Ділім – білім мен ғылым

Әлемдік статистикада мемлекеттердің даму деңгейін анықтайтын рейтинг­тер баршылық. Оларды әртүрлі институттар мен орталықтар жариялайды.
Сананы болмыс анықтайды, әрине, солардың ішінде жұртшылықты өте-мөте қызықтыратыны – экономикаға, бизнеске, капиталға, инвестицияға қатысты көрсеткіштер. Ол да заңды, өйткені дамыған елдер дәл осы критерийлермен ерекшеленіп, кенжелеп қалған басқалардан басып озуда.
Бірақ, материалдық сипаты бар осыншама жетістіктердің түп негізінде бір құдырет бар. Оның аты – сана, ой, идея, жаңалық секілді адамзатты алға жетелейтін факторлардың бастауы – білім мен ғылым.
Білім мен ғылымы озған ел озады, осы екеуі тозған ел – азады да тозады.
Алдымен, терминологиялық түсінбестіктерден бастасақ.
Көп жағдайда біз білім мен ғылым секілді, бір-біріне етене жақын, бір-бірінен туындайтын, сонымен бірге, бір-бірінен мүлдем басқаша болмысы бар екі дүниенің ара жігін ажырата алмаймыз. Тұрпайы түсінікке салсақ, білім – танымның алғашқы сатысы да, ғылым – оның одан биігірек тұрған, одан гөрі толысқан сатысы боп қабылданады. Қарапайым тілмен айтсақ, бірінің құжаты – аттестат пен диплом, екіншісінікі – докторлық не академиялық құжат.
Бірақ, шынымен де солай ма?
Меніңше, осылайша жіктеп, адамзат ойы мен қимыл-әрекетінің аса маңызды қос саласының арасына жасанды шекара орнатып қою жаһандану талаптары тұрғысынан алғанда қате.
Әрине, ведомстволық мүдделерге салсақ, әр салаға жеке-жеке басшы белгілеп қоюға болар. Бірақ, қоғам және мемлекет өмірін тиімді реттеп, әр саланың дамуы тұрғысынан келгенде, мұндай көзқарас жеткіліксіз.
Өйткені, осы екі сала бір-бірінен айырғысыз, егіз туған. Бір-біріне тәуелді.
Білімі таяз адам ғылыммен айналыса алмайды, білімі кенжелеп қалған қоғам ғылымын да жөнді дамыта алмайды.
Сонымен бірге, ғылымы неғұрлым озық болса, сол қоғамның білім саласы да соғұрлым алда, ғылыми жетістіктер өз кезегінде білім саласын байытады, сөйтіп, ол саланың өсіп-өркендеуіне септігін тигізеді.
Пендешілік тұрғыдан алғанда, бізде білімді адам мен ақылды адамды шатастыру бар.
Бірақ сауатты адамның бәрі ақылды, немесе (керісінше) ақылды адамның бәрі кітап қазынасына кенелген, білім бұлағынан сусындаған, таным тылсымына терең бойлаған деп айта аламыз ба? Оқулықтар мен хрестоматиялардан да тыс білім, қала берді, туа біткен қасиеттер бар емес пе?
Философиялық тұрғыдан алғанда, ең бақытты адам – ақылсыз адам. Өйткені ақылдың азабы көп, айналасын неғұрлым тани үскен ол «Неге олай? Неге бұлай?» деген сұрақтар қойып, өзі мен өзгені мазалай бастайды. Оның өзі әділеттіктен гөрі әділетсіздігі, шындықтан гөрі өтірігі көбірек мына жалғанда шынымен де азап.
Ақылды адам оның үстіне жан-жақты сауатты, терең білімді, болмысты ешбір боямасыз, сол қалпында қабылдай алатын, содан тиісті түйін түйе алатын болса ше? Онда ол азаптың азабына тап болады!
Ақылды адам – адамзаттық прогрестің (ілгерілеудің) бірден-бір кепілі, өйткені ол тек қана болмысқа ғана емес, ең бастысы, өзінің жеке басына сыни көзбен қарайды, өз кемшіліктері мен қателіктерін біледі, солармен күресуге қауқарлы.
