БІРЛІК ПЕН КЕЛІСІМ – ЕЛІМІЗДІҢ БАСТЫ БАЙЛЫҒЫ
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні елордалықтар үшін ерекше қуаныш пен мерекеге толы күн болды. Бұл күн Астана қаласында түрлі этностардың достығы мен бірлігін дәріптейтін, бейбітшілік пен келісімді насихаттайтын сан алуан мәдени және спорттық іс-шаралармен атап өтілді. Биылғы мереке Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп, елдің түкпір-түкпірінде ерекше мазмұнда ұйымдастырылды.
Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен қаланың бес ауданында мерекелік концертпен қатар ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтті.
Қазақстан халқының бірлігі күніне орай елорда тұрғындары мен қонақтары үшін ұлттық спорт түрлерінен түрлі жарыстар ұйымдастырылды. Мерекелік іс-шаралар Астана қаласының барлық бес ауданын қамтып, қала тұрғындарына жоғары көңіл-күй сыйлады.
Іс-шара аясында ұлттық және дәстүрлі спорт түрлері бойынша жарыстар ұйымдастырылды. Атап айтсақ: қол күресі, асық ату, ләңгі тебу, арқан тартысы, гір тасын көтеру спорттық ойындары мерекенің көркін қыздырды.
Әр аудан бойынша іс-шаралар мына мекенжайларда өтті: «Алматы» ауданы – Діни басқарманың бас ғимараты алдында, «Есіл» ауданы – ЭКСПО Халықаралық көрме орталығы аумағы мен «Жетісу» саябағында, «Нұра» ауданы – Ғашықтар саябағы, «Байқоңыр» ауданы – Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы, «Сарыарқа» ауданы – Есіл өзенінің жағалауы мен елордалық Арбатта.
Бұл алаңдарда өткен жарыстарға әр жастағы тұрғындар мен қала қонақтары белсене қатысты. Ұлттық ойындардың басты мақсаты – ата-бабадан қалған спорттық дәстүрлерді жаңғырту, көпшілікке таныту және бүгінгі ұрпақтың бойында елжандылық пен отансүйгіштік рухты қалыптастыру.
Сайыстар барысында асық ату мен ләңгі тебуден өткен жарыстар балалар мен жастар арасында ерекше қызығушылық тудырса, армрестлинг пен гір тасын көтеру күш пен төзімділікті сынауға бағытталған бәсекеге толы сәттермен есте қалды. Сонымен қатар спорттық сайыстарға қатысып, жеңімпаз атанғандарға алғыс хат пен бағалы сыйлықтар табысталды. Әсіресе үйге қажетті тұрмыстық заттар, яғни шаңсорғыш, музыкалық колонка, ас демдеу құралдары берілді.
Қатысушылардың өнерін тамашалауға келген жұртшылық ұлттық спортқа деген қызығушылықтың артып келе жатқанын атап өтті.
«Бүгінгі мерекеде салауатты өмір салтын ұстануға көп көңіл бөлінгені қуантып отыр. Әсіресе ұлттық ойындардың өтіп жатқаны тамаша болды. Мерекені тамашалауға екі ұлымды ертіп келіп едім, олар асық ойнап, ләңгі теуіп мәз-майрам болды. Еліміздегі халықтардың бірлігі бекем болып, ынтымағы арта берсін. «Бірлік бар жерде, тірлік бар», дейді атам қазақ, сондықтан еліміз көркейіп, өсе берсін. Астанамыз да күн санап дамып жатыр, қаладағы барлық ұлт өкілдеріне бірлік тілеймін!», – дейді қала тұрғыны Ержігіт Бексұлтан.
Аталған іс-шаралар бір жағынан салауатты өмір салтын насихаттаса, екінші жағынан ел ішіндегі бірлік пен татулықты нығайтатын тәрбиелік мәнге ие болды. Осындай ұлттық спорт жарыстары арқылы көпұлтты Қазақстан халқының достығы мен рухани бірлігі айқын көрініс тапты десек болады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, ұлттық ойындар мен спорт түрлері қала өмірінің ажырамас бөлігіне айналмақ.
Ұлттық ойын – ұлт рухы
Алты алашқа айбар болған Астана төрінде ұлттық ойындарымыздың ұлықталып, кеңінен насихатталып жүргені қуантарлық жағдай. Қазақ халқының сан ғасырлық тарихы мен өмір салтының ажырамас бөлігі – ұлттық ойындар екені сөзсіз. Олар тек көңіл көтерудің құралы емес, халықтың тұрмыс-тіршілігімен, дүниетанымымен, рухани болмысымен біте қайнасқан мәдени құндылық. Соның ішінде асық ату, арқан тартыс және ләңгі тебу сияқты ойындар ұрпақ тәрбиесінде ерекше орын алады.
