Елорда – егемендіктің бейнесі
2025 жыл – ел руханияты мен тарихы үшін тағылымы терең, мәні ерекше мерейлі белестерге толы жыл. Биыл ұлттың рухани ұстазы, дана ойшыл Абайдың туғанына 180 жыл толып отыр. Абайдың асыл мұрасы – қазақтың мәңгілік жүрек үні, өркениет көшіндегі жолсілтер шамшырағы. Сонымен қатар, қазақ музыкасының абызы, сазгерлік өнердің шоқ жұлдызы – Нұрғиса Тілендиевтің дүниеге келгеніне 100 жыл. Оның күй мен әнге сіңірген өлшеусіз еңбегі ұлттың рухын биіктетіп келеді.
Сондай-ақ, бұл жыл – ел бірлігінің символына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына және Тәуелсіздігіміздің алтын діңгегі – Конституциямыздың қабылданғанына 30 жыл толатын айтулы кезең. Мемлекеттік мерекеге жататын Астана күні де қоғамдық сананы жаңғыртуға, елдік ұғымды бекемдеуге әсер ететін символдық мәні зор дата. Елдік пен егемендікті айқындайтын осы тарихи даталар – халқымыздың ынтымағы мен құқықтық өркениет жолындағы жетістігінің айғағы.
Қазақстан халқы елордамыз – Астананың 27 жылдығын ерекше көңіл-күймен атап өтті. 1997 жылдың 10 желтоқсанында ел астанасы Алматыдан Ақмолаға көшіріліп, жаңа тарихи кезең басталды. Ал 1998 жылдың 6 мамырында Ақмола ресми түрде Астана деп аталды. Бұл күн кейін Астана күні ретінде белгіленіп, жыл сайын шілденің 6-сы күні мерекеленіп келеді. Бұл күн – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы маңызды бетбұрыстың, ел дамуының жаңа кезеңінің белгісі. Бұл күннің тек әкімшілік өзгеріс емес, ел тағдырына әсер еткен тарихи оқиға екені даусыз. Елорда – егемендіктің, ел бірлігінің, тәуелсіз мемлекеттің бейнесі ретінде қабылданады.
Бүгінде Астана күніне орай еліміздің барлық өңірлерінде мәдени іс-шаралар, ғылыми конференциялар, көрмелер мен патриоттық акциялар өткізіледі. Бұл – азаматтардың ел дамуына деген қатыстылығын арттыратын маңызды қадам. Өйткені Астана күні – мемлекеттік ресми мереке. Бұл күні демалыс жарияланып, халық жаппай қатысатын мәдени, спорттық, рухани іс-шаралар ұйымдастырылады. Елордада басты мерекелік шаралар ашық алаңдарда, концерт залдарында, музейлер мен кітапханаларда өтеді. Бұл – елорданың тұрғындары мен қонақтары үшін бірлік пен қуаныштың мерекесі.
Астана қазір ірі саяси, экономикалық және мәдени орталыққа айналғаны рас. Қалада халықаралық форумдар, саяси келіссөздер, мәдени фестивальдер өткізіледі. «ЭКСПО-2017» көрмесі мен әлемдік діндер көшбасшыларының съездері – елорданың жаһандық маңызын айғақтайтын шаралар.
Астананың 27 жылдағы дамуы таңқаларлық. Бастапқыда шағын қала болған елорда бүгінде 1 миллионнан астам халқы бар мегаполиске айналды. Қалада зәулім әкімшілік ғимараттар, тұрғын үйлер, жоғары деңгейдегі мектептер мен университеттер, заманауи медициналық орталықтар мен мәдени ошақтар бой көтерді.
Бәйтерек, Хан Шатыр, Бейбітшілік пен келісім сарайы, Астана Опера, EXPO қалашығы сынды архитектуралық нысандар елорданың көркіне көрік қосып тұр. Жасыл белдеу арқылы қоршалған қала экологиялық тепе-теңдікке де мән береді.
Астана – жастардың арманына айналған қала. Мұнда білім алу, қызмет ету, болашақ құру үшін барлық жағдай жасалған. Жаңашыл идеяларға жол ашатын, цифрлық технологияларды енгізуге ұмтылған елорда – Қазақстанның болашағын айқындайтын орталықтың бірі.
