БРУКЛИН КӨПІРІНДЕГІ КЕЗДЕСУ
«Үшбу хаттар, сәлем хаттар, жедел хаттар… Алты құрлықты мекен еткен адамзаттың ұрпағын бір-біріне жалғап, байланыстырып, хабар-ошар алғызып, жақсылығын жеткізіп, жаманатын естіртіп жаны қалмай жүйткіген, айналайын, ақ парақтар, сендер болмасаңдар, мына дүние қараң қалар еді!.».
Көңілім тасып Нью-Йорк қаласына ұшып келе жатырмын. «Әлемнің астанасы» атанған әйдік қалада ұлым тұрады. Елшілік қызметте. «Көке, өзің ширек ғасыр басқарған пошта-байланыс мекемесіне сан тарау жолдармен жеткен хаттардың ізімен енді сіздің де саяхатқа шығып, сайрандайтын уақытыңыз болды ғой, мұхит асып «Америка» деген елді көріп қайтсаңызшы», – деп қоңырау шалған еді ол. Бәйбішем де ұлымның сөзін қоштап: «Көкесі, осы елге сіңірген еңбегің өлшеусіз, мұқым ауданның әр үйіне ерінбей-жалықпай хат тасыдың, зарыққан жандардың алғысына бөлендің, енді арқаңды кеңге салып, бейнетіңнің зейнетін көретін уақытың болды. Балаң елшіліктегі білдей бір қызметте, несіне тартынасың, бар, жолыңнан қалма», – деген-ді.
Қаладан біздің аудан орталығына пошта қызметіне бөлінген автокөлік қатынайтын. Жұмасына екі рет. Қорабы хаттар мен заттай сәлемдемелерге сықай толған машина аудандық пошта мекемесінің ауласына алқынып кеп тоқтағанда айналадан алақайлаған үндер жамырап кетуші еді-ау! Өйткені күтіп жүр ғой: ғашықтар, аналар, әкелер, аталар, әжелер, достар, тіпті сырттай таныс-білістер, мұраттастар, армандастар… Бірі әскер қатарында, бірі қалада оқиды, енді бірі қызмет бабымен қиыр жайлап, шет қонған… Тарату бөлімінде таудай болып үйілген хаттар – әне, солардан келген хаттар. Хат жаза білетін адамдар – сағына білетін адамдар. Мынау қызылды-жасыл конверттерді сағына, сарғая күтіп отырған адамдарға дер кезінде жеткізіп бере қою қандай ғанибет десеңізші?!. Конверт қолына тиген жан жайраң қағып, жүзіне жалын жүгіріп саған рахмет айтады. Алқайды, алғысқа бөлейді. Мен осы жасыма дейін қанша адамнан алғыс алдым екен?..
Алып лайнер мұхит үстінде шалқып ұшты білемін, құлдилап-көтеріліп, көтеріліп-құлдилап бұлаң қағады.
Жаратқан Ием мені алғысқа кенелткен соң өмірде тек жолым болды да отырды. Басым аман, бауырым бүтін. Алаңдап, алды-артымды ойлап, уайым қыларым жоқ. Тәңірімнің берген жасын жасап, баянды қарттығыммен бақиға аттануды ғана іштей тілеймін. Менің ғұмырым тек жақсылық пен қуаныштың тілінде сөйлейтін хаттар сияқты. Тәуба! Менен басталған осынау шуақты өмір ұрпағымнан жалғасын тауып, көңілімді жаз етуде.
Америка Құрама Штаттары. Бір замандарда алыстан, тым-тым алыстан аты естіліп, айбары сезілетін елге табаным тиеді деп ойлаппын ба? Ертеректе осы жақтан да бір құпия хат келіп, ол құпия хатты құпия қызметтегі кісілер мекен-жайына жеткізбей ұстап қалғаны бар еді… Қай жылдары еді сол? Жадымнан жаңылмасам, бір мың да тоғыз жүз жетпіс үш, әлде жетпіс төрт? Жоқ, жетпіс үшінші жылы болуы керек. Ұсқыны бөлек, жолданған мекен-жайы бөтендеу көрінген хатпен ілесе аудандық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері де сау ете түскен. Әлгілер кеңсеме кірген бетте тарату бөлімінде жатқан хатты алдырды. Қолдарына тигіздім. Хат баруға тиісті тұрақты нақтылап, қойын дәптеріне түртіп қойған комитет басшысы маған тесіле қарап отырды да: «Бұл адреске бұрын хат келіп пе еді?» – деп сауал тастады. Мен: «Жоқ», – дедім. «Есіңізге түсіріңіз, бәлкім, келген болар?». Мен жауабымды қайталадым. Олар: «Анықтаймыз», – деді де, төтенше хатта көрсетілген мекен-жайдағы адаммен аралас-құраластығымды сұрады. Мен күлдім. «Ауданымыздың жан саны 200 мыңнан асады. Соның бәрімен…». «Иә, – деді құпия қызметкерлерді бастап келген қарасұр кісі, – иә, соның бәрімен сіздің етене жақын болуыңыз неғайбіл?». Осыны айтып аз отырған құпия адам сұқ саусағын ернінің ұшына тіреген: «Жария етілмеуге тиіс!». Сөйтті де, хатты портфеліне атып ұрып, шығып кетті. Нөкерлері бөлмемнің ішін тінте қарап, аз-кем аял қылған соң қоштасып, қол алыспастан олар да тайып тұрды. Қайтесің енді, қайсыбір хаттар адасқан тағдырларға ұқсайды: мекен-жайына жетпей, жарты жолда қалады.
Әуе кемесінің салонындағы ұсақ шамдалдардан төгілген жарық сәулелер қызыл-күңгірт бояуға еніп, торғын шымылдықтай толқиды. Байқаймын, жалғыз мен ғана ояумын. Менен өзгелері, сірә, аспан тұрғындарына айналып кеткендер болса керек, қалың ұйқының құшағында. Оларды табан астында күркіреген мұхит үні, мұхит демі толғандырмайды да, толқытпайды да білем, әйтпесе, адам деген осындай сәтте жанындағы сапарласына қарап ілтипат танытып, ізет білдіріп қоюы керек қой. Өз тілінде болса да, ортақ сапарымызға сәттілік тілеп, «пешенемізге жазылған кереметті көрмейсіз бе, сіз бен біз мұхит үстін көктей өтіп, көкте жүзіп барамыз» десе, мен оны түсінер едім. Себебі мен – конверттердің аузын ашпай-ақ хаттардың «тілін» білген пошташымын.
* * *
Ұлымның пәтері Нью-Йорктің елшілер тұратын ауданында екен. Елшілер орамындағы үйлерді әуеден салбырап түсе қалып, заңғар көкке қайта ұмтылған мұзарт шыңдарға ұқсатам: бір-бірімен бой таластырып, бірінің төбесіне бірі төніп тұр. Сол үйлердің біріндегі шырқау биікке ілінген самалдыққа шығып алып, сағаттап отыру әдетіме айналған.
Тегінде, өмір сапарын сақтықпен кешкен жанның көңілінде жүзін мұң торлаған адамның қасыретті келбеті көшіп жүреді.
Аспан зәулім үйлердің біріндегі самалдықта арқаны кеңге салып отырған менің көз алдымнан таныс та бейтаныс кейуананың бейнесі елестеп өтті. Тіпті «жарығым тірі, аман, әйтеуір бір жерде жүр, жүрегім сезеді» деген қоңыр үнін де естігендей болдым. Есімі Үзілдік еді. Төркіні күмәнді төтенше хат осы кейуанаға келетін.
Ұлық жиын, атаулы мерекелерге ешкім атап шақырмаса да, Үзілдік үзбей келіп қатысатын. Қара-құра көпшілік бас қосқан ортада суырылып шығып сөйлейтін шешендеріміз бар еді, солардың сөзін селқос қана тыңдап отыратын Үзілдік те кісі қарасын пайдаланып, Ұлы Отан соғысына аттанып, хабарсыз кеткен ұлы жайында сөйлеп қалатын.
«Әкесі жазықсыз жапа шегіп, жаламен ұсталды, – дейтін Үзілдік дірілдеген дауысын сыбызғыдай созып. – Елім-оу, оны өзге білмесе де сендер білесіңдер ғой! Зарыпханның не кінәсі бар еді? Үкімет алдындағы кінәсі – кітап жазып, оқымысты қаратаяқ атанғаны ма? Жә, Зарыпханды қойшы, заманымен сәйкесе алмады. Ана жалғызды айтсаңдаршы. «Әкемнің ардақты атын қара күйеден ақтап аламын» деп жасы толмай соғысқа сұранды. Сонда баланың жалғыздығын, жасының әскерге толмағанын айтып, «оянкәматқа» барсамшы, жағдайды айтсамшы. Жоқ, мен сорлы көзімнің сорасын ағызып отыра беріппін. Сендерге мәлім, сол кеткеннен ұл мол кетті, әлі күнге хабарсыз. Бірақ жүрегім сезеді – бір жерде жүр ол, тірі. Жазған хаттары маған жетпей қалып жатыр».
Қағазға қаттап, тасқа таңбалап жазып алғандай осы сөздерін Үзілдік қайталап айта беретін. Ері саяси тұтқын ретінде ұсталып кеткен соң, ағынды Ақсу бойындағы ағайын арасын паналап келген қарт ана қалтаңдап мінберге қарай ұмтылғанда, әкім-қаралар жағы тіксініп, түсі суық әлдебіреулер шалт қимылдап, қормалдасып тұрған көптің ішін қозғалыстың толқынына толтырып жіберетін.
Кейін келе-келе Үзілдік мінберге көтерілмек тұрмақ, жиын топтан мүлде аластала бастады. Шамасы, ұрт сөйлейтін кемпірдің ері мен ұлы туралы жағынан жаңылмай айта беретін сөзі ұлықтарға жақпай қалса керек. Әлде оның таусылып бітпейтін ызыңы жұртты ығыр қылды ма екен?.. Кекеп-мұқап, әлдекімді әлденеге теңеп сөйлейтін жастар жағы күліп: «Үзілдік кемпірдің әңгімесі бір орнында тұрып, айнала беретін күйтабақ секілді – баяғыдағысын баянсыз қайталаудан танбайды», – десетін.
Бір күні аудан орталығындағы үлкен мектептің ауласынан өтіп бара жатып, балалардың сайқымазақтана шыққан дауыстары мен күлкісін құлағым шалды:
– Әкесі жазықсыз жапа шегіп, жаламен ұсталды, – деді дауысын дірілдетіп, сыбызғының үніндей соза түскен қыз бала, – елім-оу, оны өзге білмесе де сендер білесіңдер ғой!
– Зарыпханның не кінәсі бар еді? – деді қыздың сөзін бөле-жарып, ортаға кимелей кірген бозбала. – Үкімет алдындағы кінәсі – кітап жазып, оқымысты қаратаяқ атанғаны ма?
– Жә, Зарыпханды қойшы, заманымен сәйкесе алмай кетті. Ана жалғызды айтсаңдаршы. «Әкемнің ардақты атын қара күйеден ақтап аламын», – деп, жасы толмай соғысқа сұранды ғой, – деді жаңағы қыз.
– Сонда баланың жалғыздығын, жасының әскерге толмағанын айтып «оянкәматқа» барсамшы, жағдайды айтсамшы. Жоқ, мен сорлы көзімнің сорасын ағызып отыра беріппін, – деп тағы бір оқушы зарлай жөнелді.
– Ха-ха-ха!
Оқушылардың ойынына сонадайдан қызықтап қарап, дауыстарын анық естіп тұрған әйел, әлгі сайқымазақтардың сынып жетекшісі-ау деймін, сұқ саусағын шошайтып, іле жұдырығын түйген болып, күліп қойды.
Түсініксіз күйде басымды шайқап мен де езу тартыппын. Бұрынғылар «күлсең, кәріге күл» деуші еді. Заманы илеп, тасбауыр уақыт езіп-таптап тастаған ғаріптің қартайғандағы қайғы-қасыреті де күлкіге айналады екен ғой… Құрдымға жұтылып таусылғандай, кәрі көзден аққан жастың бастауын ешкім білмеген соң, ескермеген соң осы да… бәрі күлкі.
Ту сыртымнан да күлкі естілді.
– Көкемдікі не ой осы? Балконды жеке жайлап алып күнұзаққа ойланады да отырады?
– Қарт адамның серігі – ой, – дедім мен. – Ертелі-кеш өткен-кеткенді оймен шолып ораласың.
– Ой адамды қажытады, – деді ұлым. – Қайтесіз, көке, бұрынғы қателіктеріңізді ой түзете алмайды, қуанышыңызды да ой ұзарта алмақ емес. Одан да бүгінгі күніңіздің сәулелі сәттерін қызықтап қалыңыз, сол дұрыс болады.
– Бүгінгі күнмен өмір сүр дейсің ғой. «Бүгінгі күнмен өмір сүр» – осындағы жұрттың ұраны-ау, тегі…
– Ол сөз қазақтан қалған: «Барында оралыңның ойна да күл», «Өмір екі келмейді, өгіз аттай желмейді».
Кітапты қазақ ертегілерінен бастап оқыған ұлым ұтымды уәж білдіріп тұр, мен де оның сөзін қоштап:
– Иә, «бүгінгі күнмен өмір сүр» деген – іші суықтау сөз. «Барында оралыңның ойна да күл» – адамға еркіндік сыйлайтын қызуы мол, өрісі кең қара өлеңнің қайырмасы, – деп бастырмалатып жібердім.
– Сіз көргені көп үлкеннің өнегелі сөзін айттыңыз, – деді елшілік қызметіндегі лауазым иесі, – ал, енді үйге кіріңіз, ас дайын.
Дастарханынан қызылкүрең сары бауыр бауырсақ үзілмейтін үйдің жұқалап май сіңген ас бөлмесінен сүрі еттің иісі аңқып қоя берді. Қазы-қарта, жал-жая ақтарылған табаққа қол сала отырып, әңгіме болсын дедім бе, келіннен:
– Келін, айналайын, қорап үйдегі қоңсыластар қоңырсығанның бәрін біліп, сезіп отыратын болар, май мен еттің иісінен көршілеріңнің тәбеті бұзылып жүрген жоқ па? – деп сұрадым.
– Жоқ, ата, – деді келінім шенді қызметкердің зайыбына тән еркіндік пен еркеліктің мінезін аңғартып, – бұл үйде бірыңғай дипломаттар тұрады. Ал дипломаттар ешнәрседен жиіркенбейді. Өткенде қарсы есіктегі көршіміздің әйелі үлкен тор себетке жуандығы жеңді білектей тірі жылан салып алып келді. Кешке қуырып жейді екен. Мен де селт еткен жоқпын. Ондайға үйреніп кеткенбіз.
– Астапыралла!
– Америка – адам баласының аласы мен құласы емін-еркін араласқан ел. Бұл жерден күллі дүниенің халқы мен халықтардың салт-дәстүрін, иә, ішіп-жейтін ас-ауқатына дейін көруге болады, – деп жылан жегіш көршісі туралы әңгімені тарқата түскен ұлым: – Сізді қыдыртуға әзір уақыт таппай жүрмін. Балалар – сабақта, соларды мектепке алып барып, алып келуден келініңіз де босай алар емес. Әйткенмен төрт қабырғаға телміртіп қоймаспыз, мен сізді күнде түс ауа Бруклин көпірінің алдындағы алаңқайға жеткізіп тастайын, сол жерде отырып, ары-бері ағылған нөпір жұрттың жүріс-тұрысын тамашалаңыз, – деді.
– Е-е, сөйтші, мұндағы ел-жұрттың бет-жүзін көрейік. Алып бар сол көпіріңе.
Арнасы кең өзеннің бетінде доғабелденіп жатқан көпірдің салынғанына ғасырдан асқан көрінеді. Көпірдің кіндік тұсынан биік қос бағана көтеріліпті де, сым бұраулар сол бағаналардан бастыра тартылыпты. Беріктігі мен мызғымастығын дәлелдеп, көптің көңілін сендіру үшін үстінен үйірімен өкіртіп піл айдап өткенде мыңқ етпеген көпірдің бас-аяғын ұстап тұрған осы шиыршық атқан сым бұраулар ма деп қалдым.
– Құрылысы 13 жылға созылып, әрең аяқталған көпірдің қауіпсіздігіне жұрт сенбей дал қылған соң, жергілікті билік көшпелі цирктің бағымындағы 21 пілді айдап әкеліп өткізген ғой, сонда бір бұрауы босамаған екен, содан бері мызғымай тұр бұл көпір, – деп Нью-Йорктің ендігі тұрғынына айналған ұлым жаяу жүргіншілер сабылған көпірдің жайынан аз-кем түсінік беріп қойды.
– Қара жердің қуатын әкеліп құйғандай тұтас бітімді бұл көпірің Американың қандай ел екенін де әйгілеп тұрған секілді, – деп мен, советтік қарт пошташы, таңданысымды жасыра алмай таңдай қаға бас шайқадым.
Енді, міне, түс әлетінде, кейде түс ауа Бруклин көпірімен жүріп өтіп, Ист-Ривер бұғазының арғы-бергі жағалауында серуендейтін әдет тапқам. Сол сейіл-серуен күндерімнің бірінде оны осы арадан кездестірдім.
Алғаш көргенімде көпірдің жақтауына сүйеніп, бұғаз суының толқындарына үңіле қарап тұрды. Өкпек жел жүгірсе, жабыланып өскен ұзын ақбурыл шашы жалбырап кеп бетін жауып қалады екен. Оны әуелде қалада қаңғып жүрген көп үндістің бірі шығар деп ойлағам.
Бруклин көпірі – адамзат нәсілін Америка қоғамына алып өтетін өткел дерсіз… Әне, зәңгілердің бір тобы улап-шулап барады. Оларды мұнда «афроамерикалықтар» дейді. Түр-түсіне қарап аузыңыздан аңдаусыз сөз шықса, заң алдында айыптысыз. Сәлделі арабтар да осында. Қытай тектес ұсақ халықтар да алдыңнан жиі ұшырасады. Тақырбас тибет, жанарын әлдеқандай мұң торлаған мулат, сидам сирақ скандинав жұрты – түгел Бруклин көпірінің жаяу жүргіншілері. Ал ол осы нәсілдің біріне де ұқсамайтын сияқты. Бастапқыда әлгі адамды қалада қаңғып жүрген көп үндістің бірі ме деп қалғаным рас. Содан ту сыртынан әрі өтіп, бері өтіп, тұлғасына көзімді қанықтырып алған соң, мен де көпірдің жақтауына сүйенген болып, бейтаныстың жүзін барладым. Атжақты, қараторы өңді, қыр мұрынды, қыран қабақ, оң жақ бетінде тыртығы бар, бойы ортадан жоғары аңсағай адам екен. Көптің шуылына, тап қасынан күміс қоңырау үнін төгіп, ағып өтіп жатқан велосипедшілердің жарысына да селт етпей, тұнжыраған қалпы көпірдің бауырынан үнсіз жылжып аққан ағыстан көз алмайды ол. Бала кезімізде судың бетіне қарап отырып, ағысқа қарсы зырлай жөнелгендей болатынбыз. Жер желқайыққа айналып, қара өзенді қақ жарып есетін. Сонда біз құла жон өзеннің бастауына жетіп, одан әрі ғажайып бір мекенді кезіп кететіндей күй кешуші едік. Мына кісі де сол балалық шағындағы базарлы күндерін шарлап, желқайығын ағысқа қарсы салып, қызықтап тұрғанға ұқсайды – өзімен-өзі. Өмірді ғалжа өткізуге бекінгендей тұнжыраған түр-сипаты бұйығы әлеміндегі оңашалықтан айрылғысы келмейтінін аңғартады. Көпірдің жақтауына шынтағымды таяп, бейтаныстың қасынан жай тапқаныммен, тілдесуге батылым жетпеді. «Менің ана тілімді бұл қайдан ұқсын, – деп ойладым ішімнен. – Ал орысшам өзім отыз жыл қызмет еткен пошта-байланыс мекемесінің кеңсесінде қалған».
