ДҮНИЕНІ ДҮБІРЛЕТКЕН ДАРАБОЗ (немесе Кереку еліндегі зайсандық балуандар әулеті)

Өткен ғасырдың 80 жылдарында Ертіс өңірі Сарыарқаның кеудесінде орналасқан Кереку даласында өзінің балуандық және бапкерлік мектебін қалыптастырған самбо және дзюдо күрестерінен КСРО кезіндегі спорт шебері, қазір ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушы Жұмабек Мейрамғалиұлы Мейрамғалиевтің түбі зайсандық екенін екінің бірі білсе, бірі біле бермейді.
Халық арасында «адамның басы – Алланың добы» деп тегін айтылмаса керек. Тағдыр айдап Павлодар қаласында тұрақтаған Жүкең, Жұмабек Мейрамғалиев сол өңірде ұрпағымен қанатын кеңге жайып, Кереку елінде атақ пен абыройға бөленіп отыр. Жұмабек сол елдің азаматы атанғанша, Зайсан өңірінде өсіп өнген.
Жұмабек Мейрамғалиұлы Мейрамғалиев 1947 жылдың ақырып тұрған ақпанның 7-і күні Зайсан ауданының Ақарал ауылында дүниеге келген. Отбасындағы тұңғыш болғандықтан, соңынан ерген тоғыз баланың тағдыр-тауқіметі де Жұмабектің мойнына түседі. Тегіне тартып қазақтың дәстүрін аттап өтпейтін Жұмабектің әлі күнге іні-қарындастарына қамқор болып отырғанын көзіміз көрді. Жүкеңді әңгімеге тарту барысында ол өзінің күреске қалай келгенін есіне түсіріп, есейіп қалған бозбалалық шағынан бастап сөйледі.
– Мен күреске кездейсоқ келдім. Алысып-жұлысып, талайларды астыма басып өссем де, балуан болуды мақсат етпегем. Зайсан қаласындағы СПТУ-19-да оқып жүрген кезім. Бірінші курс, алдыда әлі екі жыл бар. Бір күні сабақтан шығып келе жатсам, класымызда бір бөспелеу бала бар еді, сол қыздардың алдында күрестен Өскемен қаласына жарысқа баратынын айтып, мақтанып тұр. Мен оны қаңбақ құрлы көрмейтінмін: намыстанып кеттім. Одан қай жерде жаттығып жүргенін сұрадым. Сөйтсем, өзіміздің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, өзі балуан болмаса да, сол жаттықтырады екен. Кешкісін әлгілер жаттығып жатқан жерге келдім де, оқытушыма күрескім келетінін айттым.
– Кіммен күресесің? – деді ол бірден мені күтіп жүргендей. Мен қолыммен нұсқап, әлгі мақтаншақты көрсеттім. Әлгі мақтаншақ бұғып, бірден бас тартты. Білмеймін, батылданып: – Оның менімен күресетін шамасы жоқ. Мына тұрғандардың бәрін жығам, – дедім.
Ауылдың жұмысын жапырып істеп, шымыр боп өскен мен өзімде алапат күш, әдіс-айла бар екенін сезетінмін. Әрі, ауылда көк шөптің, топырақтың үстінде күресіп өстік қой. Өзім тұстастардың бәрін шаң қаптыратынмын. Сонымен, оқытушым әлгілердің барлығымен күрестірді. Жетеу-сегіз ғой деймін, бәрін алып ұрдым. Сөйтіп, Өскемен қаласында еркін күрестен өтетін жарысқа мен баратын болдым. Сол жарыстан 3-орын алып оралдым. Қыздардың алдында абыройымды арттырмақшы болған мен сөйтіп, аяқ астынан балуан боп шыға келдім.
Балуан атанған Жұмабек училище басшыларының назарында болып, күреспен енді шындап айналысады. Училищенің соңғы екі жылында Өскемен қаласындағы облыстық жарысқа қатысып, екеуінде де бірінші орын алады. Сөйтіп, еркін күрестен 1965 жылы спорт шеберлігіне үміткер нормасын орындайды. Содан бері, міне, өмір бойы күреспен айналысып келе жатыр.
1966 жылдар аралығында Батыс Сібір әскери округіне қарасты Новосибирск қаласында орналасқан ішкі әскер бөлімінде азаматтық борышын өтейді. Ішкі істер әскерінде самбоның әдіс-тәсілдерін меңгеруің қажет: кез-келген уақытта қылмыскермен немесе бұзақымен айқасып қалуың мүмкін. Сонымен, Жұмабек еркін күрестен самбоға ауысады. Әскер қатарындағы күресі жайлы Жүкеңнің өзі былай дейді:
– Қазір көп күрес мамандары бозбала жастан күреспен айналысу тым кеш деп жатады. Мен, бірақ, олай ойламаймын. Мәселен, міне, менің қолымда Бауыржан мен Әлияның кішкентайы отыр ғой. Бес айдан асты. Қазірдің өзінде жүруге талаптанады, ұмтылады, не нәрсеге болсын, жармасады. Еңбектейді, аунайды. Міне, дүниеге келісімен балаға денесін жетілдіретін қимыл жасаттыру қажет. Бұл жаттығу жүрегің тоқтап қалғанша, тоқталмауға тиіс. Өткен жолы бір танысымыз немересінің 3 жасқа толғанын атап өтті. Бардық, көрдік, ренжіп қайттым. Бәрі жабылып әлгі баланы сүйе береді, сүйе береді. Баланың аяғын жерге тигізбейді, бірінен кейін бірі көтере береді, көтере береді. Әлгі бала жүруі, жүгіруі, секіруі, өрмелеуі, құлауы керек қой. Жоқ, оған мүмкіндік бермейді. Шыдамай атасына: «Қап арқалап жүрген жоқсың ғой. Еркіне жіберсеңші! Осыныңды қоймасаң, бұл немерең бір мөшөк ұн болады да шығады» деп айтып салдым. Жә, шыр етісімен ширақ, епті, шапшаң, батыл, намысшыл боп өскен бала ересейген шағының өзінде спорттың қандай түрін болсын алып кетеді. Сондықтан, қаладағы аула-аулалардың барлығында турниктер, жаттығу снарядтары тұруы қажет. Екі-үш ауладан кейін футбол, волейбол, баскетбол алаңдары болуы шарт. Ауыл балалары қар күреп, жер қашап, арықтан секірсе де, табиғи жағдайлар бар. Ал біз балаларды қалай тәрбиелеп жатырмыз? Аулаларды қымбат жеңіл көліктерге толтырып қоямыз, тіпті, ине шаншар орын қалдырмаймыз. Көлік байлық емес қой. «Әуелігі байлық – денсаулық» деп атамыз қазақ баяғыда айтқан. Ең алдымен, ауруханалар мен емханаларды қаптатпай, денсаулықты нығайту үшін жағдайлар жасалмаса, әлеуметтік-экономикалық, рухани өрлеу ешқашан болмайды.
Жүкең қызына сөйледі. Бөлмедім. Тыңдап отырмын. Тікелей тәрбиемен айналысатын басшы орындарда «кездейсоқ қабілетсіз, қалтасынан басқа ештеңені ойламайтындардың» жарбиып алғанын ашына айтты. Бұйрық беріп-ақ шеше салатын дүниені жылдар бойы сағызша созатынын жеткізді. Білім беретін мекемелерде қаншама спортшы-ғалымдардың қызмет ететінін тілге тиек етті. Мейрамғалиевтар әулетінің, тіпті, өз қыздарының да дене тәрбиесі жөніндегі ғылыми-практикалық жұмыстармен айналысатынын жайып салды. Бірақ, олардың арасында еш байланыс жоқ, қалыптасқан мына жүйені ешкімнің бұза алмайтынын әңгімелеп, түңілгенін білдірді. Заң қабылдайтын депутаттар бір далада, министрлік айдалада, балабақша, мектеп, жоғарғы оқу орындары маң далада, әкімдік өз алдына, үкімет пен президент төбеден ғана қарайды. Барлығы данышпан, дамыған елдердің тәрбиелік тәжірибесін жатқа соғады, бірақ, ата-баба тарихын, әдебиеті мен мәдениетін, білім беру дәстүрін ешқайсысы білмейді. Тіл ден ділді, дінді, білетіндерді баяғыда әдірам қылған. Өзінің отбасы да, інілері мен қайын жұрты жағынан отырған бірер туысы да үнсіз тыңдап қалған. Көз алдыма Жанәділ Атаев елестеді. Сол кісі сөйлеп отырғандай. Әлде, қара домалақтардың болашағы үшін күрестің жілігін шағып, майын ішкен әрі балуан, әрі бапкер, әрі төрешілер осындай боп келе ме? Әлде, Зайсаннан шығып үшаралдық боп кеткен Жанәділдің шәкірті, ол да еңбек сіңірген бапкер Бақытбек айтқандай: «сөзімізді тыңдайтын, сөзімізді өткізетін кім бар дейсің?! Махамбеттің өлгенін Исатайға айтқаны дейміз де қоямыз…» деп алып, іштерін босатуды ғана мақсат ете ме? Жоқ, жоқ! Қазақтың қара домалақтары үшін жандары шыр-пыр боп жүрген мұндай жандардың тілдері ғана сайрап, құр сүлдер боп жүрулері еш мүмкін емес. Шыдамадым. Жұмабек ағамды келелі кеңеске шақырғандай болып:
– Спорт жөніндегі заң бар ғой. Сіз айтқан мекемелердің бәрінің басын біріктіріп, береке бірлікке келтіріп, ынтымақпен жұмыс істететін сол емес пе? – дедім.
– Әй баласың-ау әлі! Көкесі халқымен бірге емес, көкте отыратын мемлекетте заң мен әділеттілік болушы ма еді?! Сол көкеңді көкке шығарған халықтың өзі ғой. Мешіттегі уағызға баршы. Имамдар: «Патша – Алланың жердегі көлеңкесі» дейді беттері бүлк етпей. Құранның қай сүресінен, қай хадистен алғанын білмейсің. Көкелеріне жағынудың амалы. Заңның, тіпті, конституция баптарын орындататын механизмдер мен тетіктер сол көкенің қалтасынан шығарыла салатындай етіп жазылады. Жазатын – үкімет, қол көтеретін – депутаттар, бекітетін – сол көкең.
– Дәлеліңіз.
– Дәлелді керек етіп отырсаң, айтайын. 1985 жылы қазақ және самбо күресінен Павлодар облыстық федерациясы және бірнеше аудандарда филиалдары құрылды. Сол 85 жылдан бері облысты сан бастық басқарды. Федерация ешқашан заң аясында жұмыс істеген емес, соттың шешімі де істете алмайды. Облыстың бірінші бастығының қаламы қалай қисайса, солай қарай жұмыс істейді. Содан бері 35 жыл уақыт өтіпті, федерация тас-түйіндей жинақталғанның орнына шашылып қалды. Қазір не көп, спорт федерациясы көп, федерацияның филиалдары көп. Түптеп келгенде, барлығы – ақша жымқырудың қамы. Бір кездегідей, спорттың барлық түрлері бір орталыққа бағындырылып, бір орталықтан қаржыландырылса, дұрыс-ақ болар еді. Тарам-тарам боп кеткен. Бюджеттің ақшасы қайсысына қалай кетіп жатқанын білмейсің, білу мүмкін де емес. Міне, саяси жүйе ақшаны талан-таражға түсіру жүйесін қалай қалыптастырған…
– Заңның өзі қаражатты талан-таражға түсіретін сыбайластық пен жемқорлықты заңдастырады десеңізші. Солай ма?
– Әй бала, сен өзі мені сөйлетіп қойып, қоясын ақтарған бүркіттей қылайын деп отырған жоқпысың? Павлодарға сонау Алматыдан зайсандық балуандар әулетін іздеп келдің бе, әлде, бәле іздеп келдің бе?