Ал әр адамның дамуы – тұтас адамзаттың дамуына қосқан бір үлес!
Әрине, бұл тақырып – бір мақаланың емес, том-том трактаттардың жүгін арқалар тоғыз қырлы, тоқсан сырлы тақырып. Сондықтан бұл жолы тек осы саланың көзге ұрып түрған тұстарын ғана талқылайық.
Біріншіден, жүйелі және жүйесіз түрде келіп-кететін үкіметтер тым жиі ұрандата беретін, сондықтан әбден жауыр болған, саяси сәнге айналып кеткен «адами капитал» деген ұғым бар. Білім мен ғылым да осы адам капиталының сан және сапа жағынан дамуына үлес қосатын бірегей салалар емес пе? Осы екеуі өндіріс болса, адам капиталы олар өндірер тауар десе де болады.
Соңғы кезде осы терминді орынды да, орынсыз да қолдана беретін жаман әдет қалыптасты. Тіпті оның түпкі мән-мағынасына бойлай бермейтін шенділер де осы ұғымды өз баяндамаларына міндетті түрде қосатын әдетке айналдырып, өзінің псевдоинтеллектуалдық деңгейін көрсеткісі келетінін қайтерсің.
Бір қызығы, көбі осы тіркестегі екінші сөзге, яғни өзіндік сиқыры мен тартымдылығы бар «капитал» деген сөзге баса мән беруге әуес: күшті сөздің арты диірмен тартады деген осы болар.
Ол да түсінікті: қаржы көп нәрсені шешеді.
Көпшілік «капиталды» тек қана «қаржы», «ақша» мағынасында қабылдайтыны қынжылтады. Иә, қаржысыз мәселе шешу қиын.
Алайда дәл осы сөз тіркесінің тағы да қосымша қос мәні бар сияқты.
Алдымен, дәл осы жерде «капиталдың» анықтамасы кеңірек, ол, менің пайымдауымша, тек қана қаржыны ғана емес, адамды жан-жақты әрі үйлесімді (гармониялық) дамыған жаратылыс ретінде қалыптастыру үшін қажетті нақты қимыл-әрекетті, тиісті бағдарламалар мен жобаларды, ең бастысы, мемлекет не жеке тұлға тарапынан танылатын ерік-жігерді, керек десеңіз, тұтас бір саясат саласының негізін білдіреді. Және ол негіз материалдық қана емес. Оның идеалистік, гуманитарлық сипаттары бар.
Өкінішке орай, дәл осындай кемел де кешенді көзқарас біздің жағдайда көзге көрінбей-ақ тұр!
Сонымен қатар, «капитал» сөзі бұл жерде катализатор, яғни белгілі бір үдерісті (процесті) жеделдетіп, еселей түсуге қосымша қуат, мүмкіндік беретін қозғаушы күш мағынасында қолданылып отыр.
Бірақ, қаржы қаншама қауқарлы әрі қажет болғанымен, меніңше, осы тіркестің басты сөзі әрі ұғымы, негізгі ұстыны мен ұстанымы – капитал, яғни ақша емес, «адам».
Екіншіден, айта-айта, әбден жауыр болған мәселе бар: біз 30 жыл бойы қолда бар орасан зор мүмкіндіктерге қарамастан, өз бесігімізді, алтын ұямызды, яғни мектебімізді түзей алмадық!
Осы күнге дейін үш ауысымда (!) білім беретін мектептер бар. Әжетханасы сырттағы мектептер азаймай тұр! Күнделікті қажеттілікке айналған Интернет байланысы жоқ елді мекендер қаншама!
Оның есесіне… мешіттер көбейді.
Есіме түсіп кеткені. 2005 жыл, кезекті президент сайлау науқаны. Сол кездегі бірегей кандидат әріптесіміздің сайлаушылармен барлық облыстағы кездесуін өзім бастап, жүргізген едім.
Ұмытпасам, Қызылорда облысы болса керек. Залдан бір апай шығып:
Біздің ауылда осы күнге дейін мешіт жоқ. Басқа ауылдарда бар, бізде ғана жоқ. Соны салып беруге қол ұшын берсеңіздер, – деген өтініш айтты.