Асық ату – қазақ баласының ең сүйікті әрі кең тараған ойыны. Ол баланы кішкентайынан мергендікке, табандылыққа, сабыр мен төзімге үйретеді. Асықтың түр-түсі, иірімі мен иілісі арқылы баланың зейіні мен талғамы қалыптасады. Бұл ойын – жас буынды ептілікке, әділдікке, достық пен бәсекелестік мәдениетіне баулудың бір жолы. Ойында жеңілген бала ренжімей, келесіде жақсырақ ойнауға тырысады. Бұл – жеңілісті де, жеңісті де лайықты қабылдауға үйрететін құндылық.
Ұлттық ойындарымыздың қай-қайсысын алып қарасақ та бұл ойындарда халықтың өмір сүру салты, күрескерлігі, еңбекке бейімділігі мен табиғатпен үйлесімі жатыр. Әр ойын – ұлттық кодтың бір бөлігі. Олар арқылы жастар бабалар мұрасымен танысып, өзінің шыққан тегіне, ұлт мәдениетіне деген құрметін қалыптастырады. Ұлттық ойындар – тек дене шынықтыру ғана емес, рухани шыңдалу мектебі.
Сондықтан мектептерде, мәдениет ошақтарында, қала мерекелерінде мұндай ойындарды қайта жаңғырту – ұлттық тәрбиенің мықты тетігіне айналуы тиіс. Бұл – тек дәстүр жалғастығы емес, болашаққа рух беретін сара жол.
Бірлік жүгірісі-2025
Сондай-ақ, Астана қаласында өткен басты шаралардың бірі – «Бірлік жүгірісі-2025» атты республикалық марафон болды. «Бірлікке 30 жыл – Ассамблеяға 30 жыл» ұранымен өткен бұл спорттық іс-шараға 3000-нан астам адам қатысты. Жүгіру бағыты ЭКСПО аумағынан басталып, «Бәйтерек» монументіне дейін жетіп, Түркістан мен Ақмешіт көшелері арқылы кері қайтты. Жарысқа кәсіби спортшылармен қатар, белсенді өмір салтын ұстанатын азаматтар, балалар, ерекше қажеттіліктері бар жандар және скандинавиялық жаяу жүрумен айналысатын топтар қатысты.
Жарыс бірнеше қашықтықты қамтыды: балалар мен инклюзивті топтар үшін 1 шақырым, скандинавиялық жүріске 5 шақырым, ал тәжірибелі желаяқтар 10 және 21,1 шақырым қашықтықты бағындырды. Сонымен қатар, 30 шақырымға (6×5) командалық эстафета ұйымдастырылып, оның құрамында міндетті түрде бір әйел адам болуы талап етілді. Марафонның ерекшелігі – әрбір қатысушы тек спорттық сайысқа қатысып қана қоймай, қоршаған ортаны қорғауға өз үлесін қосты: жарыс соңында қатысушылар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысып, қоқыс жинауға атсалысты.
Марафоннан бөлек, Астана қаласының «Жастар» сарайында Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік концерт өтті. Іс-шара аясында түрлі этностардың мәдениеті мен өнерін таныстыратын көрме ұйымдастырылып, әр ұлт өкілдері өздерінің ұлттық тағамдарын, салт-дәстүрлерін және өнерлерін көрсетті. Концерт барысында эстрада жұлдызы Ұшқын Жамалбек пен «Жастар» сарайының шығармашылық ұжымы, сондай-ақ «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Зарина Божақова, Әлібек Әлмәдіұлы және Татьяна Ким сынды өнерпаздар өнер көрсетті. Шара Жұмысшы мамандықтар жылы мен Жеңістің 80 жылдығына арналған арнайы нөмірлермен де толықтырылды.
Бауырсақ біріктіреді
Астанадағы тағы бір есте қаларлық оқиға – Алматы ауданына қарасты «Жастар» саябағында өткен «Бауырсақ біріктіреді» акциясы болды. «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының бастамасымен ұйымдастырылған бұл шара аясында волонтёрлер 15 килограмм бауырсақ таратып, халық арасында достық пен жылулықты паш етті. Қатысушылар бұл акцияны ерекше ықыласпен қарсы алып, бірі балалық шағын еске түсірсе, енді бірі осы сәттің шынайы қуанышын бөлісті. Волонтёр Дана Такенова бұл шара жай ғана тағам тарату емес, жүректерге жылу сыйлаған іс болғанын ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, «Жастар» театры алаңында да бірлік күніне арналған мерекелік мәдени бағдарлама өтті. Театр әртістері ұйымдастырған театрландырылған қойылымдар, ұлттық ойындар мен ән-күй кеші көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Бұл шараның мақсаты – жастарды ұлттық құндылықтар мен достық рухына тәрбиелеу, көпэтносты қоғамда бейбітшілік пен келісімнің маңыздылығын ұғындыру болды.