– Жүке, «сөз қуған бәлеге, жөн қуған қазынаға жолығады» дейді қазақ. Іздеп жүрген қазынам – зайсандық балуандар. Шығандап кеткен өзіңіз. Мен тыңдап, ара-арасында сөз қосып, сұрақ қана қойып отырмын.
– Сөзден ұстатпайтын зымстан екеніңді сездім. Мыстан кемпірше, қойныңа пышақ тыға келмесең болғаны. Шетте жүрген жарты ғасырдан астам уақыт, шынымен, Мейрамғалиевтар әулетін күдікшіл жан етіп жіберген жоқ па? Әлде, Ресей еліне тым жақындығының, орысшылдық ықпалдың әлі де тым күшті болып тұрғандығының салдары ма? Дастарханы мен қонақ күтуі қазақы болғанымен, Жұмабек ағамыз қазақы мінезінен айрыла бастаған секілді: астарлап, тұспалдап сөйлеу жоқ. Ойлағанын былш еткізіп бетіңе айта салады да, қарап тұрады.
Әлде, найман мінез осындай ма? Ендеше, Жұмабек ағамыздың Кереку елінде абырой мен беделге ие болып жүруінің бір себебі – балуандығы мен бапкерлігі, іскерлігі ғана емес, турашылдығы мен бірбеткейлігі, намысшылдығы мен әділеттілігі де болса керек. Мен де найман мінезіме салып, тілімнің ұшына келген сөзді:
– Жүке, өзге ұлттың ортасында көп жүріп, кімді болсын, пасық, сасық, жау санайтын жаман мінезін жұқтырғансыз ба? Тым секемшіл, күдікшіл боп кетіпсіз ғой, – деп, дүңк еткіздім. Жүкең маған қысықтау, өткір, қоңырқай көзінің қиығымен барлай қарады да:
– Е-е, Асеке, кім секемшіл боп дүниеге келеді дейсің? Абайдың өзі: Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап, Әуре етеді ішіне қулық сақтап. Өзіңе сен өзіңді алып шығар, Ақылың мен еңбегің екі жақтап, – деген жоқ па? Секемшілдік, сенбеу деген Абай заманында да болған. Әлі де бар. Сенің айтып отырғаның адамдар арасындағы сенбеушілік қой. Ал, отаршылдық, жымысқылық саясат жүргізілген елде адамдардың бұл мінезі мемлекеттік деңгейге көтеріліп, философиялық категорияға айналады. Мендегі осы жаман мінез мемлекеттік мекемелермен жұмыс істей бастаған кезімде-ақ категорияға айналып кеткен. Сұңғыла жігіт көрінесің ғой, осыдан-ақ сөздің төркінін түсінген боларсың. Жә, адамның өресі мен өрісін тану үшін бұл да керек. Дегенмен, негізгі әңгімемізге көшейік, – деген соң, өшіріп қойған диктофонымды қайта қостым. Жұмабек Мейрамғалиұлы өзі қызмет еткен әскери округтегі әскери қызметшілер арасында күміс жүлдегер иесі болғаннан кейін жауынгерлер мен жас офицерлерді самбо күресіне баулиды. Міне, күрес өнерінің әдіснәмасын солдаттың керзі етігі мен сұр шинелін киіп жүрген кезден-ақ бастапты.
Әскерден туған ауылына 1969 жылы оралғаннан кейін қалауы Сарыарқа даласына тоқталыпты. Өйткені, Зайсан қаласындағыучилищеден алған мамандығы бойынша жұмыс түрі Павлодар қаласында көп. Осы қаладағы құрылыс-монтаж басқармасында еңбек майданына кірісіп, «Аллюминщик» спорт клубы жанындағы металлургтер стадионында самбо күресінен жаттығуын жалғастырады. Жұмабек Мейрамғалиұлын сол кездегі КСРО-ның Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Батырбек Сейсембайұлы Сейсембаев жаттықтырады.
1972 жылы «Трактор» спорт клубы жанындағы «Трактор» стадионына самбо күресінің жаттықтырушысы болып қабылданады. Күресу өз алдына бөлек, ал бапкерлік мамандықта қырың толық ашылу үшін жоғарғы білім қажет. Сондықтан, Жүкең Семейдің педагогтік институтының дене шынықтыру және спорт факультетіне сырттай оқуға түседі.
1973 жылы Жұмабек Мейрамғалиұлы самбо күресінен Қазақ ССР-інің чемпионы болып, КСРО спорт шебері нормасын орындайды. 1974-1975 жылдары КСРО кәсіподақтары арасында күміс жүлдені жеңіп алғаннан кейін сол жылы самбо күресі бойынша Павлодар күресінің аға жаттықтырушысы болып тағайындалды. Осы жылы дзюдо күресінен КСРО спорт шебері нормасын орындап, содан бері екі күрес түрін қатар алып келеді.
1985 жылы Қазақ ССР-інің Еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағын алғанға дейін өзіде күресіп, әрі жаттықтырушылық қызмет атқарып жүрді. Осы жылдар ішінде ол Павлодар облысының командасын ғана емес,Қазақстанның тіректі жаттықтырушыларының қатарында республика құрама командасын жасақтау мен жаттықтыруға да атсалысты. Жұмабек Мейрамғалиұлы бапкерлік қызмет атқарып жүрсе де, сол тұста ол өз салмақ дәрежесі бойынша Қазақ ССР-інің №1 балуаны болды. Сондықтан, Жүкең тысқары жерлерде өткен ірі жарыстарға республика атынан өзі қатысып, үнемі жүлделі орындарға ие болып жүрді.
Павлодарлық самбо мектебінің шеберлігі КСРО аясында ғана емес, күрес дамыған шет елдерде де мәлім еді. Еңбек елеусіз, ескерусіз қалған жоқ. КСРО болып тұрған кездің өзінде Павлодар облысында Жұмабек Мейрамғалиұлы самбо мектебін қалыптастырып, әлемдік, одақтық деңгейдегі балуандар, жаттықтырушылар шоғырын тәрбиелеп шығарған еңбегі үшін Кремль тарапынан сан мәрте марапатталды. Жұмабек Мейрамғалиұлы Мейрамғалиев жаттықтырушылық кезеңінде 5 халықаралық дәрежедегі және 60-тан астам спорт шеберлерін даярлапты. Бұлар негізінен ер азаматтар, ренжімес деп, іштерінен екі қызды ғана бөліп көрсетуді жөн көрдік. Оның бірі – 2003 жылы смбо күресі бойынша Ресейдің Омск қаласында өткен әлем чемпионатының жеңімпазы Гүлнар Ысқақова. Екіншісі – Жүкеңнің өзінің ерке қызы Әлия Жұмабекқызы Мейрамғалиева. Әлия – самбо күресінен Югославияда өткен жасөспірімдер мен жастар арасында өткен әлем чемпионатының екеуіне де қатысып, бір жылда қатарынан 2 мәрте әлем чемпионы болыпты. Әңгіме барысын тыңдап отырған Әлия балуан бұл жайлы өзі қызық қылып әңгімелеп берді:
– Өткен ғасырдың 93-94 жылдарында ешкімде ақша жоқ. Алдында Қазақстанда ұтып алғам, енді мені әлемдік додаға жіберуге ақша таппады. Содан, әулет, нағашы жұрт болып, туыстарымыздан, достарымыздан ақша жинағанымыз есімде. Содан, ақша жиналғаннан кейін мені: «тым болмаса, үшінші орын алар» деп, Югославияға жіберді. Жасөспірімдер арасында өзімнің қалай әлем чемпионы болғанымды білмей қалдым. Бір күннен кейін жастар күреседі екен, ол үшін 45 доллар қосу керек. Сол 45 долларды Югославияда жүрген қазақстандықтардың барлығынан тиындап жинадық қой. Кейбіреулер: «енді ересектердің арасында күрсем десең де, ақша жоқ» деп, соңғы центтерін берді. Алла сәтін салып, жастар арасында да әлем чемпионы болдым. Жастар арасында чемпион болғандарға ересектердің әлемдік чемпионатына қатысуға рұқсат береді екен, бірақ, ақша жинай алмайтын едік, – деп, жымия күлді алақандай қарақат көздерін дөңгелендіріп Жүкеңнің қара домалақ балуан қызы. Егер, сол тұста Қазақстанның төл ақшасы халықаралық валюталармен иық теңестіріп, бақуатты боп тұрғанымызда, Жұмабек ағамыздың қызы Әлия қатарынанжасөспірімдер мен жастар, ересектер арасында әлем чемпионы атанып, «қазақтың қара домалақ қызының атағын бірақ аспанға шығарып, әлемде, қазақтың қызынан басқа ешкімнің қолынан келмейтін рекорд жасар ма еді, бірақ, оны, бір Алладан басқа, кім білген?!» деп, арман еттім мен. Көкірегіміз аяққаптай болып талтаңдап жүрсек те, қазақтың атағын спорт әлемінде әлемге танытатын осындай қара домалақтарды не ақшаға, не басқаға жарыта алмағанымызға ішім удай ашыды. Ажал уы жағылған қанжардың екі жақ жүзімен жүрегімді осып-осып жібергендей болды. Аһ ұрдым, тынысым тарылды. Омырау тұсымды мытылап, қылғындырып бара жатқан жейдемнің түймелерін ағытып, есімді жисам, Жүкең екі інісімен, күйеу баласы Бауыржан мен Әлия да қатарласып, бетіме ажырая қарасып қалыпты. Ушықтырмай, күйзелісті ахуалды Жүкеңнің өзі сейілтіп жіберді.
– Мен ішімдегі шерімді ақтарайын. Бір жұмысым бар еді, өзгелермен содан кейін сөйлесерсің, – дегені. Қуанып кеттім. Жұмабек аға әңгімесін бастай жөнелді. 1993 жылы Жұмабек Мейрамғалиұлының бастамасымен Павлодар қаласында ұлттық және халықтық спорт түрлерінен Балалар мен жасөспірімдер спорттық мектебі ашылады. «Мектеп тек қазақ күресіне ғана бағытталсын» деген Жүкеңнің талабы жоғарыдағы басшылар тарапынан қолдау таппай, қазақ, самбо, дзюдо күрестерімен қатар мектеп бағдарламасына тоғызқұмалақ секілді ұлттық ойындар да қосылады. Кейіннен Жұмабек аға министрлік пен облыс басшыларының табалдырығын тоздырып жүріп, мектепте ат үстіндегі ұлттық спорт ойындарының ашылуына қол жеткізеді.
Бұл үшін асыл тұқымды жылқылармен қатар ат әбзелдері мен ер тұрмандары, басқа да спорттық құрал-жабдықтар, жаттығу үдерістерін атқаратын арнайы орындар, әсіресе, қора-жай мен жем-шөп қажет. Алдына мақсат қойса, алған бетінен қайтпайтын Жүкең оның да амалын табады.
– Бөлінген ақшаға құнан-байтал секілді жас жылқылар сатып алдық. Шәкірттерім секілді жаттығуға жас жылқылар да үйренуі керек қой. Екеуі де қатар үйренді, – дейді Жүкең. – Ат спорты қазақ балаларына не береді? – дедім Жүкеңнің кіді мінезіне бойым үйреніп қалған мен.
