ГҮЛСАНА МЕН НҰРСАНА
Ақбас тау етегінен зеңгір басына дейін оранып-шымқанған ақ кебінін балағынан өрге қарай сырылта шұбалтып көтеріп барады. Қыстай көкбурылданып тұрған ну қарағай көкжасылға бейім тартып, көктемнің майда самалымен маужырап жандана түскен. Сүйте-сүйте бақайынан кеудесіне дейін, тіпті мойын түбінен иегіне дейін көкшілденіп, төбесінде ғана оқшырайып қалған ақ қалпағын желге ұшырмай, қолымен басып ұстап қалатын қарияға да ұқсап кетеді. Бір жақ иығынан ағылып жатқан ақбұлақ қария-таудың ұзын селдір ақшулан сақалына ұқсайды.
Бұлақ бойы тал-шыршалардың арасында таң сәріден үзілдіре сайраған сандуғаш па, бұлбұл ма, әйтеуір әнші құстар жарыса жанығып, мың құбылтып, толқын атқан әсем әуендерін аспандатып жатады. Әсем үнге еліткен, бойы балбырап, тұяғын май топыраққа қадап басқан бұғы-маралдар бұлақ бойын жағалай сері сырзың, сергек сезіммен әлденеден сезіктеніп, секек қағады. Кейде олар қақпа тасты қалқалап келіп, қосөкпеден көздеп атқан сұрмергеннің тажал оғына тап болып жалпасынан түседі…
Тау етегі жасыл жазыққа ұласады. Тепсеңдеу жазықайларда шашыла қонған ақ жұмыртқадай ақбоз үйлер бозшулан түтіндерін көлбеу таратып, түңіліктерін алшита киіп, шылауыштарын қырлап тартқан кербез жеңгейлерге ұқсайды. Төскейдің текшелеу қонысындағы дүмбіреген ақбоз үйдің оң жақ іргесіне, көлеңкеге төселген сырмақтың үстінде отырған бәкене бойлы, дембелше келген аққұба кемпір қолындағы кітабының бетін бүктеп жанына қоя салды да шығыс жаққа күн сала қарады. Қаракөк жеңіл автокөлік осы үйге қарай зулап келеді. Кемпір отырған орнынан жеңіл түрегеліп, жолаушылардың алдынан шығуға оңтайланды. Көк түлпар үйге тақап келіп тоқтады. Шофер бала ытқып түсіп, машинаның артқы есігін ашты. Ішінен орта бойлы, керме иықты, кең кеуделі ер адам шықты, жылтыр қара шыбылит киген аяғын жерге қадап басады. Қою қарабурыл шашы дөңгеленіп, майда самалмен үлпілдеп тұр. Ізінше көліктен түсіп, қатарласа бере оң жақ білегінен ұстаған орта бойлы, кербез жүрісті көк шұбар орамалды әйелге күлімдей қарап:
– Осында екен. Дәл өзі. Әне, Гүлсана! – деп алға қарай баяу аяңдады.
– Дәл келіппіз, көліктің майы ақталар, – деп Нұрсана да миығынан күлді.
– Ой, айналайын достарым менің! Сендер де келеді екенсіңдер-ау! Дәуреннің қадамы қалай жетті екен мұнда?! – деп жылдамдата адымдап келген Гүлсана құшағын айқара ашып Нұрсананы құшақтай алды. Екеуі бірін-бірі қыса құшақтап, беттерінен кезек сүйісті. Нұрсанадан құшағы әрең босаған Гүлсананың көзі жымия күлімдеп, екі езуін жиып-созып, демін ынтыға ішіне тартып тұрған Дәуреннің көзімен тоғыса кетті. Лүпілдеген жүрегі атқалақтап, Нұрсанаға жалт қарады да Дәуренді құшақтай алды. Баяғыдағы пісте мұрны, жас сәбидің жұдырығындай ақ ұлпа иегі әлі сол қалпы тұрғандай сезімін қытықтап, мұрнына жанаса келген жұпар лебіне масаңдай қалған Дәурен Гүлсананың бүйрек бетінен сүйіп алуға шақ қалды. Сүйіп те алар ма еді, жанындағы жұбайы Нұрсанадан именді.
Екі бетіне қызғылтым нұр шашырай қалған Гүлсана алға түсіп, қонақтарын үйге кіргізді. Үйдің іші жайнап тұр екен. Төр алдына көрпе салып, жастық қойып, жігі-жапар болып жүрген Гүлсана:
– Кіші әкеміз Өміртайдың үйі бұл. Ол кісілер көрші ауылға қонаққа кеткен. Қазір келеді. Мен келгелі бір жеті болды. Бүгін қайтпақ едім…
– Е, біз келгенде қаша жөнелмек екенсің ғой! Үстіңнен басқан екенбіз, – деп күле сөйледі Нұрсана.
– Жер сипатып кетпексің ғой, Гүлсана, баяғыдай, – деп қарқылдай күлді Дәурен. Басқалары да қосыла күлді. Гүлсананың жанары жалт етіп, өңі жылып сала берді, бетінің ұшына болымсыз шырай шашырай жайылды.
– Баяғыдай деші! Әй, Нұрсана, баяғысы несі мына Дәуреннің?
Нұрсанаға таңдана қараған, ол астыңғы ернін сәл жымырып:
– Е, қайдан білейін! Өздерің білмесеңдер, – деп Дәурен мен Гүлсанаға кезек қарады. – Қалжыңы ғой, – деп жуып-шайды сосын.
– Дәурен, қаламың қарымды еді ғой, осы үшеуміздің баяғыдан бергі хикаямызды жазсаң махаббат туралы керемет роман шығар еді! Шашыңды жылтырата майлағаныңмен екеуміз де жетпісті желкелеп қалыппыз. Мына Нұрсана болса екеумізден жас әлі, қарамайсың ба, судырап тұр, – деп сықылықтай күлді.
– Еее, роман жазсам оны Гүлсана мен Нұрсана деп атап, екеуіңнің қатар аққан қос өзендей балдан тәтті достық өмірлеріңді жазамын. Сен айтқандай жетпістің желкесіне шықтық, міне. Енді бір қармансақ, бірдеңе шығып та қалар…
– Осы уақытқа дейін қарманбап едің, енді қашан? «Ерте туып кеш қалған, сыбағадан бос қалған» жоқсың ба, әйтеуір? – деп Нұрсана Дәуренге сұраулы көзбен жадырай қарады. Бұл жайында бұрын да әңгіме болғанын Дәуреннің есіне суыртпақтап салып тұр.
Дәурен ақ жібек қол орамалын қалтасынан алып жіпсіген мұрны мен самайын, құлағының түбін ысқылай сүртіп, баяу тыныстады. Бірдеңе айтқысы келгендей ерні бүлкілдеп, Гүлсана мен Нұрсанаға кезек қарайды.
– Өз өмірімізден роман жазсам деген ойымнан танбаспын-ау. Әйтпесе сонау Қазақстаннан қасыма Нұрсананы ақылшылыққа алып, іздеп келер ме едім сені?! Ер жігіт өзге сөзін жұтса да әйел затының алдында айтқан лебізін жұтпайды. Жалғыз-ақ тілегім — осынау ауыр жүкті өздерің бірге көтерісіңдер! – деп Гүлсана мен Нұрсанаға алма-кезек көз тастады. – Ашығын айтқанда, махаббаттың әрбір ләзатты кездеріндегі құпия көңіл-күйлеріңді жасырмай айтып берсеңдер болды, – деп күліп қойды. Дәуреннің сөзін Нұрсана жымия қостағандай болды. Гүлсана да жымиып, басын шұлғыды.
– Жөн, айтқаның жөн. Өміріміз өзіңе аян ғой! Нұрсана екеуміздің достығымызды жаз. Бұлыңғыр жерін айшықтап, сұйылған тұсын қоюлат. Айту бізден, жазу сізден!
– Біз ештеңе жасырмайық, кем-кетігін өзің толтырып, әдемілейсің ғой. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» деген, – деп Нұрсана да қостай кетті.
Десе дегендей, сонау судыраған жастық шақта бастап танысып, тел қозыдай тең өскен Гүлсана мен Нұрсананың бар өмірі Дәуреннің көз алдында өтті. «Осы бастан кешкенімізді артымызға аңыз етіп жазып қалдырсақ» деп Гүлсана өтініш еткелі біраз жыл өтіпті. Дәурен мақұлдық бергенімен, соның ретін келтіре алмай-ақ қойды. Енді міне, өзі жетпістің желкесіне шықты, Нұрсана алпысты алқымдап қалған. Бақыты мен соры аралас, сырға толы өмір хикаясын жаза алмай, құр аузымен орақ орумен шектеліп қалғаны Дәуреннің арқасына аяздай батып жүрген.
Гүлсана өткен айда Қытай елінен Қазақстанға ат боғын құрғатпай сапырылысып жатқан жолаушылардан хат беріп жіберіпті. Хатта терең толғаныспен көңіл көгін ағытқан екен.
«Қадірлі сырлас та сыйлас, жарты ғасырдан бері құп жарасқан, бал жаласқан достарым Дәурен мен Нұрсана, сәлеметсіңдер ме! Сендерді сағындым. Тан атып, түс ауып, күн еңкейіп барады. Дәурен біздің бұл өмірде бастан кешкенімізді жазсын дегенімізге де біраз уақыт болыпты, айлар ауысып, жылдар жылжып жатыр. Не болды, Дәурен, ұйықтап қалдың ба?.. Біз енді боларымыз болып, бояуымыз сіңген адамбыз. Менің басымнан өткен тауқыметті махаббат хикаяларын жазсаң кейінгілер үшін қандай нәрлі сабақ болар еді! Ал, сендердің опалы, тәтті махаббаттарың да кейінгі ұрпақ үшін таңдайға татырлық нәр емес пе? «Боямасыз шындықты жазамын» дегенің қайда? Дәурен, менің де, Нұрсананың да, өзіңнің де жүрек тынысымыз бірдей болса да әр адамның көңіл-күйі, махаббаты әр басқа. Менің арманым – соның дәлме-дәл жазылуы. Нұрсана – замандас құрбым, абысыным, сіңілім, екеуіңнің бақытқа толы, махаббаты балдай өмірлеріңе достық сүйіспеншілігім, ақ ниет, ақ тілегім бәз-баяғысындай. Келе ғой, екеуміз Дәуреннің қаламын қайрап, жаздырайық осы достығымыз бен өмір хикаяларымызды. Әйтпесе, ол еркек қой, біздің әйел затына ғана тән көңіл-күйімізді жеткізе алмай қаламын ба деп батпай жүрген болар. Келіңдер, күтем сендерді»…
Дәурендер шекарадан өткен күні аудандағы Гүлсананың үйіне қонды. Қолындағы кенже ұлы мен келіні құрақ ұшып, жайылып жастық, иіліп төсек болып күтті. «Осында демалып жата беріңіздер, тәтем бүгін келеді. Сіздерге біраз таудың дәмін ала келемін деп кіші атамыздың үйіне кеткен. Сіздерді келе қалса осында күтсін деп еді», – деп бәйек болып жатыр.
Кіші әкесі дегені жасы тоқсанға таяп қалған, ойы өрісті, сұңғыла қария Өміртай. Дәурен орайы келгенде ол кісімен аз-кем әңгімелес болған. Өміртай десе дегендей, өмірде көрген-білгенін есіне берік сақтап, шұбырта жалғап әңгімелегенде тыңдарманның құлақ құрышын қандыратын адам. Кейбіреулерше өз ойынан қосып сұңқита бермейді, қаршадайынан үлкендердің сарынды әңгімелерін аңсары ауып тыңдап, шалағай жерлерін сұрап алатын құймақұлақтың өзі. Оның ағасы Қоңыртай біртоға, сөзі салмақты, өтірікке жаны қас, шын сөзді азамат. Кеңес елінен, қазақ жерінен мұнда келгенде әкесі Дәркенге қолғанат болған он үштегі бала екен. Ал, Өміртай Кеңес елінен мұнда келген жылы туылып, әкесі мен ауылдастары Алла-тағала осы балаларға баянды ғұмыр берсін, ағасы Қоңыртайға тыныс болсын деп ақ тілеулеп атын Өміртай қойыпты. Ізгі ниетті жандардың сол тілеуі қабыл болғандай, сексеннің сеңгіріне таяп қалған. Ағасы Қоңыртайдың бақи дүниеге аттанып кеткеніне жиырма жылдай болды. «Ажал болжалсыз» дегендей, ат үстінде қазықша қақиып отырып, ел аралап жүріп-ақ дәм-тұзы таусылғанда ауырмай-сырқамай «келер жұма келмес сапарға аттанам» деп отбасы, бала-шағаларына қоштасар сөзін айтып қойған дейді. Айтқан күнінде сөйлеп отырып «мен біртүрлі болып барамын ғой» деп жұма намазын оқып бола бере жастыққа бас қойып көз жұмып кете барыпты. Содан бері заман өзгерісі тездеп кетті. Кеңес үкіметі ыдырап, Қазақ елі тәуелсіздік алды. Қазақтың қарым-қатынасы үзілген жерінен қайта жалғанды. Ата жұртын, ұлтын іздегендер қазақ жеріне қоныс аударып, үдере көшті. Дәурен бұрыннан осы Қытайда, Іледе туып өссе де Қазақ жеріне қоныс аударған балаларына барып, олардың елге барып жайған керегесін беріктеуіне демеушілік етіп жүрген. Ықтиярхатпен ондағы балаларына да, мұндағы балаларына да алма-кезек қатынап, жастары ұлғайғанда Нұрсана екеуінің ендігі ермегі екі елдің достық қарым-қатынасына дәнекерлік етіп, баянды болуы ғана. Сөйтіп ел көріп, жер көріп жүріп жатыр. Жазушыға ауадай керегі – өмірді зерттеп, адамдардың бастан кешкен оқиғаларын біліп, шынайы өмірді ұғыну, сол арқылы өткен заманның қыры мен сырына қанығу емес пе! Сондықтан, бұл келісте Гүлсананың сыр ашуымен ғана тынбай, өмірді әр қырынан, әр замандық белестен ұғына беруге ынтыққан. Тек Гүлсана мен Нұрсананың сырын ұғумен шөлі қанбайтынын ескеріп, Өміртай қарияға да жолықпақ болған. Сөйтіп қарияның үйіне келген жөні осы болатын.
Дәурен елегізіп үйде отыра алмай далаға шықты. Үйдің сол жағындағы қарағайлы, саялы бұлақ бойынан бие шелегін көтеріп, жас келіншек пен бозбала жігіт шығып келеді екен. Дәурен қабаққа қарай барып, бұлақ бойына үңіле қараған, желі басында шағын бір үйір жылқы шоғырланып тұр. Иректеле тартылған желіде ересегі мен жасы аралас бес құлын байлаулы тұр. Жалдастау жалпақ қара бие желі басында. Одан былай жирен қасқа, қоңыр, сары биелер, қара, қарагер тайлар, шетке ала сүмбедей жылтыр қарагер айғыр құмалақтап, қайта қайырылып өз құмалағын иіскеп қойып, шырадай көзді жайнатып, қос құлағын алға тікірейтіп, Дәурен тұрған қабаққа қадала қарады.
– Ассалаумалайкүм, Дәурен аға! Қалай, сау-сәлемет келдіңіздер ме?
– Уағалайкүмассалам! Шүкіршілік! Бұл жақта қалай? Ел аман, жұрт тыныш па? Отбасыларың, ауыл-аймақ?
– Иншалла, бәрі аман, шапқылап жүріп жатыр.
Қолындағы бие сауған шүмекті ағаш шелегін анадай жерге орнықтырып қойған қараторы, сұңғақ бойлы, ат жақты, күлімкөз жас келіншек бұрылып келіп Дәуренге ілтипатты бейнемен:
– Аман-есенсіздер ме, ағай? – деп амандық сұрады. Дәурен оған аса ықыласты күйде жүзінен шуақ шашып жадырай амандасты.
– Қалай, келін бала, өздерің де тегіс амансыңдар ма?
– Тәтем де келді ме?
– Келді. Тәтелерің менен қалмайды ғой, – деп күле сөйледі Дәурен.
– Қазақ елінің жағдайы жақсы ма, ағай? Ол жақтағы бала-шаға, ел-жұрт тегіс аман ба? – деп жігіт сөзін жалғады.
Дәурен бұл жігіттің Өміртайдың үлкен немересі екенін, Қазақстанға барып-келіп жүретінін білетін. Мына жас келін соның келіншегі болар деп топшылады. Өміртай қарияның жас шағынан бірге жасаған кемпірі Балқия әжей бақилық болғанына бір жыл толған соң келін түсіріп, ақсақалдың жай-күйіне қарайтын адам табылды деп естіген. «Сол немере келіні қарияға жағдайлы, қол-аяғы жеңіл, пысық та қайырымды бала» деп алқайтын жұрт.
Олар есік алдына келе бергенде үйдің қиыр шығыс жағынан төбедей қарагер атпен жай аяң жүріспен келе жатқан Өміртай қарияны көрді. Артына бір баланы мінгестіріп алыпты. Жігіттің атын сұрап білген Дәурен:
– Құрман, атаң келе жатыр, – деді қуанышты лебізбен. Оған дейін жас келін де бие шелегін көтеріп үйге кіріп, Нұрсанамен амандасқан. Үйдегілер жарқылдасып, жамырасып жатыр.
Атасының алдынан шығып, атын ұстаған Құрман әлгі қара домалақ баланы көтеріп түсірді. Дәурен үйге қарай беттеген қарияның алдынан шықты.
– Ассалаумағалайкум, Омеке қария! Қалай, аман-есенсіздер ме? – деп қолын соза амандасты. Қария Дәуреннің қос қолын алып, сосын құшағына қысты. Дәурен де қарияны қапсыра құшақтап, төске төс баса біраз тынып тұрып қалды. Қайталай құшақтарын жазып бір-біріне ынтыға қарап амандық сұраса бастады:
– Қалай? Қазақ елінің жағдайы жақсы ма? Елі орнықты, жері аманшылық па? Елбасы аман ба?
Дәурен қарияның күмістей ұзынша сақалынан тартып, әжім торласа да жайнақы, күлкі үйіріліп тұратын жылы жүзіне сүйсіне қарап алып:
– Айтары жоқ. «Көп тілегі көл» дегендей, – деп еді, қария оң қолымен сақалын саумалап қойып, кең тыныстап алды да үйге қарай баяу қадам баса беріп:
– Екі елдің ынтымағы жақсы. Бұл да болса Алланың халыққа берген бақыты ғой. Міне, өздерің де екі елдің еркесі болып сайрандап жүрсіңдер. Уһ, жан-ай! Біз болсақ мынау, кең шарықтап жүріп те кете алмаймыз, – деп аяғын сылти басып аяңдап барады. Дәурен қарияның жүрісіне іштей сүйсіне қарады.
***
1957 жылғы қыркүйек айының тоғызыншы таңы. Таңсәріде мектеп жатақханасының терезесінен түскен бозамық сәуле бөлменің ішін ақшуландыра бастағаннан-ақ ұйқыдан оянған Дәурен басына жастанған жасыл мұқабалы кітапты қолтығына қысып, далаға шықты. Ұзыншақ зал бөлмеде пырдай болып ұйықтап жатқан сабақтастарының ұйқысын бұзып алам ба дегендей демін ішінен алып, мысықтабандап сыртқа шықты. Қолындағы кітабын мектептің ауласындағы орындыққа қойып, керіліп-созылды ды темір шүмектерден аққан су науаға құйылатын суханада беті-қолын жуды. Сосын күншығыстағы ақ шабдарланған аспан әлеміне қарап аз тұрды. Мектептің солтүстік жағы алыстағы асқар тауларға қарайды, таудың сеңгір шыңдарынан еңістей құлап, қара-жасылданып тұрған ну орманды, шыбарытқан ақбурыл қарды тамашалап аз тұрды да әлгінде кітабын қойған орындыққа келіп отырды. Кітапты ыждағатпен, еппен ашты. Сәбит Мұқановтың «Ботакөзі». Бірінші беттің басындағы қысқа буынды төрт жол өлең:
Күн көзіндей жарық бар,
Ботакөздің көзінде.
Телегей теңіз тарих бар,
Ботакөздің сөзінде.
Дәурен орнынан жеңіл тұрып, мектептің артқы ауласындағы едәуір үлкен бақшаға беттеді. Бақшаның бір жағы көне қорық тамға тіреледі, қалған үш жағын өткен жылы осы мектеп оқушылары там соғып қоршаған. Мектеп бақшасында тал, терек, қарағаш, шынар ағаштары рет-ретімен отырғызылыпты. Көктемнен бері оқушылардың бақшаны аралап сейілдеуінен тапталған қаракөк бұйра жоңышқа сартап болып жатыр.
Дәурен бақшаға кірісімен бақшаның шығыс босағасынан ән көтерілді. Тамылжыған тәтті әуені барған сайын әуелеп, аспандап, қалықтай түседі. Бақша ішінде айқыш-ұйқыш ұшқан қарлығаштар мен бозторғайларды, жарыса сайраған бұлбұлдар мен сандуғаштарды тыңдай отырып, кітап оқымақ болған Дәурен кілт тоқтап, ән көтерілген жаққа көзі мен құлағын қатар қадады.
– Аяғыма кигенім былғары етік, сәулем-ай!
Табанымнан барады-ай ызғар өтіп, сәулем-ай!
Жақсы болсаң келерсің судан өтіп сәулем-ай!
Жаман боларсың қаларсың суға кетіп сәулем-ай!
Ахаау, сәулем, сәулем, сәулемсің!
Басымдағы дәуренсің!
Жақсы болсаң сәулемсің,
Жаман болсаң әуремсің…
Дәурен арық шетіне отыра кетіп, демін ішіне тартып сүйсіне тыңдады. Ән сөздері дап-дана құлаққа құйылып, бойына шымырлап тарап барады. Ән әуені майда, толқынды, лепті, нәзік, таңдайдан емес, тілді суыра көмейден толқып-толқып, сылдырап ағыла шығып аспандай жөнеледі.
– Шіркін! Қандай керемет дауыс! Гүлсана. Гүлсананың дәл өзі, – деп күбірледі ол өз құлағына естілер-естілмес бәсең үнмен. Тамсанып, таңдайын қақты.
Осыдан үш күн бұрын мектептің оқу бөліміне барған, әлгі қызды сол жерде көрді, бесінші класқа жаңадан тізімге қосу үшін анасы ертіп келіпті. Ұзын бойлы, орта жастарға келіп қалған әйел екен. Ат жақты, биік қабақты, екі бетінің ұшы дөңгеленіп, дөңес тартып тұрған жүзінен қызғылтым нұр шашқан шиедей ерні жұп-жұқа, қыр мұрыны пістеленіп, әсемдігі көз тартып тұр. «Шіркін-ай! Қыз кезінде қандай сұлу болды екен» деп бір көрген адам тамсанып қалардай. Жанындағы әнші қызы Гүлсананы екі жылдан бері аудан сахналарынан көірп танып алған. «Жасы он екіде» деді анасы тізім жасап отырған мұғалім Гүлсананың жасын сұрағанда. Дәурен есіктен кіргенде жалт етіп бір қараған қыз көзін тайқытып, анасына қарай қырындап ығыстай берді.
– Амансыз ба, Шынар апай? – деп Дәурен жылы, майда леппен амандасқан, ол да жүзіне күлкі үйіріліп:
– О, қалқам! Дәурен деген өлеңші баласың ғой? Былтыр аудан сахнасында өлең оқығаныңнан танимын сені, – деді нәркес көзінің қиығына нұр ойнап. Сол мезет тізімдеуді аяқтаған мұғалімнің даусы естілді:
– Апай, әнші қызыңыз бесінші «Б» класына бөлінді. Апарсаңыз, класс жетекшісі сонда.
Шынар апай мұғалімнің қолынан бөліс қағазын алып, есікке беттеді. Анасының қасында еліктің лағындай селтеңдеген бүлдіршін қыз есік жаққа бұрыла бере Дәуренге жалт етіп қарады да жанарын тез тайдырып, анасына ілесіп шығып кетті…
Дәурен арық шетінде тапжылмай отырып Гүлсананың әнін ұйып тыңдады. Осы әнді қайталап айта береді. Әрбір қайталауы біркелкі де, бір сарынды да емес. Кейбір бунақ-буынын неше қайталап, әуенді қайта қалпына келтіріп алып әннің кейінгі жолдарына өтеді. Одан қайырмасына аялдап, толқындата шырқайды.
– Қандай керемет, ә! Қандай жарқын болашақ қол бұлғап шақырып тұр екен бұл кішкентай бұлбұл қызды?!
Ән қанша қайталанса да тыңдаудан жалығар емес. Адам баласына осындай тәтті лепті, толқынды дауыс бітеді екен-ау! – деп тамсанып отырғанда қолтығындағы «Ботакөз» романы сырғып арықтың ішіне түсіп кетті. Дәурен еңкейіп кітапты алды да алақанымен жасыл мұқабасын сүртіп, тізесінің үстіне көлденең қойды. Сосын тағы да Гүлсананың әніне елітіп отырғанда ойына мына жәйттер орала берді.
Алдыңғы жылы Октябрь мерекесінда аудан орталығындағы кең алаңның төріне шикі кесектен бір метрдей биік етіп жасалған сахнада аудандағы екі мектепптің оқушылары концерт қойған. Жиналғандар алаңға реттеп қойылған ұзынша орындықтарға отырғызылды. Алаң тып-тыныш. Оқушылардың ойын-сауық үйірмелерінің өнер көрсетуі басталып, бірінші болып Дәурен шақырылды. Салмақты қадаммен сахнаға шыққан 5 сынып оқушысы Дәурен көрерменге иіліп тағзым етіп, өзінің «Отан» деген өлеңін мәнерлеп оқып берді. Жай ғана қағазға қарап оқи салмай, әр сөзін салмақтап, қасы-көзін қозғап, қолымен де ишара жасап, келістіре орындады. Ду қол шапалақтау Дәуреннің бес шумақ өлеңі жұртшылыққа жақсы әсер қалдырғанының айғағйындай. Бастауыш мектеп бүлдіршіндері өнер көрсеткенде сахнаға 3 класс оқушысы Гүлсана Қоңыртайқызы көтерілді. Екі шекесіне бармақтай екі тал шоқ қызыл гүл тағып, бойына құйып қойғандай желбірлі ақторғын көйлек, кестелі күлгін мақпалдан тігілген кеудеше мен қызыл өрнекті гүлді тақия киген, төбесіне бір шоқ үкі таққан қызын Шынар анасы сахнаға жетелеп әкеліп, демеп жіберді. Жүргізуші:
– Бұлбұл үнді, сандуғаш көмейлі, 3 клас оқушысы Гүлсана Қоңыртайқызы! – деп хабарлағанда сатырлатып шапалақ соғылып, бүкіл алаң найзағайша шатырлап кетті. Жүргізуші енді қыздың анасына бұрылды.
