БІРЛІК – ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ
Тәуелсіздік – кез келген халықтың тарихи дамуындағы ең қастерлі ұғымдардың бірі. Ол тек саяси-экономикалық дербестікпен немесе шегенделген шекарамен ғана өлшенбейді. Тәуелсіздік – халықтың тарихи жадын, рухани болмысын, мәдени кодын және қоғамдық келісімін сақтай отырып дамуға мүмкіндік беретін ерекше өркениеттік құбылыс. Сондықтан тәуелсіз мемлекет туралы сөз қозғағанда, ең алдымен, оның ішкі тұрақтылығы мен қоғамдық бірлігі мәселесіне назар аудару қажет.
Философиялық кең таным аясынан келгенде бірлік – бүкіл адамзат жаратылысының үйлесімді қозғалысының болмыстық тіршілігінің ұлы заңы. Бірлік – тек ойкумендік тіршілікті ғана емес, күллі жаратылысты ішкі интенциялық байланыста қозғалуын қамтамасыз етіп отыратын жаратылыстық феномен.
Бұл мақалада біз бірлік ұғымын ойкумендік шеңберде, яғни адамзаттың қоғамдық кеңістігі аясында қарастырамыз. Әлеуметтік-қоғамдық бірлік – ұлы бірліктің макро деңгейдегі кішкентай құрамдас бөлігі. Ол қоғамдық экзистенцияның қозғалыс логикасына қатысты болмақ.
Бірлік ұғымының философиялық мәні
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттің беріктігі тек экономикалық қуатымен немесе әскери әлеуетімен ғана айқындалмайды. Қоғамдық бірлік пен ұлттық тұтастық болмаса дамыған мемлекеттердің өзі ішкі қайшылықтардың салдарынан әлсіреуі мүмкін. Керісінше, халқы бір мақсатқа жұмылған, рухани тұрғыдан тұтас қоғамдар (қоғамдық жүйе) кез келген тарихи сын-қатерді еңсере алады. Сондықтан ұлттық бірлік пен тұтастық мәселесі тәуелсіз мемлекеттің өміршеңдігін анықтайтын негізгі факторлардың бірі.
Философиялық тұрғыдан алғанда, бірлік – әлеуметтік өмірдің терең қабаттарында қалыптасатын әрі жүріп отыратын күрделі құбылыс. Ол адамдардың ортақ құндылықтарды мойындауынан, тарихи тағдырдың бірлігін сезінуінен және болашаққа деген ортақ жауапкершіліктен көрініс табады. Бірлік тек саяси ұран немесе идеологиялық ұстаным емес, ол – қоғамның мәдени-рухани құрылымын, ділдік келбетін, моралдық бітім-әспетін қалыптастыратын, өркениеттік тіршілік дидарын айқындайтын негізгі категориялардың бірі.
Ұлт тарихының әр кезеңінде елдік пен бірлік мәселесі ерекше мәнге ие болып отырды. Далалық өркениет жағдайында қалыптасқан қоғамдық қатынастар жүйесі адамдарды өзара ынтымаққа, ортақ жауапкершілікке және ел тағдырын бірлесе шешуге тәрбиеледі. Сондықтан қазақ дүниетанымында «ел бірлігі», «ынтымақ», «береке» ұғымдары ерекше құндылық ретінде орнықты.
Бүгінгі таңда тәуелсіз мемлекет жағдайында ұлттық бірлік мәселесі бұрынғыдан да өзекті сипат алып отыр. Жаһандану үдерістері, ақпараттық кеңістіктің кеңеюі, мәдени ықпалдардың күшеюі қоғамның ішкі құрылымына түрлі әсерін тигізуде. Мұндай жағдайда ұлттық бірлікті сақтау және нығайту стратегиялық маңызы бар міндеттердің біріне айналады.
Қазақстан – тарихи тағдыр тоғыстырған көпұлтты мемлекет. Елде жүзден астам этнос өкілдері бейбіт қатар өмір сүріп келеді. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, көпұлттылық кейде әлеуметтік шиеленістерге алып келеді. Қазақстанда бұл сынақ бейбіт жолмен еңсеріліп келеді, себебі елде қоғамдық келісім мәдениеті қалыптасқан.
Қоғамдық келісімнің негізінде өзара құрмет, төзімділік және ортақ жауапкершілік жатыр. Бұл мәдениет қазақ халқының тарихи болмысына да сүйенеді. Көне дәуірлерде қазақ жеріне келген халықтар ортақ тағдырдың бір бөлігіне айналып, қоғамдағы бейбіт өмір мен ынтымақты сақтауға үлес қосты.
