ХАҚ және ЖАЛҒЫЗ

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

 

Шариғат: Ойланбай илан – десе,
Мен: Илану үшін ойлаймын.

Абай.

9. Өзіңді тұтастай (жаның мен тәніңді) Құдайдың құзырына беру кедейлікті әсірелеу: Бұл өзі өте шетін әрі жауаптың және қауіпті мәселе. Мысалы, өзін Құдаймен тұтастыққа жеткендігін жұртқа жариялап: «Әл-Хакк» – Мен – шындықпын»,– дегені үшін сопы әулие ақын Мансұр әл-Халладж дарға асылды. Сондай «бірлікке жеткен» азапшыл ақын әулие Шахаб-ад дин Сухравери де жазаға тартылды. Ал, Алламен табысудың ең озық үлгісінің бірі Бақырғанидің:
Ей, Тәңірім, өзің білесің,
Сенен өзге кімім бар?
Жалғыз дарасың және Барсың,
Сенен өзге кімім бар?
Сенсіз қай жаққа кетейін,
Һалімді кімге айтайын,
Немен тіршілік етейін?
Сенен өзге кімім бар?
Менің табынушым – сенсің,
Әуелгі де, ақырғы да мақсатымсың.
(Сенсіз) жетілуді мен білмеймін,
Сенен өзге кімім бар?
Менің тәнім де – сенсің,
Сырым да – сенсің,
Денем де, жаным да – сенсің,
Сенен өзге кімім бар?», –
деген өлеңі болып табылады.
Мұнда, Алламен толық бірігу бар. Ақиқаттың жолы да осы. «Бәдуәмда» осы мінәжаттың сарыны бар. Құнанбайдың айтып отырған «тұтқасы» да өзін осы «Алламен тұтастықта сезіну». Ал, Абай бұл мәселеге өзгег қырынан келіп:
«Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмақ қарыз емес пе? Жасаушы махаббатпен адам баласын сүйгендігі емес пе? Кім сені сүйсе, оны сүймектік қарыз емес пе?», «Дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаң болса – өзің ниһаяттысың, ол жол – Құдайдың жолы емес, – деп ақылмен саралайды.
10. Дүниенің өтпелілігі мен өкінішті көңіл-күй:
Бұл туралы Абай сондай бір ызалы, құсалы күймен:
«Мен өзім тірі болсам да, анық тірі де емеспін. Әншейін осылардың ызасынан ба, өзіме-өзім ыза болғанымнан ба, яки бөтен бір себептен бе, еш білмеймін. Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты. Ашулансам, ызалана алмаймын. Күлсем, қуана алмаймын, сөйлегенім өз сөзім емес, күлгенім өз күлкім емес, бәрі де әлдекімдікі. Қайратты күнімде қазақты қиып бөтен жаққа кетпек түгіл, өзін жақсы көріп, үміт етіп жүріппін. Қашан әбден біліп, үмітімді үзген кезде, өзге жаққа барып, жатты өз қылып, үйір боларлық қайрат, жалын сөніп те қалған екен. Сол себептен бір жүрген қуыс кеудемін. Тегінде ойлаймын; бұ да жақсы, өлер кезде «әттегене-ай, сондай-сондай қызықтарым қалды-ау!» деп қайғылы болмай, алдыңғы тілеу болмаса, артқа алаң болмай өлуге», – ашына да, налып та жазады.
Талдаудың өзі де ауыр ойға жетелейді. Бұған Абайдың өлеңдеріндегі:
Ішім толған у мен дерт, сыртым дүрдей,
Мен келмеске кетермін түк өндірме;
* * *
Жүрегім менің қырық жамау
Қиянатшыл дүниеден.
Қайтіп аман қалсын сау,
Қайтқаннан соң әрнеден.
Өлді кейі, кейі – жау,
Кімді сүйсе бұл жүрек.
Кімі – қастық, кімі – дау,
Сүйенерге жоқ тірек;
* * *
Ауру жүрек ақырын соғады жай,
Өз дертін тығып ішке, ол білдіре алмай.
Кейде ыстық тағы да қан басады,
Кейде бір сәт тыншығар үн шығара алмай;

* * *
Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма?
