ХАЛЫҚТЫҢ КӨНЕ КӨМБЕСІ

(Жалғасы. Басы)

Қой түлігі

Қазақта «қойдай қоңыр едік» деген сөз бар. Бәлкім, бұл қойдың адамзатқа пайдасынан басқа залалы жоқ, момақан, киелі мал деген ұғымынан келіп туған болар. Елімізде 80 қорадай қой айдап, дүниеге «Басбай қойы» атты әйгілі қой тұқымын әкелген Басбай Шолақұлы: «Жылқы – жылыс, қой – ырыс, жылқы қойдың шаңына бітеді», – дейді екен.
Қазақтың жергілікті қой тұқымы – таңқыш құйрықты, сымпыс құйрықты, тегене құйрықты болып бөлінеді. Бұлардың арасында Еділбай қой тұқымы асыл тұқымды қой тобына жатады. Кейінгі кезде қазақ қойын Еуропаның меринос тұқымына шағылыстыру жолымен асыл тұқымды қазақ меринос қойы – қазақ рамбуля қойы дүниеге келген. Қазіргі күнде бұл қой «жұңго меринос қойы» болып аталады. Сол қатарда Шыңжаң қазақ қойларының арасынан Басбай қойы мен Бурылтоғай тегене құйрықты қойлары жергілікті асылтұқымды қой қатарына жатады. Шыңжаң Ауыл шаруашылығы университетінің Басбай қойын зерттеуші мамандары – профессор Хамит пен Жөкен Ануашұлының зерттеуіне қарағанда, Басбай қойының қозысы басқа қойдың қозыларынан бұрын аяқтанады, басқа қозыларға қарағанда, ет алуы да тез, басқа қойдың қозылары алғашқы төрт айда денесіне күніне 120 грамм ет қосып отырса, Басбай қойының қозылары күніне 270-300 грамм ет қосып отырады. 5-6 айда жетіліп, сойысқа жарайды. Оның үстіне сүйек салмағы жеңілдеу болғанымен, ет салмағы дүниежүзі бойынша алдыңғы қатарда тұрады. Еті әрі дәмді, әрі жұғымды. Басбай қой тұқымы ыстық-суыққа төзімді, айрықша бап талғамайды, нағыз малдануға қолайлы қой тұқымы болып есептеледі. Жүні бурылтоғай қой жүніне қарағанда биязы, киіз басуға, дағар, өрмек тоқуға да өте лайықты келеді…
Қазақ сахарасында кейінгі кезде будандастыру жолымен қаракөл қой тұқымы, қырғыз, қалмақ қой тұқымдары және Еуропа мен Американың басқа да етті, жүнді қой тұқымдары пайда болды, өсірілді. Малшылар қойды жасына қарай – сақа қошқар, азбан, ісек, дөнен қой, құнан қой, саулық, тұсақ, тоқты, марқа қозы деп атаса, жынысына қарай еркек қой, ұрғашы қой, еркек тоқты (тоқтышақ), ұрғашы тоқты, еркек марқа, ұрғашы марқа, еркек қозы, ұрғашы қозы, т.б. деп атайды.
Қой түлігіне қатысты мынадай атауларға түсінік бере кетелік:
Бойдақ қой. Қозы тастаған қысыр саулықтарды, тұсақ қой, тоқты және басқа қозысыз қойларды айырып іріктеп, бойдақ қой қорасы деп бағады;
Топ желін қой – желіні үлкен, қарамаққа сүтті көрінгенімен сүт бермейтін қой;
Бедіреуік қой – сауғанда иімейтін, қозысы арқылы идірген кезде де бедірейіп тұрып алатын, тек сүтін қозысына ғана беретін қой;
Жеруік қой – өз қозысынан өзі жеріп, жатырқай беретін қой;
Тұмса тұсақ ұрғашы тоқтының екі жасқа толып, қошқарға шағылысса да қозыламағаны осылай аталады;
Ісек қой – еркек қой немесе қошқардың үш жастағы піштіріліп жіберілгені. Мұны тісіне қарап «екі тісті», «төрт тісті» деп парықтайды;
Қошқар – қойдың жыныстық қуаты жетілген еркегі. 4-5 айлығында іріктеліп, бір жасында күтімге алынады. Бір жарым жасында саулыққа қосылады, 50-100 саулыққа бір қошқар қосылады;
Мәйекті қозы – енесінің алғашқы уызы мен жай уыз сүтін тоя еміп, тез жетіліп өскен қозы;
Көпе қозы – қыс ішінде туып, ерте марқаланған қозы, мұны кей жерлерде «қодыға» деп те атайды;
Көрпелдеш қозы деп мерзімінен кеш, маусым-шілде айларында туған қозыны атайды. «Кенже қозы сүтпен жетіледі» деген сөз осындай төлге қаратылған;
Екі енеге тел қозы. Өз енесі жарытпағанда тағы бір сүті мол қойға теліп яғни қозысы өлген қойға теліп, екі енені бірдей еметін қозылар осылай аталады;
Түртіншек қозы. Енесі өлген немесе енесі жарытпаған қозы басқа бір сүті мол қойға теліген соң мұндай қозының кейбірі ана қойды бір, мына қойды бір емуге қарманады. Мұндай қозыны «түртіншек қозы» деп атайды.
