ЭКОНОМИКА: НЕ ДЕГЕН КӨРКЕМ ЖАНР!


«Экономика» термині грек тілінен еркін аударғанда «шаруашылықты жүргізудің негізгі ережелері» дегенді білдіретінін білеміз.
Соған салсақ, ең алғашқы экономист, шаруашалықты алып жүрудің теориясын білмесе де, практикасын меңгерген, алғашқы қауымдық құрылыс кезінде өмір сүрген, өз күнін өзі көруге үйренген отбасы болды ғой. Ер адам үйге қауым болып қолға түсірген мамонттың етін әкелген (ол болса, отағасының жұмыс орнынан тапқан натуралды түрдегі нәпақасы һәм отбасы бюджетінің материалдық кірісі), ал жұбайы ол етті асып, тағам әзірлеген (бюджеттің шығысы һәм өндіруші күштерге күш-қуат берген инвестиция).

Қараңғы үңгірде кешкі асын бала-шағасымен бірге рахаттана жеп отырған отбасы сол кездің өзінде ертеңгі күні экономика ғылымының классиктері анықтамасын жазып беретін тұтас бір саланың негізін қалап отырғанын қайдан білсін, ә?!

Содан адам да, қоғам да, адамаралық, әртүрлі әлеуметтік топтар мен мемлекеттер арасындағы сауда-саттық қатынастар мен еңбек құралдары дамып, «тауар – ақша – тауар» байланысы орнап, экономиканың алғашқы сұлбасы түзіле бастады.

Бір қызығы – әр елдің өзіне ғана тән ерекшеліктері (географиялық, климаттық, логистикалық, қаржылық, менталитеттік және басқа) болғанымен, жалпы экономикалық дамуы ортақ, әмбебап заңдарға сәйкес жүзеге асты. Оны кейін ғұламалар өз еңбектерінде жазды да, ол заңдар баршаға ортақ боп қалды. Шынтуайтына келгенде, әртүрлі теориялар мен ғылыми терминдердің көптігіне қарамастан, ол заңдардың негізінде сол баяғы мен айтқан алғашқы қауымдық құрылыс кезіндегі бір отбасының өз-өзін асыраған, өз күнін өзі көріп, көрші-қолаңдарымен алыс-беріс секілді мүдделі қарым-қатынастарға түскен, қоңыр тірлігі жатыр. Бірақ өздерін Аплатондай ғұлама санайтын ғалымдар оны мойындағысы келмейді-ақ…

Сонымен, біздің бүгінгі шаруашылығымыз, яғни экономикалық ахуалымыз қандай?
Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша, 2020 жылы Қазақстанның ішкі жалпы өнімі (ІЖӨ) 169,8 миллиард доллар құраған. Постсоветтік кеңістікте Ресейден кейін екінші орында екенбіз.

Бірақ, Жаратқан ием бере салған жер асты мен жер үсті байлығына кенелген біз осынау тарихи мүмкіндікті ұтымды ұқсата алдық па? «Жер қойнауында Менделеевтің периодтық таблицасының барлық дерлік элементі бар ел неліктен соншалықты кедей? Кеше ғана президенттің өзі «қазақстандықтардың тең жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды» деп мойындады емес пе?!

Меніңше, осынау бейшара жағдайда қалып отырғанымыздың төмендегідей себептері бар.
Біріншіден, бізде экономикалық ғылымның ой мен пікір еркіндігі жоқ! Мемлекеттік органдарға тәуелді ол ұйымдар көп жағдайда өз құрылтайшыларының мүддесін ғана қорғайды, нақты шенеуніктерге қажет цифрлар мен көрсеткіштерге басымдық беріп, саяси конъюнктураның құйтырқы құралы ролін атқарып кетеді. Ащы болса да, шындық, балама пікір, керек жағдайда билік жүргізіп отырған экономикалық саясатқа қатысты сыни көзқарас болмаған соң, ондай алдамшы сараптамадан не пайда? Бізде үкіметке қатысты сын тек қана президенттің аузынан шығып жатады. Ол да дұрыс емес.

Сондықтан экономикалық ғылымды түбірімен қайта құру керек: үкімет не министрліктерге тәуелді ғылыми құрылымдарды жойып, бірнеше тәуелсіз орталық құрған абзал. Сол кезде экономикадағы жағдайымызға шынайы баға бере аламыз. Ал ондай баға – ішкі және сыртқы факторларға тәуелді боп, буыны бекіп, бұғанасы қата қоймаған экономикамыздың болашағын анықтайтын оң шешімдердің кепілі!

