Бибігүл СҰЛТАНОВА, профессор: Қазақстанның болашағы – білім мен ғылымға негізделген жаңа өркениеттік жолда

Қазіргі жаһандық дәуір – білім мен технология бәсекесінің ғасыры. Экономикалық қуат, саяси тұрақтылық пен мәдени ықпал енді табиғи байлық пен өндірістік әлеуетпен ғана емес, ең алдымен, елдің ғылыми-зерттеу әлеуетімен, инновациялық дамуымен және жоғары білім сапасымен өлшенеді. Осы тұста ғылымды кеңінен танымал ету, отандық ғалымдардың жетістіктерін ілгерілету, жас зерттеушілерге нақты қолдау көрсету мен жоғары білім жүйесін дамыту – Қазақстанның ұзақмерзімді өркениеттік болашағының өзегі болып табылады.

Біз осы мақсатты көздеп, Қазақтың Ұлттық қыздар пегагогикалық университетінің профессоры Бибігүл Сұлтановамен сұхбатымызды жариялап отырмыз.

– Біз ғылымды әлемдік дамудың қозғаушы күші дейміз. Осы ғажайып ұлы үрдіс көшінен қалмау үшін бізге бірінші кезекте қандай асуларды бағындыру қажет?

– XXI ғасырдың экономикасы – «білімге негізделген экономика». Яғни мемлекеттің табыстылығы оның жер асты байлығына емес, адамның интеллектуалдық капиталына, зерттеу мен жаңалық ашуға қабілеттілігіне байланысты. Бұл түсінік әлемнің дамыған елдерінде ғылым мен жоғары білімді мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты ретінде қарастыруға әкелді. Қазақстан да осы жолмен жүруге тиіс.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен соңғы жылдары ғылымды жаңғырту, ғылыми кадрларды қолдау және университеттік зерттеулерге инвестиция тарту мәселесі күн тәртібіне шықты. Алайда ғылым тек зертханалар мен конференция залдарының ісі емес. Ол – қоғам дамуының серпінді қозғаушысы, технологиялық тәуелсіздіктің кепілі, жастардың мотивациялық кеңістігі. Ғылымды кеңінен танымал ету – тек ақпараттық науқан емес, бұл – ұлттық мәдениеттің, қоғамдық сана мен келешек ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыруға бағытталған ауқымды үдеріс.

– Қазақстандық ғылыми ортаның бәсекелестікке төтеп беретін озық жаңалықтары бар ма?

– Қазақстан ғылымы – кеңестік ғылыми мектептің мұрагері бола тұра, посткеңестік кезеңде күрделі трансформациядан өтті. Кеңес дәуіріндегі орталықтандырылған ғылым жүйесі ыдырағаннан кейін, ғылыми кадрлар мен инфрақұрылым үлкен дағдарысты бастан кешірді. 1990-жылдары ғылымға бөлінетін қаржы күрт қысқарып, көптеген ғылыми-зерттеу институттары жабылып қалды. Ғалымдар жаппай басқа салаға кетті немесе шетелге көшіп, «ми ағымы» феномені пайда болды. Бұл кезеңде ғылымға деген сенім, қоғамдағы бедел де айтарлықтай төмендеді.

Дегенмен, соңғы онжылдықта Қазақстанда ғылымды жаңғырту жолында нақты қадамдар жасалуда. Мемлекет тарапынан ғылымды қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келеді. Ұлттық ғылыми кеңестердің құрылуы, гранттық және мақсатты қаржыландыру жүйесінің енгізілуі, ғылыми кадрларды даярлау мен жас ғалымдарды қолдау механизмдерінің жетілдірілуі – осының айғағы. Сонымен қатар, Қазақстан халықаралық ғылыми жүйеге интеграциялану бағытында да ілгері қадамдар жасап отыр. Scopus және Web of Science базаларына кіретін жарияланымдардың саны жылдан-жылға өсіп келеді, бұл – отандық ғалымдардың әлемдік ғылыми қауымдастықпен байланысының артқанын көрсетеді.

