Білім берудегі смарт және тұрақты даму

Алтынай ТЫМБОЛОВА

Қазір әлем смарт қоғам жағдайында өмір сүруге жанталаса ұмтылуда. Кез келген мемлекет томаға тұйық өздігінше дами алмайды. Сондықтан еуропалық университеттер «Смарт даму үшін смарт адамдар» атты Еуропалық университеттер қауымдастығын (EUA) құрды. Айталық, Нидерланд елі 2020 жылға дейінгі даму стратегиясын «Жоғары экономика. Смарт-қоғам» деп атады. Австралия мемлекеті 2020 жыл: «Білім саласындағы революция арқылы ең күшті смарт-елге шығу жолында» күресіп жатыр. Корея болса SMART-оқыту = SMART-оқытудағы базалық жүйелі шешім мен ұлттық экономикалық бәсекелестікті нығайтудың негізгі әдіс-тәсілін қолдануға көшкен бірден бір ел.

Демек, қазір әлемде интеллектуалды смарт «соғысы» жүріп жатыр. Бұл заман талабына сай смарт білімге қол жеткізу, смарт өмірді жақсарту, смарт мемлекетке айналу, смарт әлемді құру қажеттігін білдіреді. Яғни, бүгінгі таңда жаңа қоғамға жаңаша көзқарас, жаңа өлшем керек.
Смарт және тұрақты даму – бұл интеллектуалды капитал үшін күрес. Смарт қоғамды қалыптастыру үшін не керек? Өндірістік парадигманың өзгерісі → білім беру парадигмасының өзгерісі → қоғамдық-саяси парадигманың өзгерісі қажет.
Ағылшын акронимі болып табылатын SMART термині S – Self-Directed – өзін-өзі басқаратын; M – Motivated – жүйелі; A – Adaptive – бейімделген; R – Resource-enriched– ресурстарға бай; T – Technology – технология деген ұғымдардан тұрады.
Смарт қоғам жағдайында 4-ші өнеркәсіптік революцияға – жаңа технологиялар арқылы адамның ойлау жүйесіне әсер ету күштерін меңгерген жөн. Олар, 3d printing; кибертәуекелдер; кванттық технология; big data – үлкен деректер; геном, дрондар, аддипті өндіріс; мachint learning – машиналық оқыту; augmented reality – арттырылған шындық; блокчейн – желіде ақпараттарды сақтайтын белгілі бір тәртіп бойынша құрылған блоктар тізбегі, т.б.
XXI ғасырдағы дағдыларды дамытатын білім беруге (7C) көшуде сыни ойлау және мәселелерді шешу (Critical thinking and problem solving); креативтілік және инновации (Creativity and innovation); коллаборация және көшбасшылық (Collaboration and Leadership); мәдениетаралық түсінік (Cross-cultural understanding); АКТ саласындағы сауаттылық (ICT literacy); қарым-қатынас (Communication); мансап және өмірлік дағдылар (Career and life skills) игерілуі қажет.
Сондай-ақ, XXI ғасырдағы білімді дамыту дағдылары (7C) – сыни ойлау және мәселені шешу; креативтілік және инновациялар; әріптестік қатынастар және көшбасшылық; мәдениетаралық қатынас;коммуникация, АКТ саласындағы сауаттылық; мансап және өмірлік дағдылар. Демек, қазіргідей зымыран заманда технология құндылығынсыз күн жоқ. Бұлар бүгінгі тұлғаның әлеуметтік-эмоционалды және когнитивтік дағдылары болып табылады. Сондықтан бүгінгі таңда педагогқа қойылатын басты талаптар кәсибилілік, әлеуметтік-эмоционалды және технологиялық дағдылар болып отыр.
Сандық білім беру жүйесі үш сала бойынша дамиды. Ақпараттық ресурс­тар – білім порталдары, әлеуметтік желілер, ақпараттық деректер, гипер-коллекциялар. Басқару жүйесі – контент, тестілеу, жеке және ұжымдық кеңістік, тұтынушылардың белсенділігі. Телекоммуникациялар – бұқаралық ақпарат құралдары, мобильді орта, желілік орта, телевизия саласы.
Бүгінде қазақ қоғамы өзінің дербес даму үлгісін жасауы қажет деген мәселе көтерілгелі қашан. Ол үшін тарихи сананы жаңғыртып, ұлттық сананы кемелдендіріп, ата-ба­баларымыздың көп ғасырлық мұра­ларынцифрлық өркениет жағдайында ұлт әжетіне жарату қажет. Осы орайда, елімізде білім мен ғылымның ең алдымен жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында Еуропалық білім беру кеңістігіне кіру, білім мен ғылымды біріктіру, жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тұлғаны тәрбиелеу және оқыту мәселелеріне аса мән беріліп отыр. Демек, қоғам адам ойының ерекше креативті алғырлығын, қарым-қабілетін пайдалануы тиіс.