Меніңше, қазіргі Қазақстанның экономикалық ғылымының көзге ұрып түрған екі кемшілігі бар.
Бірі – халықаралық стандарттар мен әр елдің өзіне ғана тән ерекшеліктерінің арасындағы табиғи тепе-теңдік ескеріле бермейді. Сөз жоқ, әлемдік қауымдастықтың бір мүшесі болған соң, дүние жүзіне ортақ талаптар мен қалыптардан асып кете алмаймыз. Бірақ, қарап отырсақ, өз елінің, ұлтының, нақты болмысының ерекшелігін жоққа шығармай, сол құндылықтарды басым етіп, кейде жалпыға тән стандарттардан бөлек шығып, өз мемлекетін өркендетіп жатқан қаншама жұрт болған әлем тарихында! Қазір де бар!

Екіншісі – экономикалық проблемаларды зерттегенде қоғамның басқа салаларының ролі ескеріле бермейді. Мәселен, ұлттық менталитет, тарихи шарттар, қоғам дамуының өзгешеліктері, тіпті, қолда бар ерекше мүмкіндіктер тақырыптан тасада қалады.
Әйтпесе, әлемдік деңгейде мойындалған экономикалық модельдер (құй, ол американдық, қүй, немістік, құй, қытайлық болсын) өз ұлтының ерекшеліктеріне негізделген жобалар емес пе?!

Олай болса, экономикалық дамудың қазақ моделін құрудан неге қашамыз? Ол үшін барлық мүмкіндік бар ғой.
Айтпақшы, біздегі экономикалық статистика «қисық айна» сияқты. Көп жағдайда ол әрекеті көп, берекеті жоқ үкіметке, нақты шенеуніктерге ыңғайлы сипатта жазылады. Айдағаны екі ешкі, ысқырығы жер жарады: көзбояушылық, жоқты бардай, барды дардай ету басым.

Соған қоса, өз жағдайымызды өзгелермен салыстыру ісінің де бір қайнауы ішінде. Байқасаңыз, ресми статистика біздің экономикалық деңгейімізді жер қойнауы кедей, мұнай мен газы жоқ елдермен бір қатарға қояды. Бұл әдісте бір құйтырқылық бар. Өйткені, қазба байлықтарын сатып, бюджетімізді толтырып жүрген біздің экономикалық көрсеткіштеріміз жер асты байлығынан жұрдай ол елдерден міндетті түрде жоғары болады. Мұның өзін ресми органдар «экономикалық моделіміздің басқалардан гөрі озық әрі жүргізіліп жатқан экономикалық саясаттың дұрыс екенінінің» дәлелі ретінде қабылдатқысы келеді.

Сол себепті біздің дамуымызды не өзіміз секілді қазба байлықтары мол елдермен, немесе, экономикалық даму жағынан біз ұмтылуға тиіс шығыс еуропа елдерімен салыстырған жөн болар. Сонда басқалардан жасырып келе жатқан біраз орашолақтықтардың беті ашылып, пайдалана алмай келе жатқан ішкі мүмкіндіктеріміз де табыла қалар еді.
Екіншіден, біздің қоғамның бойында ежелден келе жатқан бір сырқат бар, мен оны экономофобия деп атар едім. Оның мәнісі мынада: бізде экономика кәсіби экономистер ғана пікір білдіріп, ерекше білім мен біліктілікті талап ететін, екінің бірі бойлай бермейтін, аса қиын сала ретінде қабылданып келеді.
Рас, «шымшықты сойса да, қасапшы сойсын» деген мәтелді ешкім де жоққа шығара алмайды.

Бірақ, экономика, ең алдымен, қоғамдық ілім, оның әрбір формуласы мен заңдылығы, әрбір жобасы мен шешімі әр азаматтың өміріне тікелей әсер етеді. Керек десеңіз, әр адам – экономика нысаны һәм құрады, әрі тұтынушысы!

