БЕТПАҚДАЛА АҢЫЗЫ

Көкжиегі құланжон құмға асылған,

Бетпақдала!

көзіне мұң жасырған.

Ілкі дүние ішінде із жасырған

жүз ғасырдан,

болмаса мың ғасырдан…

 

Жолға шықса ертелеп көш күймелі,

Ескі сөзді есте бар естиді елі.

Естеліктер санаңда жаңғыра ма-

Шикі шымнан салынған ескі үйдегі.

 

Ақша бұлты келтіріп аспан сәнін,

Бағзы-бағзы сүрлеумен басталса күн.

Өзі сынға түсердей өзеурейді-

Көз ұшында бұлдырап қашқан сағым.

 

Бетпақдала,

бедеудей безеріп бір,

тіршілікке саусағын кезеніп тұр.

Жеріп кеткен қағынан құландарша

кеуіп кеткен еріні кезеріп тұр…

 

Демесек те белі мен белесі құт,

Шоқылары шошаяр төбесініп.

Ақиқаты аңыздай айтылады-

Аңызынан ақиқат ере шығып.

 

Жатағандау болғанмен төбелері,

тас тұяқтың ізі бар көнедегі…

құм ішінде

сексеуіл,

жыңғылдары-

тастағында баялыш көп өнеді.

 

Жүгірген жол қарамай,

самалға ескен,

жылан жолды…

кесіртке,

солар кескен.

Алақұйын аймағын алты ай кезіп

Бойлап жусан сайларын,

тораңғы өскен.

 

Көзге түспес кие бар қарасында,

Қасқыр,

елік,

арқар да

бәрі осында.

«…Жәндіктің киік деген баласы бар,

Арқаның бетпақ деген даласында».

 

Үңілсем жанарының сырын көрем,

Кірпігі алты ай жазда ілінбеген.

Бетсіздеу әйел сынды Бетпақ осы-

Бедерін сай-жыралар тілімдеген.

 

Жыр етем,

Бетпақдала,

берсең дерек,

Өлмейтін өлеңге де өлшем керек.

Сайында сағым билер сары белге-

айында құралайдың келсем бе деп…

 

 

Х.Х.Х

 

Түс көремін,

қанаттары қырқылған құс көремін…

Бедері жоқ,

белі жоқ

мекиенде –

Бетпақдала тартып тұр ішке демін…

 

Жан жаралы,

Кеңістікке жанарың арбалады.

… Алты ай жазда аңызақ аңыраса-

тұз жалаған өзеннің арналары.

 

Шыдамыңа,

сахараның қосылған сынағына.

Мұңлы,

Қулы ішіне мұң жасырып-

сыр ашпайды

Тайатқан,

Шұнағы да.

 

Жалғыз атты көрінсе,

мыңға балап,

іштен тынып үн-түнсіз тұрған алап.

көкжиекті көз жетпес кездім талай-

Ақтау,

Ортау,

Желтаудан бір қарап ап…

 

Жапан дала,

қан-сөлсіз жаны ызғардай,

Шу толқынын шулатпай ағызғандай.

Ақиқатын жасырған астарына

Бетпақдала жайында аңыз қалай?

 

Х.Х.Х

 

… Сан абыздар шолған жер,

Жұрты-қара орман жер.

«… жатып қалған бір тоқты

жайылып мың қой болған жер».

 

Бақыт құшқан байтағы,

бір жұрт екен тайпалы.

Есте жоқ сол кезеңді-

ескі сөздер айтады.

 

Жұрт жағалай жайлаған,

Сауығы көп,

сайран ән,

Шөбі шүйгін,

Оты мол-

Жерұйықтай айналаң.

 

Шамдай жарық самалаң,

тобылғы,

изен,

қараған.

… қалғып кеткен жылқышы

шымға құрық қадаған.

 

Қайран күндер кешегі,

Бақ пен соры бес елі.

… Әлгі құрық таң ата-

бүрлеп тұрған деседі.

 

Өзек болған өлеңге,

көрікті ойым көнерме!

Сол жерұйық,

кім сенер –

Бетпақдала дегенге?

 

Х.Х.Х

 

Пендеде тыным болмас тынса жүрек,

Ей,Бетпақ!

неге қалдың мұнша жүдеп?

… кеселге кезіктірген керуенді-

Осы елде бір хан болған ынсабы жоқ.

Дәулетін бері тасып,

әрі тасып,

күн сайын бір беймәлім бағыт ашып.

Мазасын маңайының алады екен-

әлгі хан әпербақан,

қаны тасып.

 

Балайтын өзін-өзі тұғырлыға,

қосып ап басқа мінез бұрынғыға.

