БОЗАЛА ТАҢ МЕН БОЗТОРҒАЙ
ҚҰМАЙ
Италақаздың аруы
Томаға-тұйық тез күнде,
Бойдағы қуат-қаруы
Бордай боп тозған мезгілде
Көлденең көзден қорғалай,
Кеудесі тола дірілге,
Құлайды келіп сорғалай
Құмдауға біткен бір інге.
Ада қып сосын қайғысын,
Адал боп ана ғұрыпқа,
Туады екен байғұсың
Бар-жоғы үш-ақ жұмыртқа.
Тамызып майын ауыздан,
Толғайды қарттар былай деп:
Бір балапаны қауыздан
Қыңсылап шығар құмай боп.
Асырап алса адамзат,
Хайуанның осы құйыны
Аспанның астын базарлап,
Бұлт соғып өтер бүйірі.
Жебедей болып азынар,
Жетпейді оған сұңқарлар,
Жердегі бүкіл тазылар,
Желден де жүйрік тұлпарлар.
Құс қайтар кезде базына
Қарасулар мен қырға айтып,
Ілесер құмай тазы да,
Италақазбен бір қайтып.
Кесіртке көзді шөлдерден,
Кесе таулардан тіс-түрен,
Кес-кестеп шыққан көлдер мен
Дариялардың үстінен
Секіре-секіре бір танбай,
Жылы жақ болып серті нық,
Өледі екен жете алмай,
Өкпесі өшіп, ентігіп.
…Дүние-ау, белді буған соң,
Қиындық, қиқу тіленген,
Италақаздан туған сол
Құмайға ұқсас ұл ем мен.
Арманым алда бар қанша,
Жетпейін я жетейін –
Өкпем бір өшіп қалғанша
Құмай боп қуып өтейін!
ЕСКІ ЖҰРТ
Қант түгіл, қара суын балдай деппін,
Мен ақын баласы едім Қалдайбектің.
Арманның айлы түні адастырып,
Ат ізін сол ауылға салмай кеттім.
Білмеймін сертім қандай, өртім қандай?
Көрмесем қадірім мен көркім бардай,
Алыстан сыйласқанды өлең етіп,
Өзімше болып жүрмін бөркім дардай.
Екі-ақ үй Екінші ауыл елдей мекен,
Ерттесем желмаямды, желмей жетем.
Әлде мен етегі елпі, жеңі желпі
Жылдарға қайта оралғым келмей ме екен?
Дүние болып еді тар маған да…
Апырмай, ескі жұртқа бармағанда
Есенбай дейтін сол бір кедей жайлы
Естелік тірілтуге арланам ба?
Аға жұрт, ак кіреуке тон-жағам бар,
Қонбадым қонысыма қомдаған нар.
Жетімді жеті әкеден жіберетін
Ат мінген ақ жабулап Оңдағандар
Айтпаймын елге бүлік салды-ай деп те,
Ел оны жақсы көрді жандай деп те…
Көжесін интернаттың қатар ішкен
Көп достан кім бар екен Қалдайбекте?
Сайрамай сандуғашы сазарып таң,
Жатақпен қоштасар күн маза құртқан.
Әкемнің табан ақы, маңдай терін
Тіленіп нән бухгалтер Қазановтан,
Жыр жазып, жанарымнан жас парлаттым…
Қаржы алып қанындай бір қасқалдақтың,
Өрмелеп Алатауға кете бардым
Өрімен арман атты баспалдақтың.
Ұлы ағыс толқындарын ұластырып,
Жылдарды домалатты қыр астырып.
Сырмінез сол ауылға соқпай кеттім,
Сыртынан амандығын сұрастырып.
Өрімдей қауырсыны көк өспірім
Көрінбей, көңіл, неге емексідің?
Аспанға асатаяқ лақтырғандар
Бүгінде қойдан қоңыр деп естідім.
Заманы мейірленіп, зейін беріп,
Жас қауым ағалыққа бейімделіп…
Алды ма ел тізгінін өз қолына,
Өмірге біздің ұрпақ кейін келіп?
Дауасы сағыныштың бар ма мына,
Жырды да, жинап қойып шаруаны да,
Барып бір қайтсам деймін Қалдайбекке,
Әжемнің сәлем беріп аруағына!
***
Кимесек те біз көк сауыт,
Көз ілмей өтті не түндер.
Жиделі сайда шөп шауып,
Жорықта жүрдік жетімдер.
Даусында суық ызғар жоқ
Тайқара қайда, таң сәрім?
