға болмайтынын М.Әуезов білді. Сондықтан Алматыға аттануына тура келді. Артында алаң қалмас үшін «Литературная газетаның» бас редакторы К.М.Симоновқа аманат тілше қалдырып кетіпті…
– Иә, оны да білемін. Қауіпті сапар екенін, оған сақтық жасамаса болмайтынын, енді Мәскеуге қайтпай қалуы да мүмкін екенін ойлады ғой. Мен де Мұқаңның Мәскеуден келуін күтіп жүргем. Баяндама жасардың алдында, демалыс күні Мұхаңа бардым. Үйіне таңертең келіп, кешке бір-ақ шықтым. Сол күні Мұхаңның үйі тым-тырыс боп тұрды. Сырттан телефон шалған, не келген адам болмады. Не звонок шалған бір адам жоқ. Бір оңаша қолыма түскені осы болды. Емін-еркін сөйлестім. Әр нәрсені сұрай бердім. Айтқандарынан есімде қалғаны: Абайдың ажарына қатысты: «Үндемейтін қара кісі» – деп қысқаша қайырды. Айгерімді көргенін, өзіне шәй құйып бергенін айтты. Нұрғаным Бердіқожақызы ұзатылғанда 25 жаста екен. Өзі есіктен сыймайтын семіз адам болыпты. Фаэтон мініп жүретін. 25 жылы өлді. Көкбайға обал болды. Жақсылығын көріп ем, – деді. Есік алдына шыққанда:
– Мәлік солай деді, – деп өкпесін білдірді. Мен:
– Мәліктің сыны үшін сізді ұстап әкетпес. Сәбит пен Мәліктікі дұрыс. Егер Сәбит: Мұхтардың әрекеті олай емес, – деп «ход» жасаса, онда өзі де қамалар еді. Сіздердің араларыңызда рыцарство жоқ, – дедім. Мұхаң төмен қарап:
– Ой, шошқа деген хайуан болады. Басын жерден көтермейді. Ол – сол, – деді.
Байқаймын, Сәбеңнен әбден көңілі қалыпты. Қалса – қалатындай-ақ еді. Сәбеңнің іс-әрекетіне біз де күйіп-пісіп жүретінбіз. Е, ол кісі де тарихқа кетті.
Айтпақшы, баяндама жасар алдында мені бір адам сақтандырды. Киностудия директоры Райхан Жуминнің інісі КГБ-да басқарма бастығы болып істеуші еді. Екеуміздің көңіліміз жақын болатын. Сол: – Тахауи баяндама жасамай-ақ қойшы. Ол кісінің халі қиын, – деп ескертті. Ол да майданға қатысқан. Бірақ, мен Мұхаң үшін аз да болса жаланы жеңілдетуге септігім тисін деп көзсіз ерлікпен дүлейдің (смерч) ішіне қойып кеттім. Ол: «Егер демалыста звандамасам, онда бітті, түрмеде деп есепте», – деді.
– Сұрақ: Мақаланың авторларын, біреулер газет редакторы К.И.Никитин десе, хаттаманы жақсы білетін Әбілмәжін Жұмабаев – А.Брагин деп анық сеніммен айтты. Алдыңғысы Қазақстанда көп тұрақтай алмады, ал Брагин сүлдерін сүйретіп ұзақ өмір сүрді. Солар туралы не айта аласыз?
– Жиналыс кешке басталды. Кешігіп қалыппын. 2-ші линияда тұрамын. 4- трамвай көп тостырды. Комсомол (Төле би) көшесінен түсіп, жоғары жүріп, қазіргі Жастар театрына келсем, жұрт кіріп кетіпті. Ауызда Малиновский деген «Казправданың» әдебиет бөлімінің меңгерушісі тұр. Көңілсіз екен. Қолы қысқа (шолақ) еді. Жалғыз өзі ғана: «Нас бить будете? Заходи! Снимай нас с партий!» – деді. Ішке кіргенімде Н.Жанділдин: «Галстугің неге жоқ, неге тақпағансың?» – деді. Сужиков үндемеді. Ал, Малиновский неге есік алдында мені күтіп тұрды, неге «снимай нас» деді, ол арасын түсінбедім. Ол кезде мен, мақаланың авторы сол екен деп ойладым. Ал, сен айтқан мәліметті білмеймін. Әбілмәжін Жұмабаев айтса біліп айтқаны ғой.
Сұрақ: – Сонымен, 1953 жылы 11-12 тамызында «М.Әуезовтің «Абай» романы туралы» интеллигенцияның қалалық мәжілісі өткізілді. Талқылауға сол тұстағы «өсіп келе жатқан» партияның жас қырыпсалы» Нығмет Жанділдин қатысып, «Казахстанская правда» газетінің ұстанымын қызғыштай қорғап, «алдыға қойған міндетті орындау үшін» романның көркемдік жетістігін баса атағандарға ескерту жасап отырды. Ал, Одақтың бастығы «Ә.Жаймурзин өзінің кіріспе сөзінде романның үш кітабы туралы пікірін білдірді. Ашық жақтамағанымен де, Абайдың сүйікті ұлы Әбіштің немересі Ай атты қызға үйленіп отырған Ә.Жаймурзин М.Әуезовтің бағасын көтере сөйледі» – деп шу шығарды ғой (С.Бақбергенов). Ал, Сіз…
– Жаймурзинді Одаққа басшы етіп Орталық комитет жіберді. Ол Мұхаңа көп көмектесті. Cәбит пен Ғабитті тырп еткізбей ұстап отырды. Алды қатты еді. Жаймурзин: «Бұл талқылауда мен баяндама жасаймын. Ол романды маршал Ворошилов мақтаған», – деді. Сөйтіп, булығып тұрған қыстығуды босаңсытты.
– Содан кейін сіз мінбеге көтерілдіңіз.
– Мен президиумда Ахаң (Ахмет Жұбанов) мен Мұхаңның (Әуезов) қасында отырдым. Қандай қысылтаяң шақ болса да Мұхаң өзінің бала мінез аңғалдығын көрсетіп алды. Ол Ахаңа:
– Сен Тахауиды білесің бе? – деді.
– Е, білмей не бопты?
– Жоқ, сен білмейсің. Ол – көшелі, салихалы, сабырлы кісі, бірақ…, – деген кезде мен мінбеге көтерілдім.
Баяндаманы тыңдап отырып, сынаған тұстарыма келгенде: «Пәлі, мына Тахауи қып-қызыл белсенді боп шықты ғой!» – депті. Ішінде арамдығы болса – ірі жазушы болмас еді. Сенгіш, аңғал адам еді Мұхаң.
Сұрақ: – Сондағы айтқандарыңыз есіңізде ме, «көркем шындық пен тарихи шындықты ажырата білетін салиқалы жазушы» (Ә.Жаймурзин) ретінде және «Орталық комитеттің тапсырмасы бойынша» қандай сын-ескертпелер жасадыңыз?
– Мен «Абай» романына көркемдігіне және саяси ұстанымына зияны тиетіндей ешқандай айып таққан жоқпын. Ал, сын пікір айтпауға болмайтын. 50 беттік баяндаманың 3 беті ғана сынға құрылған. Жекелеген детальдар мен көріністерді сынаған болдым. Қазір толық есімде қалмапты. Баяндамамның ұзын сарыны былай болса керек.
Гуманизмнің ең қымбат құндылығы – адам өмірінің тіршілігі. Әуезов өзінің алғашқы шығармасы «Еңлік-Кебектегі» штрихтар арқылы көркем ойдың әрін ашып кетті. «Абай» романындағы Құнанбай – қазақтың тума төлі, ал Абай – кірме ойдың жемісі, яғни өзі айтқандай, «Құнанбай – ескінің соңы, Абай– жаңаның басы» – дей келіп, 6 түрлі сын айттым. Оның барлығы да сол шарпулы заманның лебі еді. Ал, менен кейін сөйлегендердің арасында: «Абай» – роман емес, өткенді әспеттеген, таптық мүддеге қарсы жазылған дұшпандық пиғылдағы насихат құралы» – дегендері де болды. Ал, сен сонда айтылған сынды біліп отырсың ғой, журналдағы нұсқасын көшіріп алып келем деп едің. Оқышы, қане!
Сұрақ: – Жарайды, сіздің рұқсатызбен тура сол араны талдаған қолжазбамды оқып берейін. «Бұл жолғы басты баяндама Тахауи Ахтановқа тапсырылды. Талқылауға сол тұстағы «өсіп келе жатқан» партияның жас қырыпсалы» Нығмет Жанділдин де қатысып, «Казахстанская правда» газетінің ұстанымын қызғыштай қорғап, «алдыға қойған міндетті орындау үшін» романның көркемдік жетістігін баса атағандарға ескерту жасап отырды. Тарихи уақыт пен көркем заңдылықты жетік білетін Т.Ахтанов та өзінің баяндамасында романның, көркем өнердің табиғатынан тыс талаптар қойды. Негізінен К.И.Никитиннің (Т.Ахтановтың айтуынша редакциялық мақаланың авторы – Т.Ж.) «Казправдадағы» солақай пікірлерін жұмсарту мақсатын көздесе де, «партиялық қатаң тапсырманы орындауға мәжбүр» болды. Ол негізінен тарихи көркем тартысты таптық тұрғыда кұруға кеңес берді және:
«Бірінші: «ең алдымен, «Абай» романының бірінші кітабында қазақ ауылындағы таптық қайшылықтардың жете көрсетілмегенін атап кету керек. Жазушы сол дәуірдегі қазақ қоғамының саяси өміріндегі таптық күрестің ара салмағын кемітіп алған. Оның есесіне ру тартысын суреттеуге көп көңіл бөлген. Қазақ кедейлерінің байларға қарсылығы әлсіз көрінеді. Кедейлердің байлардан көрген қанауы, олардың мұң-мұқтажы бірінші кітапта өзіне тиісті көркемдік дәрежеде суреттелмеген. Әсіресе, бірінші кітапқа тән кемшілік – жазушы әлсіз рулардың кедейлерінің өмірін мол көрсетсе де Құнанбай сияқты бай ауылдың кедейлерінің тұрмысына атүсті тоқталады. Бұл сияқты ірі кемшілік романның идеялық өткірлігін біраз мұқатып тұр…
Екінші: романдардың бірінші және келесі кітаптарында жазушы Абайдың адамгершілігін баса көрсетпек болып, оның ауылындағы таптық қайшылықты ұмытып кетеді, сөйтіп жеке адамның адамгершілігі таптық теңсіздікті жояды деген утопиялық қате ұғымды үнсіз жақтайды.
Үшінші: патриархалдық-рулық қоғамның салтын суреттегенде автор кейде орынсыз бейтараптыққа ұрынады. Бөжейдің асын суреттегенде жазушы асқа байланысты әдет-ғұрыптарды толық көрсетуге елігіп, оның таптық негізін ұмытып кетеді. Бөжейдің атын ту қып ұстаған байлардың әсіре сөздері автор елегінен өткізілмегеннен кейін Бөжейді мадақтау болып естіледі… Бөжей асы бүкіл халықтық мейрам болды деген ұғым туғызады. Жазушы атақ-даңққа ие болып жатқан Байдалы, Сүйіндік сияқты феодалдар екенін ашып көрсетуі керек еді. Қысқасы, ол үлкен астардан рубасы байлардың жақсы атақ алып, саяси капиталға ие болатынын, ал астың ауыртпалығы жай халыққа, кедей ағайындарға түсетінін – яғни астың таптық себептерін көрсетуге тиіс еді».
«Романға Абайдың барлық ағайын туысқандарын кіргізе беруі орынсыз екенін автор түсінбеген сияқты. Абайдың Құдайберді деген ағасы бары, оны Абайдың жақсы көргендігі кімге керек, сол сияқты бала жігіт Шәкені, оның аң аулағанын суреттеудің қанша қажеті бар. Осы сияқты өмір материалдарын шығармаға керектігіне қарай дұрыс талғап алмау авторды кейде қатеге де ұрындырған. «Абай» романының екінші кітабында екі жерде Абайдың кіші баласы Тұраштың аты аталады. Айталық, ол биографиялық деталь дәрежесінде кішкене бала кезінде-ақ көрсетілген болсын. Бірақ оның аты Абайға абырой әпере ме? Жоқ. Қайта, алашордашыл байдың атын кітапқа енгізу – автордың саяси қатесі»,– деген пікірге үнсіз ғана күрсініспен жауап берді.
Ал, бүкіл шығарманың ең құнарлы, бояуы қанық, көркем шырыны мен салтанаты, нағыз тарихи және көркемдік шындыққа құрылған көшпелілердің жайлау көші мен Бөжейдің асы тамылжыта суреттелген тұсты алып таста деп кеңес беру – «Абай» романын «жазба» деген үкіммен тепе-тең еді». Міне, Н.Жанділдин қостырған үш бет сын осы болуы керек».
– Расында да солай жазыппын ба? Журналдық нұсқада да жарияланып кеткен екен ғой. Әйтеуір, мұнда ешқандай ұлтшылдықты әшкерелеу мен саяси айып жоқ екен. Бір қарағанда, қырнап, түзей салатын ескертулер сияқты көрінуші еді өзіме.
Сұрақ: – Иә, бір қарағанда жеңіл-желпі сияқты. Ал, бүкіл шығарманың ең құнарлы, бояуы қанық, көркем шырыны мен салтанаты, нағыз тарихи және қөркемдік шындыққа құрылған көшпелілердің жайлау көші мен Бөжейдің асы тамылжыта суреттелген тұсты алып таста деп кеңес беру – «Абай» романын «жазба» деген үкіммен тепе-тең еді. Бөжеймен қоса: суреткердің еншісіне тиесілі тарихи уақытқа, кейіпкерлер коллизиясына, көркемдік тартыс пен шешімге сыртқы күштің араласуы салдарынан жазушының бастапқы нысанасынан ауытқуына тура келді. Қосымша «қыстырмалар» (Д.Әбілов) кіргізіп, «Қарашығын» сияқты тарау қосылды. Әкесі Құнанбай мен ағасы Тәкежан және Әзімбай сияқты жағымсыз кейіпкерлерден басқа Абайдың айналасында туыс қалмады. Бәрінен тазартылды. Тұрағұл іспетті бесіктегі сәбиінің мандайынан иіскеудің өзі таптық-идеологиялық қылмыстың қатарына жатқызылды. Өзге-өзге, тарихи көркем шығарманың заңдылықтарын жақсы білетін оқымысты жазушы Тахауи Ахтановтың өзі кейіпкер Абайдың туған ұлы Тұрағұлдан бас тартуын талап етті. Шығармадағы Абай мен бесіктегі Тұрағұл суреттелген тұста «Алаш» партиясын былай қойғанда, алаш көсемдерінің өзі мүшел жасқа толмаған болатын. Міне, сөйтіп, тарихи көркем уақыт пен жетекші кейіпкер тұлғалардың «табиғи қарсылығына» қарамастан кіріктірілген қондырғы идея мен тартыс М.Әуезовтің ең қасиетті авторлық құқына қол сұқты».
– Солай ма? Шынымен де артық кеткен екенмін. Енді, сол кездегі саяси жағдай мен қысымды, мәжбүрлікті талдап, амалсыз барғанымды түсіндір. Ол кезде баяндама жасаған адам, тіпті, Толстойдың өзі болса да міндетті түрде сынауға тиіс болатын. Ол сынды Орталық Комитеттегілер қатаң қадағалап қарап, зорлықпен жаздырды. Ондай пікірді Мұхаңның өзіне де айтуға мәжбүр етті. Ал, менің әр сөзімді сығалап қарап, «таптық сана» дегенді сыналап тұрып қостырды. Өйткені ол, «примитивный социологияның» құтырып тұрған кезі еді. Қап, журналға кетіп қалғанын қарашы. Заман сөзі ол. Біз қайбір шындығымызды айтып үйренді дейсің. Керегін өзің іріктеп алып, талқыларсың.
Сұрақ: – Екі күнге созылған ырғасуы мен іресуінің бар мазмұнын баяндап шығу мүмкін емес және ол біздің мақсатымызға да жатпаса керек. Тек ескерте кетеріміз, бұл талқылау бұрынғы талқылаудан өзгеше өтті. Мысалы, ел ішіндегі оқырман Ділдәбеков мінбеге: «Басқа уақыттың келгенін, ескі саясаттың ескіргенін», «ендігі оқырмандар, қазіргі халық өкілдері солақай сынға көнбейтінін, сүйікті жазушыларын арандатушылардан жанын салып қорғайтынын» мәлімдеді. Алайда Досалиев сияқты «кір суды» Әуезовтің мойынына сарылдатып төге салғандар да болды. Сондай-ақ бұл жолғы талқылаудың баяндамашылары да сыни ойлау жүйесі басқа деңгейдегі жаңа толқын өкілдері болатын.