Жағыстыру – қозысын жарытпаған тұсақ, кәрі қойдың қозысын немесе егіз қозының бірін сүті әрі мол, әрі жұғымды жалқы қозысы бар саулыққа мойнынан ұстап тұрып, өз қозысымен бірге бөтен қозыны көрсетпей тұрып, емізіп алу.
Ауыздандыру. Өздігінен ауыздана алмаған әлсіз қозыны шаранасынан құрғаған соң қойды ұстап тұрып, қолмен ауыздандырып емуге баулиды. Жеруік немесе қытықшыл тұмса қойларға да осы әдіс қолданылады.
Мекірену – қойдың қозысы ұзап кеткенде, қозысына мейірі түскенде кеңсірігі арқылы шығаратын дыбысы.
Маңырау – қой отарды іздегенде, қозысын іздегенде, көп қойдан бөлініп қалғанда шығаратын дауысы.
Шәйт-шәйт. Қойлар қасқырдан, иттен, басқа нәрседен үріккенде шопандар өзінің бар екендігін білдіріп, «шәйт-шәйт» деп дыбыстайды. Қой-ешкілер де осы дауысты естіген соң, байырқа тауып, бірін-бірі іздесіп, маңырасып, шұрқырасып қеледі.
Төйт-төйт – қозыны қойға телігенде айтылатын жұбату сөзі.
Үрейт! Соқ-соқ! – қошқарды бір-біріне сүзістіргенде екі жаққа шабыт беру үшін айтылатын сөз.
Қөд-қөд – күйіті келген қошқарды күйлеген саулыққа қосқанда қоздыру үшін айтылатын сөз. Кей жерлерде «күйт– күйт» дейді.
Құрай-құрай сөзі орманды жерде қаптата салған қойдың алды келіп болғанда артта қалғандарын жинап шақыру үшін қолданылады.
Өлі жүн – қойдың қырқылатын уақытына дейін түспеген, шайырланып, өзара ұйысып қалған көктемдегі жүні. Мұны «жабағы жүн» деп те атайды. Киіз басуға, арқан-жіп есуге келмейді. Тек одан қом-шом, ішпек, іштік сияқты жабдықтар жасайды.
Күзем жүн – қойдың күз мезгілінде қырқылатын жүні.
Қозы күзем – күзде қырқылатын қозы жүні. Бұл – киіз басудың, сырмақ, текемет жасаудың ең жақсы материалы.
Жабын жүн – қойдың сирақтарында, жақтарында, құйрығы мен құрсақтарында өсетін қысқа, тықыр жүн.
Қой түлігінде топалаң, кұл, сарып, бақанас, секіртпе, бүгежек (жауырынтақ), шойырылма, баспақ (мұрын ауруы), қызылшу (іш тастау ауруы), қара түйнек, алаң (топалаңның бір түрі), көнтек, қара сүйел, т.б. аурулар болады. Әдетте, қойды «ой, топалаң келгір», «секіртпе келгір» деп балағаттайды.
Ғылымда не дейтіні белгісіз, бала кезімізде ұсақ малға «ақ болу» деген апатты ауру келетін. Мұндай ауру көбінесе жауын– шашын мол жылдарда болады. «Ақ болу» дегеніміз – қой мен ешкінің сүті жаз ортасында суға айналып, сүті жоқ болып кететін ауру. Осының өзі төлге де, адамға да ауыр зиян әкелетін.
