БІРЛІК БАР ЖЕРДЕ БӘРІ БАР

Бұрынғы Кеңестік жүйеде біте қайнасқан экономикалық, әлеуметтік, мәдени және рухани байланыстар бірден үзіліп, қиындықтардың құрсауына тап болған еліміз ішкі және сыртқы ғаламдық дағдарыстарды дер кезінде сауатты еңсеріп, өз әлеуетін арттыра отырып саяси-экономикалық және әлеуметтік даму жолында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп келеді. «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» деп ата-бабамыз айтпақшы, мемлекет құрушы қазақ халқының жанында бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген жүзден астам ұлт диаспорасының өкілдері бірлік пен татулықтың, достық пен өзара сыйластықты ту еткен мемлекеттік сындарлы саясаттың арқасында бірлігі бекем халқымыз барлық қиындықтарды бірге еңсеріп, мемлекетімізді даму мен өркендеудің сара жолына алып шықты.
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі адамзат тарихындағы ең алып империя – Кеңестер Одағының ыдырап, 15 мемлекеттің өз егемендігіне қол жеткізуіне және Еуропадағы осы тоталитарлық жүйенің темір құрсауында болған көптеген социалистік елдердің шынайы тәуелсіздігін алуына жол ашты. Қазақстан өз кезегінде сепаратистік пиғылдағы ішкі және сыртқы күштердің арам ниеттеріне дер кезінде тойтарыс беріп, өз территориялық тұтастығы мен егемендігін сақтап қалды. Балқан түбегіндегі, Қап тауындағы, Молдова мен Орталық Азиядағы орын алған ұлтаралық қантөгіске ұласқан қақтығыстар сияқты келеңсіз жағдайлар ел басшылығының ұлтаралық келісім мен ел бірлігін нығайтуға бағытталған сауатты саясатының арқасында мемлекетімізде болмағаны ақиқат. Мақтан етуге тұрарлық жетістіктерімізге негіз болған басты фактор – халқымыздың бірлігі мен келісімі және саяси жүйенің тұрақтылығы. Осы ортақ құндылықтар тәуелсіздік кезеңінде жарқын болашағымыздың негізі һәм берік іргетасы болып қалыптасты.
Зұлмат жылдарда тағдыр тәлкегіне ұшырап, қазақ даласынан пана тапқан миллиондаған өзге ұлт диаспорасының өкілдеріне төрі мен қолындағы бар асын ұсынған қонақжай, пейілі кең қазақ халқы үшін бейбітшілік қашанда қымбат құндылық болған. Қазіргі күнгі Қазақстан Республикасы әлемнің көптеген мемлекеттерімен бейбітшілікте һәм достық қарым-қатынаста, өркениетті тең құқықтық жағдайда өмір сүруде. Тәуелсіздік алысымен еліміз беделді ұйымдарға мүше болып, халықаралық келісімдерге тең құқылы жағдайда қол қойып, өзінің бейбітшілік сүйгіш бастамаларымен әлемдік қауымдастыққа кеңінен танылды. Қазақ елі дүниеге үлпетті үлгі боларлық дінаралық, ұлтаралық және конфессияаралық татулықтың алтын ордасына айналды. Сонымен бірге ішкі саясатымызда да ұлттық бірлікті, қоғамдағы өзара келісім мен тыныштықты сақтау әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы ретінде санамызда берік орнықты. Бірлік пен татулық қоғамымыздың баға жетпес басты байлығына һәм идеологиямыздың алтын арқауына айналды. Тұрақтылық пен тыныштық елімізге экономикалық-әлеуметтік өрлеу, демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекетті құру жолында биік белестерге көтерілуге мүмкіндік берді. Бірлік пен бейбітшіліктің алтын бесігіне айналған мемлекетіміздің болашағы жарқын болсын десек, түрлі ұлттар мен ұлыстар диаспораларын ұйыстыратын тұғырымыз – бірлік, тірегіміз – тыныштық болуы керектігін өмір өзі дәлелдеді.