– Дұрыс айтасың, бұл талқылаудың арнасы бұрынғы байбаламдардан басқа және теориялық деңгейі жоғары болды. Тек, бір ғана адам Әуезовке ашықтан-ашық қарсы сөйледі. Өзі можантопайлау адам болатын. Қараптан-қарап романдағы табиғат суреттеріне (пейзажға) тиісті. «Жамбыл ол кезде түн болған еді» – десе, Мұхтар «Күн» – дейді. Бұл қалай? – деп шаптықты. Досалиев деген кісі. Қазір де тірі (1987 жыл, қараша) екен. Қалғандары да ашына сөйледі, бірақ Мұхтарды жақтады. Мұхаңның өзі қорытынды сөз сөйледі. Есімде қалғаны: бұл обществоның зрелосының (қоғам мүшелерінің парасатының) өскенін көрсетеді. Осындағы шығармаға ара түсіп, арашалап алуы – соны, сананың өскенін көрсетеді, – деген сөзі.
Сұрақ: – Осы талқылаудан кейін Мұхаңмен екіарадағы қарым-қатынастарыңыз қалай дамыды. Реніш, базына болды ма?
– Енді кірбіңсіз болды деп айта алмаймын. Бірақ, сол баяндама арамызды жақындата түсті. Екеуара сенім орнатты. Әсіресе, сол 1953 жылы жиі кездесіп, көп әңгімелестік. Біраз ойларын айтты. Сонда әлі ақтала қоймаған, аты аталмайтын тілші ғалым Құдайберген Жұбановты қатты мақтады. «Нағыз ғалым. Ахмет оған қарағанда әлі бала ғой», – деді. Ол кезде бұдан артық мақтау айту мүмкін емес еді. Бірде оңашада Мұхаң маған:
– «Алашорда» үкіметі Колчактан автономия сұрағанда Колчак: «Проклятый киргизский вопрос мучает меня», – депті. Сонда,Чернцов деген біреу: Помилуйте, я сделаю, – депті. – Как? – дегенде: – Олардың аз ғана интеллигенті бар. Солардың басын аламын. Содан соң, мәселе өзінен өзі шешіледі» – депті. Бұлардың қазіргі арандатулары да соны көздейді. Байқарсың, Тахауи, – деген шын сөзін құпиялап жеткізді. Осындай ұлттық сарындағы біраз жайларды сыр ретінде айтты. Зады: Құлағында жүре берсін. Түбінде бір ес кіргенде есіңе түсер – деген болуы керек. Солай ғой. Әр айтқан әңгімелерінің сондай астары бар еді.
Бір жыл өткен соң Әбдірахман Жаймурзин: «Мен жазушы емеспін. Мені мұнда партия жіберді. Енді бұл жұмыстан бас тартамын. Партия қайда жіберсе сонда барамын», – деп жазушылық билетті кері тапсырды. Ол жоғары жақпен ақылдаса келіп, Ғабиденді өзінің орнына қойды. Ғабиден: «Білімім жеткенге дейін әділ боламын», – деді. Содан мені Ғабиден шақырып «Жұлдызға» бас редактор етіп тағайындады. 54-жылы Одаққа хатшы боп сайландым. Реті келгенде айта кетейін. Бір жолы Мұхаң телефон шалды.
– Тахауи, орныңда боласың ба? Өзім келемін. Сөз бар, – деді.
Бір сағат сөйлестік. – Ғабиденнің мінезі ноқайлау ғой. Әлжаппарды Президиумның мүшесінен шығарып тастапты. Мен: «Неге шығардың? Қалдыр», – деп ем, көнбеді. Қыжырынып отырып алды. Қиқар. Бұл – Әлжаппар, Сәбит, Ғабит үшеуміздің ортамызда жүріп, атқа мініп үйренді. Ол туралы бір татар жазушысы: – Қазақтар татардан озды. Өйткені, татарлардың ортасында Әлжаппар жоқ» – деп күліп алды да: – Президиумның жиналысына қатысып жүрсін. Енді Ғабиденге сен айтып, көндір. – деді. Ғабиден неге ондай шешім қабылдады, білмеймін. Жалпы, Мұхаң да онша қиылып сұрамаған болуы керек. Әйтпесе, Мұхаңның өзі қойған адам, сондықтан да оған тікелей қарсы келмесе керек еді.
Содан 1954 жылдың басында Пономаренко Орталық комтеттің бірінші хатшысы болып келді. Әдебиет пен өнерге жақын адам екен. Бір айдың басында 10 жазушыны қабылдауына шақырды. Арамызда Ғабит пен Хамит болды. Өзі ұзын столдың басында отырып: – Темекі шегулеріңізге болады. Күлсалғыш әкеліңдер, – деп көмекшісін күлсалғышқа жұмсады. Содан еркін әңгімеге көшті. Қойшы, содан жазушылардың жағдайын егжей-тегжейлі сұрастыра келіп, бір кезде: – Әуезов қазір қайда? – деді. Үнсіз тына қалдық та, біреуіміз: – Мәскеуде, МГУ-де сабақ беріп жүр, – дедік.
– Сонда біржола ауысып кетті ме?
– Жоқ.
– Еңдеше маған келсін. Жүздесейік. Академик Греков те кадеттің Орталық комитетінің мүшесі болған. Ал, «Алашорданың» сүйегі қурады. Сондықтан да, ондай үлкен адамды біз де ортамызға тартуымыз керек. Алаштан үрікпеңдер, – деді.
Сонымен, Мұхаң Мәскеуден қайта Алматыға оралып, Пономаренкоға кірді. Ол Мұхаңды үйіне қонаққа шақырып, түн ортасына дейін әңгімелесіпті. Содан бастап Мұхаңның басынан бұлт айықты.
Бұрынғыдай жасқануды қойып, енді өзі батыл сөйлеуге көшті. Жазушылардың съезінде мен хатшылыққа сайландым. Сол съезде Мұхаң Әбділдә Тәжібаевтің «Дубай Шубаевич» атты пьесасын қатты сынады. Біз таңданысып қалдық. Өйткені, Әбділдә – Мұхаңның лагеріндегі жанашырлардың бірі еді. Сол съезден кейін Мұхаң маған оңашада: «Тахауи, сен Мұхтардың басына бұлт оралғанда Әбділдә оның қасында болып еді. Енді бұлт кеткен соң, Әбділданы неге тастап кетті дейсің-ау, осы», – деді.
– Ия, Мұха!
– Ендеше, тыңда. Кеше, жұрттың бәрі жабылғанда, маңайыма келгеннің қайсысын қуатындай күйім болды. Ал, бірақ осылар, Шахметі бар, әсіресе, олардың қатындары Мұхтарды бөзек қып, анда-мұнда жұмсағысы келеді. Мұхтар басыммен қалай барамын оңдайға? Сондықтан да арамызды үзіп тастайын деп шештім. Болмаса, құтыла алар емеспін. Сондықтан да қатты кеттім. Бірақ, обал іс болды, – деді дауысы бәсеңдеп.
Мұхаң 1959 жылы Лениндік сыйлық алды. Мұхаң Мәскеуде, больницада екен. Мен де Мәскеуге съезге барғам. Жұрт топырлап барып жатты. Мен бара алмадым. Съезге қатысты. Жолыға алмадым. Кейін Мұхаң «Москва» қонақүйіне орналасыпты. Онда да бармадым. Ыңғайсыздандым. Бар дырдудан кейін қалып, соңынан бардым. Сол күні «Огонек» журналындағы кроссвордты шешіп ем, бір тұсына «Ауэзов» деген сөз дәл келді. Содан атып тұрып, қонақүйге келдім. Диванда шынтақтап жатыр екен. 2 әйел отыр. Маған бірден:
– Жасы да – сен, аяғы ауыры да сен болдың ғой, – деді.
– Ой, Мұха, «Огонек» журналындағы кроссвордтағы сіздің фамилияңызды шешемін деп кешігіп қалдым, – дедім.
Отырғандардың бірі Сұлтанбек Қожановтың қызы екен. 1920 жылы туған. Өзі дәрігер. Мұхаң Қожанов туралы әңгіме айтты. Отырысымыз екі сағатқа созылды. Содан, МГУ-дің студенттеріне лекция оқуға кетті.
– Сол жолы Сіздің шығармаңыз да сыйлыққа қатар ұсынылды ғой. Іріктеу кезінде өтпей қалғаны көңіліңізге қылау түсірген шығыр. Ыңғайсызданғаныңыздың себебі сол болды ғой. Әрине, өзінің «Өмір мектептері» ұсынылған Сәбит Мұқанов та салқынқабақ танытып, романның тарихи кейіпкерлерінің ұрпақтарының атынан арыз ұйымдастырғаны да қазір құпия емес. Ол табиғи нәрсе ғой.
– Мүмкін, оны қалай түсіндіре аламын. Арамызға кірбің түсіп кеткені анық еді. Содан кейін, Алматыда, Жұмағали Саиннің жерлеу рәсімінде кездестік. Мұхаң: – Жұмағали жұтаңдау өмір сүруші еді. Керегіне жаратыңдар. Арақ ішілмесін, – деп 100 сом берді де маған: – Москвадан күт. Сонда кездесеміз, – деді. Содан, 1961 жылы Әлжаппар, Қалтай үшеуміз идеология жөніндегі жиналысқа бардық. Мұхаң да келіп, үстіміздегі қабаттан бөлме алды. Келімді-кетімді кісі көп. Сонымен, үш күн қатарынан үзбей дуылдаттық. Мен тост сөйлеуге ұмтылғанымда: – Отлично скажет. Послушайте! – деп өзгелерге ескерту жасады. Үшінші күні таңертең телефон шалып: – Тұрдыңдар ма? Онда келіңдер, – деді. Дастарханға өзі тапсырыс берді. Жеңіл тағамдар. 3 сағат отырдық. Сол кезде Қазақстанның мәскеудегі өкіл Бақытжан Ысқақовпен бірге ақ халатты денелі орыс дәрігері кіріп келді. Түсі суық, тура қасапшы сияқты көрінді. Жүрегім біртүрлі шаншып кетті. Больницаға әкетуге келіпті. Мұхаң:
– Мен – полип екем. Бұдан былай күшім азая береді. Мықты кезімде жасатып алайын – деп тұрмын, – деді.
Біз шығарып салдық. Мұхаң шофердің қасына отырды. Бір түрлі мұңлы, төмен қарап, жүдеп кетті. Бізді байқап қап, қайта басын көтеріп алды. Сол мұңлы күйінде: – Қайтып келгенде аля-фуршет жасап беремін, – деді.
Бірақ, басқаша келді ғой…
Соңғы көргенім сол Мұхаңды. Мұхаңның сол сонғы суреті көз алдымда…
Сұрақ: – Иә, өзінің Абайдың өліміне қатысты жазғанындай, «алып бәйтерек құлады» деңіз. Соңғы бейнесін көз алдыңызға сақтап, соңғы сөзін ойда ұстап қалғаныңыздың өзі үлкен жұбаныш қой.
– Солай. Бірақ мені көп ойландырып, көп толғандырған, есімнен кетпейтін, үнемі жадымда ұстап, жаңғыртып отыратын, Абайды түсінуіме ұмтылдырған бір өсиет сөзі мынау.
1957 жыл. 60 жасқа толуына орай жасалған дастархан басы. Қонақ та, сөйлеуші де көп. Бірінен бір асырып мақтайды. Кезегі келгенде Академияда істейтін бір жігіт: – Мұха! Абайды – Абай еткен сізсіз, – деді. Мұхаң түсі бұзылыңқырап орнынан ширақтау атып тұрды да:
– Абай, ол – Абай! Ұлылыққа сыймайтын данышпан ақын. Мен Абайды түсініп, түсіндіруші ғанамын. Мұндай сөз бұдан былай біздің үйде айтылмайтын болсын! – деді шамырқанып.
Шынын айтқанда, менің түсінігім де, ойым да содан алыс емес-тін. Мұхаңның сөзін: Жай «кокетничество» – дейтінмін іштей. Ойымның асылық екенін кейін білдім. Абайды кейін, 40-тан асқан соң түсіндім. Абай айтпаған ынтызар қалмапты. Мұхаң түсінген Абайдың тылсымын түсіндім. Өзім арнайы уақыт бөліп, тереңіне үңіле оқыдым. Тұңғиық. Әрине, Абайдың поэзиясы аудармаға келмейді. Пушкин де солай. Ұлттық ақындар аударылмайды. Өз халқының жүрегіне жетсе де ұлы олжа. Өз халқын ақыл-оймен асырау да оңай салмақ емес.
Осы арада, Мұхаң туралы сөз қозғалғанда міндетті түрде еске түсетін және айтпай кету мүмкін емес екінші тұлға – Сәбең – Сәбит Мұқанов туралы өз көзқарасымды, Мұхаңмен – Мұхтар Әуезовпен салыстыра айта кетейін. Сәбең – шығармаларын ауызекі сөйлеу мәнерімен, күлді-көмеш сөздер мен баяндауларды араластырып жаза беретін. Көркемдік мәселесіне салақ қарайтын. Байқағандарымды байыптай келіп, жетпісінші жылдары Сәбең туралы Эзоптың тілімен «разговорный язык», «примитивная интонация» деп өткір мақала жаздым. Аямай сынадым. Әдебиет туралы мақалалар жинағымның редакторы Сағи Жиенбаев есікті жауып алды да: «Ойбай, қандай сойқан бастағалы жүрсіз», – деп қатаң ескертті де жазғанымды кітапқа енгізбеді. Қазір өткеннің бәрін қопаратын, өзімнің де күнәмді жуатын, өлген соң шығатындай етіп бір мақала жазбақ ойым бар. Сәбит – нағыз қазақы, ру тартысының деңгейіндегі «непосредственность». Ал, Мұхтар да қазақы, бірақ оқыған, салиқалы, интеллигентный, просвещенный адам. Білімі мол ғұлама, дана адам. Мұхаң – «вспышка нашего национального ума». Онда ұлттық характер, мощь бар. Оған бір мысал келтірейін. Қазақ университетінде Мағжанды ақтау туралы пікір алысу кешін өткіздік. Александр Жовтис, Махмұт Хайруллин және мен сөйледім. Сол арқылы ұлттық намысты қозғадық. Диспуттың хаттамасы Орталық Комитеттің бюросында қаралып, талқыланды. Сонда Сәбит сөйлеп: «Мағжанды «через мой труп» ақтайсыңдар», – деп қарғана сөйледі. Ал, Мұхаң болса сөзсіз ақтап сөйлер еді. Екі тұлғаның арасындағы ерегес те, бірін-бірі мойындамайтындары да, керістің себебі де, міне, осындай кереғар көзқарастан басталып, ақыр соңында бір-біріне сондай төзімсіздікпен қарайтын жағдайға жеткізді. Бұл да ұлттық трагедия…
Сұрақ: – Таха-Тахауи аға, енді мына бір заңды да кездейсоқ жайды қараңыз. Арада тура отыз жыл өткенде «қазақстандық сенімді адамдардың ақпаратымен қаруланған» мәскеулік Алла Марченко тура осы сынның ықпалымен қосылған тарауларды «роман-эпопеяға жат, шынжырлап жалғасқан жалған желі»,– деп «Дружба народов» журналында мақала жариялады. Сонда, Т.Ахтанов: «Бұл біз алатын биік емес» деп жауап жазып, тағы да төрелік айтты. Сөйтіп, сіз екі рет, әуеліде саяси айыптаудан, екінші рет жалған сыни жаладан Мұхтар Әуезовті арашалап қалдыңыз. Сіздің азаматтық және жазушылық арыңыз таза. Ал, А.Марченкоға ақыл айтып, дерек беріп, өзін ұстазы Әуезовтен жоғары қойғысы келген «досыңыздың» атын атай аласыз ба? Ол неге былай арандатты және оған мәскеуліктерді қалай көндірді? Соңғы сауалым, қазіргі жазушылар одағындағы пленум мен жиналыс сайын, әсіресе, басқарма сайлауы тұсында жанталаса ушығып кететін бет жыртысулар сол бір жандайшап науқанның сарқыны емес пе, жоқ, шынымен де шығармашылық көзқарастан туған шамырқану ма? Сіздің де бір-екі рет мінбеден сөйлегеніңіз есімде… Сіз, жоғарыдағы ««Бұл біз алатын биік емес» атты жауап мақалаңызда: Шығарма – көркем идеяға құрылуы тиіс. Идея, оқиға, тартыс, көркемдік шешім ғана шығарманы даралайды – дедіңіз ғой. Мысалы, «Боранның» (Мен үшін «Дала сыры) көркем идеясы, оқиғасы, шешімі бұрын-соңды жазылмаған психологиялық роман. Одақ сыншылары Ш.Айтматовтың «Боранды бекетінің» идеясы мен ұзына желісі «Боранды» еске салады, сондағы көркем идеяның сорабы – дегендей дақпырт сөз айтып жүрді. Осы талап тұрғысынан алғанда, сіздің «Шырағың сөнбесін» атты дилогияңыздың көркем идеясы мен оқиғаның ұзына сорабы Әди Шәріповтің «Партизан қызын» еске салады. Мектепте, Қабікен Жұмабаев деген ересек оқушы әдебиет үйірмесінде екеуін жарыстыра баяндама жасап еді.
– Жә, ол мүлдем бөлек әңгіме және сенің тақырыбыңа еш қатысы жоқ нәрсе. Ал, Жазушылар одағындағы «бетжыртысуларға» қатысты айтарым, шамаң жетсе, одан аулақ жүр, ол жылымнан шыға алмайсың. Ал, әңгімеміз үш сағаттан аса уақытқа созылып кетіпті. Осы арада бір тыныстап, бойды да, ойды да суытып алайық. Сұрағыңды келесі кездесуге қалдыр. Ол әңгіменің сарыны мен әуені жат. Мазмұны үйлеспейтін сөздің басын қоспайық, – деді орнынан көтеріліп.
– Мақұл. Сау болыңыз, – дегеннен басқа амал қалмады.