Мен:
Ауылыңызда мектеп бар ма?
Ол:
Жоқ.
Мен:
Аурухана бар ма?
Мен:
Кітапхана бар ма?
Ол:
Жоқ!
Мен:
Апай-ау, Құдай әрқайсысымыздың жүрегімізде ғой. Онымен тілдесу үшін мешіт болуы шарт емес. Бірақ, ауылда балабақша, мектеп, аурухана болмағаны қалай? Алдымен соны ойластырғанымыз дұрыс болар!
Міне, өкінішке орай, көп жердегі жағдай мен жалпы түсінік осындай!
Меніңше, дәл осы масқаралардан құтылмай, бюджеттен басқа (мәселен, жаңа әкімшілік кеңселер мен басқа да аса қажеттілігі жоқ ғимараттар салуға, шенеуніктерге арналған автокөлік сатып алу) шығындарды доғару керек! Барша баланы мектеппен қамтамасыз етпейінше, мешіттер тұрғызу уақытша мораторий жарияланса да, Жаратқан ием ренжи қоймас. Ал мешіт салғысы келген қалталылар сол қаржысына мектеп не аурухана салса, нұр үстіне нұр, нағыз сауап сол болар еді.
Өз болашағын ойлайтын мемлекеттің шынайы қадамы осындай болмақ!
«Ұлы адамдар провинцияда туып, Парижде өледі», ұлттың зиялылық коды ауылда екенін ескерсек, ауыл мектептерінің жағдайын түзеу – жалпыұлттық деңгейдегі тұғырнама болуы тиіс. Әйтпесе, соңғы кезде қаржы және техникалық жабдықталу жағынан қала мектептері озып кеткені де рас: ауыл мектебі жетім баланың күйін кешпеуі тиіс.
Мектеп тек қана сауат ашу, білім беру мекемесі ғана емес, тұтас бір ұрпақты тәрбиелеп шығатын институт екенін де естен шығарып кеткендейміз. Қоғамдағы қарым-қатынас, жүріп-тұру, жұртпен араласу, ізетті болу этикетін сана мен тұрмысқа сіңіріп қана қоймай, толыққанды, толысқан, жан-жақты дамыған, мінезді әрі әрекетке жарамды Азаматты тәрбиелеу! Білім ордасының осы маңызды өркениеттік функциясының берері көп!
Шынын айтсақ, кейде мың құбылып тұратын саясатты да алтын ұямызға енгізіп жібереміз! Ол — барып тұрған белден басушылық әрі енді ғана қалыптасып келе жатқан бала психилогиясына, оның өркениеттік дамуына, азамат ретінде қалыптасуына тиер орасан зор кесір!
Өскелең ұрпаққа әділеттік пен шындықты, гуманизм қағидаттарын насихаттауға тиіс ұстаздардың саясатпен араласуына, соның ішінде сайлау комиссияларының құрамында жүріп, белгілі бір саяси күштің сойылын соғуына ресми түрде тыйым салу қажет! Ұстаз дегеніміз бейпартиялық, жалпыұлттық мәртебе!
Осы орайда мұғалімнің беделі туралы айтпасқа лаж жоқ. Айлықтан айлыққа қарап қалып, күн көрген, жан-жағына жалтақтап жүрген ұстаз қауымы, әрине, абыройлы бола алмайды.
Бірақ шынайы бедел тек жалақыны көтерумен шешілмейді.
Бұрын оқушы мұғалімнен именетін еді, бүгінде мұғалім баладан, оның ата-анасынан қорқатын болды.
Бұл да қоғамдық сананы жайлаған хайп пен хейттің салдары деп білемін.
Бұрындары жиындар мен той-томалақтың төрінде ұстаз отыратын. Бүгінде сол мәртебелі тұлға атқарушы өкімет пен билік партиясының қолбаласына айналып кетті де, заман төріне шенділер мен қалталылар озды!
