Дала дауысы
(Ақын Есенбай Дүйсенбаевтың шығармашылығы туралы)
Іңкәр дүние уыз сәтінің тіршілік-әлемді бейбіт бесікке бөлеп, жер-көктің бәрін сезім тұнығына ұйытқан талма шағындағы бозала таңның боз шымылдығына қарап, таңның тұнбасынан қалай жұтып, қалай дем алғаныңды сезбейтін бейкүнә тіршілік мезетінің көкірегін тіліп, шыр етіп дүниеге келген сәби үнінен дір етіп есіңді жиясың! Бозторғай үні! Дала даусы! Дала гимні! Жарық дүниенің жаршысы жаңа бір күннің келгеніне адамдар мен адал тірліктен сүйінші сұрап тұрғандай… Таңның таңдайына жабысып жырлағанда даланың қоңырауындай күмбір-күмбір көкірек күйіне айналатыны-ай! «Таң алдында торғай шырылдай бере…», «Ертеңгісін торғай оятқанда…» деп елдегі есті қариялардың уақыт пен дүниенің осы бір сәтін бармақтай құсқа балап, еншілеп жататыны да көнеден келе жатқан өмір көшіндегі құйттай құстың үлкен перзент-қасиетін пайымдап, жүрек махаббатындағы парасат-пайымның иманына иланғандық болар. Сайрайтын сан құс бар, бірақ бозторғайдың жөні бөлек. Кейбіреулері жағдайы келіп, жөні түзелсе, әркез, әркімге, әрнәрсеге сайрай береді. Бозторғайда далаға тән тәкаппар-тазалық, бекзаттық басым. Өз уақытында, өз мәнерін өзгертпей, көңіліңді қүйқылжыта береді, өнерімен «көзге түссем» деп таласып-тартысып, түрленіп-құбылып жатқаны тағы жоқ. Пішіннің мазмұнға ауысқан мол мағынасы дегеніміз де осы болса керек.
Сәби-дүниенің кіндігін өлеңмен кескен кіндікәке Есенбай Дүйсенбаевтың бозторғай жырларына да көңіл көзін салайық:
Бозбауыр аспан иіп бір,
Рақат жаңбыр құйып түр.
Тобықтай ғана бозторғай
Тораңғыдан аласа,
Тобылғыдан биік тұр.
Толқын-толқын күйіне
Тоқсан тарау сыйып тұр.
Тылсым тартып дүние,
Тыңдай берді ұйып қыр.
Мықты болсаң, бозбала,
Өмірде сен де ой аулап,
Бозала таңдай бояу жақ,
Бозторғайдай күй ұқтыр!
Ақынның тұңғыш жинағы «Бозала таң мен бозторғайдағы» 13 жолдан ғана тұратын осы өлең сөзбен сурет сала білетін, дүниені сезімге орап сүйетін ақын келгенін айқайламай-ақ айтқан еді. Таң суретінің тамаша бейнесі фотографиялық түрмен емес, тіршіліктің жанды ләззат көңіл пернелерін басып, рақат күйін кештіреді. «Бозбауыр аспанның рақат жаңбырын» дүниенің, өмірдің рахман жаңбыры десе де болады. Солай да. «Тобықтай құс – тораңғы тобылғы» арасындағы үшбұрыш көркем көрінісі көз алдымызға жәй ғана келмей, даланың бейбіт болмысынан балқып көрінеді. Оған таңмен таласа оянған бозбала – бозторғай – ақын қарап тұр. Қарап тұрған жоқ, санасында сезіммен сурет салып тұр. Тұрған жоқ, тораңғыны айналып, тобылғы бойы биіктеп, бозторғай боп ән салып, күй болып қырды тербейді. Таң кірпігіндегі сәл-пәл мұңның өзін мүбәрәк сезім ерітіп барады. Бозторғай-ақын болашаққа деген өз арманын жырлайды.
Міне, ақынның шыққан жыр жинақтарын қайталап парақтай отырып, оның өлеңдерінен өмірбаянын анық аңғаруға болады. Ақын тағдыры, ақын мінезі деген қырық күрмеулі, шытырман оқиғалы сөзді салмақтап, иір-иір орманның ирек-ирек жолдары мен иірім-иірім сай-саласынан өткендей боласың.
