Емле ережесін қалыптастырудың басты ұстанымдары

Кирилл әліпбиі негізінде жасалған қазіргі жазуымыз қазақ тілінің табиғатына сай келмейтіні көптен бері сөз болып жүр, бірақ бұл мәселені шешудің нақты шешімі әлі күнге дейін табылар емес. Басқа тілдерден енген сөздерді былай қойғанда қазақтың өзінің төл сөздерін бірізділікке келтіру мұң болып тұр. Бұған бірнеше мәселе кедергі келтіріп жүр. Біріншісі –  емле ережесін жасауда жалғамалы тілден табиғаты мүлдем бөлек, қопарылмалы тілдерге арналған орфографиялық ұстанымдардың басшылыққа алынуы. Екіншісі – кеңестік кезеңде тіліміздің табиғатына келмейтін, орыс тіліне ғана тән дыбыстардың әліпбиімізге күштеп енгізілуі. Сондай-ақ орыс тілінен және орыс тілі арқылы енген сөздер орыс тіліндегідей  болып жазылады деген ереже қабылдануы да жазу мәселесін күрделендіріп жіберді. Үшінші – қазақ тілінің төл дыбыстарынан ғана тұратын әліпби қалыптастыруға және сол әліпбиге негізделген емле жасауға асықпауымыз. Төртінші – латын әліпбиіне негізделген әліпби жасаушылардың 70 жылдан астам уақыт бойы қалыптасқан стеортиптен шыға алмауы. Енді осы мәселелерді қалай шешуге болатынын қарастырайық.

Әліпби дұрыс болса ғана жазу дұрыс болады. Бұл орайда А.Байтұрсынұлының мына сөзі басшылыққа алынғаны жөн: «Жақсы әліпби тілге шақ болуы керек. Өлшенбей тігілген, о жер-бұ жері бойға жуыспай, қолбырап-солбырап тұрған кең киім сияқты артық әріптері көп әліпби де қолайсыз; бойыңды қысып, тәніңді құрыстырып-тырыстырып тұрған тар киім сияқты әрпі кем әліпби де қолайсыз болады» («Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі». Алматы, «Атамұра», 2005. 144 б. – 74 б.) Яғни әліпби құрамында тілде жоқ дыбыстарды таңбалайтын әріптер болмауы тиіс.

Кез келген тілге басқа тілден сөз енеді, бірақ дыбыс енбейді. Басқа тілден енген сөз өзі енген тілдің дыбыстық заңдылығына бағынады.  Профессор  С.Мырзабектен: «Соңғы мың жылда, Ақымет опат болғанға дейін сырттан бір дыбыс енді дегенді білмейміз. (Орыс тілінде де соңғы 200 жылда жаңа дыбыс енгенін оқи алмадық). Олай болса тілдің дыбыстық құрамы ғаламат тұрақтылығымен ерекшеленеді. Сол үшін де ол – тілдің жаны, өзі. Тіл мәңгі болса ол да мәңгі. Оның қатары бұзылса тіл де бұзылады» (Мырзабектен С. «Қазақ тілінің айтылым сөздігі». Алматы, «Сөздік-Словарь», 2001 ж, 320 б. — 8 б.), – деп басқа тілден енді дегенді желеу етіп әліпби құрамына тілге жат дыбыстарды қосу тілді бұзатынын атап айтады. А.Байтұрсынұлы бастаған қазақ зиялылары осы ұстанымда болған. Алаш зиялылары қудаланып, сотталып, атылып кеткеннен кейін қазақ тілінің дыбыстық жүйесінің зерттелуі мүлде бөтен арнаға түсті. Нәтижесінде қазір қолданылып жүрген 42 әріптен тұратын әліпби жасалды. Осы әліпбидің негізінде ғылым-білімі дамыған еуропа елдерінен кірген сөздер орыс тілінің нұсқасымен жазылатын болды. 70 жылдан астам осы жазуға көздері үйреніп қалған, сана-сезімі орыстанған қауымға қазақ тілінің өзіндік ерекшелігі бар, бұл сөздер былай айтылып-жазылмауы керек дегенді түсіндіру қиын болып тұр. Қазақ тілі дыбыстарын зерттеуге мүлде жаңа қырынан келген профессор Ә.Жүнісбек қазақ тілінің фонетикасы орыс тілінің үлгісімен зерттелгенін, көптеген тұжырымдар орыс тілінің үлгісімен жасалғанын сөз етеді. Сөйтіп, фонетика туралы зерттеудің мұндай бағытын «еуропацентристік» немесе «еуропа-өзімшіл» бағыт  деп атайды. Үндіеуропа тілдері үшін фонема, тай-қытай тілдері үшін тонема, түркі тілдері үшін сингема терминін қолданған дұрыс болады дейді. Осыған байланысты түркі тілдері үшін аллофон термині де келмейді дей келіп Ә.Жүнісбек түркі тілдері үшін аллосингема терминін қолданады. Ә.Жүнісбектің талдауы бойынша қазақ тілінде үш тірек дауысты дыбыс бар бар. Олар: жалаң дауысты а (екі аллосингемадан тұрады — а, ә), жалаң дауысты ы (төрт аллосингемадан тұрады — ы, і, ұ, ү), құранды (дифтонг) дауысты о (үш аллосигемадан тұрады — о, ө, е) (Жүнісбек Ә. «Қазақ фонетикасы». Алматы, «Арыс», 2009. 312 б. – 47-48 бб..)

Ал дауыссыз дыбыстарды жіктеуде профессор Ә.Жүнісбек дауыссыз дыбыстардың қазақ тіліндегі 9 дауысты дыбыспен тіркес құрай алатынын басшылыққа алады. Осы тұрғыдан келгенде қ, ғ дыбыстары тек жуан дауыстылармен, к, г, дыбыстары тек жіңішке дауыстылармен тіркесетінін ескеріп, қ-к дыбыстарын бір ғана қатаң дауыссызға және ғ-г дыбыстарын бір ғана ұяң дауыссызға жатқызады. Сөйтіп ол қазақ тілінде 17 (б, ғ-г, д, ж, й, қ-к, л, м, н, ң, п, р, с, т, ұ, у (w), ш) дауыссыз дыбыс бар деп санайды. Қалыптасқан қазақ жазуынының дәстүрімен қ/к, ғ/г дыбыстарын жеке-жеке таңбалайтын болсақ, 19 дауыссыз дыбыс (әріп) болып шығады. Өзіміздің төл сөздеріміз де, басқа тілдерден енген сөздер де осы 28 әріппен, қазақ тіліндегі үндестік заңына және дауыссыз дыбыстардың тіркесуі заңдылығына негізделіп жазылуы керек.

ТӨЛ СӨЗДЕРІМІЗДІҢ ЖАЗЫЛУЫ

Қазақтың төл сөздерінің жазылуына кедергі келтіріп жүрген үлкен мәселелердің бірі – дауыссыз и, у дыбыстары бар сөздердің жазылуы. Қазақ тілін алғаш зерттеген ғалымдардың бірі В.В.Радлов у, й (w (у), j (и)) дыбыстарын жартылай немесе аралық дауысты дыбыс деп есептеген (Аралбаев Ж. «Қазақ тілі фонетикасының зерттелуі жайында». Кітапта: «Фонетика казахского языка», Алма-Ата, «Наука», 1969 г. 167 стр. – 29 б.). Бұл көзқарас ары қарай жалғасын тауып, А.Байтұрсынұлы да, сондай-ақ өткен ғасырдың 20-30-жылдары қазақ тілі дыбыстары туралы зерттеу еңбектер жазған Е.Омаров пен Қ.Кемеңгерұлы да бұларды жартылай дауысты дыбыс деп таныған.