Қазіргі жаһанданудың алмағайып, аласапыран кезеңінде нәсілдік, этникалық, діни және тілдік белгілер бойынша жанжал ошағына айналып, халқы орынсыз қырғынға ұшырап және босқынға айналып, елді мекендері жермен-жексен болған елдерді әлемнің әр аймақтарынан кездестіруге болады. Ұлттық бірлік пен тыныштықты сақтау үшін этносаралық, конфессияаралық арандатушылық пен зорлық-зомбылыққа, лаңкестікке жол бермеу Қазақстан үшін аса маңызды фактор болып табылады. Қазақстандықтар этносаралық, дінаралық, мәдениетаралық тұрақтылық, келісім мен өркениетті интеграцияны қолдайтына қарамастан қоғам арасында іріткі салғысы келетін деструктивті элементтердің кездесіп тұратынын да жасыра алмаймыз.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабының 2-бөлігінде: «Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды», – деп атап көрсетілуінен Ата заңымыз елдегі азаматтардың ұлты мен нәсіліне қарамастан, барлығына бірдей тең мүмкіндіктер мен құқық беретінін көруімізге болады. Әркім өзіне тән этномәдени мүддесін қорғауда тең құқыққа ие екендігіне конституциялық тәртіппен ерекше кепілдік берілген. Сонымен бірге елімізде тарихи-мәдени мұраларды, Қазақстанды мекен еткен өзге ұлттар пен ұлыс диаспорасы өкілдерінің тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін сақтау мен дамытуға мемлекет тарапынан жүйелі түрде қамқорлық көрсетіліп келеді. Шығыстық, батыстық, мұсылмандық, христиандық, славяндық дәстүрлі мәдениет пен дін өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан Қазақстанды мекендеген әрбір ұлттың мәдениеті мен салт-дәстүрі адамзаттың ортақ ұлттық құндылығы және құрметтеуге тұрарлық баға жетпес қазақстандық рухани байлық ретінде бағаланып келеді.
Бірлік пен тыныштықтың әлемде теңдесі жоқ үлгісі болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің саяси жүйесіндегі Конституциялық құрылым болып табылады. Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі этносаралық мүдделерді бір арнаға тоғыстырудың жолын іздеуден туындаған, азаматтық қоғам мен ұлттық саясатты өркениетті жүргізудегі әлемдегі ең тиімді құрылым екенін өмірдің өзі дәлелдеуде. Елімізде жүзеге асқан бірқатар саяси реформалардан кейін Ассамблеяның функционалдық қызмет көкжиегі кеңейіп, Парламентке әсер ету механизмдеріне ие болуы оның статусын жаңа сапалық деңгейге көтерді. Қазіргі күні ҚХА республикадағы 820 этномәдени бірлестіктің басын құрап отыр.
Ұлттық этномәдени орталықтар түрлі тілдердің, мәдениеттер мен дәстүрлердің тең құқылы жағдайда дамуына өз септігін тигізуде. Мемлекет тарапынан аталған орталықтардың қазақстандық ортақ мүддеге бағытталған игі бастамалары мен сындарлы ұсыныстарына толық қолдау көрсетілуде. Мемлекетіміздегі ұлт диаспоралары арасындағы өзара келісім, ырысты ынтымақтастық пен татулық және достық аталған қоғамдық бірлестіктердің еліміздегі бірлік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі сан қырлы еңбегінің жемісі екені ақиқат.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Халқымыз қашан да кең пейілімен, толенранттылығымен ерекшеленген. Еліміздің басты құндылығы – бірлік пен келісім ең алдымен осы қасиеттердің арқасында сақталып отыр. Қазақстанда тіліне, дініне, ұлтына, әлеуметтік жағдайына және басқа да себептерге байланысты ешкімге ешқандай қысым жасалмайды, жасалуы да мүмкін емес. Әрине, мұндай жайттар ара-тұра кездеседі. Бірақ бұл көбінесе жекеленген адамдардың сауатсыздығы мен жауапсыздығынан болып жатады. Құқық қорғау органдары әрдайым заң арқылы мұндай оқиғалардың жолын кеседі. Біз үйлесімді, әділетті әрі тұрақты қоғам құру ісін жалғастыра береміз. Біз – озық ойлы ұлтпыз. Сондықтан алысты көздеп, түрлі арандатушылық әрекеттерден биік тұруымыз, парасатты ел екенімізді танытуымыз және тек заңға ғана арқа сүйеуіміз керек», – деп айтуынан мемлекет құрушы қазақ халқының ізгі қасиеттерінің ұлтаралық, конфессияаралық және дінаралық татулықты сақтаудағы өзінің ерекше тарихи миссиясын парасаттылықпен атқарып жатқанына нақты дәлел бола алады.