Шын ақынның өмірін өзінің өлеңінен бөліп қарауға болмайтындығын түсініп, жалған күліп көлгірсімейтінін, күмпілдеп көсемсімейтінін, ауа райына қарай ауа көшпей, Ақиқат-Аллаға ғана бас ұрып, соған жету жолында, дауылға да, жауынға да, жағдайға да қарамай, өлермендікпен емес, өжеттікпен өрге қарай өзін сүйреп, көкірегі қан-қан, маңдайы сора-сора, пора-пора көз жасын көңілмен қақтап ішіп, қаһарлана, жаралы жауынгердей жағаға жылжиды. Жетсе жетті, жетпесе жолда кетті… Себебі, ол орта жолда ортайып, мәпақаға марқайып қалмайды. Күреседі. Күңіренеді. Күрсінеді. Күркірейді. Удан да ұрттап, балдан да жұтады. Уыт қайтарады. Ұлы жолға ұмтылады. Адалмен төс түйістіріп, араммен білек тірестіреді. Арманмен әруақтанып, ажалмен тәжікелесуден де тайынбайды. Себебі, шын ақын үшін өмір де өлең, өлім де өлең… Осы жолда не көрсе де пейіл. Бірақ арман сапарында қанша азапқа түссе де, қайғыға кездесіп, қамырықса да, жағадан тайып, қанішердей қанжарға жүгірмейді, халыққа жүгінеді. Солардың аузына қарап, бәтуалы сөзін іштей күтеді. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір, айтылатынына, өсекпен бірге өртеніп кетпейтініне сенеді…
Сенеді де жыр жазады, көңіл демейді. Бар нәрсенің өткінші екенін түсініп, өлеңмен емделеді. Жан тебіренісі, жүрек күшімен шыққан шынайы жыр ғана жұртшылық жанарында жана беретінін ұғынады. Бозторғай-ақын ажал- аждаһаның аузында жұтылып бара жатқан балапан тіршілікті қорғап қалу үшін құрбан болып кетуге де бар. Иә, жақсылық жасау адамдық қасиеттің ардақтысы болса керек. Оны да қолынан келген, жүрегі жеткен баһадүр ерлер ғана жасай алмақ! Себебі, ол адамдық ерлік қой! Жүрегінде жомарт жемісі бар адам ғана өзгеге үлес беріп, үлестіре алады. Ал төрт қарыс үстелге шынтағы тигенін дүниенің ұшпағына шыққандай көретін, тасырлығына тағдыры емес, таланты кінәлідай, көзіне сүйел шығып қарайтын, көрші үйді көргенін жер шарын көргендей түсінетін, өмірден емес, кітаптан көшірген қан-сөлсіз дүниесымағын көркем шығарма деп ұғынатын, кеңсеге аман келіп, үйіне сау жеткенін интеллигенттік деп білетін кембағалдар кімге не бере алады?! Олардан бір нәрсе күтіп күпті болудың өзі күпірлік қой. Ту-талақай қу тақырдан не шығады?
«Шындықтың қызыл шырайы» деген өлеңнің үш шумағын оқығанда осы ойларымыз беки түседі, әрі өмір жайлы жаңа толғаныстар келеді:
Өреді әркім мұратының өлеңін
Өмір атты белесте.
Адамдарды мен де екіге бөлемін:
Ақынға, дос
Және ақын емеске.
Ақиқаттың ауылына жол шегер
Ақын деймін барлық ұяң жанды мен.
Ақын болғың келсе егер, Ұят керек алдымен.
Сол болып шабыт құдайы,
Шырқыраумен де жетіле,
Шындықтың қызыл шырайы
Шықсын да түрсын бетіңе!