– Өзіңнің де ат мініп өскенің сезіліп тұр. Дегенмен, шамам келгенше, түсіндіріп көрейін. Мен ғалым емес, практикпін. Көргенімнен, тәжірибемнен түйін түйемін, тұжырым жасаймын. Көргенімді айтайын. Атмінген қазақтың рухы асқақтап шыға келеді. Миллион долларлық көлік мінсеңіз, олай өзгермейсіз. Өйткені, біздің, қазақтардың табиғи жаратылысының өзі атпен тығыз байланысты. Және күреспен айналысатын бала көкпар тартып, аударыспақ та ойнауы қажет. Ат мініп өскен баланың физикалық жетілуі ерекше: төзімді, епті келеді. Қолдары да кесек, қарулы, белі мен тақымы да мықты болады. Қазақы тілмен айтсақ, қара домалақ бала мен жылқының кіндігі бұрындар бірге жабысып қалған еді. Бір ғасырдан астам бұрын біз оны саналы, әрі, санасыз түрде ажыратып тастадық. Ат мініп, көкпар тартып өскен бала мен қымбат көліктің ішінде өсіп, доп теуіп жетілген бала екеуін салыстырып көріңіз. Ат мініп, көкпар тартып өскен бала ана тілге, әке дәстүріне, ұлтының құндылықтарына әрқашан адал. Соның бәрін бойындағы тұмарындай сақтайды. Ұлтына жақын. Оның батылдығы, қайсарлығы, қажыр-қайраты ұлтының намысы үшін жұмсалады. Ал келесі бала ана тілді менсінбейді, оған қай тілде сөйлесе, оқыса да бәрібір. Өгей бала секілді, өз халқына суық. Өз ұлтынан гөрі өзге ұлттың құндылықтарына жармасады. Міне, ұлттың мүддесін тәрк ететін, дәстүр аттайтын «сатқындар» осындайлардан шығады…
Шынымен, қисықтау, қиғаштау сұрақтар қойып, Жүкеңнің өзі айтқандай, оның өресін де, өрісін де шамалағандай болдым. Қара домалақтарға қатысты тәрбие мәселесіне келгенде, күйіп те, күйініп те кетеді екен. Ойы мен бойына шақ келмей, ішіне сыймай жүрген дүниелер көп секілді. Өз өмірі, балуандығы мен бапкерлігі, қандай әдіс-тәсілдерді сәтті қолданатындығы жайлы айтқаннан қашқалақтап, нені болсын, қазақ балаларының болашағына әкеліп тірейді. Тіпті, бір орайда:
-Шәкірттерімнің бойына қазақтың қасиеті мен қарымын дарыта алмасам, мен несіне қазақтың балуаны атанып жүрмін? Сен мені зайсандық балуан деп іздеп келдің. Бәріміз бір қазақпыз ғой, дегенмен, Зайсанның жайсаң мінезін осы балаларыма бере алмасам, мен Зайсанның атын неге жамыламын? – деп, айтып та қалды.
Әлде, мен бұрмаладым ба, Жұмабек ағамыз қайта-қайта этнографиялық-лирикалық шегініс жасап, өмірлік жолына қайтып келді. Диктофонымды дайындап отырғанмын. Қосылды, жазып жатыр…
Ашылған мектеп-интернатқа 2014 жылы Кеңес Одағының Батыры М.Қайырбаевтың аты беріліпті.
– Мен осы мектеп-интернатты әу баста «Национальная школа по олимпийским видам спорта» деп ашқым келген. Қазақша атауы – олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық мектеп. Бірақ, креслода отырған мәңгүрт қазақ басшыларға, өзге ұлт өкілдеріне «олимпийский вид спорта» деген сөздің шығу түп-төркінін, мағынасын түсіндіріп, саналарына жеткізе алмай-ақ қойдым. Саналары әбден мәңгүрттеніп бұғауланған олар: «қазақ күресі қалайша олимпийский вид спорта болады?» деп, таң қалысады. Қазақ тіліне енген сөздердің барлығын орыстікі деп ұғады олар. Олимпиадалық спорт деген сөз – латынның олимпиада және француздың спорт деген сөздерінің тіркесуі арқылы жасалған. Қазақша «спорттың жетілген түрі» деген мағына береді. Сонда не, қазақтың ұлттық күресі – спорттың жетілген түріне жатпай ма?
Мұны санасы мәңгірттенбеген 5-сыныптың оқушысы да түсінеді. Ал сол 5-сыныпқа оқу бағдарламасын жасап отырған біздің басшыларымыздың сиқы осындай. Міне, Асеке, өміріміз осылай тартыспен, алыспен жұлыспен өтіп жатыр. Бозкілем үстіндегі күрес – бұл күрестің қасында түк емес. Бірақ, біз күресті дағдыға айналдырған жандармыз. Ұлт үшін, намыс үшін күрестің өзі – біздер, балуандар үшін бақыт. Әкесіз жетім өссем де, жетімдіктің тауқыметін әбден тартсам да, мен бақытты жандардың бірімін. Өйткені, мен осы Кереку елінде ұлт намысы үшін тұра алатын өзіндік пікірі бар балуандар армиясын қалыптастырдым. Ертеңгі күні олар менің бастаған ісімді жалғастырады, идеямды өлтірмейді, – деген Жүкеңнің, балуан Жұмабек ағамның танауы пысылдай делдиіп, жазық маңдайының терісі жиырылыңқырап, жұмулы қос жұдырығын тістене түйіп, қаршығадай қомданып алды. Дәл бір жымып басып келе жатқан жолбарыстай. Отты көзі жалт-жұлт етеді. Әбубәкір Қайран досымның:
– Көріп өлген жолбарыстың уысын,
Бақытты екен көкжал менің туысым, –
деген жыр жолдары тілімнің ұшына оралды. Жұмабек – қазақтың көкжалы, жо-жоқ, қаһарлы жолбарысы. Иә, иә, Жұмабек ағам – жолбарыс жүректі жан! Ал, сонда Жүкеңнің інілері мен шәкірттері кімдер? Таптым, таптым! Олар – жолбарыстың айбатынан жаралған көкжалдар. Көкжал балуандар… Көкжал балуандарға қарай бет бұрдым. Күйеу баласы, яғни, Әлия қызының жұбайы Бауыржан Айтқалиұлы осы мектеп-интернатта қазақ күресінен бапкер: жуастау, момын көрінгенімен «көкжал бапкердің нағыз өзі». Бұл – менің теңеуім емес, қайын атасы Жүкеңнің өзі айтқан теңеу. «Көкжалдығын көргің келсе, бозкілемде белдескенін көр!» деген.
Бауыржан да алыс емес, Зайсанға бара жатқан жолдағы Көкпектінікі. Семейдің пединститутының дене тәрбиесі және спорт факультетін бітіріпті. Бауыржан да балуандар әулетінен, әкесі де, ағасы да күресіпті. «Балуандық қанымызда бар» дейді Баукеңнің өзі. 1998 жылы арнайы оқу орнын тәмамда­ған­нан кейін Екібастұз қаласына қазақ күресінен жаттықтырушы боп келген.
Бапкер боп жүрсе де, өзі бозкілемге шығып, Түйебалуан атанған. 2004 жылы Павлодар қаласына ауысып, Жүкеңнің қызы Әлиямен отау құрған. Қос балуанның перзенттері, арада жылдар өткеннен кейін, олимпиада аренасында Қазақстанның көк туын желбіретіп тұрған кезінде:
– Олимпиадалық бұл жеңіс нағашы атамның еңбегімен, әкемнің қанымен, анамның ақ сүтімен келді! – деп айтар ма екен… Сол күннің куәсі болуға Алла нәсіп етер ме бізге?! Қаламым қолымнан түспеген мен олимпиада чемпионының балуандық өмірі жайлы жазып отырсам… Ол да мүмкін. Тек, Алла қуат берсін де! Әзірге Әлия Жұмабекқызы жайлы жазайын.
Әлия 5-6-сыныпқа дейін мектепте акробатикамен, гимнастикамен айналысыпты. Содан кейін ғана самбо күресіне ауысқан.
– Ол кезде әкемнің інілері де, нағашы ағаларым да бапкер. Алдымен нағашыларым жаттықтырды. Содан кейін әкемнің інілері. Жұмағұл ағамның мені жетектеп жүретіні, күрес залында мені жаттықтыратыны әлі күнге есімде. Самбоның да, дзюдоның да әдіс-тәсілдеріне, жалпы, бойымдағы бар қабілетпен қасиетке баулыған – осы Жұмағұл ағам. Әкемнің, ағаларым мен нағашыларымның қамқорлығының арқасында Кереку елінде әділетсіздікке тап болмайтынмын, бірақ, жеңілдік те жасалмайтын. Кейіннен әділетсіздікті көп көрдім ғой. Екі үлкен жағдайды айтайын. 1995 жылы Әлем чемпионаты Ресейде өтті. Жарыс өтпей жатып Ресей мен Украинаның, Белорусьтың медальдарды бөлісіп алғанын кейін білдім ғой. Бар күш-жігерімді салып күрескен мен мәреге қалай жеткенімді білмей қалдым.
Ақтық айқасым белорусь қызымен. Бозкілем үстіндеміз. Лақтырамын, есептемейді. 4 ұпайға лақтырсам, менің ұпайымды оған береді. Жаурынын тигізіп, ұстап жатып алсам да, есептемейді. Ақыры, жеңісті белорусь қызына беріп, ол – чемпион, мен күміс жүлдегер болдым. Өкініштен өксіп жылағаным-ай!
Қасымнан өтіп бара жатқан қырғыз төрешісі:
– Азия чемпионатында қысым жасап, саған екінші орын беріп ем. Бұл жер, тіпті, сұмдық қой! Таза жеңістің өзін есептемейді, – дегені. Алдында ғана Бішкекте өткен Азия чемпионатында сол төрешінің әділетсіздігінен 2-орын алып қалғанмын. Өзімді ұстай алсамшы: одан арман қатты жыладым, – дейді арамдықтың шеңгелінен жүрегіне жара түскен Әлия соны әлі күнге ұмыта алмай қарақат көзін мөлт-мөлт еткізіп. Кемсеңдеп:
– Әй, біздің қазақтың жігіттерінің кейбірінде намыс жоқ қой. Мардымсыз ақшаға бола туған қарындасын сатып жібереді, – деді әлі наласы қайтпаған ол.
– Не, мұндай жайт та басыңыздан өтті ме? – дедім Әлияны қайрай түсіп. Сондағы мақсатым – оны ашындыру. Ашынған адам ғана ащы шындықты айтады деген бар.
– Мені сатып жіберген қазақтың құрама командасы бапкерлерінің мендей
қарындастары бар шығар. Күліп алды. Жылап отырып күле салу, күліп отырып жылай салу – ерке қыздардың әдеті. «Әй, Әлия-ай, сені Жұмабектің ерке қызы деп, тегін айтпайды-ау! Күллі қазаққа еркелесең де, саған жарасады. Тек, шолжы боп кетпеші!» – деп, іштей тіледім. Әлия әлгі әңгімесін жалғастыратын сыңай танытты. Ұқтым. Ұзын-ырғасы былай. Әлияның арман мен мақсаты – олимпиада чемпионы болу екен. Самбо олимпиадалық ойындар бағдарламасында жоқ болғандықтан, дзюдоға ауысып, Қазақстанда өз салмағы бойынша самбо күресінен №1 балуандыққа дейін жетіп, әлемдік деңгейге көтеріледі. Ендігі мақсат – олимпиада шыңын бағындыру. Бапкерлер Әлияға: «Олимпиадаға сен барасың!» деп, талай жылдар алдап, шын мәнінде, басқа қызды даярлаған. Асқақ арманынан айрылғандай боп түңілген Әлия бапкерлеріне қатты ренжіп, ұсыныс жасап жүрген осы Бауыржанына күйеуге тиген де кеткен. Кейін әлгі бапкерлері жалынып жалпайса да: «күйеуім рұқсат етпейді!» деп, олимпиада додасына қатысудан бас тартқан. Әлгі бапкерлерге, әлде, Әлияның өзіне ренжідім бе, өзім де түсіне алмайтын бір күй кештім. Уысымнан олимпиаданың алтыны сусып шығып кеткендей қатты өкіндім. Әңгіме арнасын басқа тақырыпқа бұрғым кеп:
– Күрес өзі қандай спорт түріне жатады? Ауыр емес пе? Қыз балаға кейін ана болуына зияны тимей ме? – дедім жалтарма сұрақ қойып.
