ДӘУ АПА

Есенкүл КӨШЕРБАЕВА

Қызыл іңір жан-жағын тау қоршаған біздің ауылға ерте түсетін. Қарт Қаратау күн еңкейсе-ақ болды, кішкентай ауылды қойнына жасырған алып адамдай түксие қарауытады. Күмісті өзенінен науамен су алатын диірмен қасындағы түйетаста екі тізесін құшақтап отырған кішкене ақсары қыз табиғат-ананың осы кіршіксіз қалпын құйттай көкірегіне қаз-қалпында түсіріп алғысы келетіндей, кешқұрымғы көрініске телміре қарайды. Бірте-бірте жақұттай жылтырап жазғы жұлдыздар туа бастайды. Ауыл жақтан күн сайын дерлік: «Әй, үлкен үйдің тентегі, бейуақта төбе сақтама, қайт тез, қарашы-ей, тырнақтай болып ойшылын» дейтін Дәуапаның даусы естіледі балалық шаққа қарай қанат қағатын жанға жайлы ой орманының арасынан…

* * *

Алыста қалған балалық шағымның тәтті де қимас сәттері еске түссе біз туған Күмісті ауылының сұлулығына қылау түспеген бұла кезі келеді көз алдыма. Келіншектауға жақын Айғырұшқан, Айғыржал, Егізқара, Ержанқара, Қостөбе, Таңбалытас, Жаманшоқы, Шобанның асуы, Күмістінің асуы сияқты таулар қоршаған ауылымызды қақ жарып, басын Ұзынайрықтың асуынан – таудан алатын Күмісті өзені ағатын.
Майдаларын айтпағанда Елеусізбұлақ, Қойбағарбұлақ, Көкбұлақ, Ақтүйеөлгеннің, Теректінің, Тарсайдың бұлағы сияқты ірі-ірі бұлақтар құятын Күмісті өзені көктемде күміс тамшыларын көкке атып, күркіреп тасиды. Жаз бойы арнасы ортаймай ағатын бұл өзен Күмісті көліне құяды.
Екі таудың ортасы Қысаңды өрлей жүріп, бар бала жаз бойы Теректі жаққа – өзеннің таудан бастау алатын жері Күркіреуікке шомылуға барамыз.
Теректі өзені жақ Өтемістен тарайтын Шыныбай, Болат аталардың ата қонысы екен. Сай-сала түгел бау болатын. Әсіресе, ел адамдары Салықбайдың, Мұсаның, Керімбайдың бауы дейтін үлкен баулардың жемісі «алтын өндірісі ашылады» деп ауылды зорлап көшіргеннен кейінде төгіліп жататын. Жаратқан жомарт пейілмен суды да, нуды да аямаған, қарасаң көркіне көз тоймайтын сұлу мекен бауырына тығылған перзенттерінің несібесін де молынан төгіп койған. Тау-таудың бәрі доланаға, шиеге, жабайы алмұрт, алмаға, неше алуан жеміске сыңсып тұратын. Жабайы сарымсақ, жуа, шай шөп, киік отын, сан алуан дәрілік шөптерді үлкендер тасып, кептіріп қысқа сақтап жататын. Геологтардың мекені болып, жат мекенге айналғанымен ауылдағылар жаз бойы айналсоқтап шөп шауып, жеміс теріп, таудан сасыр орып Күмістіден шықпаушы еді. Қыс бойы ауылдың жас-кәрі еркектері аң аулап, тауда жүреді.
Таулардың ұшар басына шығып алып, мүсіндей боп ауылға қарап тұратын арқарлардың суреті әлі көз алдымнан кетпейді.
Иә, бұл күнде ауылдың жұрты жатыр, өзі жоқ. Бірақ, әр үйдің орны, тіпті, дуылдасып біз ойнайтын көкмайса жазықтарға дейін көзіме оттай басылады. Мынау біздің үйдің, мынау Дәуапамның, әне, Смайыл атам мен Арзыкүл апамның отанының орны. Біздің үйден шыққанда тура алдыңда, өзеннің үстінде тұратын, кезінде бір ауылды асыраған әкемнің диірменінің шанағы, тастары бертінге дейін аман тұрды.
Елге барғанда балалық шағым өткен осы ыстық мекен Күмістіге – туған ауылымның ескі жұртына соқпай кетпеймін.
Кеңес өкіметі құлап, көптің қаншама жылдар бойы жинап-терген дүние-мүлкін, малын билік басында отырған «оқығандар» бауырына басып, бөліп алған соң шаруашылықтары тарап, күнкөріссіз қалған ел жан-жаққа, үлкен қалаларға көше бастағанда, ауылда Смайыл атамның үлкен баласы Төленбек тәтем сияқты жүрек жұтқандар ғана қалып қойды. Төленбек тәтемнің бес-алты малымен совхоз орталығы – «Қаратауды» тастап, «Күмістіге» көшіп барғанын естіп едім.
Бір барғанымда «Күмістінің» жоғары жағында «Ақтөбеде» отырған Төленбек тәтем мен Бәтима жеңешем малын сойып, күтіп алды. Өзі ұста кісі тап-тұйнақтай шағын үй тұрғызып алыпты. Үйлері аталарымыз, әкелеріміз, аналарымыз жатқан мазараттың етегінде екен. Асқа дейін бастарына барып, құран оқып қайттық. Өзі егіп жатқан жаңа бауды аралатып жүріп Төленбек тәтем:
– Есен, қалай күн көреміз деп қиналып, қастарына келгенде мені осы шалдардың аруағы желеп-жебеген шығар. Қазір қолдағы бес-алты мал қора толып көбейді. Ел жан-жаққа көшіп жатқанда аш болсам да әкелерімді жұртқа тастап кете алмадым. Әйтпесе, Жеңіс ағаң Кентауға шақырған. Келесі келгендеріңде мына жаңа баудың алмасын жейсіңдер.
Сол сәтте мені осы бір көк көз, сары кісінің – шешіліп сыр айта қоюы қиын момақан ағатайымның әңгімесінің үндемей ағатын өзендей тереңдігі таңқалдырған. Қазір Төленбек тәтем өзі айтпақшы «шалдарының»– қиын-қыстау кезде өзі тастап кетпеген туған жерінің топырағын жамылып, ата-бабасының қасында жатыр.
…Ескі жұртқа соқсам, әсіресе бұл күнде қабырға сілемі қалған, бұрыштағы мор ошағы сол күйі сақталған Дәуапаның үйі көзіме оттай басылады. Апамыздың үйінің маңайынан шықпай ойын соғатын балалардың – бұл күнде есейіп, тіршіліктің сан тарау жолына түсіп, әр жақта жүрген біздердің басымыз қосыла қалса әңгіме қалайда балалық шаққа соғады. Сөз Дәуапасыз сабақталмайды.

* * *

Ол кісіні ауылдың үлкен-кішісінің бәрі «Дәуапа» дейтін. Тіпті, кейуананың шын есімі қалай екенін ересектердің өзі де біле бермесе керек. Шын есімін білгіміз келіп қыңқылдаған біздерге: «Біз білгелі Дәуапа дейміз ғой» деп жауап беретін үлкендер жағы.
Бірде бір топ бала өзінен сұрауға келістік. Біз барғанда апамыз шайын енді алдына алған екен. Бізді көрді де сансыз әжім шимайлаған өңіне әлдебір жылы шуақ үйіріліп:
– Ә, келіңдер, жайсаңдарым, қалай, жайша жүрсіңдер ме? – деді бізді көтермелеп сөйлейтін әдетімен.
«Сен айт, сен айт» дегендей бір-бірімізді түрткілейміз. Біздің бірдеңе сұрауға келгенімізді байқаған Дәуапа:
– Ертек айт демеңдер, жоңышқа орып шаршап отырмын. Маған жәрдемдесудің орнына, суыр сықылды ұйқыдан бас алмайсыңдар, бәтша­ғарлар, ә, сендерді ме? – деп қуақылана көз тігіп отырды да, қипақтап тұрған түрімізден ертек пен қиссадан, әңгімеден басқа «маңызды шаруамыз» бар екенін байқағандай, – Келіңдер, шай ішіп алыңдар. Сосын айтамыз не де болса, – деп бізге қарай бауырсақ пен майды, дастархандағы тәтті атаулыны жылжыта бастады.
Бұл кісінің тазалығы, асқа қылаптығы, ұқыптылығы осы ауылдың бар әйеліне үлгі. Дастархандағыларды жау тигендей жапырып, мұрнымыз тершіп шай сораптаған бізге мейірлене көз салып отырған Дәуапаның маңдайынан да жылт-жылт еткен тер моншақтары көрінді. Осы сәтті аңдып отырғандай ішіміздегі пысықтау Әшірбек:
– Дәуапа, сіздің шын атыңызды сұрап келдік? – деп салды.
Қолындағы кесесін дастархан шетіне қоя салып, бізге таңқала қараған Дәуапаға бәріміз үрейлене көз тіктік. Ол кісіні соншалық жақсы көріп, жақын тұтсақ та, ренжітіп алудан қатты сескенетінбіз. Бұл баланың ерекше сыйлаған кісісіне көрсететін құрметі болса керек. Әлден уақытта апамыздың үлкен қара көздерінде қуақы ұшқын ойнап, бізге қарады да:
– Иә, оны қайтесіңдер? – деді.
Біз «бәсе, ол неге керек» дегендей бір-бірімізге қарадық. Тағы да Әшірбек:
– Дәуапа, керек болып тұр, бізге өте керек? – деді тез-тез сөйлейтін әдетімен. Өзгемізде әлі үн жоқ. Өмірі бетімізге жел боп тимей, бәрімізді еркелететін Дәуапамыз «тәйт» десе ата жөнелетіндейміз.
Кенет апамыз:
– Ә, білдім қулықтарыңды. О, әкелеріңді… Менің шын атымды біліп алып, өкіметке айтып, сақарға салдырмақ екенсіңдер ғой. Дұрыс, дұрыс. Денесі бар, майы бар, сабынға қарық боламыз деп жұмсап отырған ана сенің баяғы қып-қызыл белсенді әкең шығар, – деп апамыз Әшірбекке қарап алып, мол денесі селкілдеп бір күлсін.
Дәуапаның ақтарыла күлгенін көрген біз у-шу, мәз-мейрам болып ерекше шаттанып кеттік. Дәуапа бірдеңе есіне түсіп күліп отырса, біздікі апамыздың көңілденгеніне қуанып, қосыла шабу. Осылай мәз-мейрам шаттықта сапарымыздың негізгі шаруасын – ол кісінің шын есімін білмек болғанымызды ұмытып та үлгердік.
Көңілі қошуақ кезінде Дәуапа қазақ деген халықтың арғы-бергі тарихынан әңгіме айтып, кей күндері таратып үйретер еді.
– Сенің бабаң пәленше… Одан түгенше…
– Менің ше?
– Сенікі…
Біз болсақ, ол кісінің арғы-бергі тарихты айтпағанда, есте жоқ ескі замандағы ата-бабаларымыздың атын мүдірмей жатқа білетініне қатты таңқалатын едік.

