БІЗ ҚАЛАДА ТҰРАМЫЗ

Күн жексенбі. Бұл – қала тұрғындарының босап, жадырап қалатын күні. Желкелеп тұратын әлде бір басымдылықты аз да болса ұмытып, өзінше терісі кеңіп, маңайына мейірлене қарайды. Сенбі күні теледидарда жақсы бағдарлама  болса түни ағанша көріп, таңертең әдеттегіден жай оянады. Күндегі күннің құлағы қылтиып көрінгенде-ақ басталатын апыл-ғұпыл қимылдың бірі жоқ, жай ғана қоңыр әуенге толы мамыражай тірлік – әр отбасының өзгермес әдеті. Дегенмен, Сағи күндегі уағында – бес жарымда оянып, жеңіл киініп серуендеуге шықты. Қанша жай  жатса да, уағында оянып, уағында киіну Сағидың көп жылдан бері қалыптастырған дағдысы. Жасы қырықты қусырғаннан бері ұйқысы тіпті азайып барады, қанша мызғыйын десе де астынан су шыққандай алағызып жата алмайды. Бұрынғыдай басы жастыққа тисе болды, қасынан танк жүріп өтсе де, былқ етпей ұйықтай беретін бейғам, қамсыз тірлік бұл күнде атымен жоқ, оның үстіне санасында сапырылысып жататын сан мыңдаған ойлардың салмағы қанша десеңші! Оның бұл қылығын жар төсегінен ерте суынғандай сезініп көп қыңқылдайтын Науат та кейінгі жылдары екі тізгін, бір шылбыр өз қолында тұрғанда ақшасы аз, лауазымы жоқ әлжуаз зиялының өзге үйірге қарап жалын күдірейтіп, кісіней алмайтынын білді ме, әлде, еті өліп кетті ме, кім білсін, бұл қыбырлап қозғала бастағанда, жас кезінің  болмашы назын білдіргендей ыңырана, емексіте бір  аунап түседі  де, көрпесін жау алатындай тас бүркеніп алатынды тапты.

Көше бойы андыз-андыз болса да, қыбырлап жүрген адамдардың қарасымен өзінше бір ырғаққа еніп, жандана бастапты. Жұптасып ап баяу қыбырлаған кемпір-шал, жүгірген жігіт-желең, құс қонақтаған шарбағын тротуар шетіне қойып тайцзицюань  жаттығуына кіріскен жасамыс ер-әйел біртіндеп көбейіп жатыр. Әншейінде автобус ішінде отырса да, тұрса да кіртиген көзіне ұйқы тығылып мыжырайып жүретін шіркіндер мұндай кездерде едәуір қызынып, жұтынып кетеді. Әне, алпыстың жуан ішін аралап кеткен етженді кемпір сүт құтысын салатын шарбағын жерге қоя сап билеуге кірісті. Аяқ алысы би ырғағына сәйкесіп кетпесе де, қатардан қалмай қара көбейтіп қимылдап жүр. Әрине, мұның бәрі тіршілік үшін. Сағидың есіне өзінің осы кемпір қарайлас ауылда інісінің қолында тұратын шешесі орала кетті. Байқұс қазақтың ауылдағы әйелдері бейнет үшін жаралған ғой! Енді екі сағаттан соң оның да осынау жапасы мол, тәубәсі күшті өмірінің бір күні басталады. Бірақ, ол мына кемпір сияқты  күтіну үшін ерте тұрып қимылдамайды. Сүйегіне сіңіп кеткен жанбағыстың қарекеті үшін қыбырлап жүріп сиыр сауады, шәй қайнатады, үйдің ішін жияды, жамау жамайды. Ауыл өмірінің ұсақ-түйек шаруасы түгеген бе? Белі бүгіліп, көзінің болаты қайтса да, бала-шағаның қамын жеп отпен кіріп, күлмен шығады. Бір кезде өзінің бар жақсылықты ертеңнен күтетін тал шыбықтай бұралған қыз, желегі желбіреп, алма беті албыраған келіншек болғанын ұмытып кеткен сияқты. Енді қартайғанда аз күн болса да, мынау дүниенің рахатын көрсін деп осы қалаға әкеп те көрді, бірақ, шешесінің ауылда қалыптасқан өмір дағдысы қала өмірімен от пен судай отаспай зықысы кетті. «Таң атса бәрің  алды-артыңа кетіп  мына абақтыларыңа қамалып қалдым» – деп тұлданса, енді бірде «Күнім-ау, қабырға көрші отырып бір-бірлеріңе тіл қатыспайсыңдар, іштерің неге жарылып кетпейді, осынша тасбауыр болып кеткендерің қалай?», – деп таңданады. Енді бірде «Екі қолым алдыма сыймайды, ең болмаса жамап-жасқап отыратын балаларыңның ескі киімдері де жоқ екен», – деп күйінеді. «Қарғам», «күнім»  деп қаншама үйірілсе де, ана тілінде бір-екі ауыз сөзді қиналып әрең айтатын екі немересі де маңайын баспай, өзі аз жүйкесін жұқарта түсті. Алғаш келгенінде кәрілік құрығын салса да, аһылап-үһілеуі аз, ширақ жүретін кісі кейін келе жүрісі азайып, әлсіреп бара жатқан сыңай байқатты. Ақыры болмады, аз дегенде бір жыл тұрам деп келген кісі жарым жыл болмай жатып кетуге асықты. Кетерінде: «Балам, жас емессің, жер ортасы жасқа келдің жақсы мен жаманды парықтай аласың, мына өлмелі шешең мен ана бөтен тілді, жат мінезді балаларыңды ойлайтын кезің осы» – деп, ауыр салмақ тастап кетті. Анау аласапыран заманда Оңтүстік Қытайға қоғамдық тәрбиеден өтуге кеткенде әкесі қайтыс болып, арыз, арманын ести алмай, өз қолымен бір уыс топырақ сала алмай қасырет шеңгелдеп қалған еді. Қазір шешесінің әлгі сөзі есіне түскен сайын жүрегі еріксіз дір етіп, шиқанының аузын біреу жұлып алғандай қиналып кетеді. Жаман айтпай жақсы жоқ. Алда-жалда, бұл  күндіз кигіз кітаптарды қопарыстырудан, кеште сыздықтатып сыра ішуден  қолы босамай жүргенде, шешесі олай-бұлай боп кетсе не бетін айтады, шеше сүтінің қарызы мойнында кетпей ме? Қытай транспортының күйі белгілі ғой күнбе-күн ұшақ, пойыз  билетін алып көздеген жерге жету – мұның замандастарының түсінде болмаса, өңінде іске аспайтын арман. Азияның қиыр шығысындағы Астанадан Батыс солтүстік шекарадағы елеусіз қыстаққа күнбе-күн жету – атом бомбасын жасап, жер серігін ұшырып жатқан мемлекеттің қатардағы зиялысы үшін қасқалдақтың қанын табудан да қиын.