– Әкемнің бұл өмірде білмейтіні жоқ. Бала көтере алмай қалған балуан қыздарды көп көрген ғой. Басында қатты қарсы болды. Жүрісіме дейін сынайтын. «Қыздар ауыр көтермей, майысып жүруі керек» дейтін. Құдайға шүкір, қазір үш баланың анасымын. Дзюдо күресі жөніндегі «Батыр» балалар мен жасөспірімдер мектебі директорының оқу-тәрбие істері бойынша орынбасарымын, әрі, бапкермін. Өйткені, мен бар күш-жігерімді, айла-тәсілімді техникаға жұмсап күрестім. Ондай балуандарды қара күштің емес, «ақылдың балуандары» дейді. Қазақтың «балуандық білекте емес, жүректе» деп айтатыны сондықтан да шығар. Жалпы, қара күшпен емес, ақылға, жүрекке салып күрессең, ана болу бақытынан айрылмайсың, – деген Әлия шапшаң тұрып: – Осының бәрін маған үйреткен Жұмағұл ағам. Әрі, мой любимый тренер, – деп, әкесінің інісін барып құшақтап, оны менің қарсы алдыма әкеліп отырғызды.
Жұмабектің інісі Жұмағұл да – спорт шебері, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушы, қазір құрметті еңбек демалысында. Жұмағұл да 1972 жылы Зайсан қаласындағы №18 СПТУ-ды бітіргеннен кейін Жүкеңнің шақыруымен Павлодар қаласына сапар шегеді. Мақсаты – осы қалада мамандығы бойынша еңбек етіп, күреспен айналысу. Ағасына еліктеген ол осы Зайсандағы оқу орнының намысын қорғап, еркін күрес бойынша аудандық, ауданаралық жарыстарда жақсы жетістіктерге жетіп жүрген. Павлодар қаласындағы балуандық өмірінен Жұмағұлдың өзі былай деп сыр шертті:
– Келгеннен кейін аға-жеңгемнің қолында тұрдым. Жұмысқа орналасып, жаттығуға кірістім. Бапкерім – өзімнің ағам Жұмабек. Үйде болсын, спортзалда болсын, бір минут бос отырғызбайды ғой. Онысымен қоймай, демалыс күндердің өзінде ерте тұрғызып алып бәлембай шақырым жүгіртеді ғой. СПТУ-да оқып жүрген кезімізде жазғы каникулда ағамызға келетінбіз. Ол бізді қайдағы бір кеңшарларға апарып, жаз бойы қора, үй салғызатын. Қолынан келмейтіні жоқ: трактор-машина да айдайды, электрик те, сварщик те, плотник те, каменщик те өзі. Бізге соны істеткізді, қоймай жүріп үйретті ғой. Қазір, міне, жақсы. Ешкімге жалынбаймын, көрші-қолаңдар қайта маған жалынып жүргені. Күреске де үлгеретінбіз. 1975 жылы Қызылорда қаласында чемпионат өтіп, спорт шебері нормасын орындап, Қазақ ССР-ің чемпионы болдым. 1979 жылы да осындай жеңіске жеттім.
2-3 рет КСРО-ның чемпионатына қатыстым. Мәскеу мен Ленинград бөлек команда қояды. Бір салмақта 90-100 балуан күреседі. Мықты болсаң, ішіндегі ондыққа кіріп көр. Талай рет топ жардым. Кейін жаттықтырушы боп істегеннен кейін диплом керек болып, Семей пединститутының дене тәрбиесі және спорт факультетін сырттай оқып бітірдім. 80 жылдардың ортасынан кейін қазақ күресі дами бастады да, қазақ күресінен де спорт шебері нормасын орындадым. Әйтеуір, бәрі қамқоршыл ағамның арқасы…– дей бергенде, Жұмағұлдың сөзін бөліп, бір сұрақ қойдым. – «Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар» дейді қазақ. Ағаңыз сізге жаға бола алыпты, ал сіз өзіңіз оған тыныс бола алдыңыз ба?
Сұрағым Жұмағұлға ауыр тисе керек. Ойланып, ұзақ отырып қалды. Бір уақытта кібіртіктей сөйлеп:
-Бола алған секілдімін. Оқушыларының ішіндегі лидері болдым. Жә, оны қойшы. Ағамның өзі секілді намысшыл, адал, еңбекқор, өтірік-өсек айтпайтын және мәнсап пен дүниеге қызықпайтын адам боп өстім. Ағам секілді сабырлымын, төзімдімін. Мінезімдегі осы қасиеттер ағамның тәрбиесімен және бозкілемдегі арпалыспен келді. Кейін жұбайым қайтыс болғанда да мені құтқарған осы – еңбекқорлығым мен сабырлылығым. Әлияны жетектеп жүріп тәрбиеледім. Ол әлем чемпионы болғанда, маған ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы атағын берді.
– Жүке, шыныңызды айтыңызшы, өзіңізді зайсандық балуанмын деп санайсыз ба? – деп сұрақты төтесінен тарс еткіздім. Жұмағұлмаған аңтарыла қарап алды да, өзіне өзі сұрақ қойып, өзі жауап берді.
– Е-е, неге санамаймын? Осында кіндік қаны тамған Әлияның өзі зайсандық балуанмын деп санайды өзін. Жаңа өз көзің көрді ғой, әкесіне:
«Мені Зайсанға әлі бір апарған жоқсың. Мен ес білгелі өзімді зайсандық санаймын» деп көз жасын сығып алғанын. Жұмағұл «Зайсан» деген сөзді естісе, елең ете қалатынын, тіпті, Жеменей өзенінің арқыраған суының көбігін сағынатынын айтты. «Әттең, бала-шағалы болып, әбден орнығып қалдық. Қазірдің өзінде Зайсанымды мекен етіп, әр тасын иіскеп жүрсем, өзімді бақытты санар едім» деп те салды ол. Неге екенін білмеймін, Жұмағұл өзінің ағасы Жұмабекке қосып Жанәділді айтты. Олардың апайтөс кеуделеріндегі аттың басындай жүректерінің, дархан көңілдерінің Зайсанға сыймайтынын, оларға өздерінің жүректеріндей қазақтың кең даласы керек екенін тіліне тиек етті. Әлде, аузына періштесі салды ма? Кім білсін?! Жұмабек аға Павлодар қаласына табанын тіреп, әбден орныққаннан кейін іні-қарындастарының бәрін өзінің жанына алған. Сол інілерінің бірі – Еркінбек Қаданұлы Шантеков. Ол 1961 жылы майдың 17-і күні Зайсан қаласында дүниеге келіпті. 1971 жылдан бастап ағасының, яғни, Жүкеңнің жанында. Ағасының мінезі белгілі: Еркінбек қолға тиісімен Жүкең оның да тәрбиесіне бірден кіріседі. Жүкеңнің тәрбие үдерісі жолға қойылған: ол – баланы күн режиміне дағдыландыру, яғни, баланың бір минут та бос қалмауы. Сабақ, күрес, одан қалса, үй шаруасы мен әдеби кітаптар оқу. Оянып, қайта ұйқыға жатқанға дейінгі аралықта қол қусырып отыратын бос қуыс жоқ. Әлі күнге солай. Бұл жөнінде Еркінбектің өзі былай дейді: – Бала күнімде еңбек етіп дағдыланғаным соншалық, әлі күнге бір минут бос отыра алмаймын. Басқалар сәукілдеп қалай бос жүреді, әйтеуір, менің мұрныма су жетпейді. Бір апталық, тіпті, бір айлық ісім алдын-ала жоспарланып тұрады. Ағасының қол астында жаттыққаны және тынымсыз еңбегі өзінің нәтижесін берді. 1981 жылы Армения қаласы Ленинаканда самбо күресінен өткен одақтық жарыста қола медальға ие болып, КСРО спорт шебері нормасын орындайды. Осы жарысқа қатысқанға дейін Еркінбек Қазақ ССР көлемінде шебер балуан ретінде танылып та үлгерген болатын. Сол жылы Павлодар қаласындағы пединституттың дене шынықтыру және спорт факультетіне түсіп, жоғары білімді, әрі, білікті спорт маманы болып шығады. Содан бері педагогтік-жаттықтырушылық қызметте. Қазір Павлодар қаласындағы Балалардың бос уақытын қамту «Өркен» клубында қазақ күресінен жоғарғы санаттағы мұғалім болып жұмыс істейді. 2007 жылдан бері қазақ күресі бойынша Ұлттық төреші. Ресейдің Алтай өлкесінде Қосағаш ауданындағы және Моңғолияның Баян өлгий аймағындағы қазақ балаларымен достық қарым-қатынас орнатқан осы – Еркінбек Қаданұлы Шантеков. Ендігі мақсаты – Зайсан ауданының балуан қара домалақтарымен достық қарым-қатынас орнату.
– Ресейдің, Моңғолияның балуан қазақ балаларын қалай шақырып, қалай Халықаралық жарыс өткізіп жүрсіз? Сіз ұйымдастырған бұл шараны кімдер қаржыландырды? – деген сұрағыма Ерағаң күрсініспен кеңінен жауап берді.
– Күзде отбасылық қорымызда біраз ақша болады. Өйткені, жұбайым жерді жалға алып, көкөніс өсірумен және соны сатумен айналысады. Көкөністің түр-түрі де мол. Міне, осының көмегі. Ары ұзаса, көрші елдерден балуан балалардың 2 командасы ғана келеді. Оларды үйде қондырып, тамақтандыру мәселесін шешуге күзде жағдай бар. Ал, қазақ күресінен халықаралық турнирді сол «Өркен» аула клубының ғимаратында өткіздік. Ресми жағын ұйымдастыруға қалтадан біраз шығын шығаруға тура келеді. Балалардың жүріп-тұру шығыны ата-аналарының мойнында. Осындай амал арқылы Зайсан ауданының күрес бапкерлерімен байланыс орнатып, сол өңірдегі мықты балуан балалардың біразын Павлодар қаласындағы спорт мектеп-интернатына тартсам деймін. Ағам Жұмабектің «баланы шалшыққа отырғызып қойып: «мынау – теңіз» десең, ешқашан сенбейді. Ал, теңізге 200 алып барсаң, жағдай басқаша» дейтін сөзі бар. Қалай дегенмен, Павлодардағы спорт-интернаттың мүмкіндігі, Зайсан ауданына қарағанда, әлдеқайда зор ғой. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» дей ме қазақ? Әйтеуір, бір бүйрегім Зайсанға бұрады да тұрады…
– Менің бүйрегім бұрмайды дейсіз бе, Еркінбек аға? – деп сөзге араласты осы әулеттің ең кенжесі Асылбек. Ол да 1980 жылдан бері Павлодар қаласында. Зайсан ауданы Қаратал ауылында оқып жүргенінде еркін күреспен айналысыпты. Бапкері Оралхан Тұрсынханов болған. Ағасының құзырына келгеннен кейін ол самбо күресіне ауысады. Бұл жөнінде Асылбектің өзі былай деді:
– Ағамның қолына ынталы бала тисе болды, нағыз балуан етіп шығарады. Сол кісінің баптауында жаттығып, Қазақстан ішіндегі жарыстарда ұтып жүрдім. 1986 жылы Ресейдің Барнаул қаласында самбодан өткен одақтық жарысқа қатысып, спорт шебері нормасын орындадым. 1 жылдан кейін әскер қатарына аттанып, күрестің осы түрін онда да жалғастырдым. 1987 жылы 62 келі салмақта Беларусь кубогын ұтып алдым. КСРО кәсіподағы ұйымдастырған жарыста да ешкімге дес бермедім. 1988 жылы КСРО қарулы күштер арасында самбодан өткен жарыста жеңіс тұғырына көтерілдім.
Іштен-сырттан шалу, қырқай шалу әдістерін Жұмабек керемет шебер орындайтын. Сол әдісті ағамның маған үйреткені соншалық, өзінен артық болмаса, кем орындамайтынмын.
