ЕРТЕ СӨНГЕН ЖҰЛДЫЗ

Бейсенбай Есмұқанов
Солтүстік Қазақстанды әдебиеттің әлдилеген тал бесігі деп танысақ, тарихты саралай алғанымыз. Өмірі қыршыннан қиылған дарындарымыз өте көп. Атына өзінің туған ауылы (Жамбыл ауданы Б. Ізтөлин ауылы) бұрынғы Киров), қаламыздан көше берілген ақын Баймағамбет Ізтөлин, қызғалдақтай ғұмыр кешкенмен жауқазын жыр қалдырған Назгүл Өтенованың жиырманың жалынымен о дүниеге аттанғанын білетін біздің толқынымыз, алаулаған жиырма бесте дүние салған Бейсенбай Есмұқановты білмейді. Білмек түгіл, естімеген де. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін қолыма қалам алып отырмын.
Өткенде Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде жұмыс істейтін «Асыл мұра» орталығындағы кітаптарды ақтарғанда Бейсенбай Есмұқановтың «Аманат» деген кітапшасы қолыма түсті. Атауына қарап, не қылған кітап екен деп ақтара жөнелсем, теріскей өңірдің тумасы, өзіміздің жерлесіміз, есімі еленбей жатқан талантымыз екен. «Аманат» өлеңдер мен поэмалар жинағы. 1998 жылы Алматы қаласындағы «Жазушы» баспасында басылып шыққан-ды. Аталмыш жинаққа қазақ поэзиясының Жезкиігі, мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімбек Салықовтың жазған «Қыршын ғұмыр» алғысөзіндегі мәліметке сүйенсек, кейіпкеріміз 1927 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Мамлют ауданы Бостандық ауылында дүние есігін ашып, 1952 жылы 25 жасында атағы жаңа шыға бастаған кезінде құйрықты жұлдыздай ағып түскен. Қарағандыдағы мұғалімдік институтта кәсіптік білім алып, Қостанай облысы Пресногорьков ауданындағы «Жаңа жол» орта мектебінде(қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Жаңажол ауылы С. Қ.) қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ берген.
Жастайынан Абай мен Пушкиннің шығармаларынан ерекше әсер алып, тұла бойына ақындық қасиетті қондырып, өлең жаза бастаған. Мектептің қабырға газетіне сиясы кеппеген туындылары шығып, ел ішінде «Ақын бала» атанған. Інісі, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Ғазез Есмұқанов ағасының аудандық, облыстық, астаналық газеттерде жарияланған, қолда қалған өлеңдерін барынша жинаған-ды.
Ақындықпен кәсіби түрде небәрі төрт жыл, үш ай ғана айналысса да, классик жазушымыз Сәбит Мұқановтан «өз биігі бар ақын екен!» деген баға алып, ақиық ақын Сырбай Мәуленовпен сырласып, әдебиеттің майталманы Ғафу Қайырбековпен жүздесіп үлгерген.
– Ойсыз ісің жөнсіз соқпақ,
Ойсыз жанның алды тар.
Ойсыз талап – әлсіз қорқақ,
Аяғын тез шалдырар, – дейді ақын. Расында да, қай істі болмасын, бастамас бұрын адамзат баласы ойлап, ой елегінен өткізіп барып қолына алады. Иә, іс қалай аяқталғанымен емес, қалай басталғанымен бағаланады. Басталудың ең басында ой тұратынын осындайда байқалады. Ойланбай жасалған қарекеттің берекесі ешқашан да болмайды.
– Сүйіп халық ардақтайды,
Өз тумасын, өз мұрасын.
Мақтан етіп асқақтайды,
Айтар сөзде сен тұрасың, – деп «Баспасөз» өлеңінде жазады. Ауыздан ауызға жеткен деректерге қарағанда, қағазға түскен мәліметтердің дәлелі қашан да басым түседі. Сайып келгенде болашаққа жеткізетін қазынамыз баспасөзде бапталып, жинақталып, жазылатынын ескермей қаламыз. Ал, Бейсенбай Есмұқанов жас болса да, бас болардың сөзін айтып кетті.
Біз бұдан көрегендік көреміз.