«Сәке, қалай, ұйқы жайлы болды ма?» – деген сөз ойын бөліп жіберген Сағи өзіне-өзі енді келіп бұрылып қарағанша, жақында ғана осы қалада моды болып тараған көк мата «Adidas» формасын киген, қырықтың жуан ішіне келсе де, әлі де сән түзеп, салтанатпен жүретін, бұлтиып құрсағы шықпаған, бетінің еттері салбырамаған, қараторы жүзінен қашанда жігер есіп тұратын Дәурен қасынан салып ұрып өте шықты. Оны тоқтатып бірдеңе айтқысы кеп барып, тілін тістеп қалды. Қашанда  да  қауырт шаруадан қолы босамай аттың жалы, түйенің қомында жүретін бұл шіркін мұның пайдасы жоқ, берекесі аз сапсымасына құлақ молда болуға қайдан қайырылсын. Қайта,  жеті қат жердің жоқ пәлесін теріп келіп ділмәрситін соның сылдыр сөзін естіп құлағын сасытқаннан гөрі өзінің жеке жүріп, үнсіз ой теңізіне шомғаны – рахат. Бұл сәттің ләззатын бәлкім, біреулер біледі, біреулер білмейді. Әркімнің өмірден таңдаған өз жолы болған соң, сол үшін тартар жапасы, бөленер шапағаты бөлек қой. Дәурен де мынау ақ, қарасы айырғысыз, түйіні шиленісіп бара жатқан өмір жолы үшін пұшайман болып жүрген жоқ. Әлі де болса орайы келсе опырып, «екі жеп биге шығатын» мүмкіндік пен кеңістік іздеп жүр. Келбет десең келбет бар,  бұл жағынан қайсыбір «Мен!», «Мен!» деген жігітпен бақ таластырып, ырыс жарыстыра алады, тіпті, күні ертең жоғары оқу орнын жүрдім-бардым оқыған, қалаға қалу көкейін тескен қайсыбір уылжыған бойжеткенді қолтықтап қымбат ресторандар мен түнгі клубтарды шиырлап тастап, неке сақинасын ұсынып тұрса, ешкім обал бопты-ау! – демейді, өйткені таным өзгеріп, салт жаңарып жатыр емес пе! Мына заманда бәріне үйлесесің, үйлеспесең де үйлестіреді. Екеуі Шыңжаңда университетті бірге тәмамдады, ішкі өлкеге де жолдамамен бірге  келді.

Бұл қытайдың классикалық шығармаларын жүйелі түрде қазаққа таныстырамын, туған әдебиетімнің тарихи жылнамасын орта ғасырдан бастаймын деген мақсатпен көз майын тауысып ескі кітап үйіндісінен шыға алмай жан етін жеп жүргенде, ол төте жол іздеді. Анау  ұмыт болып бара жатқан жылдарда онда бәрі қылшылдаған жас болатын. Дәурен дүрмекке ілесіп ұран шақырып, ескіні жоғалтып, «қос жүректер» мен ұлтшылдарды әшкерелеп едәуір көзге көрінген, соның арқасында Компартияға да өтіп алды. Ал, кейінгі реформа жылдарында да сүрінген жоқ. Мысықша төрт табандап арқасын жерге тигізбей бір аунап шыға келді де мамандар қатарынан бой түзеді. Қазір ол мүше болмаған қоғам жоқ – «Аудармашылар», «Түркология», «Фольклор», «Этнография», «Шахмат» қоғамы дейсіз бе,  несін айтасыз, бәріне мүше. Қоғамның жылдық форумына қашанда бұзары да, түзері де жоқ бір мақаласы дайын. Сонымен ел аралап, жер танып кетеді. Өзіне де керегі сол. Сыраға қызған кезінде «Гаңкоң мен Тайуаннан басқа 900 милион 600 мың шаршы километр топырақтың бәрін аралап шықтым», – деп дүрілдейтіні бар.

Құдай бұйырса, 1997 жылға есен-сау жетсе, Гаңкоңның да ауылы алыс емес қой, асыл аралдың азаматтары коммунизмнен сескене бермей, барыс-келісті сәл қоюлатса, Тайуаннан да жамағайыны табылып қалар.

«Достарсыз бұл күнде,

Күн көру мүмкін бе?»