Профессор Қ.Жұбанов та осы ұстанымнан алыс кетпейді. Ол дауысты дыбыстарды жуан:  а, о, ы, ұу, ый; жіңішке: ә, ө, у, і, үу, ій деп жіктейді де, дыбысталу түріне қарай:

  1. Толық дауыстылар: а/ә, е, о, ө;
  2. Келте дауыстылар: ы/і мен ұ/ү;
  3. Қосынды дауыстылар: ұу/үу мен ый/ій, — деп бөледі (Жубанов Х. «Исследования по казахскому языку», Алма-Ата, «Наука» – 1966 г. 362 стр. -)

Өткен ғасырдың басында қазақ тілін зерттеген ғалымдар қазақ тіліндегі дауысты дыбыстарды, негізінен, дұрыс анықтаған. Тек қазіргі қазақ тілінде үнді дауыссыз дыбыстарға жатқызылып жүрген дыбыстарды «жартылай дауысты дыбыстар» деп қате тұжырым жасаған.

Қазақ тілі дыбыстарына артикуляциялық сипаттама беру І.Кеңесбаевтан басталады деуге болады. Мектептер мен жоғары оқу орындарында қазақ тілі фонетикасын оқытуда әлі күнге дейін академик І.Кеңесбаевтың ғылыми еңбектері басшылыққа алынып келеді. Ол қазақ тілінде тоғыз жалаң дауысты (монофтонг) (а, ә, ы, і, е, о, ө, ұ, ү), екі қосынды дауысты (дифтонгоид) бар (и, у) деп есептейді (Кеңесбаев І., Мұсабаев Ғ., «Қазіргі қазақ тілі (лексика, фонетика», Алматы, «Қазақтың мемлекеттік оқу-педагогика баспасы», 1962 ж, 316 б. – 223 б.). Оның: «Қазақ тілінің буын жүйесі, буынның сан жағы мен сапа жағы да, өзге фонетикалық өзгерістер де қазақ тілінде қосынды дауыс (дифтонгоид) фонема бар екендігін анық дәлелдей алады. Кейбір индо-европа тілдерінде дифтонг фонемаларды ешбір бөлуге болмайды;  оларда сөздің барлық позициясында дифтонг бір кесек буынның құрамында болуға тиісті болса, қазақ тілінде дифтонг қақ жарылып, бірі алғашқы буынға кетіп, екіншісі кейінгі буынға жылысып кетеді: у, и», – деген пікірі (сонда) қазақ тілі оқулықтарындағы «у дыбысы дауысты дыбыстан кейін дауыссыз, дауыссыз дыбыстан кейін дауысты болады» деген жаңсақ анықтамаға негіз болған сияқты.

Жазудағы үнемділік дегенді сылтау етіп, су, ту (жалау) ту (одағай), ми, ки, киім, қиын сияқты қазақтың өзінің төл сөздерінің буын жігін ескермей жазатын болдық. Бұл сөздердің жазылуы қазақ тіліндегі дауыссыз дыбыстар тіркесіміне қайшы келіп тұр. Біріншіден, су, ту (жалау) ту (одағай), ми, ки, қи сөздерінде екі дауыссыз дыбыс буын құрап тұрғандай көрінеді. Шындығында бұлар сұу, тұу (жалау) түу (одағай), мый, кій, қый болып айтылады және солай жазылуы тиіс. Екіншіден киім, қиын сөздерін буынға бөлетін болсақ, қи-ын, ки-ім болып шығады. Бұл қазақ тілінде екінші буыннан бастап буын дауысты дыбыстан басталмайды деген қағидаға қарама-қайшы келіп тұр.

Кеңес өкіметі кезінде қазақ ғылымы орыс ғылымына сүйенгендіктен қазақ зиялылары емле ережелерін жасауда орыс тілінің үлгілерін басшылыққа алды. Мәселен Ж.Аймауытов: «Қазақ емлесі орыс емлесіне жақын болуы керек, қазақ баласы орысша хат танымай тұрмайды, өнер, білімді, мәдениетті орыстан үйренбекпіз. Орысшасыз күніміз жоқ. Емлеміздің арасы қашық болса қазақша таныған адам орысшаны, орысша таныған адам қазақшаны тануы қиын тиеді», – деп (Жүсіпбек. «Емлені оңайлату жобасы» // «Жаңа мектеп». 1928. №4, 5. 34-38 бб. Кітапта: ХХ ғасыр басындағы қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы, «Қазығұрт», 2013 ж. 640 б. – 248 б.) дыбыстық құрылымы, дыбыстық заңдылығы бір-бірінен мүлде алыс екі тілге жақын емле ережесін шығаруды жөн санаған. Сонымен қатар ол у бір-ақ түрлі болып жазылсын (бау, су, асу), «Ұзын «й» (ы+й) екі әріптен құралып жазылса орыс емлесінен алшақтап кетеді», – деп су, ми деп жазуды қолдаған. Бұл қателік әлі күнге дейін жалғасып келеді. Жоғарыда айтқанымыздай, қазақ тіліндегі дауыссыз дыбыстар тіркесімі ескерілмеген бұл ережені қолдаушылар әлі де көп.

Қазақ тілінде дауыссыз дыбыстарды дыбыстау үшін, олардың соңынан, мысалы, бы, ты, сы  деп дауысты дыбысты тіркеп айту керек. Ал кейбір дауыссыздар дауысты дыбыстың алдына қойылады. Мысалы, ұу, ій, ыр, ыл, ың. Қазақ тілінде бұл дауыссыздардан сөз басталмайды. Уық, ине, рас, лақ деп жазылғанымен бұл сөздер ұуық, ійне, ырас, ылақ болып айтылады. Қазақ тілі жалғамалы тіл болғандықтан сөз басындағы мұндай фонетикалық ерекшеліктерді аса қатты ескермей-ақ, осы кезге дейін қалыптасқан нормамен уық, ине, рас, лақ деп жаза беруге болатын сияқты. Ал дауыссыз дыбыстардың қоршауында тұрғанда жоғарыда айтқанымыздай  сұу, мый, қый, кій болып жазылуы тиіс. Сонымен қатар бір буынды ит, и (терінің иі), у (улану дегендегі) сияқты сөздерді жазғанда ійт, ій, ұу деп жазған дұрыс деп ойлаймыз. Бір-ақ әріппен таңбаланғандықтан и, у сөздері орфографиялық сөздікке енбей қалған. Тіпті орфографиялық сөздіктерден түу (одағай) сөзін де кездестірмедік.

Емле ережелеріміздің қалыптасуына зор еңбек сіңірген академик Р.Сыздықованың еңбегінен де қазақ сөздерінің жазылуында кездесетін қарама-қайшылықтарды кездестіріп қаламыз. Мысалы, кәне, кәнеки (Сыздық Р. «Қазақ тілінің анықтағышы (емле, тыныс белгілері, сөз сазы)». Астана, «Елорда», 2000, 532 б. – 327 б.) сөздері жіңішке жазылса, қазір (кәзір емес) сөзі (327 б.) аралас буынмен жазылған. Парсы тілінен кірген бұл сөздің еліміздің солтүстік, солтүстік-шығыс өңірлерінде қазыр болып, ал оңтүстігінде кәзір болып айтылатыны белгілі. Бұл екі жаққа тең көзқараспен қараудан туған тәрізді. Тілімізде жуан, жіңішке нұсқа құрап айтатын сөздердің (мысалы, қазір – кәзір, саламатсыз ба – сәлеметсіз бе) жіңішке нұсқасын әдеби норма етіп алғанды дұрыс деп есептейміз. Себебі тіл арты дыбыстарынан гөрі, тіл алды дыбыстарын айту оңай және жалпыхалықтық лексикада жіңішке нұсқалары көбірек таралған. Сөйлеу барысында адам дыбыстау мүшелеріне көп күш түсірмей сөздерді ықшамдап айтуға бейім немесе оңай дыбысталатын нұсқасын айтқанды жөн көреді. Бұл сөздер өзіміздің төл сөзіміз болмаса да тілімізге ертеректе кіріп, қазақ тілінің дыбыстық заңдылығына бағыну арқылы еніп кеткен сөздер. Тек олардың жазылуын бірізділікке түсіру керек.

