Бибігүл Иманғазина: ЕКІ ҚОЛҒА – БІР КҮРЕК

Бибігүл ИМАНҒАЗИНА

– Бибі-Ана, отыз жылдан бері әлеуметтік мәселемен айналысып келесіз, «БИБІ-АНА» қоғамының құрылу тарихын айтып берсеңіз?

– Джон Кеннедидің «Не спрашивай, что твоя страна, делала для тебя, а спрашивай что ты можешь сделать для страны»деген сөзі маған қатты әсер етіп, есімнен шықпай жүргенде еліміз егемендік алып, мүгедектер түгілі дені сау адамдардың өзі екі қолға бір күрек таба алмай абдырап жатты…
«Тауқымет» романымды оқыған, балаларын дүниеге әкелгеннен кейін мүгедек болып қалған аналардан «Сіздің кітабыңызды оқыған ек, бізге жәрдем беріңіз, сасыған ұн, шіріген күріш жеп жатырмыз» деген хаттар толастамай келіп жатты. Көз алдымнан олардың балалары кетпей қойды. Ақыры «Казахстанская правда» газетіне «Я завидую только Матери Терезе» деген мақала жаздым. Сол мақаламның астына телефонымды көрсеткен болатынмын. Бір күнде 147 адам хабарласып, Қоғам құруымды өтінді.
Менің мақаламды оқыған шенеуніктер сол күннен бастап менімен «Наша мать Тереза»деп сөйлесетін болды. Қоғам құрылмай жатып-ақ, өзім түрған үйдің ауласында еліміздің белгілі азаматтарының, кәсіпкерлерінің жүк машиналарына тиеп әкеліп беріп жатқан тамақтарын тегін үлестіріп жаттық. Тек қана мүгедек аналар емес, қайыршылар да біздің мүшеміз болып кеткен еді. Бірінші күннен мүгедек аналардың балаларын жинап, олардың жоғары білім алулары ауадай қажет екендерін түсіндірдім… Әрине, балалардың маған сене қоймағанын сезіп отырсам да, сыр бермедім.
Бір-ақ балдары жетпей қалғаны үшін, университеттерге екі-үш жыл түсе алмай жүрген14 баланы жоғары оқу орындарына түсірдік. Жаз болса Алматыдан шыға алмайтынмын, ауылдан оқуға келіп жатқан балаларды көлігіме мінгізіп алып, таңертеңнен кешке шейін университеттерді жағалайтынбыз. Бірінші курсқа түскен балаларымыздың оқу ақыларын қысқы сессияға шейін демеушілер төлейтін. Қысқы сессияны үздік бағаға тапсырғандарын грантқа ауыстырып, үздік бағаға тапсыра алмағандарына тағы да демеуші тауып беретінбіз, қазір де осы әдіспен жұмыс істейміз. Осы жақында ғана бір ханымға мүгедек балаларға арнап туған елімде Оңалту орталығын салуға кірісіп жатқанымызды айтып ем, ол біртүрлі ашуланып«Бибі-Ана, осы сен ақшаны қайдан аласың?!»деді. Ақшаны жұртшылық сенгенадамға ғана береді, абырой қасықтап қана жиналады, ең бірінші адамға бағаны Халық береді, халықтан өткен сыншы жоқ. Алла «Маған ұнайтын істі бастасаң ғана қолдаймын» дейді екен. Бухгалтерді күн сайын тексеріп отыратынмын. Студенттеріміздің оқу ақыларына төленетін ақшаны «БИБІ-АНА»қорының есеп-шотына аудартқан емеспін, демеушілеріміздің қолында әруақытта студенттеріміз оқитын университеттердің реквизиттері жүретін. Мен кім болса да қарапайым халықтың жағындағы адаммын, бірақ оппозиционер емеспін. Болашақта немерелеріміз өмір сүретін Отанымыздың жырты-тесігін жамағым келіп тұрады, елін тонап жатқан арсыздарға айтатынымды айта аламын.
Ақша ешуақытта жеткен емес. Кедей байға жетсем дейді, бай құдайға жетсем дейді. Жүрегінде қайырымы, шүкірлігі, қанағаты жоқ адам ең бақытсыз адам. Қайырымның үлкені, кішісі болмайды.
Әртүрлі жағдай болып жататын. Бірде бір студент қызымыздың мүгедек әкесі келіп, қызының аяғына ота қазір жасалмаса аяғы кесі­летін болып жатқанын айтып, ақша сұрады. Ақша жоқ, мүгедек аналарға арнап тігін цехын ашып жатқанбыз. Ота жасайтын профес­сорға өзім барып жолығып ем, ол, кісі «Бибі-Ана, мен сізді білемін, ең болмаса жартысын табыңыз, біздің де жағдайымыз мәз емес» деді. Өмірі барып көрмеген ломбардқа қызым екеуміздің әшекей бұйымдарымызды апарып, қомақты ақша алдық. Қызымыздың аяғын сақтап қалдық, оқуын аман-есен аяқтап, жұмысын істеп жүр. Сол күндер де өтті…

– Сол кездегі әлеуметтік қорғау министрі де сізді қолдаған шығар?