Ұлттық бірліктің маңызды элементі – қоғамдық сенім мен әділдік. Әділдік пен тең мүмкіндік қағидалары сақталса, әр азамат өзін мемлекеттің толыққанды мүшесі ретінде сезінеді. Ортақ мемлекетшіл сана қалыптасқан қоғам ғана тәуелсіздігін сенімді түрде сақтай алады.
Әлеуметтік философияда бірлік ұғымы қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз ететін негізгі категориялардың бірі ретінде қарастырылады. Бірлік дегеніміз – қоғам мүшелерінің ортақ құндылықтарды мойындауы, өзара сенім мен жауапкершілік негізінде әрекет етуі. Бұл ұғым әлеуметтік қатынастардың үйлесімділігін білдіреді.
Философиялық дәстүрде қоғамның тұтастығы мәселесі әртүрлі теориялар арқылы түсіндіріліп келеді. Кейбір ойшылдар қоғамды өзара байланысқан институттар жүйесі ретінде қарастырса, енді біреулері оны ортақ құндылықтар мен мәдени нормаларға негізделген рухани қауымдастық ретінде сипаттайды. Қалай болғанда да, барлық теорияларда қоғамның тұрақтылығы оның ішкі үйлесімділігіне байланысты екені айқын көрінеді. Өйткені бірлік – әлеуметтік сенімнің нәтижесі. Сенім бар жерде адамдар бір-біріне арқа сүйей алады, ортақ мақсаттарға жұмыла әрекет етеді. Ал сенім жоғалған жағдайда қоғамда алауыздық пен тұрақсыздық күшейеді. Сондықтан қоғамдық келісімнің басты шарты – адамдар арасындағы сенімнің сақталуы.
Философиялық тұрғыдан алғанда, бірлік ұғымы бірнеше деңгейден тұрады. Біріншіден, бұл – құндылықтық бірлік. Яғни қоғам мүшелерінің ортақ моральдық және мәдени құндылықтарды мойындауы. Екіншіден, бұл – әлеуметтік бірлік. Ол адамдардың қоғамдық институттар арқылы өзара әрекет етуінен көрінеді. Үшіншіден, бұл – саяси бірлік. Яғни азаматтардың ортақ мемлекеттік мүдделерді қолдауы.
Осы үш деңгейдің үйлесімді дамуы қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Егер осы деңгейлердің бірі әлсіресе, онда қоғамдық жүйеде теңгерімсіздік пайда болуы мүмкін.
Қазақ қоғамындағы бірлік дәстүрі
Қазақ халқының тарихи тәжірибесінде бірлік мәселесі ерекше орын алады. Далалық өмір салты адамдарды өзара тәуелділік жағдайында өмір сүруге үйретті. Кең байтақ далада тіршілік ету үшін қауымдық ынтымақ пен өзара көмек қажет болды. Сондықтан бірлік ұғымы қазақ дүниетанымының ажырамас бөлігіне айналды. Қазақ даналығы «күш – білекте емес, бірлікте» деген. «Бірлігі жеткен ел озады, бірлігі кеткен ел тозады», – деген сөздің де сорабын дөп басып айтқан халқымызда маңызды мәселелерді шешу үшін кеңес құру дәстүрі қалыптасқан. Бұл дәстүр халықтың ортақ пікірге келу мәдениетін қалыптастырды. Қоғамдық мәселелерді ашық талқылау, ақылдасып шешім қабылдау – ел ішіндегі тұрақтылықты қамтамасыз етудің тиімді жолдарының бірі болды.
Далалық қоғамдағы билер институты да қоғамдық келісімді сақтауда маңызды рөл атқарды. Билер тек құқықтық нормаларды ғана емес, сонымен қатар моральдық құндылықтарды да басшылыққа алды. Олардың шешімдері қоғамдағы әділеттілік пен теңгерімді сақтауға бағытталды.