Қазақ тіліне тән емес дыбыс тіркесімдерін беретін я, ю әріптері әліпбиден шығарып тасталғаннан  кейін орфографиялық сөздіктерімізде тақия, дүрия, жария, қария, мия, сия, Әсия, Ғалия, аю, кею, жию, тию (үлестің тиюі) болып жазылып жүрген сөздеріміз тақыйа, дүрійә, жарыйа, қарыйа, мыйа, сыйа, Әсійә, Ғалыйа, айұу, кейүу, жыйұу, тійүу болып үндестік заңына толық бағынып, дауыссыз дыбыстардың тіркесімі ескеріліп жазылады. Айту мен жазудың арасындағы айырмашылық азайған соң сауатты жазу жөнге қойылады.

БАСҚА ТІЛДЕН ЕНГЕН СӨЗДЕРДІҢ ЖАЗЫЛУЫ

Әр түрлі тарихи кезеңдерде көршілес елдермен саяси, экономикалық қарым-қатынас жасау кезінде бір тілден екінші тілге сөз ауысып отырады. Қазақ жері тілдік туыстығы жоқ елдермен (Ресей, Қытай) де шектесіп жатыр. Бұл екі халықтың тілінен енген сөздер қазақ тілінде аз емес. VIII ғасырдан бастап араб басқыншылығымен бірге қазақ жеріне мұсылман діні тарай бастады. Ол кездегі араб елдерінің ғылымы мен мәдениеті жоғары деңгейде болатын. Дінмен бірге қазақ тіліне араб, парсы тілдерінен сөздер көптеп ене бастады. Бұл сөздер де, орыс және қытай тілдерінен енген сөздер де қазақ тіліне ауызекі сөйлеу тілі арқылы дыбыстық өзгеріске ұшырады. Бұл күндері ондай сөздердің көпшілігін арнайы этимологиялық зерттеу арқылы ғана анықтауға болады. Дыбыстық өзгеріске ұшыраған сөздер қазақ тілін байыта түсті. Біз сол қазақ тілінің дыбыстық заңдылығын сақтау арқылы енген сөздерді де біркелкі жазбай жүрміз. Мысалы, күнделікті өмірде жиі қолданылатын рақымет сөзі орфографиялық сөздікте рақмет («Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі». Алматы, «Қазақстан», 1988 ж. 400 б. – 276 б.), ал Р.Сыздықтың «Қазақ тілінің анықтағышында» рахмет (390 б.) болып беріліпті. Екі сөздіктегі жазылумен де келіспейміз, себебі олардағы бұл сөздің жазылуында ғылыми негіз басшылыққа алынбаған. Біріншіден, қазақ тілінде қм дыбыс тіркесімі жоқ, себебі: «Қ дауыссыз дыбысы тілшік пен тілдің түбі арқылы жасалады. …Жасалым белгілері: тілшік, тоғысыңқы, қатаң дауыссыз дыбыс» (Жүнісбек Ә. «Қазақ фонетикасы». Алматы, «Арыс», 2009. – 76 б.). «М дауыссыз дыбысы қос ерін арқылы жасалады. Жасалу орнына қарай ерін-ерінді дауыссыз дыбыс болып табылады. …Жасалым белгілері: ерін-ерінді, тоғысыңқы, үнді дауыссыз дыбыс» (сонда, 88 б). Көріп отырғанымыздай, бұл екі дауыссыздың жасалу орны бір-бірінен мүлде алшақ және дауыстың қатысына қарай да сәйкеспейді: бірі – қатаң, екіншісі – үнді. Мұндай дыбыстар тіркесуі үшін арасында дәнекер дауысты дыбыс болуы керек, ол – дауысты ы дыбысы. Қазақ тілінің дыбыстық тіркесімі бойынша рақымет болып жазылуы тиіс. Ал рахмет сөзіне келетін болсақ, қазақ тілінің табиғатына сай келмейтін х дыбысын беретін әріпті әліпби құрамына енгізуге болмайды. Қазақ фонетикасын зерттеушілердің көпшілігі х дыбысын қазақ тіліне араб-парсы тілінен енген дыбысқа жатқызады. Мысалы, профессор Ә.Құрышжанов х дыбысы сөйлеу тілімен жымдаспай жат естілгендіктен, 1917 жылға дейін құрамында осы дыбысы бар араб-парсы тілінен кірген сөздерді әркім өз қалауынша жазып жүрді дей келіп: «Ендігі жерде бұл дыбыс жаңа сапалы тың мағынаға ие болған дербес дыбыс болып есептеледі. Күнделікті іс жүзінде қайта-қайта айтыла жүріп, х фонемасы қысқа мерзім ішінде-ақ қазақ халқының үйреншікті қолтума дыбысына айнала бастады» (Құрышжанов Ә. «Тіл тарихы жайында ойлар (ғылыми мақалалар жинағы)».Алматы, 2008 ж. 200 б. – 98 б.), – деп бұл дыбысты тілдің дамуы барысында пайда болған жаңа фонемаға жатқызады. Ал профессор Ә.Жүнісбек керісінше: «Х дауыссызы қазақтың төл дыбысы емес яғни қазақ тілінде (қазақтың төл сөздерінің құрамында) сингема мәртебесінде кездеспейді» (Жүнісбек Ә. «Қазақ фонетикасы». Алматы, «Арыс», 2009. – 79 б.), – дейді. Х дыбысын дыбыстау не себептен қиын емес дегенге профессор Ә.Жүнісбектің мына пікірімен жауап келтіруге болады: «Х дыбысын айту қазақ тілді адамға қиын емес, себебі қазақ тілінің құрылымында ол дыбысқа бос орын бар, сондықтан қат десек те хат десек те сөз мағынасына нұқсан келмейді, бірақ соңғысының қазақ тілінің нормасына жат екені байқалып тұрады»  (сонда –  79 б).

Бір қарағанда қазақ тіліне ешқандай залалы жоқ х дыбысын әліпби құрамынан шығарып тастаудың қандай қажеттілігі бар дегенге жауап беру үшін орфографиямызда қосымша жалғауға қиындық келтіріп жүрген хал сөзіне тоқталайық. Бұл парсының әһвал (Жеменей И. «Парсыша-қазақша және Қазақша-парсыша сөздік». Алматы, «Санат», 1994 ж. – 308 б. – 221 б.) деген сөзі. Бұрын ауызекі сөйлеу тілінде қал болып айтылып жүрген сөзді емле ережеміз бойынша хал деп жазған соң оған қосымша жалғау тұрғысынан қиындық туды. Бұл қиындықтан шығудың «жолын» профессор Н.Уәлиев былай көрсетеді: «Мысалы, хал, халге [халге], халі [халі] х [қ] фонемасымен іргелес айтылғанда <ә> тіл арты реңкіне [а]-ға көшеді. Алайда мұндай сөзге қосылатын қосымшалар сол сөздегі дауыстының [ә] фонемасы екендігін «хабарлап» тұрады» (Уәлиев Н., Алдашева А. «Қазақ орфографиясындағы қиындықтар». Алматы. «Ғылым». 1988. 113 б. — 25-26 бб). Көріп отырғанымыздай, әуелі тілімізде жоқ дыбысты кіргізіп алатын «теория» ойлап табамыз да сол дыбыстан туатын қиындықты шешу үшін тағы бір «теория» шығарамыз. Ал бұл сөз қал болып жазылса, қалым, қалың, қалыңыз, қалы болып жазылып, айтылатын еді де бұл «дауыстының [ә] фонемасы екендігін «хабарлап» тұрады» деп «ертегі» ойлап табудың қажеті болмас еді.