* * *

Осы бір етжеңді, «сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпеген», заманында бет біткеннің ажарлысы болғаны ұялы қара көздері мен аппақ реңінен көрініп тұратын кейуананың ауылдың қарасирақтарын – бізді аласыз көңілмен баласындай сүйетін ыстық мейірімі әр ісінен байқалатын. Біреуіміз көрінбей қалсақ алаңдап сұрап жүретіні, ауырсақ қай-қайсымыздың болсын қасымыздан табылатыны апамыз бен біздерді етене жақын етіп жіберген. Үйімізге өкпелесек те сол кісіге тартатын едік те, 5-6 күндеп жатып аламыз. Әке-шешелеріміз келіп, жалынып-жалпайып алып кеткенше тырп етпейміз. Олар бізден емес, кешірімді Дәуападан сұрайтын.
Бірде Дәуапаның менің шешеме «Баланы ұрсып-ұрып, күшпен иіп аламыз деп ойлайсыңдар ә. Ұрсуды ғана білсеңдер, бала ынжық болады. Бала деген қамыс. Бос ұстасаң, қолыңнан шығып кетеді. Қатты ұстасаң қолыңды кеседі. Ащы да, тәтті де емес, тең аралық ұстаңдар. «Бала ғой, кішкентай» деп ештеңе айтпауды қою керек. Үйдің бар-жоғын жасырмаңдар. Үлкен санап әңгіме айтшы, баланың төбесі көкке жетеді. Өзіне деген сенімнен бала қанаттанады. Қандай тапсырмаңды да орындауға жан салады. Е, сендерге бала зары өткен жоқ, бағасын білмейсіңдер ғой. Бара ғой, жаным, бұларды ма бұларды, енді ұрысса болды, өзіме қыз боласың, бұл жамандарға сосын сенің тырнағыңды да ұстатпаймын» дегені есімде. Сол сөзді малданып, артымда арқа сүйер Қаратау тұрғандай шірене басып шешеме зорға ерген мен соңыма жалтақтап Дәуапаға қараймын. Ол кісінің көзіндегі жасының сырын, жүрегіндегі қасіретін бала болсақ та сезетінімізді қайдан білсін. «Бар, бара ғой» деп басын изейді. Апамның ауыр ойда қалғанын аңғарып, тастап бара жатқаныма жаным сыздап, қолымнан мықтап ұстап алған шешемнен босанып кетуге тырысатынмын. Оңайлықпен жібере салатын анам ба, қолымнан тас қып ұстап алып, дедектеп жөнеледі.
Бізді осылайша жақсы көретін қарияға алғаусыз берілген көңілімізді, ықыласымызды байқайтын үлкендер де бірдеңені бүлдіріп, я болмаса тіл алмай жөнсіздік көрсетсек: «Сені ме, сені, Дәуапаға айтып, сазайыңды тартқызбаса болмас» деп жатады. Ол кісінің аты аталғаннан-ақ өзгеріп сала береміз. Қазір барып айтып қоятындай жалтақтаймыз. Жаманатымыз ол кісіге жетпесе деп тілейміз. Кейуананың «Міне, азамат, жақсы бала деп осыны айт» деген сөзінен артық біз үшін биік мәртебе болмайтын ол кезде. Сондықтан да риза етсек, сүйіндірсек деп ол кісі жұмсаған жаққа құстай ұшамыз.
Әрине, ол кісінің азаннан кешке шейін бізге әңгіме айтуға қолы тие бермейді. Жарықтық өте пысық, қарап отыруды білмейді. Шағын үйі әрдайым ақ балшықпен сыланып, шағаладай көзге ұрып тұрады. Бізге әңгімесін айта отырып, жүнін түтіп, шүйке созса, енді бірде соғысқа кеткен үш ұлы мен ерінің киімдерін, соларға арнап тоқыған кілем-алашаларын, текемет-сырмақтарын күн көзіне жайып, қайта салып, әйтеуір, қолы бір босамай жүреді. Одан қалса іргелес тұратын біздің үйдің шаруасына кіріседі. Шешеміздің колхоздың шаруасынан үйге мойын бұруға қолы тие бермейді. Сондықтан бар тауқымет Дәуапа мен әжеме түседі. Қазір ойласам, қайғыға берілмеу үшін өзін тірлікпен алдаған екен ғой үмітінің отын өшіре алмаған асыл Ана!

* * *

Жазға салым, күн қызуы қайта «Қойбағар» бұлақтың басына егілген қауындыққа жөнеледі. Кешке дейін жегенелеп, шабықтайды, кейде қонып қалып суарады.
Шөп (Дәуапа ешуақытта арамшөп демейтін) жұлысуға біз де барамыз. Өркен жая бастаған пәлекті қайырып, іспектеп түйнектей бастаған қауындықты басып тастамауға тырысып, алғаш үлкен ынтамен кірісеміз. Түске салым біздің тірлігіміз қожырай бастайды. Сондай күннің бірінде қаптап кеткен мысыққұйрықты жұла-жұла шыдамы таусылған Сәпия: «Осы арамшөп деген қайдан шыға береді? Керек емес нәрсені неге жаратады екен?» деді.
Қасымызда тақау тұрған Дәуапа: «Тәк, қарағым, арам шөп деме. Алла жаратқанның арамы болмайды. Оның да бір керегі болғасын жаратқан да Жасаған ием. Адамға керек дәрі де, дәремет те осы шөпте. Басы артық ештеңе жоқ ғаламда» – деді.
Сәпияның шашынан сипап, ойлана түсіп бізге осы әңгімені айтқанда апамыз қазір түсініп жарытпайтынымызға көзі жеткенімен, саналарында сәуле болса бірдеңе қалар жетелерінде деген болар сол кезде.
Қауындық басына қонған күні бәріміз Дәуапаның қасына жатуға таласамыз. Тәтті қауынға тойып алып, қауындық ортасына орнатылған шартақ үстінде шашымыздан қатқыл алақанымен сипап жатып, әңгімесін бастайтын Дәуапаның құшағына кіре түсеміз. Сол бейқам, албырт шақтағы ең үлкен арманымыз да осы сәт – бір күн де болса Дәуапаның баласы атанып, ертегісін тыңдау еді ғой. Біз бір-бірімізден қызғанып, шәт-шәлекей болып жүрсек те ол кісі ешқайсымызды алаламайды. «Бала болу» бақыты бәрімізге кезек-кезек тиіп қалады.