… сыбайтын ұйытқыған құйынды да

Сыбайтын кісінеген құлынды да.

 

Жаңғырта ма бүгінгі бұрынғыны,

тұлпар уақыт анықтап тұғырлыны.

… Өзен бойлап Хан-ием суға сүңгіп

салқындамақ шілденің шіліңгірі.

 

Бетпақдала!

атына заты лайық,

қанын тартып ішіне,

бақырайып.

Ми қайнатар шілденің ыстығында

күн төбеден қарайды шақырайып.

 

Бетпақ сырын ішіне жасырып бір,

Хан көңілі аспанға асылып тұр…

Су жағалай тігілген жібек шатыр

Салтанатын бұл жердің асырып тұр.

 

Хан келеді…

мұз қатқан қабағына,

арпалысып ойымен ала-құла.

Баж етті ол бір кезде

кіріп кетіп

Боз жусанның сояуы табанына.

 

 

Әңгімеге бұл да бір орай ма екен?

Ақ борандай ашуы борайды екен.

Фәни нені көрсетті,

зар иледі-

сояу кірсе табанға оңай ма екен?

 

Бірақ сәтте беймарал қалпың өлді,

қандай құқай көресің,

халқым енді?

Зауалға адам ұрынар бір-ақ сәтте-

жауа алмаған бұлттардай Хан түнерді.

 

Жүрек те бар,

бұл жұртта тілек те бар,

Жалғыз сәтте қараша жүдеп,

тоңар.

… Парқы келсе сөздің де киесі бар-

Хан түнерсе айналаң түнек болар.

 

Мұндай сұмдық көрдің бе,

көрмедің бе?

Орындатар айтқанын елге күнде.

Жарлық шықты мезетте Хан Ордадан:

«—Бір түп жусан қалмасын жер бетінде!»…

 

Айырғандай мәуелі желісінен,

Дегбір қашқан шақ еді ел ішінен.

«… Аямаймын жалғыз түп жусан көрсем-

кімде-кімнің жайлауы,

өрісінен!».

 

Қияметке айналып арман күнің,

Бір сояудың солайша алған құнын.

Жусан жұлу науқаны басталыпты

Екі етпейтін ел мынау Хан жарлығын.

 

 

«- Тілегімді далаға тастамаңыз,

Бұл қиянат тірлікті бастамаңыз.»

… Хан Ордаға барыпты басын иіп

Абырой мен ақылы асқан Абыз:

 

«—О, Хан-ием,

Хан ием!

Ашу-жүзі өткірдің,

Беті қайтса деп кірдім.

Сабыр түбі-сары алтын-

Сабаңа түс,

деп тұрмын.

 

Көш бастайтын қара нар,

Бар мен жоқты шамалар.

Табандағы сол шөгір-

Маңдайыңа қадалар.

 

Сарсаң болдың уайымнан,

жөн,

сөзіме қайырылған.

Боз даладан сән кетер-

Боз жусаннан айрылған.

 

О, Хан-ием,

көшелі,

жусан-кие деседі,

жер ылғалын сақтайды ол-

айтар датым,

осы еді».

 

… Ашулы Хан қайдан ұқсын күйіңді,

Көре алмаса жақынды да,

қиырды.

«-Тіл-жағына сүйенген бір неме екен-

мына шалдың, басын ал!-деп бұйырды.

 

… Ессіз ханның соған жетсе қауқары,

тартылды елдің айдыны да,

шалқары.

тасталыпты әлгі жарлық ортаға

басталыпты жусан жұлу науқаны.

 

 

Х.Х.Х

 

                                                                                           «Жусансыз жерді от деме,

                                                     көжесіз елді тоқ деме».

халық нақылы

 

«Изен,жусан болмаса,шөпте береке болмайды,

                                                 ауыз бірлік болмаса,көпте береке болмайды».     

 

Ескелді би

 

                                               «… Боз жусанның кепкен шашақ,сабағы,

                                                  қураса да иісі танау жарады.

                                                   Көз алдымда кең даланың өткені

                                                  сағым болып сыр жасырып барады».

 

Аппалон Майков

орыс ақыны

 

 

Ей,бозжусан,

сен сырыңды жасырма!

Тамырыңнан жолығамын асылға,

Қыпшақтарға соққы берген Мономах-

Алыс қалған он екінші ғасырда.

 

Жеңілістен аласарып тұғыры,

Көлдерінің лайланып тұнығы.

Қырық мың сарбаз ертіп тартқан Күржіге

Сары ханның Артық деген бір ұлы.

 

Сол ортаға енген дейді Артықты,

Селжүктерді жеңген дейді Артықты.