Қала дамуы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатына сай жүргізілуде. Астана – тұрғындардың ұсынысын тыңдап, өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған көптеген жобалардың алаңы.
Биыл елордамызда Астана күні ерекше аталып өтті. Қалада өткен негізгі мәдени іс-шараларға тоқталып өтсек.
Джаз әуендер кеші
Астана күніне орай елордалықтар мен қала қонақтары ерекше музыкалық кештің куәсі болды. Есіл өзенінің жағалауындағы амфитеатр сахнасында өткен JazzVIBE атты концертте джаз музыкасының әсем әуендері жаңғырып, көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады. Іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Жастар» сарайы ұйымдастырды.
Концертке «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрі мен «Жігер» эстрадалық-джаз ансамблі қатысты. Музыканттар әлемге әйгілі джаз стандарттарын, авторлық композицияларды және қазақтың халық әндерін джазға арналған жаңа өңдеуде орындады. Бағдарламада дәстүрлі джаздан бастап джаз-рок, поп және заманауи бағыттар тоғыстырылып, әр тыңдарманға ерекше әсер сыйлады.
«Жастар» сарайының имидждік коммуникациялар бөлімінің жетекшісі Ділназ Мұраттың айтуынша, JazzVIBE жобасы арқылы мерекенің шаттыққа толы атмосферасын жеткізу көзделген.
«Астана – бұл тек іскерлік және әкімшілік орталық емес, сонымен қатар мәдени тынысы, жаны бар қала. Біз осы жобамен мерекелік көңіл күйді, жеңілдік пен қуаныш атмосферасын жеткізгіміз келді. Джаз – бұл үшін таптырмас жанр. Ол стильді, жанды, эмоцияға толы, әрі кез келген жастағы тұрғынға түсінікті. JazzVIBE – бұл елордаға және оның тұрғындарына арналған музыкалық сыйымыз», – деді ол.
«Жігер» ансамблінің көркемдік жетекшісі Рүстем Әміров джаз музыкасының шынайылығын, еркіндігі мен сұлулығын жұртшылыққа жеткізуді мақсат еткендерін айтты.
«Біз бағдарламаны ең жарқын әрі танымал шығармалармен жасақтадық – әлемдік джаз стандарттарынан бастап халықтың сүйікті қазақ әндеріне дейін. Барлығы – ерекше өңдеуде, импровизация элементтерімен. Джаз – бұл ішпыстырарлық емес, керісінше, қуат пен ырғаққа толы музыка. Әр көрермен соны сезінсе дейміз», – деді ол.
JazzVIBE кешінде өнер көрсеткен музыканттар қатарында халықаралық байқаулардың лауреаттары, беделді марапат иегерлері де бар. Сахнаға Әлібек Алмадиев, Зарина Божақова, Татьяна Ким, Евгений Ботников, Әсет Қасайынов, Ақжол Исін, Өнер Құлов, Мәди Сыздықов, Елена Белякова, Нұрлыбек Закенов, Аман Шаймерденов және Бақытжан Масалим сынды дарынды орындаушылар шықты.
Концерт джаз музыкасы арқылы елорда күніне арналған шынайы әрі әсерлі музыкалық тарту болды. JazzVIBE – Астананың тек саяси-әкімшілік қана емес, мәдени орталық ретінде де биік деңгейге көтерілгенінің айқын көрінісі.
QALA FEST фестивалі
Астана күніне орай елордалықтар үшін ерекше мазмұндағы шара – QALA FEST фестивалі ұйымдастырылды. Қала тұрғындары мен қонақтары «Жетісу» саябағында өткен фестиваль аясында кітап алмасып, экологиялық бастамаларға үлес қосты. Мерекелік шараны Астана қаласы әкімдігі мен «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.
Фестиваль барысында кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылып, келушілер өз кітаптарын басқалармен алмастыра алды. Жәрмеңкеге қазақ және әлем әдебиетін қамтитын 500-ге жуық кітап әкелінген. Қатысушылардың көбі жастар болды.
«Жастар кітапты белсенді түрде оқиды. Бұл – олар үшін қызық әрі пайдалы тәжірибе. Кез келген кітабыңызды әкеліп, жаңа кітаппен ауыстыруға болады», – деді жастар ресурстық орталығының маманы Алуа Балтабаева.