Бұл өлең шумақтарында тамыры терең ойлар бар. «Адамдарды екіге бөлгенде» – адамгершілігі бар я жоқ деп қарайды. Болмаса кез келген адамнан ақындықты талап ету емес. Яки жүрегі ба адам я жүрегі жоқ адам деген сөз. Аяу сезімі бар, иманы бар адам бар да, ожар, топас, қаныпезер бар деген ұғым. Әйтпесе, ақынбыз дегендердің өзінде де оңай олжа тауып, өзін, сатып жүрген өнердің өгей ұлдары да аз емес. «Ұяты жоқ, шындықтың шырайы бола алмайтындар», әрине, таланттылар үшін көлденең түскен қара кесел ғой. Өйткені олар шын өнер иесімен бәсекелесе алмайды. Сосын келеді де, тұлпарды сүріндірудің небір бір зымиян жолдарына бетінің арын белбеуіне түйіп те, түймей де бара береді. Ілгері озудың небір сайқал әдістерінен де именбейтін дәрежеге жетеді. Өнерімен биікке қол жеткізуге тырысады. Біреулері байлығын бұлдап, пұлдап, кітап шығарып, оны дорбалап арқалап базаршыдай сатып жүрсе, біреулеріне ғайыптан-тайып немесе шімірікпейтін бетпақтығына биліктің бас жібі тиіп қалуы да мүмкін. Дүние қараң қалмағанымен, шын талантқа ауыр жүк түсетіні де сондықтан… Соғыс кезіндегі жүдеу балалық, ақындық тағдыр, тоқырау кезінің тоғышарларымен тайталаса ақын өмірбаяны өлеңдерінен сонда көрінеді. Міне, Есенбай Дүйсенбаевтың ақындық өмірбаянының жолдарына аздап кідіріп қарайықшы:
Қаршадайда ел басына күн туып,
Қаралы үйде қаз тұрдым да, құладым…
***
Қар бораған қаршада мектепке
Жадымда әлі жалаң аяқ барғаным…
***
Елеусіз кезген кеше қыр
Қаршадай бала неше бір
Қара аспан құздан аса алған.
Ақкөңіл болды, тар емес
Таспенен көздер тасаңнан.
Өз бақытының іргесі
Өз күшіменен жасалған…
***
… Жарлы да қызық мол күнің
Жадыңда оттай жана ма –
Өмірдің сонау он жылын
Өткізген жатақханада?!..
***
Ендеше, қолға қару ап,
Айқаспағанмен атыс қып,
Балалық, күлкі – бәрі қап,
Соғысқа біз де қатыстық!..
***
…Күншіл жаңдар кімді қашан аяды,
Төбеңде ойнап жүр-ау әңгір таяғы.
Көлеңкеңді көк иненің көзінен
Өткізетін әдеті ғой баяғы.
Ақын өмірбаяны – оқи берсең, ақын өмірінің көп көріністеріне куә боласың; соғыс кезіндегі балалық, қиын тұрмыс, түйеқорамен бүйірлескен ақын бөлмесі, ауылдағы ақын, тоқырау тоғышарларымен тайталас, сумаңдаған өсек сөз, есермен егес, тағдырмен төбелес, соғыс жеңісі, ақын жеңісі… өлең – жүрек жемісі!
Әлқисса десек, сонау деп созып айтпағанымен, мынау деп көрсете қояр да емес бала кезімізде, ауылда қолдағы бірді-екілі қозы-лақты көктем шыққанда өріске өргізетініміз бар емес пе еді. Сондағы аспанға ілінген бозторғайдың әсем әуені керемет емес пе?! Боз бұлтпен бетін сүрткен бозғылт аспан, бұрқыраған боз жусан, бөз көйлектің ішінде бүршік жарған бозбала махаббат… Көз алдыңа балалықтан бозбалалыққа қарай білдірмей, өң мен түстей араласып боз бояулар келеді… «Иә, – дейді бозбала іштей булығып, – мынау Есенбай ақынның бозала таңдағы бозторғайы ғой, Жарқамыста ғана жырламай, біздің ауылда да бар екен ғой, бұрын қалай байқамай келгенмін?! Япырма-ау, биыл көктем былтырғыдан да ерекше, көркем ғой. Шынымен мен осы менмін бе? Анау кім… Бозжібектің ішінен бұйығып өтіп бара жатқан… Қарады ғой… Оның жанарындағы шоқ мұның жүрегіндегі белгісіз күшті сиқыр отпен сипап тұтатып жібергендей ме?». Тіл ұшына әуелдегі екі шумақ орала берді:
Көріңді бұлттан қиық күн,
Көңіл де ояу, көз де ояу.
Сен барсың бірақ, сүйіктім,
Бозторғай, бояу, боз бояу.
Боз бояу тұр ғой көзге ұрып:
Даланың аты – Боздала,
Жігіттің аты – Бозжігіт,
Баланың аты – Бозбала.