Бұл – Дәуреннің отырыстарда сүйіп орындайтын әні. Дос демекші, қазір дос деген ұғымның өлшемі, мағынасы өзгеріп барады. Адамдар арман, мақсатының тоғысқанына, мінез-құлқының келіскеніне, ортақ тіл табысқанына қарап емес, бір-біріне қаншалық пайда жеткізе алатынына қарап достасатын болып барады. Біреуге соқыр жармақ пайда жеткізе алатындай қауқарың болмаса, онда дос табам деп әуре болма. Әне, Дәуренді қарашы, иненің көзінен өтетін пысықтардың яғни, қазіргі тілмен айтсақ, қолынан іс келетіндердің  бәрі соның досы. Ұшаққа, пойызға билет керек пе, ауруханаға жатасың ба, Дәкеңді іздесең – бәрі де оп-оңай шешіледі. Бірақ оның бір шарты бар. Ол – оның бір керегіне жарауың керек. Ең болмағанда, Хан сарайының қасындағы рестораннан қақтаған үйрекпен қонақ қыл, әрине ол жалғыз бармайды, өзі ісі түсіп жүрген бірнеше ағайынын ерте барады. Өмір дегеніңіз – міне, осындай сауда, алдамасаң, алданбасаң артың – соқпақ, алдың – жар. Шыңжаңнан іссапарға немесе қурсқа келіп жататын сорпа бетіне шығарлардың – бәрі де оның тамыр-танысы, тумысында көріспесе де бір-бірін арқан бойы жерден танып, шұрқырасып көрісетін қасиеттері тағы бар, сонымен Тәңіртаудың теріскейінің қырқа-қырқаларынан қазы-қарта, жал-жая дегенің күздің соңы, қыстың басында өздігінен ағылып келіп жатады. Оның танымайтыны жоқ,  қыл аяғы ауланың алдында ішімдік, жемектік заттар сататын жаймашы шал да, жазда келіп қауын-қарбыз сататын тіркеуі жоқ саудагер де, ертелі-кеш карта, мажияң ойнаудан қолы босамайтын зейнеткерлер де оның қиыспас досы, екі күн қастарына барып тісінің ағын көрсетіп дырдуына қосылмаса сағынысып қалады. Аяқ, қолының ширақтығының арқасында  ауызекі тілге де әбден төселіп алды. Жазба аудармасында өлі сөйлемдер мен емлелік қателер қойша маңырап жүрсе де, сөйлеп кетсе, кәдімгі мұрнынан дыбысы шығатын  пекиндіктің өзі дерсің. Оның қасында том-том кітап аударғанымен ауызекі тілге шорқақ бұл шіркін бейтаныстың көзінше тым қораш көрінеді. Бала күннен көкейінде жатталған асыл армандары, өмірге деген нық сенімі есіне түскен сайын мұның бәрін ойламауға тырысады. Кеудесін кеңге салып мына ит өмірдің мешел адамдары таңсық көріп жүрген арзан қызығына пысқырып қарағысы келмейді бірақ, көз алдындағы шындық бәрін ойлатады екен, амалын таусып, сабырын сарқып барады. Өйтпесе, бір мақала қолға алып екі-үш ай арып-азып жүріп аяқтап ең соңғы нүктесін қойған сәттегі лаззәтын Дәуреннің қай қызығына айырбастасын. Пәтерінде осы заманның электронды жабдықтары тіреліп тұрмағанымен ана сөреде самсап тұрған кітаптарының арасына бір кіріп кетсе бәрі ұмыт болады ғой, бірақ, айналаңдағы теңсіздік, күйкі, күйбің қай жыртығыңды жамауға мұрша берсін? Қарашы, арып-аршып жазған мақалаң Мао заманынан бері «тек жүрсең, тоқ жүресің, домаланып көп жүресің» деген пәтуаны миына әбден құйып алып, соған дағдыланып кеткен секемшіл редактордың өлшемдеріне сыймай, тілкімделіп, жүнін шала жұлған тауықтай үрпиіп жарияланса, жазған кітабың енді жарық көргелі тұрғанда мәлім бір қызыл таңбалы кісінің бір ауыз қыңыр пікірімен «мырза қамақта» жатса, өмірдің өгей баласынан қай жерің кем? Ал, енді еңсеңді көтеріп көр, жігерің құм болды деген осы! Бірнеше жыл бойы көз майын таусып жазған «Байырғы түрік әдебиетінің тарихы» атты монографиясын Шыңжаңда бір баспаға берген. Әбден редакциядан өтіп, баспада терілгелі тұрғанда, бұл кітаппен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын бір оқиғалар туылып, саясат өзгерді де, оның салқыны кітапқа тиді.  Сауысқаннан сақ редактор бірнеше тарауын қысқартып, кітаптың атын өзгертпекші болды, бұл оған мүлде қарсы. «Ғылыми еңбек қашанда ғылыми еңбек, бұра тартуға, бұрмалауға келмейді» – деп, уәж айтады. Күйіп кеткенде: «Түркі деген аттан неге қорқамыз, бұл қалыптасқан халықаралық термин ғой, баяғыда сүйектері қурап қалған көк найзалы түріктер тіріліп келіп енді ешкімнің шаңырағын ортасына түсірмес», – деп быжалақтайды, оны тыңдар, түсінер құлақ қайда бұл күнде? Сонымен екі жыл болды – кітап  ары тарт та, бері тарттың додасында асылып тұр, баспаның да бір хабар беретін уағы болды, қанша дегенмен, «іштен шыққан шұбар жылан емес пе?», соның хабарын күтіп елеңдегелі біраз болды. Кезіккен сайын Дәурен айтады: «Дүниеде ақымақ біреу болса – сенсің, екеу болса – сыңарысың, түкке тұрмайтын бірдеңеге бола қасарыспай кітабыңды шығартып алып, қаламақыңа видео камера сатып алмайсың ба? Сендей білімім болса, қазірге дейін 10 кітап жазып ақшаға белшемнен батар едім», – деп. Оған не дерсің, таным солай ғой. Енді оған ғылыми зерттеу мен күнкөрістің арасына теңдік белгісін қоюға болмайтынын түсіндірем деп өзі сиреген шашты онан әрі сирете түсудің жөні жоқ қой. Өзі де қызық, болмашы нәрсеге тарылып, ақырзаманды өз басына орната сап, ащы тері сіңген жиырма неше жылдық тарихын сызып тастағысы кеп кетеді. Екі жастың біріне келгенде енді қайтадан кәсіп талдап не марқадам табады. Қой, қазірге дейін бәріне шыдап келген екен енді не болса да шыдайды. Мансаптың да керегі жоқ ізденгендер, қуынғандар алсын. Осы күнде елдің бәрі билікқұмар. Тып-тыныш монтиып жүргендердің өзі реті келсе екі адамды басқарып, қанша қабат екенінде кәрі жоқ әйтеу, үзеңгі болса болды, аяғын іліктіріп алып, шырт түкіріп шіренгісі келеді, бірақ, өзінің оған икемі бар ма, жоқ па, онымен шаруасы жоқ. Қайтсін, бұл заманда қолда  билік болса, бәрі болады, қала қазақтарының болмашы сылтау табылса болды жасай салатын көп қонағасыларында алқа-қотан топтың ортасында қошамет күлкіге семіріп, қоқиланып отырғаныңды айтпағанның өзінде, пәтер үшін қиналмайсың. Дәрежең толса, болды телофон, машина дейсің бе, әйтеу, бәрі даяр болады. Қызмет бабымен сыртқа шықсаң отырғаның – ұшақ. Ал, анау қалтаңнан соқыр жармақ шығармай салтанатты ресторандардан түстеніп, қонағасы беріп аттана бересің! Міне, бұл кімдерді арбап, қызықтырмасын, қайсыбір ет пен сүйектен жаралған пенде баласы көз алдағысын дәтке қуат қылып, етегіне намаз оқып жүргісі келеді дейсің, ыңғайы келсе – бәрі де ит те, бит те би болып жатқан мына дүниені бір шайқап қалғысы келеді. Осы пәле қойнында тыныш жатқан Науаттың да мазасын алып, тынышын кетіріп жүр. Бір замандарда жүзімдей мөлдіреп, біреу бетіне түзу қараса, екі беті албырап қоя беретін, қанша жүйкесі жұқарса да даусын көтеріп сөйлемейтін бойжеткен енді, міне, екі баланың анасы болып, сары қарын бәйбіше атанғанда өнер шығарып бастық болмақшы. Бәлкім, мынау кітап жады жігітінен (замандастары шалың десе кәдімгідей шамданып қалады) ештеңе шықпасына көзі жеткен соң, енді, осы түтінге кем болып тұрған биліктің символы саналатын қызыл таңбаны қолға келтіру сынды тарихи міндетті өзі орындағысы келген шығар, тың қырынан көріне бастады. Жұмысқа ерте барып, кеш қайтады, жиын болса көсіліп сөйлеп кетеді, бастықтардың кабинетіне барып жаңа ұсыныстарын айтуға тіпті белсенді. Оның есесіне, үй ішінің берекесі кетіп, асқан тамақты қайтадан ысытып жеу, кір-қолаңды екі аптада екеуі бірлесіп жуу  әдетке айналып барады. Бәлкім, «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген осы шығар. Еее, заман-ай, сен осылай бастаған соң, судан жаралған әйел затының өзгеруі тіпті де оңай екен, оған несіне таңданайық…..