Қазақ тілінде ә дыбысы тек бірінші буында ғана жазылады, екінші, үшінші буындарда тек мынандай сөздерде ғана жазылады деп санамалап берген ереже де басқа тілден енген сөздердің қазақ тіліне сіңіп кетуіне кедергі келтіріп тұр. Күнделікті өмірде жиі қолданылатын кітәп сөзінің кітап болып жазылуы, сондай-ақ араб, парсы тілдерінен енген жалқы есімдердің бірінші буынында ү дыбысы айтылатын сөздердің ғана екінші буынында ә әрпі жазылады деген ереже де дұрыс емес. Мысалы, Жәмила (айтылуы – Жәмилә), Сәбира (айтылуы – Сәбирә), Кәмила (айтылуы – Кәмилә), Күлән, Күләнда, Күләш, Күләй, Мүтән. (Сыздық Р. «Қазақ тілінің анықтағышы (емле, тыныс белгілері, сөз сазы)». Астана, «Елорда», 2000. 532 б. – 23 б). Біздіңше, ә әрпі тек бірінші буында ғана жазылады деген ережені алып тастау керек. Қазақ тілінің дыбыстық заңдылығына бағынып енген (араб, парсы тілдерінен) сөздердің бәрінде ә дыбысы екінші, үшінші буындарда да жазылуы тиіс. Жәмила, Сәбира, Кәмила, Күләнда, Мәдина, Бәтима, Гүлжәмила сияқты жалқы есімдер Жәмійлә, Сәбійрә, Кәмійлә, Мәдійнә, Бәтіймә, Гүлжәмійлә т.б. Бірақ бұл сөздерге қосымша жуан буынды болып жалғана беруі керек. Мысалы, Жәмійләның, Мәдійнаға, кітәпта т.б.

Бір дауыссыз дыбысты қосарлап айту қазақ тіліне тән емес, сондықтан тәкаппар, ләззат, махаббат, қисса сияқты сөздерді тәкәпәр, ләзәт, мақабат, қыйса деп қазақ тілінің дыбыстық заңдылығымен жазу қажет. Профессор А.Айғабылов мүдде, ләббай, әдді сөздерінің айтылуында ықшамдалу байқалмағанымен, олар мүтте, ләппай, әтті болып қатаңданып естіледі дейді. «Бұлардың құрамындағы қосарлы дауыссыздардың бірі түсірілмей айтылуы қазақ тілінің солай айтуға бейімділігі емес, өзге тілдік сөздердің сіңісу барысындағы өгейліктің кедергісі болса керек» (Айғабылов А. Қазақ тілінің морфонологиясы. Алматы, «Санат», 1995. – 136 бет. – 100 б.), – деген қорытынды жасайды. Бұл сөздер мүде, ләпәй, әді болып айтылмайтындықтан, мүдде, ләппәй, әдді деп жазуға тура келеді. Араб тілінен кірген алла (әлләһу) сөзі де қазақ тілінде алда болып айтылады. Алдаберген, Алдоңғар сияқты кісі аттары бұған дәлел, бірақ дін тарапынан бұлай жазу үлкен қарсылық туатындықтан алла деп жазған дұрыс.

Орыс тілінен және орыс тілі арқылы еніп, «халықаралық терминдер» немесе «интернационал терминдер» деп аталып жүрген сөздерді тіліміздің заңдылығына бағындырып жазу да қиынға түседі. 1924 жылы Орынбор қаласында өткен съезде Е.Омарұлы: «Жат сөз қазақ тіліне сіңіп түпкілікті қазақ сөзі болып шығуы үшін мағынасы түсінікті болмаса да айтуға жеңіл болып, құлаққа ерсі естілмеуі керек. Бұл шартқа келмеген сөз қазақ сөзі бола алмайды, тек кітәб сөзі болып қана қалады. Олай болып кетсе кітәб тілі ел тілінен басқаланып шығады, кітәбтің елге пайдасы болмайды» («Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі». Алматы, «Атамұра», 2005. 144 б. – 97 б), – деп басқа тілден енген сөздерді өзгертпей қабылдаудың тілге қандай зиян беретінін ашып көрсеткен. Кезінде Е.Омарұлы қазақ тілінің заңдылығына бағынбаған сөздер құлаққа ерсі естіледі десе бұл күндері керісінше орыс тілінің заңдылығымен жазылып тұрған сөздерді қазақыландырып дыбыстау құлаққа ерсі болып естілетін дәрежеге жетті. Әсіресе орыс тіліндегі кісі аттарын, әлемдік географиялық атауларды орыс тілінің жазылу үлгісімен қабылдап үйреніп қалған адамдарға орыс тіліндегі Александр, Мария, Егор, Федор сияқты кісі есімдері, Германия, Англия сияқты мемлекеттердің атаулары қазақ тілінің дыбысталу заңдылығы бойынша Ескендір, Мәриә (немесе Мәриәм), Жәгөр, Шодыр, Алманыйа, Анғылыйа болады деп түсіндіру мүмкін емес. Жат сөздерді қазақ тілінің заңдылығымен дыбыстау Қытай қазақтарында ғана сақталған, себебі олар әлі күнге дейін А.Байтұрсынұлы жасаған әліпбимен оқып келеді. Өткен ғасырда латын әліпбиіне көшу туралы дау болғанда латын әліпбиін жақтаушы көрнекті қоғам қайраткері Н.Төреқұловтың өзі де А.Байтұрсынұлының емлесі дұрыс екенін мойындаған. Ол тек араб әрпіне қарсы болған. Ол: «Жазудың емле жағы қазақта бітейін деп қалған. Атақты тарихшы Нажиб Асим (Нәжиб Ғасим») «Түрік» деген сөзді баяғыша «трк» түрінде емес «түрік» деп үйрету үшін 20 жыл ұрынды, «т»-дан соң «уау» хәрпі керек дегені үшін көп заманға дейін «Нажиб Әсімді» «уаули түрік» деп Стамбул келеке қылды, тағдырға шүкірлер болсын, Байтұрсынұлы Ахмет мұнан он шақты жыл бұрын тілге туралап түзеткенде барлық жұрт керектігін біліп, қабыл алған» (Төреқұлов Н. Шығармаларының көп томдық жинағы. Алматы, «Ел-шежіре» ҚҚҚ. 2007 ж., 288 б. – 65 б.), – деп әділін айтқан.

1929 жылы Қызылорда қаласында ресми бекітілген латын жазуына негізделген тіліміздің әліпбиінің емле ережесі А.Байтұрсынұлының әліпбиінен алшақ кеткен жоқ. Әсіресе сол емле ережесінде кірме сөздердің жазылуында А.Байтұрсынұлы бастаған қазақ зиялыларының ұстанымдары басшылыққа алынды. Осы емле ережесі бойынша өзге тілдік сөздерді қазақша жазу: «1. қазақ емлесінің негізі дыбыс жүйесінше болұу керек; дыбыстың өзгерүуі осы күнгі қалық тілінде айтылған, естілген күйінде жазылұуы керек. Сөз-сөздің ішіндегі дыбыстардың бірінің біріне ұсап өзгергені де – еліктірүу, ұсамай өзгергені де ірітүу, әсіресе бірыңғай жуан, жа бірыңғай жіңішке болып өзгергендегі, – өзгерген күйінде жазылұуы керек. Жазудың бұл дыбыс жүйесіне келмейтін жерлеріне осы қаулыда айырықша ережелер болұуы керек. 2. шеттен кірген сөздердің емлесі дыбыс жүйесімен жазылұуы керек те, айағы қазақтың сөз жүйесіне көнүу керек» (Әміржанова Н. «Қазақстандағы латын жазуының тарихи тағлымы». Алматы. Мемлекеттік тілді дамыту институты. 2012 ж. 300 б. – 190 б.), – деп белгіленген.