Қой туралы айтылатын мақал-мәтелдерде де көбірек адам меңзеліп, қос мағына беріп отырады:
«Қошқар болар тоқтының маңдай алды дөң келер,
Адам болар жігіттің мінез-құлқы кең келер»;
«Қой асығы демеңіз,
Қолыңа жақса сақа ғой.
Жасы кіші демеңіз,
Ақылы асса аға ғой»;
«Семіздікті қой көтерер, қойдан басқа не көтерер»;
«Малды бақсаң – қойды бақ, май кетпейді шарадан,
Ит асырасаң сырттаннан, қой бермейді қорадан»;
«Асық ойнаған азар,
Доп ойнаған тозар.
Бәрінен де қой бағып,
Құйрық жеген озар»;
«Тоғыз қабат торқадан тоқтышақтың терісі артық»;
«Құтты қонақ келсе, қой егіз табады,
Құтсыз қонақ келсе, қойға қасқыр шабады».

Ешкі түлігі

Қазақ тарихындағы ірі тұлғалардың бірі – Қаракерей абыз бір реткі Қазақ хандығы кеңесінде: «Түйе – салтанат, жылқы – қанат, қой – қазына, сиыр – қанағат, ешкі – жоқтың күні», – депті. Сонда айналасындағылар бұл айтқандарының мәнісін түсіндіруді өтінгенде қарт абыз шалқалап барып: «Түйе – түлікбасы. «Нар жолында жүк қалмайды». Сахарада тізіп жіберіп, қаздай қалқытып көшсең мұның өзі көш салтанаты болмай ма?! Жылқы – қанат. «Жақсы ат – ер қанаты», «Бір аяқ қымыздың екі аяқ желігі бар», қазы-қарта – дәм төресі, дастарқан көркі. Қой – шұрайлы қазына, өзі өсімтал мал, жүні – баспана, еті – азық, терісі – киім. «Тоғыз қабат торқадан тоқтышақтың терісі артық» дегендей, аязды күндері содан жылы киім табылар ма?! Сойсаң қонақ айырады. Сый-құрметіңе де сол жүреді. Сиыр – қанағат, айран-шалап, шайлық сүт – бәрі соның жебіндісі, қыстық көже-қатығың да – сол… Ешкі – жоқтың, өлместің күні. Мықтағанда шайлық сүт, ол сені байлық санатына қоспайды», – деп жауап берген екен… («Атаның алтын іздері»).
Десе дегендей, «Кедей болсаң ешкі бақ» деп халық тегін айтпаған. Ол қарапайым халықтың күнделікті тірлігіне аужал болып, аштан өлтіріп, көштен қалдырмаған. Ешкі түлігі сол үшін де қадірлі. Ол да халқымыз қадір тұтатын Шекшек атаның әулеті есептеледі. Қазақ ертегілерінде «Наудың дауы» деген бір қызықты ертегісі бар. Ертекте Нау деген адам жоғалған ешкісін даулап, Ақмырза деген биге келеді. Би: «Ешкің қандай еді?» – деп сұрағанда: «Ешкім саусаң бұлақ еді, іші толған лақ еді, терісі бұтқа қап еді, мүйізі пышаққа сап еді. Тоқты қарын майы, тоқсан шақпақ құрты бар еді», – деп сыдыртады Нау…
Осы сөзде де ешкі түлігінің өзіндік ерекшелігі айтылған. Сөйтіп, қазақ ешкілері сүті, еті, түбіті жағынан бірнеше сапалы түрге бөлінеді. Бұрынды-соңды қазақта ешкі тұқымының 12 түрі болған. Кейінгі кезде басқа елдердің асылтұқымды ешкілерін қазақ ешкілеріне будандастыру арқылы ешкінің жаңа түрлері дүниеге келді.
Қазақ ешкілері жасына қарай – жасамалы теке, жасамалы серке, дөнен серке, құнан серке, серкеш, сақа ешкі, ту ешкі, туша, шыбыш, шыбыша, шыбжық, марқа лақ деп, жынысына қарай – теке, серке, лақты ешкі, ешкі, еркек марқа лақ, ұрғашы марқа лақ, еркек лақ, ұрғашы лақ деп аталады.