1987 жыл, қараша – 1988 жыл, қаңтар.

Әлқисса: Тахаңмен – Тахауи Ахтановпен бұдан кейін қайыра еркін сұхбаттасудың орайы келмеді. Анда-санда байсалды басып, кеудесін тік ұстап, Одаққа келгенінде әдеттегі кішіпейілдіктің ізетінен әрі асқам жоқ. Кейде тоқтап, сараң сөзбен ғана жөн сұрасады, кейде басын изеп маң-маң басып кете барады. Оның үстіне, қат-қабат толқынды, ең қарбалас, ең тәуекелді және рухты тәуелсіздікке ұмтылу күндері басталып кетті. Бірінші хатшымыз Олжас Сүлейменовтің тапсыруымен Жазушылар одағының жанынан құрылған Праволық комиссияның алдына қойған міндеттері: желтоқсан оқиғасына қатысты жанталаса астыртын да, ашық та мәлімет жинау, Жоғары сотта қаралып жатқан алаш қайраткерлерін ақтау туралы сот ісіне әдеби кеңесшілік ету және Қауіпсіздік комитетінің архивіндегі тергеу ісін қарастыру сұхбатымызды кейінге ысыра берді. Тахаңның да жүрісі баяулап, аяғы ауыр тартып, көпшілік ортасына сирек келетін болды. Мен, Ләйлә Мұхтарқызы Әуезованың: «Егерде Әуезовтің әруағын сыйлайтын болсаңыз, өтінішімнен бас тартпаңыз» – деген сөзіне жығылып, одақтан М.Әуезовтің мұражай-үйіне ауыстым. Тәуелсіздіктің буырқанысы қиын күндердің тұрмыстық тапшылығын да елетпеді. Жасамыс біз көндіккенмен егде адамдарға ауыр тиді. Бұрынғы жиған қаражаты желге ұшты. Мұқтаждыққа тап болды. Тахаң да – Тахауи Ахтанов та сол мұқтаждықты басынан кешірді. Денсаулығы күрт төмендеп, жүрек демікпесі қысып, екі аяғын баса алмай, қиналып жүрді. Тоқсан үшінші жылдың күзінде, Ләйлә апай дүниеден өткен соң мені іздеп мұражайға келді. Таң қалдым. Сөйтсем: «Апайыңнан айырылып қалдың. Соған көңіл айтайын деп арнайы келдім. Сен жалғыздықты енді көресің-ау. Енді өзге деңгейдегі ырғасу мен бопсаға түсесің. Ол қиын. Менің де күшім кеміп барады. Отасыз болмайтын сияқты. Ол үшін мол қаражат керек екен. Менде ондай мүмкіндік жоқ. Өзің емеуірін еткен достың алақанына қарап қалдым. Ол КРАМДС-тегі Орталық комитеттің жарна қаражатына ие боп қалды ғой. Білмеймін, қыржиып теріс қарайды. Шындығыңнан қайтпа. Өзіңе сен. Сен өткенде маған: аңғалсыз, сенгішсіз, бопсаға түсіп қаласыз. Бұл өзіңізге қаншама зиян әкелді десеңізші – дегеніңде мойынсал болмап ем. Сыналатын кезі енді келді. Ал, Әуезов саған аманат, Мұхаңның, шалдың рухы қолдасын», – деп сөзін аяқтады. Сосын мен танитын кинорежиссер ұлының тағдырын айтты. Оның астарын түсіндім. Шығарып салуға ризалығын бермеді. Баяу жүрісін маған көрсетуге өзіне намыс тұтқан сияқты.
Соңғы көруім… Ол тағы да ұстазының мұражай-үйіне келді. Иә, сол жолы Тахаңды – Тахауи дегдарды соңғы көруім мені дос атаулыдан түңілдіріп жібергендей болды. Әбден жүдеген, жағы суалған, шашы ебедейсіз дудыраған, қара көзілдірік көлегейлеген көзінің шарасына үмітсіздіктің мұңы ұялаған. Баяу, әзер сөйледі: «Мұхаңның – қара шалдың рухымен қоштасайын деп келдім. Түңілдім, бәрінен түңілдім. Достан да… көңілім қалды. Қатты қалды. Сонымен қосақталған өмірім – бекер өткен өмір болды. Қаншама аранға түскем. Соның бәрін қалдырмай, күнделігіме жазып қойдым. Есіңде сақта. Ал, қайыр-қош. Қош, Мұха!», – деді жасыған көңілмен сыбырлап қана.
О, тәубә! Қайран арыстан жалды Тахаң-ай! Кеудеме өксік, көзіме жас тығылып, отырған орнымда қала бердім. Ол кісі шығарып салғанды ұнатпайтын. Ілби басып, иығы сөлбіреп, таяғына салмақ сала Құрманғазы көшесін төмен бойлап, күнге қарсы жүріп, тік қарайтын ажарлы бетін батысқа бұрып, Алатауға арқасын беріп, теріс қарап кетіп бара жатты.
Өзі айтқандай: «Әй, өмір-ай!» – дедім іштен құмығып. Шындығында, Мұхтар Әуезовтен кейінгі ұлы қабілетке ие тұлға осы Тахаң – Тахауи Ахтанов еді. Міне, бар өкініші еңсесін басып, бойын көтертпей кетіп барады. Не үшін сонша өкінді екен деші, кім білсін. Барлығын «Күнделігіме» ашық жаздым деп еді.
Енді ол шындық мәңгі құпия күйінде қалады. Өйткені, әлгі «досы» «Күнделікте» не жазылғанын біліп, оны қояр да қоймай жүріп сатып алыпты. Көрген адам мен куә адам бар. Тек оның көзін жойды ма, жоқ, тылсымның түбіне тығып кетті ме, ол жағын білмеймін. Қайран, Таха, өзіңіз айтқандай, «араларында рыцарство жоқ» достардың заманына өміріңіздің тап келгенін қарашы. Ал, Сіз «рыцардың» – серінің нақ өзі едіңіз.

6 қазан, 2025.
Астана. Жеті қазына.

СЫРМІНЕЗДІ СЫПАЙЫ
(Әбілмәжін Жұмабаев)

Сыпайы, сырмінез, Абай айтқандай, «жасынан түсін билеп, сыр бермеген» сарабдал қазақ зиялысының бірі – сақа журналист, ақтанкер аудармашы, байыпты баспагер, ысылған идеология қайраткері Әбілмәжін Жұмабаев ағамыз еді. Жиырма бес жасынан бастап Орталық партия комитетінің идеология бөліміне қызметке шақырылып, елуінші жылдардағы қырғи кезеңдегі «қилы науқанның» қитұрқы шарпысуларына тікелей куә болған адам. Шарпысуларға тікелей қатыспаған, ал, соларды бақылап отыруға мәжбүр болған. Ал, баспа ісіне еңбегі сіңген үлкен-кішімен сыпайы сөйлесетін. Етене қолтығына тартпаса да менің жазған алғашқы «Аэродром», «Бесқарагер» атты хикаяттарыма пікір білдіріп, жабық конкурста бірінші бәйге алуына себепші болыпты. Кейін: «Сенің анау аспандағы жұлдыздар туралы суреттегенің көңіліме ерекше әсер етті. Ал, Мұхаң туралы еңбектеріңді жоғары бағалаймын. Қадағалап жүремін», – деп еді. Кезінде жеке жолығып, тереңдеп сұхбаттасудың реті келмеді. Содан 2003 жылы 29-шы желтоқсанда ұстазымыз Темірбек Қожакеев дүниеден озып, үйіне көңіл айта бардық. Сонда келімді-кетімді адамдардың аяғы саябырлаған кезде: «Сен Мұқаңның тағдырын табандап зерттедің. Осы арадан басқа ретті жерді таппай отырмын. Енді бетпе-бет кездесеміз бе, жоқ па, кім білсін. Мына адамдар да естіп қалсын», – деп «Күнделікке» түсіп қалған төмендегі әңгімені айтып берді. Иә, әдебиет тарихы үшін және Мұхаңның тағдыр-талайын талқан еткендердің есімін біле жүру үшін терімге шығардым.

12 ай, 30 желтоқсан, 2005 жыл.

Кеше ұстазымыз Темірбек Қожакеев дүниеден озды. Азалы дастархан басында замандастары, соның ішінде курстасы Әбілмәжін Жұмабаев отыр екен. Сәлден соң:
– Сен, Тұрсын, Мұхаңның өмірін тереңдеп зерттедің. Тағдырын араластыра жаздың. Қысым көрген кезеңдерді де қамтыдың. Соның ішінде, «Казахстанская правда» газетінің 2-ші маусым күнгі санында «Абай романы туралы» атты Мұхтар Әуезовтің «Абай» романын күл-талқан етіп сынаған мақаланы кім жазғанын айтып берейін, – деп сөз бастады.
– Басымыздан небір қиын кездер өтті ғой. Соның бірі елуінші жылдардың басындағы саяси аласапыран. Соның ішінде Мұхтар Әуезовтің тағдыры ешқашан естен кетпейді. Мен өзім көрген жайларды ғана айтайын. Тура сол кезде, елуінші жылдардың басында КПСС Орталық комитетінен: Мұхтар Әуезовтің «Абай» романында қазақтың өткен өмірін әсірелеу бар. Шығармаға сенсек, қазақтар коммунизмнен баяғыда өтіп кеткен сияқты суреттеледі. Дереу талқыға салыңдар – деген пәрмен түсті деген нұсқау келді. Қазақстанның ОК хатшысы Храмков пен Иманов (?) «Соцциалистік Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газетіне әшкерелеу материалын жариялау туралы тапсырма берді. Сондағы, «Казправдадағы» «Абай» романы туралы» атты атышулы мақаланы жазған Алексей Брагин, өңдеген Эдуард Мацкевич болатын. Оларға дем берген Сәбит Мұқанов екен деген сыбысты да естідім. Нақты анығын білмеймін. Арада екі апта өткен соң «Ленинская смена» газетінде Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» туралы бір бетке жуық мақала шықты. Оны жазған Бернштейн деген жойыт. Мұрны, көзі, әрекеті нақ еврейдің өзі еді. Бұған да А.Брагин кеңесшілік етті деп естідім. Онда Сәбит Мұқановты тас-талқан еткен.
Бұл пәрмен «Социалистік Қазақстан» газетіне келіп түсті. Бас редакторымыз Қасым Шәріпов оны бөлім меңгерушісі Төлеубай Ыдырысовқа тапсырды. Төкең – Төлеубай ағамыз көп ойланып отырып, ашулы кейіпте (бірбеткей адам еді) бас редакторға барып:
– Мен мына тапсырманы орындай алмаймын. Себебі, бірінші, бұл – әділетті іс емес, жала. Партбилетті қан майдан кешіп жүріп, адал болуға ант беріп алдым. Сондықтан өтірік айта алмаймын. Жалған жала жаба алмаймын. Екінші, «Абай» романына 1 дәрежелі Сталиндік сыйлық берілді. Ал, мен Сталин жолдасқа ешқашан қарсы шықпаймын. Үшінші, мен роман туралы сыңаржақ сыншылардың пікірлерімен келіспеймін. Сондықтан партиялық тәртібімді қарап, жұмыстан шығарамын десеңіздер өз еріктеріңіз. Бірақ, партбилетті қан майданда алдым, оны ешкімнің қолына ұстатпаймын, – деді.
Сонда бас редакторымыз Қ.Шәріпов: – 1. Мен де майдангермін, мен де партбилетті майданда алғамын. 2. Майдангерді – майдангер жұмыстан шығармайды. Орныңнан алуға да қақым жоқ. 3. Сен коммунистсің. Өз пікіріңді айтуға қақың бар. Сондықтан бұл мәселені тура Шаяхметовтің өзіне барып айтайын, – деді. Сөйтіп Қасым Шәріпов Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Шаяхметовке барып:
– Әуезовтің «Абай» романы туралы нұсқауларыңызды орындай алмаймыз. «Казправдадағы» сын – әділ сын емес. Тіпті, редакция алқасы екі бөлініп кеткелі тұр. Орталық комитеттің өзі жауапкершілігіне алсын, – депті.
Сонда Шаяхметов:
– Ендеше, идіріп-тартып тұра беріңдер, – депті.
Сөйтіп Мұхтар Әуезовті әшкерелеген мақала «Социалистік Қазақстан» газетіне шықпай қалды. Кейін Пономаренко М.Әуезовті түнде шақыртып алып, таңға дейін әңгімелесіп, бар жағдайды қалпына келтірді. Храмков дегенді Қостанайға бірінші хатшы етіп жіберді, 8 айдан соң Ленин орденінмен марапаттап, пенсияға шығарды. Ал, Брагиннің сүлдері Сәбеңнің көлеңкесі боп қалды. Бертінге дейін өмір сүрді. Міне, сен біле жүретін жәй осы. Қандай қиын кезде де қандай жазаға тартылатынына қарамастан Төлеубай Ыдырысов пен Қасым Шәріпов сияқты рухты, өжет, қайсар азаматтар болған. Есіңде болсын, – деп Әбекең әңгімесін аяқтады.
Әбекеңнің – Әбілмәжін Жұмабаев ағамыздың өзі де ұстаздарындай адал, әдепті адам еді. Шіркін, аудармалары қандай тамаша, еш мүдіріссіз оқылады, оқыған сайын аңсарың ауады да отырады. Бұл да үлгі тұтарлық тағлым.