«Адамдар тоқтап, күлімдеп, алғысын айтып жатты. Бірі балаларымен келді, енді бірі балалық шағы мен туған үйін еске алды. Біз жай ғана бауырсақ таратқан жоқпыз – жылылық пен өзара құрметке толы атмосфера орнаттық», – дейді волонтёр Дана Такенова.
Іс-шара аясында әр ұлттың мәдениеті бір сахнада тоғысып, ұлттық тағамдар мен дәстүрлер ортаға салынды. Қатысушылар мен көрермендер ашық алаңда ән салып, би билеп, ұлттық ойындарға қатысты. Әр адамның жүзінен қуаныш пен бірлік сезіліп тұрды. Бұл бір күндік мерекелік шара емес, ел ішіндегі бейбітшілік пен татулықтың, көпұлтты қоғамның өзара құрметінің символы болды.
«Елімізде халықтардың бірлігі атты мерекенің болғаны өте керемет деп ойлаймын. Мамырдың бірінші күні ес білгелі мен үшін үлкен мейрам. Бала кезімізде парадқа шығатын едік. Қазір де балаларымызды алып саябақтарды, концерттік іс-шараларды аралаймыз. Бұл мен үшін көктемнің ерекше шуақты күнінде өтетін әрі жақсы көңіл-күй сыйлайтын мейрам. Биыл еліміздегі Ассамблеяның 30 жылдығы деп жатыр, бұл тұрғыда Қазақстан деген ортақ үйімізде мекен етіп жатқан барлық ұлт тату-тәтті өмір сүріп, еліміздің көркеюіне өз үлестерін қоса берсін дегім келеді», – дейді мерекелік шараны тамашалуға келген қала тұрғыны Людмила Жданова.
Бейбітшіліктің берік іргесі
Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына биыл 30 жыл толып отыр. Бұл құрылым еліміздегі этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықтың бірегей үлгісіне айналды. 1995 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Ассамблея тәуелсіз Қазақстанның маңызды қоғамдық-саяси институттарының бірі ретінде қалыптасты.
Ассамблеяның басты мақсаты – еліміздегі түрлі этностардың мәдениетін, тілін және дәстүрін сақтай отырып, біртұтас азаматтық бірлікті нығайту. Бүгінде Қазақстанда 130-дан астам этнос өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Осы этностардың мәдени бірлестіктерін біріктіретін Ассамблея олардың үнін естіртіп, мүддесін қорғап, қоғамдық келісім алаңына айналып отыр.
Қазақстан халқы Ассамблеясының табысты қызметінің арқасында елімізде этностық және діни негіздегі қақтығыстарға жол берілген жоқ. Бұл – сан ұлтты елде бейбіт өмір сүрудің нақты көрінісі. Мемлекеттік мерекелер, бірлік күндері, этномәдени фестивальдер мен форумдар қоғамдағы өзара түсіністік пен сыйластықты арттырып келеді. Ассамблея аясында құрылған «Медиация кеңесі», «Аналар кеңесі», «Жастар қанаты» сынды құрылымдар отбасылық тәрбие мен жастар саясатын дамытуды көздейді.
Қазіргі таңда Ассамблея өз қызметін еліміздің жаңа даму бағытымен үйлестіруде. «Келісім мен бейбітшілік – Тәуелсіз Қазақстанның негізі» деген идеяны ұстанып, қоғамдық сананы жаңғырту, азаматтық бірегейлікті қалыптастыру, жастармен тығыз жұмыс істеу бағытында түрлі жобалар қолға алынуда.
Биылғы 30 жылдық мерейтой аясында Қазақстанның барлық өңірлерінде мерекелік іс-шаралар, форумдар, көрмелер және конференциялар өтуде. Бұл шаралар еліміздегі достық пен татулықты насихаттап, Ассамблея қызметінің маңызын жастарға түсіндіруге бағытталған.
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы – бұл ел ішіндегі тұрақтылық пен бірліктің мерекесі. Ассамблея – түрлі этностардың ортақ Отаны – Қазақстанда бейбіт өмір сүруінің кепілі. Болашақта да бұл институт ел бірлігі мен тұрақтылығын сақтау жолында маңызды рөл атқара бермек.
Бірлік бар жерде – береке бар. Қазақстан халқы Ассамблеясы осы қағиданы басшылыққа алып, елдің ертеңіне берік сеніммен қарайды.
Астанада өткен шаралар – ел ішіндегі бірліктің, достықтың және мәдени байлықтың айқын көрінісі. Бұл тек елордалықтар үшін емес, бүкіл Қазақстан халқы үшін ортақ мақтаныш. Бірлік пен келісім – еліміздің басты байлығы. Сондықтан мұндай мерекелердің мазмұны толығып, жыл сайын ауқымы арта түскені жөн. Осындай шаралар арқылы біз өскелең ұрпаққа бейбіт өмірдің, достық пен ынтымақтың шынайы құндылық екенін көрсете аламыз. Бірлігіміз бекем, елдігіміз мәңгі болғай!
Әділет Мұсахаев