Қарап отырсаңыз, жер бетіндегі адамдарды асырайтын жер байлығы шексіз емес, ол бірте-бірте азайып барады. Таусылмайтын қазына – ол адам ресурсы, адам потенциалы, жалпы алғанда адам капиталы (АК) екендігі әлдеқашан дәлелденген. «Адам капиталы» деген тұлға бойында кездесетін іскерлік күш-қуаты мен ізденімпаздық қайрат-жігерін, ойындағы ерекше креативті алғырлығы мен шығармашылық тапқырлығын көрсететін қарым-қабілеті екендігі белгілі. Сондықтан қоғамадамды инвестициялау арқылы мемлекетті бәсекеге қабілетті ете алады.
Тарихқа көз жіберсек, бәсекеге қабілеттілік мәселесі ең алғаш ағылшын экономисі Адам Смиттің XVIII ғасырда айтқан «неге кей елдер бай, ал кей мемлекеттер кедей тұрады, неге кейбіреулері табысты, ал қайсібірі баяу дамиды» дейтін қағидаларынан туындаған. Соңғы жылдары американдық зерттеуші М.Портер бәсекеге қабілеттіліктің алғашқы теориясын жасады. Ал қабілеттіліктің өзі жеке адам туралы ілімнің құрамдас бір бөлігі болып табылады. Ғылымға алғаш рет қабілеттілік туралы ұғымды Платон енгізген. Қабілеттілік жайлы ілімді дамыту үшін ептілік пен дағдының қажеттігін дәлелдеудің (В.Г.Белинский) маңызы зор.
Ендеше, ХХІ ғасыржастары, бәсекеге қабілеттілік – білімнен, оның ішінде компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін үйрену және сананың ашықтығынан тұратынын бағамдап, өз бетінше өмір сүруге бейімделіп, «өмір – күрес» деген мәңгілік қағиданың қыр-сырын ерте жастан білуге бейімделулері қажет.
Сындарлы білім берудің негізін қалаған әлемнің ұлы ойшылы әл-Фараби «Адамзаттың өркендеп жетілуінің шыңы – ақыл-парасат» деген екен. Әрине, ғұламаның ойы білім берудің мақсаты – адамгершілік және зияткерлік қасиеттерін дамыту және өз міндеттерін жүзеге асыру арқылы адамды бақытқа жетелеу. Білім беру – жеке тұлғаның құндылықтарды, білім мен практикалық дағдыларды игеруіне алып келуі керек. Білім беру – оқыту мен тәрбиелеудің бөлінбейтін қорытпасы, адамның рухани дамуы – білім алудың міндетті шарты. Білім беру – оқу үдерісінде адамгершілік қасиеттерін жетілдіру дейтін қағидаттарға саяды.
Заманауи әлемдегі өзгерістерге әсер ететін факторлар да конструктивтік білім берудің негізін құрайды. Яғни, цифрландыру;автоматтандыру; HiPO, әлеуметтік қоғам; экономиканың жаһандануы; электронды оқыту;техниканың, әлеуметтік өзгерістердің тездеуінің барлығы смарт қоғамды қалыптастырудың қозғаушы күштері. Осындағы HiPО мамандардың бойында ең алдымен креативтілік болуы тиіс. Олар өмір бойы оқып, ішкі қуатын дұрыс пайдаланып, өздерін үнемі дамытып отыратын тұлғалар. Олардың ұйымдастырушылық, көшбасшылық жоғары қабілеттерге де ие.
Мұнда адамның қолынан келетіні жаңа білім құру, интернеттің ашық ресурстарындағы білімдерді тиімді пайдалану. Ал АКТ-ның мүмкіншілігі адамдардың өзін дамытуда жаңа технологияларды жетік меңгеруіне мотивация бере алады.
Сонымен, SMART оқыту – өзін-өзі басқаратын, жүйелі, икемді, бай ресурстарға негізделген технологиялық оқытудың әдіс-тәсілдерінің жүйесі.Біз осыған дейін репродуктитік тұрғыдан білім беріп келсек, қазіргі жаңа заман ұстанымы конструктивтік білім беруде болып отыр.