Өткен ғасырдағы қазақ зиялылары термин сөздерді тілдің ішкі мүмкіндігін пайдаланып жасау керектігін сөз еткен. Тілімізде ол ұғымды беретін сөз болмаған жағдайда туыстас тілдерден іздеу керек, туыстас тілдерден табылмаса түпнұсқа тілден тілімізге бейімдеп алу керек деген ұстанымда болған. Мәселен, Е.Омарұлы: «Пән сөздерін тілімізден таба алмаған күнде Иаурыпа қолданған латынша пән сөздерді алуға болады. Бірақ ондай жат сөздерді алғанда оны тіліміздің заңына келтіріп өзгертіп алу керек» («Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі». Алматы, «Атамұра», 2005. 144 б. – 97 б.), – деген болатын. Яғни термин сөздерді тек орыс тілі арқылы аламыз деу дұрыс емес, түпнұсқадан тіліміздің заңдылығына бейімдеп алуымыз керек. Қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне мүлде келмейтін сөздерді, түпнұсқадағы беретін мағынасына сәйкес аударып алуға тура келеді. Мысалы орыс тіліндегі цех сөзі құрал-жабдықтармен жабдықталған жеке құрылыс немесе зауыттың не фабриканың бөлімшесі деген ұғымды білдіреді (википедия) яғни оны шеберхана деген сөзбен беруге болады. Орыс тіліне жабысып қалмай осылай ала салу керек, себебі цех сөзі қазақ тіліне бейімделмейді, сек деп немесе сеқ деп жазсақ мүлде түсініксіз болады. Ағылшын тілінде бір ғана shop сөзі дүкен, шеберхана, кәсіпорын, мекеме ұғымдарын білдіреді. Одан ағылшын тілі кедей болып қалған жоқ, сондықтан орыс тіліндегі сөзді қазақ тіліне тықпаламай, қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне келмейтін сөздерді аударып алу керек.

Қазақ тілінде ұяң б, г, д дыбыстарына сөз аяқталмайды, сондықтан соңғы дыбысы б, г, д дыбыстарына аяқталып тұрған кірме сөздердегі б дыбысы п болып, г дыбысы к болып, д дыбысы т болып жазылуы керек. Қазір араб, масштаб, хиджаб, гардероб, микроб, макрофаг, демагог, абжад, лимонад, ортопед, логопед сияқты болып жазылып жүрген сөздер арап, масыштап, қыйжап, гәрдероп, мыйкроп, макрофак, демагок, абжат, лыйманат, артапет, лагапет болып жазылуы тиіс. Жалғамалы тіл заңдылығына сәйкес келуі үшін кірме сөздердің соңындағы дыбыс тіркесіміне көбірек мән берілгені жөн. Ал масштаб сөзіндегі сөз ішіндегі сшт дауыссыздарының тіркесімі қазақ тілінде болуы мүмкін емес, сондықтан бұл сөзді ы қыстырма дыбысы арқылы (масыштап) жазған дұрыс деп ойлаймыз. Орыс тілінде екпін түспеген буында о жазылғанмен а болып оқылады. Егер терминнің орыс тіліндегі нұсқасын алатын болсақ екпінсіз буындағы о әрпінің (дыбысының) орнына а әрпін жазуымыз керек. Яғни артапет, лагапет болып жазылады. Қазақ тілінде г, к дыбыстары жіңішке дауыстылармен, ал қ, ғ дыбыстары тек жуан дауыстылармен тіркесе алатын болса да кейбір біріккен сөздерде немесе сөз тіркестерінің арасында олар бұл заңдылыққа бағынбай да тіркесе береді. Мысалы көгал, көгала (ауру аты), көгорай (Сыздық Р. «Қазақ тілінің анықтағышы (емле, тыныс белгілері, сөз сазы)». Астана, «Елорда», 2000. 532 б. –  317 б.), Ағерке (кісі аты) (жазылуы Ақерке сияқты сөздерде га, го, ғе дыбыс тіркесімдері кездеседі, сондықтан үнді еуропа тілдерінен енген сөздердердегі ка, ко, ок дыбыс тіркесімдерін сол күйінде қалдыруға болады деп ойлаймыз. Физика, диалог, педагог, демагог сияқты сөздерді пізійка, дыйалок, педагок, демагок деп жазсақ қазақ тілінің дыбысталу ерекшелігіне біршама жақындары сөзсіз. Орыс тіліндегі дауысты и дыбысын ый/ій дыбыс тіркесімімен қатар кейде бір ғана і дыбысы арқылы берген дұрыс сияқты. Мысалы, термин, физика сияқты сөздерді термін, пізійка деп жазған дұрыс деп есептейміз. Әрине, пізійке деп жазсақ үндестік заңы толық сақталар еді, бірақ қоғам тарапынан үлкен қарсылық туатын сияқты.

Қазақ тілінің орфографиялық сөздіктерінде орыс тілінен және орыс тілі арқылы енген соңы екі дауыссыз дыбыстарға аяқталған сөздер мен терминдерге қосымша былай жалғанады деп топтап-топтап көрсетілген. Мысалы, «Қазақ тілінің анықтағышында»: «Нд, нз, нк, нг, мн, мб, мт, кт, ск, вт, фт, пт дыбыстарына аяқталатын орыс тілінен енген сөздерге қазақ тілі қосымшалары ы, і дәнекер дыбыстары (әріптері) арқылы жалғанады: фонд+ы+сы, ценз+і+ге, ценз+і+сі, штамп+ы+ны, штамп+ы+лау, танк+і+ге, танк+і+лер, франк+і+сі, митинг+і+сі, шланг+і+ге, шланг+і+сі, ромб+ы+ға, ромб+ы+сы, объект+і+ге, киоск+і+ге, киоск+і+сі, киоск+і+лер, Омск+і+ден, Омск+і+ге, лифт+і+мен, факт+і+сі, факт+і+лер, рецепт+і+нің, рецепт+і+ге, манускрипт+і+ге, почтамт+ы+ға, экспромт+ы+ны, фармацевт+і+ге, ямб+ы+ны» (Сыздық Р. «Қазақ тілінің анықтағышы (емле, тыныс белгілері, сөз сазы)». Астана, «Елорда», 2000. 532 б. – 34 б.) – деп көрсетілген сөздердің қазақ тілінде дыбысталу ерекшеліктеріне талдау жасап көрейік. Біріншіден, бұл сөздердегі ф дыбысы қазақ тілінде п дыбысына, ц дыбысы с дыбысына алмасуы керек. Екіншіден, нг дыбыс тіркесімі әлем тілдерінің көпшілігінде қазақ тіліндегі ң дыбысына сәйкес келеді. Қазір тілімізде кеңінен қолданылып жүрген митинг, рейтинг сияқты сөздердің ағылшын тіліндегі дыбысталуы митиң, рейтиң. Осы үлгіге салып мійтійң, рейтійң деп қазақ тіліне бейімдей салу қиын емес. Сонда әрі қарай қосымша жалғау онша қиындық келтірмейді. Оларға арнап әдейі ереже шығарудың қажеті болмай қалады. Ал мн, нд, нз, нк, мб, пт, ск дыбыстарына аяқталған сөздерге келетін болсақ, олар қазақ тілінде мны, нды, нзы, нкі, мб пты/і скі болып ы/і дыбыстары қосылу арқылы дыбысталады. Бұны тіл білімінде эпитеза құбылысы деп атайды. Профессор К. Аханов эпитеза арқылы айтылатын сөздерге киоскі, танкі, пропускі, дискі сөздерін жатқызады (Аханов К. «Тіл біліміне кіріспе». Алматы, «Мектеп», 1965 ж. 624 бет – 365 б.) Жоғарыда келтірілген сөздер сензі, штампы, танкі,  ромбы, кійөскі, пәкті, йамбы болып жазылатын болады. Шланг сөзіне келетін болсақ, күнделікті өмірде жиі қолданылатын бұл сөз халық арасында баяғыдан шіләңгі болып еніп кеткен. «Жазудың, әдебиеттің қызметі тілдің өзгерісіне әсер беру емес, сол өзгерістен қалмай еріп отыру» («Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі». Алматы, «Атамұра», 2005. 144 б. – 97 б. — 47 б.). Яғни күнделікті тұрмыста жиі қолданылып ауызекі сөйлеу тіліміз арқылы сіңісіп кеткен сөздерді халықтың дыбыстауы бойынша жазу керек.