Баяғы күш, баяғы түсің бар ма?
Алды – үміт, арты – өкініш алдамшы өмір,
Желігін жерге тықпас кісің бар ма?!;
* * *
Көңліңе дайын тұр ғой жайым менің,
Дұшпандығың қатайған шығар сенің.
Егер менің ішімді жарып көрсең,
Жылауыңды ұмытып, шошыр едің, –
деген залы-назалы жолдарды қоссақ, оның неге:
Қанжүректі қайғылы-ау,
Қайырыла кет сен маған.
Қасиетін ойлан-ау,
Қам көңілдің тынбаған, –
деп құсалануын түсінуге болады.
Әрине, сопылығы ұстап: «Дүниенің өтпелілігі мен өкінішті көңіл-күйді» жыр етейін деген жоқ. Өмірінің өзі оған: «Мен ішпеген у бар ма?»,– дегізіп еді.
11. Бұл дүниедегі үлеске шүкіршілік жасау:
«Бұл тәркі дүниелік; я дүние ләззәтіне алданып ыждағатым (ыждақат, ынта)) шала қалады деп, бойына сенбегендік; я хирс (ашкөздік) дүниеліктен ауамның (қауымның) көңілін суытпақ үшін, ренжуге сабыр етіп, өзін пида қылып, мен жанымменен ұрыс қылғанда, халық ең болмаса нәпсісіменен ұрыс қылып, һәуа-һәуәстен (әсіреқұмарлы, нәпсі) әрбір арзу (жақсы, аңсарлы) нәпсіден суынып, әділет, мәрхәмәт, махаббатына бір қарар болар ма екен деген үмітпенен болса керек. Олай болғанда, ол да жұртқа қылған артық махаббаттан есеп».
12. Қайғы мен қасіретке шыдаммен сабыр қылу:
О, қазақта, мұндай құмыл-қасіреттің «бейнет сусынын» Абай сияқты «қанып ішкен» шерменде жоқ. Тіпті, исі адамзат арасында да бірен-саран шығар. Сонда да өзінен «көпті зор тұтып»:
«Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме». «Әрбір уайым-қайғы ойлағыш кісі не дүние шаруасына, не ахирет шаруасына өзгеден жинақырақ болса керек. Әрбір жинақылықтың түбі кеніш болса керек. Енді олай болғанда, үнемі уайым-қайғыменен жүре аламыз ба? Үнемі күлмей жүруге жан шыдай ма екен? Жоқ, мен үнемі уайым-қайғыменен бол демеймін», – деп жұртты былай жұбатады.
Қайғы-қасіреттің жеке пенденің өміріндегі зардабын ғана емес, сопылыққа тән мүслими сыпатына да:
«Кімде-кім ахиретте де, дүниеде де қор болмаймын десе, білмек керек: еш адамның көңілінде екі қуаныш бірдей болмайды, екі ынтық құмарлық бірдей болмайды, екі қорқыныш, екі қайғы ‒ олар да бірдей болмайды. Мұндай екі нәрсені бірдей болады деп айтуға мүмкін емес. Олай болғанда, қай адамның көңілінде дүние қайғысы, дүние қуанышы ахирет қайғысынан, ахирет қуанышынан артық болса ‒ мұсылман емес», – деп тоқталып өтеді.
Міне, мұсылмандар күнделікті тіршілікте осы талаптарды қатаң сақтауға ұмтылуы тиіс. Бұлар – сыртқы мінәжатқа жатады. Ал, ең қиын және басты күрес:
13. Нәфсі жолындағы тән мен жанның күресі:
«Тәннен жан артық еді, тәнді жанға бас ұрғызса керек еді. Жоқ, біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық. Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ержеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық, ешнәрсеге көңілменен қарамадық, көзбен де жақсы қарамадық, көңіл айтып тұрса, сенбедік»;
Нәфсі туралы Шәкерім қажы:
«Софы Аллаяр хазіреттің айтқан сөзі мынау: «кісіден үміттеніп, содан семірген нәфсі деген антұрған ауызын тіліп жатсаң да: «Үлкенірек тіл!» – сұрайды, яғни, аузыма көп сиятұғын болсын – дейді».
