ЕГЕР БІЛСЕМ ҒОЙ…

«Жұлдыздың» шеберлік мектебінің бұл жолғы дәрісін ағылшын жазушысы, Халықаралық Нобель сыйлығының әдебиет саласы бойынша 1932 жылғы иегері Джон Голсуорси (1867-1933) оқиды.

«Триаданың» редакторы жазушы болуға қалай қол жеткізуге болатыны туралы мақала жазып беруімді өтінді. Мен соны білемін бе?.. Бұл сұрақты маған емес, менің досым Арнольд Беннетке (1867-1931 жж.. өмір сүрген ағылшын жазушысы – ауд.) қою керек еді.

Өз ойымша, болашақ жазушыларға менің өмір тәжірибемнің пайдасы тие қоймаса керек, тіптен мүлдем пайдасы тимейтін шығар, бірақ «Триаданың» оқырмандарына ұнап қалуы ғажап емес.

Жасым жиырма сегізден сегіз ай асқанға дейін шығармашылық туралы ойлап та көрмеппін. Жалпы, ондай ой менің емес, әлі жұбайым бола қоймаған арудың басына келді. «Осы сен жазып көрсең қайтеді? – деді ол. – Қолыңнан келетін сияқты». Бұл сөзді естігенде бәрін білетін, бәрін түсінетін адамша мысқылдай жымиып қойдым. Егер сіз ағылшынның жабық мектебінде оқып, ағылшын университетінде тәлім алсаңыз, көңіл көтеру мен саяхаттауды ұнатсаңыз, өзіңіз әлі қызметке тұрмаған адвокат болсаңыз және аздаған табыс көзіңіз болса онда Әдебиетті көңіл аударуға тұрарлық нәрсе деп есептемейсіз, бірақ өзіңіз сүйетін арудың көңілін қалдырғыңыз келмейді. Сөйтіп кірісіп кеттім. Екі жылда тоғыз әңгіме жазыппын. Бәрі де кемшіліктен аяқ алып жүргісіз, кейбіреулері мүлдем ақылға сыймайды. Бір-екеуі ғана болмаса түгел дерлік өзгелерге еліктеу: Киплинг секілді жазбақ болыппын, әңгімелерім тым дөрекі, тақырыбы елден ерек, шынайы сезім, терең ой дегеннен жұрдай. Дегенмен жазушы досым Конрадтың (Джозеф Конрад – 1857-1924 жж. өмір сүрген поляк текті ағылшын жазушысы – ауд.) ақылымен солардың бәрінің басын қосып баспагерге жолдадым. Баспагер мақтауға тұрарлық сақтықпен өз есебімнен басып шығаруға дайын екенін білдіріп, есеп-қисабын салып жіберді. Жұмсаған уақытым мен еңбегімді қимай, келісім бердім. Әңгімелерім басылып шықты. Бұл кезде роман жазуды қолға алғанмын, «характерді сезу», «көңіл-күйді жеткізу» дегендердің не екенін түсіне бастаған кезім. Бірақ бұл нашар роман болып шықты, ондайды «дұрыс жазылмаған» дейді. Әдеби тәсілдерді меңгермегенмін, кейіпкерлерім адам емес, ағаштан жасалған сияқты, өздері көп сөйлейді немесе айтар ойын аяқтамай шолақ қайырады. Романды қаламақыны кідіртіп төлеу шартымен басқа баспагер қабылдады. Кідірткені соншалық, қолыма қара бақыр да тиген жоқ.

Жаза бастағаныма төрт жыл болғанда осы бағытта жұмсаған шығыным жүз фунтқа жақындапты. Шамамен сол кезде Тургеневтің ағылшынша аудармасын және Мопассанды французша оқи бастадым. Бұл жазушылардан шынайы эстетикалық ләззат алдым және тақырыпты бойыма шақтай білуді, ойымды қысқаша жеткізуді үйрендім. Содан шабытым шалқып «Рубейн вилласы» деп аталатын екінші романымды жазуға кірістім. Алдыңғыдан әлдеқайда жақсы болып шықты, шынайы ахуал бар, көркемдік тепе-теңдік сақталған, дегенмен ол да «дұрыс жазылмаған» болатын. Жеті жылдан кейін екі рет қайта өңдедім, сонда ғана қазіргі кейпіне түсті. Бұл роман да алдыңғы шартпен басылды, ол үшін көк тиын алғаным жоқ. Содан кейін тақырыптық жағынан «Рубейн вилласымен» үндесіп жатқан төрт хикаят жаздым. Жазу барысында бұрын басымнан кешпеген ләззатқа кенеліп, қуанышқа бөлендім. Олардың бәрі «дұрыс жазылу» жағынан алдыңғы шығармаларымнан асып түсті, бірақ бірер жылдан кейін «Рубейн вилласымен» бірге басып шығарар алдында оларды да қайта өңдеп шықтым. Солардың «Рыцарь» деп аталатын біреуі әуелі журналда жарияланды, ол үшін он бес фунт қаламақы алдым, бірақ төрт хикаят кітап болып шыққанда бір пенс те төлеген жоқ. Сонымен 1902 жылы, жеті жыл еңбектеніп, төрт кітабым шыққанда қосалқы шығындарды қоспағанда жетпіс бес фунт ақша жұмсаппын, бірақ әдебиетте атымды шығара алмадым. Шешуші сәт содан кейін туды: кейіннен «Фарисейлер аралы» деп аталған кітапты жаза бастадым. Оның алғашқы нұсқасын «Пұтқа табынушы» деп атағанмын, Ферран деген бас кейіпкердің атынан баяндалатын оқиғалар тізбегінен тұратын. Жазып біткен соң қолжазбамды Эдвард Гарнетке (1868-1937 жж. өмір сүрген ағылшын сыншысы – ауд.) көрсеттім.