Ойсоқты боп көшеде көп жүріп қалған Сағи бүгін үйіне күндегіден кеш оралды. Науат та, ұлы мен қызы да орындарын жиып, жуынып болып, сәскелік асқа отыра бастапты. Күнде бұларды өзі оятып, шәйді өзі әзірлеуші еді,  бүгін міне сәл кешіккенді, күте тұрмапты.  Көңілі құлазып кетті. Мұның бала күнінде, әкесі сыртқы шаруаны қашан ыңғайлап келгенше, інісі  екеуінің құрсақтары шұрылдап тұрса да, қара шәугім оттан түсірілмейтін. Әкесі қағынып-сілкініп, қақырынып-түкірініп болып төрге кеп жайғасқанда, бағанадан кем нәрсе толықтанғандай үйдің ішін разы, хоштық пен жылылық кернеп кететін де, шешесі ширақ қозғалып дастархан жайғанда бұлар әкесін қоралай отыратын – ол бір салтанатты көрініс еді. Қазір ше? Заман басқа, салт өзгеше. Ол – ауыл, бұл – қала. Өзін солай жұбатады. Ұлы мен қызы ержетіп, бойжеткен сайын суық тартып, алыстап бара жатқан сияқтанады, кішкене кездерінде бауырмал, сүйкімді болып құлдыраңдайтын… атасы мен әжесін, нағашыларын сұрайтын, «Неге оларды іздемейміз?» – деп  тәтті тілдерімен сұрақ қойып, мазасын алатын. «Туыс-туғанымыздың бәрі Шыңжаңда болса, бұл жерде нығып жүрміз, кетейікші!» – деуші ед. Ал, қазір ауылдың әңгімесін айтсаң, мұрындарын шүйіреді, мына қытайшасымен бара-бара бала-шағасымен кең отырып шүйіркелесудің өзі қол жетпес арманға айнала ма, қайтеді? Сағи беті-қолын жуып, үстелге отырғанда баласына тіл бітті.

  • Баба (папа) саған айтатын сөз бар.
  • Айта ғой.
  • Кәсіптік техникумға түсіп оқысам деп едім.
  • Неге? Орта мектепті аяқтап, университет оқымайсың ба? – Ұлының мандытып оқып жүрмегенін білетін Сағи оның келешегінен әлдеқашан күдер үзген, десе де көңілі үшін осылай айтты.
  • Университет бітіргендер де белгілі, жанын әрең бағып жүр, қазіргі заман сіздердің заманға ұқсамайды, ақша болмаса – бәрі де бекер. – Қаршадай баланың сөз сілтесі бөлек. Қаланың балалары тумай жатып шетінен білгір, жатырынан заржақ болып туған, олармен сөз таластырып береке таппайсың. «Ақыл – ауыс, ырыс – жұғыс» деген осы шығар  деген ойға келген Сағи баласының сөзін аяғына дейін тыңдауға бел байлап, өзіне қарап кідірген баласына сөйлей бер дегендей басын изеді.
  • Кәсіптік техникум шетелдіктер басқаратын қонақ үйлерге даяшы дайындайтын класс қабылдайды екен, соған тіркеліп қойдым, оны оқып шықсам, ақшаның астында қаламыз.
  • Мұның жөн болыпты.
  • Бірақ, техникум сәл алыс болып тұр, барып келуге қолайлы болу үшін бір спорт велигін алсам. – Алғашқы сөзінен кейін толықтай қытай тіліне ауысқан ұлы даусын бәсейтіп өтіне сөйледі.
  • Қанша юань екен? Әңгіменің бір ұшы өзінің  құқық көлеміне, отбасының қазынасына ауысып бара жатқанын аңғара қойған Науат сөзге араласты.
  • Көп емес, небары 600 юань.

Сағи мынау қылжақтап тұр ма дегендей баласына қарап еді, балғын жүзінде еш еркелеудің табы жоқ, балаға жараспайтын сабырлы мінез танытып , өздерінен жауап күтіп отыр екен.