ӨЖЕТ ОЙЛЫ СЕРГЕК СЕРІ
(Сафуан Шәймерденов)

Жүрегіне кір сақтамайтын, жан сыры мен аңсары қаламы арқылы шығармасына діл боп құйылатын шынайы таланттың шығармасы – мінезіне, мінезі – шығармасына тартады. Сондай өзі де, сырты да сылаң, еңсесі өр, бойы да, ойы да сұңғыла, адымы ашық, қадамы нық, еңсесі биік, Абай айтқандай: «Жасынан түсін билеп, сыр бермеген, Күлсе де, ренжісе де білдірмеген», тасқаяқ ойнағанда да бас имей, кеудесін тік ұстайтын, өжет ойлы, сергек сері, ер мінезді жазушы – Сафуан Шаймерденов болатын. Өзін топтан саяқ ұстап, ұмсынған адамға жалтақтамай, жүзін жылытып, батыл басып баратын, сөзді қысқа қайырып, қайтадан бойын тіктеп, алған бетінен бұра тартпайтын. Сырын білмеген адамға кісі жатырқайтын саяқ жан сияқты көрінетін. Бірақ, өзін Ғабеңнің – Ғабит Мүсіреповтің ет бауырындай сезініп, соған «ұқсап бағатын» (Абай) Сафакеңнің сыртқы сырбаздығы тартқанмен, жан дүниесі мүлдем ашық, ойындағысын ешкімнен еш қаймықпай табан астында айтып салатын, содан кейін, тура Ғабит ағасы «Ғажап бір адам» деп жазғандай: «Айтарын айтады да, содан кейін ешкімнің сөзіне құлақ аспайтын мінез көрсетіп, жұртқа ұп-ұзын мұрнын тосады да қатып қалады, ал мұрны құрғыр еш нәрсеге түсінер де, қысылар да емес, қоңыр бір собалақ, дүлей, мелшиеді де қалады» («Күнделіктен», 198-бет). Ғабең «Бір ғажап адам» деп «ұзын мұрнын» да қосып бағаласа – бағалағандай, «ұзын мұрнын» бас бармағы мен сұқ саусағының арасына сүйкей сипап қойып, ашық қаз дауысымен қадала сөйлеп кететін Сафакеңнің мәнері де соған сай еді. Ұмтылса бітті, алған бетінен ағасы да қайтара алмайтын және айтпай тынбайтын. Мен оның тура сондай өрлігі мен ерлігінің үш рет куәсі болдым. Сөз басындағы, шығармашылығы мен жеке мінезіне жеке пікірім дербес талданғандықтан осы үш батыл сөзін ғана тәмсіл етіп, сырт көзге онша мәлім емес Сафакеңнің азаматтық үш мінезінен мағлұмдар етпекпін.
Ол бір желтоқсан оқиғасынан кейінгі ұлт басына булығу мен шарасыздық орнаған, тұла бойыңды ызалы бұлқыныс пен кек наласы билеген қамкөңіл күндер еді. Ұмытпасам, желтоқсанның 30-ы күні. «Ұлттың рухани тамыры, санасы – жазушылар. Халық соларға қарайды, соларды тыңдайды. Сіздің кім екеніңізді Қазақстан жұрты білмейді. Сондықтан мына орын алған оқиғаны, ұстанатын бағытыңызды, жастарға қолданатын шараларыңызды түсіндіріп, әрі өзіңізді таныстырсаңыз. Біз сізді білуіміз керек», – деген Жазушылар одағының бірінші хатшысы Олжас Сүлейменовтің ұсынысынан бас тартудан қаймыққан Колбин келісімін беріпті. Қара жамылған, долы наразылығын ішіне жасырған, қабақ түюлі, мойны салбыраған қаламгерлер мәжіліс залына лық толды. Колбин екпіндеп кіріп, грузиндерден жұққан алкеуделікпен жиналғандарға мекірене қарап, еш мағынасыз лепірме деммен сөйледі. Күткен деңгейден табылмады. Кәдімгі можантопай мұжық екені бірден байқалды. Жұртшылық қабылдамады. Алғашқы сөзді қасиетіңнен айналайын Жұбақаң – Жұбан Молдағалиев алып, бірден: – Бейбіт күнде автомат асынып, қолдарына гүрзі алып, жастарды тепкілеп, қан жоса қылған солдаттарды көргенде, мен өзімнің майданнан тірі келгеніме өкіндім. Көрмеуім керек еді. Ұлдарымды тепкілеп, қыздарымның шашынан сүйреткенді көру үшін қан төктім бе?! Онымен қоймай, мыңдап түрмеге қамап жатыр. Әскердің бейбіт жұртты жазалауына бұйрықты кім берді? Сіздің қандай қатысыңыз бар? Бұған қалай баға бересіз? Ал, біз, қазақстандықтар, оның ішінде мен майдангер ретінде қарсымын. Коммунист ретінде сізден ашық жауап күтемін! – деді. Өзгені білмеймін, өзімнің тұла бойым тебіреніп, көзімнен ризалықтың ащы кермек жасы сорғалай берді. Сол кезде алдыңғы қатарда отырған Сафуан Шаймерденовтің: – Олжас, мен сөйлеймін, маған сөз бер, – деп жауабын күтпестен мінбеге шықты да: – Мен сізді аса құрметті Геннадий Васильевич дей алмаймын. Өйткені, Сіздің сөзіңіз көңілімді қатты қалдырып, ренішімді туғызды. Сондықтан, Геннадий Васильевич, өзіңіз Қазақстанға бірінші рет келіп тұр екенсіз, бұрын қазақтармен араласпапсыз. Ендеше, олардың шетінен грузиндерден өткен ұлтшыл екенін қайдан білдіңіз? «Қазақ ұлтшылдығы» деген терминді неге сүйеніп айттыңыз, дәлеліңіз қайсы? Бір топ жастардың талабына, меніңше, әділ талабына қарап, бүкіл қазақты ұлтшыл етіп масқараламақсыз ба? Ертең Пленумда айтылып, қаулы қабылданатыны сөзсіз. Онда, бүкіл Кеңес Одағы «қазақтар ұлтшыл» деп әшкерелеуге көшеді. Саяси айыптаудың және оның қалай жазаға ұласатынын біз, аға ұрпақ, білеміз. Сонда сіз қазақ ұлтын масқаралау үшін келдіңіз бе? Сенбесеңіз дәл осы кеште Сіз екеуміз көшеге шығып, не бір сойқанды жерді аралайық. Сонда, ешбір қазақ сізге «Орыссың!» деп қол көтерсе сол арада өзімді-өзім қасым етейін. Бірақ, ондай оқиғаның болмайтынына ант беремін. Қызметіңізге сай сабырға кеп, салауатты шешім қабылдаңыз. Ал, жастардың мына жаппай түрмеге қамалуына біз, жазушы азаматтар, қарсымыз. Осы есіңізде болсын! – деп сөзін аяқтап, жауап күткендей Колбинге қадала қарап тұрды да иіні басылған «Васильевичінің» сұрқын көріп, тура бағанағы Ғабең суреттегендей: «айтарын айтып алды да содан кейін ешкімнің сөзіне құлақ аспайтын мінез көрсетіп, жұртқа ұп-ұзын мұрнын тосты да қатып қалды», Колбинге қасқая қарап отырды.
Жұбақаң (Ж.Молдағалиев) мен Сафакеңнің (С.Шаймерденов) мына сөзінен кейін еңсені басқан бұлт ыдырап, бас көтеріліп, сенім қуаты бойды биледі. Колбиннің басы иіліп, жауырыны күдірейіп, содан кейінгі даусы бәсең шығып, мысы басылып қалды. Тек Щеголихин деген дәрігер-жазушысымақ қана Колбинді жұбатқандай боп: «Қазақ ұлтшылдығы бас көтергені рас. Қазақ бала бақшасының салынуынан соны байқауға болады», – деп міңгірлегенін залдағы қарсы шыққан ашулы дауыстар тұншықтырып тастады. Мәжілістен соң Сафакең ештеңе болмағандай басын тік көтеріп, кеудесін көтере ұстап, ешкіммен шүйіркелеспей, өжет ойлы, сергек сері қалпында жалғыз өзі үйіне қайтып бара жатты. Несіне алаңдасын, айтарын – айтты, елінің бір намысын алып берді. Жанайқайын жеткізді.
Міне, Сафакеңнің азаматтық ерлігі мен өрлігі. Шығармалары да осындай ашық шындыққа құрылған. Сонысымен де тұмса, тума талант.
Екінші, азаматтық-адами мінезін, бір жарым айдан кейін, ақпан айының ортасынан аса көрдім. Таңғы сағат сегізде Олжас ағамыздың кеңесшісі Сүният Бәкенов телефон шалып: – Тез Одаққа кел. Сағат 10-да Қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Қопабай Әбдірахманов келіп, Праволық комиссияның мүшелерімен Желтоқсан оқиғасы және алаш қайраткерлерін ақтау мәселесі жөнінде әңгіме өткізеді. Олжекең келісіп қойыпты, ағалар алқасы мен өзің сенген комиссия мүшелерін шақыр, – деді. Табан астында айтқан адамдарына хабарласып, жылдамдатып Одаққа жеттім. Олжекең: – Егер сұрай қалса, пікірлеріңді ашық айт. Алаш туралы да батыл сөйле. Ақсақалдар да жасқанып қалмасын, – деп ақылын айтты. Тура сағат онда Комитет төрағасының орынбасары Қ.Әбдірахмановпен бірге басқарма бастықтары жеті полковник келді. Олжекең өзіне тән өткірлікпен: – Біз, жазушылар, бәрін де ашық білуіміз қажет. Жазушының санасына ұялаған күмән жасырын сынақтан қауіпті, өйткені олар қоғамның қас-қабағы, сөйлейтін мінбесі. Барлық адамдар өздерінің сұрақтарына жазушылар арқылы жауап алғысы келеді. Біз сол үшін де адамдардың, оның ішінде, бүгінгі таңда алаңдатып отырған ең ділгір мәселе – Желтоқсан оқиғасы туралы толық мағлұматты білгіміз келеді. Қанша адам ұсталды, қанша адам тергеуде, қанша адам құрбан болды және олардың құқын кім қорғайды, әлде жасырын соттала бере ме? Екінші үлкен мәселе, қазақ сөз өнері сталиндік бұғаудан толық құтылып болған жоқ. Ұлттың рухани ұстаздары Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов сияқты алаш қайраткерлерінің азаматтығы да, шығармалары да ақталған жоқ. Саясатты қайта құру, жариялылық дегеніміздің түпкі мақсаты да сол емес пе? Сондықтан бар мағлұматты сол істермен тікелей айналысып отырған сіздердің мекемелеріңізден, сіздердің өз ауыздарыңыздан естігіміз келеді, – деді. Қ.Әбдірахманов дайындап әкелген мәліметтеріне көз қырын сала отырып: – Желтоқсан оқиғасының тергелуі толықтай Мәскеудің қолында. Олардың мағлұматы бізден құпия сақталады. Ал, біздің есебімізде тергеуге алынғандар бір жарым мың, түрмеде отырғандар үш жүзге жуық, ісі сотқа берілгендер жиырма шақты адам (Ол нақты санын көрсетті, ол есеп жазылған менің жеке дәптерім кейін қолды боп кетті, көшірмесін қапелімде таба алмай отырмын, мөлшермен осындай). Саяси мәселе болғандықтан баға беруге құқымыз жоқ, тек мәліметтерді ғана береміз, – дей келіп, сөзінің соңында: – Алаш қайраткерлері туралы қозғаған мәселелеріңіз орынды. Ашығын айтайын, оларды, соның ішінде Мағжан Жұмабаевты ақтау туралы Қауіпсіздік комитеті келісімін берген кезде «оларды мәңгілік ақтауға болмайды, олар ақталса ұлтты бұзатын ұлтшылдық идеологиясы қайтадан қозады. Оған Жазушылар одағы көне алмайды», – деп қарсы болған және жаптырып тастаған Сіздердің өздеріңіз, яғни, Жазушылар одағының қарсылық білдірген хаты, – деді. Аға буынның: – Не дейді? Кім? Мүмкін емес. Атын айтыңыз», – дескен жан дауыстары шығып кетті. Төрағаның орынбасары күмілжіп, жауаптан жалтара берді. Сол кезде Сафакең – Сафуан Шаймерденов орнынан тұрып, көзі ұшқын атып: – Жолдас Әбдірахманов! Сіз біздің арамызға үлкен күдік тудырып, араздық пен алауыздықтың шоғын тастап отырсыз. Егделер – бір-бірімізге, жастар барлық аға буынға жеккөрінішпен қарайтын болады енді. Сондықтан мекемеңіздің үйреншікті әдісімен әдейі арандату үшін келмесеңіз сол адамның нақты атын айтыңыз. Егер бұл жолы айта алмасаңыз, онда біз жазушылар атынан Орталық комитетке ашық хат жазып, Сізді арнайы есеп беруге шақырамыз, – деді ширығып. Мұндай батыл да батымды сөзді қаймықпай тура қарап айтып, қадала отырып жауабын күту тек Сафуан Шаймерденовтің ғана қолынан келетін. Қ.Әбдірахманов біраз қозғалақтап отырды да папкасынан бір бет қағаз алып Хаттың мәтінін оқып берді. Қол қойған адамның атын айтпады. Енді отырғандардың наразы дауысы естілді. Сол кезде Қ.Әдірахманов: – «Жазушылар одағының екінші хатшысы Әбділдә Тәжібаев» – деп ресми хатты көрсетті. – Не дейді! – деген Әлжекеңнің дауысы қатты шықты. Орнынан атып тұрған Сафакең: – О, қарабет! Сен де сондай ма едің?! Масқара! «Әбділдә жылап жүріп жазаңды береді» – деген Мұхаңның (Мұхтар Әуезовтің) сөзі рас боп шықты ғой! – деп ұзын бойы бүгіле еңіреп жіберді. Көз жасын сүртпеді де, одан қымсынған да жоқ. Жазушылар абдырап қалды. Олжекең томсырайған тыныштықты бұзып: – Міне, арлы, адал жазушылардың көзқарасы осындай. Әбдірахманов жолдас, енді бұл мәселені жабық қалдыруға болмайды. Біздің Праволық комиссиямыздың атынан алаш қозғалысынан дипломдық жұмыс қорғаған («Қазақ» газетіндегі публцистика», бірақ қорғау алдында ұстазым Хайыржан Бекхожин басқа тақырыпқа өзгертіп жіберген) мына Тұрсын Жұртбаев Қауіпсіздік комитетінің архивіндегі алаштықтардың тергеу ісімен танысып, бізге бар жағдайды түсіндірсін және Жоғарғы соттағы талқылауда әдеби кеңесші болсын. Сіз қалай қарайсыз?» – деп мәселенің шешімін ұсынды. Қ.Әбдірахмановтың келіспеуге амалы қалмады. Сөйтіп Сафакеңнің өжет те өткір мінезінің арқасында алаш қайраткерлерін ақтау мәселесі табан астында шешіліп, жаңа бағыт алды. Он бес күннен кейін Олжекең мені Жоғары сотта қаралып жатқан «Алаш ісіне» әдеби кеңесші етіп жіберді. Наурыз айында Қауіпсіздік комитетінің архивіне рұқсат берді.