«Жұмысқа шығыңыздар!» деп
Айғайлағанын аңсадым.
Сыпа бір белден боратып,
Сыпырса сәуле томаға,
Сыпыра бізді оятып,
Сықпыртатұғын сол аға.
Ол да бір қызық күй еді
Азан да қазан жайларға.
Тапырақтатып түйені,
Таң атпай салдық сайларға.
Өлеңім еді туатын
Бригадирлер сүйкімді.
Бөліп те бөліп қуатын
Бөріккен қойдай ұйқымды.
Кәнеки, жылдам жет, күндер,
Желкілде, жердің ну көгі!
Жым-жырт боп қайда кеттіңдер,
Даланың дабыл-гудогі?!
Атса да қанша іркілмей,
Бозала таңдар бояп қас,
Ұйықтап бір қалсақ бүл күнде,
Бізді енді ешкім оятпас!
***
Көрінді бұлттан қиық күн,
Көңіл де ояу, көз де ояу.
Сен барсың бірақ, сүйіктім,
Бозторғай бояу, боз бояу.
Ерте де, кеш те төгіп жар,
Естіліп тұрар ер даусың.
Сен жүрген жерде өмір бар,
Өмір бар жерде сен барсың.
Ән-жырың тозбай, ой тозбай,
Толқып та толқып толғарсың.
Сен жүрген жерде бозторғай,
Бозторғай барда сен барсың.
Өзіңсіз күндер озар ма,
Отырмын таңнан ой толғай.
Таңымның аты Бозала,
Торғайдың аты Бозторғай.
Боз бояу тұр ғой көзге ұрып:
Даланың аты – Боздала,
Жігіттің аты Бозжігіт,
Баланың аты – Бозбала.
Шулардан шаршап тозғанда
Жайлауға барсам өзім мен:
Жорғаның аты – Бозжорға,
Күйдің де аты Бозінген.
Әрі асып бұлттан, ақыным,
Аспанда бір сәт көз жұмсаң,
Иіскеп отыратұғын
Дәрінің аты – Бозжусан.
Азамат кетсе бір асыл,
Боздағым деп те жатар кеп.
«Бозторғай құстың ұясы
Бозанда болар» (Махамбет).
Беу, дүние, бұлар аз екен:
Болмаса қайран ақыр түк,
Қазаға қарсы Қазекең
Бозқасқа шалар бақыртып.
Ерте де, кеш те игі үні
Естіліп Бозбала-күннің гимні
Бозала таң мен бозторғай!
ЖЕТІМ ҚҰЛЫН
Қызыл іңір. Ай қараңғы бұлт еді.
Түндікті кеп тамшы тырс-тырс түртеді.
Жалғыз бие үзаңқырай жайылып,
Келе жатқан құлынына күлтелі.
Шуылдамай, шилер тілі күрмеле,
Қалар емес қапталдасып іргеде.
Кенет, кенет жануардың көзіне
Қараңғыда қараң етті бірдеңе.
Алғашқыда қорқып кетіп, үрке кеп,
Азар-азар есін жиды-ау діңкелеп.
Арсалаңдап, аяқтарын көтеріп,
Аунап жатты алдында бір сұр төбет.
«Ит пе?» деген үзе алмай-ақ күдерді,
Иіскеп еді, үрей бұлты үдерді!
Қарш еткізіп қасқыр қанды тістерін,
Бауыздаудан орып-орып жіберді.
Жанарында жел шайқаған тұлымын
Жаңғырығып жайлаулы таң, ұлы күн,
Ақырғы рет оқыранды бейшара,
Қимағандай құйттай қасқа құлынын…
Қанша қатты болсаңдағы шемендей,
Толқырың хақ дауыл көрген емендей.
Қара аспанға қарап қойып құлыншақ,
Кісінеп түр «енем қайда?» дегендей…
Ей, кұлыншақ, ет-жүректі сыздатпа
Ертелі-кеш елеңдеумен түз жаққа!
Күз де келер, үйірге сен қосылып,
Ұрынарсың көк тайғаққа, мұздаққа.
Одан өтсең, омбылатып бөктерде
Қыс та түсер, қарлы боран төккенде
Қара шөпті қар астынан теуіп жеп,
Қараға бір ілігерсің көктемде…
Тағдыр деген бұралаң жол-сапарда
Қасқыр-фашист өмірге оқ атарда,
Жылап қалған өңкей жетім құлындар
Біз де солай қосылғанбыз қатарға!
Есенбай ДҮЙСЕНБАЙҰЛЫ