– Қарбалас күндердің бірінде халықты әлеуметтік қорғау министрі Зәуре Жүсіпқызы Қадырова үйге телефон соғып: «Сіздің еліміздің ең ауыр саласын алып жатқаныңызды естіп жатырмыз. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы сізбен кездескісі келеді»деді. Әрине қатты толқып, таң атқанша ұйықтай алмадым. Президент жақсы қабыл­дады, маған алғыс айтып қана қойған жоқ, сол кезде құнды болып есептелетін аппақ «Волганың» және орнынан тұра алмай жатқан мүгедектердің үйіне тамақ таситын «РАФ» деген автокөліктердің кілтін ұстатты. Мені алып барған Зәуре Жүсіпқызына «Соншама адамдарды үйде қабылдау оңай емес қой, офис тауып беріңдер» деді. Зәуре Жүсіпқызы қаланың ортасынан офис те тауып берді, офистің алдынан автобустың аялдамасын салуға да көмектесті.
Зәуре Жүсіпқызы біздің тыныс-тірлігімізбен хабардар болып, барлық жиындарымызға қатысып жүрді. Ол Астанаға көшіп кеткенде жалғыз қалғандай сезіндім. Зәуреден кейін келіп, кетіп жатқан бір де бір министрмен тығыз байланыста болған емеспін. Министр, әкімдерді конференцияға шақырсаң оларды бөлек күтуің керек екен, менің оларды мүгедек аналарға жайылған дастарханға бірге отырғызғаным дұрыс емес екен.
Зәуре Жүсіпқызы да министр еді ғой, ол екеуміз мейрамдарда мүгедек аналармен бірге шай ішіп, жағдайларын сұрап, сыйлықтарымызды жасап, олардың қуаныштарын көріп, өзіміз де бір жасап қалатынбыз.

– Абай мен Байтұрсынұлының бұрышындағы он екі қабат үйдің бұрышындағы «БИБІ-АНА» деген жазуды оқыған сайын көңіліміз көтеріліп қалатын.

– «БИБІ-АНА» Қоғамы барлық бастамаларын сол мекенде бастаған болатын. Қазақстанның жарты байлығын меңгеріп жүрген миллиардер он екі қабат ғимаратты он алты қабат жасап, байи түсу үшін үшін «БИБІ-АНА» қоғамының шаңырағын ортасына түсіріп, мүгедек аналарды қуып шықты. Бір уақытта барымыздан айырылып қалатынымызды білмей, қызымның бір бөлмелі үйін сатып, мүгедек аналарға арнап тігін цехын аштық, студенттеріміз сабақтарын дайындайтын компьютермен жабдықталған кабинеттер мен асхана аштық. Офисімізді күрделі жөндеуден өткіздік. Ай сайын ауылда тұратын мүгедек аналардың балаларын күтіп алып, қаланы аралатып, үстеріне ұлттық киімдер тіктіріп, денсаулықтарын жөндетіп, шығарып салатынбыз. Бізді ешкім тексеріп жатпаса да таңертең ерте келіп, түн ортасына шейін жұмыс істесек те үлгере алмай жататынбыз…
Бір күні кабинетімнен шығып келе жатсам, екі қолтығын балдаққа сүйеген, бір орыстың әйелі жылап тұр. Жанына барып, жағдайын сұрадым. Көзінің жасын сүртіп, қолындағы ақшасын көрсетті. Сөйтсем, ешуақытта жұмыс істемеген екен, балаларына өзінің еңбегімен тапқан ақшасына тәттілер апаратынына қуанып, көзіне жас алып тұр екен.
Он қолынан өнері таматын келіншектер ұлттық киім тігуді бастады. Ол кезде ұлттық киімге қажет маталарды табу қиын болатын.
Бір топ әлеуметтік саламен айналысатын әйелдермен бірнеше күн Германияда болдық. Ерлі-зайыпты мүгедек адамдардың үйіне қонаққа бардық. Атшаптырым үйлерінде арбаларының дөңгелектерін шыр айналдыра жүріп бізді күтті. Мүгедектерін сау адамдарымен тең ұстайтындары да бізді тәнті етті. Елге қайтатын уақытта біздің тігінші әйелдеріміз тапсырған велюр, мақпалдарын іздеп, дүкендерге шықтық. Не іздесең бәрі бар екен, немісше де, ағылшынша да білмейміз. Қиналып тұрғанымызда жанымызға келген дүкенші жігіт «Мен орыспын, жәрдем керек болып тұр ма?» деді. Қуанып кеттік, тұратын қонақүйіміз қашық емес еді. Әлгі жігіт бізге тілмәш қана болып қоймай, екі қоларба тауып берді. Сол екі қоларбаға сиғанша әйелдерімізге қажеттің бәрін алдым. Осы күнге шейін сол күні менімен дүкенге барған делегацияның мүшелері «Қап, сол күні сіздің қоларбаны сүйретіп келе жатқаныңызды суретке түсіріп алмағанымыз-ай»деп күледі.
Ауылдан келіп оқып жатқан студенттеріміз асханадан тамақтанып, компьютерлер тұрған бөлмелерде сабақтарын дайындап, кешкісін айрандарын алып, жатақханаға ұйықтауға ғана кететін. Оқуларын бітіріп жатқан балаларымыздың дипломдарымен құттықтап, мәре-сәре болып жататынбыз. Солардың беттеріндегі қуанышты көрген сайын өзім бір жасап қалатынмын…
Өзіме арналған отыздан асқан ақындардың өлеңдері бар, Иран-Ғайып ақынның «Өз халқының жалшысындай Бибі-Ана»деген жолдарын оқығанда қатты толқыдым. Өзімнің жазушы екенімді ұмытып, бірнеше жыл бойына қолыма қалам ұстауға мұршам келмеді. Біздің тәрбиеміз сондай болды, мойныңа алған міндеттің алдында жауаптысың! Мыңдаған тағдырмен кездестім, солардың арқасында өмірге басқаша қарайтын болдым.