* * *

Алуан тақырыпта алуан түрлі сыр шертетін апамыздың сол кезде біздің бала арманымызды биікке көтерген – батырлыққа, адалдыққа ынтықтырған қаншама ертегілері, аңыздары бар еді десеңізші. Ешқайсымыздың ертегідегі қорқақ, намыссыз, ынжық, сатқын кейіпкерлер болғымыз келмейді… Соларға теңегендермен төбелесе кетуден тайынбаймыз. Пәлек арасынан қауын іздеп, шөп жұлысып, әйтеуір Дәуапамен бірге күні бойы тыным таппаған біздер, кештің болуын асыға күтеміз.
Шілделік пен шегіртке шырылынан өзге бір дыбыс жоқ, қауын иісі аңқып маужыраған айлы түн қандай керім еді десеңізші сондағы! Керіле қалқыған ай, жымыңдаған жұлдыз да бізді еркелетіп тұрғандай. Осындай түндерде Дәуапа көбіне жұлдыздар туралы айтады. Жеті қарақшы, Шолпан, Үркер, Аю жұлдыз, Құс жолы… Балаң қиял аспан әлеміне қанат қағады… Ол кісі аңыздар, ертегілер, жер-су тарихы туралы айтқанда сөзге шеберлігі сонша, қайда отырғанымызды ұмытып, елітіп қалушы едік.
Ондай сәттерде өзі де ерекше нұрланып, шабыттанып кетеді. Көз алдымызда бірде жезтырнақ пен мыстан кемпір қорқынышпен көлбеңдесе, енді бірде бала қиял Тайбурылмен қоса шауып, өзімізді Ертарғындай, Қобыланды мен Алпамыстай сезініп, қанаттанып отырамыз. Әсіресе, Дәуапаның шабыттана айтатын батырлар туралы хикаяларының ішінен күнде өзіміз ойнап жүрген – биік төбе үстінен ауылға төне түсіп, ай сәулесіне малынып, зорайып көрінетін «Ақбикеш қыз» туралы аңыз ерекше тебірентеді. Әшейінде сол Ақбикеш күмбезінің ішінде асыр салып жасырынбақ ойнап, ұшар басына сан шығып, сан түсетін біздер ол жайлы естіген әсерлі әңгімеден соң батыр қыз жатқан күмбезге бұрынғыдай асыр-тасыр, у-шумен емес, әлдебір беймәлім құдірет әмірі саңқ ете қалардай имене басып енетін болдық.
Ақбоз атқа мініп, шапқыншыларға қарсы елді бастап, атқа қонған ару қыз түн ішінде қылаң ұрып көз алдымызда тұрады… Ақбикеш жауды жеңіп, еліне келген соң Ақсүмбе ауылының дәл желкесіндегі биік төбенің ұшар басына қарауыл-күмбез салдыра бастайды. Жаугершілік заманда осы мұнараның елге көп көмегі тиіпті. Сатылап биіктей беретін күмбезден ел адамдары сол дүрбелеңі мол заманда кезекпе-кезек қарауыл қарап, жаудың алдын алып отырыпты дейді. Кейіннен жоңғарлармен шайқаста ерлікпен қаза тапқан батыр қызды халқы құрметтеп, өзі салдырған осы күмбезге қойыпты. Дәуапаның айтуынша, боз биенің сүтіне қыл қосып илеп, әбден иі қанған лайдан соғылған күмбез сұлулықтың ескерткішіндей, Ақбикештің өз мүсініндей болып сан ғасырды артқа тастап, бұзылмаған күйі тұр.
«Бұл жарықтық Қаратау не ықылым заманның куәсі ғой. Бақ та, байлық та не бағыңа, не сорыңа бітеді. Қазақтың мына шалқар даласына көз сүзген, Қаратау бойын жайлағысы келген жаулар көп болған ғой. Туған жерді жауға бермеген Ақбикеш сияқты арулардың, батыр боздақтардың аты аңызға айналды. Бізден сендерге, сендерден ұрпақтарыңа жете береді олардың ерлігі.
Менің жарықтарым да Отан деп отқа түсті ғой. Тоқтасым орденін омырауына тағып көре де алмай кетті. Әйтеуір, ерлігі елеусіз қалмағанына тәуба деймін. Жылағаным несі, бұл жаман кемпірдің өстіп, тобасын ұмытып кететіні бар. Е, айналайын Жаратқан ием, ел іргесін бүтін, ер-азаматын аман ете көр. Осы жамандардың бақыты үшін сол зұлмат күндеріңді көрсетпе қайтып», – деп әңгімесін аяқтайтын.
Апаның үш ұлының үлкені Тоқтас Москва үшін шайқаста ерлікпен каза тауып, кейіннен Батыр атағы беріліпті. Біздің мектебіміз Тоқтастың есімімен аталады. Ескерткіші де бар.

* * *

Ертеңіне піскен қауынның бәрін жинап алып, ауылға қайтамыз. Біздің қайтуымызды ауыл адамдары да асыға күтетін болса керек, алдымыздан жүгіре шығады. Себебі, ең ерте пісетін Дәуапаның қауыны болатын. Апамыз болса оны әр баланың қоржынына атап-атап салып, барлық үйге тең бөліп таратып беретін. Ол кісі сонша қауынды тек елді қуанту үшін, ауылдағылардың жегеніне рахаттана қарау үшін ғана егетін сияқты.
Шілденің басында исі аңқып әңгелек піседі. Сап-сары, шырыны тіл үйіретін әңгелекке алдымен біз – балалар қарық боламыз. Сосын басыбалды, торлама, аққауын, құмқауын, жарғанда қарс айрылатын шыртылдақ, қызыл қауын пісе бастайды. Несін айтасыз, Дәуапаның қауындығынан қауынның түр-түрі табылады. Нәндіктері сондай, сарғайған жоталары пәлек арасынан күнге шағылысып, теңкиіп-теңкиіп жататын.
Жаппай пісікшілік басталған уақытта Дәуапа қауындық басына қос тігеді. Біз үшін қызықты да қуанышты күндер басталады. Күні-түні Дәуапамен бірге болу қандай рахат. Өздері егіп тастағандай болып саудырап келіп жататындарға кешке дейін қауын тасып, оны көліктеріне артысып, шаршаған біздерге арнап Дәуапаның қауын тілгені де қызық еді. «Мынау қызтілік» дейтін жіп-жіңішке етіп тіліп алып, «сендерге» дейтін бізді – қыздарды нұсқап. «Мынау кемпіртілік – маған» дейтін қабығын алмай, бөліп-бөліп қойғанын көрсетіп, ал, мынаны «қомағайтілік» дейді, жұп-жуан тілінгенін ішіміздегі қомағайлау Қорғанға беріп жатып. – Ал, мынасы, – күн көрінетін жұп-жұқасын нұсқап, – саған, өзгені алдағың келіп тұратының үшін «алдамшытілік» деп Әшірбекке береді. Момын, үндемес Құрманбекке «момақантілік» тиеді. Бәріміз мәре-сәре, шулай күліп, дәу қауынды қалай жеп қойғанымызды байқамаушы едік.

* * *

Күн қыза Күмісті өзенінің «Көшербайдың диірмені» аталатын тұсындағы тоспаға қарай жүгіреміз. Таудан бастау алатын өзеннің суы мөп-мөлдір, түбіндегі тасына дейін жылтырап көрініп жатады әрі мұп-мұздай. Ыстықтап келген біздер осы мөп-мөлдір тыныштықты бұзып, суға күмп-күмп сүңгіп кетеміз. Күнге күйіп, қара қайыстай болған денелеріміз әр жерден бір көрініп, рахаттана шомыламыз. Жаурай бастағанда дірдектеп жағаға қарай жүгіреміз.
Сондай күннің бірі еді. Жаураған денемізді күн қызуына аймалатып, маужырап жатырмыз. Жылдам сөйлейтін Әшірбек Құрманбекке зып-зып етіп әңгіме соғып жатқан болатын. Момын болғанымен томырықтау Құрманбек:
– Маса құсап ызыңдамай кетші-ей, – деп бетін ары бұрып жатты.
– Не дедің ей, аю? Менің отынға бірге барайық дегеннен басқа жазығым не?
– Не десем сол, мені ертіп кетесің де, өзің түк істемейсің. Әңгімеден аузың босамайды. Тапқан екенсің, саған алдана беретін адамды.
– Омой, шіркін, – деді Әшірбек әдейі сақаулана сөйлеп. – Әлдеқандай болуын. Жетімек, жетіліп қапсың ғой.
Көйлегін сып еткізіп іліп алған бойда Әшірбек қосқа қарай тартты. Басқамыз енді не болар екен дегендей Құрманбектен көз алмаймыз. Одан көп бала аяқ тартатын. Қолына түссе Әшірбекті оңдырмайтынын біліп тұрмыз. Шалт атып тұрған ол қос табаны кезек-кезек жалтылдап айдап бара жатқан Әшірбектің соңынан қарап тұрды-тұрды да, қайтып құмға отыра кетті. Әлден соң әлемтапырық боп бір сәтте сан құбылған жүзінен жылжып түскен жалғыз тамшы жас көрінді. Ештеңе айтпай, шағынбай, үнсіз егілген оған қарап тұру бізге тым ауыр тиді. Көзімізге жас толып, танауымыз жіпсіді. Құрманбектің әке-шешесі жыл аралатып әлдебір науқастан қайтыс болған-ды. Қарт әжесі екеуі әкесінің інісінің қолында тұратын.
Қостан Дәуапа шықты. Біз кеткенде ол кісі қауын іріктеп жатқан еді. Ел адамдарының жеуінен артылған қауынға ие болудың өзі қиын. Сондықтан Дәуапа олардың қатты пісіп кеткендерінен қауынқұрт қайнатып, іші түспеген жарамдысынан қақ тіледі. Бізге суға түсіп келген соң қауынқақ тілуге отыратынымызды, Әшірбек пен Сәрсенге қауынқұрт қайнататын отын жинап келетіндерін ескерткен. Жаңағы жылтыр қара бірдеңе деді ме, күндігі жарқырап, көйлегінің етегіне жабысқан кәріқызды әлсін-әлсін еңкейіп алып тастап, бізге қарап келе жатыр. Жазығымыз жоқ болса да үн-түнсіз сілейіп, қаттық та қалдық. Ешқайсымызға назар салмаған ол кісі екі тізесін құшақтап бүк түсіп отырған Құрманбектің қасына тізесін бүгіп, арқасынан құшақтады.
– Айналайын, (сол дауыс әлі менің құлағымнан кетпейді) апасының баласынан. Менің балам мұндай боркемік, жылауық болмаса керек еді ғой.
Қайсымыз нені бүлдірсек те Дәуападан жасыра алмаушы едік. Бетімізге көзінің астымен шаншыла бір қараса болды, жыланға арбалған торғайдай тырп ете алмайтынбыз. Не сиқыры бар екенін кім білсін, өтірік айтып, тайып кете алмаушы едік ол кісінің алдынан. Жаңағы жайды Әшірбектің де жасыра алмағанын айтқызбай-ақ түсіндік.
Апамыз Құрманбекті бауырына басқан күйі орнынан көтеріле берді. Бәріміз қосқа бет алдық. Қос жақтан будақ-будақ шыққан түтінді байқап, жаңағы көңілсіздікті демде ұмытып:
– Апа, өрт, біздің қос өртеніп жатыр, – деп айқай салдық.
– Тәйт, қайдағы өрт? Ол қауынқұрт қайнатып жатқан жаңағы зыпылдақ қой…
Келсек, көзі қызарған Әшірбегіміз жерошаққа асылған дәу қазандағы беті бүлкілдеп қайнай бастаған қауынқұртты үлкен кәкпірмен мықшыңдап араластырып жатыр. Жұп-жуас, бізге көз астымен ұрлана қарап қояды. Отты үстемелей салып, қауынқұртты қозғап, аяғы аяғына жұқпай зырылдап жүр.
– Әй, зыпылдақ, мыналарға бер кәкпірді, – деді бізді нұсқап. – Өзің отын жинап әкел. Қай жерден әкелетініңді білесің ғой? Түнеукүнгідей жас тезекті жинап келме, кепкенін ғана тер. «Ақтүйеөлгендегі» саздан тер. Сосын қоянсүйек жинауға да өзің барасың. Біреудің жетімдігін бетіне басатын немесің ғой…
Қураған қоянсүйек отқа маздап жақсы жанады. Тезек теруге де, қоянсүйек жинауға да кезектесіп, екі-екіден баратынбыз. Бүгін бәрін Әшірбекке үйіп-төккені апамыздың оның кінәсіне орай берген жазасы болса керек.
Біреумізден теріс қылық көрсе, кәдімгідей қапа болып қалатын Дәуапамыз. Жанымызға бататын да осы – Дәуапаның тұнжырап, ренжіп қалатын кезі. Бірақ, қанша тырысқанымызбен балалық қоя ма, кейде ұрсысып қаламыз, кейде қырқысып төбелесіп қаламыз. Ондайда ешкімнің кемдігін, кемістігін бетіне басуға болмайды деген ол кісінің сөзі тарс есімізден шығып кетеді.
Әшейінде оңды-солды сөйлеп, күлкіден езуі жиылмайтын Әшірбек ошақ қасындағы ала қапты алып, иығы салбырап кетіп барады. Біз өрешенің астында қауынқақ тіліп отырмыз. Қауынды бітеудей айналдыра кесіп, іліп жатырмыз. Кешегі тілген қауынқағымыздың шіресі тамып, самсап тұр. Аралар гу-гу етіп, сол маңда топтанып ұшады. Біздің көңіл-күйімізбен олардың шаруасы не, тегін шіреге бас қойып, қарық болып жатыр.