Асылбекті осындай шығанға шығарған Жұмабек ағасы да:
– Бір әдісті сан мың мәрте қайталап, Асылбек оны керемет шебер орындайтын. Әдісті кірпік қаққанша жасап, қарсыласты жаурынына қалай топ еткізгенін ешкім байқап та үлгермей қалатын. Міне, Асылбек осындай балуан болды. Ол жасаған әдісін соңына дейін жеткізбей қоймайтын. Оның бозкілем үстіндегі күресіне жаның сүйсінетін еді, – дейді мақтанышпен. Өйткені, Асылбектің осындай балуандық дәрежеге жетуіне Жүкеңнің өзінің де маңдай тер еңбегі бар ғой. 1988 жылы әлемнің атақты самбошылары жиналып, олимпиадалық мектепте жаттығып, шеберлік сабақтарын өткізеді. Әлемдік деңгейдегі балуандар сапында жолбарыс жүректі Жұмабектің інісі, әрі, шәкірті самбокөкжалы Асылбек те жүрді. Өйткені, Асылбек 1988 және 1999 жылдары «Қазақстанның ең үздік спортшысы» деп танылған болатын.
Жұмабек ағамыздың Еркінбек пен Асылбектің ортасында тағы бір інісі болыпты. Есімі – Ақылбек, ол 1963 жылы 30 сәуірде Зайсан қаласында дүниеге келген. 1980 жылы Қаратал ауылында орта мектепті бітіргеннен кейін ол да Павлодар қаласына қоныс аударады. Осы қаладан әскери борышын өтеуге аттанып, оны Норильск қаласында атқарып, қайта оралады. Зайсан жерінде басқа ағалары сияқты Ақылбек те еркін күреспен айналысыпты. Бірақ, Жүкеңнің қолына тигеннен кейін ол да қазақ, самбо, дзюдо күресіне ауысады. Табиғатында балуандық қабілет бар Ақылбек көп ұзатпай-ақ Павлодар мен облысында чемпиондық тұғырға көтеріліп, спорт шеберлігіне үміткер нормасын орындайды. Бірыңғай күрес жоқ. Отбасылы болғаннан кейін бала-шағаны асырау керек. Ақылбек құрылыс саласында тасқалаушы болып істейді. Жігітке жеті өнер де аз дегендей, үй жиһаздарын жасауға шебер еді. Домбыра шертіп, ән салатын. Гитараның да құлағында ойнайтын. Бұзылған сағат, магнитофон секілді аспаптарды да жөндей беретін. Бірақ, күресте де, басқа өнерде де толық ашылып үлгермеді. Өндірістік апаттың салдарынан мерт болып, аңырап артында жары мен үш қызы қалды. Ақылбек марқұмның қыздары орнын тапқан,әрқайсысы жар сүйіп, бала құшып отыр. Қайтып келе жатырмын. Вагонның темір кебістері біркелкі тарсылдап, теңселген купенің терезесінен далаға қараймын. Жосылған қазақтың кең даласы, қиырына да, шиырына да көз жетпейді. Көкжиекпен ұштасып кеткендей… Құлағымда дүңгірлеген Жұмағұлдың айтқан сөзі… «Жанәділ мен Жұмабектің апайтөс кеудесіндегі жүректері аттың басындай, зайсандық көңілдері қазақтың дархан кең даласындай. Олар Зайсанның қаласына да, даласына да сыймайды. Олар қазақтың маңдайына сыю үшін ғана жаратылған» деп еді-ау ол! Мұны айтқан Жұмағұлдың өзі періште ме, әлде, бұл сөзді періштесі аузына салды ма? Білмеймін… Түбін іздегім келмейді… Жауабын болашақ өмір, келер ұрпақ беретін шығар

* * *
(Зайсан ауданы әкімдігі Спорт және дене шынықтыру бөлімінің бастығы Зайнолда Рахымбаев пен жазушы Асқар Сәбитовтың арасындағы онлайн-сұхбатты ықшамдап беріп отырмыз).
Зәке, қашаннан бері осы бөлімді басқарасыз? Аудандағы спорттық жағдай сіз келгенде қандай еді, қазір қандай? 2014 жылдың қаңтар айының соңына таяу ауданның сол кездегі әкімі марқұм Алмас Аманқолұлы Оңдақанов шақырып жатыр деді. Өзім көбінде биліктің біршама тұстарына наразы болып, соны айтып салып жүретін адам едім. Тағы да не айтып қойдым деп бардым. Орнынан атып тұрып қарсы жүгіріп келіп қолымды алды. Біраз сөйлескен соң:
«Тез арада тест тапсырып, ауданның дене шынықтыру және спорт бөлімін басқарасыз» – деді. Мен келіспейтінімді айттым. «Мен сізден келісесіз бе?» деп сұрап тұрған жоқпын. Тез арада тест тапсырып, жұмысты қабылдаңыз!» – деп, төтесінен бірақ қайырды. Сонымен, 2014 жылдың 27 ақпанында осы бөлімге басшы болып келдім. Маған дейін бөлімді 35 жылдай Зайсанбек Қажанов деген ағамыз басқарды. Ол кісінің жұмысына мен баға бермей-ақ қояйын, сол кезде спортпен айналысқандар айта жатар. Қазіргі уақытта Аллаға шүкір дейміз, ауданда дзюдо, бокс, жеңіл атлетика, волейбол, қазақ күресі, гір спорты түрлерінің тағаны қаланып, футбол ертеден бар, біраздаған жетістіктерге жетіп жүрміз. Аудан басшылары аудан спортына көңіл бөле ме? Онысы қандайлық дәрежеде? Мүлдем көңіл бөлмейді деп айтуға келмес.
Дегенмен, толық жағдайда көңіл бөлінбейді. Марқұм Алмас Аманқолұлы әкім болып тұрғанда, 2014-2016 жылдары өте жақсы көңіл бөлініп еді. Ол кісі осы ауданды басқарған кезеңде ипподром, жабық жүзу бассейні, жекпе-жек залы, 4 ауылға спорт модулі салынды. 1 татами, 3 күрес кілемі, көкпар командасының спорттық құрал-жабдықтары (аттардан басқа), т.б. алынған болатын. Қазір ондай қамқорлық болмай тұр. Ауданның қалталы азаматтары, басқа жақтағы зайсандық кәсіпкерлер ауданның спорт жағдайына қол ұшын бере ме? Сіз басқарып отырған бөлім олардың тарапынан түсетін қаражатты, спорттық инвентарьларды қабылдауға, олардың мақсатты түрде жұмсалуына араласуға хұқы бар ма? Немесе басқа амалдарын қарастырып, тиісті шаралар жасалған ба?Мен өз басым алғашында біраз кәсіпкерлерге (Зайсандағы) бардым. Спортты көтерейік, бюджеттің қаражаты жетпейді деп.
Қуат Абжанов деген азамат басында біраз көмегін беріп жүрді. 2-3 жыл болды Қуаттың мекемесінің жағдайы төмен болып көмектесе алмай отыр. Басқа біздің азу тісі бақандай Зайсандық кәсіпкерлеріміз ондай шаралардан ат тонын ала қашады. Көрші Тарбағатай ауданында менталитет мүлдем басқа. Олар бірінен-бірі асырып қаражат береді. Егер қаражат демеушілер жағынан берілетін болса, ауданның дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Аудандық бұқаралық спортты дамыту орталығы» мекемесі осы қаржыларды қабылдап, кәдеге жарата алады. Ең бастысы, қаржы берейін деген ниет болып, сол қаржы аударылса, ары қарай оны мақсатты түрде жұмсап, аудан спортын өркендету біздің мойынымызда. Зайсан ауданы тұрғындары кейбірінің арызқой екені әмбеге аян. Халықтың игілігі, ұрпақтың болашағы үшін жасалған жақсы бастамалардың өзін олар қаралауға дайын тұрады деп естиміз. Елді өркендетпейтін мұндай жаман әрекеттің басында кімдер бар?
«Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» – деп, ата-бабаларымыз осындайда айтса керек. Жалпы, қазақ халқының қазір айырылып қалған жақсы қасиетінің бірі – сөзге тоқтау. Сол арызқойларға басу айтып тоқтататын ақсақалдарды көрмей тұрмын. Маған салса, 90 жылдардың методын қолданса ғана тоқтайды деп ойлаймын… Жә, жөнсіз әңгіме бастап кеттім ғой деймін. Доғарайын. Мектептің спорттық мекемелер базасы екені белгілі. Мектеппен байланыстарыңыз қандайлық деңгейде? Мектептермен тығыз байланыстамыз. Жыл сайын орта және орталау мектептерінің арасында – орта мектептер бойынша спорттың 10 түрінен, орталау мектептер арасында 7 түрінен спартакиаданы ауданның дене шынықтыру және спорт бөлімі өткізіп отырады. Өкінішке орай, республика бойынша спорт үйірмелерін өткізуге төленетін қаржының тоқтатылуына байланысты аудан мектептерінде спорт үйірмелері жұмыс істемейді.
Мектептердіңденетәрбиесімұғалімдеріне ықпал етуге хұқыңыз бар ма? Бұл мәселе ауданда қалай шешіліп отыр? Барлық пәннің мұғалімдері сияқты дене тәрбиесі мұғалімдері де ауданның білім бөліміне бағынады. Мектеп директорлары жұмысқа алады, жұмыстан шығарады. Менің оларға ықпал етуге ешқандай құқығым жоқ. Ауданда неше спорт мектебі және оныңқанша филиалдары бар? Спорт мектептері мен филиалдар қай бағытта жұмысістейді? Оларды кім қаржыландырады? Мектептер жанынан спорт мектептерінің филиалдарын ашуға бола ма? Ол үшін не істеу керек?Ауданда 1 спорт мектебі, 1 бұқаралықспортты дамыту орталығы мекемелері жұмыс істейді. Осы екі спорттық мекемеде 1158 бала спортпен шұғылданады. Мысалы, спорт мектебінде 30 жаттықтырушы болса, соның 19-ы ауылдық жердегі дене тәрбиесі мұғалімдері, спорт мектебінен қосымша сағат алу арқылы өз мектебіндегі оқушыларды спорттың белгілі бір түрімен шұғылдандырады.
Осылай ғана біз ауылдық мектептерді, аздап болса да, қамтып отырмыз. Қаржының бәрі аудандық бюджеттен. Әкім қаржы бөлсе, неге филиал ашуға болмайды? Филлиалды қойып спорт мектебінің өзін ашуға болады.Мысалы, көрші Тарбағатай ауданында 4 спорт мектебі бар. Екеуі ұлттық спорт түрінен, екеуі олимпиадалық спорт түрінен. Спорттық мақсатта жұмыс істеп тұрған ғимараттар мен үймереттерге көңіліңіз тола ма? Оларда санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау үшін жағдай бар ма? Негізінен, ауданда спорттық инфрақұрылым жаман емес. Атшабар 1500 трибунасымен: ондай ипподром облыста жоқ. Стадион 1500 орындық, жабық жүзу бассейні, жекпе-жек спорт залы (ұз. 58 м, ені – 18 м). Спорт залдар, модульдер. Бірақ, осы жетеді деп тоқмейілсімей, Зайсан қаласына ФОК (физкультурно – оздоровительный комплекс) болса деген ойбар. Шекаралық аймақты дамыту жөніндегі үкімет бағдарламасына ФОК пен 3 модульді кіргізіп қойдық. Енді оны облыс әкімі шешеді.
Ауданда бар ғимараттардың санитарлық-гигиеналық жағдайы қалыпты. Тиісті жөндеу жұмыстары атқарылып тұрады. Дене тәрбиесі мұғалімдері мен бюджеттік штаттағы спорт мамандары арасында семинар-сабақтар өткізіле ме? Бұл шараны ұйымдастыруда кімдер көмектеседі? Спорт түрлері бойынша жаттықтырушыларға облыстағы тәжірибелі жаттықтырушыларды шақырып семинар сабақтар өткізіп отырамыз. Кей кездері спорт мамандарын облыстық семинарларға жібереміз.