Аса мәртебелі Ұстазды қоғамдағы, дастархандағы өзіне лайықты орнына қайтаратын уақыт келді!
Мектеп қабырғасында еркін ой, балама пікір, адам құқы мен бостандықтары сияқты іргелі түсініктерді өскелең ұрпақтың санасына сіңіру ісі де қолға алынса. Иә, тәртіп керек, бірақ ұлт болашағын ойласақ, азат ойлы азаматтар ғана өзінің ғана емес, өз елінің келешегінің кепілі бола алады!
Баланың бойына туа біткен талантын, белгілі бір кәсіпке бейімділігін мектеп қабырғасында жүргенде-ақ анықтап, соған баулып, жөн сілтеп, тиісті бағыт-бағдар беру ісі де бізде ақсап жатыр. Әсіресе, икемі мен қабілеті бар балаларды ғылымға жастайынан баулуды кешенді түрде қолға алу – кезек күттірмейтін міндет.
Үшіншіден, нарықтың аты – нарық, сондықтан да білім беру саласында ақылы мектептер мен ЖОО пайда болуы – заңды құбылыс. Оқыту ісінің түгін тартса, май шығатынын біліп алғандар баршылық: ішінде анадай бар, мынадай бар.
Шынын айту керек, бүгінде ел арасында «ақылы мектептегі білім беру сапасы тегін мектептегіден артық, сондықтан да баланы ақылы мектепке беру керек!» деген тым тұрпайы әрі қарабайыр пікір қалыптасқан. Әсіре либералдардың жиі айтатын «мемлекет – ең нашар менеджер» деген қасаң да қисық қағидаты дәл осы жерде артықтау әрі орынсыз секілді. Өйткені мемлекеттік мектептің тәжірибесі, кадрлық әлеуеті, дәстүрі – өз алдына бір төбе. Содан айрылып қалмау керек!
Сол себепті мемлекеттік мектептің абыройын ойлап, оны тиісті, көңіл толарлық қаржы мен соған лайық кадрмен қамтамасыз етуді жақсарту — нақ сол мемлекеттің төл ісі!
Ақылы оқу орындарының, әсіресе, университет пен институттардың болғаны дұрыс: оқу саласында да бәсеке пайда болады, әр адам өз жағдайына қарап, қай жерде оқитынын таңдай алады дегендей.
Бірақ, дәніккеннен құныққан жаман, әр оқушы не студентке қосымша қаржы көзі ретінде қарайтын теріс психология қалыптасты да, ректорлар сапаның орнына сан қуып кетті, ол болса, ағарту ісіне орасан зор нұқсан келтіруде!
Дипломды сатып алу ісі даңғыл жолға қойылғаны ше? Осы аласапыран жылдары оқымаған, тоқымаған мамансымақтардың тұтас бір армиясы дүниеге келді емес пе?!
Мұғалім беделі туралы әңгіме ЖОО басшылары – ректорларға да қатысты. Бүгінде «ЖОО ректоры» деген атақтың өзі тым құнсызданып, жеңілденіп кеткен сықылды. Бұрындары ондай қызметтегі адамдар шынымен де елден ерекше тұлға еді, білім беру мен ғылымда орнын ойып алған, ұйымдастырушылық қабілеттерін дүйім жұрт мойындаған, аузы дуалы болатын, олардың сөзімен ел де, билік те санасатын, өзінің кәсіби ортасында ғана емес, бүкіл қоғамға танымал, беделді, ал кейбіреуі есімдерін осы күнге дейін халық ризашылықпен еске алатын жалпыұлттық деңгейдегі қайраткер болатұғын. Бүгін болса, олардың қатары тым ұсақталып кетті ме, қалай? Әлде диплом сатып үйренген олар ректор қызметін де сатып ала салады ма?! Не болса да, бұл – ректорлық креслоға кездейсоқ жайғасып алған бір адамның ғана емес, тұтас кадр жүйесіне қатысты мәселе болса керек…
Диплом алып, жұмыссыз сандалып жүрген жастар қаншама! Экономикаға қажет мамандардың саны алдын-ала есептеліп, ЖОО-ның студент қабылдау жоспарларында ескеріліп, жыл сайын реттеліп отырса, бәлкім, дәл қазіргідей диплом алса да, мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүрген жастарымыздың қатары азаяр ма еді?! Әйтпесе, обал-ақ: талабы таудай боп, жоғары оқу орнын тәп-тәуір тәмамдаған ұл-қыздарымыз таңдаған кәсібіне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жұмысқа тұруға мәжбүр! Сөйтіп, маман ретінде қалыптасатын алтын уақытын бостан-босқа өткізуде.