Міне, ары мен адалдығына өткір мінезі мен өжет ойы қосылған Сафакеңнің «көз жасымен» жуылған алаш қайраткерлерін ақтау науқаны осылай күтпеген жерден қарқынды түрде басталып еді. Әйтпесе, жаналқымнан алған сол сөздер болмағанда мекемелер арасындағы хаттар мен жауаптардың «жорығы» жылға созылар ма еді, кім білсін.
Адамның бойына біткен алымды ажар мен өтімді өжеттік, адалдық пен аңғалдық, серілік пен сенгіштік – үнемі жарасым тауып, үйлесе бермейді. Бұл мінездің иесінің қапысын табу да оңай, әсіресе, жаны аярлықтан ләззат алатындар үшін таптырмайтын олжа. Сол мінез Сафакеңді де сан рет сан соқтырған болуы керек. Ұстараның жүзі сияқты қылпылдаған оның өтімді де өткір жүзі өзінің де жанын жаралаған болар. Оның анық-қанығын білмеймін, бірақ өзім аңғарып қалып, сақтандырған бір шағымды да шымбайлы шындықты жасырып қалғым келмейді. Сол «желтоқсанның қара суығы» азынап тұрған кез. Бір адамның ту желкесінен екінші бір жақын тұтқан жаныңның сұқсыр көзі қалғымай қадалып тұрғанын анық сезініп жүрген шағым. Өйткені, 1988 жылы 24 сәуірде алаш қайраткерлерінің азаматтары ақталған Жоғарғы соттың қаулысы шығып, енді саяси тұрғыдан ақтау үшін партиялық комиссия құрылды. Қаза тапқан және сотталған Желтоқсаншылардың тізімі жасалып, СССР Жоғары кеңесінің депутаты О.Сүлейменовтің атынан: желтоқсаншылар саяси айыпкерлер болып табылады, сондықтан да оларды кәнігі қылмыскерлермен бір камерада отырғызбау, қысым көрсетпеу керектігі туралы түрме бастықтарына хат жолданып, кейбіреуінен жауап келіп жатқан. Сондай-ақ, қазаға ұшырады деген жеті адамның үшеуінің (және үшеуі де қыз бала) ауылдарына арнайы адамдар жіберілсе де әке-шешелері шындықты жасырып қалған көкшетаулық және меркелік қыз балалардың деректері расталмай жатқан. Себебі, оларды Қауіпсіздік комитеті әбден үрейлендіріп қойса керек. Алдында, Тұрсынбек Кәкішев пен Адам Мекебаев растап берген жайды Коммунар Табеев ресми анықтауға барғанда бәрін жоққа шығарып, мойындаудан бас тартыпты және соның алдында ғана екі ересек адам барып, шындықты айт – деп қатқыл сөйлесіпті. Кім? Астыртын істің талабы бойынша, мен тапсырма берген адам өзінің кіммен сөйлескенін маған да айтпауы тиіс. Сақтық керек. Сонда да, «жас ұлтшыл» деген Партиялық қаулының тізіміне ілініп үлгеріппін. Ал, жаңағы үш адам Алматының демалыс паркінің жанындағы жәбірленгендерге де барып өздерінше ақпарат алмақ болған. Әрине, олар шындығын айтпаған. Суреттеп берулеріне қарап іштей шырамыттым. Қауіптісі – егдесі Олжастың қыр соңыына түсіп, соттатпай тынбаймын деп жүрген әйгілі жәміл. Ал, сенгендері «ұзын бойлы, ұзын мұрынды» Сафуан ағам болып шықты. Бір-екі рет бетпе-бет келгенде сәлемімді салқын алған. Содан, екі жағымыз да бұрылып кете алмайтындай қыспақта кездесіп қалдық. Сәл бәсеңдете: «Ана істерің не болып жатыр, бірдеңе шығара аласыңдар ма? Біз де қарап жатқамыз жоқ», – деді. Енді шегінудің реті жоқ, демімді ішіме алып: «– Білемін. Онсыз да шошынып қалған балаларды үркітіп біттіңіздер. Сіздер барған үш жердегі жастардың тізімдері алынып, ісі сотта ақталуға жіберілді. Өзіңіз бастаған іске өзіңіз неге селкеу түсіресіз? Сізге сенемін. Ал, ана «егденің» көздегені жастарды ақтау емес, Олжастың үстінен арыз жазу үшін іздеп жүрген «дерегі». Оның алды Орталық комитетке жолданыпты. Мен танысып шықтым. Содағы мақсатыңыз не? Олжас үшін балаларды және олардың ата-аналарын қиянатқа қиясыз ба?» – деп едім: – Ойбай, не дейсің?! Түскен екем ғой «егденің» тұзағына! Ендеше «сенен басқа ешкім істей алмайды, жастарды өзіміз қорғайық. Бізге қосыл» – деп жүргені сол екен ғой. Кешір, айналайын! Кеш. Алла, аңғал басым-ай, алдап соққан екен ғой!», – деп сол арада ауыр да болса шындықты мойындады. Қарсы уәж айтпады, орынсыз ақталмады. Құшағын айқара ашып құшақтап, батасын берді. Біз – Жоғары соттың мүшесі Қ.Кенжебаев, басқарма бастығының орынбасары М.Нәрібаев (Кейіннен Бас Прокурор болды), адвокат Сыздықова бәріміз О.Сүлейменовтің атынан Анықтама дайындап, Қазақстан Орталық комитетіне және СССР Жоғары кеңесінің Президиумына жолдадық. Оның бір данасын депутаттыққа кейіндеп сайланған М.Шаханов сұратып алды, ақыры ол СССР жоғары кеңесінің сессиясында кеңес одағына жария етті. Бір кездесіп қалғанда: «Мұхтар мәліметті сендерден алды ма? Мен күткен нәтиже сол еді. Бөгетіміз тие жаздапты-ау. Құдай сақтады», – деп арқамнан қақты.
Осынау өжет мінезді, өткір сөзді, тәуекелшіл мінезді Сафакеңмен арадағы соңғы көрініс туралы жақ ашпауыма да болатын еді. Бірақ, өзінің оқыс кеткен аңғал тұстарын ашық мойындай білетін адамның, нағыз адал, батыл мінезді, арына кір жұқтырмайтын сергек сері мінезді Сафакеңнің адами болмысын жасырып қалуды жасықтық санадым. Ал, бұл – әр адамның бойынан табыла бермейтін «Һас әл-Һас» («Толық адамның» деңгейіне сай ең асыл) адамның ғана болмысына тән қасиетті сипат.
Ал, Сафакеңнің – Сафуан Шәймерденовтің сондай «Һас әл-Һас» деңгейіндегі толық адам екеніне жоғарыдағы үш мінезі толық дәлел.
Тіршіліктің мүддесі тірі адамды тоғыстырмай тұрмайды. Әрине, жоғарыдағыдай сын сағаттардағы сынақтардың сыны мен сыры бір басқа. Сафакең сырбаз, сері тұлғасын көріп, көзайым болған ширек ғысырдың ішінде өзара пендешілік базына да орын алып тұрды. Дүниеден озар ант мезгілі шағында ажалға қарата: «Осыншама өмір сүруге мүмкіндік бергеніңе рахмет», – деп сыпайы ризашылықпен аттанған аса кішіпейіл, биік мәдениет иесі Мұқан Иманжанов марқұм сүрлеуін салған қазақ прозасындағы алғашқы ірі интеллектуалды роман «Инештен» бастап «Ағалар алақанына» дейінгі аралықта Сафакең ешқандай атақ-дәрежеден дәметпей, даңғазадан бойын аулақ ұстады. Соңғы шығармасы мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанда ақырын ғана: «Бұл өзі бір түрлі дүние. Жұрт түсіне берер ме екен. Сен қалай ойлайсың?», – деді сыпайы ғана кездейсоқ кезігіп қалғандай болып. Емеуірінін түсініп, «Аз сөздің астары» атты мақала жазып, жарияладым.
Жолыққанда басын изеп ризашылығын білдірді. Соған да қанағат еді. Бір жолы Баянғали Әлімжанов екеуміз Одақта Сафакеңе қарама-қарсы кеп қалдық. Баянғали өзімси сөйледі. «Жә, Баяш, сен сәл екпініңді бас. Мына Тұрсынға бір кішіпейілдік жасағым кеп тұрғаны. Борыштармын. Жүріңдер», – деп «Қаламгер» кафесіне ертіп барды. Отырар-отырмастан менімен емін-еркін тәжікелесе беретін Баянғали Әлімжанов: «Сафаке, мұны несіне еркелете бересіз? Керей-керей деп жездемсініп, апайыма арқасүйеп, барлық керейге ертоқымын теріс ерттеп мініп, күн көрсетпейтін болды. Кегімді бір алып беріңізші», – демесі бар ма. Сонда Сафакең: «Қой, барлық керейді басына бермес. Солай ма, Тұрсыкен?» – деген кезде: «Маған бәрібір, тек таза керей болса бітті, кез-келген керейдің шаруасын үш-ақ минутта бітіріп беремін», – деп жауап беріп ем. «А, солай ма, солай де. Жарайды, оны да көрейік» – деген. Соны Сафакең Ғабеңе айтып: «Тұрсын бізді сөйтіп бір шоңқитып кетті. Сізден басқаның тісі батпайды. Өзін ұстап алып бір тұқыртып, кегімізді қайтарып беріңізші. Сіз де керейсіз ғой», – депті. Сөйтіп, Ғабеңнің «мен де кереймін ғой» – деп «де»-ні қосып қойып, екі жарым сағат тұқыртқаны бар» (Естеліктен»). Ол мұғжиза өмірі естен кетпестей боп есте қалды. Адал, таза жанды Сафакең қандай да бір көңіліне келген кілтипанды ұмытпай, ойлағанын міндетті түрде орындап тынатын. Кәдімгі астарлы әзілден кеткен есесін сөйтіп, Ғабеңнің «мысты миығымен» басып қайырғаны бар.
Соңғы рет Сафакеңді Астанада, Ғылым министрінің қабылдау бөлмесінде тосыннан жолықтырдым. Бесінші қабаттың терезесінен аспанға қарап, көзі мұңға толып, сондай бір шарасыз күйде тұр екен. Көңілсіздеу қалыпта сәлемімді алды да: «Солай, Тұрсын, мен келетін мекеме емес қой бұл. Саянымның (үлкен ұлы, атақты хоккейші, әлем чемпионы) жайымен жүрмін. Жағдайы болмай барады. Астанаға келген екенсің. «Ел ауған жаққа құт ауады» деген» – деп ықыласын білдірді. Сол салқын, көңілсіздеу көңіл райында қоштастық. Бұл менің «өжет ойлы сергек сері» Сафакеңді – Сафуан Шәймерденовті соңғы рет көруім екен. Араға жыл салып барып дүниеден озды. Жалған-ай, қандай азапқа салсаң да балаңның жаназасына қатысудан асқан қасірет бар ма! Өмірден көрген ең ауыр жазасы ғой ол. Сафакең өмір тозағының сол қинауын да көріп кетті. Иілмейтін бас иілді, мүжілмейтін жігер кемірілді, жанына жуытпайтын шерлі уайым өрнегін салды. Не шара. Хақ иесі ондай жазаны ешкімнің пешенесіне жазбаса екен.