* * *

Ертеңіне, таңсәріде үстімдегі ашылып қалған көрпемді дұрыстап жауып жатқан Дәуапаның қимылынан оянып кеттім. Таң намазына тұрған беті болса керек. Әр баланың үстіне еңкейіп, дұрыстап жатқызып, үстерін қымтап жүр. Күбірлеп сөйлеп қояды. «Тентектер-ай, тырайып жатыстарын қарашы. Сүмбіле туды, түн салқын, сонда да көрпені теуіп тастайды».
Әшірбектің басынан сипап: «Кеше әбден шаршадың-ау. Күшік-ай, не тапсаң да тіліңнен табасың-ау». Оның қасында жатқан Құрманбектің қап-қара шашынан сипап, маңдайынан иіскеді. «Кішкене бейбағым, сенімен мен бұл тәңірге не жаздық екен…» Үні бұзылып, дірілдеп шықты…
Ояу жатқанымды сездіргім келмей, көрпені бетіме тарта түскен менің кішкене жүрегім сыздап, ауырта бұлқынды. Сәл болмаса орнымнан атып тұрып «Дәуапа» деп құшақтай алуға, құшақтап тұрып көптен көкейіме сақтаған – «Дәуапа, біз сіздің балаңызбыз. Енді бір-бірімізді ренжітпейміз, апатай, жыламашы» деуге шақ қалдым.
Мұң шағып, жылай бермейтін Дәуапаның қайғысына жасырын болса да ортақ болған мен атып тұрсам сол бір бейкүнә ұрлығым әйгі болардай сауылдай құйылған көз жасыма булығып-ақ жатырмын. Аяулы жанның іштегі қайғысын ашық естіп, аяныштан кеудем өртенгендей. Екі иығым селкілдеп кетсе керек, Дәуапа бетімді ашты.
– Ау, не болды, көкем? Неге жылайсың? Шешеңе барғың келді ме?
– Жоқ, – дедім ықылық атып. – Жоқ. Мен сізге қыз болғым келеді…
– Соған да жылай ма екен, жаным-ау. Онсыз да менің қызымсың ғой…
Сендей жыршы қыз, ақылды қыз кімге керек емес дейсің? – дейді әдемі әзілі таусылмайтын апам.
Мен жас жуған жүзімді Дәуапамның көкірегіне жасырып, бауырына жабыса түстім.
…Біздің жақта қыс ұзақ, қар қалың болады. Ауылымызды айнала тау қоршап тұрғасын ба, кеш ерте түсіп, таң кеш ататын сияқты көрінетін. Сол ұзақ түндердің қорқынышты тыныштығын қалың қардан тамақ тауып жей алмай, ауылға жақындаған қасқырлардың ұлығаны, Сырттан, Алыпсоқтарымыз бастаған иттердің әупілдеп, гүмпілдетіп үрген азан-қазан дауыстары ғана бұзатын.
Ол кездегі иттердің сойы да, бойы да бөлек еді. Малдың амандығын осы тайыншадай-тайыншадай төбеттерге тапсырып, әрі өздері де сақ отыруы үшін ауыл адамдары күнде түнде бір үйге жиналып, өткен-кеткеннен әңгіме шертеді. Қисса, дастандар айтылады. Біздің үйге жиірек жиналады. Өйткені, үйде дәу-дәу қалың кітаптар – батырлар жыры көп. Үлкендер ол кітаптарды бізге, балаларға оқытқызады. Нәп-нәзік қолдарымыз зілдей кітаптарды зорға көтереді. Көбіне алдымызға қойып, кезек-кезек оқимыз. Ұлы Абайды біз сол үлкендердің арқасында оқып, таныдық. Небір аңыз-әпсаналарды, қисса-дастандарды, жырларды үлкендерден ести-ести, өзіміз оқи-оқи көбіміз жатқа айтатын болдық.
Мұңлық-Зарлықты, Алпамыс, Қобыланды батырлар туралы, Қыз Жібек – Төлеген, Қозы Көрпеш – Баян сұлу, Ер Дәуіт, Ертарғын, Ләйлі-Мәжнүн, әйтеуір қай жырды болса да бірінші рет естіп отырғандай беріліп тыңдайтын ата-әжелерімізге, әке-шешелерімізге таң қаламыз. Тіпті, сан қайталап оқытқан не айтқызған жырларына әжелеріміз қанша естісе сонша жылайтын. Ондай ұзақ түндерде жырқұмар, әңгімеқұмар бірен-саран бала болмаса, көпшілігі ұйықтап қалады. Таңдау көбіне ұйықтамай, ербиіп отырған маған түседі. Кейде әжем айтпақшы: «арқам ұстап» қырсығып айтпай қоямын. Ондайда Смайыл, Жоламан, Сейсенбек аталарым не Дәуапам қолқаламаса, басқаға көне қоюым қиын.
Осы қырсықтығымды бетіме баса ма деп едім. Жоқ, қайта бауырына басып, қысып-қысып, құшақтап қойды. Жаным жайланып, қалай ұйықтап кеткенімді байқамай да қалыппын.

* * *

Үнемі тынымсыз тірлікпен жүретін апамыздың өздігінен қапа болып, қабақ шытқанын сирек көретінбіз. Бірақ, кей-кейде «Қаратұмсықтан» асып түсер үлкен жолға қарап, терең ойға кететіні бар. Сол сәтте ол кісінің бұтақтары өртеніп, қап-қара боп томары қалған қарағаштай түнеріп отырған түріне қараудың өзі «қайғы, сағыныш» дегеннің не екенін білмейтін бізге де аса ауыр еді. Ондай сәттерде демімізді ішке тартып, тым-тырыс отырар едік.
Соғыстың атын үлкендерден естіп, сол сұрапылда балаларын, бауырларын, қосақтарын, қайындарын, туысқандарын жоғалтқан, соларды жоқтап жылайтын әжелеріміздің, шешелеріміздің қайғы-қасіретін көріп өскенімізбен, ол қайғының соншалықты ауырлығын Дәуапаның осылай салы суға кетіп, түнеріп төмен қарап, ой басатын түріне қарап ерекше сезінетіндей едік. Соғыстан оралмаған үш ұлы мен жарын шығарып салған қара жолға телміріп, айналасын әжім торлаған қара көздеріндегі әдеттегі қуақы ұшқын сөніп, оның орнын тілмен жеткізе, алмас ауыр мұң басатын апамызға не айтарымызды білмей, сілейіп тұрамыз. Осындайда өзіне жаутаң-жаутаң қарағаннан басқа қайраны жоқ біздерге назары түссе, сол бір ғаламат қайғыны иығынан сілкіп тастағысы келгендей, орнынан тұрып кететін.
Апамыз жайлы үлкендерден көп сұраушы едік. Көңілденген сәттерде өзі де айтып береді. Сонау кеңес өкіметі орнаған кезде сауатын ликбезде ашып, қара таныған ол кісі атқа қонып, ел билігіне араласыпты. Дәуапа соғыс жылдарында азаматтардың орнын жоқтатпай колхоз басқарыпты.