Нью-Йоркке келгелі мұндағы жандардың бетіңе жымия қарап өтетінін байқағам. Бастапқыда өзімді біртүрлі қораш сезініп, «мына немелер менің рең-басымнан, жүріс-тұрысымнан оғаштық көріп, соған ыржалақтай ма?» деп қысылатынмын. Сөйтсем, алпауыт елдің адамдарының әдеп-салты сондай екен: сені танымаса да ізет білдіріп, өтірік болса да бетіңе күле қарайды. Бірақ жылы жүз жүректі жібітеді емес пе – мен де осы күндері көзім түйіскеннің бәріне күлімсіреп, бас изеп қоятын болғам. Бейтаныс кісіде ондай мезірет атымен жоқ. Тастүйін. Жаратылысында дулы қалаға сіңе алмаған бөлек бітім бар. Пошташы конверттердің желімделген аузын ашып оқымаса да, кімнен кімге, қай мекеннен қайда жолданғанына қарап отырып хаттың мазмұнын түсіне біледі. Мен бейтаныстың ішіне бүккен құпиясы барын жазбай аңғардым. Әйтсе де, ол жайында балама ештеңе айтпағанмын…
Әйдік қаланы армансыз аралатып, сейдін-серуенге алып шығуға әзірше қолы тимей жүрген ұлым мені Бруклин көпіріне дейін күнде жеткізіп салады да, асығып кері қайтады. Маған да керегі сол – көпірдің аузындағы алаңқайдан түсіп қалған бетте бейтаныс жанды сыртынан бағып, аңдудан жалықпаймын. Дәл осы маңда әлдебіреумен кездесуге уағда байласқан ба, ол да Бруклин көпіріне араға күн салымай келеді. Жанына серік ертпей, жалғыз өзі көпірдің ана басынан мына басына, мына басынан ана басына барып қайтып, әбден табанынан таусылады. Көпірдің біз тұратын бергі беті – Манхеттен ауданы, арғы беті – Бруклин аталады екен. Осылай деп мұны маған ұлым ұқтырып қойған.
Бейтаныс жан кейде алаңда тұрған дүңгіршектердің бірінен газет не журнал сатып алып, күнқағарлы шатыр астындағы орындыққа жайғасып, газет бетін парақтап, оқуға кіріседі. Қалтасынан әнжімді қолдың саласындай сигара шығарып, балқоңыр иісін аңқытып, ұзақ шегеді. Сүт қатқан қою кофе ішеді. Бірде оның көпірдің жақтауынан асырып суға түкірген зәңгіге жақтырмай қарағанын, әлденені айтып күбірлегенін көргенмін. Ол қазір де күбірлеп отыр. Өзімен-өзі күбірлеп сөйлесуді әдет қылып, сол әдеті дөйдалаға лағып сөйлеудің дертіне ұласқан, шамасы.
Мұндағы газет біткеннің бетінен түрлі-түсті суреттер сөйлеп тұратын сияқты. Жалт-жұлт еткен жарнамасы тіпті көп. Газеттің бейтаныс ашып оқыған бетінен Джордж Буштың екі езуленіп түскен суретін көзім шалған. Сойған түлкідей ыржия қалыпты, пәтшағар! Байқаймын, Совет Одағын тырапай асырғанына мәз. Мәз болмағанда қайтеді енді, біздің «қалшекенің» миын атала қылып, мылжыңдатып сөйлетіп қойды да, жарты әлемнің жалынан ұстаған Кремльдің аяғын көктен келтірді емес пе? Қайран Совет өкіметі-ай! Келмеске кеткенің бе, шынымен?
Дүниені дүрліктіріп, Айдың жүзін, Күннің көзін сесімен жасқаған Совет өкіметі серең етіп құлағанда, қабырғасы қайысып қайғырғанның бірі мен едім, жә, талқаным таусылмапты, міне, алшаң басып Америкада жүрмін. Құдайдың бұнысына да шүкір! Коммунистік партияға адалымнан ақтарылып, ант-су ішкеніммен, ішімнен Құдайды еш ұмытпаған едім, Құдай да мені ұмытпапты. Тәуба!
Бейтаныс сапырылыстыра ақтарып отырған газеттің қалың бетінің бірінен жарқ ете қалған жалаңаш әйелдердің мінсіз мүсініне көзім тұнып, төне түскен екенмін, анау сол әдепсіздігімді аңғарып қалды ма, маған алайып қарағандай болды. Мен жымып басып ұзай бердім. Ұзап бара жатып ойландым: бір елдің әйдік президенті суретімен шыққан газет бетінен ышқырелі лыпасы мен төсқабынан өзге дымы жоқ ұрғашының да бейнесі орын таба береді екен-ау, ә?.. Ай, Америка-ай! Мәселен деймін-ау, дүңгіршектен қолына тиген газетті бейтаныс қолтығына қыстырып үйіне қайтады делік, сосын оны айра-жайра қылып бір бұрышқа тастай салады, баласы я келіні, бәлкім, немересі Буш пен бұты сыйдиған әйелдердің бейнесін көреді. Сосын не істейді? «Буш былай депті», анау алай депті» деп, газеттен оқығандары мен көргендерін талқылай ма? Мысалы, біз талқылап, әңгіме қылатынбыз. Газет-журналдар сөрелеп жиналған пошташының үйінде баспасөзде басылған саяси мақалалар мен әңгіме, өлеңдер алдымен талқыланып, сөз болмағанда, не сөз болсын? Біз отбасылық бұл дәстүрімізді аудандық интеллигенцияның биік мәдениеті ретінде бек қадірлеп, берік ұстанатынбыз.
Ертеңінде, оның ертеңінде әдеттегідей Бруклинге үзбей келіп жүрдім, бірақ ары-бері сабылған көптің арасынан бейтанысымды кездестіре алмадым. Ұшты-күйлі жоқ. Бір жаққа тайып тұрды ма, сырқаттанып қалды ма, бейшара… Бәлкім, ол бұл қаланың тұрғыны емес – келді-кетті біреу ме екен… «Әлемнің астанасына» кім келіп, кім кетпей жатыр, тәйір-ау… Қала берді, миллиондаған тұрғыны бар Нью-Йоркке жалғыз қараны жұта салу қиын боп па, тегінде? Мүмкін сенделектеп бір жерде жүрген болар? Сонда да «не қылған адам өзі?» деп ойладым мен ол жайында. Кім өзі? Қандай кәсіптің иесі? Немен күнелтеді? Отбасы, бала-шағасы бар ма? Әлде қаңғыбасы, қаныпезері жыртылып-айрылатын жықпылы қалың нән қаладағы көп жырындының бірі ме? Осы сұрақтың жауабына бойлап, жан-жағыма абайлай қарағанымда, тұла бойымды үрей билеп, түршігіп кеттім. Иә, ол – қанқор қарақшы. Оң жақ бетіндегі тыртық – жай тыртық емес. Сұмырайға сыртынан үйіріліп, әуейі болғаным не сонша?
Мен қарадан қарап бейтаныстан қорқайын дедім. Әйтсе де, «не қылған адам өзі?» деп, тағы да ойдың жетегіне ілесем. Неге алаңдаймын? Неге іздеймін оны? Түсінбедім.
Ә-ә, енді есіме түсті, «есіме түсті» деймін-ау, мен оны алғаш кездестіргенде көзіме оттай басылып, көңілімде жатталып қалған бір нәрсе болды. Ол – тұмар еді. Көпірдің жақтауына сүйеніп, омырау түймесін ағытып тастаған бейтаныстың мойнынан үшбұрышты қиық тұмар көргенмін. Соның мән-жайын сұрамаққа сан оқталғам, бірақ батылым жетпеді. Неге екенін білмеймін, бейтаныстың қасына таяп барсам болды – тілім күрмеліп, дәрменім таусылып қалатын. Сонадайдан дайындалып, жарқын жүзбен, дауысымды көтере сөйлеп: «Ау, замандас! Өзіңді осы арадан жиі көремін, рең-басың көзіме жылы ұшырайды, қазақ-қырғыздың бірі емессің бе?» дегім-ақ келеді. Болмайды. Кейде сөзді төтеден бастап: «Әй, шал, сен де мен секілді Совет өкіметін құрдымға құлатып, ат басын Америкаға бұрған ысқаяқтың бірісің-ау, ә?» деп әзілдей жөнелгім келетін. Әйткенмен, әзілдің де оңайдан орайы табылмайды. Өйткені ол неме әзіл түгіл, әншейінгі сөздің өзін жақтырмайтындай жауқабақтанған біреу-тұғын. Қабарған жүзіне жылт жүгіріп жылығанын бір байқамадым: ызбарланып, шерленіп, түтігеді де тұрады. Мен жасқанып мойнындағы тұмарға қараймын. Қайыс жіппен жиектерін қайырмалап тіккен тұмар – қазақ молдалары ішіне құранның сөзін жазып салатын кәдімгі тұмарға ұқсайды. Ал тұмар таққан адамның тұрпаты бөлек, анда-санда өзіне өзі күбірлеп бірдеңелерді айтатыны болмаса, пенде баласына жақ ашып, тіл қатпайды.
Бейтанысымды ойлап бейқам отыр едім, біреу ту сыртымнан келіп иығымнан сипады. «Сол, соның өзі, – деген ойдың ұшқыны басыма шауып шықты, – көз алмай сыртынан бағып жүрген адамды ес-ақылы түзу адамның байқамауы мүмкін емес».
Жалт қарағам: жоқ, ұлым екен.
– Бір, бір жарым сағаттай бос уақытым бар екен, соны пайдаланып сізге соқтым, әкем не істеп жүр, кімді көреді, кіммен кездеседі, сөйлесіп, әңгімелесетін біреу-міреуді тапты ма – соны білейін деп әдейі келдім, – деді ұлым. – Жалғыз серуендеуден жалығып кеткен жоқсыз ба?
– А, жоқ-а! Халықтың қалың нөпірі. Әрқайсысы әр нәсілден, әрқайсысы әртүрлі. Соларға қараймын да отырамын. Қызық. Бұрын мұндайды кім көрген? Көремін деп ойлаппын ба? Құдайдың мұнысына шүкір! Еңбегімді ақтадың, балам. Ауданнан ұзап аяқ баспаған қара шалды көтеріп әкеліп Американың төрінен бір-ақ шығардың. Ризамын.
Қандай алыс елде жүрсе де, туыс жандар үйдегі тәрбиесі мен үйренген әңгімесіне орала береді екен ғой.
– Осының бәрі апам екеуіңіздің арқаңыз, көке, – деді ұлым. – Орнықты тәлім-тәрбие бердіңіздер, қатарымыздың алды қылдыңыздар. Қаршадайымыздан білімге, оқуға құштар қылдыңыздар. Еркін, ерке қылып өсіргендеріңізбен, еңбекке де ерте баулып, төзімді, шыдамды, сабырлы болуға үйреттіңіздер. Балаларыңыздың бүгінгі заман биігінен көрінуі сіздердің текті тәрбиелеріңіздің нәтижесі, көке.
– Е-е, оны түсініп, білгендеріңе рахмет! – Көңілім көлдей тасыды. Қарапайым отбасында, қоңырқай ғана ауылда туып-өскен ұлым, міне, бүгін Америкада елшілік қызметте. Бұл өзі бәйбішеміз екеуіміздің балаларға берген орнықты тәрбиеміз бен ақ-адал еңбегіміздің нәтижесі емес пе?
Жүрегімнен әкелік мейірімім ақтарылып, жайдарлана күлгенмін. Сөйтіп отырғанымда ұлымның:
– Көке, сіз осы жасыңызға дейін ешкімге қиянат жасаған жоқсыз ба? – деп тосыннан сұрақ қойғаны. Мен шамданып, шытынай қалдым:
– Бұл не сөз, балам? Менің өткен-кеткенімді тергеп-тексерейін дедің бе? Әлде, бұрынғы-соңғы ісімнен бір оғаштық көріп пе едің?
– Сіз осы маңнан түр-келбеті көпке ұқсамайтын бейтаныс адамды кездестірдіңіз бе? – деп ұлым екеуара сұхбатымыздың мазмұнын мүлде басқа арнаға бұрды.
– Иә, кездестірдім. Сыртынан талай көрдім. Ол кім өзі? Үндіс пе? Жоқ, қызметтегі баласының үйіне келіп, мен сияқты жамбастап жатқан мақтаншақ қазақ-қырғыздың бірі ме?
– Ол – тағдырлы адам, – деді ұлым. – Екеуіміз көптен таныс-біліспіз. Қызмет ететін орнымды көріп, менің кім екеніме көзі әбден жеткен соң, бейтаныс жан маған басынан кешкен кешегі күндері туралы бір ұзақ хикая шертіп еді. Қаласаңыз, бейтаныстың хикаясын мен сізге айтып берейін.
* * *
– Мен туып-өскен өлкеде шеңберін жел үрлеген қаңбақтар көшіп бара жататын, – деп бастапты әңгімесін бейтаныс адам. – Аяғымыз аяғымызға жұқпай жүгіретін көкжұлын кезімізде сол қаңбақтарды қуып, жарысатынбыз. «Қаңбақ қумаңдар, – деуші еді үлкендер, – қаңбақ қуғанға жын үйір болады. Жын жетектеп кетіп жүрмесін, байқаңдар».
Құдай жаратқан жынның жетегінде кетсем, ел ішінде «есалаң», «ауыш» атанып жүре берер ме едім, қайтер едім, мен байқұс маңдайына қасірет таңбасы басылған пенде болып дүниеге келіппін де, ұшарымды – жел білмей, қонарымды – сай таппай дедек қағып жоғалыппын. Жалған-ай десеңізші, ізіне еріп байқасам, менен қаңбақ бақытты екен. Қаңбақ жазғытұрымнан боқырауға дейін сайын даланы сапарлап, мың сан шөптің бояуы мен құнарын бойына сіңіріп, тұқым жаяр өскіннің қауызына толған дәнін сауып алып, топыраққа сіңіріп, тіршілік нәрін себетін көрінеді. Қаңбақ – қураған қау тікен емес, қаңбақ – дихан. Ал маған туған жерінде ауа көшкен қаңбақтың да тағдыры бұйырмапты…
Сен, қарағым, арылып бітпес азаптардан кейін азаттыққа ұмтылған елдің құшағында ер жетіп, еркіндікті әлемге әйгілеп, үлгі етіп отыратын мемлекетке келіп қызметке іліккен азаматсың, сондықтан «халық жауының баласы» дегенді түсінбеуің де мүмкін-ау. Германияны ұлтшыл-социалистер билеген Үшінші рейх тұсындағы еврей нәсілі сияқты большевик-коммунистердің езгісіндегі елдерде «халық жауы» деп танылған талайсыз жандардың ұрпағы – «халық жауының баласы» деген көзтүрткі қорлықта күрсініп, өксіп жүріп күндер кешті. О, ол қоғамда «халық жауының баласы» дейтін қара талақтай жабысқан атпен қалтылдап өмір сүргенше, аяқтағы суға ағып өлген жақсы еді. Бірақ жан қимақ – жанның азабы. Өмірден түңіліп, өлімді аңсағанымен, көп пенде жанның шығар сәтіндегі азабына төзбейді, жаны түршіге қорқады. Беті енді бері бұрылмайтын ауыр дерттен айықпасын сезген науқас қана Ажал – періштені асыға күтетін шығар, ал тамырынан қанның ыстық бүлкілі үзілмеген пенде азапқа көніп, қорлыққа төзсе де, дәм-тұзы таусылғанша, далбасалай бермек. Мен бұл ойымды ешкімге еншілемеймін, өмір мен өлім туралы кім не дейді – өзі біледі. Менікі – өз тағдырымның баянынан бекіген байлау ғана. Анығы: өзекті жанға – бір өлім. «Ажалдан Қорқыт бабаң да қашып құтыла алмаған» дейді көнегі ырысты көнеден жеткен аңыз. Аңызда ықылым заманалардың сырын ұққан Қорқыт мәңгілік өмір іздеп шарқ ұрады. Тау асады, тас басады. Ұшы-қиыры ұшпағына жеткізбес сары даланы кезеді. Мүлгіген ормандарды шарлап өтіп, «өлмес өлке қайда бар?» деп, желмаясына мініп жер тауысады. Сонда, қайда барса да, алдынан қазылған көр, көр қазып жатқан адамдар кездеседі екен. «Ау, жарандар, бұл кімнің көрі? Сүйменің сумаңдап, күрегің жалмаңдап кімнің көрін қазуда?» – деп сұрайды екен әз-Қорқыт. «Бұл – Қорқыттың көрі. Қорқыттың көрін қазып жүрміз», – дейді екен адамдар. «Қайда барсаң да – Қорқыттың көрі» деген сөз осыдан қалыпты.
Қорқыт көзіне үңірейіп көрінген көрі мен ажалдан қашып келе жатып, арнасы алты айшылық алып дарияның жағасына таяғанда желмаясының басын іркеді. «Жер бетінің бәрі – көр, менің көрім. Ажал өкшелеп ізімнен қалар емес. Ажалдың аяғы жетпес мәңгі өмір аралы бір болса, судың бетінде болар» деген ойға қармақ тастаған Қорқыт сиқырлы кілемін жазып жібереді де, дарияның кіндігіне байлайды. Сөйтіп, «ұйықтап, қалғып кетпейін, қара басып ұйықтап қалсам, ажал аспаннан түсіп алып ұшып кетер» дейді де, күндіз-түні күңіреніп, қобызын шалып отыра береді. Күндіз-түні зарлы күй төккен Қорқыттың қобызы апталардың аптығын басып, айды ұрлап, жылдарды жадынан жаңылдырып уақыттың мірғайып шалғайына тарта береді. Қорқыттың күйін аспанда аунаған бұлттар үйіріліп тыңдайды. Жел желегін жамылып, ұйып тыңдайды. Дауылдар қаһарынан қайтып, қайрылып тыңдайды. Асқар таулар құшақтасып, құшырлана тыңдайды. Ұшқан құс, жүгірген аң, дарияның қатпар-қатпар қойнауындағы күміс қанат балықтар мен тірі мақлұқат тыным тауып тыңдайды. Шөп басы қимылдамай, дүние дел-сал күйге енеді. Қорқыттың кілеміне оралып келген улы қарыбас жылан бар екен. Қорқытқа өмір тілеп, ол да тыңдайды. Күндердің бір күнінде Қорқыт талады, шаршайды. «Мен дүниені уыз тыныштыққа бөледім. Енді ажал да барақат тапқан шығар» деген ой бір жағынан қамсаулап, Қорқыт бабаны сәттік ұйқының ұйығына тарта қояды ғой. Тап сол кезде тәтті қанға тәбеті шапқан т жылан Қорқыттың башпайына тісін батырған екен, уы ажалмен алысқан ұлы қобызшының бойына шауып, Қорқыт өлім құшады.