10 қараша, 2025.
Жеті қазына. Астана.

ӨТКІРДІҢ ЖҮЗІ
(Шерхан Мұртаза)

Тіршіліктегі толайым күндерде томаға тұйық тартып, сыртынан ғана сыйласып, сын сәттерде ғана еш алдына барып, жаныңды булықтырған тәуекелді ойларды тайсақтамай тура айтып, сол арада ол да тәуекелді жауап-шешімін айтып, бекінген ісіңе сеніммен кірісуге қуат беретін батыл тұлғалар болады. Жайшылықта жаттай көретін адамың содан кейін бауырыңды жылытатын көкбауырыңа айналады. Тура төрт мүшел – қырық тоғыз бойы бауыр боп – бауырына кіріп кетпей, жат боп – жатырқамай, Тайыр ақынның өлерде айтқан:
Жан сүйер сөз саулықта,
Айтыла бермейді екен ғой.
Жандарыңды жай уақта,
Азырақ ұққан екем ғой, – деген сөзін қазір жиі еске түсіретін тұлға Шер-ағаң – Шерхан Мұртаза.
Иә, мен Шер-ағаңның қолтығына емін-еркін кіре алмадым, той-думан, ойын-сауықта бірге жүрмедім, мүшелтойларының шашбауын көтерушілердің де қатарында болмадым, бірақ, ол кісі мені іштей ішіне тартуын, ал мен – діліммен бауырына тартылуымды еш сәтте доғарғамыз жоқ. Мұны «іштей түсіністік» деп атаса керек-ті. «Мен Шерханның шапанынан шыққанмын», – деген Оралханның өзі де екеуінің ықыласты ыстық демі бір-біріне тартылып тұрса да сондай бір аралық сыралғы сабырлы салқындықты сақтайтын. Мен мұны Оралханның етбауыры ретінде жақсы сезінетінмін. Оралхан демекші, мені Шер-ағаңның бауырына үнсіз басқан да осы Ор-ағаң болатын. Мүмкін, Оралхан ағама бауыр басып кеткенімді білететін Шер-ағаң маған да сол «саясатты» ұстанды ма екен, кім білсін?.. Мен де сол «саясатты» ұстанып, Шер-ағаңмен түйсікпен түсініскен сәттерге ғана тоқталамын.
Ал, Оралханның бауырына салып берген де осы Шер-ағаң болатын.
Әлі есімде, он жетіден енді асып, он сегіздің табалдырығын сол кездегі біз үшін аты аңызға пара-пар «Лениншіл жас» газетінің табалдырығымен жарыстыра аттадым. Қазіргі Абылай хан мен Жібек жолының қиылысында. Жүрегім лүп-лүп соғып екінші қабатқа көтерілгенімде қияқ мұртты жігіт (Кәдірбек Сегізбаев) «Келе ғой, қалқам, кімді іздеп жүрсің? Ә, өлең әкелдім дейсің бе? Онда әдебиет бөлімі ғой. Міне… Ораш, мына бала саған келіпті», – деп кіргізіп жіберді. Самсаған сайлы жігіттер. Соның ішінде, шашы арқасын жаба дудыраған, арқасын орындаққа шалқақтай тіреген Орағаңды – Оралханды бірден тани қойдым. Әңгімелерін сүйсіне оқығам. Өлеңдерімді шалқая отырған күйі алып, іле столдың үстіне еңкейіп оқыды да: «Мына бала сендерден көрі ақын (Қазір өлеңді қойдық қой, сондықтан асылық болмасын, шыны солай), глянцевый қағазға суретке түсіп кел. «Тұсаукесерге» береміз. Сен өзің кімсің, қайдан келген данышпансың?», – деп өршіл үнмен тіл қатты. Ес қалсын ба, суретіне түсіп, ертесіне апарып бердім. Тура бірінші тамыз күні суретіммен өлеңдерім жарқ ете қалды. Қуанышта шек жоқ деген бергі сөз ғой, масаттанып сала бердім. Алғыс айтуға барып едім, әй-шәй жоқ: «Жүр. Бас редакторымыз, Шер-ағаң сені көрсет деген», – деп ерте жөнелді. Шерхан Мұртазаевтің өзіне ме? «Табылған теңіз», «Бұлтсыз күнгі найзағай» атты хикаяттарын оқығам. Қабағы түйіңкі, қасы қалың, ерінді, түрі сұсты келбеті елестей қалды. Төрде көп қағаздың арасына есіктен кірген маған сүзе қарады: «Әлгі айтқан балаңыз осы», – деді Ор-ағаң. «А, отыр. Жөніңді айт», – деді. Не жөн айтам. – Рахмет! – Саған рахмет, бізге жұмыс тауып берген. Әлі мұртың алынбапты ғой, – деп қайта қағазға үңілді де Ора-ағаңа қарап: – Ие бол! – деді. Ор-ағаң да басын шалқайта бір сілкіп: – «Ие бол» деді ғой. Ие болайын. Келіп тұр. Әуелі оқуыңа түсіп ал, – деді. Бұрын еңселі есікті ашып, еңселі адаммен сөйлесіп көрмеген мен түс көргендей болдым да қалдым. Шер-ағаңның сол сүзіле қараған суықтау бейнесі әлі көз алдымда. Сөйтіп, бір ауыз сөзімен Оралханға теліп берді. Әрине, ол тізгінді Ор-ағаң да босатқан жоқ, мен де тартыншақтамадым. Бауыр бастым. Шер-ағаң сол аралықты сақтады да сәлемімді алады, кейде оқыс сұрақ қояды, кейде бүйірімнен қатты нұқып жібереді, кейде алара, кейде күле қарайды. Әйтеуір, көз алдынан кетірмеді. Ал, сол бір: «Ие бол!» – деген бір ауыз сөзбен менің әдеби тағдырымды шешіп беріп еді. Сол үшін де әруағыңызға тағзым, Шер-аға!
Міне, бұл мені алғаш рет өзімсініп бауырына басу және содан бастап қашан дүниеден өткенше кеудемнен кері итерген жоқ. Қайта бір сәлемге келесі сәлем ұласып, қамшының өріміндей, оның әр өріміне кәдімгі тіршілік пен тағдырдың тарамыстары алмаса өріліп «ол да өтті жалғаннан» – деген суық сөзбен аяқталды. Жылдардың салмағымен қоса Шер-ағаңның қаламы да салмақтанып, оқығанда жүрегіңді тылсым емеуірінімен шымырлатып жіберетін «Тілсіз қоңырау», «Алтын қоңыз», «Ұзақ командировка», «Шекшек әні» атты шағын әңгімелері романға ұласты, «Жұлдыз» журналының бас редакторы болғанда Оралхан, Сағат, Марат, Кәрібай сияқты жауынгерлерін өзімен бірге ала кетті. Сондай тұста тағдыр иірімі екі рет тосын жағдайда тоғыстырды. Айтуға – жаныңды шымшиды, айтпасқа тағы болмайды, 79- жылы Дегелеңдегі атом сынағының астында қалған қарындасым Төлеу ақ қанмен ауырып, ота үмітсіз аяқталған. Алакеуімде операция нәтижесін күтіп тұрғанымда кенет өкпе тұсымнан Шер-ағаң мен Сейдахмет Бердіқұлов шыға келді. Зады бас дәрігерде жұмыстары болған болуы керек. Мені көре сап Шер-ағаң адымдай басып келді де қапсыра құшақтап: «Зауал! Зауал дейді мұны. Шара қайсы!» – деп күңірене жұбатып, күрсініп алып, теріс бұрыла берді. Демек, Төлеудің үмітсіз тағдырын және оның себебін дәрігерден біліп келе жатқан болды ғой. Қыстығып шыққан Шер-ағаң мені көргенде өзін-өзі ұстай алмай қалса керек. Қалай шыдасын. Улы уайымға тұншығып мен қалдым. Мұндай сәттегі мұндай зауалды хабарды қалай ұмытарсың. Сол сәтте мен үшін, тіпті мен үшін ғана емес, өмір мен өлімі сынақ астында сыналған жалпы қазақтың тағдыры үшін Шер-ағаңның қабырғасы сөгіліп бара жатқаны анық еді. Соры қалың жетімнің тауқымет-қасіреті таусылған ба. Сөйтіп, өксіп жүргенде арада екі жыл өткен соң бес жасар ұлым Алмас суға кетіп қалды. Қаралы күндерден соң одақтың екінші қабатына көтеріле бергенімде ту сыртымнан көріп қалған Шер-ағаң: «Тағдыр! Тағдыр! Жазмыш дейді мұны!» – деп жеделдете басып кеп, құшақтай көрісті. О, өткен жолы зауал, бұл жолы тағдыр жазалаған мен кеудесіне басымды қойып еңкілдеп жылап жібердім. Осы екі көріністен-ақ сырты суық, түсі қатал көрінетін Шер-ағаңның өзі де шерлі тағдыр иесі екенін анық сезінесің. Қуанышты білмеймін, уайымды бөлісе білетін адам еді. Бұл оның жандүниесін булықтырған тағдырдың буырқанысы еді. Әйтпесе, лауазымды адамдар сияқты «бауырымдамай-ақ» сыпайы сыбырлай салса да олқы соқпас еді. Бірақ, ол – Шерхан ғой, шерлі хан. Осындай тағдырлы иірім емеуіріндер оның шығармасының басты құлақ күйі болатын. Бір жолы, Одақтың алдында Ғабеңді – Ғабит Мүсіреповті қолтықтап бара жатыр екен, Ғабеңе еркіндей амандасып, Ғабең де алақанын жазып (қолын беріп) еді, маған алара қараған Шер-ағаң: «Уһ ты, смотри!» – деді. Ондағы таңданысы: Ғабеңнің алдында еркіндеу сөйлеуім. Ал, ондай мінезді Ғабең «кешіре» бермейтін.
Желтоқсан оқиғасынан кейін қоғам ғана емес, адамдардың да арасы сыналатын қауырт күндер басталды ғой. Сенгенің – секемшіл, өзімсігенің – өгей тарта бастаған шақ туды. Сондай шақтарда өзінің ішкі қарсылығын сақтап қалған, «Қазақ әдебиетінің» бас редакторы ретінде дымын ішіне тартып, еріксіз басуға мәжбүр болған алмағайып жағдайды Шер-ағаң да басынан кешірді. Сексен жетінші жылы О.Сүлейменов: желтоқсан оқиғасына қатысқандарды қорғау, алаш қайраткерлерін ақтау, бұрын рұқсат етілмеген шығармаларды жариялау туралы арнайы құқық комиссиясын құрып, Төрағалық міндетті маған жүктеді. Оған басты себеп, мені университетте жүргенде ұстазым Хайыржан Бекхожин алаш қайраткерлерінің өмірі мен шығармашылығы туралы арнайы дайындықтан өткізгенін Олжекең білуші еді. Комиссияның алғашқы отырысы боларда Шер-ағаңа барып, жағдайды түсіндіріп, қалай «Қазақ әдебиетінің» ол туралы хабар беріп отырғаны дұрыс болар еді – дегенді айттым. – Дұрыс. Шамаң жете ме? Жағдайды білесің, бүркемелеп жеткіземіз. Кімді таңдайсың? Коммунар Табеев дұрыс, – деп табан астында тапсырма берді. Жарияланған есептер қысқа, астарлы мәтінде жарияланып отырды. Арада ай салғаннан кейін Сәтімжан Санбаев оңаша шақырып ап: Мамырда өтетін Орталық комитеттің қаулысының нұсқасы дайындалыпты. «Қазақ ұлтшылдығын» оятқан жеті жазушы аталыпты. Ішінде, ең жас алашшыл ретінде сенің де атың бар, – деді. Бір қысымның түсетіні анық. Сол кезде, әдебиеттегі ұлтшылдықты оятқан шығарма ретінде марқұм Ілияс Есенберлиннің тарихи романдарын сынаған Бас тарихшының мақаласы газеттің екі санына қатар шықты. Бұл – әшкерелеудің басы. Мен туралы да бір қартамыс әйелдің мақаласы келіп түсіпті. Оны Шәкизада Құттыаяқов көрсетті. «Сұрағың болса келіп тұр» – деген сөзін малданып Шер-ағаңа бардым. Бірден: «Білем! Білем! Шара жоқ. Екі қол байлаулы. Іш қайнайды. Ол менің пікірім емес. Сен не ақыл айтасың!» – деді. Астыртын жұмыстың өз тәжірибесі бар. Әлем, орыс, әсіресе, Латын Америкасы, Балтық жағалауы мен Палестина жазушыларының өз еліндегі жазалау саясаттарын астарлы мысалмен әшкерелеген шығармалар туралы айттым. «Мысалы, бізде кім бар?» – деді. Сол кезде Несіпбек Айтұлы аударып біткен Әлішер Науаидің «Ескендір қорғанындағы» патшаның өз халқын қырғынға ұшыратқан қасап майданы туралы айтып ем: «Әкелсін!» – деді. Несіпбек кешіктірмей апарып берді. Іле сол тарау газетте жарық көрді. Көзі қарақты оқырманның бәрі де онда желтоқсан оқиғасы емеуірін етіп отырғанын білді. Орталық комитеттегі досы Камал Сейітжанов түсіне қойып, сақ болуын ескертіпті. Батылдық па бұл – батылдық, шын елін сүйген ер ғана баратын тәуекел іс. Ондай редактор жоқтың қасы еді. Міне, содан бастап Шер-ағаңның «Бұлтсыз күні найзағай» (Өзінің хикаятының аты) ойнатуы басталды.
Сол бір қысылтаяң кезеңде Шерхан Мұртазаның шығармашылық тұрғыдан ширыққан тұсы сексенінші жылдардың ортасынан, «Сталинге хат» және «Бесеудің хаты» сақналық трагедиясымен және «Қызыл жебенің» екінші кітабы жарық көрген соң басталды. Қаламгерлік қарым-қабілетін және талант қабілетін, шыншыл қаламын ерекше бағаласам да қырық жылдың әлетіндегі әдеби талқылауларда, қалай екенін білмеймін, бір де бір рет Шер-ағаңның шығармаларына ашық пікір білдірмеген екенмін. Мүмкін, тақырыбымыздың әр бағытта өрістегені болар. Дегенмен сексенінші жылдардың соңына қарата тақырыбымыз тоғыса қалды. Мен М.Әуезовтің «Қараш-Қараш оқиғасы» хикаятындағы өмірлік және көркемдік шындықтың ара салмағына салыстырмалы талдау жасауға ниеттеніп, Рысқұл Жылқыайдаров туралы архив деректерін қарастырдым. Көзім бірден қаттаулы істегі Рысқұлдың суретіне түсті. Бұрын ешкімге белгісіз сурет. Апырмау, сонда Шерхан Мұртаза архивтегі бұл суретті көрмеген бе, көрсе – жариялар еді ғой. Екінші, Қазақстандағы аштықтың жағдайы туралы Сталинге қаратылған 200 бетке тарта көлемді Есеп-анықтаманы дайындаған сол кездегі Өлкелік комитеттің екінші хатшысы Ораз Исаев. Ал, Т.Рысқұлов соны өңдеп, қысқартып, қосып, өз атынан көсемнің қолына табыстаған. Осы екі деректі Шер-ағаңның өзіне оңаша айттым: «Дұрыс. Білем. Енді сынайсың ба?» – деді. Сасқалақтап: «Жоға, Шер-аға! Әдеби-сыни көзқарас тұрғысынан алғанда сіздікі дұрыс. Өмірлік шындық біткен жерден көркемдік шығарма басталады. Ең бастысы, осы екеуі де көркем идеяға қызмет етуі тиіс. Сіз ашаршылықты әшкерелеп тұрсыз. Екеуі де соған қызмет етіп тұр», – дедім. «Солай ма? Мен Сайлауға айтайын ана сурет туралы. Түсірсін. Менде бар сияқты еді өзі…» – деді. Бірер жылдан кейін архив ісін қайта қолыма алғанда Рысқұлдың суреті жоқ боп шықты. Кім алды? Іштей түйсінемін, әркімнің жазғанынан құрап диссертация қорғаған, өзі әдебиетші емес бір адам бар еді. Кәдігім сонда. Осы әңгіме өзара шығармашылық ықыласқа жетелеп, өзімнің ойларымды 50 жасқа келгенде жазылған мүшелтой мақаласында білдірдім. Әрине, жоғарыдағы архив деректері мен өмірлік және көркемдік шындық туралы ләм дегем жоқ (Ол жарияланымды соңына дербес келтіремін). Әрине, алаш қайраткерлері мен Тұрар Рысқұловтың арасындағы күрделі қарым-қатынасты екеуара талқылауға ықыласты бола қоймадық. Тек мен Тұрардың көрсетінділері мен жаппай тәргілеуге үндеген мақаласын ашық пайдаландым. Кейіпкер мен тарихи тұлғаның ара-қатынасы туралы көзқарастарымызды өзара ертерек бөлісіп, «шекарамызды анықтап» алғанның да бір септігі осы тұста селбестік танытты. Шер-ағаңның мүшелтойына орай Оралхан: «Міне, Сіз 60 деген асуға шықтыңыз, төменге қараңызшы, Аға, мен көрінем бе екен?» – деп емеуіріндете айтқанындай, содан кейін тіпті биіктеп, жазушылық ортадан алыстап, мемлекеттік қайраткерлікке қарай ойысты. Сөйтіп, біз оның көзіне күнде көріне бермейтін болдық, бұрылыстардың бұрышында, қалың қабырғалардың қалтарыстарында бас изесіп қалатын күндерге кезек бердік.