Боз бояу – ақын Есенбай Дүйсенбаев үшін өмірге деген іңкәрлік суреті. Тазалық, тәттілік шырыны! Өмірге деген алғаусыз сезім тұнығы, боз аспан, боз теңіздегі арманның бояу кемесі!.. Дүниеге деген философиялық-эстетикалық көңіл көзі, жан-сезімінің ынтызар ықыласы…
Осы орайда ақынды алғаш көргенім де ойыма оралып отыр. Ақтөбенің облыстық газетінде тәжірибеден өтіп жүргенмін. Ауылда жүргенде газеттен өлеңдерін оқып, «апырмау, ақын деген Алматыда болатын еді ғой, түкпірде бір ауыздан отты өлең жазып жүрген ақынды көрсем…» деген ертеректе есімнен қашқан ойымды жұтып жүретінмін. Қазір осы газетте қызмет істейді дегенді естігеннен кейін, кездессем деген ой көңілімді түрткілей берді. Алғаш сыртынан көрдім. Темекі тартып, терезе қарап тұр екен. Есендесуге батылым бара бермеді. Біртүрлі тұйықтық па, шаңқан шымырлық па байқалғандай болды. Содан бөлмеге келіп отырғаннан кейін, әлдебір ой әлімжеттік жасап, қамап алды: «Япырм-ау, неге барып амандаспадым… Ақынның лебізін неге тыңдамадым…
Басқаны былай қойғанда, амандасу ата салт емес пе!? Мен оған басқалар құсап жүгіріп өлең апарып жатқан жоқпын. Ау, бар болғаны сәлемдесу ғой… «Осы уәж маған жігер бітірді. Онда да, «өлең емес, өзімді апарамын ғой» деген бірегей байлам! Содан бір сәтті күнін күтіп жүре бердім… Бір күні ақынның өзі темекі тартатын тұстан – төменгі қабаттан көтеріліп келе жатқанмын. Міне, қызық! Бұлтаруға басқа жол болмай қалды – қарсы алдымда ақын тұр. Тәуекел! Сәлем беріп, амандастым. Құрақ ұшып, икемделе қойған жоқ. Сәлемімді алды. Тура қарады да, бетін бұрып, қысқа-қысқа жай-күйімді сұрады. Газеттегі жас жігіттерден өлеңге деген икемімді естіген бе, білмедім, бірден: «Өлеңіңді неге әкелмейсің? Практикаға келгеніңе бір жарым ай болы қалды ғой деймін!», – деді. Сұраулы сөз емес, сұрапыл сөз еді. Сәл үркіп қалдым. Үндемедім. Сосын: «Әдебиет бөлімінің бастығысыз ғой» – деппін, әлде әйтеуір сөз үшін бе, әлде ақынның тұйықтығынан тым алшақтап барамын ба? Әйтеуір ишарат. «Жоқ басқа кісі. Бірақ шын өлең болса, шығарамын!» – деді де, жалт бұрылып, «Беломорканалдың» бұраң бел бір тұқылын бұрыштағы қүлсалар жәшікке лақтыра салды да, көкшіл көзілдірігін бір түзеп, жүре берді. Боз көзілдірік, боп-боз ақын «Мәдениет бөлімі» деген есікті серпіп ашып кіріп кетті. Есік ашық қалды… басқа ләм-мим сөз жоқ. Орнымда тұрдым да қалдым. Қызық. Бір ақын туралы басқа жағдай елес беріп өтті. Кім екені есімде жоқ. Таң-тамаша жағдай. Әдебиет бөлімі емес, мәдениет бөлімі. Жұрттың бәрі сигарет тартып, ал небір жақсыларының дүкендердің сөрелерінде самсап тұрған кезі. Ал бұл адам «Беломорканал» тартады. Бізде ауылда оны, «Ащылауға жақсы. Құмарың бірден қанады» деп, шалдар ғана шегетін. Ақ көзілдірік, қара көзілдірік кигендерді көруші едік, бұл кісі көкшіл көзілдірік тағыныпты. Түс көріп оянғандай болып, ес серпітіп, жан-жағыма қарадым. Тек қана күлсалар жәшікке тура түспей, еденде етпеттеп бұраң бел темекінің тұқылы ғана жатыр… «Жағдай осы, жігітім!» дегендей…