Мен де бабам Қорқыт сияқты ажалдан қашыппын. Жо-жоқ, ажалдан емес, азап пен қорлықтан қашып, ақ өлімімді іздеп сандалыппын. Дүниенің қорлығы – итқорлықпен өлу…
Жылан жылының жазында «жау» балаларының «бағына орай» немістер Совет Одағының шекарасынан баса-көктеп өтіп, соғыс ашты да, біздің елдегі қуғын-сүргін науқаны жалт бұрылып, мал қайырып, қайла мен күректен өзгені қолына ұстап көрмеген адамдарды соғысқа айдады. Соғыстың аты – соғыс. Соғыс жау іздеп жалаңдағандарды ғана байлыққа кенелтіп, шексіз билікке жеткізіп, даңқ пен дақпырт биігіне көтермесе, жалпы адамзат үшін де, біздей қара таңбалы ұрпақ үшін де, бақ емес – көрбақ. Жайнаған жасампаздықты күл қылатын сұмдық – соғыс. Бірақ тап сол кезде, бізге, «халық жауларының балаларына», соғыс болымсыз бір үміт сыйлаған. Ол үміт – соғысқа аттанып, қандыбалақ фашистермен аласапыран майданда алысып… әкелерімізді жалалы аттан ақтап, бар пәледен арылтып алудың үміті еді. Әкелерден әл кетіп, балалар жанұшырып әкелерін қорғауға ұмтылған сондай бір кер заман туған. Мен он алты жасымда майданға аттануға бел байладым.
Аудандық әскери комиссариаттың бастығы – Әзірейілдің киімшең бейнесіндей сұсы суық кісі еді. Маңдайына қызыл жұлдызшалы кокарда қадаған кепкісін қоқырайтып, үстіне сұр плащ киіп жүретін әскери адам түріндегі Әзірейіл көшеге шықанда, жұрт оның көзіне түспей безетін. Ол түтін басына қаусаған қарт пен қызылсирақ балаларды қалдырғаны болмаса, ер-азамат атаулыны қисыпыра тізімдеп, қызыл жалынға оранған майдан даласына жөнелтіп жатты. «Жан алғыш Әзірейіл де Мүңкір-Нәңкірдің сотынан кейін барзақ әлеміне өткен күнәһар пендені тозақтың отына лақтырып жіберді», – десетін қариялар.
– Қай жылғы едің? Әкең кім? – Кабинетіне кіріп майданға сұранып отырған комиссар маған жылыұшырай қараған.
– Қоян жылғымын, жолдас комиссар, – дедім мен. Сосын тілім күрмеліп, күмілжи күбірлеп әкемнің де атын айттым.
– Қояның не, ей, сенің? Совет азаматының туған жылы, айы-күні болады. – Комиссар үстелдің бетін жұдырығымен қойып қалды. Сондағы қулығым – комиссар қазақша жыл қайыруды білмесе, он сегізден асып, он тоғызға аяқ бастым деп өтірікті соғып жіберу еді. Жалған айтамын деп жаңылыппын. Комиссар «қоян», «қоян» деп саусақтарын бүгіп отырды да:
– Биыл 43-жыл, сен қазір он алтыда екенсің ғой, – деді. Оның бұл сөзі маған «майданға баруға жасың толмайды» дегенді аңғартқандай еді, соны алдын ала ойлап келген мен бірден жалынуға көштім:
– Аға, жасымды өсіріп жазып, мені қайткенде соғысқа жіберіңізші. Майдандағы ерлерден жаным артық па, мен де соғысқа барайын. Бір фашистің болса да жанын жаһаннамға аттандырып, жаудың көзін құртайын. Жіберіңіз мені майданға! Отанымның адал ұлы ретінде соғыста ерлік жасағым келеді.
– Сарнама! – деді үңірейіп төрде отырған сұсты кісі сұрланып. – Одан да «халық жауының баласы» деген аттан арылғым келеді де!
– Әкесі үшін баласы жауапты емес қой. Мен – Отанға шын берілген совет азаматымын. Ал әкем… ол менің әкем емес! Менің әкем – коммунистік партия!
– Шын сөзің бе, ей?
– Шын сөзім!
– Коммунистік партияның бел баласы – комсомол. Сен – комсомол қатарына да өтпеген қу тұяқсың. Саған қалай сенуге болады? Рұқсат жоқ.
Мен таңғалдым. Соғысқа бармаудың амалын іздеп Сталин колхозындағы атпалдай азаматтардың қайсыбірі қылтасын шалғымен қиып, енді бірі тарантастың астына түсіп, тірідей туралғанда, селт етпестен әлгілерді алдымен әскери госпитальдарға жатқызып, соңынан Отан үшін от кешуге айдаған комиссардың маған «рұқсат жоқ» деуі қалай?
Мен сөздің ашығына көштім:
– «Рұқсат жоқ» деп қайтесіз, мендей халық жауының баласын аяйсыз ба? Жіберіңіз майданға! «Жау баласы» деген жанама атпен, жапсырмамен жүргенше, жастығымды ала өлейін. «Тыныштық – өлімде» дейді ғой білетіндер.
– Әлгінде сен: «Жаудың көзін құртқым келеді», – дедің ғой? Сөзіңе мән бере ойласам, дұрыс айтыпсың. Менің де солай істегім келіп тұр… Апта айналып соқ, майданға шақырту қағазың дайын болады. Жасың – он сегізде. Сен енді секектеген серек құлақ қорқақ «қоян» емес, Сират көпіріне айдалған «сиырсың» – 1925 жылы туғансың, – деп суық жымиды Әзірейіл-комиссар. Бастапқыда «Рұқсат жоқ» дегені қасарыспа мінезінен туған сөзінің әдеттегі салты ма деймін, сылқ етіп бірден келісті.
Мен анамды аңыратып артыма қалдырып, түн-түнекке, кескілескен майдан шебіне аттандым. Анама: «Әкем енді қайтып оралмайды. Екеуіміз алдағы күндері адам санатында өмір сүру үшін соғысқа сұрандым», – дегенді айтып ұқтыра алмадым. Ал анам: «Сормаңдай боп туған сорлы балам-ай, қайтейін, қайда жүрсең де хабарыңды үзбе», – деп жербауырлап жатып қалды.
* * *
Жарты жыл. Табан тіреп тұрар жер қалмай айналасы тегіс құлама жарға айналған жарты жыл… бала тұтқын басынан өткерген уақиғалардың байыбына жете алмай мәңгіріп отырып ойланған болады. Ойланып отырып, «осы мен бөгде әлемде өмір сүріп жүрген жоқпын ба?» деп ой үстіне әкеліп ой жығады да, ес-ақылынан және адасады. Кейде «қара басып қалың ұйқының ұйығында, қорқынышты түс көріп жатқан шығармын» дегендей өзін өзі басқа-көзге төпелеп, жұлмалап тастайтыны да бар. Сол кезде бала тұтқынның қасына келіп біреу күбірлеп отырады:
«Адамды қосүрейлі қорқыныштың қуыс-қуысына қуалап тығып шошытатын түстер болады – бітпейді, аяқталмайды; зәре-құтыңды қашырған бір бейне ізіңнен қалмай жаныңды шырқырата түседі. Түс екен дейсің – өңің сияқты. Өңім бе дейсің – төңірегіңді басқан буалдыр дүние «түсің ғой» дегенді ымдайды. Мұндай аласат түстің ақыры жақсы – шошып оянып кетесің. Ух!.. Қу жаныңды тірідей көрге түсірген түсіңдегі көріністер көзіңді ашқанда ізім-ғайыпқа сіңеді де, санаң сайрап қоя береді. «Түсім екен ғой, тірлікте абайламай жасаған қателігіме қайта айналып енді соқпаспын» дейсің. Түсіңде жаналғышқа ұқсас бейне жаныңнан табылып, ербиіп ізіңнен еріп алса, ол – сенің жаңсақ ісіңнің ұйқыдағы жалғасы. Бәрі солай ойлайды. Әлгінде көрген түсін өңінде жасаған қателігінің сыбағасы деп қабылдайды. Сосын Құдайына тәуба қылады. Түстің бір құдіреті осы – адамға тәубаның тізгінін ұстатады».
Бала тұтқын да тәубасына келіп, түсінен оянуға талпынады. Бірақ бұл не қылған қайталана беретін қанжапқан түс: тік құлақ төрткөз иттер шынжырынан босап кетсе, жеп қоярдай болып арпылдап ұмтылады. Суық қоңыр түсті бояу араластырған сұр шинелдерінің қарына қара шүберекті орай бастырып, білегіне қара дақ сияқты жапсырма мен құзғынның суретін салып тіккен қара погонды біреулер өңкей жалаңаш, аш-арықтардың қабырғасынан қақырата теуіп өтеді. Әлгілерге көтерем болып қалған көп тұтқын орындарынан тұрып, бастарын иіп, құрмет мезіретін жасауы керек екен. Әлдекімге, әлденеге сүйеніп тәлтіректеп тұра берген бұл буынынан айналып қайта құлаған – құйымшағынан ала тиген етіктің добал басы бел омыртқасын бүктеп, мылжалап, езіп жібере жаздады. «Унтерменшам!». Аспандап өрілген тікенек торлы лагерьге келіп жығылғалы бала тұтқынның құлағы жиі еститін сөз – «унтерменшам». Бастапқыда былапыт, боқтық сөздің бірі ме деп ойлаған. Кейін білді, боқтықтан да әрмен қорлық сөз екен: «Тексіз. Адамзат нәсілінен жаралмаған мақұлық».
Кейде ес-ақылы жадына оралғанда бәрін түсініп, қабылдап жатады: бозжусан мұртты, үрпек бас балалар бір күнде пойыз вагондарына тиеліп, көрші қырғыз жеріне келіп түскен. Есінде, алдымен мылтық майлап, оқпанына оқ салуды үйренген соң, тарс-тұрс атып та көрген. Әйткенмен, соғыс ойыны мен жаттығудан гөрі тыңдап-баққандары – үгіт-насихат болды. «Төрткүл дүниенің халқы тегіс – жау. Езілген тапты еркіндікке жеткізіп, пролетариат диктатурасын паш еткен Совет Одағының тұрмыс-салтын көре алмай көзі қызарып жүргендер жер бетінде жетіп-артылады. Соның бірі – фашистік Германия. Жаудың бетін қайтарып, кері қуып, өз ұясында талқандау – совет азаматының Отан алдындағы борышы. Коммунистік партия – қорлықта, қараңғы қапаста өмір сүрген ұлттардың әкесі. Партия мен Совет армиясы қазақ-қырғыз сияқты елдерді бай-кулактардың құлдығынан алып шығып, бостандық сыйлады. Енді соның қарымтасын қайтарып, жауға жасындай болып ұмтылу сендерге бұйырыпты. Бұл – зор бақыт! Ұрпақтың маңдайына біткен бақ! Ұлы көсеміміз Сталин жолдас майдандағы әр солдаттың ерлігін ескерусіз қалдырмайды. Әкелері қателесіп социалистік құрылысқа қарсы шыққан ұландардың ерлігі де ерекше дәріптеледі. Жауды аямаңдар, жас қырандар!».
Күнделікті қайталанатын бір сарынды үгіт-насихаттың соңы совет жауынгерлерінің ерліктерін әйгілеп жазған газет мақалалары мен очерктерді дауыстап оқуға арналатын. Құрғақ насихаттан оқу – озық. Майдандағы батырлардың бірі кеудесімен сақылдаған пулеметтің аузын жапса, енді бірі шынжыр табан танктердің астына түсіп снаряд жарады. Ішіне май құйылған құмырамен-ақ немістің пілдей танкісін жарып жібергендер бар. Біздің мергендер қандай?!. Сұр шинелді сұмырайларды шетінен атып, сұлатып барады. «Біз майдан шетіне іліккенше, фашист атаулының тұқымы тұздай құрып, жер жастанып қалмаса игі еді», – дейді бұлар ерлік дастанын жырлаған газет беттері парақталып біткен кезде. Ерлікті ерлікпен еселеп, батырлардың даңқына даңқ қосуға бәрі құмбыл: шетінен құлшынып, асығып жүр. «Халық жауларының» балалары да асығулы. Олар бір-бірін қабақтан ұғысып, әкелерінің аяулы есімдері жазылған әскери қызыл билеттерді сыртынан үнсіз сипап, омырау қалталарына ұқыптап тігіп алған.
Асылзада Зарыпханұлы да – қызыл билетті совет жауынгері. Жас жауынгер дайындық курсына келген бетте комсомол қатарына қабылданған. Жаттығу барысындағы ептілігі мен оқудағы алғырлығы көзге ерек түскен Асылзада қазір 7-8 адамның басын құраған бөлімнің командирі.
«Жолымды көлденең қырсық пен кедергіден аштым-ау, – деп іштей шүкіршілік қылды ол. – Майданда қайсар рухты жандардың қасынан табылып, қайтпай соғыссам, бейбіт өмірде еңбек етсем, оқысам, әкемді жалалы аттан ақтап алып, анаммен ел қатарлы өмір сүріп кетермін. Үйленермін. Үйлі-баранды болып, ізіме ұрпақ қалдырармын. Бір адамның басына бұдан артық қандай бақыт керек?».
Алыстағы анасына жазған алғашқы хатында Асылзада «Жолымды көлденең қырсық пен кедергіден аштым» деген көңіл жұбатар тілегін жасырып қалып, тіпті қолына қару алып, жаудың кеудесіне қырғыз даласынан мылтық кезеніп жатқанын да айтпай, «Халім жақсы, апа! Денсаулықтың арқасында қатарымдағы құрбы-құрдастарымнан кем қалмай ойнап-күліп жүрмін. Киімім көк, тамағым тоқ. Командир мені он шақты жігітке бастық етіп тағайындаған. Солдат ойынын ойнағанда әлгі он жігіт менің қарауымда болады. Біздің совет әскерлері қатты серпіліп, өңмеңдеп келген дұспанның бетін қайтаруда. Біз жеңеміз! Ұлың батырлардың сапында елге аман-есен оралады, апа. Көр де тұр, сол күнге де жетеміз. Ал енді айтарым: өзіңді ая, көп қайғырып, жүдей берме, – дей келіп, үшбу хатының соңын өлеңмен түйіндеді:
– Аман бол, аққорғаным, жаным, апа,
Жарқырап бір күн атар таңың, апа.
Күбірлеп дұғаңды оқып кешіргейсің,
Еркелікпен ісімде болса қата.
Асылзада Зарыпханұлы,
1943 жыл, Фрунзе қаласы».
* * *
– Жадау жүзді аспаннан қара күзде сабалап суық жаңбыр жауатын, – деп әңгімесін жалғай түседі бейтаныс жан. – Арасына иненің жасуындай саңылау қалдырмай сарқыраған жаңбыр тамшыларынан құрғақ шығу мүмкін бе? Екі тараптан атылған оқтан қорғану да солай мүмкін болмай қалды. Өйткені біз – қарусыз қара жаяу солдаттармыз. Соның мәнісін әлі де жете ұғына алмадым, бізді әкеліп соғысқа салғанымен, қолымызға қуатты қару ұстатпады. Атқыштар – ту сыртымызда, жау – алдымызда. Біз табандап алға жылжыған атқыштар бригадасының бекініп жатып жау әскерін жайратуы үшін жанталасып окоптар, траншеялар қазамыз. «Біз» деп отырғаным, менің жерлесім – Қызырбек, қырғыз – Атай, өзбек – Абдолла, башқұрт – Ибадат.
Бір күні табандасып атысқан жау жағы шегініп, соңымыздан уралап бір батальон қызыл әскер келіп жетті. «Ура! Ура!». Урадан аспан мен жер тебіренді. Уралар ураға жалғасып, батальон, взвод, рота командирлерімен қоса ерен ерлік көрсеткен қатардағы жауынгерлер де наградаларға ұсынылып, қайсыбірінің әскери шені жоғарылады. Соғыс – солдаттарға шен мен шекпен сыйлауға келгенде қашанда мырза ғой, шен маған да бұйырды: кіші лейтенант Асылзада Зарыпханович Зарыпханов.
Оқпанына құм құйылғыр мылтық пен зеңбіректердің үні өшіп, аз-кем күнге тыным тапқандай болып едік, әскери бұйрықтар беріліп, дауылпаздар қағылып, қайтадан сапқа тұрдық. Батальон қосынына даңқты дивизия қолбасшысының өзі келіпті. Бұйрық: «Батыр батальонның сарбаздары майданның маңдай тұсын бетке алсын. Барлық жауынгер басынан бақайшағына дейін қару-жарақпен сайланып, неміс-фашистерінен украин халқын, Харьков қаласын азат етуге ұмтылсын!».
Мына жарлық құлағымызға тигенде қуаныштан жүрегіміз жарылып кете жаздады. «Ура! Бізге де қару кезеніп, жауға аттанар күн туды». Ыршы Атай қойнынан қомызын суырып алып қағып-қағып жіберген. Баяғыда арқалы жыршылар батырлардың алапатын асырып, аруағын шақырып жорық жырын төгеді екен. Атайдың сондағы жыры мен сарыны әлі күнге құлағымда:
«О-о-уа!
Күндөн, күндөн күн өтүп,
Күн мезгили келиптир.
Айдан,айдан ай өтүп,
Ай мезгили келиптир.
Ошол кезде эр Манас
Жетиге жашы толуптур.
Мунун коюлган аты Чоң Жинди
Болкойгон жап-жаш баланын
Шер экенин ким билди.
Балача чуркап шашкан жок,
Бешке чыга келгенче,
Берениң Манас баскан жок.
Чакырган аты Чоң Жинди
Мунун чын Манас атын ким билди.
Сегизге жашы келгенде
Күйүп турган чок болду.
Күлдү кыргыз ичинде
Мындай тентек жок болду.
Каары келип кармаса,
Чыңырып балдар чыркырайт,
Катуулукка чыдабай
Көзүнүн жашы буркурайт.
Кырк баланы кырк үйдөн
Манас бир күнү жыйнап алыптыр.
Чоң Алтайдын талаага
Чогултуп оюн салыптыр.
Кара кытай, манжуудан
Сексен бала барыптыр.
Сез көрсөтүп кыркына
Сестеңдешип калыптыр.
Сексенинин ичинде
Боз калмактын чоң уулу
(Ары чогоол,ары эр)
Манастын жолун торгоду.
Сексен бала оңбоду,
Кызы талак бурут! – деп,
Беркилерди кордоду.