Сол себепті экономикалық өмірдің негізгі шешімдерін талқылап, қабылдауға әр азаматтың қатысып, өз ойын білдіріп, өз құқын қорғауға қақы бар. Керек болса, ең маңызды деген шешімдер (мәселен, жалпыхалықтық меншікке, жерге, қазбалы байлықтарға, мол қаржы мен экологиялық қаупі бар экономикалық жобаларға және одақтастық міндеттер жүктейтін келісім-шарттарға қатысты) бүкілхалықтық референдум арқылы қабылдануы тиіс. Сонда сол шешімдердің бағасы да, беделі де өзгеше болады. Ауысуға тиіс билік те кейін ол шешімдерді өз қалауынша, орынсыз өзгерте алмайды.

Ол үшін, экономикалық сауаттылықты арттыру шарт! Тіпті, мектептен бастап, экономиканың, кәсіпкерліктің, қаржы нарығын меңгерудің, жеке адам мен мемлекеттің бюджеттерін құраудың әліппесін үйретсе, ешбір артықтығы болмас еді. Ал экономикалық сауаты бар азамат экономикалық ортада өз орнын тауып, өзін-өзі асыраумен қатар, тиісті салығын төлеп, ел бюджетін еселейді, сонымен бірге, ол мемлекеттің экономикалық саясатына объективті баға бере алады. Сөйтіп, бүгінде белең алып бара жатқан шектен тыс, әсіре әрі әпербақан сыншылдық пен популизмнен құтылар едік.

Популизм туралы әңгіме бөлек. Соңғы кезде мүлдем орынсыз, орындалуы тіпті мүмкін емес экономикалық талаптар қойылуда. Кейде биліктің өзі елдің көңілінен шықпақ оймен, жөн-жосығы жоқ саяси популизмге салынып кетеді. Ондай үрдіс, әсіресе, сайлау алдында жиілейді.
Ал негізсіз популистік экономикалық шешімдер мемлекеттің жалпы жағдайына теріс әсер етіп, ертеңгі күні жарға жығуы әбден ықтимал. Мәселен, бюджеттің мүмкіншіліктері шектеулі ғой, ондағы қаржыны жан-жаққа үлестіре беруге болмайтын шығар. Әйтпесе, ертең мемлекет банкрот боп қалады.

Жалпы, басы таудай, аяғы қылдай популизмнен реализмге, көрпеге қарап көсілу фәлсафасына көшу психологиялық жағынан оңай емес. Біле білсек, кейде экономикада қиын, көпшіліктің көңілінен шыға бермейтін, бірақ ел дамуы үшін сөзсіз қажет ауыр шешімдер қабылдауға тура келеді: экономист кейде терапевт, ал кейде хирург болуы тиіс. Экономикадан біршама хабардар, көкірегі ояу, көзі ашық қоғам ғана ондай шешімдерді түсіністікпен қабылдай алады. Оның өзі елдің жалпы тұрақтылығына оң ықпалын тигізеді.
Үшіншіден, біз кезінде, советтік халық шаруашылығынан нарықтық экономикаға көшкенде көптеген шешімдер халықтың қатысуынсыз қабылданып кетті. Сол оқыс шешімдердің ащы «жемісін» осы күнге дейін татып келеміз.

Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен сол заманда көп нәрсе тым үстірт бағаланып, тым асығыс шешімдерге әкеп соқты. Басқарушы органдар мен шенеуніктердің тәжірибесіздігі мен біліксіздігі, кейбірінің нарық заңдарынан тіпті мақұрым болуы саланы мүлдем ақсатып жіберді. Сабырлық пен байыптылық, ең бастысы, мемлекеттік ұстаным жетіспей жатты. Бұрын ондай мүмкіндікті көрмеген «жекелендірушілер» қызыл көрген құзғындай ашкөзденіп, «айтып істеген ұрлықтың айыбы жоқ», – деді ме, әйтеуір, ел экономикасының іргетасын ыдыратып, жүйелі түрде жұмыс істеп тұрған халық шаруашылығын ойсыратты.

Аса ірі кәсіпорындар мен тұтас салалар саудаға түсіп, тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кете барды. Бүгінде миллиардтаған долларға бағаланатын өнеркәсіп орындары «бармақ басты, көз қысты» бір тиынға (ондай да фактілер болған!) сатылып, пышақ үстінен үлестірілді. Кедейдің аузы асқа тисе, мұрны қанайды – ақыр соңында жекешелендіру ісі халықтың емес, ықпалды тұлғалар мен топтардың мүддесіне шешілді. Ел экономикасынің ең сүбелі салалары ат төбеліндей ғана бір топтың, олигархтар мен монополистердің қолына өтті.