Ауданда қандай жарыстар ұйымдастырылады? Кімдердің атында турнирлер бар? Мұндай шараларға бөлінетін қаржы жетілікті ме? Әлде, қарастырылған басқада амалдары бар ма? Ауданда жыл бойына 70-ке жуық жарыс ұйымдастырамыз. Солардың ішінде дзюдодан З.Есіркегенов атындағы облыстық турнир; Ә.Аубакиров атындағы облыс чемпионаты; волейболдан Ж.Абышева атындағы облыстық турнир; «Нұр» ЖШС атындағы облыстық турнир; еркін күрестен Ш.Жапсарбаев пен Ш.Жапсарбаева атындағы облыстық турнир; гір спортынан облыс чемпионаты; мүгедектер арасында ауданның ашық спартакиадасы; мемлекеттік қызметкерлерінің аудандық спартакиадасы және т.б. Жоғарыда айтылған жарыстарға қаражат аудан бюджетінен бөлінеді. Жеке тұлғаның атындағы жарыстар оның туған-туыстарының демеушілік қаржысы арқылы ұйымдастырылады. «Зайсандық балуандар» кітабын жазу барысында спорт саласындағы біраз дүниелерді біле бастадық. Мәселен, Алматы облысы Алакөл ауданының орталығы Үшарал қаласында 3 кешенді спорт мектебі жұмыс істеп тұр. Арнайы спорт мектеп-интернат та, оны қосымша қаржыландыратын кәсіпкер де бар. Бұл ешкімнің шымбайына батып, намысын түрткілеп отырған жоқ. Осы жайт сіздің ауданда неге жоқ?
Жоғарыда сізге айтып өттім, Тарбағатай ауданы кәсіпкерлерінің, азаматтарының атымтай-жомарттығын. Біздің ауданда осындай үрдіс, мәрттік жоқ болып тұр.
Осы мәселені көтеріп жан-жақтан шықса, мүмкін, бір қозғалыс болар ма еді? Әйтпесе, басында біраз кәсіпкерлерді аралап, біршама ұсыныстар айттым. Нәтиже жоқ. Атын айтпай-ақ қояйын, қазақ күресінен «Зайсан Барысы» турнирін өткізерде 1000-ға жуық жылқысы бар кәсіпкерге бас балуанға бір тай тігуін сұрап едім, зар илегенде жаным ашып, оған өзім қаржылай көмектескім келді. Міне, біздің кәсіпкерлеріміз осындай. Спорт саласындағы келеңсіздіктерді жоюдың, тығырықтан шығудың қандай жолы бар?
Ауданның спортын көтеру үшін, ең бірінші, қаржы мәселесі шешілуге тиіс. Екінші, мықты кадрлар (бапкерлер) керек. Үшінші, бір адамның қолынан ешнәрсе келмейді. Зайсанның жергілікті кәсіпкерлері, Зайсанның басқа жақта тұратын кәсіпкерлері, жалпы, спорттағы зайсандық беделді азаматтар шын ниетімен жаны ауырып, осы жұмысқа кірісуі керек. Міне, осы мәселелер шешілсе, аудан спорты өрге домалағанды қойып, бірталай шыңдарды бағындырар еді.
Кемшіліктердің барлығының бір-бірімен сабақтасып жатқандығы аян. Зайсанның әлеуметтік-экономикалық, имани-адами ахуалын жақсартуды спорт саласынан бастау керек деп ойлайсыз ба?
Әрине, спорт саласынан неге бастамасқа. Ауданның экономикалық жағдайы көршілес Тарбағатай ауданынан артық болмаса, кем емес. Бірақ, спортқа деген дұрыс көзқарас жоқ.
Рахмет, өзіңізді мықты балуан, күрес өнерін жетік үйрететін жаттықтырушы болған деп естідік. Өзіңіз жайлы білсек дейміз…
Мен өзімді мықты балуан болдым деп есептемеймін. Ең жоғарғы көрсеткішім – ҚР ауыл-село спортшыларының ересектер арасында өткен біріншілігінде дзюдодан ІІІ орын алдым. Бапкер болып жұмыс істегенде 1 оқушым самбодан Қазақстан чемпионы, 2 оқушым жүлдегер болды. 1 оқушым ересектер арасында Атланта олимпиадасына қатысу үшін дзюдодан ҚР құрама командасында болды. Бірақ, бас жаттықтырушылар өздерінің шәкірттерін апару үшін 3 балуанмен күрестіріп, қан қысымың жоғары деген сылтау айтып, жолын бөгеді. Содан, сол азамат дзюдоның формасын лақтырып жіберіп, қайтып кілемге шықпай, күресті тастап кетті.

* * *
Қартайғандықтың белгісі ме: соңғы кездері балалық шағымның өмірі жиі елес беретін болып жүр. Май топырағын шаңдатып, қасат қарын омбылап, көгалында құрбыларыммен алысып-жұлысып, өзенінде балықтай шоршып, бұзау мен құлын мініп өскен Қуаныш ауылы есімнен бір кетпей қойды. Әкем Смағұл мен анам Бизә да түсіме кіре береді. Менен құран дәметіп жүр ме деп, намазымның алдында, әрі, соңында әкем мен шешеме, басқа туыстарыма, ауыл айдынында енді жүзбейтін, тек есімі мен өнегесі қалған білекті де жүректі аға-інілеріме арнап дұға оқимын. Бірақ, өзегімді өртеп, тұла бойымды билеген сағыныш пен аңсар бірбасылған емес.
Он жасар кезім ғой деймін: әкем отын-су, шөп дайындағанда, қасынан бір елі қалмай, шамам келгенше, көмектесем. Шаршап демалғанда немесе арба үстінде әкем әңгіме айтады. Көбінесе, балуандар жайлы. Өзінен 4-5 жас кіші, жан досы болған Мұстафаны жиі есіне алатын. Көзімен көрген оның күрестерін, қолданған әдіс-тәсілдерін тамсана отырып әңгімелейтін. 1924-пе, әлде, 25-пе, Мұстафаның Зайсан қаласына келген Қажымұқанмен күш сынасқанын майын тамыза айтатын. Шапанның бір жеңін бос жіберіп, Мұстафа досының жалаң аяқ күресетінін құлағыма құятын. Қарсыласының оң не сол аяғының ішінен, немесе сыртынан шалып, үлкен башпайымен іліп жұлқа тартқанда, оны желкесіне аунатып түсіріп, жаурынын жерге тигізеді екен. Өзі білетін балуандардың бір де бірінің дандайсымағанын, мақтан қуып кетпегенін, күш-қайратын еңбекке жұмсағанын маған үлгі қылатын. Әкемнің әңгімесінің әсері ме, мен де балуан болуды армандайтынмын. Тіпті, әлемдік бозкілем үстінде мерейім үстем шығып, халықтың құрметіне бөленсем деп қиялдайтынмын. Бұланбай, Нарғозы, Байғозы, Манаш, өзінің аталас туысқандары Бәзи мен Қожахмет, Зайсан өңірінде бұрындар өткен және бүгін жүрген балуандар жайлы талмай әңгімелейтін. Тыңдап отырған мен қолма-қол қиялға беріліп, бірде Бұланбай болып, жауларымды қамшымен тырағайлатып сабап жүрсем, енді бірде Қожахмет ағам болып, таудай балуанның аяғын аспаннан келтіретінмін. Сауқат балуан жайлы да әкемнен көп есітіп өстім. Әкем марқұм Сауқаттың ешкімге бас имеген өр мінезді, қазақтың «малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деген тәмсілінен аттап көрмеген адам екенін баса айтатын. Сауқат балуан кеудесін де тірі адамға бастырмапты. Сауқат марқұмның қаракүштің емес, әдіс пен айланың, шапшаңдық пен намыстың, қайсарлықтың балуаны болғанын әкемнен талай естігенмін. Әкем аузына алған балуандардың бір де біріне кір жұқтырмай сөйлейтін. Әкемнен дарыған мінез бе: балуандар маған күні бүгінге дейін періште боп елестейді. Бала кезімнен көріп, еліктеп өскен балуан ағаларым Қожахмет пен Есенді, Өкенді; сыныптастарым Құлатай мен Кәкенді, соңымнан ерген ауылдас інілерім Сіләш пен Досатайды, Дәукен мен Сейтқалиды, одан кейінгі балам мен немеремдей болған балуан бауырларымды еске алсам болды, ішім жылып, жүрегім елжіреп тұрады. Олар жайлы әңгіме қозғала қалса, тек жанға жайлы сөз естігім келеді. Олардың теріс, оғаш қылықтарын көріп білсем де, қорғаштаймын да жүремін. Тіпті, кейбір балуандардың теріс сөзі мен қылықтары жүрегімнен өтіп, сүйегіме жетіп, ауырып қалған кездерім де болған. Бұл – әкемнің маған бала кезімнен балуандар жайлы қалыптастырған кіршіксіз сезімінің бұлқынысы ма деп ойлаймын осы күнде. Балуандардың ел намысы мен ер намысын былай ысырып тастап, жеңіл атақ пен абыройға, дүние-мүлікке қарай ұмтылуының, сол жолда бар күші мен шеберлігін сарп етіп, ар-ұяттан аттап өтетінін түсінбей-ақ қойдым. Біздің балуан бабаларымыз бен ағаларымыздың ұстанған жолы бұл емес еді ғой… Бұл дерт өзі қалай пайда болды? Емі бар ма? Жә, көңіл наласы айтса кетеді. Ішімде жиналып, қордаланып қалған жайтты айтып жатқаным сондықтан. Қоғамымызға нарықтық жүйенің келуімен қатар келеңсіз жайттардың қоса енгені, тіпті, мемлекеттік жүйе боп қалыптасқаны белгілі. Сыбайлас жемқорлықтың, парақорлық пен тамыр-таныстықтың спортқа дендеп енуі, осы салада жүрген басшыларда ұлттық намыстың жоқтығының салдары Қазақстандағы балуандық өнерді іштей мүжіп, жегідей жеп жатыр. Жақында ғана топта ашына, ашыла сөйлеген балуандардың сөзінен түйгенім – бұл дерт біздің Зайсанға да жетіпті. Бұл дерттің емі – қор құру, спорттық мекемелерді жекешелендіру екенін балуандар жасқанбай айтты. Әрине, ұтсаң да, ұтпасаң да, алатын бюджеттің сомасы мардымсыз болса, еріксіз бармақ басты көз қысты әрекетке барасың. Жеке меншікке айналған спорт мекемелері меншіктік мүддені жоғары қойса да, абырой мемлекеттікі ғой.Баба балуандардың күрес өнерінде қалыптастырған өз дәстүрі бар. Олар ру, ел мен жер намысын бірінші орынға қоятын. Ал қазір тігілетін жүлде басты орынға шығып кетті. Әлемдік, қазақстандық «барыстардың»жүздеген шақырымдардан арнайы келіп, астың жүлдесіне тігілген машиналарды ұтып кеткенін талай көрдік. Ас иелері де оларға:
– Айналайын, сен, онсыз да, әлемге, Қазақстанға танылған балуансың. Мен бұл көлікті осы төңіректің балуандары үшін тіктім. Олардың да атағы шығып, жолы ашылсын. Қайта, батаңды беріп, олардың жолын ашып кет! – деп айта алмайды. Өйткені, ас иелерінің өзіне «асқа әлемге танылған «бәлембай» деген балуан арнайы келіпті, күресіпті» деген қаңғытпа дақпырт, арзан атақ, жалған абырой керек. Бірер «барыстың» осындай тәсілмен бірнеше жеңіл көлік ұтқанын білеміз. Сонда, сақа балуандар талай жас балуанның жолын жапты деген сөз ғой. Жас балуандар астарда көлікті қанжығасына байлап, сол өңірде атақ-абыройға ие болып, өкшесін қанатып, өсіп келе жатқан балуан інілеріне батасын беріп жүрсе, бұған жетер өнеге мен тәрбие бар ма?