Тентип келген бурут! – деп,
Бул буруттун балдарын
Чуркуратып курут! – деп,
Сексен бала качырып,
Кырк балага асылып,
Далайынын кыркынын
Тизеси жерге бүгүлдү,
Сексен бала алдында
Келин болуп жүгүндү.
Жекелер жаным соога – деп,
Чымындай жандан түңүлдү-ей-а!».
* * *
Шыбын жаннан түңіліп, концлагерьде шырағы сөнуге таяған Асылзада Зарыпхановты сүйретіп әкеліп комендант Себастьян Эйкенің алдына тізе бүктіргенде ол: «Сен енді – «сиырсың». Сират көпіріне айдалған «сиырсың», – деп суық жымиған әзірейіл-комиссармен қайта жүздескендей күй кешті. Әлде комиссар мен комендант баяғыдан бір адам ба екен? Лагерьдің алты ай азабында неміс тілін шала ұғып, орыс тіліндегі сұрақтарға «иә», «жоқ» деп ауызекі тілде жауап қайыруға төселіп қалған тұтқынға сұрақ қойыла бастады.
– Атың кім?
– Асылзада.
– Әкеңнің аты кім?
– Зарыпхан.
– Әкең қайда? Ол да Ұлы рейхке қарсы ұран салып жүргендердің қатарында ма?
– Жоқ.
– Қайда ол?
– Қайда екені белгісіз. Айдалып кеткен.
Коменданттың жанарындағы қызыл-қоңыр бояудан әлде бір жылт ойнап барып өшті.
– Әкең коммунист пе?
– Алашордашы.
– Алашорда деген не?
– Партия.
– Кімнің партиясы?
– Қазақ оқығандарының партиясы.
– Коммунистерге қарсы партия ма ол?
– Жоқ. Коммунистер Алашорда партиясына қарсы болды.
– Сен кімсің?
– Мен – совет солдатымын.
– Анаң бар ма?
– Бар.
– Ол қайда?
– Алыста. Тым-тым алыста.
– Асылтаза Тсарыпханов, сен қанша жасыңа дейін емшек емдің?
– Үш жасыма дейін.
– Ешкі емдің бе? Сиыр емдің бе?
Коменданттың алдында сұраққа жауап қайырып отырған тұтқын Асылзада Зарыпханов қан кешулер мен зорлық-зомбылықтардың арасында да адам күледі екен-ау деп ішінен мырс етті: «Ешкі емдің бе? Сиыр емдіңбесі несі?».
– Анамның омырауын емдім.
– Шығыс халықтары, сендер адамның есіміне көп мағына беріп, оған ат қойғанда ырымдап қоясыңдар. Сенің есімің нені білдіреді?
– Асыл – өмірі тот баспайтын, шірімейтін зат. Зада – адам ұрқының асқан данышпаны. Асылзада – унтерменшам емес!
Комендант ендігі сөзді қысқа қайырды:
– Асылтаза Тсарыпханов – жас, қайратты. Адамзаттың нағыз асылзадасы – фюрер мен Германияға қызмет етуге мүмкіндігі жетіп-артылады. «С» тобына қосыңдар Тсарыпхановты!
* * *
Асылзаданың анасына жолдаған хаттары кейде көз ұшында ақ қанатты құстарға айналып, тізбектеле ұшып бара жататын. Сол аққанат құстардың топшысын ысқырған оқтар үзіп жібермесе екен деп тілейді бұл ішінен. Кейде мұның қорғансыз құстарының соңына жағалтайдай жалаңдап әскери әбжіл ұшақтар ілеседі. Ұшақтар биіктей көтеріліп, екпіндей құйылып келіп қауырсынына иректеліп әріптер түскен құстарды өртеп, қорғасын құсқан әуеден уыс-уыс күлдей етіп төге салардай шүйіледі.
Тұтқындардың «С» тобына қосылып, ептеп адам кейпіне оралған ол ақ қанат құстарының қанатына байлап, анасына ойша хат жазады.
«Жаным, апа! Сағындым сені әбден. Сен де мені сағынып, зарықтың-ай, білемін. Сені сағыныштың сартабына салып зарықтырып, зарпы күшті замананың зараухасы қылғаныма өкінем, апа… Енді айналып қауышар күн басымызға туа ма, жоқ па – білмеймін, бірақ балаң аман. Ата-бабамның аты келіп суын ішпеген, жерін баспаған неміс дейтін жұрттың тұтқындар лагері темір торын жайған беймәлім бір қаласының іргесінде өмір сүрудемін. Комендант Себастьян Эйке мырзаның отбасына тікелей тиесілі шаруашылықта жұмыс істеймін. Тұлымшағын күн сылаған балалықтың тұсауын кесіп, қарақанаттана бастаған шағымда әкем мені қабырғасы қатая түссін дей ме екен, қаладан қырға алып барып әрнеге жұмсайтын: «Асқантай, ат ертте», «Асқантай, мал қайыруға көмектес», «Асқантай, отын бұтап үйрен». Мен сонда бұлғақтап, әкем тапсырған әлгі істердің басын шала қайырып, ойын қуып кететінмін. Ал қазір мені біреу жұмсаса екен, коменданттың мені құлақкесті құлша жұмсар жұмысы бітпесе екен деп тілеймін. Мен үшін жұмыс біткен күн – тындым күн, тіршілік таусылған күн, апа.
Есіңде ме, Қырмызы жеңгем бие саууға үйден шыққанда, мен де оның соңынан ілесе шығып, жас құлынның аузынан жырып алған биенің көнектегі саумал сүтіне тостағымды батырып, тамсана жұтушы едім ғой. Осы әдетімді қызықтап әкем екеуің мені «торы биенің құлыны» дейтінсіңдер. Жасым ол уақытта – алты-жетіде. Таң атқаннан кеш батқанға дейін желіде байлаулы тұратын қоңыр құлынның енесін қақтап сауғызып, менің ауызыма тосатын едіңдер. Менің құлынға жаным ашитын. Қоңыр қасқа құлынның сетері боп туғандай ерке ұлдарың, міне, он жетіге аяқ басты, бүгінде ол ала сиырдың – «бұзауы». Фермада сауыс-сауыс боп сиыр сауамын, апа. Осының өзіне мың тәуба! Сиырдың желініне жабысып, бауырына бүктетіле кіріп, төрт емшектің бірін еміп аламын. Мен енді жуық арада өле қоймаспын. Мені емізетін сиырлар бар.
…Мен мұнда анталаған жау ортасындамын. Сен әкемді «халық жауы» деп көрсеткен жау ішіндесің – не деген тайқы шеке, тас маңдай едік, апа?.. Тағдыр бізді диірменнің тасына салып үгітердей не қылдық, Жаратқанға не жаздық? Әкем қайда екен? Өлі ме, тірі ме? Диірменнің тасындай шыр айналған дүниенің бір түкпірінде – мен, бір түкпірінде – сен барсың, әйтеуір… Әкем де бір жерде талқанының таусылар күнін күтіп жүр ме екен, кім біледі?..».
* * *
Офицерлердің клубына қайырма жағалы, қынама бел пальто киіп, төбесіне шілтерлі шляпа бастырып шығатын ханымның бұған аяй әлде аялай қарайтынын тұтқын тұла бойымен сезетін. Кешкі сауыннан алған сүтін жертөлеге қалдырып, лагерьге қайтуға ыңғайланған беті еді. Қоңыр барқыт әуен ұйыған бөлмеден бой көрсеткен ханым жертөленің тепкішегінен көтерілген тұтқынды ымдап қасына шақырды. Сусылдаған қызыл жібек көйлегі төгіліп, аппақ жүзі уылжып тұр. Уылжып тұрып үлбірей тіл қатты ол.
– Ви хайст ду? – «Сенің атың кім?» дегені болса керек. Бұл қапелімде абдырап, асып-састы да қалды. Ханым оң қолын кеудесіне қойды: – Майн найм ист Зелда. – Тұтқын да оң қолын кеудесіне басты:
– Майн найм ист – Асылзада.
– О, Асылзада! – Ап-анық айтты. – Вөр көммст ду? – Балдырлап, барқырап сөйлейтін немістердің аузынан жиі еститін сөздерінің бірі. Шамалап ұғады. Бірақ мағынасын жете түсіне алмай тұр. Бір таныс сөз болса ғой, арғы жағын долбарлап әкетер еді, көмекке ханымның өзі келді: – Ду бист Азият?
«А-а, «Азиялықсың ба?» деп сұраған екен ғой».
– Азият, азият.
– Хаст ду айн матер? – Ана деген сөз қай тілде айтылса да түсінікті ғой. Асылзада басын изеді. Осы кезде ғана ол еденде отырған сарыбас балақайды байқаған. – Иш бин ауш матер. – Зелда ханым да – ана. Тұтқынның жүрегін жас жуып кетті. – Дас ист майн беби Маркус. – Балақайдың есімі Маркус екен.
«Маркус – бақытты бала, – деп ойлады тұтқын. – Ата-анасы қасында. Дегенмен, кім білген, аспанда аждаһадай ыңыранып айырпландар ұшқан, оқ ысқырған әлемде бақытты бала болмайтын да шығар».
Комендант Себастьян Эйке бөлген «С» тобындағылар да өзінше бақытты. Олар – Ұлы рейхтің жасампаз өмір салты мен адамзатқа үлгі боларлық тұрмысының іргетасын мызғымастай етуге жегілген тұтқындар. Анығы – таңдаулы құлдар. Құл да құлдан озғаны үшін Құдайына шүкірлік қылады. Асылзада да осы күніне шүкір дейді іштей. Алайда ол қанмайданда жаумен жағаласа жүріп, «әкемді жалалы аттан арылтып аламын» деген арманынан адасып қалғанын, аяулы арманына сатқындық жасап кеткендей болғанын бұл күнде анық біледі. Дүлей мінезді заман армандарды аяққа таптап, әне, тікенек темір тордың ішінен қол бұлғайды: «Бері кел, кір қойныма, сиыр еміп тойынған екенсің сен, сол тойынғаныңмен қоймай, батылың жетіп Зелда ханыммен тілдесесің тағы да. Жоқ, ол саған сәтке ғана бұйырған бір жарық сәуле. Сен сәулелі сәттер үшін емес, арсылдаған иеттерге таланып, керзі етіктердің добал тұмсығына қабырғаңды төсеп жатуға жаралған пендесің. Пенденің тағдырына қарсы қадам жасауға қақысы жоқ»…
Әуелеп ұшқан құстың қанатын қағатын биік бағаналы тікенек тордың ауданы тым үлкен. Сол ауданды тор ішінде ұзыннан-ұзақ салынған барактың тұрғындары құтқарушы армияның жер солқылдатқан дүмпулі екпініне құлақ тосады әредік. Әйтеуір бір үміт дүниесі. Лагерьдің барактан қоныс таппай сыртта қалған «С» тобындағы тобан аяқтар арасында терісі қу сүйегіне ілініп ыршы Атай жатыр. Таң бозынан тұрып сауын фермасына асығатын Асылзада далада бір-біріне жабысып, күл-қоқыстай үйілген тұтқындар арасынан Атайды күнде көріп өтеді. Әзірге аман, тірі жүр бейшара. Бүгін оның сілеусін көзі шатынап, шарасынан ақтарылардай андағайлап кетіпті. «Әй, Асылзада! – деді ол сау адамша саңқылдай дауыстап. – Мен «Манасты» отыз күн, отыз түн жырладым. Жырлап-жырлап Манас бабаммен бүгін қоштастым. Мен алып Манасты жерледім бүгін».
Соғысты ойын көрген – бала Атай; қарусыз майданға кіргенде де әзіл-қалжыңнан тыйылмаған қылжақбас Атай; тұтқынға түсіп жаяу айдалғанда да жасымаған Атай; комендант қызметкерлері кітап ашып, атын сұрағанда «Манаспын» деп қасқайып тұрған – қайтпас қайсар ер Атай; түнде жұлдыздарға қарап сөйлейтін – сәуегей Атай бүгін Манасты жерлепті…
Ымырт үйіріле, талақтанып батқан күннің бетін ыстап, аспанға күйік иісі қолқаны қапқан түтін көтерілген. Ол – Эйкенің жендеттері газбен улап өлтіріп, отқа ораған тұтқындардың мүрдесінен көтерілген түтін екен. Атай жыршының да мүрдесі сол оттың ортасында жанып жатты.
«Жан апа!
Дүние жалаңдаған отқа оранды,
Аспаннан зауал оғы тоқтамады.
Алланың бұл да болса, хикметі,
Келеді Ол бар пендені соттағалы.
Дүние жалаңдаған оранды отқа,
Жаутаңдап күн кешеміз комендотқа*
Қара аспан төңкеріліп жерге түсті,
Біз тұтқын – осы күні бар мен жоққа».
Көзінің жасы шелектегі сүтке тамып отырып, тұтқын анасына зарлап өлеңмен ойша хат жолдаған.
«Бар мен жоқ…». Бары қайсысы, жоғы не? «Мынау адам баласы қарманып тірлік қылатын шын өмір емес, – деді ағаш сәкіде қатар жататын қарт кісі Асылзаданың құлағына сыбырлап, – біз тегі құрдымға жұтылып, бар мен жоқтың арасында сабылып жүріп, тозаққа өтіп кеткен күнәһарлармыз, ұлым».
Кешкі сауынның суып үлгермеген сүтін жертөлеге қалдырып, әдеттегідей тепкішектің сықырын сындырмай көтерілген тұтқынды алдынан көзі бұлаудай болып ісінген Зелда ханым қарсы алды. «Хөлле-хөлле!» – деп тұншыға жылады ол. Зелда ханымның «Тозақ-тозақ!» деп жылап тұрғанын тұтқын түйсігімен ұғып, түсінді.
* * *
Күз неміс жеріне де табиғаттың бар бояуын қашырып, төңіректі бірыңғай сұрқай түске көшіріп, жаздағы жайнаған дүниенің сүлкінін кетіріп, аспанды қарасұр бұлттармен жауып, тұтасып бір-ақ келеді екен. Айнала суық дым бүріккен ақсұр тұман. Сол ақсұр тұман ішіне ұңғысы сорайған танктер, үш аяқты мотоциклдер сүңгіп, кіріп бара жатады. Кейде ызғырық жел тұрып, айналаны көз жетер жерге дейін түріп тастайтын. Сонда тікенекті темір торға ілініп қалған, ішек-қарны ақтарылып, асылып қалған тұтқындардың мүрдесі көрінеді. Әлгі мүрделердің лагерьден қашып шығудың қарекетін қылып атылған, әлде әдейі барып арандаған өзбек Абдолланың, башқұрт Ибадаттың жансыз денесі екенін, жансыз денелерге қалбаңдай кеп қарғалардың қонатынын, қарғалардың қызыл етке тұмсығын сұғып, кесектеп ет жұлып әкететінін бұл таяу жерден – коменданттың үйінен көріп, біліп отырды.
Зелда ханым комендант күйеуімен бірге ауқаттанатын ас бөлмесіндегі кофе-брейктің уақыты мен күйтабақ ойнатып, екеуі холлда музыка тыңдап, тыныс алған шақтарында болсын, туғаннан бері тілі шықпаған мылқау Маркус бақыр басын көтере алмай еденге құлап қалғанда да мейлі, тіпті екеуара айқаласқан төсектегі тоят сәтінен кейін де, жалқы өтінішін қайталай жүріп, түбіт мұрт тұтқын қазақты жертөлеге әкеліп жатқызған. Асылзада қазір қапқа салынып қатар қойылған картоп пен пияздың, үйілген қырыққабаттың ортасынан орын сайлап алып, сонда тұрып жүр. Картоп аршиды, қырыққабатты жапырақтап турап, пияз бен сәбізді, қызанақ пен қиярды жуып түскі, кешкі асқа дайындап қояды. Торайды өкпе тұсынан пышақ сұғып өлтіріп, союды да, бітеудей үйітіп, қабырғасын, бас-сирағын түрлі дәмдеуіштермен сылап әкеліп коменданттың алдына тартуды да тез үйренді. Себастьян Эйке торай етіне әуес. Өткір кездігін жалаңдатып, үйітілген торайдың қоң етіне бойлата сұғып-сұғып жіберіп, майлы қабырғасын сыпыра соғатын ол етке ұрты толғанда қызыл шараппен жүргізіп отырады. Шарапты көп ішеді. Шарапқа сылқия тойған соң, қақпағын серпіп тастап, пианиноның таңдайында тізілген қарала тастарды саусақтарымен іліп әкетіп, күңіренте күй төгетін. Ұзақ толғайды.
Бірде фрау Зелда немісше сөздерді тәп-тәуір ұғып қалған Асылзадаға комендант күйеуінің қабырғадағы суретін нұсқап: «Оның аты – Себастьян. Ертеректе, бала кезінде музыкалық білім алған. Бірақ бұл музыка пайғамбары Себастьян Бах емес. Бұл – зұлымдық күйшісі», – деген болатын. Зелда ханымның сөзінен ұққаны: Себастьян Эйке – бас құрап, үйленген кездерінде тәп-тәуір азамат болған көрінеді. Мамандығы теміржол инженері екен. Жұмысынан кейін әлдебір саяси клубқа үйірсектеп барып жүрген дарынды инженер күндер өте өзгеріп, өрекпи сөйлейтін, кіжінетін, тепсінетін мінез тауыпты. «Задында неміс адамы салқынқанды болады. Оны өзгерту, оның өмірлік ұстанымына әсер ету өте қиын. Ал өзгерттің бе… өзгерген неміс ішкі механизмі кенеттен кері айналған сағаттың тілі сияқты бар болмысымен басқа адамның кейпіне еніп кетеді. Сосын салқынқанды немістей жүрегі суық адамды жер бетінен табу мүмкін емес, – деді Зелда ханым жұбайы жайында күрсіне сыр ақтарып.– Себастьянның өзгеруіне тағы бір себеп, – деді ол, – жалғыз ұлымыз Маркус – туа тілсіз. Тілсіз, мылқау және денесінен басы үлкен, қол-аяғы шидей. Көкқарын. Мешел. Бір күні жұмысынан үйге әдеттегідей кеш оралған Себастьян маған үрейлене қарап: «Сен оны көрдің бе?» – деп сұрады. «Нені?». «Көшедегі үлкен плакатқа түскен баланың суретін?». «Ол не сурет? Ол не қылған бала?». «Ол – жазылмайтын дертке ұшыраған ауру бала. Ал фюрер: «Ауру, кемтар, жарымжан атаулы Арий тұқымына жатпайды, олар – асқа ортақ, қоғамға масыл міскіндер. Ондай дерт соққандарды қинамай өлтіріп, құтылу керек», – депті». Осыны айтқан Себастьян ертеңінде инженер киімін әскери киімге ауыстырып, қолына қару алған. Ол Маркустың мылқаулығы мен мешелдігін сұғанақ көздерден таса ұстау үшін соғысқа кірісті».