Сапалы бірегей білім беру жүйесінің негізі – білім беру бағдарламаларында (бұдан әрі қарай – ББ) қаланады. Сондықтан ББ жасағанда алдымен оның миссиясы, стратегиялық мақсаты, бағдарламадан, пәннен күтілетін нәтиже, оқыту әдістемесінің мазмұны, білімді бағалау жүйесі нақты айқындалуы тиіс.
Білім беру бағдарламаларының міндеті әділетті, салауатты қоғам құруға үлес қосу. Стратегиялық мақсаты инновациялық идеялармен қаруланған, интеллектуалды көшбасшыларды дайындау.
PIRLS– білім саласындағы оқу сауаттылығының сапасы мен үрдістерін кезең кезеңімен тексеретін мониторинг. ICILS – компьютерлік және ақпараттық сауаттылықты саралайтын халықаралық зерттеулер.
Смарт білім беруде құзыреттілікке және тәжірибеге бағдарланған іс-әрекет жаңа типтегі адам ресурстарын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар оқытудың белсенді және интерактивті нысандары мен әдістерін қолдануды негіздейді. Осыдан келіп пәнді оқытудың негізгі нысаны айқындалады. Пәнді оқытудың негізгі нысаны – оқытудың барлық үрдісін ұйымдастырып, оны жүзеге асырудағы шешуші рөл атқаратын жүйе құраушы элемент болып табылады. Мақсаты – оқытудың болжамды нәтижесін көру. Осы пәнді зерделегеннен кейін білім алушының жай-күйіндегі өзгерістерді көрсететін мақсатты айқындау және қалыптастыру қажет.
Президент Жолдауындағы «Өркендеудің негізгі драйверлері – инновациялар мен білім ошақтары – университеттер» болып табылады. Біз ғылымсыз еліміздің дамуын қамтамасыз ете алмаймыз. Білім беру сапасын жақсарту күн тәртібінен ешқашан түспейді», – деп атап көрсеткеніндей университеттердің автономды білім беру бағытын ұйымдастыруында көп маңыз бар. Мысалы, бүгінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемде «smart» даму жолының жаңа сатысында тұр. «Аl-Farabi university – smart city» жобасы – бұл университеттік қалашықтың жаңа сапасы, оған өту – әлеуметтік, экономикалық, ғылыми, мәдени жағынан жаңа нәтижеге қол жеткізуге алып келеді. «Ақылды» университеттер – бұл зияткерлік ұлт қалыптастырудың кепілі, еліміздегі адам капиталы сапасының жоғарылауы», – дейді университет ректоры Ғалым Мұтанов.
Қазіргі кезде мамандық деген түсінікке де басқаша қарайтын уақыт келді. Биыл әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «QS Subject 2020» пәндік рейтингісінің қорытындысының нәтижесінде «Заманауи тіл білімі» мамандығы бойынша әлемнің ең үздік 100 ЖОО қатарына енді.
Бұл межеге ғылымын дамытып жатқан елдердегідей мемлекет, университет және бизнес ынтымақтастығы атты экономиканың тиімді моделі қолданылғанда ғана қол жеткізу мүмкін екендігін уақыт көрсетіп отыр. Осыған орай еліміздегі оқу орындарында ұлттық инновациялық жүйе мен экономиканы дамытудың білімге негізделген бәсекелік әлеуетін қалыптастыру керек. Көптеген дамыған елдерде бәсекеге қабілеттілік (БҚ) ұлттық идеяға айналған. Сондықтан қазіргідей жаһандану заманында жастардың бәсеке көшінен қалмауы үшін бүгінде ҚазҰУде де «Әл-Фараби және қазіргі заман», «Смарт филология», «Кәсіпкерлік» атты пәндер міндетті оқудың қатарына енгізілген.
Бүгінде барлық мамандықтар бойынша жаңа Білім беру Бағдарламалары жасалуда. Бүгінгі бітіруші түлектің моделі: терең кәсіби білімі бар, өзі зерттеп жүрген саласын түсіну қабілетіне, эмоционалды интеллектке, көшбасшылық қасиеттерге, кәсіпкерлік дағдыларға ие, жаһандық сын-тегеуріндерге бейім, мәселені тез анықтап, оны шешуге икемді болып келеді.
Бағдарламаларды бекіту мен өзгертулер енгізу әлеуетті жұмыс берушілермен және индустрия өкілдерімен келісуден, «кітапхана қоры, инфрақұрылым, ақпараттық технология, адам капиталы ресурстарымен қамтамасыз етуден тұрады.
ББ бітіруші түлектер орналаса алатын жұмыс орындарын табу, мақсатты аудитория жинай алу, стейкхолдерлердің әрекеттестіктеріне сенімділік, ББ болжалды бейімделуі, ББ болашақтағы болжамды тиімділігі ескерілгенде сұранысқа сай бола алады.