Ғылым-білімі дамыған Еуропа елдерінің тілдерінен орыс тілі арқылы еніп, орыс тілінің үлгісімен қос дауыссыз жазылып жүрген сөздерде апокопа құбылысы жүзеге асады. «Тіл-тілдегі кейбір сөздердің соңындағы дыбыстардың түсіп қалу (қысқартылып ықшамдалу) құбылысы кездеседі. Бұл құбылыс апокопа деп аталады, апокопа құбылысына ұшырайтындар көбіне кірме сөздердің соңындағы элементтер» (Аханов К. «Тіл біліміне кіріспе». Алматы, «Мектеп», 1965 ж. 624 бет – 365 б.). Қазақ тіліндегі дос, рас сөздері, иран тілінен апокопа құбылысына ұшырап кірген дост, раст сөздері. Осы заңдылық бойынша қазір класс, прогресс, металл, грамм, ватт, тест деп жазылып жүрген сөздер клас, прогрес, метал, грам, уат, тес болып бір-ақ дауыссызбен жазылуы тиіс. Бұлай жазылған сөздерге қосымша жалғауда қиындық тумайды. Сөз басындағы кл, пр, гр сияқты дыбыс тіркесімдерінің арасындағы эпентеза құбылысын ескермей-ақ қойса да болады. Профессор К.Аханов эпентеза құбылысына: «Екі дыбыстың аралығына қосалқы дыбыстың келіп кіруі эпентеза құбылысы» (сонда, 364 б.), – деп анықтама береді де мұндай құбылысқа ұшыраған сөздерге метр, литр, трактор, трамвай сөздерінің метір, литір, тырактор, тырамвай болып айтылуын мысалға келтіреді (сонда, 364-365 бб..). Біздің пікіріміз бойынша, бұл сөздер қазақ тіліне лійтір, трәктір, трамбай болып бейімделуі тиіс. Сөз басындағы эпентеза құбылысын жазуда ескермей-ақ қойса да болады деген ұстанымда қаламыз. Жоғарыдағы анықтағыштан мысалға алған сөздеріміздің көпшілігі бұл күндері қазақ тіліне аударып қолданылып жүр. Тіліміздің сөз тудыру мүмкіншілігін, сөздік қорын молынан пайдалана отырып «халықаралық терминдер» немесе «интернационал сөздер» деп әспеттеліп жүрген сөздердің көпшілігін аударып қолдануға болады. Өз тілімізден сөз таппаған күнде туыстас тілдерден іздегеніміз жөн. Үстем тілдің ықпалы түспеген түрік тілінің үлгілерін де пайдалануға болады. Дегенмен қос дауыссызға аяқталатын сөздерде қандай жағдайда эпентеза, эпитеза, апокопа құбылыстары жүзеге асатынын нақты анықтап алу керек. Сонда ғана жат сөздерді тілге бейімдеудің нақты ұстанымдары анықталады. Мысалы жоғарыда «Анықтағыштан» алынған мысалдардағы мн, нд, нз, нк, мб, пт, ск дыбыс тіркесімдерінде эпитеза құбылысы жүзеге асса сс, лл, мм, ст дыбыс тіркесімдеріне аяқталатын сөздерде апокопа құбылысы болады. Ал тр, рг (лійтір, драматұрк) дыбыс тіркесіміне аяқталған сөздер эпентеза құбылысы ескеріліп жазылады. Қазақ тілінде кейбір үнді дыбыстардан кейін қатаң дыбыстар тұра алады. Мысалы ант, қант, сарт (сарт-сұрт), кент (қала деген мағынадағы), жент (тағам), қант. қалт, салт, өрт, төрт. Осы сияқты дыбыс тіркесімдеріне аяқталған жат сөздерді сол күйінде қабылдауға болады.

Филология ғылымдарының кандидаты Б.Қапалбек латын әліпбиін енгізу жөнінде құрылған орфографиялық топтың жұмысынан мынандай мысал келтіреді. Орыс тілінен енген сөздерді қазақ тіліне бейімдеу туралы пікір білдірген орфотоп мүшесі А.Балабекова ансамбль, дубль, рубль сөздеріндегі жіңішкелік белгісін алып тастасақ қалай болады десе Қ.Күдеринова бл дыбыстарының арасына і дыбысын қоссақ қалай болады деген ұсыныс жасаған. Ақыры бұл сөздің қалай жазылуы керек екені дауысқа салынады (Қапалбек Б. «Ойлар. Ұсыныстар. Тұжырымдар». Алматы. Мемлекеттік тілді дамыту институты, 2022. 212 б. – 83 б.) Дауысқа салумен жасалған емле ережелері тілдің дамуына тұсау салып, сауатсыз жазуға негіз болады, сондықтан емлені жалғамалы тіл заңдылықтары бойынша жасау керек. Бұрын орыс тіліндегідей жазылып жүрген сөздерді қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне бейімдеген соң емле ережелерінің саны да, ескертулер де өзінен-өзі азаяр еді.

БІРГЕ ЖАЗЫЛАТЫН СӨЗДЕР

Қазақ орфографиясында сөздерді біріктіріп жазудың негізгі ұстанымы әлі күнге дейін анықталмай отыр. Екі немесе одан да көп сөздерден бірігіп жаңа ұғым беретін сөздерді күрделі сөздер дейміз. Қазақ орфографиясында күрделі сөздерді сөз тіркестерінен ажыратудың басты белгілері және қандай күрделі сөздер бірге жазылуы керек, қандай күрделі атаулар бөлек жазылуы керек деген мәселелер толық айқындалмаған. Профессор К.Аханов: «Күрделі сөздің құрамындағы сыңарлары жеке тұрғандағы мағыналарынан да, қызметінен де алшақтап, олардың қосындысы (немесе тіркесі) тұтасқан күйінде бір бүтін сөз – күрделі сөз ретінде ұғынылады», – деп күрделі сөздің ең басты белгісі ретінде олардың сыңарларының жеке тұрғандағы мағынасынан ажырап, тұтасып келіп басқа мағынаға ие болуын алады (Аханов К. Грамматика теориясының негіздері. – Алматы: «Мектеп», 1972 ж., 216 б. – 76 б.). Осы ұстаным орфографиялық сөздіктерімізде басшылыққа алынған ба деген сұраққа жауап табу үшін, «Қазақ тілінің анықтағышындағы» сын есімді сөз тіркесі арқылы жасалған бірнеше сөздің жазылуына келейік. «Анықтағышта» аққоян, аққу, аққурай (Сыздық Р. «Қазақ тілінің анықтағышы (емле, тыныс белгілері, сөз сазы)». Астана, «Елорда», 2000. 532 б. –  210 б.)  сөздері бірге жазылған да, ақ аю (сонда – 209 б.) қоңыр аю, қоңыр қаз (сонда – 343 б.) сөздері бөлек жазылған. Бұл сөздердің жазылуында қандай ғылыми негіз басшылыққа алынған? Аққоян, аққу, аққурай күрделі атау болып саналып, ақ аю, қоңыр аю, қоңыр қаз сөздері анықтауыштық сөз тіркесі болғаны ма? Аққоян, аққу, аққурай деп бірге жазылған яғни күрделі сөз болып танылған зат есімдердегі ақ сөзі өзінің жеке тұрғандағы мағынасынан, қызметінен алшақтап кеткен бе? Жоқ, олар бар болғаны жануарлардың, өсімдіктердің түрін ғана анықтап тұр. Аққу сөзі үнемі бірге жазылғандықтан оның қудың бір түрі екенін ұмытып барамыз. Ұлы Абайдың:

«Көл жағалай мамырлап қу менен қаз,

Жұмыртқа іздеп жүгіріп балалар мәз», – деген өлең жолдары мен халық әніндегі:

«Ақ қурай, қызыл қурай, қурай, қурай,

Құдайым қызды ауылмен сыбай қылғай», – деген жолдар ақ қу қудың бір түрі ғана екенін, ал ақ қурай қурайдың бір түрі ғана екенін көрсетіп тұр. Бірге жазылып тұрған бұл сөздер жаңа лексикалық мағына беріп тұрған жоқ яғни күрделі сөз бола алмайды. Мұндай ғылыми негізсіз, ретсіз жазылып жүрген сын есімді сөз тіркестері жетіп артылады. Сөзіміз жалаң болмас үшін мысал келтірейік: аққайың (сонда – 210 б.), қызылқайың, қызылжусан (352 б.), қызыл жоңышқа, қызыл жүзген, қызыл долана, қызыл жыңғыл (352 б.)  т.б.