– Гүлсананың анасы Шынар апай, орныңыздан түрегеліп, көпшілікке қараңызшы!
Имене түрегелген Шынар апай көпке күлімсірей қарады. Жанарынан жалын, жүзінен нұр шашып сәл қарап тұрды да басын иіп, тез отыра қалды. Жүргізуші:
– Гүлсананың әнші болуы, міне, осы кісінің арқасы. Естіуімізше, бұл кісі осыдан жиырма жыл бұрын Совет Одағында, Қазақстанның орталығы Алматы қаласында атақты «Қыз Жібек» операсына қатысып, бас кейіпкер Қыз Жібектің көмекші әншісінің рөлінде ойнапты, — дегенде бүкіл алаң ду қол шапалаққа шомды да кетті.
Ән. Балғын ән. Балауса ән. Майда, жібек толқынды балауса үн көкке қарай қалықтай жөнелді. «Гакку, гакку, га, га, га…» ана сүті аузынан арылмаған балғын қыз ән ырғағымен бірге толқып, балқып тұр. Әннің толқындап көтерілуі, біресе биіктеп, одан қайта төмендеп, нәзік үнмен тамылжып тыныстауы бүкіл алаңдағы қара халықты сілтідей тындырды. Сахнаның артында тұрған Дәурен аңыра тамсанып қалған. Өзінің өлең оқу мәнерін еске алып, тыңдарман қауымды дәл мына балауса қыздай, оның әніндей, әннің мәнеріндей баурай алмағанын іштей мойындап, әрі қызғанып, әрі қызығып тұр.
Қиялы қыдырып кеткен Дәурен Гүлсананың әні тына қалғанда түсінен оянғандай селт ете қалды. «Ботакөзді» оқып бітуге 150 беттей қалыпты. Түнде жатақтас сабақтастары ұйқыға кеткенде шеткі бұрышқа жатқан Дәурен асханадан сұрап алған балауыз шамды жылтырата жағып, шапанын қалқалап қойып «Ботакөзді» оқумен болған. Жарым түннен ауып кеткенде барып май шамды өшіріп, жастыққа бас қойды. Таң қылаң бере тағы да күндегі әдетімен оянып, тұрып кеткен. «Ботакөзді» оқып бітіремін деп шыққанда ойда жоқта Гүлсананың әніне жолығып, романның бетін де аша алмады.
Гүлсана тағы бір әннің әуенін жай ыңылдап, Дәурен жаққа келе жатқандай болды. Дәурен абыржып қалды. «Әнші қыздың жаттығуын ұрланып тыңдағандай болғаным не?» деп өз-өзін іштей кінәлай бастады. Дереу кітапты қолына алып, бақшаға жаңадан қадам басқандай бола қойды. Гүлсананы мүлде көрмеген кісідей кейіп танытты. Гүлсана түз киігінше селтең ете түсті де бақшада жалғыз келе жатқан Дәуренге таңдана қарады. Құбылта сайраған бұлбұл үні құлаққа ұрады. Дәурен көзінің астымен Гүлсанаға барлай қарап еді, қиыстап бақшаның есігіне қарай бұрылып барады екен. Дәуреннің көңілі орнына түсті «Білмеген де, көрмеген болып қала бергенім дұрыс. Жас киікше елеңдеген балғын қызды шошытып алмайын…» – деп өз құлағына өзі сыбырлағандай болып, баяу тыныстады.
***
1958 жылғы 27 желтоқсан. Ауданның мәдениет сарайына жүзге тарта адам жиналыпты. Ауданның сан-саласынан таңдап келген өнерпаздардың байқау-концерті болып жатыр.
Гүлсана үш ән шырқады. Екеуінің авторы алыстағы қаламгерлер екен, үшіншісінің сөзін Дәурен жазған, музыкасы Фың Ляң деген сібе жігіттікі. Ән қазақы үлгідегі ашық, қоңырлаған құлаққа жағымды үнмен тыңдаушысын сүттей ұйытты. Дәурен белгілі бір ән сөзін Гүлсанаға алғаш бергені өткен жылы болатын. Оны Гүлсананың оқып көріп, онша ұнатпағаны Дәуренге ой салған. «Осыған біреуге музыка жаздырып айтып көресің бе, қарындас?», – дегенінде, дөп-дөңгелек шоқ гүлдей боп тұрған басын баяу изеген. Содан Дәурен ән сөзінің онша жақпағанын байқаған. Бір күні Дәуренді мәдениет сарайына шақырған хабар жетті. Ол сабақтан бір сағатқа сұранып мәдениет сарайына барды. Қалайда бірер тапсырма бар шығар деген ұшқыр үміт алға жетелейді. Мұндағы жауаптылар Гүлсананы да, Фың ляңды да шақырған екен. Оларды жылы қабылдап отырды да:
– Еліміз азаттығының он жылдығына сый дайындау керек. Сіздерге міндет бар, – деді. Фың ляң сөз алды. Ол орта бойлы аққұба әнші жігіт еді. Үрімжіден көркемөнер институтының ән кәсібін тауысып, мәдениет сарайына келгеніне жылдан асқан.
– Мен қазақ музыкасын зерттеп жүрмін. Бір жақсы ән жазу ойым бар. Жақсы сөз болса, ойымдағы толғамдарды реттеп бір жақсы ән шығаруға бел байлап отырмын, – дегенде, қас-қабағының селдір түктері жылтырап, дүрбиген қалың ерні ыржия ашылып, аппақ меруерттей тістері асты-үстімен көрініп тұрды.
Осы кеңестің жобасымен Дәурен бір ән сөзін жазып, Фың ляң музыкасын қосады. Әнді Гүлсана облыстағы байқауда орындайды.
Міне, осы жобадағы «Бейжің ана» әні ауданндық байқауда ерекше сыйлық алды. Әнді одан ары пысықтап, бес күннен соң нар тәуекел деп облыстық байқауға жолдайтын болды.
Құлжа қаласының он жылдығына арналған көркемөнер фестивалі өткізіліп жатқанына бес күн болған. Бүгін «Бейжің ана» әні соңғы сынақтан өтпек. Дәурен мен Фың ляң үшінші қатарда отыр, сахнадан көз алмайды. Дәуреннің жүрегі атша тулап кетті. Өміріндегі ең алғашқы биік мәртебе. Үлкен сахнада өзінің «Бейжің анасы» Гүлсананың аузынан шырқалуын асыға күтіп, тынышы кетіп отыр. Он төрт жастағы Гүлсананың бар ойы әнді көздеген көмбесіне жеткізе айту ғана. Басқа ештеңе құлағына кірер емес. Жүрек лүпілін өзі де тежей алмайды. Фың ляңның «ырғақтан жаңылма, екпіннен шатаспа» деген сөздері ғана көңілінде, құлақ түкпірінде қайталанып тұр. Концерттік номерлер рет-ретімен орындалып жатыр. Сахнаның екі босағасында бес-бестен он адам бағалаушы әділқазы болып отыр. Қолдарында қағаз-қалам. Әр концерттік номер сол сәтте-ақ бағаланып, көпке жарияланып жатыр. Сахнаның артындағы дайындық бөлмесінде Шынар ана да Гүлсанамен бірге байқау нәтижесін күтіп жүр. Сол кісіні көргенде барып Дәуреннің жүрегі тулағаны бәсеңдей бастады.
– Балауса қыз ғой, анасы келіп сүйеу болғаны қандай жақсы болған, – деп Фың ляңға сыбырлап еді, дауысы қатты шығып кетті ме, жанындағылар үңіле қарады. Фың ляң ұялғаннан қызарып кетті.
Жүргізушінің мәнерлі маржан сөздермен қысқа да нұсқа етіп жариялауымен сахнаға Гүлсана көтерілді. Саспай салмақты қалыппен сахна төрінен көрерменге қасқая қарағанда балауса қыздың өңі құлпырған қырмызы гүлге ме, көздің жауын алатын көктемгі қызғалдаққа ма, мөлдір тұнық, қызғылтым меруертке ұқсай ма… Әйтеуір, тіл жетпестей керемет сұлу көрінді. Бұрынғы сахнадан көріп жүрген бейнелерінің біріне де ұқсамайтын сияқты. Біртүрлі көз қармап, таңдай қақтырарлық әсем портрет. Дәурен көзін алмай сәл қарап отырып қалды да селт етіп барып сезімін жиып, бетін бұрып басқа жаққа қарады. Алқызыл реңді қосетек көйлек пен кеудеше қазекейі алтын-күміс реңді ою-өрнек, асыл тас моншақтармен өрнектеліпті. Аяғындағы ақ туфлиі әйнекше жылтырайды. Басындағы үкілі тақияның ою-өрнегі мен шоқ үкісі де ерекше көз тартады.
Музыкаға ілесе ән көтерілді. Байырғы қазақы әуен біртіндеп асқақтай берді де қайта баяулап, үздіге құйылып, тым тереңге сіңіп, жүректерді аралай нәзік қылын шертіп, тереңіне ұялап, әр жүректі елтітіп бара жатқандай…
Көрермен қауым ән толқынымен бірге біркелкі шапалақ соғып отыр.
Ән аяқталды. «Бейжің ана» ерекше сыйлыққа бағаланып, Дәурен, Фың Ляң, Гүлсана үшеуі сахнаға шақырылғанда Дәурен екі көзінен мөлдіреген жасы тамшылап тұрған Гүлсананы жетелеп келе жатқан Шынар анаға иіле сәлемдесіп:
– Сахнаға сіз де шығыңыз, – деп өтінді. Бұл сөзді саққұлақ жүргізуші де естіп қойды ма, Шынар ананы қызымен бірге сахнаға көтерілуге шақырды.
Сахнада сыйлық грамоталар облыс бастығы Құрманәлі Оспановтың қолынан таратылғанда қормал басшы Дәурен мен Гүлсананы маңдайларынан сүйіп бата-ықыласын білдірді. Олардың көздері жалын атып, жүздері бал-бұл жайнайды. Шынар ана мен Фың Ляңның да қуанышында шек жоқ.
Облыстық ән-би үйірмесінің оңаша бөлмесінде таң азаннан әнді пысықтап, жатақханасына оралған Гүлсана төсегіне жантая кетті. Ойы сан қиырға кетті. Аудандағы орталау мектептегі оқуы шала қалды. Облыс орталығында өткен сол жолғы көркемөнер байқауынан кейін ән-би үйірмесінің жаңа мүшесі болып қабылданған. 15 жасқа жаңа ілінген жас қыздың балғын жүрегі алып-ұшып, атша тулайды. Бұл оның алты айлық ойын қою сапарында үйірме құрамында болып, елдегі 24 қаланың дәмін татып, жүздеген сахнада қазақ әнін шырқап, алдындағы ұстаз аға-әпкелерінің тәлім-тәрбиесін алып едәуір ысылған, кәдімгідей бұлбұл көмей, сандуғаш таңдай саңлақ әнші болып қалған шағы еді. Бейжиң сахнасында «Бейжиң ананы» шырқағанда қол соғып отырған неше мың көрерменнің алдыңғы қатарында отырғандар мемлекет басшылары екенін кәперіне де алған жоқ. Әйтеуір әнді өз мәнерімен жақсылап айтуға барын салған. Дүр-дүр соғылған шапалақ үні құлағына қайта естілгендей болды.
Қойылым аяқталғанда Мау Зыдоң, Лю Шаучи, Жу Ынлай бастаған мемлекеттің бір шоғыр маңызды басшылары сахнаға шығып, қазақ ән-би үйірмесінің әртістеріне құрмет білдірді. Осы көрініс Гүлсананың көз алдынан күні-түні кетпейтін елеске айналды. Бірнеше айдан соң, 1961 жылы үйірме бастығының шақыруымен басшының қызмет кеңсесіне елікше ұшып жеткен Гүлсанаға басшы қарсы алдына отыр деп ымдады. Бастықтың өңінде бір салқындық бар сияқты. Жас қыздың пәк жүрегі алау атып «Не дер екен?» деп ынтығып тұр. Бастық Гүлсанаға қарап үнсіз отырды. Жоғары көркемөнер мектебінде оқуға өтінім жазғалы жарым жылдан асқан. «Мүмкін сол талабым орындалым қалды ма?» деп тағатсызданып отыр. Әр күні есінен кетпейтін осы тәтті арманы ойын үңгіп барады. Жатса-тұрса «оқысам, ән мен музыка ғылымынң тереңіне бойлап маман болсам» деп армандайтын. Басшының үнсіздігі Гүлсананы абыржытып тастады. «Әлде бір жайсыз хабар айтпақ па? Кет ары, қайдағы жайсыз хабар!» деп бұл ойынан тез қайтты. Бес минут үнсіздік бірнеше сағаттай болды. Бастық көзінің астымен Гүлсанаға қарап ойын бақылап отырғандай. Өңі салқын тартып, бұрынғы ашық-жарқын сөйлеп кететін мінезі де өзгеріп кеткендей. Асықпай папиросын тұтатып шеккелі де біраз уақыт болды. «Осы кісі мені шақырып алып отырғызып қойғанын ұмытып кеткен жоқ па? Қарсы алдында отырмын ғой. Әлде көзі тым буалдырланып көрмес болған ба?» дегенді де ойлады. Бір кезде бастық сөйлеуге бейімделгендей орнынан бір қозғалып Гүлсанаға сырлы көзімен қарады. Тамағын бір қырнап алып, қолындағы жарымдап қалған папиросын алдындағы ақ шыны күлдікке мыжғылап сөндіріп салып қойды. Сосын:
– Гүлсана, – деді, дауысында діріл бар. Орта жасқа келген, бір орынның басшысы, ысылған кадр. Алдындағы жұдырықтай қыздың мысы басып отыр ма? Кім білсін! Әйтеуір аузынан сөзі, қойнынан бөзі түсіп, сөйлей алар емес. Гүлсана да шошынғандай, өн-бойын бір суық ағыс аралап өткенін сезінді.
– Сен өз ауданыңа қайтатын болдың. Ауданның мәдениет сарайына керексің. Ол жерде де ойын-сауық үйірмесі бар. Жаңа туындылар жаратасыңдар. Аудан сені сұрап, келуіңді талап етті, – деп барып, сөзінің артын жұтып қойды. Едәуір екпіндеп басталған даусы барған сайын болдырып, баяулап барып тынып қалды.
Гүлсана өз құлағына өзі сене алмағандай ләм-мим деп ауыз аша алмай, мелшиіп отырып қалды. Үлбіреп тұрған алқызыл бетінің қызылы тарап, бозарып кетті. Оймақтай ерні кеберсіп барады. Сөйлегісі келгендей, бірақ тамағына бір қышқыл дәм білініп, айтар сөзі тіл ұшында бөгеліп қалды. Бастыққа көзінің астымен имене көз тастап еді, өңі тым салқын екен. Үнемі ашық көрінетін қабағы да көлеңкесі жабылып келе жатқан теріскей беткейдей жабырқау тартып тұр. Бұрын ақжарқын, жанашыр жақын сезілетін бастығы енді сұрықсыз болып көрінді.
Гүлсана «енді бұл бастықтың алдына келе аламын ба, кім білсін? Айтарымды айтып қалайын» деген толқыныспен бір оқталып, бір тоқталып аз отырды да:
- Бастық аға, менің көркемөнер кәсібін жоғары мектепте оқып-үйренсем деген талабым қайда? – дегенде дауысы қатқылдау шықты. Бастық тоқталып барып, біртүрлі жымысқы күлкімен күлді де:
- Қазір ондай оқуға адам қабылдамайды. Қабылдайтын болса ауданнан-ақ шақыртып алып жібереміз. Аудан сұрады сені. Кәсіпке жетілдіреміз десе аудан өзі де жібере алады оқуға, – деп жаймашуақтап барып тоқтады. Гүлсана тағы ширыға түсті.
- Оқуға бармасам да осында қалайын. Мұнда үйреніп, тәлім-тәрбие алып келе жатқан ұстаздарым бар. Солардың әрбірі мен үшін бір мектеп. Ауданда ондай жоқ. Орталау мектептегі оқуды да осы кәсіп үшін шала қалдырдым… – деп барып булығып, тамағы құрғап, үні шықпай қалды. Бастыққа көз салып еді, отырған орындығында қиғаш қырындап, терезеден сыртқа көз тастап, қолына алған папиросын тартар-тартпасын білмеген кісіше орындықтың арқалығына шертіп отыр екен. Үн жоқ. Гүлсана одан ары төзе алмады. Ауыр оймен орнынан тұрды да баяу басып есіктен шығып кетті.
Жатын бөлмесіне кіріп келгенде аядай ғана жұпыны жабдықталған бөлме де суық тартып, сұрланып тұрғандай көзіне біртүрлі жат көрінді. Қыстығып келіп ағаш төсектің бас жағында тұрған, әдемі ақ шілтерімен түйіндеп, ақ жібек тоқымамен бөртпеленген өзі сияқты кіп-кішкене сүйкімді жастығына барып етпетінен құлады. Ағыл-тегіл көз жасына ие бола алар емес. Көл-көсір төгілген көз жасының қайдан келіп, қайда кетіп жатқаны да беймәлім. Біраз уақыттан кейін ғана өксігін басып, көз жасын тыйды, ішін кеңіте бір-екі кең тыныс алып, есін жинады. Басына неше түрлі қым-қуыт ой келеді. «Ұйымға бірер ісім жақпай қалды ма? Ұстаздарым біле ме мұны? Жоқ, олар мені ауданға қайтармайды. Әлде өзім теңдес әншілердің бақталастығынан болды ма? Өйтіп күмәндануға да негіз жоқ. Әншілердің ең кішісімін. Бәрі мені жақсы көреді, еркелетеді. Ешкіммен түс шайысқан жерім де жоқ…»
Қанша ойланса да ештеңенің байыбына бара алмады. Ұйымның сын-тәрбиесіне ұшыраған жері жоқ. Бұл қалай болғаны? Аудан сұраса, сұраған бастық неге өзіне жолықпайды? Ондайы бар екен, неге штат беріп мұнда алып қалды? Үйге не деп барады? Әке-шешем мұндай жоғары орында істеуге лайық болмаған шығар деп ойлайды-ау!
Осыларды ойлап, тағы біраз жылап алды. Ойы онға, санасы санға бөлінді.
«Қап, әттеген-ай! Аудандағы орталау мектептегі оқуымнан айырылмауым керек пе еді? Орта мектепті бітірген соң Үрімжідегі, Бейжіңдегі көркемөнер мектептеріне емтихан тапсырсам болар еді ғой…»
Түн жарымына дейін қиял теңізінен шыға алмай қойды. Бір сәтте талықсып ұйықтап кетті. Селк етіп оянды. Түсінде ауданға қайтып, үйіне барыпты, «Аудан сұрап алдыртыпты» десе анасы Шынар сенбей, шашын жая боздап кеткенде шошып оянды.
Облыстық ән-би үйірмесіне қабылданып, ойын қою үйірмесімен бүкіл елді аралайтын болдық дегенді естігенде әке-шешесі қуанғаннан төбелері көкке жеткендей болған. Бата беріп аттандырып салуға бауыздар малы жоқ. Құдайға айтып, үш жеті шелпек салдырып, көрші-қолаңды шайға шақырып бата бергізген. Сол күні түнде Гүлсананы жанына алып жатқан Шынар ана өз басынан өткен талай әңгімелерін айтып, тағдыр тәлкегіне ұшыраған сәттерінен сыр ұштарын суыртпақтаған. Балалық алып ұшып тұрған көңілге, ән құмар асау жүрек, балғын миға оның бәрі қона қоймап еді. Қызының сүлесоқ тыңдап жатқанын сезген анасы:
– Е, жаратқан ием, жар бола көр! Әнші қызымның тағдырын маған ұқсата көрме! – деп ауыр күрсініп тынған болатын. Гүлсанаға анасының осы үзіле, арыла айтқан тағдырға жалынышы, соңғы тілегі ғана кішкене әсер еткендей болып, ет жүрегін тіксіндірген. Енді міне, қалай болды? Ауданға барғанда не демек? Оның ар жағы не болады? Қойшы әйтеуір, Гүлсананың өз-өзіне қойған сұрағы көбейе берді де ойланған сайын мәселе шиеленісе берді.
***
Үрімжідегі оқуын үздік нәтижемен бітіріп, аудандық мәдениет сарайына жұмысқа тұрған Дәуреннің осында істеп жатқанына жылдан асты. Ұлттық мәдениетке қатысты кәсібін жанындай сүйген ол үшін бұл бір таптырмас қызмет болды. Жаңадан келген жас кадр емес пе, тіс қаққан аға қызметкерлердің барып кел, алып келіне елікше ұшады. Қол-аяғы жеңіл. Тапсырған жұмысқа да тындырымды. Енді бір жағынан, жұмыстан сырт ойын-сауық үйірмесінің жұмысын қолға ала бастады. Әдеби шығармаларды жинақтап, кітап шығаруға талпынды. Оған да қанағаттанбай, Үрімжіде оқыған кезінде көргендей, мәдениет үйіне тән заттардың бәрін алдыртқысы келеді. Соның бәрі аудандық мәдениет үйінде де болса дейді. Ғасырлар бойы халық жадында сақталып, бірден-бірге тарап келе жатқан халық ауыз әдебиеті мұраларын жинақтауға да күш салды. Тау асып, тас басып, қайда шежірелі қарияр болса, сонда аттанды. Жата-жастана әңгіме-дүкен құрып, небір алтын сандықтың кілтін қолына алды.
Бір айлық ел аралау қызметін уақытша тоқтатып, қайтып келген. Ертесіне кеңсесіне келе жатқан, ойда жоқта алдынан таңғы шолпандай жарқ етіп Гүлсана шыға келді. «Облыстағы ән-би үйірмесінен аудандағы үйіне уақытша келген болар» деп ойлаған Дәурен құрақ ұша амандасты. Қаншама ақтарылып, ақжарқын көңілін жайып салса да Гүлсананың аман-сәлемі салқындау сезілді. Гауһар тастай нұр төгіп тұратын жанарынан шашыраған ұшқын әлі де сол қалпында болса да көзінің жиегіне мұң ұялағандай. Іштей өмірлік жарым болар қыз осы болар деп сыртынан иемденіп жүрген Дәуреннің ойы сан-саққа өрістеп барып тоқтады. Қашан, қалай келгенін білгісі келді.
Екеуі Дәуреннің кабинетінде отырып, біраз уақыт базыналық қалжыңға ерік берді. Талшыбықтай жаңа бой тартып өсіп келе жатқан жас арудың тал бойында тарыдай мін жоқ. Басынан бақайына дейін көз тұндырады. Жалт қарағанда екі көзінен шыққан от жанарыңды қариды, сәл бөгеле қадалсаң тұнжыр көзі тұңғиыққа тартып бара жатқандай.
– Көп болды, кездесе алмадық-ау, Гүлсана, – деп Дәурен күлімдей қарап еді, қыз сыңғырлай күліп, оймақ ернін жиырып, жарқылдай жауап қатты.
– Солай ма? Маған да көп болған сияқты, – деп сөзді қысқа қайырды. «Сияқты» деген сөзі екіұштылау ма деп Дәурен оның жүзіне барлай қараған. Бір көмескі көлеңке көргендей болды. Дәурен сөзді жалғастырды.
– Жай келдің бе? Қашан келдің? – деп сұраған, қыз жай ғана езу тартып:
– Немене? Келсем қарсы алмайсыңдар ма? Үйіме келдім, – деп тоқтап қалды. Аз тынып барып: – Келгеніме бір апта болды, – деді. Дәурен таңдана бір қарап, ары қарай көп ойламады.
– Әрине, қарсы аламыз. Үйіңе келген сайын асығып қайтып кетеді дейтін. Жолыға алмай қалушы едік. Енді асықпайтын шығарсың. Шынын айтсам, сағынысып та қалған шығармыз, – деп алып, «оғаш айтып алдым ба» дегендей қысылып қалды. Екі бетіне сәл жылу жүгіргендей болып, Гүлсанаға көзінің астымен қарап еді, қыздың жаңа толысып келе жатқан алқызыл бетінің ұшы қызарып, томсара төмен қарап, алдындағы үстелді шұқылап отыр екен. Он алтыға жаңа толған, он екіде бір гүлі ашылмаған кіршіксіз, пәк көңілге «сағынысып қалдық» дегенім әбестік болды ма деген ойға тоқталған Дәурен енді біраз тыныстап, қыздың ойын жинақтап алуын күтті. Қыздың сөзі созыла шықты.
– Мен біржола келдім. Жоғары жақ осы ауданда істейсің деп жіберді. Қазір көңілім әптер-тәптер. Мұнда келгенше жоғарылап оқиын деп едім, әзірше жол жоқ сияқты, – деп барып, бөгеліп қалды. Дәурен қыздың бетіне таңдана қарады. Сосын төтесінен:
– Әзілің бе, сендей әнші облысқа керек. Ауданға бере қойсын ба! Жоғарылап оқуыңа да сол жақтан баруың оңай, бұл ауданда… – деп барып тоқтап қалды. Гүлсана бұл сөзден іші кеңіп қалғандай жадырап, ақтарыла сөйлегісі келгендей жарқын жүзбен сөз бастады:
– Рас айтам, – деп қалтасындағы бір бет таңбалы қағазды Дәуреннің алдына тастады. Аудандық үгіт бөлімінің аудандық мәдениет үйінде қызмет етсін, еңбекақысы қазына бөлімінен беріледі деген таныстыру екен. Гүлсананың өзімен бірге істейтінін болғанына қуанса да оның мұң ұялаған жүзіне қарап, ауданға неге оралды екен деген сұрақ көңілінде жылт ете қалды. Ойын тез жиып:
– Әрине, қарсы аламыз, бұл жақсы болды! Бірге істейміз енді, – деп барлай қарады.
Гүлсана көп ұзамай Дәуреннің көмекшісі болып бекітіліп, жұмыстан сырт ойын-сауық үйірмесіне жаупты болды. Іс жүзінде ойын-сауық үйірмесінің көп жұмысын Дәурен жасап жүрді. Себебі, Гүлсананың көп уақыты әнші ретінде жаттығуына кететін. Оның үстіне, қыз баланы сырт жұмыстарға жұмсауға Дәуреннің аузы бармайтын да өзі орындай беретін.