ББ профилі: бірегейлігі, бәсекеге қабілетті болуы, ЖОО дамытуға қосатын үлесі; ресурстармен қамтамасыз етілуіне материалдық-техникалық база, ақпараттық қор, сыртқы ресурстарды тарту мүмкіндігі.
ББ қаржылық тұрақтылығына: рентабельділік, тұрақты сұраныс, нарықта бағаға бәсекеге қабілеттілігі, сапа кепілдігі жүйесінің болуы.
Білім алушының құндылықтарына: академиялық еркіндік, парасаттылық, ашықтық, өмірге деген құлшыныс жатады. Дағдыларына: эмпатия, дұрыс ойлау, табандылық, кәсіпкерлік рух пен мәселені шеше білу, бейімділік және тұрақтылық, ынтымақтастық және қарым-қатынас, жеке тұлғаның даралығын сақтай отырып, топпен жұмыс істей білу қабілеті, алғыс айту, өзіндік ойлау жүйесі жатады.
ББ басымдықтарын анықтауда ЖОО стратегиялық миссиясымен, құндылықтарынажәне стратегиялық мақсатына сәйкес анықтауға басымдық беріледі. Кәсібилік, академиялық адалдық, ашықтық, толеранттылық, ойшылдық,адамгершілік ұстанымдар ескерілуі шарт.
Академиялық адалдық – принциптер мен құндылықтардың жиынтығы. Адалдық – адам бойындағы бағалы қасиет, адамның сана-сезімі мен ар-ұжда­нына қайшы келмейтін әрекеттердің моральдық-этикалық жиынтығы.  академиялық ортада сыбайлас жемқорлықты болдырмау, жағымды қарым-қатынас орнату, плагиатты болдырмау, академиялық адалдық­­тың мәдениетін қалыптастыруда өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарауды талап етеді.
Сондай-ақ білім беру жүйесіндегі академиялық адалдық – білім беру сапасын жоғарылату, әлемдік стандарттарға сәйкестендіру, мәдениетаралық түсіністік, үздіксіз білім алу және жоғары адамгершілік құндылықтарға бағдарланған зияткер қоғамды тәрбиелеу сынды мақсаттарды қамтиды.
Заман талабына сай білім алушы мажор-минор бағдарламасындақосымша мамандық ала алады. Айталық, білім алушылар ҚазҰУ-дыңфилология факультетінде оқып жүріп, екі мамандық алып шығуына (double major) болады. Осыған орай, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жұмыс берушілердің салалық бірлестікте дайындалған кәсіптер тізімі ұсынылды: «Қазақ филологиясы», «Аударма ісі», «Шетел филологиясы», «Лингвистика», «Әдебиеттану» білім беру бағдарламаларын бітірген түлектерфилолог-зерттеуші, филолог-педагог, лингвист, ІТ-лингвист, лингвист-сарапшы, копирайтер; корректор; редактор; PR-менеджер; лингвист-конфликтолог, спичрайтер, блогер, әдеби аудармашы, әдіскер, баспагер, құжат айналымын ұйымдастырушы, мәдениаралық коммуникация менеджері қосымша мамандықтары бойынша білім алады.
Қысқасын айтқанда, жоғарғы мектептерде тиімді оқыту әдістемелерді және оқыту сапасын көтермей, Қазақстан басқа елдермен бәсекелес бола алмайды. Ол үшін, ең алдымен, ұстаздардың сапасын, мәртебесін көтеру керек. Оқу орындарында кәсіптік стандартты іс жүзінде игеру қажет. Сондай-ақ, білімгерлерге білімді қалай капиталға айландыру жолдарын үйреткен жөн. Себебі, біздің студенттеріміз шынайы өмірден алшақ, абстрактілі білім алып жүр.
Қорыта келгенде, дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз, – деп ұлы Абай айтқандай, ұлы даланымәңгілік етудің жолы ақыл мен ілім-білімде. Абайдың толық адам сипатын қамтитын «Ақыл – Таным – Ізгілік – Жетілу – Кемелділік» сынды ізгі қасиеттер бүгінгі өркениетті қоғамның ұстанымы болса, адаспаймыз деп ойлаймыз.
Сондықтан, біздің міндетіміз – ұлт тірегі – жастарымыздың білімді, ұлттық құндылықтар мен заманауи игіліктерді игерген, елжанды, мемлекетшіл азаматтар ретінде қалыптасуына күш салып, ұлттық кодты бойына сіңірген ұрпақ тәрбиелеу.скими качествамет

Пікір қалдыру