Күрделі сөздердің бәрі анықтауыштық, толықтауыштық және пысықтауыштық қатынастағы сөз тіркесінен жасалған. Осындай сөз тіркесі арқылы жасалған сөздердің компоненттері (сыңарлары) жеке тұрғандағы лексикалық мағыналарынан ажырап, мүлде басқа мағынаға ие болса олар күрделі сөз деп танылуы тиіс. Ал жоғарыда мысалға келтіргеніміздей, өсімдіктердің немесе жан-жануарлардың түр-түсінің өзгешеліктерін ғана көрсетіп тұрса күрделі сөз бола алмайды. Сын есімді сөз тіркесі арқылы жасалып, жаңа мағынаға ие болған сөздерге бозторғай, қараторғай сөздерін жатқызуға болады, себебі бұлар кәдімгі торғайдың бір түрі емес, мүлде басқа құстарға жатады, сондықтан мұндай сөздер күрделі сөздер, соның ішінде біріккен сөздер деп танылуы тиіс. Сондай-ақ көнеленген түбірлерден жасалған қарақат, қызылқат сияқты атаулар да бірге жазылады, себебі көне түркі тілінде «жеміс» мағынасын берген қат сөзі қазіргі қазақ тілінде қолданыстан шығып, дербес лексикалық мағынасын жоғалтқан.

Осы ұстаным басшылыққа алынбаған соң терминдік мәнге ие болған   кейбір атаулар әр түрлі жазылып жүр. Мысалы, бұлшық ет (мышцы) (бұл да сонда – 254 б.), көк желке (затылок) (318 б.),  күре тамыр (артерия) (354 б.), көкбауыр (селезенка), көкет (диафрагма), көкжөтел (коклюш) (318 б.) сияқты медициналық күрделі терминдер кейде бірге, кейде бөлек жазылып жүр. Бұл атаулар бірге жазылуы тиіс пе әлде бөлек жазылуы керек пе деген сұраққа жауап беру үшін әуелі бұлар күрделі сөз бе әлде сөз тіркесі ме деген сұраққа жауап табуымыз керек. Бұлшық ет, көк желкекүре тамыр сөз тіркестеріндегі бұлшық, көк, күре сөздері қандай? деген сұраққа жауап беріп, ет, желке, тамыр сөздеріне анықтауыш болып тұрған жоқ яғни анықтауыштық қатынастағы сөз тіркестері емес. Бұл сөздер тұтаса келіп не? деген сұраққа жауап береді. Жеке тұрғандағы лексикалық мағынасын жоғалтып, тұтаса келіп бір ғана атауды білдіріп тұрғандықтан бұл сөздер күрделі сөздердің ішінде біріккен сөздер деп танылып, көкет, көкжөтел, көкбауыр сөздері сияқты бірге жазылуы тиіс.

Профессор К.Аханов: «Аққұтан, аққу, көкқұтан, тасбақа, көлбақа, құрбақа, көртышқан, суық торғай, қара торғай, боз торғай, боз қырау, су жылан, оқ жылан, қосаяқ, қазан қап, тау сағыз, көксағыз, кәрі жілік, ащы ішек, тоқ ішек, асық жілік және т.б. осылар тәріздес күрделі сөздер номинативті немесе атаушы қызмет (назывная фуккция) атқарады, бұлардың әрқайсысы бір-бір атау ретінде қолданылады», – дей келіп, олардың бірге немесе бөлек жазылуы күрделі сөз бен сөз тіркесінің ара жігін ажыратуда өлшем бола алмайды деп есептейді (Аханов К. «Грамматика теориясының негіздері». Алматы. «Мектеп», 1972 ж. 216 б. — 70-71 бб..). Сөйтіп ол: «Жоғарыда аталып өткендей, күрделі сөзді айқындауда шешуші белгі ретінде қаралатындар: семантикалық тұтастық, морфологиялық тұтастық және синтаксистік тұтастық белгілері. Осындай белгілеріне қарап қазіргі орфографиямыз бойынша: боз қырау, боз торғай, су жылан, оқ жылан, ит аяқ түрінде бөлек жазылатын сөздерді күрделі сөздердің бір түрі – күрделі-құрама сөздер (сложно-составные слова) деп қарауға болады» (сонда – 71 б.) – деген қорытынды жасайды. Жоғарыда аққу, аққоян, бозторғай, қараторғай туралы ойымызды айтып кеттік, ал тау сағыз неге бөлек жазылады, көксағыз неге  бірге жазылады, оларды жазуда қандай ұстаным басшылыққа алынған деген сұрақтардың жауабы жоқ. Сондай-ақ боз қырау сөз тіркесі номинативті қызмет атқарып тұр деуге келмейді, олай болса ақ қырау сөз тіркесі де номинативтік атауға ие болуы тиіс. Біздіңше, К.Аханов келтірген сөздердің ішінен тасбақа, көртышқан сөздері ғана күрделі атау бола алады, себебі тасбақа бақаның бір түрі емес, сондай-ақ көртышқан да тышқанның бір түрі емес. Тіпті көртышқанды тышқанның бір түрі дегеннің өзінде де көр сөзінің лексикалық мағынасы күңгірттенуі оны басқа тышқандардың түрінен ажыратып тұр. Мысалы, сұр тышқан, қара тышқан т.б. Парсы тілінен енген кур (соқыр) сөзі лексикалық мағынасын жоғалтып, тұтасып келіп бір атау болып кеткендіктен көртышқан сөзіне қандай тышқан? деген сұрақ қою мүмкін емес.