1962 жылғы қыркүйек айының бір күні еді. Күн шаңқиып төбеде тұр. Кең жатқан маң даланың шөлейтті егістігінде тәңертеңнен түске дейін таздың басынша аламышталған ақ топыраққа малтығып жүрген жігіт пен қыз еріндері кеберсіп, селдір шыққан бір түп шиді паналай жайғасты.
Бұл Дәурен мен Гүлсана болатын. Екеуінің қолында екі дабы дорбасы бар. Тәңертеңнен бері тергендері бір килограм шығар-шықпас болса да бір-біріне күле қарап, үнсіз отырып қалды. Қытай елінде 1960 жылы басталған үш жылдық табиғи апат жылдары барша адам жұмысын тоқтатып, шөл даладағы егістік жерлерден масақ бидай теріп әкеліп, мемлекет қамбасына құюға міндеттелген. Жұрттың бәрі басы ауған жаққа барып масақ теруге кіріскен. Дәурен мен Гүлсана терген бидайларын Гүлсананың үйіне жинап, көбейгенде өткізіп міндеттен құтылмақ. Шаңқиған күннің қызуы шекелерінен өтіп бара жатқан соң бір түп шидің басын түйіп, үстіне Дәуреннің шапанын жауып көлеңке жасады. Көлеңкеге тығылған екеуінің басы еріксіз түйісе берді. Гүлсана сауысқанша сақтанып, басы Дәуреннің басына тиіп кетпеуін қадағалағандай. Дәурен де оның тартынып отырғанын сезеді. Таңдайлары кеуіп, еріндері кеберсіп кеткен. Сөйлеудің өзіне күш керек сияқты. Сүйтсе де жастық оты жалтылдап, анда-санда қыздың ернінен шыққан жалын демі жүзін шарпып өткенде Дәуреннің беті ду етіп, тұла бойы біртүрлі жадырап сала береді. Жүрегі де тулап, өзгеше бір күй кешеді. Іштей «өмірлік жұбайым осы болар» деп іштей марқайғанымен әзірге қалжыңдап та, шындап та жақындасуға дәті барар емес. Мезгілі жеткенде бәрі болар деп ойлайды. Ал, Гүлсана бірде жақындап, сөзінен үміт отын жылтыратқанымен, бірде алыстап, аралық сақтап, сыр ұшығын ұстатпайды. Жақындап келіп жалт беріп, алыстап кетеді. Дәурен оның бәрін қыз баланың бет пердесі ашылмаған ұяңдығына балайды.
Кеш батып, күн ұясына қонар уақытта Дәурен мен Гүлсана қоңыр дөңдегі шөл атыздан арып-ашып қайтты.
– Мен саған сүйеу болайын, қолыңды бер, – деді Дәурен.
– Ә, солай ма, – деп аңқаусыған Гүлсана қолын ұсынды. Дәурен қысып ұстап алды. Екеуі қол ұстасып құлдап келеді. Қызға Дәуреннің қолы тым ыстық сезіліп, он бойын бір жылы ағыс шарпып өткендей. Ал, Дәурен қыздың қолының буына рахаттанып, шалқып келеді.
Олар Қоңыртайдың үйіне келгенде Шынар ана екеуін құрақ ұша қарсы алды.
– Айналайындарым-ау! Өңдерің не болып кеткен? – деп сырт киімдерін шешкізіп, қағып-сілкіп, қолдарындағы дорбадағы теріп келген масақтарын алып жерге қоя салды да Дәуренге:
– Балам, үйге кіре бер, – деп қызының жуынып-шайынуына қам жасап кетті.
Ертесі Қоңыртай қария таңғы шайын асығыс ішті. Мекеменің қырдағы қорасындағы қосымша малын бағатын көрінеді. «Мал не болды?» деп қайта-қайта уайымдап отырды да екі кесе шайын іше сала тұра жөнелді. Дене-тұрқы бәкене, ұшып-қонып жүретін жеңіл кісі сияқты. Ұйқысынан тұрып, далаға шығып жуынып келіп, дастарханға жайғасып жатқан балалардың саны Гүлсанадан соң бесеу екен. Сөздеріне қарағанда, Шынар ана осы шикіөкпелерді асырап-бағу үшін көршілерінің кірін жуып, тамағын жасап берумен айналысатын көрінеді.
Айнаға қарап, шашын тарап, сәнденіп жүрген Гүлсана шайға ең соңынан келді. Дәурен екеуінің жүзінде де кешегі шаң-топырақ, аңызақтан еш белгі жоқ, гүл-гүл жайнап құлпырып шыға келген. Бағанадан Дәуреннің ер мүсінді сұлу тұлғасына, салмақты жүріс-тұрысына, жүйелі сөз саптауына сын көзбен қарап, ден қоя бағалап отырған Шынар ана іштей:
– Әттең, Гүлсанама осындай бір өз теңі болар жігіт бұйырар ма екен? Мынау қандай асыл азамат болғалы тұр! – деп тамсанып отырған. Ойын сезіп қалмасын дегендей жүзін бұрып, қайта-қайта Гүлсананы шайға шақырады. «Екеуінің қатарласа отырып шай ішкені де бір ғанибет қой… Бұйрық біледі» деген ой шүңетіне үңіле беріп тоқтады.
Дәурен анасының жанына қиыстай келіп отырған Гүлсанаға көзінің астымен қарады. Кеше қағыр далының аптап ыстығы мен шаңынан өңі бозарып кеткен қыз осы десе ешкім сенбестей құлпырып шыға келіпті. «Шай ішіңіз, Дәурен ағай» деген даусы таудың мөлдір бұлағының сылдырындай тұнық шықты. Қызының «ағай» деп сызыла сөйлегеніне селт ете қалған анасы таңырқағандай болып:
– Шай ішіңдер, балалар. Бұл күндер де өтеді. Жастық бәрін көтереді, – деп шайын дәмдеп құйып, балаларын күтімдей бастады.
Кеше кештен бері қамқор ананың алақаны бәрін де ұмыттырыпты. Дәурен әңгімені Гүлсана екеуінің жұмысына бұрды.
– Биыл Қазақстаннан келетін газет-журналдар тоқтап қалыпты, енді келмейтін сияқты. «Жұлдыз», «Ара» деген журналдар жақсы оқулығым еді.
Гүлсана Дәуренге жалт қарады.
– Маған музыка оқулығы мен Қазақстанның классикалық әндерінің жинағы керек. Құлжада жүргенде ізденіп, тауып оқитынмын. Ондай жағдай ауданда жоқ шығар, – деп жеңіл күрсінді. Анасы қызының өңіне барлай қарады. Жаңа ғана жасанып, қызғалдақтай жайнаған түрі солғын тартқан. Іштей: «Әттең! Ән құмар балам-ай! Ендігі жағдайың не болар екен…» – деп ойлай бере кілт өзгеріп, салқын қабақпен Дәуренге қарап:
– Балалар, осы Қазақстан, Совет дегенді айта бермеңдерші. Біз содан қашып, осында келіп әрең жан таптық емес пе?! Отыз екінші жылдың ашаршылығынан қалған жанымызды олжа көреміз. Келмесе тіпті жақсы, тегі сол жақтың журналын оқымай-ақ қойыңдаршы, — деп күрсініп барып тоқтады. Дәурен де, Гүлсана да үндемей қалды.
Кеңестер елінде байларды кәмпескелеу кезінде Қоңыртайдың үлкен әкесі Керімтайды, «Керімтайдың мың жылқысы» деп аталатын таудың бір қапталын бір-ақ алып жатқан даладағы жайлау-қыстау атамекенінен түрмеге әкетуге келген күні Дәркен үйде жоқ, мал жағында болатын. «Әкем хабарсыз қалмасын» деп жирен төбел бестіге міне шапқан он үш жастағы Қоңыртай әкесін жылқыда, көші-қонға ат іріктеп, тоқжарау жүрсін деп тілін буып қоя беріп жүрген жерінен тапқан.
– Әке, атамды шеріктер байлап алды. Тағы басқа ауылдардан да ұстайтын адамдары бар көрінеді. Тезірек жүріңіз, амалдап алып қалуға болар ма екен, — деген ентігін баса алмай тұрып. Әке деген асқар тау ғой, өзі де осы қауіптің келерінен сезіктеніп жүрсе де мына хабардан Дәркеннің иманы қырық кез көтерілді. «Алла өзің артын оңғар!» дегеннен басқа сөз түспеді ауызына. «Әкемнен жаным артық емес, барып бір айқасып қалайын» деп ат тізгінін ауылға қарай бұрды. Қоңыртай да әкесінің соңынан жалбаңдай ілесе шауып, әкелі-балалы екеуі ауылға іркес-тіркес ат тұмсығын тіреген. Ауыл у-шу. Оларға қарамастан әкесін байлап алып кеткен жаққа қарай шаба жөнелген бұл екеуі пойыз бекетіне таяу қуып жеткен. Бастаушы қазақ иегін көтеріп:
– Таппай жүрген Дәркендерің міне, өзі келді, – деп нұсқап еді, төрт шерік келіп Дәркенді табанда аттан аударып алды. Әкесі Керімтай аппақ қудай сақалы селкілдеп, булыға тіл қатты:
– Әттең, балам-ай! Асарымды асап, жасарымды жасаған мені іздемей-ақ, өз жандарыңды алып қашып, амалдауларың керек еді-ау, – деді де арғысын ашып айта алмай үні ішіне түсіп кетті. Дәркенге сөз соңы айтпаса да түсінікті еді. «Тез арада Жұңгоға өтіп кетіңдер» деген ауыз бірліктері болатын. Соның арасынша, озандатып пойыз де келіп үлгерді. Пойыз тоқтай қалысымен, байлап әкелген жиырма шақты адамды мылтықтың ұшымен нұқып вагондарға кіргізе бастағанда жирен төбел бестіден қарғып түскен Қоңыртай:
– Ата, әке! Мен сіздерден қалмаймын, көмегім тиіп қалар, – деп шеріктердің мылтық кезегеніне қарамай, бұзып-жарып вагонға мылтық кезеліп шығып бара жатқан әкесі Дәркеннің етегінен ұстаған күйі бірге кіріп кетті. Вагон ішінде арырақта басы зеңіп отырып қалған атасын сүйеп тұрғызып, орындыққа отырғызып, екі шекесінен құйылып тұрған ащы терін жеңімен сүртіп, аз болса да атасына тыныс алдыра бергенде тақ-тақ етіп пойыз жүре бастады.
Пойыздың іші жылаған, шулаған, күрсінген адамдар, Қоңыртай мен Дәркен қатар тұрып терезеден сыртқа қараудан бір таймады. Екі сөтке дегенде бір қалаға жетіп, бекеттің ұзын залына түнеген түні Дәркен амалдап әкесі Керімтаймен тілдесті. Өмірден күдерін үзген қария көзі өшкіндеп, арман-дертін ішіне жиып тұрып, сіресіп қалған екі иығын қозғалтып, ауыр-ауыр күрсініп тынысын кеңітіп алды да:
– Кетіңдер, балаң екеуің! Амалдап ауылға жетіңдер. Өтіп кетіңдер. Бір құдайға тапсырдым, – деп бір-ақ кесті сөзін. Сол түні Дәркен қолының байлауын амалдап баласына қидырып, екеуі жарым түнде жылжи-жылжи залдың есігіне таман барды. Мүлгіп отырған күзетшіні алқымынан қысып талдырып тастап, баласы екеуі сыртқа шықты. Уақыт таң қараңғысы сияқты. Көзге түртсе көргісіз. Дәркен баласын жетелей жүріп, әлден уақытта амалдап сыртқа шықты.
– Ендігі жол белгіміз – теміржол. Бағдарымыз шығыс жақ болады. Теміржолды бойлап Алматы, Жетісу қайдасың деп түнде жүріп, күндіз тасаланып тынығып қашамыз, – деді Дәркен. Сосын екеуі бағыттарын шамалап алып, кідірмей жүріп кетті.
Осылайша тасалана жүріп айға жуық уақыт өткенде бір шағын қалашыққа келіп, азық-түлік қамдап алмақ болып жүргенде ұсталып қалды. Баласы ымдап сөйлейтін мылқау бола қалды. Дәркен: – «жоқ қарап жүріп адасып кеттік. Далаға түнеген жерімізде атымызды үйірлі қасқыр жеді. Өз жанымызды әрең құтқарып келеміз», – деп ауылын, жерін өзгертіп айтып, аштан бұралып қалдық деп зарлана берді. Сосын ұстағандар әскери пунктке апарып еді, ішінде бір қазақ бастық біраз тергеп көрді де «темекі заводқа істей тұрсын. Бұларға тамақ керек қой, сонда тамақтанып, жатағына жатсын, кім екені әлі-ақ анықталар», – деп жұмысқа қосты. Сонымен бұлардың күні біраз жақсарып қалды. Жатақ, тамақ қамсыз болды. Бірақ тынып таптырмай ауыр жұмысқа салып қойды. Амалдап асхана қожайынымен тіл табысып, біраз азық-түлік қамдап алған соң бір-ақ түнде мұндағыларға орындарын сипатып, жолға түсті. Осы қашқаннан жолда даладан ат ұстап мініп жүріп, әйтеуір бір ай дегенде Жаркентке жетті. Одан әрі жасырынып, өзен жағалай, тау сағалай жүріп Шапшал-Қонақай шекарасынан өтті де Құлжа қаласынан бір-ақ шықты. Біртіндеп арғы беттен өтіп келгендермен табысып, таныса жүріп, Керімтай ауылы Іленің қай тұсынан орын тепкенін біліп алды.
Ауылын тапқаннан кейін Дәркен жол азабынан жарты жыл төсек тартып жатты да бақилық болды. Ал, баласы Қоңыртай әйелі екеуі жалдамалы жұмыс жасап, шикіөкпе балаларының азығын аузына тістеп әкеліп беріп асырайтын қарлығаштың күйін кешіп келеді. Бұл әңгімелерді қоңыр дөңде масақ теріп жүргенде Гүлсана «әкемнің інісі Өміртайға әңгімелеп бергенінен естігем» деп тебірене отырып айтқан.
– Тек бұл әңгімелерді мен айтты деп ешкімге тіс жармашы, – деп өтінген. Дәурен онсыз да олардың жұпыны тұрмысын көріп, Шынар ананың сөз ләмінен де бұл отбасының ауыр күндерді бастан кешкенін сезетін. Тек бұлар ғана емес, сол жақтан осы ауылға көшіп келген қазақтың бәрі қашып келгендіктен тұрғын ел оларды «қашқындар» деп атайды екен-ау деп түйді іштей.
Дәурен сыртқа жұмыспен кетіп, ай ауната оралды. Қызмет орнының ауыз үйін жатақ етіп пайдаланатын. Кешке келіп жатағына қонады. Тәңертең жұмысқа кетеді. Мәдениет сарайында хатшылық істеп, мүлік қарайтын Лю ғана қалыпты, қалғандары бытырап кетіпті.
– Сен екеуміз ғана қалдық. Бастық советке көшіп кетті. Қалғандары штат ықшамдау саясаты бойынша үйлеріне қайтарылды, – деді Лю жолдас.
– Гүлсана қайда? – деп сұраған, Лю миығынан күліп:
– Оны корпоратив магазинге жөткеп қойды. Әнші енді арқан-жіп сатады, – деді. Дәурен төбесінен бір шелек су құйып жібергендей сілейіп тұрып қалды. Штат ықшамдау деген дығырды ол да естіген. Бірақ мұнша тез болады деп ойламап еді. «Мынау мені бопсалап, қалжыңдап тұрмасын» дегендей сенер-сенбес әлгінің бетіне барлай қараған, ол да мұны сезгендей:
– Рас айтып тұрмын. Гүлсана корпоративтің магазинінде істегелі бір жеті болды. Барсаң көресің, – деді жымиып. Мұнда келгеніне екі жыл болған бұл жігіт Дәурен мен Гүлсананың бірге істейтініне қарап, екеуін дос санайтын. Дәуреннің өң-түсіндегі құбылысты бақылап тұрған Лю жолдас суыртпақтап, жағдайды біраз түсіндірмек болды.
– Ауданның әкім, секретарлары жалпы кадрлармен жиналыс ашқан. Еліміз үш жылдық табиғи апатқа ұшырады. Енді өз күшімізге сүйеніп социалистік түзімді беріктеу үшін штат ықшамдалады. Барлық адам өндірістің алғы шебіне баруға өтініш жазады. Партия ұйымы кімді лайық деп тапса сол қысқарып ауылына қайтады. Бәріміз де өтініш жаздық, – деп аяқтады сөзін. Дәурен енді мұнда тұруының мәнісі жоғын сезді. Сыртқа шығып, аядай аудан қалашығының бір шолақ көшесін айналып, шикі кесектен ұзыншақтап созыла салынған кооперативтің дүкеніне кірді. Дүкеннің жарма ағаш есігінің дәл қарсысында қалтиып Гүлсана тұр екен. Дәурен кіргенде абыржып қалғандай болды. Соған қарамастан екеуі жамырай амандасты.
– Мен жоқта түбірлі өзгеріс болған ба? – деп қалды Дәурен төтесінен. Гүлсана езу тартып, баяғы ашық-жарқын бейнесіне зорлана келгендей болды.
– Е, солай. Өз халің қалай? Орныңдасың ба? – деп қадала қарады. Дәурен ырғала тұрып:
– Білмедім. Әзірше орнымда сияқтымын. Қырдағы гүңші, фермаларға сапарлап кеткенмін, кеше ғана келдім. Тәңертең Лю жолдастан естідім. Содан сені көргелі келіп тұрмын, – деді. Екеуінің де қабақтары түсіңкі, өңдері солғын, жабырқаңқы тартып тұрғандарын сезіп, енді айтарлық сөз қалмағандай бөгеле береді.
– Үй-іштеріңнің жағдайы қалай? – деп сұраған. Гүлсана жымия күлді де:
– Баққан малдарының жағдайына қарай қырға көшіп кеткен. Мен үйде бір өзім жатырмын, – деді. Дәурен біраз бөгеле тұрып, езу тартты:
– Жалғыз жатып зерікпейсің бе? – деп еді, Гүлсана сыңғырлап күліп алып:
– Енді, Дәурен ағай, өзіңіз келдіңіз ғой, зеріктіре қоймассыз, – деді. Дәурен бұл сөздің жылылығын дереу ойынан өткізіп, бойына тарата тұрып тағы бір сынағысы келіп:
– Онда мен де жатақта жалғызбын, зерігемін ғой. Менің қасыма келіп тұр. Басқа жұмысқа ауыстым деп алыстама, – деді. Бұл сөзге Гүлсана езу тартып күлімсіреп, төмен қарап біраз тұрды да:
– Келетін жол сіздікі ғой, қыздың жолы жіңішке деген. Келсеңіз есік ашық. Біздің үйден тамақтанып тұрыңыз. Жатақта үйдегідей жайлы емес қой, – деп жадырай сөйледі. Дәуреннің көңілі көтеріліп сала берді. «Өзің олай десең, жол ашылғаны ғой» деп ойлаған ол:
– Бүгін кешке барайын, бола ма? – деп Гүлсанаға сұраулы жүзбен қарап еді. Қыздың іші қу дегендей, Гүлсана сылқ-сылқ күлді. Дәурен не ойларын білмеді. «Мазақтап тұрмаған шығар» деп ойлады. Оның ойын сезе қойғандай Гүлсана күлкісін тыйып, жайбарақат тіл қатты.
– Бармай жүрген үйіңіз емес, өз үйіңіздей ғой! Айтпай-ақ келе берсеңізші!
Дәурен әңгімені ұзартқысы келмеді. «Он жеті жастағы қыз бала ғой бұл, менен үш жас кіші, беті ашылмаған жас қыз бұдан артық не айтсын! Менің қазбалай бергенім әбестік болар» деп ойлап тұрды да:
– Жарайды, кешкісін барып қалармын, – деп шығып кетті. Гүлсананың қабағына бұлт ұялап, нәркес көзі мөлдіреген күйі Дәуреннің ту сыртынан қарап қала берді.
Дәурен кешкісін Гүлсананың үйіне барғанда, ол ертерек келіп, шай-тамағын әзірлеп, күтіп отыр екен. Екеуі жеңіл қалжыңдасып, риясыз көңілмен өз кәсіптері төңірегінде көп-көп әңгімелесті. Дәурен қолқалап Гүлсанаға бәсең дауыспен ән салғызды. Ол да Дәуренге өлең оқытты.
– Гүлсана, әніңді сағындым. Айызым қанып, сағынышым басылғанша тыңдай бергім келеді, – деп қолқалаған Дәурен бір әннен кейін екіншісін айтқызып, әбден құмары қанғанша тыңдады. Ішкі өлкелерді аралап Бейжің, Шаңхай сынды ірі қалаларға барғандағы әңгімелерін айтқызды. Гүлсана да жалығар емес. Көптен бері ашылып ән айтпағанға көңілі пәсейіп, кімге қалай ақтарыларын білмей қыстығып, ішқұса болып қалған екен. Түннің бір уақытына барды. Дәурен енді өз ойын, көңіл-күйін ашық айтқысы келді. Гүлсана әңгімені өз кәсіптері төңірегінде өрбіте бергісі бар. Дәурен «қыздың іші қу деген, бұл мені әңгімемен таң атырайық деп көңіл-күйімді айтқызбай, уақытты бос кетірмек пе?» деген ойға орала берді. Осылай ойлаған сайын батылдығы артып, «қайтсем де бүгін түнде ой-арманымды тиянақтап тынайын» дегенге белін буды. Бір әннің ырғағын ыңылдап жүрген Гүлсананы ту сыртынан қапсыра құшақтап әкеліп, ағаш төсектің үстіндегі көрпешеге отырғызды. Өзі оң жақ қатарынан жанаса отырып, сықылықтап күле берген қызға үңіле қарады. Қыздың күлкі үйірілген екі беті албырап, қызғылт тартып барады. Бүйрек бетінің астын ала екі ұртынан әп-әдемі болып көрінетін кішкентай шұңқыршасы үйіріліп тұр. Жұп-жұқа ерні қаймақшып, қызыл бояқпен түрленіп, аппақ меруерт тістері жылтырап көз қармайды. Қас-қабағы керіліп, шебер ұстаның қиуластыра жасаған әсем бұйымындай жап-жазық маңдайын айшықтай түскен. Дәурен тіс жарып, тіл қатпай бірден өрекпіп кетуді әбестік, надандық деп біледі. Жүрегінің атша тулаған бұлқынысын басып, айтарын бүкпесіз айтуға оқталды.
– Гүлсана, – деді ол қызды өзіне тура қаратып алып. Гүлсана да тыңдауға бейіл сияқты, Дәуренге қадала қарап, ынтыға күткенін аңғартады.
– «Тең-теңімен, тезек қабымен» дейді екен атамыз қазақ, екеуміз сырлас, кәсіптес, жақын болғалы жылдар жылжып, айлар ауысып барады. Енді өмірлік жар болуыңа талап қойғалы отырмын. Мен саған шын ынтықпын. Бұрынғылар айта беретін «ғашық» деген мендей-ақ болар. Көңілім кіршіксіз, сүйемін сені, – деп бөгеліп тоқтап қалды. Сосын Гүлсананы өзіне қарай қисайта тартты. Қыз сәл бейімделсе де өзін Дәуреннен кейін тартып тұрғандай жүзіне күлкі үйіріліп, оймақ ерні бүлкілдеп тұрғанымен жігіттің құшағына құлай кететіндей емес сияқты. Дәурен ойланып қалды. «Қалай да сөзін ашып айтса болар еді» деген ойға бекіді де қызды өзіне қаратып, қарсы алдынан құшақтады. Қыз бұлқынбаса да екі қолын жинаңқырап, Дәуренмен аралық тастап отырғандай. Шын-өтірігі беймәлім, сықылықтаған күлкісі бар. Ашуланбағаны, күлкісі мен жайдарылығы сүйетіндігінің белгісі болар деп ойлаған Дәурен енді қыздың өзін кейін тарта берген орайында қапсыра құшақтаған. Құдды қыранның түлкіге түскеніндей, түлкінің қимылына, тыпырлағанына қызығып бүре түсетіндей кеудесіне басып қатты қысып алды. Албыраған бетінен шолпылдатып сүйді-ай келіп! Бір қараса, қыз екі қолымен Дәуренді кеудесінен итеріп, өңі қуаң тартып барады екен. Оны сезгенде Дәурен атқалақтаған жүрек лүпілін қыз жүрегіне баса қимылдап, кеудесінен итергенін місе құрлы көрмей аузын қыздың оймақтай аузына тақап еді, ерніне ерні тие бергенде қыз аузын тас жұмып, басын оң жаққа бұра тартты. «Менде көңілі жоқ сияқты ғой» деген Дәурен сәл тосаңсып қалды. «Онда неге алдап көңілдендіріп жүр?» деген ойға келіп бойын тартыңқырап еді. Қыз:
– Айналайын ағатай, зорламаңызшы, айтқаныңыз қазір ғой, ойланайын, мұрсат беріңіз, жаным аға, – деп қос жанарының жиегі сулана қалғандай болғаны электр нұрына шағылып анық көрінді. Дәурен қызды құшағынан босатып, біраз уақыт екеуі қатар отырған күйі үнсіз қалды. Бір-біріне тура қарай алмайды, теріс айналып та кетпейді. Дәуреннің құлағына қыз жүрегінің лүпілі естіліп тұрғандай… Тыныштықты Гүлсана бұзды.
– Дәурен ағай, сіз мұндай сөз айтады деп ойламаппын. Мен қазір тұрмысқа шығу туралы мүлде ойламаймын. Есі-дертім жоғарылап музыка, ән білімін оқып, осы кәсіпке жетілсем деп жүрмін, өзіңіз де білесіз. «Қыз бала жат жұрттық» деген ғой, көңіліңізді білдіргеніңізде әбестік жоқ. Оныңызды түсінемін, бірақ… – деп бөгеліп қалды. «Осы қыз құрық бойламас қулыққа салып, мені мазақ қылып отырмасын. Осыншама уақыттан бері мен туралы ойламауы мүмкін бе? Әке-шешесі де жақын тартады. Мені күйеу баламыз болса дейтіндей» деген ойларымен арпалыса отырып, тағы да ашығын айтты.