14. Өзінің зарар пиғылыңды игілікке жеңдіретін ішкі мінәжат:
«Сенің де ісіңнен бір зарарла (зиян, залал) шығып кеткендей болмай, көп пайда боларлық бір үміті бар іс болсын. Бұларсыз іс – іс емес. Бәлки, бұларсыз тағат (мінәжат) – тағат та емес.
Мұны, мұсылман ғұламалары «ішкі жиһад» деп те атайды. Ол:
«Адамның жан-дүниесінің нәзік құбылыстарына талдау жасап: «Күллі адам баласын қор қылатұғын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшінші – залымдық» [1.479]; «Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Қайта, бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те, білсек екен деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күнде хайуаннан да жаманбыз. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды. Біз түк білмейміз, біз де білеміз деп надандығымызды білімділікке бермей таласқанда, өлер-тірілерімізді білмей, күре тамырымызды адырайтып кетеміз»;
15. Адам әрекеттерінің құпия сырлары мен оның себептеріне және өз басының қайғы-қасіретіне назар аудару:
«Сен Алла тағалаға Алла тағала үшін иман келтіремісің, иә, өзің үшін иман келтіремісің? Сен иман келтірмесең де, Алла тағалаға келер ешбір кемшілік жоқ еді. Я өзің үшін келтірсең, жә иландың. Ол иланбақтығың құры ғана иланбақтықпен қалса, саған пайда бермейді. Оның үшін сен өзің иланбақтығыңнан пайдаланамын десең, пайда береді, кәміл иман болады.
Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!
16. Діни шындықтарды іштей саралау»:
«Сахиби (Иең берген ізгілікке) нығметке шүкірлігің жоқ болса, әдепсіздікпен күнәкар болмайсың ба? Екінші – бұл жолдағылар қор болып, дүниеде жоқ болып кету де қауіпі бар, Сен Алла тағалаға Алла тағала үшін иман келтіремісің, йә өзің үшін иман келтіремісің? Сен иман келтірмесең де, Алла тағалаға келер ешбір кемшілік жоқ еді. Я өзің үшін келтірсең, жә иландың. Ол иланбақтығың құры ғана иланбақтықпен қалса, саған пайда бермейді. Оның үшін сен өзің иланбақтығыңнан пайдаланамын десең, пайда береді, кәміл иман болады. Егерде бұл жол жарым-жартыларына ғана айтылған болса, жарым-жарты рас дүниеде бар бола ма? Рас болса, һәммаға бірдей рас болсын, алалаған рас бола ма, һәм әділет бола ма? Олай болғанда, ол жұртта өмір жоқ болса керек»;
17. Пиғылыңды түзеу:
«Адамға халінше ихсанды болмақ – парыз іс. Бірақ өзгелердің ихсанына сүйенбек дұрыс емес [1.478]; «Және мал тілейсіңдер, неге керек қылайын деп тілейсіңдер? Әуелі, құдайдан тілеймісің? Тілейсің. Құдай берді, бергенін алмайсың. Құдай тағала саған еңбек қылып мал табарлық қуат берді. Ол қуатты адал кәсіп қыларлық орынға жұмсаймысың? Жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарып қыларды білерлік ғылым берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса, ұғарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі?.. Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды? Оның саған керегі жок. Сенікі біреуден қорқытып алсаң, біреуден жалынып алсаң, біреуден алдап алсаң болғаны, іздегенің сол. Бұл құдайдан тілеген емес».