Мұндай реттеу ауылдан қалаға арман арқалап келген жастарымыздың ең басты проблемасына айналған – жатақханамен қамтамасыз ету ісіне де оң ықпал етер еді. Әйтпесе, ақшаның соңына түсіп, әбден құнығып, тақыр жерден шөп шығарған ол ЖОО басшылары жатақханадағы орындардың жету-жетпеуіне қарамастан абитуриенттерді қабылдай береді де, нәтижесінде мыңдаған жас көзі жаутаңдап, «жетім бұрыштарды» сағалап жүреді…
Айтпақшы, білімді шартты түрде техникалық және гуманитарлық деп бөлудің де кесірлі салдары бар екен. Аракідік, көбінесе нарықтағы еңбек ресурстарының жағдайына байланысты осы екеуінің қайсысы басым болу керек деген қауіпті пікірталастар өршіп кетеді.
Иә, экономиканың еңбек ресурстарын дайындау жөніндегі қатал заңдылықтарын жоққа шығара алмайсың. Оларға ағымдағы, сондықтан да мың құбылып отыратын саясатты араластырудың еш керегі жоқ. Командалық-әкімшілік тұтқаларды араластырып, бірінен екіншісін жасанды түрде жоғары қою – сабырлы да салиқалы саясатқа жатпайды. Бір сөзбен айтқанда, өркениеттік даму мен нарық заңдылықтар бәрін өз орнына қояды. Әйтпесе, инженер керек еді деп, материалдық игілік өндірмейтін шығармашылық мамандықтарды тәрк ету – білместің ісі болады.
Төртіншіден, кез келген саланың тағдырын қаржы шешеді. Оған қатысты тиісті заңдар мен ережелер қабылданған.
Білім мен ғылым саласын қаржыландыру жыл сайын үкімет бекітетін бюджетке байланысты. Ол болса, экономикалық конъюнктураға, кей жағдайда объективтіктен гөрі субъективтікке тәуелді боп қалады. Ондай орашолақтыққа жол бермеу үшін қаржы бөлуді жалпыұлттық ішкі өнімнің нақты бір бөлігіне (өркениетті елдерде ол ЖІӨ-нің белгілі бір процентіне тең) «теліп» қойған жөн болар. Сол кезде бөлінетін ақша көлемінің де танабы тартылмай, біршама тұрақты болады.
Білім мен ғылым саласына қаржы бөлуге ниет танытқан компаниялар мен жеке тұлғаларға салықтық және басқаша да жеңілдіктер беру де заңдастырылып қойса.
Десек те, заманың түлкі болса, тазы боп шал, біз де, өкінішке орай, осы өзекті де орынды мақалдың соңына түсіп, соның кейбір кесірлі әсерінен айрыла алмай жатамыз.
Мәселен, ғылыми зерттеулерге қаржы бөлгенде олардың экономикалық пайда келтіру коэффициентіне назар аудару негізінен қисынды: шынымен де мемлекет (немесе жеке қалтадан) жұмсалған ақшаның қайтарымы болғаны жөн. Ондай талап пен бақылау болмаса, жыл сайын бөлініп жатқан қаржы талан-таражға түсіп, құмға сіңген судай ізсіз-түзсіз жоғалып кетуі ғажап емес. Оның үстіне біздегі жария және жасырын жемқорлықты қосып қойыңыз!
Өкінішке орай, осы әбден орынды талап бізде біршама бұрмаланып, жөппелдемеде ғана табыс әкеліп, пайда келіретін ғылыми ізденістерге бой ұру тенденциясы орнығып келеді.