Ашық алаңдағы бұл бастама қалалықтардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, оқу мәдениетін дәріптеуге бағытталды.
Фестивальдің маңызды бөлігі – «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы болды. Шара аясында арнайы фондаматтар (қабылдау автоматтары) арқылы қатысушылар пластик бөтелкелер мен алюминий банкаларды тапсырып, орнына бонустар, сыйлықтар, жеңілдіктер мен купондар алды.
«Қалада мұндай фондаматтар көп. Бұл – жеке кәсіпкердің бастамасы. Арнайы мобильді қосымша арқылы телефон нөміріңізді тіркеп, қайта өңдеуге тапсырған әр зат үшін бонус жинауға болады. Ол бонустарды жанармай құю бекеттерінде немесе түрлі қызметтерге жұмсай аласыз», – деп түсіндірді экожаттықтырушы Марьям Қасымова.
Жиналған пластиктер кейін сұрыптау және қайта өңдеу зауыттарына жөнелтіледі. Бұл бастама – қоршаған ортаны таза сақтауға бағытталған нақты қадам.
QALA FEST фестивалі ашық аспан астындағы концертпен аяқталды. Музыка мен экология, білім мен сергектік үйлескен бұл шара Астана тұрғындарының елорда күніне деген сүйіспеншілігін арттырып, белсенді азаматтық ұстанымның жарқын үлгісіне айналды.
QALA FEST – бұл жай ғана фестиваль емес, жауапты қоғам қалыптастыру жолындағы ортақ әрекеттің көрінісі. Астаналықтар бұл күні тек көңіл көтеріп қана қоймай, қоршаған орта мен рухани байлыққа да сергек қарауға мүмкіндік алды.
Әртістер шеруі
Бұл күндері сондай-ақ қалалық перфоманс фестивалі өтіп, әртістер шеруі мен цирк шоуы көрермендерді тәнті етті. Ерекше мәдени оқиға – қалалық перфоманс фестивалі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін бұл күн шынайы мерекеге айналып, театр, музыка және цирк өнерінің тоғысқан сахнасына айналды. Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен өткен шара «Мерекелік саябақ» жобасы аясында жүзеге асырылды.
Фестивальдің негізгі алаңдары – Орталық саябақ, «Жетісу» саябағы және қалалық алаң болды. Бұл жерлерде көрермендер ашық аспан астында қойылған көше спектакльдерін, музыкалық перфоманстарды, театрлық қойылымдарды және цирктік шоу бағдарламаларды тамашалады.
Фестивальдің басты ерекшелігі – өнердің көрерменге жақындауы, еркін әрі қолжетімді форматта өтуі болды. Кез келген адам шығармашылық ұжымдардың өнерін жақыннан көруге мүмкіндік алды.
Көпшіліктің ерекше ықыласына бөленген басты оқиға – әртістер шеруі. Театр ұжымдары қаланың орталық көшелерімен жүріп өтті. Мерекелік карнавалға Қазақстанның түрлі қалаларынан және Ресейден келген 100-ден астам әртіс қатысты.
Шеруге қатысқан танымал шығармашылық топтар қатарында «Высокие братья», «ArtиШок», «Шоу Мутургановых», ArtLab, Limpopo, мимика және DNE би театры сынды ұжымдар болды. Олар өз өнерлерін елорда тұрғындарына арнап паш етті.
«Бүгін бізбен тек Астанадан ғана емес, еліміздің басқа қалаларынан және Ресейден келген театрлар жұмыс істеп жатыр. Біз үлкен әртістер шеруін, цирктік шоу ұйымдастырдық. Мұның бәрі ашық аспан астында өтті. Бұл – қала үшін нағыз мереке», – деді DNE ивент-агенттігінің директоры Бекзат Науқан.
Астана қаласы Мәдениет басқармасының мәдениет бөлімінің басшысы Ақерке Жұманбаева атап өткендей, фестиваль – елорда тұрғындары үшін мәдени серпіліс пен отбасылық демалысқа арналған «Мерекелік саябақ» жобасының бір бөлігі.
«Жоба аясында 100-ден астам іс-шара өткізіледі. Біз үшін ең маңыздысы – қолжетімділік. Барлық бағдарламалар тегін және әр жастағы көрерменге лайықталып дайындалған», – деді ол.