Ешкілердің қыркүйек айынан бастап күйіті келеді. Ешкінің мекендеген жерінің ерекшелігіне қарай бес ай бес-он күн мөлшерінде лақтайтын уақытын мөлшерлей отырып, қыркүйек пен қазанда күйек алынса көктемде наурыз-сәуір айларында лақтайтын болады. Малшылар осы уақытты қатаң меңгереді. Ешкі түлігі жылына бір-ақ рет қырқылады. Ұзақ жасамайды. 10-12 жыл ғана жасайды. Жасы көбінесе мүйізіне қарап айырылады. «Қара тісті», «төрт тісті», «сары тісті», «алты тісті», «сар қарын», «сегіз тісті» деген жас айыру атаулары – қой мен ешкіде бірдей аталатын ортақ атаулар.
Туша – ұрғашы ешкінің екі жастан асқан кезінде лақтағаны;
Шыбыш – алты айлығында текеге шағылысып, бір жасқа толған кезінде лақтаған ешкі атауы;
Серке – лақ кезінде тарттырылып қоя берілген ешкінің еркегі. Серке – қоралы қойдың сәні. Мүйізі қарағайдай атан серкелер, арнайы қой бастау үшін қойылады;
Лақты ешкі – әр жылы өз уағында текеге шығып, лақтап тұрған ұрғашы ешкі;
Лақ теке – туғанына алты ай болған еркек лақтың тарттырылмағаны;
Текешік – тарттырылмаған еркек лақтың 1-2 жасқа келгені;
Қортық теке – тарттырғанда бір ені ішінде қалған, шала тарттырылған еркек лақ;
Ту ешкі – ұрғашы ешкінің текеге шықпай, шықса да тоқтамай, қысыр қалып қойған бойдағы;
Серкеш (серкешік) – тарттырылған лақтың бір жастан асқан кезіндегі аты.
Түбіт – ешкі жүнінің арасындағы мамық. Одан қымбат бағалы бұйым тоқылады.
Ешкі түлігінің көптеген атауы қой түлігіне ұқсап кетеді. Ешкіні шақырғанда –«шөре-шөре», ұстап, тоқтату үшін – «шеге-шеге», қайтару үшін «шек былай» деп дауыстайды. Қарғаған кезде «ой, кебенек келгір» деп жатады. Ешкі – сергек, тынымсыз мал. Көбінде таулы жерді жақсы көреді. Ешкі жүнінен арқан-жіп, көген, т.б. тұтыну бұйымдары жасалады.

Төрт түлікке қатысты кейбір сауаттық білімдер

Қазақ салтында малдың меншіктілік белгісін білдіру үшін төрт түлік малға ен салып, таңба басады. Ұсақ малға көбірек ен салады, ірі қараға таңба басады. Таңбаларға бұрынғы рулық таңба, яғни «босаға», «екі әліп», «ергенек», «бақан», «тұмар», «бөрі құлақ» таңбалары негіз етіледі. Кейінгі кезде цифр таңбалар да қойылып жүр. Ұсақ малдың ен-таңбасы мынадай болып келеді:
Құмырсқа ен. Қозының немесе лақтың оң немесе сол құлағын ұзынынан бүктеп тұрып шетін дөңгелектеп ойып алса бүтін құлақ құмырысқа бел болып шыға келеді. Мұны «құмырысқа ен» деп атайды.
Ойық ен. Құлақтың оң жақ немесе сол жақ шетінен ойып алған ен «ойық ен» деп аталады. Оң құлақтың арты ойық болса, «оң жақ артынан ойық» деп, сол құлақтың арты ойық болса, «сол жақ артынан ойық» деп аталады. Егер сол мал жоғалып, іздеу қажет болса, осындай ен-таңбасы арқылы табады.
Тілік ен. Оң немесе сол құлақтың ұшын ұзынынан тіліп салынған ен «тілік ен» деп аталады. Парықтағанда қай құлағы тілік екенін анықтап алу керек.
Қиық ен. Құлақтың оң жақ немесе сол жақ шетінен қиып салынған ен «қиық ен» делінеді. Парықтағанда қай жағынан қиық екенін анықтап алған жөн.
Кесік ен. Оң немесе сол құлақтың ұшынан көлденеңінен шорт кесіліп салынған ен «кесік ен» деп аталады.
Тесік ен. Сол немесе оң құлақтың ортасын тесіп салған ен «тесік ен» деп аталады.