Мәселе – көп уақытты, қомақты қаржыны, қажырлық пен шыдамды­лықты, керек десеңіз, әр ізденушіден өз ісіне берілгендік пен фанатизмді қажет ететін, нарықтық талаптар тұрғысынан алғанда, тиімділігін тез арада таныта ала алмайтын іргелі ғылымдарда.
Іргелі ғылымдарсыз үлкен ғылымның іргесі берік болуы мүмкін емес!
Нақты ғылыми жобаның тиімділігін анықтау дегеннің өзі не?
Мәселен, экономикалық табыс әкеле бермейтін, өзгеше, өркениеттік өлшемі бар гуманитарлық салалардағы зерттеулерді нендей критериймен, нендей коэффициентпен өлшейміз? Таразы басына бір келі алтын мен дәл сондай салмағы бар ғылыми еңбекті салып, өлшеу барып тұрған әбестік емес пе?! Мәселен, ұзақ жылдар бойына бір жерде жүргізілетін археологиялық қазба жұмыстары немесе көз майын тауысып, архивтер мен кітапханаларда тапжылмай отырып жазылатын тарихи не филологиялық зерттеулердің экономикалық қайтарымын қайтеміз?!
Сондықтан, шаш ал десе, бас алмай, ғылыми жұмыстардың қолданбалы сипатын да біржақты абсолюттендіріп жібермей, құнды қазыналарымыздан көз жазып қалмайық.
Бесіншіден, мемлекеттің ғылыми саясатын жүргізетін ұйымдық құрылымдарға қатысты ұлттық деңгейдегі келісім керек.
Біз әлі де кешегі Совет Одағынан мұра боп қалған идеологиялық атавизмдердің құрбаны боп келеміз. Содан болар, қоғамдық санада еліміздің ғылыми саласының басты провайдері әрі символы – Ұлттық ғылым академиясы (ҰҒА) туралы әрқилы пікір қалыптасқан.
Иә, ол кезде индустрияландыру, кейін Батыспен бәсекеге түсеміз деп бар күшін жаппай қару-жарақтануды басты мұрат еткен коммунистік режим шынымен де ғылымның дамуына қыруар қаржы жұмсады. Алғашқы боп атом бомбасын ойлап тапты, тұңғыш ғарышкерді аспанға ұшырды (айтпақшы осы жетістіктердің екеуі де қазақ жерінде жүзеге асты, соның адами, медициналық һәм экологиялық, моральдық-психологиялық қасірет-зардабын ұлтымыз әлі де тартып келеді!).
Иә, ҰҒА-да атағы жер жарған академиктер отырды. Олармен осы күнге дейін мақтанып келеміз. ҰҒА және оның құрамындағы ғылыми-зерттеу институттары бюджеттен қомақты қаржы алды. Академия мүшелерінің жалақысы, материалдық жағдайы, қоғамдағы ерекше мәртебесі туралы әңгіме – өз алдына бөлек тақырып: әр академик бір министрге татитын.
Қазір ше? ҮҒА қатардағы қоғамдық ұйым деңгейіне түсіп, оның ел ғылымын дамытудағы ролі біраз шектеліп қалды. Мәселен, он адам жиналып «Жалпыұлттық ғылым академиясын» құра алады: қаржы болса, болды. Сондықтан да бүгінде атына заты мүлдем сай келмейтін неше түрлі «академиялардан» көз аша алмай қалдық.
Сөз жоқ, қоғамдық ұйымдарды тіркеуде еркіндік керек-ақ, ол конституциялық талап әрі мүмкіндік. Бірақ, санды қуамыз деп сападан айрылып қалғанымыз және о баста өзінше орны мен беделі бар, бастауын сонау көне заманнан, Афиныдағы «философтар мектебінен» алатын «академия» деген абыройлы ұғымның қадірін кетіргеніміз де рас…
ҰҒА мәртебесін көтеру жөнінде соңғы кезде біршама жаңалықтар қолға алына бастаған сықылды. Бірақ, әзірше нәтиже жоқ.