  • Балам, әкеңнің айына қанша юань алатынын білесің бе? – Баласы басын шайқаған соң, сөзін жалғастырды.
  • 300 юань. Ал, сенің алам дегенің одан екі есе көп, сонда саған велик алып берсек, қалғанымыз қара су ішеміз бе?
  • Осыған да шамаларың келмей ме? Менің кластастарым мұндай великті сәнге мініп жүр. Мен….
  • Осы кезде есік жиі қағылып, бөлім бастығының кішкене қызы ентіге кірді де:
  • Сізді Шыңжаңнан телофонға шақырып жатыр, – деді. Бұл  қыздың қасына екі аттап жетіп барды.
  • Қайдан келіпті, әкең үйде ме?
  • Білмеймін, үйде ешкім жоқ.
  • Бәлкім әлгі кітаптың жағдайын айтатын шығар? – деген Науаттың сөзі өзіне өтірікке ұқсап естілді. Балалар ештеңе болмағандай, бейғам шәйлерін жинастырып жатыр. Сағи сырт киімін жамылуға да мұршасы келмей табалдырықтан асығыс аттап шықты. Баспалдақтан түсіп бара жатқанда, белі бүгіліп, құр сүлдері қалған шешесінің жүн түтіп отырған бейнесі, қызыл сиямен оспадарсыз тілгіленген кітабының қолжазбасы, әйелінің  үрейлі көзі, балаларының немқұрайды, немкетті сұлбасы көз алдынан сағымдай бұлдырап өте шықты.

1992 жыл, желтоқсан

ҚАРҒАЛЫТҮБЕК

Ерте жолға шығуға қанша жан сала қамдансам да, таусылып бітпес ауыл өмірінің күйкі тұрмысы қолбайлау болып, ақыры тамыздың ми қайнатар ыстығына ұрынып тындым. Астымдағы Шабдар да қамшысыз аттап баспайтын шабанның өзі екен. Бұл күнде жер емшегін еміп күнелтіп жүрген жатақ елі не оңған жылқыға жарушы еді. Қыста той-төкінге мініп, көкпарға салатын жүрісі тәуір бірмінерлерін қар суымен жайлауға жібереді де, жауыр болмаса қолау, ыңыршағы шыққан мәстектерін шәй-тұз әкелуге, ана-мына жеңіл шаруаны бітіруге аяқ ылау ету үшін алып қалады. Араға ширек ғасыр уақыт салып ауылға оралғанымда, көзі тірі туыстарымның тауып бергені осы болды. Бұған да шүкіршілік, жиырма жыл туған жер, өскен елінен кіндік үзіп, дәм тұзын ішкі Қытайдан айырып, көк тиындық пайдасын көрсетпеген жатбауыр зиялыны жатырқамай қарсы алған қайран қазекеңнің көңілі десеңші! «Әйтпесе, көкшұнақ жармақтың көзіне қарамай, қоғамдық көлікке отыр, ол болмаса ана Ұлы қорғанның аржағынан келдің ғой жатсынбас, тілін тап та, біреуінің жүк  машинасына мінгесіп тарта бер. Осының бәрі әкесінің басына құран оқытқалы бара жатқан жоқ, таудағы қарағайды ойға тасығалы бара жатыр, сағынған тауыңа апарады да тастайды» десе не деймін? Қайта, кіндік қаным тамған жердің әр бұтағын, әр түп шиін аңсап келген мен байқұстың айында, жылында келіп жатпаған соң мынау орайды қолдан бермей өгіз болса да мініп, оңаша жүріп, осынау балалық, жастық шағымның ізі қалған даланы тақымымды ауырта араласам-ау деген көкейімде кептеліп тұрған құпиямды айтқызбай біліп, өндірістің қарбалас кезіне қарамай астарындағы аттарын түсіп берді ғой! Қамшылайын десем, Шабдардың іші-бауырыңды езіп жібере жаздайтын дүңкілдек желісіне шыдамай, сағыз аяңға салып отырып Мойынгүзердің  дөңіне де іліндім-ау, әйтеуір. Мойынгүзер сай-сай боп бір-біріне тұтасып, көсіліп кететін адырлар тізбегін жергілікті халық «дөң» деп атайды. Осы сайды  құлдап, дөңді қуалап жүре берсең Тәңіртаудың жазиралы жайлауына, мұзбалақ шыңдарына барасың. Осы бір жылан жалап кеткендей қылтанағы жоқ, шаңы аспанға шығып, қаңсып жатқан жотаның үстіне көтерілсең, солыңда Нылқының қыстауы – Қаратау мұнартып көрінсе, оңыңда Қабанбай шоқысын айнала қоршап ақ қар, көк мұз құрсанып көсіліп жататын таулар табиғаттың құдыретіне ғажаптандыра өзіне баурайды. Оңтүстіктен солтүстікке қарай көлбеу ағып Қаратаудың бауырына барғанда батысқа қарай бағытын шорт бұратын Іле өзені алақаныңа  салғандай жарқырап, анық көрінеді.