– Еңбекпен еркін жайнады өмір, – деген ойға үңілсек, төрт-ақ сөзде төрт құбылаңды тең қылатын бір тылсым күш жатқандай көрінеді. Неткен тереңдік. Өмір талаптансаң өзінің мағынасын бермейді ме? Биік шыңға жеткендердің өткеніне қарасаң, бәрінің де сыры еңбекте.
– Теңселіп желмен толқиды егін,
Құлпыртып әсем ауылдың жерін.
Таза боп өскен дәнінен әрбір,
Көргендей болам ағайын терін, – деген төрт жолда аграрлық салада қызмет ететін еңбек өкілдеріне көрсеткен үлкен құрметті байқайсың. Біз шайқалып тұрған масақтарға қарап, даланың сәнін көреміз. Ал, ақын еңбек еткен жұмысшылардың төккен маңдай терін көреді. Өйткені, біз өмірге маңдайдағы екі көзбен қарасақ, өнер иесі көкіректің көзімен қарайды. Бұл – жер көлемі бойынша соңғы орындардан байқалса да, ауыл шаруашылығы саласында алдыңғы қатарға шығатын теріскей өңірдің тұрғындарына мотивация беретін шумақ.
– Ауылдың жылқы баққан кең өңірі,
Сауынды қымызы көп ел өмірі.
Көрінді көтеріңкі адам түгіл,
Құлын, тай кісінеген жер көңілі.
Бұл шумақ бүгіндері қалада тіршілік етіп, самал желі айдарымды сипаған туған ауылымды сағынып жүргеннен болар, жанымды тебірентті. Аса көрнекті жазушымыз Сафуан Шаймерденовтің «Сұлуқиясы» атанған Ілия көлінің жағасында жүрген үйір көз алдыма оралды. Ойнақтап шапқан құлындар, үйіріне жолатпаған көк айғыр, қысыр биені емген тайлар менімен сырласқандай.
«Өмір мен ажал туралы аңыз», «Қарт сыры», «Кекті ару» поэмаларын оқып шықсаң, суреткерлігіне таңдай қағасың. Кітапты түгел оқып шыққан соң Леонардо до Винчи «Сурет – көзбен көретін поэзия, поэзия – сөзбен жазылған сурет!» деп осындай өзінің шынайылығымен ерекшеленетін шығармаларды оқыған соң айтқандай көрінеді.
Ақынның өлеңдерін балаларға да, жастарға да, қарттарға да ұсына аласың. Қаламгерлердің балалар әдебиетіне арналған туындыларын көркем әдебиетке, көркем әдебиеттегі классика деп таныған туындыларын балалар әдебиетіне жатқызуға болады. Б. Есмұқановтың әлемінде тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін сөздердің астарына үңіле білсең, ойландырмай қоймайды. Бұндай ерекшелікті қазіргінің әдебиетінде тек қана айтыскер ақын Ринат Зайытовтың жазған өлеңдерінен байқайсың.
Әлеуметтік желіде «Фейсбуктегі» парақшама «Бейсенбай Есмұқанов деген кім?» деп сауал тастаған едім. Жер-көкті шарлаған сұрағым Алматыда тұратын ақынның інісі Ғазез Есмұқанов атамызға жетіпті. Ризашылығын білдіріп, қоңырау шалды.
– Ағамның таланты таудай еді. Жастық шақтың буымен, қыздарға арналған, айналасындағы құбылыстарға байланысты шығарған өлеңдері бар еді. Қасыма отырып алып, біразын пешке жаққызды. Жазғандары өзіне ұнамайтын. 6-сынып оқитын кезім. Өлеңдерін тығып ұстадым. Көзіне түссе, «Көзін құрт!» деп ұрсып тастайтын. Сырбай Мәуленов облыстық газеттен сұрастырып, ағамды іздеп Жаңажолға келді. Үш күн жатты. Өлеңдерін жоғары бағалап, жеке жыр жинақ қылып шығара алмаса да, ұжымдық жинақтарға шығаратынына ант берді. Алматыға шақырды. Дайындалып жүргенінде наурыз айында дүние салды. Асыл арманына жете алмай қалды ғой. Рахмет, ағамды қозғағаныңа. Алла разы болсын. Бақытты бол, – деп толқып, көңілі босап сөйлей алмай қалды. Біраз үзілістен соң Алматыға барғанымда хабарласуымды өтінген еді. Сексен бес жастағы қарттың көзіне жас алғанына себепкер болғаным үшін ыңғайсызданып қалдым.