– Мен айттым ғой, ғашық болдым деп. Ғашықтықтың дерті қиын болады дегенді білетін шығарсың. Уағда байласайық, серт берейік бір-бірімізге, оқуға баратын болсаң етегіңнен тартпаймын, қолдаймын. Оқу табылса мен де бірге барамын. Табылмаса осында тұрып-ақ қолдап, қол үшін беріп күтемін сені. Бұл өмірде бір қызға үйленбек болсам тек саған ғана үйленемін, – деп кесіп айтты да қыздың үзіліп кетердей аш белінен құшақтап, оң қолын ұстай алып шолпылдатып сүйе бастады. Қыз қолын тартпастан жігіттің бетіне үңіле қарады да:
– Сіз ғашық болғаныңызбен, мен сізге ғашық емес сияқтымын, ағай, – деп көмекейінен күліп, тағы да бойын тартты. Дәуреннің оңі сәл өзгеріп қалғандай болды.
– Менің ғашықтығымды білсең, соған ілесіп икеміме көне берсең болғаны, ғашық-машық деген сол, – деп жігері қозып, жүрегі атқалақтап кетті. Қызға батылдық ете алмай, «ынжық жігіт» атанып жүрмейін деген ой да басына үйіріле түсті. Құшағындағы қыздың жұп-жұмыр, балықша бұлтылдаған саны оң жағынан қыздырып, бойын билеп барады. Ол қызды өзіне тура қарата құшақтап, қысып-қысып жіберді. Кеудесіндегі қос алмасы тастай қатты сияқты. Дәуреннің кеудесіне батып, өне бойын шымырлатып барады. Екі бетінен алма-кезек сүйіп-сүйіп барып төсекке шалқалата бергенде қыздың өңі кілт өзгеріп кетті. Екі қолымен Дәуренді кеудесінен бар күшімен итеріп:
– Ағай, зорласаңыз мәңгі наразымын, – дегенде көзінен ыстық жас ыршып кетті.
– Рас па? Олай болмас, – деп Дәурен тағы біраз күшке салып, қызды шалқалата жығып, үстіне көтеріле бергенде қыз қос қолымен Дәуренді кеудесінен қатты итеріп:
– Зорласаңыз мәңгі көрмеуге ант етем, ағай, ұстаңыз өзіңізді, – деп жылап жіберді. Дәурен ойланып, бойын тарта бастады. «Ойланайын» деді ғой, ойлануға мұрша бергенім жөн шығар. Зорлау адамдық жол емес-ау деген ой әп-сәтте басынан көшіп өтті.
Дәурен кері серпіліп, қызды еркіне қоя берді. Ол бойын тіктеп отырып, Дәуренге көзінің астымен ұрлана қарады. Дәуреннің өңі салқын тартып, үнсіз отыр. Енді айтатын не қалды? Сөзді қалай бастау керек?
Әрқайсысы өз ойымен арпалысып отыр. Дәуреннің жүрегі судан шыққан балықша тулайды. Қыздың денесі қолы тимей жүргендегіден ары ынтызар болды да қалды. «Онсыз қалай өмір сүремін енді?» деген ой ішін күйдіріп барады. «Ойланайын» дейді. «Ойландым, болмайды екен» десе ше? Мүмкін емес. Қайтсем де осы қызды өмірлік жұбай етем. Ата-анасымен ақылдасар, олар да теріс емес секілді ғой. Алла оңдаса қыз да теріс кетпес…
Дәурен осылай өз ойымен арпалысып отыр. Қанша қарамайын десе де Гүлсанаға қарай бергісі келеді. Көз айырмай қарап отырғысы бар. Сұлу қыздың көркіне көз тоя ма? Әлгіндегі кеудесінен итергені былай тұрсын, шапалақтап ұрса да, бетіне түкірсе де кешіріп, Гүлсананың көркіне мастанып қарап отыра бергісі келеді. Қайта-қайта қылдырықтай белінен тартып әп-әдемі дене бітімін қызықтап, тамашалап, тамсанып жүре берсе ғой!
Гүлсананың да ойы астан-кестен сияқты. Дәуренді ренжітіп алдым ба дегендей имене қарайды. Көзінен күлкі үйіріліп, аузынан гүл төгіліп, көмейінен бұлбұлдың әсем дауыс төгіліп кетердей. «Айтарын бүгін-ақ ашып айтып, зорлықпен көндірмек болғаны қалай» деген ойы жоқ сияқты. «Болмайды» дейтіндей бөгде ойдан да алыс секілді. Дәуренге көзінің астымен ұрлана қарап жымияды. Дәуреннің жаңа ғана қымтып құшақтаған жіп-жіңішке аш белі дөңгеленіп, көзін әлі де жаулап тұр.
Осылай қыз бен жігіт іштей арбасып, не махаббат құшағына тоғытылып кете алмай, не екеуі екі бөлек, алды-алдына қанат қаға алмай аңтарылып, аңырысып отырғанда тоқтаусыз уақыт толассыз зымырап, шығыстан құланиектеніп таң атып, шығыс жақтан керқызыл шапақ жамырай бастады. Дәуреннің далаға шығып бой жазғысы келді. Бүгінгі түн осылай нәтижесіз өткені ме? Әлде сырласудың, сыйласудың алғашқы қадамы бола ма? Бұдан соң не болады?.. Осы сияқты сұрақтардан Дәуреннің басы әңкі-тәңкі болды. Далада, есік алдында бой жазып жүрген, Гүлсана көлденең көзге түсіп қалмасын деп үйден жүгіріп шықты. Үлкен түп алма ағаштың түбінде ыңылдап Гүлсананың «Сәулем-ай» деген әнінің әуенін қайталап тұрған, еппен басып қасына келген қызды бас салып құшақтап алғысы келсе де өзін-өзі тежеп қалды. Гүлсанаға күле қарап:
– Жарқыным, бар сырым айтылды. Енді жауабын кешіктіре көрмеші! – деп өтінді. Гүлсана басын баяу изеп, Дәуренге ынтыға қарағандай сырлы көзін ойнақшытып күлімсіреп тұрды да:
– Үйге кіріңіз. Көлденең көзге шалдықсақ, сөзге ілінерміз, – деп кері қайтты. Дәурен өз-өзіне: «Мына қыз менің ойымды дөп басты-ау! «Қыздың жолы жіңішке» деген ғой, тегінде! Сүйреңдеген өсекке ілініп кетпегеніміз жөн!» – деп күбірлеп үйге қарай беттеді.
***
Аспан әлемі бұлаңғырланып, жауын себезгілеп тұр. Дәурен қызмет орнындағы жатын үйіне қарай беттеп келе жатып, өзімен бірге туған тете ағасы Кәрменге кезікті. Көптен ұшыраса алмаған ағайынды екеуі жамыраса амандасып, ауылдың, әке-шешесі мен іні-қарындастарының амандығын сұрап жырғап қалды. Ағасының қабағында көлеңке тұрғандай.
- Кеш болып барады. Бүгін менің жаныма қона кетіңіз, аға, – деді Дәурен ағасына сағыныш райын білдіріп. Ағасы Дәуреннің бетіне үңіле қарап, езуін жия:
- Өзім де сүйтейін деп келемін. Жата-жастанып әңгімелесейік. Сенің де мұндағы жай–жағдайыңмен танысайын деп едім, – деді.
- Олар Дәуреннің жатын үйіне келгенде алтын табақ күн тау шоқыларына иек артып, көлеңке жабылған шақ болатын. Дәуреннің жатын бөлмесінде бір кісілік ағаш төсегі, көрпе-жастығы таза жиналған. Бір екі адамдық ғана ыдысы, шәугім-шәйнегі бар…
- Көбінесе асханадан тамақтанамын. Жатақта оқта-текте шай іше саламын, — деді Дәурен ағасына жайдарылана жаймашуақ сөйлеп. Ағасын ертіп қайтадан сыртқа шығып, тамақтанып қайта оралғанда наубайханадан екі нан сатып алып, таңғы шайға дайындық жасап қойды.
- Кәрмен ағасы Дәуреннің қызмет, тұрмыс жағдайларын сұрастырып, біраз жәйтке қанығып қалды. Бәрі жақсы болып келе жатып, Дәурен іссапармен қырға шығып, айдан астам уақытта айналып келгенше штат ықшамдау науқаны жүріп, көп өзгеріс болғанын, әзірше өзі бұрынғы қызметін жалғастырып келе жатқанын айтты. – Бірдеңе деу қиын. Мына үш жыл қатарынан табиғи апат болып, қарын тоқ, көйлек көк бола алмай жатқанда ауыл-шаруашылығын күшейту, өндірістің алдыңғы шебіне бару жаппай үндеуге айналды ғой. Сендерге біртіндеп келетін шығар мұндай науқан, – деп Кәрмен інісінің бетіне бажырая қарады.
- Кім біледі? Көппен көрген ұлы той, – деп барып Дәурен әңгімені басқа жаққа бұрғысы келді.
- Жеңгем екеуіңіздің істеріңіз қалай болды? – деді тосыннан.
Ағасының үйленгеніне төрт жылдан асқан. Дәм-тұзы жараспай, екеуінің басы бір төсек түгіл бір үйге сыймай қойды. Өздері сүйіп табыспағанын Дәурен білетін. Қартайып қалған әке-шешесі «келін түсіреміз, немерелі боламыз» деп ұлдың үлкені Кәрменді көндіріп, шамаларынша қалың малын төлеп алып берген. «Мен қазір үйленбеймін, жеткен жеріме дейін оқимын» дегеніне қарамай, «біз өліп қалсақ қайтесің?» деп жүріп, орталау мектепті бітірген соң Үрімжіге барып түспекші болған оқуынан қалдырып, бір қызды алып берген. Ол қыздың да оқуы шала. Небәрі алты класс бітірген. Он алты жасаында әке-шешесі зорлағандай етіп, ұзатқан. Кәрмен інісінің сұрағына едәуір бөгелді. Сосын қысыла отырып:
– Осыны алмауым керек еді. Әке-шешенің үкімін бұза алмадым. Міне, енді тұрмысымыз тұрмыс болмады. Ажырасып тындық. «Қатын шығарған» деген атқа мен қалдым. «байдан шыққан» деген атқа ол қалды, – деп бір тоқтады. Дәурен аңыра қарап, таңданып отырды да:
– Е, ол да жөн болыпты. Орнықты тұрмыс болмаған соң жеңгемнің де, сіздің де бастарыңыз сауығыпты. Екеуіңіз де жассыздар, тағы бір бұйырғаны табылар, уайымдамаңыз! Әлде бір сұлу қызбен табысып алып ажырастыңыз ба жеңгемізбен? – деді сөз аяғын қалжыңға бұрып. Бір жағы ағасының көңіліндегі кірбіңін шайғысы келген. Кәрмен ернін бүлкілдетіп «мынау рас айтып отыр ма» дегендей шақшия бір қарады да:
– Е, інім, басыңа мұндай іс келмей-ақ қойсын. Сен өзің мемлекет кадрысың. Өз еркіңмен жақсы жерден таңдап алуыңа болады. Әке-шешеміз біздің еркімізді билеудің де, жастай үйлендірудің де дәмін татқан шығар. Ажыраспай тұрып біреуді тауып алсам, мені құдай атпай ма? Ол да біреудің қызы. Менде көңілі жоқ екенін білемін. Екі жақтың ата-анасы қосқан соң үй болып кетерміз деп ойлағанмын. Бірақ, өз көңіліңнен шықпаған істің осындай сәтсіз болатынын енді білдік, – деді.
Дәурен ағасына барлай қарап отырып, мына айтып отырғаны шын сөз екенін ұқты. Өз-өзінен ағасына қалжыңдаймын деп жығылған үстіне жұдырық ұрғандай болғанын іштей түсініп, беті шымылдап кетті. Онымен қоса, өз басынан өтіп жатқан Гүлсанамен арадағы істерді де ағасының айтқанымен салыстырып қиялы да ойдан ойға қиырлап барады. «Бірақ, бұлар біздей ұзақ уақыт араласып, сыралғы болмаған ғой» деді ішінен.
Ағасының айтқан әңгімесі азын-аулақ болғанымен, көп жағдайдан Дәурен өзі де хабардар. Бір-біріне көңілсіз болып қосылған екі жастың бір-біріне жұғыспайтын мейірімсіздігін талай көрген. Дәурен өз жайын әңгімелегісі келсе де тосыннан қалай бастарын білмеді. Ағасын барынша әңгімеге тартқысы келді. «Сонда маған да айтары болса айтар» деп ойлады іштей. Ағасының өңінен сыр іздеп, қалай ойлайтынын білгісі келді. Оны айтса не дейді? Өзі сұраса екен деп күтті. Сөзді орағыта алыстан бастау үшін, Дәурен енді әке-шешелері не дейтінін білгісі келіп:
– Келін аламыз деп алған келіні ала торғайша ұшып-қонып жүріп, кете барыпты ғой, – деп еді, Кәрмен інісінің ішкі ойын аңғарғандай ағытыла жөнелді. Қабағы жадырап, жүзі жылымық тартыпты.
– Олар әлі де келін түсіруден дәмелі. Ендігі кезек сенікі. Мен асықпай ойланып-толғанып, «сұлу – сұлу емес, сүйген – сұлу» деп жүріп, өзім тауып аламын, – деді. Ағасынан бұрын-соңды мұндай сөз естімеген Дәуренге бұл тым тосын естілді. Сүйтсе де сыр білдірмей жайбарақат тіл қатты:
– Ой, аға, ол не дегеніңіз? Дос бар, дұшпан бар. Алдымен тезірек сіздің басыңызды ноқталау керек. Мен әзірше асықпаймын. Кеткен келіннің кемтігін толтырмаса болмайды ғой. Бұл сөзіңізді енді қайталамаңыз, – деді.
– Олай болмайды. Бір мәрте үйлендім, аузым күйді. Ендігісіне асықпаймын. Сен тапқаның болса тартынбай айт. Қайта осындай оңашада ақылдасып алайық. «Асыққан сайтанның ісі» деген, – деп ішек қырындысын да қалдырғысы келмейтінін білдірді. Дәурен тағы да әлгі сөзін қайталады. Сосын Кәрмен інісін осындай орайы келіп тұрғанда сөзден ұстағысы келіп:
– Аға деп жол беріп отырғаныңды білем. Бірақ, сен сыртта қызметте жүрсің. «Үйі жоқтың күйі жоқ» деген. Әйелсіз тұрмыс-жағдайың келмейді. Үй жағдайың тұрақты болса жұмысыңды алаңысыз істейсің. Кімнің алдымен үйленуін қоя тұрып, тапқан қызың болса айт. Ақылдасайық. Ең жақын жанкүйер ағаңмын ғой. «Аузы күйген үріп ұрттайды» деген, ұрынып қалма. Әйтпесе мен құсап опық жегенмен, ештеңе де орнына келмейді. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген. Тартынба, інім. Бүгін сенің қасыңда қонамын деп келген мақсатым осы. Тапқаның, сөйлесіп жүргенің болса да жасырма, жарай ма? Әйтпесе, ренжимін, – деп інісінен көз алмай қарап отырып алды. Дәурен не дерін білмеді. «Тапқаным жоқ» деп өтірік айтуға аузы бармады. Бар дейін десе, бекімеген сөз. Қыз бас тартса кейін не демек?! Кәрмен інісінің ойланып отырғанына қарап, мүлде жоқ емес екенін топшылады. Толғанып, толқып отыр. Ал, Дәурен іштей «өзі талап етіп отыр ғой, айтқанымның оқасы жоқ шығар. Тұрақтанбағанын да анық айтайын, ақылдасайын» деп бекіді де сөз бастады:
– Ендеше, айтсам айтайын. Бірақ, алдыңғы кезек әлі де сіздікі. Менікі тек өзіңізбен ақылдасу. Өзіммен бірге жұмыс жасап келген бір қызды лайық көріп, сөйлесіп жүрмін. Бірақ сөзіміз әлі тұрақтанған жоқ. Аты-жөнін, әке-шешесі кім екенін тұрақтанған соң бір-ақ айтайын, – деп еді, ағасы:
– Тұрақтанбаса да айта бер. «Жүгірген алмайды, бұйырған алады» деген. Қызға қырық адам сөйлеседі, бұйырған алады. Тұрақтасып, әке-шешемізге айтылғанша аузымнан шығармаймын, – деп қадала кетті. Дәурен енді толық айтып, ақылдасқысы келді. Басқа кіммен ақылдасамын, ақылдассам да олар ағамдай бола қоймас деп шешті де:
– Ол қыздың аты – Гүлсана, атақты әнші Гүлсана. Облыстық ән-би үйірмесінде болып, ауданға ауысып келген. Сөзімді ашық айттым. Көңілім қатты ауып жүр. Ата-анасы да жақын тартады, – деп бір іркілді де өңі пештің сыртына баяу ғана тепкен от қызуы сияқты аздап қызғылт тарта бастады. Жүзіне күлкі үйіріле қалған ағасы:
– Қыздың көңілі қалай, аңғармадың ба әлі? Мәселенің түйіні сонда. Ол да жұмыс жасап жүрген қыз болса өз билігі өзінде деген сөз. Айналдырып жүрген басқа біреулер жоқ па? – деп сұрады. Дәурен басын баяу шайқап:
– Менде көңілі бар сияқты. Бірақ, жауабы әлі тиянақты болған жоқ. Әке-шешесі отызыншы жылдары Қазақстаннан қашып келген. Қыздың өзі осында туылыпты.
– Советтен келгендер еліне қайтарылып жатқалы бірнеше жыл. Қалғандары да қайтады деген сөз. Бұйрық болып онымен бас қоса қалсаң, үй-іші сол жаққа көшетін болса не сен оған еріп баруың керек, не ол осында сенімен бірге қалуы керек. Екінің біріне бел байлайсыңдар, соны ақылдассаңдар болды ғой, – деп сұраулы көзбен қарады.
Дәурен ағасының мына сөзіне қатты ыңғайсызданып қалды.
– Аға, бұл жағын ойламаппын. Бір-бірімізді құлай сүйсек бізді ешқандай күш ажырата алмайды деген ойда болғам. Отан – азамат үшін жанымен бірдей екенін білемін. Бұл мәселені ойласып, шешіп алмасақ, ұятқа қалуымыз мүмкін еекен-ау!.. – деп сөзінің артын жұтып, сәл ойғланды да ізінше қайта сергіп:
– Міне, аға, қанша дегенмен үш-төрт жейде бұрын тоздырғаныңызды білдірдіңіз. Тағы да айта отырыңыз ойға алған ақылдарыңызды, – деп ағасына ұмсына қарады.
– Тағы бір жәйт – жауабын бермей жүргеніне қарағанда, отанына қайтудан бөлек, ол атағы шыққан әнші қыз. Үлкен сахналарда шырқап жүр. Бүкіл елді аралап келді. Мүмкін оның көңілі өрде болар. Көңілінде тәкаппарлық бар шығар. Олай болса ол саған опалы жар бола қоймайды-ау. Осы жағынан сынап көрсең болады.
Осы сөзге келгенде Дәуреннің өңі қызарып барып қайта жадырады, ағасының сөзі көкейіне қонар емес.
– Біз талай жылдардан бері кәсіптеспіз, сыралғы болып қалдық. Ондайын байқамадым. Менен үш жас кіші. Ағалап алдымнан қия өтпейді. Ең сенетін адамы да мен. Қазір жұмысы корпоративке ауысты, – деп еді ағасы селк ете түсіп:
– Әнші қызды корпоративке қалай апарады? Мұнда үлкен гәп бар. Советтіктерді қайтарып жатыр. Сен олардың советке кету ойы бар-жоғын білсеңші. Кететін болса онымен бірге бара аласың ба?
– Жоқ, оған еріп бармаймын. Үкімет те менің олай кете беруіме рұқсат етпеуі мүмкін. Туған елімді, өскен жерімді тастап қайда барамын? – деп Дәурен ойланып қалды. Сосын «әр қиындықты алдыға тарта берді-ау» дегендей ағасына салқын жүзбен қарап:
– Басқа қызды алмаймын. Шынымды айтсам, ол қыз менің күндіз көңілімнен, түнде түсімнен шықпайды. Уағда бекітсек болды. Бірақ, сол сөзім сөз – жол сіздікі. Біз күте тұрамыз, – деп орнынан тұрды.
***
Үш күннен соң Дәурен ауылдағы үйіне барып, әке-шешесінің жағдайын көрді. Баяғы сол үпі-тапы күйімен коммунаның таусылып бермес еңбегімен есі шығып жүріп жатыр екен. «Келін аламыз» деп жүріп қолдары әрең жеткен келіндері төрт жылдай бар мен жоқтың арасында жүріп, ақыры кетіп тыныпты.
– Келінсіз қалдық, біз қатарлы ел келін алып, немере сүйіп жатыр, – деп анасы шалының құлақ етін жейді екен.
– Асықпайық, бәрін де бұйрық біледі. Бұйырғаны бар шығар, – деп шалы басу айтатынға ұқсайды.
Осындай кикілжің Дәурен мен Кәрмен отырғанда да шығып қалды. Дәурен өзінен кейінгі іні-қарындастарының оқу жағдайын ұғысқан соң есік алдында отырып, әке-шешесінің ұрыс-керісін тыңдады.
– Қалай да олар үшін тағы келін түсіру керек, – деп ойға батып отырғанда әкесі Мұқан қария далаға шығып, Дәуренді үй артындағы ағаштың саясына шақырды. Оңашалап әңгімелескісі келген сияқты. Екеуі саядағы дөңбек үстіне жайғасқан соң әкесі баласының жүзіне үңіле қарап біраз отырды да жұмыс жағдайын сұрады. Сосын аз тыныстап барып:
– Балам, сыртта жүрсің. Аға-жеңгең ажырасып кеткелі шешең құлаққа тыныштық бермейді. Сен сыртта жүрсің, жағдайың болмай жүрген жоқ па? – деп жұқалап қана емеуірін білдірді. Дәурен әкесінің маңдайындағы сызықтары бұрынғыдан көбейіп бара жатқанын, қайратты, атпал адамның қажығанын байқады.
– Әке, менің жағдайым жақсы. Енді тезірек қимылдап, ағам қайтадан бас құрасын. Бір жүріп қалса уақытын өткізіп алар. Апамдікі де дұрыс. Өзі аурушаң, балалар жас. Келін алып, қолын ұзартқысы келетін шығар, – деді.
– Бұл сөзің дұрыс, балам. Сен үкіметтің қызметіндегі адамсың, асықпай, аңдап басып, әбден ұғыса жүріп, «мынаны таптым» десең жолыңды бөгемеспіз. Ағаң «қатын шығарған» деген атқа қалды. Бұған енді оңайлықпен қыз тие ме? Уақыт өте берсе бақ-тәлейі қайта берер. Осыны тезірек үйлендірсек жақсы болар еді, – деп әкесі бір тыныстады. Дәурен іліп ала жөнелді.
– Әке, бұл айтқаныңыз өте дұрыс. Қай күні ауданға іздееп барғанында ағамның өзіне де айтқанмын. Мен де еңбек ақымнан үнемдеп қол үшін берермін, – деп тоқтады. Әкесі ойланып барып, өңі жадырап, жүзіне күлкі үйіріліп, шоқша сақалын саумалап сипай берді. Риза болып:
– Оныңа рахмет, балам. Өзіңнен бұрын біздің, ағаңның жағдайын ойлағаныңа ризамын. Дегенмен өзіңнің де тапқаның болса, айтарсың бізге, ақыл қосармыз. Әйтеуір, орынды жер, затты адамдардың ұрпағы болса, өзіңе өмірлік опалы жар боларына сенім артсаң болғаны, – деп доғарды сөзін.
Ауылына барып келгелі бірер ай өтті. Гүлсананы жұмыс орнынан іздеп барған сайын таппай қайтады. Бірге істейтіндер «жаңа бар еді» деп қояды. Кейде «Мәдениет сарайына кетті» дейді. Сүйтіп жүргенде бір күні сырттан қызметтен келе жатса, жатын үйінің қарсысындағы әртістердің жаттығу залынан аккордеонның құйқылжыған үні естілді. Ізінше құлағына сылдырап, толқындаған ән де жетті. Қыздың даусы. Гүлсананың үні. Дәуреннің көңілі алып ұшты. Гүлсананы көргісі келді. Жақын барып әнін тыңдағысы келді. Есіктен кіре бергенде орындықта жасыл аккордеонды кеудесіне басып құйқылжыта тартып отырған аққұба жігітті көзі шалды. Қос етек көйлек, кестелі камзол, үкілі, гүлді тақия киген Гүлсана соның алдында мың құлпырып, әннің ырғағына елітіп, теңселіп, тебіреніп тұр екен.
– Қарақат, қарақат,
Салмашы жанға жарақат.
Тартқызбай азап,
Бетіңді бұр, ет азат…
Қыз әннің қайырмасына келгенде дөңгелене билеп, әнді мың құлпырта толықсытып жалғап әкетті. Дәурен бір жақ шетте тұрған орындыққа отырды. Әнді бұрынғысындай ұйып тыңдап, аккордеонмен сүйемелдеуші жігітке көз қырын салып қояды. Ән аяқталды. Гүлсананың өңі сәл қызғылт тартқандай:
– Дәурен ағай, мына кісімен облыс театрында танысқанмын. Әнді аккордеонға бұл кісідей сала алатын музыкант кемде-кем. Әнді пысықтап, жаттығып жатқанымда жақсы келдіңіз, – деді жымиып. Дәурен әлгі жігітке тесіле қарады. Ине-жіптен жаңа шыққандай, жылт-жылт еткен қаракөк кәстөмі үстіне құйып қойғандай жарасып тұр. Артына қайырған қап-қара шашы да әйнектей жылтырайды. Тамағындағы қызылкүрең галстугі ақ торғын жейдесінің өңін ашып тұр. Аяғындағы күрең түсті аяқ киімі де қарасаң адамның жүзі көрінетіндей жылтырайды. Аккордеон тоқтап, жігіт аппақ сүйрік саусақтарын уқалап, езуі жайыла күліп, ойнақы қой көзімен Гүлсананы ішіп-жеп барады. Дәуренге кісі деп қарайтын емес. Дәурен «қандай тәкаппар өзі» деп ойлады да «қалай да мына орын біздікі ғой, сырттан келген адамға жылы шырай білдірген дұрыс шығар. Оның үстіне тағалы бит тайып жығылатындай тап-тақыр етіп қырған иегі мен самайы көкшілденіп, егделігі байқалып тұр. Үлкенді сыйлайтын елдің баласымыз, сәлем беріп, алдынан барып амандасайын» деп орнынан түрегелді де адымдай барып:
– Ассалаумағалайкум, ағасы. Халіңіз қалай, сәлеметсіз бе? – деп еді, әлгі кісі сәлемін құлықсыздау алып, қибыжықтап:
– Сәлеметсіз бе? – деп қолын ебдейсіз ұсынды. Көңілсіз берген қолы Дәуреннің қолына салқын тиіп, тез тартып алды.