* * *

Бірде апамның менің шешеме: «Бибі, өзің білесің ғой, соғыс кезінде бала-шағаның қарны ашып жылағанда қос уыс бидай тауып бере алмай қиналған күндерімізді. Ал, мен ұлдарымнан, жарымнан айырылдым демесем, шүкір, бейбіт күнде ел-жұртымның ішінде отырмын. Маған осы көмек, жәрдем дегендерің мүлде ұнамайды. Қайта жартылығыңды еске салып, кемітетін нәрсе ғой. Өкімет маған емес, көмекті біз кешкен нәубет бастарына түсіп, қазір соғыс болып жатқан елдерге, сондағы тарығып отырған адамдарға берсін!», – деп жатқанын естідім.
…Дәуапаның үй жағынан естілген әр дыбысқа қашанда шапқылап жетіп баратын біздер, маңырап тұрған семіз марқаға, дуалға сүйеулі тұрған ұнға көз салып, апамызға қараймыз. Ол кісінің тәтті қуырдағына әбден дәндеп, дәмін алған біздер: «Қызық, әкеліп тұрған нәрсені неге алмайды? Одан да ана марқаны сойса, қуырдаққа бір тоймас па едік?..» деп сілекей жұтып тұрып тамсанып, таңданамыз.
Бізге газет-журнал оқытып, радио тыңдап, бәрінен хабардар боп отыратын апамыз соғыс болып жатқан елдерді ойлап, адамдарын аяп жүреді екен ғой жарықтық. Жалғыз қызының қолына бармай, елден кетпей отанының отын өшірмей, азаматтарынан күдер үзбей күтіп жүрген апамыздың бізді таңқалдыратын осындай қызық тірліктері көп еді.

* * *

Жұмбағы да, жұбатары да, кейде тіпті жас балаға кәмпит ұсынғандай алдарқатуы да көп мына өмір осынша күрделі болар ма? Ауылымыздың мен деген үлкендерінің өзі ақыл сұрайтын, төрелік іздеп, алдына жүгініп жататын, әке-шешелеріміз ақыл-парасаты мен қажыр-қайратына тәнті болатын біздің Дәуапамызға тағдырдың сонша қырын қарағанына біздің балапан жүректеріміз наразы боп, жауап іздейтін. Үлкендердің «Алланың ісі ғой» дегеннен аса алмайтын жауаптарымен де келісе қоймаймыз. Бірақ, үлкендер айтатын Алла көзімізге көрініп тұрмаған соң не істей аламыз?
Апамыз айтпақшы, кемеліне келген талай бақытты отауды қарлығаш ұясына кірген жыландай ұйқы-тұйқы еткен соғыс сүттей ұйыған Дәуапаның отбасына да өз лаңын салып, жұрт қызыққан береке мен бақыт шырқын бұзып кетіпті.
Соғыс басталысымен ері майданға аттаныпты. Дәуапа өзі он екі құрсақ көтерген екен. Сегіз баланы қара жер қойнына беріп, Тәңірден тілеп жүріп көрген Тоқтасы соғыс басталғанда әкесінің артынша өзі сұранып кетіпті, жыл аралатып қалған екі ұл жөнеліпті.
Солардың Тоқтастан басқа бірде-біреуінен хабар жоқ. «Үмітсіз шайтан» деген ғой, Дәуапаның алаңдап, әлі солардан хабар күтетінін жұрт сезбейді емес, сезеді, бірақ, қолдан келер қайран қане. Тым құрыса біреуін аман келтіре көр деп тілеген ел жабыла сұрау да салыпты, бірақ, «хабарсыз кетті» дегеннен өзге ештеңе біле алмапты. Іштегі қазандай қайнаған қайғыға ешкімді ортақ етпей, тағдыр артқан зілдей салмақты үнсіз көтерген ана өзі айтпақшы: «Қаратұмсықтан асып кеткенше бірге барған», бауыр еті балалары мен жан жарын шығарып салған қара жолға қарап, терең ойға батып, түнеріп отырғанда қимастарынан үмітін үзе алмай қиналады екен ғой.
Қайран Дәуапа! Батырдың анасы әрі әскер семьясы деп жиі-жиі хабар алып, хал-жағдайын біліп тұратын басшыларға да мұңын шағып, көмек сұрамайтын.

* * *

…Сыбыр-күбір әңгімеден оянып кеттім. Көрпеден ақырын басымды шығарып қарасам, шешем, әжем, Дариға, Ұмсын, Гүлқаныс, Арзыкүл, Орынкүл апамдар ақырын әңгімелесіп отыр. Алдарында сексеуіл шоғының қызуы басылмай ызыңдап тұрған сары самаурын. Бірақ, күндегідей рахаттанып ішіп, жайбарақат отырғандары байқалмайды. Шешем Бибі күнде бұл уақытта үйде болмайтын. Неге екені белгісіз, бүгін әлі кетпепті. Әжемнің «әлгі үй бетін көрмейтін шешелерің» деп бізге мысалға келтіретін анамыз осы кісі. Аққұба, сұлу реңінде кірбең бар. Әлсін-әлсін ойға түсіп, әйелдердің әңгімесіне аса құлақ қоймайтын сияқты. Шешем кенет: «Құдай пейіліне беремін дейді екен, пейіл де, мейір де Дәуапамда еді ғой. Атың өшкір соғыс болмағанда, Дәуапа да, басқамыз да осынша тауқымет тартып, қайғы шегер ме едік? Оқыған десең оқыған, көш бастап, елді аузына қаратқан менің қайындарым қандай еді! Көріп берейінге қимайтын асылдарымның сүйегі қайда қалды? Сол төрт қайным аман болғанда мына қарашаңырақ үпір-шүпір балаға толып, бір ауыл болып жайқалып отырмас па едік. Екі келін кетті күдер үзіп…», – деп даусы бұзыла бастады.
Соғыстан қайтпай қалған балалары – Мырзахмет, Әлібек, Әбжаппар көкелерім жайлы әңгіме болса, әжемнің дауыс салып жылап қоя беретінін білетін мен қорқа бастадым. Басымды көтеріп алдым. Құдай сақтағанда, бұл жолы әжем дауыс салмай, тып-тыныш, үнсіз жылап отыр екен. Шешем сөзін жалғап: «Соғыстың салған қасіреті көп екен ғой. Перзенттері мен жарынан күдер үзбей, ішінен тынып жүрген Дәуапада тамыры қураған бәйтеректей құлап түсті ақыры. Түнде тіл-ауыздан қалып құлағанда қасындағы тырнақтай бала не біледі, ұйықтап қалған. Жалғыз өзі өліп қалса қайтер едік, масқара-ай…» – деп қатты күрсінді. Дәуапа дегеннен-ақ, басымды көтеріп алған болатынмын. Анам сөзін аяқтасымен-ақ сыртқа ата жөнелдім.
…Кеше наурыз торғайды көріп, бәріміз дүркірей шауып Дәуападан сүйінші сұрауға барғанбыз.
– Апа, Дәуапа, наурызкөк келді, көктем келді, – деп айқайлай даурығып кірген бізге:
– Апыр-ай, наурызкөк келді десеңдерші. Тағы бір жарықтық көктемге де аман жеттік. Мен де тақалып қалды ғой деп наурызкөжеге қам жасап, мына бір бидай мен жүгеріні келіге түйе қояйын десем, шекем сынып, мазам болмаған соң қисайып жатыр ем. Ә, әкелеріңді… Шуылдап оятып жібердіңдер, – деді.
Ол кісінің зілсіз қалжыңына үйреніп алған біздер ыға қоймаймыз. Тайраңдап төрге өрмелейміз. Апамыздың жыл мезгілдерін, жер, су, боран, желге дейін адам сияқты бейнелеп «жарықтық» деп сөйлейтіні де қызық көрінеді бізге.
Дәуапа бірімізге ет туратып, бірімізге пияз аршытып қуырдаққа кірісті. Ол кісінің қарынға салып сақтаған етін жесең ғой, шіркін! Апамыз пісірген бұжының, әсіптің, қазанжаппа мен сүтке салатын қатырманың дәмі тым бөлек еді-ау. Әлі күнге дейін дәмі таңдайымыздан кетпейді…
Ет турала бастағаннан біз айтқызбай-ақ келіге жармастық. Жеті-сегіз бала жан қоямыз ба, нән келсапты нығарлай ұрғанымызда табанымыздың асты зірк-зірк етеді. Бауырсақ пен қуырдақ дайын болғанша гүрсілдетіп бидайды да, жүгеріні де ақтап тастадық.
Қашанғы әдетіміз бойынша Дәуапа мен біздер астан соң рахат, мамыражай әңгімеге кірісеміз. Ол кісі бізді баласынбайды, басқалар бала-шаға дейтін бізбен үлкен адамдай ақылдасатынына, әңгімелесетініне дардай боламыз.
– Үлкен үйден кейінгі қара шаңырақтың біріміз. Наурызкөжені ертерек беріп жіберейік. Ертең отын-су, анау-мынау дайындыққа ертерек кіріспесек болмас. Құрманжан, ала сиыр мастанып, сабан мен қамысты жемей тұр. Бұзаулап қала ма деп отырмын. Үлкен маядан бір шана жоңышқа әкеп алайық. Бастық бала жеткізіп беремін деген, шаруашылықтан қолы тимей кетті-ау. Биыл бораннан көз ашпадық. Мал қолға қараған соң шөп шақ келмейді. Жаз шықса болды суыр сияқтанбай ұйқыны азайтып, таудан сасыр, ойдан шөп орамыз. Совхоздың малына жетпей жатқан шөпке бір шана болса да ортақтасқанымыз ұят.
Дәуапаның алдындағы кінәмізді, ұйқышылдығымызды, жалқаулығы­мызды мойындап төмен қарап отырмыз. Бірақ, көңілге алып отырған біріміз жоқ, қайта жылы тиеді. Дәуапаның бізді суыр десе де арқа сүйейтініне іштей масаттанамыз. Дәуапаның көңіл шуағына бөленген осы бір жанға жайлы тыныштықты әдетте көп сөйлей бермейтін Жанкелді бұзды:
– Дәуапа, біз бармыз ғой. Құдай қаласа жазда шөпті үйіп тастаймыз.
Оның үлкен кісілерге еліктеп, қомпиып отырған түрі біртүрлі күлкілі-ақ еді…
Содан соң Дәуапа төр үйдегі сандықты ашып, Тоқтастан келген бар-жоғы үш хатты бізге тағы да оқытты. Бұл хаттардың үтір-нүктесіне дейін жаттап алғанбыз. Оқымады демесін деп хаттарды бетімізге тақай ұстап, зуылдатып айтып бердік. Киімдерін тағы жөндеп салды. Қанша көріп, өз қолымызбен қанша ұстап жүрсек те Дәуапаның шалы мен үш ұлының қаттаулы киімдерін көрген сайын жүрегіміз дүрсілдеп қоя беретін. Оның үстіне:
– Е, айналайын жарықтарым, құлындарым, айналайын құдай қосқан қосағым, иістерің бұрқ ете қалды ғой. Мені жылатпай келетін уақыттарың болды ғой, – деп қимас жандары тап сол сандықтың ішіне тығылып отырғандай сөйлейтін Дәуапаның әңгімесі қанша естісек те, бала жүректерді дір еткізуін қоймайды.
Бірақ, жылап-еңіреп, езілмейтін. Ал, кеше апамыз өзінде жоқ әдетті шығарып: «Мына немелер наурызкөкті көрдік деп сүйінші сұрап келді. Тағы көктем келді ғой, құлдықтарым-ау. «Жыл құсындай оралып, мына отандарына ие болады, әлі-ақ ақ түйенің қарны жарылады» деп өлмей жүрген менің үмітімді үзейін дедіңдер ме? Екі көзім төрт болып, қанша жыл күтейін енді. Қартайдым. Қаусаған шағымда төзімімді сынап көргілерің келе ме, жарықтарым-ау. Сағын-е-е-еп, ішқұса болдым ғой» деп даусын соза түсіп, жүзін жас жуып, иегі кемсеңдеп сөзін аяқтай алмай, бір жейдеге бетін басып тұрып қалды.
Көкірегімізді тепкілеп, кішкене жүрегіміз торға түскен көгершіндей кеудемізге симай тыпырлайды. Жаутаңдап ашулы тұрған сандыққа бір, апамызға бір қараймыз. Менің есіме жаздағы қауындық басындағы Дәуапа екеуміз ғана білетін жай түсті. Кеңсірігім жыбырлап, алқымыма қарай әлдене жылжып келеді…
Өзін-өзі тез тежеген Дәуапа:
– А, қараң көбейгірлер, маған қойыңыз деудің орнына, жаман кемпірге қосылып жылайын деп тұрсындар ғой. Әй, сендерді де «бір қора балам бар» деп мәз боп жүрмін-ау, – деп сол күйден серпілгісі келгендей жадырай сөйледі.
Бар тірлікті ерекше бір қуанышпен құлшына істеп тастадық. Оның тағы бір себебі бар, арғы күні Наурыз мейрамы. Сол салтанат, сол той қуанышы көз алдымызға айқын елестеп, ерекше шат күй билейді бойымызды.
Наурыз күні ауылдың үлкендері барлық үйге кіріп құран оқиды. Біздер, құмандарға жылы су құйып, таза сүлгі асынып, оларды есік алдында күтіп аламыз. Бұл кезде буы бұрқыраған наурыз көжені үлкен қазаннан әйелдер құйып алып, үйге әкетіп бара жатады. Қойдың сүр құйрығын, қыстан қалған сүр қазы салып, қолдағы бар дәнді – жүгері, бидай, тары қосып, үстіне құрт езіп құйған көженің дәмі балалықтың сол бір қимас шағындай таңдайдан кетпейді әлі.
Өткен жылы наурыз көже таратқан соң өзіміз қалғанда Дәуапа бізге наурыз тойы жайлы: «Наурыз – жыл басы, үлкен тойдың нағыз өзі. Бұл күні барша қазақ қаптың түбін қағып, кебеже ақтарып, сақтағанын ортаға салады. Осы күнге арнайы пісірілетін наурыз көжеде «келер жылдың несібесі өзіңмен келсін, молшылық, бейбітшілік болсын» деп жақсылықты алдан күткен елдің ақ тілеуі жатады.
Наурыз көжені пісірудің де өз шарты бар. Оған қосылатын дәннің түрі жетеуден кем болмауы керек. Жоқ-жұтаңдау кезде су мен тұзға дейін есептелетін. Қазір баршылық, кім қалай түрлендіріп істеймін десе де өзі біледі. Бірақ қолдағы барды ұқсата алмайтын әйел де бар, кейбірінің көжесі су татып тұрады» деп әңгіме айтқан.
…Бәрін жайғап болған соң, Дәуапаның үйінің қасында біраз жасырынбақ ойнап тарасқанбыз.