18. «Ақиреттің жол азығын» дайындау: «Фиғли (Пиғылды) пенденің қазығы – осы жақсы хакімдер, әр нәрсе дүниеде олардың истихражымен(жаңалығымен) рауаж (өркениетке жетеді) табады. Бұлардың ісінің көбі – дүние ісі, ләкин (яғни, осы хакімдердің жасаған, таратқан істері. «Әд-дунийә мәзрә‘әтул-ахирәт» (Дүние – ақиреттің егіндігі) – дегендей, ахиретке егіндік болатұғын дүние сол»;
19. Дүниенің кірінен тазару:
«Сіздің батиныңыз (жандүниеңіздің, ішкі әлеміңіздің) таза болмағы, әуелі иман болып, бұл заһир ғибадатыңыз иманды болған соң ғана, парыз болған, сіздің заһирыңыздағы ғибадат – батиныңыздағы иманның көлеңкесі, һәм сол иманның нұрланып тұрмағына көрік үшін бұйырылған. Оның үшін ауамдар (қауым): иман екеу емес, біреу, бірақ ізгі тағатпен нұрланады, тағат жоқ болса, күңгірттенеді, бәлки (мүмкін), сөну қауіпі де бар – деген. Егер надандар ол ғибадаттың ішкі сырын ескермей қылса, соны қылып жүріп, иманы сөнер деген… «Адалдық пен риясыздық сақтап, өзіңе-өзің бақылау жасап, өзіңді-өзің тексеріп отыру: Кімге достығың болса, достық – достық шақырады. Ең аяғы ешкімге қас сағынбастық һәм өзіне өзгешелік беремін деп, өзін тілмен я қылықпен өзін-өзі артық көрсетпек мақсатынан аулақ болмақ [1.479]; «Сіздер әрбір амал қылсаңыз ізгілік деп қыласыз, ізгілікке бола қасд (талап) етіп, ниет етесіз. Ниет оның парызынан есеп …».
Ойға түстім, толғандым,
Өз мінімді қолға алдым.
Мінезіме көз салдым,
Тексеруге ойландым.
Өзіме өзім жақпадым,
Енді қайда сыя алдым?
Қалап алған көп мінез,
Қалайша қылып тыя алдым?

Бойдағы мінді санасам,
Тау тасынан аз емес.
Жүрегімді байқасам,
Инедейін таза емес.
Аршып алып тастауға,
Апандағы саз емес.
Бәрі болды өзімнен,
Тәңірім салған наза емес.

Осынша ақымақ болғаным
Көрінгенге қызықтым.
Ғаділетті жүректің
Әділетін бұзыппын;
Ақыл менен білімнен
Әбден үміт үзіппін;
Айла менен амалды
Меруерттей тізіппін;
Жалмауыздай жалаңдап,
Ар, ұяттан күсіппін (түңілу, безу);
Қулық пенен сұмдыққа
Құладындай ұшыппын;
«Сіз білесіз» дегенге
Күнге күйіп, пісіппін;
Мақтанбасқа мақтанып,
Деп жүріппін «пысықпын».
Қандай тақуа сопы болса да, осыдан артық «дүниенің кірінен өзін-өзі тазарта алуы» қиын шығар, сірә.
20. Сол райда, Аллаға шексіз сүйіспеншілігіңді үздіксіз сақтау:
«…Құдадан ізерлеп уә құмар болып ғибраттанушыларға тыю жоқ, бәлки, сунғатынан (өнерінен) себебін білмекке құмарлықтан саниғына (жасампаздығына, шеберлігіне) ғашықтық шығады… Алла Тағаланың пендесін махаббат уә (және) мәрхәмәтпен (мейірім-қайырыммен) жаратқанын біліп, махаббатына махаббатпен ғана елжіремекті Құдаға ғашық болды дейміз.
«Бәдуәмдағы» әр шумақ сайын «Алла! – деп айт!» – деген силсилиамен үнемі қайталау да осының бір көрінісі.
Тариқат жолаушысының түпкі мақсаты – адамдық мәннің құдайлық мәнге толық ауысуы, яғни, фанийа ілімі.
21.Алланы аңсау, сол арқылы неғұрлым Аллаға жақындауға ұмтылу:
«Дүниедегі күллі ләззәт бұларға екінші мәртебеде қалып, бір ғана Хақты таппақ, әрбір нәрсенің себебін таппақпен ләззаттанады»;
22. Оның, тіпті, Алланың қалпын танып, онымен тұтасып кетуге талпыну:
«Алла тағалаға ұқсай алам ба деп, надандықпен ол сөзден жиіркенбе, ұқсамақ – дәл бірдейлік дәғуәсімен (мойынсынумен) емес, соның соңында болмақ, – сияқты талаптарды қамтыды.
Олар, сопылар, адамның жұлын-жүйке тамырын ерітетін жалбарынулар мен ессіз «елжірететін» (Абай) алмағайып «һалге» (термин: күйге) ұмтылып, дүниеден баз кешіп, тәркі өмірді көңіл ауанына айналдырды.