Қазақ халқының тарихи санасында бірлік ұғымы көбіне елдікпен, жермен және еркіндікпен байланысты қарастырылды. Елдің амандығы мен жердің тұтастығы халықтың бірлігіне тәуелді деп есептелді. Сондықтан халық жадында сақталған көптеген тарихи оқиғалар бірлік пен ынтымақтың маңызын айқын көрсетеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бүгінде азаматтарымыз егемен елімізді дамытуға, қастерлі қазақ жеріндегі бейбітшілікті, татулық пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосуда. Біз біртұтас және еңбекқор ұлт болсақ, көздеген мақсаттарымызға жетеміз. Бәріміз бірге әділетті қоғам құрып, мемлекеттілігімізді орнықтыра түсеміз деп сенемін», – деп ұлы даланың көркеюі халықтың бірлігі мен ынтымағына тікелей байланысты екенін атап өткен болатын. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы: «Біз «бірлігіміз – әралуандықта» деген қағиданы берік ұстанып, еліміздегі бейбітшілік пен келісімді сақтайтын боламыз. Түрлі діндер мен конфессияларды жақындастыруды және қазіргі заманғы өзекті мәселелерге қатысты диалог орнатуды көздейтін мәртебелі миссиямызды атқара береміз. Біз азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыратын, барша әлемнің кәсіпкерлері, инвесторлары мен талантты адамдары қызығатын ашық әрі дамыған экономика құрамыз. Бүкіл қоғам болып жемқорлыққа қарсы күресті жалғастырамыз. Бізге және ұрпағымызға ешкім сырттан келіп жарқын болашақты жасап бермейді», – деп елді бірлікке, әділдікке және жауапкершілікке шақырады.
Ұлттық бірліктің қалыптасуында мәдени факторлардың рөлі ерекше. Тіл, дәстүр, өнер, тарихи жад – бұлардың барлығы ұлттың рухани тұтастығын қамтамасыз етеді. Мәдени құндылықтар адамдарды ортақ символдар мен мағыналар арқылы біріктіреді. Тіл тек қарым-қатынас құралы ғана емес, халықтың тарихи тәжірибесі мен дүниетанымын сақтайтын мәдени жүйе. Тіл арқылы ұлттың мәдени коды ұрпақтан-ұрпаққа беріледі.
Тарихи жад та ұлттық тұтастықтың маңызды элементтерінің бірі. Өткенді ұмытпаған халық қана болашағын сенімді түрде құра алады. Тарихи тәжірибе адамдарды ортақ тағдырдың бар екенін түсінуге жетелейді. Соңғы 150-200 жыл көлемінде қазақ жерінде өмір сүріп келе жатқан ұлыстардың қазақ халқымен ортақ тарихы, тамырлы тағдыры қалыптасты. Сондықтан еліміздегі түрлі этностардың барлығы Қазақстанды ортақ Отанымыз деп қабылдайды. Олар елдің дамуына өз үлестерін қосып, бейбітшілік пен келісімді сақтауға атсалысып келеді. Ұлттық бірлік пен өзара құрмет қоғамның тұрақтылығы мен мемлекетіміздің нығаюының басты негізі болып қала береді. Бұл ретте дәстүрлі мәдениет те, сабақтасқан салтымыз да қоғамдағы рухани байланыстарды нығайтады. Әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер адамдардың әлеуметтік мінез-құлқын реттеп, ортақ құндылықтарды қалыптастырады.
Қазіргі кезеңде қоғам күрделі әлеуметтік өзгерістерді бастан өткеруде. Жаһандану үдерістері, технологиялық дамудың қарқыны, ақпараттық кеңістіктің кеңеюі адамдардың дүниетанымына жаңа ықпалдар әкелуде. Мұндай жағдайда ұлттық бірлікті сақтау мәселесі ерекше маңызға ие.
Қоғамдағы тұрақтылық көбіне әлеуметтік әділеттілікке байланысты болады. Егер адамдар қоғамдағы мүмкіндіктерге тең қол жеткізе алса, онда олардың мемлекетке деген сенімі артады. Ал сенім – қоғамдық келісімнің негізгі тіректерінің бірі. Саяси мәдениеттің деңгейі де ұлттық бірліктің қалыптасуына ұйытқы бола алады. Өйткені азаматтардың құқықтық санасы мен қоғамдық жауапкершілігі жоғары болған сайын, қоғамдағы тұрақтылық нығая түседі. Сондай-ақ, ақпараттық кеңістік те қоғамдық пікірдің қалыптасуына, ұлт пен ұлыстардың тұтасып, ортақ идеяға жұмылуына үлкен әсер етеді. Сондықтан ақпарат құралдарының жауапкершілігі ерекше маңызды. Дұрыс ақпарат қоғамдағы сенім мен келісімді нығайтуға көмектеседі.