Отбасының тағдырын оңашада көп әңгіме қылатын Зелда ханым кейде сыбырлай сөйлеп: «Эйкелер ешкімді аямайды. Жер бетіндегі жұмысқа жарамсыз, ауру-сырқау, әлсіз адамдарды тегіс қырып салып, өртеп жібереді. Әлгі зұлымдықтарын бұлар әлсіздерді азаптан құтқарудың амалындай ұғады. Менің сүйікті күйеуім – мылқау Маркусымның әкесі былтыр отқа оранып өлгендердің бәріне рахымшылық жасадық деп жүр. Тұтқындарды құтқарушы армия жақындап қалды. Сен қайткенде азаттыққа жетіп, анаңмен қауышуды ойла. Ал біз бұл мекеннен жылыстап жоғаламыз», – дейтін.
«Зелда ханым… аяулы Зелда ханым. Жастың үлкен-кішілігі жарасқан жұпқа жапырақтай көлеңкесін түсіре алмайды ғой. Құтқарушы армия келіп мынау темір тордың қылбұрауын үзген күні Зелда ханымға сөз салсам қайтеді: «Жарығым, Зелда, азаттық армиясы мені бұғаудан босатты, мен де сені қанішер Эйкенің құрсауынан бостандыққа алып шығайын. Менің еліме жүр, соңымнан ер. Менің аппақ анамның аппақ келіні бол. Маркусты да ала кетеміз. Сөйтіп, бәріміз бақытты, баянды ғұмыр кешеміз».
Жібек көйлегі толқып, жұпар аңқып жүретін көрікті әйелдің келбетіне тойған көздерін жертөледе жұмып жатып, қызметші тұтқын қисыны қиын қиялдарына әнтек ерік береді.
Асылзаданың қиялында зілмауыр танктерінің шынжыр табаны аунап басқан сайын қара жерді солқылдатқан азаттық армиясы салтанатты шеру тартып қалашыққа кіргенде, фашистер лагерьді тастай қашады. Бұлтты аспан жарқ етіп ашылып, дүние нұрға бөленеді. Құтқарушылар мен фашистердің құлдығынан құтқарылғандардың құшағы айқаса кетеді де, армия қолбасшысы қолына дыбыс ұлғайтқыш аппаратты ұстап былай дейді:
«– Сендер фашистердің арбауына көнбей, қорлығы мен зорлығына төтеп беріп, Ұлы Отан алдындағы адалдықтарыңды сақтап қалдыңдар. Жау қолына түссең де Отанға деген адалдықты іште берік сақтай білудің өзі ерлік. Біз сендердің ерліктеріңді барлық одақтас елдердің азаматтарына үлгі етеміз!».
Бұдан ары қарайғы қиялында Асылзада туған жерінде жүреді. Бұғаудан босап шыққан ұлын қарсы алған ел-жұрты дабырлап мынандай сөздер айтады:
«– Ау, ағайын, естідіңдер ме, соғыстан Зарыпханның ұлы аман-есен оралыпты ғой! Байқұстың азап лагерінде көрмегені жоқ екен. Әуелі майданға қарусыз кіріп, жаумен жалаңқол айқасыпты. Бірақ қарусыздың аты – қарусыз. Зеңбірегі от құсқан, пулеметі сақылдап оқ бүріккен, темірқанат соғыс ұшақтары әуеден бомба төккен бүгінгінің соғысында қарусыз жауынгер не істей алсын? Харьков майданында тұтқынға түсіп, ақырында немістің бір қаласына айдалып барып, сондағы абақтыда азап пен тозақты қатар кешіп өтсе де, жауыз коменданттың қатынын тартып алып, елге қайтыпты ерің!».
Өзіне тұтқын жастың тұнжыр көзі көбірек қадалып қалатынын білетін Зелда ханым қабағын шытады:
– Сен коменданттан барынша абай бол. Екеуіміздің сырластығымызды оған сездірме. Маған ұрлана қараудан мүлде тыйыл. Ол жақындығымызды білсе, бітті, сені табан астында атады да тастайды. Сен, балақай, аман-есен анаңмен қауышудың қамын ғана ойла.
Дарылдаған үні дүниені көшіріп, аулаға үш дөңгелекті мотоциклдің бірнешеуі қатар келіп тоқтады да, сырттан барқыраған дауыстар естілді. Коменданттың сыбайластары – шені жоғары офицерлер. Олар әредік герр-полковник Себастьян Эйкенің қоршауы биік, көзден тасалау коттеджінде бас қосып, арақ-шарап ішетін. Мотоциклдердің дарылы басылғанымен, келген қонақтардың дабыры артқанын естіген бетте фрау Зелда мылқау Маркусты құшағына қысып, жоғары қабатқа ұмтылған. Қызметші тұтқын жертөлеге зып берді. Дабырласқандардың дауысына жертөледен құлақ тосып, кейбір сөздерді ежіктеп ұғатын Асылзада неміс офицерлерінің әлденеге ызалы екенін, әлденеден үрейленетінін көптен сезетін. Бүгінде сол сарындағы әңгіме басталып кетті.
– Біз жеңілдік пе, герр-полковник?
– Мұндай сұрақ болмайды, герр-майор!
– Жоқ, біз жеңілдік, герр-полковник. Біз Совет Одағының жеріне басып кірген күні жеңілгенбіз.
– Айтыңызшы, Сталинградты алғаннан кейін Гитлер соғысты тоқтаудың амалын іздеуі керек еді ғой?
– «Соғыс, соғыс, тоқтамай соғыс!» деп күшенді ғой менің фюрерім.
– Гитлер «бізде құпия қару бар» деген еді, ол қару қайда? Неге оны қолданбаймыз?
– Орыстар, әне, «катюшалатып» кеп қалды.
– Катюша, катюша, ой, катюша, катюша!
– Орыстың маржаларының бәрі – Катюша. Төсекте тәніңді өртеп жібере жаздайды. Қып-қызыл от.
– Сол қып-қызыл от жақындап қалды, жолдастар!
– Қайтпек керек, мына қалашықты тастап шығамыз ба, герр-полковник?
– Аузыңызға ие болып сөйлеңіз, герр-капитан! Лагерьді одақтастарға қалдырып, қалашықты майдандаспай тастап кетсең, сатқын аталасың. Ал қалашықты тастай қашсаң, мұндағы лагерь сенің алдыңнан торын жаяды. Азапқа айналып келіп өзің түсесің.
– Герр-майор дұрыс айтады, герр-капитан. Бірақ, сіз, герр-майор, «біз жеңілдік пе?» деген сұрақты қайтып маған қоймаңыз.
– Ұқтым, герр-полковник. Әйтсе де мен… жеңілсек те, жеңсек те, «осы атың өшкір соғыс аяқталса екен» деп, іштей дұға етумен жүрмін.
– Оныңыз жөн, герр-майор.
– Герр-лейтенант, сіз неге үнсіз отырсыз?
– Мен… мен лагерьді ойлап отырмын.
– Герр-лейтенант, мен сізге талай ескерттім. Кітап оқуды қойсаңызшы. Әуес болмаңыз кітапқа. Соғыстағы солдат кітап оқымайды, кітапты өртейді.
– Герр-капитан, мен мына жерде кітап туралы бірдеңе дедім бе?
– Иә, сіз «лагерьді ойлап отырмын» дедіңіз. Демек, лагерьдегі тұтқындар туралы да ойланып отырсыз. Оларға ептеп жаныңыз ашиды, білемін. Соның бәрі кітап сөзінің әсері. Кітап пен соғыс – бір-біріне жуымайтын екі әлем.
– Жоқ, мен лагерьді ойлап отырмын. Ертең одақтастардың армиясы келіп тұтқындарды азат етсе, олар сайрап қоя береді ғой. Көргенінің бәрін айтады.
– Сайрай алмайды. Сталиннің не дегенін естімеп пе едіңіз, герр-лейтенант?
– Сталин не депті, герр-капитан?
– «Бізде, – депті Сталин. – Тұтқындар жоқ, сатқындар ғана бар». Сталин үшін біздегі тұтқындар тұтқындар емес – сатқындар. Бұлардың бәрін Сталин Сібірге айдайды да, құртады.
– Ендеше Сталинге рахмет!
– Сталинге не үшін рахмет айтқыңыз келеді, герр-лейтенант?
– Сталин біздің Құдай алдындағы кешірілмес күнәмізді бөлісейін деген екен.
Бастапқыда бір-бірін әскери шендерімен атап, стақан қағыстырып отырған офицерлер түн ортасы ауа соғыс жайындағы әңгімені ысырып тастап, бұрынғы өмірлерін, бордельдер мен барларды алаңсыз кезген күндерін жарыса сөз қылып, дуылдасып жатты. Ал ертеңінде аспан күркіреп, жер тітіреп, бірқалыпты тіршілік ырғағына түскен лагерь мен қалашықтың астаң-кестеңі шығып, аласапыран басталды да кетті. Қалашыққа азат етуші армия келіп жетіпті.
Қорғасын ыстаған қара ала бұлттардың бауыры көкойықтана ашылып, ыдырап барады. Ауған бұлттардың шалғайына жармаса жерден түтін көтеріліп, қайсыбір тұстан аспанға қызыл жалын атады. Лагерьдің бағаналарына одақтастардың туы ілініп үлгеріпті. Орталық алаңға қарай сақсына басқан тұтқындардың қарасы көріне бастады. Қорабына пулемет, зеңбірек қондырған машиналар мен танктер қалашық пен лагерьді қоршап алған. Жертөледен шыққан Асылзада албарда екпеттей жығылған Зелда ханымның өлі денесін, өліктің қасында мелшиіп отырған мешел, мылқау Маркусты көрді.
* * *
«Коменданттың жертөлесіне тығылған сатқын мынау ма? «58-баптың 1-тармағы. 25 жыл».
Қызырбек екеуі жылап айрылысқан.
– Совет жағына өтпе, оған енді жолама, – деп жалынған еді Қызырбек.
Бұл көнбеді.
– Қызырбек-ау, неге, неге жолама дейсің?
– Сталин азап лагерінен азат етілгендерді жеріне мәңгі тоң қатқан, аспанында Күн шығып, Ай батпайтын беймәлім бір мекенге айдап апарып, абақтыға тоғытып жатқан көрінеді. Совет өкіметіне жолама қайтып!
– Осындай сөзді мен өткенде жертөледе жатып естігенмін.
– Естісең, сол – совет шекарасынан ары аттама, аяғыңды баспа ол елге!
– Мен сенбеймін. Қауесет, өтірік ол. Комендант пен жандайшаптарының, қала берді анау одақтас елдердің бізді үрейлендіріп, қорқыту үшін әдейі таратқан бопса сөзі. Біз қорықсақ, кері қайтудан бас тартсақ, неміс жағына өтсек немесе шетел асып кетсек… оларға керегі – осы.
– Адамдар азғырынды тілге еріп алдымен соғысады, содан соң соғыстан қашады. Мен бірдеңе білсем, комендант та, оның сыбайластары да бұл маңнан қарасын батырмақ. Әлпі тауынан аса ма, кемеге түсіп Америкаға өте ме – әйтеуір олардың енді Германияда қалуы мүмкін емес.
– Олар қайда қашса да, ізінен қалмай зұлымдық істері ілесе жүреді, Қызырбек. Германиядан қашып-ақ кетсін, бірақ қанқұйлы қылмыстарынан қашып құтыла ала ма? Ал мен қылмыскер емеспін. Сатқындық жасаған жоқпын. Жертөледе жатып жан бақтым.
– Жертөле сенің түбіңе жетеді, Асылзада! Сені жертөледе жүріп күнін көрді, жалданып жанын бақты демейді, ұлтшыл-социалистердің – фашистердің ұясында өмір сүрді, немістерге берілді дейді.
– Анамды қайтем? Анамның көз жасына басымның азаттығын айырбастау маған қиын тигелі тұр ғой, Қызырбек. Совет өкіметі алдымен тергеп-тексерер, тіпті әкеліп соғысқа қайта салар, бірақ азап лагерінен азат етіп алып абақтыға жаппайды, соттамайды. «Бір қылмысқа екі жаза жүрмейді» деуші еді ғой лагерьдегілер.
– Айнымасқа бет алыпсың, Асылзада! Тәңірім саған жар болсын! Ал мен – қағазда османлы түрік Қызырбекпін. Түркия азаматымын. Қазақ Қызырбек майданда қаза құшқан. Елге жетсең, осылай де. Қиямет-махшарда кездесерміз, кел қоштасайық, бауырым!..
Екеуі еңіреп, жылап қоштасқанда, «бөтен елде қалай өмір сүріп, қайтіп күнелтпек?» деп, Асылзада Қызырбектің алдағы тағдырына көп алаңдаған. Лагерьдің бұрынғы тұтқындары ортасынан бөлініп, бір қауымы Советстанды, ендігі бір шоғыры шетелді таңдап, екі тарапқа бастаған жіңішке жолға түскенде де ол Қызырбектің қалт-құлт еткен бейнесіне қарайлай берді. Сұйық қоңыр шашы жалбырап, қалқайған құлағы сырғалығынан төмен құлап, құр қаңқасы қалған кеудесін етінен тұтас арылған аяғына әрең қондырып, ілби басып бара жатқан Қызырбектің бейнесі батқан күннің қызыл шапағына ілініп тұрған. Асылзада азап лагерінен құтылғандармен бірге іші көрдей суық вагонға келіп отырды.
* * *
Тергеу ұзаққа созылмады.
«Асылзада Зарыпханов Харьков майданында немістердің қолына түскен».
«Совет жауынгері жау қолына түспейді – не өледі, өлмесе, жаудың тылын бұзып шығады».
«Асылзада Зарыпханов азап лагерінде болған».
«Лагерьде бұл СС құзғындарымен ауыз жаласпай, Отанын сатпай қалай аман қалды дейсің?».
«Асылзада Зарыпханов комендат Себастьян Эйкенің үйінде қызметте жүрген, жертөледе жатқан».
«Міне, көрдіңіз бе, осының өзі-ақ мұның сатқын екеніне бұлтартпас дәлел. Жертөледе жатып жау жағына өткен, Совет өкіметіне аса қауіпті адам. Диверсант болуы да әбден мүмкін».
Әскери соттың судьясы мен мұның ісін айғақтаушының арасында осындай аз-кем сұхбат болды да, сот үкім шығарды: «Коменданттың жертөлесіне тығылған сатқын Асылзада Зарыпханов «58-баптың 1-тармағымен» айыпталды. Жаза мерзімі – 25 жыл».
– Ал, қане, айт, – деген судья сұқ саусағын мұның өңменіне қадай сөйлеп, – Отан алдындағы опасыздығыңа өкінесің бе, жоқ па?
– Өкінемін, – деді Асылзада судьяның көзіне тайсалмай қарап тұрып. – Үш солдат бір мылтықтан оқ аттық. Немістер қанды шеңгелін тарылтып, жан-жағымыздан қыса түскен. Командиріміз: «Жағаласып, пышақтасып өліңдер. Тірі қалғандарың қайткенде қашып шығып, жан сауғалаңдар. Мен сендердің обалдарыңа қалдым, ұлдарым!» – деп айқайлаған. Мылтық ату кезегі маған тиген еді. Оқшантайымда ең соңғы оқ. Сол оқты мен кезеніп келіп қалған жап-жас неміс солдатының маңдайына қададым. Міне, мен соған өкінемін. Оны өлтіргенше, жалғыз оқты өзіме жалдап өлуім керек еді.
– Қорқақ, сатқын! – деп жын ұрғандай жұлынды судья. – Әкетіңдер, құртыңдар көзін, тепкінің астына алыңдар, тепкіден тірі қалса, Колымаға, Магаданға айдаңдар!
«Колымаға жетпей желкем қиылар» деп ойлаған Асылзада. Жоқ, әзірге көретін жарығы бар екен, соттың үкімі күшінде қалып, еңбекпен түзеу лагеріне апарып, ақтарып тастайтын пойыздың вагонына кеше түндегі тепкіден қаусаған қабырғасын қолымен демеп келіп, бүктетіле құлаған. Міне, содан бері қанша апта, қанша ай өткені белгісіз, кейде ұзақ тоқтап, кейде арқырап ала жөнелетін пойыздың вагонында жатып есін жыйды.
Пойыз ілгерілеген сайын темір вагонды қаусырған аяз да азынай түскен. Маңында – жағы сорайып, көзі шүңірейген бір өңкей ұсқынсыз жандар. Ұстара тимеген мұрт ауызды басып, иек пен жақтың қыл-қыбырымен араласып, алқымды бір-ақ қабады екен. Вагон толы қаба сақалдар. Сырттағы үскірік боран мен темір контейнерді қарыған аяз қабағат кеп ұрғанда сорлылар аяқ-қолдарын бүктеп алып, жалбыраған сақалдарының астына кіріп кетердей бүрісіп, бүрсең қағады. Этапты аштық жайлаған. Сырт көзге әскери адамдар тиелген пойыздың белгісін байқататын эшелон үлкен стансаларға ентігіп кеп тоқтағанда, әккі зектер вагонның қабырғасын тықылдатып, хабар алмасатын. Сондай хабар алғыштың бірі жасы қырықтарды орталаған Вадим деген орыс азаматы еді. Жан қалтасынан тастамайтын рельстің бармақтай сынығымен контейнердің қабырғасын дыңылдата шертіп-шертіп жіберген ол алыс түкпірден құмыға жеткен дыбысқа құлағын түріп отырды да, көзі шарасынан шыға үрейленіп: «Сұмдық, – деді, – вагоннан аттап баспаңдар, этапта адам жейтіндер пайда болыпты. Өздері бір ұйымдасқан топ дейді. Әлгілер қапелімде қақпанын қапқан адамның қызыл өңешін жұлып алған соң, өкпе-бауырын қолқасынан ыстықтай суырып, шикідей жеп қоятын көрінеді».
Қалың қасы қабағын жауып, бетіне қылдан сіреқап кигендей болған Вадим сақал-мұртын бұрқыратып тағы бірдеңелерді айтып келе жатыр еді:
– Жап аузыңды, найсап! – деп зекіді біреу. – Осы күйсегеніңмен тоқта. Сен, найсап, тоқылдағыңды тоқылдатып этаптың ішінен тараған сөзді жеткізіп қана отырған жоқсың, бізді жаманат хабарыңмен хайуани іске шақырып та отырсың.
Вадим қабағының астында қатқан көзінің мұздай қарашығын әркімге бір қадап, тесірейген қалпы тырс етіп үндемеді.
Пойыз найза тұмсық кеме сияқты ақ қар, көк мұз басқан айлапат дала мен келбетін мұң торлаған ормандарды қақ жарып, жүйткіп келеді. Осыдан апта бұрын, эшелон тау шоқылары алыстан қол бұлғаған, жер бедері Асылзадаға жақсы таныс жалаңаш стансаның біріне кеп тоқтаған. Қарауылдар еңбекпен түзеу лагеріне айдалған қауіпті элементтер мінген вагондардың темір есіктерін сарт-сұрт ашып тастады да: «Іштеріңді тазалап келіңдер», – деп бұйырды. Өздері автоматтарын кезеніп, арсылдаған қабаған иттерінің қарғыбауынан қағып, талтайып тұра-тұра қалысты. «Қашсаңдар ескертусіз атыласыңдар!» – деген бұйрық та берілген. Қауіпті элементтер ышқыр ауын ағытып, қалың ши мен қамысты айнала берген еді, кенет қайдан тап болғаны белгісіз, қарашұнақ балалар қаптап келді де, бұларға тас жаудырды. «Предетели!», «Быраги Сәбетский быласти!»* – деп жіңішке дауыстарын созып шәңк-шәңк етеді шетінен.