Сонымен бірге, ҰҒА немене басқа да ғылыми ұйымдар әр ғалымның, әр ізденушінің еркіндігін, тәуелсіздігін, балама пікір мен бейресми ойын жаншып тастайтын әкімшілік аппарат болмауы тиіс. Білім мен ғылымда да демократия қағидаттары, пікір бостандығы, ғылыми ой плюрализмі орнығуы шарт! Жоғарыдан бекітілген пәтуаны қайта қарайтындарға қарсы күрес жүргізген инквизиция заманы емес қой бүгінде!
«Галилейдің әріптесі де Жер Күнді айналатынын білді. Бірақ ол қасқаның отбасы болды» деген қанатты сөзді жәл осы тұста қолдануымыз әбден орынды болар.
Бұл қағидат, әсіресе, қоғамдық ғылымдарға тікелей қатысты деп ойлау – қате. Жаратылыстану мен дәл ғылымдарда да өзара пікірталас, балама, идеялар бәсекесі жоқ деп кім айта алады? Бір жоба мен екінші жоба, бір ағым мен екінші ағым ымырасыз қарама-қайшылыққа келіп, ақиқат үшін қиян-кескі күрескен нағыз драмалар кафедралар мен лабораторияларда, аудиториялар мен тәжірибе алаңдарында қойылып жатқан жоқ па?!
Бір байқағаным, кей кезде кей мақтаншақтар қандай жоғары оқу орнын бітіргенін айтып, көкіп жатады.
Меніңше, мәселе нақты университет не институтта емес, мәселе – өз бетімен білім алуда: небір атақты университетті түк те білім алмай тәмамдаған пақырларды да өз көзімізбен көріп жүрміз ғой, ал қатардағы жоғары оқу орнын бітірген кейбіреулер өз мамандығының шыңына шығуда!
Сондықтан, алтыншыдан, өмірдің өзі онлайн режимге көшкен мына заманда өз бетімен білім алу жүйесін мықтап қолға алу керек!
Ол үшін барлық мүмкіндіктер бар.
Мәселен, 80-жылдары студент кезімізде Алматыдағы Ұлттық кітапханаға барып, ойын-қызықты тәрк етіп, көз майын тауысып, кітап оқитынбыз. Ол кезде әлемнің бар байлығы сол ғимаратта еді, басқа жерде жоқ.
Мәселен, Аристотельдің «Поэтика» кітабына қол жеткізу үшін кәдімгідей ұзын-сонар кезекке тұратын едік! Өйткені кітаптардың саны аз, ал оны оқығысы келетін (шынын айтсақ, оқуға тиіс!) студенттердің қарасы көп. Кезектесіп оқымағанда не істейміз?
Қазір болса, жағдай мүлдем басқаша, кітап оқып, білімімді жетілдіремін деген кез келген адамның қолында бар мүмкіндік берілген: әркімде, бала-шағадан бастап, бір-бір смартфон (кішігірім компьютер), Интернет арқылы әлемнің барлық кітапхана қорларына есік ашық!
Бара-бара болашақта лекция оқитын аудиториялардың өзі қажет болмай қалатын сияқты.
Міне, дәл осы технологиялық жетістіктерді ұтымды пайдалаланып, үйде отырып-ақ білімді шыңдап қана қоймай, заманауи мамандықтарды тым жақсы меңгеріп алуға болады-ақ.
Иә, бүл күндері осы сала өздерін «тренер», «коуч», керек десе, «гуру» санайтын пысықтардың қолына өтіп кетіп, олар аңқау елдің арқасында байлыққа кенелуде (ол да жабайы сипаты бар нарық заңдарына сай құбылыс).
Дәл осы болашағы – берері де, алары да – мол әрі әр адамның, тұтас қоғамның білім деңгейіне тікелей ықпал ететін, оған қоса ұрпақтардың сана-сезімін қалыптастыра алатын саланы мемлекет, соның ішінде ағартушылық функциялары бар ұйымдар мен мекемелер, неге өз қолына алмайды?