Мерекелік атмосфераны сезінген қала тұрғындары шарадан үлкен әсер алып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
«Бүкіл қала жанданып кеткендей әсер қалдырды. Әртістер шеруі, музыка, жалпы атмосфера – ертегідей әсер қалдырады. Ең қуантатыны – бәрі қолжетімді. Нағыз мереке сыйлаған ұйымдастырушыларға алғыс!» – дейді астаналық тұрғын Әлия Нұрланқызы.
Қалалық перфоманс фестивалі – өнер мен қала мәдениетінің үндескен мерекесі. Астана күніне арналған бұл шығармашылық шара елорда тұрғындарына шабыт, қуаныш және жарқын көңіл күй сыйлады. Мәдениет пен креативтің тоғысқан алаңы ретінде бұл фестиваль қаланың мерекелік рухын айшықтап, астана мәртебесіне сай мазмұнға толы өтті.
Астанада алып Эко-Мысық пайда болды
Астана күніне орай елорданың Орталық саябағында ерекше арт-нысан – пластик қалдықтардан жасалған алып Мысық пайда болды. Эко-объект «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы мен «Мерекелік саябақ» отбасылық фестивалі аясында жасалып, қала тұрғындары мен қонақтарының таң қалдырды.
Алып Мысықты құрастыруға суретшілер, еріктілер және фестиваль қонақтары атсалысты. Әр келуші өзімен бірге пластик қалдықтарын әкеліп, оларды мысықтың құйрығына жапсыру арқылы экологиялық инсталляцияның бір бөлігіне айналды.
«Бұл жай ғана көрме емес, бұл – әр адам өзгерістің бір бөлігі бола алатын тұрақты қаланың үлгісі. Біз өнер мен экологияның бір кеңістікте қатар дамитынын дәлелдедік. Келушілер шеберлік сабақтарына белсене қатысты, қалдықтарды сұрыптауға шынайы қызығушылық танытты. Қазақстандықтар экологиялық тұрғыдан мәдениетті бола бастағанын байқадық», – деді экотренер Мариям Қасымова.
Эко-Мысық тек саябақты безендіретін нысан ғана емес, табиғатты қорғау, қайта өңдеудің маңыздылығы мен қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарау жайлы маңызды ой салатын нышан.
Фестиваль аясында отбасы мүшелерінің бәріне арналған мазмұнды бағдарламалар ұсынылды. Келушілер түрлі тақырыптық аймақтарда қазақ тіліндегі мультфильмдер мен фильмдерді ашық аспан астында тамашалады, ал балаларға арналған арт-аймақта шығармашылықпен айналысты, қыш бұйымдар жасауды үйренді, суретшілер, дизайнерлер мен қолөнершілер көрмесін аралады, оған қоса спорттық және ойын-сауық шараларына қатысты.
Кішкентай қонақтар үшін арнайы қойылымдар мен шоу бағдарламалар ұйымдастырылды. Фестиваль көрермендерінің бірі – 9 жастағы Әлібек Қазбаев өзінің алған әсерімен былай деп бөлісті:
«Маған Мысыққа қақпақ жапсыру қатты ұнады! Ол түрлі түсті, жарқын әрі күлкілі болып шықты. Бүгін біз отбасымызбен жақсы демалдық, түрлі шараларға қатыстық. Тамаша күн болды!».
Фестиваль соңында жас орындаушылардың концерті мен фаер-шоу (отты шоу) ұйымдастырылып, елорда күніне арналған бұл кешті ерекше әрі есте қаларлық сәтпен түйіндеді.
Эко-Мысық – бүгінгі Астананың жаңа бейнесінің символы. Қала тек заманауи мегаполис қана емес, сонымен қатар экологиялық сананы қалыптастыратын, шығармашылық пен қоғамды біріктіретін ортаға айналып келеді. «Мерекелік саябақ» фестивалі – соның жарқын дәлелі.
Дүбірлі бәйге
Астана күні мерекесіне орай елорданың іргесіндегі Қазанат атшабарында ұлттық спорттың маңызын айшықтаған дәстүрлі «Елорда кубогы» бәйгесі өтті. Бұл – Қазақстан чемпионатының 5-ші іріктеу кезеңі, еліміздің әр өңірінен келген сайдың тасындай сәйгүліктер мен шебер шабандоздардың басын қосқан айтулы дода.