– Жол болсын, ағасы, – деп еді, әлгі кісі жалт етіп Гүлсанаға қарады да өзін ыңғайсыз сезінгендей «әлей болсынды» босаң айтып, Дәуренге суық рай танытты. Гүлсана бұл кезде қабырғадағы биік айнаға қарап, қасы-көзін сылап, өзінің сұлу дидарын тамашалап тұрған. «Мына жігіт мені көзіне ілгісі келмейді ғой. Тәкаппарсыған астамшылығың өзіңе! Әйтеуір, мына он екіде бір гүлі ашылмаған бұла қыздан аулақ болғайсың! Мұнда неғып жүрсің өзің?» деп ойлады Дәурен іштей. Айнаның алдынан кері бұрылған Гүлсана Дәуренге жылы шыраймен қарап, жымия күлген күлкісімен, тұнық судың сылдырындай көмейінен төгілген бәсең де майда сыңғыр даусымен бәз баяғысындай Дәуренді баурап ала жөнелді.
– Дәурен ағай, бұл кісіні бұрын көрмеген шығарсыз. Мәмет ағай. Жанмәмет. Шын аты Жанмұқамет екен. Маған қамқоршы ағайлардың бірі. Мұндағы жағдайымды білгелі келіпті. Облыстан қызмет тексеруге шыққан екен. Жолшыбай бұрылыпты. Енді бұл кооперативте істемейтін сияқтымын. Құдай қаласа, кәсібіме оралатын көрінем, – деп біраз әңгіменің ұшын суыртпалап үлгерді. Әлгі жігіт жайындай екі езуін жимай, күлімдеп басын изеумен болды. Дәуреннің бойы түршігіп, жүрегі бір суық ызғарды сезіп тұрғандай. Гүлсананың сөзі де бұрынғыдай сусағанда шөл басатын тау бұлағының мөлдір суына ұқсамайды, біртүрлі жасандылық сезілгендей. Бірақ, Гүлсанаға деген өзінің көңілі баяғысындай пәк, тұнық қалпында сияқты. Оны аяп, іштей «ләйім өзің айтқандай болсын, қалқам. Жан сәулем, періштең қорғап жүрсін» деп тіледі.
Ертесіне Дәурен ішкі ойы бұлқыныста тұрып, ауданның тапсыруымен облыстық санақ мекемесіне бір жетілік үйренуге аттанып кетті. Үйрену біткенше көңілі алағызып, жатса-тұрса Гүлсананы ойлаумен болды. Қонақүйде жер-жерден келгендермен толассыз әңгімелесіп, өлең оқып жатса да Гүлсананы ойлаудан бір тынбады. Түн ұйқысы да қалыпты болмады. Көзі іліне берсе болды, қыздың шебер қолмен өлшеп-пішіп қойғандай көз сүріндіретін сұлу көркі, бал таңдайлы, күміс көмейлі әні, ақ меруерттей тізілген маржан тісі, сүп-сүйкімді, сүйіп алуға жаралған оймақтай ерні, бәрінің үстіне қос жиектеніп тереңіне тартып тұратын, жас ботаның жанарындай нәркес көзі, қылдырықтай белдікпен буып алатын талдырмаш белі, дөңгеленген бөксесі, жұп-жұмыр саны, қадап басатын қос балтыры, бәр-бәрі көз алдында көрініс беріп тұра қалады. Балдан тәтті лебізі, жаныңа майдай жағатын сөзі, мейлі сыңғырлап, мейлі жымиып, мейлі көлеңке түсіре, мейлі таңырқап-таңданар болса да күлген күлксіне дейін көз алдында көлбеңдеп, елес болып өзіне баурап ала жөнеледі. Бәрінен де арманы: «Әлгі оңаша қалған түнде қалайша аяп қалдым екен? Не де болса зорлыққа бассам менен айналып кете алмас па еді? Әй, жоқ, олай істеу адамдық арға жат қылық. Әлімжеттік қылып, әлжуаз балауса қызға ойына келгенін істеу онымен мәңгілік жұбай болам дейтін адамның істейтіні емес. Кейін бетіне қалай қараймын? «Зорлауыңмен ғана амалсыз сенен айырылмай қалдым» деген бір түйіншек өмір бойы шешусіз қаларын ойлағаным ғашықтық сезімді уақытша болсын жеңді емес пе!..»
Осындай ойға батып жатқанда талықсып ұйықтап кетіпті. Таң ата оянған, тағы да сол қыз ойына оралды. «Кәрмен айтқандай, отанына қайтқысы келіп жүр ме? Әке-шешесінен советке кететіндей ыңғай байқамап еді. Әуелі «советі құрсын» деп ол жақтың әңгімесі айтыла қалса аза бойы қаза болады. Әйтеуір, бұл қыз мені жақсы көрмейді-ау, біртүрлі тәкаппарлық, астам пиғылы бар сияқты сезіле береді. Бірақ, ондайға тағы қимаймын…» Дәурен осы бес күндік үйренуде не болғанын да білмей ауданға қайтуға асығып-ақ жүрді.
Үйренуді аяқтап ауданға қайтқан күні түс ауа Дәурен аудандық тасымал бекетінен шығып, қызмет орнына да бармай Гүлсананың үйіне тура тартты. Есі-дерті Гүлсананы көру. Бір жеті көрмей сағынып қалыпты. Егер бір ай көрмесе жынданып кетер ме еді?! «Гүлсананың әке-шешесі жайлауда, мекеменің малын бағып кеткен. Үйінде жалғыз болса емін-еркін әңгімелесіп, сөз байласайын. Өмірлік жар болуға серттесейік. Уақытын бір екі жылдан соң десе де мақұл. Әйтеуір, Гүлсана менен теріс кетпейтініне сенімім кәміл болса жетеді. Таудағы үйіне жүр десе де бірге барып, Шынар анаға оңашада басымызды қосып қойыңыз деп талап қойсам, ол кісі де қызынан табанда жауап алар. Амал не? Тартына бергенмен, уақыт тоқтап тұрмайды…» Осындай ойлармен көңілі марқайып келе жатқан. Гүлсананың үйіне таяп қалғанда бір адам еңкейіп қоларба сүйреп келеді екен. Басын бір көтерді де қайтадан төмен салды. Үстінде көнетоз киім. Арбада бір қазан мен бір бау ағаш отын, бір дорба көмір жатыр. Дәурен арба сүйреген жігіттің сыртынан қарап тұрған, кенет:
– Мынау өткендегі аккордеоншы емес пе? – деген күдік басына сап ете қалды. Қадамын тездетіп, әлгінің арбасының алдынан көлденеңдей шығып еді, арба сүйреген жігіт Дәуренге жалт қарады. Көзі алайып, бет-жүзін тер басып, айбақ-сайбақ пышылдап келеді екен. Дәурен айнытпай таныды. Дәл өзі. Сол кербез, тәкаппар аккордеоншының өзі. Дәурен өңім бе, түсім бе деуге де үлгермеді. Ашық қақпадан Шынар апа шыға келді. Дәуренге аңтарыла қарады да сасқалақтай:
– О, Дәурен, қалқам, келе ғой. Кешеден бері сені іздетіп таба алмап едім. Іздегенге сұраған деген осы. Жүре ғой үйге, – деп қолынан жетелей жөнелді. Әлгі арба сүйреген жігіт қақпадан кіре беріп:
– Апа, мынаны қай жаққа? – дей беріп еді, Шынар ана оған қабағын түйе қарап, сұсты бейнемен:
– Соны да менен сұраймысың? – деп ауланың оң жақ босағасын нұсқай салып, Дәуренді білегінен жетелеген күйі үйге ертіп кірді. Есікті жауып, ішінен ілді де Дәуренге орындықты нұсқап, өзі босағаға сүйеніп жылап қоя берді.
– Дәурен қалқам-ай! Осындай болады деп пе едім?! Мына сұмдықты қарашы! Мына бір неме иен үйде қызымды жадылап, күні-түні жанынан шықпай, өзімен бірге әкете жаздапты. Әкесі екеуміз тауда үкіметтің малын бағып қаңғып жүрсек, алдыңғы күні салақтатып үйге ертіп келіпті. «Берсең қолыңнан бер, әйтпесе кеттім» дейді. Өлтірсем де көнетін түрі жоқ. Енді қайттім?.. Бүгін көрші-қолаңнан бес-алтауын шақырып, «асығыс екен» деп тойдың ырымын жасап, ертең алып кетеді, – деп барып, булығып отырып қалды. Шынар ананың мына сиқын көрген Дәурен тез есін жиды. Аяп кетті. Әшейінде үйде жүрсе де үсті-басына шаң жуытпай ретті киініп, өзін тап-таза, сергек ұстап жүретін есіл ана әбден абдырап қалыпты. Дәурен сөзді қалай бастарын білмей дағдарып отырды да Шынар ананың әлгі сөзіне сенер-сенбесін білмей, жағдайды ұғына түскісі келді.
– Апай, сабыр сақтаңыз. Бұл кісіні бұрыннан танитын ба едіңіздер? Гүлсана ол туралы айтып па еді? Толығырақ ұғындырыңызшы? – деп өтінді. Шынар ана оның әлі де жағдайға қаныға алмай отырғанын аңғарып, басын көтеріп алды.
– Ой, қалқам, көрсем көзім шықсын! Ертіп келгенде бір-ақ көрдім. Облыстың бір мекемесінде істейді екен. Гүлсананы бұрынғы облыстық ән-би үйірмесіне қайтадан орналастыратын болыпты. «Екі айдан соң Бейжіңге үйренуге барам, Гүлсананы ала кетіп, Бейжіңдегі көркемөнер мектебіне кіргізем. Тойды тез жасаңдар, одан ары аудандарға шығатын жұмысым бар, қайырылуға мұрсам жоқ» дейді. Қызым осыған сүттей ұйып қалыпты. Етегінен ұстап айырылар емес. Несін жасырайын, балам, иен үйде балғын қыздың қасынан күні-түні шықпай, білгенін істеп болған сияқты, – деп Шынар ана үнін ішіне тартып отырып қалды. Еңірегенде етегі жасқа толды. Тамағы қаңсып кетіп, сыртқа дыбыстап бір шолмек су алдырып ішті. Дәуреннің де қабырғасы қайысып, күйзеліп тұрған, жанарынан төгіліп бара жатқан жасын қол орамалымен сүртіп, ілезде есін жинап алды. Шынар ана тағы сөзін жалғады:
– Тауда шал екеуміз ғана. Жас балалар не біледі? Әкесі қудың құйрығы бір-ақ тұтам болады деуші еді. Ата-анам деп біреулерді айтады. Тіпті естімегем. «Балам, асықпасаңшы, күзде көшіп барған соң жасармыз тойларыңды» деп зар болдық. Әкесі малдан шыға алмайды. Еңбекақымыздан тартар деп үкіметтің малынан бір қойды билеп сойғызып алып келдім. Өз қолымнан тойын жасап ұзатты болайын. Қашып кетті болса елдің алдында қарабет боламыз ғой деп ойлағаным ғой. Дәурен балам, саған да өкпем бар. Сонша жыл бірге жүрдіңдер, әке-шешеңді алдымызға келтіріп, құда болып алса деп жүргем. Сенен артық адам жоқ деп осы қызға қанша айтып жалынышты болдым. Қашқын деп кемсініп жүрдіңдер ме, амал не, еңбегім еш, тұзым сор болды ғой, қалқам! – деп Дәуренді құшақтап боздап кетті. Дәурен отырған орнынан жеңіл түрегеліп, далаға шығып қолшәугім мен леген әкелді де Шынар ананың бетін жуғызды. Сабырға шақырды.
– Ұқтым, ардақты ана, сізді мәңгі сыйлап өтермін. Ол жағын қызыңыздан сұрап ұғысарсыз. Ендігісін Алла оңғарсын делік. Қызыңызды ақ тілеумен аттандырудан басқасы қалмапты. Қыздың өзі соны қалап тұрса оған не лаж? – деп қыз екеуінің арасындағы әңгімені айтқысы келмеді. Шынар ана Дәуреннің кетуге бет алғанын біліп, есікке жақындай бергенде оң қолынан ала түсіп, бетіне бажырая қарады.
– Қарғам, Дәурен, кетпеші. Мына қызды той жасады қылып аттандырайық. Анау шеткі үйде тұрмай жылап жатып алды. Мен оны сол үйге бөлек қамап, райыңнан қайт, тойды кейінге қалдырайық деп қадалғам. Өзімді ұстай алмай, шапалағым да аяусыз тиді. Қасына бармай-ақ қой. Қазір сен көретін сиқы жоқ. Әйтеуір, осы үйде бүгін төбеңді көрсетіп жүрші, – деп өтінді. Алдындағы ананың әлсіз, қорғансыз күйін көргенде Дәурен іштей томырылып, өзіне-өзі әрең ие болды. Зорлана күлімсіреп:
– Болады, апай, мен осында қалайын. Керекті істеріңізді атқарысайын, –деп тысқа шықты.
Гүлсананы әлгі Жанмұқамет деген жігітке ұзату тойы осылай аяқ астынан өткеннен кейін Дәуреннің ойы астан-кестен болды. Гүлсананы жатса-тұрса ұмыта алмады. Қызметін құнттап істеп жүрсе де кейде жын ұрғандай өз-өзінен ұйқысы қашады. Тамаққа тәбеті тартпайды. Ашты-тоқты жүре береді. Бір күні Талғат деген мұғалім досы іздеп келе қалды. Екеуі арқа-жарқа боп амандасып, шүйіркелесе кетті. Талғат сол кеште Дәуреннің жатағына қонып қалды. Әңгімені мектептен, жұмысқа шыққаннан бергіден тартып түк қоймай қотарысты. Талғат досы мектептегі жұмыстың ауырлығымен бірге өндірістік еңбекке де қатысатындықтан ауданға бір жылда бір болмаса жиі қатынай алмайтынын айтты. Бұдан бұрын да екі рет келіпті, Дәурен сыртқа жұмыстармен кетіп, жолыға алмапты. Әңгіменің соңы тағы сол бас құрау, отау көтеру жайына ойысты. Талғат өзінің үйленгеніне жылға таяу уақыт болғанын, тойын ұйымның ұйғарымы бойынша шағындау қылып өткізгенін айтты. Өткенде бір танысынан «Дәурен қызметтесі әнші Гүлсанаға үйленетін көрінеді» деген сөзді құлағы шалыпты. Досынан несін жасырсын, Дәурен де ішіне сыймай ішқұса болып жүрген жәйтті, Гүлсана туралы әңгіменің бәрін бүкпесіз айтып, сырын ақтарды.
– Қамықпа! – деді Талғат. – Сен кадрлық қызметтесің. Өрісің кең. Ол қыз сені сүймесе қанша ғашық болсаң да өкпең жүрмейді. Ұмыт оны. Мен саған одан да жақсы қыз тауып берем. Әнші емес демесең болды. Адамдық қасиет, ізгі ниет, адалдық бәрінен биік тұрады. Ол қыз әнші болғандықтан өзін өр санап, тәкаппарлықпен сені тең көрмеген ғой. Тек сонысын бұрынырақ айтып, көңіліңді қайтармағаны саған ауыр тиіпті. Алланың бұйырғанынан аспайды ешкім, – деп Дәуреннің ыңғайын бағып біраз отырды. Дәурен ауыр толғаныспен тіл қатты.
– Бұл айтқаның достық сөзің ғой. Өзім де ауылдан ауданға келгенім болмаса бүкіл халқымыз, негізіміз, сүйенеріміз сол ауылдан басқа қайда дейсің? Текті атаның ұрпағы, нағыз білімпаз адамдар да ауылда деп ойлаймын. Сондай сыралғы, сенімді орын болса ойласуға, көруге де болады. Онда өзіңе сенем және сүйенем, – деп Талғаттың бетіне қадала қарады. Талғат сөзін жалғады:
– Сен онда Гүлсананы біржола көңіліңнен шығар. Одан мәңгілік күдеріңді үз. Мен көрсеткен қыз көңіліңа жағады сенің. Өмірлік досың, жұбайың болады. Өзара сыйласып, достық борышымды атқарған болып мен жүремін. Жарай ма? – деді. Дәурен енді «достық деген осы ғой» деп іштей сүйініп, шешіле сөйледі:
– Ол айтқаның жөн. «Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді» деген. Мен ондайға табан тіресем, Гүлсананы ұмытуға сол табылған асылзаданың да себі тиер. Достық базынаңды түсінемін. Ойламайды екенбіз, осы некелену деген адамның ең алғашқы қиын өткелі екенін енді байқап атырмын. Менен алаңсыз бол. Ойыңа алған қызды айтып көрші. Осында бірге ақылдасайық, – деді. Талғат ойланып отырды да:
– Менің қайын жұртым. Затты, текті ауыл. Алланың бұйрығы, былтыр үйлендім ғой. Артында тете сіңілісі отыр. Қас сұлудың өзі. Қандай жігіттің маңдайы жарылып тұр екен дейміз іштей тамсанып. Енем бір ауылды ақылымен аузына қаратып отырған көшелі адам. Әуелі мендегі қызына «Мына сіңіліңе ылайық орын болса ойласа жүріңдер, сөйлесе келгендер ат ізін суытпай жатыр, келген елдің бәрін қайтара беру де қиын» депті. Сосын үйде отырып сені жұбайыма сыртыңнан таныстырып қойғам. Ол да сіңілісіне айтқан шығар. Кеше осылай кетерімде «әлгі досыңмен сырласа кел» деген, – деп тоқтады. Дәурен ойлана отырып:
– Жасы қаншада? – деп еді, Талғат қарқылдап күлді де:
– Е, «кәрі қызға жолығып қалам ба» деп отырмысың? Биыл он бесте. Биыл үкі тағып, бір жыл айналдырып алсаң ерте де емес, кеш те емес. Бұрынғылар «он үште отау иесі» дейді емес пе? – деп Дәуренге үңіле қарап еді, Дәуреннің өңі сәл қуаң тартып, тіксінгендей болды.
– Ойбу, онда жас қыз екен ғой. Ағамды күтіп едім. Ол да үйленіп болды. Енді мен кешіктіргім жоқ, – деді. Талғат тағы күлді. Сосын:
– Мен алған апайына былтыр он бес жасында үкі таққам, ол ауыл бұрыннан қыздарын жастай ұзатады екен. Барған жерлерінде бәрі бір-бір шаңырақты шыр айналдырып, отбасының ұйтқысы, ауылының абзал келіні болып отыр. Текті атаның ұрпағынан, көшелі ананың тәрбиелі қолынан шыққан қыздан құр қалмайық деп бағалай білгендер жас қыз демейді, бұрынырақ сөйлесе береді, – деді кеңінен сөйлеп. Дәурен тамсанып отырып:
– Неке куәлігін қалай береді? – деп сұрады. Талғат тағы да күлді.
– Ол деген адамның қолындағы іс. Қыстақ басшылары сол жердің өз адамдары. Қыздың ата-анасы лебіз білдірсе жасын он сегізден өткізе жазып береді. Ар жағы солай кете береді. Біз де солай істедік. Қыздың аты Нұрсана. Жаттап ал. Сен әуелі ауылға баршы, қалғанын өзің де біртіндеп тани бересің, – деп түйді.
Талғат кеткеннен кейін Дәурен төменге өндіріске бөлінетін кадрлардың қатарында екенін естіді. «Қай қыстаққа барғың келеді?» деген топ бастығына Талғаттың мектебі орналасқан қыстақты айтып еді, соған бөле салды.
Бесін еңкейе астындағы қарагер жорғасын салдыртып, гұңшының орталығынан қыстаққа жолға шыққан Дәурен күн ұясына кіруге арқан бойы қалғанда ат тұмсығын Талғаттың үйіне тіреді. Мектептегі қызметінен жаңа ғана келген досы үйден жүгіріп шығып, Дәуреннің атын ұстап, түсіріп алды. Ауыз үйдегі жас отау гүл жайнап тұр. Қыр мұрынды, ботакөз, оймақ ерін, сарғыш өңді, талшыбықтай бұралған жас келіншек Дәуреннің алдынан ізетпен шығып, ақжарқын амандасып, ұсынған қолын алып, жылы жүзбен амандасты. Орта бойлыдан сәл сұңғақ, бұралған жіп-жіңішке беліне кестелі камзолы құйып қойғандай құп жарасқан. «Үріп ауызға салғандай» деп осындай аруды айтатын шығар деп ойлады Дәурен.
Дастарқан жайып, шай құятын болғанда Талғат:
– Айсара, саған көмекші болар, Нұрсананы шақыра салсаң қайтеді? – деді. «Қай күні келіншегінің атын да сұрамаппын. Айсара екен–ау!» деп Дәурен алдымен Айсара, Нұрсана деген аттарды ойына түйіп қойды.
Аядай қыстақта «Талғаттың үйіне келген кім екен, қайдан келіпті?» деген сөздер үйден үйге лезде таралып болған ба, бірер шыны шайды ішіп бола бере-ақ Нұрсана да келіп қалды. Бір қарағанда әп-әдемі, талдырмаш, құбаторы қыз еппен адымдап есіктен кіріп келді. Төрдегі Дәуренге түскен көзін тез тайқытып, апайына еркелей күлімдеп:
– Сіз шақырдыңыз ба әлде жездем бе? – деп апайының жоғары жағына өте берді. Дәурен есіктен кіре бере көз шарпысып қалған қыздың жанарынан қызыл жалын шоқ көргендей болды. Бір түрлі ыстық леп бойын аралап бара жатқандай, үнсіз қалуды еп көрмеген ол апайының жоғары жағына көтеріле берген қызға:
– Амансыз ба, құдаша, – деп оң қолын ұсынды. Қыз езуінен күлкі үйіріп, жігітке тайсалмай тура қарап, көзі мөлдіреп:
– Өзіңіз де аман-есен келдіңіз бе, жезде ағаның досы? – деп жігіттің қолын алды. Дәурен қолы қыздың қолына тигенде балғын, балауса, жұп-жұмсақ алақанын қысып жібере жаздап, жай ғана уысына тоғыта барып босатты. Апайының жоғары жағына отырған қыз ибалықпен қырындай отырып, шыныны оң қолымен ұстап, сол қолын оң қолына демеуші ете шыныны сүйей қонақтың қолына ұстатуының өзі бір әдеп сияқты көрінді Дәуренге. Ал, шай құйған жас ару үлбіреп отыр. Сары самаурын мен ақ шәйнектен қаймақтап құйылған шайдың дәмі, құйылуы, бадырайып түзу қарамай, қырын қарап түскен жайнақы да ұялы жанары бір үлгі іспетті екен. «Шай ішіңіздер» дегені де тұнық, сылдырап шығады. «Жап-жас қыз ғой, не деп сөз саптасам болар?» деген ой толқынын Талғат бұзды. Дәуренге төрдегі домбырасын ұстатып жатып жұбайы мен балдызы Нұрсанаға қарата:
– Менің досым Дәурен бір ауданның мәдениет саласындағы барлық ойын-сауықты басқарады. Бүгін мұны бір құдай айдап, бір құдай жетелеп келді емес пе? – деп барып орнына отырды. Дәурен жылы жүзбен жадырай отырып Талғат досына:
– Алдымен ауылдың алты ауызы демеуші ме еді? Ә дегеннен қиынға салғаның не, досым? – деді.
– «Нар жолында жүк қалмас» деген, досыңыз бәрін сізге артып отыр емес пе? – деді Талғаттың келіншегі назданып.
– Біз ешқайда қашпаспыз. Дәурен, өзің бір ауыз өлең айтсаң, қалғаны делебенің қозуына байланысты емес пе! – деп тақымдай түсті досы. Дәурен де енді көп тосылмады.
— Жақсының жақсы деген аты қандай,
Жаманның жаман деген таты қандай?
Тосырқап, «ә» дегенде бөгелемін
Әркімнің білмеген соң заты қандай?
Жөнелем бабым келсе ақтабандай,
Тілеулес дос қарызын ақтағандай.
Тастүлегім талпынса түлкі алады,
Шалқытуға отырмын бап таба алмай… – деп тағы бірнеше шумақты төгіп-төгіп жіберіп, домбыраны баяулатып тоқтады. Айсара мен Нұрсана бірін-бірі түрткілегендей болып, өлеңнің өздеріне ттиетіндей жерін аңдағанда көздерін жалт еткізіп, оймақтай еріндерін жымқырып, жүздерінен жалын есіп, майда бу көтеріліп бара жатқандай балбырап отыр. Ән аяқталғанда үшеуі де қол соқты.
– Міне, өлең деген осы емес пе! – деді Айсара. Сіңілісі дыбыстап айтпаса да басын баяу изегені тақиясындағы шоқ үкінің ырғалысынан байқалды. Айсара мен Нұрсананың өлеңге жоқ екенін Талғат қайта-қайта айта берген соң Дәурен олай болса ән салсын деп өтінген, екеуі қосылып, Талғат бастап берген «Гүлдерайым» деген әнді баяу, қоңыр дауыспен айтып шықты.
«Ахау, Гүлдерайым, күн мен айым,
Ұшарға қанатым жоқ, не қылайын» деген әннің қайырмасын екі қайырып айтқанда Дәуренге көзінің астымен қараған Нұрсананың жанарынан таралған нұр Дәуреннің жүрегіне махаббат шуағын шашып өткендей. Ана сүті аузынан арылмаған балауса қыз Нұрсананың ұядағы балапандай мінсіз, сымға тартқандай сұлу мүсіні, отырысы, жүрісі, тұрысы, ботаның көзідей дөңгелек көзі пісте мұрнының үстіне шебер ұстаның сақинаның үстіне орнатқан жақұтындай жарқырап, жалт етіп Дәуреннің көзімен тоғыса кететіні жігіттің жүрегін тулатты. «Сұлулықтың сиқыры деген осы ма екен» деп іштей тамсанды. Жазық, кең маңдайы Гүлсананың қушықтау маңдайына қарағанда кең мінезді, ойламды, толғамды болар ма екен деп топшылады. Қою қолаң қара шашы қос бұрымдап өргенде қамшының жуан өріміндей болып, аш беліне түсуге таяпты. Шашты төмен тартып тұрған, ұшына таққан алқызыл лента мен екі дөңгелек аппақ күміс сөлкебай шашының көркін асырып жылтырап тұр. Кеудеше қазекейдің көзі жасыл барқыттан әдемі тігіліп, омырауына екі қатар асыл тастан моншақ тағыпты. Етегін жұрындағын қара доқабаға бір еліден аралық тастап үзбелі күміс түймелер мен гауһар тастар тағылған. Осы тұрысында Нұрсананы ішін асылға толтыра салғандай жайнатып тұр. Апайы Айсара да сол сияқты әдемі кеудеше қазекей киген, басындағы күлгін жібек орамалына құп жарасып, сұлулығын ашып, қызғалдақша мың құбылтып, құлпыртып жіберген.