Қазақ тіл білімінде күрделі сөздерді анықтау осылайша қиындық тудырып жатса, осы күрделі сөздердің арасындағы дыбыстық өзгерістерді ескеру керек пе, жоқ па деген сұраққа да нақты жауап жоқ. Қазақ тіліндегі күрделі сөздердің ішінде біріккен және кіріккен сөздер деген түрлерінің жазылуына келетін болсақ бұл мәселеде де нақты ғылыми негіз басшылыққа алынбағанын көреміз. Филология ғылымдарының кандиаты Ж.Шәкенов күрделі сөздердің ішінде кіріккен сөздер деген түрлеріне буын ығысу заңы әсер еткен дей келіп, алтыатар, шыныаяқ, жүкаяқ, шекара сияқты сөздердегі дыбыс алмасу заңы ескеріліп, олар да дыбыстық өзгерістерге түскен жалмауыз, қараспан, жанашыр сөздері сияқты бірге жазылуы тиіс деген қорытындыға келеді (Шәкенов Ж. «Қазақ тіліндегі күрделі сөздер мен күрделі тұлғалар». Алматы. «Ана тілі», 1991 ж. 120 б. — 14-15 бб..). Яғни алтатар, шынаяқ, жүгаяқ, шегара болып жазылуы тиіс. Емле ережелерін қалыптастырушылар егер біріккен сөздердің біріккен жерлеріндегі дыбыстық өзгерістерді ескеріп жазатын болсақ, үлкен мәселелер туындайды, көптеген сөздердің қандай сөздерден құралып тұрғанын анықтау қиын болады деген сияқты уәждер айтады. Біріккен сөздердің қандай сөздерден жасалып тұрғанын анықтау – тіл мамандарының жұмысы, ал қарапайым халық үшін жазылу мен айтылудың барынша жақын болуы маңызды. Бұл сауатты жазуға ғана емес, тіл заңдылығының сақталуына, орфоэпиялық нормалардың бұзылмауына ықпалын тигізеді. Қазіргі жастардың сөйлеу тілі бұзылып бара жатқанын, тақ-тақ етіп сөйлейтінін, тіпті қазақ тілінде хабар жүргізуші теле-, радиожорналшыларының сөйлеуі құлаққа түрпідей тиетінін аға буын өкілдері айтып та, жазып та жүр. Бұл біріккен сөздердің айтылуынан анық байқалады. Әсіресе біріікен жерлерінде қ, к, п, б дыбыстары келетін бірікен сөздердің жазылуын ретке келтіру керек. Мұндай сөздердің жазылуы туралы айту үшін тағы да «Анықтағышқа» жүгінейік. Мысалы: ақбайтал (күртік қар), Ақбақай (жылқы е.), Ақбозат (жұлдыз) ақжелек (өсімдік) (Сыздық Р. «Қазақ тілінің анықтағышы (емле, тыныс белгілері, сөз сазы)». Астана, «Елорда», 2000. 532 б. – 209 б.), алақаудан (өсімдік), алақұмай (құс), алақұрт (өрнектің түрі), алақоңыз (сонда – 213 б.), бауырқұрт (ауру) (41 б.), бейқам (242 б.), Ботагөз (жалқы е.) ботакөз (өсімдік) (249 б.), бөрікөз (өсімдік) (250 б.), бұлдырықоты (өсімдік) (254 б.), жаманкөк (өсімдік), жаманқұлақ (өсімдік) (284 б.), қолғабыс, қолғап, қолғанат (341 б.), меңдіғара (өсімдік) (364 б.), қолқайыр (садақа), қолқанаттылар (341 б.). Осы мысалдардағы бірккен жерлеріндегі дыбыстық өзгерістер ескерілмей жазылған сөздерге талдау жасайық. Мысалы, ақбайтал, Ақбақай, Ақбозат сөздерінің бірінші сыңары, ақ сөзі қатаң қ дыбысына аяқталып, екінші сыңарлары ұяң б дыбысынан басталып тұр. Бұл жалғамалы тіл заңдылығына қайшы келеді. «Қазақ тілінде прогрессивті ассимилиция өте күшті. Бұл заң бойынша алдыңғы морфеманың соңғы дауыссыз дыбысы кейінгі морфеманың басқы дауыссыз дыбысына акустикалық жақтан ықпал етіп, игеріп тұрады. Бұл әсіресе түбір сөз бен қосымшаның аралығында жақсы сақталады, яғни қосымшаның басқы дыбысы түбірдің соңғы дыбысына толық тәуелді болады. Мұның өзі сөз бен сөздің аралығындағы дауыссыздарға да тікелей байланысты» (Мырзабектен С. «Қазіргі қазақ тілінің фонетикасы. – Алматы, «Мектеп», 1996, 84 б. – 59 б.) Бұл заңдылық біріккен сөздердің аралығында да сақталуы тиіс яғни Ақбақай, Ақбозат, алақаудан, алақұмай, алақұрт, алақоңыз, бауырқұрт, бейқам, бөрікөз сияқты біріккен сөздердің біріккен жерлеріндегі дыбыстық өзгерістер ескеріліп Ақпақай, Ақпозат, алағаудан, алағұмай, алағұрт, алағоңыз, бауырғұрт, бейғам болып жазылғаны жөн. Сонда сауатты жазуға мүмкіндік тууымен қатар сөйлеу тілінің заңдылығы да сақталар еді. Айтылу мен жазылудың арасында айырмашылық неғұрлым аз болса соғұрлым жазу оңай болады және тіл өзінің табиғи болмысын сақтайды. Орфографиялық сөздіктерде қолғабыс, қолғап, қолғанат, меңдіғара сияқты сөздерде айтылып отырған дыбыстық заңдылық сақталған. Бұл заңдылықтың бірде сақталып, бірде сақталмай жазылуын немен түсіндіруге болады? Бұл – емле ережесінің дыбыс заңдылығына негізделмегенін, «біздің ауылда солай айтады» дегенді басшылыққа алуды көрсетеді.

Жоғарыдағы мысалдардың арасындағы ақжелек сөзінде керісінше соңғы дыбыс өзінің алдындағы дыбысқа әсер етіп тұр. Ұяң ж дыбысы өзінің алдындағы қатаң қ дыбысын, ұяң ғ-ға айналдырған. Осы заңдылық бойынша ақжелек, шекара, бұлдырықоты  сияқты біріккен сөздер ағжелек, шегара, бұлдырығоты деп жазылуы керек. Бір жылдары қыркүйек сөзін қыргүйек деген жазайық деп ұсыныс болып еді, мектеп мұғалімдерінен бастап бәрі өре түрегелді. «Соқыр көргенінен жазбас» дегендей, орыс тілінің заңдылығымен жасалған емле ережелерімізге тас болып жабысып алып, тіл заңдылығы дегенді мүлдем ұмыттық. Былай айтылады, бірақ былай жазылады деп балаларды оқыту сауатсыздыққа алып барады. «Ит деп жазып, шошқа деп оқып жүрген ағылшын тілі әлемдік тіл болып тұр ғой» деп уәж айтушыларға ағылшындардың жазу тарихы өте ерте заманнан келе жатқанын ұмытпаңыз дер едік. Тілдің даму, жетілу барысында дыбыстық өзгерістер болатыны белгілі. Мысалы, қазақ тіліндегі әкел сөзі алып кел – ап кел – әп кел – әкел болып ықшамдалуы нәтижесінде пайда болған. Ағылшындар сияқты жүздеген жыл бойы үзілмей келе жатқан жазу тарихымыз болса алып кел деп жазып, әкел деп оқыр едік. Ағылшындар мұндай өзгеріске түскен сөздерін қазіргі заманға лайықтап жазса жүздеген жылдардағы жазба ескерткіштерін ешкім оқи алмай қалар еді, сондықтан олар көне нұсқаларын сақтап жазуға мәжбүр, ал біздің кирилл әліпбиіне көшкеніміз кеше ғана. Жазылу мен айтылудың арасы барған сайын алшақтай бермеуі үшін емлемізге түбегейлі өзгеріс енгізу қажет. Ол үшін А.Байтұрсынұлының: «Дұрыс емле мен қате емлені айыруға менің ойымша бұлай қарау керек шығар дейім: тіл табиғатына қарай емлені ыңғайлау ма? Жоқ, емле түріне қарай тілді ыңғайлау ма? Мен ойлаймын, емле – жазу үшін шығарған нәрсе, жазу – тіл үшін шығарған нәрсе. Олай болса, тілді бұзып емлеге ыңғайлау емес, емлені тілге ыңғайлау керек» (Байтұрсынұлы А. Бес томдық шығармалар жинағы. 4 т. Алматы. «Алаш», 2006. 320 б. -247 б.), – деген тұжырымын басшылыққа алайық. Амаңгелді, Жаңғара, қаңғұрт,  тішшегі деп тоғыспалы ықпал заңын сақтап жазбасақ та Амангелді, Жанғара, тісжегі (кариес), қанғұрт деп айтылуына біршама жақындатып жазуға болады ғой. Қазақ тілінің емле ережелері үндестік заңы мен жалғамалы тілге тән дауыссыз дыбыстардың тіркесу заңдылығынан шығуы керек.

Қорытындылай келгенде айтарымыз: қазақ орфографиясының ең үлкен кемшілігі – қазақ тілінің фонетикалық ерекшелігін басшылыққа алмауы. Дауысты және дауыссыз дыбыстар санын нақтылап алмай емле ережесі қалыптаспайды. Емле ережесін жасауда дауысты дыбыстардың үндесуі және дауыссыз дыбыстардың бір-бірімен тіркесу заңдылықтары қатаң басшылыққа алынуы керек. Кеңестік саясат әсерінен күштеп енгізілген қазақ тіліне тән емес дыбыстарды белгілейтін әріптер әліпбиде мүлде болмауы тиіс. Тілдің фонетикалық заңдылығына негізделіп жасалған емле ережелері ғана өміршең болады.

Төлеубек ЗАЙСАНБАЕВ,

            С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ

            Тілдік пәндер кафедрасының профессоры, ф.ғ.к.




ПІКІР ЖАЗУ