Бәйгенің ашылу рәсімінде ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Еркебұлан Ілиясов пен Бәйге федерациясының президенті Қанат Көпбаев жарысқа қатысушылар мен көрермендерді мерекемен құттықтап, бәйгенің ұлттық рух пен мәдениеттің ажырамас бөлігі екенін атап өтті.
«Астана – тәуелсіздігіміздің символы, халқымыздың армандары орындалған мекен. Бүгінгі бәйге – ұлттық құндылықты ұлықтаудың жарқын көрінісі. Қазанаттың дүбірі – қазақ рухының биіктігі», – деді Еркебұлан Ілиясов.
Биылғы жарыста елдің түкпір-түкпірінен келген 100-ге жуық тұлпар бес түрлі қашықтықта бақ сынады. Жалпы жүлде қоры – 24 200 000 теңге. Бұл бәйгенің мәртебесін арттырып, шабандоздарды да, жылқы иелерін де ынталандырды. Үздік шыққандар маусым финалына жолдама алды.
9 шақырымдық құнан бәйге жолына барлығы 21 құнан шықты. Қызу тартыста оза шауып, мәреге бұрын жеткен тұлпарлар мен шабандоздар төмендегідей болды: Шалқұйрық (шабандозы Мұратхан Арнат, Астана қаласы) – бірінші орын; МММ торы (Амангелді Хамза, Түркістан облысы) – екінші орын; Қызғалдақ (Ілесбек Дамир, Астана қаласы) – үшінші орын. Сондай-ақ төртінші және бесінші орындарды Қарағаш (Аңсар Арыстанбек, Алматы облысы) пен Қайтпасқара (Ерсұлтан Жарқын, Алматы облысы) иеленді.
5 шақырымдық ұшқыр бәйгеде 12 тұлпардың ішінен оза шапқандар: Мисс Моздок (Санай Санжар, Қостанай облысы) – бірінші орын; Веселый (Қайникамал Сәдуақасова, Абай облысы) – екінші орын; Фас шторм (Кенжебек Дидар, Жамбыл облысы) – үшінші орын алды.
7 шақырымдық жорға жарыста 13 жорға бақ сынап, нәтижесінде: Ақжауын (Санжар Тымбаев, Абай облысы) – бірінші орын; Ақбақай (Данияр Шакеров, Шығыс Қазақстан облысы) – екінші орын; Триумф (Тоқтасынова Алия, Астана қаласы) – үшінші орынды қанжығаларына байлады.
15 шақырымдық топ бәйгеге 21 тұлпар түсіп, ұзақ қашықтықта төзім мен шапшаңдықты қатар сынады. Бұл сында: Зымыран (Мұратхан Арнат, Астана қаласы) топ жарса, Фантастик (Темирлан Застежко, Қостанай облысы) екінші, Айтолқын (Нұржігіт Разақ, Алматы облысы) үшінші орыннан көрінді. Ал төртінші орынды Сиэтл (Амангелді Хамза, Астана қаласы) иеленді.
21 шақырымдық аламан бәйге – чемпионаттың ең мәртебелі кезеңі. 27 сәйгүліктің ішінен оқ бойы озып, жүлделі орындарға көтерілген тұлпарлар мен шабандоздар: Жұмбаққыз (Нартайұлы Санжар, Жамбыл облысы) – бірінші орынды; Берекет (Абзал Тұрғанбек, Алматы облысы) – екінші орынды; Сабля (Аманжол Назар, Қарағанды облысы) – үшінші орынды иемденді.
Астанада қала күні 39 сәби дүниеге келді
6 шілде – Астана күні елорда тұрғындары үшін тек мерекелік концерттер мен фестивальдерге толы болған жоқ, сонымен қатар жаңа өмірлердің басталуымен де есте қалды. Астана қаласы әкімдігінің ресми мәліметіне сәйкес, мерекелік күннің алғашқы 12 сағатында елордада 39 нәресте дүниеге келді. Оның 22-сі ұл бала, 17-сі қыз бала.
Бақытты аналар №2 және №3 көпбейінді қалалық ауруханаларда, Перинаталдық орталықта, сондай-ақ «Рахат» және басқа да жекеменшік медициналық мекемелерде босанды. Қала әкімдігінің мәліметінше, барлық сәбилер мен аналардың жағдайы жақсы, қажетті медициналық күтім толық көлемде көрсетілуде.