Бұл күнгі ән мен өлең, әзіл-қалжың жып-жинақы ғана, көбінесе астарлай қалжыңмен қағысып, риясыз ашық көңілмен күміс күлкі, алтын таңдай, бал тілдердің лебізімен бойға қуат, ойға ләззат алып отырысып дастарқан жиылды. Тағы да азырақ әңгіме шертіп отырғанда Дәурен әдейі Нұрсанаға естіртіп Талғатқа:
– Бұл балдызың ауданға оқуға бармады ма? – деп сұрады. Талғат қарқылдай күлді. Дәурен сәл қысылып, «оғаш сұрап қалдым ба» дегендей қызарақтап тоқталып қалды. Нұрсана мен Айсара бір-біріне қарап жымиып, қабақ көтерісіп қойды. Талғат Дәуренге тура қарап:
– Несіне ыңғайсызданасың, досым. Нұрсана да, әпкесі Айсара да бастауыш мектепті озат бітіріпті. Бұлардың әкелері бетке ұстар ауыл ағасы болған. Бұдан он жыл шамасы бұрын айықпас аурудан дүние салыпты. Енеміз осы балаларын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бағып-өсіріп, осы күнге жеткізіпті. Ендігі арманы осы балаларын өз теңіне қоссам, сосын алаңсыз аттансам дейді екен. Сол оймен ауданға орталау мектепке бала жинауға келген мүғалімдерге де жақсы сөз, жалпақ тілін аямай, бір шәугім шай болса да сый-сияпат көрсетіп жүріп өндіріс отрядтарынан «отбасылық жағдайға байланысты оқи алмады» деген қағаз алыпты. «Құрғақ қасық ауыз жыртады» дегендей, дорба-дорба май-құртын «қалада отырсыңдар, келінге, ұсақ балаларға ала барыңдар» деп қанжығаларына байлап берсе керек, – дегенде Айсара мен Нұрсана ұялғандарынан Талғатқа қайта-қайта қарағыштап, «айта бермеші» дегенді ишаралап отырды. Дәурен басын изеп қойып:
- Мәселе оқумен қоса тоқуда ғой. Зейінді бала оқымаса да өмірден орнын табатын алтын заман келе жатыр емес пе. Үлкен кісінің де ойы алысты шарлайтын көрінеді. Үлкендердің ақылы алтын сандық деген сол, – деді. Талғат сөзінің соңын қалжыңға бұрды.
- Е, үлкен кісінің онысы жөн болды. Міне, Айсара менің шаңырағыма бақ құсындай қонып, түтінімді түп-түзу шығарып отыр.
- Бұл қыз ауданға кетсе әлдекімнің етегінен ұстап кете барар еді де маған осындай айдай сұлу алтын келіншек қайда еді! – деп күлдірді. Айсара күйеуін нұқып қойып Нұрсананы меңзеп «ұят-ай» дегендей, оқ жақ бетінің ұшын саусағымен түртті. Нұрсана жездесінің сөзін естімеген болып, әпкесіне қарай қырындап отыр. Дәурен оның ұялып қалғанын біліп, «ұят иманның қабы» деген-ау, – деп ойлады. Қызды ұялтпайын деп Талғаттың сөзін ары қарай көтермелемеді. Тамақтан соң Дәурен мен Талғат далаға шығып, мамырдың майда самалына маңдайларын төсеп, төстерін соқтырып аулада сейілдеп біраз жүрді. Аспан ашық, жұлдыздар жамырап, көк шұбар аспан әлемі қарауыта көз тартады. Алтын табақ ай дәл он бестегі толықсыған сұлудай көргеннің көзін тұндырып, баяу қалқып барады. Көкқамыр тауының салмауларынан еміс-еміс жылқы шұрқырайды. Адырлардағы үрген иттердің дауысы естіледі. Күзетшілердің түнгі айқайы ауаны қақ жарып, алысқа ұзап бара жатқандай. Жақын маңдағы аулалардан қой-қозылар маңырайды.
- Үйге кірейік, – деп Талғат үйге бастады. Төргі бөлмеге екі адамға төсек салынып, тап-таза көрпелер, әдемі бөртпе кестемен шымқалған жастықтар қойылыпты. Қонақтың орны өзгешелеу, төр жаққа салынған. Айсара есік жақта тұрып:
- Жақсы жатып, жайлы тұрыңыздар, – деп артымен шегіне бастағанда Нұрсана жездесіне қаратып:
- Жезде аға, қонақты ертең үйге шақыра келуді апам сізге де, маған да тапсырған. Апамның сол тапсырмасы енді сізге аманат, – деді де апайы екеуі арттарымен шегініп есіктен шығып кетті. Жөпелдемеде Талғаттың:
- Иә, есімде, – дегені болмаса Дәурен ештеңе деп үлгерген жоқ. Тіл қата алмай қалғанына қорынғандай ширығып:
- Қап, «әшейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппас» мен болдым ғой, – деп өкінішін білдірді. Апасы мен сіңілісі кеткен соң жігіттер еркін сырласуға көшті.
- Ал, Дәурен дос, балдызым ұнады ма? Қандай мін тағасың? Әнеукүнгі айтқанымнан қалай екен? – деп сұрақты бастырмалата түсті. Дәурен біраз толғанып жатты да:
- Достық мейіріңе мәңгі қарыздармын. Тал бойында тарыдай міні жоқ, ауылдың баптаудағы ақ үрпік балапаны екені анық байқалып тұр. Тек жасырақ көрінетін сияқты. Қыздың ойы қалай екен? Жастықпен ауытқу бола қоймас,– деп кідіріп еді, Талғат іліп ала жөнелді:
- Сенің жағдайың шешесіне де, қыздың өзіне де белгілі. Әйтпесе, досым келді дегенге бола танымаған біреуді көруге қандай қыз жетіп келетін еді? Бұл тек сен екеуміз үшін жасалған құрмет деп түсін, досым, – деп келте қайырды.
- Сөздің шынын айтайын, осы қыз жұбайың болуға бұйырып жатса, өмірлік бақытың осы болады. Бұл ауылда қазір осы қыздың білімділігінен, адам боларлық іс-болмысынан хабардар адамдар үкі тақтыруға жанталасып жүр. Бағана шешесі, менің енем қызына «жездеңнің досын үйге шақыр, ол да ағаң ғой» деп тапсырған.
- Дәурен оның бұл сөзі шын көңілден ақтарылған ақ ниеті, адал достығы екеніне еш күмәнданған жоқ. Іштей: «жас болса бір-екі жыл кешіксе де оқасы жоқ емес пе? Бұл қыздың орнықтылығы, бірқалыпты салмақтылығы ұнады. Мінезіне көркі сай көрінеді…» дегендей толғанып, ойланып біраз жатты. Сосын Талғатты түртіп:
- Ұйықтап қалдың ба? – деп сұрады
- Ұйықтаған жоқпын. Иә, құлағым сенде, – деп Дәуренге қарай аунап түсті.
- Қыздың тал бойынан тарыдай мін таппадым. Ертең үйіне барайық, анасы мен аға–жеңгесінің ыңғайын байқайық. Сосын реті келсе қыздың өзімен оңаша сөйлесуіме қол ұшын берерсің, – деп сөз аяғын күлкіге апарып тіреді. Талғат бір қозғалып қойып:
- Ой, пәлі! Өзің бір тоқтамға келсең, әрине, қызбен оңаша сөйлесіп, ақылдасуың керек қой. Жалғыз-ақ айтарым, енді Гүлсананы ойыңнан мүлде шығарып таста. Сені менсінбегенде тапқаны сол ма, отызға келген бір көкиектің етегінен ұстапты ғой. Енді одан көңілііңді суыт… – деп еді, Дәурен жеңіл күрсініп қойып:
- Е, бәрі де сол ғашықтықтың кесірі! Неге ғашық болдым екен сол қызға! Айтқаның жөн. Одан күдер үздіретін де осы сенің піскен алмадай балдызың Нұрсана болар, – деді күлімдеп. Талғат кенет басын жастықтан жұлып алып:
- Иә, дәл айтасың. Ғашықтық деген соншалықты тылсым нәрсе емес. Оны да біртіндеп, бірден-бірге өшіруге болатын көрінеді. Шын ғашығың Нұрсана болғанда әлі шам жағалап айналып кетпей қоятын жынды көбелек құсап ат боғын құрғатпай келе беретін боласың әлі. Нағыз аяулы асыл аналар ауылда туып, ауылдың тәрбиесін көріп өскен осындай қыздардан шығады. Сен әуелі қыздың өзіңе көзқарасын байқай алдың ба?– деп төтесінен тартты.
- Е, дәмді жерін енді айттың. Байқауымша, қыз маған ынтыға көз салды. Көңілі бейімделген сияқты. Бірақ бұл алғашқы елес қана…
- Жарайды. Темірді қызуында соқ деген. Өзің дұрыс көрсең, кешіктірмей сөздің басын ашып, уағда бекіту керек. Әнеукүні Үрімжіден институт бітіріп келген біреу ауданның бір мекемесіне белді кадр болып орналасқан, бұлармен сарысүйектігін айтып келіп кеткен. Сол жерде мен де болғанмын, ойымда өзің тұрсың, енеме «бала жас, кейін көрейік» деп жауап айтқыздым. Алтын асықтай балдызымды сенен басқаға қиғым жоқ, шынын айтқанда…
- Болады. Онда қалғанын ертең ақылдасайық, – деп Дәурен ұйқыға бас қойды. Досы да одан ары қузамады.
Ертесіне тәңертеңгі шайдан кейін Талғаттың қайын енесінің үйіне барды. Айсара мен Нұрсананың анасы Күлән оларды есік алдынан күтіп алды. Жас шамасы алпысты аралап қалған аққұбаша кісі екен. Жанарынан жылу тарап тұрғандай, жазық маңдай, қыр мұрынды, жасында қас сұлудың өзі болса керек. Үстіндегі киген киімі көнетоз болса да тап-таза.
- Аман-есенсіңдер ме, балалар? – дегендегі тұнық, жағымды дауысы кісінің жанын жадыратарлық. Кешеден бері Дәуреннің құлағына үйір болып қалған Нұрсананың дауысы, сөз мәнері шешесінен аумайды екен. Дауысы ғана емес, өң-түсі мен дене тұлғасы да анасының аузынан түсіп қалғандай.
Олар осы үйде кешке дейін болды. Күлән ана «есік ашпаған бір атаның ұлы екен, ақжол болғай» деп күні бұрын баласына Айтанға алдырып қойған қызыл төбел кебе марқасын сойдырып, барын алдына қойып күтіп алды. Айтанның әйелі Зережан да қуанышы қойнына сыймай, аяғы-аяғына тимей жүріп жұмыстың бәрін өзі тындырды. Орайын тауып Айсара мен Нұрсананы мұнтаздай етіп дайындап қойған төр үйлеріне Талғат пен Дәуреннің дастарханына отырғызып, жастардың неғұрлым көп сырласып, түсінісуіне жол ашты.
Дастарқан жиылған соң, Күлән ананың өзі төр үйге кіріп, ашық-жарқын әңгіменің тиегін ағытты. Өз жайларын, ауылдың жағдайын Дәуренге таныстырып. Дәуреннің де ауыл-аймағы, ата-анасы, оқуы, жұмысы жайлы сұрады. Сосын көңілі көншіп, іштей: «Иншалла, «тең теңімен, тезек қабымен» деген, өзімізбен терезесі тең адамдар көрінеді. Алла ақ жолына бастай көрсін», деп тіледі.
Екінді кезінде разылығын білдіріп, рахметін айтып шыққан Дәурен енді Талғат досының үйіне қарай беттеді. Алтын күн алқызыл нұрын әлемге шашып, таудан асып көкжиекке шома бергенде, намазшамға жақын Талғат пен Дәурен үйде демалып әңгімелесіп отырған, Зережан жеңгесі қайынсіңілісі Нұрсананы ертіп, есіктен сықылықтай күле сөйлеп кірді.
– «Бұйрық қатты, жан тәтті», Ақтөрем (Айсараны солай атайтын), ертерек келіп қолғабыс ете алмадым. Айыпқа бұйырма, – деп еді, Айсара да жұлып алғандай:
– «Аңшының кешіккенінен дәмет» дегендей, кешіксең де Нұрсананы ертіп келген соң қарсы аламыз, жеңге! Екеуміз кешкі тамақ әзірлеуге кіріссек бәрі де жайын табар, – деп есік алдында кешкі тамақтың әзірлігіне кірісіп кетті. Талғат жездесі Нұрсананы қолынан жетелеп үйге қарай беттеп еді, қыз қипақтап:
- Жезде, мен де тамаққа көмектесейін, – деп артына қарайлады. Жездесі езуін жимай күле сөйлеп:
- Үйдегі ағаңа өлең айтқызамыз. Болды, кешкі асты әпкең мен жеңгең дайындайды, – деп алға сүйреді. Қыз тағы біраз тартыншақтап еді, Айсара мен Зережан:
– Бара ғой, қалқам. Ана ағаларыңнан ұят шығар, қасында қалқайып отырып, ән-өлең тыңда. Қалғанын біз толтырамыз, – деді. Сүйтіп, жездесі қоярда қоймай балдызын үйге жетелеп кіріп кетті.
Жездесі Нұрсананы оң босағаға әкеп отырғызды. «Жақсының жаттығы жоқ» дегендей, ол да еш тартынбай ашық-жарқын жаз дидарын жайната келіп, күлкі үйірілген алмадай әсем жүзін сәл қырындата отырған соң:
- Қалай, ағалар, зерігіп қалған жоқсыздар ма? – деп Дәуреннен бұрын сөз бастады. Нұрсана кіргенде отырған орнынан бір қозғалып қойып, сөйлеуге оңтайлана берген Дәурен қыздың мынадай қылықты, базыналық сөзіне көзі жайнап, езуінен елжірей күлкі райын танытып:
– Зеріктірмеуге келгенің жақсы болды, Нұрсана. Сәл кешіксеңдер шақыра барамыз ба деп отыр едік, – деді. Қыз да жалма-жан:
- Жақсы болған екен. «Іздегенге сұраған» деген осы, біз де сіздің ойыңызды білгендей шақыртпай келіппіз, – деп барып, қадала қараған жігіттен бетін бұрып әкетті.
Іле-шала Зережан үйге кіріп:
- Күйеу жігіт, Ақтөрем шақырады, бір жұмысқа бұйыратын көрінеді. Ақтөрем десе тіл алғыш едің ғой, – деп жадырай сөйледі. Талғат:
- Иә, расында, менің бір жұмысым бар еді, – деп шыға жөнелгенде оған ілесе берген Нұрсананы жеңгесі Зережан шап беріп ұстап, тартып отырғызды.
- Не болды, еркем? Менің далада жұмысым бар. Ақтөрем ұрсады, – деп Нұрсананы ақырын білегінен шымшып отырғызды. Қыз да қарап қалмады:
- Бізге әңгіме айта берсеңші, жеңеше. Сыйлы қонағымыз Дәурен ағай бір келгенде зерігіп қалмасын, – деді. Жеңгесі қызды мойнынан құшақтап:
- Болсын, болсын, сенің айтқаның болсын, – деді де қыздың құлағына сыбырлады.
- Мен далада біраз айналып қалармын. Мына жігіт әңгіме айтып, өзіңмен сырлассам дейтін көрінеді. Тартынбай жақсы жауаптасып қал, жаным, иә? – деп құлағына сыр құйып, қолынан бір қысып, орнынан түрегелді. Дәурен абыржыңқырап:
- Жеңгей, отырыңыз. Ендігі әңгіме сізден болар, – деп еді, Зережан Дәуренге жарқын жүзбен қарап:
- Қасыңызда еркем бар, зерікпейсіз. Мен қазір келемін, – деп артымен шегініп шыға жөнелді. Жеңгесі шығып кеткен соң Дәурен ынтығып отырғанын жасыра алмады. Ақырын жылжып, қыздың оң жағына барып отырды. Жанған оттай бұла қыздың ыстық демі баяу жетіп тұр. Бір түрлі жұпар иіс келетін сияқты. Сөзді тез бастағысы келсе де алдын-ала дайындап қойған сөздерінің бірде-бірі аузына түсер емес. Іштей өзін-өзі қинап, ес жиып айтқандағысы:
- Жақынырақ отырып сөйлесейік, Нұрсана, – деп бетіне тіктеле қарады. Қыз баяу езу тартты. Дәурен тағы сөйлеуге тырысты. Қабағын түйіп, ернін жымқырып, қыздың оң қолын ұстады. Сол мезет тұла бойы шым ете қалды. Сосын өзін тоқтатып:
- Екеуміз өмірлік жұптасып өтсек деймін. Сөзім тым өрескел болып кеткен жоқ па? – деп тоқтады. Негізінде, қызбен оңаша сөйлесе қалса ойын астарлап, әзілмен жеткізуді ойлаған. Бірақ, дәл осы сәтте аузына сөз түспей, ойының әптер-тәптері шығып, «жұптасып өмір сүрсек» дегенді аузын ашқаннан бірден айта салды. Оқасы жоқ, ақыры айтылды ғой деп ойлап, батылдана түсті. Қыз сөйлегісі келгендей оймақ ернін жыбырлатып, қарақаттай көзін жігітке қадай түсіп, жеңіл бір тыныстап алды да:
- Ағай, ол айтқаныңыздың еш артығы жоқ. Ойыңыз бүкпесіз екен. Бірақ… – деп тоқталып қалды. Дәурен қыздың өзі ұстап отырған оң қолын тартып кеуде тұсына қойып, көзіне тігіле қарады. Жәудіреген көзінен кіршіксіз тұнық махаббат көргендей болып тіл қатты.
- Айналайын, жарқыным! «Бірақ» дегенің қалай? Қандай бөгет болса да тартынбай айтшы. Көңілімді күпті қылмашы. Мен сені сүйіп қалдым. Осыған кесімді жауабыңды білгім келеді, – деп қызды өзіне тартты. Ентігіп, өз-өзінен қысылып кеткен қыз батылдана сөйледі:
- Бірақ дегенім, әлі жаспын ғой, екі-үш жыл күтуіңіз керек. Оның үстіне оқудан қалып қойғаныма ішім удай ашиды. Оқудың орайы келсе әлі де оқысам деймін, – деп тоқтады.
- Екі талабыңа да қарсылығым жоқ. Тек шын көңілден ұнатсаң, уағдалассақ. Қалғаны екеуміздің ақыл-кеңес, бірлігімізбен болады, – деп қызды өзіне тартып, кеудесін кеудесіне басып, құшақтап қатты қысып жіберді. Қыздың кеудесіндегі бұлтиған қос алмасы кеудесіне бейне бір пісіп жетіле қоймаған тоң алмадай батыңқы тиген сайын бойы шымырлап сала берді. Жүрегі өрекпіп, ентігіп, қызды құшақтаған күйі екі бетінен шөпілдетіп кезек-кезек сүйді. Қыз ессіз мастанып бара жатқанын сезгендей бойын жиып, денесін сәл кері тартты. Жігіт тоқталар емес. Қыз бәсең үнмен:
– Тоқтаңыз, ағасы, айтарым бар, – деп өзін едәуір күшпен кері тартты. Дәурен айтарын анық ұққаным жөн деп ойлап қыздан құшағын босата берді. Екеуі де құшақтарын ажыратып, орындарына отырды да ентігін басып сәл тыныстап алды. Сосын қыз:
- Мен мақұл болып сізге уағдалассам, екі түрлі шартым бар. Айтайын ба? – деп сөз бастады. Алдын-ала ойланып, ойын пісіріп алған секілді. Дәурен тыңдауға ынтығып:
- Айта ғой, құлағым сенде, – деп еді, қыз бөгелмеді.
- Әуелі, осы жұбымыз өмірлік болатынына ар-намысымызбен ант етейік. Бола ма?
- Болады. Өмір деген ойыншық емес, – деді Дәурен.
- Екіншісі, мен оң босағаңыздан аттамай тұрып болмайтын іске қинамайсыз, – деп беті қып-қызыл болып, төмен қарады. Дәурен оның бұл сөзін «атамның ақсарбас қойы сойылмай тұрып, анамның ақ батасынан бұрын қыз қалпымды сақтаймын» дегені ғой деп түсінді. «Мына жап-жас қыздың ойы қандай керемет. Мұндай сөзді қысылтаяңда Гүлсана айта алмап еді» деп ойы сан-саққа өрістеп кетті. Қыздың жымиып көзінің астымен қарап отырғанын байқаған Дәурен енді жігіттігіне басып төте тартты.
- Жарайды. Бұл шарттарыңды да құптаймын, – деп күліп жіберді. Қыз қосыла күлді. Қыздың күлкісі ашық, дарақы емес. Ақ жауынның сырылындай ғана. Жігіт батылданып, қызды қайтадан құшақтап екі бетінен кезек сүйді. Сосын оймақтай ернінен, балдай тілінен сіміре шөлп еткізгенде тұла бойын жеңіл діріл билеген қыз екі білегін жігіттің мойнынан тартып, шегіне бұлқынды. Жігіт те одан ары қинамай, жібере салды. Екеуі де ентігін әзер басты. Қыздың жүрегі атқақтап, екі беті, ерні ыстық лепке оранып, бал татып кеткендей. Қыз лып етіп орнынан тұрды да:
- Ұят болар, мен далаға шығайын, – деп Дәуренге өтіне қарады. Дәурен басын баяу изеп, жеңіл тыныстап:
- Болады. Мен де шығам ғой, – деп қала берді.
Бұл түн тағы бір бүкпесіз, әзіл-қалжыңы жарасқан, пәк махаббатты аңсаған көңіл-күйлерді тоғыстырған ұмытылмас тәтті, тамаша шақ болды. Жарым түн ауа дастарқан жиналып, Зережан жеңгелері Дәуренге қош айтып, қайынсіңілісін ертіп үйіне қайтты. Дәурен оларды үйіне дейін жеткізіп, қимастықпен Нұрсананың қолын босатып, жеңгесі ары қарай кете бергенде қайтадан құшақтап, бетінен, маңдайынан шөпілдетіп сүйіп-сүйіп алды. Қыз бойын жинап, тартыла бергенде ғана босатты. Ол да Дәуренге «қош» деп қолын беріп:
- Мен сендікпін, – деп тақ еткізді. Сосын жеңгесінің соңынан жүгіре жөнеліп, қуып жетіп құшақтай алды. Қыз бен келіншек сол құшақтасқан күйі арттарына қарайламай ұзай берді. Олар үйлеріне бұрылып, көрінбей кеткенше көзін алмай қақшиып тұра берген Дәурен жүрегінің лүпілін зорға басып, Талғат досының үйіне қарай аяңдады.
***
Дәурен халықтың тұрмысын қадағалап, Гұң Шы, Дүйлерді аралап кеткен жұмыс тобының құрамында жүріп, қызмет орнына жаңа оралған. Келген соң әке-шешесіне хабарласып, Нұрсананың отбасымен сырттай таныстырып үлгерді. Әке-шешесі қуанышы қойнына сыймай, барымен базар дегендей екі өкпесін қолға ала жүгіріп, олармен танысып, баласына көрімдігін беріп, үкісін тағып қайтқан. «Баламыз жастау, алым-берімге асықтыра көрмеңіздер» дегендеріне де мақұлдық беріп, күлсе көмейі көрінеді деген мың жылдық құдалықты сәтімен орындап қайтты.
Дәурен қызметіне оралғалы қаншама ойламайын десе де Гүлсананың көз сүріндіретін сұлу келбеті, тұнық күлкісі, жүрегін жаулаған әсем әндері ойына оралып тұрып алатын болған. Оған қоса балғын да асыл ару қыз Нұрсананың өз алдына пәк, тұп-тұнық махаббаты жүрегін ыстық ағыспен аймалайды да тұрады. «Қазір үйінде екен» деп Гүлсананың хабарын біреуден үш күн бұрын естіген. Қалайда бір көріп, амандасып, қал-жағдайын сұрағысы келіп отырған. Есік қағылды.
- Келіңіз, – деді Дәурен. Есікті баяу ашып кіріп келген Шынар ана екен. Дәурен аң-таң болып қарап қалды да орнынан лып етіп түрегеліп:
- Амансыз ба, апай? – деп қолын ұсынды. Шынар ана оның қолын бұрынғыдан өзгешерек қысып, қарсы қойылған орындыққа жайғасты. Дәуреннің көзіне бұл кісі қатты жүдеп кеткендей, аурудан жаңа тұрғандай болып көрінді. Өңі қуарып кеткен, бұрынғы бүйрек бетінің ұшында тұратын қызғылтым шуағынан жылт жоқ, қабағы қарс жабылған, көңілі қапалы сияқты.
Дәурен өзін ыңғайсыздау сезініп, үндемей отыра берді. Сосын Гүлсананың жағдайын сұрағысы келді.
- Апай, Гүлсананың жағдайы қалай? Үйге келіп-кетіп жүр ме? – дегені мұң екен, Шынар ана қатты күрсініп, солқылдап жылап жіберді де екі көзін жаулығының ұшымен сүрте бастады. Дәурен қатты қысылып кетті.
- Апай, не болды? Жыламаңызшы! Не де болса сабыр сақтаңыз, – деп еді, айтуға аузы бармағандай Дәуренге бағжаң етіп бір қарады да:
- Жаным балам, Дәурен, жас та болсаң біздің жанашырымыз едің. Айтуға аузым бармайды, – деп қалтасына жұмарлап салған бір уыс қағазды Дәуреннің алдына тастай салды да өзі қиғаштай бұрылып, шекесін алақанымен қысып-қысып қойды. Дәурен томсарып аз отырды да Шынар ана алдына тастаған қағазды алып бір-бірлеп көре бастады. Таңбалы қағаздар екен.
«Халық сот мекемесінің үкімі» деп жазылыпты алғашқы қолына ілінген қағазда. «Жанмұқамет қос некелі болып, алдамшылық қылмыс жасағандықтан бес жылға бас бостандығынан айырылып, еңбекпен түзетуге жіберілді. Оның алдамшылығына ұшырап ар-намысы аяқ асты етілген кінәсіз жас қыз Гүлсана некесіз, заңсыз тұрмысты болған Жанмұқаметтен ажыратылып, бас бостандығы өзіне берілді…» деп жазылыпты. Енді бір қағазда:
«…Неке заңына қайшылық жасап қос некелі болу қылмысын өткізген Жанмұқаметтің бұрынғы әйелі Күлпәш өзінің арызы бойынша Жанмұқаметтегі некесінен ажырап бас бостандығын алды. Арасындағы бала анасына қалдырылды…» деген сияқты халық соты мекемесінің үкімі жазылған.