Күн төбеге келгенде Мойынгүзердің үсті тіпті де тозаққа айналады екен, шекеден өткен ыстықтан басың айналып, қаңырығың түтеп, шөлдеп келе жатқаныңда, мынау ақпараттық ғасырда Республика астанасының тұрғыны орта ғасырлық көлікпен тепеңдеп келе жатқанын мазақ қылғысы келгендей ары-бері толассыз зырылдап жатқан жүк көліктері шаңға көміп өте шығады. Жол азабын мына шақша басым бір кісідей-ақ көріп еді, бірақ, қазір төзімім таусылып, көптен бері ұмыт боп кеткен былапыт сөздер аузымнан шығып кетіп жатыр. Кім білсін, туған жердің тарпаң табиғатының қилы-қилы оғаш мінездерін жатсына бастағаным шығар? Уақыт шіркіннің зуылдап өте шығарын кім білген? Бастауышты бітірген жылы осы елде қаптап кеткен аты жаман аурудан әкем-шешем арт-артынан қайтыс болып орта мектепті туыс-туғанның қолында, мектептің жатақханасында жүріп әрең аяқтаған болдым. Қайтадан тәрбие алуға түскенімде, бірнеше атадан бері сіңірі шыққан кедейден қалған жалғыз тұяқ еді, көзінің оты бар, өзі де қағаз, қаламға үйірсек неме ғой, адам болып кетсін деп әтірет бастығы бастап, қалғаны қостап Ішкі өлкеге оқуға аттандырды. Алты жыл университет, оған жалғасқан үш  жылдық аспирантураны бітіргенше елге қайтпадым, келе ғой кекіліңнен сипайын деген де ешкім болған жоқ, оң-солын  ойламайтын албырттығыма, жетімдік тасбауырлығым қосылып қағазға қадалып жүре бердім. Аспирантураны бітіргенімде жер шарының арғы бетіндегі «бізтұмсықтарға»  барудың реті келді. «Өмірде орай бір-ақ рет келеді, құр қалма» деген ұстазымның бір ауыз сөзіне имандай ұйып, Тынық мұхитты көктей өтіп кете бердім. Ол жақта бес жылдың басына су құйып, қайта оралып өзім оқыған университетте жұмысымды жалғастырған соң ғылыми жобаның соңғы нүктесін қойғанша тағы алты  жыл зымырап өте шығыпты. Жиырма  жыл көп пе, аз ба? Оны кім салмақтап көрген, дегенмен, тепсе темір үзетін бір жігіттің жасы емес пе, көрген түстей ғана өте шығарын кім болжаған?  Күнім-ау, кеше ғана емес пе еді, әкемнің қозғалған сайын шиқылдап әндететін өгіз арбасына қара қосымызды, бар мен жоқтың арасындағы дүние-мүлкімізді тиеп, бес садыра малымызды алдыға салып жайлауға барамыз деп осы дөңнен асып бара жататынымыз. Ол кезде мына дөң қазіргіден бір мысқал көрім сияқты еді. Сай-сайда қараған, ырғай қарайын, жайқала өскен боз жусанның исі мұрынды жарып тұратын, кей жерде шымырлап көз қайнап, жылтырап бұлақ ағып жататын, мына темір жәндіктер де бүгінгідей іркес-тіркес ағылмай, шанда   бір  сахара халқын ұйқысынан оятқысы келгендей шаңдатып өте шығатын. Ұзақ жолда арбада отырып шаршап-шалдығып, шөлге шыдамай қыңқылдағанда, «Жылама, балам, күн құламай тұрып Қарғалытүбекке жетеміз. Сол жерде шешең дәмдеп шәй қайнатады. Мен саған тобылғыдан әдемі қамшы сап, ырғайдан таяқ жасап беремін» – деп, әкем жұбататын. Сонымен мен үшін жердің жәннаты – Қарғалытүбекке қашан жетеміз деген алып-ұшқан тәтті қиялдың әлдилеуінде, шешемнің тізесіне басымды қойып жатып көзім ілініп кететін.

Шөл қысып әкетіп барады, таңертең жолға шыққанда бірер құты қайнақ суды қанжығама  байлай шықпағаныма енді өкініп тұрмын. Көп жылғы тыныш тұрмыс, жайлі ұяға әбден әдеттеніп кеткенім болар, сәттік шөлге шыдамай апшым қуырылып, тынысым тарылып кетті. Артыма бұрылып қарасам көз ұшындағы астыртта тарам-тарам боп жайылып Іле өзені ағып жатыр, ал, мен мына Тәңір атқыр тақыр дөңнің үстінде ернім кеберсіп, таңдайым кеуіп шымшым суға зармын, өмір шіркіннің кейде кісімен өстіп қылжақтасатыны бар, діттеген нәрсені көрмей-білмей зар болсаң оның жарасы жеңіл ғой, көріп тұрып қолың жетпесе сен пұшайман болмай, кім пұшайман болады?  Қарғалытүбекке жуыр манда жетер емеспін. Қолымдағы бұзау тіс қамшыны білей ұстап, сауырды бойлата екіні салып едім әудем жерге шоқырақтап барған Шабдар дүңкілдек желісіне ауысты да, бірте-бірте өзінің өгіз аяңын таба қойды. Кісі баласы жасы ұлғайған соң тығырыққа тіреліп жаны қиналғанда көз алдына келіп көлбең қаққан өткен күндер елесінің жүректі сыздатар, жан қинар көлеңке жағын аттап өтіп жанына майдай жағатын, желпінте түсетін мәнді тұстарын сағына еске алып өзінше талғажу етеді екен. Шіркін,  сол күндер десеңші! Кешкі шапақ қызыл арайға боялып қасиетті күн ұясына қонар алдында Қарғалытүбекке де жеткен едік. Мұрынға таудың жұпар исі келіп, қоңыр салқын самал келе бастады, осы түбектің заңды қожасы болып кеткен қарақұрым қарғаға қарап көзің бұлдыраса, тынымсыз қаңқылынан құлағың шыңылдайды. Самсап тұрған жабайы алма, өрік қарғалар ұшар басына ұя орнатып алған түйенің беліндей-беліндей атам заманғы терек, бір-бірімен таласа көкке бой созса, қараған, тобылғы, ырғай дегендерің ит тұмсығы өтпестей боп сыңсып тұр. Қарлы таудың баурайынан бастау алатын Іле өзенінің бір тармағы түбінен тас көрініп іргеде ағып жатыр. Әудем-әудем жерде тұтанған көк түтін шұбала көкке өрлеп барады, бұл жаңа ғана жүгін түсіріп, бел жазып дамылдаған малшылардың кешкі асқа қамдануы болатын. Ол кез шешемнің етегіне оралып, сүттің қаймағын аңдитын еркелікті қойып, әкеме еріп мал қайыруға, ат арқандасуға жарап қалғанмын. Шешем бір құшақ шөмшек теріп келіп, мосыға шәугім ілгенде мен әкеме еріп түбекті аралауға кеттім. Әлі қонақтап үлгермеген қарғалардың шуылы басылар емес, ұясынан шығып алып, жан-жағына қылдырықтай мойнын созып, тыным таппай шиқылдаған балапандар көзіме тіпті қызық көрініп кетті. Жерден қарымыма сиятын тастарды іріктеп алып, жалғыз өзім шабуылға шығып сайыстың қызығына түскенімде, «Қой, балам бейуақта қарғалардың шырқын неге бұзасың, ол да жан иесі емес пе?» – деп әкем тыйып тастады. Жалғыз ұлы дегенде әншейінде жайылып жастық, жиылып төсек болып беруге бейіл әкемнің қабағында қарсы келуге келмейтін айбар бар екенін тұңғыш рет байқап, қайтерімді білмей қыстығып тұрып қалдым , «жауыма» бағытталса да лақтырылмай қалған қолымдағы «оқтарым» сусып жерге түсті. Ақыры, тыныштықты әкем бұзып,  әлгіндегі айбары азайса да,  тым байсалды үнмен  «Қарға болмаса мына түбектің де сәні кірмес, бұл да болса Құдайдың құдыреті! Әр жан иесінің өз ырыздығы өзіне, бір-біріне көз қызартуының түбі жақсы болмас. Жүр, барып шәй ішейік», – деді.  Әкемнің сөзінің байыбына бармасам да, әлдебір күңгірт ұғым бала жүрегіме орнағандай болып, үнсіз бас изедім.