Осы бір дүниеқорлықты, сатымпаздықты, әділетсіздікті ата-бабамыз ұрпаққа мұра етіп қалдырғандай әсер қалыптастырып, оған «қазақбайшылық» деп ат қойып, айдар тағыппыз. Жоқ, бұл дерт аталарымыздың тұсында болған жоқ. Олар таза еді. Қазақтың бұрынғы дәстүрінің барлығы надандықтан туындап жатқанын көрсетпек мақсатта кеңес тұсында неше түрлі қитұрқылар жасалды. Отаршылдық идеология құлағанда, оның орнын парақорлық пен жемқорлық, көңіл жықпастық пен ағайыншылдық басты. Бұл жегі қоғамның барлық саласына дендеп енді. Бұл дерт адым аштырып, өрге қарай бастыртатын емес. Күрес өнеріндегі ата-бабаларымыздан жеткен дәстүрдің барлығы сол қалпында сақталсын демеймін, дегенмен, адамгершілік, ізгілік, ахлақтық мәні барлары негізге алынса, құба-құп. Мәселен, балуандар жүлдесін сыйлы, беделді, жолы үлкен адамның қанжығасына байлап, батасын алу дәстүрі жүрген балуандардың өзі бұрындар бұл дәстүрді қатты сақтаған. Ал қазіргі балуандаралған үстіне ала беруді ғана мақсат ететін сияқты. Астарда, той-томалақтарда алған жүлдесін бәлембайдың қанжығасына байлап кетіпті дегенді әлі естіген жоқпын. Ал ресми жарыстардағы жүлде балуанның өзіне тиесілі. Астар мен той-томалақтарда ата дәстүрді сақтауға болады ғой…
Бала кезімнен ауылдағы, аудандағы балуандардың күресін көп көрдім. Олардың аты-жөндеріне де қанықпын. Қазіргі балуандардан да хабардармын. Мына «Зайсанның жайсаң балуандары» деген топтың құрылғаны жақсы болды. Зайсан көлемінен шығып, Қазақстан шеңберінде, әлемдік деңгейде күресіп жүрген зайсандық балуандар да назарымда. Тіпті, зайсандық балуандардың немерелерінің күрестерін де қалт жібермеймін. Барлығы әкемнің «ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген тәрбиесінің әсері. Тіпті, балуан Ақан Сыдықовтың балуан немересінің жеңістері, оның аңызға айналған балуан Жақсылық Үшкемпіровпен бірге түскен суреті көңілімді марқайтып та тастаған. Мұны менжершілдік деп санамаймын, кіндік қаным тамған жерге деген іңкәрлық, сүйіспеншілік, перзенттік борышым деп білемін. Жә, бірді айтып бірге кетіп жатырмын. Кешіріңіздер. Жалпы, балуандық – қазақтың қанында бар өнер. Күрестен әр қазақ баласының хабары бар екенін «асау жамбас қазақтың қайсысында жоқ дейсің…» деген сөздік қорымыздағы ұғым білдіріп тұр. Тіпті, қазақта «баталы балуан» деген де сөз бар. Даңқы таралған сақа балуандар додаға енді түскен балуандарға беретін батасының ішінде: «жығылсаң, батам жаурыныңа алақанын тоссын» деген де сөз кездеседі. Осы сөзде нақ қазақ халқының күрес өнеріне деген ұлттық көзқарасы сезіледі: өмірде жақсы мен жаманның бары секілді, балуандықтың жығудан да, жығылудан да тұратындығы меңзелген. Сондықтан, «жаурыны жерге тимеген» деген сөзді «шартты теңеу, әсірелеу, ардақтаған адамының осал сәтін көргісі келмеу» деп қана ұғамын. Асқар ініміздің жазып жатқан дүниелерінің біразы мен таныспын. Автор кейіпкердің бозкілемдегі жетістігі мен балуандық шеберлігін емес, спорттың, оның ішінде күрестің беретін тәрбиесі мен қалыптастыратын мінез-құлқына көп көңіл бөліп, сол жағын баса жазады екен. Бұл – өте дұрыс шешім. Яғни, өз тарапынан зерттеп жазған дүниелері «спорттық анықтама» деңгейінде қалмаған.1990-95 жылдарда өткен адам түсінбес заманда балуандардың қарақшылықпен, тонаушылықпен шұғылданғандары болды. Дегенмен, осы «рэкеттік үдерістің» түптамырында жәбір көрушілерді қорғау мен қолдау, мемлекеттік органдардың қолынан келмеген әділеттілікті орнатып жатыр деп ұғамын. Жақсы өмір іздегендері ақшаға қызығып, азғырғанға көніп, қылмыстық топтың құрығына ілініп қалды. Бірақ, жақсы өмірдің еңбекпен, бейнетпен, ауыртпалықты жеңу арқылы келетінін түсінген балуандар қылмыстық іске бармағанына сенемін. Меніңше, балуандыққа баулудың тағы бір мақсаты – жеткіншекті еңбекқор, денсаулығы мықты, достық пен отбасына адал, қайрымды да мейрімді, ұжымшыл, жайсаң, намысты жоғары қоятын адам қылып тәрбиелеу. Сондықтан, спорттық жаттықтырумен қатар педагогикалық тәлім-тәрбие қатар жүруге тиіс. Мен дәл осылай ұғамын, әрі, осы жолдан ешқашан тайқып көрген емеспін. Кітаптың тереңде жатқан идеясы да осы. Кітаптың қара домалақтарды ұлттық мүддені жоғары қоятын адам етіп қалыптастыруға септігі тисе, мақсатымыздың орнындалғаны. Онда, еңбегіміздің еш кетпегені. «Тегін жерде терек өспейді» дейді қазақ. Баланың тегіне, қанына тартатыны ғылымда дәлелденген. Десек те, «сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген тәмсіл сөзді ұмытпаған жөн. Демек, бойдағы жақсы-жаман мінездің барлығы еліктеуден басталады. Сондықтан, өкшеңді қанатқан кейінгі толқын інілердің алдыңғы толқын ағалардан үлгі-өнеге алатынын ешқашан естен шығармау қажет. Өз басым әлі бапкерлікті бастамай, бозкілемге шығып жүрген кезімде Жанәділ Әбдіраманұлы Атаевтың тәжірибесінен үйрену мақсатында Өскемен қаласына арнайы барып, үш күн қатарынан оның шәкірттерін қалай жаттықтыратынын көрдім. Санамда қатталып жатталған сол үрдістің кейбірін ұзақ жылдарғы жаттығуымда машығыма айналдырдым. Кейіннен Қазақтың ауыл шаруашылық институтында бапкерлік қызмет атқарып жүргенімде шәкірттеріме Жанәділдің жаттығу ерекшеліктерінің біразын жасаттыруға тырысатынмын. Қазақтың атақты балуаны Қабден Байдосов ағамыздың, қазақ ұлттық күресінен бас бапкер болған Металбек Болғанбаевтың шәкірттерін қалай жаттықтыратынын да жақсы білемін. Осылардың бәріне өзім сараптама жасайтынмын. Қабден мен Металбек ағаларымның жаттықтыру жүйесінің артықшылығын сол кезде-ақ байқағанмын. Шіркін-ай, спорт комитеті еңбек сіңірген жаттықтырушылардың тәжірибесі жөнінде семинар-кеңестер өткізіп, әдістемелік нұсқаулықтар жазып таратса ғой деп ойлаймын осы күнде. Қазір жетпістің желкесін басып тұрсам да, бастауыш сыныптың оқушыларына дене шынықтыру пәнінен сабақ беремін. Қашан да міндетім – Абай айтқандай, «толыққанды адам» қалыптастыру.
Бағдарламалық талаптарды орындауға, орындатуға тырысқаныммен, шәкірттерімнің бойына ізгілік пен адамшылық қасиеттерді сіңіруге талпынамын. Тәй-тәй жүре бастаған кезімнен-ақ әке-шешемнен, ағаларым мен әпкелерімнен, ағайын-туыстарымнан, айналамнан осындай тәрбие көрдім. Әкем Смағұлдың:
– Қәдөш, ежелден Зайсанды «балуандар елі» деп атайды. Байырғы батырлар – қазіргі балуандар. Дүниежүзінің бар балуанын жыққан Қажымұқанның өзі арнайы ат басын бұрып, зайсандық балуандарды сынамақ ниетпен осында келген. Қазақта Мұхтар Әуезовтан асқан жазушы жоқ. Ол да үлкен мейрамда Зайсанға келіп, жұртшылықпен кездескен. Сауқат балуанмен жеке дара әңгімелескен. Зайсаннның балуандары жайлы жазбақ болыпты деген қаңқу сөз де бар. Кім біледі, шын болуы да мүмкін, – деп айтқан сөзі соңғы кездері есіме жиі түседі. Ойлап отырсам, осыдан 80 жыл бұрын Мұхтар Әуезовтің қолға алмақ болған шаруасы қазір атқарылып жатыр. Шамашарқым келгенше, мен де кірісіп жүрмін.