Қазақстанның болашағы халықтың бірлігі мен ынтымағына тікелей байланысты. Ұлтаралық татулықты сақтап, ортақ мемлекетшіл сана қалыптастыра алсақ қана тәуелсіздігіміз мәңгілік болады. Қазақ халқы осы бірліктің ұйытқысы, қазақ тілі қоғамды біріктіретін алтын көпір, ал Қазақстан – барша азаматтардың ортақ үйі.
Бірлік – жай ұран емес. Ол өркениетті елдің таңдауы. Сол таңдаудың дұрыстығы біздің ортақ жауапкершілігімізге байланысты екенін ешқашан естен шығармауымыз керек.
Бірлік – болашақ дамудың негізі
Ұлттық бірлік – тек өткеннің мұрасы емес, болашақтың да кепілі. Ол қоғамның ұзақ мерзімді дамуына мүмкіндік береді. Бірлік сақталған жерде адамдар ортақ мақсаттарға жұмылып, жаңа жетістіктерге қол жеткізе алады.
Қоғамның болашағы көбіне жас ұрпақтың дүниетанымына байланысты. Сондықтан жастарға елдік сана мен азаматтық жауапкершілік туралы түсінік беру ерекше маңызды. Білім беру жүйесі бұл бағытта маңызды рөл атқарады.
Мәдениет пен өнер де қоғамдық келісімді нығайтудың тиімді құралдарының бірі. Әдебиет, музыка, театр, кино сияқты өнер салалары адамдардың рухани байланысын күшейтеді.
Ұлттық бірлік қоғамның стратегиялық ресурсы. Ол экономикалық дамуға да, саяси тұрақтылыққа да, мәдени өркендеуге де ықпал етеді.
Жастар біздің болашағымыз десек, олардың патриотизмі тек сезімдік сипатта емес, белсенді іс-әрекет арқылы көрінуі тиіс. Қоғамдық бастамаларға қатысу, еріктілік, білім алуда белсенділік – азаматтық жауапкершіліктің көрінісі. Болашақта Қазақстанның бірлігі мен тұрақтылығы дәл осы жас буынның мемлекетшіл санасына байланысты болады. Сондай-ақ, білім беру жүйесі ұлттық сана мен патриотизмді қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Тарих, мәдениет, философия және әлеуметтану пәндері жастарға бірліктің мәнін түсінуге, ортақ құндылықтарды бағалауға мүмкіндік береді.
Қазіргі заманда қоғам тұтастығына әсер ететін жаңа факторлар пайда болды: әлеуметтік желілер, ақпараттық соғыс, жалған ақпарат тарату. Бұл – ұлттық бірлікті сақтау үшін жаңа сынақ. Сондықтан әрбір азамат саналы түрде патриоттық ұстанымға ие болуы қажет. Саналы патриотизм деген тек елді сүю ғана емес, сонымен қатар қоғамға пайдалы әрекет жасау, мәдени құндылықтарды сақтау және ақпараттық алауыздыққа жол бермеу.
Тәуелсіздік – халықтың ғасырлар бойғы арманының жүзеге асуы деп жатамыз. Алайда тәуелсіздікті сақтау мен нығайту одан да үлкен жауапкершілікті талап ететінін бір сәтке де естен шығаруға болмайды. Мемлекеттің болашағы оның ішкі тұтастығына, қоғамдық келісіміне және азаматтарының ортақ жауапкершілігіне байланысты. Бұл ретте бірлік пен ынтымақ атты қасиетті ұғым тәуелсіздіктің ең берік тіректерінің бірі. Ол қоғамдағы сенім мен тұрақтылықтың негізін қалыптастырады. Бірлік бар жерде даму бар, ал алауыздық орын алған жерден құлдырау басталады. Сондықтан ұлттық бірлікті сақтау әрбір азаматтың ортақ міндеті. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін қоғамдағы барлық институттар үйлесімді жұмыс істеуі қажет. Білім, мәдениет, ақпараттық кеңістік, қоғамдық ұйымдар – барлығы да осы мақсатқа жұмылып, қызмет етуі тиіс.
Ұлттың тарихи тәжірибесі көрсеткендей, бірлік сақталған жерде елдің болашағы да берік болады. Сол себепті бірлік ұғымы тәуелсіз мемлекеттің мәңгілік темірқазығы болып қала береді.
Дәулетбек РАЕВ,
философия ғылымдарының
докторы, профессор