Қой үстіне жұмыртқалап бозторғай

Грузиннің халқымен бір шалқыпты.

 

Тағдырының қатқан тоңы тоңдырып,

Жетседағы…

сапарларын оң қылып.

Құда болып,

құдандал боп сол елмен-

Артық батыр қалған екен орнығып.

 

Өз күштерін тағы да бір саралап,

Алды,

артына байыппенен қарап ап.

Жауларынан кек қайтармақ ниетте-

Өлгеннен соң Владимир Мономах.

 

Соққан солай замананың дауылы,

Сырғып жатты жылдардың да ауыры.

Хабар айтты:

-Артық елге қайтсын!-деп-

Орда ханы Сыршан деген бауыры.

 

Дүниеге кім кетеді,

кім келмей,

ғұмыр бойы осында өмір сүргендей.

Артық батыр сарбаздары қасында

Хабаршының уәжіне тұр көнбей.

 

… Тарих-аңыз.

баяны бар байтақ ән.

талай дауыл шаңырағыңды шайқаған.

Ағайынмен ақылдасып хабаршы

Бір түп жусан ап жетіпті қайтадан.

 

Бір түп жусан!

жүрек отын шарпытқан,

туған жердің топырағын ар тұтқан.

… Иіскеп тұрып көзінен жас сорғалап

—Қайтамын-деп кесіп айтты Артық хан.

 

… Жусан өссе,

құт қонғанын көргенмін,

жанымызбен жұпталғанын көргенмін.

Ен далада жаңбырдан соң жусанның-

сабағынан шық тамғанын көргенмін.

 

Ей,қиялым,

ендіктерді бойлап ұш!

Біздің сапар кейде жақын,

кейде алыс.

Жусан исін аңсап өткен деседі

Мысыр барып билік құрған Бейбарыс.

 

Бір түп жусан!

бағым,

барым мұратым,

осылай да жырлады де бір ақын.

Әр талыңда тағдырымның киесі

Жұмыр жерге жұпар шашып тұратын.

 

 

 

Х.Х.Х

 

Бетпақдала!

сорға айналған көлшік,

қыр,

сайға қашқан сағымы да тершіп тұр.

… Хан жарлығын екі етпейтін бұл елде

Жусан жұлу күннен-күнге өршіп тұр.

 

Хан жарлығы,

шырмауықша шырмады,

бастан ұшқан бақ дейміз бе бұл-дағы.

Осы өлкеде бір тал жусан қалмады

Айналасы екі-үш айдың мұғдары.

 

 

Бетпақдала!

содан бері жетім ең,

өксігіңді өзекке тық,

өтінем.

Сол күндері мәз боп жатты қараша-

Хан қолынан марапат ап шетінен.

 

Х.Х.Х

Хан жарлығы…

көкте бұлтты түреді,

Бассыздықтың бал-бұл жанып реңі.

Күміс кісе тағып жатты біреуі

Берен сауыт киіп жатты біреуі.

 

Түрткен солай сайтан ойдың түлені,

Түмен жұрттың түрілмеген түнегі.

… Ат басындай алтын алды біреуі,

Жарқыратып алқа тақты біреуі.

 

Ез етеді езсе тепкі ерді есіл,

Келген көктем айта ма екен желге сыр?

Жусан жұлу науқанынан

ұққаным,

Аямапты марапатты көл-көсір.

 

Марапаттар…

әкелмеген аз қайғы,

Сол бір сурет сан қайғымды қозғайды.

Жусан жұлу жайлы аңызды естісем,

Бозжусандай боздақтарым боздайды…

 

Х.Х.Х

 

Бетпақтың көз жасы бар,

қайғың қалай басылар?

«… Есті ханның қайғысы,

ақылменен басылар.

Есер ханның қайғысы ашу болып шашылар».

 

Көкте жүзген сыңар Ай,

не көрсеттің,

құдай-ай!

ала тайдай ел іші-

алағай да бұлағай.

 

Жауабын кім айтады,

зауал қалай қайтады?

… Бүйі,

шаян,

қарақұрт-

Бетпақдала байтағы.

 

Отар-отар қойларды,

кене буып құлатты.

Келе-келе түйені

шаян шағып сұлатты.

 

Жаның қалай шырқырар,

түсіп кетсе ішіңе от?

табын-табын жылқылар

қу тақырда кісінеп.

 

Қалың ойға қамалып,

уайымнан бәрі арып.

Ханның мінген тұлпарын

шақты бір күн қарақұрт.

 

Қысым көріп жан-жақты,

ашуланды Хан қатты.

… тоқпақ жалды арғымақ

тұяқ серпе алмапты.

 

Іріп,

тозды,

іргелі ел,

күн соңынан түн келер.