Тентек балалардың қолынан дәлдеп атылған тастар қамыс құшақтап, шиге құлаған қауіпті элементтердің бет-аузын қан қылған. Қарауылдар қарқ-қарқ күліп, қызыққа кенелді де қалды. Зырқырап ұшқан тастың бірі Асылзаданың да басына тиді. Атқан қол әлсіз бе, әлде тас дегені қара балшық па, Асылзада аса ауырсына қойған жоқ. Тек құтырынған мына пәлелерден қашып құтылмаса болмас деген оймен жалт бұрыла бере тасқа көзі түскен: шеті кетіліп, ағарып қалыпты. Ептеп еңкейді де, іліп алды. «О, ғажап!» Қара тас дегені – сыртын балшықпен сылаған кәдімгі құрт екен! Сықпа құрт! Тасқа ұқсап жауған құрттардың бірнеше кесегін Асылзада қалтасына ұрып, қойнына да жытырып жіберді. Мұның не істеп жүргенін көзі шалған тағдырластары да сонадайдан балалар ұшыртқан «тастарға» жабысты. Қайсыбірі ұсақ құм балшығымен қоса сықпа құрттарды күтір-күтір шайнап, қылғытып, жұтып та жатыр. Асылзада құртты жалап көрсетті. Сосын: «Құртты ұзақ жалап, шетінен талмап, кертіп жесеңдер сіңімді болады, бойға қуат береді», – деп ұқтырды айналасына. Осы кезде тарс-тұрс мылтық атылып, автоматтар сарнай жөнелген. Қауіпті элементтердің бір-екеуі қалың қамысқа сіңіп жоғалмаққа әрекет қылған екен, қарауылдар оларды жарты қадам аттатпай жайратып салды. Қарғыбауынан босаған иттер өліктерді қамыс ішінен серейте сүйреп әкеліп, пойыздың табанына тастаған. Пойыз кернейін созып озандады.
Ажал аузына ыңыршағы айналып, арбиған сүйек-саяғымен жұтылудың жарысына түскендей әбден жүдеп-жадаған, қайраты қашып қалжыраған зектер жер түбіне айдаса да қу жанын жалдап, аман-есен жетуді ғана ойлап жүр ме десе, қашып құтылудың қамын да қалтарысында ұстайды екен. Асылзада бұған таң қалған: «Жер әлемде алапат соғыс. Ана жақта – СС жендеттері. Мұнда – пенде баласын аяуды білмейтін Совет солдаттары, сонда бұл бейшаралар қайда қашып құтылмақ, қайдан пана таппақ?».
Басында қалқайған қарасы жоқ далалық бекетте болған қашқындар уақиғасынан кейін вагон ішінде ұйлығысқан зектердің үстіне қару асынған қарауылдар келіп жайғасты. Аштық қысқанда қауіпті элементтер қайыс белбеулерін шайнап, бәтеңкелерінің қонышын қажалап, жамбастарына басқан сабанның сабағын сорып, вагонның бұрыш-бұрышына қатқан қырауды сыпырып алып, бір-бірінің аузына тосатын. Қарауылдар соның бәріне тыйым салды да: «Бір-біріңе көз сатушы болмаңдар, артындағы адам алдындағы адамның көк желкесіне ғана қарап отыруы керек», – деп, зектерді жүресінен тізіп қойды. Пойыз шайқалып, сілкінгенде ғана бұл қатар бұзылып, толқып кетеді. Теміржол мүлтіксіз созылғанда жүрелеген қауіпті элементтер қара тастай қатады да қалады. Тәртіп бұзғандар, талапқа бағынбағандар қарауылдардың жуан жұдырығын жеп, тепкісіне түсіп, аяз қарыған вагонда аяқ астында ыңырсып жататын.
Аштан аққұла қырылып, өліп қалмасын дей ме екен, күн аралатып зектерге қарауылдар қаппен әкеліп қатқан қара нан үлестіреді. Сол қара нан ғана талғажау. Құрт баяғыда таусылған. Нанды қарауылдар зектерге әуелете көтеріп, лақтырады да: «Маймылша қағып алыңдар», – дейді, «итше қақшып түсіңдер», – дейді. Бұлар маймылша пырсылдап, итше арсылдап темір вагонның ішін азан-қазан қылады. Қарауылдар мәз. Нанның ішін ойып, тірі тышқан салып тарататын қарауылдардың тосын сыйлары да болушы еді. Тышқанды көрген бетте зектер жамбастарына басқан құрғақ сабанды үйіп жіберіп, үйітіп жеп алатын. Қарауылдар унтерменшамдарға жиіркене қарайтын коменданттың жендеттерінен әрмен тыжырынып: «Сендер хайуаннан бетер хайуансыңдар», – деп, қауіпті элементтерді адам санатынан мүлде сызып тастайтын.
Кезекті бір стансаға танауынан бу атып, ысылдай кеп іркілген пойыз біраз аялдаған. Сырттан әмірлі бұйрықтар естілді:
– Шығыңдар! Түгел шығыңдар!
– Тізерлеп отырыңдар!
– Бастарыңды көтермеңдер!
– Жан-жақтарыңа қарамаңдар!
– Қиқаңдағандарың дереу атыласыңдар!
Асылзада көзін жерден алмай келе жатса да аңғарды: қауіпті элементтер аяқ артқан пойыз тежеуішін тартып тоқтаған станса – үлкен станса көрінді. Автобекеттің қасындағы бағана басына ілінген радиошелектерден екпінді музыка құйылып, әредік орнынан ыңырана қозғалған пойыздардың қайда бет түзегені хабарланады. Қайшыласқан қара нөпір халықтың ары-бері ағылған жүрісін қабақ астынан шалып, зектер сіре боп қатқан қарға тізелерін қадаған. Бетін аяз құрсаулаған қар тізенің көзінен өтіп, қарып түсті. Асылзада «шоқ та бір, мұз да бір екен, – деді ішінен, – екеуі де етті күйдіріп, сүйекті кеміреді».
Аздан соң қапталдағы пойыздың вагондарынан қолдарын желкелеріне айқастырып, көздерін төмен салып, имеңдей басқан біреулер ақтарыла түсті де, қауіпті элементтердің қатарына келіп қосылды. «Шамасы, мына имеңдеген сорлылар да – қауіпті элементтер, былайғы жолаушылар: Магаданға, Колымаға қызметке бара жатқандар, әне, терезелерінен бас баға қарап, вагондарында отыр. Қауіпті элементтер… біз өзі көп екенбіз ғой» деп төңірегіне көз қиығын тастады Асылзада. Кенет, қыстыға үріп, қыңсылаған иттердің де, «қатарға кел», «отыр», «тізеңді бүк», «басыңды көтерме» деп алма-кезек бұйрық бере тепсінген қарауылдардың да үні өшіп, тыныштық орнады. Асылзада басын әнтек көтергенде көріп қалды: зектер үлкен зембілге салып, қауметті аппақ сақалы белуарына түскен, аппақ киінген, ақбурыл қасының шалғайы қыран қанаттанған, кеудесін шалқайта тастаған қарияны көтеріп келе жатты. Қария анау сұсы суық темір вагоннан емес, аспанда аунаған ала бұлттардың арасынан – көктен жерге түскен пайғамбардай көрінді.
– Бұл – авторитет, әулие адам, ғұлама оқымысты, мұсылмандардың молдасы, – деді қапталдағы пойыздан шыққан қауіпті элементтердің бірі дауысын сыбырмен көміп.
Иттер арпылдап, қарауылдардың әмірлі бұйрықтары қайта естілді:
– Тұрыңдар, ешқайда мойын бұрмаңдар!
– Соңғы тіркелген қосалқы вагондарға тиеліңдер!
«Соңғы тіркелген вагондарға отырыңдар, мініңдер» демейді, «тиеліңдер» дейді, қарауылдар үшін біз жүріп-тұра алатын құнсыз зат болдық қой» деп күбірледі сап түзей жылжыған этаптың арасынан бір бейбақ.
Жаңа вагонның еденіне қалыңдап сабан төселіп, қабырғасын қамсаулап қамыспен тұтыпты. Екеуара жамылуға жететін брезент сулық та үлестірілді. Вагонның төрін ала бөлек қоршалған темір торлы жеке жайда жаңағы әулие малдасын құрып, таспих тартып теріс қарап отыр.
– Авторитет бар жерде – тәртіп бар, қарауылдар бізді албаты басынып, қорлай бермейді, – деді қауіпті элементтердің қарасын еселегеннің бірі бәріне естіртіп. Темір тордың аузында қаруын кезеніп тік тұрған конвой үндемеді.
Пойыз бар қуатын бойына жиып, қос танауынан бу атып, дүр сілкінді де болат жолды солқылдатып тарта жөнелді. Сарт-сұрт, сарт-сұрт… Ілгері озған сайын сартылы үдеген пойыз екпінімен бірге Әулие жайғасқан тордың ішінен де бір сарын үзілмеді. Асылзада біртүрлі таныс сарынға құлағын тосады: Әулие тұтқын қирағатын баптап құран аятын созып келе ме, әлде қоңырлатып ән салып келе ме, белгісіз, байқағаны – айналасындағы адамдар тыныштықтың бесігінде тербелгендей ұйып қалыпты. Сол бетімен олар шанаға топтап бұғы жеккен, ит жеккен жұрттың байырғы мекеніне келіп жетті.
* * *
Асылзада көп ойланып, толғанып анасына хат жазбаққа бекінген.
«Апа! Ұлың немістердің тұтқынынан босап, майданға қайта оралды. Ұлы көсеміміз бізге, «жауынгер соғыста тұтқынға түссе, ол оның жаумен шайқасқандағы ерлігіне есеп. Азаматтар қолына қару алсын да, қас жауынан кегін еселеп қайтарсын» деп сәлем жолдапты».
Анасын алдарқатып, осындай уәзінде үшбу хат жазуға арнаған сөздерін үйдек-түйдегімен төгуге ыңғайлана бере ықтияр бермес халін мойындап, Асылзада іркіліп қалды. Көкірегі удай ашып, көзіне жас тығылған.
«Ау, – деді сонан соң ол, – қиялымда жазған хаттарымды аққанат құстарым жеткізіп бермесе, немістердің тұтқынына түсіп, менің азап лагерінде болғанымды анам қайдан біледі?».
«Апа, мен жыл жарымға таяу уақыт жертөледе жаттым. Жертөледе жатып, Себастьян Эйке дейтін немістің қызметінде болдым. Ол – совет солдаттарын пенде қылған неміс абақтысының нәшәндігі. Обалы кәне, Эйкенің әйелі Зелда ханым маған баласындай өбектеп, жақсы қарады. Күндердің күнінде азаттық армиясы келіп, бізді тұтқыннан босатқан. Тұтқыннан босағандарды Ұлы көсеміміз Қиыр Шығыс майданына салды. Мен қазір Шығыс майданында жүрмін. Аман-есенмін».
Қайткенде ана көңілін алдарқатар, жер бетінде бар екенін білдіріп, жұбаныш қылар ойындағы хаттың сөзін қағазға түсіруге оқталған Асылзада және тартынды: «Жоқ, адал ұл анасын алдай алмайды. Ана жүрегі ұлының өтірігін бәрібір біліп қояды». Сосын ол майданға аттанған күндерінен бастап, лагерьде көрген сұмдықтарын шетінен тізіп, қазір қайда, не істеп жүргенін жасырмай хатқа түсіріп, еңбекпен түзеу мекемесіндегі пошта жәшігіне әкеліп тастаған. Ертеңінде зона әкімшілігіне шақырылды.
– Ей, жарым ес, жарамсыз элемент! – деді әкімшілік бастығы – комендант Револа Смирнов. Зектер оны оғаштау есіміне орай сыртынан «Тапанша» десетін.
– Сен не оттап жүрсің?
– Мен қия басып, қисық сөз айтқан жоқпын, – деді құлақшынын қолтығына қысып, басын төмен салып тұрған Асылзада.
– Мынау не? – «Тапанша» Асылзаданың пошта жәшігіне әкеліп тастаған хатын бетіне ызбарлана лақтырып жіберді. – Әрине, мен сенің хайуани тіліңді түсінбеймін. Бірақ маған оны түсіндіріп бере алатын жолдастар бар осында. Өте сауатты жолдастар. Сол жолдастардың ұқтыруынан білгенім, сен Совет өкіметінің құпиясын ашуға әрекет қылып жүрген сұмның нағыз өзі көрінесің.
– Менде мүлде ондай ой жоқ, болған да емес, жолдас комендант. Шындығымды мойындап, анама ақтарыла хат жаздым. Бары – осы. Мен ана алдында шындықты мойындау – ар алдындағы, Отан-ана алдындағы шындықты мойындау деп білемін, жолдас бастық.
– Ей, қайсың барсың? – Есіктен ешкікөзденіп екі конвой жарыса кірді. – Мынаны апарып тәрбие сабағын өткізіңдер. Хаттың қалай жазылуы керегін жақсылап тұрып түсіндіріңдер!
«Тапанша» «тайып тұр, қараңды батыр» дегендей бұған қолының сыртын сілкіп, қатулана қабағын түйді.
Зона әкімшілігінің бұлың-пұшпақ бөлмелері, қаракөлеңке қуыстары көп еді, екі конвой қолын жауырынына дейін жапсырып, қайырып әкелген Асылзаданы соның біріне бүктеп тықты.
– Жат осында!
Асылзада аяқты көсіліп, еркін жатуға тарлық ететін тасқараңғы бөлмеде қамалған күндерінен жаңылған. «Тапаншаның» алдына жүгіре басып, жанұшыра барған күні – бейсенбі болатын, содан бері қанша тәулік өтіп, сағат тілі кіндігінен неше айналды екен – ұмытты. «Түн – уақыт ұрысы. Уақыттан бәрі қорқады, ал уақыт түннен қорқады», – деуші еді азап лагеріндегі қарт. Рас екен, уақыт мұны тастап, қара түнек камераға қалдырып кеткен сияқты. Асылзада әкесін ойлады. «Мынандай итқорлықты ол да көрген шығар, содан бір жерде жантәсілім қылған шығар, – деді қазіргі халін әкесінің тағдырына аударып. – Өліп қалғаны қандай жақсы болған әкемнің».
Түбінде түнекке көз үйренеді, адамның көзі түнектен де жарықтың жұқанасын табатын еді. Асылзада төңірегін қанша тінтісе де, сынық саңылауға қарашығы ілінбей сансырады. Енді ол қара тұңғиыққа, мәңгілік қара тұңғиыққа құлаған жанның күйіне енген. Құлап барады, батып барады – тұңғиықтың шет-шегі жоқ… Жоқ, бар екен, камераның төбесінен бір сызық сәуле тігінен түскендей болды да, іле жарқ ете қалды. Жап-жарық. Жай жарық емес, бет терісін күйдіріп, сылып алардай отты, өткір жарық. Камераға конвойлар кіріпті.
– Қабырғаға ұрып, қиратып құтыламын деп әуреленбе. Осыған қара да отыр, көзің ашылады, – десті олар мырс-мырс күліп. Соны айтты да, басына бастыра ноқта кигізіп, қол-аяғын байлап, Асылзаданы камераның іргесіндегі қазыққа мықтап таңып тастады. Әйнегі қалың, беті торланған абажадай прожектор ну қараңғы ұйыққа сіңген тұтқынның көзін қарып түсті. Қарауылдар камераның піл қабырғалы есігін қайта жапқан.
Жазаланушының көзін алдымен түнекпен байлап, шала соқыр қылған соң алдына прожектор қойып, қарашығындағы нұрды сорып алу – Колыма абақтысындағы азаптың соңғы, жетілген түрі еді. «Тапанша» жендеттеріне соны тапсырып, электр шамды басурман қазақ Асылзаданың алдына қойғызған. Көзінің жиегін түріп, кірпік арасына ши тіреп қоюды да жендеттеріне үйреткен «Тапаншаның» өзі.
– Көрейік, – деген ол, – басурман киргиз-кайсак қашанғы шыдайды екен?
Револа Смирнов – орыс адамын адамзат нәсілінен артық көретін, туған халқын ерекше ыстық жүрегімен сүйетін азамат. «Ит те болса, өзіміздің ит» деген тәмсілді аққайнар атып, арақ ішіп, сауық құрған сайын қол астындағыларға қайталап айтып отыратын ол лагерьге «қауіпті элемент» аталып келгендерден бөлек, қылмыскерлердің арасынан керекті адамдарын тауып, оларға астыртын дем беріп қоятын. Қылмыскер – «жанама элемент», саяси тұтқындардан гөрі қауіпсіз. Лагерьдегі «жанама элементтер» жалдамалы жендеттердің қызметінде. Қауіптілерді көзден таса қылмай бағатындар да – солар, лагерьдегі құпия сөздердің құлпын ашып беретіндер де – солар, ыңғайға көнбейтін, қажетсіз тұтқындарды ылым-жылым жоқ қылатындар да – солар. Солардың сойқан-содыры Могильницкий – Могила – «Тапаншаның» жасырын бұйрығын бұлжытпай орындайтын жантығы еді. Қылмыскерлер тобын жатқызып өргізетін Могила орманда ағаш аралап жүріп оңбаған киргиз-кайсакпен жекпе-жек ұстасып, төбелесіп қалған екен, өлім аузынан қайтты. Бар бітіргені – басурманның бетін пышақпен осып жіберген де құлаған. Ана неменің қимылы сондай шалт болар ма, сілеусіндей атылып кеп қайың келтекпен тас төбесінен түйіп өткенде, таудай Могиланың пышақ сермеуге ғана шамасы жетіп, өкіре жер құшыпты. Могиланың жандайшаптарын «қауіпті элементтер» жабыла сабап, абыройдан жұрдай қылғаны «Тапаншаның» әсіресе жанына батқан. Содан кейін-ақ, басурманның беделі артып, зонадағы зек атаулы соның құзырына қол қусырғанға ұқсайды. Қылмыскерлерді бұл қылмыс әлемінің көкжалдарына балайтын, сөйтсе, шетінен құйрығын бұтына қысқан шибөрілер екен, ми сауыты сөгіліп, тілден айрылған Могиланың мүшкіл халін білген күннің ертеңінде-ақ, қауіпті элементтердің қатарынан табылып, солардың соңынан еріп кетті. Ал сорлы Могила қазір жанама элементтердің жаманы – есі ауысқан, еліріп жынданған, психикалық дерті асқынған аурулардың барагында жатыр. Осыдан кейін Асылзадаға «Тапанша» кектенбей қайтсін… Анасына жазған хаты арқылы себепке сылтау тауып берген ол, міне, күн ауды, көзінің майы мен етін электр шамның жарығына шыжғырып камерада шырқырауда.