I.3.Тарихат тәжірибелері. Софылық тақуалық жол – он екі тариқатқа бөлінеді. Оның екеуін, яғни, түркі дүниесіне кең тараған яссауия мен накшбандийа тариқатын Абай өте жақсы білген.
Софылық тариқаттың ерекше бір қатаң және оқшау талабы – тәжірибеге сүйену болып табылады. Софылық тәжірибенің негізі:
«Түрлі мұғжизаларды басынан кешіріп, Құдайдың не Мұхаммед пайғамбардың дидарын көріп, қалпын таныған, адам мен Алланың арасындағы аражігін ажырата білетін әулиелер мен пірадарларға қол беру, оларды пір тұту, «пірдің рұқсатынсыз» тариқат ісіне араласпау, шейхтың бедел өктемдігін сақтау, дінқарындастық негізде құрылған бір орталыққа ғана бағыну, шәкірт дайындау, мінәжат машықтары мен құпия сырларды сыртқа шығармау, жүйкені ерітетін қимылдар мен әдістердің тәртібін және топтанып зікір салу мен оның дәстүрін сақтау, «қасиеттілер» мен әулиелердің қабірінің басына барып құлшылық ету» – сияқты таза исламнан ауытқып кеткен жол-жоралар сүннитік бағыттағы ғұламалардың қатты сынына ұшырады.
Софылық тариқаттың «ортасы» болып табылатын «тәжірибе» һалін басынан кешкен Қожахмет Яссауидің:
Ғашық болсаң уа талапкер ғибадат жасап беліңді бүк,
Күндіз-түні ұйықтамай, жас орнына қаныңды төк,
Арыслан бабамның сөздерін есітіңіз,
Тәбәрік.
Арыслан бабам айтты: талапкердің ықыласы жоқ,
Пірің қасыңда болғанда Қыдыр мен Ілияс неге керек?
Пірге қадам қойғанда және айтпа: «Көмек бер» –деп,
Арыслан бабам сөздерін есітіңіз
Тәбәрік, –
деп ұстазы Арыслан бабты пір тұтуы, Сүлеймен Бақырғанидің:
Шариғаты – мінсіз,
Тариқаты – түпсіз,
Ақиқатта – өрен жүйрік,
Шайхым Ахмет Яссауи.
Шариғаттан сөйлеген,
Тариқатты іздеген,
Ақиқатты білдірген,
Шайхым Ахмет Яссауи», –
деп, Қожа Ахмет Яссауиді пір тұтуы, осы софылық тәжірибенің ықпалы болып табылады.
Ал, Абай тассаууфтің мұндай тәжірибесіне мүлдем қарсы. Ол:
«Пенделіктің кәмелет (кемелдікті) әулиелікпен болатұғын болса, күллі адам тәркі дүние болып, «һу» деп тариқатқа кірсе, дүние ойран болса керек. Бұлай болғанда малды кім бағады, дұшпанды кім тоқтатады, киімді кім тоқиды, астықты кім егеді, дүниедегі Алла Тағаланың пенделері үшін жаратқан қазыналарын кім іздейді? Харами, мәкруһи былай тұрсын, Құдай Тағаланың қуатыңмен, ыждағат ақылыңмен тауып, рахатын көрмегіңе бола жаратқан, берген нығметтеріне, содан көрмек хузурға (өркениетке) суық көзбен қарап, ескерусіз тастап кетпек ақылға, әдепке, ынсапқа дұрыс па?», – дейді.
Мұндай асылықты Қожахмет Яссауидің өзі де:
«Һай һош ма уә «Мені» ташлағандар Шын ғашық дур һәргез аны йалғаны йоқ» – Айһойсыз, ырду-думанды, «біздікі мен менікі» дегенді тастағандар, Шын ғашық сол, олардың ешқашан жалған болмас», – деп сынайды.