Бүгінгі таңда қазақстандық ғылым келесі бағыттарда ерекше жетістіктерге жетіп отыр:

  1. Биотехнология және медицина саласы: COVID-19 пандемиясы кезінде қазақстандық ғалымдар QazVac вакцинасын жасап шығарды. Бұл – Қазақстанның ғылыми және фармацевтикалық тәуелсіздікке ұмтылудағы маңызды қадамы болды.
  2. Ауыл шаруашылығы ғылымы: климаттың өзгеруіне бейімделген тұқымдар мен инновациялық агротехнологияларды әзірлеу бағытында отандық ғылыми-зерттеу орталықтары белсенді жұмыс істеуде.
  3. Жасанды интеллект және цифрлық технологиялар: Назарбаев Университеті, Халықаралық IT Университеті сынды оқу орындары мен зерттеу орталықтары заманауи ІТ-жобаларды дамытып, технологиялық стартаптарға жол ашуда.
  4. Гуманитарлық және тарихи зерттеулер: «Мәдени мұра», «Архив-2025», «Ұлы дала тарихы» бағдарламалары аясында шетелдік мұрағаттардан құнды тарихи деректер жинақталып, отандық тарих ғылымы мазмұндық тұрғыдан жаңғырды.

– Елімізде жас ғалымдарға қолдау көрсетудің деңгейі қандай?

– Ғылымның болашағы – бүгінгі жас ғалымдардың қолында. Ғылыми әлеуеттің үздіксіздігі мен жаңғыруы, жаңа идеялардың туындауы, инновациялық серпіннің қалыптасуы – осы жас буынның білімге, ізденіске және жаңалыққа деген құштарлығына тікелей байланысты. Бірақ кез келген жас зерттеушіге өз әлеуетін толық ашу үшін қолайлы орта, кәсіби жетекшілік және ұзақмерзімді қолдау қажет.

Қазақстанда жас ғалымдардың саны жыл сайын артып келеді. Бұл көрсеткіш оң үрдісті білдіргенімен, сапалық және құрылымдық мәселелер әлі де өткір күйінде қалып отыр. Көптеген жас зерттеушілер ғылым жолында жүріп, тұрақсыз гранттық қаржыландыру мен төмен жалақы, материалдық-техникалық жетіспеушілік, академиялық мансаптың беймәлім болашағы секілді қиындықтарға тап болады. Бұл – олардың ғылымнан кетуіне, шығармашылық белсенділігін жоғалтуына, не шетелге көшуге итермелейді.

Мемлекет бұл бағытта бірқатар нақты қадамдар жасап отыр. «Жас ғалым» жобасы аясында 40 жасқа дейінгі зерттеушілерге арнайы гранттар бөлінеді. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жанынан құрылған жас ғалымдар кеңесі өзекті мәселелерді көтеріп, стратегиялық ұсыныстар ұсынуда. Сонымен қатар, PhD бағдарламаларының кеңеюі, докторанттарға арналған ғылыми тағылымдамалар мен шетелдік тәжірибе алмасу мүмкіндіктері жастардың ғылыми кеңістікте өсуіне жағдай жасауда.

Алайда қазіргі заманғы ғылым тек грантпен шектелмейді. Ол – орта, ортадағы қарым-қатынас, мәдениет пен дәстүр. Осы орайда университеттер мен ғылыми-зерттеу орталықтары жас ғалымдарды тек орындаушы ретінде емес, дербес ойлайтын, ғылыми шешім қабылдай алатын тұлға ретінде қабылдауы маңызды. Ғылыми жетекшілер мен аға буын ғалымдардың менторлық қызметі – бұл дәстүрдің негізі. Кәсіби қолдау, ғылыми этиканы үйрету, сындарлы пікір білдіру мәдениетін қалыптастыру – жас ғалымды тәрбиелеудің өзегі.

Жас ғалымдарға мотивация беру үшін үш маңызды принципті ұстану қажет: біріншіден, институционалдық тұрақтылық – яғни зерттеу бағытын жалғастыруға мүмкіндік беретін ұзақмерзімді жоспар мен қолдау; екіншіден, академиялық еркіндік – өз тақырыбын, зерттеу тәсілін еркін таңдай алатын ғылыми орта; үшіншіден, академиялық қоғамдастықпен интеграция – халықаралық журналдарға жарияланым, шетелдік ғылыми жобаларға қатысу, коллаборация мен нетворкинг.

Жас ғалым – болашақта ғылыми мектептердің негізін салатын тұлға. Ол – жаңашыл, заманауи технологияларды меңгерген, пәнаралық тәсілдерге икемді, әрі әлемдік ғылыми стандарттарға бейім. Сондықтан Қазақстанда жас ғалымдар үшін «стартаптан ғылыми мектепке дейінгі» жолды толық қамтитын жүйе құрылуы қажет. Бұл жүйеде материалдық қолдау, академиялық кеңістік, халықаралық байланыс, әлеуметтік кепілдік – барлығы теңдей қамтылуы тиіс.