Сыдырма ен. Оң немесе сол құлақтың алдынан немесе артынан сыдырып кесіп алған ен «сыдырма ен» деп аталады.
Осы сияқты «қос тілік», «қос құмырысқа», «қос сыдырма», «қос ойық», «қос тесік», «қос түймешік», «ойық тілік», «қос кесік», «бір жағы тілік», «бір жағы ойық», «бір жағы сыдырма», «бір жағы құмырысқа бел» болып келетін ен салудың сан алуан түрі бар. Әдетте, бір шаңырақтан тараған ұрпақтардың ені бір-біріне жақындау келеді. Қазақта ен салып, енші беріп бөлек отау шығару үлкен салтанат болып есептелінеді. Ірі қараларға да осы сияқты ен салынып, таңба басылады. Халық ішінде малға (төлге) ен салатын шеберлер болады. Енді өткір ұстарамен салады. Малды қинамай, бір жолдың өзінде-ақ орындап шығу шарт етіледі. Ырым бойынша ен салған кездегі құлақтан шыққан қиындыларды құмырсқаның илеуіне тастайды. Мұнысы «малымыз құмырсқадай көп болса екен» деген ізгі тілектен туған байырғы ата-бабаларымыздың дәстүрі болар.
Сауын мал – сүті үшін сауылатын саулық қой, саулық ешкі, саулық сиырға қаратылған жалпы атау. Бұрынғы кезде байлар өзін жағаттап келіп, ауылынан қоныс алған кедейлерге 5-10 ұсақ, бірер бұзаулы сиыр сауын мал беріп, соның сөлі арқылы жан бағуға көмектесетін.
Қоренді мал. Төлін емізуге салмай-ақ қолға иіп беретін сүтті сауын малын «қоренді мал» дейді.
Қожырау. Уақыты толмай жатып, өз төлінен өзі жеріп, емізуге пейіл көрсетпеген, сол себепті сүті тартылып кеткен малды «қожырады» деп жатады.
Шу асау. Мініске, жегуге көндіктірілмеген жылқы, түйе, сиыр түліктерін осылай атайды.
Ию. Сауын малдың сауған кезде пейілденіп, сүтін толық беруін «ию», «июі» дейді. Кейбір мал қолға да иіп береді. Ал көпшілік сауын мал төлін әкеліп емізгеннен кейін барып ийді. Сауыншылар осы кезде малдың төлін тартып әкетіп, иіп берген сүтті сауып алады.
Исіну. Бар пейілімен сүтін иіп беріп тұрған сауын мал әлденеден үріксе немесе сауып тұрған адамның жәбірлеуіне ұшыраса, дереу сүтін бойына тартып алып, қырсығып сүт бермей қоюын «исіну» деп атайды. Адамға әдейі исініп, сүтін төліне ғана беретін малдар да болады. Мұндай малды «исінгіш» дейді.
Көлік. Жұмысқа пайдалануға жарайтын ат, өгіз, атандар осылай аталады.
Керік – салт мінілетін, жұмысқа салынатын мал.
Көтерем. Қыс бойы арықтап, әбден кетеуі кеткен малдың көктемде, яғни жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілген қара өзек шақ кезінде жатқан орнынан тұра алмай немесе сүйемелдеп, көтермелеп әрең тұрғызатын халге түсуін «көтерем» дейді. Мұндай «көкбақа» аталатын малдың жілігінде май болмайды, су татиды. Қазақтың «мына малың союға жарай ма, жілігі тати ма» деп жататыны осыған қаратылып айтылған.
Шайлау. Жаз бойы жақсы семірген мал, әсіресе қошқар, еркек қой, еркек тоқтылар күзге таяу семіздігін көтере алмай жатып қалады. Тегене құйрық тоқтылар құйрығын көтере алмай, сүйемелмен әрең тұратын дәрежеге жеткенін «шайлау» деп атайды. Шайлаған еркек тоқтылардың еңістен түскенде құйрығы алып қашып, содан белі үзіліп, өлетіндері де кездеседі.
Шүйелмелі болу. Буаз мал қыстан арықтап, жеріне жетіп кететін болса, көктемде төлдей алмай жатып қалады. Кейде төлдей алмай, өліп кетеді, бұл әсіресе ұсақ малда көп кездеседі. Мұндай малды қазақ «шүйелмелі болып қалыпты» деп жатады.