* * *

…Күндіз көктемнің шуағымен еріген қар суы шұңқыр-шұңқырға үймелеп, түнде бетін мұз тұтыпты. Мен жүгірген сайын осы жұқа мұздар ойылып кетеді де, астындағы лай су шашырап әлі еріп үлгермеген қардың бетін айғыздайды. «Кеше басым ауырып тұр дегенде неге қалмадық екен қасында. Кет десе де кетпей қоймадық па?»
Мына жайсыз хабарды басқа балаларға жеткізгенше асығып келемін зуылдап. Көңілім әлемтапырық…
Мен жеткенше басқа балалар да естіп үлгеріпті. Ойыннан басқа алаңы жоқ біздерге бұл хабар қатты әсер етті. Күндегідей ойынға да зауқымыз жоқ. Көңіліміз бей-жай болып, Дәуапаның үй жағына көз тігеміз. Кіріп-шығып жатқан адам көп. Ауылымыздың дәрігерлері Түзелбек, Рәтбек ағайлар кіріп-шығып, қапылып жүр. Есік алдында аурухананың көк «Уазигі» тұр. Әшейінде басқа үйде осындай жиын боп жатса Дәуапаның артынан тізбектеліп жететінбіз. Дәуапа бар жерде бізге ешкім ештеңе дей алмайды. Ол кісінің арқасында төр жақтан бізге қарай құлақ, көз, тіл, жілік сияқты сыбағалар ағылып, қарық болып қалатынбыз. Ал, бүгін сол қаздың балапанындай шұбап соңынан қалмайтын балалары – біздерді апамыздың қасына да жолатпай, қуалап жатқан үлкендерден бата алмай, мұңайып отырысымыз мынау.

* * *

Үнсіздікті Әшірбектің сыпылдаған даусы бұзды:
– Осыдан Дәуапа тәуір болса болды, апама біржола келем. Өзі де мені жақсы көреді. Аурып қалғанын қарашы. Қарайтын адам керек енді, кел деп өзі де айтар маған, – деді. Кетік тісінің арасынан тілі жылт-жылт етеді.
Бәріміз мына жылтыр қараға түйіле жалт қарадық. Дәл қазір Дәуапа мынаның қолынан жетелеп, үйіне әкетіп бара жатқандай ішімізді қызғаныш оты күйдіріп барады.
Ашуланса қызарып кететін Сәрсен сөзге килікті:
– Иә саған, сені қайтсін Дәуапа. Ол кісі кір-кір баланы жаратпайды, қап-қарасың. Өзің сабақты жаман оқисың. Тағы Дәуапаға бала болғысы келетінін қайтерсің мұның, дәмең зор, ә?
Әшірбектің жауабы қашанда дайын.
– Ал, кеше кешке өзің неге қалмадың? Мен қасына қондым. Бірақ, ұйықтап қалыппын, ауырғанын білмедім. Саған керек болса апам мені құшақтап жатты.
Сөзден ұсталған Сәрсен:
– Өтірік, өтірік. Ол кісі сені құшақтамайды, – деп ары қарай ашуға булығып, аузына сөз түспей Әшірбекке тұра ұмтылды. Ол Дәуапаның үй жағын бетке алып зытып берді. Оның соңынан дүркірей қуып, жау түсіргендей ентігіп келе жатқан біздің бетімізді үлкендердің: «Тәйт, мына немелер қайтеді-әй. Үйге қарап жүгіріп, жаман ырым бастағаны несі-ә, бұлардың?!» деген ашулы үні қайтарып тастады.