Аталған Жолдауда мемлекет басшысы: «Құқықтық мемлекетте қылмыс әлеміне орын жоқ, қарақшылықты түбірімен жою керек. Түрлі экстремистердің, оның ішінде әсіре діншілдердің де елге іріткі салатын әрекеттеріне қатысты ұстаным дәл осындай болуға тиіс. Құқық қорғау органдары кәсібилік, батылдық және табандылық танытуы керек», – деуі Қазақстанды қауіпсіз, жайлы елге айналдыруға және құқық тәртібін нығайтуға бағытталған пәрменді шара деуге болады. Сонымен бірге, Мемлекет басшысының: «Ассамблея ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру, отаншылдық пен ынтымақтастық, жасампаздық пен жауапкершілік сияқты басты құндылықтарды дәріптеу жолында айрықша рөл атқарады», – деп ҚХА-ның еліміздегі бірлік пен тұрақтылықты, тыныштық пен бейбітшілікті, қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімді сақтауға өлшеусіз үлес қосып келе жатқанын жоғары бағалап, құқық қорғау органдарына аса жауапты міндеттерді дер кезінде һәм орынды жүктеп отыр.
Сонымен бірге, елімізде орныққан бірлік пен тұрақтылықтың арқасында табиғи және техногендік апаттарды, экономикалық қиындықтар мен дағдарыстарды бірлесе жеңіп келеміз. Қазақстанның төрағалығымен Астанада Тәуелсіз мемлекеттер Достастығының, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім жөніндегі кеңестің, Шанхай ынтымақтастық ұйымының, Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының, Әлемдік діндер көшбасшыларының, Таяу шығыстағы бейбітшілікті сақтау жөніндегі келіссөздер жүргізу сияқты аса маңызды халықаралық шаралардың өтуін әлемдік қауымдастықтың Қазақстанға деген сенімінің зор көрінісі деуге болады. Сондай-ақ, Қазақстан әлемдегі түркітілдес мемлекеттердің бірігуіне де өз үлесін қосумен қатар Түркі мемлекеттер ұйымына мүше болды. Орталық Азиядағы бауырлас елдермен де ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған шараларды сындарлы, сауатты жүзеге асырумен бірге БҰҰ-ның аясындағы бітімгершілік миссияларына да белсене қатысуда. «Ел бірлігі – ел теңдігі» деген ұстанымды берік ұстанған Қазақстан белді мүшесі болып саналатын Түркі мемлекеттер ұйымы бауырлас елдердің өз егемендіктерін нығайтуда бірлесе қарекет етуі мен ұжымдаса әлемдік күрделі геосаяси жағдайда территориялық тұтастығын сақтауға, әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін әлемдегі беделді ұйымға айналуда.
Ғылым мен технология ғасырында тәуелсіз Қазақстанның басты стратегиялық мақсаты әлемдегі және мемлекетіміздегі бірлікті, ұлтаралық, конфессияаралық татулықты, бейбітшілікті және тұрақтылықты сақтауға бағытталғандығымен құнды десек қателеспейміз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде бірлік пен тыныштықтықты, саяси-экономикалық, әлеуметтік тұрақтылықты, ұлтаралық, дінаралық, конфессияаралық татулықты сақтауға бағытталған стратегиялық бағдарламалары мен өміршең іс-шаралары тәуелсіз Қазақстанды өркениетті даму мен өркендеудің сара жолына алып шығып, болашағы жарқын, әділетті, жаңа Қазақстанды құра отырып, «Мәңгілік ел» болуымызға ықпал етеді деп сенімділікпен айтуға болады.

Бекмұхамет СӘЛІМҰЛЫ,
Қазақстан Заңгерлер
одағының мүшесі




ПІКІР ЖАЗУ