Төлтума. Адамдар өз қолынан тудырған малды «төлтума» немесе «қолтума» деп атайды.
Үйездеу. Жылқы немесе қой түлігінің жаздың шіліңгір күнінде бір жерге топталып, біріне-бірінің көлеңкелеуі осылай аталады.
Қосақтау. Жаз күндері қой, ешкі түліктерін сауғанда біріне-бірін тізіп байлап тастап, қосақтап сауады да, содан соң ғана төліне жамыратады. Сырттан, басқа өңірден келген ірі қара малдың тобына үйірлеспегенін кейде қолтума малға қосақтап қойып, үйірге көндіреді.
Үрпінді сауын. Малдан алғаш рет үрпи сауып алынған сүт «үрпінді сүт» деп аталады.
Жебінді сауын. Малға төлін салып, идіріп алғаннан кейін жебе сауып алған сүт «жебінді» деп аталады. Сиырдың жебіндісін айырым сауып алып, одан май шайқайтындар да бар.
Күйсеу. Сиыр, қой, ешкі сияқты күйіс қайтаратын малдар күндізгі жеген шөбін жалбыршақ қарынға сақтап, кеште мал күйіске енген шақта қайтадан кекіріп аузына әкеліп, сонысын ұсақтап шайнауын «күйсеу» немесе «күйіс қайтару» дейді.
Күйлеу. Ұрғашы малдың күйіті келген шағында сиырдың – бұқа, биенің – айғыр, қойдың – қошқар, ешкінің теке іздеуін «күйлеу» деп атайды. Ұрғашы мал күйлеп барып шағылысқан кезде ғана «ішті» болады.
Оқыралау. Жаз күндері «оқыра қоңыз» деп аталатын ала қоңыз сиырдың жотасына келіп қонып, тұмсығындағы өткір бізін шаншып алады. Сол жеріне құрт түссе ол ісініп, сиыр түлігінің жотасында бауырсақтай домалақ ісіктер пайда болады. Осының зардабынан шошыған сиырлар жаз күндері оқыра қоңыз маңайлап келсе болғаны, еш нәрсеге қарамай, жан-жаққа тым-тырақай қашады. «Оқыра тиген сиырдай» деген сөз содан айтылады.
Бөгелектеу. Жаз күндері сиырға оқыра тигенде жылқы ны «бөгелек» деп аталатын қара қоңыз мазалайды. Бөгелек келгенде жылқы да ес-ақылы қалмай, пана іздеп қашады.
Кісінеу. Жылқы түлігі бірін-бірі іздегенде, айғыр үйірін іздегенде шығаратын қатқыл дауысты «кісінеу» дейді. «Айғырша арқырады» деген сөз де осыған қаратылған.
Оқырану. Айғырлар үйірге түскенде, биеге шапқанда білдіретін белгі осылай аталады.
Сүзісу. Сиыр, қой, ешкі түліктері бір нәрсеге таласқанда, өштескенде өзара сүзісіп, наразылықтарын білдіреді. Мұндайда мықтылары жеңіп шығады. Жылқы әсіресе айғырлары үйірге түскенде шайнасып барып, мықтысы жеңіп шығады.
Қасынысу. Бір үйірдегі жылқылардың өзара қасынысуы – татулықты, тебісуі ренішті білдіреді. Ұзақ жыл көріспеген үйірлі жылқылар оқыранып барып, бірін-бірі иісінен таниды.
Шұрқырау. Ұзақ мезгіл бірі-біріне қосылмай сағынысып табысқан жылқылар алғаш табысқанда шұрқырасып, мекіренісіп жатады. Бұл сөздің ауыспалы мағынасы сағынысқан адамдардың алғаш рет жүздескен кездегі аман-сәлем жасауында да айтылады.
Бір түлікке бай болғанша, төрт түлікке сай бол; Жоғалып табылған мал олжа, ауырып жазылған жан олжа; Жалқауға мал жуымас, жатқанға жан жуымас; Малды тапқанға бақтыр, отынды шапқанға жақтыр; Руы басқаны бұйрық қосады, үйірі басқаны ноқта қосады; Адам тегіне тартады, мал үйіріне тартады.

Жалғасы бар.

Зейнолла СӘНІК

Пікір қалдыру