Тағы бір таңбалы қағаз Гүлсанаға берілген таныстыру екен. «Кінәсіз, заңсыз неке алдамшылығына ұшырап зардап шеккендігі үшін қызмет орнынан ажырап кеткен уақыты қузастырылмай, бұрынғы қызмет орнына орналастыруға көңіл бөліңіздер..» деп жазылыпты…
Дәурен бұл қағаздарды оқып болып ауыр күрсінді. Шынар ана Дәуренге бір қарады да қайтадан теріс бұрылып, басы салбырап, маңдайын ұстап отырып қалды. Біраз тыныстаған соң селк етіп басын көтеріп сөйлеп кетті.
- Құдай-ай! Енді қайттім? Алтын асықтай ақ балапанымды осы отызға келген қарасұр қырттың иектеп алғанын алғаш көргенде-ақ аза бойым қаза болып, өне бойым түршігіп еді. Үкіметтің малын бағып, тауда қаңғып жүргенімізде үйде жалғыз қалып, тағдырдың тәлкегіне ұшырады ғой байғұс балам! Келгелі бір жеті болды. Екі көзі бұлаудай болып, үйден шықпай жатыр. Өмірі не боларына көзім жетпейді, – деп тамағы қарлығып тоқтап қалды. Шынар анаға Дәурен бір шыны су құйып берді. Сосын не айтарын білмей қатты дағдарды. Іштей Гүлсананы қатты аяп кетті. Шынар ананың мынадай күйзеліске түскеніне іші-бауыры езіле күйініп отырып қалды. Аздан кейін жағдайды толық ұғынғысы келіп, бір-екі жөткірініп алып сөзді былайша бастады.
- Шынар апа, басыңыздан ыстық-суық өткен, көзі қарақты адамсыз ғой. Сабырлы болыңыз. «Ер жаңылып орға түседі, құс жаңылып торға түседі» деген. Гүлсана кінәсіз жас балапан емес пе. «Адамның тіліне аспандағы бұлт үйіріледі» дейді. Әлгі алдампаз сұмпайы да халық сотының үкімімен жазасын алыпты. Енді белді бекемдеп, әлі де болса балаңызды аялап, жығылған үстіне жұдырық ұрмай, қайтадан қатарға қосыңыз. Бұл сіздің ғана қолыңыздан келеді, – деп барып, өзі де сөйлей алмай қалды. Шынар ана солқылдап жылап, дауысы жарықшақтана тіл қатты:
- Амалым бар ма! Осы қызымның алдауға түскенін ішім сезгендей-ақ еді. Жүрегім-ай, жүрегім ауырып еді сонда! Қашып кетсе де қолымнан ықыласымды бермесемші! Дені сау, есі дұрыс, басы бос жігітке бұйырса разы едім ғой. Елге, жұртқа қай бетімізбен қараймыз енді? Үкіметтің кеңдігіне, әділдігіне шүкір! Алдауға түскен жазықсыздығын ескеріп, бұрынғы қызмет орнына қайтадан орналастыруға нұсқау беріпті, – деді. Дәурен енді ойын осы туралы қағазға аударып, қайталап оқыды да:
- Бұл қағазды біреуге көрсеттіңіз бе? – деп Шынар анаға қарады. Ол ксі ауыр күрсінді.
- Ой, көкем-ай, апардым ғой. «Қырсық шалғанның иті де қыңыр жүреді» деген рас екен. Шақыртумен барып, ашық сотқа қатысып, айтарымды айтып, осы қағаздың бәрін алып келдім. Тіліме көнбеген сорлы қыздың енді бетіме қарағысы жоқ. Ботадай боздап, екі көзіне ғана шамасы келеді. Аудандағы апар деген жеріне де апардым.
- «Кезінде Совет елінен қашып келгендер қызметтен босатылған. Балаңыз сол тізімнің ішінде. Осы қағазды жазған орынға қайтып барыңыз, қолымыздан келмейді», – дегеннен басқа ештеңе айтпайды. Міне, титықтап, әбден діңкем құрығанда саған келіп айтып тұрмын. Шерімді тарқатайын әрі кешірім сұрайын деп келдім, – деп булығып отырып қалды. Дәурен Шынар анаға аңтарыла қарады.
- Менен кешірім сұраудың қажеті қанша? Мұныңызды түсінбедім. Балаңыз жаңылған шығар. Жас қой әлі, келешегі алда, сырын сыртқа шаша бермесін, денсаулығын күтсін. Ешкімнің ішіне ешкім кіріп көрген жоқ. Әлі-ақ жақсы болып кетеді. Қызмет мәселесі қазір солай. Жалпы бағдар, саясат солай болып кетті. Менің де қызмет орнымды ауыстырыпты. Білмей отырмын қалай болып бара жатқанын, – деп Дәурен салқын рай байқатты. Шынар ана көз жасын сүртіп, стакандағы сумен бетін шайып, оңалып отырды да өңі біраз ашылып:
- Қызымның тағдырына шыдай алмай, «шыныңды айт, Дәурен саған сөз салып па еді?» деп қыстадым. Мойындады. «Сөз салған. Мен ұнатпағам, ит болыппын» дейді. Амалым бар ма, балам? Әке-шешеңді алдыма бір жіберген болсаң, қызымды иландырып, саған қосып берсем мына тозаққа түсер ме едік?! Осыны саған бетімнің арын белбеуге түйіп айтып отырмын. Айтпасам ішім босайтын емес…
Дәурен үнсіз отырып қалды. Шынар ананың көінің астына ұялаған мұңды байқап, «бұл кісінің кешірім сұраймын дегені сол екен ғой» деп ойлады. Шынар бәрін ақтарып айтсам, Дәуреннің көңілі жадырап, Гүлсананы кешіріп, қайта оралар ма екен деген ойын ішіне бүгіп отыр. Ол енді Дәуреннің өңін бақылап еді, салқын тартып, қабағы көлеңкеленгенін байқады. Сосын Дәуреннен жылы шырай байқалмасын сезген Шынар ана орнынан қозғалып, кетуге ыңғайлана беріп, Дәуреннің әужайын тағы бір байқағысы келді:
- Дәурен балам, мен өзіңді жанымдай жақсы көрем. Жас болсаң да сүйенішім, жанашырым санаймын. Үйге келіп тұр. Қызметтес қарындасың ғой, Гүлсананың қалын сұрап, ақылыңды айтарсың. Қателігін кешіремін ғой, өзіңдей жанашырлары кешірсе, – деп Дәуренге қарап еді, Дәурен бір қырындап тұр екен, тіл қатпады. Шынар ана аяғын жерден ауыр алып, қызмет бөлмеден шығып кетті. Дәурен артынан ере шығып:
- Апай, сау болыңыз. Қамықпаңыз. Сабырлы болыңыз! – деп бәсең үнмен дыбыстап қала берді.
Дәурен есік алдындағы алма ағашының көлеңкесінде кітап оқып отырған. Күн жексенбі. Қазан айының орта шені болса да күннің көзі шақырайып, тамыздың ыстығын қайталағандай болып тұрған. Сол кездегі қоғамдық өзгерістің ыңғайына сай Нұрсананы келін қылып түсіргенде бір қой сойып, тек көрші-қолаң, ағайын-туыстармен шағын той өткізген. Қазақтың салтын толық сақтамаса да, шамалап болсын жасап, екі жеңгесі ұзатып әкеліп салған. Бұл құда түскен кезден санағанда келер жылы еді. Он алтыға енді шыққан қыздың тойын бүйтіп тездетуге себеп те бар еді. Жыл басында, қақаған қаңтар айында Нұрсананың туған анасы жүрек ауруына шалдығып, төсек тартып жатып қалды. Дәурен бұл хабарды естісімен ауданнан рұқсат сұрап, тез жеткен. Ауыл болып жедел қимылдап, ең жақын дохтырхана мен бақсы-балгерді арылтып, ем таппай дағдарып отыр екен. Дәурен бесін еңкейе жетіп, үйге сәлем бере кіргенде енесі көзінің әлсіз жанарын есік жаққа салып, басын көтермек болды. Айтан мен Зережан басын көтеріп, жастықты биіктетіп қойып еді, ол зорлана:
- Келдің бе, балам, – деп Дәуреннің қолын алып, жақында дегендей ымдады. Дәурен еңкейіп еді, маңдайынан иіскеп, сұп-суық алақанын бетіне басты. Сосын отыруға ишара жасады. Бас жағындағы жастығын түзеп жатқан ұлы Айтанға да отыруын ишаралады. Зережанды қолынан ұстап, Нұрсананы шақыршы деді. Нұрсана кірген соң үйдегі басқа адамдардың далаға шыға тұруын сұрады. Сосын абзал ананың жанында ұлы, келіні, Дәурен мен Нұрсана төртеуі ғана қалды. Ана бар күшін жинап, үзіп-үзіп сөйледі.
- Тыңдаңдар менің ақтық сөзімді. Дәурен, мына қызым саған аманат. Құдайдың алдында қолыңнан аламын. Ұл мен келін, биыл күзден қалдырмай екеуінің басын құраңдар. Анау-мынау сөзге ермеңдер. Аманат, – деп Дәуреннің қолына Нұрсананың қолын ұстатып, екеуінің қолын өзіне қарай тартып, маңдайларынан сүйді. Ананың сұп-суық ерні тиген маңдайы оттай ысып кеткендей болған Дәурен үнсіз отырып қалды. Нұрсана анасына қарап басын изеп, қызыл торғын ақ бөртпе шашақты шытымен бетін басып далаға шыға жөнелді. Баласы:
- Ой, апа, ол не дегеніңіз? Бәрі де өз қолыңызбен істелетін іс қой, – деп еді, анасы басын баяу шайқап:
- Бүгін бейсенбі. Ертең жұма намаздың алды-артында аттанамын. Тапсырдым саған, – деді де жастығына басын орнықтыра жатты. Бәрі де аяулы ананың айтқанындай болды, ертесіне бақиға аттанған ананы ақтық спарына жөнелткен соң жаз бойы екі жақтың қатынасы жиілеп, күзге айнала қазан айының басында Дәурен мен Нұрсананың басы құралды.
***
Дәурен көлеңкеде кітап оқып отырған, қызыл бөртпе шәлі жамылып, гүл жайнаған Нұрсана үйден шығып, Дәуреннің қасына келді де оң иығына қолын артып еркелей сөйледі.
- Не кітап оқып отырсың? Дауыстап оқысаң мен де тыңдайтын едім, – деді тұнық, жұмсақ үнмен. Дәурен оның қолын жүрегіне басып, жүзіне қызыға қарады. Дөп-дөңгелек бота көзі жайнап, пісте мұрны сүп-сүйкімді болып еңістеп, оймақ аузының үстінен төніп, бүйрек беті қызғылтымданып, дөңгеленген шұңқыршасы бүлкілдеп тұр екен.
- «Махаббат хикаялары» деген кітап, оңашада оқып бермесем, қазір үйде кісілер бар ғой, – деді. Осы кезде олардың үйіне қарай келе жатқан бір-екі адам көрінді. Арттарында бір бала қой жетелеп келеді. Дәурен мен Нұрсана оларға қадала қарады.
– Шынар ана екен, жанындағысы Гүлсана сияқты, – деді Дәурен.
– Кім еді бұл кісілер? – деп сұрады Нұрсана.
- Гүлсана менің қызметтесім болатын. Кәдімгі аты шыққан әнші Гүлсананы естуің бар шығар? Шынар ана бізге құтты болсын айтып келе жатқан шығар, – деп орнынан тұруға ыңғайланды.
Нұрсананың өңі сәл өзгеріп, тосырқап тұрды да:
- Әлгі Гүлсана деген осы ма? – дегенше олар да келіп үлгерді. Дәурен екеуі уағдаласқан соң, тіпті, той жасағанға дейін аудан жақтан «Дәурен әлгі Гүлсана деген әнші қызды алғалы жүр дейді, екеуі қызметтес екен» деген сумақы сөздер құлағына жеткен. Нұрсана оған сенер-сенбес болып көңілі тыншымағандықтан, бір түнгі оңаша сырласуында Дәуренге салқын рай білдіріп, осындай әңгіме естігенін ашып айтқан. Дәурен ішек-сілесі қата күліп алып, Нұрсананы кеудесіне қыса құшақтап, аймалай сүйіп, түйткілсіп барып:
- Ол айтқаныңның жаны бар. Екеуміз бір мектепте оқыдық. Мәдениет кәсібін бірге істедік. Кәсібі бірге жігіт пен қызды көрген ел сыртынан солай өсекке ілмей жүре ала ма? Бірақ, мен оны сүймедім. Ол да мені сүймеді. Мен сені сүйдім. Сен мені сүйдің. Бұл шындықты мойындайсың ғой? Осы тұрмысымызды баянды, бақытты етейік, сәулем! Алаңдама! – деп көңілін орнықтырған. Сүйтсе де Дәурен «мен оны сүймедім» деген сөзін іштей қиналып айтқан. Нұрсананың алдындағы алғашқы өтірігі үшін іштей өзін қатты кінәлады. «Мен оны сүйіп едім, бірақ ол мені сүймеді» деп шынын ақтара салуға аузы бармады. Тағы бір жағынан, солай айтқанымен Нұрсана сене қоя ма деген күмән миын шырмап, өтірік пен шындық кезек алмасып тұрып алды…
Шынар ананың жақындап келгенін көрген Дәурен мен Нұрсана жылдам түрегеліп алдарынан шығып жылы шыраймен қарсы алды. Қолдарын беріп, амандық сұрасты. Нұрсана Шынар ананың үлкендігін сыйлап, бір жағы қызының Дәуренмен қызметтес екенін ескеріп, қолын оң жақ тізесіне қойып сәлем салды.
- Тәңір жарылқасын! – деп Шынар ана Нұрсананың қолын қос қолдап алып, маңдайынан, қолының үстінен сүйді. Гүлсанамен қол алысып амандасқанда Нұрсана оның рухы түсіңкі екенін байқап, маңдайы мен екі бетінің ұшына түскен қоңырлау жолақты көрді. Көлбіреген кең, күлгіншұбар көйлек кигені болмаса, құрсақ жағы шығыңқы болып, кеудесінен төмен жуантық тартып кеткен. «Осыдан именіп тұрған болар» деген ой келді Нұрсанаға. «Күйеуінен ажырасып кетіпті. Әйел-баласы бар адам екен. алдамшылықпен екі әйелді болғандықтан, үкімет соттап жіберіпті» деген хабар әйелдердің арасында тез-ақ тарап кеткен. Ондағы өсекші жеңгелер жерден алтын тапқандай болып, «ол әнші қыз Дәуреннің ғашығы болса керек. Ол қызды қашан да Дәурен алатын сияқты. Мына біздің қыз жолда қалар ма екен?» десіп гу-гу етісетіндерін де құлағы шалған. Сондықтан Гүлсанамен алғашқы кездесуінде Нұрсана оның өңі солыңқы, қабағы түсіңкі екенін көріп, іштей аяп кетті. «Қайтсін-ай! Ол да мен сияқты әлжуаз қыз бала. Жерді құртқан бір қу алдаса алдап кеткен шығар» деп ойлап, неғұрлым өзіне жақын тартып, жылы шырай білдіре бастады. Жаңа көрген адамдай емес, бұрыннан сырласып өскен өзінің Айсара әпкесіндей елестетіп, ішке тарта жөнелді.
Олардың артынан семіз сарықасқа тоқтыны жетелеп келген Шынар ананың баласы Ертай екен. Тоқтысын Дәурен ағасына ұстатып, ыржия күлді:
- Ассалаумағалайкүм, Дәурен аға! Мынау жеңгемнің көрімдігі. Үкімет малын бағысқан еңбекақыма алғаным, – дегенде айналадағылар қыран-күлкі болысты. Аңқылдақ баланың үйлерінде уағдаласқан сөзді бұлжытпай айтып тұрғанын бәрі білді, ішіне иір жатпайтын қайран балалық-ай десеңші!
- Уағалайкүмассалам! Ертай інім жігіт бопты ғой, – деп Дәурен оның қолын алып, маңдайынан иіскеп, тоқтыны анадай жердегі алма ағаштың түбіне байлай салды. Есік алдында арқа-жарқа болып амандасып, есен сұрасып тұрған Дәуреннің әке-шешесі Шынар ана мен Гүлсананы үйге кіргізіп, төрге шығарды.
Қайтарында Шынар ана мен Дәуреннің әке-шешесі бірін-бірі қимай, есік алдында әңгімелерін аяқтай алмай біраз тұрып қалды. Гүлсана мен Нұрсана да анадай жерде шүйіркелесіп тұр. Мұқан қария мен жұбайы Күләнхан:
- Апыр-ай! Бүгін қонып, ертең қайтсаңыздар болатын еді. Бұйымтай шаруа да айтпадыңыздар, – дей беріп еді, Шынар ана ризашылығын айтып, қиыла өтінді:
- Үлкен кісілер, бұйымтайым сол, ертең Дәурен мен Нұрсана үйге келсін. Әрі құтты болсын айтып, бір жағы келінді отқа шақыра келдік дедім ғой. Дәурен мен Гүлсанам тел қозыдай тең өскен. Балалар араласып, достасып, бір-біріне сүйеніш болып жүрсін. Маңдайларыңызға Дәурендей асыл бала берген Аллаға шүкірлік етіңіздер. Біздің — үлкендердің ынтымақ, берекеміз кейінгі ұрпақтарға өнеге болсын! – деп екеуіне кезек қарады. Гүлсана мен Нұрсана да қол алысты. Нұрсана:
- Ал, сау бол. Бұл аудандағы ең жақын досым өзің боласың әлі, – деді. Екеуі құшақтасып қош айтысты. Дәуреннің әке-шешесі де Шынар анаға алғыстарын білдіріп:
- Алаңсыз болыңыз! Ертең балаларды жібереміз, – десті. Дәурен:
- Шынар ана, рахмет, әуре болдыңыздар-ау. Ертең барамыз, қалған әңгіме сол жерде жалғасар, – деп Гүлсана мен Нұрсанаға жымия қарады.
Дәурен мен Нұрсана ертесіне Шынар ананың үйіне сәске түсе барды. Жолға қарап күтіп отырған көрінеді, жақындап қалғанда Шынар ана мен Гүлсана есік алдынан қарсы алды. Нұрсана құшақтай алған Гүлсанаға: – Апаңа сәлем салайын, – деп жалт қарап иіле сәлем етті. Шынар ана:
- Ой, айналайын, көп жаса! Көргенді ауылдың баласы, құрметіңе ризамын! Тәңір жарылқасын! – деп қолын алып, маңдайынан сүйді. Дәурен әуелі Шынар анаға амандасып, Гүлсанаға да күле қарап қолын беріп, ізетпен сәлемдесті.
Үйге кіріп, дастарқан басына жайғасқан соң Шынар ана күлімдей сөз бастады:
- Келгендерің жақсы болды, балалар. Ертеңнен бастап үкіметтің малын бағуға кетемін. Шал жалғыз қалып еді. Гүлсана үйде болады, мына артынан ерген іні-сіңілілерін оқытады. Үйден дәм татсын деп шақырдым. Бұйымтайым да жоқ емес. Осы бастан айтайын, ойласа отырыңдар. Дәурен, Гүлсананы сенен артық түсінетін адам жоқ. Нұрсана екеуін достастырайық деп шақырдым. «Ас табу оңай, дос табу қиын» дейді. Біздің бұл жерде сүйенеріміз, шын досымыз кемшіл. Екеуіңнің бастарыңа қызығып, қызыммен достастырсам, өмір бойы бір-біріңе тілектес болып жүрсеңдер одан асқан бақыт бар ма! Біз болсақ мынау, күніміз еңкейіп, еңістеп барамыз, – деп үшеуіне қарап қойды да дастарқан қамына кірісіп кетті.
Олар сол күні бұл үйде қонып қалды. Бір сәт Гүлсананың әнін, Дәуреннің өлеңін тыңдаса, бір сәт Шынар ананың бастауымен жақын сырласып әңгіме айтты. Гүлсанаға алдын-ала ескертіп, бетін ашып алған Шынар ана әлгі Жанмұқамет деген алдамкөстің қылықтарын Дәурен мен Гүлсанадан жасырмай, бәрін жайып салды. «Бәрібір біледі. Нұрсана күманданың жүрмесін, жастардың бақытты тұрмысына салқыны тимесін» деген ой жүрек түкпірінен алыстамай қойған.
Ертесіне Шынар ана тағы біраз әңгіме айтты. Дәурен, Гүлсана, Нұрсана үшеуі мұқият тыңдап отыр.
- Балалар, сендер жассыңдар. Біздің басымыздан көп қиындық өтті. Совет үкіметін де көрдік. Ашаршылықты да бастан өткіздік. Шекарадағы тауқыметті күндер өз алдына бір әңгіме. Қазір бізді советтік деп санайды. Сол себепті Гүлсана не оқуда жоқ, не қызметте жоқ. Тұрмысымыз ауырлап барады. Мен айтпасам да көздерің көріп отыр, – деп қызына аянышты әлпетпен қарады.
- Бұдан былай да қоғамда талай өзгеріс болуы мүмкін. Соның бәрінде адамға ең керегі шын тілектестік, адал достық. Қызғаныштан, өзімшілдіктен сақтансаңдар, «сабыр түбі сары алтын», бірде болса бірде әркім өз бақытын таба алады. Алла пейілге қарай береді…
Ұзын сөздің қысқасы, Шынар ана сол күні өз үйінде Гүлсана мен Нұрсананы ақиреттік дос етіп, құшақтастырып:
- Екеуің енді әпкелі-сіңілісіңдер. Ал, Дәурен осы достықтың бас иесі сенсің, – деп оған ауыр жүк арқалатты. Адал ниетті, ақ тілекті дастарқан үстінде төртеуара ақтарыла сырласып, алдағы өмірлік сыйласудың бастамасын осы Қоңыртай шаңырағында салынып, ғұмырлық сапарларына Шынар ананың батасын алып аттанды.
***
Айлар аунап, жылдар жылжып өтіп жатты. Арада аттай зулап бес жыл өте шықты. Алғашқы махаббаты алдамкөстің алдауына ұшырап, бақыты күйген Гүлсана енді қайтып еркекке жуымауға ант етпесе де сөз сала келгендерге жылышырай танытпай, «мен тұрмысқа шықпаймын» деп біржола күдерін үздіре, кесімді жауап айтатын болды.
- Сен жассың, еркектің бәрі ондай емес, жалғыздық бір Алладан басқаға жараспайды. Лайықты адам болса, бетін қайтарма, – деп Шынар анасы қанша айтса да қызына сөзін тыңдата алмай, Дәурен мен Нұрсанаға барып ақылдасатын.
- Айтыңдаршы, күндерім, бақи дүниеге алаңсыз аттанайық. Осылай қу тізесін құшақтап, қубас болып өте ме? Адам өмірге келген соң жар сүйіп, ұрпақты болып, артына мұра қалдырмас па, бүкіл адамзаттың жолы осы емес пе? Осыны неге түсінбейді бұл қыз? Мұнысы тап-таза кесірлік, қырсықтық қой! – деп зарланады.
Дәурен мен Нұрсана Шынар анаға басу айтады.
- Қыстап қайтесіз оны, қырсық оған қос қабаттап келді емес пе! Өмірлік деп таңдаған кәсібі кәдеге аспады, туа бітті таланты талықсып жайына қалды. Ең болмаса үкімет қарамағында қызмет істей алмады, «біздікі емес, советтік адам» деген желеумен жұмысқа алмайды. Тыныш қана мектебінде оқи берсе де мұндай бақытсыздыққа жолықпас па еді? Әлі де біраз уақыт өтсін, өзі де бізге «әзірше қоя тұрайын» деген. Қадіріне жететін, түсінетін лайықты адам тап келсе, сіз лайық деп тапсаңыз, айтыңыз, сөйлесейік. Сол кезде сізбен бірге біз де ақылымызды айтып, кеңес береміз. Өзі де әбден есін жинағанша сабыр сақтай тұрайық, – деп Шынар ананы иландырып қайтаратын.
Арада біраз уақыт өткен соң Шынар ана Дәуреннің үйіне тал түсте тағы жетті. Бұрынғыдай емес, жүзіне күлкі үйіріліп, өңі нұрланып, кіре сала асығыс сөз бастады.
- Айналайындар-ау! Бір кісілер Гүлсанаға құда түсіп, кенедей жабысты да қалды. Бір емес, екі рет келді, күйеу болатын бала да үйді айналып кете алмай жүр. Қыз да бұрынғыдай емес, маған да «ойланайын, ақылдасайық» дейді. Басқа адамның ақылын қайтеміз, сендермен ақылдасса жетеді ғой. Жұлдыздары тура келіп, дәм-тұзы жарасса бастарын құрайық. Жасым биыл жетпістен асты, денсаулығым да сыр беріп жүр. Алаңсыз болайыншы, жандарым. Гүлсана екі ойлы болып толқып жатса демеп жіберіңдер, «екі жасты қосқанның сауабы бар» деуші еді, – деп Дәурен мен Нұрсанаға біршама жәйтті баяндап шықты.
- Ол бір өзімен сабақтас, түйдей жасты Байдалы деген жетім бала екен. Осы кезге дейін үйленбей, сүрбойдақ жүріпті. Арақ ішпейтін, темекі тартпайтын жуас, еңбекші бала. «Теңін тапса тегін бер» деген емес пе! Екеуі қол ұстасып жандарын бақса болды. «Бас екеу болмай, мал төртеу болмайды», – деп қузай түсті.
- Сіз бара беріңіз. Сіз шақырған жоқсыз, өзіміз қыдырып барғандай болайық. Сосын сөзді қалай бастауды өзіңіз қарарсыз. Не Гүлсана өзі бастап қалар. Біз сол жерде ғана естіген болып ортаға шығайық. «Екі адам бейім болса, есті адам кейін тұрады» дейді халық даналығы. Түбінде өмірлік жұп болуды екеуі өздері шешеді, – деп екеуі Шынар ананы риза етіп қайтарды. Түстен кейін Дәурен мен Нұрсана алғашқы бөбегін көтеріп Шынар ананың үйіне қыдырып барды. Туғанына алты айдан жаңа асқан Нұртілек сүп-сүйкімді, талпынып жүр. Ширап бастағалы Дәурен мен Нұрсананың аузынан түсіп қалғандай, бес мүшесінің бірі әкесіне, бірі шешесіне ұқсаған, көркі көз тартып, жас өркен балауса шыбықтай балбырап тұр, көрген жанды қызықтырады.