– Сіздің халық қалаулыларына арнап осыдан бірнеше жыл Үндеу жазғаныңызды білеміз, нұсқасы бар ма?

– Ол енді ұзақтау, міне, алдымда жатыр, оқып берейін:
Құрметті халықтың қалаулылары! Мен жанымдай жақсы көретін немерелерім гүлденген Қазақстанда өмір сүрсе екен деп армандаймын. Сондықтан да тыным таппаймын, өмірімнің жартысы ауруханада өтіп жатыр, бірақ, ауруханада да қолымнан телефон түспейді. Ауылдан толастамай келіп жататын хаттардың ішіндегі шешілуге тиісті, бірақ, шешілмейтін мәселелерін шешу үшін хаттар да өзіммен бірге жүреді.
Тағдырдың тартқызар тауқыметі аз ба?Соның ең қиыны тау қопарып, тау бұзар шағында біреудің көмегінсіз жүріп-тұра алмай, көгенкөз мүгедек болып қалу болар. Оның ішінде адамзат ұрпағын жалғайтын әйел-ананың мүгедек болып қалуынан ауыр нәрсе жоқ. Кенеттен мүгедек болып қалған ананы қиындыққа шыдай алмай күйеулері тастап кетеді, немесе араққа салынып кетеді. Асырауында балалары бар мұндай аналардың хал-жағдайының қаншалық ауыр болары белгілі. «Мүгедек әйел бала тумауға тиіс!»деген көзқарас тұрғысында жасалған, оның отбасының асыраушысы болып табылатыны ескерілмеген, біздің біліксіз заңдарымыздың қарама-қайшылықтары бұл қиындықты ауырлата түседі.
Өзім он жеті жасымда мүгедек болып қалсам да, ешкімді тыңдамай, мүгедектіктің бар тауқыметін тарта жүріп, дүниеге бір ұл, бір қыз әкелдім. Мүгедек әйел бала туа алмайды, мүгедек әйел мүгедек бала туады деген дақпырттарды жоққа шығардым. Қызым төрт жасынан пианинода ойнап, ақыры Консерваторияның фортепьяно бөлімін аяқтап, Мәскеудің атышулы Өнер институтын қызыл дипломға аяқтап, бүгінде Абай атындағы Опера және Балет театрында бас режиссер. Ұлым дәрігер, барлық мәселеде де көмекшім, екеуі де менің мақтанышым.
Мүгедектіктің бар тауқыметін өз басымнан өткізген адаммын, сондықтан да асырауында балалары бар мүгедек аналардың Қоғамын құрдым. Қоғамның негізгі мақсаты асырауында балалары бар, аяқ-қолы жарамсыз, жалпы күрделі аурумен ауыратын мүгедек аналарға жан-жақты көмек көрсету, балаларының жоғары білім алуларына ықпал жасау, жылдар бойы мүгедектік зейнетақысын тағайындата алмай жүрген әйелдерге жәрдем беру, Қазақстанның барлық аудандарында мүгедек балаларға арналған Оңалту орталықтарының салынуына ықпал жасау.
Заңды белшесінен басып, өз дегендерін істейтін үлкенді-кішілі шенеуніктер аз емес. Ауылдарда ауру бірнеше жыл бойы діңкелетіп келе жатқан, денсаулығы өте төмен әйелдерді мүгедектік топқа шығаратын кезде анализдерін жақсылап көрсетіп, мүгедектікке шығармай, әуре-сарсаңға салып қоятындар аз емес.
Әртүрлі отбасы бар, мүгедек баласының жағдайын істей алмайтын отбастары да жертіп артылады. Менің мүгедек аналардың алдына қояр өз талабым бар. Бақытсыздықты саудаға салуға болмайды. Адам мүгедек болғанмен, Алланың жаратқан мінезінен арыла алмайды. Кейбіреулердің қолын жайып бармайтын жері жоқ екенін естіп жүрмін. Ешкімнен қолымнан келген жақсылығымды аямаймын, бірақ, кімнен болса да қатаң тәртіпті талап етемін. Тәртіп жоқ жерде берекелі жұмыс болмайды. Әрине, менің заңды бетке ұстап, талап ететін мінезім ешкімге ұнамайды. Үлкенді-кішілі шенеуніктерге «Бір де бір мүгедектің сіздерден заңсыз ештеме талап етпейтініне мен басыммен жауап беремін» деуден мен де танбай келемін. Қоғамнан да, адам атаулыдан да түңіліп, көз жастарына ғана сиынған аналардың біразы бүгінде менің көмекшілерім. Жалпы, жүрек соғып тұрғанда адам өзіне деген сенімді сезінгісі келеді, өзінің айналасына қажеттігінен айырылғысы келмейді. Еңбекке жарамайсың, деген сөз кеше ғана құлыншақтай ойнап жүрген әйел үшін үлкен қасірет.
Ана ретінде мені кезкелген сәби атаулының болашағы қатты ойландырады. Біз әр бала үшін жауап беруге тиістіміз. Ана жерге бір миллион, мына жерге бір вагон киім берумен іс бітпейді. Мүгедек ананың өзіне жардымсыз зейнетақы төленеді де, олардың балалары бір жерде де ескерілмейді. Анасының ауыр халін күн сайын көретін кішкене баланың кішкене жүрегі мұң мен шерге толы болып өседіОл баланың көз алдынан үнемі жолына қарап отыратын анасы кетпейді. Менің ұлым төменгі сыныптарда оқып жүргенінде жиі төсек тартып жатып қалатынмын. Үлкен үзілісте достары асыр салып ойнап жатқанда анасын халін білу үшін үйге жүгіретін. Сондағы баламның көзіндегі үрейі осы күнге шейін көз алдымда. Әсіресе, мектептерде баланы ақыл-түйсігіне емес, киген киіміне, ата-анасының байлығына қарай бағалайтын мұғалімдер пайда бола бастаған заманымызда әкесі жоқ, анасы мүгедек баланың ең соңғы санатта болатыны мәлім. Осындай бір баланың «Мен өскенде әдемі үй тұрғызып, ауланы гүлге толтырып, анамды сол гүлдердің ортасына отырғызып қоямын»дегенін естігенде жүрегім езіліп кетті. Бұл енді санасы бар баланың сөзі!