Әрине, жеке меншікке қол сұқпауға қатысты халықаралық міндеттеріміз бар. Ол шешімдердің бәрін жойып, кешегі большевиктерше «экспоприаторларды экспоприациялау керек» деп жатқан мен де жоқ.

Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін тапқан соң: меніңше, кешегі халық меншігін өзіне қайтарудың өркениетті механизмдері бар. Арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей амалын таба аламыз. Мәселен, ол үшін жер қойнауы бай елдердің тәжірибесін пайдалануға болар еді.

Жалпыхалықтық меншіктің халыққа берері көп. Мәселен, Норвегияның мұнай сатудан тапқан ақшаға құрылған қорының өзі не тұрады! Оның бүгінгі бағасы анау-мынау емес, 1,4 триллион (!) доллар. 5,3 миллион ғана тұрғыны бар бір ел үшін ол сұмдық ақша ғой!

Жалпыхалықтық қорды норвегтер тиімді пайдалануда: мысалы 2021 жылдың алты айында өз акцияларын сату арқылы ғана ол қор 111 миллиард доллар таза табыс тапқан!
Ал біздің Ұлттық қордың жағдайы бесенеден белгілі: ондай табыс түсімізге де еніп көрмеген!

Және де соңғы кезде ағымдағы мәселелерді шешуге Ұлттық қордың ақшасын оңды-солды шаша беруіміз де ерекше алаңдатады: болашақ ұрпақтардың несібесін қалай болса солай жұмсай берсек, қоржынның түбі де бір күні қағылар.

Совет экономикасына тән болған, бүгін бізде аса қажет бір әдіс бар, оның аты – жоспарлау. Кезінде «бәрін нарық өзі реттейді» деген әсіре еркін ұстанымның құрбаны боп кеткенімізді қалай жоққа шығарамыз? Бір күннің ішінде нарықтың ұйығына күмп еттік те, біраз игіліктерден, жиған-терген тәжірибемізден көз жазып қалдық. Жоспарлау секілді басқару ісінің ажырамас бөлігін «бюрократтық жүйенің бір құбыжық көрінісі» деп қабылдадық та, «нарық бәрін өзі шешеді» деп, одан бас тарттық.
Басқасын айтпағанда, менеджерліктің классикалық үлгісіне айналған әлемдік деңгейдегі алпауыт компаниялардың өзі жоспарсыз әрекет жасамайды.
Бізге де сол жүйеге қайта оралуы қажет.

Мәселен, еңбек ресурстары деген бар, адами капитал деп те жатады оны.
Неге біз он, жиырма жылдан кейін экономикамызға қанша мұғалім, дәрігер, инженер, құрылысшы, теміржолшы, сәулетші, заңгер және тағы басқа мамандық иесі қажет екенін алдын-ала болжап, жоғарғы оқу орындарында осы көлемде ғана мамандар дайындап шығармаймыз?

Болашақта жұмыссыздықты азайтудың тиімді бір жолы осы емес пе?! Әйтпесе, ЖОО дипломын алып, екі қолға бір күрек таба алмай, сенделіп жүрген жастарымыз қаншама?!
Өкінішке орай, бізде мамандық таңдау науқандық сипаты белең алып кетті. Кеше бәрі заңгер болғысы келетін еді, бүгінде бәрі IT-бағдарламашы жағына ойысып кетті. Соншама IT маманға жұмыс орнын ертең қайдан табамыз? Жұрттың бәрі компьютер бағдарламашысы боп кетсе, нанды кім пісіреді, мектепте кім сабақ береді, ауруларды кім емдейді?

Ескі жүйеден қалған тағы бір керегіміз – кооперация. Кезінде, жаппай жекешелендіруде асыра сілтеп, тым жақсы дамып, елді асырап келе жатқан ұжымдық және кеңестік шаруашылықтардың көзін құрттық! Сөйтіп, экономикадағы ішкі және сыртқы байланыстарды, өзара еңбек бөлінісінің қалыптасып қалған жүйесінен айырылып қалдық. Сөйтіп, Қазақстан секілді аграрлы елдің ауылшаруашылығының түп тамырына балта шаптық (ол балтаны да өзіміз жасамай, Қытайдан сатып алдық!).