Ал, Шерхан Мұртазаның тәуелсіздік дәуіріндегі сол биіктеген «найзағайлы дәурені» 1992 жылы Президентпен болған сұхбаттағы: «Жоғары Кеңестің сегізінші сессиясының екінші жартысы басталған 17 маусым күні Үкімет үйінің іргесінде рұқсат етілмеген митингі басталды. Оны ұйымдастырушы жас партиялар көрінеді. Олардың талаптарының кейбірі: қазіргі үкімет орнынан түссін – дейді, жекешелендіру тоқтатылсын – дейді, коалициялық жаңа үкімет құрылсын, оған жаңа партиялардың өкілдері енгізілсін – дейді. Партия мен комсомолдан өткен халық депутаттары орындарын босатсын, олардың орнына жаңа партияның өкілдері сайлансын – дейді, АҚШ-пен ядролық қару жөніндегі келісім шарты бекітілмесін – дейді. Ресей және басқа елдермен жасалған келісімшарт бекітілмесін – дейді. Осыған қалай қарар едіңіз?» – деген сауалдан екпін алды.
Бұған сол кездің аумалы-төкпелі жағдайы мысалға келтіріле отырып жауап берілді. Бірақ, ол жауап қоғамды бұрынғыдан бетер ашындырмаса саяси әптік басылмады. Қоғамның арасына «темір сына» қағылып, барған сайын қақырап, жарықшақ үдей түсті. Оған жер және мемлекеттік тіл, қазба байлықты шетелдіктерге сату мәселесі қосылып, тіпті ушығып кетті. Мұның соңы тұрақты экономиканың қолдан жасалған арандатулар арқылы күйреуімен аяқталды. Менің білуімше, алғашқы үлкен нәпақа Ақтөбенің 3 килограмм қызыл сынабының (Онсыз атом өнеркәсібінің атауы өшіп тынатын көрінеді және шет жағалап байқағаным бар, делдалдық етуші Машкевич болатын) 3 миллиард долларға сатылуы мен Мыс комбинатының «кимнисидердің» меншігіне берілуі барысында «ұры қалтаға» түсті. Шер-ағаң екі оттың ортасында оппозиция мен өкіметтің ортасында алма-кезек қақталды. Екінің бірін таңдау ол кісі үшін мүмкін емес еді. Әсіресе, мемлекеттік тіл мәселесі кезінде жан дауысы шықты. Өйткені, «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп конституцияда бекіліп қойған заңды кері қайтарып, «ұлтаралық тілді» ойлап тапқанда Шер-ағаңның мен Мұхтар Шахановтың жан дауысы шықты. Өзім куә болған бір жайтқа ғана тоқталайын. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл болып Жоғарғы Кеңесте бекітілді. Сол кезде Олжас ағамыз: «Шерхандар бүгін зорлап бекіткенмен, ертең оның күшін өзі дауыс беріп қайта жояды. Әсіресе, шетелмен байланыста орыс тілінсіз қазір аттап басу мүмкін емес. Сондықтан қашан қазақ тілі халықаралық байланыс құралына айналғанша белгілі бір кезеңге дейін мемлекетаралық тіл ретіндегі статусы сақталуы керек», – деген пікір айтты. Қоғам іші екіге бөліне даурығып, Олжасқа қарсы қатты сөздер айтыла бастады. Ал, орыстілді, кейін министр болған жауапты дипломат (Қ.Тоқаев емес): «Мен сыртқы саясатты қазақ тілінде жүргізу үшін басымды ауыстыруым керек. Бұл мүмкін емес», – деп кекжең қақты. Кекжеңдесе – кекжеңдегендей жөні бар, ол жылдары шет елдермен қазақ тілінде ресми хат жазысатын маманның саны – екеу не үшеу ғана еді. Сондықтан, «басын ауыстыра» алмайтынсың. Оны білсек те, оған ешкімнің көнгісі келмеді. Соның біреуі өзіммін. Қатты ширығып, бұл пікірінің қате екенін өзіне айтқым кеп Олжекеңе – Олжас Сүлейменовке барып: – Сіздің бұл пікіріңізді түсінбедім, қолдамаймын. Сонда: желтоқсан оқиғасы, алаш қайраткерлерін ақтау, «Семей-Невада» қозғалысы жәй ғана желпуіш болып қалғаны ма? Сіз – отаншылсыз ғой. Мұны қалай түсінеміз, қайтыңыз пікіріңізден, – дедім. Олжекең іле жұлып алғандай: – Иә, отаншылмын. Мен ол көзқарасты елуінші жылдың соңынан бері ұстанып келемін. Шетелге менен көп шыққан қазақ жоқ. Мен әр сапарымда бұрын колония болып, кейін тәуелсіздік алған мемлекеттердің тағдырына, әсіресе, тіл мәселесіне қатты назар аудардым. 1948 жылы Израиль жеке мемлекет болғанда иврит тілін білетін бір саясаткер жоқ болатын. Кнессет: Тура он жылдан кейін мемлекет иврит тіліне көшсін. Оған дейін тілді үйренсін – деп үкім шығарды. Еврейлер он жылда емес, бір жылдан соң жаппай еврей тіліне көшті. Содан кейін, 1949 жылы Гаага келісім шарты бойынша, отардан жаңа құтылған мемлекеттердің тілі – 10 жылдан кейін ұлтаралық тіл боп танылсын, – деді. Индиядан басқа мемлекеттер солай істеді. Ал, Индияның мемлекетаралық тілі қазір де ағылшын тілінде. Біз де сол 10 жылды және оның жүзеге асатын нақты күнін белгілеуіміз керек. 10 жылдың ішінде, бүгін мектепке барған бала қазақ тілін толықтай меңгеріп шығып, іс қағазын жүргізуге толық қабілетті болады. Қазіргі 20 мен қырықтың арасындағылар ресми хаттама жүргізу деңгейіне көтеріледі. 50-ден асқандарға зейнетке шыққанша ауызекі тілде жетеді. Көресің, бір-екі жылдың ішінде бұл заңға өзгеріс кіреді, орыс тіліне – мемлекетаралық не ұлтаралық тіл деген статус беріледі. Содан кейін жағдай өзгереді екен деме. Тіл саясаты – саясатқа айналған соң, 15-20, тіпті 30 жылда да жүзеге аса қоюы неғайбыл. Саясаттың бұлтағына түскен іс ешқашан тез шешілмейді. Ал, Гаага келісім шартына сүйеніп 10 жыл уақыт берсе, онда шет елдің бәрі, соның ішінде Россия да мойындар еді. Ал, біз ана Танькаларға: «он жылдың ішінде тіл үйрене алмайтын топассың ба?» – деп ашық айтар едік. Мен мұны, ұғын, Тұрсын, тілімнің мәңгілік тұрақты болуы үшін айттым. Сенбесең, біраз шыда, көресің», – деді. Халықаралық тәжірибе, орынды пікір. Бірақ, ішімнен Олжекеңнің ол пікірімен келіспедім. Шер-ағаның қызмет бөлмесіне барып, қынжыла отырып, Шер-ағаңның пікірін қостайтынымды білдірдім. Басын көтере дауыстап: «Түсінемін. Бірақ не істейміз енді? Балтаның жүзін бүгін қайырып тастай алмасақ, күні ертең мойнымызды қиып түседі. Мен тілдің жолында жанпидамын», – деді. Бірақ, осыдан кейін екі тұлға бірінің атын бірі атап, кінәласпайтын болды. Өйтпеске екеуінің де шарасы жоқ еді. Өкінішке орай, Олжекеңнің айтқаны келді: араға жыл салып ол заңды қабылдаған парламент заңсыз таратылды, «мемлекетаралық және мемлекеттік қарым-қатынас тілі» деген жаңа заң қабылданды. Оның соңында, Т.Квятьковская деген орыс журналисінің ұсынысымен парламент таратылғанда Олжекең айтқан: «Парламентті – Ресейде танкілер, ал Қазақстанда Танькалар (Татьяналар) тарқатады», – деген калька ғана қалды. Қазақ тілі саясаттың салындысына ілесіп, әлі қалтақтап келеді.
Бұл Шер-ағаңның жанартау сияқты көтеріліп-басылып жүрген мазасыз да шарасыз шағы еді. Сондай бір шағымды шақта, Абайдың туғанына 150 жыл толуына орай Семейде өткен тойда қалың жазушылармен, соның ішінде Шер-ағаңмен де бірге сергудің сәті түсті. «Үйірімен үш тоғыз» болған сол түн мен күнді өмірімдегі ең бір сәтті күннің есебіне қосамын. Ондай ұлан-асыр той өзім көрген өмірде болған жоқ. Тек Алматының өзінен күндіз-түні ағылып жатқан арнайы көлікпен – ұшақпен, пойызбен барған тойлаушылардың ресми түрде тіркелген саны 20 мың! Ал, шет елдер мен 19 облыстардан келген өкілдер мен бейсауат келгендердің ұзын-қарасы 90 мың десті, анығын Алла біледі. Дидахмет бастатқан жазушылардың негізгі тобы арнайы жасақталған составпен кетті. Менің бала-шағамды Әшімханов ертіп кетті. 264 жазушының ұшаққа алған билеттерін үш-төрт адам тіркеуден өткіздік. Кім жоқ дейсің! Ұшақтың іші де көңілді, қарсы алғандар да көңілді, көшедегі халықтан көз сүрінеді, орман ішіндегі «Құрылысшы» демалыс үйіне тек қаламгерлер орналасты, олар тіпті көңілді. Мұншама адамның қайда сыйып жатқанын құдай білсін. Әй, ертең Қарауылға жол тауып барудың өзі қияметке түспесін. Ел-жұртым емес пе, бәрі де құтты болсындатып келіп, жөн сұрайды. Есім шығып жүріп, кеше кеткен бала-шағаны әзер таптым. Кешке Ертістің бойында кемеде сауық-сайран, отшашу, осындағы үш жүз жазушы да сол сауықты тамашаламақ екен. Жүзтаныс емес пе, күтуші мекемелердің адамдары да: «Көз қырыңызды сала жүріңіз. Сізге сүйенеміз» – деп қасымнан шықпай, жұмыстарын маған тапсырады. Әйтеуір, екінтідегі асқа төмендегі ресторанға бәрі түсті. Шолып шықтым: Әшімхановтан бастап орта буынның өзі, Қалихан Ысқақов пен Қадыр Мырзалиевтер қостап, Қасым Қайсеновке дейінгілердің ұзын саны түгел. Үйреншікті думан басталды. Алла, мұншама у-дуды қалай игеремін, біреуі қалып қойса тағы ұят. Көңіліме алаң кіре бастады. Сол кезде Әдебиет институты директорының орынбасары, ғалым Серікқазы Қорабаев дастарханға келіп: «Тұрсеке, амалын таппасаңыз, шашыңыз бүгін түннен қалмай ағарады. Мен бір амал айтайын. Ертең Қарауылға апаратын автобустар дайын тұр. Сол автобуспен түнге қарамай, осы ас кезінде бір-бірлеп жиналып, ешкімге айтпай жолға шығып кетейік. Мен келісіп қойдым. Он-он бес адам болады, – деді. Қуанып, келісе кеттім. Күтуші мекеменің бастығын жекелеп шақырып ап, жазушылардың сыры өзіме мәлім, барынша жетерліктей азық-түлікті басыртқысымен қосы жәшіктеп салдырып, орнымнан тұра бергенімде Сәкен Жүнісов ағам жетіп келді де: – Ей, Тұрсын, мен бәрін естіп алдым. Сендер жүргелі тұрсыңдар. Мен де сендермен жүрем. Жалғыз өзім. Ешкімге айтқан жоқпын, – деді. Қалай жалтарасың? Ғимараттың артындағы автобусқа кіргенше әр теректің түбінен бір-бір ақын-жазушы қосылып отырды. Әрине, Қадыр ағам да бар ішінде. Енді ішіне кірейін десем орын жоқ! Тура бірінші орындықта алып денесі аспан мен жерді тіреп Қасым ағам, Қасым Қайсенов отыр. – Ей, мен де ілестім саған. Ауылың ғой, қалдырмассың! – деп гүж ете қалды. Келесі орындықта Қалихан мен Сайын ағам бастағандар жайғасыпты. Үй-іші ортаға ала ілініп, төртеуі бір орындықты иеленіпті. Қасым ағамды көрген соң ол кісінің тәбетін жақсы білгендіктен де қайта түсіп, бес коньяк, үш шампан алдырып: «Міне, енді ағаңызға өзіңіз жауап бересіз. Ие болыңыз», – деп Қалихан ағамның алдына қойдым. Сондай бір ептілікпен жамбасының астына баса қойды. Екінші жүргізушіге арналған алдыңғы терезенің алдындағы орындыққа отырдым. Әйтпесе, өзім тапқан автобусқа өзім сыймай қалатын түрім бар. Қозғалды. Қала ішіне кіріп, Ертістен өттік. Аспан айқыш-ұйқыш айқасқан түрлі-түсті жарық, даңғаза музыка. Ай сүттей жарық. Күндізгіден де шырайланып кеткен. Қаланың іргесіндегі Шағылға келгенде: – Ай жарық екен. Жер тарихымен таныса отырыңыздар. Бастарыңыз қосылғанда үнсіз қалғаным болмас. Мынау – әйгілі Шағыл. Таң біліне қаладан атпен шыққан адам осы араға келіп, ат басын шалдырып, белін босатады. Абай да әр жолы аялдап отырған. «Сұрғылт тұман дым бүркіп» деген әнді Ақылбай осы арада қобызға сүйемелдеп шығарып, әнші Әлмағамбет Абайға орындап берген…», – деп өзімше жерді таныстыра бастап ем, алдыңғы орындықтағы Қасым ағам: «Қалихан!