Абай, әсіре піршілдік пен әсіре әулиелерді, тіпті, тұқырта, өз заманымен астастырып:
«Бұлардың көбі әншейін жаһил (надан) түгіл, жаһилдар кібілік (қылмақ, жасамақ) талап болса, қайда хақ сөз келсе, әзір ынсапқа қайтсын һәм ғибраттансын. Рас сөзге ор қазып, тұз(ақ) жасамақ – не деген ынсап(сыздық), құры өзімшілдік, әр бір өзімшілдік – адамды бұзатұғын пейіл. Растың бір аты – Хақ, Хақтың бір аты – Алла, бұған қарсы қаруласқанша, мұны ұғып, әділетпен тәптіштеу керек. Мұндай пейілдерден күпір қауіпі де бар. Уә және пайғамбарымыз саллаллаһу ғәләйһи уә сәлләм: «Ақыр заманда бір жылдық бір күн болар» – дегенде сахаба кирамдар (кемеңгерлер) «Бұл бір жылдық күнде намаз нешеу болар?» – деп сұрағанда: «Оның фәтуәсін (пәтуәсін, үкімін) сол заманның ғалымдары білер», – деген сөзінен ғибыраттанып қарасаң, замана өзгерумен қағидалар өзгерілмегенін білдіргені мәлім болады. Бұл күндегі тәхсилул-ғулум (білім алушылар) ескі медреселер ғұрпында болып, бұл заманға пайдасы жоқ болды… Мұндағылар ұзақ жылдар өмір өткізіп, ғылымда пайдасыз ұзақ бәхстармен (құр таласпен) күнін өткізіп, мағишат (күнделікті тіршілікте) дүниеде надан бір ессіз адам болып шығады да, ешбір хәрекетке лайықты (қылығы) жоқ болған соң, адам аулауға, адам алдауға салынады. Көбінесе мұндай ессіздердің насихаты да тәсірсіз (мағынасыз) болады», – деп батыра сынайды.
Софылық тариқаттың мұндай «тәжірибелік ерекшеліктеріне қарап, Еуропа ғалымдары суфизмді мистикалық ағым, секта деп, ал бұған «таптық мағына берген кеңес атеис ғалымдар: «Суфизм – оппозициялық ағым» [32.69-95], – деп баға берді. Ал, біз бұдан әрі бақасқа бармай, тасаууф туралы пікір тәфсірін сопылардың имамы Ахмед Заруктің:
«Фиқһсыз сопылық жоқ және сопылықсыз фиқһ те жоқ, өйткені, ақиқатсыз және ықылассыз бағышталған мінәжат Аллаға жүрмейді. Сондықтан да, мұның барлығы бір-бірімен байланысты, жансыз – тәнде, тәнсіз – жанда мағына болмайтыны сияқты, олар да бірінсіз екіншісі мағынасын жояды», – деген тұжырымымен аяқтаймыз.
Софлық тариқатты мұндай ақтаудан және қағытудан құтқарған, сол арқылы софылық ілімді исі мұсылман қауымының игеруіне жол ашқан «хас-әл-хасс» деңгейіндегі ғұлама Имам әл-Ғазали.
«Оның мұсылман мен Еуропаның ортағасырлық философиясының дамуына ықпалы орасан зор болды, ислам теологі ретіндегі оның орыны бұрын да, соның ішінде қазір де, келешек ұрпақтардың идеологтары үшін де бұлжымайтын бедел болып қала бермек».
Ол Аристотель ілімінің жолын ұстаушы Әл-Фарабимен, ибн-Синамен және де басқа мұсылман философтарымен: Дүниенің мәңгілігі, себепкерлік қисыны (теория причинности) Алланы танып-білу (о знании) туралы пікір таласына барды. Сөйтіп, бұл көзқарастың мұсылман әлеміне кеңінен тарауына жол ашты. «Калам» іліміндегі талдау әдісінің шектеулі мүмкіндігіне назар аудара отырып, дәстүрлі сүннит ақидаларымен софылықтың аңсарлы құндылықтарының басын қосқан діни-философиялық және адаптық (этикалық) қағиданы жасап шықты. Дін, мистика, фиқһ (заң), философия, адап (этика) ғылымдарын бір жүйеге келтіруді ұсынды, сонымен қатар, мұсылман болу үшін Құран мен Пайғамбардың Сүннәсын білу жеткілікті екенін атап көрсетті [27.75].