Төртіншіден, экономикалық мүдделер тоғысуындағы ең басты қарама-қайшылық, кей кезде ымырасыз, қиян-кескі күрес екі маңызды құндылық арасында жүруде: олар – халықтық (мемлекеттік) меншік пен жеке меншік. Көптеген теориялар осы екеуін қарама-қарсы қояды. Ол дұрыс емес!
«Бар меншік мемлекеттік болуы керек!». «Бәрі жеке меншікте болуы тиіс!». Осы екі ұстанымның бір-бірімен айтысып, антагонистік сипат алып, тіпті бейбіт эволюциялар мен қантөгіс революциялардың себебі боп келе жатқанына талай ғасыр куә болды!

Кез келген қоғам шаруашылығының негізін құрайтын осы қос қанаттың тепе-тең болған дұрыс, экономика екеуіне де зәру. Ол үшін барлық мүмкіндік бар.
Меніңше, оның формуласы өте қарапайым болса керек: халыққа тиесілі әрі стратегиялық, ұлттық қауіпсіздікке қатысы бар салалар мен кәсіпорындар мемлекет қарамағында қалып, қалғанының бәрі жеке меншікке көшуі тиіс!

Осы формула арқылы халықтың да, жеке адамның да меншігін қорғап, қоғамның һәм әрбір адамның жағдайын жақсартып жатқан қаншама ел бар! Қазақстан да өніп-өскен, өркениетті елдер қатарға қосылуы тиіс деп санаймын!

Нарықтың өзі халықты арық қылу үшін емес, керісінше, қарық қылу үшін ойлап табылған экономикалық жүйе, әлеуметтік мүмкіндік емес пе?
Қандай да болмасын – құй, авторитарлық, құй, демократиялық, құй, басқа бір нұсқасы – өкіметтің ең басты міндеті мен мақсаты – халықтың әл-ауқатын жақсарту, істейтін жұмысы мен жейтін нанымен қамтамасыз ету, оның материалдық және рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру. Олай болмаса, ондай мемлекеттің қажеті не?!
Теориялық негізін Адам Смит қалаған экономика Адамға қызмет жасамағанда, кімге жасайды?!

Және де солшыл, социалистік сипаттағы мұраттар мәңгілік өмір сүреді (тек ол ойлар адам құқын таптаудың тоталитарлық әдіс-тәсілдеріне негізделмесе және тұрмыстық тоғышарлыққа жетелемесе болғаны). Ешбір либерал не әсіренарықшыл идея ол табиғи ұмтылысты жоя алмайды. Кезінде Томас Мордың «Утопиясы» мен Кампанелланың «Күн қаласындағы» қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын замандар мен қоғамдар туралы асыл арманын аңсайтын адамдар көбеймесе, азаймайды. «Теңдік» ұраны ұлы француз революциясының жалауында жазылғанын да ұмытпайық!

Мемлекеттік және жеке меншіктің арасындағы «алтын көпір» бар екенін де естен шығармайық: оның аты – шағын және орта бизнес!
Осы орайда, кезінде шетелдіктерге іргелі мемлекеттік кәсіпорындарын сатып жіберген Қазақстанға тікелей қатысты бір жайт бар.
Сөз жоқ, шетел бизнесі тек пайда көретін болса ғана басқа ел экономикасына инвестиция құяды. Пайда жоқ – инвестиция да жоқ! Сондықтан да өз басым Қазақстанға келер алдында елімізді жер мен көкке сыйғызбай мақтайтын шетел кәсіпкерлерінің тәтті сөздеріне сенбеймін, олардың көздегені – басқа елдің өсіп-өнуі емес, өздерінің салған ақшаларын еселеу ғана, қалған сөздерінің бәрі – далбаса!

Сөз жоқ, шетел инвестицияларын тарту керек, онсыз болмайды, ол үшін тиісті жағдайлар жасалуы да шарт. Мәселен, бизнес жүргізудегі жеңілдіктер, салық төлеудегі преференциялар, меншікке қол сұқпау, рейдерлікке жол бермеу секілді алғышарттарға мемлекет кепілдік беруі тиіс.
Бірақ, бұл мәселеде жалпақшешейлік пен көңілжықпастық танытуға болмайды. Мына екі жайтты естен шығармау керек.
Бірі – стратегиялық маңызы бар салалар мен кәсіпорындарды басыбайлы шетелдіктерге беруге болмайды. Ол мемлекеттік мүдде мен ұлттық қауіпсіздікке қарама-қайшы.
Екінші – жат жұрттық компанияларға жайлы жағдай жасаймыз деп, отандық бизнеске келгенде қиянатқа жол берілмеуі шарт!
Бесіншіден, ақшасы бардың қолы ойнайды, ақшасы жоқтың көзі ойнайды: кез келген экономикалық бағдарламаны не жобаны жүзеге асыру үшін, ең алдымен, қаржы керек! Ол – бұлжымас аксиома!