Бір мүгедек баланың анасы хатында «Бір әйел өзінің баласымен менің мүгедек баламның бірге оитынын білген күні баласын ол мектептен алып кетіпті. Енді басқа аналар да бізге қырын қарайтын болды»деп ашынады. Американы жиырма жыл басқарған Рузвельттің өмір бойы қоларбада отырғанын білесіздер. Үш жылдық өмірін болжай алмайтын шолақ белсенді, шолақ ақылды шенеуніктерден шегіп жүрген азабымыз аз емес. Мен ондайлардың алдына қазағымыздың«Жаман атқа жал бітсе жанына торсық байлатпас»немесе «Өлетін бала молаға қарай жүгіреді»деген мақалдарын тосамын. Ал, әлгі мүгедек баланы жерлеп, баласын қолынан сүйрей жөнелген әйел ана емес пе? Оның да баласы ержетер, болашақта мүгедек бала, немесе мүгедек жан көрген сайын анасының не үшін басқа мектепке ауыстырғанын есіне алар. Есіне алар да жиренер, осыдан кейін «Неге қазақтың кемпір-шалдары қарттар үйінде көбейіп жатыр»деген сұраққа жауап таба алмай басымызды қатырамыз.
Бірнеше жыл бойына жоғары оқу орындарына түсе алмай, біздің Қоғамның қолдауымен студент болған балаларымыздың талайы қызыл диплом алып шыққандарын мен мақтан тұтамын. Жоғары оқу орындарындағы парақорлықтың зардабынан талай талантты балалардың жапа шегіп жүргеніне енді менің көзім анық жетті. Мұны дәлелдей алатын бірнеше фактілерім бар. Талайын сотқа беруге болар еді, бірақ, миллиардермен төрт жыл соттасқанда сот пен прокурорлардың ақты қара деп, қараны ақ дейтіндеріне де көзіміз жеткен, оған да бірнеше дәлелдеріміз бар.
Құрметті халықтың қалаулылары!
Біріншіден-жоғары оқу орындарында анасы мүгедек балаларға жеңілдік берілсе;
Екіншіден-аяқтары жүрмегенмен көкіректері сайрап тұрған жап-жас мүгедек аналар жұмыс істегісі келеді. Оны жұртшылыққа әбден дәлелдедік.
Қазақстанның барлық аймақтарынан мүгедек әйелдерге арналған тігін цехтары ашылса. Олардың темір жолға, ауруханаларға, интернаттарға арнап тігетін төсеніштерін қабылдап отыратын мекемелер болса;
Үшіншіден- тамақ сататын дүкендердің бір бұрышында жетісіне бір рет мүгедек аналарға жеңілдетілген бағамен ұн, күріш, өсімдік майы, қант, шай беріліп тұрса;
Төртіншіден-Қазақстанның барлық аудандарында мүгедек балаларға арналған Оңалту орталықтары салына бастаса. Аудандар түгілі Алматы мен Нұр-Сұлтандағы Оңалту орталықтарында орын жетіспегендіктен, ауру баланы 24 күн емдейді де, екі-үші жылға кезекке қояды. Өзі сияқты балалармен ойнап, үйреніп қалған балалар бірнеше күнге шейін «Мені достарыма апар»деп жылайды екен, кезкелген адамның жүрегін ауыртатын жағдай. Әр ауданда екі-үш жүзден мүгедек балалар бар екені белгілі болып отыр. Біздің сорымызға қарай олар көбейіп жатыр. Мен қанша іздесем де, бір Реабилитолог таба алмай қойдым. Мүгедектердің сауықтыру орталықтарында Реабилитолог болмайынша сапалы жұмыс та болмайды. Мәскеудің мүгедек балаларына арналған Оңалту орталығының Реабилитолігімен сөйлестім, олардың медцина университеттерінде Реабилитолог дайындайтын факультет бар екен.
Қазақстанның медицина университеттерінде Реабилитолог дайындайтын факультеттер болса.
Бесіншіден-Бір де бір ауданда Гемодиализ орталықтары жоқ. Осы аурумен ауыратын жап-жас жігіттерден хат алдым. Өз еріктерімен түзге отыра алмайтын болғандықтан Ақтөбеде пәтер жалдап тұрады екен. Бірнеше рет ақша салып жібердім. Төрт жасар Раиса деген қыз өзіне тәулік бойы жалғанып тұратын түтікшеден айырылып, армансыз секіруді аңсайды екен.
Сосын сол Орталықтың дәрігерімен сөйлесіп ем «Аудандардан салынатын болса көмектесеміз» деді. Ауданның әкімі де, бас дәрігері де«Оған көп қаражат керек»деп, ат-тонын ала қашты. Ауданның әкімдері облыстың, облыстың әкімдері министрдің, министр Президенттің алдына ең халыққа қажетті мәселелерді жеткізбейді.
Әр ауданда Гемодиализ орталығы салына бастау керек.
Алтыншыдан- Алла тағала қазақты нәпақасыз қалдырмаған. Ауылдың кемпір-шалдары шілде айында емдік қасиеттері бар құмға, тұзға түсіп, денсаулықтарынжөндеп алатын. Емдік қасиеті бар минеральды сулар да жеткілікті, сол суларды жеке меншікке айналдырып, сол суда өздерінің де тікелей үлесі бар халыққа сатып жатқанын да, басшылар көрсе де көрмеген болып жүре береді.
Минеральды балшығы, суы бар аудандарда қарапайым халыққа арналған профилакториялар салыну керек!
Жетіншіден- ВТЭК пен Дәрігер біріне бірі сілтеп, мүгедектігін дәлелдай алмай жүргендер өте көп. Бұл да коррупцияның бір түрі.
Бұл жерде екеуі де кінәлі. Комиссия мүшелерінің тең жартысы мүгедек адамдарболу керек!
Құрметті халықтың қалаулылары! Мен естеріңізге салып отырған жеті бөлімнен тұратын мәселелер іске асса мүгедек аналарға көп жеңіл болар еді.