Көңілді жұлқындырып жүретін студенттік шақ өмір жайлы толғандырса да, терең ойлантпайтын, басқа түспесе, білмейтін қырық қатпарын шын түсінуге мұрша бере бермейді ғой. Сол кезде ақын неге сонша боп-боз, ашулы деп ойлаған едім. Енді өлеңдерінен сол уақыттың бейне-бедерін көріп, ақын өмірінің ауыртпалықты сапарын көргендей боламын. Атақ та, абырой да, бақыт та басында тұрғандай азамат бес баламен Ақтөбеде пәтер жалдап жүреді екен ғой. Аурушаң әке бар. «Бар болса – көре алмайтын, жоқ болса – бере алмайтын» ағайындар бар сөз сүйреткен. Жалдамалы жерүй пәтерде шам жағып, түн ішінде өлеңмен тыныстай берген шағында ойнақ салып, шоршып, шиқылдап көртышқандар шығатын. Түнді күзеткен ақынға тыным бермей, «жазғыш болсаң, мені де жаз…» деп бір шиқылдап, «алаңсыз жортатын, қайдан келдің?» деп, «әй, түнгі ұрлығымнан қалдым-ау» деп, ине көздері жылтыңдап, жыпылықтайды. Ақын жазды: «Өй, төртаяқты мақұлық-ай!» — деп. «Көртышқандар» деген өлеңді қатырып қара тушпен қағазға түсіріп, бір-екі жиында оқыды да. Міне, сол кезде тоқырау уақытының тоңмойын екіаяқты мақұлықтары нысанаға да алып үлгерді. Жеңе алмағанмен, жанға тиетін қанша әрекет жасалмады дейсің. Ақын шыдады. Жеңді. Бірақ қанша уақыт кетіп, ақ екеніңді дәлелдеу үшін қанша жүйке тозды-ау дерсің!? Отбасыға да аз салмақ емес. Міне, ақын өлеңдерінен өмірбаянның осындай жолдарын да оқи аламыз.
«Бір ақын туралы басқа жағдай елес беріп өтті. Кім екені есімде жоқ» дедім бе? Шешуі кейіннен есіме түсті. Ол естеліктерден оқығаным екен. Атақ-даңқы аспандап тұрған айбынды ақын Александр Блок, оған Сергей Есениннің алғаш баруы екен. Әсердің аты әсер. Әрине, маған Есенбай ақынның Сережа деп қарамағаны мүмкін жағдай, бірақ менің тірі Блокты көргендей елестеткенім рас еді. Алғашқы әсер күндер өткен сайын ақын бейнесіне айнала берді. Бұл жерде бір ақынды бір ақынға салыстырып отырған жоқпыз. Ол мүмкін емес. Айтайын дегенім ақындық рух күштілігі, өміршеңдігі. Себебі:
Ақынды да арман деп сезініңдер
Айдай әлем айдынын тербетіскен.
Күннің астын құшаққа сыйғызбақ боп,
Күңіреніп жатпай ма көк теңіздер?!
Кемем қирап қалғандай кездер болса,
Көк теңізді ырқыма көндірмектен.
Бес шумақтан ғана тұратын өлеңнің алты жолы. Көл-көсір ақындық рух емес пе? Шарпысқан сезімдер қаншама. «Айдай әлемді тербеткен» жүрек күшінің қуатына тәнті болмасқа амал жоқ. Жұдырықтай жұмыр етте мына дүниенің қаншама көк дауылы соғып, ақ теңізі алқынып жатыр! Арпалыс. Жан арпалысы. Ал теңіздер де ақшулан толқындарын аспанға атып, «күннің астын құшағына сыйғызбақ боп» аласұрады. Аласұрған теңізді кеудеге сыйғызып, көзден шашылған сезіммен, жүректі жарған жайтолқындармен, мидың миллиард қатпарынан сығып, сыртқа ақ теңізге апарып құю кез келген ақынның мандайына жазылған бақыт емес. Ол ақындық өмірдің азап-сорын жерді көтергендей арқалап өтер ақиықтардың ғана бармақтай бағы! Сондықтан да оның:
Өйткені мен осынау ожданыммен,
Бозторғайдай арманшыл боз жаныммен
Билік құрып, дүние-ай, көксеймін-ау
Жүргізсем деп өмірді өз заңыммен! –
дегеніне кәміл сенеміз. Ақын арманына қызыға қарайсың. Дәл осы сөздерді мамық төсекте майлы жілік мүжіп жатқан адам, жазбақ түгіл, ойлана да, түсіне де алмас еді, өмір көрмей өтірік өлеңдетсе, ешкім иланбас еді. Қазіргі уақытта көп өлеңшілердің ақындық дәрежеге жете алмай, ауыл арасында шылбыр сүйретіп жүретіні сондықтан. Өмірдің мың сан бұралаң жол бұлтарыстары мен адам мінезінің қат-қабат қалтарыстарын сезініп, жүрек пен мидың қасиетті болмыс-бірлігін таба алмайтындықтан. Өнерді сатып күнелту үшін емес, сол өнердің бағын жандырып, бақыты үшін күресе алатын, азабын тартып, адал дүниені көктетіп, жасартып, жаңғыртар адами күрес. Ақынның заңы – адамгершілік жолы. Иман мен ұят, ар мен намыстың, обал мен сауаптың бояу-бедерімен, үн-дыбысымен, сезім-түйсігімен дүниені көріп, жылағанның көзін құрғатар, жығылғанның қадамын ұзартар, тарыққанға тірек, зарыққанға жүрек болар адал азаматтығы.