Жалпытанымдық сипаты бар тақырыптар мен пәндерден бөлек, нақты мамандықтарды игеруге жол ашатын арнайы курстарды сондай ақпарат пен білімге сусап отырған жұртшылыққа тегін таратуға болады ғой?! Қазіргі технологиялық мүмкіндіктерді ескерсек, оған жұмсалатын қаржы да аса көп бола қоймайды, тек ниет пен әрекет болса, жетеді.
Араға небір алаяқтар түсіп, жалған курстар ашып, елдің ақшасын жеп, сауатсыздардың қатарын көбейтпеуі үшін бұл саладағы қызметті мықтап сертификаттап қою керек!
Мұндай бастама ел ішін жайлап кеткен жұмыссыздықты жоюға да өз үлесін қосар еді: осындай курстар, қажет болса, кешегі орташа техникалық білім жүйесінің орнын басып қана қоймай, өз кәсібін ашуға ниеттенген еті тірі, белсенді азаматтарға шағын және орта бизнеске даңғыл жол ашып берер еді.
Күнделікті өмірден бір көрініс: Олимпиада немесе басқа да халықаралық жарыстарды жүлделі орын иеленген спортшыларымызды ұлт батыры деңгейіне дейін көтеріп, жер мен көкке сыйғызбай мақтап, мадақтаймыз. Оларға ерекше сый-құрмет көрсетіп, ақшалай сыйлық, пәтер, көлік сыйлайды. Ол да дұрыс болар, өйткені алтын, күміс не қола медаль күнделікті жаттығумен, маңдай терін төгумен келеді. Ол үшін ерекше қабілеттермен бірге, ерен еңбекқорлық, таптырмас табандылық, шексіз шыдамдылық қажет-ақ. Ол екінің бірінің қолынан келе бермейді.
Бірақ, халықаралық деңгейде дәл сондай жетістіктерге қол жеткізген, мемлекеттің атын шығарған ғалымдарымыз, басқа да интелектуалдарымыз неге дәл осындай дәрежеде дәріптелмейді?! Олар да жылдар бойына тапжылмай отырып, бар күші мен уақытын сарп етіп, өз салаларында үздік боп танылды емес пе?!
Сол себепті, жетіншіден, мемлекет білім мен ғылымда ерекше жетістіктерге қол жеткізген дарындарды өз дәрежесінде марапаттау, сол арқылы өскелең ұрпақты ынталандыру ісін дереу қолға алуы тиіс.
Бата бергеннің өзінде аталары немерелеріне: «Президент бол! Министр не әкім бол!», одан қалса: «Сот не прокурор бол!», – деп, лауазымды қызметке барғанын тілеп жатады емес пе?
Бала кезімізде амандасқанымызда ауылдағы үлкен кісілер: «Көп жаса! Үлкен жігіт бол! Молда бол!», – деп, арқамыздан қағып жататын. Соған кәдімгідей риза боп, бір жасап қалатынбыз. Сол тілек қанат бітіргендей болатын . Өйткені, сол кезде ауылдағы молда шынымен де ең сыйлы адам болатұғын: барлық астарда төрде отырады, үлкенді-кішілі жұрттың бәрі соның сөзіне құлақ асады. Материалдық жағдайы да жаман емес дегендей.
Бәлкім, жоғарыда аталған шенді қызметтерді тілеген аталары өз тұяқтарының ел ішінде сыйлы, құрметті болып, қарны аш болмай, дәулетті өмір сүруін қалаған соң сондай жүрекжарды сөздерін жаудыратын болар.
Дұрыс емес! Осындай лауазымшыл батагөйліктен бас тартатын кез келді! Балаларға кішкентайынан бағыт-бағдар беру осындай бата мен тілектерден басталады. Өскелең ұрпақтың санасына шенділер мен бастықтардың культін сіңіре бастаймыз!
«Маман бол! Азамат бол! Халқыңа адал бол! Ғалым, ұстаз, дәрігер бол! Нобель сыйлығының лауреаты бол!» деген текті тілектер ағылып жатса, ол да өскелең ұрпаққа өнегей болар мемлекеттік идеологияның бір ұстыны болар еді!

Әміржан ҚОСАН

Пікір қалдыру