Медицина қызметкерлері бұл күннің символдық мәніне ерекше тоқталып, дәл Астана күні дүниеге келген сәбилерді – отбасыға берілген баға жетпес сыйлық, елдің жарқын болашағының белгісі деп бағалап отыр.
Биыл Ұлттық Домбыра мен Астана күні бірге тойланды, сол себепті шілде айының алғашқы жексенбісінде дүниеге келген нәрестелерге ерекше тарту жасалды. Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен және Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен сәбилерге қазақтың ұлттық аспабы – домбыра сыйға тартылды. Салтанатты шара №2 көпбейінді қалалық аурухананың босану бөлімінде өтті. Жас аналарға гүл шоқтары мен домбыраларды табыстауға Ассамблея өкілдері, «Қоғамдық келісім» КММ өкілдері, Аналар кеңесінің мүшелері қатысты.
«Домбыра – қазақ халқының жан-дүниесінің айнасы, рухани коды. Бұл сый – жаңа туған сәбиге берілген тек музыкалық аспап емес, сонымен қатар мәдени мұраның символы. Осы дәстүр арқылы біз ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына ерте бастан сіңіргіміз келеді», – деді шара ұйымдастырушыларының бірі.
Астана күні – жаңа өмірлердің бастау алатын, ұлттық құндылықтар мен ұрпақ сабақтастығының тоғысатын ерекше мерекесі. Бұл күні дүниеге келген сәбилер мен жас аналарға көрсетілген құрмет – елдің ертеңіне, болашағына жасалған шынайы қамқорлық пен сүйіспеншіліктің белгісі. Домбыра тартуы – рухани жалғастықтың, қазақы тәрбиенің жарқын үлгісі.
Домбыра – асыл қазына
Астана күні мен Ұлттық Домбыра күніне орай елордада дәстүр мен заманауилықты, үн мен бейнені, жады мен шабытты тоғыстырған кең көлемді мәдени шара ұйымдастырылды. Қала тұрғындары мен қонақтары қазақтың күй өнеріне арналған мазмұнды әрі ерекше форматтағы бағдарламаларды тамашалап, ұлттық рух пен қазіргі заманның үндестігін сезінді.
Мерекелік шара барысында әйгілі күйшілер Құрманғазы, Дина Нұрпейісова мен Ақан серінің бейнесіндегі әртістер «Атырау» көпірімен жүріп өтіп, көрермендермен еркін тілдесіп, олардың ұлттық өнерге деген қызығушылығын оятты. Бұл көрініс өткен мен бүгінді жалғап, тарихты тірілткендей әсер қалдырды. Сонымен қатар, қалада арнайы «Домбыра шеберханасы» жұмыс істеп, жас дарындар домбыра тартудың алғашқы қадамдарын жасап, күй әлемінің есігін ашты. Көпшілікке арналған интерактивті аймақтарда «күйді тап», домбыра-пазл, викториналар мен музыкалық ойындар ұйымдастырылып, ұлттық өнер ойынмен ұштасты.
Ерекше қызығушылық тудырған нысан – «Ұлы домбырашылар архиві» болды. Мұнда жасанды интеллект көмегімен LED-экранда Құрманғазы, Дина Нұрпейісова, Нұрғиса Тілендиев сынды тарихи тұлғалардың бейнелері «тіріліп», олардың музыкасы мен өмір жолы туралы тың деректермен толықты. Бұл жоба арқылы өнердің шексіз мүмкіндігі мен жаңаша ұсыну тәсілі айқын көрінді. Сондай-ақ, мерекелік алаңда «100 кітап» жобасы ұсынылып, домбыра және ұлттық музыка туралы әдебиеттердің көрмесі ұйымдастырылды. Қонақтар кітапханашылармен жүздесіп, қазақ мәдениетінің терең тарихына шолу жасады.