– Бибі-Ана, қатты толқып кеттім.

– Толқыма жаным, біз қартайдық, өмір сендердікі, өмір өзгереді. Елу жылда ел жаңа екені рас болса, қазақстанымыз да жаңарады. Мен оған кәміл сенемін. Немеремнің достарына шай беріп отырып, оларды сөзге тартамын. Әрқайсысының өздерінің жоспары бар, жүректері бұзылмаған, Алладан сол жастарды бұрыс жолға салатындардан құтылуды тілейік! Ана жерде ағам отыр, мына жерде апам отыр, соларды риза етсем болды дейтіндердің күні өтіп бара жатқандарын біз біліп отырмыз.

– Үлкен бір жоспарды қолыңызға алып жатқаныңызды білеміз.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына Қазақстанның бір де бір ауданында мүгедек балаларға арналған Оңалту орталықтарының жоқ екенін, енді осы шаруаны да көзім тірісінде қолға алғым келетінін айтып, хат жазғанмын. Президентіміз қолдап, туған елім жақсы жерден 25 сотық жер бөліп жатыр. Болашақта ол Орталықта жұмыс істейтін мамандарды осы бастан дайындауға кірістік. Әзірше екі баламен келісім-шартқа отырдық, «БИБІ-АНА» қайырымдылық қорының атынан екі бала медицина университеттерінде оқып жатыр, әрі қарай да жалғастыра береміз.

– Әкеңіздің «Қайырымдылық деген қазақтың жүрегінің ортасына ойып тұрып жазылған сөзін аузыңыздан тастамайды екенсіз?