– Жоғарғы оқу орындарының білім беру үрдісіне көңіліңіз тола ма?

– Жоғары білім – елдің интеллектуалдық және кадрлық әлеуетін қалыптастыратын іргелі сала. Оның сапасы тікелей түрде мемлекеттің экономикасына, ғылымына, мәдениетіне және халықаралық беделіне әсер етеді. XXI ғасырдағы жаһандық сын-қатерлерге қарсы тұра алатын, өзіндік ой-пікірін еркін жеткізе алатын, цифрлық құзыреттіліктерге ие, кәсіби тұрғыдан мобильді азамат – тек сапалы жоғары білім жүйесі арқылы ғана қалыптасады.

Қазақстанда соңғы онжылдықта жоғары білім беру саласында бірқатар құрылымдық реформалар жүзеге асты. Болон процесіне қосылу, кредиттік білім беру жүйесінің енгізілуі, бакалавриат-магистратура-докторантура үшсатылы моделі, академиялық ұтқырлық пен халықаралық әріптестікті дамыту – бұл оң қадамдар. Назарбаев Университеті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Астана медициналық университеті сынды жетекші жоғары оқу орындары әлемдік рейтингтерге еніп, халықаралық танымалдыққа ие бола бастады.

Алайда сапалы жоғары білім беру жолында елеулі қиындықтар да бар. Біріншіден, оқытушылар құрамының сапасы мен еңбекақысы төмен деңгейде. Бұл өз кезегінде кадрлардың ағысын тудырып, кәсіби деңгейдің төмендеуіне әкеледі. Екіншіден, білім беру бағдарламалары еңбек нарығына бейімделмеген, заманауи өндірістік қажеттіліктер мен технологиялық өзгерістерге ілесе алмай отыр. Үшіншіден, көптеген оқу орындары академиялық еркіндік пен зерттеу жүргізу мүмкіндігін шектеулі күйде ғана жүзеге асыруда.

Жоғары білім беруді дамытудың негізгі векторлары келесідей болуға тиіс:

  1. Академиялық еркіндік – ЖОО өз оқу бағдарламаларын дербес әзірлеп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын автономды түрде жүзеге асыра алуы қажет. Бұл – шығармашылық және ғылыми еркіндіктің, сапалы кадр даярлаудың басты шарты.
  2. Сапаға бағытталған жүйе – лицензиялау мен аккредитацияны күшейту, институционалдық бағалау жүйесін енгізу, білім алушылардың жетістіктерін нақты көрсеткіштермен өлшеу – бұл сапаны арттырудың тетіктері.
  3. Жоғары оқу орындарының зерттеу орталықтарына айналуы – Университет тек білім беру орны емес, сонымен қатар жаңа идеялар мен технологиялар өндіретін ғылыми-инновациялық орта болуы тиіс. Бұл үшін ЖОО-лардың зерттеу гранттарына қатысуы мен ғылыми жарияланымдар саны арттырылуы қажет.
  4. Халықаралық интеграция және бәсекеге қабілеттілік – қазақстандық университеттер шетелдік серіктестерімен қос дипломды бағдарламалар, академиялық ұтқырлық, бірлескен ғылыми жобалар арқылы жұмыс істеуі керек. Бұл – білім сапасын арттырудың, халықаралық беделді нығайтудың ең тиімді жолы.
  5. Студенттік ортаны дамыту – білім алушының шығармашылық қабілетін ашатын, өзін-өзі басқаруға мүмкіндік беретін, стартаптарға қолдау көрсететін академиялық кеңістік қалыптастыру. Бұл – сапалы білім берумен қатар, белсенді азаматтық позицияны тәрбиелеудің құралы.

Жоғары білім – бұл елдің мәдени иммунитеті. Оны тек кадр дайындау жүйесі ретінде қарастырмай, ұлттық интеллектіні, ғылыми әлеуетті және қоғамдық парасаттылықты қалыптастыратын идеологиялық және стратегиялық институт ретінде түсінуіміз қажет.

– Елімізде ғылымның мәртебесі туралы қоғамдық сана қалыптаспаса қалай болады?