Ашық аспан астында қазақ ауылының атмосферасы жасалып, төселген кілемдер мен самаурыннан құйылған шай ұлттық болмысты айшықтады. Қонақтар ұлттық музыка туралы деректі фильмдерді тамашалап, ата-баба мұрасымен етене танысты. Ал кешкілік амфитеатр сахнасында өткен концертте халық әндері мен күй өнерінің жауһарлары орындалып, көрермендерге шынайы рухани әсер сыйлады. Аңыз күйлер жаңғырып, халықтың жүрегіне жол тапты. Астана күнімен тұспа-тұс келген бұл ерекше мереке ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен рухани жалғастықты насихаттаудың жарқын үлгісіне айналды.
Open Air концерті
Астананың 27 жылдығына орай ұйымдастырылған ауқымды Open Air концерті қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады. Елорданың басты мерекесі қарсаңында «Астана Арена» стадионы жанындағы ашық алаңда өткен концертке жиналған халықтың қарасы қалың болды. Аспан астындағы бұл мәдени шара Астана күніне арналған кең көлемді мерекелік бағдарлама аясында ұйымдастырылды.
Сахна төріне отандық эстраданың танымал әртістері мен шығармашылық ұжымдары шығып, көпшілікке жоғары деңгейдегі музыкалық шоу тарту етті. Кеш барысында өнер көрсеткендер қатарында аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» тобы, заманауи музыка өкілдері 6elucci, Қазыбек Құрайыш, Жанар Дұғалова, Әли Оқапов, Limba, Атилла, Аро, Назима, Ильхан, Тұрар мен Жұбаныш Жексен сынды әртістер бар. Әрбір өнер көрсетілім арнайы жарық эффектілерімен, видеопроекциялармен сүйемелденіп, көрермендерді әсерлі атмосфераға бөлеп, ерекше бірлік пен шаттық сезімін ұялатты.
Open Air концертінің басты мақсаты – тұрғындарға рухани ләззат сыйлау, Астана мерекесін жоғары деңгейде атап өту және өнер арқылы ұлттық бірлікті нығайту. Қала билігі қауіпсіздікке де ерекше мән беріп, қоғамдық тәртіп пен қонақтардың жайлылығы үшін қажетті шараларды қамтамасыз етті. Концертке кіру тегін, бұл да халықтың кеңінен қатысуына мүмкіндік берді.
Ашық аспан астындағы әсем әуен мен жарқ-жұрқ еткен сахналық көріністер елорданың 27 жылдық мерейтойына арналған осы бір ерекше кешті ел есінде қалдырары анық. Астана тағы да өзінің заманауи мәдени өмірімен, биік өнермен және қонақжай көңілмен көпшілікті тәнті етті.
Мерекелік отшашу өтті
Астана күніне арналған мерекелік бағдарлама елорданың аспанын көз жауын алатын отшашуға толтырып, тұрғындар мен қала қонақтарына ұмытылмас әсер сыйлады. Шара 6 шілде күні кешкі сағат 23:00 шамасында Ботаникалық бақ аумағында өтті. Бес минутқа созылған әсерлі отшашу кезінде аспанға 1 700-ден астам түрлі-түсті фейерверк атылып, түнгі қаланың көркін одан әрі арттыра түсті.
Отшашу демеушілердің қолдауымен ұйымдастырылып, астаналықтар үшін қала күніне арналған кештің шарықтау шегіне айналды. Көпшілік ерекше әсерге бөленіп, мерекелік көңіл күймен үйлеріне тарады.
Астана күніне орай елордада 100-ден астам түрлі бағыттағы іс-шара ұйымдастырылды. Олардың қатарында концерттер, шоу, театрландырылған қойылымдар, көрмелер, спорттық жарыстар мен танымдық кездесулер болды. Бұл мереке тек салтанатты сипатқа ие емес, сонымен қатар қала тұрғындарының белсенді қатысуымен өткен мәдени, әлеуметтік және спорттық шаралар арқылы елорданың рухани өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Елорда күніне арналған бағдарламалар қаланың барлық аудандарында қамтылып, әрбір тұрғын үшін қолжетімді әрі қызықты форматта өтті.
Астана – тек Қазақстанның астанасы емес, сонымен бірге Тәуелсіздік рухының бейнесі. 27 жыл ішінде елорда елдің даму жолында үлгі бола білді. Бұл – бір ұрпақтың көз алдында туған қала. Елорда күні – әр қазақстандықтың жүрегіне жақын, елдікті, бірлікті, болашаққа сенімді ұлықтайтын мемлекеттік мереке.
Әділет МҰСАХАЕВ