— Мұның бәрі жақсы ғой, қымбаттым, — деді ол, – бірақ бұл жігітті ішкі жағынан көрсетпеуіңіз керек. Ондай қаңғыбастың жан дүниесінде не болып жатқанын қайдан білуіңіз мүмкін? Сыртынан көрсетіңіз оны, өзіңіз арқылы.

Ашуға бөгіп, тісім шықырлап кетті, тістенумен отырып Шелтонды ойлап таптым да кітапты қайтадан жазып шықтым. Сонда да шикілеу болатын.

— Мынауыңыз бұрынғысынан әлдеқайда жақсы! – деп мақтады Эдвард Гарнет. – Тағы бір рет байқап көріңіз.

Тағы да тісімді шықырлатып, үнсіз тістеніп, үшінші рет жазып шықтым. Роман 1904 жылы жарық көрді, бұл менің өз атыммен жариялаған алғашқы кітабым. Қателеспесем, ол үшін елу фунт қаламақы алдым ғой деймін, бірақ екі рет қайта жазып шыққаныммен ол да «дұрыс жазылмаған» екен. 1908 жылы тағы да қарап шығып, күрделі жөндеуден өткіздім, сөйтіп ақырғы формасына келтірдім.

Сонымен «Меншік иесі» дүниеге келмей тұрып, 1906 жылы он бір жыл бойы жазғанда не ақша таппадым, не атымды шығара алмадым. «Меншік иесін» жазуға үш жылға жуық уақытым кетті, ақыры «дұрыс жазылған» романым осы болды. Танымалдығым артты, әдеби тәуелсіздікке қол жеткіздім, тұрақты табысқа ие болдым әрі ол жыл санап молая түсті.

Бір қарағанда осы айтылғанның бәрі оп-оңай болып көрінуі мүмкін.

Бірінші сабақ – жұрттың бәрі жазушы болып тумайды.

«Жазуды» үйреніп жүрген кезде ондай жазушылардың дербес табыс көзі болуы керек немесе жұмыс істегені жөн – бұл екінші сабақ.

Жазғысы келетін және бастаған ісінің үдесінен шығуға төзімі жететін адам күндердің күнінде діттеген мақсатына қол жеткізеді – бұл үшінші сабақ.

Өз жолын тапқан, бірақ жұртшылыққа, баспагерге немесе редакторға ұнауды мақсат тұтпаған адамның жазғаны басқалардын жазғанына қарағанда жақсырақ болып шығады. Бұл төртінші сабақ.

Қателік жібермеңіз, тым ерте бастамау керек – бұл бесінші сабақ. Әуелі өмір сүріңіз, содан кейін жазыңыз. Мен өмір көрген адаммын әрі жазбай тұрып біраз нәрсені бойыма сіңіріп үлгергенмін, соның өзінде жиырма сегіз жасымда тым ерте бастаппын. Рухани тұрғыдан алғанда өмірімдегі ең бай кезең – 1895-1904 жылдар. Сондықтан алдыңғы кітаптарыммен салыстырғанда «Фарисейлер аралы» мен «Меншік иесі» әлдеқайда терең болып шықты.

Болашақ жазушы өзі ұстаз тұтқан екі-үш майталманнан ғана шабыт алып, өзіне деген сенімділікке ие болуы мүмкін, ал басқаларының пайдасынан зияны көбірек болады – бұл алтыншы сабақ. Жазушы бұрынғы немесе көзі тірі рухани ұстазынан өзінің темпераментіне сай келетін сезімдерді бейнелеуді үйренеді және өзінің сұраныстарын қанағаттандыратын әдіс-тәсілдерді меңгереді. Осындай шабыттандыратын әсерлердің арқасында ғана болашақ жазушының қанаты қатайып, еліктеу-солықтау атаулыдан арылуына болады.

Менің жеке тәжірибемнен туындайтын сабақтар осымен тәмам.




ПІКІР ЖАЗУ