Қаржы мәселесіне келгенде бізде бір тұрпайы да теріс түсінік қалыптасқан. Яғни, «экономика халыққа ақша беруі керек», басқаша айтқанда, «халық – экономикалық тірліктің тұтынушысы» ретінде ғана саналады.

Экономиканың басты заңдарының бірі – «халық – қаржының қайнар көзі» екенін естен шығарып алдық! Көп түкірсе, көл болады, қаржысы да мол болады!
Қор нарығы, акциялар, дивидендтер дегендер бар емес пе? Өркениетті елдерде әрбір адам ұйқыдан тұра салып, шәйін ішіп отырып, таңертеңгілік газеттерден өзіне тиесілі компаниялардың акцияларының бағасын біліп отырады. Яғни, әрбір тұлға – өз елінің экономикасының нақты инвесторы! Бір мың теңге ме, бір миллион теңге ме, – нақты сала не кәсіпорынға ақша құйған ол енді содан пайда табуды көздейді.

Яғни, үлкен жобаларға халықтың қаржысын тарта білу үкімет тарапынан тиісті менеджерлік машықтар мен саяси ерік-жігерді қажет етеді.
Бірақ бір түйткіл бар: қалың жұртшылық үшін мемлекеттің экономикалық саясаты көңілге салқын, көзге жат. Жұрт оған әлі де күмәнмен қарайды. Жиналған қаржының табысты болатынына, әділетті әрі тиімді жұмсалатынына сенбейді. Нақты экономиканы қаржыландыруды емес, өз қамын ғана ойлайтын, саяси күрестің құралына айналған және де ел қырылып жатса да, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ банк жүйесінен де түңілген: ол жаққа барса, тұтынушылық несие ғана алып, қосымша құлдыққа түсетінін біледі. Осынау пессимизмнен арылмай, іс алға баспайды!

Мемлекет экономикалық саясатының қаржылық негізі бюджет екені белгілі. Ол қалай жоспарланады, оның кірісі қайдан келеді, шығысы қайда, қандай мақсаттарға жұмсалады деген аса маңызды мәселелер қоғам назарынан тыс қалып қояды!

Аса мәртебелі салық төлеуші – мемлекетті, соның ішінде ауыл әкімінен бастап президентке дейін барша шендіні асыраушы екенін ұмытып кетеміз. «Мемлекеттің қаржысы – өкіметтің қаржысы, оның тағдырын президент, премьер, министр мен әкімдер шешеді» деген догмалық түсінік санамызға әбден сіңіп қалған.

Ешқандай да мемлекеттік (президенттік, парламенттік, үкіметтік, министрлік не әкімдік) қаржы жоқ – әр салық төлеушінің ақшасынан құралған бюджет – халықтікі!
Мемлекет есебінен қаржыландыратын кез келген орган не мекеменің басшылары – Сіз бен бізден жиналған салықтың арқасында күн көріп жатқанын ауық-ауық еске алып (және сол шенділердің есіне салып!) отырсақ, қоғамның билікке деген талапшылдығы, жалпы көзқарасы күрт өзгерер еді!
Қомақты қаржыны қажет ететін экономикалық жобаларға бюджеттен ақша бөлу мәселесін үкімет өзі емес, парламент шешетін дәстүрді енгізу керек. Әйтпесе, ЭКСПО, «30 корпоративтік көшбасшы», Үдемелі-иннова­циялық даму бағдарламасы секілді халық ақшасын желге ұшырған, бес тиын да пайда келтірмеген жобаларға кеткен миллиардтарды ойласаң, жылағың кеп кетеді! Сол қаржыға қаншама жұмыс орнын ашып, қаншама қолжетімді баспана салып, халықты қарық қылар едік!