Ой шіркінге дауа жоқ қой! Соңғы рет кірпік қағып, мынау жарық дүниемен қоштасу алдында да әлденені ойлап, миың дода болып жатар. Бағанадан әрнені ойлап,  қиялдап жер әлемді шарлап кетіп едім, шөл азабын да ұмытайын деппін. Жүрісім де өндіп кеткен сияқты – міне, Қапшағайға да жетіппін, енді ана көрініп тұрған белдің үстіне көтерілсем болғаны Қарғалытүбектің желкесінен топ ете түсем. Қапшағай көпірі де мүлде өзгерген, бұрынғы аласа ағаш көпір емес, бетоннан екі көлік қатар зымырап өте шығатын зәулім көпір салыныпты. Өзеннің екі жағасында қатар-қатар ірге тепкен жеке асханалар мен ұсақ саудагерлердің сауда дүңгіршектері мына алапты көп-көрім базарға айналдырып жіберіпті. Аттарын қаңтарып байлап тастап лағман-мәнтіге тойып, араққа қызып алған кәдімгі етжеңді, қызыл шырайлы қазекеңдер шалыс басып, аузы-басы көпіршіп дуылдап жүр.  Шеттеу тұрған асханаға тізе бүгіп, еткен шәйға қанып алдым да жолыма түстім. Енді Шабдардың мимырт жүрісіне, өзімнің ұшқыр қиялыма ерік берсем болғаны, Қарғалытүбектің саясына салқындап, майсасына аунайтын сәт тым алыс емес.

Жел қуған қаңбақтай жер шарының бір шетіне шығандап кеткен күндерімде әлдебір жанымды жегідей жеген мазасыздықтан арыла алмай, істеген ісімнің өнімі болмай қиналғанымда,  тыныстап алу үшін сәл ғана көзімді жұмсам болды, көз алдыма келіп тұра қалып, сәби күндеріме қарай ерте жөнелгісі келіп арбайтын, ұйықтасам түсіме кіріп бойыма айтып жеткізгісіз қуаныш, бақыт бағыштайтын Қарғалытүбегімнің қасиетті топырағына табанымның ұшы тиіп тұр.. Бірақ, өз көзіме өзім сене алар емеспін, адасып кеттім дейін десем, оған аузым бармайды – мынау тал бесігіне тербеткен түбекті жеті қат жерді айналып келіп, көзімді таңып қойса да, жазбай танитыныма сенімім кәміл. Ал, мына таздың шашындай анда-мында бір селтиіп онсыз да қурай бастаған шолақ теректерден басқа дәнеме жоқ тозып, тақырлана бастаған жердің сол баяғыдағы сәби көңіліме өшпестей орнап қалған Қарғалы түбек екендігіне көзім жеткен сайын ішім удай ашып, сай-сүйегім сырқырай бастады. Бұрынғы қарақұрым қарға да қалмапты, әудем жерде бес-алты қарға шоқақтап жем теріп жүр. Бұрынғы сарқырап ағатын ағынды өзен де тебінінен қайтып, әлде бір адам түсінгісіз мұңмен зарлана, аңырап аға ма, қалай? «Өмірде не болмайды, бәрі де болады?», «Тауды қопарып, теңізді қотарамыз» деген тәлім-тәрбиені жөргектегі кезімізден санамызға сіңіріп, өз сан етімізді өзіміз жұлып жеп өскен ұрпақтың біріміз ғой, бірақ, мына қасыретті көрініске қарай беруге дәт шыдар емес, қайырылмай өте шығуға тіпті  мүмкіндік жоқ. Ақыры өзен бойынан көгалдау жер тауып дамылдап алуды жөн көріп аттан түстім. Ат көрпемді жерге жайып жатып мызғып кеткен екем, құлағыма әлдеқайдан «Заман, заман, заман-ай , пендең де жоқ амал-ай…» деген қарлығыңқы, мұңлы әуен үзіліп, талмаусырап кеп естілді. Бағана байқамаппын, ана жотаның бауырына жастап салынған мыжырайған үйшіктің алдында сақал, шашы ағарған біреу күнге қыздырынып жейде-дамбалын ақтарып, бит қарап отыр екен. Шабдар жерден басын көтерер емес, жер бетін жасырып тұрған көкті обырлана шайнап өліп барады. Аздап тыңайып қалыппын, әлгінде көзіме тығылып тұрған ұйқы шайдай ашылып кеткен соң ақырындап шалға қарай аяңдадым. Таяп келіп даусымды көтере берген сәлеміме жалт бұрылып қарап, ернін жыбыр еткізді де, арса-арса саусақтарымен кір-кір жейдесінің о жер, бұ жерін түртпектеп битін сыға берді. Ауылда алғаш көрген адамына әсіресе шаш қойып, қалаша киінгендерге ә дегенде жүзін бермей, томсырайып отырып алатын, ал, тілін тапсаң көсіліп қоя беретін қырсық шалдар көп болушы еді, дәу де болсаң соның бірі боларсың деген жорамалмен әдейі сүйкене сөйледім:

  • Ақсақал, қонысыңыз жайлы, «қойыңыз» мол екен. Шал алая қарады да күңк етті:
  • Немене, бас жегің кеп тұр ма?
  • Әй, қайдам, өзіңізден асар емес қой.
  • Уа, зырылдаған неме, қу тіліңе сүйеніп өлмелі шалды түртпектегенде мүйізің ұзара ма? Одан да жөніңді айт, қайдан келесің, қай туғансың, кімнің баласысың?