– Соғыстан кейінгі жылдары біз қайырымдылық дегенді естіп емес, көріп өстік. Қайырымдылықпен бала күнімнен айналыс­қаным­ды «Тауқы­мет» атты романымда жазғанмын. Әкем бізге өскен­нен кейін «Қайырым­дылық қазақтың жүрегінің ортасына ойып тұрып жазыл­ған» дегенді шегелеп айтып отыратын. Анам болса «Өле жегенше бөле жеген дұрыс»дейтін. Соғыстан кейін сол қайырымдылықтың арқа­сын­да ел аяқтарына тез тұрып кетті. Қайырым­дылыққа сенбейтін, қайы­рымдылық есеп-қисаппен жасалатын заманда сүріп жатырмыз.
Өткен жылы Нұр-Сұлтан қаласында бес сәбидің өртеніп кеткені елді дүр сілкіндірді. Жер жүзінде болмаған жағдай. Біреулері бес сәбидің өліміне ата-аналарын кінәлап, баға алмаса неге туады деп жатты. Мен «Ата-анасы еріккеннен түн ортасында жұмысқа кетпегені анық, түнде ғана жұмыстары қызатын кафелердің басшылары жұмысқа шықпай қалса, сол мезетте жұмыстан шығарып жібереді. Олай болса байлықтан басы айналып жүргендердің тоқалдары мен бәйбішелері он баладан тусын, әйтпесе қазақ қалай көбейеді» дедім. Телеарналардан естігендердің біреулері алғыс айтып жатса, біреулері әдеттегідей қылыштарын сайлап жатты.
Сол бір қайғылы оқиғадан от басымызбен есеңгіреп қалдық. Өзімнің туған елімдегі пәтердің кезегінде тұрған мүгедектердің тізімін бөлек ұстап отырғанмын. Барлығына хабарластым, Бағила деген мүгедек ана менің даусымды естіп, еңіреп қоя берді. Сегізінші баласынан кейін мүгедек болып қалыпты, оның үстіне күйеуге шыққан қызы қайтыс болып, оның үш баласын асырап алыпты, тағы жиырма жасар қызы мүгедек екен. Кедейліктен тұралап отырғандарын, үйлерінің бір жағы құлап қалғанын, балаларының тары түйіп, оны базарға апарып сататындарын жазыпты.
Еш ойланбастан туыстарыма үй іздеуді тапсырдым. Ауылдан ауданға көшіп келгендер пәтер жалдап жатса, жағдайлары жете­тіндері бұрынғы үйлерін сатып, облыс орталығына көшіп жатыр екен. Бірнеше жыл бастық болып істеген бір ағамыз келістіріп сегіз бөлмелі үй салған екен. Туыстарымның «Ауласының өзі 15 сотық, екі тайқазаны бар екен» дегендерін естігенде қатты қуандым. Енді тары түюдің саудасы қызатын болды деген ой келді.
Енді Бағиланың күйеуін көндіру қиын болды» Даладағы біреу патшаның үйіндей үйді не үшін бізге сатып алып береді екен?» деп нотаиусқа бармай қойды. Ақыры үйді Бағиланың атына жаздырдық. Арада бірнеше күн өткеннен кейін Бағиланың күйеуі телефон соғып кешірім сұрап «Бибі-Ана, апа, бұрынғы үйіміз қаланың ортасында еді ғой, бір миллион теңгеге сатып жатырмын. Керемет үйге сіздің арқаңызда қолымыз жетті, бес жүз мың теңгесін сізге салып жіберейін деп ем»дегені. Ол Қожанасырға «Енді сол бір миллионға балаларға бір тірлік ашып бер, жетпей жатса көмектесемін» дедім.
Осы іспеттес тағы бір жағдай есіме түсіп отыр.
Көп хаттардың ішінен иығынан екі қолы жоқ жас жігіттің суреті шықты, аты Айбек екен. Әкімнің қабылдамайтынын, екі баласымен пәтер жалдап тұратынын, пәтерге мүгедектіктен алатын зейнет­ақысының жетпейтінін жазыпты. Ойланбастан телефонға жабыс­тым. Әкім екеуміз біраз жерге барыстық. Ақырында:
– Жаным, сен мені тыңда, бір жетінің ішінде пәтер тауып бересің, тауып бере алмасаң өз үйіңді босатып бересің, босатып бермесең бір жеті әкім болып отырмайсың? – дедім.
Арада үш күн өтті, бір кемпір жылап тұр, қуанса да жылайтындарына үйреніп қалғанмын. Тайбекке шенеуніктерге арнап салынып біткен коттедждерден үш бөлмелі коттедж беріпті. Тайбектің шешесі «Жаным, Бибі-Ана анамыз-ау, бір жылқымыз бар еді қалай жеткізіп береміз» дегені. Мен ол кемпірдің жасын сұрадым «Маған арнаған жылқыны сойып, той жасаңыз, үйіңіз құтты болсын. Жасыңыз 65-ке келгені рас болса Алладан қайтсын деген сөзді дәріптеп жүріңіз­ші» дедім. Ең масқарасы ауылдағы балалардың өзі жалтақ болып, екіжүз­ділікті көріп өсіп жатыр. Бір егіз қыздың анасынан хат келді, қызда­рының компьютерлері жоқ екен. Сол күні қызым айлық алған екен, ойланбастан ақша салып жіберді. Енді қыздардың анасы «Бибі-Ана, ешкім білмесінші, әйтпесе бізге күн бермейді» деп жылап тұр.
Міне, осындай сұмдықтармен мен бетпе-бет кездесіп жүрмін…

– Мүгедектер пәтердің кезегінде ұзақ тұратынына қалай қарайсыз? Өздеріне тиесілі жеңілдік заң жүзінде іске асып жатыр ма?

– Жетімдер үйінен бала асырап алудың қияметі қандай болса, пәтер мәселесі де сондай. Мен мыңдаған арсыздықтыңкуәсі болған адаммын. Біреуін ғана айтайын. Бір күні кабинетіме бір қарт адам келді. Баласы мүгедек екен, пәтерде кезекте тұрғанына бірнеше жыл болыпты. Жыл сайын барып кезегін біліп тұрады екен. Енді жылжудың орнына кезегін кері қарай оңбай ауыстырып қойыпты. Қарт адамның жыламсырап отырғанына қарау оңай емес қой, көлігіме отырғызып алып, әлгі ауданның әкіміне алып бардым. Көтеріліп келе жатсақ бір орыстың кемпірі жылап тұр. Қолындағы кішкене күріші үлбіректің тесік бұыршынан сусып еденге түсіп жатты. Кемпірден жағдайын сұрап ем, жақында екі жыл бұрын өзін асырап отырған баласы қайтыс болыпты. Жәрдем сұрап келген екен, бір жағы тесік үлбірекке салынған екі уыс күрішті ұстатып, есіктерін жауып алыпты. Кемпір мен шалды ертіп, ат шаптырымдай кабинетте шіреніп отырған әкімнің алдына кірдік. Бір сөзге келмей, алдында тұрған телефонның біреуін көтеріп, екі адамды шақырды. Құйрығы қайқиған, аяғын басқан сайын кеудесі дірілей қалатын, семіз орыс әйелі жаңағы кемпірді көрді де, қарлығаштың қанатындай етіп боял­ған қасын тарс түйіп алды. Әкім оны тыңдаған жоқ. Бес мың теңгені қалтасынан шығарып берді де, қызметкеріне қарап «Сізбен әңгіме сосын болады, қазір, бес келіден күріш, ұн, тағы не бар, бәрінен бес келіден бер» деді. Мен «Көбірек берсін, үйіне шейін өзіміз жеткізіп саламыз» дедім.
Атамыздың пәтерінің кезегіне жауап беретін адам ол күні жоқ болып шықты, ертеңіне әкім телефон соғып, бәрін реттелгенін айтты. Көзімді жеткізу үшін атамызға телефон соғып ем, дұрысталғаны рас екен, алғысын жаудырып жатты.
Мүгедектер ешуақытта заңсыз ештеме талап етпейді. Заң жүзінде өздеріне бекітілгендерін ала алмай жүргендерін айтып, ақыры маған хат жазады. Жасы сексен үшке келген бір кемпірден хат алдым. Алпыс жастағы мүгедек баласына бір рет те қоларба берілмеген. Өзім жақсы танитын бастыққа телефон соқтым. «Заң бойынша үйге арналған қоларба жеті жылда, далаға арналған қоларбаның төрт жылда ауыстырылатынын сен білесің ғой. Мүгедектерге бөлінетін қоларба, төсеніштерді қайда жіберіп жатырсыңдар. сенімен әңгіме кейін жалғасады, бүгін екі қоларба апарып, ақ шашты анадан кешірім сұрамасаң өзіңе қиын болады» дедім.
Жан керек екен, апарып беріпті. Ақ шашты анамыз телефон соғып, алғысын жаудырды… Қарапайым халықтан алғысты алып жатамын.