Иә, Зайсанның бір кездері «Балуандар елі» деп аталғаны тарихи шындық. Осы өңірді мекендеген Найман мен Керей ішінде арғы мен бергі бетте бірдей жүріп, қазақтың даңқын аспандатқан балуандар аз болмаған. Сол балуандардың ең соңғы тұяғы – Ержанның ұлы Төлеген аға. Ол кісінің балуандығы жайлы ел ішінде кең таралып жататын, әлі бала біз де еститінбіз. Енді саралап отырсам, қазақы-ұлттық деңгейдегі балуан деген мәртебеге нағыз лайық осы Төлеген аға. Қазақы-ұлттық түсінікте балуандық жеке дара аталмайды, ол көкпаршылық, әншілік, күйшілік, ақындық, мергендік, аңшылық пен саятшылық секілді өнерлермен ұштастырыла айтылады. Міне, осындай қасиеті бар балуан ғана «нағыз балуан» деп саналып, ел сүйіспеншілігіне бөленеді. Осыны қатерге алсақ, Қажымұқан – еуропалық, ал Балуан Шолақ – қазақы-ұлттық сипаттағы балуан. Бұрынғы батырлар жайлы тарихи-көркем шығармалардан оқып отырсақ, олардың дені осы сипаттарға сай боп келеді. Сонымен, қазіргі балуандар деп жүргеніміз – еуропалық қалыпқа түскен балуандар. Олардың бірен-сараны ғана қазақы-ұлттық сипатты танытатады. Балуандық жөніндегі қазақы-ұлттық түсініккке салсақ, Ержанның ұлы Төлеген марқұм – балуандардың сұлтаны. Оның балуандықпен қатар ақындығы, жыршылығы мен жыраулығы, күйшілігі мен сазгерлігі, әншілігі, шежірешілдігі де болғанын білеміз. 60 жылдардың соңында Зайсан ауданының спорт басына Жеңіс Смағұлов келгеннен кейін күрес бұқаралық сипат алды. Мен 1971-72 оқу жылында Сарытеректегі, келесі жылы Дайыр ауылындағы мектепте физкультура пәнінен сабақ бердім, әрі, еркін күрес секциясын аштым. Әрине, оқушылар үшін. Мектеп бітірген ауыл жастары да секцияға қатысуға құлшыныс танытатын. Секцияға қатысқысы келгендердің санын шектеуге тура келетін. Семейдің зоотехникалық-малдәрігерлік институтының түлектері, спорт шеберлері Сләмхан Қасенов, Марат Қожыкенов, Болат Мұқановтар болған аудандық күрес командасы өте күшті еді. Осы балуандардың барлығын семейлік Хамит Ысқақұлы Ысқақов жаттықтырғанын біліп жүрдік. Дегенмен,аудан командасының жасақталуына Жеңіс Смағұловтың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Осы жайлы Жеңіс Смағұловтың әңгімесін естігенім бар. Ойланып-толғанған Жеңіс ағамыз:
– Ауданда спорттың барысын қадағалайтын аудандық партия комитетінің үшінші хатшысы – Нәбиолда Әлімханов. Мен сол кісінің қолы қойылып, мөрі басылған қатынас хатты «Кендірлік» совхозының директоры Қызыр Аманжановқа апардым. Мақсатым – спорт шебері Сләмхан Қасеновты қазақ күресінен аудандық құрама командасына қосып, облыстық спартакиадаға апару. Қызыр ағамыз:
– Саған спорт керек болса, маған мал керек, төл керек, малдың амандығы керек. Босата алмаймын, – демесі бар ма?! Мен үн-түнсіз шығып кетіп, Нәбиолда Әлімхановқа келіп, болған жайтты айттым. Ол кісі телефонның құлағын жұлып алып:
– Қызыр Аманжанов жолдас, Сләш балуанды машинаңа сал да, дәл қазір маған жет! – деді. Міне, аудан басшыларының адуын мінезі арқылы спорттық командаларды осылай жасақтайтынбыз. Жинап алып апара да салмаймыз. Зайсан қаласындағы спорт мектебінде бірер апта жаттығып, спорттық баптарына енгеннен кейін спартакиадаға аттанады. Бұл балуандарға бапкердің де қажеті жоқ: олар өз баптарын өздері білуші еді, – деген Жеңіс Смағұловтың сөзі сол кезде аудан басшыларының аудан спортына айрықша көңіл бөлгенін білдірсе керек. Аудандық құрама командаға Өскемен қаласындағы жаттықтырушы, КСРО-ға танымал балуан Жанәділ Атаев пен КСРО жастары мен студенттері спартакиадасының жеңімпазы, студент Ақылбай Елеуов та облыста қосыла кетеді екен. Күрес өнеріндегі өткен өмір жетістігі ілгері басқанның орнына бұл күндері кері кеткенге ұқсайды. Өткен ғасырдың 80 жылдары ішінде қазақ күресінен Зайсан аудандық құрама командасының мүшесі болған Марат Қожыкенов «Зайсанның жайсаң балуандары» тобында ашыла, әрі, ащына сөйлеп, былай деді:
– 1979 жылы институт бітіріп келіп, 80 жылдан бастап аудан намысын қорғай бастадым. Ауыл-ауылдан командалар келіп, іріктеу жарысы өте қызу өтетін. Бір салмақтың өзінде бірнеше мықтылар бар. 48 келіде Серік Көкенов, 52-де Жабайхан Әзбаев, 57-де Сләмхан Қасенов марқұм, 62-де Еркін Сағындықұлы Әбдіраманов, 74-те Әмірбек Әубәкіров, 82-де мен, басқаларды ұмытыппын, бірінші орын алып, облысқа барып күресетін болдық. Менің салмағым 73 келіге де жетпейтін, 74-ке күресуім керек: бірақ, 74-тегі салмақта Әмірбек марқұм бар, сондықтан мен еркісіз 82-ге кеттім. Бірақ, Құдай қолдап, облыста 2-орын алдым. Жоғарыда аты аталған балуандардың барлығы жеңімпаз болды. Содан, 90 жылға дейін жыл сайын облыстық спартакиадаға қатысып, өз салмағымда жеңіс тұғырынан түспедім.
Облыс, республика, одақ көлемінде өткізілген басқа жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алдым. Сол он жылдың ішінде қазақ күресінен Зайсан аудандық құрама командасы облыстық спартакиадаларда тек жеңімпаздық тұғырдан көрінді. Сол 90 жылдардан кейін кері кетті ғой…
Өз көзіммен көргендерімді, естіп көңіліме түйгендерімді ой елегінен өткізіп, түйіндеп баяндап отырмын. Білуімше, 60 жылдардың бірінші жартысында бұрынғы «Лучь» кинотеатры ғимаратында спорт мектебі ашылып, жыл өткен соң еркін күрестен спорт шебері И.Воробьев деген Өскемен қаласынан келіп, еркін күрес секциясын ашады. Ал, оның жұбайы жеңіл атлетикадан балаларды жаттықтырады. Балуан Марат Саухатов досымның айтуынша, И. Воробевтан кейін іле-шала спорт шебері Амангелді Мақашевтың кәсіптік деңгейде бокс секциясы жұмыс істей бастаған. Ал оның туған інісі Нұрғали Мақашев оқушылар мен жасөспірімдер арасында кәсіптік деңгейде волейболдан Зайсан ауданының құрама командасын құрған.
Аудандық спорт мектебі ресми түрде ашылғанға дейін Зайсан қаласындағы мектеп-интернаттың директоры Болатхан Сапарғалиев Зайсан шека­рашы­лар отрядының командирі Байтасов арқылы шекарашыспортшыларды арнайы шақырып, интернат оқушыларын шекарашы-спортшылар күреске, гимнастикаға баулыған. Спорт мектебі ашылғаннан кейін оқушылардың көбі сонда барып жаттыққан. Дегенмен, И.Воробьев пен жұбайы да, Амангелді мен Нұрғали да Болатхан Сапарғалиевтің шақыруымен мектеп-интернат оқушылары арасында тұрақты түрде жаттығулар өткізіп тұрған. Спорттың бұқаралық сипат алуының нәтижесінде мектеп-интернатта сабақ үлгерімі де, тәртіп те жақсарған. оның арқасында мектеп-интернаттан М.Саухатов, А.Сыдықов, С.Құмашев, М.Ерзин, С.Мамырбеков, М.Шүйіншінов сынды балуандардың жолын ашты. Мен білсем, осы балуандардың барлығы кейіннен, тіпті, жоғарғы сынып оқушысы кездерінің өзінде аудандық құрама командасының мүшелері болды. Б.Сапарғалиев марқұмның қалыптастырған осы бір үрдісі күні бүгінге дейін жалғасып келе жатыр. Мектеп-интернаттан Файзолла Қойшыманов, Бақытбек Махрамов, Бейбіт Қалиев, Ермек Келгенбаев, Сәкен Қойшыманов, Медет Талдыбаев, Бұланбай балуанның ұрпағы Қаныбек Байғозин сынды көптеген балуандар шықты. Мектеп-интернаттың оқушылары – ауылдан келген қара дома­лақтар, ат мініп, асау үйретіп, ауылдың өмірін бастарынан кешіріп, шымыр боп өскендер. Мектеп-интернаттың оқушылары күрес түрлерінен аудандық құрама команда жасақтауға бағытталған база сияқты миссия атқарды. Спорт мектебінің құрылуымен қатар кеңшар орталықтарында күрес командалары жасақталып, аудандық жарыстар өткізіле бастады. Аудандық құрама команданың алғашқы мүшелері – Әбен Мағазбеков, Жанәділ Атаев, Нұрмұханбет Хасенов, Құлмұханбет Хасенов, Төлеген Самарқанов,Қажыбек Иманқұлов, Марат Саухатов, Мақсұт Сармантаев, Қайырбек Құниязов, Дәулетбек Хамитов, Сайлау Құмашев, Ақылбай Елеуов, Марат Қожыкенов тағы басқалар болды. Міне, осы балуандар әр жылдары аудандық құрамакомандасының мүшесі болған тұста ешқашан Зайсан жұртшылығының еңсесін төмен түсірген емес. Облыстық спартакиадаларда үнемі бірінші орын алатын. Семей облысы Шығыс Қазақстанға қосылғаннан кейін Зайсан ауданының күрес жөніндегі құрама командасы тайталасқа төтеп бере алмады. Рейтингі төмен құлдырап кетті. Бір кездері «Зайсан – балуандар елі» деп аталғаны санада өшіңкі тартқанды қойып, өшті десе де болады. Зайсанның бұрынғы атағын қайта қалпына келтіру үшін қолдан келген қарекеттің барлығын жасау қажет. Сол қарекеттің бірі – қор құру. Осы қор арқылы алға ұмтылған спортшылардың, оның ішінде балуандардың қолтығынан демесе, бір септігі тие ме деген үміт қой. Кезінде КСРО-ға танылған, қазір Павлодар қаласында тұратын зайсандық балуан Жұмабек Мейрамғалиевтің айтатын сөзі бар. Ол: – Сәбиді ваннаға отырғызып қойып, «мынау – теңіз» десең, сенер-сенбесі неғайбыл. Алкүресті енді ғана бастаған, болашағынан зор үміт күттіретін қара домалақтардың бұл сөзге сенгенді қойып, тыңдағысы да келмейді, – дейтін. Мұны неге қайталап айтып отырмын, өйткені, ауданның үлкенді-кішілі балуандары түрлі жарыстарға қатысып, ащы тері сыпырылмайынша, ешқашан өспейді. Жұмабек балуанның айтқанындай, баланы ваннаның ішіндегі судан шығармасаң, ол теңіздің суын армандай алмайды. Яғни, бюджеттен бөлінген қаражатаудан чемпиондарын облыстық ресми жарысқа қатыстыруға ғана жетеді. Шығыс Қазақстанның аудандарының өзінде түрлі турнирлер өтіп жатады. Бұл жарыстарға аудан ішінен балуандар жасақтап апару еш мүмкін емес, өйткені, бұл мәселенің қаражаттық жағы ресми қарастырылмаған. Ал ресми емес жағын пайдалануға мүмкіндік болмай тұр. Ауданнан шыққан байлар, кәсіпкерлер, ауқатты саудагерлер болғанымен, олар меценаттық дәрежеге жете алмай жүр. Олардың басын біріктірген кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының да спорт мәдениетінің бір жағына шығысуға әлде қауһары, әлде дәрмені, әлде білімі мен жанашырлығы жетіспейді. Мен Зайсаннан жырақ кеткелі қашшааан! Бір бүйрегім Зайсанға жабысып қалса да, атой салып, ішкі шаруасына араласа алмаймын. Араласудың бірден бір амалы – қордың жұмысы арқылы. Егер, қор құрылып, игі істер атқарылып жатса, атсалысуға дайынмын. Кітапты жазып жатқан Асқар інім:-Сіздер неге ауданның шарапатты істеріне араласпайсыздар? Аудан депутаттарының ресми мерзімде ғана аудан атынан сөйлеуге өкілдігі болса, ауданның намысын бозкілемде қорғаған сіздердің өкілдіктеріңіздің мерзімі шексіз. Оның өкілеттігін ешкім тоқтатпайды және ешкім тоқтата да алмайды, – дейді. Шынымен, осы сөздің жаны бар. Мәселен, балуан қарындасымыз, дзюдо күресінен Қазақстан ұлттық командасының мүшесі Гүлжан Исанова бозкілемге шыққанда, Зайсан жұртшылығының үйде отырып, тақымдарын қысқаны анық. Тілеуін тіледі. Ендеше, аудан намысын қорғаған зайсандық балуандардың Бұланбай, Байғозы, бертінгі көзіміз көрген Төлеген, Есен, Өкен, Сләмхан, әлі де шәкірттер тәрбиелеп жүрген Жанәділ, Жұмабек, Бақытбек, Файзолла сынды балуандардың дәстүрін жалғастыру үшін аудан халқын келелі істерге жұмылдыруға толық қақылары бар дегенді айтқым келеді.

Асқар СӘБИТОВ

Комментарий (1)

  1. Reply
    Талғат Омарговорит

    Жүкеңмен екі мәрте Зайсан ауданында кезіктім. Жүкең, менің нағашы ағатайым Базарбектің жұбайы Бақаш апайымның бауыры. Жүкең қара күштің ғана асылы емес, ақылдың да өрісін бағындырған өте сабырлы азамат екенімен мені таңдандырды. Қоғам үшін өнегелі Жүкеңдей адамдар аса қажетті!!!

Пікір қалдыру