…» – деп сыбырлады. Ол кісінің сыбырының өзі айғайға бергісіз. Қал-ағаң Қаскеңнің тостағанын алып, шөлмекті шылдырлата бастады. Лық толы адам біртіндеп қозғалақтап кетті. Іле: – «Мен мұндамын!» – деген Сәкен ағамыздың дауысы естілді. Сол кезде мүлгіп отырғандардың бәрі бір кісідей бастарын көтеріп алды. Енді Серікққазы орнынан тұрды. Жәшік ашылды, шылдыр, сыңғыр көбейді. Бір кезде: – Тұрсын, мен мындамын! – деген Қадыр ақынның дауысы шықты. Өзгелері де өздерінің ояу екенін әр түрлі қимылмен білдіріп жатыр. Бір уақытта орта тұстан: – Біз де бармыз! Сенің осы таныстыруыңды естігіміз келді! – деген арыстанның созылыңқы дауысы шықты. Астафиралла! Шер-ағаң, Шерхан ғой. Өзге-өзге, Шер-ағаңның «ұры жолаушы» боларын кім білген. Іле автобустың ең соңғы орындығында аяғын созып жатқан адам да басын көтеріп, шашы дудырап: – Әй, Тұрсын, мен де бармын! Сен кіргізбей қоя ма деп, әдейі артына тығылып жатырмын – дегені. Әкәу, Қалтай ағам ғой, Қалтай Мұхамеджанов! Таңданысып та, күлісіп те жатырмыз. – Жазушылар одағының басқарма мүшелері түгел. Енді, сөзіңді жалғастыра бер, – деді Қадыр ағам. Сайын аға бастатқан «сабырлылар» үнсіз жымиып отыр. Қойшы, сонымен «көшпелі пленум» басталды да кетті. Бір сағаттан соң Күшікбайдың бұлағына кеп, су ішіп, бет жуып, сергіп алып, Қанайдың қарағанының орнын көріп, түнгі сағат 2-де Мұхтардың мұражай-үйіне кеп бір-ақ тоқтадық. Әйгілі шежіреші, сөзуар Бекен Исабаев ағамды төсегінен суырып алып, баласы Шағжанға бір жәшігін арқалатып, мұражайға алып келдім. Қасым, Қалтай, Шерхан, Сәкен, Қабдеш, Қалихан, Сайын, Қадырды көргенде: – Алла, жауыз-ай, мына арыстандарға қалай ие боп жүрсің, – деді де Шағжанға сыбырлап бірдеңе айтып, өзі оң қолының сұқ саусағын шошайтып: – Міне, құдайы қонақ деген осындай болады. Сіздер соның нағыз өзісіздер. Құт келген екен елімізге. Ал, мынау, «Мұңлы, қоңыр туған жерім Бөрілі» дейтін Мұхтардың туған үйі. Жүріңіздер! – деп таныстыруды бастап жіберіп, шабыттана сөйлей жөнелді. О, Алла, бәрі сөздің ділмары, біреу бір артық сөз айтсашы. Құлақтарын тосып, үнсіз тура 45 минут тыңдады. Сол аралықта Шағжан мен қарындасым Гүлжанат дастарханды жайып жіберіп, ортаға қойдың басын қойып, рюмкелерді тізіп, суын құйып дайындап қойды. Тек, Қас-ағаңа үлкен кесеге коньякті толтырып, шампанды екінші үлкен кесеге божылдата құйғанымда екеуінің де көзі бақырайып кетті. Есіктен шыға салған бетте қолына ұстата қойып ем, басына бір-ақ көтеріп, «УҺ!» дегенде екеуінің де жүрегі орнына түсті. Мұражайдан шыққандар да дуылдаса дастархан басына жиналды. Түгендесем, Шер-ағаң мен Бекенім жоқ. Мұражайдың ішіне кірсем Шер-ағаң ана көрменің қасына кеп үңіліп бір сұрақ қойып, мына көрменің қасына кеп бір сұрақ қойып жүр екен. Есік алдына шыққанда анадай жерде төбедегі Мұхтардың әке-шешесі мен ағасының жаңа салынған мұнарасын көрсетіп ем, баруға ыңғай білдірді. Күңіреніп біраз тұрды, алысқа қарады. Мен шығыс жақтағы белді нұсқап: – Ақылбайдың қыстағы ана белдің астында. Ділдә мен Айгерімнің зираты да сонда, – дедім. – Екеуі бір зиратта ма? – Иә… Ділдә Жидебайдан шеттетіліп, осында жіберілген, – дедім. – Тағдыр-ай, заман-ай! Тірісінде – күндес, өлісінде – бейіттес еткен! Сенің соңыңнан дұрыс ерген екем. Қой, аналарға барайық», – деді. Сусап, сілкініп, сергіп алған ағаларым дән риза. Бекен риза болмасына қойсын ба! Сағат үш жарымда қозғалдық. Жолда Абай бұлағынан өтіп, Еңлік-Кебектің зиратына келдік. Көкжиек сыз беріп, ай нұры бозалаң тартқан. Сонда да төбеде тұрып, Орда, Ақшоқы, Ералы жазығы, Еңлік пен Кебектің ат құйрығына сүйретілген Үңгіртас, алдағы Шіліктікезең, Мамайдың зираты сияқты тарихи орындарды қолыммен нұсқап, оқиғаларын баяндап бердім. Әркім сұрақ қойғанмен бұл жолы Шер-ағаң үнсіз тыңдады. Көлікке отырғанда Қал-ағаңның Қаскеңнің құлағына: – Осымен бітті! – деп сыбырлағанын естіп қалдым. Неткен жүйке! Бес шиша коньяк бітіп қалыпты. Әйтеуір, бір шампан қалған. Оған да шүкіршілік. Өзге сусыннан кемшілік болған жоқ. Жарайды, қамдаушы жігіттер! Екі жарым сағаттық жолға тоғыз сағат жүріп Қарауылға кеп, әкімдіктің алдына тоқтадық. Әркімге бөлінген қазақ үйдің ретін білдік. Сол кезде біреу қолымнан тартады. Қарасам Сәбит Мұқановтың ұлы – Мұрат Мұқанов. Оған орын берілмепті. О, алла, Мұхаң мен Сәбең тірісінде егесіп өткені аздай, енді сол сыбаға ұрпағына бұйырмақ па! Таңғы сағат бес! Әкім Жәнібектің ағасы Өнер Ғаббасов болатын. Телефон шалып, дауысымды нық шығарып, жаңағы сөзді айттым. Тапсырма берді, тапсырған жігітін қасыма ертіп алдым. Сенім жоқ, кім біледі, тағы да… Әкімдіктен шыға бергенімде Шер-ағаңды көрдім. Неғып тұр, бәрі іште ғой. – Бәрін естідім. Жарайсың. Ердің кегін – ел ұмытпайды, – деді. Қарауылтөбенің Қыдыр бетіне самсап тігілген 500 ақшаңқан қазақ үйі көздің жауын алады. Бастаушы жігіт әрқайсысын тізім бойынша күтушілерге тапсырып жатыр. Мұрат қашан бөлінген үйге кіргенше қасында жүрдім. Бір қарасам, Ер-ағаң тұр бір үйдің алдында. Қасымды көре сап ұмтылды, Қасым да «Өй, Еркеғали!…» деп гүж ете қалды. Коньяктың мәселесі шешілді! – деген ойдың қылт ете қалғаны есімде. Қаскеңмен бірге бір топ жазушы қоса кетті. Шұбартаулықтар тіккен сол үйден олар қайтарда бір-ақ шықты. Шер-ағаң мен Қал-ағаң өздері бөлінген үйге беттеді. «Уһ» – деп демімді алып, өз ауылымдағы сыныптастарым тіккен үйге барып, бала-шағамды орналастырдым. Іле бізге қосылмай, дәлірек айтқанда, сыймай қалған жазушылар да келді.
Той – тойдың төресі осындай-ақ болар дегендей өтті. Жидебайдағы Абайдың зиратының басына бардық. Бәйге, қыз қуу, күрес. Несін айтасың, Шер-ағаңа ғана тоқталайын. Екінші күні түстен кейін тағы да ертерек қамданып, үй-ішімізбен көлікке отыра беріп ек: – Ей, жігіттер кеттік! – деген дауыс естілді. Қарасам, әр үйден сол кешегі жолаушы жазушыларым едел-жедел басып келе жатыр. Ширақтау аттап Шер-ағаң мен Қал-ағаң да келеді. Бұл жолы суыт жүрдік. Кешкі сағат алтыда Алматыға ұшамыз. Аэропортқа келіп ек, күтушілер: – Ұшақ кешігіп, түнгі онда ұшады. Қайтадан отырыңыздар. Қарағайлыға барамыз, – дейді. Ондағы жәй өзіме мәлім. Үй-ішім поезбен қайтпақ. Мен Қарағайлыға бармай, аэропортта қалып қойдым. Енді шылым шегуге ыңғайлана беріп ем: – Сен қайда барсаң да соңыңнан қалмаймын. Әдейі қалдым, – деп Қадыр ағам дауыстап бір бұрыштан шыға келді. Енді кафеге баруға тура келді. Барсам, теріс қарап қонжиып Шер-ағаң отыр. – Ә, келдің бе? Осында соқпай кетпес деп күтіп отыр ем. Жарылқасаң сен ғана жарылқай аласың. Мұнда сусын сатпайды екен! – дейді. О, құдайдың салғаны! Енді қайттім? Қадыр ағам қасымда, семейлік таныс іздей бастадым. Қарасам, Жәнібектің сүйікті шәкірті, туған ағасы Мұхамеджан мен әнші Бекболат бауырым кетіп барады. Айғай сап тоқтаттым да бұйымтайымды айттым. – Ой, аға, маған болмайды, һарам ғой ол! – деді. Дауысымды сестендіре шығарып: – Ей, мына қасыңда шұбырып жүргеннің бәрі етегіне намаз оқымайтын шығар. Білмеймін, қайдан болса да тауып әкел. Екі ағаң сусап отыр, – дедім. Мені сыйламаса да ана екеуінен қалай аттап өтсін, біраздан соң серіктері қағазға орап, бұйымтайымды әкеп берді. Ол сусынды аэропорттың сыртындағы Жәнібек, Несіпбек үшеумізге таныс қалтарыста отырып, үш сағат бойы тамсап отырдық.
Мәселе онда не айтылғанында емес, жастары әр мөлшердегі үш мүшелдің иелерінің бір-бірін өзімсінген жылы пейілінде. Ал әлгі сусын жай талғажау етудің сылтауы ғана. Оны айтпасаң мына әңгіменің қиюы келмейді, жазушылардың өз арасындағы өзімсінген мінездері ашылмай қалады. Әйтпесе, ол кісілерді бір-бір көлік күтіп тұрғаны анық еді. Міне, Шер-ағаңмен осылай сапарлас болдым.
Тіршілік бұйырып, дәм жазып, Абайдың 180 жылдық тойына бардым. Халық саны 60 мыңға жуық еді. Айналам толған шәкірттерім болса да жалғызсырап жүрдім. Теледидар тілшісі сұхбаттың соңында: – Абайдың 150 жылдық тойы мен 180 жылдық тойының арасындағы айырмашылық қандай? – деп сұрады.
Қарауыл төбенің басына, алпыс мың адамға қарадым, ат бәйгесін, сақына өнерпаздары, тіпті, президиумда отырған қонақтар мен жазушыларды да есіме алдым. Төбе құйқам шымырлап кетті: – Айырмашылық бар, орны толмайтын айырмашылық бар. 150 жылдықтың кезіндегі жердің беті астына түсіп, оның орнына жер астынан жаңа өскін өніп шығыпты. Қалай дейсің бе? Мен 150 жылдықта бірге келген 263 жазушының, осы жерде мені қарсы алған сыныптастарымның біреуі де жоқ, олардың бәрі жер астында жатыр, ал, мына жүрген жастар кейінгі алшындар, – дедім.
Иә, сол мен іздеп, еріксіз мұңға батырған адамның бірі – Шер-ағаң, Шерхан Мұртаза. Мен бұл арада тақырыптың талабы бойынша Шер-ағаңа ғана қатысты сезім пернесін бастым. Ал, сапарлас ағаларымның әрқайсысының көңіл-күйін шертсем, симфонияға айналып кетеді. Шіркін, сол бір қызықты күннің қызуын енді жер көріп жатыр. Жердің бауыры жылы дейтініміз де сондықтан шығар. Ал, менің бауырым әзірше суый қойған жоқ.
Себебі, оның отаншыл ыстық айқайы: «Қазаннан қақпақ кетсе иттен ұят кетеді» – дейді. Біздің жас мемлекетіміздің қақпағы ашылып қалған көрінеді. Сондықтан ұяты кеткендер талан-таражға салып жатқаны ашылып жатыр. Жай жалаң сөз емес, нақты-нақты фактілермен айтты. Естіген құлаққа, түсінген миға бәрі жетіп жатыр. Осындай күдік көбіміздің көңілімізде жүрген бұрыннан. Қайда кетіп жатыр бұл Қазақстанның байлығы?! – деген. Ал, бірақ нақ басып, тап басып ешқайсымыз айта алған жоқпыз. Қазір соның барлығы фактілермен ашылды. Мына жерде мынау табыс, кіріс көзі дейтін де, бәрі бар, салықтан түсетін, анадан түсетін, мынадан түсетін кіріс, иә, астық сатудан түсетін кіріс, ал, бірақ мұнайдан түсетін, көмірден түсетін, алтыннан, күмістен түсетін, мыстан түсетін кіріс деген жоқ мынаның ішінде», – деген жан шымбайымызға батып, бойымызға намыс қуаты мен жігер берді.
Мен оның осындай намысты сөздерін естігенде өзімді Шер-ағаңның майдандағы жақтастарының қатарында сезіндім. Бірақ, біз аңсаған қоғамның беті теріс баға бастады. «Ақындар қаңғып, жендеттер билеп жүрген ел», – деп ақын Зейнолла Тілеужан айтқандай, ел – сандала сабылып, алыпсатар мен алаяқтардың есірік тайраңы басталды. Ашық та, астыртын да наразылық көбейді. «Халық қалаулылары» тек ханның «қалаулыларына» айналды. Осылай екпін алған «негелер» барған сайын көбейіп, барған сайын тамыры тереңдеп, барған сайын ширығып, барған сайын қоғам шиеленісе берді де ақыры саясаттың сахнасынан бір-ақ шықты. Бұл күйді толықтай сезіне отырып ашынған депутат Шерхан Мұртаза, енді Президенттің қабылдауында Елбасының тікелей өзіне:
«Сізге ақыл үйретейін деген ниетім жоқ. Бірақ, халық айтады. Халық не дейді?
Араны ашылған қыран не аңды алады, не аңшының өзін алады –
дейді. Осыған тапсырма (түсінік мағынасында) берсеңіз», – деп «туғаны жоқ
тура бидің» мінезін танытты.
Елбасы не десін, ақталды, ашу шақырды, ақыл айтты. Бірақ, тура осы кезде ашылған аранның тәбеті тым асқынып кетіп еді, ол тәбетті тоқтатуға өзі де дәрменсіз еді. Елбасымен жікарасы ашыла бастаған досы
Әбіш екеуі ақыры парламенттен шеттетіліп тынды. Міне, содан бастап, «бірі кем дүниеден» бойын аулақтата беріп, ақыры уытты ойы мен жалғыздықтың ащы дәмін татып, туған жері Тараздағы жалғыз үйде жалғыз өзі жазмыштың бұйрығымен бетпе-келіп, өмірден озды. Бұл жалғыздықты өзі қалап алды ма, жоқ, жалған-дүниеден көңілі қалды ма, әлде соңғы он жылда ағасын әкесіндей күткен журналист інісі Асқар Ахметовтің айтуынша: «Еш нәрсеге өкпем жоқ. Өзіме-өзім өкпелімін. Қызмет деп жүріп бала тәрбиесіне көңіл бөлмеппін. Нақ кем дүние – немере сүюді маған жазбаған екен», – деген озанды жалғыздық па?.. Көңілін сұрап, сәлем бере барғандардың айтуынша, Шер-ағаң жалғыздықтың шапанын қымтана жамылып, күрсіне демалып отырады екен. Әлде табиғи мінезі ме? Өйткені, қандай салтанат пен думанды орта болса да Шер-ағаңның сәлден кейін өзінен өзі оңашалана беретін әдеті бар еді. Бұл оның жетім балалықтан қалған нәумез көңілінің әсері ме екен? Әйтеуір, жалғыздық – Шер-ағаңның жан әлдиі болатын.
Ол жалғыздықты жолдас ете жүріп, оңаша ойын қайраған өткірдің жүзі еді. Беделі мен ожданын тот бастырмай, жасығанын жанға көрсетпей өмірден озды. Ал, арман-мұңы «Бірі кем дүние», «Ай мен Айша», «Тілсіз қоңырау» боп соңында қалды. Шығармалары туралы ойымды көзі тірісінде білдіргендіктен естелікке оны араластырмадым.

Соңы.

8 қараша, 2025 жыл.
Жеті қазына, Астана.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ




ПІКІР ЖАЗУ