– Жұмыссыздықтан да халық сансырап отыр ғой, қалай ойласыз?

– Бір әкімге телефон соғып: «Жаным-ау, мына бір отбасында тоғыз жан тұрады екен. Ержеткен бес баласы жұмыс таба алмай отыр екен. «Жұмыс орнын әкімдер сатып отыр» деп жазыпты. Әкім «Бибі-Ана, бір баласы жұмыс істейді ғой, 50. 000 теңге айлық алады» дегені. «О, сұмдық, ол ақшамен тоғыз жанды қалай асырайды, маған қандай жұмыс орындары бар, салып жіберіңізші» дедім. Хаттың иесінің айт­қаны өтірік емес екенініне көзім жетті… Бұл не сонда?! Халық­ты қайыршылыққа әдейі апарып жатыр ма?
«БИБІ-АНА» қорының атынан оқып шыққан бес жүзден астам балалардың басынан әртүрлі жағдай өтіп жатады. Жастарды тәжірибешіл ағаларымыз екі-үш жыл үйретіп, сосын орындарын босатуларына болады ғой.
Әр бастықтың жанында кеңесші болып жүрген жасы келген ағаларымыздың өзі Халыққа жаны ашитындарына күмәнім бар.
Әлеуметтік жағдай жөнделу үшін, ең алдымен сыбайлас жем­қорларды құрту керек! Сұмдық қой, мектепте оқитын мүгедек ана­лар­дың балаларының өзінен ақша жинағандары үшін талай директорды орындарынан кетіруге тура келді.
Біздің елімізде жұртшылық күмәнмен қарамайтын бір де бір Мекеме жоқ екенін жұртшылық әбден мойындаған.

– Сізді тыңдаған сайын балалық шағыңыз туралы білгім келіп отыр?

– Керемет ерке болсам да, әкемнің қабағын, көңіл-күйін аңдап жүретінмін. Өнерлі болдым, әдемі болдым, өжет болдым. Про­курордың сүйікті қызы деген атым болды. Он жеті жасымда Кон­сер­ва­ториияға оқуға түскен күні бір арсыздың кесірінен мүге­дек болып қалдым. Мені емдеген академик аяғыма тұру, тұр­мауымның белгісіз екенін айтқанда әкем «Тұрғызамын, қалайда, тұрғызамын»д еп, еңіреген екен. Орнымнан тұра алмай жатқан мен енді тек өлімді ойлайтын болдым. Аштан өлуді таңдадым, бірақ, мені бір минөт жалғыз қалдырмайтын, аңдушыларым көп болды. Әкем бір күні жаныма келіп отырып «мен де сенсіз өмір сүрмеймін» деді. Әкем айтқан сөзінен қайтпайтын адам еді, әкемді өлімге қимадым. Ақыры таңертеңнен кешке шейін гимнастикалар жасап, құлап қалсам да, алға жылжып, әуелі балдақпан, сосын таяқпен жүре бастадым. Әкем «Ешуақытта біреудің аяушылыған, мүсіркегенін қабылдама» дейтін. Асқар таудай әкем болмаса мен сол төсектен де тұрмас ем. Отыз жылдан бері мүгедек аналармен, балалары мүгедек аналармен кездескен сайын әкемді есіме аламын Парламенттің алдында баяндама жасап тұрғанымда бір депутат «Олар баланы асырап алған ба?» деп сұрақ қойды. Біздің Қоғамдағы аналар соңғы балаларын туғаннан кейін, әртүрлі жағдаймен мүгедек болып қалғандар. Мен өзім дәрігердің рұқсат етпегеніне көнбедім, есесіне өзіме бақыт сыйладым. Әрине қиын болды, сол қызым менің Консерваторияның фортепьяно бөлімін, Мәскеудің өнер және театр институтын үздік аяқтап, бүгінде Абай атындағы Опера және Балет театрында режиссер. Ұлым медицина университетінің ординатура, аспирантураларын бітірді. Менің денсаулығымды ұқыпты бақылайды, қайырымдылықпен айналысады, кәсіпкер. Екеуі де мақтанышым, тәп-тәтті Алдияр, Аңсар, Ажар деген немерелерім бар.