Алтыншыдан, әлемдік еңбек бөлінісінде Қазақстан өзіне лайықты орнын әлі де таба алмай келеді. Бір шектен екінші шекке ұрынып жатамыз. Басқа елдерге негізсіз еліктеу басым.
Басқасын айтпай-ақ, ғаламдық деңгейде күн тәртібіне қойылып отырған бір мәселені алайық, ол – бүкіл әлемнің басына түскен азық-түлік тапшылығы.
БҰҰ мәліметтері бойынша, пандемия кезінде дүние жүзінде 750 миллион адам, яғни адамзаттың 10 процентке жуығы ашаршылыққа душар болыпты. Ол дегеніңіз әрбір оныншы адам ыңыршығы айналып, нәр тата алмай жүрген аш деген сөз!
Әрине, тойып секірген де, тоңып секірген де елдер бар. Бірақ, экономистердің тілімен айтсақ, азық-түлік өндіру бизнестің ең перспективалы, шашетектен пайда әкелетін саласына айналды!

Аграрлы ел ретіндегі Қазақстанның орасан зор мүмкіндігі – табиғаты мен климаты, жер ауқымы мен өндірістік ресурстары, сан ғасырлық тәжірибе мен ата-бабадан қалған кәсіп – бар екенін қалай ескермейміз?! Алалы жылқы, ақтылы қой бағып, дәулетіне сәулеті сай, баршылық пен молшылықта өмір сүрген қазаққа заманауи экономиканың бұл талабы таңсық емес!
Осыншама уақыт бойы әртүрлі «индустриялық-инновациялық даму» бағдарламаларының басты нәтижесі сол – бізде ине мен жіп, іш киім шығаратын өндіріс орындары жоқтың қасы (бар болса да, республикалық масштабтағы үлесі адам күлерліктей).

Жетіншіден, бүгінгі тақырып – экономика болған соң, саяси проблемаларды тағы да қозғап, бас жаққа барыспай-ақ қояйын деп едім. Бірақ, десек те, экономикалық базис қандай болса, саяси қондырғы да сондай болатыны белгілі. Және де экономиканың таза саясатқа ұласып кететін өзіндік себептері бар.

Жасыратын несі бар, 90-жылдар ортасында Қазақстанда біршама либералды экономикалық заңдар қабылданып, салыстырмалы түрде болса да, бәсеке элементтері бар орта қалыптасты. Бірақ бір ұрты май, бір ұрты қан саяси жүйе сол, ешбір баламаға жол бермейтін құбыжық түрінде қалды. Соңғы кезде жиілеп кеткен үлкенді-кішілі қақтығыстар мен текетірестердің, қарсылық пен наразылықтың шектен шығып кетуінің ең басты себебі осы қарама-қайшылықта деп санаймын.

Көп жағдайда экономикалық мүдде мен мақсаттарға жету үшін саяси құралдар пайдаланылады және, керісінше, саяси жетістіктерге жету үшін экономикалық мүмкіндіктер қажет болады. Осы екі қажеттілікке қазықтай байланып, айналып, бақан тірес, ит тартыс ортасында небір тұлғалар мен топтар, қоғамдар мен одақтар жүр! Бір ретсіз экономикалық шешімнің салдарынан жоғарғы ерні көк тіреп, төменгі ерні жер тіреген тұтас империялар ыдырап, келмеске кеткен кездер де бастан өткен!

Өз басыма экономика деген қатаң да катал қалыптағы ілім әдебиет пен өнер секілді адамның һәм қоғамның жан дүниесін зерттеп, суреттеп, терең де тылсым иірімдерін тап басатын, тоқсан тоғыз тараулы көркем жанр сияқты көрінеді. Әрбір экономикалық шешімнің өне бойында нендей коллизиялар мен интригалар, драмалар мен трагикомедиялар тұнып тұр десеңізші! Кейбір экономикалық трактаттар фабуласы мен финалын алдын-ала болжауға тіпті мүмкін емес шытырман оқиғалы шығармадай, оқығанда оларға сондай тәнті боласың!

Әр формула мен заңдылықтың артында адам жүрегін тебірентер сезім симфониялары тұр!
Өйткені билік қабылдаған әрбір экономикалық шешімнің не қызығының, не шыжығының тәтті не ащы дәмін тататын – нақты адам!

Ал адамға қатысты кез келген ілім сезім мен көңіл-күйге толы, ол қатып-семіп қалған физика емес, ол – тұнып тұрған лирика!
Қоғамда қордаланып, азатшыл ағайынның еңсесін батпан зілдей басып тұрған саяси проблемалардың дер кезінде өз шешімін таба алмауының да бір себебі осы – экономика.
Соны неғұрлым ерте түсінсек, өміріміз соғұрлым жедел өзгермек!

Әміржан ҚОСАН




ПІКІР ЖАЗУ