– Қызылжар қала қайталап,
Бейсенбай ақын жырларын.
Аспаннан ғашық ай қарап,
Шалқыта төкті нұрларын.
Елімен сөзі табысса,
Ескерткіш сол ғой ақынға.
Дәнекер жырын дарытса,
Алысы менен жақынға, – деп ауылы аралас, қойы қоралас, көршілес жатқан Көкшетау қаласының азаматы, дарынды ақын Қорғанбек Аманжол ағамыз талантымыздың інісі Ғазез Есмұқанұлына арнап жазған «Ақынның бауыры» баллада іспеттес жыр толғауында айтқандай, қаламгерлеріміздің жазған туындыларын қаншалықты есімізге алып отырсақ, соншалықты жаңғыра түспек. Халықтың жадында сақтаса, одан асқан ескерткіш болмайды. Қалың бұқараның сана-сезіміне енген есімдер ұлықталмаса да, ешқашан ұмытылмайды. Ұмытылмау үшін де ұлтым деген азаматтар аянбай еңбек ету қажет. Бейсенбай Есмұқановты да елдің есіне түсіргенім жай дүние емес. Күндердің күнінде замандастарымның «Ақын жырларын қайдан алуға болады?» деп шарқ ұрып, кітапханаларға маза бермейтінін ішім сезеді.
2027 жылы ақынның туғанына 100 жыл болады. Туған ауылындағы Бостандық орта мектебіне осы білім шаңырағының алғашқы түлектерінің бірі ретінде ақын-ұстаз Бейсенбай Есмұқановтың есімін берсек, елдігімізді көрсетер едік. Өлеңдерін иесінің артынан жібермей, кітап етіп шығарып, келешекке аманаттап тапсырған інісі Ғазез Есмұқанұлына Алла разы болсын. «Аманатына» қиянат жасамай, ардақтай алсақ бағымыздың жанғаны. Ширек ғасыр жасаса да, мың ғасырға жететін мұра қалдыру екінің біріне бұйырмаған үлкен бақыт. Бізді жанымызға медет болып қуантып отырған Бейсенбай Есмұқановтың тайға таңба басқандай көрінген інжу-маржан сөздері.
Қазақ қашан да рухани байлығымен бақытты…
Назарларыңызға көңілге қонған ойларды ұсынамын:
Кәкімбек Салықов:
Табиғат пен махаббат Бейсенбай-аға шығармаларында ақтума уыздай, сүттей таза, көз жасындай мөлдір қалпында, тербеле аққан өзеннің егіз толқынындай бауыр басып, қатар жүреді. Бір қызығы, табиғаты қатал Солтүстік Қазақстанның төл тумасы қысты да, жазды да бірдей жақсы көреді. Ақынның сол табиғи мінезі өлеңдерінде жақсы өріс алған. Махаббат жазиралы көктемді де, аязды ақпанды да бірдей баурамай ма? Қыс қырауын көп көрген Бейсекеңнің махаббатына еш ызғар, боранды үскірік кедергі бола алмайды. Ол үшін көктем мен жаздың еш айырмашылығы жоқ, махаббат іңкәрлігін аяз да, аптап та бөгей алмайды.
Мен қайсармын
Мен қайсармын – жігер оты жайнаған,
Қайраттымын – қажымаймын, талмаймын.
Мен жас ұрпақ – бойда қуат қайнаған,
Құтты қанат қыран болып самғаймын.
Ел сенімі – дем берушім, жүрегім,
Шексіз сүйем туған дала гүл-өңін.
Күркіреген көкте күнге үн қосып,
Тер кетпестей текті өмір сүремін.
Жан анамның бата берген қолы бар,
Ата, баба асыл арман – жолы бар.