* * *

Апамыз сол құлағаннан оңала алмай, ұзақ жатып қалды. Көрші ауыл – Раңға ұзатылған қызы Нұрсұлу әпкеміз шешесіне қайта-қайта келіп, көп әбіржіді. Қолына алып кетейін десе Дәуапа көнбепті.
–Ағаларың мен әкеңнің оралмасына көзің жетіп айтып отырсың ба осы сөзді? Ал, мен сендер не десеңдер де үмітімді үзбеймін, қызым! Қайсысы болса да біреуі келеді. Мені түсім алдаған емес. Тек сол күнге жете алсам болды. Көзің ашық мұғалімсің ғой, өкімет «соғыста неміске пленге түсіп қалғандарға тиіспейміз» деп кеңшілік жасап, олардың алды елге оралып жатқанын естіп жүрген шығарсың. Солардың арасында менің үш қарағымның біреуі болмас дейсің бе? Тоқтасымның қара қағазы келген, қайда жатқанын да білеміз. Ал, Жалғасым мен Жарасымның не тірі, не өлі хабары жоқ қой. Кім біледі, менің балаларым да сол тұтқынға түскендердің ішінде болып, елге қайта алмай жүрген шығар.
Үйлерін жасаулап, кебежелерін асқа толтырып, құлындарымды сағынып, сарғайып күткен менің көз жасыма иір Алла тағалам, бір күні жарқ етіп әкелерін ертіп келіп қалар күндерім. Қашанғы қысар дейсің бұл Құдай, рақымы түскен күні ағаларың, әкең келіп қалса, менің әлдекімдерге ұқсап сенің – қыздың босағасында, жат елде жүргенім жараса ма? Жоқ, көзім тіріде отанымның отын өшіріп, сенің босағаңа бармаймын. Әкең екеуміз тұрғызған мына үйдің шаңырағы ортасына түсіп, оты өшкенін, есік-терезесі шегеленіп иесіз қалғанын көрейін деп пе ең? Моншақтай тізіп өз қолымнан жіберген құлдықтарымды осы босағада күтіп аламын деген үмітімді үзбе. Үйіңе қайтып, күйеуіңе, ата-енеңе, балаларыңа қара, маған алаңдама. Мына жапырылып бірі кетсе, бірі келіп күтіп жатқан ел-жұртымды, қосағымның, ұлдарымның отанын, туған үйін, абысын-ажын, көз көрген сыйлас, сырластарымды тастап сенің еліңе бара алмаймын, қарағым» – депті қызына.
«Апамыздың әңгімесін үлкен-кішіміз болып, тіпті, атамдарға дейін көзіміздің жасын тия алмай отырып тыңдадық» дейтін Керімбай көкемнің үйіндегі Күлайша, Сейітбек көкемнің үйіндегі Рахия апамдар.
Ауылдың адамдары да Дәуапаны орталарынан жіберуге ықтияр болмаса керек. Қызына айтқан мына әңгімесін естігенде барлығы қатты қуанды. Нұрсұлу әпкемізге: «Айналайын, анаңа алаң болма. Өз аузынан естідің ғой. Қарап жатырмыз, жылы орнын суытып, отанынан қозғама, ел-жұртынан бөлме. Саған беріп жіберсек, елдігімізге сын емес пе? Құдалар «әшейінде бәрі «Дәуапа» деп аузына қараушы еді, ауылымыздың сәні, анасы дейтін, енді ауырғанда керегі болмай қалған екен ғой» – демей ме? Бізді жерге қаратпа» депті.

* * *

…Арада үш ай өтті. Жаздың жайма-шуақ күнінің бірінде қолдары тисе Дәуапаның үйіне қарай жүгіретін келіндері – біздің жеңгелерімізден балаларының киімін күн көзіне жайып алуды сұрапты. Далаға жайып, жел қақтырып әкеле жатқан Шарапат деген келініне:
– Берші, қарақтарымның көйлектерін. Иіскейін. Е, Алла, жарықтарымды көкірегіме басып, көзіммен көріп кететін күнді бұйырта көр, – депті де, – шай қойып, жеті шелпек пісіріңдер. Біздің үйдегі аталарың түсімнен шықпай жүр. Баяғы соғысқа кеткендегідей жап-жас қалпы. Екі баласын арқалап алыпты. «Дәу жігіттердің екеуін бірдей қалай көтеріп тұрсың. Түсір. Жалғас қайда?» деп жатып оянып кеттім. Құдайдың құдіреті, перзенттерім мен әкесі соғысқа кеткен алғашқы жылдарғы түстерімде төрт бүркіт үйді айналып ұшып жүретін. Соғыстан кейінгі жылдары сол төрт бүркіттің біреуі ғана үйдің төбесіне қонады да, қалған үшеуін таппай аспанға қарап, іздеп жатып оянып кететінмін. Осы түстерімді үш жарығымның біреуі болса да аман келеді-ау деп жоримын өзім.
Балалар келсе қумаңдар. Шелпек жесін. Олар періште ғой, тілектері қабыл болады. Олардың менің пісірген бауырсағым мен қуырдағымды жеп, қасымда шүпірлеп отырмағанына да біраз болыпты», – дейді ширақ үнмен.
Әйелдер «бүгін апамыз тәуір» деп алаңсыз бірі үй жинап, бірі шай жабдығына кіріседі. Әлден соң Бектан көкемнің үйіндегі Тыныштық жеңешем «Дәуапа» деп бірдеңе сұрайын десе үн қатпапты. Бетіне баласының көйлегін жауып жатқан күйі бар нәрсеге ақылмен, байыппен қарап, бар адамды, әсіресе, балаларды үлкен жүрекпен сүйген, ешкімнің көңіліне дық салмаған ізгі ниет апамыз ақырғы сапарына да ешкімді мазаламай, үн-түнсіз жүріп кетіпті…
«Мен өлгенде артымнан шулап жылап қалатын осылар ғой» деп бауырына басатын апамызды шынымен жақсы көреді екенбіз. Үлкендер ақ киізге орап ауылдың күнгейіндегі мазаратқа әкетіп бара жатқанда жүрегіміз бір жамандықты – соншама бауыр басып кеткен апамызды енді қайтып көрмейтінімізді сезгендей, қалай шулап жылап қоя бергенімізді білмей де қалдық. Біздің у-шу жылауымызға шешелеріміз, жеңгелеріміз қосылып дауыс салып, ауыл азан-қазан болды.
Бәрімізге жай оғындай әсер еткен ана өлімі бала көңілдерді мұңға бөлеп, опырайып, ойсырап қалған апамыздың орнын немен толтырарымызды білмей, көпке дейін құлазып жүрдік. Әсіресе, түн баласы есімізге түссе ұйқы­мыз шайдай ашылып, қимастықтан жас жанымыз удай ашып қоя беретін.
Бауырынан өрген перзенттерін бір көруге зар болып, көзі жұмылғанша үміт үзбеген Дәуапаның үлкен жүрегінің сәулесіндей болып көрінетін шам жарығы өшіп, түтін шықпай құлазыған апамыздың үйі ауылдың шетінде жаралы шағаладай мұңға бөгіп, жетімсіреп тұратын. Біз болсақ, Дәуапаның балалары әр күн сайын басымыз қосылса болды сол үйге қарай қалай беттегенімізді байқамаушы едік. Ойнап жүріп те алаңдап, құлыптаулы тұрған есікке еріксіз жалтақтап қараймыз. Дәуапа үйден шыға сала бізге «Әй, тентектер, неге далада тұрсындар, жүріңдер үйге», деп үн қататындай жүрегіміз дүрсіл қағып, үмітпен елеңдейміз.
Көп ұзамай осы бір балалық аңғал үмітімізді алдап, сағымызды сындырған, үлкендерді ойлантып, күрсіндірген бір жай басымыздан өтті.
…Қаратұмсықтан ауылға құлар қара жолдың шаңын бұрқыратып шауып келеміз. Бір-бірімізбен жарысып зуылдаймыз. Жалаң аяғымызға тікеннің кіргенін де, тастың батқанын да елер емеспіз…
Мана тауды бойлап Күмістіге шомылуға барғанбыз. Шомылып болған соң «Мұсаның тоғайына» кірдік. Алма дейсің бе, алмұрт-нәк дейсің бе, сыңсып тұр. Миуа біткен көз жауын алып, еріксіз аялдатады. Сыртында майда ақ ноқаттары бар насыбай көк алмұрт пен қызыл алма жапырақ арасынан сығалап, бізге көз қысады. Сырты қып-қызыл, іші аппақ алма мен уылжыған алмұртты армансыз жеп, алаңсыз отырғанбыз.
Кенет көзімізге ауыл жақтан құйын-перен безіп келе жатқан ноқаттай бір бейне шалынды. Бірте-бірте жақындағанда байқасақ – Құрманбек. Азанда бізге ермей, әжесімен бірге тауға сасыр оруға кеткен болатын. Біз алысып-жұлысып, қиқулап, есіл-дертіміз ойын боп жүргенде, ол бала боп онша желпілдей қоймайтын. Қытымыр жеңгенің ұрысын үнсіз тыңдап, сол үйдің бар шаруасын бір өзі тындыратын. Қартайған әжесінде не қауқар бар? Құрманбекке іші езіліп тұрғанымен, келініне қарсы келе алмайды.
Қолға алған ісіне аса тиянақты, осы ұзын бойлы, арық баланы Дәуапа басқаларымызға үлгі тұтып отыратын-ды. Оған деген бөлектеу ықыласын байқайтын біздер іштей қызғансақ та, үлкен қоңыр көздері үнемі мұңға толып, жарқылдап күлмей, оқшау жүретін оны аяйтынбыз. Өзі Дәуапа қайтыс болғалы ерекше тұйықталып кетіп еді.
Ересек адамдарша өзін нығыз ұстайтын Құрманбектің қазіргі жүгірісі бізге ерекше таң көрініп тұрғаны да рас. Бірақ, оны елеп-екшер шама қане. Балалық әуестікпен «не болды, тезірек айтса екен» деп екі иығынан дем алып, сөйлей алмай тұрған оның аузына қарап ынтығамыз.
– Анда, – деді қолымен ауыл жақты нұсқап, – мен сасырдан келсем Дәуапаның үйі ашық. Іште бір кемпір сөйлеп жүр. Кіруге қорықтым.
Бәріміздің де басымыздан сол сәтте «Апырмай, Дәуапа шығар» деген ой зуылдап өте шықса керек. «Дәуапа» деген бәріміздің даусымыз қосыла шықты. Тіпті кейбіреулерінікі жыламсырап естілді.
Содан ауылды бетке алып қалай зымырап қоя бергенімізді білмейміз. Қаратұмсықтан асып түскен бойда екі көзіміз алдымыздағы ауылда, Дәуапаның үйінде. Құлап қаламыз, сүрініп кетеміз демейміз. Тек қана «тезірек, бұрынырақ жетсем» деген балалық ынтық тілектің санамызды тұмандап, билеп алғаны сонша, «өлген адам қайтып келе ме?» деген сұрақ қаперге кіріп те шығар емес. «Дәуапа, Дәуапа» деп жан ұшыра жүгіреміз.
Дәуапа дәл қазір алдымыздан шығып, бұрынғыдай кең құшағын ашып, озып келгенімізді «О, қараң көбейгір желаяғым, жеттің бе?» деп емірене бауырына басатындай. Сол сағындырған бақытты сәтпен тағы да қауышатындаймыз. Ол кісінің біздің өмірімізден алған үлкен орнын, қаншалықты аңсаттырғанын қазір ғана айқын да анық ұққандай, көзімізде қуаныш жасы мөлтілдеп ұшып келеміз.
Опыр-топыр, таласа-тармаса, есіктен түйдектеліп кірген бізге төр алдын сыпырып жүрген қатпа қара кемпір «Бұл не пәле тағы?» дегендей одырая қарады. Төбемізден әлдекім салып қалғандай өзімізге таңданып та, жақтырмай да көз тастап тұрған кемпірге қарап қатып қалыппыз. Жылан арбаған торғайдай бізде үн жоқ.
Алдымен ес жинаған Құрманбек болды. «Дәуапа емес қой» деген даусы өксікке булығып ақырын шықса да ап-айқын естілді. Осы үнде бәрімізге ортақ, бәріміздің бір адамға арналған алғаусыз аппақ мейіріммен өзімізді сүйген жан иесіне деген ыстық ықыластың, риясыз сағыныштың, Дәуапасыз өткізген айлардың ауыр салмағының бәрі-бәрі бар еді.
Жанымыз жабырқап есікке беттедік. Сол сәтте кемпірдің артымыздан сөйлегені естілді. «Баламенен бала болып, бәрін қасына жинап алады, осы ауылдың қаспақ танау, қарасирақтары болмаса ішкені ас болмайды деуші еді. Рас екен ғой. Қара жер хабар бермесін, бәрінің «Дәуапа, Дәуапа» деп әспеттеп, аспанға көтеріп жүргендері осы ма, өлген адам тіріліп келді деп танаулап жеткен бала-шағамен үйір болғаны…»
Беймәлім үмітті малданып, өзіміз алаңдап күткен қимас жанның мәңгілікке жоқтығын бүгін ғана, қазір ғана айқын ұққандай біз үшін есігі тарс жабылған босағадан бір-бір жасқа есейгендей ой арқалап шықтық сол күні.