Алдымен көзінен тоқтаусыз жас парлаған. Көл-көсір жас, сосын бойындағы бар сұйық: тізесінің көзіндегі қоймалжың су, жілігіндегі май, қуығындағы зәр, тамағындағы түкірік – бәрі-бәрі жанарынан ақтарыла төгіліп, тас камераның еденін дымқылдағандай болды. Отты жарық бетін қарығанда қатты, қалың шашының әр талы көтеріліп, лап беріп өртенуге шақ қалған. Аздан соң түбінен тер теуіп, селдей қаптаған тер төбесінен төмен қарай құлады. Маңдайдан төгілген тер – у. Асылзаданың жиегін ши тіреген көзіне у құйылып, күйдіре түсуде. «Мынадан көзім ағып кетсе, су қараңғы соқыр болып қалай өмір сүремін? Итжеккенде итқорлықпен өлетін болдым-ау», – деп зарлады ол. Отты жарық жанарын да, жанын да қуырған тұтқын сәлден соң электр шамының ішінен әлденені көргендей сілейіп қатты да қалды.
«Шам… ә, шам екен ғой бұл. Білте шамның сәулесі үнемі билеп тұрады». Әне, діріл қағып билеген сәуле арасынан тайраңдатып түйе мінген адам көрінді де ғайып болды. Байып батқан күнді бетке алып атты адамдар шауып барады. Аттарының жалы қызыл жалынның түсіндей алаулайды. Аттар да, адамдар да шар табақ күннің албарқыт бояуына көміліп, сіңіп кеткен. Тағы да алдынан қызыл жалқын жайылды. Қанды өзен екен дейді, жо-жоқ, от дариясы екен. От дариясының бетінде мұның миын торлаған талшықтар үзіліп шығып, үйіріле билеп жүр. Әлде білте шамның сәулесі ме билеп тұрған? Биші – сәулемен құшақтары айқаса кеткен. Құшақтасып шыркөбелек айналды. Айналып жүріп өртенді. Қара бақайына дейін өртенді де, қайтадан шыркөбелек айналып, шырқап шыға келді. Биші – сәуле етегінен от өріп мұны жетегіне алыпты. Екеуі жетектесе жүгіріп, кейде айнала билейді. Сәулемен шарпысып, от ішінде жанған шырпыдай тұқылы қалғанша билей берді. Тұқылы қалғанша биледі де өшті…
– Жалп етіп жарық сөнбегенде, көзі ағып түсер ме еді, қайтер еді?..
– Ит жанды екен өзі.
– Сұмдық-ай, мыналардың сұмдығы фашистерден де әрмен болды ғой!
– Тыныш, абайлап сөйле! Мұнда «құлақ» көп.
– Мүкті сулап алып маңдайына тарта беріңдер, көзінің ұясына қайыңның безін жаңалап қойып отырыңдар.
Баракта миы шағып оянған Асылзаданың айналасындағы адамдар осыны айтып күбірлесіп отырды.
* * *
Көктемі көктеп үлгермей қар астында қалатын Колымада қазір жаз. Сазды жердің дымқыл ауасын алдына салып тынбай жел соғатын мұндағы жаз мезгілі теңбіл көк аспаннан ғана білінеді. Жұмсақтап иленген жанат терісінің ішіне сүрме салып, көзіне тартқан Асылзада сыңсыған орманды аралап жүріп ағаштарды аяйтын. «Балтаның өткір жүзі шауып, араның қандауыр тісі тиіп, шетінен сұлап жатыр байқұстар. Бірақ адамнан ағаштар тәлейлі екен. Қара жерден тамыр тартып өседі, өнеді, бұтағын созып, жапырағын жаяды. Бір күні қуарады, семеді, құлайды. Отынға жараса, отқа айналады, өмір боп маздайды. Құрылысқа жараса, жаңа қалыпқа көшіп, игілікке ұласады, өнермен жалғасады».
Осы ойын ол немістердің лагерінен бері қалтаңдап тірі келе жатқан қартқа білдірген. Қарт айтты:
– Байламың дұрыс, ұлым. Иә, Құдай жаратқан жер бетіндегі жанды-жансыздан күрделі тағдыр иесі – адам. Әйтсе де орман ағашы: қарағай мен шыршаның, қайың мен самырсынның да бір-бірімен жағаласқан, қайшыласқан тағдыры бар. Бұлар да аспанға ұмсынып, бой таластырып, арбиған бұтағымен төңірегін жасқап, көлеңкесімен бүркеп бір-біріне күн көрсетпейді. Дән тастап, тұқым жаюына көлденеңдеп жол бермейді. Мықтысы әлсізіне әлімжеттік жасап, жанын күйзелтеді. Жай отына тастайды. Өмір деген – аспанда да, жерде де қат-қабат қарсылық, таусылмайтын егес қой. Байқайсың ба, тобылғы орманнан жырақта өседі. Өйткені ол бауырларының орман алқабына сыймай алысқан жаулығынан қашып әрі ұялып, бойын аулаққа салыпты. «Тобылғының түсі қызыл болатыны ұяттан екен» дейді көне аңыз.
– Ал адамдар қабығы аршылған анау қайыңдай ұяттан мүлде жалаңаштанып қалған жоқ па, қария?
– Ұят – абақты. Лагерь. Мән-мағынасыз атысып-шабысқан дүлей күштердің тартысындағы тағдырлар: мен және сен сол ұяттың абақтысына жабылып, қоғамнан оқшуаланып қалдық. Біз – Совет өкіметінің әскери соты маңдайымызға қара таңба қылып басқан «қауіпті элементтер» емеспіз, санасы саясатпен уланғандардың қолымен жасалған қылмыстар мен ұятты істердің тұтқынымыз.
Көзе сауыт көк мұздың құрсауынан босанған даладағы оймақ ауыз ойық көлдер Күн көзімен шарпысып, көгілдір таулар алыстан бұлаңытады. Қаракөлеңке ұйыған ормандардың ту сырты түнерген тундраға жалғасып, теріскейден қалың тайганың көкжиекті жапқан сұлбасы менмұндалайды. Екеуара қолдасып тартқан араның ызылы мен ағаш діңіне шабылған балтаның жаңғырығын алысқа ұзатпай мүлгіген орман жұтып алып, жым-жырт тыныштықтың қойнауына сіңіріп жібереді. Жер астынан шыға келгендей анда-санда дабырласқан адамдардың дауысы естіліп қалады да, қайта тынады. Соғыс аяқталған…
Темекі тартып, дем басуға берілген қысқа уақыттан орай тауып, аз-кем сұхбат құрған қария мен Асылзаданың қасына асыға басып Егор келді.
– Екеуің сөз ұғасыңдар, – деді ол көптен құпиялағандай аузын алақанымен көлегейлей сөйлеп. – Екеуің сөз ұғасыңдар. Кешегі көргенімді сендерге айтпасам болмас. Кеше осындай үзілісті сәтімен пайдаланып, орман ішіне сұғына түскем. Оңаша. Шіріп құлаған самырсынның діңіне құйрық басып отыр едім, ұзын қара сулық киген, күләпарасын басына тұмшалап бүркенген, иығына шалғы артқан біреу көрінді. Біздің зектерге мүлде ұқсамайды. Бөтен. Кім де болса, келсін деп, күтіп отыра бердім. Әлгі адам тап алдыма таяп келіп, аял қылған. Бетін ашпайды. «Кімсің?» деп сұрадым. «Ажалмын» дейді. «Е, Ажал, мені алып кетуге келдің бе?» дедім. «Жоқ, – дейді. – Менің сенде, сендерде еш шаруам жоқ» деп қояды өп-өтірік. «Ау, бізді өлтіретін, өлімге жетектеп әкететін сен емес пе едің?» десем, «Мен пенде баласына зиянымды тигізген емеспін, адамдардың өзі ғой бірін-бірі өлтіретін. Адамдар байлыққа таласады, баққа таласады, билікке таласады, ақыр соңында соғысады. Өліктер тау боп үйіледі. Қала берді ер әйелге таласады, әйел ерге таласады, тіпті ұсақ-түйекке таласады, бір-бірін қажайды, дертті қылады – мұның ақыры да өлім. Өлермендене өмір сүру де – өлім» дейді. «Бетіңді неге бүркеп жүресің? Жүзіңді неге көрсетпейсің?» десем, «Ажалдың ажарын көзі шалған ер мен әйел өлімге асығар еді. Жарық дүниеге Жаратқан Хақтың нұры ауған. Бұл дүниеде адамдар жарасып өмір сүруі керек. Ал Ажалдың жүзін көрген адам Ажалды ғана құшуға асығады. Ажалдың ажары Хақтың ісіне қайшы келеді. Сондықтан мен күләпара жамылып жүремін» дейді. «Ал анау жүзі жалаңдаған шалғы саған не үшін керек?» деп сұрадым. Сонда Ажал: «Шалғынын шауып, ағашын отап, мына ну орманның ішінен жұмаққа бастап апаратын жол саламын. Сендер сол жолмен жүріп отырып жұмаққа барасыңдар», – деді. Менің сөзіме күмәнданбаңдар, мен мұны Ажалдың аузынан естідім, біз бәріміз жұмаққа барамыз.
– «Тапанша» мен оның жендеттеріне де жұмақтың төрі бұйырып тұр ма екен? – деп сұрады Асылзада.
– Жоқ, – деді Егор, – олар – Ажалдың ізінен еретіндер емес, бір-бірін азаптап өлтіретіндер. Олар үшін жұмақтың есігі жабық. Олар үшін Ажал орман арасынан жұмаққа алып баратын жол салмайды.
Барактан барак аралап, адам сенбес қияли әңгімелер өрбітетін Егор махорка сорып отырған келесі топқа қарай емпеңдей жөнелгенде, атай Асылзаданы тізесінен қағып қойып:
– Азап вагонында айдалып келе жатқанымызда тоқылдақ Вадимнің: «Этапта адам жейтін жалмауыздар пайда болыпты» дегені есіңде ме? – деп қияли сорлының соңынан мүсіркей қарады.
– Иә, есімде. Ол бір жантүршігерлік сұмдық хабар еді ғой, – деді Асылзада.
– Ал Вадимнің ұшындыра жеткізген сондағы сұмдық хабары шын болса, не дейсің?
– «Біз тегі бар мен жоқтың арасында сабылып жүріп, тозаққа өтіп кеткен күнәһарлармыз» дегенді сіз айтқансыз, қария. Тозақта сұмдықтан басқа не болсын?
– Пойыз ұзақ аялдаған стансалардың бірінде шыңғырып ашыққан зектер сонадайдан қызықтап, тамашалап тұрған балаларды вагонға алдап шақырып алыпты да, ұрлап әкетіпті. Ұрланған балаларды тұншықтырып өлтіріп, сабанның астына көміп тастап, жол бойы қол-аяқтарын бұтарлап жеп келіпті. Егорға да зорлап жегізіпті. Бейшара жігіт содан көтеріліп, жынданып кеткен. Сырттай сау адам сияқты көрінгенімен, ол – ауысқан, шала есті ауру. Әңгімесінің түрі – анау.
– Әлгі қандыауыздар Могиланың сүмелектері екен дегенді мен де естігенмін.
– Естісең, сол сүмелектерден өте сақ жүр, ұлым. Етіктерінің табанына кездік шаптап, жеңдері мен жағасына біз тығып, күндіз-түні аңдитыны сен екенсің. Сенен кек қайтармақ көрінеді. Адам етін жеп дәндегендер адамды аяушы ма еді?..
Асылзаданың Могиланы тілсіз меңіреу қылғанынан басқа қылмыскерлерді өзіне өршелене өшіктірген бір ісі тұтас лагерьді сілкіндірген еді. Содан бері олар қалайда басурман қазақтың сүйегін Колымада қалдырудың қам-қарекетіне мықтап бекіген. Қылмыс жайлаған әлем адамның болмысына біткен жауыздыққа жан бітіріп, жанықтыра түсетін көрінеді.
Могила мұрттай ұшқан соң, қауіпті элементтердің дегеніне бағынып, зектердің ішкі тәртібіне мойынұсынғандай болғанымен, қылмыскерлер көпке ұзамады, көзбен ұғысып, ерін ұшымен ымдасып, қатыгездік салтына қайтып оралған.
Жыл басынан бастап таусылып бітпейтін қыстың қысыр айларынан бері отыздан астам адам бұтақтары сүңгідей жуан қарағайлардың астында қалып өлді. Зона әкімшілігі тексере келіп оларды еңбек қауіпсіздігін ескермегендіктен аралап, балталап құлатқан қарағай мен шыршаның діңіне бастырылып өлді дегенге есеп қылды. Далада қалып, қатып-үсіп өлгендердің маңдайына «қашқындар» деген қара таңба басылды. Асылып өлгендер қауіпті элементтердің өзіне өзі қол салып, Совет өкіметіне жаулығын әшкерелеген әм қасарысқан қарсылығы болып тіркелді. Ал әккі зектердің із кесуі қылмыскерлердің апаны мен «Тапаншаның» кеңсесінде жасалған сұрқия келісімдерді тапқан.
Могиладан кейін мойнын күжірейтіп «Утюг» – «Үтік» деген біреу пайда болды. Тас шоқпардай жұдырығы мен қара күшіне сенген «Үтік» аш-арық тұтқындарды таптап, талтаңдап басатынды шығарған. «Үтіктің» «бауыры ыстық» деген сөз де барак аралап тез тарады. Барактың бір бұрышын еркін иеленген «Үтік» маңындағыларды кезек алмастырып, түні бойы бауырына басып шығады екен. «Үтіктің» бауырынан өткен әлсіз, қорғансыз бейшараны жандайшаптары жабыла қорлап, есіріктенетіні де естілмей қалмайтын. Қызуы кіндігіне шауып құтырынған «Үтік» бір күндері баракқа таяу қыстақтарға жандайшаптарын жұмсап, балаларды ұрлап алдырып, қызықтайтын болыпты» дегенді естігенде Асылзада: «Бізді ұмытып кеткен Құдайдың атымен бұларды жазаламасам болмас», – деп шешті.
Түнгі тұңғиық аспанды теріскейден түйдектеле жайылған бұлт басып, төңірек көзге түртсе, көрінбейтін қараңғылыққа сіңген. Асылзада бастаған жігіттер таса-тасаны ықтай жүріп,«Үтік» жайлаған баракқа келіп кіргенде, мұндағы көрініс көрген адамның төбе шашын тік тұрғызатын еді. Барактың алакөлеңкелі түкпірінде тұттай жалаңаш ителмен-ебенек балалары отыр. Қыл тұзақпен езулері тіліп байланған балалардың көзіне үрей үйіліп, жан шырылын жаһаннамға созып тұр. Бірақ олар айғайлап, шыңғыруға дәрменсіз. Аузын ашқан сайын қыл тұзақ қысып барады. Бейкүнә бір періштені тақымына қысқан «Үтік» төрдегі ағаш сәкінің үстінде ырс-ырс етеді. «Үтіктің» жандайшаптарынан өзге барактағылар бастарын төмен салып, үнсіз отыр. Қайың келтекті қолында шыр көбелек айналдырып бұлғайтын Асылзада «Үтікті» қарақұстан сілейте ұрды. Жекпе-жек төбелеске төселген жігіттері де «Үтіктің» құйыршықтарын жерге үйіріп соққан.
– Қол-аяқтарын керіп, сәкіге таңып тастаңдар! Езулерін екі айырып, тікенек сыммен ауыздықтаңдар! – деді Асылзада. Осыны әмірлі дауыспен бұйыра сөйлеген ол жүзінен көк жалын төккен қандауырының бүктеуін жазған. – Енін сылып, шетінен әтектеймін!
Сол түні «Үтік» пен оның жандайшаптары адамның қоры – азбанға айналған.
– Бұларды жазалауға Құдайдың қолы тимей кетті, білемін. Мен азғындарды Құдайдың қаһарына ұшыраттым, – деді Асылзада ауынан қара қан дірдектеген «Үтіктің» азбандарына қарап тұрып. – Өлім – оңай олжа. Азғындарды азаптаудың төте жолы – өмір, ит өмір. Тырапай асып өліп қалмасын, азбандардың ашасына көсеуді қыздырып басыңдар! Азғындық таңбасы болсын ол, – деді сонан соң.
* * *
Түстігі мен теріскейін кемерлеп, жатаған таулар қымтаған жазықтағы барак үйлерді алыстан қараған адам теңіз жағасына кеп зәкір тастаған кемеге ұқсатар еді. Желкенін жел тоздырып, дауыл жұлған бағыт-бағдарсыз кеме. Барак тұрғындары да бағыт-бағдарсыз тірлік кешуде. Мән-мағынасынан жұрдай болған өмір де осы бір бағдарсыз кеменің ішін келіп жайлаған сияқты. Адасқан кеме, адасқан тағдырлар. Жазықсыз, жапалы тағдырына көндіккендер. Солардың арасында алаңғасар Жолдыбай да болған.
Соғыстан жеңіл жараланып, есен-сау еліне оралған Жолдекең қан майданнан қандай жауды жеңіп оралғандарын желпіне жеткізгісі келді ме екен, жан тартқан жақын-жұрағатының ортасында отырып: «Ойбоой, несін сұрайсыңдар, неміс деген бес қаруы сай ел екен. Мылтығының ұңғысынан ұшқан оқтан май сорғалайды. Танкілері зауыттан жаңа шыққандай сырғиды. Солдаттары қалыңдығына ұрын баратын күйеудей сыптай боп киінеді», – деп әңгіме соққан ғой, ертеңінде 15 жылға сотталып, Колымаға айдалыпты. Колымаға жеткенше зар еңіреп, көзінен қасірет жасын төккен Жолдыбай ит терісінен аяғына шәркей тартып, бұғы терісін жамылған жұрттың мекенінен қазақ тұтқындарды кездестіргенде дал ұрып қуанғаны сондай: «Ә-ә, сендер де осында екенсіңдер ғой!» – деп көңілін бірлепті. «Жолдыбай атым бекер емес, үнемі жолым болады да тұрады», – дейтін Жолдыбай азбандардың қолынан ажал тапқан. Асылзаданы пана тұтып жүретін Жолдыбайдың кім екенін, қайдан келгенін иіс тартып сезген бұралқы қылмыскерлер оны қарағайдың бұтағына қадап кеткенін Асылзада қапияда естіп, қайғы жұтты.
«Етіктерінің табанына кездік шаптап, жеңдері мен жағасына біз тығып, күндіз-түні аңдитыны сен екенсің» дегенді ескертуден танбайтын қария Жолдыбайдың өлімінен кейін Асылзадаға: «Сақ жүр, ұлым, сақ жүр», – дейтін үнемі.
Богдан Шеффер – Асылзаданың азап лагерінен білетін қадірлі адамы, ақылшысы, қамқоры. Елуді енді ғана еңсерген ол қарттықтың бақшасына аяқ баса қоймағанымен, келбетін ерте зең жапқан, сүйегі жасыған, ой қамаулы жан еді. Асылзада оны үйренген әдетінше «қария» дей беретін.