Жігер алдым жарқын өмір нұрынан,
Маған да бір сәтті кезең жолығар.
* * *
Ауылдың жылқы баққан кең өңірі,
Сауынды қымызы көп ел өмірі.
Көрінді көтеріңкі адам түгіл,
Құлын, тай кісінеген жер көңілі.
* * *
Түсінем, дүниеде ең бір тәтті,
Екі жас арасында махаббатты.
Жүрегің махаббаттың туы болса,
Адамның сол мүшесі ең қымбатты.
Айтам наз
Зырылдап минут санап өтер өмір,
Айрылып жастық шақтан бітер көңіл.
Иран – бақ бақшасындай жастық уақыт,
Раушан, әсем мезгіл кімге жеңіл.
Аспандап, шарықтаған қиял тәтті,
Сүйеді өмірлік жар махаббатты.
Айнымас мәңгілік жар іздегенде,
Ғафу ет жүйрік көңіл сізді тапты.
Асусыз махаббаттың жолы берік,
Налымай өтуіне ақыл серік.
Адаспай тура жолын табады деп,
Мінекей, сәулем, саған бердім ерік.
Адаспа ақыл, қайрат болсын жолдас,
Налыма, қайғы жеңген адам оңбас.
Арманға қара түнек кез боп қалса,
Тасқында осы дәурен қолда тұрмас.
Ғашық жарға
Жастық шағым, қызыл гүлім, жарқын-ән,
Жастық жалын жүрегімді шарпыған.
Мен бір бұлбұл қызыл гүлге ғашықпын,
Сен сол гүлсің жұпар иісі аңқыған.
Бастасаң да не бақытқа, не сорға,
Тастасаң да жанған отқа, не орға.
Менің еркім сіздің қолда – берілдім,
Жастық шақты мейлің өшір, не қорға.
Ұстап қалмай қызыл түлкі құйрығын,
Баяндаймын жүрегімнің бұйрығын.
Махаббатқа құлаш жайған мен бір жас,
Аңсап келдім албырт жастық сыйлығын.
Жастық наз
Хабаршым деп, ақ қағаз жаздым өрнек,
Жүрек сыры әуелеп қанат сермеп.
Айдын көлде аққудай төсін керген,
Құлпырасың толқындай көңіл тербеп.
Қара түнді сен едің жарқыратқан,
Мың құлпырып, сен бір – гүл, көзді тартқан.
Жылы кәусар сөйлесең төгілгендей,
Жазылғандай дертінен дәмін татқан.
Төсіме алып сол гүлді, сүйіп құшам,
Құшақ жайнап, сол нұрда балқып тұрсам.
Кәусар суға төгілген мейірім қанып,
Бірге толқып, жастықта сайран құрсам.
Сөз зая
Жаңылдым, махаббатты қор еттім мен,
Жастықпен алабұртқан, әуелеген.
Жарым деп қол созғаным жат жан болып,
Жиіркентті махаббаттан жастық деген.
Бал бұлақ лайланды жатқан толып,
Қызыл гүл дегенімнің бояуы оңып.
Сандуғаш алтын тұғыр ұстасам да,
Басымды әуре етеді жерге қонып.
Қор болдың, беу махаббат, жанға сая,
Ұмтылып жар табам деп, құлаш жая.
Ұғарсың, енді босқа ұрынбассың,
Дегендей, білмеске айтқан сөзің зая.
Бола алмас білімсіздер саған орын,
Әділдік, тең сүйісу сенің жолың.
Жүрегің, асыл сөзің бәрі зая,
Ұқпасқа айтқан білмес оң мен солын.
Көктемде
Көктемде бақшада гүл жақсы,
Сыбырын-күбірін тыңдатшы.
Оңаша кездессек қалқатай,
Көрерің бәрінен тым жақсы.
Бақытым алыста демеймін,
Өтті ғой бейтаныс өгей күн.
Шық бері тілегім, мен сені,
Аспанда жұлдызға теңеймін.
Бел, белес өткерер бұл өмір,
Бұлт көшер, бұлтармай бірге жүр.
Ерке жел есіп тұр сипалап,
Жел күлді, мен күлдім, сен де күл.
Самрат Құскенов