Жаршысындай ел мұңы мен шаттықтың,
Шын ақындық шыңы азаматтықтың, –
деген ақынның үлгі тұтар сөзіне құлдық ұрмасқа амал жоқ. «Ақын болу өз еркің, азамат болу – міндетің» деген Некрасовтың әйгілі сөзін еске түсіріп, оған үстеме мағына береді. Шын ақындық азаматтықтың шыңы! Азамат кәмелетке келіп, паспорт алумен ғана емес, елің мен жерін үшін қызмет ете білу, қара бастың қамы емес, халқыңның қамын ойлан, жүрегіндегі жарасына, денесіндегі дертіне дауа ізде, шын ақын сол жолдың ақсұлтаны болу керек дегенді жанымен тебіреніп айтады. Өлеңмен халықтың қолқанаты болуға шақырады. Өзінің азаматтық ой-пікірін, ұстанған принципін ағынан жарылып жырлайды. Ақын арман үшін ажалға өлеңмен соғыс ашады. Ол – азамат-ақындардың ғана маңдайына біткен сор-бағы! Ақын ол жайлы «Қайта бастау» деп аталатын дастанында жосылта жырлаған. Өзгені де тебірентеді. Жарық дүние үшін, өмір үшін жүрегін пәршелеп, жақсылық үшін күресіп өткен ғажап ақындардың – Махамбет, Шәкәрім, Қасым, Мұқағали, Төлегендердің ажалдары жайлы ашына айтады. Оларға оғы атылған пендешілік, топастық, тоңмойын тоғышарлық жайлы қатты күйзеледі. «Ажал, ажал!» дейміз, ал адамдар ақынның ажалы болса, қандай қасірет?! Жер бетінде одан өткен қылмыс болмақ емес қой. Ол пенденің озбыр өңеш адам-айуанға айналуы емес пе!?
Елім деген есіл ақын Мұқағали табытының қасындағы қаралы шеруді көрген ақын өлген ақынның дұшпан-пенделерінің өтірік кемсеңдегендерін де аңдап қалыпты:
Көрдім мана:
Қарауылда Құрметті
Ажалдары түрды ақынның басында!
Адам деген Ажал екен расында! –
деп күйінеді. Суық сөз, жан түршігеді. Осы сәт біздің де қайран ақын қаза болғанда студент кезімізде сабақтан қашып, Мұқағалиды жерлеуге барғанымыз үшін стипендиядан қағылып, жатақханадан қуылып, «жетімбұрышта» сүмеңдегеніміз де есіме түсті. Неткен өмір десеңші қарама- қайшылығы мол!
Дастанның «Бозаңдағы бозторғай» деп аталатын үзігінде ақын өз өмірінің талай-талай суретін бейнелей келіп, бозторғай құстың тіршілігіне тағы да ойланады. Оның елге, жерге деген перзенттік махаббатына тәнті болады. Жақсылық болса қуанып, жаманшылыққа түршігетін беймаза көңіліне ризалық білдіреді. Табиғаттың, тазалықтың, дарқан даланың, жақсылық жаршысының жүрегі неге дірілдеп, неден сескенетіні әдемі айтылған.
Өлең-торғай, өміріме жел берген!.. –
деген бір жолда қанша мазмұн сыйып тұр десеңші! Ақындық өмірдің бүкіл болмысына мағына болып өрілген бармақтай бақ құсы – ақын-бозторғай бозторғай-ақынмен бірге даланың дүние дауысы болып оның бар бояу, бар әуені, бар сезімі, бар мұңы мен шаттығы, бар тыныс-тіршілігі болып биіктей береді. Өйткені бозторғай тілек Өлең мен Ақын – Есенбай Дүйсенбай дегендей, аты мен фамилиясы болып ұйқасып, қатар аталы тұр. Ақынның да өмірдегі таудай тағы емес, бармақтай бағы сол болса керек.
Серік САТАНОВ