– Жанымнан жанасып өте бере тоқылдақ Вадим сыбырлап кетті. Бүгін кешке «Тапаншаның» қарауылдары барактарды «шмондауға» шығатын көрінеді. Вадим байқұс әсіресе сенің құлағыңа тисін деді. Төсек-орның таза ма еді? – деп сұрады қария.
– Үнемі сілкіп, тазалап тұрамын, – деді Асылзада.
Тұтқындардың жатын орнын ақтарып, астаң-кестең қылатын қарауылдар жамылғы жастығынан бөгде заттар табылғандарды талай рет жазаға тартып, аяусыз ұрып-соғып, мүгедек қылған. Баракта осы күні сау адам кем. Бірінің көзі аққан, бірінің аузындағы бар тісі опырылып, қызыл иек боп қалған. Сынған аяғы қисық бітіп, сынған қолы шынашағынан айналған кем-кетік, кемтар жандар көп. Сонда да бұларды зона әкімшілігі жұмысқа аямай салатын. «Қауіпті элементтердің» қосынына жер түбінен вагондарға тиеліп кеп, басып жатқан зектердің қарасында тіпті қисап жоқ. Жауған оқтың астынан жарақатсыз шыққан солардың қайсыбірі еңбекпен түзеу лагерьлерінде жарымжандардың қатарын еселеді.
Тұтқындар қарауылдардың айдауымен сап түзеп кеп кіргенде, нөмірі бесінші барактың әптер-тәптері шығып жатыр екен.
– 1371-ші кім?
– Менмін, – деді Асылзада. – Не боп қалды, жолдас бастық?
– Сенің жастығыңның ішінен күдікті хат табылды.
– Қайдағы хат? Қайыңның қабығы болмаса, бізге қағаз қайдан бұйырсын?
– Оны нақтылап, анықтаймыз әлі. Түс алға!
Қарауылдардың айдауында кетіп бара жатқан Асылзаданың соңынан үрпиісе қарап қалған тағдырластары: «Қайран жас қор болды-ау!» – десті.
* * *
Тұтқын тағы да қара түнек камераға қамалған. «Бұл – ең соңғы тұйық. Бұдан ары мен жүретін жол таусылды» деп түйді ол ішінен. Сосын түнекке саусағының ұшын малып хат жазған.
«Апа! Қолыңа қырғыз даласынан жолдаған жалғыз хатым ғана тиген шығар? Басқа хат жаза алмадым. Кешір. Сен мені кешір, апа! Мен сені алдап кетіппін. Мен сенің басыңа қайғының қара бұлтын орап, қасірет шектіру үшін құрсағыңа біткен бейбақ екенмін. Менен кейін анасын аңыратып, зар илетер ұл жарық дүниеге келмей-ақ қойсын. Тумай туа шөксін ондай ұл! Ей, тәкаппар дүние! Ау, қара аспан, қара жер! Осы сөзім аманат. Анасын жылататын ұрпақты тозаңға айналдыр да, ғаршыңа тартып кет. Ол сәби боп дүние дидарын көрмесін де, адам боп өмір сүрмесін!».
Түнек дәптерінің бетіне саусағынан қара сия төгіп, түн жарымын өткерген Асылзаданың көңіліне кенет: «Анам әлі жар құшып, бала сүйер жастан алыстап кете қойған жоқ қой» деген бір үміт шырағын жақты. «Егер анам әлдебір адаммен көңіл қосып, нәрестелі болса, мен құрбан. Мен ешқашан көрмейтін, кездеспейтін бауырымның жолын кес-кестеп кесір-кесапат жатса, Жаратқан Ием, маған бер. Бар азабын маған арт. Оның басына келер қиындықтың бәрін мен көтеріп кетейін».
Жазмыш па, әлде қисыны солай келе ме, біреудің өлімі біреудің өмірін ұзарта түсетінін ол сан байқаған. Әлдебіреуді торыған жамандық кейде сол әлгі біреудің етжақын адамына ауады. Ал өлігін көрсетпей ит өлсе, ірі-қара малдан шығын шықса, кәрілер жер ұшық жасап: «Тура кеп қалған жамандықты қағып кетті, Құдайы садақа беру керек», – десетін.
Кейінгі 4-5 жылда сүйегі іріленіп, бұлшық еттері тебініп, буыны қатқан Асылзада табалдырығынан аттаған адамның маңдайы төріне барып тірелетін камераның ішіне екі бүктетіліп әрең сыйып отырған. Жарық та жақпай, сыбдырын да сездірмей келіп есіктің құлпын еппен ашқан қарауыл тұтқынның көзін таңып тастады. Қолына кісен салып, кісенге бір ұшын шегелеп қаққан шынжыр шылбырды тартып тұрғызған ол ақырын ғана: «Соңымнан үнсіз еріп отыр», – деді.
Асылзада орнынан ширақ көтерілген. Бірақ жүрегі әнтек жиі соғып, кеудесі ысып кеткендей болды да, буындарынан әл кетіп, дәрмені құрығандай сенделектеп барып ес жиды. Табанына тас төселген ұзын дәліз. Дәліз қабырғасына ілінген шамдардың өлеусіреген жарығы тұсынан өткен тұтқынның таңулы көзіне жетіп үлгермей жыпылықтап қалып жатыр. Қазір, міне, санаулы уақыттан кейін мұның жаны тәнін тастап, Құс жолының сапарына барып қосылады. Алдында – комендант Эйке. Жоқ, қаһары қатты әскери судья, жоқ, комендант Револа Смирнов, жоқ, он алты жастағы баланы Сират көпіріне айдаған аудандық комиссариаттың командирі. «Қинамай, қорламай өлтірсе екен, – деп тіледі тұтқын бір-бірімен қабат алмасқан бейнелердің ішінен қарауылды танып, – қинамай өлтірсе болды».
– Еңкей, – деді қарауыл бәсең үнмен, – еңкейіп ішке кір.
Қарауыл таңулы көзін шешкен. Сонда көрді: қызыл-күңгірт бөлменің қақ төрінде баяғы ақ сақалды Әулие отыр екен.
– Қолын кісеннен босат, – деді әулие пішінді адам қарауылға тігіле қарап. – Бері кел, балам, төрге оз. – Көмейіне толып күмбірлеп шығатын біртүрлі таныс дауыс құлағына анық жеткен. Асылзада ақсақалдың алдына келіп тізе бүкті. Бөлменің көлеңке ұйыған түкпірінен тағы үш-төрт адамның сұлбасы шалынды.– Төменшіктемей көзіме тура қара, жүзіме анықтап қара, – деді Әулие көріктей көтерілген кеудесі алқынып-басылып. Асылзада қарттың аппақ сақал жапқан омырауынан өрлете көз жүгіртті. Мұртының қылышын қағып, ұқыптап қойыпты. Маңдайынан тік түскен сайы терең әжім самайынан құлдилап кеп екі ұртына шимақтала түйіліп қалыпты. Етінен арылған дөңестеу жал мұрыны, қыран қанаттанған бурыл қасы мына адамның ештеңеден тайынбайтын жүректілігін жүзіне теуіп тұрған сияқты. Ал көзі түнекті тесіп өтердей өткір екен. Сол өткір көз сәтке жібігенде ғана Асылзада екпеттеп құлауға шақ қалған.
– Әке!
– Иә, бұл менмін, – деді әкесі, – мен бармын, тірімін, ұлым!
Қасірет зарықтырған шәлгез тағдырлы құшақтар – әке мен бала құшағы айқаса кетті.
– Мен де бармын, тірімін, әке! – деді Асылзада солығын басып отырып.
– Мен сені этапта көргенмін. Көк керіш мұзға тізеңді қадап, қалқайып отырғансың, құлыным. Сонда Тәңірімнің құдіретіне құлдық ұрып, тәуба айтып, шүкір қылғанмын. Менің аймағымда, айналамда жүрсе, өлмейді дегенмін.
– Біз Колыманың еріксіз тұрғындары боп тірлік кешкелі 7-8 жылдың жүзі ауды, бір хабарыңызды неге білдірмедіңіз, әке?
– Мен сені сыртыңнан қас-қақпай бағып отырдым. Осындағы 4-5 адам түгел бағып отырдық.
– Қалай? Қайтіп?
– Оның мән-жайын сұрамай-ақ қой. Ол – ұзақ әңгіме. Сен тас камерада электр шамның бет қаритын отты жарығына көзіңнің нұрын сорғызып отырғанда жалп етіп жарық сөніп қалған болатын. Лагерьдегі жарықты жағып, өшіруді біз ғана білеміз. Біз көп сұмдықты білеміз, ұлым.
– Сіз…сіз… сіздер кімсіздер? Сіздер неге орманнан ағаш аралап, тақтай тілмейсіздер?
– Сендер – қауіпті элементсіңдер. Біз сендерден де қауіпті элемент – саяси тұтқындармыз. Мыналардың бәрі – саяси тұтқындар: оқымыстылар, инженерлер, геологтар, өлім жазасына кесіліп, қағаз жүзінде атылғандар. Біз және Магаданның қойнауынан дүр-маржан теруге келген құпия жандармыз. Бір оқпен бір елдің жерін жаулап алуға болар, бірақ оқ жердің қазынасын қазып бере алмайды. Қара жер мен көк теңіздің терең қабатына тек милы бастар ғана жетеді. Сталин дейтін мұртты залымға біз сол үшін керекпіз. Сол үшін біз өлмейміз.
– Мені жаңағы қарауыл атып өлтіретін шығар деп ойладым.
– Ол сені өлтірмейді. Ол сенің қарауылдар арасындағы – қарауылың. Поляк Богдан Шеффер, тоқылдақ Вадим – бәрі сенің амандығыңды күзетіп жүр, қарғам.
– Неге менің көзімді таңып әкелді, әке?
– Сақтығы ғой қарауылдың. Бізге келетін жол – барсакелместің жолы. Бұл жолды ешкім білмеуі де, көрмеуі де керек.
– Мен де енді қайтып бұл жолмен жүрмеймін бе? Көрмеймін бе сізді?
– Көрмейсің. Көрмеуге тиіссің. Сен лагерьден қашып шығасың. Саған біздің адамдар көмектеседі.
– «Халық жауының» баласы, Харьков майданында немістердің қолына түскен тұтқын, Отанын сатқан опасыз, қауіпті элемент… Қашып қайда барамын, әке?
– Ресейге ішкерілей сіңіп, бой тасалайсың. Қазір қым-қуыт заман, сенің кім екеніңді түстеп танып, айырып жатпайды ешкім. Ресейде біраз жыл аяқ суытып, Украина барасың, Украинадан Қара теңізді кешіп, туысқан түрік еліне өтесің. Анадолыдағы түрік елінде ноғай ағайындармен ұшырасасың. Ер халық – ноғайдың бір ажарлы қызын өзіңе жар етесің. Араға біраз жыл салып, Америкаға отбасыңмен қоныс аударасың. Америка – айбарлы да азат ел. Менің немерелерім құлдықтың құрсауына түспей, бодандықтың қамытын кимей, еркіндіктің құшағында еркелеп өсуі керек. Әрине, тұрмыс қиын, тірлігіңді түзеп ел қатарына қосылу да оңайға соқпас. Әйтсе де, қауіп-қатердің қамауындағы Колымадан гөрі Америка қоғамындағы тұрмыстың қиындығымен күресу – қадірін білген жанға бақыт емес пе?
– Қаңбақтай ауа көшіп, қайдан тұрақ табарымды сіз қайдан білесіз, әке?
– Біздің байтақ далада дән тасып, тұқым себетін дихан – қаңбақ қой. Қара дауыл соққан мына заманда сен де қаңбақ бола біл, балам. Қаңбақтың көшпелі салты мен қасиетін бойыңа сіңір де, қаңбақ болудан қорықпа. Сенің атаң – Қизат қара суды теріс ағызған, көктен пері түсірген, құпия ілім – Әбжат оқуын білген қажы-молда еді. Менің де әкеме жетеқабыл ілімім бар. Совет өкіметінің жарты әлемге жайылған темір торындағы жақсы-жаман мені бекер «Әулие» атамаған шығар. Бәрін білетін Әулие жалғыз ұлының қайда барып, қай жерде өсіп-өнетінін де біледі.
– Анамды қайтем? Анама берген сертімді қайтем? Сіз мені ана алдындағы сертімнен айнытып, алысқа айдағалы отырсыз ғой…
– Амалын тауып анаңа жер бетінде бар екеніңді білдіріп, үзбей хат жазып тұр. Сенің анаң – қайың, иілсе де сынбайды. Сенің анаң – жұлдыз. Заңғар көктен жолыңа сәулесін төгіп, қайда жүрсең де қараңды тұңғиықтан көріп тұрады. Сенің анаң – жел. Көкірегінің жұпарын аңқытып, ізіңнен қалмайды. Артыңа қарайлама, ұлым, алысқа тарт! Тастап шық мына тозақты! Үзіп кет, кісен бұғауды! Тағдыр мойныңа артқан ажырықты талқан қыл, тек мына бойтұмар ғана бойыңнан табылсын, ұлым! «Жаптым жала, жақтым күйенің» науқанында «халық жауы» атанып, абақтыға түскенімде, анаң туған жерімнен бір уыс топырақты түйіп әкеліп, тұмар қылып мойныма таққан еді. Туған жердің топырағы жаныңда жүрсін. Ол сені, сенің үрім-бұтағыңды күндердің бір күнінде қасиетті туған жер – Атамекенге жетелеп жүріп жеткізеді, құлыным!
* * *
– Қарауыл мені тар қапасқа әкеліп қайта қамаған. Қатаң жазаламақ болған «Тапанша» райынан қайтып, бірер күннен соң босатып жіберді.
– Қарауылдар жатын орныңнан тауып алған хат сені Әулиемен жолықтырды-ау, ә? – деп жымиды Богдан атай. – Мұнда бір жасырын сыр бар.
* * *
Бөренелер тиелген төбесі ашық вагондардың біріне мені тоқылдақ Вадим мен жұмбақ қарауыл жеткізіп салған.
– Анау ортаңғы вагонда өзіңе арнап жасалған «купе» тұр, бар да жат, – деді қарауыл.
Зектерден, сірә, айла артылған ба? Бір шебер үйілген бөренелердің ортасын ойып, жел өтпейтін ағаш купе сайлап қойыпты. Жол азығымды да молынан қамдапты. Самырсын иісі мұрын жаратын жайлы купемнің қабырғасына сәнді плащ, костюм-шалбар, жиегі делбегейленген шляпа ілініпті. Плащтың қалтасынан құжат табылды. Құжат тау-кен инженері Зият Безымянныйдың атына жазылған екен. Безымянныйдың Зияты Ресейді шарлап, Украинаның батыс аймағын советтендіру науқанына белсене араласып, Қара теңізді жалдап, Түркияға табан тіреді. Зият есімі Задаға ауысқан түрік – Зада Зарыпханоғлы ақырында Атлант мұхитын көктей өтіп, Америка азаматы атанды.
Дестелеп бөренелер артылған пойыздың вагондары ауыр сілкініп, қозғала бергенде, аппақ Айдың нұрына оранып аспаннан ақ сақалды Әулие түскен. Мен оны анық көріп отырдым. Ақ киімді, ақ сақалды сол бейне мен алыстап кеткенше, беткейін қалың шырша мен қарағай көмкерген биік таудың басынан маған қарады да тұрды.
* * *
Алағай да бұлағай заманда бозбұлаулы тағдыр кешкен Асылзада ұзақ әңгімесін осылайша аяқтап, анасына жазған хаттарының көшірмесін ұлымның қолына ұстатып тұрып:
– Бұл хаттар – Колымадан қашып шығып, анама Ресейден, Украинадан, Түркиядан, ең соңында Америкадан жазған хаттарымның көшірмесі. Хаттарымды орта жолда суық қолды біреу қармап қалып, бермей отырды ма, кім білген, бірақ мен бірі болмаса, бірі анама жетер деген үмітімді үзбей жаза беріппін. Енді осының бәрі саған аманат. Аман, тірі жүрсе, дауыстап оқып бер. Дүниеден қайтса, қабірінің басына апарып көм. Сағыныштан зарығып жазған хаттарымды көріп жатсын, – депті.
Мен белгісіз халде абдырап ұлымнан сұрадым:
– Асылзада ұрпақ сүйген адам ба? Үй-күйі бар ма?
– Бар, – деді ұлым. – Ноғай бәйбішесінен екі ұлы, бір қызы бар. Ұлының үлкені – атаққа шыққан кәсіпкер. Нью-Йорктің ірі байлары мекендейтін салтанатты Манхэттен ауданында тұрады. Кіші ұлы – археолог әрі антрополог-этнограф. Қазір ол Магаданда қалған атасының ізін шарлап, Ресейдің Қиыр Шығысында экспедицияда – қазба жұмыстарымен жүр. Қызы – Гарвард университетінің студенті.
– Мен қанша ұмтылсам да, Асылзада сөйлесуге ыңғай танытпады. Шіркін, саған айтқан хикаясын өз аузынан естір ме едім?..
– Сөз жоқ, сіз жақсы адамсыз, – деді ұлым дипломатиялық қызметтегі адамның ұстамды қалпына ауысып, – бірақ жақсы адам да еркінен тыс біреуге қиянат жасауы мүмкін. Асылзада сізді сол қиянатыңыз үшін жазалап, тілдесуден бас тартты, әке. Өйткені ол сіздің КГБ жансыздарына қызмет қылған ісіңізден түңілді. Асылзаданың анасына: «Ұлыңыз аман, апа» деген сөзді айтуға батылыңыздың жетпегенін мен де білемін. Ұсқыны бөлек, төркіні жат хаттарды папкаңызға жасырып, КГБ-ның кеңсесіне қарай жортақтай жөнелгеніңізді талай көргенмін… көргенімді Асылзадаға жасырмай айтып та бергенмін…
Отбасында беделді отағасы, дәулеті шалқыған шаңырақтың иесі, қызметіне қылау түсірмей абыроймен атқарып, зейнетке шыққан мен – советтік пошташы – ұлымның: «Сіз жақсы адамсыз, бірақ, жақсы адам да еркінен тыс біреуге қиянат жасауы мүмкін», – деген сөзіне қарсы уәж таппай, күмілжіп төмен қарай бердім.
* * *
Алып лайнер ауыр тыныстап, ақжал толқын ата буырқанған мұхит үстінде бауырын ақ бұлттарға төсеп, баяу қалықтап келеді. Сірә, мендей күнәһар пендені көтеріп ұшу оған Бруклин көпірін алғаш басып өткен пілдерден де ауыр салмақ түсірген сияқты. Кейде солқ етіп құлдилап, сілкініп қайта көтеріледі. Мен асығулымын. Егер қолтығыма қанат бітсе, мынау зымыран ұшақты тастай салып, шарқ ұрып туған жеріме жетер едім. Ә, айтпақшы, ауылдан аттанарымда, Үзілдік әжей жайында жаманат хабар естімеген едім ғой. Қайыңдай қарт ана иілсе де сынбаған болатын. Мен оған ертең ұлының жазған сағынышты хаттарын дауыстап, байыппен оқып беремін. Тәуба!
Дәурен ҚУАТ