таңда жұртқа тарады.

Хан жарлығы тым жедел:

 

«-қатал талап-мұным шын,

ел бұйрықты ұғынсын!

құрт,

құмырсқа,

кесіртке-

Бүйі,

шаян қырылсын!

 

Мен тербетем осы күн,

Жер-ананың бесігін.

Бір қарақұрт,

өрмекші-

қалса,

күтпе кешірім».

 

Екпіні тым қаттырақ,

Бота боздап,

ат құлап.

Хан жарлығын жеткізді

Шабармандар шапқылап.

 

 

—Сәті осы-деп қолайлы,

өлкені өртке орайды.

Беткейдегі бозды да

төскейдегі тоғайды.

 

Нәубет еді бұл қандай,

Гүл,

құрағы ырғалмай.

Жыбыр еткен бұл маңда

тірі жәндік тұр қалмай.

 

Ел мен жұрттың тілегі,

қай заманда бір еді.

Иығынан зіл-батпан

сырғып түскен күн еді.

 

Аңыз тыңда,

шаршама!

көзіңнен жас тамса да.

созыларын кім білсін-

бұл тыныштық қаншаға?

 

 

Х.Х.Х

 

Бетпақдала!

өзіңмен сырласқанмын,

сағым қашқан сайлардан бірге асқан күн.

Жәндік біткен қырылған жапан дүзде

жанарынан жас тамбай тұрды аспанның.

 

Басқа түссе баспақшыл…

кезең еді,

Айтар кезде айтпасаң сөз өледі.

Бетпақдала майданның даласында

жалғызы өлген анадай безереді.

 

Тауысқанда сабырдың сарқып бәрін,

Адалдық па,

ағайын,

ар тұтқаның.

… Дүниенің түңілген дидарынан

қу мекиен ішіне тартып қанын.

 

Көріп өскем кеш батып,

таң атқанын,

әрі аттадым,

Бетпақта бері аттадым…

Бөтегесін толтырар азық таппай

қақпай қалған құстар-ай қанаттарын.

 

Дәурен екен тұрғаны бағың баста,

не айтайын бауырға,

қарындасқа.

… бұлбұл,

көкек,

тарғағы қырылыпты

Бозторғай да,

кептер де,

қарлығаш та.

 

Далам менің!

сен енді қансырама!

жапырағы жанымның жаншыла ма?

… жапалақ пен жағалтай жоғалыпты

сұңқар,

тұйғын,

қыран да,

қаршыға да.

 

Сыр аңдасаң аңыздың астарынан,

тұратұғын жалған бұл,

қас қағымнан.

… жәндігі жоқ тақырлар талықсыса

құсы безіп кетеді аспанынан.

 

Осы аңызды тыңдасам тынып іштей,

тұншығамын тұманда тұнық ішпей.

… ала қоржын,

атжалман,

саршұнақтың-

шұрық-тесік індері ібілістей.

 

Аспан,

Жердің бар қалқам,

иесі де,

қарғысына ұрынба,

киесіне!

Сағым қашса алдымнан оралады

Бетбақдала аңызы

жиі есіме.

 

Х.Х.Х

 

Осы аңызды мен туған далам айтқан.

Сарыарқаның сағымы,

самалы айтқан.

… Айшырақтың айдынды айлы түні

Айналайын Ақселеу ағам айтқан.

 

 

Дидарына дүниенің бір қарашы,

жылжығанда жылдардың жылнамасы.

Бетпақдала аңызын күңірентіп

толғап еді Абызым түн баласы.

 

Е, ағасы,

санаңнан сарқыт табам,

асып туған Алаштан артық бағаң.

… «Елім-айлап» ел көшіп Қаратаудан

қобыз шалып тұрғандай Қорқыт бабам.

 

Біз жүретін жолдардың тұйығы көп,

Барсам жолды кесетін,

киігі көп.

Жаңаарқада,

Бетпақтың пұшпағында

Сен жатырсың Ақселеу биігі боп.

 

Дамылдаңыз!

Сол сөзді жалғаңыз да,

толқын біткен туласын арнаңызда.

…Бетпақдала аңызын толғай-толғай

кете бардың айналып сен де аңызға.

 

Заманаға жолықпай бір реңді,

айтпай кеткен ішіңде сырың өлді…

бұлдыр-бұлдыр бұл дүние елес берсе

күңгір-күңгір күмбездер күңіренді.

 

Сенің жатқан биігің

сағым,

арай,

Байсал тартса байтағың бақ ұядай.

… Айшырақтың кім айтар айлы түні

Бетпақдала аңызын әрі қарай?!

 

Ғалым Жайлыбай




ПІКІР ЖАЗУ