– Кеңес дәуіріндегі мүгедектер мен қазіргі мүгедектерге көзқарас қандай?

– Совет дәуірінде көшеде мүгедектерді көрмейтінбіз, пенсиямызды, жыл сайын Қырымға, Сакиге, тағы сол ақшасын да төлейтін. Беретін жеңілдіктері өте көп болатын, пәтер ақы, отын-су дегендей… Қазір ондай жеңілдіктер жоқ.
Мүгедектерге мүсіркеудің қажеті жоқ!
Жақында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Әбдірұлы бес жүз адамға 500 000 (бес жүз мың) теңгеден грант берді. Сол жерде мен де болдым. Сол жерде «Мүгедектік тек қана қағаз жүзінде болу керек. Енді шенеуніктер мүмкіндігі шектеулі дейтін болыпты. Бұған да қарсымын, мен он жеті жасымнан мүгедекпін, мына ақын-жазу­шылардың қайсысы мені мүмкіндігі шектеулі деп айта алар екен?! Екі аяғы жоқ Рузвельт 20 жыл алып Американы басқарған» дедім.
Қаламсап берсе телеарнадан мүгедектерді көрсететіндеріне қарсымын. Кейбір мүгедектер мұқтаждықтан ғана телеарнаға барады. Бірнеше жылдан бері төсегінен тұра алмай жататын мүгедектер бар, оларға ерекше жағдай жасалсын да, қолынан жұмыс істеу келетіндерді жұмыспен қамтамасыз ету керек. Ол үшін мүгедек болып қалған адамды бірінші күні бір мекемеден жолдама алып беріп, мамандығын игерген соң сол жолдама берген мекемеге жұмысқа орналастыру керек. Ол үшін қаптаған, адам баласына керегі жоқ, қаптаған университеттерді жауып, баяғыдай профтехучилищелерді көбейту керек. Жақында бірнеше жыл төсек тартып жатқан әкенің он бір жасар баласын кәсіпкерлікке үйретіп жатқаны менің көзіме жас әкелді. Міне, азамат!
Еңбек және әлеуметтік халықты қорғау министрлігінің жұмыстары өте ауыр. Сондықтан да бұл министрліктің бар бөлімшелері сол аудан­ның әкімдеріне емес, министрге бағынышты болу керек. Әкімге ғана жағынудың академиясын бітіріп алған, кішкене ғана басшының өздеріне тиістілерін бермей, мінез көрсететіндерінің талай рет куәсі болған­мын. Министрдің өзі де қара қылды қақ жаратын, парасатты, қайырымды, Алладан қорқатын адам болу керек.
Алла жер жүзіндегі жан біткенді тырп еткізбей қамап қойды. Бұл індеттен кейін ешуақытта тап мұндай індет бола қоймас деп қай Мықты айта алар екен. Қазақтың «Үш күндігін ойламаған әйелден без, үш жылдығын ойламаған еркектен»дейтін қанатты сөзі бар.
Кеңес дәуірінде «Тунеядец!» деген заң болды. 15 күн жұмыс істемеген адамды сол заңға сүйеніп, көше сыпыртып қоятын. Осы заңды қайтару керек, қалталарына сатып алған бірнеше дипломдарын салып, барлығы кеп алып, кеңседе отырып істейтін жұмыс іздейді. Мұндайларға «Тунеядецті» пайдалану керек.
Біздің елімізде министрлердің беріп жататын статистиканы қарасаң өмір сүргің келіп кетеді.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Кәсіподақтары федерациясының Әбілғазы Құсайыновтың деректе­ріне құлақ салсақ: 2016-жылы елде қосымша 60 мың жұмыс орындары ашылады. Оған 100 млрд теңге бөлу қарастырылған. Оған қоса, ҚР Кәсіп­одақтықтар федерациясымен 2, 3 млн жұмысшының құқын қорғайтын қосымша 75 мың меморандумға қол қойылды. Өткен жылы Бас прокуратура жұмыс ерушілердің еңбеккерлер алдындағы берешегі 4, 1 млрд теңгеге еткенін анықтап, кешіктірілген жалақылар мен жұмыс кезінде зардап шеккендерге төленуі тиіс өтемақылардың берілуін бақылауға алды.
Менің таңданатыным барымыздан айырылып, отыз жылда бір де бір завод, фабрикалар салмасақ, жұмыс қайдан болады?! Жұмыс орындары сайрап тұрса ешкім жұмыстан қашпайды.
«Жұмыс бар, жұмыс істейтін адам жоқ» дегенге кім сенеді?! Бұл жерде сыбайлас жемқорлықтар ойып тұрып орын алған. Менің бір туысым келіп әр жұмыс орнының қанша тұратынын айтқанда төбе шашым тік тұрды.
Мен талай баланы жұмысқа тұрғыздым, менен ешкім ештеме сұрамайды. сондықтан да былықтар азаю үшін әр елден шыққан атақ, даңқы бар адамдар өз елдеріне аянбай қызмет етуі керек!

– Мазмұнды әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Зүбайда САХИҚЫЗЫ

Пікір қалдыру