– Білім мен ғылым – мемлекеттің ең басты стратегиялық ресурсы. Табиғи байлық сарқылады, өндіріс технологиялары өзгереді, бірақ зияткерлік әлеует пен ғылымға көңіл бөлу ұлтты ұдайы даму жолына бастап отырады. Қазақстан үшін ғылымды кеңінен танымал ету, отандық ғалымдардың жетістіктерін қоғамға таныту, жас ғалымдарды жан-жақты қолдау және жоғары білім сапасын арттыру – бұл жай ғана білім саясаты емес, бұл – ұлттық қауіпсіздіктің, экономикалық дербестіктің және мәдени егемендіктің негізі.

Қоғамда ғылымның мәртебесі мен құндылығы туралы қоғамдық сана қалыптаспай, бұл салаларға жүйелі назар болмайды. Ал ғылым мен білімге құрмет – бұл болашаққа деген құрмет. Жас ұрпақ ғылымға бет бұруы үшін олар алдында нақты үлгі, лайықты мотивация, қолжетімді мүмкіндік және сенімді жүйе болуы керек. Сол себепті ғылымды танымал ету ісі – мектептен, отбасыдан, ақпараттық саясаттан басталуға тиіс.

Бүгінгі күннің басты міндеті – ғылым мен білім жүйесін тұтас экожүйе ретінде қалыптастыру. Бұл экожүйеде мектеп, университет, ғылыми орталық, бизнес, мемлекет, қоғам және медиа – барлығы өзара сабақтас, бір-бірін толықтырып отыратын орта болуы керек. Сол кезде ғана Қазақстан нағыз ғылыми мемлекетке айнала алады.

– Заманауи ғылымды дамыту барысында жаңа ұсыныстарыңыз бар ма?

– Өз басым ғылымды қоғамға кеңінен таныту үшін мынандай ұсыныстар айтар едім:

— Ұлттық арна мен ірі медиаресурстарда отандық ғылым туралы тұрақты телебағдарламалар ашу;

— Ғылымға арналған жастар форумы мен фестивальдер ұйымдастыру;

— Оқушылар мен студенттерге арналған танымал ғылыми басылымдар мен цифрлық платформалар ашу.

  1. Жас ғалымдарды қолдау жүйесін жетілдіру:

— 40 жасқа дейінгі зерттеушілерге арналған тұрақты гранттық бағдарлама енгізу (3-5 жыл мерзімге);

— Докторантура мен постдокторантурада оқитындарға тұрғын үй жалдау, стипендия, халықаралық тағылымдамаларға қаржылық қолдау;

— Ғылыми жетекшілер мен жас зерттеушілер арасындағы менторлық бағдарламаларды дамыту.

  1. Жоғары білім сапасын арттыру:

— Академиялық еркіндік пен басқару автономиясын кеңейту;

— Университеттерді зерттеу орталықтарына айналдыру (Research University моделі);

— Еңбек нарығымен байланысқан, заманауи, пәнаралық білім беру бағдарламаларын әзірлеу.

  1. Ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты күшейту:

— Ғылыми жаңалықтарды коммерцияландыруға арналған тетіктерді жетілдіру (технологиялық парктер, стартап инкубаторлар, өндірістік кластерлер);

— Жаңа инновациялық кәсіпорындар құруға арналған ғылым-бизнес-инвестор үштағанын қалыптастыру.

  1. Ғалымдардың мәртебесін арттыру:
  2. Ғалымдардың еңбекақысын бәсекеге қабілетті деңгейге жеткізу; Ғылыми атақтар мен марапаттарға қатысты әділ және ашық жүйе қалыптастыру; Отандық ғалымдардың жетістіктерін мемлекеттік және қоғамдық деңгейде кең насихаттау.

Қазақстан – өзіндік ғылыми мектебі, бай ғылыми дәстүрі бар ел. Қазіргі уақытта бұл мұраны сақтап қана қоймай, оны жаңғырту, заманауи талаптарға бейімдеу және жас ұрпаққа жеткізу міндеті тұр. Ғылым мен жоғары білімді дамытудың әрбір қадамы – ел болашағына жасалған инвестиция. Осыны терең түсінген ел ғана ұзақмерзімді жетістіктерге жете алады. Қазақстанның болашағы – білім мен ғылымға негізделген жаңа өркениеттік жолда.

– Келелі әңгімеңізге рахмет!

Сұхбатты жүргізген Жұмабай ҚҰЛИЕВ




ПІКІР ЖАЗУ