Сөзден жығылғанын білді ме, әлде қиқарлығы осыншалық қана ма, шалекең қан ұйып қалған екі басбармағының тұяғын түкіріктеп жуды да, жөн сұраса бастады.

  • Ойдан келемін, сүйегім – қара, Әленнің баласымын.
  • Әлгі Қара Қожағұл шулап жүрген Әленнің қытай боп қаңғып кеткен баласы сен болдың ғой?
  • Ақсақал, ол қызмет бабы ғой.
  • Е, қызметіңді білеміз. Осы елде сен сияқты жігіттер көп, шетінен жүзіктің көзінен өтетін пысық – бәрі де қызмет, қызмет деп жүріп жардай боп семіріп алды, ал жер мынау тозып барады. Шалдың соңғы сөзіне орай мен де сап ете түстім.
  • Ақсақал, мына түбекке не пәле келген, бір кезде сыңсып тұрушы еді ғой?
  • Мен айтпайын, сен білме, – осылай қатқыл үн қатқан шал сөзін жайбарақат жалғастырды. – Апыр-ау, түс ауып кетіпті ғой, шөлдеген шығарсың, шәй қояйын, бір кезде әкеңмен дәмдес-тұздас болған едім, жарықтық иманды болғыр жан иесіне қылдай қиянаты жоқ біртоға түзу кісі еді, қайран асылдың сынықтары таусылды.

Іргесінде ағып жатқан кішкене бұлаққа еңкейіп қолын шайды да, бір шәугім су көсіп алып жер ошағына қойды. Екі-үш шыны шәй ішіп таңдайы жіпсіп, құрыс-тырысы жазылып, дөңайбат мінезін тастап, күнмен тотығып, әжім айғыздаған жүзіне болар-болмас күлкі нышаны тебіндеп шыққан кезде шалды ақырын ептеп суыртпақтап отырып ұшығы шықпаған әлгі әңгімеге қарай жетектедім. Ақсақал да шөке түсіп жатып алмай ащы шыққан шәйін сораптап қойып, әңгіме тиегін жиектеп ағыта бастады. Оншақты жылдың алдында мына Тәңіртаудың қатпар-қатпар жоталарын, қарлы құз-шыңдарын кесіп-тесіп өтіп ар жағында Жеті шәрі еліне тұтастыратын мемлекеттің қорғанысы үшін стратегиялық маңызы бар автожол саламыз деп, темір көліктері, құрал-саймандары жер тітіреткен қара нөпір құрылысшылар қаптап келіп, осы түбекке бекінеді, әне, солар сұраусыз тоғайды білгендерінше қажетке жаратып отап жібереді. Оларға бұл қалай деуге, бүкіл дүниежүзі пролетарларына үлгі боларлық ұлы төңкеріс пен құрылыстың қызығына түсіп кеткен жергілікті орынның басшыларында қайдан мұрша болсын?

Мұндайдың талайын көріп  еті өліп әбден  жуасып кетсе де, тап мына талай аңын аулап асыр салған, отқа жағу үшін қу ағаш іздеп сай-саласын талай сүзіп шыққан қысқасы, бүкіл ғұмырының куәсіндей болған Қарғалытүбегінің көз алдында, ел аман, жұрт тынышта құрып, жоғалып кетуіне дәті шыдап, мойынсал болғысы келмеген мына шал бір күні құрылысшылардың бастығын іздеп кеп дәтін айтып, арызданған екен. Көшпелі заманның сарқыты болған шалдың сөзін түсінген де, өзін адам екен деп елеп-ескерген де ешкім болмапты, оны десең, алғаш аштықтан ауып келгенде шалдың бір бөлмесінде тамағын асырап, көрпесін жамылып, күнін көріп баласындай  болып кеткен, тіл үйреніп, сонымен қатарға қосылып аудармашы деңгейіне жеткен, бір жетім жатырқамай жанына барған тазының тұмсығына темекінің шоғын басып қызық шығарады. Үндемей жүріп бір қозғалғанда заң-зәкүнді қойып, тіршіліктің басына былш еткізіп түкіре салып, жығылған жағынан тұрмайтын қазекең көзіне көрінгенді ат бауырына алып сабап, тазысын айтақтап жер кепелеріне қуып тығады. Ақыры, сол кездегі ақырып тұрған қатал саясаттың қырына ілініп, 10 жылға кесіледі. Еңбек лагерінде жүргенде пұшпағы қанамаған жалғыз кемпірі кебенек киіп кеткен шалын күте тұруға тағаты жетпей, ендігі несібесін қара жердің астынан іздеп кетіпті де, енді міне, соқа басы сопиып қалыпты. Түбектің қалған-құтқаны соңғы жылдары бұл жақтан нағашысын іздегендей сеңдей соғылысып келіп жататын қаңғыбастардың ырыздығына бұйырыпты. Сұраусыз дүниені түбірінен қоса қазып көтеріп  кететін сол жапакеш жандардың тойымсыздығының куәсімін дегендей әр жерде үңірейіп-үңірейіп шұңқырлар жатыр. Заманына, заңына сыймай жылы ұясын бұзып алған жалғыз шалдың бұл түбекті мекендегеніне бірнеше жыл болыпты, қанша дегенмен, өзеннің бойы емес пе? Ойпаттау жерлерде тал, қараған, ырғай дегендерің қайтадан өніп, жетіліп қапты. Шалдың ендігі тірлігі соларды малдан, жат қолдан қору екен. Кетерімде:  «Оншақты жылдан кейін қайта келіп көрсең, көп-көрім түбек болып қалғанын байқайсың»,  – деп, болар-болмас күлімсіреген болды. Байқұс шалдың күлімсірегені жылағанға бергісіз болып кетті.  Ішімнен аяп: «Кісі киігім-ау, сол күнге жетер ме  екенсің?»  – деп күбірлеймін.

«Өмір көші алға жылжып барады» – бұл біздің замандастарымыздың аузынан түспейтін сөз.  Бәлкім, солай да шығар ал, Жер-ана ше? Біз оның қадір-қасиетін біліп жүрміз бе?

1991 жыл, қазан

Омарәлі ӘДІЛБЕКҰЛЫ




ПІКІР ЖАЗУ