«Ашариттермен – ашариттерше, сопылармен – сопыларша, философ­тармен – философтарша сөйлесетін» Имам Ғазалиге, осындай даналық қасиеттері үшін оған «Исламның дәлелі» немесе «Исламның құжаттық кепілі» деген ат берді. Бұл, аса жоғары мәртебелі «хас-әл-хасс» деңгейіндегі Пайғамбардан кейінгі «шариғат» заңын талдап, фиқһке өзгеріс енгізе алатын даналық тұлғасы еді. Оған біздің ұсынатын дәлеліміз, Мұхтар Әуезовтің:
«Абай – имам Ғазалидей сыншы, мұсылман, ұя бұзар діндарға ұқсай бастайды… өзінше, ақыл-діні бола бастайды…», – деген пікірі.
Тариқаттың негізі ұстанымдары туралы тұжырымдай келіп айтарымыз: молда әрі ақын Көкбай Жанатайұлы:
«Абай… бергі жерлердегі кітап сөзі, молда сөзі, шариғат жолы дегеннің барлығына сынмен қарап, діннің негізін, мақсат, бағытын ғана алып, соны ақиқат діні деп қолданған… Онан соң, жалпы мұсылманшылық жолындағы үлкен ғұламалар жазған ірі сөздердің барлығын да білетін. Бәрінен өз тұсындағы үлкен молдалардың қайсысымен болса да қатар түсерлік мағлұматы бар-ды. Сонымен, Семейге бара жатқан уақытта, Семейдің Камали хазірет сияқты үлкен молдаларымен, анда-санда бас қосып, мәжіліс те жасап қоятын. Осындай мәжілістер арқылы Семей қаласындағы қазақ, татар молдаларының барлығы да Абайдың дін мәселесіне әбден жетіктігіне көзі жеткен соң, бұл кісіні өз заманының ғұламасы сияқты да көрген», – деп куәлік бергеніндей, оларды ықтияттап тұрып оқып, көңіләптеріне түсіріп, сана сәулесін түсірген.
«Тәңірінің берген құдіретті сөз өнерінің дерті» ойын иірімдетіп, бойына қуат дарытып, жанына жарық түсірген. Сегіз жасынан бастап ауыл мектебінде, медреседе, өмір мектебінде қалыптасып, «ой түскен соң қарманған», архимандрит Сергиймен дін бақастығына дайындалу барысында жинаған «жол азығын» – «ақ қағаз бен қара сияны ермек етіп», «ойына келген нәрселерді (ақыл сөзді) қағазға жаза берген». Әрине, «ермек үшін жазбаған». Бұл арада Абай өзіне-өзі сын көзбен қарап, мысқылдап, софылық сыр мінез танытқандай болғанымен де, соншама ғұламалық білім оны толғатпай қоюы мүмкін емес еді. Оған бірінші сөздегі:
«Ғылым бағу? Жоқ, ғылым бағарға да ғылым сөзін сөйлесер адам жоқ. Білгеніңді кімге үйретерсің, білмегеніңді кімнен сұрарсың? Елсіз-күнсізде кездемені жайып салып, қолына кезін алып отырғанның не пайдасы бар? Мұңдасып шер тарқатысар кісі болмаған соң, ғылым өзі бір тез қартайтатұғын күйік. Сопылық қылып, дін бағу? Жоқ, ол да болмайды, оған да тыныштық керек. Не көңілде, не көрген күніңде бір тыныштық жоқ, осы елге, осы жерде не қылған сопылық?»,– деген көңіл-күй күйзелісі дәлел.
Абай бұл сөздерді жай ренішті күймен айтып, сырт қабақ танытып отырған жоқ. Сопылық ілімнің әр бабын біліп, талдап барып шешім қабылдап отыр. Сонымен, жоғарыдағы салыстырмалы мысалдардан, біз Абайдың сопылық ілімнің негізгі бағытына бейілді екенін байқадық. Ал, сопылардың ғұмыр бойғы «ойланбай иланып», зар күйіне түсіп ап ыңылдай елжіреп, жалына жалбарынып, жанын қасым етіп жүріп жинауға тиісті басты ырыздығы, яғни, жол азығы не? Енді, соған көшеміз.

(Жалғасы бар)

Пікір қалдыру