* * *

Кешкісін бригадир Бейсеннің басқа ауданда тұратын жалғыз басты әпкесін ауыл үлкендерімен ақылдасып, бос тұрған Дәуапаның үйіне кіргізуге келісім алып, көшіріп әкелгенін естідік. Бір жағы үлкендер Дәуапаның үйі иесіз тұрса тозып кетер десіпті.
Ай жап-жарық. Дәуапаның үйі жанында көңілсіз шүңкілдесіп отырмыз.
«Егер бұрынырақ естігенде, бәріміз ешкімді Дәуапаның үйіне кіргізбейміз, өзіміз қараймыз деп Жоламан атама барғанда ол кісі келісер еді». Құрманбектің Жоламан атам деп отырғаны Дәуападан кейінгі ауылымыздын үлкені.
Құрманбек тағы сөйледі:
– Сенің естімейтінің, көрмейтінің болмайтын еді ғой. Бұл жолы неғып түк білмей қалдың? – деп Әшірбекке шүйілді.
Көзін жыпық-жыпық еткізіп, танауын бір тартып қойып, кінәлі пішінде төмен қараған Әшірбек әлден соң үн қатты:
– Білмеймін, қалай естімей қалғанымды. Басқа емес, мына бір жаман кемпірді кіргізіп қойғандарын қараңдаршы. Қап, құдай-ай, енді не істесек екен, ә?
Сөзін әдетінше жылдамдатып, бізге жалтақтап қарап қойды.
Бағанағы Дәуапа туралы әңгімесінен кейін сол бір қатпа қара кемпірді бәріміз жек көріп қалғанбыз. Басқаны да емес, тап осы кемпірді кіргізгені үшін де үлкендерге деген өкпеміз қара қазандай болып отырмыз. Бірақ, не істейміз үлкендерге, олар айтқан шешімге қарсы келу Дәуапаның бізге айтуы бойынша ұят, көргенсіздікке жатады. Қанша өкпелесек те қарсы келіп, бір ауыз сөз айта алмайтынымызды біліп, көңілсіз тарауға тура келді.

* * *

Бірақ, біз Дәуапаның үйінің қасында ойнайтын әдетімізді қоя алмадық. Қатпа қара кемпір Тұрсынкүл де жақтырмай күңкілдеп ұрсып, қуалай-қуалай жалығып қойды. Қанша күдер үзсек те әлдебір үмітпен емексіп, ойын арасында сол есікке мойын созып қарайтынымызды аңғаратынбыз. Бірақ, қанша елеңдеп күткенімізбен Дәуапаның ауылдың қарасирақ, қаспақ танаулары – біздерге орны бөлек, ыстық бейнесі содан көзге көрінбеді.
Қайран, Дәуапам!…
…Айтпақшы, Дәуапаның шын есімін ол кісіні арулап, жер қойнына тапсырар кездегі молданың «Қайназар қызы Күләнда қандай адам еді? Кімге қарызы бар?» дегенінен өзіміз ынтық болған сыр – Дәуапаның шын атын біліп алдық.
Арада жылдар өтіп, Алматыда 2 курста оқып жүргенімде мамыр айының толықсып, сирень гүлдеп, жұпар иістен бас айналып тұрған бір ғажап күнінде ауылдан кластасым Нәбирадан хат келді. Әншейінде «Алтыннан ардақты, күмістен салмақты» деп ырғап, негізгі жаңалықтарға зорға көшетін Нәбира бұл жолы бірден «Есен, ауылда не болғанын білесің бе? Дәуапаның баласы Жалғас келді ғой. Қасында әйелі, балалары бар. Келіншегі әппақ, сұлу-у-у. Есіңде ме, Дәуапаның бізге «бәрі келмесе де біреуі келеді» дейтіні. Сезген екен.
Жалғас көкемдер келген күні ауылда той болды. Сол тойда Жалғас көкем: «Хат-хабарсыз кеткенім немістердің тұтқынында болдық. Кейін кеңшілік жасалып, тұтқында болғандардың алды елге қайтарыла бастағанда барғанның бәрін «сатқын деп қамап жатыр екен» деген хабар жетті. Тағы кідірдік. Әйтеуір, ізденіп, жазып жүріп, шүкір, міне, елге де келдік қой» деп мән-жай айтыпты.
Тойдың ертеңіне ол кісіні үлкендер ескі жұртқа – Күмістіге апарып келді. Үйінің жұртында әкесін, анасын, бауырларын жоқтап жылады. Зорға жұбаттық дейді көкемдер. Қазір ағайындар Жалғас көкеме орталықтан асарлатып үй салып беруге кесек құйып жатыр» деп аяқтапты Нәбира хатын.
Мына жаңалық мені ерекше қуанышқа бөледі. Хатты барлық группаластарым, ұстаздарым оқып шықты. Кураторымыз Мұхтар Мағауин ағайым «соғыстың жазылмайтын жарасы ғой бұл. Қап, сорлы ана, сонша күткенде тым болмаса бір баласының оралғанын көре алмай кеткенін қарашы. Бұл тарихты сен жаз бір күні. Жаза аласың!» – деп төбемді көкке жеткізіп, жігерлендіріп қойды мені.
Кеңес өкіметі құлап, ауыл күнкөріссіз қалған соң Алматыда жұмыс істейтін, оқитын балалалары көшіріп әкетпек болғанда Жалғас көкем: «қолым зорға жеткен туған жерімнен кетпеймін» деп көпке дейін көнбепті. Кейіннен ауылдағылар Инабат атандырып жіберген Инна жеңгеміз көндірген көрінеді.
Инна жеңгеміз баланы туа жүріп, қазақша әдет-ғұрып, салт-дәстүрді ауылдағы «менмін» деген апаларымызбен бірдей меңгеріп алды. Сәлемді салып, «қайынаға-ау» деп тілін бұрап әңгіме бастағанда ол кісіні тыңдамайтын адам болмайтын. Бұл келіншектің ауыл әйелдерінен ерекшелігі – еркін, ойын бүкпесіз тура, не болса да әділін айтады. «Әй, мына көк көз тура Дәуапам болып келе жатыр. Мінезі, ақылы, қонақжайлық, тазалығына дейін апамнан аумай қалғанын қарасай» – дейтін апаларымыз біз елге барғанда.
Заман түзеле бастаған соң Жалғас көкем бәрібір Алматыда тұра алмапты. Кіші баласын алып «мен ауылыма қайтамын, апамның қасына. Малымды бағып, шаңырағымнан түтін шығарып, елімнің ортасында отырамын» – депті.
Балаларын бір көруге зар болып, өмірден жылап өткен Дәуапаның пейіліне қарай құдайдың бергені шығар, Жалғасынан тараған сегіз немересі сегіз отау болып, өсіп-өніп көбейіп жатыр.
Соғыстың соңғы солдаттарының қатарында елге аман оралған Жалғас көкемнің басынан өткен қиямет-қайым өмірі жайлы әңгіме бөлек…

Пікір қалдыру