Олар келгенде есік алдында тұрған орта бойлы, бидай өңді, жылы шырайлы жігіт алдарынан шығып Дәуренге қол беріп амандасты. «Күйеу жігіт осы болар» деген оймен Дәурен оған барлай қарап, салмақпен амандасты. Үйден Шынар ана мен Гүлсана іркес-тіркес жүгіре шығып, Дәурен мен Нұрсанаға жамырай амандасып жатыр. Нұрсананың қолындағы Нұртілекті көтеріп алған Гүлсана сәбидің маңдайынан, екі бетінен шөпілдете сүйіп, құшақтап, еркелетті. Мұрын жарып, бой жадырататын сәбидің жұпар исін құшырлана жұтып, жарқылдап жүр. «Сендер бақыттысыңдар ғой, Алла маған да осындай бақыт сыйлар ма екен», – деген ой бір мезет миын шарлап өтті.
Шынар ананың үйінде дастарқан жанында отырып әлгі есік алдында амандасқан жігітпен де кеңірек әңгімелесті. Өзара жағдайларын ұғысты. Бұл жігіт әкесінен алты жасында, шешесінен тоғыз жасында жетім қалып, туыстарын жағалап өскен екен. «Бір басқа бір көз» дегендей, шай үстінде Гүлсанаға қараған көз отының жылтына қарағанда оған әбден көңілі ауған сияқты. Тебіндеп шыққан мұрт-сақалын қырынып, өзін таза, сергек ұстаған, жинақы, өзіне мықты, жан бағарлығы бар азамат көрінеді. Сын көзбен қарап отырса да Дәурен оның мінезін толық біле алмай қойды. Көп сөйлемейтін, тұйық адам сияқты. «Мұндайлар топастау, морт мінезді, іші арам келуші еді. Маңдайы қушықтау екен, ойламы таяз, ішіне шынтақ айналмайтын дүлей емес пе?» деп отырды іштей. Байқаса, Гүлсана да бұл жігітке барлай қарайтын сияқты. Бұрынғы гүл атып ұратын өңі, дәл сондай болмаса да, кішкене ашылып, жадырап, жайнап, Байдалыға әр жолы жалт етіп көзі түскенде, күлімсіреп, екі беті қызғылтым тартып, шұңқыршасы айшықталып сұлулығы арта түскендей. Жігіт Гүлсананың қолынан шай кесесін алғанда көзінің отын Гүлсананың көзіне дәл қадап, езуі жиыла күлімсіреп отыр.
Шынар ана Дәурен мен Нұрсанаға шай алғыза отырып, әңгіме шерте бастады. Әуелі оларға Байдалыны қысқаша таныстырып өтті. Сосын оларды Байдалыға таныстырып:
- Қысқасы, Дәурен мен Нұрсана менің Гүлсанамның ақиреттік достары. Балам Байдалы, бұйрық болса сен де достасып кетесің олармен, – деді. Сосын тағы біраз әңгіме айта келіп Шынар ана сөзді тағы тереңдете түсті. Бөгелер емес.
- Балаларым Дәурен, Нұрсана, біздің сендерден артық ақылдасар кісіміз жоқ. Мүлдем жоқ емес, бар ғой, бірақ, бұл негізі осы қыз бен жігіт шешетін іс. Екеуі бір-бірін тура тапқан сияқты, сендердің алдарыңда уағдаларын берсе тойын да кешіктірмейміз. Үкіметтің малын бағып «бір сайдың қуысында, бір Алланың уысында» жүрген бізде не күй бар? Мынау заманың да тойды ықшамдап, тұтамдай тұжыртып өткізуде, – деп тоқтады.
Дәурен мен Нұрсана қатарынан күле сөйлеп, құттықтайтындарын білдірді. Нелер тамаша жылы лебіздер шығып, Гүлсананың қабағы жайнап шыға келді. «Еркек құрсын» деп ер адамнан бойын қанша алысқа салғанымен әйел заты өмірдің заңдылығынан аса алмайтыны өз-өзінен мағұлым болған сияқты. Дәурен мен Нұрсана осы бақыт құсы бастарына қонақтап, мәңгі бақытты шаңырақ, баянды жанұя болып кетсе болды, «жақсылықтың ерте кеші жоқ» деп шынайы тілеулестік білдірді. Шынар ананың да қабағы шайдай ашылып, күйеу баласына көзі де, көңілі де тойғандай рухы көтеріліп, езуі жиылар емес.
- Ендеше тойды бүгіннен бастағанымыз жөн сияқты. «Асықсаң жақсылыққа асық» деген, – деді Дәурен. Нұрсана да оны қостап, ашық, сыңғырлы күлкісімен наздана:
- Гүлсана досым, мынадай жақсы ниеттеріңе ортақтаса келіп қалыппыз. Ниет қалыс деген осы. Енді мұндайда айтпаған әніңді езіп ішесің бе? Бізге ән салып бер. Құттықтаймыз сендерді, – деді. Бұл сөзді бәрі де құптады. Гүлсананың жүзі жайнап, наркес көздері күлім қағып, оймақ ерні қаймақшып сәл бөгелді де қысыла сөйледі:
- Адал ниет, ақ тілектеріңді түсінемін. Әннен алыстап кеткеніме көп болды ғой. Сүйтсе де сүйген кәсібімді қайта шақырып көрейін, бар ма тұла бойымда, көмейімде, – деп күлді. Сосын орнынан тұрып, биікте тұрған үкілі тақиясын алып, үкісін бір сипап «бисмиллаһ» деп басына киді. Дәуренге төрде ілініп тұрған домбыраны ұсынды. Дәурен Гүлсана ыңылдаған бір әннің әуеніне құлақ күйін теңеп дыңғырлата бастады. Гүлсана бейне үлкен сахнада тұрғандай бойын тіктеп, көзі күлімдеп, домбыраның сүйемелімен әнін бастап кетті.
- Көк майса алатаудың бөктерінде,
Гүл тердік жастық шақтың көктемінде.
Өзіңмен күліп ойнап жүрген шақта,
Төбеміз жеткендей еді көкке күнде.
Айналдым ақмаңдайлым,
Ақылдым, бал таңдайлым,
Жақсылықтың жоқ сәулем ерте-кеші,
Жадырашы, назданшы, еркелеші…
Ән керемет айтылды. Аядай үш ауызды там үй әннің әуенімен ақ бесікше тербетіліп тұр. Тыңдап отырған осы үйдегі санаулы ғана тілеулес адамдар әнге толықсып, толқып отырып, ілесе ыңылдасып, қол соғып, қошамет көрсетісті. Ән бабымен толқып, буын-буынға түсіп, әсем, нәзік, бірде асқақ шырқалып, бірде ең төмен тұнық нәзік үнмен жүректерді аралап, бойға дарып шымырлап сіңіп барады. Бәрі де ұйып, сүйсініп тыңдады. Баяғы үлкен сахналардағы Гүлсана өмірге қайта келгендей. Байдалы да әнмен бірге неше толқып, неше балқып отыр. Ішінен: «Е, жаратқан ием! Бір жетім пендең болсам да мынау ән періштесін маған шынымен бұйырттың ба, ендеше, иншалла»! – деп отырғандай, әр іске елпек қағып, құрақ ұшады.
Қойшы әйтеуір, жақсылықтың беті осылай ашыла келіп, бір жеті дайындықтан кейін мекеменің залында Байдалы мен Гүлсананың тойлары жаңаша өтті. Тойды олардың өз талаптары бойынша Дәурен мен Нұрсана басқарды. Дәурен тойды сол кездің, сол ортаның жағдайы көтере алатындай лайықты, аталы, жақсы сөздерді сайлап, бас-аяғы екі сағаттай уақытта қысқа да нұсқа, дәмді етіп өткізді. Достық әзілден де қара жаяу қалмады, өлең де оқылды, ән де айтылды, екі жасқа бақыт тілеген шағын той шалқып өтті…
***
Арада алмағайып жылдар өтіп жатты. Аспан әлемін тұман торлап, бұлт басты. Шырылдаған шындықтар жерге көміліп, әлемді бүлік қаптап, әлеуметтік жағдай миша былығып жатты. Ақиқатқа жете алмай арманда кеткен ардагерлер мен бозалаң өмірдің боздақтарын ойласаң боташа боздап жібере жаздайсың. Дәурен де сол қатарда неше өліп, неше тірілген талай-талай тақсіретті бастан кешті. Әрине, Дәурен ондай күй кешкенде өмірдің ащы-түщысын Нұрсана бірге көрді. Ақ жүрек, адал махаббатын айғақтап, өмірлік жан серігі, сүйген жары Дәуренмен отқа да, суға да бірге түсті. Жақсы күнге қол ұстаса бірге жетті.
Гүлсана құла толқында қалқып аққан жалғыз жаңқадай қағылып-соғылып, шетке шығып, лай құмда қайрандап қалды. Байдалы, бекер обалы не керек, Гүлсананы қызғыштай қорғап, сусағанда сусын, тарыққанда азық болып, ауыр жылдарда сүйеніш болып бастан бірге өткерді. Жылдар жылжып, Дәуреннің де, Гүлсананың да ата-аналары жайлы-жайсыз өмір соқпақтарында жығыла-сүріне жүріп бақилық болып кетті.
Сондай алмағайып заман, тауқыметті күндерде Гүлсана мен Нұрсана апалы-сіңілідей болып, бірінің жағдайынан бірі хабар үзбеді. Жарты нанды бөліп жеп, жан азығын бірге татып, адал әрі баянды достықты кіршіксіз сақтап қалды.
Заман өте келе аспан айықты. Сонау биіктен күн күлімдеп, адамзатқа нұрын шашып, күллі әлем шұғылаға шомды. «Өлмей қалған жан олжа» дегендей Дәурен де сүттен ақ, судан таза деп өз ортасына қайтарылып, бұрынғы қызметіне қайтып оралды. Қолына қаламын қайтадан алып, заманның жылы шуағына малынып, жүрегі жарыла шаттыққа шомды. Тұлпарын ерттеп, сұңқарын баптап, шаттығын шалқытып, шабытын шақырды. Жан жары Нұрсананың ауыр күндерде ауытқымай болат тірек болғанына борыштарлығын, іштей ризалығын жүрегінің терең түбіне жазып қойды.
Байдалы мен Гүлсана да қиын күндердің құла толқындарынан қолдаса, серіктесе аман өтіп, бал махаббаттары тамырын тереңге тартып, бес балалы болды. Дәурен мен Нұрсана да ұл-қызы аралас алты баласын бауырына басып құт құшақты, алтын ұялы шаңыраққа айналды. Бұл екі шаңырақтың да балалары тәрбиелі болып өсіп, қоғамның әр саласында, әр мамандық бойынша еңбек етіп, орныға бастады.
Оңалған жаңа қоғамда Гүлсана сахнаға қайтадан көтеріліп, ән сала бастады. Тотыдай түрленіп, толықси шырқаған дарынды әнші тыңдарман қауыммен қайта қауышты.
«Гүлсана аурухананың шұғыл құтқару бөлімінде жатыр» деген хабар Дәурен мен Нұрсанаға жеткенде тұла бойлары түршігіп, жүректері аузына тығылды. Жағдай оңалып, ел қатарлы бақытты отбасылардың қатарынан орын алғалы өткен шақтың жүрекке салған жаралары жазылып, жандары жай тапқан. Гүлсананың қоғамдағы орны да өрлеп, мемлекеттен алатын дарынды әншіге лайық қомақты еңбекақы ала бастаған. Күйеуі Байдалы да бір мекеменің білдей қызметкері болып істейді, ай сайын оның да табысы молая түсті. «Семіздікті қой ғана көтереді» деген қандай керемет сөз еді!
Енді Гүлсананың құрметті сахналарда асқақтата ән шырқап, ел құрметіне бөленуі бағзы бір қызылауыздардың ішін күйдіріп, құрбы-құрдастары Байдалыны майлы ішекке айналдырып, арақпен достастырған. Орта жастан асып кетсе де ару бойжеткендей жасанып, түрленіп алқалы топтың алдында аспандатып, қалқытып ән шырқаған Гүлсананы мақтаған болып, шын мәнісінде көре алмай, екеуінің арасына от жаға бастаған. Байдалы қалтасына түскен еңбекақысына арақ ішіп, қала берсе қарта ойнадым деп құмарға ұттырып, масалаң келіп Гүлсанаға соқтығатынды шығарды. Азамат болып қалған ұлдары мен бойжетіп қалған қыздарынан да ұялмай:
- Сен енді ән салма. Айтсаң да махаббат әндерін айтпа, – деп тілін шайнап, Гүлсананы неше мәрте көкала қойдай етіп сабаған.
Гүлсананың басына үйірілген мына қара бұлт туралы Дәурен мен Нұрсана көзі көрген көрші-қолаңдарынан естігенімен, қол ұшын беруге лаж таппады. Оның үстіне Байдалы мас болып келгенде «өлем, өлтірем» деген құрдым сөздерді аузынан ағыл-тегіл төгіп, үйдегі пышақ, балта, шот сияқтыларды іздеп, жоқ десе іздеп, үйдің астан-кестенін шығаратын болған. Гүлсана да, балалары да Байдалы арақ ішіп келеді-ау деген күні үйдегі саймандардың бәрін жасырып, қолына түсірмеуге тырысатын…
Суық хабар алған Дәурен мен Нұрсана жедел киініп, көлікке міне салып ауруханаға жетті. Гүлсана ауруханаға әкелінген екі сағаттан бері дәрігерлердің жедел қимылдап, күш салуының арқасында беті бері қарап, ес жиып, басын көтеріп отыруға келіпті. Дәурендер келгенде, есті, затты әйел қабағын жазып, зорлана күлімсіреді.
- Қалай, Гүлсана тәуірсің бе? – деген Дәуренге тіл қата алмады, жай басын изеді.
- Күнім, Гүлсана, не сұмдық бұл? Нендей іске тап болғансың? – деп Гүлсананың екі қолынан ұстап, маңдайынан иіскеген Нұрсана құрбысының екі білегі мен кеуде тұсындағы ақ матамен таңып қойған жарақаттарға қарап шошына шықылық атты. Гүлсанамен ауруханаға бірге келіп қарап күтіп отырған көршісі Айшамхан апай Дәуренге қарап таңдайын қағып:
- Сендер дос болғанмен үйлерің алыста, бұл әйелдің қандай күн көріп жатқанын білмейсіңдер. Күйеуі арақ ішіп келген күні әйелі мен балалары қауіп-қатерде қалады. Бәрін өлтірем деп шу шығарып, маза бермейді. Тамтығын қоймай, не араша бермей, ұйықтап та қалмайды. Гүлсананың соры арылмапты, бүгін де мас күйінде келіп, үйінде балаларына да, Гүлсанаға да күш бермей жүріп тінтіп бір кішкене пышақ тауып алған екен, соны алып Гүлсананы өлтірмек болып күш бермеген соң, сақшы шақырдым. Сақшылар келгенде бұл бейшараны қос бұрымынан сүйреп, қызылала қанға бояп, аулада тепкілеп жүрген. Қайта байғұстың суішерлігі бар екен,– деп барып булығып отырып қалды.
Күндер өтіп, апталар айналып, айлар ауысып жатты. Гүлсана бір күні Дәурен мен Нұрсананы үйлеріне іздеп келді.
- Байдалыны кепілге шығарып алайық. Мен кешірдім. Ендігі өзі де тәубесіне келген шығар. Бір отбасының жүгін екеуміз арқалаймыз ғой. Мейлі, енді ән айтпасам айтпай-ақ қояйын. Зейнетке шығып, үйде отырайын. Ол арағын қойса болды, арақ ішпесе одан момын адам жоқ. Осыған көмектесіңдерші, достықтарың сол болсын. Шығарып берсе сендер болып, біз болып тәрбиелеп алсақ. Не талабы болса да орындайын, – деді Гүлсана.
Дәурен толғанып отырды да:
- Өзің барып сұрап көрдің бе? Өзімен кезіктірді ме? – деп еді, Гүлсана жымия күліп:
- Мен бармасам бола ма! Ол менің ақиреттік досым, сүйген жарым ғой. Өзім сауығып шыққалы бері әр жетіде бір барып жүрмін. Киімін жуып, дәмді асын дайындап апарамын. Кепілге шығарып алайын деп те айттым, мақұл дейді. Бірақ сақшы бастығы көнетін емес. Соттатып жіберетін көрінеді. «Жақындарыңнан кепіл адам тауып кел, ойласамыз..» дегенге әрең келтірдім.
Гүлсананың бұл сөзіне иланған Дәурен мен Нұрсана оның адамгершілігіне тәнті болды. Гүлсана:
- Маған екеуің кепіл болып, сақшыға сөйлесіп күйеуімді босаттырып беріңдер. Енді өз қатесін танып, адамдық жолына түсер, – деп екеуіне жалынышты бейнемен кезек қарап, бөгеліп отырып қалды.
- Барайық. Біз оны босатып ала алмасақ, енді қолымыздан не келеді. Досым, қамықпа. Талабыңды орындауға барамыз, – деп Нұрсана оның қолынан ұстап, қол орамалымен маңдайынан тарам-тарам болып аққан терін сүртіп, Дәуренге қарады.
Дәурен Гүлсанаға қарап отырып, оны қатты аяды.
- Біз баралық, сұрап аламыз, сонан соң ол қалай өзгереді? Кейінгі істі де ойға алыңдар, – деп отырып ойға батты.
Олар ақыры үшеуі барып сұрап жүріп, тиісті қаражаттарын төлеп, Байдалыны үйіне алып келді. Оны жақсылап күтіп, бұдан кейін арақ ішпейтініне, отбасы тыныштығын бұзбайтынына кепілдік сұрап, әйтеуір шыбындаған жылқыша бас шұлғуына дән риза болысты.
Бір ай өткен соң Байдалының арақпен шөл қандыруы қайтадан жалғасқанын естігенде Дәурен «бекер-ақ болған екен» деп өкінді.
Ақпанның қақаған аязында таңсәріде есік қағылды. Дәурен шығып есік ашқанда Гүлсананың інісі Ертайды көрді.
- Таң бозынан мына суықта не істеп жүрсің? – деп еді, бала ә дегенде үндей алмай, булығып аз тұрып барып:
- Дәурен аға, Байдалы жездем асылып өліпті. Тәтем осы жаңа бақ жаққа барғанда биік қара ағашта асылып тұрғанын көріп мені сақшыға жөнелткен. Сақшыға барып, сосын сізге айта келуім осы, – деді. Дәуреннің тұла бойы түршігіп, не дерін білмей тұрып қалды.
- Бара бер. Біз де қазір барамыз, – деді Дәурен. Олар барғанда сақшы адамдары мүрдені жерге түсіріп алып тексеру үстінде екен. Асылған қара ағаштың түбіне түскен құсық пен жап-жасыл көбіктен арақ иісі бұрқырайды. Тексеру, суретке алу істері аяқталған соң мүрдені өзінің ауыз үйіне апарып жатқызды.
Олар жылап отырған Гүлсанадан жағдай ұғысқанда:
- Бір айдан бері араққа қайта беріліп алған, арақ пен құмардың соңына түсіп тілге көнбейтін болып кетті. Кеше кеште де жарым түнге дейін келмеген соң мен де, балалар да жаттық. Жатын үйіне төсегін салып қойдық. Үнемі түнде мас келіп, өз орнына жатып қалатын. Кейде тағы сол бұрынғыша «өлтірем, өлем» деп шатақ шығаратын. Қатты ұйықтап қалыппын. Таң ата далаға шыққанда көрдім, – деп одан арғысын айта алмай, кемсеңдеп қоя берді. Түс әлетінде, заңдық тексеруді аяқтаған заң адамдары «өзін-өзі өлімге байлаған, өліміне өзі жауапкер, жерлеуге болады» деген үкім қағазын жанұясына табыстады.
Жиылған шағын ғана бір шоғыр жұрт марқұмды жерлеудің қамына кірісіп кетті. Түс ауа жаназа шығаруға шақырылған молда келіп алдымен заң тарауының бекіту хатын оқып көрді. Сосын басын шайқап, қабағынан қар жауып біраз тұрып, жиылған жұртқа қарап дін уағыздарынан түсінік берді де:
- Арақ ішіп, арақтан өлген адамға жаназа бұйырылмайды. Мен мұндай күнәға бататын істі істей алмаймын, кешіріңіздер, – деп есікке қарай беттеді.
Гүлсана көпке мұңын шағып, басындағы жабулы ақты басқан күйі жүгіріп барып молданың алдын тосып тізерлеп отыра кетті. Сосын:
- Жалбарындым бір Аллаға, жалбарындым сізге! Сізге келетін күнәні құдай алдында мен көтеріп алайын. Отыз жылдық жан жарым еді. Балаларымның әкесі еді. Жаназасыз кетпесінші, құлдығым бар, молдеке! – деп молданың аяғын құшып еңірей берді. Осы жағдайды көріп тұрып сай-сүйегі сырқыраған Дәурен мен Нұрсана да Гүлсананың жанына барды. Дәурен:
- Қадірлі молдеке! Бұл кісі екеуміздің әйелдеріміз ақиреттік дос еді. Күнәңізді біз де көтерейік, мұсылман баласы еді ғой, жаназасыз қалай жөнелтеміз бақиға? Жаназа шығарып беріңіз, – деп өтінді. Нұрсана Гүлсананың қолынан ұстап, көз жасын сүртті де:
- Молдеке, шариғаттың бір бұтағына келтіріп, жаназалап беріңіз, кейінгі ұрпақтың абыройы үшін болса да, – деп өтінді. Қақаған суықта жаназаға қарап қалшылдап тұрған жиырма шақты адам тұс-тұстан:
- Молдеке! Жаназасын оқыңыз. Күнәсін көп болып кешірсін деп құдайдан сұрайық. Алла тағала ерек кешірімді, кең пейілді дейді ғой, – деп шуласты.
Молдекең тамсанып аз тұрды да:
- Онда мен Алладан кешірім сұрап екі рәкат намаз оқып шығып, күнәлі болсам да жаназа оқиын. Аллаға мінәжат еттім, кешіре көр, – деп намазға кірді. Намазын өтеп шығып, жұртты жаназаға сапқа тұрғызды…
Күн шайдай ашық. Жайлау үсті. Арада талай жылдар өткен. Дәурен мен Нұрсананың, Байдалы мен Гүлсананың бес-алтыдан балалары алды-алдына отау көтеріп, әр ауыл, әр қалаларда түтіндері түзу ұшып жатқан бір бақытты шақ. Ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, арқаларындағы жүктері жеңілдеп, жан сергітіп, тыныстап, егде тартқанда еңбектерінің шырынды жемісі таңдайларына татқан Гүлсана мен Нұрсана егіз қозыдай тату, үріп ауызға саларлық ару шақтарының келмеске кеткеніне өкінбейді. Заман оларды қайта жасартты, қайта түлетті. Дәурендей сабаз арқа тіректері оларды мәңгі аялап, «достық» деген алтын ұяда мәпелеп келеді. Бұлардың осы адал достықтарына екі жағының да жанкүйерлерінің көзі жетіп, құрметке бөленген шақтары. Дос, көрші екі мемлекеттен бірін-бірі шақырысып, алатаудай басқалқа болып, тоқсанның толғауында шалдық ғұмырын шалқытып өткізіп жүрген Өміртай қарияның құтты шаңырақ ақбоз үйінде «жайлау думаны» болғалы он күн болды. Қария ғазиз қонақтарына көзқарақты, жасамыс ер-әйел қарттардан, өнерпаз жастардан көңіл жетерлік адамдардың басын құрап, қысырдың тайын сойғызып, қымыз жинатып, «жайлау тойын» жасап берді.
Дәурен жайлау циклдерін жазып, дастарқан басында оқып, көптің айызын қандырса, үлде мен бүлдеге малына киініп жасанып алған Гүлсана мен Нұрсана ән айтудан жалықпады. Асқақ лирикалық әндер, Абай әндері, Біржан салдың әндері, Бибігүл Төлегенованың әні деп атап, санап отырып, әр күні толассыз жалғасқан ән көк жайлаудан көкке жетіп, аспан әлеміне тарап жатты.
Дәурен бірауық көнекөз қариялардың алтын сандықтарын ақтарып, дыбыс алғышы мен қалам қағазын қатар қойып, тарих қатпарларынан бал жинаған арадай, нәр жинауын тоқтатқан жоқ.
«Тарқамайтын той жоқ» дегендей, қонақтар қош айтысып, Өміртай қарияның үйінен аттана бастады. Қария аттандыра шыққанда Дәуреннің оң қолын ұстап, қимастықпен бетіне үңіле қарап:
- Дәурен, баламдай емес, інімдейсің. Өкшемізді басқан кенже шал болып қалдың. «қарагер жүгірмейді арығында, кім тұрсын қартайғанша қалыбында. Барында оралыңның ойна да күл, жалғанның бес күншілік жарығында» деген халық өлеңін айтып та жүрсің. «Тісің барда тас шайна, тіс кеткен соң ас қайда» деген сөз де бекер емес. Мына Гүлсана мен Нұрсананың өмірлік адал достығын арқау етіп, бір кітап жазуға бекіген жоқсың ба? Лебізіңді ұқтыра кетші жазушым? – деп ағы ақшулан тартқан, нұры әлсіздеу көзін Дәуреннің көзіне қадады. Дәурен қарқылдап күліп, ақсақалдың қолын сүйіп:
- Уәде берем алдыңызда. Алтын дәннің ақ баялы өнімі жетерліктей жиналды. Енді оны жұмсатып, дәнін айырып, ақ бидайын қамбалап, аппақ ұнға, тіпті томырылған ақ нанға айналдырып, халқымның дастарқанына қою, сіздердің алдарыңызда борышымды өтеп, ақ баталарыңызды алу азаматтық арыма артылған ауыр жүк деп білем! Кешікпей бір дерегі шығып қалар, қария, – деп қарттың қолын қысып, маңдайынан сүйді. Қария Дәуренді арқасынан қағып, ризашылық білдірді. Сосын қасында жанасалап, қол ұстасып тұрған Гүлсана мен Нұрсанаға үңіле қарап, Өміртай қария екеуін құшағына алып, маңдайларынан сүйді. Гүлсана мен Нұрсана келісіп алғандай қабаттаса сөйлеп:
- Дәурен, жазатын кітабыңның аты қандай болады, айтшы? – деп өтінген. Дәурен қарқылдай күліп:
- Аты – «Гүлсана мен Нұрсана» болады, – деді…
Дәулетбек Қаңбақ



